ҒЫЛЫМ САҚАБАСЫ

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

 VІ. АҚСАҚАЛДАР АЛҚАСЫ

Аттың тұяғымен орнатылған Шыңғыс ханның ұлы империясының басқару құрылымындағы қуатты және  пәрменді  билік  тұтқасының  бірі  – құрылтай  кеңесі, хан кеңесі. Дала конституциясы – «Ясаның» жарғысы бойынша, хан кеңесінің шешімін қаған да, хан да бұза алмаған. Кеңес тағайындаған сұрқылтаймен (бас кеңесшімен) ақылдаспай берілген ханның бұйрығы толық күшіне кірмеген. Ұлы империяның іргесі шайқалып, ұсақ хандықтарға бөлшектенген кезеңде хан кеңесі де күшін жойды (мүмкін, кеңестің күші жойылған соң барып империяның қабырғасы сөгілген шығар). Алайда бұл дәстүр көшпелі қағанаттың кей бұтақтарында, кейбір билік буынында әр түрлі деңгейде, әр түрлі маңызда, әр түрлі міндет аясында жаңғыртылып отырды. Соның бір парасы – қазақ хандығының тұсындағы «Күлтөбедегі күнде кеңес» өткізген билер келесі. Бұл дәстүр, хан орнына «би» сайланған «Қоқан хандығының» орта кезеңінде тағы да көрініс берді.

Ол – Мұғадділ хан мүлдем жаңа мазмұн мен міндет дәргейінде жаңғыртқан Қоқан хандығы мен Шығыс Түркістанның билік иерархиясындағы «Ақсақалдар институты». Дәулеті – басқа, қаханы мен хандарының тегі жат, мемлекеттік территориясы – шекарадан тыс, әкімдері мен бектері өзіне қарамайтын Шығыс Түркістанға, қалай, Қоқан хандығы «ақсақалдық» бақылау орнатты? Бұл, осы уақытқа дейін «Ақсақалдардың» пайда болу себептері мен нақты міндет-аясы анық түсіндірілмей келген, бұлдыр мәселенің бірі. Әрине, Орта Азия, Қоқан, Шығыс Түркістан тарихы туралы ғылыми еңбектердің дерлігінде Ақсақалдардың аты аталып, есімі ескеріліп, еңбегі еленіп өтеді. Алайда сол пікірлер жинақталып, салыстырылып, талданып, ортақ бір пайымды тұжырым жасалған емес. Ондай сарабдал міндетті біз де мойнымызға алмаймыз, алайда тақырып аясында ғана, сол Ақсақалдарды көріп, билігіне көнген, ықыласын аударған  Шоқан Уәлихановтың, ақсақалдар билігіне тікелей қызмет еткен Молла Мұса Сайрамидың, солардың тұсында имам болған, ел ішін аралаған, көзі көргендермен кеңескен Құрбанғали Халидидің жазбаларындағы пікірлерді сауал арқылы салыстыра отырып, қауым назарына ұсынамыз. Мұндағы біздің діттеген мақсатымыз, «Тауарих-и хамса-и шарқи» еңбегінде қамтыған оқиғаларға деген Құрбанғали Халидидің өзінің жеке көзқарасы мен пайымдауларын, еңбектің деректік құндылығы мен дәлдігінің деңгейін – өзге ғалым-шежірешілердің жазбаларымен салыстыра отырып, оның маңызын көрсету екендігін тағы да қаперге іле кеткіміз келеді. Діттеген мақсатқа жету барысында ғылыми-көпшілік әдебиеттерге тән көркем тәсілді қолдануымыз да сол көздеген мәреге жетудің бір амалы.

Сонымен, Қоқан хандығы, дәулеті – басқа, қаханы мен хандарының тегі жат, мемлекеттік территориясы – шекарадан тыс, әкімдері мен бектері өзіне қарамайтын Шығыс Түркістанға, қалай «ақсақалдық» бақылау орнатты?

«Ақсақал» – ханның билік-саясатын жүргізіп, соны жүзеге асыру барысында мемлекеттің үкіметтік-үкіміне ие – өкіл ме, әлде, заңдық құқыққа ие – би ме, жоқ, өкіл-әкім (наместник) бе? Мүмкін. Өйткені, хандыққа қатысты барлық бұйрық-пәрмендер тек қана Ақсақалдардың қолында болды.

Әлде, «Ақсақал» дегеніміз – Шығыс Түркістанға қатысты сыртқы саясат пен қарым-қатынасты реттеп, қалыптасқан саяси-экономикалық ахуалды бақылап, саралап, хандыққа тигізетін пайда-зиянын анықтап, оның жолын нұсқайтын елшінің міндеті жүктелген мәмілегер ме? Ол да мүмкін. Мүмкін емес, солай. Себебі, бұл міндеттің барлығын Ақсақал тікелей атқарды.

Сонымен қатар, сыртқы, сол арқылы Шығыс Түркістанның ішкі саудасын бақылап, нарықты реттеп отыру да Ақсақалдың басты міндеті болып табылды. Яғни, Ақсақалдар – Шығыс Түркістанға кірген қоқандық азаматтар мен көпестерді ғана есепке алып, олардың табысын таразылап қана марқадам табумен шектелмеді. Бұқардан, Самарқаннан, Хиуадан – сол арқылы Орталық Азиядан, Ресейден; Кабулдан, Ираннан – сол арқылы Осман империясынан, Индия мен Тибет арқылы Англиядан келетін керуен мен азаматтарды ресми түрде тіркеу де тікелей Ақсақалдардың құзырына қарады, бұл мәселеге араласуға – мәнжулердің де, жергілікті үкіметтің де құқы жоқ болды. Керісінше, олардың дәбірлері өздерінің ішкі мәселесіне тиісті пәрмендерді Ақсақалмен ақылдаса отырып шешуге мүдделі әрі мәжбүр еді. Сырттан ішке кіретін керуен мен адамдарды Ақсақалдың жеке жасақтары қарауылдап отырып қалаға кіргізді, қарауылдап кеденнен шығарып салды. Және Ақсақалдар идарасы тек Қашқармен ғана шектелмеді, олардың өкілдері Алтышаһардың алты қаласында бірдей орналасты. Демек, сыртқы саяси-экономикалық тұрғыдан алғанда Шығыс Түркістан – Қоқан хандығына тікелей тәуелді болғаны ма, сонда?

Немесе, Ақсақал дегеніміз: Қоқан мен Шығыс Түркістан арасындағы тарихи тамырластық пен мүдде ортақтастығынан, ұлттық тектілік тұтастығы тұрғысынан, тақ үміткерлерінің түпкі тарихи отаны ретінде оларға жасайтын белгілі дәрежедегі ықпалынан, жалпы қарашаның тұрмыс-тіршілігінен, ең соңында осы айтылған барлық қауымның бостандыққа ұмтылған іс-әрекетінен өрбитін шиеленісті оқиғаларды реттеп отыратын әскери күш пен жазалау мекемелерінің құзырлы өкілі ме? Мүмкін. Мүмкін емес дәл солай.

Бұл – Шығыс  Түркістандағы діни пірлерді орынына қойып, түсіріп, тұрғындардың ерік-жігерін шайқап-төгіп отыратын Қоқан хандығының ең мүдделі миссиясының бастысы.   Онсыз Ақсақалдық бақылаудың құзыры кемиді, қарсылықсыз бағындыратын ықпалдан айырылып қалады, пәрменінің күші болмайды. Сонда, қоқандықтар, сол арқылы Ақсақалдар Шығыс Түркістан дәулетінің түпкі иесі болғаны ма?

Иә! – деп те, жоқ! – деп те айта алмайсың. Бірақ, мүмкін. Өйткені, Ақсақалдың қарауында: датқа, есікағасы, мыңбасы, құзырлы қожа, пансат, шет елдіктерге рұқсатнама (виза) беретін мөр иесі, жасақбасы, зекетші, кеден, бажхана, қазына – сияқты хан сарайына қызмет ететін мемлекеттік басқару құрылымының барлық бұтағы болды.

Биліктің ырғағы мен саяси былғағын бақылап, сақадай иіріп отырған, ұлы мәнжу империясының  өзі  мойынсалдық танытқан осынау бір шикілі-пісілі билік институты «1831 жылғы шарттың негізгі тарауларын өздері әлсін-әлі бұзып, (мәнжулерге – Т.Ж.) қиянат жасап отырса да» және «сол шарттың мүлтіксіз орындалуын қытайлардан талап ететін қоқандықтарға» (ақсақалдар институтына – Т.Ж.) қарата «қытай үкіметінің» соншама «төзімді саясат» ұстанып отырғанына Шоқан Уәлиханов та «таң қалады» [40, Б.492].

Демек, өзі тағайындайтын «Ақсақалдың» ғана емес, бүкіл Шығыс Түркістанның тағдырының кілті Қоқан ханының қолында болды – деп те батыл айтуға болады. Мұның басты себептерінің бірі, жоғарыда айтып өткеніміздей, екі мемлекеттегі тұрғындардың тарихи тамырластығы, тектік туыстығы, жамағат-мұраттастығы екені еш күмән келтірмейді. Бұл себептерге, хандық пен биліктің, бодандық пен бостандықтың, ұлыстық-рулық тартылыс пен жеке бас азаттығының мүддесін қоссақ, Қоқан хандығы мен Шығыс Түркістанның қарым-қатынасынан Тұтас Түркістанға ортақ мүдде туындайды.

Сондықтан да, Шығыс Түркістандағы осыған дейінгі де, осыдан кейінгі де көтерілістердің барлығы да Қоқан хандығының тікелей ықпалымен, қолдауымен, әскери және қару-жарақ, қожа мен ақсақал, аталық пен байбатша жіберуі арқылы жүзеге асты. Шоқан Уәлихановтың сөзімен жауап берсек: «Қоқандықтар (Шығыс Түркістандағы – Т.Ж.) көтеріліс атаулының бәріне де белсене қатысты», яғни, «көтерілісті сырттан ұйымдастырып отыратындар да солар. Қашқар қаласын қожаларға алып беріп отырғандар да» солар. Тіпті, «Қоқан ханының негізгі өкілдері – ақсақалдарды» тағайындайтын да солар. Ендеше, «мұндай жағдайда Шығыс Түркістанда тыныштық орнауы мүмкін» бе? Әрине, еш уақытта мүмкін емес [40, Б.492].

Жоғарыда айтылған бірінші және екінші уәжге мысал: Жиһангер-төренің көтерілісінен кейінгі жазалауларға «жаны ауырған» және мәнжулердің хандықпен сауда байланысын тоқтатуына байланысты қоқандықтардың Орта Азияға ықпалының азайғанына, соның нәтижесінде, ортаазиялықтардың бұларға деген ықыласын азайтқанына намыстанған Мәделі хан өзінің ең сенімді әрі жаужүрек қолбасылары Хаққұлы мыңбасы мен Ләшкер құсбегіге жиырма мың қоқандық, он бес мың ташкенттік, екі мың таулық, қырық мың қашқарлық әскерді бастатып, оларға Жүніс-қожаны қосып беріп, 1830 жылы ғазауат жариялатып, Қашқарға аттандырды. Әрине, мұншама әскер Шығыс Түркістанның ойран-топырын шығарды. Юсуф қожаның билігі тура тоқсан күнге жеткенде Мәделі хан Хаққұлыны әскерімен қосып кері шақырып алады. Ал Жүніс (Юнус) қожа өзін қолдап көктеріліске шыққан жетпіс мың қашқарлықты місе тұтпай, жаумен ашық шайқасуға жүрексініп, Хаққұлының соңынан Қоқанға тайып тұрады.

Неге? Иә, жеңіске жетіп тұрып қожалар неге қайтып кетті. Жаулап алған елін еш соғыссыз қолдан неге беріп қойды. Неге бұл биліктің алдыңғы биліктен еш айырмашылығы болмады?

Сөйтсе, Бұқара әмірі Қоқанға қауіп төндіріп тұр екен-мыс. Иә, «қауіп төндірген-мыс». «Мыс», яғни, саяси айла-шарғы.

Ал, ақиқатына келсек, бұл көтеріліс Қоқан мен мәнжу империясының қалауы бойынша, солай басталып, солай аяқталуы тиіс екен, яғни, екі мемлекеттің билеушілері өзара келісіп ап, халықты арандатқан. Егерде: «Ел іші ұзақ уақыт тыныш болса, қытайлар сый тартуды «ұмытып кетсе», не оның мөлшерін кемітсе, сөйтіп, қазына түсімсіз қалса – қоқандықтар ғазауат жариялайды. Ал қожалардың көтерілісі жалпы халықтық сипат алып, бұларды (мәнжулерді – Т.Ж.) шетқақпай қыла бастаған кезде, қоқандықтар әскерлерін алып кетеді, не қашқарлық әскердің ішіне (қоқандықтардың өздері – Т.Ж.) іріткі салады». Соның нәтижесінде, Қоқан «әскері мен қожалар Шығыс Түркістаннан «жөңкіліп қаша бастаған кезде», қытайлар көтеріліс атаулының бәрін тез басып, жазалап, билігін қатайтуға мүмкіндік алады. Сөйтіп, қашқарлықтарды арандатып, жазалауға мүмкіндік бергені үшін қоқандықтарға қытайлар өздерін борышты санайды. Ал қоқандықтар қытайлардың сыйлығы мен баж салығының есебінен қазынасын толтырады». Сөйтіп, «шығыстүркістандықтардың отанына бостандық әпереміз деген күдері үзіледі» [40, Б.516-517]. Сондықтан да «қоқандықтар көтеріліс атаулының бәріне де белсене қатысады».

Халықаралық империялық-колонизаторлық жазалау саясатынан хабары мол Ш.Уәлихановтың бұл пікіріне сенімсіздікпен қарай алмайсың, жоққа да шығара алмайсың. Сенгің келмейді, бірақ, орын алған шындық солай. Және бұл шындықты Қ.Халиди: «Белгісіз батырлар бастаған халықтың осындай қарсылығынан кейін мәнжулердің ішіне үрей кіреді: «Жиһангер қожа сынды беделді адамдар келе қалса, оған бұқара халық бір ауыздан қолдау көрсетеді», – деп сескеніп, Қоқанға елші жіберіп, мәміле сұрайды. Өздеріне жыл сайын салық төлеп тұру туралы уәде берген соң, қоқандықтар қожаларды Қашқарға жібермеуге сөз береді. Қытайлар да жыл сайынғы салықтарын кешіктірмей төлеп отырады» [19, Б.109], – деп ашып жазады.

Сөйтіп, аяр саясаттың құрбандығына шалынған Шығыс Түркістандағы бұлқыныстар – қуаты күшті, халық саны үстем империя мен қастаншыл хандықтың өткір шалғысына түсе берді.

Ш.Уәлиханов: Шығыс Түркістанды дүрліктірген кезекті «көтеріліс мәнжулерді қатты сескендірді. 1831 жылы, көктемде төрт қытай елшісі келіп, бейбіт келісім жасауды ұсыныс етті. Қоқан ханы оның үшеуін алып қалды да, төртіншісіне өз елшілерін қосып Пекинге жіберді» [39, Б.84].

Қ.Халиди: «Біреулердің айтуынша, бұл бітім – Мұғадділ хан билігінің бас кезінде жасалған. Ал енді біреулердің айтуынша, Омар ханның кезінде орын алған жай – деп көрсетіледі. Тіпті, бұл бітім Омар ханның өмірінің соңына жақын жасалса да, жоғарыдағы екі пікір бір-біріне қайшы келмейді» [19, Б.109].

Ш.Уәлиханов: «Қоқанның өкілі болып барған көпес Әлім-паша өзінің әміршісінің мына төрт түрлі талабын:

бірінші, шет елдік көпестердің Шығыс Түркістанның Алтышаһарына: Үш-Тұрпан, Қашқар, Янысар, Ақсу, Жаркент және Хотанға әкелген тауарларының бажысын қоқандықтарға берілсін;

екінші, осы бажыны жию үшін жоғарыда аталған әр қалада қоқандықтардың бір-бір өкіл-басқағы – ақсақалдар болсын, ол ақсақалдар Қашқар бегінің бақылауында болады және ол өз әміршісінің саяси өкілі болып саналады;

үшінші,  Алтышаһарға келген шет елдік көпестердің барлығы да, әкімшілік жағынан да, жасақтық бақылау жағынан да (полиция) Қоқанның өкіліне – Ақсақалға тікелей тәуелді болады;

төртінші, өз тараптарынан алғанда қоқандықтар: қожаларға бақылау жасауға, оларды өздерінің шекарасынан сыртқа шығармауға, мұны бұзған жағдайда оларды қамаққа алуға – міндеттенеді, – деген талаптарын мәнжу патшасына жеткізді» [39, Б.84].

Осы оқиғалардан ілгерінді-кейінді өмір сүрген, Жиһангердің көтерілісіне қатысқандарды көзімен көріп, әңгімесін шет-жағалап естіген Молла Мұса Сайрами бүкіл   Шығыс Түркістанның рухани тарихына мәңгі із қалдырған қасіретті кезең туралы өзіне тән тілмарлықпен: «Шың мансаптылары Жетішаһарда Жиһангерхан-төрені қолдаған немесе оған қызмет еткен адамдарды іздестірді һам өлтірді, олардың малдары мен жерін олжалады. 10 мыңнан астам қыз-бойжеткендер мен сәби-бүлдіршіндер тұтқындалып, ар жақтағы Ланчжоу өлкесіне, бер жақтағы Іле мен Шәуешекке дейін әкетіліп, қытайларға қызмет көрсету үшін үлестірілді. Мұхамед-Әли хан (Мұғадділ хан – Т.Ж.) бұл ақпаратты естіп: «Бұған біз себепші болыппыз» – деп мыңбасы Әлім-байбатшаға біраз адамдарды ілестіріп, хахани шинге арналған мол сый-сәлемдемелер мен ресми хатты тапсырып, бірнеше міндет жүктеп, жолға салды. Арыз хатында: «… Мәселе сол, бұлардың арасында патшаға дұшпан болғандар жоқ еді. Нәресте балалар мен қорғансыз әйелдердің қолынан ешбір жамандық көрілмеген болар. Патшадан күнәһарлардың күнәларын тілеймін. Тағы бір мәселе: Жетішаһардағы әндіжандақтарға бір ақсақал тағайындасам. Келіп қалған жаман адамдар жөнінде хабар алып, тұтқындаған соң маған өткізсе. Олардың жазасын мен берсем. Бұдан кейін патшаның көңілін ренжітетін істер болмасын», – деген мазмұндағы бірқатар келіскен сөздерді жазып, елшілерді жолға салған екен. Елшілер ерекше ізет-құрметпен астанаға жетіп барыпты. Хахан ұсыныс-хатпен танысып, ізгілікке қанағаттанып, бекеттен-бекетке дейін барша тұтқындарға көлік ат пен азық-түлік дайындап, отандарына қайтарыпты. Осымен қатар, Жетішаһарда әндіжандық аталғанның бәрін ақсақалға бағындыру туралы жарлық шыққан. Бұл қазірге дейін бар» [3, Б.89-90],– деп жазады.

Бір өкініштісі, осындай маңызды мәлімет бере отырып, өзі де сол ақсақалдардың дәргейін көрген Молла Мұса Сайрами биліктің осы буыны туралы пікірін дамытпаған. Тек мағлұматпен ғана шектеліп, келте қайырған.

Ал, Қ.Халиди: «Қашқарға «ақсақалдар өкілінің» тағайындалуы қашан басталғаны жайлы еш құжат табылған жоқ. Халық аузындағы сөздер әртүрлі болып келеді. Зерттей келе: бұл дәуір Мұғадділ ханның кезінде басталды – деген нақты тұжырымға келеміз. Одан бұрын, одан кейін болды дегендердің сөзі – негізсіз болып шықты [19, Б.119], – деп жорамал жасайды.

Құрбанғали Халидиді екіұшты ойға қалдырған мерзім, жоғарыда Молла Мұса Сайрами жазып отырған елшіліктің Пекинге барып-қайтқан уақытын көрсеткен: «Дегенмен (деп жүргенде – Т.Ж.) арада төрт жыл өтіпті» [3, Б.89-90],– деген мезгіл болса керек. Егерде, Ш.Уәлиханов пен Қ.Халиди көрсеткен уақытты Молла Мұса Сайрамидің «4 жылымен» салыстыра таразыласақ, онда екі зерттеушінің де пікірі шамаласып қалатынын байқаймыз.

Қ.Халиди: ««Аты аталған Жүсіп қожаның билігінен бастап «Дүнген төңкерісіне» дейінгі аралықта Қашқарды Қоқан хандары тарапынан тағайындалған «ақсақалдар» билеп келді. Бұл туралы жоғарыда айтылған еді». [19, Б.117].

Ш.Уәлиханов: «1832 жылы әлгі Әлім көпес Қашқардың Ақсақалы болып тағайындалды. Сөйтіп, Қоқан мен Батыс қытай арасындағы саяси және сауда қарым-қатынасы басталды» [39, Б.84].

Қ.Халиди: «1250 (1834) жылы (Мұғадділ ханның билігінің орта кезеңі болса керек) ең бірінші болып – Абдұлғафур есімді кісі Қашқарға ақсақал болып келді. Аталмыш адамның атын кейбіреулер қателестіріп – Абдұлқаһһар немесе Абдұррасул деп те атайды» [19, Б.117].

Осы келісім шарттан кейін қоқандықтар кеден бақылауын күшейтті. Нарындық қырғыздардың әдігене, ішкілік, мұндыз, мұңол және найман тайпасының бір бөлігін бағындырып – Құртқа, Памир тауына – Ташқорған бекетін салды. Міне, бұл қос бекет – Шығыс Түркістан мен Қоқанның тынысын тарылтып-кеңейтіп отыратын қос өкпесі болды. Ол өкпеге Ресей де оқтын-оқтын ине сұғып отырды. Орта Азияны отарлауға бар пиғылы ауған Ресей империясы Бұқар, Хиуа, Қоқан хандықтарының әр қадамы мен қас-қабағын бақылап, әр қимылын қалт жібермеді.

Мысалы, Батыс Сібір әскери генерал-губернаторы М.Д.Горчаков: «ХVІІІ ғасырдың ортасында қытайлықтар («мәнжулер» деп түсініңіз – Т.Ж.) қуып шыққан қашқарлық қожалар Қоқан хандығының қол астына кірді, (қожалар – Т.Ж.) белгілі бір дәрежеде солардың (қоқандықтардың) бақылауында болды. Сол қызметі үшін, яғни, оларды (қожаларды – Т.Ж.) өздерінің бұрынғы биліктеріне қайтып келтірмеуі үшін қытай (мәнжу – Т.Ж.) үкіметі қоқандықтарға жылына 1000 күміс жамбы (кей деректерде тек 250 жамбы) төлеп тұрды. Соған қарамастан, кейбір қашқарлық билік иелерінің тұқымдары Қоқан хандарынан жасырын түрде немесе олардың қолдауымен өздерінің бұрынғы билігін орнату мақсатында Қашқарға жорыққа аттанып отырды, соның салдарынан Қоқан мен қытай (мәнжу – Т.Ж.) арасындағы қарым-қатынас үзілді» [20, Б.34-35], – деп патша ағзамға хабарлады.

Қ.Халиди: «Қысқасы, Қоқан ханымен үздіксіз жауласу – қытайларға еш пайда әкелмейтінін, одан елдің тыныштығы бұзылатынын түсінді. Сөйтіп, Қоқанға елші жіберді. Келісім бойынша: хан – қожаларды Қашқарға жібермейтін болды. Оның орнына, Қашқарға консулдық қызмет атқарушы – «Ақсақал» тағайындалды. Жиһангер қожаның билігі өз алдына. Ал ақсақалдар сауда-саттыққа жауапты болды. Олар жинаған салықты Қоқан ханы алып тұрды. Одан кейін ақсақалдыққа Нығметжан келді. «Жеті қожаның» билігі осы кісінің тұсына тап келді. Одан кейін Байхан ақсақал, Шәкірхан ақсақал, Саидхан ақсақалдар бірін-бірі алмастырып отырды. Уәли хан төре оқиғасы соңғысының заманында орын алған болатын» [19, Б.117].

Ш.Уәлиханов: «Біз Қашқарда тұрған кезде екі Ақсақал болды, біз олардың екеуімен де тығыз байланысып, жақын араласып жүрдік, сондықтан олардың қытайлар мен жергілікті үкіметтерге қарсы әрекеттерін жақсы біліп отырдық. Бұл екі ақсақалдың алғашқысы – Насыреддин датқа қажырлы, тік мінезді және өзі шынайы өзбек еді, сондықтан да тұрпайы, ожар кісі болатын, соңғы көтеріліске белсене қатысқандардың бәрі де соның төңірегінде жүрді. Хакім-бекпен араз болып жүрген Насыреддин оған үнемі қастық істеуден бір жазбады, ал енді қытайлармен екі арадағы байланысында тұрпайылық көрсетіп, олардың өзін қожаларымен қорқытып отырды» [40, Б.513].

Қаталдығымен, қатыгездігімен аты шыққан Уәлихан-төренің «адам қасабы» аз болғандай, енді қытайлар «еруліге қарулы» қайтарды. «Қожаға қызмет еткендер жаппай дарға асылды, олардың басы айырықша себетке салынып, Қашқардың қақпаларына апаратын жолдың екі жағына тізіліп қойылды» [39, Б.95]. Жолдың екі жағына қатарласа тізілген «бассүйектер аллеясымен» Шоқан да жүріп өтті. Біз, жай-жапсары түсінікті жайларға түсінік беруден көрі, жазбалардың өзара дерек сәйкестігін дәйектейтін үзінділер мен бірін-бірі толықтыратын мағлұматтарды жарыстыра салыстыруды жөн көрдік.

Қ.Халиди: «Одан кейін, әкімдік еткен Насруддин датқа ақсақалдың заманында Ресейден: «Шоқан төре саудагер» – деген атпен белгілі тыңшы Қашқарға келіп, ақсақалдың (Насруддиннің – ауд.) рұқсатымен шаһарға кірді. Қытайлар оның кім екенін білген де жоқ, білсе де, ештеңе істеген жоқ» [19.117].

Жолай ибн Мүтәби мен Мұхаммедраззақ ибн Пірназар (Қ.Халиди бойынша): «Қашқарға грегориян жыл санауымен 1859 жылдың күз айында жеттік» [19, Б.117].

Жасыратыны жоқ, Шоқанның Қашқарға сапары саяхатшылық та емес, ғылыми-зерттеу экспедициясы да емес, Ресейдің әскери барлауы болатын. Сол кезде Орта Азия мен Шығыс Түркістанға аттанған саяхатшылардың барлығының алдына сондай міндет қойылғанының еш құпиясы жоқ. Заман ауысқан соң ғана олардың еңбектері ғылыми сипатқа ие болды. Сондықтан да, тоғанақтарының сандықтарына мылтық салынған және ақ патшаның әскери офицерін орталарына алған күдікті «керуен» туралы сақтандырған хабар қытай кеденіне де «ұзынқұлақтар» арқылы сымсыз байланыспен шұғыл түрде жеткен. Бұл тосын хабар шекара сақшыларын қатты тынышсыздандыруы заңды. Қанша жерден төре тұқымы, әндіжандық Әлімбай саудагердің жалған аты мен шапанын бүркей жамылса да, Шоқанның кез-келген сәтте әшкереленуі мүмкін еді. Сондықтан да аса сенімді билік иесінің кепілдігі қажет-ақ болатын. Қ.Халиди нақты көрсетіп отырғанындай, ондай кепілді тұлға сыртқы сауданың жауапкері Қоқанның Қашқардағы Ақсақалы – Насреддиннің өзі болды.

Ш.Уәлиханов: «Қауіпті әрі күдікті қабақты сезген Керуенбасы Қашқардың Ақсақалы Насреддинге сәлем бере барып, сауқатын ұсынып, салауатын алады: «Біздің Керуенбасымызды жақсы білетін Қоқан ақсақалы түземдік (Ш.Уәлиханов жергілікті билікті солай атайды – Т.Ж.) үкіметтің үрейлі хабарына назар аударған жоқ, біздің өкілдерімізді өте жылы қабылдап, содан кейін зекетші (баж алатын дәбір) мен өзінің ұлына жіберді. Сол кезде, қоқандықтар қойларды санап, зекет алып жатқан кезде қашқарлық дәбір келіп бізбен сөйлесіп, біздің тоғанақтарымыз бен шатырларымызды көріп, дереу Қашқарға қайтып кетті де, қаланы тыныштандырды… Келесі күні өзіміз тауарымызбен қалаға беттедік. Жол ортасына келгенде бірнеше қашқарлық дәбірлер кездесті, солардың бірі, салмақты билік иесі Ысмаиыл-бек бізге тоғанақтарды шешіп, сандықтардың ішінде не бар екенін көрсетуімізді талап етті, әйтпесе, керуенді кері қайырып жіберемін деп қорқытты. Еріксіз түнеп қалдық. … Кешкі ас кезінде біздің тексерушімізбен тіл табыстық. Қоқан зекетшісінің бедекшілігімен Исмаиыл бек теңдерді жеке-жеке шешіп, тексермеуге келісті…. 1858 жылы 1 қазан күні Қашқардың оңтүстік-шығыс қақпасы арқылы зекетхана орналасқан «Әндіжан» сарайына ат басын тіредік» [50, Б.3.66].

Бұл үзіндіден анықталатыны, Шоқанға жақсылық жасаған, осы экспедицияның құрамындағы «тыңшыны», яғни, Шоқан «жансызды» «шаһарға кіргізген» және сол «үшін өлім жазасына кесілген» ақсақалдың аты – Насыреддин екендігі. Сондықтан да Ш.Уәлиханов өзінің жазбаларының барлығында да Насыреддиннің есімін ілтипатпен атайды. Ал назар аударатын мәселе, Құрбанғали Халидиге Шоқан туралы мағлұмат беріп отырған адамдардың, «аталмыш төремен (Шоқанмен) осы сапарда бірге болған, өзі де Шәуешекте көп жыл ақсақалдық міндет атқарған Жолай ибн Мүтәби мен Мұхаммедраззақ ибн Пірназардың: «1859 жылы күз айында Қашқарға кірдік», – деп көрсеткен уақытында. Қашқарға қай жылы, қай күні барғанын, кіруге кімнің дәргейімен рұқсат алғанын Ш.Уәлихановтың жаңылысып жазуы мүмкін емес. Сондықтан да, біз бұл мәселені ауызекі әңгімеге сүйенген дерекке тән «жаңылысу» ретінде қараймыз да, мүмкін, жазып алушыдан кеткен әбестік шығар – деген сияқты уәждің орынын ашық қалдырамыз. «Ақсақалдардың қайсысы болсын, оның ішінде Насыреддин датқа да қытайлардың алдында өте беделді болғаны» [19, Б.118] анық. Оны ғалым-саяхатшының мына естелігінің мазмұнынан байқаймыз:

Ш.Уәлиханов: «3 қазан күні Қашқардағы жоғары шенділердің бірі дорғабек (хакім-бектің ерекше тапсырмаларын орындайтын дәбір) бізді өзіне шақыртты, ол қызыл маржанды шарға ие (лауазымдық дәреже белгісі – Т.Ж.), өзінің ақыл-парасатымен және қабілетімен белгілі адам. 1857 жылы қожаларды қуып шыққаннан кейін доғабек хакім-бектің міндетін атқарған, біздің ісімізді түбегейлі шешу соған тапсырылыпты. Қытайлықтардың мұның қарамағындағыларды тексергеніне Ақсақал реніш білдірді, ол амбаньға қарата: бұлардың барлығын өзінің білетінін, олардың әндіжандық екенін растайтынын, осында  тұрған кезінде оларға өзі жауап беретінін, әзірше: сұрақ кезінде еріп жүріп көмектесу үшін олардың жанына сыйлы көпестерді қосып бергені – туралы хат жазуды бұйырды. Қоқандық көпестер бізді қызу қолдап, аса қымбатты достық көмек көрсетіп, қамқорлығына алды… Айтылған Ақсақалдың мінездемесі мен кепілдігі арқылы Амбаньның қабылдауында болғаннан кейін бізді жөнімізге қалдырды, содан кейін сұраққа алып мазалаған жоқ, бірақ та бақылауларын жалғастыра берді» [50, ІІІ, Б.67-68].

Міне, осы арада Қоқан хандығында аласапыранды оқиғалар орын алып жатқан еді. Ал, Қоқан қозғалса – Қашқардың шаңы аспанға шығатын. Ағайынды Құдияр хан мен Маалли-бектің (ол кезде әлі бек болатын) арасында тақ таласы жүріп, майданда қылыш түйістіріп жатқан еді. Екіншіден, Құдиярдың қатаң бақылауына қарамастан былғақ тұсындағы сапырылысты пайдаланып Уәлихан-төре Қоқаннан қашып шығыпты-мыс деген лақап тарайды. Бұл хабар Қашқар Ақсақалы Насреддинді де алаңдатады. Өйткені, қытайлардың тәмсіл етіп айтатынындай, «Уәлихан-төре қозғалса – жер қозғалатын». Бірақ жаңсақ лақап Құдияр хан тарапынан расталмайды, қашқарлықтар: Уәлихан-төре Ташкент жаққа жер аударылыпты-мыс деген қауесетті малданып, бойын кеңге салады.

Ш.Уәлиханов: «Әндіжандықтар сияқты, біз де, Қашқарда тұратын шетелдіктерді басқаратын, тәуелсіз, тіпті, өзінің жеке жасағы бар қоқандық Ақсақалға бүтіндей тәуелді едік, сондықтан да шетелдік көпестермен етене жақындасып, Ақсақалдың бізге қайырыммен қарауына қол жеткізуіміз қажет еді. Біздің керуеніміздегілердің көпшілігі марғұландықтар мен бұқарлықтар еді, Қашқарда олардың туыстары мен таныстары көп болатын. Біздің керуенбасымыздың марғұландық туыстары: Найманбай, Саадатбай мен Асанжан, бұқаралық Қари сияқты тағы да басқа ауқатты көпестердің қоқандықтар мен түземдік өкіметтің алдында беделі жоғары еді, солардың көмегінің арқасында Ақсақалмен және қашқарлық бектермен тез танысып, жеңіл тіл табысып кеттік. Түземдік қытай өкіметінің тексеруінен кейін біз Ақсақалға келіп, қамқорлығына алғыс білдіріп, қалыптасқан «пешкеш» дәстүрімен өзіміздің сый-сияпатымызды көрсеттік. Сый-сияпатымыз болмашы ғана болатын, бірақ, әдетте қоқандықтар беретін сияпаттан асып түсетін. Ақсақал бізді өте ақжарқын кейіппен қарсы алып, өзінің қамқорлығына алатынына уәде берді… Сөйтіп, барлығының сеніміне кіріп, құрметіне бөлендік. Ақсақал бізді әрбір түстіктерге үнемі шақырып отырды, ал маңызды мәселеге байланысты өткен мәжілістерге біздің Керуенбасымыз шақырылды» [50, ІІІ, Б.68-69].

Ақыры Қоқандағы былғақ аяқталады. Бұл шығыстүркістандықтардың да, Шоқанның да көңіліне күдік тудырады. Өйткені, қашқарлықтар – қоқандықтардың кезекті былғағынан және Уәлихан-ханның қайта оралуынан сескенді. Ал, Шоқан өзінің шын мәнінде «тыңшы» екендігі әшкереленіп қалудан, олай болған жағдайда, өлім жазасынан құтылмайтын анық еді. Әшкереленген жағдайда, оның жалғыз өзін емес, бүкіл керуеншілердің бассүйектері «калла-мұнараға» қаланатынын білді. Сондықтан ерте қамданып, қанатын қомдап, шұғыл түрде қайтудың қамына кірісті.

Оның үстіне, сол арда Құдияр хан тақтан ысырылып, оның орынына Маали (Мәлібек) хан отырды. Сол кезде Уәлихан да Қоқаннан қашып шығады. Бұл хабар Қашқар тұрғындарының үрейін алады. Бірақ көп ұзамай қолға түсіп, тұтқындалғаны туралы хабар жетеді. Алайда жаңа ханның ауыс-күйісі Шоқанға да белгісіздік белбеуін тағады.

Ш.Уәлиханов: «Осындай бір толқудың кезінде, 15 күні, Мәлі-бектің (Маали) хандық таққа ресми түрде отырғаны туралы ресми хабар  келді, Ақсақалға ханның атынан: өзінің орынында қала беретіні жайында сенім көрсетіп, ықыласын білдірген жарлық келді. Бірақ бұл алдарқату ғана, Насыреддин ақсақал қазынаны жасырып үлгермеуі үшін жасалған айла еді. Күн аралағанда жаңадан тағайындалған ақсақалдың – Нұрмағамбет датқаның сенген өкілі келіп, Насыреддинді күзетке алып, түгін қалдырмай, оның жеке меншік дүниесін де қосып сыпырып алды. Іс басқаруды жаңа ақсақалдың туысы, таяуда ғана көтеріліске қатысқандығы үшін отырғызылған зынданнан босап шыққан Сүлейменқұл қолына алды… Жаңа бастықтың тыңшылары: Насреддин өзінің қазынасын бір жерге құпия жасырып қойған жоқ па, – деп бар жерді тіміскілеп жүрді. Сол ниетпен бізге де келіп, бұрынғы Ақсақалға сыйға тартқан жоралғыларымыздың тізімін тексерді» [50, ІІІ, Б.71]. Дегенмен де, «жаңадан тағайындалған Ақсақал қоқандықтардың ішіндегі кісімен тіл табыса білетін және сыпайы адам болып шықты. Нұрмағамбеттің датқалық дәрежемен тең деңгейдегі «сарайдың есікағасы» деген атағы бар еді, ол 1856 жылы Қашқардың Ақсақалы, ал қожаның (Уәлихан-төренің) тұсында – мыңбасы болған» адам еді [50, ІІІ, Б.72].

Қ.Халиди: «Бұлар Қашқардан шығып кеткеннен кейін, Ақсақалға (Насыреддинге – ауд.) Қоқаннан хат келеді. Ол хатта: «Сіздердің саудагер дегендеріңіз – тыңшы екен. Оны қолға түсіріп, өлтіріңіздер», – делініпті. Насыреддин ақсақал бұлардың қандай адам екендерін және немен айналысып жүргендерін әуелден білген. Бірақ ханның бұйрығынан бас тарта алмай, оның тапсырмасын орындау үшін бұлардың соңынан қуады. Бірнеше күндік жерге дейін қуып келіп, ақыры ұстай алмай кері қайтады. Хан Насыреддин ақсақалды Қоқанға алдыртып: «Шаһарға жансыз кіргізгені үшін» оны өлім жазасына кесті» [19, Б.118].

Сонымен, Шоқанның Қашқарға кіруіне рұқсат берген «адамгершілік қасиеті» Насреддинді өлім жазасына алып келді.

Сондай ақсақалдардың екіншісі, Шоқанның қайтар сапарының қауіпсіз болуын қамтамасыз еткен, ілкіде есімі аталған ақсақалдың да – «Нұрмағамбет (кейде Нұрмахамед – Т.Ж.) датқаның да – адамгершілік қасиеті бар және сол елде көп тұрып, жергілікті халықтың сыр-сипатына әбден қанық болған кісі еді. Сондықтан да, ол қашқарлықтар үшін білім мен мәдениеттіліктің белгісі болып саналатын сыртқы сыпайыгершілік салтын сақтап отырды. Хакім-бекпен және жергілікті әкімдермен ол өзара тату болып, сый алып, сый берісіп тұрды, қытайлардың жаңа жылында амбаньға сыйлық жіберіп отырды (бұдан бұрынғы ақсақал мұның бірін де істегісі келмейтін). Нұрмағамбетке тек бір мәселеге ғана қолайсыз жағдай туғызып отырды. Соңғы кезде қоқандық ақсақалға қарсы бұқарлықтар жағынан бір күшті оппозиция пайда болды»

[40, Б.514].

Жолай ибн Мүтәби мен Мұхаммедраззақ ибн Пірназар (Қ.Халиди бойынша): «Сол жерде алты ай аялдап, кейін алпысыншы жылдың көктемінде қайтар жолға шықтық» – деді» [19, Б.117-118].

Ш.Уәлиханов: «Ақсақал бізді, наурыздың аяғына, қашан жол ашылғанға дейін осында қалуымыз керектігіне сендіріп бақты, алайда біз қалай да кетуіміз керек – деп шештік…» [503, Б.66].

Жолай ибн Мүтәби мен Мұхаммедраззақ ибн Пірназар (Қ.Халиди бойынша): «Біз саудамызды аяқтап, мал-мүлкімізді жиып, Ыстықкөл маңындағы қырғыз еліне келдік. Манаптар заттарымызға көз алартып, түрлі сылтаулармен бізді тоқтатты» [19, Б.119].

Ш.Уәлиханов: «Ақсақал досымыз, біздің Құртқа мекемесі арқылы қайтуға шешім қабылдағанымызды біліп, сондай мейірімділік көрсетіп, керуенді ұзатып салу үшін өзінің бір сарбазын қосып берді және Құртқаның коменданты Мамырразаққа: бізді өзінің достары ретінде қарсы алуды өтініп хат жазып, сәлемдеме жолдады. Мамырразақ датқа Ақсақалдың ескі досы Құртқа бекінісіндегі қиындықтан құтқарып, көмектесіп, «жерөлшейтін» керуенді жолға салады [50, Б.3.66].

Оның осы ескерткен жағдайы, яғни, жасаған жақсылығы ақыры Нұрмағамбет ақсақалдың да тағдырын шешіп тынды.

Ш.Уәлиханов: «Қожаға риза болмаған хан, Қоқанға қайтып келген соң Уәлиханды ордақамақта ұстады. Үлемдерін шақырып алып соншама жазықсыз мұсылмандарды өлтіргені үшін Уәлихан-төрені қандай жазаға тарту керектігін шешуді тапсырды. Өлтірілген Намед-хан қожаның туыстары қанның құнын – қанмен қанағаттандыруды өтінді, оған өзге құн сұраушылар да қосылды. Осы арыздың салдарынан қожаға қызмет еткен көптеген қоқандықтар қызметінен айырылды, солардың қатарында Қашқар ақсақалы Нұрмұхамед те (кейде Нұрмағамбет – Т.Ж.) болды» [39, Б.95].

Ол туралы мағлұматты Құрбанғали Халиди өзінің жазбасында назардан қалыс қалдырмайды. Ақсақалдардың билігі туралы сыпаттама бере келіп: «Оның орнына Нармұхаммед (Нұрмұхамед, Нұрмағамбет бәрі бір адам – Т.Ж.) датқаны «Ақсақал» етіп тағайындап, Қашқарға жіберді. Алайда бұл адам көп ұзамай қайтыс болды. Бұрынғы Шәкірхан қайтадан «ақсақал» болып келді. Біраз уақыттан кейін ол өзінің орнына Әміреқұлды орынбасар етіп тағайындап, Қоқанға қайтты. Содан бір жылдан кейін «Дүнген оқиғасы» (ол туралы кейін жазылады) орын алды. Билік құқы исламдық құзырға өткеннен кейін, «ақсақалдар дәуірі» аяқталды» [19, Б.112-118],– деп жазады.

Бұл үзіндіден аңғарылатыны – Нұрмұхамед (Нұрмағамбет, Нармұхаммед) Ақсақалдың орынынан алынса да, өз өлімімен өлгені. Әрине, Ақсақалдардың барлығы Насыреддин мен Нұрмұхамед сияқты «адамгершілік қасиеті мол емес» болса керек. Мысалы, осы әділдікті бақылайтын ақсақалдардың бәрі бірдей зорлық-зомбылықтан бойын аулақ сақтай алмапты. Олардың арасынан да, жең ұшынан жалғасқан сыбайластыққа да жол бергендер, тіпті, құлқынын қанағаттандыру үшін қоқандықтарды – қашқарлықтарға, қашқарлықтарды – мәнжулерге, қырғыздарды – қыпшақтар мен наймандарға арандатып отырғандар да болыпты. Ол туралы Ш.Уәлиханов: «1845 жылы қыпшақтардың билігі тұсында Ташкент көпестерінен шыққан Намедхан деген кісі Қоқанның (Шығыс Түркістандағы – Т.Ж.) ақсақалы болып тұрыпты. Алатау қырғыздарының найман руынан шыққан Тіллә (Тилла) өзінің қарақшыларымен (көтеріліске қатысушыларды «қарақшы» деп атау сол тұстағы қалыптасқан ұғым. Сондықтан да «жасақтары» – деп түсінген дұрыс шығар – Т.Ж.) бірге қыпшақтарға наразы болып, Тянь-Шаньға қарай қашқан қас дұшпаны Әкімбек қырғызды қуған жолында Қызыл арқылы төте жолмен Терекке өтемін деп, қытай сақшылары қорып отырған шекарадан өтіп кетеді. Бұл шабуылдан зәресі ұшқан және Тілләні тоқтатуға шамасы келмеген қытайлар қоқандық ақсақалға мол сыйлық тартып, қарулы қырғыздардың шекарадан өтуіне тиым салуын талап етеді. Осыдан кейін, әбден дәндеп алған Намедхан, тағы да сыйлық алам деген үмітпен, мұндай әрекеттерге қырғыздарды өзі айдап салып отыратын болды» [40, Б.512], – деп жазады.

Жалпы алғанда, «Ақсақалдар дәуірі» кезінде ерекше атап кетуге тұрарлық, олардың еркінен тыс екі билік орын алыпты. Біріншісі – Жеті қожаның билігі; екіншісі – Уәлихан төренің билігі. Қожалардың билігі: Қоқан ханының рұқсатынсыз жүргізілді әрі олар жасырын жемқорлықпен айналысты-мыс – делінеді. Шындығына келгенде, қытайлардың ырқы қожаларға өтпеді. Көтерілісті тек қоқандықтар ғана тоқтата алатын. «Ақсақалдық билік институтының» идарасы арқылы әуелі – әскербасылар, содан кейін – қожалар Қоқанға «қашып кетті». Осы себептен де қытайлардың Қоқан хандығының ықпалына деген мұқтаждығы жоғары еді. Сондықтан да, екі дәулеттің арасындағы «ақсақалдық» туралы шарт бұзылмады, қашан «дүнген көтерілісі» орын алып, Қоқан хандығы ыдырағанша өзінің күшін бұрынғы күшін сақтап қалды.

Сонымен, тұжырымдай түйсек, ауызекі дерекке сүйенген делінетін Құрбанғали Халидидің «Тауарих-и хамса-и шарқи» еңбегі мен Ш.Уәлихановтың ғылыми күнделігіндегі Ақсақалдардың билік институты туралы жазылған тарихи оқиғалар бірін-бірі толықтырып отырады. Деректік тұрғыдан бірін-бірі растайды. Қ.Халидидің өзі айтқанындай, ол ақиқатты барынша анықтай отырып шындықты қағазға түсірген. Бұл оның еңбегінің ғылымилық құндылығын арттыра түсетін дәлелді де дәйекті айғақтың бірі болып табылады.

Пікір қалдыру