Роза МҰҚАНОВА
драма
(Сахна. Жалт етіп, тұра қашқан кемпір көрінеді. Бет-бейнесі анық көрінбейді, бірақ денесінен, дауысынан кемпір екені сезіледі).
Фариза: Сенің қашқаныңды көрдім. Етегің түрілердей, шалынып жығылардай, бетіңді басып, құтың қашып безе жөнелдің? Қиянатың бар ма жасаған?.. Залымдығың бар ма жасырған?.. Тұра қашқаның қалай? Жек көргендіктен бе?.. Әлде сүйгендіктен бе? Кімсің?..
Кемпір: Кім екенімді менің жасыма келгенде білерсің. Фариз…а… (таңырқағандай) Фа…риза!.. (қаһарланғандай). Фариза…а! (менсінбегендей).
Фариза: Қатынсың ғой, мені сүйе алмассың! Кемпірсің, құшып-күйе де алмассың. Неге қаштың?.. Тағдырым ба екенсің, өзімнен үріккен?.. Әлде, өлеңімбісің түлен түрткен?.. Неге қаштың?..
Кемпір: Тоқтат, сұрағыңды сумаңдатпа! Ыстығым сөнген, жалын атқан жақсы көру менде жоқ. Мен жоқ жерде – батырсың, мен бар жерде – пақырсың! Осыны тұт жаныңа, ФАРИЗА.
Фариза: Жек көремісің, немене? Ұнамаймын ба?
Кемпір: Ұнауға да, жылауға да әуессің. Жаза алсаң әуелі АҚИҚАТТЫ жаз! Өлеңді еркектің алдында отырғандай жазасың! Өлеңді құдайдың алдында отырғандай жаз!
(Кемпір көзден ғайып болады).
Фариза: Мен сені түсімде көрдім, сары құмды сапыра соққан асау шуыңды естідім. Шөл даланы ысқырықпен үйірген дүлей күшіңді естідім.
Мен сені түсімде жазам Өлең!
Мен сені сағынып жазам, Өлең!
Дара күндерімнің, нала түндерімнің
Серігі болғаның үшін, сенімі болғаның үшін
Мен сені аялап өтем, Өлең!
Біреудің пасықтығынан, біреудің жасып мұңынан
Жүрегім сыздаған кезде, жаным мұздаған кезде
Мен сені саялап өтем, Өлең!
Азапты қайғы-мұңымды өзіммен бөліскенің үшін.
Менің мынау қиындау тағдырым болып
О баста көріскенің үшін.
мен сені аялап өтем, Өлең!
1-Ақын: Өлеңді өтірік жазады, көрмегенін – көрдім, сезбейтінін – сездім, дейді.
2-Ақын: Ұйқасы да жоқ, қарасөзден шимай жасап, әншейін (темекісін сора тартып). Жасанды ырғақ! Түңілу, жылап-сықтау… Ұрғашының кінәсі мен күнәсі.
3-Ақын әйел: Намыссыз еді қандай! Тфу, жылаумен болады, ыңырсып. Ішкі сырын жайып салып, өкпе артады өзгеге. Жасағанын жалбарынып қылмияды, көргенсіз!
Фариза:
Осылай жазам бәрін мен,
қайғылы шерлі жаныммен
жүректен аққан қаныммен
бойдағы қайрат ағынмен
ысырып бәрін тастағам.
Құшағын маған ашпаған
қиқа да жиқа өмірдің
Несіне мәз боп мастанам
Мені жұрт жек көреді… Неге бұ жұрт осынша жек көреді? Сыры не? Неге осынша жауықты?…
Сырласың сырт айналған,
ауыр-ай жылдарымның…
жаныма мұң жамылдым.
Әй, пәтшағар! Тоқта!!! Саған да айтарым бар!
Жанталасып мені шын ұмытсам деп жүрсің сен,
Басқа жанмен жүректі жылытсам деп жүрсің сен.
Жек көрсем деп қалайда талай іске ұрындың,
Ұмыттырса екен деп өзгелерге тығылдың.
Көрмеймін деп мен оны өзіңді-өзің сендірдің
Кінәлайсың, сонда да көкірегіңде мен жүрмін.
Біреулерді жаныңмен сүйген болып жүрсеңде,
мені жоқтап жүрегің қайғы шегіп тұр сенде
Шығара алмай бейнемді көңіліңнен аһ ұрдың,
Көрмей алыс жүрсең де, тек мен саған жақынмын,
Кімменен жүр, қайда бар, қаншама азап шек мейлің-
Жүрегіңнен бәрібір мен ешқашан кетпеймін.
Кемпір: Жоқ!!! Еркек саған парыз емес. Өлең – ПАРЫЗ. Ғашық етіп өзгелерге әуре болма құр босқа.
Фариза: Мен оны сүйем…
Кемпір: Ол сүймейді! Сүйген де емес.
Фариза: Өзі айтты… сүйетінін де, күйетінін де өзі айтты.
Кемпір: Айтқан жоқ, сүйіп қалған өзің! Ол сүйген емес. Сенбесең, сұрап – бағып, малданып көр. Шындығына куә етер. Тоқта, аптықпа әуелі! Ашуға салма еркіңді! Қалыңдығы бар оның…
Фариза: Жоқ!!! Жек көремін! Жолама бұдан былай! Жақындама, торауылдап жолымды.
Кемпір: Махаббат – мамыққа жайғасқан мысықтың күйі емес. Ет пен Терінің, Жүрек пен Тамырдың, Көз бен Жанның мұраты. Екеуі бірігіп тіріле де алады, екеуі бірігіп өле де алады.
Фариза: Сұрықсыз… не айтып тұрсың? Сүйкімсіз едің қандай. Келеріңде рұхсат сұра, әуелі.
Кемпір: Рұхсат?… (кемпірдің сақылдап, есіре, әдепсіз, тұншыға күлген үрейлі күлкісі) Рұхсат… Сен өлеңге ие бол! Өлең болады СЕРІГІҢ!!!
Фариза:
Жиіркендім-ау өмірдің бақ-тағынан,
Жанарымды сен келер жаққа бұрам.
Енді кіммен қосылып ән саламын,
енді кімге сонда мен ақтарылым?
Екеумізді бір арман матастырып,
екеумізде мұң да бір емес пе еді?!
Кеттің. Енді жаныма жанашыр кім,
(Мен сорлыда –өрліктен шарасызбын)
Содан бері жанарым мұңға толып,
содан бері әйтеуір мазасызбын!
Қайтсем екен:
Қасіретіңді сенделіп шексем бе екен,
әлде өзіңе тап қазір жетсем бе екен?
Тұрғызып ап төсектен жеті түнде
Жаныма ертіп бір жаққа кетсем бе екен?…
Сен кеткелі тау жақтан жел еспеді
Гүлде солып қалғандай белестегі
1-Ақын: Қыз ба екен өзі?…
2-Ақын: Қыз! Қыз! Жалғыз басты, тұрмысқа шықпаған қыз деседі.
1-Ақын: Дей береді бұ жұрт. Оқыдың ба?…Өлеңдерін оқып көрдің бе ?
Фариза (дауысы).
«…Қосылған сағынысып
Жүректерде тыншу жоқ алып-ұшып.
Дүниенің бәрі ұмыт. Елжіреумен
Денелер жанып, ысып
Көңілдер алабұртып,
Рахаттың жаңбырынан жанар іркіп…
Тек осылай сүйе алады бұл өмірде
Қос жүрек адал, ынтық
Түндерде көз ілеспей,
Ынтық болып құмарлық сөзіне іштей.
Бұл сәттерді ешкімде ұға алмайды басынан өзі кешпей.
1-Ақын: Ха-Ха-Ха … Ха-Ха-Ха … « Басынан өзі кешпей» дейді-ей! Сау емес… Мынауың сау сиырдың боғы емес. Ха-ха-ха-ха…
2-Ақын: «Өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр…» Болмайды, қыз балаға… бұлай жазуға болмайды…
1-Ақын: Қыз екен дейді өзі. (Ырқ-ырқ күледі). Болбойдұ… (қырғызшылап) қыз болоғо болбойдұұ.. ондай болбойдұ. Қыз балаға қырық үйден тиым!!!
2-Ақын: Әй, қарағым! Мынауың… Былай болсын, қазақтың салт-дәстүрін бұзбай, бұзық өлеңдеріңмен лайламай жайыңа жүр. Мұндай эротикаңды блакнотыңа жаз!!! Мұндай бейпіл сөз советтік әдебиетке мүлде жат! Білдің бе? Жат!!! Жат!!!
1-Ақын: «Жат!» дегеніңізге көлденеңінен түсіп, алдыңызға жата қалып жүрмесін. Ха-ха-ха-ха… Ха-ха-ха…
Мұқағали: Әй, сен екеуің сөзді қой, қызталақ! (Фаризаның жанына келіп). Бұл әлі екеуіңді де ұрып жығады. Сендерді әлі-ақ ұрады деймін, қызталақ! (Фаризаға) сен немене, тағы мысықтай бүрісіп қалғансың. Бетің құрсын, кәпір!
2-Ақын: Әй, Мұқағали… Қызу ғой. Мынауың қызу!….
Фариза: Мұқағали?…
1-Ақын: (Фаризаға) Мән берме, сөзіне! Мұқағалидың «бетің құрсын, кәпір!» дегені «Бетіңнен айналып қана кетейін, ақ періштем» дегені. Е-ех ..ха-ха-ха-ха…
2-Ақын: Кәпірі несі?…
1-Ақын: Қиқы-жиқы, қисық-қыңыр, бедеу-өлең… Кәпір ғана жазады дегені де…
Фариза: Әйтеуір бәріңнің көзіңе шыққан сүйелдей болдым. Дарынсызы бар, дарындысы бар ит қосқандай қылатын шығарсыңдар. Елге қайтам! Болды, астамсыған, тәкаппар ортада маған орын жоқ. Кетем!!!
(Мерейтой. Дастархан басы. Ақын-жазушылар, актерлер, даяшы қыз-жігіттер, жұрт дабырлай қарасады. Есік жақтан Мұқағали келе жатыр. Ешкім орын да бермейді, дастарханға да шақырмайды).
Мұқағали: (дастарғанға жақындап келіп, Фаризаға) Тұр!
1-Ақын: Орын жоқ.
2 Ақын: Мұнда арнайы шақырылғандар…
1-Ақын: Дәл саған бұл маңда орын жоқ…
Мұқағали: Тұр! (алақанын Фаризаның арқасына қойып). Жүр! (ертіп бара жатып, оңашалау жерге келіп) Шеңберден шығу керек, шеңберден шығу керек, Фариза! Мұндай шеңбердің саған қажеті жоқ. Тәп-тәтті сайқал күлкі, сыпсып сөз, алдамшы ыржаң… Бұлар дәмі кеткенше сағыздай шайнап мақтап та бағар. Көпіртіп мақтайды. Көзің тая бергенде-ақ түкіріп тастайды.
Әдебиет пен әдебиетшінің сауда екенін білемісің?.. Сауда жасап, өзін-өзі мақтатып құдай болғысы келетіндер бар. Әдебиетшілер құдай жасауға құмар. Бірақ олардың «құдайлары» – ӨЛІ ҚҰДАЙ!!! Ал мен табытқа түскеннен соң ҚҰДАЙ боламын.
Фариза: Айтайын дегеніңіз осы ма еді?
Мұқағали: Маяковский деген адам – Маяковский деген ақынды он екі жыл бойы өлтіріп келді. Ақыры, ақын – Маяковский, адам – Маяковскийді бірақ күнде өлтіріп тынды. Осыны ескертпек едім, саған. Мен кеттім!
(Зал, рюмкалар сыңғыры, әдемі сөздер, тәтті күлкілер).
Фариза: Аға!
Мұқағали: Иә, бала… Орныңа қайтып бара бер! Мен мына қырттармен алысып жүріп, ақыры таңдамалымды өткізетін болдым. Атын «Өмір – дастан» деп қойдым! Ал маған дәл қазір ақша керек, көп емес – бір сом болса жетіп жатыр. Бар ма?…
Фариза: (қалтасына қолын салып, ұсына береді) Бес сом …
Мұқағали: (ойлана қарап, лезде) Считай, что это тоже рубль.
Фариза: Аға… Ақын партияда бола ала ма?
Мұқағали: Жоқ! Ақын қолшоқпар бола алмайды.
Фариза: Ақын билікке келе ала ма?
Мұқағали: Жоқ! Ажал айдап келмесе… биліктің оған керегі жоқ. Бірақ … билікке ақын керек, қызталақ!
Фариза: Өз дауысым, өз үнім өзіме қымбат. Біреудің ойы болғым келмейді, бөтеннің дауысы, сөзі болғым келмейді. Өлең маған қасіреттің қамыты болмаса екен, Өлең бойыма жын болып қонбаса екен.
(Күңгірт. Фариза жалғыз).
Фариза: Өлеңді өзіңе ал да, мені өзіме қайтар. Мен ғашықпын… Өнер үшін құрбан болғандарға Өнер ақы төлемейді екен. Өнер олардың кім екенін де білмейді екен. Өнерге сен керек емессің, өнер саған керек екен. Сен қалмайды екенсің ӨНЕР қалады екен. Сені танымайды да, білмейді де екен. Өнер ғана танылады екен. Ендеше өнердің маған керегі не. Мен неге жар сүйемеймін өліп-өшіп, құлап- құшып?… Бала сүйем!!!
Сәби сүйгім келеді. Ұғасыз ба?
Ұл асыл ма, сіздің ше, жыр асыл ма?
Жастығымның, жанымның айқайы бар
Қасіретім көмкерген мына сырда,
Көтерер ем ұятын, күнәсын да.
Сәби сүйгім келеді. Ұғасыз ба?
Өмір атты осынау қара жолдың
Қара құрым бойынан дана көрдім.
Кәрі көрдім, жас көрдім, елден бұрын
Қасіреттен қайысқан сана көрдім,
Сезім кешкім келеді түңілмейтін,
өкінбейтін. Келер ме маған ол күн?
Сәби сүйгім келеді. Ұғасыз ба?
Мұқағалидың дауысы: (Фариза естіп отыр).
Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Мына өмірден хабарсыз, жаңа туған
От та болғым келмейді!
Жылуым бар
Жылуым бар керекпе жылыныңдар.
Әлди болғым келеді, әлди болғым-
Күн сәулесі ойнақтап тұлымында,
Отыратын анасы құлынымдап.
Қанаттанып өмірге ұшарымда,
Кесілмесін бәрібір тұсауым да.
Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Сәбиі жоқ ананың құшағында.
Тар бесігі – кең жаһан тарылмаған,
Біреуге бар, біреуге тарылмаған, –
Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Ана сүті аузынан арылмаған.
Фариза: Өлең!!! Көктен түскен өлең, осылай жосылады. Көктен түскен өлең ғана иесіне дәл осылай сорғалап құйылады. Саған өлең көктен түседі, білемісің осыны… «Құс та болғым келмейді! Қанатым бар. Қанатым бар күмістен жаратылған» О, Мұқағали! Өлең саған нұр болып құйылғанда қандай күйде боласың?… Нұр шығар сені ләззәтқа бөлеп мас қылған. Сен ұлы АҚЫНСЫҢ!!!
Кемпір: Рас! Мойындалмаған ұлы ақын. Бірақ ұлылығын таныды бұ жұрт. Сен де таныдың. Дара!!! Дара да дос болмайды. Досы жоқ оның. Бәрі бірігіп Мұқағалиды сатады. Сен де… сатасың!
Фариза: Мен де… Мұқағалиды?… Қалай?.. Мұқағалимен дос болып үлгергем жоқ.
Кемпір: Сен дос емессің, бірақ ол сенімен дос…
Фариза: А…а…?
Кемпір: Сенде де дос болмайды. Түбі сен де жалғыз қаларсың. Сені де… сатып тынар.
Екінші перде
(Фариза. Хатшы қыз. Фаризаға хаттар әкеліп қояды. Хаттарды қарап отырып, өзгешелеуіне назар салады).
Дауыс: Фариза, Фаризажан, Фариза қыз…
(Фариза асығыс. Хатты тастай салады да шыға жөнеледі. Ерсілі қарсылы жүріп жатқан адамдар. Қара-құрым адамдар арасынан дауыстар алма-кезек, Фариза асығып, жүгіре басып ентелеп келеді).
Дауыс: Мұқағали сізге хат жазыпты. Хатты алды ма екен деп мазасызданып отыр.
Фариза: Бакуге ұшып барамын. Келген соң хабарласамын, сәлем айтыңдар.
Дауыс: Мұқағалидың хәлі мүшкіл деседі, емханаға түсіпті. Сізге сәлем айтыпты.
Фариза: Мәскеуге жүріп барамын. Келгенде кіріп шығармын.
Әйел ақын: Түнде Лашын хабарласты. Фаризаны сұрап жатыр, Мұқағалидың мазасы жоқ, дейді.
Фариза: Елден хабар келіп, жеделдетіп жолға шықтым! Келген бойда міндетті түрде, міндетті түрде Мұқаңа кіріп шығамын!
Мұқағали:
Санаулы менің сағатым,
Санаулы менің күн айым.
Асығам қалмай тағатым,
Асықпай қайтіп шыдайын.
Шау тарта жаным бастады-ау,
Айларды қуып жылдарым,
Айтылмай қалса масқара-ау,
Ашылмай жүрген сырларым.
Күні ертең өліп кетердей,
Жастыққа қорқа бас қойдым.
Өмірім босқа өтер ме ей,
Өруін таппай таспа ойдың?!
Күндер-ау, күндер, көктемдер,
Қасымнан менің кетпеңдер?!
Әуелде неге жараттың,
Көпсінсең мені Көк пен Жер?!
(Ерсілі-қарсылы жүріп жатқан адамдар. Қара-құрым адамдар арасынан дауыстар алма-кезек).
Дауыс: Ақын өтті өмірден.
Әйел ақын: Тек!
Дауыс: Ақын көшті, жалғаннан
Дауыс: Ақын кетті келмеске!
Дауыс: Мұқағали… Мұхамедқали өтті өмірден.
Дауыс: (арнайы хабар) Мұқағали Мақатаев дүние салды.
Фариза: Азабын-ай, мына күйдің, өкініштен өртендім. Неге бұлай?.. Қол созғанға мойын бұрмай, иілгенге икем таппай, қара жаяу қалғаным. Өтініш пен өкінішті ести алмай бұғып тұрмын. Құрып тұрмын, ұялып. Өтеріңді дүниеден білсем егер, болар едім жаныңда. Қалар едім, қасыңда. О, ұлы ақын!
Кемпір: Қуанармысың, жұбанармысың?..
Фариза: Қуаныштың көркі жоқ, жұбаныштың жолы жатыр. Айырықта тұр тағдырым.
Кемпір: Тек, жаман ойдан оңаша бол, сүйінші бар! Сүйінші!
Фариза: Сүйінші?..
Кемпір: Атақ-даңққа ұсынады өзіңді. Ұлан-ғайыр махабатқа, марапатқа дайын бол. Сонан кейін көзге тиген қамшыдай жасқап алып, бұғаулайды өзіңді.
Фариза: Кім?..
Кемпір: Жасқап-жасқап лаулап жанған өрт ішіне тастайды. Шу шығады әуелі. У шығады тілдерден. Көнуің керек осыған.
Фариза: Атақ! Даңқ! Махаббат пен марапат!!! (Рахаттана күледі) Кейбіреулер жерден іздеп, көктен сұрап, үй ішінен үй тігіп, сөз артынан сөз құрап таңдамай ма осыны? Атақ! Даңқ! Маңдайыма бұйырғаны осы-ақ па?
Кемпір: Аз ба, саған?
Фариза: Жар сүйер ем жан түсінер… Бала құшып, бауырымды жылытар ем…
Кемпір: Жоқ!!! Құбыла қаласың! Уәде қайда әуелгі. Саған жар жоқ! Байлық та жоқ, аста-төк. Бұ жалғанда Өлең ғана – жалғызың!
(Сырахана. Гу-гу… ығы-жығы… Темекі тартып, өлең оқығандар, сыраға масайғандар. 1-Ақын мен 2-Ақын сыраханаға кіреді).
Белгісіз: Мына екеуін қара! (Белгісіз ортасынан сытылып екеуіне қарай жүреді.)
2-Ақын: Оқыдың ба?.. Мұқағалиды сыйлыққа лайық деп тауыпты.
1-Ақын: Күн шыжып тұр. Сап-салқын сыра! Ыстық күн! Көрдің бе, нағыз поэзия осылай туады. «Күн шыжып тұр. Сап-салқын сыра! Ыстық күн!» Ғажап!!!
2-Ақын: Мемлекеттік сыйлыққа ұсынып жатыр дейді.
1-Ақын: Естідім, естідім…
2-Ақын: Дұрыс емес! Орталық комитетке арыз түсіру керек.
Белгісіз: Иә… Екеуің ыбыр-сыбыр бола қалыпсың. Ұялас иттей! Не бүлдірмекке ақылдасып отырсың?
1-Ақын: Сені кім шақырды? Аяққа оралғы болмай аулақ кет!
Белгісіз: Ергежейлі… екі ергежей! Мұқағалидың түбіне жеттіңдер. Тойлап жүрген шығарсың ?..
2-Ақын: Доғар! Жетеді!! Жағыңды айырып …
1-Ақын: Ей, «гений!» Жалтырат табаныңды!
Белгісіз: (қолында сырасы, бәлкім масаң ) Мұқағали бір-ақ рет өлді, ал сен екеуің күнде өлесің. Мұқағалидың аты аталған сайын өлесің. Абырой-даңқы артқан сайын өлесің! Екеуіңе күн жоқ! Біттің! (ішегі қатып күледі) Екеуің біттің, екеуің күнде өлесің. Екі ергежей!!!
2-Ақын: Жұрт еліріп алыпты. Мұқағали, Мұқағали, Мұқағали… Бірінің аузына бірі түкіргендей қазақта басқа ақын жоқ сияқты.
1-Ақын: Кедергі жасау керек!
2-Ақын: Маған да осы ой келді. Сыйлықтан тайдырту керек. Жібермеу керек!
Әйел ақын: Орталық комитет Фаризаның кандидатурасын ұсынсын депті.
2-Ақын: Орайы келіп тұр. Осыған тоқтау керек. Мұқағалиды тізімнен шығарып тастап, Фаризаны ұсынамыз.
1-Ақын: Фариза сыйлықты таңдайды. Сыйлық бағы ма, соры ма тас маңдайынан көрсін.
Әйел ақын: Қызық болайын деп тұр ғой.
2-Ақын: Шыжық болады Фаризаң!
(Ерсілі-қарсылы адамдар. Дауыстар. Екпіндеген, өзеуреген алма-кезек дауыстар).
Дауыс: Әй, мынауың адам емес екен…
Дауыс: Мұқағалидың орнына мен лайықпын депті.
Дауыс: Қалай?… Мұқағалиды сыйлыққа ұсынған өзі.
Дауыс: Бұ сыйлық өлгендердің сыйлығы емес, тірі адам лайық депті.
Дауыс: Қойшы-ей, рас сөйдеп пе, ей?
Дауыс: Бәсе, Бәсе! Мұқағалиды мақтап қайтсін. Мақтаса өзі көлеңкеде қалады.
Дауыс: Мұқағали хәл үстінде жатқанда да бармапты.
Дауыс: Иә. Ол енді рас! Бармаған!
Дауыс: Бірнеше рет шақыртыпты.
Дауыс: Бармапты.
Дауыс: Міз бақпаған. Бармай қойған. Қатыгез!
Фариза: (дауыстарды естіп тұр). Жә! Жетер енді! Жалған! Бәрі жалған!!! Ақталсын дейтін шығарсыңдар! Датталсын деген шығарсыңдар! Таразының басына тағдырымды қойыпсың.
Дауыс:
Сатқын! Сатқынсың сен!
Фариза: Ақиқаттан бәрің де бездіңдер ме,
Бездіңдер ме бой беріп ез күндерге?
Қажеті жоқ сылтаудың, ақталудың –
Көздеріңнен барлығын сездім мен де.
Дауыс: Сатқынсың! Көлгірсіме, сайқал!
Фариза: Осындайдан туады кек те, міне
Озбырлығын жайып сап беттеріне
әділдігін айтуға, тым болмаса,
біреуіңе батылдық жетпеді ме?
Дауыс: Әшкере болды пиғылың.
Фариза: Шындықты айтсаң, шаба ма сол тақсырлар,
Жорта шыншыл сендер де, жорта ақсыңдар!
Ақиқатты айтпаудың өзі – қылмыс,
Сол қылмысқа сендер де ортақсыңдар!
Дауыс: Білгенбіз!
Дауыс: Мұқағали ұлы ақын! Ал сен…
Дауыс: Сен бе, тфу! Сен әншейін…
Фариза:
Мен ешкімнің биігін құлатпадым,
Қарайсыңдар күмілжіп бірақ бәрің.
Тымырсыған тірліктер тыпырлайды,
Сіңіре алмай адалдық шуақтарын.
(Кемпір көрінеді)
Фариза: Келгенбісің, ұзақ күттім. Айтқаныңның айдан анық келетіні қалай?.. Жала да жабылды, нала да болдым. Қорқыныш та, кек те жоқ. Ендігі жырым, ендігі күнім не болмақ? Білсең айт!
Кемпір: Атақ пен даңқ арманың болды.
Фариза: Жоқ, бұл жолы мүлт кеттің. Атақ пен даңқтың болғанын жек көрмедім. Бірақ мендегі арман бұл емес.
Кемпір: Білем… Не айтарыңды да білемін.
Фариза: Білсең айтшы!!!
Кемпір: Сен армандап алас ұрған, АЗАМАТ… Оған ешкім қол жеткізе алмаған. Таңдауды өзі жасайды.. Тым көрікті… (кемпір теріс қарайды).
Фариза: Көңілің салғырт, күйзеліп тұрсың?
Кемпір: Қарасаң көзің талар, ұмтылсаң төзімің таусылар. Өзі келеді алдыңа. Сұлулығына тілің байланар. Жолыңды қанша күтсе де оған бұйрық болмаған.
Фариза: Не дейд?… Қой әрі! Не айтып кеттің. Не сен алжыдың, не мен алжыдым.
Кемпір: Кездесудің жолын өзі табады. Паң, тәкаппар! Айтқанынан қайтпайды. Ол маған да, саған да мұқтаж емес. Келісімге көне қоятын, билікті тыңдай қоятын ол мен де емес, сен де емес.
Фариза: Патша ағзамның өзі болды ендеше.
Кемпір: (рахаттана күледі) Патша… О, Феруза! Ақылдысың, шапшаңсың, сергексің! Ол сенің ғана патшаң. Саған әмірін жүргізбек. Енді сен соның құзырындасың.
Фариза: Қара тастай қатал едің, жіби бастапсың тәйірі. Жұмсарыпсың…
Кемпір: Қоштаспаққа бел будым. Сенің қиқар мінезіңе қызығып, сенің іңкәр сезіміңе үңілдім. Асау мінезіңе, тұсау бола алмай шаршадым.
Фариза: Қой! Бұйрығыңды бұлжытпай орындаттың. Билігіңді жүргіздің.
Кемпір: Менің кім екенімді неге сұрамайсың?
Фариза: Қорқатынмын. Тым қаталсың. Өңменімнен өтетін көзің де, сөзің де мірдің оғындай жаныма қадалатын. Оның үстіне кешірімің де, келісімің де шамалы. Ренжіме бірақ… Ал жарайды, сұрап көрейін. Расында осы сен кімсің?…
Кемпір: Фаризамын!!!
Фариза: Қалай?… Аттас екенбіз онда.
Кемпір: Аттасың емеспін. Оңғарсынның Фаризасымын.
Фариза: Солай ма еді… бір бәлені сезетінмін, ТАҒДЫРЫМ!!! Билігіңе көндіріпсің, тағдырым! Айтқаныңа жүргізіпсің, тағдырым. Енді соңымда қаламысың, әлде менен бұрын озамысың? Қайда барасың, тағдырым!!!
Үшінші перде
(Фариза қартайған. Ажал алдында. Мұқағалидың дауысын естиді.).
Мұқағали:
Батар түн,
Келер күн,
Атар таң,
Шығар күн,
Бәріңе, бәріңе, бәріңе құмармын!
Осы мен,
Осылай мәңгілік тұрармын,
Осы мен, сірә да, өлмейтін шығармын!
Жақындық сезінем –
Жерден де аспаннан,
Жылылық сезінем –
Мұздардан, тастардан.
Фариза:
Ал мен алшақтық сезінем –
Бәрінен алшақтап барамын.
Жерден де аспаннан,
Суықтық сезінем –
Мұздардан, тастардан.
Мұқағали:
Өмірім, сірә да,
әріден басталған,
Әріден басталып, мәңгіге тасталған.
Осы, мен, өлмейтін шығармын,
Сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрармын.
Фариза:
Ал менің Өмірім, сірәда,
Тұйықта.
тұйықтан басталған,
тұйықтан басталып, тұйыққа тасталған.
Осы, мен, өлетін шығармын,
Сәл ғана мызғымай біржола мәңгіге көштін шығармын.
Мұқағали: Түрің құрсын, кәпір! Неғып қыңырайып, теріс сөйлеп отырсың. Тұр!!! Тұр!!!
Фариза: Тұруға мұршам жоқ. Өліп қалды деп естіп ем, бар екенсіз ғой.
(Есік ашылғандай. Әлдебіреу енгендей болады).
Жалғызбысыз? Жаныңызда біреу бар ма?..
(Мұқағали көрінбейді, оның орнында жап-жас көрікті жігіт).
Фариза: Ау, қалқам! Аманбысың! Кірмеймісің, ұяласың несіне?
Жігіт: Аманбысыз, қайырлы болсын кездесу!
Фариза: Қайырлы болғай?… Қайырлы болғай… Босағада тұрмағын. Төрлет! Төрлет! Төрге шық! Ұялшақпысың немене?..
Жігіт: Ақын қыз, сенсіз менің – көзім жас, мұңым – қалың,
Өзіңді іздеп сенделдім, шырылдадым.
Фариза: Сен бе едің?.. Келеді деген, тағдырым. Өзіңбісің? Жетіпсің-ау, жарығым… Қалдырмаймысың қапыда?..
Жігіт: Қурап ұшып кеткендей гүлің бақтан. Бұл қандай күш? Ұмтылып мені күткен. Мен?… Жолыққанда қорғана ма деп едім, кездескенде зарлана ма деп едім. Жібек торда шырылдаған жарығым!
Фариза: Бәрекелді!!! Ендеше мен жасанып, жалын ұрам. Күткенім рас, Ханзада! Күткенім рас!!! (орнынан тұрмақ болады, басы айналып кеткендей әлсірейді). Кешірерсің. Жаратылып жиналам, қомданамын шырқау үшін биікке. Айтпақшы тастағанмын, бас тартқам. Қара өлеңді қалдырғанмын қара жолдың бойына. Кел, жақында! Күткенім сен!!! (шешіне бастайды)
Жігіт: Ұялам…
Фариза: Ұяламын?.. Қартайып қалған шығармын… (өзін кінәлі сезінеді, қайтадан киіне бастайды)
Көрдіңіз бе – күлемін:
Менің әлі жасыған жоқ жігерім,
Мен өзімнің ақтығымды, пәктігімді білемін.
Сізге жалғыз тілегім…
Жігіт: (өзгере қалады) Маған тілек жүрмейді, әмірі жүреді Алланың!
Фариза:
Солай ма еді… Айтқаны келді тағдырдың.
Түйгенімді түртіп, жазып жүр едім –
Соны оқыңыз…
Сырлас едім үкімен,
Сіздің іздеп келгеніңіз… күтіп ем…
Күркілдеген өмірге енді түкірем.
Сізді күтіп жатыр еді жүрегім…
Сізден… іздеп… бір… емін…
Құмартып, жанұшырып жеткеніңіз рас болса, мен дайынмын. Құшағыңа тұншығып сыр бөлісем, жан бөлісем жарылып, тән бөлісем…
Жігіт: Ажалмын! Тіршіліктің тынысын аңдып баққан адамның періштесі боламын! АЖАЛ! АЖАЛ!!! Бұрын-соңды естіп пе едің? Естіп пе едің… Ажал атын естіп пе едің …(Фаризаны бас салып құшақтайды)
Фариза:
Алғашқыда, сізді көріп құлағам:
Бар екен деп мені ұғатын бір адам.
Көзіңізді мұң тұнған,
өзіңізді сыр тұнған,
Ажал деп емес, ханзадам…
Жаныңызды тор астында бұлқынған
Елестетіп елжірегем, жылағам.
Жүруші едім қирағандай бұғанам.
Сіз бар-ау деп – запы болған жанымды
Баурап алды тіршілікке құмарлық.
Жігіт: Жетер! Болар… Кібіртіктеу – құтылудың амалы. Ақын да емес керегі, қатын да емес. Жаның керек, елжіреген! Жаның керек, мейірімге ұйыған! Жаны керек, былқылдаған денені сиқырлы сөз, сұлу үнмен алдаған.
Фариза: Жанымды жаныңа жалға ХАНЗАДА!!! Рас. Ажал екенсің. ХАНЗАДА…. О, жоқ! Көнбедім. Көну – Қиянат!
Жігіт: Көнбеу де Қиянат, Фариза.
Фариза: Көндім… Епті екенсің!
Жігіт: Көнбеске шараң қайсы.
Фариза: О, жоқ! Көне алмаспын күйреуге. Көне алмаспын.
Жігіт: Қоштасу керек, қоштасу…
Фариза: Тұңғиықтың түбіне жұтылып кетті мың-сан ой.
Жігіт: Құдірет күшті!!! Әмірі одан да күшті!!! Тең келмес сірә, мың-сан ой.
Фариза: Жоқ, қаламын. Қалатын болды, шешімім. Шаруаларың болмасын! Жылжымаймын еш жаққа!
Кемпір: Қалатын мен, Фариза! Кететін – Сен! Өлім – Ақиқат! Тіршілік – Уәжиб, Фариза!
Фариза: Осында ма едің?.. Келгенің қалай, адаспай… Сен сонда мәңгілікпісің, тағдырым?… Жеңіліп тұрып – жеңдім деп ем, жеңіп тұрып – жеңілгенімді көрдің.
Кемпір: Сен көшіп барасың. Мен қалып барамын Фариза.
Фариза: Мен емес, дүниенің көші өтіп барады. ДҮНИЕ КӨШТІ… Уысымнан шығып барады жұмыр жер. Көз алдымнан көшім өтіп барады…
Кемпір: Тайқы маңдайдан табаның тайып барады.
Фариза: Қандай қатал едің… …
Кемпір: Күміс қанат бір нәзік құс шырылдайды төбеңде. Көремісің?..
Фариза: Кетші әрі… Қані?.. Көре алмадым. Көрмедім… Бір ғана тілегім …
Жігіт: Тыңдамайды, естімейді сені ешкім.
Кемпір: Сұлулықтан секем алма!
Фариза: Кетші әрі! Секем алсам не болыпты.
Кемпір: Секем алма! Қорықпа! Арманға лайық ақын қыз.
Фариза: Бұл жолғы сөзің шын. Арманға лайық болдым. Қайран дүние, кең едің қандай… Бармаймын! Кететін ой менде жоқ!
Ғарыштың үні – ЖҰМБАҒЫМ… Жер сыңсыды, жарықтық. Естимісің, ЖЕР!.. Топырағы көтеріліп, уілдей ме, қайтеді?.. Бару керек!.. Кету керек ендеше. Жұтылып барады дүния, кету керек ендеше… Жұтылып?..
Қайран дүние, кең едің маған, сен неге бүгін тар болдың?
Қасірет шегіп, кешегі мөлдір күлкіме де мен зар болдым.
Аңсаумен жүрген асқар тауым менің құлады,
Құрғады мәңгі сылдырап аққан бұлағы.
Дархан дүние қызығыңды маған қимадың
Қимайтының бар, өрлікті неге сыйладың
Әділетсіз мынау дүниеден енді алаулап күйіп барамын,
Тұңғиығыңды құшсам, жанымның өртін басар ма?!
Қартаюды білмес толқындар сенде жасайды-ау, шіркін мәңгілік!
Қош, елім, қош бол, қазақтың байтақ өлкесі,
Қиянат қысқан заманнан мынау мен кетіп барам сор кешіп…
Кемпір: (Қимай тұр). Бәлкім сен тірілерсің, жұмыр жердің паш етіп мәңгілігін?..
Фариза: Енді өлемін. Айналам топыраққа, Естімейтін боламын ештеңені. Күлкісін сүйіктімнің, ысқырған желдің үнін, естімеймін үстінен қабірімнің толқын ба әлде адам ба жүгірген кім?
Кемпір: Бәрі де өткен фәниден, бәрі де кеткен. Мықтыға да ажалдың әлі жеткен. Таңдамайды жынысын, бай, жарлыны, Өлім шіркін осындай әділет пе ең.
Соңы
Комментарий (1)
Абылаева Ақтолқынговорит
05.02.2024в07:18Керемет