Жаратылысында бөлек, кесек тұлғалардың өмірі мен қызметі ел-жұртына, әсіресе жас буынға қашанда үлгі-өнеге. Ондай тұлғалар: оқымысты, ғұлама, арынды ақын, абыз жазушы, ділмар драматург, жә болмаса мемлекет басшысы, уақыт талабы үдесінен табылатын парасатты қайраткер өткен тарихымыздан ғана емес, бүгінгі замандастарымыздың санатынан да аз ұшыраспайды.
Мемлекетіміздің бүгін таңдағы басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президенті болып сайланардан әлде қайда бұрын барынша алғыр, жойқын білгір, ұшқыр ойлы ақыл иесі қасиетімен ерек көрінді. Мәскеулік «Молодая гвардия», алматылық «Қазақ уииверситеті» секілді баспа орындарының «Өнегелі өмір» атты әйгілі сериясы бойынша шығарылып жүрген кітаптардың геройы атанарлық өреге көтеріліп үлгірді. Сыртқы Істер министрі, Премьер-Министр, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы председателінің орынбасары, Сенат спикері лауазымдарында Егемен Қазақстанның саяси және экономикалық өсіп өркендеуіне мол үлес қосып, ұлан-байтақ елімізге, күллі әлемге мәшһүр қайраткер атанды…
Ұлы Абай Ғақлияның Отыз жетінщі сөзінде: «Адамның адамшылығы істі қалай бастағанынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» дейді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президенті болып сайланғаннан кейінгі ілкі сапарын киелі Түркістаннан бастады. Әулие, аруаққа мінажат етуінің ебеп-себептерін «Егемен Қазақстан» және «Айқын» газеттерінің тілшілеріне берген сұхбатында тәптіштеп түсіндірді:
«…Бірінші себебі, халқымыз үшін аса қастерлі саналатын мекенге тәу ету және ата-баба аруағына, аманатына деген құрмет болса, екінші себебі – Ұлы дала еліндегі кешегі, бүгінгі мемлекетшілдік дәстүрге, эволюциялық даму сабақтастығына деген адалдықта жатыр.»
Сабақтастық дегеніміз өткен жолды шиырлай беру емес. Өткеннен керегін алады, дамуға бөгет, өмір талабына қиғаш келетінін терістейді.
Жаңа Президент 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог– Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» тақырыпты Жолдауында еліміздің ендігі дамуының сыр-сыйпаты туралы ой-пікірімен бөлісті. Қазақстан Республикасы рухани жаңғыруының келесі сатысы тереңдетілген саяси реформаларды қабылдап жүзеге асыруда екенін атап көрсетті:
«Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес.»
Жауапкершілігі өлшеусіз қызметіне жаңа Президент ел игілігін ойлап алдына қойған осы бағыт-бағдарға сәйкес атқарылмақ міндеттердің түбінде сәтті орындалмағына берік сеніммен кірісті.
Соңғы 5-6 жыл қаразында теңгенің құнсыздануы, жұмыссыздықтың етек алуы, сіңірі шыққан кедейлердің көбеюі, сыбайлас жемқорлық дертінің асқынуы, өкімет билігіндегі шенеуниктердің жолсыз әрекеттері әлеуметтік наразылық отын тұтатты. Бір ғана Жаңаөзендегі қанды оқиғаларды еске алсақ та жеткілікті…
Мемлекет халық дабылына құлақ асып, қалың бұқарамеи, тікелей диалог орнатуға міндетті деп есептеген жаңа . Президент ел-жұрттың арыз-шағымдарын барынша назар аударып қарастыратын арнайы Бақылау комитетін құрды. Оған жетекшілік етуді өз көмекшілерінің біріне жүктеді. Сөйтіп халық пен биліктің арасында кері байланыс орнатылды.
Тағы бір үлкен жаңалық — «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, — белгілі қоғам өкілдерінен тұратын Ұлттық қоғамдық Сенім кеңесі құрылды. 2019 жылғы күзде Ұлттық кеңестің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылық еткен алғашқы отырысында елдегі саяси үрдістерді мейлінше демократияландыру, заңнаманы ұлт мүддесіне сәйкестендіріп, билік тармақтары арасындағы қарым-қатынас теңсіздігін жою, қоғамның тынысын кеңейтіп, халық пен билік арасын жақындатып нығайта түсу мәселелері талқыланды.
«Сындарлы қоғамдық диалог», «Тыңдайтын мемлекет» концециялары өміршеңдігінің жарқын бір дәлелі – қоғам белсенділері мен табиғат жанашырларының, маман экологтардың жоғары орындарға нешеме жылдан бері үсті-үстіне хат жазып, Алматы маңындағы «Көкжайлау» шатқалында тау шаңғысы курортын салуға тыйым жасау керектігі туралы көп уақытқа созылған шағым-арыз, талап, тілектерінің толық қанағат тапқаны.
«Көкжайлау» — Алматыдан он шақырымдай жерде орналасқан жалпы көлемі 42 мың гектар ұлттық табиғи парк. Бұл маңайда Қызыл кітапқа енгізілген өсімдіктер мен жануарлар: Сиверс алмасы, үкі, сілеусін, барыс ұшырасады. Курорт салынған жағдайда Көкжайлау алқабы осынау табиғи көркінен жұрдай болатыны айдан анық еді.
Алматы маңында алты бірдей тау шаңғысы курорты басым бөлегінің талай уақыттан бері күйсіз, қалт-құлт тіршілік жасап отырғаны, бұларға тынығуға келушілердің тым аздығы, демалыс күндерінің өзінде белгіленге меже 25-30 пайыздан асып көрмегені жергілікті басшылық тарапынан алаңдаушылық туғызбады. Тынығуға келушілерден алатын өтем ақысының удай қымбат екенін айтпағанда.
«Көкжайлау» шатқалында қар қалың жаумайтыны себепті, Алматы қаласының әкімдігі курорт салудың техникалық-экономикалық жобасын жүзеге асыру мақсатында жасанды су бассейіндері арқылы бу шығарып қар жаудыруға репетсіз қаржы бөлгенде Алматы шаһары экологтары белсенлі өкілдерінің «Көкжайлау» алқабының кіршіксіз сұлу табиғатын сақтап қалайық!» атты қозғалысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Көкжайлау» тау шаңғысы курорты құрылысын дереу тоқтату керектігі жайлы хат жазды.
Жаңа Президент 2019 жылғы қыркүйек айының соңында Алматыға келісімен мәлімдеме жасады: «Мен Президент ретінде «Көкжайлауда» тау шаңғысы курортын салу жобасына тыйым саламын. Бізге оның ешбір қажеті жоқ. Жұртшылықтың, экологтардың талап-тілегі сөзсіз орындалуы керек деп есептеймін.» — деді.
Президент мәлімдемесі Қазақстаннан тысқары жерлердегі табиғат қорғаушылары тарапынан оң ой-пікір туғызды. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Ольга Алгаерова халықаралық қауымдастық Қазақстан Президентінің шешімін қызу қолдайтынын мәлімдеді.
* * *
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауларында, ресми мәлімдемелерінде, Республика өңірлеріне сапарға шыққанда әр облыстың, қала мен ауданның жетістіктері мен кемшіліктерін, алдағы міндеттерін республика өмірінің ең толғақты проблемасы – демография мәлесімен ұштастыруға айырықша көңіл бөледі. Сол сапарының бірінде Түркістан өңірін ұлтымыздың «демографиялық алтын діңгегі» деп атады. Образды аталымның астарында, еліміздің одан әрі өркендеуіне қатысты терең идея жатқанын түсіну қиын емес.
Патшалы Ресей, одан соң Қызыл империя еліміздің Батыс, Шығыс, Солтүстік аймақтарында тұратын қазақтарды арпа ішінде бір бидай азшылыққа айналдырғаны мәлім. Осы отаршылдық саясаттың зардабын жоюдың маңызды бір парасы ретінде Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлектеміздің жаңа астанасы дәрежесін оңтүстік өңірдегі Алматыдан Сарыарқадағы шағын қалаға берді. Республика астанасы атанған шағын қала небары жиырма щақты жыл ішінде тұрғындарының саны миллионннан асып жығылатын қуатты мегаполиске айналды. Көруге көз керек жайнаған жаңа мегаполис, қазіргі Нұр-Сұлтан шаһары тұрғындарының басым көпшілігі – өзіміздің қазақ бауырларымыз. Жаңа астана ғана емес, жалпы Солтүстік өңіріміз қайтадан қаракөздене бастады.
Республикамыздың былайғы тағдыры үшін маңызы өте-мөте зор демографиялық өзгерістердің және бір кереметі, Қытайдан, Ресейден, Өзбекстан мен Түркменстан, басқа да шет елдерден қоныс аударған қандастарымыз халқы жойдасыз сиреген Батыс, Шығыс, Солтүстік өңірлерге қоныстауда.
Жаңа Президент саясаты — Отан қорғау ісіне тікелей қатысты нысананы көздейді. Қазақ жерінің құйқалы, құнарлы аймақтарына қожалық етсем деп күні бүгінге дейін сілекейін шұбыртушыларға ешқашан жол бермеуге бағытталған бірден — бір дұрыс ұстаным.
Орыс жазушысы Александар Солженицын, кинорежиссер әрі сенатор Станислав Говорухин қазақ жерінің солтүстік өңірделерін яки жеріміздің тең жартысын Ресейдікі деп өңештері қызарғанща айқайға басқаны күні кеше ғана ғой. Стаиислав Говорухин мәскеулік «Литературная газетада» жарияланған мақаласында (3-9 желтоқсан 2008 жыл): «..В 1954 году Хрущев подарил Казахстану пять огромных русских областей» деп гөйітті.
Солженицын мен Говорухин бірінен соң бірі дүниеден озғанымен, қазақтың ұлан-ғайыр даласына сұқтанушы шовинистер тобыры құрып бітті деп қорытынды жасауға әлі тым ерте. Сондықтан бұрын солтүстік өңірдегі мекендерінен отаршылардың зорлық-зомбылығымен қуылған немесе әдейі ұйымдастырылған ашаршылық салдарынан халқы жүз мыңдап, миллиондап қырылған байырғы қоныстарымызға соңғы жылдары үлкен көш қамдауға кіріскен отандастарымыз қоғам, үкімет орындарынан барынша қолғабыс, қолдау табулары өте-мөте қажет.
Себебі, Солтүстік өңірдің ойландырарлық проблемалары шаш етектен. Мұнда тұрмыс деңгейі тым төмен. Көршілес Омбыда жан басына табыс теңгеге шаққанда 150 мыңнан асса, Солтүстік Қазақстанда 78 мың теңгеден сәл қалқыңқы. Осы айырма неге әкеп соқты дейсіз ғой. Алпауыт көрші Ресейге Солтүстік Қазақстаннан қоныс аударушылар соңғы уақытта жиілеп барады. Олар тарих отанына оралушы орыстар ғана емес, арасында өзіміздің қара көздерімдер де ұшырасады.
Жалпы Оңтүстіктен Солтүстікке қоныс аударушыларды қолдау оңай шаруаға жатпайды. Жан басына шаққандағы табысты еселеп ұлғайту үстіне қысқы киім, бала-шағаның ішіп-жемі, өсіміне қамқорлық деңгейін еселеп арттыруға керек. Халқы 150 миллионға жуық Ресейде «Материнский капитал» бағдарламасы бойынша әрбір балаға депозит салу көзделген. Бұл қаражаттың молдығы сонша, тіпті үй салуға да жетеді. 18 миллион халқы бар Қазақстан үшін бұл мәселені шешуді ойластыру қазіргі ең зәрулі міндет.
Қоныс аударушыларды қолдау деңгейін шұғыл көтеру қажеттілігін ойластырмаудың зардабы неге әкеп соғатынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Мысалға, Солтүстік Қазақстанға 2019 жылы 2117 адамы бар 709 отбасы қоныс аударса, соның 323 адамы бар 81 отбасы қайта көшіп кеткен…
Жуықта Қазақ теледидары экранында «Оңтүстіктен Солтүстікке» жобасы: нәтиже қандай?» атты сұхбат көрсетілді. Бұл аса маңызды іске бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде бәрінен көп қаруы тиетіні теледидар. Теледидар экранына әр отбасы, үлкені, кішісі түгел, күн құрғатпай қадалатыны – даусыз шындық. Бұқаралық ақапарат құралдарының ішінде тек газет, журналдарымыздың соңғы жылдары тиражы күрт азайғандықтан, ықпал ететін кеңістігі, амал қанша, қушиып қалды.
«Время» газетінің 2019 жылғы 4 мамырдағы «Медвежий угол» атты мақаласында бұдан 130 жыл бұрын Воронеж бен Пенза губернияларынан Қазақстанның солтүстік облысының нулы, сулы өңіріне қоныс аударған мекенде, Успенка деп ат қойған селода соңғы жиырма жыл ішінде Кеңес Одағы ыдырағаннан бермен қарай тұрғындар саны екі жарым есе дерлік азайғанын, селоның көптеген .үйлері қаңырап бос тұрғанын, екі қабатты мектеп үйінде оқушы бала санынан гөрі класс саны әлде неше есе артық екенін күрсіне жазды.
Міне осы тәрізді тұщы сулы көлі, орман-тоғай қалың, жайылымы, егіс егуге қолайлы өңірге, құнарлы жері адам айтқысыз көп Солтүстігіміздің қаңырап бос қалған елді мекендерін «Оңтүстіктен Солтүстікке» жобасын жүзеге асыруға мемлекет тарапынан айырықша мән берілуі өте-мөте қажет. Биыл елге оралмақшы 1378 қандасымыз солтүстік өңірлерге қоныстанбақшы.
Жақын арада «Жусан» бағдарламасы бойынша Сириядан 231 Қазақстан азаматы елге жеткізілді. «Аз да болса саз» дейді атам қазақ. Тамшыдан бұлақ, бұлақтан өзен, дария демекші, бұл ұлтымызды қуанышқа бөлейтін оқиғаға орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы мәлімдеме жасады. Жалған үгіт-насихаттың кеселіне ұшыраған қазақ азаматтарының қателігі үшін балалары өзге елде тозақ отына түсіп зардап шекпеуі керек деді. Тиісті орындарға елімізге қайтарылған азаматтарға оңалту шараларын жүргізуді, оларға медициналық, психологиялық және әлеуметтік жәрдем көрсетуді тапсырды.
Жаңа Президент «Егемен Қазақстан» мен «Айқын» гаеттеріне берген сұхбатында айтқандай, «…Адам капиталы біз сияқты жері кең, елі шағын мемлекет үшін аса өзекті фактор…»
Жоғарыда «Әке туралы толғаныс» атты эссенің авторы Қасым-Жомарт Тоқаев — әдеби-публицистикалық жанрдың қыр-сырын терең білетін шебер қаламгер екені айтылған-ды. Ол кісі Мемлекет басшысы қызметінде де қазақ көсемсөзі тілінің өнегелі білгірі екенін талай рет мойындатты. Шет елдерден Атамекенге қоныс аударушыларды бұдан былай «оралмандар» емес, «қандастар» деп атау керектігін айтты.
«Орал» — алғашқы шыққан жеріңе қайта оралу деген сөз. Мағынасы — : қоныс аударған адам бұрынғы тұрған ауылыңан, басқа бір мекенге, не сол ауылдың өзінің бір көшесінен екінші көшесіне көшіп келгенін білдіреді. «Оралу» сөзі Атамекеніне қайта оралған патриот ұғымының нағыз мәнін жеткізе алмайды.
Біріншіден, Қазақ елі бұрынғы қонысына қайта көшіп келген кісіні ешқашан «оралман» деп атамаған. «Орал» сөзіне «ман» деген жұрнақ қоспаған. Қазақтың «Түсіндірме сөздіктерінен» «оралман» сөзін кездестірмейсіз. «Ман» жұрнағының қай тілден алынғаны беймәлім. «Наркоман» терминіне ұқсамаса?!
Өткен 2019 жылдың желтоқсан айында Мәжілісте миграциялық үрдістерді реттеуге байланысты заңға «қандастар» сөзі енгізілді. Бұдан былай «ораламан» сөзі қолданылмайтын болды.
Өкінбеске амал жоқ, түсінік көк жиегі кең, іскер Үкіметіміз үстіміздегі 2000 жылдан бастап қандас бауырларымызды қабылдау квотасын кенеттен алты жүзден астам адамға қысқартып тастағаны ұлжанды жүректерді сыздатпай қоймаса керек. Аға газетіміз «Егемен Қазақстан» сол әттегенайымызды басылымның ілкі бетінен бастап «Қандастар көші неге саябырлады?» атты, шекесіне «Мемлекеттік мәселе» деген рубрикасы бар, келер күнге асық жұртымызды ойлантпай қоймайтын өткір де орынды сауал қойған көлемді мақала жариялады. («Егемен Қазақстан» газеті. 5 ақпан 2020 жыл).
Түркістан облысы мен Нұр-Сұлтан шаһары ғана емес, басқа өңірлеріміз де «ұлтымыздың демографиялық діңгегі» атануы басты мұрат. Көрші Қытай, Ресей, Өзбекстан, басқа да мемлекеттерден Атамекеніне оралмақ ниеттегі қандастарымыздың ұлы көшін қарсы алу, қолдау – исі қазақ баршамызға — қасиетті парыз.
Әттегене, демесіңе амал жоқ, қандастарымызды қабылдауға бөлінген квота өткен жылмен салыстырғанда биыл азайып қалды. Өткен жылы елімізге 17 мың 667 қандасымыз оралса, бұл көрсеткіш енді тіптен құлдырамақ.
* * *
Біз, қазақ, Кеңес кезінде ана тілімізден мүлде айырылып қала жаздаған халықпыз. Қазақтарды орыстандыру саясаты сонау Х1Х ғасырдың екінші жартысында басталды. Миссионерлер дейтіндер шықты, аралас қазақ-орыс мектептері көбейді. Патша заманында «Оян, қазақ!» деп жар салған Алаш қозғалысы қайраткерлерін Кеңес кезінде сталиндік қызыл жендеттер атқанын атып, атпағандарын Итжеккенге айдады. Қызыл Мәскеу ұлттық тілдердің өрісін тарылтуға тырысты. Ақыр соңында Алматыдай шаһардың өзінде бір ғана қазақ мектебі әупірімдеп өмір сүрді.
Ол уақытта Алматының Гагарин даңғылында тұратын өз басым балаларымды оқуға жанымыздағы орыс мектебіне беруге мәжбүр болдым. Менің үйімнен бір көш жердегі қазақ мектебіне апара алмайтындықтан, әке, шешесі екеуіміз де нан табу үшін істейтін қызметтен қолымыз босамайтындықтан.
Еліміздің бүгінгі өсіп-өркендеуі, ертеңгі дамуы мемлекеттік тіл мәртебесінінің жоғарылай түсуін қажет етеді. «Қазақ тілі,- дейді Қасым-Жомарт Тоқаев, — қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде».
Қазіргі Президент, айталық, Сенат спикері болып қызмет істеп жүрген кезінде отырыс-жиналыстарды тек қазақ тілінде жүргізіп жүретіндіктен, жинастағылар да осы үлгі-өнегеге еліктеп, жарыссөзге қатысқандарында мемлекеттік тілде сөйлеуге талпынатын.
2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілінің мемлектеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді» деп есептейтінін, білім саласында қазақ тіліне басымдық беру керектігін, қазақ тілі – Қазақстандағы ұлт-ұлыстарды біріктіретін негізгі факторға айналуы тиіс екенін айырықша атап өтті.
Қазақстанда не көп – этностар көп. Ресей отаршылары кезінде Қазақтың әсіресе Солтүстік өңірдегі құнарлы жер-суларына жүздеген, мыңдаған орыс шаруаларын, Мағжан ақынша айтқанда, «қарашекпендерді» шегірткедей қаптатты. Кеңес дәуірінде 1944 жылдары Қазақстанға мыңдаған неміс, корей, поляк,еврей, кавказ ұлыстары депортацияланды. Ең кереметі, сол этностардың бәр-бәрі қазақ ұлтының дәстүрлі ашықтығы, толеранттығы, қонақжайлығы арқасында киелі қазақ жерінен пана тапты, өсіп-өнді, әдет-ғұрыптарын сақтап қалды. Мәдениеттерін дамытты, туған тілдерінде оқып білім алды.
Соңғы жылдары Алғыс күні, өзара құрмет пен сенімнің мерекесінде қазақ жерінен құтты қоныс тапқан этнос топтар мен қазақ ел-жұрты барша қазақстандықтар тату тіршілік пен жарасымды сыйластық жолындағы ниеттерінің тоғысқаны үшін бір-біріне алғыс жаудырып жатады.
Қазақ тілі енді қоғамдық байланыс тіліне айналуда. Сол себепті Қазақстанда тіл саясатын зор жауапкершілікпен жетілдіре түсу міндет.
1919 жылғы 31 желтоқсанда Үкімет тіл саясатын жүзеге асырудың 5 жылдық Мемлекеттік бағдарламасын бекіткені мәлім. Осы аса маңызды құжаттың орындалуы барысында бұған дейінгі республикамыздағы тілдердің қызметі және дамытылуы туралы 2011-2021 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдардарламаның сәтсіздікке ұшырауының себептерін егжей-тегжейлі тексермесе болмайды. Бұл шикілі-пістілі құжат бойынша 2000 жылға дейін Қазақстан тұрғындары түгелдей Абай тілін меңгеруге тиіс болатын. Сол игі мақсат қашан, қай уақытта орындалмақ?
Ана тіліне басымдық берудің бұрынғы бағдарламасының іске аспай қалуының салдары өкінішке қарай, мысалға, қазақ тілінде шығатын кітаптардың таралымын азайтты. Кітап неғұрлым халық арасында кең таратылса, рухани жаңғыру ісі де соғұрлым қанат жаймағын өңештеп дәлелдеудің қажет шамалы. Бүгінгі қазақ баспа кітабының тиражы оңбай кенжелегенін айтудың өзі ұят.
Кітап тиражының көрсеткіші қоғамның мемлекеттік саяси жүйесінің типіне еш уақытта тәуелді болмаған.. Патшалық Ресейде ақын Александр Сергеевич Пушкин кітаптарын көп тиражды етіп шығарған баспалардан ұдайы ұлкен сомалы қаламақы алып тұрған. Орыс жазушысы Федор Достоевский баспалардан алған қаламақы есебінен күн көрген..
Енді социалистік Қазақстан тұсында шығарылған кітаптардың тиражы мен гонорары туралы бірер мысал. Әлемге әйгілі жазушы, қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәмил Нұрпейісовтің кітап дүкендерінің сөресінде көп жатпай тез өтіп кететін, орасан кіріс келтіретін «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» романдарын «Жазушы» баспасы әлденеше рет 100 мың тиражбен шығарып тұрды. Және әр баспа табағына 100 мың рубльден қаламақы төлейтін. Ол кезде рубль дегеніңнің құны долларыңнан да асып түсетін. Нәтижесінде Әбекеңнің «сберкнижкасындағы» қаражат көлемі миллион рубльден асып жығылды. «Долларовый миллионер» атанды. Ол кездерде Баспа министрі болып істейтін мен, Әбекеңе Милеке деген лақап ат қойдым, «миллионер» деген сөзден шығарып. Ал енді бүгінгі капиталистік Қазақстанда девальвацияның кеселінен және гонорардың күрт сұйылуы салдарынан Әбекеңнің қалтасы оңбай жұқарды. Сол себепті жазушы Нұрпейісов мырзаға:
– Әбеке, айыпқа бұйырмаңыз, мен Сіздің лақап атыңызды енді ауызға алмайтын болдым,-дедім.
Әбекеңнің жауабы:
– Шындыққа несіне ренжимін? Бұдан былай мені «Нищеке» деп атай бер…
– Жоқ, Әбеке!. Мен Сізді бұдан былай экс-Милеке деймін, экс-Премьер деген сияқты.
Әлемге әйгілі, Еңбек Ері жазушымыздың кедейленуі, жалпы қаламгерлерге төленетін гонорардың жарытымсыздығы, кей автор туындысын демеушінің ақшалай көмегі арқасында шығаратындыгы жақсылыққа жатпайды.
Айтпақшы, жазушы Кемел Тоқаевтың 1981 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан, жоғарыда аталған «Соңғы соққы» романының тиражы 49 мың дана. Соның арқасында бала-шағасын тамақтандырды, киім кигізді, оқытты. Каз Гу-дың журналистка факультетін бітірген Кемекең газет не журналы редакцияларының бірінде істесе, онда да жазған очерк, мақалаларына алатын гонорары есебінен бала-шағасына нәпақа табары кәдіксіз еді.
Кәдіксіз деп кесіп айтатыным, өз басыма қатысты бір жәйтқа байланысты. 2018 жылы он екі ай бойы «Жұлдыз» журналы және «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған мақалаларым үшін алған гонорарымның жалпы сомасы бір айлық пәтерақы төлеуіме жетпеді…
Мұндай көңілсіз фактілерді жоғары билік те біліп отыруы тиіс деуім — ізгі ниеттен. Мемлекет басшысының жоғарыда аталған Жолдауында: «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет.»-деген тұжырымына тікелей қатысты.
Қаламгер азаматтардың сындарлы өтініш-тілегі — күнкөрістерінің арқауы – қаламақы ғой. Өкімет орындары жаңа Президент Жолдауына сәйкес тиісті іс-шара қолданып, творчестволық интеллигенция, жазушы, журналистер, ғалымдар қауымының заңды талап-тілегіне орай гонорар мөселесін «жедел әрі тиімді» қарастырар деп үміттендіртін уақыт пісіп жеткен сияқты.
Қазақстанда қазір 11 мыңнан астам кітапхана бар. Бұларға мемлекет бюджетінен бөлінетін қаржыны молайтып, қазақ тілді кітап бір-бір данадан жіберіліп тұрғанның өзінде тираж мәселесінің шешілу мерзімі әжептәуір қысқарары хақ.
Кітап таралымы көбейсе, оның сатылым бағасы арзандайды. Баспаханаларда шығарылып жатқан кітаптардың өзіндік құнын төмендету үшін Қазақстанда қағаз өндірісін ашуды ұйымдастыру ісі жедел қолға алатын шаруа. Ол үшін қалың ормандарымыздағы ағашты кесіп азайтқымыз келмесе, Қытай теххнологиясы бойынша сабаннан және қамыстан қағаз өндірісін ашуға болады. Ондай шикізат елімізде, шүкірлік, жетіп артылады.
Ата Заңымызда қазақ тілі мемлекеттік тіл деп алтын әріптермен жазулы. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында айтқандай, қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде ұлтаралық қатынас тіліне айналмақ. Нәтижесінде қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп, әлеуеті көтерілетіні сөзсіз.
Бүгіндер еліміздегі мектептердің басым бөлегі – дәлірек айтқанда 70 пайызы қазақ тілінде білім береді. Аралас мектептердің саны 30 пайызға жуықтады. Мемлекеттік тілде оқитын жоғары оқу орындарының студенттері 60 жарым пайыз құрайды. Әлемдегі үздік оқулықтар, ғылыми және әдебиет шығармаларын ана тілімізге тәржімалау ісі қолға алынды. Міне, бұл үрдістер қазақ тілді кітаптардың тиражын тиісті дәрежеде өсіруге мүмкіндік береді..
Соңғы жылдары демография көрсеткіштеріндегі өзгерістер ана тілімізде шығарылатын кітаптың көбейуіне жол ашады. Қазіргі уақытта 18 миллион ел халқының басым бөлегін яки 70 пайызға жуығын қазақ ұлты құрайды. Жуықта өткізілген Тіл форумында еліміздегі тоғыз облыс пен республикалық дәрежедегі қалаларда жабылып қалған тіл басқармаларын қайтадан ашуға керектігі талап етілді.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында атап көрсетілгендей, тіл — үлкен саясаттың құралы. Алайда, күні бүгінге дейін көптеген шенеуниктер, біршама министрлер орысшаға су жорғадай тайпалағанымен, қазақша екі сөздің басын құрап айтып бере алмайды. Ондай басшылар кімнен үлгі алмақ дейтін емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ана тілінде мемлекеттік саяси-экономикалық проблемаларды өткір публицистика стилінде тұжырымдауға шеберлігімен қоса, сыршыл сезімді, аңғарымпаз, тапқыр ойлы көркем эссе жазуға қабілетті.
Айтылғанға жарқын мысал — «Кемел Тоқаев. Өмірі мен тағдыры» атты 2003 жылы Алматыдағы «Парасат» журналы баспасы шығарған «Азамат» кітабының «Әке туралы толғаныс» атты бірінші бөлімінің «Алғы сөз», «Балалық һәм жастық шақ», «Соғыс», «Әдебиетке барар бұралаң жол»», «Кемел Тоқаевтың шығармашылығы», «Ана», «Соңғы сөз» тараулары.
Автор әкесі Кемелдің қияметқайым өмір жолын, тар жол, тайғақ кешулерін, отбасынан жырақ жердегі. интернатта оқуға мәжбүр болғанын айқын да айшықты стильде бейнелейді. Кәмелет жасқа жеткенінде Кемел Тоқаев Ұлы Отан соғысының от-жалынына оранады. Сталинград шайқасына қатысып, Қызыл Армия неміс-фашист басқыншыларын Отан жерінен аластап, Польша жеріне жеткенде оң аяғынан оқ тиіп ауыр жараланады. Майданнан оң аяғынынан сылтып ақсаңдап басып елге оралған соң, жазушылық өнермен шұғылдануға кіріседі. Суреткерлік таланты және орасан еңбексүйгіштігі арқасында творчестволық үлкен табысқа жетіп, қазақ әдебиетінің шытырман оқиғалы детектив жанрының ірге тасын қалады. Милиция қызметкерлерінің өмірінен алып жазған үздік шығармалары үшін Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінің бірінші сыйлығының төрт дүркін иегері болды.
Эссенің бір тарауы «Әдебиетке барар бұралаң жол» деп аталған. «Бұралаңның» мәнісі келесі У тарауда баяндалады. Жазушы Кемел Тоқаев күтпеген жерден Қазақстан басшылығының кәріне ұшырайды. Қазақ КСР Жоғары Кеңесі «Ведомости» атты журналының редакторы қызметінен босап қалады. Көңілсіз сол оқиғаның мән-жайын толығырақ түсініп білу үшін эссе авторының өзіне сөз берелік.
«1978 жылдың ортасында «Жалын» журналында Кемел Тоқаевтың жаңа романынан үзінді жарияланады. Оқырман қауым баспадан кітаптың шығуын асыға күтті. Алайда сол кездегі өте сақ идеология қызметкерлерінің назарынан тыс қалмады. Олар еңбектің бір эпизодында Сәкен Сейфуллин мен ірі көпес Шәріп Ялымов арасындағы қайшылықты байқап үлгерген. Сәкен Сейфуллин бұл фактіні өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» романында ашық жазады әрі бұл жағдайды айғақтайтын құжаттар МКК мұрағатында да сақталған. Алайда, партия идеологтарының «төбе шашын» тік тұрғызған сенсациялық материалдардағы С.Сейфуллиннің жеке жауы Димаш Ахметұлы Қонаевтың жұбайының туған әкесі еді. Қазақ тыныш жүрген бе, республика басшысына Кемел Тоқаевтың журналдағы жарияланымы жөнінде біреулер сыбырлап үлгеріпті.» (Кітаптың 163, 614 б.)
Осы жолдардың авторы ол кезде министр – Қазақ ССР Баспа; полиграфия және кітап саудасы Мемлекеттік Комитетінің председателі еді. Ұлы Отан соғысының қан майданында жанқиярлық ерлік көрсеткен қазақ жауынгерлерін, әке, ағаларымызды ылайым зор мақтаныш тұтатынбыз. Солардың бірі, әрі талантты жазушы Кемел Тоқаевты қалың оқырман жұртшылық, жазушы, журналистер қауымы қатты сыйлайтынбыз. Кемекеңе қалайда қол ұшын беруге тырысқаным 1981 жылы жарық көрген «Соңғы соққы» романының бір данасына: «Осы кітаптың жазылуына себепкер болған қадірлі Шериаздан Рүстемұлына – асыл азаматқа. Автордан. 25 январь 1982 ж, Алматы.» деген автографы бар кітабын сыйлағаны дәлел.
Кемекеңнің «осы кітаптың жазылуына себепкер болған» деген сөзінің өз тарихы бар. Бір күні қабылдауымда отырған Кемекеңе: Сіз «Конец атамана» атты атақты кинофильмінің бас геройы, халқымыздың қанынын судай шашқан казак-орыс атаманы Дутов туралы хабардар боларсыз? Айтпағым, сол атаман хикаясынан роман жазсаңыз қайтеді? Кинофильмде талай қызғылықты фактілер айтылмай қалған деседі тарихшы ғалымдар.
Шынымды айтсам, ол уақытта баспагерлер әр кітапты жоспарлағанда және редакциялағанда бір шоқып екі қарайтынбыз. Жазушы Кемел Тоқаевты жазықты қылған қызыл көздер тырнақ астынан кір іздеп көрінеу саяси қатеге ұрынған Тоқаевты қолдап тағы кітабын шығарып жатыр деп баспагер біздерді сын отына салмас үшін істелген өзімше бір айла еді. Ойым: Совет өкіметінің қас жауы Дутов туралы кітап шығарыпсың деп жазғыра қоймас…
«Соңғы соққы» романы жарияланып кітап дүкендерінде сатыла бастады. Түкірігі жерге түспей тұрған алпауыт Димаш Қонаевтың кәріне іліккен автордың кітабын неге шығарасың деген айып тағылуы әбден мүмкін еді. Әсіресе Димаш Ахметұлының идеология жөніндегі оң қолы, Орталық Комитет хатшысы, сауысқаннан сақ Саттар Имашевтың пікірін күтіп алаңдаймын. Бірақ ол жақ тым-тырыс. Мәртебелі хатшының неліктен ләм-мим демегенін кейіңдер түсіндім. Өзі де Ұлы Отан соғысына старшина шенінде қатысқан Саттар Имашев, майдангер, жазушы Кемел Тоқаевты қатты сыйлайды екен.
Елімізде кітап өндірісін келер жылдары ұлғайтудың және бір қайнар көзі аршылуда. Енді халқымыз, әсіресе жеткіншектеріміз ана тілін ардақтаумен қатар, орыс және ағылшын тілдеріне жетік болулары шарт. Дүние жүзінде 2000-нан астам тіл болса, солардан екеу, үшеуінің кітапханаларында ғана жаһан білім, ғылымының қазынасы толық сақтаулы екенін ұмытпауға керек. Сол қазына байлықтан сусындау үшін орыс және ағылшын тілдерін меңгеру – мемлекеттік маңызы зор проблема алға қойылып отыр. Бұл мәселеде халқымызға, әсіресе жас ұланға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үлгі-өнегесін ұмытпалық.
Алты Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев: «Жан көріністерінің ең қымбаты ой. Ой тілі — сөз…Адам тілі арқасында ғана жан сырын сыртқа шығарып, басқалардың жан сырын ұға алады.» -деген.
Мәселеңки, Қытай державасы ел-жұртының жан сырын топшылау, ойлап табу, ұғу оңай шаруаға жатпайды.
Мәскеу Мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын оқуға түскенінде оқу орны басшылығы бірінші курс студенті Қасым-Жомарт Тоқаевты қытай және ағылшын тілдерін оқытып үйрететін курс тобына қосады. Аталған екі тілдің екеуін ойдағыдай игеру қиынның қиыны еді. Әсіресе қытай тілін. Қытай тілі өзге ел тілдеріне қарағанда анағұрлым күрделі: сөздерінің мән-мағынасы айтылу мәнеріне, ырғағына, интонациясына қарай елеулі түрде өзгеріп отырады екен. Жас қайрат Қасым-Жомарт ақ тер, көк тер еңбек етті. Нәтижесінде қытай және ағылшын тілдерінде өз ана тіліңдей сөйлеп жазатын болды. .
Талай жыл арман еткен мақсаты орындалып, дипломатиялық икемді нәзік стильге әбден төселіп алған алғыр талант Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі КСРО Сыртқы істер Министрлігінің жүйесіне қызметке алынды. Одан соң Кеңес Одағының Сингапурдегі, Қытайдағы елшіліктерінде кеңесші қызметіне тағайындалды.
Дипломат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шет елдердегі табысты қызметі Қазақстан басшылығының назарына ілікпей қалған жоқ. Туған еліне шақырылып, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметіне кіріскені, көп ұзамай Сыртқы істер министрі тағына тағайындалғаны, мемлекет басшылығы баспалдағымен сатылап көтерілгені жайлы жоғарыда егжей-тегжейлі баяндалды.
Баяндалмай қалғанын хикаясына қанығу үшін Екінші Президенттің «Азамат» атты кітабындағы әке, шешесі туралы толғаныс эссесінен оқып танысуға болады. Ата-анасы балаларының тұнғышы Қасым-Жомартқа кішкентай кезінен айырықша көңіл бөліпті. «Әке балаға — сыншы» дейді ғой атам қазақ. Оның бер жағында әкесі Кемел жазушы, Кеңес кезінде жиі айтылатын нақылды қайталағанда «адам жанының инженері.», тұңғышының мінез-құлқын, қабілетін сынап бақылай жүре ішіне түйген ойын күндердің күні сыртқа шығарады. Кемекең Қасым-Жомартына үлкен сенім артатынын, биік мемлекеттік лауазымдардан көргісі келетін арманын айтқан және ол тілегін баласына әлденеше рет құлаққағыс еткен.
Институт бітірген соң Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы Істер Министрлігі аппаратындағы жауапты қызметке тағайындалады. Біраз уақыттан соң Институт басшылығы жас дипломатқа разведчик, барлаушы болуға күш-қабілетін байқап көруді ұсынады. Ол үшін Мәскеу түбіндегі құпия орындардың бірінде бір жыл дайындықтан өту қажет дейді. Қасым-Жомарт әрі ойлап, бері ойлап өзін екі жолдың айырығында тұрған жолаушыдай сезінді. Қайсысын қалауды білмей, әкесімен ақылдасуды жөн көрді.
-«Ұзақ жылдардан МҚҚ қызметін зерттеуге арнаған және чекистердің қиын еңбектері туралы өз кітаптарында талай қызықты жайларды жазған әкемнің менің болашағым үшін мазасызданбауы мүмкін емес қой. Күдігін күшпен жеңіп, «Сені құрбандыққа жіберіп отыр ма деп қорқамын. Қазір барлаушылар көп, ал сен сияқты дайындықтан өткендер өте аз» деді.»
Дипломат маманадығынан көз жазбағаның дұрыс деген әке ақылын: балам, тағдырыңның жұлдызы жарқырай берсін, жолың болсын, әумиін, деп алақанын жайып ақ батасын бергендей сезінді.
— Анашым Тұрар Шабарбаева да тұңғыш перзенті өмірлік дүниетанымының қалыптасуына зор қамқоршы болғаны жадымда мәңгі қалыпты, деп жазады естелік авторы. «Маңайымдағы адамдарға ізетпен қарауға, ұстамды болуға, жақсыны үйренуге және одан өзіме пайдалыны ала білуге үйретті. «Күні бойы және кешке немен айналысатыныңды таңертеңнен ойлау керек. Жинақы жүру қажет. Асып-сасқан адам сәтсіздікке ұшырайды» деп жиі айтатын».
«Азамат» кітабының соншалық махаббатпен жазылған «Ана» атты У1 тарауынан алатын әсерің — ақ сүтін емізген барша анаға тән мінез ғой деген қорытындыға саяды.
Асқар тау әке, асыл ана қашанда жан баласын мәпелеп өсіреді, тынымсыз қамын жеп, жатпай-тұрмай тәрбиелейді. Кіші Отаны -отбасында бұғанасын бекітіп, кіндік қаны тамған туған жеріне деген сүйіспеншілік сана-сезімін оятады, көргенді азамат етіп өсіреді. Ел-жұртымыздың осынау атамзаманнан бері қалыптасқан игі дәстүрін енді бүгіндер Тәуелсіз Қазақстан — үлкен Отанымыз еселеп жетілдіруде. Мектеп қабырғасында, жоғары оқу орындарында білім, ғылыммен қаруландырып, жас буынның бақытты болашағын қамтамасыз етуде.
Жуықта көпбалалы отбасы балаларына 5 мың әлеуметтік білім грантын бөлуге тапсырма берілді. 2019 жылғы 27 тамызда дарынды жастардың жаңа типін қалыптастыру мақсатында Президент жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Талапты жастардың алтын қорына 35 жастан аспаған, жоғары білімді, бес жылдан кем емес еңбек стажы бар Қазақстан жастары іріктеліп алынуда. Мұның өзі бұған дейін қолданылмаған соны тәсіл. Кадрларды іріктен орналастырудағы орын алып келген қателік, кемшіліктерді қайталамауға, жарамсыз қылықтарға, атап айтқанда, басшы органдарға тамыр-таныстарын тықпалаушылыққа, жершілдік, рушылдық, сыбайлас жемқорлық сияқты кінарат-кеселдерге бұдан былай жол бермеуге бағытталған іс-шара.
Жас басқарушылардың жаңа буынын қалыптастыру мақсатында жасалған арнайы сайттың тұғырнамасында бес мыңдай үміткер тіркелсе, олардың арасынан 300 адам Президенттік кадр резервіне алу көзделіп отыр. Бұлар дегенің – болашақ министр, вице-министр, облыс және Астана, Алматы, Шымкент – осы үш мегаполис әкімінің орынбасары, комитет төрағасы, ұлттық басқарушы холдингтер мен ұлттық компаниялар жетекшілері болмақ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпағымызға еліміздегі тұрмыс тауқыметіне ұшыраған кедей-кепшіктерді көзден таса қылмау керектігін ұмытпайды. Мемлекет тарапынан әлеуметтік қайырымдылықтың ілкі үлгі-өнегесін мына бір фактіден, бұрын ұшыраспаған іс-шарадан көруге болады. Жарты миллионнан астам адамның кепілдіксіз тұтынушылық кредиті бойынша қарыздарын жоюға мемлекеттік бюджеттен 272 миллион долларға барабар қаржы жұмсалды. Бұл дегенің әлемдегі ірі мемлекеттердің көбісінің қолынан келе бермейтін жақсылық нышаны.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Шығыс Қазақстанның Семей өңіріне барғанында елімізде ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толуын кеңінен тойланатынын атап айта келе, ұлт ұстазының Х1Х ғасырдағы қазақтың мінез-қалыбын өткір сынға алғанын, хакімнің ұлағатты ақыл-өсиеттерін ұмытпауға шақырды. Даңғазалықты доғарып, ысырапшылдықтан арылу қажет. Осы туралы бұрынырақта, әлеуметтік желіде пікір жазғанын еске салды Президент.
– Ұлы Абай,- деді Мемлекет басшысы, – «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек: әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білемін. Надандық – білім, ғылымның жоқтығы..». Жастар «Абай айтқан бес асыл іске… берік- талапшыл, еңбекшіл, рақымшыл болса,- онда біздің еліміздің болашағы жарқын, жұлдызы жоғары болмақ».
Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 13 маусымда Қазақстан республикасының Президенті болып сайланысымен сөйлеген сөзінде: «Рухани жаңғыру құндылықтары біздің басты рухани бағдарымыз болып қала береді. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер біздің халқымыздың бірлігін және ұлтымыздык жасампаздығын нығайтып, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады.- деді.
Президент ел басқарудың сара жолы туралы қағидасын үстей түсіп, Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпайынша, жетілдірмейінше табысты экономикалық реформалар жасау мүмкін емес екенін ескертті. Әлеуметтік қажеттіліктерге құлақ аспайтын саңырау технократизмге, жә болмаса айқай-шуға әуес популизмге жол бермеуге үндеді. Бүгінгі қайсыбір жергілікті және орталықтағы шенді шенеуниктер ел-жұрт тілегіне құлақ асудан қалған, немқұрайдылық кінаратына шалдыққан. Сол себепті жұртшылық шағым-арыздарын Президенттің тікелей өзіне жолдауға мәжбүр.
Рухани жаңғыру реформаларын, сайып келгенде, саясаттың қыр-сырына қанық, қағылез, өткір, дарынды кадрлар жүргізуі керек. Мемлекет қызметкерлері құрамын даярлығы мол жас кадрлармен толықтыру қажет. Сонымен бірге, – деді Президент, – 2020 жылдан бастап мемлекет қызметкерлерінің санын бірте-бірте 25 пайызға дейін қысқартуға кірісеміз.
Байқайсыз ба, жаңа Президент штат қысқарту термиінін «оптимизация», «оңтайландыру» деп мәймөңкелетпей, өз атымен атады. Кезінде өйтіп мәймөңкелетудің көкесін, мысалы, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты көрді. Институт директоры Ғылым Академиясы инситуттуарын оңтайландыру жүргізілмегін естідім деп басын шайқағаны есімде. Шынында да «Оңтайлану» салдарынан институт «Әдебиет теориясы мен методологиясы», «Ежелгі дәуір әдебиеті бөлімдерінен жұрдай болды.
Әдебиет ннституты ғылыми қызметкерлері басқа да теперішті аз көріп отырған жоқ Өзге жұрт айлық еңбекақысын уақытында алады, ала алмаса ереуілге шығады. Ал, Әдебиет және өнер институтының ұжымы жаңа жыл басталды-ақ, еңбекақысын дер уақытында ала алмайды. Сол себепті болар, Институт қушыгештері: «зарплата» деген сөздің аудармасын «еңбекақы» демей, «зарақы» яки зарыға алатын ақы деп атайды.
Жоғарыдағылар сірәда Әдебиет институты ғалымдары мен қызметкерлерінің отбасы тым құрса 16 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесі күні сорпа-суан ішіп терлеп-тепшісін деп ұйғарған болуға керек, Институт ұжымы қарашада алатын еңбек ақысын 13 желтоқсанда алып бір «уһ» деді. ..
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғаны мәлім. Тұжырымдама мәнісі – азаматтардың барлық сындарлы сауалдарына жедел және тиімді жауап беретін билік пен қоғамның тұрақты диалогын құру деген сөз.
Кемеңгер Абайдың: «Біріңді қазақ, бірің дос Көрмесең, істің бәрі бос» деген өлмес өсиеті әрі ілімі осындай ағайын жұрттың басына түскен қиын-қыстау уақытында өміршеңдігін тағы да бір дәлелдеді. Арыс апатына ұшыраған бауырларымыздың басына түскен тауқыметін оңтүстік өңір ел-жұрты, қала берді күллі қазақстанстандықтар бірден мойнына алып көтерісті. Қала тұрғындарының арасында туған үрей, құлазу, жылау-сықтау көп ұзамай сап тыйылуының, мұндағы халықтың еңсесі тез көтерілуінің үлкен бір себебі, жарылыс болған күні, дәлірек айтқанда, 2019 жылғы 24 маусымы мезетінде кешке салым апатты Арыс қаласына жаңа Президент жедел жеткен-ді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқыс оқиғаның жай-күйін әбден анықтап біліп, қала тұрғындарына басу айтты, ауруханада жатқандарының көңіл-кұйін сұрастырды. Сонымен қабат, тиісті органдарға, Үкіметке жедел тапсырмалар берілді. Үкімет өз тарапынан Арыс қаласын шапшаң қалпына келтірудің кешенді жоспарын жасап, бірден іске асыру қамына кірісіп кетті.
Президент шақыруына күллі республика жұртшылығы бір кісідей құлақ асып, Арыс қаласындағы ағайынға қамқорлық қолын созды. «Көп түкірсе көл болады» дейді атам қазақ. Президент өзі бас болын қазақстандықтар бір күндік еңбекақыларын көмекке берді. Арыс қаласын қалпына келтіруге лек-легімен кіріскен құрылысшылардың білек сыбанып, күн-түн демей екілене еткен еңбегі жемісін тез берді. Арада апта өтті, өтпеді ме, Арыс бауырларымыз, Аллаға шүкір, кіршіксіз жөнделген немесе жаңадан жайнатып салынған жаңа қоныстарына орала бастады.
«Дана халқымыз,- деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев,- волонтерліктің дәстүрлі сыр-сыйпаты жайлы. – «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Қайырылымдық пен мейірімділік – қанымызға сіңген қасиет. Қазақта асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар. Оның волонтерлікпен үндесетіні сөзсіз.»
Үстіміздегі 2020 жыл — волонтерлар жылы. Волонтерлік қозғалысына қатысушы 50 мыңнан астам патриот «Білім», «Қамқор», «Үміт», «Сабақтастық», «Саулық», «Таза» ауа» атты 7 салалық бағыт бойынша қайырымдылық қызметке жұмылған. Айталық, «Таза әлем» жобасы волонтерлері қоршаған ортаны, өзен су, көлдердің жағасын, елді пункттер маңын қоқыр-соқырдан тазартуда, далада жапа шеккен жануарларға ем-дом жасауда.
Жуырда Нүр-Сұлтан қаласында волонтерлардың «Біргеміз» республикалық фронт-кеңесінің ресми ашылу салтанатында Халық, қоғам қамы үшін адал, жанқиярлық қызмет етудің, қамқорлық пен мейірімділіктің биік өнегесін көрсетіп жүрген Ел Президентіне Волонтерлар қозғалысының Құрметті елшісі атағы берілді.
«Менде,-деді Президент,- Төтенше және Өкілетті елші атты дипломатиялық ранг бар. Бірақ бұл мәртебе – волонтерлік қызметтің елшісі атану да ерекше маңызға ие деп білемін. Сол себепті, біз бірге жұмыс атқарамыз.»
Мемлекет мұқтаж жандарға көмектесу саясатын дәйектілікпен жалғастыруда. Ұлттық кеңестің екінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдегендей, атаулы әлеуметтік көмек ең алды көп балалы отбасындағы балаларға беріледі. Ұлттық кеңес мүшелерінің көп балалы отбасыларға әлеуметтік көмек төлеу форматында отбасы табысын есепке алмау туралы ұсынысы қабылданды. Бұдан былай көпбалалы отбасылары 45,5 мыңнан 74 мың теңгеге дейін көмек алатын болады. Бұған қоса табысы жарытымсыз отбасылары балалар кепілді әлеуметтік пакет алады. Мектеп жасына дейінгі балаларға азық-түлік, басқа да тұрмысқа қажетті бұйымдармен қамтамасыз етіледі. Оқушы жеткіншектерге мектеп асханаларында тегін ыстық тамақ беріледі. Мектепке және үйіне тегін қатынайтын болады, мектеп формасы киімімен, оқу құралдарымен жабдықталады.
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға кешенді әлеуметтік-патронаттық қолдау күшейтілмек. Әрине, көп балаларға жәрдемдесуде төрт бұрышымыз түгелдеп алақайлауға әлі ерте. Қазіргі уақытта, мысалы, төрт бала тапқан анаға 10 500 теңге, ал күміс алқа, алтын алқа иегерлеріне 16 мың теңге жәрдемақы беріледі. Бұл шағын сома тым аэдық ететінін мойындауға керек. Ресей Федерациясында отбасы қазір алғашқы туған нәресте үшін де жәрдемақы алатын болды.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсетудің пәрменді жүйесі жетілдірілмек. Қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі азаматтардың төрттен бірі ғана жұмыспен қамтылған. Бұл олқылықты жоюдың пәрменді шарасы ретінде жұмыс берушілерге мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қабылдау үшін арнайы квота тапсыру міндеттелді. Барлық аймақтарда Еңбекпен қамту және әлеуметтік оңалту орталықтары жаңғыртылады.
Өзім білемдікке салынбау – бұл да мәдениеттілік. Жаңа саяси мәдениет конструктивті диалогты қалайды. Бізге,- деді Президент,- парламенттік оппозиция институты қажет. Еліміздің саяси жүйесінде оппозицияның қатысуы мемлекетіміздің демократиялық үрдістерін жетілдірудің маңызды факторы болып табылады.
Партияларды тіркеу үшін бұрын 40 мың адамның дауысын жинақтау керек болса, Мемлекет басшысы тіркеуге 20 мың дауыс жеткілікті деп тапты. Сонымен бірге партиялық тізімдерде әйелдер мен жастарға 30 пайыз квота беріледі.
Тегінде партияларды тіркеу үшін 20 мың квотаны да кеміткеннің артығы жоқ. 1990 жылдары Қазақстанда партия тіркеу үшін 3000 қол жеткілікті болатын.. Кейіндер 40 мыңға дейін шырқатылды. Кей оппозиционерлер Ресей халқы бізден он есе көп, бірақ партияны тіркеу үшін онда небары 500 қол жинаса жеткілікті десіп жүр…
Ресми белгіленген квотамен келіспейтін баламалы пікірімен санасу жөн. Сондықтан,-деді Ел Президент,- парламентке саяси азшылықтардың өтуін заң жүзінде бекіту қажет. Заңға өзге партиялардың өкілдері парламенттегі комитеттердің төрағалары бола алатындай өзгеріс енгізу көзделіп отыр.
Қазақстан жер көлемі жағынан дүние жүзі мемлекеттерінің арасында тоғызыншы орында. Мемлекет басшысы қазақтың ұлан-ғайыр жерін дұрыс пайдалану мәселесіне айырықша мән беріп, Ұлттық сенім кеңесінің екінші отырысында жер телімдерін талапқа сай игере алмай жүрген қожайындарға салынатын салық ставкасын он еседен 20 есеге көтеруге және құрдан-құр бос жатқан жер участкелерін мемлекетке қайтару мерзімін екі жылдан бір жылға қысқартуға тапсырма берді.
Жер туралы мәселенің көкейкестілігі сонша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан былай жер пайдалану келісімдерін бақылау ісін ғарыштан түсірілген суреттер арқылы қадағалауға және бұл істі соза бермей, 2020 жылдың мамырына дейін аяқтауға міндеттеді.
Үлкен бір олқылық — бүгінгі уақытқа дейін асты-үсті қазыналы қазақ жері қойнауының ширек бөлегіне ғана геологиялық зерттеу жүргізілгендігі. Алдыңғы қатарлы елдерде геологиялық мәліметтерді біріктіріп арнайы цифрлық карта жасалған. Бізде Х1Х ғасырдан бері Мемлекет геологияға қатысты жиналған мәлімет орасан мол. Бірақ әлі жинақталып жүйеленбеген.
Ұлан-байтақ жеріміздің әр аймағы табиғатына тек өзіне ғана тән келбет, көркі қандай шіркін. Қазақ жас буынын сол асқаралы сұлулықты аялауға, көздің қарашығындай сақтауға баулыған: «Көк шөпті жұлма, көктей соласың», «Құстың ұясын бұзба, киесі атады» деп ескертуден ылайым жазбаған. Ұлы Абай туған жеріміздің тамылжыған табиғатын ән-жырмен, дарабоз дарындылықпен, жүрек лүпілдетер сазды лирикамен кестеледі:
Желсіз түнде жарық ай
Сәулесі суда дірілдеп,
Ауылдың жаны терең сай,
Тасыған өзен күрілдеп.
Қалың ағаш жапырағы
Сыбырласып өзді-өзі.
Көрінбей жердің топырағы
Құлпырған жасыл жер жүзі…
Соңғы жылдары қу құлқынының қамы үшін жапан даламызды жайлайтын мақтанышымыз – жабайы жануарлар мен жәндіктерді атып құртушылар саны көбейіп кеткені жасырын емес. Киікті баудай түсіріп, мүйізін Ресей мен Қытайға сатумен айналысқан қылмыскерлер, заңсыз балық аулап, ақбөқен, елік, қарақұйрық, қоян атып қызыл кезең асырып жатқан жалмауыздар қаншама. Құм боранының тосқауылы — сексеуіл сындырғандар, тораңғыл мен жыңғыл шапқан жылпостар да жетерлік.
Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы берген тапсырмасы бойынша әзірленіп қабылданған заң табиғатымыздың ен байлығы, ырыс-құты аң-құсын, хайуанаттар дүниесін тонаушылардың сазайын тарттырды.
Елімізде атқарылып жатқан игі істердің және бір өркендісі халқымыздың өткен тарихи жолын қайта қарап зерттеу болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау- 2019» Халықаралық туристік форумда сөйлеген сөзінде Ұлытауда Шыңғыс хан империясының бір бөлігі — Алтын Орданың билеушісі, Шыңғыс ханның тұңғыш баласы Жошы ханның мекендегенін, 2020 жылы Жошы ұлысы — Алтын Орданың құрылғанына 750 толуын мерекелеу қажеттігін, Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз керектігін ұсынды.
Бұл ұсыныс өткен дәуірлердің Қазақ елі тарихының аса маңызды белесін ғылми тұрғыдан әділ пайымдауға жол ашады. Кеңес кезінде, оған дейін де «татаро-монгольское иго» деген қағида белең алғаны белгілі. Ресей Федерациясында қазіргі уақытта да Алтын Орда оң бағаланбайды. Жуырда «Московский комсомолец» газетінде жариялаған мақаласында (13-19 қараша 2019 ж.) Ресей Ғылым Академиясы Жалпы тарих институтының тарихшы ғалымы Владислав Назаров: «Некоторые политики Татарстана начали делать из Золотой Орды сугубо позитивную модель» деген тұжырым жасағанын айтсақ та жеткілікті.
Алтын Орда туралы тарихи шындықтың нағыз қайнар көзін Қазақстан ғалымдары аршуда. Мысалы, тарих ғылымының докторы академик Уахит Шәлекенов «Алтын Орданың Монғолияға қатысы жоқ» деген мақаласында («Жас Алаш» газеті. 26 қараша 2019 ж.) Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытауда жасаған ұсынысын түркі тектес этностар үлкен ризашылықпен қабылдағанын паш ете отырып, еш талассыз тарихи деректерге сүйенген зерттеуін:
«Алтын Орда тарихын қайта жаңғыртып, Шыңғысхан мен ұрпақтарын тарихи ақтаңдақтардан арылтып, бұл империяның шынайы тарихын жазуымыз керек. Бұған Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойы мұрындық болуы тиіс. Сондықтан тарихшылар мен археологтар қазірден бастап іске кірісуі керек.» — деп қорытады.
2020 жылы елімізде рухани кеңістігіміздегі және бір тарихи, мәдени һәм әдеби маңызы зор оқиға мерекеленбек.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінің үстіміздегі 2020 жылы 9 қаңтар күнгі санында «Абай және ХХ1 ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы ұлы Абай мұрасының жаңа дәуір сұранысына жауап беретін өзекті проблемаларын терең талдауымен, соны да соқталы ойымен ерекшеленеді Өнегелі туындының кіріспе сөзінде айтылғандай:
«Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кетті. Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланын отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани жаңғыру мақсатында өткізілмек.»
Философия ғылымында ежелден қалыптасқан ұғым бар: әр көркем шығарма – нақты құбылыс. Ал нақтылық ылғи бірқалыпты, біркелкі көрінбейді, қашанда сан сипатты, сан қырлы. Мақалада Абай Құнанбайұлының ойшыл, ғұлама, ақын, ағартушы, аудармашы, қазақ жазба әдебиетінің түп атасы, композитор ретіндегі баға жетпес мирасы бүгінгі заман талабы тұрғысынан жанжақты сараланған.
Мемлекет басшысының аталған бағдарламалық еңбегі «Ұлттық болмыстың үлгісі», «Мемлекет ісінің мүддесі», «Жаңа қоғамның жанашыры», «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы», «Торқалы тойдың тағылымы» атты бес бөліктен тұрады.
Қазіргі ХХ1 ғасырда ғылым мен білім көші болып көрмеген дәрежеде ілгеріледі. «Ал біздің міндетіміз, — делінген мақалада, — осы ілгері көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатардан орын алу». Ол үшін не істеуге керек? Ұлы Абай осыдан бір ғасыр бұрын «Ғылым таппай мақтанба» деп, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру, ең әуелі сол ғылым есігін алдымен айқара ашатын мұғалім мәртебесін биіктету керектігіне назар аударды.
Қазіргі дәуір – ғылым мен техника дәуірі. Мемлекет басшысының «Абай және ХХ1 ғасырдағы Қазақстан» мақаласының терең де тағылымды ой түйіндері рухани жаңғырудың жаңа белесіне көтерілуге, данышпан Абайдан бастау алатын интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясына қайта үңілуге, ғылым-білімнен сусындауға үндейді.
Ғылым-білім — өрнекті тіркес. Қайсыбір автор жазып жүргендей, «білім мен ғылым құстың қос қанатындай егіз ұғым» емес. Көп оқыған білімдар ғалым болуы да, болмауы да. Ғылым — жүйеленген білім, табиғат пен қоғам дамуы қойнауының бұрын ашылмаған сырын ақтарып, тың жаңалық іздеп табатын «инемен құдық қазғандай» қиын да жанқияр еңбек ғаламы.
«Абайды дұрыс түсіну» үшін кемеңгер ақынның «Әрбір ғалым – хаким емес, әрбір хаким ғалым.» деген қағидасына тереңірек бойлауға тырысуымыз керек. Бізде ғылым кандидаты, доцент, ғылым докторы, профессор, академик. Құдайға шүкір, сирек емес. Ал, Аристотельдей хакімдер ше?
Ұлы Абай ежелгі грек ғалымы Аристотельді хакім атаған. Бүгінгі хакім Аристотельдерді баулып өсіру оңай шаруаға жатпайды. Ғылым мен теникаға аумақты қаржы дер кезінде құйылмаса, «Құр айқай бақырған /Құлаққа ән бе екеннің» (Абай) кері келмек. Мұны бір десек, екінші – ғылым ашқан жаңалық іле-шала өндіріске енгізілуі ауадай қажет. Тиісті ұйымдастыру іс-шараларымен қабат, ақшалай қомақты демеушілік жасалуы міндет. . Мысалға АҚШ ғылым саласына жыл сайын 511,1 миллиард доллар, Қытай 4512, Ресей 39,9 миллиард доллар құяды. Ал Қазақстанда ғылымға бөлінетін қаржы жарытымсыз. Жуық араға дейін ішкі жалпы өнімнің небары 01 пайызын құрады.
Елімізде ғылым саласын тығырықтан шығару енді-енді қолға алына бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ғылымды қаржыландырудың жалпы көлемі таяудағы үш жылдың іщінде 2 есе өспек. 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімннің 1 пайызын құрайтын болады.
* * *
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХ1 ғасырдығы Қазақстан» мақаласында біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз, бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы, «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі зерттеу нысанына айналуы» қажет деп атап көрсетті.
Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, қалыпты, шыдамдылық,
Бұл қайраттан шығады, білсең керек.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жолда жоқ жарыместі жақсы демек.
Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жолын білмек.
Ғақлияның он жетінші сөзінде ақыл, қайрат, жүрек үшеуі жеке-жеке тұлғаға айналып, өзара айтысады. Айтыс барысында «Толық адам» баламасы ретінде дыбысталуы басқа болғанымен, мағынасы бір синоним – «Табанының топырағы көзге сүртерлік «Қасиетті адам» тіркесі қолданылған.
Ізгілік пен жақсылыққа ұмтылатын «толық адам», «қасиетті адам» тұжырымдарының өзге тілдерге қандай синониммен тәржімаланғанынан хабардар болуымыз артық емес. 1970 жылы Алматыда жазушы Сәтімжан Санбаев аудармасында «Абай. Слова назидания» атты кітап жарық көрді. Сол басылымда «қасиетті адам» тіркесі орыс тіліне «праведник» — тақуа, сопы деген діни қолданыстағы тілде, ал концепциясы орысшаға «Пыл с подошев его ног будет исцелять слепых» деп аударылған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласының «Жаңа қоғамның жанашыры» бөлігінде «Толық адам» концециясының бүгінгі өмір шындығын танып-білуге үлкен ықпалы барын айта келе, мемлекет мүддесі жолында еңбек етудің қабырғалы мәселелерін жанжақты және терең талдайды.
«Толық» адам» ілімі бүгінгі өскелең ұрпақты ақыл, қайрат жүректі бірдей ұстап, мемлекет деңгейінде ойлауға, санасы кемел, кісілігі мол, халық мүддесінің жоқшыларын, жан аямай кәсіп қылып жанқияр еңбек ететін нағыз азаматтарды баулуға рухтандырады.
Болмасын кекшіл,
Болсайшы көпшіл,
Жан аямай кәсіп қыл.
Орынсыз ыржаң,
Болымсыз қылжаң
Бола ма дәулет нәсіп бұл?
Еңбек қылсаң ерінбей-
Тояды қарның тіленбей.
«Еңбек қылсаң ерінбей, Тояды қарның тіленбей» қағидасы ел азаматтарының бай, кедейіне, нешеме шенді шенеуниктері деймісің, бәр-бәріне, қатысты ақыл-кеңес.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сонау жас ұлан шағында аянбай ақ тер, көк тер еңбек етіп, бес тілді меңгергенінен бастап бірте-бірте толық адам рухында қалыптасқаны қазақ қауымына, үлкенді-кішілі қай-қайсымызға болсын үлкен үлгі-өнеге.
Мемлекет басшысы рухани жаңғырудың материалдық негізі – ел экономикасын дамытуға жаңа ойлар, жаңа әрекет қажет деп есептейді: «Ұлы Абай сөзімен айтқанда, «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың» деген. Осы түйінді тұжырымдарды санамызға берік тоқып, еліміздің экономикасын ілгерілету қамын ойластыруға керек».
Еліміздің мароэкономикалық жағдайы, шүкірлік, тұрақты. Десе де алға басуымызға тұсау болатын мәселелер көптен көп. Осы кедергілерді жою мақсатында тиісті үкіметтік органдарға шұғыл тапсырма берілді: мемлекетіміздің әлеуметтік экономикалық даму көрсеткіштері динамикасын дамытуға тікелей ықпал ететін іс-шаралар жүйесін белгілеу, ең алдымен шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру ісін жолға қою міндет.
Қазіргі зәрулі мәселенің бірі – микро және шағын бизнесті шұғыл өрге бастыру мәселесі. «Біз шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек». — деді Мемлекет басшысы. Отбасылық шағын кәсіпорындар, мысалы, Шымкент мегаполисі өндірісінінің өрісін кеңейтті. Мұнда «жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 69,4 мыңға жетті
Жұмыспен қамтылған азаматтар 147,8 мың адамды құрады. Отбасылық шағын кәсіпорындар қала тұрғындарының әл-ауқатын көтеруде жетекші рөл атқаруда. ( «Егемен Қазақстан» газеті. 24 ақпан 2020 ж.)
Президентіміздің шешімі бойынша, микро және шағын бизнес табыс салығынан үш жылға дейін босатылды. Оларды тексеруге соншама мерзімге мораторий жарияланды.
Елімізде мемлекеттік индустриялық инновациялық даму бағдарламасы аясында өнімділігі жоғары орта бизнеске қолдау көрсетудің кешенді шаралары жұзеге асырылуда.
Қазіргі уақытта шикізат емес өнімдерді өндіретін кәсіпорындар саны көбеймей бұрынғы қалпында өзгеріссіз қалып отыр. Кеңес кезіндегі өнеркәсіптен сақталғандары – тек мұнайгаз және металлургиялық өнеркәсіп қана. Машина жасау, «Целиноград сельмаш» Қазақ сельмаш», Алматыдағы мебель фабрикасы, жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары әлі күнге жаңғыртылмаған күйде. Тек өзбек инвесторларының көмегімен Шымкент шаһарында әлденеше жылдан бері тоқтап тұрған жіп иіру фабрикасы қайтадан іске қосылды.
Жуырда үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Мемлекет басшысы ел экономикасының елеулі олқылықтарының орнын толтыру, үстіміздегі 2020 жылы еңбек өнімділігін кем дегенде 1,7 есеге арттыру міндетін алға тартты.
Қазақстан басшылығы әлем мемлекеттерімен эконономикалық әріптестікті нығайтуға ерекше мән береді. Басты міндеттердің бірі шет елдерден тікелей тартылылатын инвестицияны көбейте түсу болып табылады. Өткен жылы шетелдік инвестициялар көлемі 25 миллиард доллардан асты.
Күш-жігерімізді әлемдегі ең озық технологияларды тартуға шоғырландыруымыз қажет. Мысалы, еліміздегі энергия көздерінің әлеуетін арттыру мақсатында жел және күн электр станцияларын көбірек салу көзделіп отыр.
Тағы бір маңызды іс – цифрландыру мәселесі. Бір ғана ведомство – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі электронды қызмет көрсету жүйесінің арқасында 3 миллиард теңгеден астам теңге үнемдеді. Эдектрондық еңбек биржасы арқылы соңғы уақыттарда миллионнан астам адам жұмыс тауып орналасты. Енді Медицина институтын бітірген жас маман дәрігерлер пластикалық карталардың көмегімен қай регионға баратынын өздері қалап алатын болды. Өткен 2019 жылы 6 мыңнан астам азаматтық іс жөніндегі сот процестері қашықтығының алыс-жақындығымен санаспайтын қанатқақты режимде интернет арқылы қаралды.
Қазақстан Президенті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі озық, заманауи жүйелердіңт қозғаушы күші болуы тиіс екенін атап өтті. Технология дамыған заманда мемлекеттік цифрлы қызметтер кез келген қарапайым адамға түсінікті және қолжетімді болуға керек.
* * *
«Толық адам» философиясының моральдық-саяси концециясының алтын арқауы – адамгершілік, адамгершіліктің анасы – махаббат. «Толық адам» өзін ғана емес, ең алды өзгені, сайып келгенде, күллі адамзатты жан-тәнімен сүю.
«Махабатпен жаратқан адамзатты.
Сенде сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзазаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті .
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ халқының бойтұмары Абай үндеуін, адамгершілік философиясын барша әлем халқының естіп білуіне қол жеткізсек, нәтижесінде күллі адамзат Абай елін — Қазақ елін кеңірек, дәлірек танымақ, деп есептейді. Президент осы мақсатқа жетудің амал-құралы есебінде ұлы Абай туындыларын әлем халықтарының 10 тіліне аударуға тапсырма берді.
Жуырда осы арна кеңейтіле түсіп қазақ жазушылары туындыларының шет ел тілдеріне тәржімаланған антологиясы жарық көрді.
Алайда, жоғарыда айтылғандай; қазақ қаламгерлері шығармаларының жариялану ісін жақсарту проблемасын толық шешуге Үкіметіміз асығар емес. Қайта кей облыс тізгінін ұстаған әкімдер өздері қызмет істеп жүрген өңірдегі жазушылардың кітаптарын шығарып беруге қамқорлық жасап жүр. Еліміздегі әкімшлік қызметтегі елеулі басшылардың бірі Бердібек Сапарбаев мырза Шығыс Қазақстан облыстық әкімі болып істеп жүрген кезінде «Алтай-Ертіс кітапханасы» деген айдармен осы өңір топырағына кіндік қаны тамған бірсыпыра қаламгерлердің туындыларын жарыққа шығаруға қолқабыс етті.
Өз басым Оңтүстік астана қаламгерлеріне қол ұшын беріп қамқорлық жасап жүрген Алматы шаһарының басшылығына,. қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мырзаға дән ризамын. Жуырда «Алматы әкімдігінің қолдауымен Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шахановтың «Өркениеттің адасуы» деп аталатын кітабы орыс тілінде 15 мың данамен басылып шықты. Дәл осынша таралыммен қазақ қаламгері кітабының шығуы соңғы 10-15 жылда болмаған оқиға». Алматы әкімдігі тағы да бірсыпыра жазушының шығармаларының жарық көруіне қол ұшын беруде.
ХХ1 ғасырдағы қазақ көркемсөз ісмерлері — ұлы Абайдың, әдебиеттегі бүгін таңдағы мұрагерлері. Бүгінгі ақын, жазушыларға жасалған қамқорлық — қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы хакім Абай ісін дамытуға деген қамқорлық.
* * *
Ел Президенті қызметіндегі жылдан сәл қалқыңқы уақыт ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің қашанда бірқалыпты ұстайтын, сабырлы, салмақты мінезі, характері, іскер ұйымдастырушылық қабілеті, өмір талабын түсінуде көрегендігі, жоғары парасаттылығы арқасында халқымыз алдында биік беделге ие болды. Бұл жөнінде күнделікт бұқаралық ақпарат құралдарында сирек жазылмайды емес.
Мысалға «Комсомольская правда» газетінің 2020 жылғы 12-17 ақпан күндергі санында кинорежиссер, жазушы, қоғам қайраткері Ермек Тұрсынов өз көңіліндегі ой-пікірін былайша білдірді:
«Нам с вами сильно повезло. К власти пришел новый человек. Он правильный. Я встречался с ним, я ему поверил. Нам нужно забыть свои обиды и объедениться вокруг него. Нам нужно, чтобы во власти было больше Токаевых».
Наурыз – «жаңа күн» деген сөз. Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның Қазақстан Президенті қызметіне кіріскен айы. Мемлекет басшысының осы жыл он екі айда ақ тер, көк тер еңбек етіп, айтулы табыстарға ие болғанына Қазақстан жұртшылығы ғана емес, әлем қауымдастығы оң баға беруде.
Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабарти осы бір жыл аралығында Қазақстан Президенті жүзеге асырып үлгерген саяси және экономикалық реформаларға, әсіресе «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына жоғары баға берді.
– Лондондағы бас офисіміздегі команда мен Қазақстандағы өкілдіктің пікірінше, – деді Чакрабарти мырза,- Сіздің біліміңіз халықаралық қатынастардағы мол тәжірибеңіз еліңіздің дамуына елеулі үлес қосады. Біз Сіздің барлық бастамаларыңызды қолдаймыз. Президент ретінде бір жылда атқарған табысты жұмыстарыңызға ризашылық білдіреміз. («Егемен Қазақстан» газеті. 4 наурыз 2020 ж.)
Мемлекет басшысының жемісті, үлгі-өнегелі қызметі еліміздің бір ел, тұтас ұлт болып еселі еңбек етіп, әлемнің ең озық мемлекеттерінің қатарына қосуға деген қайрат-жігерін тасыта түспек.