ӘЙЕЛ және ӘЛЕУМЕТ

1. Мұзжүректер мен мұңлықтар, немесе қоғам мінсіз болсын десең, қызыңа қара

«Ананың өз сәбиінен бас тартуы-жәй әлеуметтік құбылыс емес, әлемдік катастрофа. Қоғамдық мінез-құлықтың бұрмалануы-бір елдің проблемасы емес, адамзаттың проблемасы» дейді Жапония ғалымдары.
Ал, бізде өз сәбиінен бас тартқан былай тұрсын, өз қағынан өзі жерініп, әжетханаларға, қоқыс жәшіктеріне шаранасын шырылдатып тастап кеткен оқиғаларды күнделікті көре-көре оған етіміздің үйренгені соншалық, мұны қалыпты жағдайдай қабылдайтын болдық. Өтірік деп көріңізші, теледидардың қай арнасын қосып қарасаңыз, еліміздің әйтеуір бір түкпірінде жоғарыда жазғанымыздай баласын шырылдатып күл-қоқысқа лақтыра салған оқиға қылаң етіп шыға келеді. Бұдан Шымкентіңіз де шеткері емес. Ана бір жылдары сәбиінен бас тартқан бір келіншектің баласын саудалаған екі мейірбике істі болды. Сайрам ауданында да осыған ұқсас оқиға орын алды. Облыстық білім басқармасының берген есебі бойынша өңірде 2015 жылы 2990 сәби ата-ананың қамқорлығынсыз балалар үйлері мен «Бауыржан» отбасылық үлгідегі балалар ауылында тәрбиеленген. Одан беріде жетімектер саны көбеймесе азайған жоқ. Балаларды қорғау комитетінің мәліметінше, елімізде 27274 жетім бала бар екен. Солардың алты мыңнан астамы балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатыр. Бұл аз ба, көп пе?
Әрине, көп. Өйткені, қазақ қашан жетімін жылатып, жесірін қаңғыртып, қарияларды кемсеңдетіп еді? Қазақ елінде жетімдер үйі деген болып па еді? Алыста қалған аласапыран кезеңдерде ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешкен жаугершілік заманда да қазақ даласында жетім бала болмағанын тақсыр тарих толығымен растайды. Біздің асыл әжелеріміз әкесі соғыста қаза тапқан жәутеңкөздерді бауырына басты. Абыз аталар оларға үлгі-өнеге көрсетті, тәрбиеледі. Темірқанат болғанда енші беріп, өз алдына отау етіп шығарды.
Осы жерде бір ой келеді. Шетелдік азаматтар неге Қазақстаннан бала асырап алуға құмар? Кейбір зерттеушілер шетелдіктердің бала асырап алуы сауапты іс үшін жасалатынын жазады. Ал, қашан да сауапты істі бірінші кезекке қоятын қазекем өз қандасына келгенде көзді жұма қарайды. Шетелдік азаматтар жүрек қалауымен алып кетіп, бала етіп тәрбилеп отырған жеткіншекті кері қайтармайды екен. Ал, бізде керісінше, бүгін балалар үйінен алып кетіп, ертеңіне әкеліп тастайтындар ұшырасатын көрінеді. Япырай, бала жүрегінен нәзік не бар десеңізші. Мұндайда бұл мұңлықтардың жүректері қалай жұлым-жұлым болатынын бір сәт көз алдымызға елестетіп көрелікші. Онсыз да жаралы жаны жабырқап, ешкімге керек емес екенін ойлап, бұл жалғаннан баз кешпейді ме? Мұзжүректілер сонда да селк етпейді. Амал қанша?
Қазір заман тыныш, ел тоқ. Байларымыз байыған сайын байып жатыр. Тіпті, дүниесінің есебіне жете алмай жүрген тоғышарлар толып жатыр. Бірақ, сіз соңғы жылдары «пәлен деген бизнесмен немесе кәсіпкер бір жетім баланы асырап алып, оқытып, үйлендіріп, үй салып беріпті» дегенді естідіңіз бе? Әрине, естіген жоқсыз. Естімеуіңіз де мүмкін. Өйткені, бүгінгінің байы кешегінің кедейінен жаман. Жаман болатыны, қолында барды басқамен бөлісе алмайды. Шетінен сараң. Ал, сараңдар көбейген заманда ертеңің қараң.
Тоғышарлық, өзімшілдік, пасықтық, сараңдық, алакөздік, тойымсыздық дертіне шалдыққан олар «мейірімге мұқтаж мұңлықтарға мысқылдай болса да көмек берейік, олар да қанаттанып кетсін» деп ойлай алмайды. Бәлкім, ойланар ма еді, жоғарыдағы жұқпалы дерттері асқынып, адамгершілік ауылынан алыстатып әкеткен. Дүниеқоңыздық оны доңызға айналдырып жіберген. Айуаннан тезегі бөлек демесеңіз, істеп жүргендерінің бәрі адами қаракеттерге келіңкіремейді. Шектен шықтық демеңіз, шындық осы.
Енді айналамыздың барлығы жүрегі мұздан жаралған мейірімсіз адамдарға толып кетті деуден аулақпыз. Айталық, өткен ғасырдың соңғы жылдары Шымкентте Манап Өтебаев деген азамат Жоғары жаңа технологиялар колледжін басқарды. 1995 жылдың 14 сәуірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы колледжге арнайы келіп, ұжымға жоғары баға беріп кеткенін әлі ұмыта қойғанымыз жоқ. ЮНЕСКО-ның «Алтын медалімен» марапатталған осы кісі Шымкент, Түркістан, Арыс қалаларының, Сарыағаш, Ордабасы, Отырар аудандарының құрметті амаматы еді. Әруағы разы болсын деп жазып отырмыз, айтпағымыз бұл емес еді. Осы бір қайырымды адам әр жылы балалар үйінде тәрбиеленушілерді сүндетке отырғызып, тойларын жасап беретін. Әр тәрбиеленушіге жеке есеп-шот аштырып, қаржы аударатын. Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімдерінің бірі Қалық Абдуллаев 16 балаға жоғары оқу орындарын бітіріп шыққанша қамқоршы болғанын қалайша айтпай өтеміз? Кентау қаласында Жұмашевтар отбасы әке-шеше қамқорлығынсыз қалған мұңлықтарды қанаттарының астына алып, жан жылуын бөлісіп келеді .Сондай-ақ Шанарбаевтар отбасы балалар үйінен 8 бала асырап алып, тәрбиелеп отыр.
Әйткенмен, біздің айтпағымыз бұл да емес еді. Жас ананың тоғыз ай көтеріп, кенересінен жарып шыққан бауыр етін тағдыр тәлкегіне тастап кетуге қалай ғана дәті шыдайды екен? Тағы да өткенге оралайықшы. «Қарындасыңа пәлен деген жігіт келіп жүр екен» деген сөздің өзіне жігіттер қатты намыстанатыны сондай, мұның соңы үлкен шатаққа айналушы еді. Әлгі жігіт қарындасын да, жылтыңдап келе беретінді де «орнына» қоятын.
Ал, қазір қыздарына қырық үйден тыйым қойып, қарауылдап жатқан ата-ана бар ма? Көп дей алмаймыз. Неге? Өйткені, жақында ғана ҚР Денсаулық сақтау министрлігі кәмелет жасқа жетпей-ақ жүкті болып қалған бойжеткендердің шамадан тыс көбейіп кеткенін айтып, дабыл қақты. Денсаулық сақтау саласының мамандары ерте жүктіліктің зардаптарын айтудай-ақ айтып келеді. Бірақ, одан сабақ алып, тыйылып жатқан бойжеткендеріміз бар ма? Тағы да көп дей алмаймыз. Таяуда ішкі істер департаменті қызметкерлерімен жасалған рейдтік іс-шара барысында түнгі ойын-сауық орындарында «серілермен» бірге селкілдеп жүрген қаракөздеріміздің көп екенін анықтады. Осыдан кейін ата-аналар бойжетіп келе жатқан қыздарына толық тәлімді тәрбие беріп отыр деп айта алар ма екенбіз?
Түркістан облыстық ішкі істер департаменті Жергілікті полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Әбдіғани Сейдуәлиевтің мәлімдеуінше, өңірде биылдың өзінде 14-16 жас аралығындағы 500-дей қыз ерте жүкті болған. Бұл арнаулы тіркеуге алынғандары ғана. Ойнақтаймын деп от басқан кейбір қыздарымыздың құрсағындағы шаранадан ертерек құтылу үшін түрлі айла-шарғыларға баратынын білмейді емеспіз, білеміз. Олар,тіпті, бақсы-балгерлердің де көмегіне жүгінеді. Мұндай жағдайда балауса қыздардың денсаулықтарына қандай зиян келетінін дәрігерлерден сұрап көріңіз.2016 жылы 14 жастағы қыз босанды. Оны он бір жасынан жездесі зорлап келген екен. Ал, биылғы сәуір айында Шымкент қаласындағы №1 облыстық перинаталдық орталықта 2005 жылғы жасөспірім қыз дәрігерлердің көмегімен 4 келі 200грамм болатын сәбиді дүниеге алып келді. Сарыағаш ауданынан келген бұл қыз баланың әкесі кім екенін айтпайды.
Тал шыбықтай бұралып, бойжетіп келе жатқан қаракөздерімізді жаппай кінәлаудан да аулақпыз. Олардың бірқатары ер-азаматтардан зорлық көреді. Мәселен, жоғарыдағы 14 жасар қыз жездесінің үйіне отымен кіріп, күлімен шығып жүрген. 4 сыныптан соң мектеп бетін көрмепті. Оның осындай қорғансыз халін пайдаланып, жексұрын жездесі әйелі үйде жоқта балдызын шыр айналдырмайды ма? Қыздың айтуынша, жездесі оның қолын бұрап, қорқытып, дегеніне жеткен. Мұндай зорлықшыларды аямай жазалау керек-ақ.
Ресми емес дерек көздері қытайлық азаматтардың қойындарын жылытып жатқан қарындастарымыз бен қыздарымыздың саны 25 мыңнан асып кетті деп дабыл қағуда. Онысы рас та шығар. Әлеуметтік желілерді ашып қарап отырсаңыз, шошынасыз. Шетелдіктерге жар болғысы келетін қаракөздеріміздің саны күн санап артып келеді. Астана мен Алматы қалаларында бай-бағландар мен ірі шенеуніктерге, яғни, «агашкаларға» тоқал болғысы келетін қыздар еш қымсынбай, желілерге ойларын ашып жазып жатыр. Тіпті, бір бойжеткен «агашкасымен» қалай ашына болғанын ашық жазғаны соншама, оқығанда бет түгілі безеу ұялады. Алғашқы түнінің қайырымына сол «агашкасы» есеп-шотына 20 мың доллар аударып беріпті. Осыны оқыған екінші бір онсыз да от басқалы тұрған қыз қандай қылыққа баратынын білмей, дал болып отырған жайымыз бар. Япырай, қайда кетіп барамыз? Қоғам мінсіз болсын десек, қыздарымызды адалдыққа, имандылыққа баулуымыз керек-ақ қой. Өйткені, бұрынғылар «әйел бұзылса, әлем бұзылады» деп текке айтты ғой дейсіз.
Жалпы, жас қыздардың болашақ ана болуына психикалық тұрғыдан дайындайтын ең әуелі өз шешесі. Бұл жерде анасының ақыл-кеңесі, берген тәрбиесі үлкен рөл атқарады. Сондай-ақ, жеңгейлер де қайынсіңлілерінің сенімді сырласы, ақылшысы бола білген. Қай бала болсын, алғашқы тәрбиені отбасында алады. Бірақ, біз бұл жерде бүгінгі сауналар мен қонақүйлерде жүргендердің әке-шешелеріне қара күйе жаққымыз жоқ. Ешбір ата-ана «қызым осындай болсын» деп тілемейді. Көбіне баласынан бас тартқан аналар жасында негативті өнеге алғандардан шығатынын өмір дәлелдеп отыр. Барлық гәп-қоғамдық жауапкершілік мәдениетінің қалыптаспауында. Егер қоғам бұл мәселені адам төзгісіз жағдай деп қабылдаса және соған жол бермеуге жаппай атсалысса қаракөздеріміз кім көрінгенге қарап қылмаңдамас еді. Мына қырғыздарда оқушы жүкті болып қалса, ұлдың да, қыздың да ата-анасын жазалайтын заң бар екен. Осы Заң бізде неге жоқ? Егер бар болса, жоғарыдағыдай келеңсіздіктер азаяр ма еді, кім білсін?!
Жас аналардың өз шаранасынан жерінуін қоғамдық құбылыстардан да қарастыруға болады. Жоғары оқу орындарын бітірген бойжеткендердің жұмысқа орналаса алмауы, орналасқан қызметінде жалақының төмендігі, ерлі-зайыптылардың жиі ажырасуы, отбасының кикілжіңі, берекенің қожырауы, осының барлығы айналып келгенде қыздардың жан дүниесіне әсер етеді. Содан барып өмір сүрудің жеңіл жолдарын қарастырады.Ойнақтап жүріп от басып қалатындарын осыдан іздестіруіміз керек. Ал, мұнан соң некесіз тапқан баласын жұрт көзіне көрсетуге қымсынады. Әке-шешесі болса да оң жақта отырып балалы болған қызынан ат-тонын ала қашады. Алданып қалған қыздардың тығырыққа тірелетін жерлері де осы.
Міне, осы олқылықтың орнын толтыруда «Аналар үйі» мен бейімдеу орталықтарының қосып келе жатқан үлесі елеулі. Олар аяғын шалыс басқан немесе алданып қалған жас қыздардың сәбилерін тастап кептеулеріне мүмкіндігінше ықпал жасап бағуда. Қазір Шымкенттегі «Аналар үйінде» отызға жуық жас ана жатыр. Орталық басшысының айтуынша, олардың ешқайсысы баласынан бас тартпаған.
Сәби жайлы әңгіме болғанда «олар періштелер ғой» деп жатамыз. Періштені бір үркітсеңіз, ол қолыңа қайта қонбайды. Бұл тәмсілді текке айтып отырғанымыз жоқ. Сәбиінен бас тартқандар (бұл жерде кәмелеттік жасқа толмаған қыздардың түсік жасатуын меңзеп отырмыз) бақытқа қайтадан қол жеткізе алмайды. Бастан бір ұшқан бақыт құсы қайта айналып жағаңа қонушы ма еді? Ендеше, мұзжүректі ерітіп, мұңлықтарға деген махаббатты маздату керек. Бұл-ұлт келешегі үшін де керек.
Бірлі айтып, бірге кеткендей болып жатырмыз. Қайырымсыз байды да айттық, қараусыз, қауырусыз кеткен қыздарды да айттық. Бір қарағанда екеуі екі тақырып сияқты, алайда, бұлардың арасында көзге көрінер-көрінбес байланыс бар. Анасы жақсы ұлдан ешқашан қаталдық, қайырымсыздық шықпайды. Ол бай болса да, кедей болса да мейірбандығынан айнымайды. Ал,бүгін саунада жүрген қыздан ертең қандай жақсы ана шығады? Тіпті, ол отбасын құрып, балалы-шағалы болып кеткенде де кандай ұрпақ тәрбиелейді? Өзі қаталдық көріп өскен қыз ертең баласын мейірімді етіп тәрбиелей алады ма?
Міне, мәселе осында…

2. ӘЙЕЛ ӘЛЕМІ ЖӘНЕ ӘЛІМЖЕТТІК

«Үй болғаннан соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды». Бұл – қазақы психология. Маскүнем күйеуінен оңбай таяқ жеген келіншек «ел-жұртқа масқара болмайын» деп қазақы ұяңдыққа салып, «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» қағидасына сүйеніп, мәселені жылы жауып қоя салуға бейім. Неге? Өйткені, көрші-қолаңға масқара болғанша, үйдегі бықсықты сыртқа шығармау керек. Алыстағы әке мен шеше де көзі көгеріп келген қызына оң қабақ таныта қоймайды. Әрі кеткенде күйеу баланы кінәлар.
– Тіліңді тарта сөйлесең, мұндай жағдайға душар болмас едің ғой. Бәленің бір ұшы өзіңде, — деп бақанын асынып, қызуы тасынып шыға келетін шешейлер де кездеседі.
Мұның соңы енді дауға айналады. Сосын күйеу бала жауға айналады. Дұрысы – «құлақтың тыныштығы керек».
Есті келіншектер күйеуінің қол көтергенін қалыпты жағдай деп есептейді. Себебі, ескіден келе жатқан тәмсіл бойынша «Әйелдің бір иығында шайтан отырады. Оны күнара сабап, қуып отырмаса әйел долыға айналады». Ауылдық жерде қазақы тәрбие көрген келіндер осыған имандай сенеді. Болмашы ұрыс-керістен шаңырағының шайқалғанын қаламайды. Сөз жоқ, қалған көңіл – шыққан жан. Отбасы берекесін бір кетіріп алған жан оны қайта қалпына келтіре алмайды. Шаң-шұң ұрыс үдей түседі. Мұның соңы ажырасуға әкеліп тірейді. Жастай жесір қалу ешкімге абырой әпермейді. Ана тәрбиесін алған қыздар отбасын сақтап қалады. Ал, әзәзілдердің тіліне ергендердің ертеңі бұлыңғыр.
Десек те, Түркістан облысындағы «Сана-сезім» әйелдер бастамалары орталығы басшысының орынбасары Шахноза Хасанованың мәлімдеуінше, оларға көмек сұрап келетін әйелдер әжептеуір. Орталық оларға үш бағытта жәрдем береді екен. Біріншісіне – психологиялық. Екіншісіне – құқықтық. Үшіншісі – материалдық көмек. Жұбайларынан жәбір көрген келіншектер балаларының тағдырына көбірек алаңдайды. Отбасындағы берекесіздік, күн сайын қайталанатын дау-дамай, ұрыс-керіс балалардың да психологиясына кері әсер етеді. Осыны білетін әйелдер өзі болмаса да балалары үшін күреседі. Орталық осындайда олардың тығырықтан шығу жолдарын қарастырады. Ең басты құндылық – отбасын сақтап қалу. Сол үшін де психологтар мен дәрігерлер әйелге барынша қолдау білдіреді. Егер білместікпен аяғын шалыс басқан жағдайда алдағы өмірінде мұны қайталамау керектігін ескертеді. «Сана-сезім» әйелдер бастамалары орталығына келіп жүгінетін жәбірленуші келіншектер көп ретте отбасын сақтап қалады екен.
Жастықтың желігімен жүріп аяғын қия басып алатын қыздар да көп жағдайда тығырыққа тіреледі. Секектеп жүріп құрсағына шарана бітіп қалғанын өзі де сезбейді. Ал, уақыт өте келе іші біліне бастағанда «Аспандағы айды әперемін» деп жүрген сүйгені асау аттай жалт береді. Қыз байғұс шырылдап жігіттің соңынан жүгіреді, жалынады. Ал, жүрегінің жартысына балаған жігітсымағы жылы сөзін айтудың орнына қарасын да көрсетпейді. Енді қыз тұңғиыққа терең батады. Әке-шешесіне барайын десе жүзі шыдамайды, дәті бармайды. Егер ол студент болса, құрбылары шошына қарайды. Міне, сонда ол барар жер, басар тау таппай дағдарады. Қазір балалықпен аяғын шалыс басқан бойжеткендерге көмек қолын созатын орталықтар бар. Солардың бірі – «Жас аналар» дағдарыс орталығы. Мұнда жас аналарға жап-жақсы көмек көрсетіледі. Психологтар мен дәрігерлер кеңесінен өтеді. Есесіне жас аналар шақалақтарын шырылдатып далаға тастап кетпейді. Қазақта «аузы күйген үрлеп ішеді» деген бар. Бір рет аяғын жаза басқан бойжеткен екінші рет қателеспеуге тырысады. Әрине, оның екінші шырағы жанып жатса қолдау, қуану керек.
«Бөріктінің намысы бір» дегенімізбен, базбір желөкпе, өмірді жеңіл түсінетін жігіттерге айтар базынамыз да бар. Біреудің қаршадай қызын қорлап, жылатып кеткеннен шыққан мүйізің қане? Бойжеткеннің наласы, көз жасы сені алысқа жібере қояды ма? Әрі-беріден соң қарындасыңның тағдырын ойлап көрші. Өзің сияқты бір өктемшіл оны алдап кетсе не етер едің? Сондықтан бөріктілер қыз сеніміне адал болуы керек дер едік.
Әпербақан, ұр да жық, өз дегені болмаса қайтпайтын қырсық мінезді жігіттердің де бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Әйелі қит етсе болды жуан жұдырығын ала жүгіретіндер де жеткілікті. Ерлердің ең осал тұсы – ішімдік. Аузына арақ тисе отбасына қырғидай тиетіндерді де көріп жүрміз. Оларға айттың не, айтпадың не, өз дегенінен қайтпайды. Жүрегінде сәуле жоқ мұндайлардан дауасы «құтырғаннан құтылған» дегендей алыс жүру керек. Міне, осындай тұста әйелдерге ҚР «Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» заңнамасы көмекке келеді. Аталмыш заңнаманың 8,9-баптарында әйелдер мен жасөспірімдерге қатысты бірқатар мәселелер де қарастырылған.
Жалпы, статистикаға жүгінсек, зорлық пен қорлықты көп көретін әйелдер мен жасөспірімдер екен. Сөзіміз дәлелді болу үшін республикалық статистика мәліметіне жүгініп көрелік. Былтыр 200-ге жуық әйел, 30-ға тарта жасөспірім қыз айуандықпен өлтіріліпті. 220 әйел, 50-ге жуық жасөспірім ауыр жарақат алған. 2500 әйел мен кәмелет жасқа толмаған 170 қыз зорланған. Елімізде педофилдерге қарсы қатаң заң қажет. Сенат депутаттары палатаның 2016 жылғы жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының балалар құқығын қорғау жөніндегі бірқатар заң актілеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заңды мақұлдады. Құжат негізінде Қылмыстық кодекс, Қылмыстық – процессуалдық кодекс, Әкімшілік заң бұзушылық кодексі мен Халық денсаулығы және денсаулық сақтау кодексіне «Кәмелетке толмағандарды зорлағандарға қарсы жазаны күшейту», «Педофильдерге мәжбүри химиялық кастрация жасау» жөнінде өзгерістер енгізілді. Егер осыдан соң тым құрығанда бір баланы қорғап қала алсақ-ау. Сенатор Бірғаным Әйтімованың айтуынша «Химиялық кастрация – бір реттік инъекция түріндегі уақытша шара. Сондықтан кастрацияны түбегейлі ету жағын ойластырған жөн сияқты. Қаршадай қызды алдап оңашаға шақырып, білгендерін істейтіндерге ауыр жаза қолдану керек-ақ. Сонда ғана педофильдерден арыламыз.
Көріп отырсыз, қазір қоғамдағы қорғансыздар – нәзікжандылар мен жасөспірімдер екен. Ендеше, оларға сіз болып, біз болып көмек көрсетіп, жауқазындай майысқан жаһұттарымызға пана болуымыз керек. Бүгінгі бойжеткен – ертеңгі ана. Ал, балалар – болашағымыз. Адами тұрғыдан алып қарағанда да адам өз болашағына балта шаппауы керек қой. Осы тұрғыда айбалталы айуандарға ортамызда орын болмауы тиіс.
Келген ойдың санама ізгі бәрі,
Көкірегімді өкініш сызғылады.
Мен өзім-ақ айтар ем бар сырымды,
Жібермейді бірақ бұл қыздың ары, –
деп ақын Ақмарал Леубаева жырлағандай, өз ар-ұяты, намысы, отбасының тұтастығы үшін барлық сырын ақтаруға қыздың ары жібермейді.
Барлық құпиясын құндақтап, жүрек түкпірінде ұстайтын көркемдеріміздің шыдам шідерін үзіп алмайық, бөріктім. Жылы қабағың мен ыстық махаббатыңды арнағанда ғана құшағын саған ашады көріктің. Әйел жаны өте нәзік. Оны бір өкпелетсең морт сынады. Қисық қабырғадан жаратылған қимастарымызды қадірлей білейік. Өйткені, олар жер бетіне өмір ұрығын себеді.

3. «ЖАН-ДҮНИЕМДІ ТҮСІНЕТІН АДАМ ЖОҚ»
дейтұғын кәрі қыздар демографиялық ахуалды ақсатып отыр

АҚ ӘЖЕНІҢ ӘҢГІМЕСІ
Жасы жүзге жуықтаған әжеміз болушы еді. Оны «ақ әже» деп атайтынбыз. Алдына отырғызып алып нешетүрлі әңгіме айтқанда елітіп ұйқтап қалатынбыз. Мінезі жібектей жан болғаннан соң ба, ақ әжеге қояр сауалымыз да таусылмайды. Бірде еркелеп отырып:
– Ақ әже, атама қалай күйеуге шықтыңыз?-деп сұрай қалдық.
Әуелі әжеміз әжімдері тереңдей түсіп, езу тартты. Сосын:
– Әдіремқалғыр, осы аталарыңа көрмей-білмей-ақ қосылғанбыз,- деді.
– Сонда қалай?-деп шу еттік өңшең шуылдақтар.
– Солай! Әке шешем: «Енді бойжеттің. Тұрмысқа шығасың» деді. Сосын айттырып келген адамдардың атына мінгестіріп жіберді. Кімге тұрмысқа шығамын? Аты кім? Мінезі қандай? Бай ма, кедей ме? Сұрағаным жоқ. Келін болып түскен соң бір-ақ білдім. Осы аталарың екен. Құдайға шүкір, тәп-тәуір түтін түтеттік. Балалардың барлығы ержетті. Бүгінде бәрі атқа мініп жүр. Олардан сендер тудыңдар,- деп әжем ұршығын иіре бастады.
Сөйтіп, біз балалар «үйлену» дегеннің осылай «оп-оңай» болатынын әжемізден есітіп, аңтарылып едік.
Бұл-ана сүті әлі таңдайымыздан кетпеген балғын шақтағы әңгіме.

ҚҰДАЙ САЛДЫ, БІЗ КӨНДІК
Бірде көршіміз Ерболат тап біздің апайды алып қашып келді. Біздің Роза апай! Сұсты да сұлу ұстазымыз! Ескіліктің шырмауынан бойы да, ойы да азат өркениет өлшеміндегі мұғаліміміз. Енді қайтер екен? Қайран Ерболат көкеміздің көзіне көк шыбын үймелетіп, итжеккенге айдаттырып жібермесе болғаны. Бұған себеп әдемі апайымыздың қалада әп-әйдік жігіті бар деп әркімдерден еститінбіз. Милиция шақыртса, қолдарына темір кісен салып, тас түрмеге тоғытатын шығар деп түршіккенбіз.
– Ойбай, қыз көнбей жатыр екен! –деген суыт сөз соғыстан жеткен қаралы хабардан да зәрлі естілді.
Әп-әдемі апайымызды да қимаймыз. Ішіп алса, бүкіл ауылды табанынан тік тұрғызатын Ерболат ағамызды да жамандыққа жығып бергіміз жоқ. Осылай екіұдай күйде жүргенде Ерболат көкемнің есігі алдында шаттық күйі ойнала бастады. Артынша беташар өтті.
-Ақылды қыз екен. «Құдай салды, біз көндік» деп илікті-ау ақыры. Басына ақ орамалды өзім салдым,- деп ақ әжем желпініп келді.
Сол Роза апайымыздың, бүгінде жеңешеміздің тоғыз ұл-қызы бар.
-Ағаларыңды адам қылдым ғой,-дейді бізге назданып.
Онысы рас енді. Жеңешемізді жақсы көреміз. Бұдан «Махаббат жоқ. Алып қашып та үйлене беруге болады» деп үгіт жүргізгелі отырғанымыз жоқ. Әрине, сүйіп қосылғанға не жетеді? Осы оқиғаны айттырып отырған белгілі демограф-ғалым Мақаш Тәтімов ағамыздың бұрынырақта жазған: «Елімізде 350 мың кәрі қыз бар. Бұл-350 мың ақталмаған үміт. Нақтылап айтсақ, туылмай қалған бала» деген жанайқайы. Кім біледі, біздің Роза апайымыз да іс-тәжірибеден өтіп болып, дипломын алған соң аспирантураға оқимын деп талпынса, одан әрі кандидаттық, докторлық қорғаймын деп ұмтылса, директор ағайымыз айтпақшы, әбден-ақ қолынан келетін еді. Осы апай-ұстазымыз облыстық, республикалық талай конференция, педоқуларда топ жарды. Ерболат көкемнің қызғаныңқырап қалаға еріп барып жүргені болмаса, бәрі де жарасымды әрі мақтаныш еді. Егер «карьера» қуып кеткенде бар ғой, біздің тоғыз туыс дүние есігін ашар ма, ашпас па еді деп ойлаймын бүгінде.

«ШЫМКЕНТПЕН ҚҰДА БОЛМАЙМЫН!»
…Жуырда Нұр-Сұлтан қаласына жолым түсті. Қаз МУ-де бірге оқыған курстасыммен ойда-жоқта ұшырасып қалдым. Университеттің соңғы курсында оқитын қызы бар екен.
-Сыралғы дос едік, енді құда болайық,-дедім ойымда ешнәрсе жоқ аңқылдақ көңіліммен.
-Ойбай, Шымкент жаққа беретін жайымыз жоқ,- деп ол шошып кетті.
-Е, неменеге шошисың? Әлде мені қомсынып тұрсың ба?
-Жо-ға! Сені білемін ғой. Бірақ Шымкент жақтың салт-дәстүрі жаман дейді ғой. Басынан орамал, үстінен ұзын көйлегі түспейтін көрінеді. Бұған қоса ерте тұрғызып сиыр саудырады, тезек тергізеді екен. Сосын сендерде әлі де қыз алып қашу тиылмаған дей ме, немене? Сонда біз қай жақпен құда боламыз? Жоқ, өкпемеме, қызымды Шымкентке бере алмаймын,-деп курстасым күрсінді.
Мен бұл күрсінісін қызының Оңтүстік өңірінің жігітімен танысып қалды ма деген қауіп-қатерінен екенін анық аңғардым. Енді оған ата-баба салт-дәстүрін ұстану керек екенін түсіндіру артық болатын. Әрине, қыз алып қашудан басқаны.
Солай мен астаналық курстасыммен құйрық-бауыр жескен құда бола алмадым. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев танымал баспасөз құралдары өкілдеріне берген сұхбатында жастар арасындағы ажырасудың көп екеніне алаңдаушылық білдірген еді. Иә, әрбір отбасы-жас мемлекетіміздің негізгі ұстыны. Үлкен үйдің әрбір уығы осылай шытынай берсе, шаңырақ ортасына түспей ме?
Ал, ана бір жылдары қырғыз депутаты Айнұр Алтыбаева мен заңгер Тұрсынбек Ақұн аттандап шыға келгені елдің есінде шығар. Олар Қырғызстан билігіне қыз алып қашқан жүгенсіздіктерді қойдай көгендеп, түрмеге тоғыту керектігі жөнінде төтесінен мәселе қойды. Бұл біздің Мәжілістегі депутат әйелдердің құлақтарына да майдай жаққан шығар, әлде, маңызды мәселе ретінде көтеретін проблема таппай сарсылып отырды ма, ұлардай шулап, қыз алып қашатын қазақ жігіттерін қылмыскерлер қатарына қосып-ақ жібергені. Құдай сақтап, кейіннен осы Заң қабылданбай қалды-ау шамасы. Әйтпесе, екі жақ өзара келісіп, амалсыз қызды алып қашып үйленіп жатқан отбасылық жағдайлары жұтаңдау жігіттер шеттерінен абақтыға айдалып жатар ма еді? Бізде мұндайларды тиісті орындарға қаз-қалпында жеткізе қоятындар әлі де баршылық қой.

«ЖАН-ДҮНИЕМДІ ТҮСІНЕТІН АДАМ ЖОҚ»
Таныс бір құдаша қыз бар еді. Қыз болғанда қандай! Құлпырып тұр. Жоғары оқу орынын ойдағыдай бітірді. Қызметке тұрды. Сөйтіп жүргенде уақыт оздырып алды.
Жақындығын пайдаланып әрі жаным ашығандықтан «Құдаша қыз, болады біздің қашан тамашамыз?» деп сыр суыртпақтамаймын ба? Ол тұнжыр көздерін төңкеріп, маған таңырқай қарайды. Осы көзқарасынан «соны да білмейсіз бе?» деген сыр аңғарамын. Сол сырының құлыпын өзі ашты.
– Бүгінгінің жігіттері тым ұсақталып кеткен. Олардың ойлағаны пайда ғана. Сені пайдаланып қалғысы келіп тұрады. Одан арғысына көз жүгіртпейді. Тек бүгінгі күнмен өмір сүреді. Ертеңі не болады? Қалай өмір сүреді? Отбасын қалай асырайды? Бұған бастарын ауыртпайды. Ал, кей жігіттер бар, байлықпен сатып алмайтын дүние болмайды деп ойлайды. Осы сенімдерінің көлеңкесінде өмір сүреді. Тағы бірі қулық-сұмдығын ішіне бүгіп, сені сазға отырғызып кеткесі келіп тұрады. Осылардан жеріп біттім. Қысқасы, жан-дүниемді түсінетін адам кезіктірмедім. Енді өкпемді кімге барып айтамын? Шешем ғой: «Қашаңғы жалғыз жүресің? Көзі соқыр, мұрыны пұшық болса да біреудің етегінен ұста» деп ауылға барған сайын құлағымның құрыш етін жейді. Не ақыл айтасыз?,-деп барлық ауыртпалықты мойыныма артып қойды.
Содан бері құдашаны көрсем, тағы бір қақпанына түсіп қаламын ба деп қорқатын болдым.

«АЛЫП ҚАШАТЫН ЖІГІТТЕРДІ КҮТІП ЖҮРМІН»
Сол құдашаны тағы бірде көшеде кезіктіріп қалдым. Ымырт үйіріліп қалған кез еді. Алдымнан шыға келген соң бұлтара алмадым. Сөзден ұтылмас үшін алдын орадым.
– Иә, кештетіп қайдан жүрсің?
Ол сыңғырлап күлді. Күлкісі кешкі тымықта тұнық судың бетіне тас түскенде пайда болатын иірімдей шеңберленіп, жайылып бара жатты.
– Неге күлдің?
– Аңқаусыз-ау, құда бала. Алып қашатын жігіт пайда бола кете ме деп осылай кештетіп көше кезетін болғанбыз. Қазіргінің жігіттері шетінен су жүрек. Дап-дайын қызды алып қашуды да білмейді,- деді жұмбақ жымиып.
Оның нені меңзеп тұрғанын түсіне қойдым.
Әттең! Бойдақ емеспін, әйтпесе, құдаша қыздың асылы ғой, өзім-ақ алып қашар едім. Ернімді тістеген күйі одан алыстай бердім.

Түйін:
САЛЫҚ БОЙДАҚ САНЫН АЗАЙТА МА?!
Тағы да демограф Мақаш Тәтімов ағаның сөзі ойға оралады. Ол: «1952-1953 жылдардағы Сталиннің кезіндегіндей, бойдақ салығын салу керек!» деген-ді. Бойдақ салығынан қорқып, қыздар ертерек тұрмыс құрып кетсе барлық мәселе өзінен өзі шешіле салмайды ма? Ал, тұрмысқа шықпай, оң жақта отырыңқырап қалса ше? Онсыз да жалақысы жартымсыз қарындастарымызды жүнжітіп алмаймыз ба? Осылай деп сол кездің өзінде шырылдаған екенбіз. Құдай сақтап, бойдақ салығы деген заң қабылданған жоқ.
Кәрі қыздарды түгелдей теріс ағашқа мінгізіп жіберуден аулақпыз. Саны бар, сапасы жоқ еркектердің де көп екенін жасыруға болмас. Олар маскүнемдер, қаңғыбастар, аурулар, қызтекелер. Алдап кетер жылпостар да жетерлік. Әрине, ер-азаматқа тән қадір-қасиеті аз шалбарлылар туралы кейінірек нақтылай жатармыз.
Есіме тағы да Ақ әжем түсіп отыр. Бірде оның немересін көрші ауылдың жігіті ұрлап әкетті. Сапарбек көкемнің үйі кәдімгідей дүрлікті. Әңгімеге Ақ әжем килікті.
-Әй, тұқымын көбейгір, ол қандай жігіт болды екен менің алтын немеремді алып қашатын,- деп қатуланған болып сөз бастады да, жиналған жәмиғатқа басу айтты.
-«Бірінші бақ-бақ» деген, қарағым. Барып ел-жұртты шулатпаңдар. Егер барған жері жақсы болса, қызды қалдырып кетіңдер. «Қайтып келген қыз» деген жақсы ат емес,-деп қарындастың соңынан қуып барушыларға тоқтам айтты.
«Қырамын да жоямын» деп отырған Сапарбек көкемнің басы салбырады да қалды. Кейіннен Ақ әжем сол күйеубаласын жақсы көріп кетті.
Бойжеткендерге басу айтып, жөн-жоба көрсетіп отыратын, үлкендерді сабырлылыққа шақыратын Ақ әжемдей қариялар азайып кеткен бе әлде жастарымызды уыстан шығарып алдық па, білмеймін, бүгінде отырып қалған да, оң босағада балалы болғандар да көбейді. Қыздың алтын тақ елі, тәрбие деген бар екенін ұмытты.
Ал әлдекімнің демеуімен депутат болған тәтейлер «гендерлік саясат» деп дүрлігіп жүр…

МАМАН ПІКІРЛЕРІ
Құрманай СӘДУАҚАСОВА,
Психолог:
– Кей қыздар тұрмысқа ертерек шыға алмай, өздерін кәрілер қатарына қосып қояды да, сол шеңберден шыға алмай қалады. Екінші тобы отбасылық өмірге психологиялық жағынан дайын емеспін деп санайды. Үшіншілер- алғашқы кездестірген адамын ұмыта алмайтындар. Төртіншілер- өздерін жете бағалай алмайды, бұлар томаға-тұйық жүреді. Бесіншілер-өздерін өзгелерден жоғары санайтындар. Алтыншылар- қызметінің тығыздығын қалқан ететіндер. Бұлардың ешқайсысы оларға бала бола алмайды.

Сәуле АХМЕТЖАНОВА,
Акушер-дәрігер:
– Медицинада жасы 27-ден асқандар кәрі қыз саналады. Олар көбінесе бірінші баласын операция арқылы дүниеге әкеледі. Негізінен, қыз бала 18 бен 20 жастың арасында тұрмысқа шықса, жүктілік кезеңі жеңіл өтеді.

Күләй ЖАНДАРБЕКОВА,
Акушер-дәрігер:
– Ерте тұрмысқа шықпаған қыздардың ағзасында өзгерістер болады. Сосын түрлі ауруларға шалдығады. Бізде кей қыздар қырық жасқа жуықтағанда барып тұрмыс құрады. Тәжірибеде әрбір 1000 кәрі қыздың әрі кеткенде 150-ге жуығы ғана балалы болу бақытына ие.

Сабырбек ДӘНДІҚҰЛҰЛЫ

Пікір қалдыру