ЖАЛҒЫЗ ӨМІР СҮРЕ АЛМАЙ…

Нұрғали РАХАЕВ

Жұматай мен Есенқұл
ақындардың рухына арналады…

Ұзынағаш тиіп тұрған жер болса да, ару қаладағы ақын-жазушылардың ортасындағы пікір додасының қан базарында шомылып жүрсем деген ой жатса да, тұрса да ойынан шықпайтын. Көңіл түкпіріндегі негізгі кітабын да сол жерде жүріп жазсам деген ойдың сұлбасы қылаң бергелі қашан!.. Айтыстың алаңында ширек ғасырдай жүрсе де, сылаң қаққан арман қала өзіне тартуын қоймады. Шәмші, Төлеген, Жұмекен жүрген жер, Асқар көсілген одақ, Мұқағали жыр оқыған бақ…
Жаныңның пернесін дөп басып, жүрегіңнің нәзік қылын шерте жөнелетін Мұқағали жырлары қандай! Қарапайым ғана сөздерден үлкен ой түйетін ақын өлеңдері жасынан жанына тым жақын еді. Әшейін бір күнделікті қолданыста жүрген сөздерді иіріп әкеліп, мазмұны терең пәлсапалы ойға жетектете салғанда, япыр-ау, мынау менің ойыма қалай келмеген деген тақуа қызғаныштың жетегіне еріп сала беретін.
Алтын да, алмас та емес жалтылдаған,
Бір сый бар, Аға, саған тартылмаған.
Ұрпақтар аңыз етіп айтып жүрер,
Сыйдан да он есе артық даңқың маған.
Баһадүр Бауыржанға қимаған Кеңес Одағының Батыры деген атақтан осы жалғыз шумақты жоғары санайтын. Зуылдатып оқып шықсаң жазылуы оп-оңай сияқты, ал түбіне үңілсең тұңғиық! Айшықты теңеу, соқталы сөз, күрделі ұйқас, астарлы ойдан ада бола тұра – шыңырау. Жай ғана тірлікте қолданып жүрген қарабайыр қазақы тіркестер, бейне кірпіші жік-жігімен қаланған ғимарат, орын ауыстырсаң қиуын кетіріп, қиратып алғандайсың. Соншама жұпыны бола тұра, оқуға да жеңіл, оқырманға да ұғынықты. Ал:
Есерлік естен кетпес жасыңдағы,
Бақытты білу қиын басыңдағы.
Ерттеулі белдеудегі бедеу аттай,
Ініңнің қадірін біл қасыңдағы… – дегені ше?
Тура өзіне арналғандай… Қандай жанға жақын… Ғажап емес пе? Өлеңдерінің әнге де сұранып тұрғаны содан болар.
…Қалаға алғаш келген айларда ақын жайындағы қолайсыз әңгіменің куәсі болғаны бар. Қай жазушының мерейтойы екені есінде жоқ, тойдың ортасындағы үзілісте бір топ қаламгерлермен сыртта тұрған. Жасының үлкендігін арқаланды ма, жоқ әлде мансабын малдану ма, әйтеуір аттылыға жол, ауыздыға сөз бермей, бәріне төрелік айтып, тізгінді қолына алған сақа ақын Мұқағали туралы оң лепес айтыла қалып еді – баж етіп, шақар айғырдай шатынап шыға келмесі бар ма:
– Өй, қашанғы дәріптей бересіңдер, қойыңдаршы! Соны да сөз етіп… Ішіп-тышып жүргендегі жазған шатпақтары кімге дәрі?..
Ызғары көкірек қаритын сөзден жүрегі атқақтай соғып, үстіне мұздай су шашып жібергендей дір ете қалды. Яйпыр-ау, ақынға арналған шараның өткеніне ай да өткен жоқ қой! Сол жиында: «Күпі киген қара өлеңге шекпен жапқан хас шебер, қамшы салдырмас өрен жүйрік», – деп сілтеген ақын ағасының мына сөзі, «әдеби ортам» деп келген мөлдір шықтай мүбәрак көңілін сап басып, жан жүйесін сырқырата, кеңсірігін қақ айыра дуылдатып жіберген.
«О, тоба! Ақын-жазушылар бас қосқан күллі қауымның көзінше айтқаны ұпай жинау үшін айтылған жалған көлгірсу болғаны ма сонда? Ел танитын, сөз ұстаған адамның көпе-көрнеу ғайбатқа барып, екі сөйлегені несі? Мұндай да ашадды аярлық болады екен-ау!? Ағалығына жараспайтын жалғандық адамдық келбетіне селкеу түсіретінін қалам ұстаған қауашағы безбендей алмаған бейшара, әпсәтте ар мен ұятқа у қақырығын шаша салды. Соншама құлдырап, етекке түсетіндей не күн туды басына? Іш мерездің ішінде ібіліс өліп жатса да білмейді екенсің-ау…»
Өзгенің тамшыдай жақсы ісіне қуана білетін иманмен тамырлас тілекші ұғымға әп-сәтте зымиян аярлықтың кебіні кигізілді. Бөгде, тіптен атын да естімеген ақынның жақсы өлеңін жаттап алып, астарлы ой, әйбат ұйқасына балаша қуанып жүретін Есенқұл жер жарылып жік шығып, аспан айырылып Мәді түскендей таң. Ақын-жазушылардың қайнаған ортасындағы қызған көріктің сынына шыжғырылып, диірмен тасына түсіп ысылам, тұма ойдың кәусарынан жыр суарам деп келгенде, жәдігөй іштарлық пен сасық күншілдіктің куәсі болам деп әсте ойламаған. Күншіл күңіренгіш – әлгінің сөзін көп қараудың кезекті сәпірігіне балай салуға да болар еді, алайда Мұқаңның көзін көріп, қоян қолтық араласқан егде жазушының: «Тәйт, ары! Кешегі айтқаның анау, бүгінгің не сандырақ?» деп әділін айтып, арашаға жарамаған бейопа нәмәрттігі, жанының түкпіріндегі бейкүнә бозторғайды шырылдатып жіберді…
«Әй, есіл дағы, нәсілі зат ағам-ай!.. Қарасаздан салып ұшып келгенде, адалдыққа ара тұрар арағайындықты әлдеқашан адыра қалдырған қаланың міз бақпайтын, мейірімнен жұрдай без бет тіршілігі сіресе қарсы алып, аппақ қардай бейуаз көңіліңнің көзесін күлпаршалап, сол сұрбеттенген қалпы жүйкеңді – жүн, жігеріңді – құм етіп, нәзік жаныңды аяусыз-ақ паршалағанын енді ұққандаймын…»

***
…Несін айтасың, айтыстың тікенек тілді сары тентегі атанған «шақпа» ақынды, Жұматай ағасының «Қағанаты» жатсынбай-ақ қабылдады.
– Ой, пәлі! «Ақынға қара сөзден өлең оңай, балыққа таяз судан терең оңай» деген, сабазбысың? – деп ежелден танитын адамдарша арқа-жарқа, құшақ жая қарсы алған. Осылай біраз уақыт Алматыны армансыз-ақ шарлады. Кездесулерге қатысты, өлеңдерін оқыды. Ақын ағаларын жағалап жүріп дос тапты, таныс арттырды, тіпті ағайын да тапты. Әсіресе:
Қасы да керік, қара алмас кездік-ай қабақ,
Мойныңа жұқа, алқызыл шарф байлап ап…
Алаулап жүзің, аса бір асқақ сезіммен,
Алыстау тұрдың, көзқарасыңмен аймалап…
– деп жырлаған Жұматайдай сыршыл сезімнің жыршысымен тонның ішкі бауындай араласып, бүкпесіз сырласатын халге жеткеніне құмбыл разы еді. Суға зар шөлдегі шытырдай, мұңын шағар іні-дос тапқанына қуанған ол да «көк шыққанға бір қуанған, шөп шыққанға бір қуанған» сәбидей аңқылдаған айтыстың төкпе шайырына бар ынта ықыласымен құлай беріліп, сырлас аға-досына айналды. Мінез бен сөздің терең сүзгісінен кейін «Қағанаттың» Илхамы – Қажытай ағаның сынақ-тезінен өтіп, мүшелікке қабылданғанда Жаһандық Жазушылар Ұйымына кіргендей әсерде жүрді.
Басын дауға берсе де, жолдасын жауға бермейтін «Қағанаттың» белді мүшелері – Жұмекен, Мейірхан, Әбубәкір, Светқали, Есенғали, Бауыржан болып кете баратын кілең сайдың тасындай іріктелген сарабдал нояндар тосырқамай-ақ қосынға қосты. Сөз өнерінің киесін бар бәденімен сезінген архитипі жоғары жампоз ақындар тектілігіне сай, пендешіл мінезден әманда биік тұратын.
«Жақсы екен деп жүрерсің, күнің түскенде білерсің» дегендей, өзі куә болған әдеби ортадағы жазарман қауым туралы бұлай айта алмас еді: дос – егіз, дұшпан сегіз екен. Ақындыққа тікелей бетін бұрғызып, Темірқазығы болған ақын төңірегіндегі керағар пікірлер аңғал санасын абдыратып тастады.
«Ішіп жүріп Одақтан шығып кеткенде мен алып қалғанмын»;
«Талай мәрте шараппен сыйлап, қарызын өтегенмін»;
«Кітаптары мен болмағанда жарық көрмейтін еді»… тағысын тағы кілең «жарылқап» тастаған кербақ әңгімелер. Бейне бұлар болмағанда Ақын бейшараның шығармашылығы қараң қалғандай екен… Тәубе жоғалғанда, тәкаппарлық төрге шығады – түсінгені: төсін қаққанда деміне нан пісетін ақ парақ кемірген «классиктер» де алдына түскенді өмірі кешіре алмайтын, қуыс кеуде пенде екен.
Қаламгерлер бас қосқан шағын ортада «пәленшенің соңғы өлеңі мынадай, ана өлеңі шедевр», «түгеншенің әңгімелері тұшымды» деген сықылды таза сын болмаса да, сөз арасында талдай пікір айтып, ойларын ортаға салу орнына, «ана орынға кім барады», «мына постың адамы бар», «анау одашыл», «мынау сарай ақыны» деген сықылды дүниауй қысыр әңгіменің шоғын қыздырған бейшара пендешіліктерін тіптен қабылдай алмады.
…Қалаға келгеніне едәуір уақыт болса да, у-дуға толы қала шуылына үйренісе алмай, әдеби ортаға да кіріге алмай жүрген. Жазушылар одағының алдында ұйыса иіріліп тұрған ақын-жазушыларға қосылған. Амандасып болғасын «Қағанатта» өткен қызу талқының от екпінімен Жұматайдың жаңа шыққан «Шұғынық гүл төркіні» деген кітабы туралы сөз өрбіткен.
– Тыңдаңыздаршы, мына шумақтағы маржандай теңеулер қазақы сөз саптаудың озық үлгісі деуге болады:
«Алдынан сөре, артынан қиқу таянса,
Бұзау тіс қамшы бұтынан шақса шаянша.
Құла жирен ат құйқылжып шығып баянша,
Құла бір дөнен құлдырар еді қоянша…»
– Керемет емес пе, ә? Байқайсыздар ма, дүлдүл Ілиястың Құлагерінің дүбірі естілгендей.., – деген кітаптың әсерінен шыға алмай.
Құптайтындарына шүбһәсіз сенген. Қателесіпті, қоштау түгілі, оқымаған да! Кенет әдеби оқу құралдарына өлеңдері еніп жүрген киімі қанттай, өзі жұнттай ақбас ақын «мынау не тантып тұр» дегендей адырая қарады да:
– Әрненің басын бір шатып, осы бала-ақ Әмериканы ашады да жүреді… «Шұғынығына» бәле бар ма?.. – деді міз бақпай.
Өлең сөздің ақсүйегіне айтылған мына сөз жүрегіне қанжардай қадалып, бауырын тілгілей осып өтті. Қайдағы бір кейуана-кезбенің қуанышына ортақтасып, тілеулес болып жүретін қазақы мәрт мінезден жұқана да қалмаған топқа:
…Жүрген соң күнде-күнде көзің көріп,
Таулардың биіктігі байқалмайды.
Бұ қазақ – өз жақсысын өзі өлтіріп,
Соңынан асын беріп, той тойлайды, – деп шағып алды да, сұмдығы – онға, қулығы –мыңға жететін тобырдың жанынан жыны алынған бақсыдай жылыстай берді. Сөзге тоқтайтын қазақты жебенің ұшына байлап, әлдеқашан жаһаннамға аттандырған шоғырдың:
– Е, бұ да балығы жоқ әуізден бақа іздеген «Қағанаттан» ба еді?..
– Шұқырдан шығып, құдыққа құлаған «сары шаян» ғой, – деген жымысқы сөздері құлағына еміс-еміс шалынып, артынша:
– Ха-ха-ха-лаған дарақы күлкіге көміліп қала берді.
Жаңа шығарманың дал-далын шығаратын көзі ашық, көкірегі ояу орта, көрігі бұрқылдап, балғасы сартылдап тұрған қайнаған орда деп келгендегі естімегі осы ма еді? Соноу бір Ғабеңдер бар кездегі қызу талқы, «соцреализм» шапанын жамылған сыни алқа бүгінде келмеске кеткендей… Ол кез бір алтын дәуір екен-ау…
Бөгде түгілі, жақын туысының да кемшілігін бетіне басып көрмеген бала мінез Есенқұлға қаламгерлер арасындағы суық аура қиын тиді. Мейірім көлінің аппақ айдынына әлде біреу тас атып, тұнығын лайлап кеткендей…
«Адам емессің… Ғұмыр бойы (ғұмыр бойы дейтіндей, ғұмырым кімге дәрі) жүрегіңнің төрінен орын беріп келген ақын туралы айтылған ғайбатқа да өткенде бір ауыз қарсы уәж айта алмадың… Бүгінгің мынау – бөріге арыстанның қаруын салатын кезде, бұғып қалдың. Дауға қалсаң да, сауға сұрамадың ба? Бір шумағыңды місе тұтып зып бердің… Жайымды сұрар ел қайда?.. Қайғымды сұрар ер қайда?.. – деген есіл ағалар-ай!.. Әй, мұзбалақ қырандарым-ай!..»
Ойы мен сойы өзге қос ақынды енді түсінгендей… Неге топтан саяқ, қатарластан жырақ жүрді десе… Шалыс басқан әр қадамын аңдыған топқа, ақынның сүрінгені – қалжа, құлағаны – олжа екен. Тапты жауабын – тірі піл жүз тіллә, өлген соң ғана – мың тіллә…
…Қайда бара жатқанын ми-санасы елеп екшер емес. Көкірегінде орын тепкен ашу ма, ыза ма, өзіне де белгісіз, алай-дүлей сапырылысқан ащы қыжыл жанына тыныштық бермеген күйі, Жұматайдың үйінің алдында тұрғанын бірақ бажайлады.
Алғаш Алматыға келгенде де осында түнеген. Сырласқан. Ұғысқан. Таң қалғаны – әлем әдебиетінен мол сусындаған ақын француз тіліне жетік боп шықты. Әрі кірпияз, әрі паң, әрі асқақ көрінетін ақынмен, «Ләйләсін» сырлы сезімнің жетегіне ергізген сырбаз шайырмен шер тарқатысқан. Талантты адам қайда да талантты – ғазалдықпен қабысуы қиын – пәлсапа, бейнелеу, матеметика, бокс, атбегілік, күйшілік, жыршылық секілді жеті өнерді бір басында тоғыстырған ақын достыққа да аппақ сүттей адал, тау тұмадай саф екен.
Жанына жақын тартатын ақынның есігінің алдында тұрғанына құйттай да таң қалмаған күйі, есікті қақпай ішке енген. Ақынның жары үйде екен. Қонақжай жеңгесі сол баяғы ақжарқын кейіпте қарсы алды.
– Оу, батырекесі, кел!.. Кел!.. Көрінбей кеттің ғой?..
Жаңа әлдегі сұмпайы әңгіменің ауанынан шыға алмаған, сүреңсіз халде табалдырықты аттаған.
– Не болған? Ұнжырғаң түсіп кетіпті…
– Қаған ағам жоқ па?..
– Қағаныңды мақтап-мақтап өмірінде бірінші рет дүкенге жұмсадым. Келіп қалады, кір үйге… Ойбай-ау, неге состиып тұрсың? Ауырып тұрғаннан саумысың өзің?..
– Жо-жоқ…
Ішке кіріп жайғасса да, жанын жаралаған сұрқия сөз ақыл есін матап, зейін-зердесін жаулап алған.
«Шұғынығына бәле бар ма?.. – деді-ау… Өткенін електен өткізе алмайтын, бүгінгісін әділ таразылай алмайтын өңкей кеще! Біле білсең, сол шұғынықтың собығы емес пе ашаршылықта талайды ажалдан арашалап қалған?..»
– Жеңеше, адамдар неге бір-біріне мейірімсіз?..
– Ай-шай жоқ, мына сұрағыңа жол болсын?
– Бірінің қуанышына бірі қуанбайтын, қатігез боп бара жатқанын айтам да…
– Ә, батырым, ұнжырғаң неге түсті десем… Енді түсінікті болды…
– Қуанбай-ақ қойсын, тым болмаса өз абыройы үшін сырттан ғайбат айтпаса да болады ғой…
– Ой-хой, деген! Сары бала-ау, қоя ғой енді… Сен де Алматыға алғаш келгендегі біздің кебімізді киген екенсің.
Осы кезде сыртқы есік айқара ашылып, бір құшақ кіршіксіз тазалықтың лебін әкелген Жұматай да аңқылдап кіріп келе жатты.
– Оу, айтыстың ақтаңгері, келіп қалған ба?
– Ассалаумағалейкум…
– Уағәлейкум… Уағәлейкумассалам…
Қою қара мұртының астындағы маржандай тістері жақұттай жарқыраған ақеділ ақын Есенқұлды құшағына көме берді.
– Енең сүйеді екен, Құдай жарылқап «скидкасы» бар еттің үстінен түспесім бар ма?!.
Киімін шешіп жайғасар-жайғаспас айтқан жаңалығы. Өмірінде бірінші рет дүкенге барғанымен ісі жоқ, мына қалпында тыстың тірлігін жайпап, үйдің ішін жайғап тастайтын кәнігі шаруақор дерсің. Толқын қара шашын артқа сілке қайырып:
– Ал, сары бала, төрге оз, қысылма. Не жаңалығың бар? Бүгінгі соғымға бергісіз мына еттің сорпасын ішіп, біраз шер тарқатайық, – деген бойы бастырмалатып барады. Бұл үнсіз именшектеп төрге озған.
– Табың болмай тұр ғой. Немене, біреу ренжітті ме?
– Е, баяғы басымыздан өткен құқай…
Бұл үшін Зайда жауап берген.
– Ә…ә… Таңдайы жарық, шешенім, алғашқы соққы екен ғой алғаның?.. Мұны «хук» дейді бокс тілінде.
«Әзілге айналдырғаны несі?»
– Нешауа… «Апперкотты» білмеген соң осылай болады… Бәрі өтеді… Керек десең менің өзім де сол «апперкоттан» гөрі дистанция сақтап, қашықтау жүріп, тіптен айналып кеткенді дұрыс көрем…
Жайыңды ұқса жалқы дос,
Жаныңда біреу қалмай ма?
Жалпының арзан бақытын,
Бермеген біздің маңдайға… – деген өзің емес пе едің?
– Жұмаға, мақұл делік. Ақ қағазға телмірген әп әжептеуір адамдардың күндестік пен бақастықтың шырмауында кеткені жанымды жаралайды да… Керек десеңіз сол әзиз ағаларды, өздеріңді сағынып келдім емес пе?
– Әй, аузын ашса, көмекейі көрінген аңғырт, бауырым-ай!.. Шын ақынның бағасын дұшпанының санына қарап та ажыратуға болады. Ақындық дертпен ауырдың екен – шыда. Жарға біткен жантақты жаннан безген нар жейді.
– Әуелі – өзім, сонан соң сенің сөзің дейтіндер, елдің жайын білмей тұрып, елбасының жағдайын сұрауға көшіпті…
– Дәл үстінен түстің. Дүниені адам болам дегендер емес, құдай болам дегендер бүлдіріп жатыр.
– Бүкірді қабір ғана түзетеді демексіз бе?
– Иә. Есіңде болсын, жемісі көп ағашқа тас та көп тиеді. Ал, мәрт мінезден айырылған еркектің, жібі сетінеген жомарттықтың, күншіл достардың көбеюінің тамыры түу тереңде — «злокачественный» обыр – патшаның оң қолы болған Тәңір атқыр Столыпиннің 1868-жылғы саяси әкімшілік реформасынан басталған.
– Тым алысқа ұзап кеткен жоқпыз ба?..
– Жоқ! Үш мың жылдан бері классикалық көшпелі өмір салтымен өмір сүріп келе жатқан қазақ даласына «болыс» сайлау науқанын кіргізді де, елдің ынтымағын шайқады.
– Жұмаға-ау, тіптен үш мың жылға кетіп қалдық қой!
– Айтпады деме, «үш мың жылдық» тарихымыз әлі-ақ мойындалады. Абыз-жыраулар мен әділ хандарымыз салған сара жолда мойнымыз үзілуге шақ қалса да, жұлыны берік жұрт екенбіз – аман келеміз. Өзі болғандай болмай-ақ қойсын – өзбек, қырғыз, түркімендерің өктем экспансияға төтеп, қалқан болғаны үшін қазақ міллетіне өле-өлгенше қарыздар.
Ақынның жанары өткір селебедей жарқ етті де, едәуір уақ ойға беріліп отырып қалды. Қою мұртын алақанымен жұмсақ сипаған күйі сөзін өлеңмен сабақтады:
… Бұл жалғанның жазы өтіп, күзі қалар,
Бізді де өмір сарғайтып үзіп алар.
Шаңда ойнаған баланың ізіндей боп,
Қисық, қыңыр ақынның ізі қалар…
– Неге екенін осы өлеңің сұмдық жаныма жақын… Мен де көбіне өзімнен үлкен тіпті, өзім қатарлыларға да көп қосыла бермейм… Жаратылысым солай ма, саяқ жүргенді ұнатам…
Ішкі дүниесін кемірген дәстепкі ойдан арыла алмай отырған Есенқұл:
– Кілең өз-өздерін «классик» санағандар… – деді екпінін тоқтата алмай.
– Санай берсін… Бәрібір ине өз тесігін өзі жамай алмайды.
– Таланттың жолын кесіп, аяғына тұсау салатыны анық.
– Сүйек жуушы адам мәйіттің не жұмаққа, не тозаққа барарына кепілдік бере алмайды, қанша жерден тұсау салса да талантты екшейтін олар емес.
– Дәл қазір құны жоқ болса да, шуы көп солардың дегені боп тұр…
– Диірменде туған тышқан, күннің күркірінен қорықпас болар – өзің де айтыста жүріп нешеме әділетсіздіктің куәсі болған шығарсың?
– Болды ғой ондайлар… Жолы болғыштармен текетіресу – қиынның қиыны…
– Әне… Өтіпті ғой басыңнан… Білуімше ақиқаттың алдаспаны болған ақпалығың үшін – «шақпа тілдің сары шаяны» атандың…
– Ол атты онша-мұнша атаққа айырбастамаймын…
– Дұрыс айтасың! Бұл атақ кім болса соған бұйырған Мемлекеттік сыйлықтан да жоғары – халқың берген ең биік награда.
– Рахмет, Жұмаға! Дегенмен айтыстағы жағдай мүлдем басқа…
– Басқалай болуы мүмкін емес. Жалған айтуға да жалпақ бет керек – үйінің төбесіне қарға қонбайтындармен бірге жүргім келмей, өздерің секілді жастармен жүргім келеді дедім ғой… – деген Жұматай аз кем мүдіріңкіреп қалды да, қуақылана:
– Біріншіден төр сенікі, екіншіден сөзің өтімді, – деді.
– Сол үшін ғана ма?
– Жоқ, әзіл ғой… Ең бастысы абың-күбіңнен ада, ойлаулары да өзгеше. «Өз тіліңді терең біл, өзге тілді құрметте» деген толқын өсіп келе жатыр. Иншалла, лайым тіл көзден аман болғай!..
– Жастарға сенгеніңіз жөн-ау, әйтсе де, қаупің қайдан болса – қатерің содан – тіліміз бен дәстүрімізге пысқырмайтын безбүйрек топ өсіп келе жатқанын да естен шығармаңыз.
– Оның рас, жасырған кеселді өлім әшкерелейді. «Мен қауіп қылғаннан айтамын» деген жырау бабалардың сезігі алдамайды. Ана тілінде тәрбие алмаған бала ынсапты емес, мансапты ойлайды. Міне гәп қайда!?
– Жанұясында адалдық пен тазалыққа шомылған бала ғана еліне опасыздық жасамайды дегіңіз келе ме?
– Әрине – жаман ұрықтан жақсы жеміс шығушы ма еді?.. «Әділдік жеңеді» дейтін пәлсапа менің ұғымымда басқаша реңк береді. Жақсыны жаман шідерлеп, дананы күншілдер тұтып, кісілікті пенделік жеңген заманда, Абай айтқан «кемел адам» санатына қосылуға талпынғандар тартар тауқыметтің жүгі – зіл батпан. Жұмекеннің «Ауырлығы табыттай, жеңілдігі көбіктей» дегенінде терең ой жатыр. Мәдениет пен өнер деуге келмейтін батыстың «көбіктей» жеңіл даңғазасының тасқын нөпіріне төтеп бере алар ма екенбіз? Жеке бастың күйкілігінен ұлттың тағдырын биік қойып, тіпті отбасын да құрбандыққа шалған – Әлихан секілді көсемге мұқтажбыз. Сол Әлихан мен Ахметтер бастаған зау шоғырдың, Құдайдың құдіретімен репрессиядан аман қалған Ғабеңдей аз шоғырдың қанатымен су сеуіп, мәпелеп өсірген миуалы бағын солдырмай алып қалар ма екенбіз? Бұл мені ғана емес «қазақ» десе ішкен асы бойына тарамайтын барша ойшыл машайықтың ішкі қасіреті. «Қағанатты» да толғандыратын осы ғазал, осы дерт… Тәңірім ең бірінші Асыл Нұрды жаратқан соң, Лауқы-Қаламды жаратқан. Лауқы – тағдыр, Қалам – жазу. Олай болса тағдырды тәпсірлейтін қаламға адал болмасаң – киесі ұрады.
– Қаламға адал рухани дүние адамдарының түбіне жеткен – сенгіштік. Сенгіштікті өз икеміне бейімдеп алғандардың жолы жүріп тұр.
– Бұл пікіріңді толық қуаттаймын. Адамгершілік пен ізгіліктің зымиян аярлықтың алдында әлсіз болуы – бейкүнә сенгіштігінде.
Күрең шайды дастарханға әкелген Зайда күле тіл қатқан:
– Әй, әділдіктің жоқшылары! Мына ағаңның әкелген етінің тең жартысы сүйек пен шандыр боп шықты.
Ұрлық үстінде ұсталған адамдай:
– Не дейт, тағы?.. – деген Жұматай тыпырлап қалды.
– Бәсе, қайдан ғана батпан құйрыққа кезіге қалды десем…
– Ойпыр-ай, ілулі тұрған сом етті көзбе-көз таразыға салдырдым ғой…
– Нақа сені алдамасам, етханада мен де істемес едім…
– Мүбада бір рет базарға барып ем, о да қайырсыз болды…
– Зердеңе түйіп ал – саудагер арын сатады, өтірікші жанын сатады.
– Саудагерде ар не қылсын?.. Мейлі кедейге күнжара да – алуа, әйтеуір қазанға бұйырғаны бар шығар?
Осы сәтте Есенқұл да шыдамай сөзге араласты:
– Жұмаға, міне, қасап екеш қасап та сенгіштігіңізді пайдаланды.
«Базаршының» шекесі жиырылыңқырап барып жазылып, әңгіме ауаны қай тұста тоқтағанын ойша мизанға салғандай бірауық көзін жұмды да, «қойшы соларды» дегендей іле сөзін ары қарай жалғады:
– Кезінде Сәбит, Мұхтар, Ғабит ағалардың арасында да айтыс-тартыс, дау-дамай өршіп тұрған. Жыланның көз жасын жалаған жылпостар таланттардың арасына ши жүгіртіп, бір-біріне айдап салып қыбы қана қызықтаған. Бірақ ол кісілердің даналығы – өздерінің пендешіл істеріне жастарды араластырмаған. Ал бүгінгі буынға ондай қасиет дарымаған. Әлгі «классикпіз» деп қоқиып жүргендер – тастаған шоғына жасты да, кәріне де араластырып, біреудің қайғысын қызықтауға құмар; тәліміне – кәрілігі сай емес; ал өзін ақиқатшыл санайтын айғайшылдар – таза бақай есеп, халтуршиктер.
– Сауатсыз молданың сәлдесі үлкен келеді дейсіз ғой…
– Иә. Ал дүрмек барда, даңғойлық та қатар жүреді… Қайсы бірін айта бересің… Көп қой… Тым көп… «Қалбаңдап қара қарғалар, қанаты барға мәз болар…» Өзің жырға қосқан қарғалардың қарқылдағанын жүрегіңе жақын ала берме – терең ойға биіктік бөгет бола алмайды!
– Ол мүмкін емес екен, Жұмаға. Әдеби әлемнің ордасы деп келгендегі періште көңілді алдай алмайды екенсің…
– Ішіне қыл айналмайтындар сырты күжірейгенімен, өз бәсін біледі. Қара халықтың мәдениетті болуынан, мәдениетті адамның қазақ болуы қиын…
– Күншіл мен қарауды өлім ғана жеңетіні өкінішті.
– Дұрыс айттың! Қарау адамнан қарыз сұраған күні ажыраспасаң, бермеген елтірісін даулайды.
– Асқар Сүлейменовтің бір сөйлеміне қуанған Ғабит ағадай заңғарды аңсаймын кейде. Тіпті, бір әңгімесіне бола Одаққа да қабылдатқан дейді…
– Ол рас әңгіме. Ғабең сөз зергері болумен қатар, ұлттың да жанашыры еді. «Біз – қазақ, жиылсақ қана – көппіз, ал жайылсақ – жоқпыз» дегені ымыраға шақырған көрегендік емес пе?
– Керемет айтқан екен! Жұмаға, сол Асқардың: «Ұзақ айтылған өтірік шындыққа айналады, ұзақ жасаған шындық қартайып өтірікке айналады» деген жұмбақ тұспалының төркініне бойлай алмадым.
– Әй, сары бала, пұшпақтап отырып біраз нәрседен хабардар болғың келеді ә? Консерваторияда істейтін Таласбек Әсемқұлов деген бала бар. Өзі мына Абайды тәмамдаған. Жазушылықпен қатар тарихты да, қазақтың көне әндері мен күйлерін де зерттеп жүрген жігіт. Төкпе күйшілігі де бар. Күйші болғанда да Арқа мен Шығыстық қара шертіс дәстүрін, далалық шертпе дәстүрді бүгінге жеткізген – кәсіпқой музыкант. Перненің, дыбыстың жоғалып бара жатқан атауларын тірілткен де осы азамат. Сен айтқан кедергілердің кесірінен бағасын ала алмай жүр.
– Жұмекен аға да ғажап күйші ғой, танитын болар?
– Таниды, әрине… Тек кең отырып кеңес құрудың сәті түспей-ақ келеді. «Күйге адалдық болмаса, күй де көшеді» дегенді де осы жігіт айтқан. Менің айтайын дегенім Таласбектің күйшілігінен тыс, тарихты зерттеп жүргенде кездескен ақиқаты. Жалпы адамзаттың тарихы – күшті мемлекеттің ыңғайына орайластыра, бұрмаланып жазылған жалған тарих. Шын тарих Үндістан, Мысыр, Иран елдерінің мұрағаттарында сақтаулы көрінеді. Оны ашып оқу мүмкін емес, алайда соғыстан кейін Иран шахынан Сталиннің өтінішімен алынған архив материалдарында біздің өңіміз түгілі, түсімізге кірмейтін мәліметтер Ресейге әкелінген. Осы мұрағатқа кіру Гумилев деген орыстың ғұлама тарихшысының жәрдемімен ғайыптан Таласбекке бұйырыпты. Мұрағатқа кіру кезегін бір жылдай күтіп, екі күн, әлде үш күн көз майын тауысып отырып оқып шығыпты. КГБ суретке алуға, көшіруге рұқсат бермеген. Ғұндар, Скифтер, Түркі әлемі, Тұмарханым туралы айтылмай келген көне жәдігерлерді, шаң басқан алтын көмбелерді жадына түйіп шыққан. Айтқандарынан қазіргі оқытылып жүрген қазақ тарихының мүлдем қате екендігіне көзім жетті. Көзім жетті де қандай ұлы халықтың ұрпағы екендігімізді сезіндім. Қазір ол жігіттің мұрын сіңбіруге уақыты жоқ. Алла бұйыртса тарих қатпарларынан сыр шертетін кітаптарын оқып қалармыз. Ал, Асқар аға сөз мәйегінің шыңын бағындырған, қиялы ұшқыр, күрделі тағдыр иесі, мен үшін – жұмбақ адам. Бөкейханов, Байтұрсынов, Момышұлы, Қонаев, Сүлейменовтер дөңгеленген дүниедегі «ҚАЗАҚ» деген арбаның алға тартуына өзіндік үлес қосқан таутұлғалар! Сірә, қоғам тегершігін реттеуге ықпал еткен бұл адамдар қазақтың шын тарихынан хабардар болған. Империялық пиғылдағы саяси құрылым бұл туралы айтқызбады… Сондықтан ғой «ұзақ айтылған өтіріктің шындыққа айналғаны»…
Мынадай жосын ойдың жал толқынына соқтығам деп ойламаған Есенқұл есі кіресілі-шығасылы халде ой мұхитына тұншығып қалды.
– Жұмаға-ау, «Қағанатқа» шақырайық та Таласбекті, – деді әлден уақ.
–Біздің ұйымнан хабары бар, қолы тимей жүр-ау шамасы…
– Рахымжан да көрінбей кетті… Қайда жүр өзі?
– Ә, Отарбаев па? Ескі дос жақсы тұрақты, туған бауыр сияқты, жасы кіші болса да таланты құрметке лайық жігіт. Тағыға әсте балама, Жанары қандай тұп-тұнық. Алдыңды туған далада, Кестірмей жүрсең мықтылық, – деген дарабоз ақын проза мен драмаға «қашып» кетті… Әйтпегенде өлең деген киелі өнердің төрінде жүруі кәдік еді…
Осы тұста ақын шалқалай ұзынынан жатты да, қоңыр даусымен:
…Дүние қарап тұрсаң бір кең сарай,
Сарайға көзім талды қарай-қарай.
Тағдыр мен Тәңіріңе өкпелеме,
Өзінен ер жігіттің бақ пен талай… – деп ыңылдады да:
– Есенқұл, бір өлең оқышы… – деген бұған қарап. Өзі де оқығысы келіп отырған, суырып салып, төге жөнелді:
… Жылдар өтер, тағы да жылдар өтер,
Таудың асау суы да құмға кетер.
Түзу денем еңкейіп иіледі,
Беймәлім бір әдемі дүниені,
Ақын жаны бәрі бір жырлап өтер…
Мына өлеңнен кейін екеуі де бірауық мұң мен өкініштің ауласына ат шалдырып, сап тынши қалды. Үнсіздікті Зайда бұзды:
– Ал, Шығыстың шерлі шайырлары, аш құрсақты өлеңмен тойындыра алмайсың, одан да асқа қараңдар,-деп «скидкалы» етті алдарына қойды.
Ас желініп болған соң да іштеріндегі шемен шердің тарқалуы әлден уаққа дейін созылып, ұйқыға түннің бір уағында бас қойды.
…Түннің қай мезгілі екенін бағамдай алмаған Есенқұл ары аунап, бері аунап тыпыршып жатты да, ақыры ұйқысы саппа ашылып кетті.
Ет сатушыға алданған ақын ағасының тірлігіне мырс етіп күліп алды да, артынша: «Мен кімге күлгендеймін?» деген ойдың жетегінде өткен күндеріне қармақ салды.
Қылыш – майдан ашып, қазына құрайды, қалам – қазына тауып, қайыр сұрайды, өзі де сонау бір жылдары арба сүйреп жан бақты; қырсық қырық ағайынды – талай суайтқа жем болды; әсіресе «Газель» мінген суаяққа оңбай алданғаны есінен шығар ма?.. Қалай болып еді өзі…

***
…Обалы қане, тумысынан ақынның жары болуға жаралғандай Меңсұлуға артар шөкімдей кінәсі жоқ. Адалдығы мен аңқаулығы бір басына жетіп артылатын жарына арнаған:
Күміс күйме мінбеген,
Алтын түйме тақпаған.
Қарабайыр жарымның,
Болғанына мақтанам, – дегені ақиқат.
Екі қолға бір күрек табылмай, пәленің алды – қар, арты – дауыл болып жүрген күндері: «Жұмысқа кеттім» дейтін де, базарға барып арба сүйрейтін. Арба сүйреуді аса бір қиыншылығы жоқ шаруа деп ойлайтындар қателеседі – мұның да өзіне лайық мың шұқырлы өткелектері бар. Ең бастысы жұмысқа ертерек қамдансаң – таңғы қораз шақыра тәшкі таратқыштың «ставкасын» ұзатып, бұрылыс қалтарыста шалт «маневр» жасайтын, дөңгелегі сақадай, ықшам арбаға қол жеткізесің. Қымбатшылық алқымнан алған сол тұста баладай сенгіштігінен талай опық жеді. Алдыңды ораған ылдым-жылдым пысықайлар жүрдек арбаны қақшып кеткенімен қоймай, көзің тая бере кезегің келіп тұрған клиентті де іліп кетеді. Кейде күн ұзақ митың-митың тырбаңдап тапқаның үйдің кешкі асына әрең жетеді.
Бірде су жаңа кремплин кәстөм-шалбар киіп, аппақ көйлегіне қанқызыл мойынтақ таққан, елудің ішін әлдеқашан аралап кеткен мұнтаздай кісі жүк тасуға жалдады. Әдетте мұндай «жирный» клиенттерге барлығы да құмар. Неге екенін әлгі кісі алдынан шыққан көп тәшкішілердің ішінен мұны таңдады. Қаңғыған тас қабағына тиетінін қайдан білсін, Жасағанға шүкірлік айтып, қуанып кетті. Әлгінің қарыштағаны базардың ішкі жағындағы оптовый дүкеннің қасында тау боп үйіліп жатыр. Рейсіне екі есе берем дегесін, қуана-қуана жүктерді тиеп, тасып кеп берсін. Жүк көп – төрт рет, әлде бес қатынады. «Газель» жүкке сықия толды. «Енді дүкеннің алдындағы сыймай қалған қағаз жәшікті әкеле сал»,-дегесін зырылдап дүкеннің алдына келсін. Оқшау тұрған нән каробканы артқан күйі қайтып келсе, әлгі адам да, «Газель» де ізім-қайым. Порковщиктерден сұраса, «сен кете салысымен кетіп калған» дейді. Ұшып отырып дүкенге келіп: «Клиенттің мына заты қалып кетті» – десе, сатушылар: «Біздің зат емес»,-деп азар да безер. Тәшкісіне тиеген бойда, арбакештеріне келген – олар да аң-таң. Кенет базар ашылғалы істейтін тісқаққан қара жігіт:
– Әй, аңғал, ақыным-ай! Кедейдің етегіндегі бидайды тізесі қағып төгіпті, сені лох қылып кеткен ғой, – демесі бар ма.
– Лохы несі? – дейді бұл.
– Соны да түсінбейсің бе? Сенбесеңдер ашып көріңдер, іші толған мусор болмаса, бүгіннен бастап тәшкі сүйремей кетейін.
Әлгінің сөзі шырғасы шықпай, айна қатесіз келді де қойды – сырты мұқият скошталған қағаз жәшікті ашса, іші толған қоқыс. Арзымайтын ақшаға бола көзін шел басқан қаукөкірек зәнталақтың соншама дайындықпен келгенін айтсай! Мына қиянатқа шыдай алмаған мүбарак жүрегі кеудесіне сыймай тарсылдай соғып, өмірден баз кеше түңіліп кеткені сонша, басын қос қолдап сығымдаған күйі жас балаша еңіреп жіберді.
Сол кезде жасы келіңкіреп қалса да, тағдыр тауқыметімен арба тартып жүрген молда кісінің сабырға шақырып, басу айтқаны жадау көңілін жебеп, жарасына ем болғандай… Жанға жағымды қоңыр үнмен айтқан әпсанасы да миында қатталып қалды…
«…Соноу бір ерте заманда қақ-соқпен ісі жоқ, бір қазақ сүт, айран, қымыз, қымыран сатып жан бағады екен. Күндердің күнінде саудасы жүріп кетіп, мол ақшаға кенеліпті. Ақшасы молайған бейбақ діндарлығы ұстап, Қажылық сапарға ниеттеніпті. Алла ниетін қабыл еткен болуы керек, Меккеге барып қайтатын қаржы жинап, көп ұзамай сапарға да аттаныпты. Жол азабын тарта жүріп, Саудияға жақындағанда мыңдаған адам сиятын дәу кемеге мінеді. Кемеде кім жоқ дейсің – мүсәпір де, міскін де, бай да, жарлы да, тіпті аң үйретуші цирктің адамдары да бар. Ұзақ жолдан шаршаған әлгі адам мызғып кеткен екен, шуылдаған жұрттың даусынан оянып кетіпті. Жұрттың бәрі кеменің желкенінде отырған маймылды қызықтауда екен. Анықтап қараса, маймылдың қолында – мұның ақшалы әмияны. Бар теңгесінен айырылған ол маймыл үйретушіге жағдайын айтып жалынады. Маймылдың егесі көптің бірінен әмиян алып, ішіндегі теңгені бір-бірлеп еденге тастайды. Маймыл да ақылға кеп теңгені тастай бастайды. Айырмасы сол бір теңгені – кемеге, бір теңгені – теңізге тастайды. Сөйтіп жарты ақша суға кетеді.
– Бұйырғаны осы болды, разы болыңыз, – деген маймылдың иесіне:
– Мың мәртебе разымын. Мың мәртебе разымын! – дей беріпті әлгі.
– Оу, теңгең толық қайтпаса да, тоңқаңдай бергенің не? – дегендерге:
– Пірадарлар, мен сендерге ақиқатын айтайын – Қажылыққа атақ үшін бара жатыр едім. Ақшаға қызығып ағарғаныма су қосып сатушы едім, Жаратқан бәрін көріп тұр екен – сүттің ақысын өзіме қалдырып, судың ақысын теңізге қайтарды,-депті.
– Есенқұл, бауырым, сен де нақақ алдандым деп қайғырма – бір жамандықтың, бір жақсылығы болады. Байлық пен кедейлік – өмір жәрмеңкесіндегі Алланың сынағы ғана; құрма ағашы мен тікенекті қатар жаратқан Құдай жер әлемді де, пенделерін де уақыт сәтімен теңестіріп отырады. Есекті жақсы білгендіктен де оған мүйіз бермеген, ал әлгі наданға біреудің ақысы жібермейтінін таразылар парасат бұйырмаған. Дүниеқоңыз сараңды екі бейпілдің бірі табады, ақылы асқан зеректі мың әйелден бірі табады. Әр құжыраның өз шырағданы бар – ертең-ақ шайырлық мәртебең асып, ақындық шырағың маздайды. Ісі түскенде мүсәпір, ісі біткен соң кісәпір боп шыға келетін адам кейпіндегі малғұндармен талай ұшырасасың, сол кезде ақылмен безбендеп, дос-дұшпанды ажырата біл; көкірек таза болмаса, көз тазасы не керек – жарымес достан, ақылды қас артық екенін келеңе сал; сырыңды ақтарғанда жан досыңды да дұшпаным деп ұқ…»
Мұншама тұнық ақыл, жарқын сәуе, пайымды парасат арба сүйреген адамнан шығады деп кім ойлапты! Ел іші ақылдың кеніші екен-ау!.. Қыдыр дарымаған адам, есек базарда делдал да бола алмайды, арба сүйреу бұған қол емес екен – сол күні тастап кетті.
Өмірдің жал-жал бура толқындары соғып, жабырқаған сәттерде арбашы кісінің әпсанасын естеп қояды. Жанына медеу болар жұбату айтқан адамның аузы дуалы екен – аты мәшһүр ақын болды; кітаптары шықты; әндері ел аузында; алқалы жиындардың төрі тиген уақыттар да аз емес. Тәубе. Мүмкін нағыз Қыдыр ата сол болар?.. Кім білген?..
…Сәресі. Таң енді-енді алакөбең тарта бастапты… Есенқұлдың көзіне ұйқы тығыла берді…
…Ақынға сөз Алладан қонады, тылсымнан құйылады – өңі, әлде түсі… Бұрын айтқан, айтпаған шумақтар зердесінде іркес-тіркес оқыла берді… оқыла берді…
…Айналайын ағайын,
Сендермен жерді бір басқан.
Сүйгізген, сүйген, мұңдасқан,
Өмірі өлең жыр-дастан,
Менде де арман жоқ шығар!..
…«Өсем» деген ұлды бағып,
«Кетем» деген қызды бағып,
Өмір өтті зырғып ағып.
Қайран өмір, сонша сүйген,
Кетесің-ау, бір күні ауып…
…Есеп-қисап құра алмай,
Ел қатарлы жүре алмай,
Жақсыға да ілестім…
Жаманға да ілестім…
Жалғыз өмір сүре алмай…
…Қалбаңдап қара қарғалар,
Қанаты барға мәз болар.
Періште бар, пенде бар,
Бізге де біреу зар болар…

***
Әз Бабалар үш жүз жыл армандаған тәуелсіздік таңына нақ үш жүз күн қалғанда, «Кене жирен» ағасын аңырай жоқтап қалатынын Есенқұл білген де, сезген де жоқ еді…

Пікір қалдыру