46 жыл

                                                                                   Екінші   Дүниежүзілік  соғыста  құрбан болған

                                                                                                    Алаш азаматтарының рухына арналады.

 «ПӘУЕСКЕ»

  Саратан зауза ызыңдап, әуе жерге от бүріккен қырық күн шілденің қақ ортасы. Топыраққа жұмыртқа пісіруге болатындай ми қайнатар ыстық леп апшыны қуырып, ауаны қылғындыра буып тұр.

 Өлім шашқан обыр соғыс басталғалы бір айға жуықтап қалды.

 Басқарма төрағасының жақсы мінездемесімен қаладағы мұғалім дайындайтын семинарияны бітіріп алғаны оң болар ма, екі жылдан бері ауылдағы «Шақпақ» мектебінде бастауыш сынып оқытушысы болып істеп жүр. Оқу бір төбе де, тоқу бір төбе, алғашында едәуір-ақ қиналған. Көздері жәутеңдеген оқушылардың алдында дәріс түсіндірудің жаһанда қиын болатынын бұрын кім аңдапты. Білгенінен білмегені қыруар, әй, өзі де түртінектеп ізденді-ай! Әйтсе де жоғары білімді Зайыр Асанұлының көмегі ұлан-ғайыр. Үністөтті қызыл дипломмен бітірсе де шалғайдағы Жігірген ауылына өз еркімен сұранып келген, сұлу мұртты, отты көзді, қаршығадай алғыр ағасынан көп тәлім алды.

 – Әріпбай, оқушының алдында өзіңді еркін ұста, бала деген шыныдай мөлдір болғанымен кемшін тұсыңды байқағыш, әрі сынағыш, ат қоюға шебер келеді. Білім-білігің мен мінезіңнің осал жерін байқатып алдың ба, беделіңнен айырыласың, оны қалпына келтіру қиын. Көп оқып, үнемі ізденісте болсаң, жүрген ортаңда бәсің биіктей түседі, –  дегені есінен шықпайды.

 Мінез қалыптастыру мен сабақты алуан тәсілдермен өту, тіпті киім кию мен сөйлеу әдебін игеру тұрғысынан да Зайыр ағасы еңбек жолында жолыққан Қызыр бабадай болды. Тағдырға тәбділ бар ма, түлкібұлаң бұлағай заманның қақпақылына іліккен қайран ер соғыстың алдында «жапон тыңшысы» деген жаламен ұсталып, итжеккенге айдалып кете барды. НКВД-ның шынжырбалақ жаналғыштары қан-жын аңдыған қаншырдай шырт түкіріп келгенде Әріпбай мектепте болатын. Жендеттер мектеп ауласынан ішке енгенше Зайыр да ойындағысын айтып үлгерді:

– Әріп, айналайын, ара түсем деп арандап қалма! Алатұяқ арамзаларға сенің сөзіңнің құны шамалы, тек өзіңе дұшпан тауып аласың. Қашаннан соңыма түсіп, аңдыған жау алып тынатын түрі бар. Алла жазып амандық болса мына кең байтақ жеріміздің бір шетінде жолығып қалармыз. Бұл заман таразының екі басы секілді ауып тұрады, қазақтың да, алаштың да мүбәрак күні алда… Артымда келіншегім мен жалғыз тұяғым Әбдіжаппар қалып барады, соларды жәутеңдетпей ата қонысым Ысмайыл Ата жатқан Турбатқа жеткізіп сал. Ал өзің қалайда институтқа түсіп, жоғары білім аламын деген уәдеңді ұмытпа! Жарай ма?..

– Жарайды, аға, жарайды… Ұмытпаймын…

– Теңіздей терең білім алғанда ғана еліңе пайдаң тиетінін есіңнен шығарма. Ал қош, бауырым!…

– Қош, аға!.. – дегеннен басқаға тілі келмей, көзінен сорғалап аққан жасты тоқтата алмаған күйі қақпаға дейін шығарып салды.

 Үркіншілік тұсында ала жылан аш бақа «белсенділер» қолайына келмеген көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды «жаптым жала, жақтым күйемен» ұстата салуды үйреншікті әдетке айналдырған. Бұ жолғы тұтқындау да солардың қолтаңбасы еді. Қаймақтарынан айрылып сесі сынып, тауы шағылған үргелек ел от көсеушінің Шахаман «белсенді» екенін білсе де білікті оқытушыға сын сағатта араша түсе алмады. Зады адалдықпен суарылған білімді тәлімгерден қияндағы таулы ауыл ойда жоқта осылай көз жазып қалды…

 Демалыс кезі болса да оқушылардың ересектерін кемер арықтың ұрма тұсына шым қалауға апарып жүріп, Зайыр ағасын оқтын-оқтын есіне алып қояды. Бүгін шым артқан арбаның оғы сынып жұмыстан да, өкіреңдеген Исебай бригадирден де құтылып, оқушылармен бірге үйіне ерте қайтты. Келіншегі Шарапат қуанып:

– Ой… келгенің жақсы болды ғой… Бір өзім қалай шай ішем деп отыр едім! – деп түстікті қамдап бәйек болып қалды. Жас отау иелері өздерінше қауқылдасып шай ішіп бола бергенде:

– Әріпбай ағай, конторға шақырып жатыр! – деген бала дауыс шаңқ ете қалды.

 «Келді-ау, ақыры!»

 «Пәуескенің» келгеніне екі күн, әскерге әкетуге енді келіп тұр. Суық хабарды сарсыла күткені санасына кіріге алмай: «О, тоба…а…а… соғысқа да адам асыға ма?!..» деген ойдың шырмауында келіншегі дайындаған түйіншекті қолына алғаны сол, асыға-аптыға үйге топырлай енген ағайын-туыстарды көріп аңырып тұрып қалды. Жаманат жатқан ба, құлақтанып қалыпты. Сұхбат құрып отыратын кез бе, келгендермен асығыс қайырласа бастады. Аталас ағасы Сапар үлкендігін білдіре ағайындардың көңілін аулап, басу айтуда. Бата қайырғанда даусы жарықшақтанып, дірілдеп сала берді:

– Ал, Әріпбай шырағым! Жақсыдан қалған жәдігерлерім, ағам Ырақайдың артындағы қос балапаным, Жаратқан Жаббар Ием жар болсын!.. Көктен атаң жебеп, Жабай бабаң қолдап, қайда жүрсеңдер де әулие-әмбиелердің әруағы қорғап жүрсін! Тәңірі ырақайласа көрісуді жазсын, әумин! – деп бір шаңырақтың түтінін өшірмей отырған екі інісінің де майданға аттанғаны жанына батып, өзегі өртене күрсініп салды да күректей алақанымен бетін сипады.

 Немере ағасының батаға қосып, меңзеп отырғаны соғыс басталар алдында әскерге алынған інісі Баймахан болатын. Хабар дерексіз еді, осыдан екі күн бұрын үшкіл хат келіп, ағайын-жәмет мәре-сәре боп қуанып қалған. «Аман-есенмін. Ресейдің Соликамск деген қаласындағы тұз өндіретін үлкен комбинатта, Айнатастағы бөрі ауылда тұратын Әлімнің Қалқабайымен бірге әскери борышымды өтеп жүрмін» депті.

«Жанында ауылдан бір адам бар екен, оған да тәубе… Десе де әскерде жүріп, тұзы несі?.. A-а?.. Қойшы, әйтеуір аман болса бопты да…»

 Бұл келгенде колхоз «праулениесінің» алды құжынаған жұрттан аяқ алып жүргісіз екен. Қазақы бауырмалдық-ай! Әншейінде көзге қораш, кіп-кішкентай көрінетін Жігіргеннен мұншама халық жиналады деп кім ойлапты? Контордың алды ығы-жығы қара-құрым бұқара. Айқай-сүрең мен жамыраған халықтың шуынан құлақ тұнады. Қырау шалған сақалдары сексиіп «Ә, Құдайлаған» ақсақалдар, беттері тотыға күреңіткен қарасақалдар, жылап-сықтап өмірі көрмеген немісті «Қараң өшкір қу пашис!.. Зарлап қалғыр қу неміс!..» – деп жер-жебіріне жете қарғап-сілеген қатындар, ойында дәнеңе жоқ, қуаласа жүгіріп шапқылаған балалар…

 Қашан келіп қалғанын, топ әйелдің арасынан жүзі сынық келіншегінің кіреу мұңға толы жанарына көзі сүрініп, жүрегі қан жылап қоя берді.

 «Байғұс төсін жасқа малып, жеткен екен ғой… Бағана үйдегілерден ұялып жөндем қоштаса да алмады… Қайтсін!. Бала сүйіп, жар мен шаңырақ қызығын енді көрем бе дегенде күйеуінен тірідей айрылу оңай деймісің?..»

 Осыны ойлағаны сол тамағына өксік тығылып, іші алай-дүлей боп қыжылдай жөнелді де жүрегі отқа оранғандай ысынып, дүрсілдеп қоя берді. «Жыламасам болар еді… Жұрттан ұят-ты» деп тастай қатып, сыр бермеуге бекінгені сеп болар емес. Өстіп өзін-өзі қайрап тұрғанда әманда байқағыш ойын балалары шуылдай шар ете қалды.

– Әне, әне… келе жатыр!

– Келе жатыр!

 Ұйқыдан оянғандай селк етіп, күре жолға жалт қарады. Ауылдың батыс жағындағы Келіншектөбеден күдік пен күмән толы жанарлардың сағын сындыра күттірген шайтан арба шілденің май топырағын аспанға атқылап, шаңдата еңіске құлап келеді екен.

 Дырылдаған ағаш шабаралы, төрт доңғалақты құрсау темір өкпесі түскен қойша күркілдеп барып семгенде машинаны осымен екінші рет көріп тұрған балалар қызық көріп, жапа-тармағай қоршап алды. Есігі ашылар-ашылмас домалаңдай түскен әскери киімдегі сары мұрт көпті жара конторға қойып кетті. Көп өтпей, шәлтіреңдеген әлгі быртық мойын қалқоз бастығы Пернені ертіп сыртқа шықты. Жан-жағына алақтай қарап, бойының қысқалығынан текпішектен төмен түспей, тамағын кеней жөткірініп алды да біреу қуып келе жатқандай, қолындағы параққа жазылғанды асығыс шәңкілдеп оқи бастады:

 – Жолдастар! Неміс пашистері тұтқиылдан соғыс ашқанын білесіздер. Ұлы Сталиннің басқаруымен жауды жер жастандырамыз! Бүгін «Жігірген» қалқозынан «пәуескемен» майданға аттанатындар мыналар: Ерназаров Айтбай, Түктібаев Тұрдалы, Ырақаев Әріпбай, Атабаев Сәтбай, Нұрматов Иманбек, Бейсенбаев Мергенбай, Болғанов Әсіл, Елтоқов Сыман, Ілесов Мамай, Алыбаев Ізбасар, Есжанов Ерген, Алшоразов Алтынбек, Нұралиев Сопбек, Қалшораев Ыбыраш… – деп қатын дауысты жез мұрт он төрт адамның аты-жөнін оқыды да:

 – Жолдастар! Ұлы көсеміміз Сталиннің кемеңгер жетекшілігімен жеңіске жетеміз! Неміс пашистеріне өлім келсін! – деп қағазға жабысып қалған басын әрең көтерді. Мұнан соң қалқоз бастық Төреұлы Перне майдангерлерге ақ жол тіледі:

– Уа, халайық! Отан қорғауға аттанып бара жатқан сарбаздар! Ат басына күн туса ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса етігімен су кешер, соғыс деген бір бізге емес, жаппай келген селебе… Елі үшін туған ерлер жауды жеңіп, туған жерге аман оралсын деп тілейік! Әу… – деп барып есіне бір нәрсе түсті ме, басын қаси мүдіріп қалды.

Осы жақында ғана екі жылқы мен он бас қойға төрт тырма, екі соқа алып келген «Қызылдихан» қалқозының райысы Жамалбектің Қырықбайын өкіметтің малын шашты деп бәлеқорлар істі қылған. «Сарыағаштағы қалқоздан айырбас жасап алдық қой… Куәларымыз да бар… Мұнсыз шөпті қалай  жинаймыз? Жерді қалай жыртамыз?» дегенге құлақ асар адам табылсашы! Отқа май құйғыш белсенділерге ышқырт берген ауылсоветте істейтін Малдарбек бастаған топ «мешітке барады», «діншіл» деп қосымша іс қозғайды. Ақыры «аш бақалардың» дегені болып, Қырықбай 25 жылға сотталып кете барады. Осы оқиға есіне түсті ме, «әу» ден кейінгі «…минді» айта алмаған күйі күмілжіп қалған. Басқарманың сөзі аяқтала бере тыпыршып тұрған жез мұрт мұны да білемін дегендей:

–   Па адну шеренгу станауис! – деп түсініксіз тілде шәңк ете қалды.

– Сапқа тұрыңдар деп жатыр, – деген қалқоз райысы болашақ әскерлерге іш-бауыры елжірей қарады да, «әумин» дей алмағанына пұшайман кейіпте шекесіндегі әжімі қатпарланып, қастары қайшылана айқасып кетті.

 Шақырылғандардың ішінде бұдан едәуір үлкен, үйлі-барандылары да, желіні айналсоқтаған құлындай тік киіп, қыз да көрмеген қарғадай балдар да жүр.

 Соғысқа бара жатырмыз, науыт боп кетуіміз мүмкін-ау деген ой қаперіне де кірмей, қайта «Біз болмағанда қайтер едіңдер?» дегендей мақтаныш, әлде өзінен кейінгілерді қомсынған түрі ме, әлдебір арқа-жарқа сезімнің жетегінде, бәрінің де жүзі бал-бұл жанып, сапқа тұрып жатыр. Бара сала жауды жапыратындай мерейлері үстем, адыраңқы, асқақ. Бұлар бармаса «пашис» деген пәле бел алып кетіп, елге қиын тиетін түрі бар…

 Тәштиген мыртықтың түсініксіз сөзінен кейін мұқым ел бір сәт тыныштықпен буылып, ештеңе болмағандай тым-тырыс бола қалып еді, алдамшы екен, іле төмен етектілер жағы сыр беріп, боз-боран айғай сүреңімен айналаны ызғын-шуға көміп сала берді. Өткен жолы бірінші топ майданға аттанғанда бүкіл ауыл улап-шулап қалып еді. Майданға шығарып салудың жан төзгісіз азап екенін сонда көрген. Қара дауылдай шуылдап, айналаны азан-қазан етіп: «Жалғызым!», «Арысым!», «Боздағым!» деп жылап, құлап, талып жатқан әйелдер. Көз жасына ерік берген қатын-бала, немісті бәддұғалаған кемпір-шал… Бүгінгісі де сол көрініс, сол сүгірет, сол дүрбелең… Бейне адам жанынының осал тұсын тексеруге жіберілген сынақ алаңы дерсің…

– Е, Құдая, алған беттерінен жарылқасын!.. Жаманшылық шақырмаңдар, айналайындар! Ердің жанына, елдің басына түскен зұлмат… – деп арзу айтып, сүлдерін сүйреткен қарттардың өздері де иектері шайнаңдай кемсеңдеп жүр. Қоштасып жатқан қаймана халықтың құлақ тұндырған айғай-шуы үдеген үстіне үдей берді. Бойына қарай саптың орта тұсында тұрған Әріпбайды немере ағалары Тәжібай, Аcанбай, Тәліпбай келіп құшақтады.

 – Ал, Әріпбайжан! Кебенек киген келер деген, аман көрісуге жазсын… Құдай жар болсын өзіңе! – деді үлкені Тәжібай соңғы сөздерін құлағына сыбырлап.

– Аман барып, сау қайт! Бабалардың әруағы қолдасын!..

– Қош, айналайын! Жабай бабаңның рухы желеп-жебесін! – деді көздері жасаураған кейінгі екеуі.

– Көке, мен де барам артыңыздан…

Жалт қараса, немере інісі – Жүсіп. Не десін, бала қиялға балаған да қойған. Келіншегі Шарапат тұр қатындардың арасында орамалының ұшымен жасын сүрте пырсылдап. Қоштасайын десе көптің мысынан тайсақтай ма, әлде қайнағаларынан ұяла ма, қызыл шәлісімен көзін сүрткенсіп, қол бұлғап қояды. Өзі екіқабат болатын, үйленгендеріне бір жылдан енді асқан.

– Алға, тарт! – деген қортық лейтенанттың пәрмен беруі мұң екен, құмырсқаның илеуіндей құжынаған қарақұрым халықтың лықсыған нөпірі тасыған судай толқып кетті. Мың күндік сапар қарыс қадамнан басталады, әке-шешесі, бауыры, ағайыны – тайлы-тұяғы қалмай улап-шулап, шайтан арбаның шаңы басылғанша артынан еріп отырды. Жастаулары жүгіре шауып, енді біразы қосақтаса жылап-еңіреп, Келіншектөбенің етегіндегі Тобылғы Әулиеге дейін барды. Ілесе алмаған ақ самайлы қариялар ақжолтай тілекпен ата-баба әруағына сыйынып, Алласына мінажат қып, Жаратқанына жалбарынып қала берді.

 Даланың дархан пейілі мен елінің мейірімін еміп өскен боздақтар туған жер, ағайын-туыспен бақұлдасудың ет бауырды езердей соншалықты азапты, жүректі жаншып жіберердей қайғылы екенін осы соңғы сәтте сезінгендей. Қазақы мейірімге шомылып, иман иірімінен қанып ішкен Әріпбай да тылсым шыңырауға шым батқандай сезім мен көмейге тығылған ащы өксікті бала кезден құлағына құйып, санасына сіңірген шуақты тағылымның жетегімен салқын ойға жеңдіріп, дегбірін әрең басып келеді.

 Мұндай құқайдың талайын бастан өткерген қарт Қазығұрт қана күйіс қайырып маң жатқан аруанадай әрі мамыражай, әрі салқын. Талай      мәрте шыңына шығып, төскейінде асыр салған көне шежірелі киелі тау: «Бәріне уақыт төреші, сабыр етіп төзе біліңдер, қарақтарым!» дегендей әрі шалқақ, әрі сабырлы қалыпта шуда бұлттарын төбесіне жиып, бірте-бірте алыста қалып барады.

Жусаны мен киікоты жұпары аңқыған Келіншектөбенің қырқасы әлдеқашан көзден ғайып болып, кеме қайырлаған Қазығұрттың қос өркеші мен Көгем тауының ағараңдаған Үшқар шыңы бұлдырай көрінген сәтте ғана, кеудесінің алыс түкпірінде сақталып қалған тұмадай мөлдір іңкәр сезім жұлын жүйесін босатып, Әріпбайдың көзіне әнтек жас ұялатты.

ОСВЕНЦИМ

 Қаратас аудандық әскери бөліміндегілер сарбаздарды тіркеуге алып, қаракөк әскери билет берді де сол күні шұғыл Шымқалаға жөнелтті. Түні бойы «полуторкамен» жүріп отырып, таң ата көкке малынған қалаға жетті. Қаланы енді көріп тұрған он төртіне адамдары құжынаған ығы-жығы, ат-нөпір вокзал да, шойын жол мен пойыз да қызық әрі таңсық. Әуес көрген пойыздың тықы-тық, тықы-тықтаған даусынан әлі-ақ ығыр болатынын олар ол кезде білген жоқ…

 Шымқаладағы жілік-жілікке бөлген сапырылыста он төртін жан-жаққа тарыша шашып жіберді. Әйтеуір жанға себі, әзірше Иманбек екеуі бірге.

 Ал одан арғысы жол… жол… Батысты бетке алған ұшы-қиырсыз жол…

 Елден шыққандағы өкпе қапқан солық басылып, көкірек кернеген қимастық сейілген, мұң да әлдеқашан ыдыраған. Бұлар мінген эшелон Мәскеу түбіндегі стансаға бес күн дегенде тұмсық тіреп, сол жерде бір сөткедей аялдады.

 …Ойпырым-ай, неше түрлі ұлыс бар екен-ау! Құмырсқадай қаптаған қалың әскердің ішінен бірді-екілі болмаса, қазағыңды кездестіру қиын. Бұлардың тобындағы жүз қаралы сарбаздың көбі орыс, белорус, украин. Қазақ, татар, қырғыздан басқа түрі жат, тілдері басқа – қоңқиған, быртиған өңкей ұсқыны бөлек бөгде нәсілдің балдары да жүр. О жазғандар бұларды неге теңеп жүргенін кім білген… Ал естігендері кілең ызғары дене қарыған жайсыз хабар.

«Немістер әне-міне басып алады екен. Керек десең Мәскеудің өзіне жақындап қалыпты. Бақайшағына дейін қаруланған жау әскерлері әуеден де, жерден де бет бақтырмай от-ойран салып, алға өршеленуде…»

 Таң қылаң бере командирдің:

– Подъем! – деген қатқыл дауысынан шапырлай оянып, сапқа тұрған. Киім әкелген екен. Әскери киім кигесін қалыптан шыққан тауықтың балапанындай, түрлері де бір-біріне ұқсап шүпірлей қалды. Жаттығу жасап, соғысқа дайындалу қайда… а… а, сол күні кештетіп пойызға қайта отырып, батысты бетке алып тарта жөнелді. Күн жарым жүрмей-ақ тарсылдап, гүрсілдеген снарядтардың даусы естіліп, оқ-дәрінің күл сасыған иісі қолқаларын қаба бастады.

 Сол күні Батыс фронттағы генерал Константин Рокоссовскийдің (кейіннен маршал) қол астындағы 16-армияның құрамында соғысатыны белгілі болды. Рокоссовскийдің өзі де түрмеден босап, сынаққа жіберілген, тағдыры тайғанақ, өмірі қыл үстіндегі жан болғандықтан, майданның өрт-жалыны бет қаратпай лаулап тұрған жеріне жіберілген. Осы Армияның сапында соғысып жатқан генерал Панфиловтың, әйгілі Бауыржан Момышұлының қазақ, қырғыздардан жасақталған 316-атқыштар дивизиясының аңызға бергісіз ерен ерліктері жөнінде де оқтын-оқтын құлақтанып қалады.

Түс ауа майдан даласына жақын Волоколамск бекінісінің оңтүстік батысындағы «Середа» деген деревняға машинамен жетіп, командирден мылтық ату, окоп қазу, жауды бақылау туралы қысқаша түсінік алды да деревняның батыс жағынан ұзындығы екі шақырымдай траншея қазуға кірісіп кетті. Қазақ, қырғыз, татар мен қапқаздық мұсылмандардан тіктелген бұлардың ротасына жап-жас Кәрім деген татар жігітін командир қып бекіткен. Өзі орысшаға судай ағып тұр. Әскерилер бұлардың ротасын кекесінмен «нацмендер» деп атайды. Кәрімнің айтуынан шала-шұрпы түсінгендері – «нацмен» сарбаздарды дәп майданның алғы шебіне, «өлім тұзағы» деп аталып кеткен, ажалмен бетпе бет ұрыстарға салады. Негізгі күш шегінген кезде, жауды бөгей тұруға қалатын «тірі амбразура» – арьергард та осылар…

 Рокоссовскийдің армиясы шегінген үстіне шегінуде. Фашистердің жыланбауыр танкілерінен және артиллериядан күндіз-түні дамылсыз атқылаған снарядтары аспанды найзағайша тілгілеп, жасырынуға мұрша берер емес. Ауылдағы қазанбұзар тентектердің төбелесі соғыс даласына жүрмейді екен – сары масадай самсаған жаудың оғы сорғалап кеп түскенде ыраң жеген жылқыдай тыраң асқан жап-жас жігіттерді көріп, жүрек құрғыр дүрсіл қағады. Байлаулы төбеттей өршелене бақылдаған пулеметтен аққан оқ алдыңғы лектегілерді баудай түсіргенде тозған бөздей ыдырап тоз-тоз болып, бейшаралар шілдің боғындай шашылып қалады. Әсіресе, снаряд оғынан жасырынатын окоп деп қазған арықтары әдірем қалып, жел айдаған қаңбақтай тұс-тұсына безе қашқан сұрапыл көрініс әлі күнге көз алдында. Түс көргендей халде жүрген Әріпбай болашағы бұлыңғыр екенін енді ұққандай еді.

 Полкқа кеткен Кәрім кештете жанына тағы да екі қырғыз бен екі қазақты ерте келді. Кешегі ұрыста ротадан үш солдат шейіт боп, екеуі госпитальға жөнелтілген, солардың орнын толтырғаны. Ортадан жоғары бойы бар, ерні түріктеу, бадырақ көз бірден көзіне жылыұшырай кетті. Мына қара қазақтың бөгенайы таныс – жөнелту тобында, тіпті эшелонда да бірнеше күн бірге болып, әңгімелері жарасып, бөлініп кеткенше бірге жүрген жігіт екен. Өзі аузын ашса көмекейі көрінетін, арсың-гүрсің аңқылдаған жақсы жігіт.

–  Жақып!..

–  Ау!..

  Ол да шырамытып тұр екен, шұрқыраса кетті.

–  Қайдан келіп қалдың мұнда?..

–  Госпиталдан келсем, ротамызды бөліп жіберіпті…

–  Бөлгені қалай?..

–  Өткендегі қырғында құмдай шашылып, жусап қалмадық-па!

–  Солай де…е… Қай жеріңнен жараландың?

–  Тура қара саннан тесіп өтті. Әйтеуір сүйегі аман… Болмаса үйге қайтарар еді…

 «Шын айтам…» дегендей сипалаңдап, сол аяғын ауырсына қозғап қойды.

–  Құдай сақтаған екен…

–  Иә, де…е… Рукапашныйда болды ғой… Снайпірдің қарауылына ілігіп… Өзіме де обал жоқ, байқап-ақ келе жатқам. Қара басқанда ет қызумен есімнен шығып… Сол ғой аяқтан атқан…

 Жақып ұрлық жасаған балаша кінәні өзіне арта сөйлеп келе жатты да көзі алақтап айналаға жалтаңдай қарап алып аузын құлағына тақап:

– Алға дегенде адыраңдап, қаруы сақадай жаудың аранына түсіп қалдық… Антұрғандармен алысып жүргенде сорымызды қайнатып, ойламаған жерден арқадан атқылап харап қылмасы бар ма! – деді кіжіне сыбырлап.

– Е…е…е, өзіміздің артиллерия атқылаған зеңбірек снарядының астында қалған сендер екенсіңдер ғой… Е… енді есіме түсті…

– Ә, есіңе түссе сол… Біліп істеді ме, білмей істеді ме, маған күмән… Полктағылардың білмеуі мүмкін емес қой…ә? Боқ жеп отыр ма әйтпесе?.. Атаңа нағылеттер!.. Талай баланы жамсатып салды…

 – Роталарыңда қазақ көп пе еді?..

 – Төртеу болатынбыз…

 – Аман ба байғұстар?

 – Қайдағы!.. Мен-ақ аман қалғаны…

 Жердің тілім-тілімін шығарған, тас-топалаң ғарасаттың астында қалған солдаттарды өз көзімен көрген Әріпбай:

 – Тарсыл-гүрсілдің астында қалғандарыңды жанымыз шыжғырыла көріп отырдық, қолдан келер қайран жоқ… Бұйрық солай, қайтесің… – деді.

– Әй, несін айтасың, шебіміз топалаң тиген қойша қырылды ғой…

– Ақ бұйрықты өлім де бұйырмады-ау, бейбақтарға… Ел қорғаған батырда мола болмас деп атам қазақ қалай дәл айтқан…

– Қарға-құзғынға жем болып, сүйектері шашылып қалды ғой не бір жігіттердің!..

– Иә, Құдай берген тегін жер, тегін ауа, ырылдасып таласса бар ма шара…

 Жақыппен болған нәумез әңгімеден екі күн өткесін рота командирі Кәрім бәрін сапқа тұрғызды. Жүзі қаһарлы көрінгенмен, репеті солғын, бет-әлпеті сүлік сорғандай аппақ. Түс әлетінде шабуылға шығатындары жөнінде пәрмен алып кепті.

 Бақ пен сордың арасы бір-ақ тұтам, соғыс тәсілі түгіл жөндеп төбелесуді де меңгере алмай, Жақыптың о жақ, бұ жағында жүрген бұлардың ротасы теке сүмбіленің басындағы бетпе-бет шайқаста «арьергардтың» құрбаны боп, қасқыр қамаған киіктей қайда қашарын білмей қоршауға түсіп қалды. Адамның басы – Алланың добы, жиырмаға жуық сарбаз науыт болып, аман қалған жиырма бірі құмардан шығып соғыса да алмай, ақи-тақи тұз-түгел тұтқынға түсті. Желбезегінен тізілген балықтай, қолға түскен жиырма бір солдаттың ішінде Жақып жоқ еді…

* * *

  «Пашис» дегені болмаса неміс те өздері секілді адам екен. Жастары да шамалас, отыздың ар жақ, бер жағында. Мұрттары енді тебіндеп келе жатқан, тауқыметтің қамшысы маңдайын оспаған өрімдей бозөкпелері де жүр сәбіліп. Айырмасы, «сен шап, мен атайын» – бес қаруы сақадай, әскери киімдері шырттай, бой-бастары тас-түйін жинақы. Бастарындағы темір қалпақтары мен асынған автоматтары айбарын асырып, аяудан ада қатқыл жүздері мұз шаңғытып, тұз суырады.

– Хальт! Комм шнеллер!.. (Тоқта! Жылдам бері кел…) – деп зекіре бұйырып, автоматымен екілене түйіп өлтіріп барады. Ойпырым-ай, аяушылық сезім деген болсашы!

– Хальтс мауль!.. (Өшір үніңді) – деп бараққа жеткенше тепкілеп, ұрып соғып келді. Сапқа ере алмай шолтаңдай сүйрелесіп келе жатқан екі жауынгерді жабыдай келте бақай офицер тырылдатып атты да тастады. Жауыздықтың да мұндай көрсоқыр анайысы болады екен. Қариялардан естіген, одан қалса қисса-дастандардағы қылышпен шапты, қамшымен осты, гүрзімен ұрды дегенің мынаның жанында «айналайын» екен.

 Сусыз, тамақсыз жер астына түсіп кеткендей қараңғы лабақта ындыны құрып ертесіне дейін жатты. Ішіндегі білімдары да, білгіші де Кәрім. Өзі аздап немісше біледі. Айтуынша, Освенцим (Польша) қаласының батыс жағында орналасқан Аушвиц – Биркенау деген концлагер.

  Көп ұзамай, келесі күні екінді еңкейе аштық пен судан шаңқап, кенезесі кепкен бұларды тікенек сыммен қоршалған үлкен алаңға топтады. Шашын қиғаштай тараған, там тірегендей ұзын бойлы, ақсары офицер міз бақпайтын мейірімсіз көздері тесірейіп:

– Шнеллер хинаустраген гефтлинге!.. (Тез шығарыңдар тұтқындарды!..) – деп бұйрық беріп еді, оқтаудай қақиған атұлтандары сарт-сұрт қимылдап:

– Хайль Гитлер! – деді де шалт бұрылып, саңқылдай жөнелді:

– Ахтунг!.. Ахтунг!.. (Тыңдаңдар! Тыңдаңдар!..)

– Шнеллер, гефтлинг!.. Шнеллер херауз крихен!.. (Тұтқындар, жылдам шығыңдар!..) – деп ителгідей жұтынған немістер тұтқындарды автоматымен түйгіштеп қатарластыра бастады.

 – Иманбек, бір-бірімізді танымайтын болайық, өйтпесек бөліп жіберуі… – деді Әріпбай қаға берісте. Алайда, бұлардың ойлағаны болмады, көздері жәутеңдеген екеуін екі бараққа ажыратып жіберді.

  Ұшы-қиыры көрінбейтін енапат архипелаг (лагерлер тізбегі) – Аушвиц – «1», «2», «3» деген негізгі үш үлкен бөлікке бөлінген. Зұлымдық кірпішінен қаланған лагерь құрылысы соноу 1939 жылдан басталып әлі жалғасып келеді. Ажал-бесігі болған концлагерьді эсэс-тің зәлімдігімен аты жаһанға жайылған баскесерлері күзетеді. 20 000-нан асатын күзетшілердің аты да албастыдай – «Қу бас». Лагерь негізгі үш бөліктен – «қабылдау бөлімі», «дәрігерлік бекет», «жалпы жайдан» тұрады. Бұларды алғашқы екеуі тіркеп, тексерген соң «жалпы жайға» орналастырды. Айналдыра бетон дуалмен қоршап, үстінен екі қатар тікенек сым жүргізген, оған қосымша жалаңаш электр желісін тартқан. Әр елу қадам жерде үлкен темір мұнарадан прожекторлар жарқырап, автомат, пулеметпен кірпік қақпай күзеткен омырауы есіктей аңдушылардың жақтары сембей:

–  Хальт!..

– Хальт!.. – деп азбан айғырдай азынаған дауыстары естіліп, әредік дабыл қағылып жатады. Алдын-ала керемет есепке негізделе отырып құрылған қамал-араннан адам түгіл тышқан да өте алмайды. Фуражкесінің күнқағарлары жалт-жұлт еткен неміс офицерлеріне адам өлімі түк емес – төмпештеп ұрып, тепкілегендері аздай, қолайына келмегенін:

– Комм!.. Херауз крихен!.. (Кел!.. Шық бері!) – дейді де тышқақ лақ құрлы көрмей, сақ-сақ күліп қыбы қана жайрата салады. Жанындағы қазық жұтқан жендеттер мәйіттерді сүйреп апарып ағаш тиегендей үйемелеп өлік таситын машинаға артады. Ыңырсыған жарадар, ауру тұтқындарды:

– Херауз… Хальтс мауль! (Шық… Өшір үніңді!) – деп ата салу апиын ішкендей адыраңдаған құзғындарға шыбын өлтіргенмен бірдей. Көздері үйреніп, еттері өліп кеткен –  шімірікпейді. Өлген адамның да Отаны, елі, туған жері, әке-шешесі, жәутеңдей күткен қатын-баласы бар… Қала берді бұл да өзі сықылды Құдай жаратқан басы жұмыр пенде… Жо-жоқ, ондайды ойламайды… Аяу мен есіркеу сезімінен жұрдай, тасмейір пашисіңе адам тағдыры ойыншық, тіптен ондай пәндәуи түсінікке пысқырмайды да, керек десең түкіргені бар.

 Лагерьдегі көзі ішіне кіріп шөлмектей боп жүдеп, сүйегі-сүйегіне қажалып азып-тозған адам кейпіндегі тірі әруақтарды көргенде Әріпбай шошып кетті. Көз алдына соно…о…оу отыз екінші жылғы аштықта жол-жолда аштан бұратыла құлап жатқан, іші омыртқасына жабыса ыңырси сүйретілген тірі міскіндер мен сасып кеткен өліктер елестеді. Жел қуған қаңбақтай сандалған інісі екеуі нағашыларын сағалап жан сақтап еді-ау сонда… Айырмасы – онда кеңестік жүйе алқымнан алып, ақсүйек жұтты қолдан жасаса, мұнда қайырсыз пашис…

 Аумағы кішігірім қаладан үлкен лагерге «цуганагтар» (жаңа тұтқындар) күндіз-түні дамылсыз әкелініп тоғытылуда. Тұтқындарды түрменің құрылыс жұмысына жегіп, өз көрін өзіне қаздырады. Қысқасы түрмедегі қорлық пен сұмдықты тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Рақымсыз ауыр күндер күздің қара түніндей баяу жылжып өтіп жатты.

 Немістер қыркүйектің алғашқы аптасында газбен улайтын камераны сынақтан өткізді. Гитлердің өшіккен ата жауы негізінен жебірей-яһудилер құсайды. Газ камерасының жану сапасын сыннан өткізген де осылар болды.

– Ахтунг! Ахтунг!.. (Тыңдаңдар!..)

– Комм! Комм!.. Политище гефтлинге глейх!.. (Саяси тұтқындар тез шықсын!.) – дегеннен-ақ жебірей байғұстар секем алып қалды. Еркек, әйел, бала демей улы камераға бөріккен қойдай сыпыра айдағанда байғұстар өмірмен қоштасатын сәтін сезгендей құлындағы даусы құдайға жетіп, соңғы тұяғын серпе бебеулеп:

– Реттен!.. Их мехте инен гутмахтен… (Құтқара гөр!.. Мен сізге жақсылық тілеймін…)

– Но, фина витта!.. Деутише реттен… реттен… (Өмірімді қия көрме!.. Неміс құтқар гөр!..)

– O! Нейн, нейн!.. Их бинь гутер меншь!.. (Жо-жоқ! Жоқ! Мен жақсы адаммын!..) – деп текешіктей бақылдап, жанұшыра жәрдем сұрап жалынса, енді біреулері мейірімнен жұрдай немістен қайырым жоғын ұққандай:

–  Гитлер капут!..

– Гитлер капут!.. эсэс капут!.. – деп шыңғыра жұлқынып арпалысады. Сайдауылдай ысылған эсэс-тің әккі жендеттері бейшаралардың қарсыласқанына қарамай:

– Комм! Комм!.. Хальтс мауль! Шнеллер!.. (Шығыңдар!.. Үніңді өшір! Жылдам!..) – деген бойда автоматтың дүмімен ұрып-соғып, қабаған иттерімен қақпайлап, пәленбай пұт келетін темір есікті ашады да аждаһадай ажал шашқан камераға кіргізіп жібереді. Сақ-сақ күліп, «ха-ха-халаған» құнан бұқадай күжірейген албастылар есік жабыла сала газ жағатын түймешікті басып қалады.

 О, тоба! О, Құдауанда…а! Құлақ естіп, көз көрмеген мынадай жан түршігер арасаттан аза бойы қаза болып, аштықтан бұрын түн баласы шалықтап, елірмелеп шығатын халге душар болды. Оның үстіне аш адам алты көрпе жамылса да ұйықтай алмайды, аштығы басылғандай боп енді көзі іліне бергенде газды камераға тоғытылған бейуаз ғаріптер мен итін абалатқан пашистер басып-жаншып шошып оянады. Бір ашылған ұйқыдан кейін миының іші көрік басқандай ызыңдап, гуілдеп, атар таңды көзі бақырайып қарсы алады.

 Тас түрме, мұздай еден, тақтай төсек… Таң алагеуімде оразасын ашар-ашпас ұйқысы шала күйінде ала шабдар киімінің омырау қалтасына жапсырылған нөмірмен жоқтама жасап, жұмысқа шығарады. Ныспыңмен ешкім атамағасын азан шақырып қойған атың да ұмытылады екен. Әлі есінде Әріпбайдың нөмірі – «А-0019» болатын. Абалап, шаншыла арсалаңдаған қарғыбаулы қандыауыз төбеттердің қоршауында:

– Марш! Марш!.. Арбайтен!.. (Жұмысқа шығыңдар!..) – деген бойы көрден шыққан өліктей болған тұтқындарды жаңа салынып жатқан түрменің құрылысына апарып салады. Аяқ киім деп берген өрім-өрім сүйретпе шарық сиырдың тіліндей жер жалайды. Ал көбісі күс-күс аяғына киіз орап, шандып тастаған шоқаймен қара кешке дейін зорықтыратын қара жұмыста болады да сілікпелері шыға титықтап кешті әрең батырады. Төрт пұттан асатын күйген кірпіш салынған зембілді құрылыс басына жеткізіп, текшелеп жияды. Дамылсыз кірпіш тасымалдап, итеңдеп кешті батырғанша қара сан ұйып, қарлары талып жүруге халдері қалмайды. Өзектері талып бараққа келгенде сабын тәрізді жабысқақ, ит ішпейтін қоймалжың атала мен ағаш үгіндісі қосылған пышақ жүзіндей қара нан күтіп тұрады. Көрер күн, татар дәм таусылмағасын қорғасындай зіл батпан мойынтұрықты іліп алып, таң құланиектене жүректерін жалғар жалғамас, азапты жұмыстарына қайта аттанады. Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді, шыдам шегі қанша ширатылса да дозақы кіріптарлық көнбеске шара қалдырмап еді.

 Лагерден күндіз-түні мылтық даусы сембейді. Жебірейлер, тәртіп бұзғандар, аштықтан титықтағандар мен ауру меңдегендер крематорийдің қомағай көмейіне жұтылып, біраз тұтқын тірі «нысана» ретінде офицерлердің ермегіне айналады. Адам ататын өлік сасыған әр бөлменің едені мен қабырғасы шашыраған қанды оңай жуу үшін арнайы шыны аралас сырлы кірпішпен әдіптелген. Соғыс басталар алдында түрме жендеттері бас кесетін бес қадақтық «гильотина» деген әйдік болат семсерді пайдаланыпты, кейін оған уақыт көп кетеді деп ату мен крематорийді, газ камерасын іске қосқан. Өркениетті елдегі дамыған өнер мен ғылым қанқұйлы соғысқа қызмет қылса не етерсің!..

 Осылай айдан, күннен адасып жүрген азапты күндердің бірінде жетім қозының қарнындай шыртиған іші кәстөмін кернеген өткендегі офицер:

 –  Ахтунг!.. Ахтунг!.. (Тыңдаңдар!..) Комм!.. Комм шнеллер, гефтлинге азиатен!.. (Азиат тұтқындар, тез шығыңдар!..) – деп кілең мұсылмандарды сыртқа шығарып, түрме алаңына жинады.

 Қасқыр қамаған қойдай опыр-топыр қарбаласқан тұтқындар «Не істемек?..» деген дәргүмән сұрақтың жетегінде ұялас күшіктердей топырлап сап түзеген. Бір мезет Әріпбай көрші барақтан келе жатқандардың арасынан Иманбекті көріп қалды. Ол да анадайдан ымдай белгі беріп, қол бұлғап қояды.

– Мұстафа Шоқай деген қазақ мұсылмандарды жиып, жиналыс өткізеді екен. Гитлердің өзінен рұқсат алып, абақтыдағы исі мұсылманды басқа жаққа алып кетпек, – деді Әріпбайдың жанында тұрған Кәрім.

– Онысы кім тағы да? – деді артқы қатарда тұрған қырғыз Сүйменқұл.

– Қазақтан шыққан көсем…

 Көп күттірмей түрме коменданты отыратын қос қабатты ақ үйден (әкімшілік корпус) жай киімдегі екі адам неміс офицерлерімен бірге тұтқындарға қарай жүрді. Ортасындағы түр келбеті түркі тектес, орта жастағы төредей киінген кісі, үрлеген қаптай семіріп алған түрме қожайынына әлденені түсіндіріп келеді.

 Лабақтағылардың алдына келгесін жаңағы өңгесінен ерекшелеу, түрі қазаққа келіңкірейтін дөңгелек жүзді, жазық маңдай, орта бойлы қияқша мұрттысы түрме коменданты Ганс Дитрихке солардың тілінде бірдеңе деді де басын изеп бір адым алға озды. Өзі де аққұбаның әдемісі, әйбәт келісті адам екен. Әлде мәдениеттілігі, әлде мұсылман бауырларына жасаған ізеті, бас киімін қолына алғанда шашы жартылай түсе бастаған жалтыр басы күнге шағылысып жарқ ете қалды. Бой басы қанттай – кір шалмаған шырыштай қара мақпал кәстөм-шалбар, аппақ қардай көйлек, кіреуке жағаға көлбей тағынған қара шайы көбелек мойынтақ, бойына шақ сүліктей аяқ киім, бәрі-бәрі дәп қазір үстіне шақтап, дүкеннен сатып әпергендей.

 «Анық Кәрім айтқан қазақ осы болса ұрдым пашисіңді! Апырым-ай, немісіңнен де өткен зият, сән-салтанаты келіскен адам болады екен-ау!» – деген ой санасын шарпып өткен Әріпбай жан-тәнімен ымырасыз берілгені соншалық, қазақ болып туғанына мың қайтара шүкірлік қылды.

 Тастүлек қазақ көп күттірмеді, басын тік ұстаған бойда ешкімге жалтақтамай, автоматын шошайтып, мұздай құрсанған немісіңнен қаймықпастан ашық дауыспен таза қазақ тілінде сұңқардай саңқылдай жөнелді:

 – Мұсылмандар, бауырларым! Қасиетті Түркі жерінің тумалары! Менің аты-жөнім Мұстафа Шоқай, жанымдағы Уәли Қайым деген өзбек азаматы. Біз өткелек заманның алмағайып кезеңінде тұрмыз. Келешек ұрпағымыз бен еліміздің бостандығына қол жеткіземіз десек ең бірінші бас амандықты ойлауымыз керек. Мен Розенбергке де, Фюрерге де жазған хатымда мұсылман халқының бұл соғысқа еріксіз қосылғанын, сондықтан «Ерікті Түркістан легионын» құру басты мүддем екенін айттым. Мұндағы негізгі мақсат сіздердің сау-саламаттығыңыз. Қазақтың бір туар ұлы Әлихан Бөкейханұлы екеуміздің Ленинмен де, Сталинмен де ұлт саясаты, елдің шекарасы мен еркіндігі жөнінде әу бастан пікір қайшылығымыз болды. Әлиханды коммунистік партияны бетперде қылып, солақай саясат ұстанған Сталин мақсатына жеткізбей мерт қылды. Мендегі басты арман асыл азаматтар аманаттаған Түркі елін азаттыққа жеткізу. Бұл әзірге қиял боп көрінгенмен түптің түбінде бодандық қамытын сыпырып, кеңес отаршылдығынан тәуелсіз елге айналатынымыз даусыз…

 Сабазың қазақтың қара сөзінің көбесін сөккен мінсіз жүйрік екен. Жақұт сөздің сарқылмас бұлағындай көсіліп кеп төгілді, бәйге атындай жазылып кеп шапты дейсің!.. Бір емес, бірнеше тілді меңгергені сөз саптасынан-ақ байқалады. Ленин, Сталин, Гитлеріңмен күнде табақтас боп, бірге араласып жүрген адамдай сайрап тұр. Төрт аяғын тең басқан, зейіні айдан зият мұндай суырып салманы бұрын-соңды көріп тұрғаны осы.

 «Әй, сені тапқан анаңнан айналдым! Тусаң ту!» – деп марқая масаттанып Әріпбай тұр.

 Әбіре сымдай есіліп кеңестік көсемдерді көрге тыға, саясатын жерге сұға жарау аттай ұзақ сілтеген шешеннің сөзінен ұққаны – мақсат Түркістан легионына кіріп, аман қалу; күні келгенде тәуелсіз мемлекет құру. Араның ұясындай уілдеп кеткен тұтқындардың біразы сөз мәйегін қақты, біразы қақпады; енді бір бөлігі үшін әр ұлттың жеке мемлекет боп шығуы, бостандық дегендері мүлдем жаңаша, астары ашылмаған тың ойлар еді.

 «Шоқтың табын көсеу білер, хақтың бабын көсем білер, білгеннен кейін айтып тұрған болар… Шамның түбі қараңғы, алайда кімнен еркіндік аламыз – байды жаншып «теңдік әпердік» деп жүрген советтен бе, басып кірген мына немістен бе?..»

 Қырық қатпарлы шұңғыл саясаттың ықпыл-жықпылына бойлау түгіл мына соғыстың не үшін, кім үшін жүріп жатқанын, кімнің жерін қорғап, кімнің сойылын соғып жүргенін де ұқпай, әйтеуір «Советтің жауы – менің жауым» деген оймен зердесі тұмшаланған Әріпбайға бұл айтылғандардың салмағы атан түйедей ауыр еді. Осыны сезгендей Иманбек қол көтеріп, сөз сұрады.

 – Біз Түркістан легионына кірсек, Отанын сатқан опасызға жатпаймыз ба?

 – Жоқ! Бізде бір-ақ Отан бар, ол қазаққа – Қазақ жері, қырғызға – Қырғыз жері, татарға – Татар жері! Дәл осыдан 500 жыл бұрын кең жазиралы сайын далаға қазақтың шаңырағын көтеріп, уығын қадаған Жәнібек пен Керей хандардың, елінің азаттығы үшін басын бәйгеге тіккен Абылай мен Кенесарының еңбегінің өтеуі алда. Қазақ жұрты қашаннан балғаның астында, төстің үстінде келе жатса да алдаспандай зау шоғыр. Кеңестік матбуғат түркі жұртын, соның ішінде қазақты ынтасы бола ықыласы жоқ, талабы бола талпынысы жоқ деп мансұқтайды. Кекірігі азып, Құдайды ұмыттырған кеңес өкіметі ықыласыңа ықырар, талапынысыңа тақырар берді ме? Берген жоқ – бермейді де! Бермегені сол емес пе, қаралы жұтты қолдан ұйымдастырып, қазақты қынадай қырды, даланы жосадай қылды. Соңғы жиырма жылда қазақ даласында болған 300-дей көтерілісті аяусыз басып-жаншып, қорғансыз қазақты оқпен атқылап, қылышпен шапқылап, қаймақтарын теріп атты, жайырақтарын түрмеге жапты, діндарды қудалады, мазарды қидалады. Ұрпағыма деп аманаттап кеткен ұлан-байтақ баба қонысқа бас ие боп, теңдік алар күн алда! Әр ұлттың оймақтай болса да өз жері, өз Отаны болатын шақ туады әлі! Соноу 1917 жылы «Алашорда» үкіметін құрғанда Ленинмен де, Сталинмен де дербестік жөнінде тақаса тірестік, айқаса алыстық деп айттым ғой. Сондықтан мынадай алмағайып бұлағайда қалайда тірі қалу жағын ойластырған абзал, қалғаны Жаратқанның құзырында. Салқын ақыл мен ыстық қайратты жүрекке тізгіндетіп, сабыр-парасатты иманға серік етіп, Алладан мәдәт сұрайық. Ер Түріктің зүрриаты – сіздер, сіздердің ұрпақтарыңыз Түркі дүниесінің еркіндігі үшін күресті әлі-ақ жалғастырады. Нақ қазір екі тізгін, бір шылбыр қолдарыңда, таңдау еркі өздеріңде!

        Кенет түрменің тақсырет арбасын бір адамдай тартып, күйіп кеткен күлшедей ер тұлғалы қара қазақ топты жара асау нардай омыраулап алға ұмтылды.

– Ө…ө… өй.., Ақанбай!.. Қап… п… быт-шытын шығаратын болды-ау, мына қырт… – деп алдын кес-кестеп тоқтатпақ болғандарды киіп-соғып, атандай адымдап ортаға шықты да:

– Уа, көпшілік! Қалай ойлайсыңдар, Құдайды ауызға алдырмайтын советке сенеміз бе, аузында Алласы бар мына қазаққа сенеміз бе? – демесі бар ма.

 «Айтпадым ба, бұл сойқан бүлдіреді!..» – дегендер шынында да уақиға ұшығып кете ме деп құлаққа ұрған танадай тынши қалды. Дұрысын я текті айтады, я тентек айтады, тағдырлары қақпақылға түскен міскіндер таразының қай басына ауарын білмей үріккен қойдай ұйлығып тұрғанда әлгі кісі:

– Ал мен ұстадым осы жігіттің етегінен, ердім соңынан! – деп көбінің ойындағысын лақ еткізді.

 Қазақтардың бәрі дерлік Ақанбайдың мына тапқырлығына риза болып:

– Әп… бәрекелде…е…е!..

– Е… бәсе…е…е!.. Батыр осындай болмаса несі батыр! – деп күбірлесіп жатты.

– Тірі қалуымызға кепілдік бар ма? – деді артынша құмыққан бір дауыс.

– Бар! Фюрердің өзі де бұл ұйым жөнінде хабардар деп айттым ғой. Сол сөзім – сөз!

– Бұл легионға кірген соң біз атқаратын белгілі жұмыс бар ма? – деді қағанақтай жұқа қазақ ортаға шығып.

– Құрметті пірәдарлар! Алты Алаштың сарбаздары! Осы тұрған бәріміз атамыз – Алаш, керегеміз – ағаш деп өскен түбі бір туысқанбыз! Бүгінгі таңда лагердегі мұсылман тұтқындардың ұзын саны жүз мыңнан асады. Әлі қаншасы келіп қосылатынын бір Алла ғана біледі. Осынау мыңдаған мұсылмандардың тірі қалуы үшін жұмыс орындарын дайындап, жоспарлап қойдық. Кеменің арбаға, арбаның кемеге мінетін кезі болады, сондықтан батар күннің атар таңы барын естен шығармай, алдағы күннен үміт етейік. Алланың пендесіне берген ең үлкен сыйы – өмір. Ендеше әрбір Түркі азаматының өміріне араша түсе алсам, мұратымның құмбыл орындалғаны, бұны өзімнің азаматтық парызым деп білем…

       Адамды мезі етпей айшықты, майдан қыл суырғандай ұғынықты қып сөйлесе де тарлан аттың дүбірі, қайқы қылыштың ысылы келгендей болды Әріпбайдың құлағына. Тұңғиық түбін көрсетпейді – Жәнібек, Абылай дегендері зердедегі өшуге айналған қоламтаны үрлегендей болса да «кеңестік отаршылдық, құлдық қамыт, алдағы күннен үміт ету, азат қазақ елі» дегендері сәуесіне сіңе қоймады, тереңіне бойлатпады.

 Көпке сөзі ұнаса – шешендігі, топ ішінде сөйлесе – көсемдігі, Мұстафа шешен де, көсем де екен.

– Ал енді «Ерікті Түркістан легионына» кіремін дегендерің бір қадам алға шығыңдар! – деп сөзін аяқтаған Мұстафа бас киімін киді де сыпа бұрылып жайына барып тұрды.

 Үріккен киіктей елегізіп, екі ұдай халді бастарынан өткере дәлдіреп қалған тұтқындар ә дегенде не істерін білмей дағдарып қалды. Серкесіз судан өте алмай ұйлыққан қоралы қойдай мәңгіріп тұрғанда сеңді бұзған Ақанбай болды. Артынша Иманбек те бір адым аттап, он шақты адамнан кейін оң жағында тұрған бұған қарады, досының ойын айтпай түсінген Әріпбай нық басып алға озды… Ертеңіне күдікпен қарап, нақты шешімге келе алмаған шағын топ өз орнында қалды да бұлардың тобын бөлек әкетті.

    …Әрі қапас, әрі сұрқай, бүгінгісі кешегісінен айнымайтын тіршілік арбасы тасбақадай табандап баяу сырғып өтіп жатты. Қалай дегенде де жаңа қоныстағы өмір лагердегі тозақы азаптан біршама тәуір екен – ұрып-соғу жоқ, тамағы да дұрыс.

«Ендігі күніміз, алдағы тағдырымыз не болмақ?.. Қандай жақсылық немесе зобалаң күтіп тұр алдымыздан?.. Кімге сенеміз, кімнен ақыл сұраймыз?.. »

 Үш күннен бері Иманбек көрінбейді. Естуінше Мұстафаның өзі арнайы жанына алдырып, лагерлерді аралау үшін қасына ерткен. Қазақтың тағдыры мен болашағына деген Иманбектің көзқарасы өзгешелеу болып көрінетін, Мұстафадай тұлғамен пікірлес болса несі айып, қайта мақтаныш емес пе. Тұтқынға түсерден біраз бұрын:

 – Бір атар ескі бердеңкемен қаруланған мұсылмандар ротасы неге алғы шепте жүреді?

– Әлі күнге дейін ана алты солдатқа күрек сап беріп, қару бермегендерің қалай? Әлде өлгенімізді күтіп, соның қаруын бермексіңдер ме?

– Автоматпен қаруланған атқыштар ротасында неге мұсылмандар жоқ?

– Біздің рота мен немістердің бетпе-бет ұрысы басталғанда совет жағы неге артиллериялық атқылауды бастап жібереді? Неге сол кезде бізге «Артқа шегініңдер!» деген жарлық берілмейді? Бізге осының басын ашып бер, немесе полктағылардан сұра! – деп Иманбек тілінің жеткенінше Кәрімге шүйлікті. Ол байғұс та біреудің атқан оғы, иығын қиқаң еткізіп, жалтара тіл қатып, жөндем жауап бере алмай сырдақтатқан. Ал сұраған-сұрамағаны белгісіз. Әйтсе де сол күннен бастап полктан келгендер Иманбекке бір түрлі күдікпен қарайтын болды. Егер немістермен болған бетпе-бет ұрыстан соң тұтқынға түсіп қалмағанда басына қара бұлт үйірілгені анық еді…

 Үшінші күні кешкі апақ-сапақта Иманбектің де қарасы көрінді. Жүзі жадыраңқы, өзі қошуақ, әрі көңілді.

– Әріп, бері жүр!.. Былайырақ барайық…

 Айтары көп екен. Айтқан жаңалығынан жаның шошып, жылан постынын тастайды. Әңгімесінің ұзын-ырғасы төмендегіше:

 Еліміз әлдеқашан Қазақ Республикасы аталып, астанасы Түркістан болуы керек екен. Тек қазақ емес – түрікпен, қырғыз, татар, тәжігің де соған қосылуға тиіс… Босбелбеу саясаткерлердің жалпақ шешейлігінен кешеге дейін қанатымыздың астындағы қарақалпақ тумаларды Мәскеудің арбауымен өзбек алып қойыпты. Енді қалған жерді иемдене отырып, бөлініп кетсек те аз олжа емес. Қазақ жерінің асты кеніш, үсті жеміс – тұнған байлығы өзін асырауға толығымен жетеді. Сталиннің дәл қазіргі саясаты қазақты ұлт ретінде жойып, жерін иеленуге бағытталған. Қазақ даласындағы тәркілеу мен ақсүйек жұтты тікелей өзі басқарған, теке сақал жай бетперде ғана. Миға қонбайтын мүйіз салық, тұяқ салық, сүйек салықтарды да кезінде ойлап тапқан сол. Адами қасиеті кем, қарау, кекшіл, бар сауаты семинариядан ары аспайды екен. Сөйтіп жүріп партия жетекшілігіне қолы жетеді де Гүржістандық етікшінің баласы Мәскеуге келіп көсем болып шыға келеді. Ісі оңға басқан күні төңкеріс жасауға қатысқан қанды көйлек достарының соңына шырақ алып түсіп, бәрінің көзін жояды. Достарын құрбандыққа шалған адам қазағыңды не қылсын.

Сталин туралы бұлай айту түгіл ойлауға жүрек дауаламай жүргенде мына хабар жерден жік шығып, аспаннан Мәді түскендей болды. Айтысынша еуропалықтар ғылымда сауатты, ойға жүйрік, іскер құсайды. Темір тұлпардың неше атасын ойлап тапқан. Жер жырту, егін егу, бау-бақша өсіруді темірдің көмегімен атқарады. Өгіз қосып, ат жегіп соқамен жер жырту дегенді бұлар ұмытқалы қашан! Малдың неше түрі біз өмір сүріп отырған кепеханадан жақсы қораларда бағып-қағылады. Жұмыстың көбісі техникамен істеліп, шарушылықтары жекешеге өткен. Алдау, арбау, пара, жала, қинау, зорлау, өтірік ақпар деген атымен жоқ. Әркім өз еңбегіне қарай ақысын алады, жемісін жейді…

 Мұстафамен жүрген үш күннің ішінде Иманбек басқа қазақ, басқа болғанда – көкірек-сәуесі жаңарған, ойы толысқан, мүлдем жаңа қазақ боп оралып еді.

 

ҚҰЛДЫҚТА

Освенцимдегі бес жүз мыңнан астам тұтқын-мұсылмандарды іріктеп Түркістан легионына тарту бірнеше аптаға, тіпті бірнеше айға созылатын түрі бар. Алғашқы аптада Седлис, Демблин лагерлерінен лек-легімен әкелген мұсылмандар саны мыңнан асты. Түрме бастығының ақ үйі жанындағы бараққа уақытша қамалғандардың арасындағы қазақтардың саны үш жүзден асып жығылады. Әлі қаншасы келетіні белгісіз. Арасында таныс қазақтар да ұшырасып қап, қуана қауқылдасып жатыр. Сөйтсе де сенім мен нанымнан айырылып, аңқылдағаннан аузы күйіп, запы болған бейшаралар бір-біріне ұңғыл сыр айтып, шешілуге тайсақ. Кешегісі бұғалық, бүгінгісі бұлыңғыр, ертеңгі күні жұмбақ бұларды да түсінуге болатын еді.

 Уақытша қамақта отырғандарды үшінші күні кешкісін тұлыптай түрме бастығы, комендант Ганс Дитрихтің өзі аралады. Каскасын баса киген эсэстің сірескен әзірейілдері мұсылман легионерлерді сыртқа шығарды.

–   Ахтунг!.. Ахтунг!.. (Тыңдаңдар! Тыңдаңдар!..)

– Комм! Гефтлинге, херауз крихен глейх!.. (Бері! Тұтқындар, шығыңдар қазір!..)

 Коменданттың жанында елудің ішіне әлдеқашан еніп кеткен, өзіне ұқсаған аузы буылған қанардай былшиған неміс ошарыла дүрлігіп, қаз-қатар тұрған жалтаңкөздерге сүзеген бұқаша сүзіле қарайды. Түрме қожайыны мен жай киімдегі қабақ неміс екеуі қолдарын артына ұстаған күйі асықпай маңғаз адымдап, базардан мал таңдағандай іріктей бастады. Таңдау барысында Кәрім, Айваз деген татар жігіттері мен Сүйменқұл деген қырғызды оқшаулап шетке шығарды. Әлгі саба қарын тұздай көзі тесірейіп тұтқындарды тағы бір аралап шықты. Кенет орта тұсқа келіп тоқтай қалды да сүзеген бұқаша шүйіле қарап Әріпбайды көрсетпесі бар ма. Содырдың таяғы сорлыға тиеді, дәл бұлай болар деп ойламаған ол абдырап, сасып қалды. Қоштасып қалатын, ақыл сұрайтын Иманбек те қырсыққанда Мұстафамен бірге кеткен. Болған күнде де ол не істей алсын…

«Енді не болар екен?.. Қайда апармақ?.. Бөлек әкетіп не істемек?..»

 Сиыр баққанда бірге едік, жаңғақ қаққанда бөліндік демекші, көңіл тату тұтқындармен қоштаса да алмай, жауабы жоқ сан сұрақ сансыратқан төртеуі күпшектей немістің соңынан бұйдаланған тайлақтай еріп кете барды. Таңғы тамақ Тәңірден дейтін тәубешіл мұсылмандар тәуекел қайығына мініп, жылтыраған қап-қара машинаға жайғасқасын-ақ атуға апара жатпағанын ұқты.

– Бізді құлдыққа алып барады, – деді мидай жолға түскесін байқампаз Кәрім.

– Не дейді, Хұдай-оу?.. – деп Сүйменқұл ышқына айқайлап жіберді.

– Жә, жайырақ… Бұл күнімізге де зар боп қалармыз, – деді шыққаннан өзінше сақтанып келе жатқан Айваз.

– Иә, дұрыс айтады, аңысын аңдиық…

– Енді не істер екенбіз?

– Не істейтініңді білмеймін, манағы семіз немістің қол астында жұмыс істейтінің анық, – деген Кәрімнің хабарынан кейін жұмбақ тағдырлы бейшаралар көпке дейін мылқаудың күйін кешті. Үнсіздікті тағы да шыдамсыз, жаңғалақ Сүйменқұл бұзды:

– Біз осы басқа мемлекетке өтіп кеткен жоқпыз ба, көп жүрдік қой?..

– Жол-жөнекей шекара бекеттері байқалмады, соған қарағанда әлі де Алман жеріндеміз…

 Кәрімнің мына айтқанына ешкім қарсы келген жоқ, дауласатындай бейбақтардың тиянақты уәждері де жоқ еді. Сүт пісірімдей уақыт өткен соң:

– Менің түйсігім алдамаса Алмания жерінің көрші мемлекетпен шекаралас жеріне жақындап қалдық-ау. Еуропа мемлекеттерінің жерлері шағын, әрі бір-бірімен тығыз орналасқанын картадан білем, – деді сөзін жалғастырып. Қанша дегенмен қалада өскен, жоғары білімі бар Кәрім бағанадан бері өзінше болжал жасап, сұрақтарға тиісінше жауап беріп келе жатыр еді.

– Соғыстың иісі де жоқ қой мұнда… – деді Айваз жол бойындағы мамыражай, бейбіт тірлікке таңданып.

– Айтып отырмын ғой, біз майдан даласынан көп шығандап кеттік, әйтсе де Алман жерінде екеніміз анық, – деді Кәрім бұдан өзге ешнәрсе білмеймін, білетінім басымызға не түссе де көнуге тура келеді дегенді ұқтырып.

 Шынында қанша жүргендерін шамалай алмаса да, тарсылдаған мылтық пен гүрсілдеген снарядтан зәрезап болған құлақтары бір мезгіл тыншып қалған еді. Не болар екен деп сабыр-тағаттан айырылған төртеуін таң сібірлей бере ағаштан құрастырып жасаған баланың қуыршағындай шағын үйшікке әкеліп қамады. «Қамады» деген жай айтылған сөз, «қайда кетер» деді ме сыртқы есікке құлып та салмастан ағаш салтқыны көлденең тастай салды.

 Сөйтіп неғайбіл заманның алақұйын тегершігі ойда жоқта кері айналып, төрт міскін Францияға шектес Саарбрюккен (Әріпбай Сарыбүрген деп қазақшалады) қаласының оңтүстік-батысындағы көкке оранған табиғаты көз қарықтырар Мазель (мұны Мазалы деп алды) өзені бойындағы шағын деревняға табан тіреді. Кәрімнің жобасы жоба, сол күннен бастап төртеуі де Курт Шнейдер деген фермер немістің еңбегіне ақы төлемейтін, арыз-шағым айтып құқын талап ете алмайтын басыбайлы жұмысшысы, турасын айтқанда мырзақамақтағы құлақ кесті «құлы» боп шыға келді.

 Қарны қампайған немісің жай семіз емес, дөй семіз боп шықты. Өмір сүріп жатқан үйлері мен шаруашылығын көргенде бұлардың танауы аспан қауып, аузы ашылып қалды. Қып-қызыл кірпіштен қиюластыра өріліп, қара-көк шатырын күмбезге ұқсатып өрнектей жапқан қос қабатты керемет үй – хан сарайынан кем емес. Бөлмесі қанша екенін Құдай білсін, ал зәулім үйдің аумағы ат шаптырым. Қарасаң тақияң түсер таудай жотаның нақ төбесіндегі жалпақ дөңдегі бағзыда салынған алып сағана мен мұндалап көз тартады. Айнала тас дуалмен қоршалып, мұнарасы әуеге найзадай шаншылған көне жамбыл – «Карл Қорғаны». Бірнеше жүз жыл бұрын бабалары, әлде бай-манап, әлде кінәз болған арғы аталары салып кеткен жәдігердің ішіне кіріп көрмесе де сыртынан қарап-ақ арғы ғасырдан сыр шертетін ғимарат екенін шамалайды. Атадан балаға мирас болып келе жатқан мұндай үрдіс Әріпбай мен Сүйменқұлға да, қалалық деген Кәрімге де қызық әрі таң.

 Куртқа тиесілі жердің етегінде Мазалы өзені баяу бусана ағып жатыр. Машина, тірәктіріңнен тыс екі үлкен кемесі, оннан астам ескекті, желкенді, моторлы қайығы бар. «Карл қорғанының» төменгі жағындағы кемеге жүк тиеп, адамдар мініп-түсетін үлкен айлақ та осы Курттың иелігінде. Қайық дегенің барлық үйде бар көрінеді, себебі сенбі, жексенбі күндері Рейн мен Мазельден балық аулап, қыдырып қайту немістерің үшін әрі азық, әрі демалыс, әрі серуен.

 Өзеннен едәуір қашықтау жайлауыт жазыққа жеміс ағаштарын отырғызып, шөккен түйедей «Карл Қорғанының» қия беткейіне түгелімен жүзім егіпті. Көрмегенге көсеу таң, Курттың екпеген егіні, отырғызбаған жемісі жоқ. Тегіс алаңқайда жеміс ағаштарының неше атасы мелдектей салып, миуасы самсап тұр. Былай қарасаң да, олай қарасаң да тартылған сымдай түп-түзу егілген алма, алқоры, алмұрт, шие, бадам, қарақат секілді жеміс ағаштарынан көзің жаңылысады. Аттарын білмейтін жеміс пен сәндікке егілгені қаншама. Араласып кетпесін дегендей әрқайсысын жекелей егіп, әр қатарға тегі мен дерегі жазылыпты. Қия жонға сауырлай егілген жүзім плантациясы өзінше бір әлем. Қолмен сызғандай етіп баспалдақша қатарластыра егілген жүзімдік көгереңдей көз тартады.

 Мұндай да еңбекқор, есепке құрылған шаруақорлық болады екен-ау! Жүзімдердің түптері аударылған, жапырақтарының артығы жұлынып, көздің жауын алатын мәуелері жеке-жеке арнайы қағазбен күннен бүркелген. Ауылдағы қия беткейлер мал жайғаннан басқаға кәдеге аспай бос жатса немісіңе жер-ананың қадірі өткені сонша, сүйем жерді бос қалдырмай, жеміс беретін пайдалы ағаш еккен немесе құрылыс салған.

 «Еге білсең тасқа да егін шығады деген рас екен-ау!..»

 Әріпбайдың ойын дөп басқандай:

– Бастарынан асатын жұмысы бар екен, соғысып не сорым? – деп бырқылдап қояды Сүйменқұл мынадай ұқыптылық пен бейнетқорлыққа таңданғанын бүркемелеп.

 Егілген жеміс ағаштары мен жүзімдіктің түбінен арамшөптің қылтасы да көрінбейді. Жүзімдіктің әр қатарына жыланша созалаңдаған, су ағатын қап-қара жіңішке шланг тасталған. Ішектей созалаңдаған «қара жыланның» әр жеріне кішкентай түтікше орнатып, сол түтік арқылы сыздықтата отырып қанғанынша суғарады. Малдан басқаны көрмеген пақырларға зау жотаның үстіне қалай су шығарғаны ғана жұмбақ. Көп ұзамай жұмыс барысында бұл жұмбақтың да шешуі табылды. Қарасаң көзің талатын жалын қияның әр қырық-елу метрдей беткейіндегі үш әуізден әлгі «қара жыландар» арқылы ұшы-қиырсыз жүзім қатарларына, алма бақтарға су жібереді. Немісіңнен қулық артылған ба, қулықтан гөрі ақыл, өнер, бейнет деген иланымды-ау, соның арқасында әр қатарға суды ашып, бекітетін бұранда тетік арқылы кезегімен әр қатарды суғарған соң келесісіне ауысады. Осылай кезең-кезеңімен суғарып, таусылған әуіздерді суға толтырып отырады.

 – Бұ неміс дегенің ақылы асып туған ба әлде өздері әзелден осындай мехнатқор ма? – дейді Айваз бақтың әр бұрышындағы піспе құдық пен өзеннен бұрқырата су тартып, бассейндерді толтырып тұрған мотордың неше түрін көргенде таңданысын ірке алмай. Бұлардың түсіне де кірмеген керемет аспаптар жұмыс күшін жеңілдетіп, артық шығынға жол бермейді екен.

 Су қоймаларын толтыру тәсілі де қызық. Бірінші төменгісіне жеткізіледі, онан соң ортаңғысына құйылады, ал үшінші ретте ортаңғы қоймадағы су ең төбедегі үлкен әуізге жеткізіледі. Осы үрдіспен екі рет тасымалданып «Карл Қорғанының» іргесіндегі әйдіңгер су шұңқыры толтырылады.

 Жайқалып тұрған иранбақ пен сабақтары сынғанша мәуелеп тұрған жүзімдіктің арнайы күтім мен баптың арқасында осындай дәрежеге жеткенін аңғару қиын емес. Бұларды жүзім теру науқанына орай әкелген екен. Бұхарада боқ шоқыған қарға Түркістанға келіп жылқышы болыпты дегендей көп ұзамай төртеуі де сартты жарты жолда қалдыратын бағбан-диқаншы болды да шықты. Курттың бұлардан басқа жұмысшылары да баршылық. Отыз шақты жұмысшы (көбі әйелдер, шамасы еркектері соғыста) таңертең бір мезгілде келеді де айқай-шусыз өздеріне белгіленген істің басына кетеді. Қадағалап, қақпайлап жүрген ешкім жоқ. Осыны көргенде Әріпбайдың есіне зәлімдігімен «Жігіргенді» қан қақсатқан Исебай «белсенді» түседі. Астындағы жалы құлағын жапқан Байшұбарды тайпалта қатын-қалашты қуырып жеп:

– Жұмысқа шық, шық! Атаңа нәлет, нәуетек контралар! – деп атын ойната ошағын қиратып, қазанын төңкеретін, қамшының астына алып әңгіртаяқ орнататын дойыр бригадир мұнда қажет емес екен…

 Сол күні-ақ жүзім теруге кірісіп кетті. Әрқайсысының жанына бір-бір бағбан-терімші қосып, жүзім терудің әдіс-тәсілін үйретті. Әріпбайды үйретуші саргідір тартқан Валтер деген неміс:

– Ихт бин вальдгюттер… – дейді. Кейін түсінген, уақытша істеп жүрген орманшы екен.

 Төртеуі таң елең-алаңда жұмысқа кеткеннен кешке бір-ақ жолығады. Әрқайсысын жекелеп бөліп әкетіп, жүзімдікке салады. Бекітілген күндік норма – астана қазандай темір ыдысты толтыру. Терілген жүзімді мұқият, ұрындырмай ағаштан жасалған себетке екі қатар етіп тақталап, лагердегі «А-0019» саны жазылған ыдысқа жайғайды. Жүзім теруден ымырт үйіріле келеді де кешкі тамақтарын іше салысымен машинаға отырып тайшаптырым жердегі мал фермаға аттанады. Аумағы кішігірім көкпар алаңындай жердегі екі қораның бұрыш-бұрышына үйілген қиды сыртқа шығарып, трәктірдің тіркемесіне артады. Қиды артып арнайы шірітетін орынға апарып жайғағанша түннің жарымынан ауады. Өздерінің де сілелері қатып, жатақ жайға ілдә-алдалап әрең жетіп жығылады. Сонда ғой сиырларға ине салып, дәрі беріп жүрген арнайы мал доғдырды көргені. Адамға жасалатын жағдай малға жасалған…

 Әрине фермаға апару күнде емес, аптасына екі, әрі кетсе үш рет.

 Арада бірер айдың жүзі болғанда бидай орақ науқаны кезінде Кәрім мен Әріпбайды егін ораққа апарды. Сондағысы әлі есінен шықпайды. Тірәктір сүйреп жүрген комбайнды көргенде ауыздары ашылып, таң қалғандары соншалық, жүргізушінің:

– Сурюк!.. Сурюк!.. (Кейін кет!) – дегенін де елең қылмай айналшықтап алдынан кетпей қойған. Көпті көрді деген Кәрімнің өзі де таңданғанын жасыра алмады. Ауылдағы жүз адам істейтін жұмысты мына пәлекет бір өзі ұршықша иіріп тұр.

        Бидай орымдағы жұмыс әлдеқайда жеңіл боп шықты: екеуі де тірәктір мен комбайн айдаушының иелігінде. Солар бір затқа жұмсайды, бұзыла қалған жағдайда жәрдем береді, май, суын жеткізеді, әйтеуір тынымсыз қарбалас шаруа. Сананы тұрмыс билейтіні рас болса тіл үйренуге де тұрмыс мәжбүрлейді екен. Қай жердің талқанын жесең сол жердің қалпағын киесің, төртеуі де көп ұзамай:

– Ихт бин ландвиршфт арбайтен… (ауыл шарушылық жұмысшысымын) – деп немісше шүлдірлейтінді шығарды.

 Неміс халқының жақсы әдеттерінің бірі өз ісіне өте ұқыптылығы мен уәдеге беріктігі. Содан соң уақытқа сараң – жұмыс уақытында бос сөз айтып, екеуара әңгімелесіп тұрғанын көрмейсің. Түскі тамақ кезінде азырақ әңгіме құрғаны болмаса істен қолдары босамайды. Жұмысқа азанғы тоғызда «шайтан доңғалақпен» (велосипед) келіп, кешкі алтыда қайтады. Түскі тамақтарын күнде сөмкеге салып өздері әкеледі. Ал олардың күнделікті жұмыс кестесі «құлдарға» жүрмейді.

 Әрине қапас түрмеден тәуір әрі жаның олжа. Аптаға жетпей бидай ору науқаны аяқталып, орылған бидай диірменнің (Курттың диірмені, жеміс, сүт өңдейтін, сабын шығаратын зауыттары бар) қасындағы үлкен қоймаға кіргізілді. Жұмыстың қызған кезі әлі алда екен, бақтағы жемістің жиналар уақыты келіп қапты.

 Күн суыта бастаған, қыс тақау. Бірінші кезекте алма бақтағы таснәк терілді, келесісі жұдырықтай келетін қып-қызыл алманың реті… Қара күз қарашадан ауғанша жиын-терім жұмысы аяқталмады. Күзі жаңбырлы жылы болғанымен қыс қылауы ерте ұшқындады. Жауын-шашынды ауа райына үйренісе алмай, үстеріне қышыма секілді қызғылт бөртпе, сыздауық (фурункулез) шығып еді, көп ұзамай денелері көндікті ме, қара қотырланып жазылып кетті.

 Қысқы тоғыс түсе жұмыс саябырси ма деген, жоқ Құртбайдың (Куртты өздерінше атағандағысы) әр маусымға тиесілі жұмысы әзір. Ең басты жұмыс – фермада. Арнайы орындарға төгілген өткен жылғы малақтардың шіріп, тыңайтқыш болуға әбден жарап қалғандарын тіркемеге артып, жеміс ағаштарының түбіне, жүзімдікке апарып шашады. Беткейдегі жүзімдікке қыс бойы қи тасып, түбін қопсытып шығады. Жүзім, жеміс ағаштарының түбіне қар тоқтатады, одан қалса ауланың, жамбылдың ішіндегі күртік бар күрелетін.

 Көктем шыға мұнан да ауыр әрі тыным таптырмайтын жұмыс басталды. Алма бақ пен жүзімдіктің түбін аудару, байлау, кесу, су қою, дәрілеу, арасында фермасы бар, қысқасы жұмыс жетіп-артылады. Әрине, қастарында білгір мамандар қадағалап жүреді. Арамдық жасап, жалқаулансаң есепке алып жүретін бригадирі жауапқа тартып, сол күні аш қалдырады.

 «Қолдағы жұмысыңды алып қойған тірәктір, комбайн, су көліктеріне қоса электр дегенің самаладай жарқырайды, моторларынан су атқылап тұрысы анау, сауат пен білік, білім мен ғылым дамып кеткен, мал дегенің адам тұратын үйден зият жып-жылы қора-жайда өмір сүріп жатыр, аста-төк жеміс-жидегің мынау… Осыны місе тұтпай қатыбас қаныпезерге айналу…»

 Ақылы айран, санасы ойран Әріпбайға ой ұштығы сағым қуғандай маңып жеткізбейді. Шақшадай басы шарадай болып неміс жұртының аз уақытта қып-қызыл жауызға айналып шыға келгенін ақыл тезі саралай алмайды. Қып-қызыл дегенде сол лағынет атқырдың қызыл, сары деген түр-түсі болушы ма еді, жауыздықтың аты қашан да біреу – жауыздық. Сол түссіз жауыздықтың сан түрін өмірге әкелген, майдандағы аяушылықтан ада, мейірімнен жұрдай, адам сұлбасындағы малғұндар мына іскер де өнерлі ұлыстан шыққанына әсте сенгің келмейді.

…Концлагерде тұтқындарды іріктеп, бір жаққа әкетіп жатқанын Әріпбай талай мәрте көрген. Сүйегі терісіне ілініп тұрған мұсылмандарға «титықтаған нәсіл» деп онша көп назар аудармайды. Көбінесе жаңадан түскен славян тектес ұлттардың дене тұрқы келіскендерін әйел, еркек, бала демей санитарлық бөлімге алып кететін. Дәрігерлік тексеру дегені жай көз алдау, барлығы да қаны мен терісі, шашы мен кейбір дене мүшелері үшін әкетіледі екен. Расында да тексеруден оралған бірде-бір тұтқынды көрген емес, қажетін алып болғасын крематорийға апарып, өртеп көзін жояды. Осындай ақиқатты көре тұрып, өттері жарылып кетсе де айтар шындық біреу – сол қанқұйлы қатыгездіктің иелері осы ісмер немістердің бауыры, баласы, туысы, қысқасы, нақ өзі.

 Абақтыдағы бейшара тұтқындардың халі нешік деп ойлап қояды әредік.

 «Көздеріне қан толып, жүздерінен заһар шашқан құзғындар талай боздақты рақым күніне жеткізбей асып, атып, одан қалса крематорийдің газ камерасында жағып жіберген болар. Иманбек досы қайда екен? Аман болса Мұстафадай кемеңгермен бірге қазағына араша түсіп, шыбын жаны шырқырай әрекет етіп жүрген шығар. Мұсылман бауырларын аман алып қала алды ма? Әлде, қапыда сілтенген қас дұшпанның селебесі орып түсті ме? Ауыл-аймақ, әйелі аман ба екен?.. Бұл кеткенде Шарапат екіқабат еді, кішкентайы ендігі екі-үш жасқа іліккен болар. Інісі қайда екен? Ол да қасап қырғынның бір бұрышында жүрген шығар…»

 Мың қайғы бір борышты өтемейді, осы ойлар қанша мазаласа да майдандағы хабардан дым сезбеген күйі немістің Франциямен қоңсылас деревнясында өмірлері өте берді. Бірге істеп жүргендерден сұрауға бата алмайды, өздері ілдебайлап әрең жүргенде бастарына бәле тілеп, арандап қалуы ғажап емес. Қара нанға қарын тоқ, жұмыс пен азаптан тыс туралап келген ажал болмаса адам өлуші ме еді? Қаншалықты қиын болса да осы күнімізге мың қайтара шүкір деген төртеуі Құртбайдың жалдағы малайы боп жүре беруден өзге жолды білмейтін, басқа ылаждары да жоқ еді. Осылай күн артынан ай, ай артынан жыл жылжыған бедеу тірлік тұтамдап өте берді…

 

ШЫРҒАЛАҢ

      …1945 жылдың қазан айы. Май тоңғысыз қоңыр күздің майда самалы маңдайдан сипай ескен, таңғы уақыт. Аспан шайдай ашық. Кәрім мен Әріпбай күзгі егіс басында жүрген. Елге деген енапат сағыныш кеудесін  кернеген  Кәрім:

     – Жастық шағым, студенттік дәуренім өткен Қазан түсіме жиі еніп, әйбат сағынып жүрмін, Арипжан… – деді аласы көп көзіне мұң тола.

     – Айтпа… Әркімнің туған жері Мысыр шаһары… Мен де түсімде үнемі тау-тасты кезіп жүрем…

     – Немене таудың ішінде тұрасыңдар ма?

     – Жоға…а… Көгем деген таудың етегіндегі ауылда…

     – Ондай тауды естімеппін…

     – Ойхой…й… Біздің Көгемнің зау құзынан құлап, тастан тасқа соғыла арқырай аққан кәусарынан дәм таттың ба, әп-сәтте сусының қанып, шөлің басылып рахатқа бөленіп шыға келесің… Көгемнің суынан дәм татқан шымшық Меккеден ұшып келеді дегенді бабаларымыз бекер айтты дейсің бе?..

       Бір кезде Кәрім өз тілінде:

 

Қара қарлыгач микен…

Сары сандугач микен…

деп татардың өздеріне таныс әнін, мақамына келтіре сызылтып айта жөнелді. Онсыз да елге деген сағыныштан делебесі қозып тұрған Әріпбай:

Қараторғай, ұштың зорға-ай…

Бейшара-ай, шырылдайсың жерге қонбай…

деп жалғастыра жөнелді.

     – Сазларың керемет екен! – деді Кәрім ән аяқталғасын.

     – Сендердікі де жанға жағымды, – дей бергені сол, әуе айналып жерге түсердей гүрілдеген алапат дыбыс күшейген үстіне күшейіп, жер-дүниені алып кетті. Аспанға қараған, өз көздеріне өздері сенбей қаққан қазықтай қалшиып аңырайды да қалды. Көк аспанды қақ жарып елу-алпыс ұшақ шығысты бетке алып ұшып барады. Әлде ағылшын бәлки америка ұшақтары, әйтеуір кеңестікі емес…

      Ойпырым-ай, көктемде келген тырналарша тізбек құрып, қолмен жылжытқандай қатарласа, не қалып кетпей, не озып кетпей жебенің үшкіліндей боп сызып барады. Алғаш бомбалайтын болды деп жасырынбақ болған, артынша бейбіт ұшып бара жатқан ұшақты қызықтауға жазыққа шықты. Кенет бидайы орылған тегіс алаңқайға «гүрс» етіп жарылған бомба айналаны дүр сілкіндіргенде бұлармен бірге тамашалап тұрған соқталдай төрт неміс:

     – Но!.. Но!.. Альберт, комм шнеллер… (Жоқ!.. Жоқ!.. Альберт, жылдам бері кел…) – деп ит қуған бұзаудай бұттарын сулаған күйі тіркеменің астына кіріп кетті. Доңыздай шыңғырған зәнталақтардың жандары мұншама тәтті болар ма! Дозақты көргендер үш күннен соң бір-бірімен от шашып ойнайды, мұнан да зорын бастан өткерген екеуі ештеңе болмағандай, әуеге бұрқырай шашылған топырақтың шаңды тұманы сейілмей  жатып, бомба түскен орынды көріп келді.

     –  Әй, шығыңдар! Жарылатын бомба жарылып болды…

     – Ви исть мит дер бомбе?..

     – Ви исть мит дер бомбе?.. (Бомба не болды!?.) – деген төртеуі мәлік болған сиырдай қанталаған көздерінен үрей шашып, тіркеменің астынан бастарын қылтитты.

     – Қоян жүрек қорқақ бола тұра соғыс ашып нелерің бар? Херауз… херауз крихен!.. – деп татарша, немісшесімен қыртып Кәрім тұр ыржиып.

     – Глейх… Глейх… (Қазір…қазір…) – деген немістер іннен шыққан суырдай бүкшеңдеп әрең шығып келе жатты. Өң мен түстің арасында тұрғанда жандарына келіп тоқтаған көлікті де байқамапты. Курттың қол астында істейтін Пауль деген сары бала:

     – Сендерді әкетуге келдім… – дегенде барып аңдады.

       Көп өтпей жатақтарына келгенде көргендері Құртбайдың үйі сең соққандай абыр-сабыр. Үлде мен бүлдеге оранған неміс отбасының басына да тықыр таянған ба, күреңіткен жүздеріне қорқыныш пен үрей ұялаған қатын-баласы мен қызметшілері:

     – Шнеллер!..  Шнеллер!.. – деп дүрліге шапқылап жүр. Бір бұрышта көздері шарасынан шыға алаңдаған Айваз бен Сүйменқұл тұр боп-боз болып.

     – Екі күн болды бұл топалаңның басталғанына, – деді Айваз қатарына келген бұларға дүдәмәл хабардан дерек беріп.

     – Топалаңы несі?.. – деді түкке түсінбеген екеуі.

     – Сендер ораққа кеткеннен кейінгі үшінші аптада пошымы бөлек, киімдері өзге әскерлер келіп, тінту жіргізді. Ағылшын солдаттары-ау деп шамаладық.

     – Ойбай-ау,  олар қайдан лағып жүр?..

      – Итім біліп пе?.. Әйтеуір Курттың жаны көзіне көрініп, дегбірі қалмай алдарына түсіп дедектеді-ай дейсің…

      – Сендерге ештеңе айтпады ма?

      – Бізге не айта қойсын?.. Кәрі қорғанның қапас жертөлесіне жасырып қойып еді, таптыртып  алды. Бір қағаздарды жазып, кетіп қалған болатын, содан келіп тұрғаны осы ғой…

      – Ал керек болса!

       Мына тосын жаңалықтан соң бәрі де өз ойларымен болып тынши қалды.

      – Соры қалың пешенемізге енді не жазылып тұр екен? – деді Айваз біраздан соң Кәрімге қарап.

     – Біле алмай тұрмын… Десе де ішкі бір түйсігім елге қайтатындай сезімнің жетегінде  тұрғаны.  Шамасы біздің жақ жеңіске жеткен болар…

     – Лайым айтқаның келсін…

    Үшеуінің де жүздеріне қан жүгіріп, қуана жымыңдасып қалды.

     – Мына Құртбайың қампиған қарны болмаса нағыз сужүректің өзі екен… Ағылшын офицерге жағымпазданып құрдай жорғалағанын көрсең…

     – Иә… Тамағын беріп, шарабын тосып, балпақтай семіз торайларын лауларына артып зыр қағады, бәйек болды да қалды, – деді Айваз қалбыр жүрек қожайынға наразы кейіпте Сүйменқұлды қостап.

     – Ә… енді белгілі болды, жаны тәтті бейшара ақталып әлек десеңші… Жаңағы айтқаным расқа айналатын түрі бар ғой. Пірәдарлар, отанымызға қайтатын күн алыс емес екен! – деді жүзіне шуақ шашқан Кәрім бұл жәйтті өзінше жобалап.

       Көп уақыт өтпей күнқағары жалтылдаған ағылшын офицері тағдыры тәлкекке түскен бейшараларға машинаға отырыңдар дегенді нұсқады. Қонған жердің қадірін көшкенде білерсің дегендей, төрт жылдан астам өмірінің бір үзігі өткен Құртбайдың атақонысындағы өздері баласындай мәпелеген көгілдір бау-бақшаның көңіл түкпіріне орныққаны сондай, көліктері баяу қозғала бергенде өздеріне де беймәлім қимастықпен машинаның әйнегіне жабыса елжірей көз тастап, қадала қарап қалды. Әріпбайдың кәрі «Карл қорғанын» қоршаған мәуелі баққа бауыр басып қалғаны соншама, ішкі дүниесінде бір нәрсе аунап түскендей болып, қолқасын қапқан ащы өксік тамағына тығылды. Көзіне үйірілген жасты жанындағыларға білдірмей сүртіп тастады, зырылдаған машина тақтайдай тегіс жолға түсіп, Саарбрюккен қаласын бетке алып зуылдай жөнелді.

     «Адам ағзасындағы сезім мүшелерінің санамен басқарылатыны рас болса қас дұшпанның жерін қимай, көзіне жас алғаны несі? Бұл дегенің өзін құлдыққа салған, бауырларын жер жастандырған жаудың мекені, қас кәуірдің мүлік-мүкәмалы емес пе?.. Соншалықты емешегі езіле қалғаны қалай?.. Өзінің атажұрты, туған жері бар емес пе?.. Әлде адамзат баласына бесік болған Жер деген ғаламшардың қай түкпірі болмасын Жаратқанның пендесіне жат емес пе?..»

    …Британ байрағы ілінген Антанталық державалардың әскери бөлімі орналасқан қос қабатты ақ үйге келгенде байқағандары – құлдықта жүрген мыңға тарта ныспы мұсылман бір қорғанда ошарыла үйіріліп тұр екен. Ертеңгі күні беймәлім міскіндердің қатарын толықтырып, әлгі жерге бұлар да тоғытылды. Біраз нәрседен хабардар «құлдардан» естігендері көңіл жұбантарлық – соғыс біздің жеңісімізбен әлдеқашан аяқталыпты, енді тұтқын құлдарды елге қайтаратынға ұқсайды. Мына жаңалық бәрінің де кеудесіне ұялаған сығырайған үмітті қоздатып, шүкірге жүгіндірді; туған жерін, үйін, отанын ойлауға жетеледі. Жаратушысына мың мәрте мінәжат етіп, тобаға келсе де сеніміне селкеу түскен бейбақтар құлақпен естігенді місе тұтпай, қолмен ұстап, көзбен көрмейінше көңіл шіркін тосын ақпарға иланар емес.

    …Кіші бесін ауа бұларды сапқа тұрғызды. Ұзынша бойлы, қыр мұрынды, ақсары ағылшын тілін төсей сөйлеп біраз нәрседен хабардар етті. Жай киімдегі ұстарадай лыпылдаған мұсылман жігіті сөзбе-сөз аударып тұр.

     – Тұтқын мырзалар! Одақтастардың соғысқа бел шеше араласуы нәтижесінде фашистік Германия толық жеңіліске ұшырап, капитуляцияға қол қойды. Америка мен ағылшын әскерлерінің біріге отырып жасаған жойқын шабуылдарының арқасында масқара жеңіліске ұшыраған Гитлер өзіне қол жұмсап, ит өлімге ұшырады…

       Әңгіменің ауанына зер салсаң бұл соғыста кеңес әскерінің зәредей де үлесі болмаған ба дейсің. Майдандағы қантөгіс жөнінде біраз сілтеген ағылшын офицері кеңестік сарбаздардың тажалмен бетпе-бет келіп, жан алып-жан беріскен батырлығы жөнінде жақ ашпады. Керісінше сөзінің соңы басқа арнаға ауысып, есеңгіреп тұрған бұларды беймәлім бұлдыр әлемге бастап бара жатты.

     – Тұтқындар! Өздеріңді алда қандай қиыншылық пен азап күтіп тұрғанын біліп алғандарың абзал. Кеңес өкіметі концлагерде болған әскерлеріне аяушылық білдіреді дегенге сеніп қалмаңдар, елдеріңе оралған соң қатал сынаққа тап келетіндерің анық. Сталин мен Берияның жауыздық алауына оранған, мейірімнен жұрдай қатыгез тергеушілері сендерді Сібірдің түрмесіне айдауы мүмкін. Фашистік лагерге түскендерді тар лабаққа салып, тұтқында ұзақ болғандарды атып, асып жатқаны туралы ақпараттар түсті. Сондықтан Еуропада қалып, осы елде жұмыс істеймін десеңдер де, тіпті Америкаға барам десеңдер де рұқсат… Жұмыспен, тұрғын үймен қамтамасыз етілесіңдер. Уақыты келгенде үйленіп, отбасын құруларыңа да мемлекет жағдай жасайды. Ойлануға бір күн мұрсат. Өз еркімен осында қалатындардың тізімін мына лейтенант жасайды, ал Ресейге қайтатындарды ұстап қала алмаймыз – ертең-ақ этаппен аттанасыңдар.

       Көбелектей қалтылдаған құйын тағдырлы тұтқындардың біразы оқтау жұтқандай қақиған офицердің сөзінен кейін ойланып қалды. Қатыгез НКВД-дан үрікті ме, әлде кейінгі өмірі қалай өрілетінін Алла сездірді ме, шағын топ Еуропада қалатын болып шешті де жұдырықтай жүрегі атажұрт деп соққандары елге баруға бейіл танытты.

       Қашан да ұрысты бастау оңай, аяқтау қиын, мамырдың ішінде тәмам болған соғыс бұлар үшін қазан айының басында да аяқталмапты. Қожайын да, бірге істейтін немістер де жақ ашып сездірмеген. Соншама діні қатты болар ма кәпірлердің!  «Оу, сендер жеңдіңдер, енді елдеріңе қайтасыңдар…» десе болады ғой! Мақұл-ақ, жеңдің демесін, соғыс тоқтады десе болды емес пе? Мұндай да халық болады екен деп алмандықтардың бұл қылығын саналарына сыйдыра алмай қойды…

       Көргені көптің айтары көп демекші, басынан өткергендерін безбенге салып қараса адамның да, патшаның да түр-түрі болады-ау деп топшылайды,  өзінше баға бергісі келеді.

       Патшасы халқын баласындай көрсе өнер-ғылымын дамытып, елін  ұшпаққа шығарады, ал егер құлы деп білсе өнер-білімнен жырақ ұстап, құл-тобырға айналдырады. Соңғы кезде осындай ойлар маза бермейтінді шығарды. Ел мен ел, адам мен адам бірін-бірі дос көруден алшақтап, зымиян қараулықтың кеудемсоқ тамырластары адамшылық, кісілік дегенді өмірдің сахнасынан ығыстырып барады. Білімдісі айтумен жүретін, білімсізі білгенге ермейтін топас тобырды басқару қашан да жеңіл әрі оңай. Бұдан шығар қорытынды – залым патша елін тоздырады, ғалым патша елін оздырады. Өзінше осылай ой топшыласа да ақылы мен өнері тасыған бейнетқор, сауатты халық қалай Гитлердің әзәзіліне еріп, өктемси өршеленіп, ордалы жыланның ұясына айналып шыға келгенін көңіл таразысы да, ақыл таразысы да жіліктей алмады… Әлде жер-жаһанға атын шығаруды ойлаған ба? Найза мен қылыш қарудың атасы болған заманда қанға тойымсыз небір патшалар мен хандардың атағы арқырап тұрды… Опа тапқаны кәні?! Атағын шығарды – халық сорлады… Мына соғыс та сол кеп – атақ пен даңқ Гитлер мен Сталинде, сорлаған тағы да бейшара халық. Жарты қазақты жалмаған Сталинді пір тұтқанда бар ма, бозөкпе қазақ Жаратқанды жарты жолда қалдырады. Тамағынан жылы-жұмсақ өтіп, аузы аққа тиген күні «жерімді тонап, елімді қанап, алапат аштықты қолдан жасап, халқымды қынадай қырғаны несі?..» демей, «апыр-ай, қандай жүрек жұтқан, данагөй басшы… Бәрі шегінсе де бір өзі жалаң гимнастеркамен Мәскеуде қалыпты. Ол болмағанда қайтер ек?..» деп даңқына дақпырт қоса далақтап, сауырға қамшы баспаса не қыл дерсің?  Көр де тұр!..

     …Алла тағала адам баласына кенен ақыл мен кемел қабілетті өзіне барар жолды іздеп табу үшін берген болса, бұ бәтшағарлар лаң салып, қарғыс арқалап таппақ па?

     …Әлде қиямет күні сират көпірінен адам сүйегін қалап өтеміз деді ме?..

     …Жазықсыз момынның өмірін қиып, жерін басып алғандағы мақсаттары не? Байлық па, даңқ па әлде атын шығару ма?..

     …Адам деген топырақтан жаралып, топыраққа қайта оралатын Алланың қысқа ғұмырлы тіршілік иесі екендігін ұқтыру үшін қандай ілім, қандай пәлсапа керек?..

     …Төрге таласып жүріп көрге ықтиярсыз баратынын ұғына алмай-ақ кеткені ме бейбақтардың?..

     …Құдай түсірген Құраннан күнәһар пенделер түзген низам-қағидалар неге алшақ?..

        Көңіл сарайына ұя салған қазақы аңғал өре қанша тыраштанса да бұл сұрақтардың көбесін сөгуге дәрменсіз еді. Ал таупиқсыз патшалардың әлмисақтан келе жатқан «содыр сойқандарын» мүлдем түсіне  алмай-ақ қойды.

      «Адам баласына көкірек көзі ояу, сәуесі жарқын болудан тыс өз бетінше оқып-үйренгені де аздық етеді. Оқу мен тоқу, ұғыну мен түсіну, еліктеу мен үйрену, салыстыру мен қорыту, талдау мен таразылау секілді ұғымдарды жүрек қалауымен санаға бекіту үшін әлемдік білім ордаларының телегей-теңіз қайнарынан сусындау қажет. Сондықтан келешек ұрпақ үшін жоғарғы оқу орнында білім алғаның дұрыс» – деген Зайыр ағасының сөзін есіне түсіреді де:

     «Ғылым мен оқудың түрлі атасын меңгерген немістің қанды жорық жасап, бейбіт елді қынадай қырған жауыздығын қалай түсінуге болады? Сонда мұхиттай шалқар ұшқыр білім адами парасатқа қызмет етпей, шексіз билікке ұмтылған көр-көкірек қанішердің сойылын соғып, құнсыз кеткені ме?..» деген шырмауықша шиеленген ойдың орамына жауап таба алмай шарқ ұрады. Бұл қалай болғаны?.. Түсінсе бұйырмасын…  Шырғалаң дүние…

    …Сөйтіп, өгей елде тар лақатпен пара-пар кіріптарлықпен өткен төрт жыл артта қалып, атажұртқа да бет бұрылды… Туған жерге деген сағыныш төртеуіне де қанат бітіріп, айдын көкте құстай самғатып, мұсылмандық ғадетше өткенге салауат айтқызған… Сол ғадетпен бұл да Алланың жіберген сынағы шығар деп топшылаған… Тобашыл қазақы ғұрып бұл да пешенемізге жазылған болды ғой дегізген…

       Көкіректері текірек қағып, кемелері бақыттың ұлы дариясында жүзіп келе жатқан бұларды алда қандай тағдыр күтіп тұрғаны бір Құдайға ғана аян еді…

СҰРАҚТА

Алла жаққан отты қанішер өшіре алмайды екен, түрме мен құлдықтағы төрт жыл желқайықтай зырылдап өте шықты… Иә, тартқан азап, татқан у зулаған күнге есеп емес. Жегенің шекер ме, заһар ма, ішкенің у ма, су ма, жастанғаның құс жастық па, тас жастық па, қолың жылы суда ма, қыл бұрауда ма – Уақыт әміршіге бәрібір. Қысап кейін…

    …Елге бет түзеп, пойыздан пойызға ауысып, сапарлап келе жатқандарына бүгін төртінші күн. Тық-тық еткен рельстің тынымсыз дүрсілі мен плацкарт тола жүргіншілердің араша гуілдеген айқай-шуынан құлағың бітелгендей. Көңіл – қазы, көз – таразы, пойызға мінгеннен жұпыны жұрттың жоқ-жітік жағдайын байқаса да жеңістің буына мас көпшіліктен қуаныш пен мерекелік көңіл-күй сезіледі. Көршілес отырған төрт-бес солдат пашистерді қалай жайратып, қалай жапыра жайпағанын орсша боқтықпен лепіре тұздықтап мәре-сәре. Өздері аздап қызыңқырап алған. Шуылдан да, вагон ішін кернеп кеткен шуаш аралас күлімсі сасық иістен де мезі болып, бесінші күні Мәскеуге жетті.

 Кәрім құжатсыз жүрген «құлдарды» бірінші кезекте әскери комиссариат пен әскери мұрағат үйіне бастады. Мәскеудің орталығындағы Спасск мұнарасын, қос қапталығындағы аппақ зәулім қабырғалар (1947 ж. қызылға боялған) мен Ленин жатқан мавзолейді атүсті болса да сыртынан бірінші рет көрді. Көргені бар болсын, аппақ қабырғаның үстіңгі жағындағы араша өрілген қаз-қатар өрнегі ақ қасқырдың ақсиған азу тісін көз алдына елестетті. Ырылдаған аш бөрінің тісінен аумайтын тас қамалдың ішінде алаштың қаймағын атуға пәрмен беріп, қазақ даласындағы ұлы жұттың нобайын жасаған, «ұлттардың әкесі» атанған тиранның отырғанынан Әріпбайдың ол кезде хабары жоқ еді…

     …Құжат туралау деген қиынның қиыны екен… Соғысып, одан қалса тұтқында болып қиналыпсыңдар деп бере салатын адам кәні, ұзақ тексерістен соң мемлекеттік мұрағатқа сұрау салып, тиісті анықтама алу үшін төртеуі де арыз жазды, одан суретке түсті. Бұл жалғанда өзіңнің өзің екендігіңді дәлелдей алмаудан артық қорлық жоқ шығар. Анық Кәрім болмағанда бар ма, бұлардың мына жүрісінен ештеңе өнбес еді. Жаңа құжатты алу үшін қайда бару керек, кімдерге жолығу керек дегендей барлық машақатты өз мойнына алып, ұйыстырып, сұрастырып жолдастық парызын барынша адал өтеп жүр. Төртеуіне де тән мінез, сәл нәрсеге ілезде балаша қуанып қалады да алдағы жұмбақ талайы толғандыра ма, артынша қабақтарын мұң мен нала шалады… Бәлки соншама жыл зарлы қыспақтың шырмауына қымталған жүрек құрғырда қуаныш пен бақытқа орын да қалмаған болар?..

        Құжаттарды рәсімдеуге аптадан астам уақыт кетті. Бәрі де біледі, елге келгесін «тұтқында» болғандардың сұрауы бар. Бар болғанда, істік мұрын ағылшын офицер айтпақшы, түрмеге қайтадан түсу қаупі де жоқ емес. Құжатты бүгін аламыз деген күні барлығын оңашалап алған Кәрім:

– Жігіттер, соңымыздан НКВД ма, әлде барлау комитеті ме, аңду түсті, – дегенде:

– Ойбай-ай, не дейді, тағы да?! – деді тұтқыннан әбден зәрезап болған үшеуі үрпие жамырап.

– Иә, байқағаныма бүгін екінші күн. Құжатымыз дайын болды, әйтсе де сол құжатты алмай күте тұрайық. Бірер күн аңысын аңдиық…

– Бір күн арысы, бір күн берісі…

– Сен солай ұйғарсаң неге мақұл демейміз…

– Олай болса жақсылап тыңдап алыңдар. Осынша жыл бірге тұрып, бірге жасап, бауырдай болып кеттік. Қылдан тайып, сертті бұзған кезіміз болған жоқ. «Ат жақсысы кермеде, ер жақсысы түрмеде» депті қазақтың Мағжан деген ақыны. Жаман айтпай жақсы жоқ, қолға түсіп тергеле қалсақ, бәріміздің жауабымыз бір болуы керек.

–  Әрине, оған дау бар ма!

– Қоя тұр, түсініп, ұғып ал! Тұтқын деген – сатқын деген, алдап-сұрап арандатқанға арбалып қалмайық. Ендігі күніміз тұтқыннан да ауыр болуы ғажап емес. Мұстафа Шоқайдың легионы туралы ауыздарыңа алушы болмаңдар. Жалпы ойларыңнан мүлдем шығарып тастаңдар.

–  Ойбо-ой, ондайы да бар десеңші!.. – дейді аңқылдақ Сүйменқұл.

– Иә, бар! Бар болғанда қандай! Бізді Курт Шнейдер деген неміс фермер концлагердің коменданты Ганс Дитрихтен арнайы рұқсат қағазбен босатып алып, өз қожалығындағы жұмысқа құлдыққа салды. Немістің қай жерінде, кім деген фермерде, қандай жұмыс істегендеріңді білесіңдер, оны жасырмай айта беріңдер. НКВД-ның құрығы ұзын, ол жаққа да сұрау салуы мүмкін. Тиянақты бір сөзден айнымасаң ғана аман қаласың, әйтпесе «Отанын сатқан опасыз» деп бір оқ жалынады, болмаса кем дегенде итжеккенге айдаласың.

– Отан үшін отқа оранып, мұз жастанғанымыз қайда қалады сонда? – дейді Сүйменқұл дәп бір тергеуші мен соттың алдында тұрғандай ежірейіп.

– Сайда қалады… Сайда…а… – деді күйіп кеткен Айваз көзі мөлтілдей жасқа толып.

– Ашуға алдырмайық, жігіттер! Шамалауымша, біздің жауабымыз бен тергеушіге көп нәрсе байланысты, сондықтан орнықты бір жауаптан таймау керек… Ерінбейтін НКВД бізді әлі беттестіруі де мүмкін… – деді Кәрім өз ойын ортаға салып.

– Әрине, Сібірге айдалсақ жақсы-ау, оның алдындағы сұрақ-жауабы жүйкеге тиіп, онсыз да оңбай тұрған денсаулықты мұқалтпаса болды, – деді Айваз.

– Бәріміз де итке бір сүйек қарыз пендеміз, басқа түскенге көнбеске шараң кәні? Ақылды өтірік шаршатқан мына заманда, бұғаудан құтылып, қамытқа тұтылмасақ болғаны… Өлдің, Мамай, қор болдың дегенді сонда көресің! – деді бағанадан бері үнсіз тыңдап тұрған Әріпбай үкіметке де, тергеушіге де сенім жоқ дегенді аңғартып.

– Ал, жігіттер, өзі қалтаңдап тұрған қайығымызды желдің ығымен айдамасақ болмас, сендер осы жерде тапжылмай отырыңдар, мен тағы да аңыстап қайтайын…

– Мақұл, – деген Кәрімнің айтқанына Құран сөзіндей ұйып, бұйрықтай қабылдайтын бұлар.

 Кәрімнің ескертуімен жамбаспұлын төлеп, ескі жатаққананы және бір күн паналай тұруларына тура келді. Кешірек келіп қаламын деген Кәрім сам жамыраса да жоқ, кідіріп жатыр. Желбуаз көңіл сайтан азғырған құйын ойды шартарапқа тартып, бал ашқандай әрнені бір шалып, құптан оқыр уақытты болғанда күте-күте шаршаған үшеуі үмітін ертеңге артып жатып қалды. Әріпбай әрі-сәрі күлбадам ойдың құрсауынан шыға алмай, түннің бір уағына дейін ояу жатқан, таңға тақау ғана кірпігі айқасты.

 Түс көріпті. Түс емес – өң. Өң емес-ау, бірақ… түс деуге де келмейді. Құдды өңіндегідей-ау, өңіндегідей… Тіптен өңінен өткен кәдімгідей…

     «…Сәні мен салтанаты жарасып, іргесі түрілмеген он сегіз қанат Ақорда.

 Орданың іші толған кілең хан-төре, абыз-билер мен батыр-бағландар. Кім жоқ дейсің мұнда! Төрде алтын зерлі шапанын жамылған Жәнібек хан мен оюлы қызғылт жібек торқа киген Керей қаһан отыр. Ханның арқа тұсына түрікпеннің алтын шашақты қалы зербарағы ілініпті. Зерлі кілемнің шеті жасыл пүлішпен нақышталып, сап-сары жібек жіппен бедерленіп ашатұяқ, қазмойын, түйетабан оюлармен өрнектеліпті. Төрт бұрышы құсқанат, қошқармүйізбен түйінделгені – құстай еркіндіктесің, төрт құбылаң түгел болсын дегенді меңзегендей. Қошқармүйіздің құбыла тұсындағы үстіңгі қасына бөрі басты ақ байрақ ілініпті. Ақ тудың төменгі жағындағы тұғырда мойын тұсына ілген күміс қоңырауы сыңғырлап, аяқбауы күмістелген қыран бүркіт басын желмез бұрып, әредік «саңқ» етіп қояды. Мойнын соза шалт қимыл жасап, томағасы сыпырылды дегенше аңға түскелі отырғандай.

Жәнібек хан мен Керей қағанның түстік тұсында Төле, Қазыбек, Әйтекелер бастаған билер шоғыры, Бұқар мен Ақтамберді бастаған жырау-сыншылар; сол қанатында жеті жарғылы Тәуке хан, ескі жолдың иесі Есімхан, қасқа жолдың иесі Қасымхан; сәл төменірек білекті Әбілқайыр, білікті Абылай бастаған хан, төре, бек, батыр, сұлтандар тобы.

 О… о… Тоба…а!.. Қабаттасып орта тұста бұл да отыр…

 Апыр-ай, өлгенге жан берем, тіріге сән берем десе де, тоз-тоз қылып шашам, қиыстырып қосам десе де, балшықтан адам, шалшықтан надан жасаймын десе де мына байтақ әлемді ұршықша иіріп, құйынша суырып беретін шексіз құдірет Жаратқанның қолында екен-ау!..

…Сымбаты келіскен хандары мен сұлтандары, айтқан сөзінен жел ескен абыздары мен билері, арқалана атқа қонған түменбегілер мен мыңбегілер, түн қатып түстік етпеген қақпақ жауырын батырлар, атқан оғы зая кетпеген баһадүрлер бас қосқан қазақтың Бас Құрылтайы өтіп жатыр екен-ау дейді…

 Әне, сұсты жүзі жауын ықтырған Қаракерей Қабанбай мен қыран қабағы жауын бұқтырған Қанжығалы Бөгенбай отыр түйіліп; іргесінде бураша шабынған Шапырашты Наурызбай мен күркіреген жас пері Кенесары… Одан ары даңқынан дию именіп, пері қаймығатын сен тұр мен атайын деген кілең жалаңтөс қас батырлар мен тау тұлғалы жас батырлар…

Сырттан таң асырған тұлпардай делебесі қозып, «Жау қайда?» деп тықыршып тұрған сарбаздардың араша гуілдеген дауыстары естіледі.

 Алтын жіппен әдіптелген шапанын сілки қымтап, үшкіл тұмсық, қызыл саптиян қайқы етігімен қайықтай қалқып Жәнібек хан орнынан тұрды, ортаға шықты. Ұясы кең қоңыр көзінің үстіндегі қалың қасы қайқылана қосылып барып жазылды да танауы қусырыла көпке қарап сөз бастады:

 – Уа, Елімнің тірегі, Алашымның жүрегі болған ер көңілді, кең пейілді игі жақсылар! Алдымда жүріп ақылшы болған абыздар мен қасымда жүріп қамқоршы болған билерім! Наркескен батырларым! Қазақтың пейілі қандай кең болса жері де сондай дархан! Бірақ жүрегім ашық, пейілім кең екен деп жерді талапайға, қарындасты шалапайға шүлен етер езің біз емес! Ұлтарақтай жер зәлім кәуірдің иелігіне көшсе ханның атына – сын, бидің қазылығына – кіреуке, батырдың бетіне – шіркеу. Қырымнан Алтайға дейін, Оралтаудан Алатауға дейін созылып жатқан ұланғайыр даламызды сақтап қаламыз десек арды намысқа қамшылатып, ақ білектің күшімен, қара көзден қан тамшылатқан көк сүңгінің ұшымен, баба-сертке тақ тұрып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол ұйыстырып, ғапыл қалмай сақадай сай тұрайық! Жоғымызды түгендейтін, жабығымызды бүтіндейтін, Жаратушы берген ырыздықты шашпай-төкпей, бабақоныс-атажұрт үшін ағайын арасындағы өкпе-аразды адыра қылып, Алаштың ақ туының астында тізгін түйістіріп, бірігетін кез келді! Бірігеміз! Бір боламыз! Әруақ қолдап, Тәңірі жар болсын!

– Әруақ! Әруақ!..

– Бір боламыз! Бір боламыз!..

 Құлақ тұндырған сүрең саябыр таба бергенде жібекпен әдіптелген пүліш шапанының етегі еден сызған Керей хан дидарынан бекзаттық пен тектіліктің лебі есіп, әр сөзін шегелей:

– Уа, халқымның әділ сыншысы, ғазиз билерім мен бектерім, ақылы асқан сұлтандар мен төрелер, таңнан салса кешке озған түкті жүрек баһадүрлерім! Қазақтың құс қанаты талатын сақаралы даласы да, тұнығынан ішпей қанатын шалқар көлі де, қарасаң көзің талар асқар тауы да әлмисақтан бері төл мекеніміз болып келген. Болып қала береді! Сертке берік, антқа адал Алаш ұлдары! Қара ормандай қалың қазағым, ер басына күн туса бұта түбін үй қылар, ел шетіне жау тисе сұр жебеден сый қылар ерлерім! Ақ киізге орап хан көтергендерің рас болса, дәргейімнен шықпай артымнан ерсеңдер қалған ғұмырымды тебінгіні терге шірітіп, Жерұйықтай мекеніме ғадауатпен көз алартып, дандайсыған ұранхаймен шайқасуға арнадым! Бердім уәдемді! Әруақ! – деген кезде:

–  Әруақ! Әруақ!..

–  Ердік соңыңнан!..  Тізгін өзіңде, баста халқыңды! – деп тұс-тұстан анталай жамырап, ақ дауылдай бұрқыраған дауыстар Ақ Орданың түңлігін көтеріп, туырлығын теңселтіп жіберді.

– Уа, өнегесі бізге, өсиеті ұрпаққа үлгі болған билерім! Оң жағымда қоқаңдаған қызылбас тұр, сол қапталда ойқастаған орыс бар, ту сыртымда қаптаған қалың қытай, одан қалса жоңғар тұр. Ханы – қазысымен, қазысы – халқымен біріксе қара жолда қайық қалқиды деген бар, қалың қазағыңа айтар нендей сыр, қандай уәждерің бар? Тартысқа түспесе дау баянсыз, талқыға түспесе сөз баянсыз, ойларыңды айта отырыңдар! – Жәнібек хан ақылы дария, даналығы кемел Бас биге әсіре құрметтен ада, алғаусыз ғизатпен тұнжыр көзін қадады.

 Басына сусар бөрік, үстіне тиін ішік киген, беліне жібек белбеу тағып, бағаналы бері күміс сақалын тарамдап, ойға шомып отырған Төле бидің дидары мейірім мен ақылға тұнып тұр екен. Мұқым қазаққа әділдігі мен туралығы аңыз боп тараған абыз ашық шығатын зор даусымен төгілдіре сөйлеп кетті:

     – Уа, хазіреті хан ием! Уа, жақсы-жайсаң, марғасқалар! Дарабоз, батыр оғландарым! Уығы қисайса да тақтың екі балдағына сүйенгенге мәз, пәруәйі пәлек хандарды да көрдік; қазыға қармалып, қартаға жығылған билерді де көрдік; қыранға тор жазғандар мен батырға ор қазғандарды да көрдік. Менің айтарым қазақтың алтын уығын қадаған Керей қаған мен Жәнібек ханның пікірімен сабақтас. Алты Алаштан тарайтын үш жүздің бауырдай тұтасқан балалары! Әрқайсысы бір-бір ұстын болуға лайық кіші жүз – Алшынның үш бұтағы мен орта жүздің алты атасы, он бір тармақты ұлы жүз бен пайғамбардың ұрпағы – бұқараға дін таратқан ілімді Қожа, тәлімді Төре, тілектес Төлеңгіт, ақылман Сунақ балалары, бірлігімізге сызат түспесін! Руыңды біл – бөлінбе, тегіңді таны – таласпа, пенделіктен жоғары тұр, ағайын! Қазыбектің де, Әйтекенің де айтпағы осы. Мың қолдан құралып, бір сайда бас қосатын кез келді, Алашым! Әруақ қолдап,  Тәңірі жебесін! Бәріміз бір қазақ боп бірігіп атқа қонайық!

 Ойға қонымды, мақамы жағымды ғақлия көпшіліктің көкейіне қонып, қорғасындай балқытты.

– Әруақ! Әруақ!..

– Бір қазақ!.. Бір қазақ!.. – деген біркелкі шыққан ұранды үнге ұласып, шырқалған әндей аспанды кернеп, сайын даланың төсіне шашырап жатты…

 Бір бәтуаға келген ізетті жиынның соңы үлкен ас беруге ұласты. Елгезек жігіттер жаңа ысталған сабадан күміс тегенеге құйған қымызды бұғымүйіз ожаумен құлаштай сапырып тұр. Енді біразы қазақы бедермен әшекейленген торсықты қарына қыстырып, ықшам қимылмен қымыз құйып жүр. Қазы мен қарта, жал мен жая, жент пен бауырсақ, құрт пен ірімшік, шұжық пен тоқаш қойылған аста-төк дастархан. Сыйлы ас – шеке салынған үлкен табақ төрге озысымен ылдым-жылдым бекауылдар қысыр емген семіз тайдың былбырап піскен еті салынған самар табақтарды рет-ретімен тарта бастады.

 Әріпбай бес қаруы сай үстіндегі киіміне қарап аң-таң кейіпте отыр. Сегіз өрім қамшыдан бастап сауыт-сайманы сақадай – үстінде болат кіреуке, басында темір торлы дулыға, қайыс белдікке ілінген қында қылыш, кіседе қанжар, аяғында өгіз терісінен иленіп үшкілдене тігілген әдемі саптама етік… Дәл қазір ойратпен соғысуға аттанып бара жатқандай…

     «Ойпыр-ай, мұның бәрін қашан тағып, қалай көтеріп жүрмін!..»

 Нөкерлерімен көпті аралап жүрген Жәнібек хан Әріпбайлар отырған топтың қарсы алдына аялдады. Қанжардай өткір көзі жасындай жарқ етіп бойы көк тіреген, қаршыға көз, шойын мүсін алып жігітке қарап:

– Сіргелі Жабай тоқсоба, мұнда кел! – деп қасына шақырды.

  Саусағы білектей, алақаны сыпырадай, емен мойын, апайтөс дүлей қара, епсек қимылмен қолын төсіне қойып:

– Не бұйырасыз, Хан ием? – деп тақ тұра қалды.

«Ойбай-ау, көкемдер айтып жүретін Жабай бабамыз осы кісі болғаны ма?!»

– Түменіңдегі Әріпбай баһадүрді Көгем таудың асуындағы Ордақонғанға аттандыр. Жігіттерің Ақбұрқанға дейін шығарып салсын! Ары қарай Аршалысай таяқ тастам жерде.

– Айтқаныңыз орындалады, Хан ием!

Жәнібек хан мұнан соң:

– Әріпбай баһадүр! – деді.

– Ләпбай, Хан ием!

 Сауыт-жарағы сақылдап, бұзау тіс қамшыны бүктей ұстаған қолы көкірегін қауып, ханның алдына кеп тізерлей отыра қалды.

«О, Жаратқан, баһадүр болғаным ба сонда?!»

– Жаныңа қырғыз серігіңді ертіп Аршалысайдағы елшіні құтқаруға барасың! Түске дейін үлгермесең жоңғарлар елшінің жанын жаһаннамға жібереді. Дереу аттаныңдар! Жолдарың болсын!..

– Құп болады, Хан ием!.. – деген Әріпбай бұрыла бергені сол, оң қанаттағы сайыпқырандардың ортасында құлжаның сақасындай қаздиып отырған Мұстафа Шоқайды аңдап қалды. Сол баяғы кірпияз да мұнтаздай қалпы. Жанында қою қара мұртын шиырып, өткір жанарын алысқа тіккен қырғи қабақты келбетті кісі отыр. Тектілігі түрінен, ақыл-парасаты жүзінен танылып тұрған адамды «талқаным таусылғанша қазағыма қызмет етем» деген ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан болар деп шамалады. Екеуі де үстіне аппақ киім киіп алыпты. Мүриттей басын изеп жасаған амандық ишаратына қолдарын көкірек тұсына қойып, сырбаз жауап қайтарды…»

Оянып кетті. Ұйқысы шайдай ашылғанмен көпке дейін есін жия алмады. Анығы, мың жорғаға айырбас жасамайтын ғажап түстің әсерінен айыға алмай, өзге әлемде қонақ боп келгендей халді басынан өткеріп біраз жатты. Көзін жұмып еді, жаңа ғана хан, төре, билер мен бектер, батыр, нояндармен бірге отырған отырыс зердесінде қайта жаңғырып, тізбек-тізбек боп санасында оқыла берді.

 «Апыр-ай, Жабай тоқсоба түр сипаты келіскен, тау тұлғалы, алып адам болған екен-ау!..»

 Егер елде болса, жауырынмен бал ашатын түс жорығыштар қазақы салтпен қолмен ұстағандай қып, сенбеуге ылажыңды қалдырмай саралап берер еді…

Түсін неге жорырын білмей дағдарып, аңынан адасқан тазыдай аңырайып отырғанда Кәрімнің бос тұрған орнына көзі түсе кеткені.

 «Япырым-ай, Кәрімге қатер төніп, бабалар рухы жәрдемге келген бе?!»

– Сүйменқұл, Айваз, бері келіңдер!..

– Не болды?..

– Айваз, сен біз келгенше осында бол! Сүйменқұл екеуміз бір жерге барып келеміз.

– Тапжылмай отырыңдар демеп пе еді Кәрім?

– Кешіксем де отыра беріңдер демеген шығар?..

– Жарайды ендеше…

 Сәрдебеленетін уақыт па, Сүйменқұл екеуі тездетіп әскериатқа баратын таныс көшеге түскен. Бұқпантайлап, жымба жолмен шай қайнатым жер жүрді ме, жүрмеді ме – жүргіншісі аз қарсы көшеден солға бұрыла бергенде, кездейсоқтық дегенді қойсаңшы – алдарында қолы артына байлаулы Кәрімді екі солдат айдап бара жатыр! Зәуі-сайтан егер де осыған тұспа-тұс қапталдағы көшемен жүргенде жолықпай қалғандай екен. Алдында бастап бара жатқаны – офицер де, айдауылы – жай солдат.

 «Енді не істесек екен?..»

 Қапылғанда миына жөндем ой келмей, тек Жәнібек ханның: «Түске дейін үлгермесеңдер елшінің жанын жоңғарлар жаһаннамға жібереді!..» – деген қырандай саңқылдаған үні жаңғырады.

– Сүйменқұл, сен артындағы солдатты жәукемде, мен алдыңғысын…

– Болды, Әріп…

– Өлтіріп алма, Құдай ұрып!..

– Мақұл…

– Адам аяғы аздау осы ара дұрыс, қарсы көшеге өтіп кетсе – бітті… Кәрімнен айрылдық дей бер…

– Не істейміз енді?..

– Ойшыл ойлап біткенше, тәуекелшіл ісін бітіреді… Жанай барып, тарпа бас салудан өзге жолды көрмей тұрмын…

– Онда өзің баста!..

– Кеттік… Жәнібек пен Жабай бабалардың әруағы қолдасын!..

 Бейқам қалыпта соғыс комендатурасын бетке алып, марғау басып бара жатқан лейтенант кілт кідіріп, қалтасынан папиросын алып темекі тұтатуға кірісті. Мұндай мүмкіндік енді қайтып кездеспесін бар болмысымен сезген Әріпбай тақала бере әбжіл қимылмен барыстай атылды да әлгінің қарақұсынан періп қалып, қалпақтай ұшырды. Құлаған теректей ұзынынан түсіп, ыңқылдап жатқан бейшараның есін жиғызбай тағы екі-үш рет түйгіштеп алды. Офицерді жайына қалдырып, артына бұрылғанда Сүйменқұл да солдат бейшараны қоянды бүрген бүркіттей шеңгелдеп, гүрзі жұдырығымен саз балшықтай илеп жатыр екен.

– Болды, болды… Өлтіріп аларсың!..

– Атаңның гөрулер! Жанды чыгарып, біттіғыле абдан…

– Жігіттер, тезірек қолымды шешіңдер! – деген Кәрім қолы босай сала офицердің планшет-сөмкесіне жармасты. Сөйтсе, екі аптадай әлектеніп рәсімдеген барлық құжатты осы кәпір алып қойған екен.

 Енді уақыт ұттыруға болмайтын еді. Қолдары шиелеп байланған екеуін, жол жиегіндегі сәнге егілген аршаның түбіне апарып сүйеді де:

– Мылтығын алмаймыз ба?.. – деген Сүйменқұлға үшкілденген көкпеңбек аршаға тесірейе қарап қалған Әріпбай әрең ес жиып:

– Құрысын… не қыласың?!. – деп жатақ жайға бастап зыта жөнелді. Қиялында бір-ақ ой: «Жәнібек ханның Аршалысай дегені әлгі арша ма сонда?!»

 Жатақханаға келген соң Кәрім:

– Сендерге шықпаңдар дегенім кәне?.. – деді жымиып.

– Отыра берсек, түрме жылай ма деп барғанымыз ғой, – деді Әріпбай күліп.

 Ойланбай айтқан осы әзіл түбінде алдынан шығатынын сол сәтте білмеп еді.

– Дегенмен бұларың азаматтық болды… Әскери трибуналмен соттап жібергенде бар ма, ғафілі өмірбақи естен кетпес еді…

– Жігіттер, меніңше енді Мәскеуде аялдау қатерлі… Патрульдерге жем болмас үшін пойызға мінбей, жол көлік пе, лаумен бе, тіптен жаяулап болса да бұл жерден ұзап, елге жетудің қамын жасайық… – деген Әріпті қуаттап:

– Шынында да асығайық… Ата-анамыз күтіп отыр сарсылып, туған жер мен елді де сағындық, – деді үнемі бір қалыптан аумайтын сабырлы Айваз шыдамсыздық танытып.

– Жұмаққа бастар жұлдыздай табынған Мәскеу құрсағынан шыққан баласын бураша шайнаса басқасы не істемейді?!

– Арипжан, дұрыс айтасың, мүбәда шаққан қимылдамасақ, бұлардан бәрін күтуге болады екен. Көзім енді анық жетті… – деді Кәрім мұңайып.

– Ал, қардаштар, тарттық онда! – деді Айваз көңілі асқақтап.

– Айхо…ой…ой! Тартсақ тарттық, Алатооның бауырына…а… – деді Сүйменқұл да кезектесе жарысып, ендігі елге жеткендей қолтығы желденіп.

– О…ой…й…й… Тұра тұрыңдаршы, апырақтай бермей! Кәрім, түнде қайда болдың? Құжаттар не болды?.. – деді Әріпбай бәрінің ойында жүрген, бірақ дәл қазір қиялдан қиялап тұрған күмәнді сұрақты алға тартып.

– О! Есім құрысын!.. Айтуды ұмытып барады екем… Қорықпаңдар, бәрі дайын!.. Кеше үлгере алмадық, содан мұрағатта істейтін Павел деген украин жігіттің үйінде қонып қалдым. Таңертең құжаттарды алып, сендерге шығам деп тұрғанда тосыннан жаңағы бәле адыраңдап киліге кетпеді ме! Су ішерлігім бар екен, Құдай оңдап дер кезінде келдіңдер.

– Керей мен Жәнібек ханға рахмет де!..

– Оларың кім тағы да?

– Кейін айтып берем…

– Ал, жігіттер, Жаратқан жақтасып сәтін салды, енді қарамызды батырмасақ, Мәскеудің бастан сипайтын түрі көрінбейді.

      …Кәрім нағыз азамат екен – екі күнді құр жібермепті, әскери мұрағатта істейтін көпті көріп, талай құқайды басынан өткерген Павелдің жәрдемімен бәрінің әскери билеті мен анықтамалық құжаттарын туралапты. Өмірдің кілең көлеңкелі жағын көріп келе жатқанда осындай жақсы адамдардың жолығуы көңіл түкпіріндегі білте шамдай сығырайып, өшуге айналған үміт отын үрлеп, өмірге деген құштарлықтарын арттырғандай.

– Айтқандай, Арипжан, намыңды ауыстырып жаздырдым…

– Өзгерте алдың ба?

– Әлгі украин жігіт көмектесті, болмаса қайдан-н…

– Мынауың бір керемет жаңалық болды-ау! Рахмет, бауырым!.. – деген Әріпбай Кәрімді құшақтай алды.

– Ініме кесірім тиер дегеніңді ол да қостап, заңды аздап бұрмалап өзгертуге жәрдем етті. Енді Шынтаев екеніңді ұмытып, бұрынғы ныспыңды атап «Ырақаевпын» деп жүрме, – деді Кәрім айтқаныңды орындадым дегендей.

– Рахмет, Кәрім! Нағыз дос сендей-ақ болсын! – деді Әріпбай қуанғанынан аузына бұдан артық сөз түспей.

  Мәскеу шаһарында енді бөгелу қауіпті болатын, анталаған әскери шолушылардың қолына қайыра түстім дегенше ғарық болдым дей бер. Әсіресақтықпен күндіз еруленіп, түнде табан қыздырып, қала сыртындағы сайрақ жолдан жай көлікке мініп, шығысты бетке алды.

 Жол ақысы – жүру. Көліктен көлікке ауысып, бір сұрағаннан он сұрап, үш күн дегенде Ока өзенінің жанындағы әйгілі Рязань қаласына жетті. Қаланың вокзалына жақындағанда Кәрім Әріпбайды оңаша шығарып:

– Арипжан, саған айтпақ бір әңгімем бар еді… – деді де бейне айыпты адамша қипақтай қалды.

– Не боп қалды?..

– Атам Ғубайдулла жәдитше де, қадімше де сауатты, әрі десең ақынжанды адам болатын. Со кісі шығыс шайырлары ішінен сендердің Мағжан ақындарыңды өле-өлгенше қастерлеп өтті. «Ақында адамзаттан дос болмайды, тек қана мұңын шағар қаламына…» деген өлеңін үнемі айтып отыратын.

– Мен де Мағжан туралы Иманбектен естідім…

– Арипжан, менің қазақ миллатының алдында арым таза. Көңіл кірі айтса кетеді, өзімді іштей жегі құртша кеміріп, маза бермей жүрген ойды тәпсірлеп, тазарып алмақпын…

– Тазарып алғаны несі?.. Кәрім-ау, мұнымен не айтпақсың?..

– Тоқта, тоқта… Сәл сабыр ет… Тұтқынға түсерден біраз күн бұрын Иманбектің кеңестік жүйені сынаған ойларын дивизияның саяси жетекшісіне айтқанмын. Шүбһә жоқ, мені ар сотынан, Иманбекті НКВД-дан құтқарған немістер болды. Алла жазып елге барған соң, менің атымнан кешірім сұра…

– Бәріміз де оттан көйлек киіп, мұздан көрпе жамылған бұ дүниенің дозағын көріп, о дүниенің қыл көпірінен өткендей болдық… Не дерімді білмей қалдым ғой, Кәрім-ау…

– Мені де соңғы кезде жатсам-тұрсам қинап жүрген осы ой… Мына тұрлаусыз жалғаннан соң мақшарда не деймін Иманға?..

 Біраз үнсіздіктен соң:

– Адамның басы допша домалаған қасат қырғында да, тұтқында да, құлдықта да тауқыметтің уын бірге татып, бірге сыналдық. Достыққа адал жігіт екеніңді бір кісідей білемін, ер жігіттің басынан не өтпейді! – деді.

– Рахмет, Арипжан! Бірақ Иманбек қазір жанымызда жоқ, досы есебінде сен «кештім» десең жаным кәфарат табар еді…

 Мұндайда не дерсің?! Тосын жай бір сәт есеңгіретіп тастағандай болды да:

– Тәңірі кешірсін, досымның атынан кешірдім бәрін! – дегенді қалай айтқанын өзі де байқамай қалды.

– Рахмет, бауырым! Қылыштың жүзіндей қатерде бірге болдық, енді көрісеміз бе, жоқ па, соңғы айтпағым – менің көзімді ақиқатында Мұстафа ашты… – деді көңілі жайланғандай болған Кәрім.

–  Өмірдің қараңғылығы көзімізді тұмшалаған заманда бәрімізге де тосыннан кездескен шырақтай болды ғой ол…

– Бұл жерде менің жөнім бөлек, Арипжан. Қалада, зиялы отбасында тәрбиеленіп, университетте білім алсам да Мұстафаға жолыққаннан кейін кеңестік қоғам туралы пікірім бір-ақ күнде тас-талқан болып, өзгеріп шыға келді. Сенесің бе, енді азат татар елі туралы ойланатын болдым.

– Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар дейді қазақ, Мұстафадай бір шырақшы келер әлі де… Бостан өмірді аңсап өту менің де басты мұратым болып қалары анық қалған ғұмырымда…

– Мұстафадай жарық жұлдызы бар қазақтар, сендер шын бақыттысыңдар…

 Күйген ауыздан күйінген сөз шығады, осыны айтқанда Кәрімнің кеңсірігі далиып, аласы мол көзі жасқа толып кетті. Өз ұлтының тағдыр-талайы мен келешегі толғандырған, ниеті адал, пейілі ақ татар халқының асыл перзентімен осылай қоштасуға тура келді.

 Күні жеткенде жақ та бастан айырылады – Кәрім мен Айваз Қазанға, Сүйменқұл екеуі қазақ даласына жақын Сарытау (Саратов) қаласына қарай жол тартты. Туысқандай болып кеткен, «кебенек ішінде танылып», жалғыз құртты бөліп жеген ақеділ жігіттермен қоштасу Әріпбайға да, Сүйменқұлға да ауыр тиді…

* * *

 …О, туған жер! Алтын бесік атажұрт!..

 Әріпбайдың сағыныштан сартап болған кеудесі қуаныш пен бақыттан атқақтап, жүрек қабын жарып жіберердей бебеу қаға дүрсілдейді. Кемерінен асып-тасқан көңіл-күйдің жетегіне ноқталанып, қасиетті атамекенге де аяқ басты…

 Ә дегенде уыз қымыздай киікоты мен шашыратқының кекіре аралас ашқылтым исі мұрнына келді. Самалы жұпар, ауасы таза кең қолтық қазағының шалқар да дарқан даласы! Туып өскен жерге табаны тие салысымен саф ауасын кеңсірігін толтыра қарпи жұтқаны, үкідей үлпілдеген бетегелі боз далаға жата қап топырағын сүйгені, бетіне тәуете жағып, көзінен парлап аққан жасты да сүртпей, етпетінен талмаурап жатқаны, құмыға өксіп, өкіре жылағаны өмірбақи есінен шығар ма!..

  Шөккен аруанадай қос өркеші мұнартқан қарт Қазығұрт тосырқамай, сәбиіне төсін ашқан анадай «Келдің бе, балапаным?» деп елжірей қарсы алды. Майданға аттанарда ақбас шәлісі ағараңдап шығарып салған Көгем тауының Үшқар шыңындағы жазғы шілдеде мызғымайтын құрт-қары «ақсарбас» айтып, әулие талға байланған ақ матадай созыла желбірейді…

 Қандай ыстық, қимас мекен туған жер! Жалаң аяқ топырақ кешіп, көбелегін қуған жер!  Тайға мініп, көкпар тартып кіндік қаны тамған жер! Кәусарынан қанып ішіп, қозы-лақты жайған жер! Тауын кезіп, табанын тасы тіліп, нуын шалып өскен жер!  Жұпар ауа, салқын самал маңдайынан өпкен жер! Қармақ салып, балық аулап, бүлдіргенін терген жер! Бәрі-бәрін көрген жер, барын, нәрін берген жер!..

 Ішкі дүниесі аунап түсіп, босаң көңілі иіп, қос жанарға тағы да ерік берді…

     …Ізім-қайым, шу-дерексіз кеткен Әріпбайды әлдеқашан өлдіге санап қойған ағайындары жылап-еңіреп, азан-қазан, ию-қиюмен ауылды басына көтере қарсы алды. Өлді деген пақырың өгіз мініп келіп тұрса қалай қиқуламасын!..

– Сүйінші!..

– Сүйінші!.. Майданнан Әріпбай келе жатыр!

– Аман-сау екен! Аман-сау…

– Інісінен сүйінші сұраңдар! – деген хабар бүкіл Жігіргенге әп-сәтте-ақ тарап, өз баласы майданнан келе жатқандай шұбырған жұрт Тобылғы Әулиеге дейін созылыпты. Елмен қауышудың өзіне екі ет пісірім уақыт кетті. Бірі «Менің балам қайда?» десе, енді бірі «Пәленшені көрмедің бе?» деп ебіл-дебіл. Әсіресе, жалғызынан айырылған кемпір-шалдардың көрісуден кейін жоқтауға ұласқан зарлы шері құйқа тамырын босатып, қолқа жүрегін қопара қозғап жіберді. Қубас қалған кейуананың жалғыз жарығын соғыс даласында тастап, өзі ғана аман қайтқандай сезім ет жүрегін паршалап, жан жүйесіне зәрдей тарап жатты…

 Әкесі Ырақайдан қалған қара шаңырақтың табалдырығын аттағандағы тәубесі – інісі Баймахан да аман-есен елге келіпті. Қырық күн қырғын, мың күн сүргін болса да ажал жетпей оқ дарымайды екен, інісі де Батыс майданның Волоколамск бағытында соғысқан. Кезекті бір шабуылда ішінен жараланып госпиталға түсіп, екі айға жуық емделген соң жарамсыздық қағазымен елге қайтыпты. Әскери тәртіпке төселіп қалғаны жинақылығы мен киім киісінен, жүріс-тұрысынан байқалады. Майдан даласында «нацмендерден» құралған взводқа командир болыпты. Қазір әскери сабақтан мектепте дәріс береді екен. Орыс тілінің мұғалімі Мәрия деген әп-әдемі мұғалім қызға үйленіп, отау құрғанына биыл екінші жыл.

 Ақ некелі жары Шарапат та күдерін үзбей, ошағын өшірмей, түтінін түтетіп отыр екен. Тек бұл майданға аттанғаннан кейін босанған сәбиі төтеннен келген мейманға (шешек) төтеп бере алмай, екі жастан асқанда шетінеп кетіпті. Соғыстан сау-саламат оралсын деп ырымдап қойған Аманхан деген есімі Алланың пәрменімен әкесіне жұғысты болса да өзіне қалқан бола алмапты.

      …Аштық пен соғыс алқымнан алып, қос бүйірден қысқан кембағал тірлікке көгенделген ауылы сол өзі кеткендегі сұрықсыз, жұтаған кейіпте. Шатыры қамыстаулы, сыртына сылақ жүгірмеген көзге қораш, тәутиген жатаған там, шаңы бұрқыраған жол… Кетеуі кетіп соғыс титықтатқан бес жылда не өзгеріс болсын. Талмау тұстан өткір кездіктей қадалған пәлекет, тылдағы елдің етек-жеңін жинауына мұршасын келтірмей, ашқұрсақ ауылды тұншықтыра түссе де қашанғы әдетінше тәубесінен жаңылмай «Е, Жасаған, көрсеткеніңе шүкір!..» деген ныспы. Еркек кіндіктен белі бүгіліп, қара қайыстай қатып-семген шал-шауқан, таяқ ұстап саптан шыққан мүгедектер, көздері шүңірейіп, мойны қылқиған бала-шаға ғана… Қаңырап қалған қаралы шаңырақ, жападан жалғыз қубастай қуарып, еңкіш тартқан кемпір-шал… Ақ пен қараны, жақсы мен жаманды, адал мен арамды келеге салмайтын аждаһа соғыстың омырық оқпаны жалмаған сайдың тасындай азаматтардың орны үңірейіп тұр.

 Ертесіне келіншегі ауылдағы қариялар мен ағайын-туыс, қоңсы-қолаңды шақырып, пәтір нанмен шай берді, қырық күлше пісіріп таратты. Өзі соғыстан оралмаған ағайындарды аралап, көңіл айтып шықты. Майданға аттанарда әлі тісемеген, жалаңбұт жүрген сары уыз балаусалар жұмсауға жарап, ержетіп қапты. «Мен де барам» деп жалындап тұрған Жүсіп кәмелетке жетпесе де өзі сұранып соғысқа аттанған екен. Жастықтың отына желігіп, лапылдап тұрған албырт жас қайнаған оттың ортасына түсіп, лап етіп күйіп кеткен. Айдалаға атқан оқ ажалдыға тиеді, оның алдында жасының егделігіне қарамай әскерге алынып, майданға енді кірем деп тұрғанда қаңғыған оқтың құрбаны болған әкесі Тәліпбайдан қара қағаз келіпті. Сөйтіп бір шаңырақтан аттанған әкелі-балалы екеуіне де топырақ түзден бұйырыпты.

 Өгей елден өзімнің кедей елім артық, ауылды мауқы басылғанша аралап, үшінші күні аудан орталығындағы әскери бөлімге баруға жиналды. Миының бір бұрышынан тапжылмай орын тепкен үргедек ой елге келгелі ішін бұрап, маза берер емес. Ешкімге айтып, сездірмесе де жолға жүрерде інісін шетке шығарып алып, осы ойын алқалады:

– Баймахан, мен әскериатқа барып тіркеліп қайтайын. Алда-жалда ауданда кешігіп, сұрақ-жауапқа тартылып, шатыла қалсам…

– О не дегеніңіз, көке?! – деп шар ете қалды інісі.

– Жә, жақсылап түсініп ал! Күн түскен жерге көлеңке түспей қоймайды, менің ана жақта болғаным бұ жаққа аян. Сондықтан мені көбірек ұстауы мүмкін… Бәлкім абақтыға…

– Қойыңызшы, қайдағыны айтпай…

– Басқа түссе баспақшыл… Жаманды таяп, жақсыны сүйеп, тегісін айтып жатқаным да…

– Кеңес үкіметі бәріне кешірім береді дегені қайда?..

– Бабаларымыз еңбегі еш, тұзы сор дегенді бекер айтты дейсің бе?.. Сол советіңе сенімім сетінеп тұр ғой… Аты-жөнім ауысқанын айттым ба? Бұдан былай менің памилем бабамыздың ныспымен Шынтаев болып өзгергенін есіңнен шығарма… Сұрағандарға да солай дерсің… – дегені сол, Әріпбай денесін басып тұрған зілмауыр ойдан серпіліп, өзін жеңілдеп қалғандай сезінді.

– Қош енді!.. Жаратқан жар болсын!.. Бәріне өзің бас-көз бол!..

– Қайыр, көке!..

…Пейішті тақап, тозақты сығалатып қойсаң да пенде шіркін пешенесіне жазғаннан қашып құтыла алмайды екен…

 Аспанды алақандай, жерді тебінгідей қылған әскериаттағы шіренген ығай мен сығай майданнан аман оралыпсың, жағдайың қалай деп жылышырай таныту түгіл жөн де сұраспады. Дозақты көрмеген жұмақтың қадірін қайдан білсін, іздеп таба алмай жүрген кеңес өкіметінің қас дұшпаны келгендей, жан-жаққа хабарлап әлек-шәлек болды да қалды. Басы бапан, аяғы сапан болған іс насырға шауып, аттан жығылғанды бөрі аңдыған – қолына кісен салып, тамұқ лебі ескен жеке камераға жапты да тастады. Осылай боларын ішкі бір түйсігі сезсе де көңіл құрғыр үмітсіз емес-ті… Пілте шамдай сығырайған үміт – Алладан, күдік – сайтаннан десе де соңғысы аламанға бұрын жетіп, есек дәмесі құмдай уатылды. Қанша жаман ойлағанмен, нақ осылай құрдымға құлап, төтеннен түрмеге түсем демеген. Жазмыштан озмыш жоқ, сөйтіп бостандықта жүріп киген бөз көйлектің қуанышы үш-ақ күнге тамызық болды да табаныңнан таспа тілер тас түрменің төрінен бір-ақ шықты.

  Мұнан соң жақыннан жау іздеген НКВД-ның жандайшаптары ал кеп сұраудың астына алсын. Қайта соғыс ашып, әлек салатын қандыбалақ «пашис» қолға түскендей, жаныға бас салып, күндіз-түні алмаса отырып сұрақпен көміп тастады. Соқа сүйреп, жер жыртқандай терлеп-тепшіп тергейді. Қанталана өртенген көзі шарасынан шыға жаздаған безеубет татар тергеуші кілгіре сүзіліп:

– Жапон үкіметімен байланысты қашан орнаттың?

– Қай жерден, қандай тапсырма алып отырдыңдар?

– Жапон милитаристеріне қандай ақпар жеткізіп тұрдың?

– Кеңес үкіметіне қарсы қашаннан бері тыңшылық жасап жүрсің? – деп алқымнан алса, басынан шыбын тайғандай қоңқақ мұрын қара қазақ керенау қозғалып:

– Қай кезден бері неміс пәшістеріне сатылдың?

– Орталық штабтарың немістің қай қаласында орналасып еді?

– Кеңес өкіметіне қарсы диверсия жасау туралы бұйрықты кімнен алып отырдың?

– Түркістан легионына мүше болғаның рас па?

– Пәшіске қанша адам сатылдыңдар? Олардың кім екенін айт! – деп қара қабандай қорсылдайды.

  Біреуі неміске қашан сатылдың десе екіншісі жапон деп сандырықтап, бір-біріне керағар сұрақтармен миын ашытты. Сауатсыз тергеушілер жай сұрап қана қойса мақұл-ау, еңгезердей мәңгүрт жендеттеріне ұрғызып, тепкілетіп, оның үстіне сусыз, тамақсыз күн ұзақ қақитып, тізесін бүккізбей тұрғызып қояды. Қан қатқан жырым-жырым беті мен таяқтан ісініп, жұмылып кеткен көзін көрсе бала түгіл ересек адам шошыр еді. Кәрімнен үйренгені бар, майдан мен түрмеден алған тәжірибесі бар, дайындап жүрген жауабынан ауытқымады. Күнде бір сарынды сұрақ, бір қалыпты тергеу. Алатын жауабында өзгеріс болмаса да сұрайды, қинайды, алдайды, қорқытады, азаптайды. Одан қалса кішкентай оқушы балаларды топ-тобымен әкеліп:

 – Міне, көріңдер совет үкіметінің дұшпанын! Елін, жерін, бала-шағасын неміске сатқан азғын, опасыз шпионды. Мұндай сұмырайлардың көзін жойып, атып тастау аз! Бұларды осылай қорлап, масқаралау керек, ең соңында өлімші қылып, аяғынан асып қою керек! – деп тамашалатады. «Етік жамағанды көріп едік, тақия жамағанды көрмеппіз» деген екен бір әпенде, сол айтқандай, ақыр соңында балаларға кезек-кезек бетіне түкірткен НКВД жендеттерінің кісәпір қылығы өмірден мүлдем түңілдіріп жіберді. Бейкүнә періштелердің алдында болған мазақтан кейін, опасыз жалғанды тәрк етіп, со сәтте-ақ өліп кеткісі келген. Өле алмады. Турасы – өлуге мұрсат бермеді. Әбілет басқырларға өлтірмей, осылай азаптап, тартқан азабың мен жалынышты үніңнен ләззаттанып, соның өзінен есіріктене тоят алып отыру ғана керек сияқты. Әсіресе бет аузында қылтанақ жоқ, сазбеттенген татар тергеушінің зәбірі өтіп болды. Аузына келген жынын құсып, қисынсыз сұрақтармен миын атала қылды, соңында ноқай жендеттерін айтақтап тепкілеткенде жанын қоярға жер таппай дөңбекшіп, өмірден түңіліп кетеді. Көзінің жасы жүрегінің басында домалап, дымын сыртқа шығармай, көкірегі ит тартқандай қарс айрылып, маталған орындықтың арқалығын қолының сіңірі тартылғанша қысып, тергеушінің шөлмектей жылтыраған көзіне тайсалмай қарайды. Қарайды да қасірет арқалаған тіршілік тақсіретінде бір-бірінен ат пен түйедей айырмасы бар, екі басқа дүниенің өкіліндей татар азаматтарын Тәңірдің жолықтырғанына таң қалады. Бірі – азаттық алауына құмар болса, екіншісі – сайқал саясат жаққан тозақтың отын көсегенге мәз…

 Үш күннің ішінде сілтіге малған сүйектей қуарып, басы жұдырықтай, мойны қылдырықтай болып шыға келді, көрден шыққан әруаққа айналды да  қалды. «Жеңістен кейін барлық кеңес солдатына жеңілдік жасалады» дегені бекер боп шықты. Қанын ішіне тартқан тетір тергеушілерден рахым күтуден жазғы шілдеде қар сұраған жеңіл. Немістің түрмесінде сүйреткен шідер-шынжыр мен қорлық-азапты жаудан дейік, ал өзіміз деген советтің өз құлынын шайнаған мына сорақылығын қай заңдылыққа жатқызасың?

«Айналайын Мұстафа-ай! Не деген көреген едің! Көсем болып ел бастайтын арда азамат басқа емес, нақ өзің екенсің-ау! Түсімде де аппақ киімге оранып алыпсың… Бірі кем дүние-ай!  Сені де көп көріп, жаныңда жүрген қорқаулар түбіңе жеткен шығар, әйтпесе сендей асыл адам қын түбінде жатпай, сілтеніп қалар еді! Әттеген-ай!.. Алты алаштың маңдайына сыймай кеткен ақтаңгерім, зекетің боп бір тал шашыңнан садаға кетейін! Сол кезде қалай біліп айтқансың, қалай дәл сипаттап беріп едің мына қараң батқыр, кеңес үкіметін!»

 Көресіңді көрмей көрге кірмейсің деген рас-ау, концлагердегі тас түрме, ағаш төсек, жүйкені паралап, тәніңді жаралап, сүйегіңді ерітіп, сүлдеріңді құртқан таз тақия қайтадан киілді. Ұрып-соққаннан тыс, қол-аяғын керген бойда үстіне атша мініп алып, шырпы тірелген көзінің қарашығына ине сұққылап, «неміс тыңшысы екеніңді мойындасаң түрмеден азат етеміз, әйтпесе көрген күнің осы» дейді. Айтқанына көнбедің бе, үстіне шелектеп мұздай су құяды. Содан таң атқанша көзінен қанды жас ағып, иегі сақылдап, дірдектеп жатқаны.

 «Әкеңнің аузын ұрайын… лағынет атқыр, неміс снәйпір!.. «Сәбетке қайтсаңдар түрменің азабы күтіп тұр» дегенге иланбай, отқа айдаса боққа қашып, қораға айдаса молаға қашқан мен сияқты иіс алмасты неге мүрдем кетірмедің? Құмалақтай қорғасыныңды дәл шекеме тигізіп, неге шаһит қылмадың қан додада?! Қан сұраған қызыл көзің талай сарбазды қыршынынан қиып, маған келгенде неге мүлт кетті?! Азаптан әрең құтылғанда тозаққа тап қылдың-ау!» – деп немістің дүмбіл мергенін кінәлап, құсықтай өмірдің запыран қыжылынан зар сауа түңіліп, жалған пәниді құсалана талақтайды.

  Амал не, шыдайын деп өзін-өзі қаншама қайраса да арын аяққа таптаған мазағы жанға батып, азабы тәннен өтіп барады. Қысқа күнде қырық өліп, жыланмен арбасқан талай түн ұйқысыз сауылды; меңдуана жегендей есеңгіреген талай күн бедерсіз ауды. Зығырданы қайнаған сол сәтте нені ғана ойламады дейсің? Нендей ойлар келмеді басына?!

 «Әсілі, өмір деген жансебіл текетірестен тұрады-ау… Жақсының жолын жаман кессе, шындықтың жолына өтірік өседі; шешенді қазымыр қақпайласа, дананы күншілдер тұтады; адамгершілікті азғындық шалса, ізгілікті қараулық тұсаулайды; кісілікті пенделік жеңсе, қайырымдылыққа қатыгездік қақпан құрады. Тайталаста келе жатқан екі ұғымның алдыңғысы үнемі мәреге кеш жетеді, ал ерінбеген соңғысы сүріндіруін қоймайды. Инсан біткен періште қолдаған біріншісіне қағбадай табынса да, сайтан азғырған соңғысы қазған орға түсе береді… түсе береді… Неге?»  Бұл пәлсапаны санасының сүзгісінен өткізсе де тереңіне бойлай алмады…

  Кейде арлыны көндіріп, арсызды жеңдірген, әділеттен жұрдай кеңестік заманның темір ноқтасынан құтылу үшін шер жалаған боқ тірлікті талақ етіп, қолды бір-ақ сілтеп, бейдауа тіршіліктен баз кешіп: «Иә, бәрін істеген мен едім, Гитлермен де, жапоныңмен де келісіп, соғысты бастаған менмін!» деп, мына көрдей азынаған дозақтың отынан атылып па, сотталып па, әйтеуір бір сытылып кеткісі де келеді.

  Бөтен елге барып жаны жараланып, бұғынып келген Әріпбайға пашистің ащы тырнағы мен азу тісін батырғанынан советтің қағынан жеріген қаныпезерлері жасаған нақақ зәбір-жапасы қатты батты. Ызалының жанды жеріне тиіп ышқырт бере берсе өшігуі артып, бөріше өршеленіп құтырынып кетеді. Бұл да ұждансыз мәңгүрттерден жансауға сұрап төменшіктемей, ақылымен сезімді құрсаулап, сабырымен ашуды тұсаулап, сырттан қалпымда қалғаным дұрыс-ау деп өзін тежейді…

       Құлдықтың қамытын шешкен ағылшын офицердің айтқаны айна-қатесіз алдынан шықты.

      «Отаным, туған жерім деп қара тұтып, өкпеміз өше алып-ұшып жеткендегі аппақ сезімге өшпестей дақ түсіріп, дайындаған сыбағасы осы болса советіңнің атасына мың нәлет! Ұрдым мұндай жәлеп, жалғаншы өкіметіңді! О заман да, бұ заман қара бөлмеден қара мысық іздеп, өз баласын өгей көріп, өкпесін сығып, бауырын езетін мұндай коммунистік партияң да, теңдік әпердік деген мерез өкіметің де екі дүниеден опа таппай, адыра қалсын! Нақ осыған ерегіскенде бар ма, айтқан сөзімнен қайтпағаным болсын! Өлсем өліп-ақ кетейін, қазақтың бәрін өлтіріп түбіне жете алмассыңдар, соңы мен-ақ болайын…»

        Кәлләсі сан түрлі оймен шырмалса да мұздаған жүрегі, суыған көкірегі осы жанпида шешімді санасына қылаусыз күрмеп байлады. Байлады да кеудесін кернеген шыныдай шытынаған ыза-кек Әріпбайды тас түйін ширатып, берілмеуге, иілмеуге, таралғысы тартылған аттай ажалды қасқайып тұрып қарсы алуға бекітті. Ақыл сарайы тәпсірлеген осы ойға мұқым иліккені сол, Иманбек айтқан Мағжан туралы әңгіме есіне түсті.

        Мұстафаның айтуынша, Мағжан әрі ақын, әрі Алашорда үкіметін құруға атсалысқан қайраткер, ол аз десең қазақ түгілі орыстың өзін мойындатқан абыройлы тұлға екен. Жырлары сонау ғұннан бастау алатын саңлақ ақын репрессия кезінде Сталин мен теке сақал Голощекиннің құрығына ілігеді. Қазақтың жеке ел болуын аңсаған, Түркістан мен Түркі елінің азаттығын алғаш жырға қосқан текті жанды тас төсек, мұз жастыққа кіріптар қылып азаптап өлтіріпті. Аты да ерекше, заты да ерекше ақынның атын бұрын естімеген. Мағынасы терең өлеңдерінен қазақы бал уызға жарып, қана тоят алғаны көрініп-ақ тұр. Зейіні тың, жады зерек Иманбектен естіген бойда маржан жырдың біразын қағып алды.  Ал, мына біреуі тағдырына тіптен етене екен:

 

Абақтыда айдан, күннен жаңылдым,

Сағындым ғой сары даламды, сағындым.

Тәңірі Ием, өзің алшы панаңа,

Тасбауырлар зарға құлақ сала ма!

 

Жатқан үйім-қабырғасы қара тас,

Жарық сәуле, жылы күнге жаны қас.

Ауыр иіс, ылғи қара көлеңке,

Ерте-кеш те, күндіз-түні арылмас.

       «Алашшыл ақиық ақынның да түбіне осылар жетті-ау!  Қандай дегдарынан айырылып, кімді азаптап жатқанын білмеген микещелер!.. Бейшара-ау, қосақтағанға шаба беретін, айтақтағанға үре беретін қорқау тобырға дем-арасында қалай айнала қалдың? Кімді қорлап, кімнің ыңырсыған даусынан масат тауып жатқаныңды білмедің бе сол кезде?!  Басында қиқымдай сәуесі жоқ, нақұрыс, ертең-ақ немерең осы Мағжанның өлеңін жаттап өскенін Алла маған болмаса да дәл саған көрсетсе бұ дүниядан пәруайсыз өтер едім!..

       Осы күйі кетпес, бұл өмір…  Өзгерер…  Үміт ең соңында үгітілер… Тарихқа тозаңдай көрінер елу, жүз жылың да өте шығар…  Мәйміл бақ пен мамық тақ кімнің басынан аумады, адам түгіл аң мен құстың тілін біліп, мейманасы тасыған Сүлеймен пайғамбардан да ауған!

       Уа, Құдайым! Бабамыздың намыстан жаралған қаны 37-де атылған бекзаттардың көзінде қатып қалғаны ма? Неге шаншыла көтеріліп, өре түрегелмейді?..  Неге?..

      Уа, он сегіз мың ғаламды жаратқан Пәруардігерім! Ер Түріктің бөрілі байрақты ұрпағы – қазағымның денесіндегі мың сан тамырдың бір бұрышында, жауын жапырған баба қанынан құйттай тамшы қалған болса шексіз құдіретіңмен тал бойына тарата гөр!..

       Оята гөр қазағыңды, Тәңірім!  Сексен сегіз мың сәруәрің қолдап, тоқсан тоғыз мың машайығың жебеп, құзға құлаған рухын тірілте гөр,  қанды ірің басқан жарасын жаза гөр…

      Көк түтін қапқан қу медиенде адасып жүрген Алашыңа араша бол, уа, Жаратқан Ием!..»

* * *

      …Оза шапқан тұлпардың аяғына кісен салған, дауды шешкен көсемнің қолына құрсау салған қорқаулар Әріпбайды тозақ отына күйдіргендей болғанмен, тұшымды жауап ала алмағасын үштіктің шешімімен 1945 жылдың ызғарлы желтоқсанында он жылға соттады да жіберді…

СОҢЫРАҚ

(эпилог)

      … 1991-жыл… Ызғарлы желтоқсан… Шал теледидар қарап отырған.

       – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін алғаш Түркия Республикасы қабыл алып, құттықтау жеделхатын жолдапты…

         Жүрегі атқақтап, дүрсілдей соғып кетті. Талай жыл, талай ғасырдан бері есе тимей келе жатыр еді, Тәңірі Ием жарылқап, Ғайыперен қырық шілтен қолдаған екен…

         Сілтенген найза, сермелген қылыш босқа ауа қармамапты… Жатты да бауыр көріп құлағанның қасынан, жылағанның басынан табылатын қазағым, теңескенің, теңелгенің осы болар…  Айналайын, осы күнді аңсап көре алмай, буыршындай бұлқынып, елінің пұшпақ жері үшін жанын қиған зәузаттарым-ай!

         Тақтан түспей, атқа қонған хандарым-ай!

         Ақ-қарасын ажыратып, төрелікті тура айтқан билерім-ай!

         Әділдік үшін ақырып дауға түскен шешендерім-ай!

         Арыстандай айбатты, көкжал жүрек, сом білек баһадүрлерім-ай!

         Сілті сорған сүйектей қуарып, тілекші болған ғазиз аталарым-ай!

         Жалғыз жапырағынан айрылып аңырап қалған әзиз апа-әжелерім-ай!

         Иілсе де сынбаған қазағының осы күнін көрсін деп тоқсанға келтірген екен ғой, Құдайым!..

         Иә, адам емес… Бірақ Құдай да емес…  Құдайдан былай да емесі сираттан өткесін-ақ мақшарда сұралары  Оған аян… Оған аян…

     …Әскери трибуналмен Иркутск қаласының жанындағы Черенково көмір бассейніне айдалып бара жатып, қашан азат Ел болар екенбіз деп армандап еді… Содан  бері 46 жыл өтіпті…

        Алдияр Патша-Тарихқа – тамшы, күнәһар пенде үшін – жарты ғұмыр…

    … Иә, тарихқа тамшыдай  46 жыл…   46 қыс…  46 жаз…

     – Уа, Пәруардігер, азаттықтың алтын таңын көрсеткеніңе мың мәртебе шүкір қылдым… Мың мәртебе… Уа, Жаратқан, шүкірімнен адастырып, тәубемнен жаңылдыра көрме… Ақырымды оңдағаның осы болар… Аштық пен қасат қырғында елі үшін шейіт болған бейкүнә боздақтардан қай жерім артық еді? Жас баладай қайғысыз өмір мен азат заманды олар армандамады дейсің бе? Бостан елдің ақ таңын көру пешенеме жазылған екен, оған да тәубе… тәубе…

        Иегі кемсеңдеген шалдың көзінен тарамдала аққан жас әжім торлаған жүзін баяу сызып, қылаусыз аппақ сақалының ұшынан құрақ жастыққа тамшылады.

***

 Сырттан жеңіл мәшиненің гүрілі естілгендей болды да артынша қарияның қаладағы үлкен ұлы Кәрім: «Көке!..» деп аңқылдап ішке еніп келе жатты…

       Тәуелсіздіктің құрметі мен тоқсан жасқа толу мерейтойына деп немістің сүлік қара, су жаңа «Мерседесін» есік алдына  тізгіндеп, ішке кірген беті екен…

Нұрғали РАХАЙ,

Әлем халықтарының жазушылары одағының мүшесі.




ПІКІР ЖАЗУ