1987-жыл. 1-мамыр. Жазушылар одағы ғимаратының алды. Сағат 9 шамасы. О тұс, бұ тұста топ-топ ақын-жазушылар. Ду-ду күлкі естіліп қалады. Май шеруіне барар жұрт көңілді. Мен ғимараттан шығып, қай топқа жанасуды бағдарлап тұрғанмын. Киров (қазіргі Бөгенбай батыр) көшесі жақтан қиыстап Әнуар Әлімжанов пен Амантай Сатаев келеді екен, соларға қарсы жүрдім. Кеше іңірде есіктес көршім Амантайға: «Ертең парадқа барасың ба?» дегенімде: «Айналдым, сонны қайте қоям, аяғым шыдамайды ғой» деген. Енді мына келісі қитығыма тиіңкіреді де, онымен әзіл-шыны аралас дауласа кететін әдетім ұстап, топтарға араласып үлгірмегенінде Әнекеңнің алдында «әйдидауын» айтқызуды ойламаймын ба?!
– Құдайбіледі, менімен дауласқалы келесің, ә? – деп Амантай күректей алақанын ұсынды. Ол менің сатыда сорайып тұрғанымды байқаған да, іңірдегі сөзіміздің әліпбиін Әнекеңе айтып үлгірген болар, Әнекең сылқ-сылқ күлді.
Үшеуіміз сәлемдесіп болғанша көлденеңнен бір жігіт келе қалып (кім екені қазір есімде жоқ): «Амантай, бері жүрші, бір срочный шаруа бар» деп бөліп әкетті. Кәдімгі қазақылық.
– Сатаевич, сенімен кешке шай ішіп отырып сөйлесемін! – деп қалдым.
– Жарайды, сөйтеміз, – деп ол күліп кете барды.
– Халың қалай? Не жаңалығың бар? – деді Әнекең.
– Халым жақсы, ал жаңалығым: анау «свежий көсемнің» сықпытын көргім келмейді, тайып кетсек қайтеді? – дедім. Әнекең жымиып:
– Сөйтсек, сөйтейік. Әлжекеңнің ауласы арқылы ары қарай шығып кетейік, – деп оп-оңай келісе қойды. Өйтеді деген ойым жоқ-ты. Екеуіміз жылыстап, Әлжаппар Әбішевтің одақ ғимаратымен іргелес үйінің ауласына кіріп, одан ары Мир (қазіргіЖелтоқсан) көшесіне шықтық. Құлдап келе жатқан біржеңіл мәшинені тоқтаттым да:
– Әнеке, отырыңыз, қашқан соң дұрыстап қашайық, – деп мәшіннің алдыңғы есігін аштым.
– Мұны қой, қайтесің. Қайда барамыз? – деп Әнекең бұйрығы мен сұрағын қабаттады.
– Отырсаңызшы, айтам ғой! – деп мен де білгеніме бақтым. Басыма бір тәп-тәуір ой сап ете қалған.
– Сен алдына отыр, мен артқысына отырамын, сөйт, – деп абдыраған Әнекеңнің шартын қабылалдым.
Біздің үйге жетіп бір-ақ тоқтадық.
– Мұның қалай? Әкәу сен қызық екенсің ғой? – деді Әнекең. «Әкәу» -сөзінің сыр алғысы.
– Біраз оңаша отырайық. Маған он жыл бастық болдыңыз, сонны жуайық, – дедім. Әнекең күлді.
Үйге кірдік.
– Балаларың ержетті ғой? – деді Әнекең.
– Ұлды ұясына, үлкен қызды қиясына қондырғанмын. Мұнда келініңіз бен кіші қызым – үшеуіміз тұрамыз. Келініңіз Заданың дәрігер екенін білесіз, ол бүгін емханада кезекшілікте. Қызым тігін фабрикасында істеп жүр, парадқа кеткен шығар.
– Осы үйді ЦЭКА салдырды ғой?
– Иә. Димекеңнен алдым. Бұрынғы пәтерді өзіме қалдырған, мән-жайымды айтып барған соң. Оны ұл мен үлкен қыз бөліп алды.
– Жақсы болған екен. Димаш Ахметович үлкен адам ғой, бірақ кейде төңірегіндегі біреулерінің төндіріп айтқанына сеніп, істің ақ-қарасын айырмай, кінәсіз кісіге қиянат жасайтыны бар. Мен сол мінезінен тауқымет тартып, міне, жұмыссыз жүрмін. Әрине, аштан өлмеспін, көштен қалмаспын. Әйтсе де, жазықсыз жәбір көрген жаман ғой, – деп Әнекең лажсыз сәтіндегі әдетінше, екі алақанын жая, иығын қужың еттірді. Қиықша көзі өткірленіп, дөңес мұрнының етегі қусырыла қалды.
– Өзіне барып, анықтап сөйлеспедіңіз бе?
– Бір рет өтіндім, – қабылдамады. Одан кейін мен де әуре болмадым. Мұнда темекі тартуға бола ма? – деді Әнекең, кенет жылы жымиып.
– Тарта беріңіз, күлсалғыш әне.
– Өзің темекі тартпасаң да, күлсалғышың бары қызық екен?
– Шылым шегуді қоя алмайтын Әнекеңдер келіп жүреді, – деп әзілдедім. Жаңа ғана кірбің шалған көңілін аулағым келді. Әнекең сылқ-сылқ күлді де, кітап сөрелеріме көз тастап отырып:
– Менің анау жаңа кітабымды алып қойған екенсің ғой, өзім силағалы жүр едім, кішкене ұяттау болды-ау, жарайды, әкел, қолтаңба жазып берейін, – деді, ыңғайсызданған сыңаймен.
– «Дорога людей» романыңыз да ұнады маған. Кейбіреулердің ол кітабыңызға: «Ғылым академиямызға тіл тигізіпті!» деп шала бүлінгендері – бәз-баяғы дүмшелік, сіздің жоғарыдағы «достарыңызға» жағымпаздық. Көркем шығарманы кәдімгі өндірістік очерктен айыра алмайтын сыншысымақтар да бар, – деп тұрып, сөреден «Человек без друга беден» жинағын алып бердім де, газ плитасына қойған шәйнегім пышылдай бастаған ас үйге жөнелдім. Ортадағы бөлмеге шай жасап, кабинетімдегі Әнекеңді шақырдым. Әнекең кітабын ашып ұстай келіп, қолтаңбасын оқып, күлімсіреп ұсынды…
Шайдан соң кабинетке барып отырдық. Әнекең сөрелердегі кітаптарды шола бастады. Мен оның жаңағы кітабының бұрын белгілеп қойған 235– бетін ашып, Азия мен Африка жазушыларының 1958-жылы Ташкентте өткен 1-конференциясы жөніндегі естелігін, Мұхтар Әуезовтің өзіне қамқорлық жасап, маңызды кеңес-сұхбаттардың бәріне қатыстырып: «Тебе надо слушать, надо знать, надо писать об этом» дегенін, өзінің: «И я не мог без волнения смотреть на то, как Мухтар Омарханович тактично, незаметно старался помочь мне, тогда еще молодому, только что начинающему литератору. Заметив мое смущение при передаче материалов по телефону, он уводил своих собеседников в сад. А не следующий день, получив очередной номер «Литературной газеты» (Әнекең ол жылдары сол гәзеттің Қазақстан мен Орта Азиядағы меншікті тілшісі еді, – автор), он внимательно вчитывался в каждую строку, проверял мою работу. Волнуясь, я следил за выражением его лица, так же, как и в студенческие годы, когда сдавал ему экзамены и зачеты. Его мягкая, спокойная улыбка и еле заметный кивок для меня были высшей оценкой» деп жазғанын іштей тағы бір оқыдым да, енді сөреге барып, әлдебір кітапты алып, парақтап тұрған мейманыма:
– Әнеке, «Қазақ әдебиеті» гәзетінің бас редакторы кезіңізде, біз бір күні қаумалаған соң, Мұхтар Әузовті Мәскеуге жасырын аттандырып жібергеніңізді айтып беріп едіңіз, есіңізде ме? – дедім.
– Әкәу мен жалғыз аттандырған жоқпын ғой?!.
…Жершарының барша құрылығында ізі қалған, көне Қазақелі мен жері, халқы хақында перзенттік мақтанышпен, құштарлықпен сыр шерткен шарапатты сөзі қалған Әнуар Әлімжановтың бүгінгі біздің, ертеңгі толқын-толқын ұрпақтарымыздың алдындағы азаматтық аса бір айтулы әрекеті – жазушы-сыншы-ғалымсымақтардың жалақор, пәлеқор тобынан екі жыл бойы «феодалшыл», «буржуазияшыл», «кертартпа» деген былапыт сөзді бейкінә көпестіген Ұстазы Мұхтар Омарханұлы Әуезовті әйгілі «үш әріптің» – КГБ-ның құрулы қақпанына түсіп қалудан сақтап, Мәскеудегі достарына жасырын аттандырып жіберген жанкештілігі! Соның өзі-ақ қазағының аузында аты ардақталып қалуға тиістігінің бір айғағы дер едім. Алайда, әуелі басқалардан, содан кейін айтпасына қоймай қолқалап өзінен естіген сол оқиғаны қазірде әлдекімдердің жоққа шығарғысы бар (оны алда айтамын). «Әлімжановтың өйте алуы мүмкін емес!» десті. Солардың қайсыбіріне, мысалы, Мұхаңмен тонның ішкі бауындай болған жазушы-драматург Әлжекеңнің – Әлжаппар Әбішевтің «Шерлішежіре» кітабынан:
«…Ол (Мұхтар Әуезов, – автор) іштегі шерін осылай ақтарып болғаннан кейін барып аздап жадырап, дауысы да жайдары шықты:
– Мен үшін басын балтаның астына тосқан Әнуардің азаматтығына өлсем топырағым разы!
– Ол не істеді?
– Егер ол қашып кетудің алуан түрлі айласын таппаса, мен қазір Мәскеудің мынандай төрінде емес, Алматыдағы түрмелердің біреуінің түбінде отырар едім, – деді де, сағатынақарады…» – дегенді оқып бергенімде кіржиіп, қырыстанып кете барғанын көрдім. Бірақ олардың кешіргісіз керенау қылықтарына таңдануға болмайтын да еді. Ұлтының ұлы ақыны хақында ұлағатты эпопея жазып, әлем әдебиетінде кездеспеген үрдісті бастаған академик жазушымыз, Сталиндік сыйлықтың лауреаты Мұхаңды топтанып алып қуғындаған, Ғылым академиясындағы, Мемлекеттік университеттегі қызметтерінен шығарып тастаған сонау қазекемдердің мынау «ұрпақтарынан» ізгілік күту әбестік қой!
Мұхаңды қуғындаудың ең сорақысы да соңғысы республика Ғылым академиясы мен Жазушылар одағының қазақ эпостары жайында бірлесіп өткізген конференциясы болды (1953-жылы, көкек айының 11-15-күндері). Конференцияны Академияның президенті Дінмұхаммед Қонаев ашып, жазушы Мәлік Ғабдуллин, ғалым Мұсатай Ақынжанов баяндама жасады. Мұхаң бес күн бойы нысанаға алынып, оған «буржуазияшыл, феодалшыл, ұлтшыл», тіпті «бай тұқымды Абайшыл» деген қара таңба басылды.
Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бақылаудағы, аңдудағы Мұхтар Әуезовті тұтқындау туралы құпия шешім жасауы осы конференциядан кейін. Ал шешім болғанын сонда (КГБ жүйесінде) қызмет істеуші Абдолла Қылышбаев (Әнуардың ағасы, бірақ нағашы атасы бауырына салып, сол кісінің атына жазылған) хабарлады да, Мұхаңның жағдайын бажайлап жүрген Әнуар тобы құтқару жоспарларын іске асыруға дереу кірісті. Оларда үш жоспар бар еді: біріншісі – Мұхаңды Тастақта әзірленген үйге жасыру; екіншісі – не Қырғызстандағы, не Өзбекстандағы достарына жеткізу; үшіншісі, Әнуардің ұсынысы – Мәскеудегі досы Александр Фадеевке аттандыру. «Қазірг іжағдайда Фадеевтен басқа ешкім қорғай алмайды!» деді Әнуар. Ақырында соған пәтуаласты да, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Қалибек Қуанышбаевтың атына авиабилет алып, Мәскеуге түнделетіп аттандырып жіберді. Қалекеңнің депутаттық құжатын оның інісіндей болып кеткен Абдолла әкеліп берсе, билет алуға және ұшаққа отырғызып жіберуге Әнуар тобындағы бір орыс студенттің авиавокзалда қызмет істейтін апайы көмектескен.
…Иә, Александр Фадеев қорғап қалған Мұхтар Әуезов елге 1954-жылдың жазында қайтып оралды.
Әнекеңе сол ерен тәуекелді ерлігін Ұстазы кейінде қалай бағалағаны туралы пендешілік әуестікпен сауал бергенімде, қаламдас аға:
– Әкәу, сен қызық екенсің… Мұхаң, Мұхтар аға, ірі тұлға ғой, біздің кішкене қызметімізге мән беруге тиіс емес! – деді.
– Әнеке, сіз де қызық екенсіз. Өзін әлде сұмдық бейнеттен, әлде сұм ажалдан арашалап алып қалған кісіге рахмет айтуы керек шығар? – деп «беріспегенімде» ол:
– Мұхаң – тағдыры еліміздің тағдырындай тым күрделі болған адам. Біз танып-біле алмадық. «Мен Мұхаңның шәкірті болдым», «Мұхаң менің ұстазым болды» деуден арыға бара алмай жүрміз. Бізге Абайды ұлықтаған Мұхаңдай болу жоқ десек те, «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп айтпа, ғылым сүйсеңіз» деген Абекеңнің тілін алып, Мұхаңның нақты образын жасауға талаптанып, хикаяма, роман ба, пьеса ма, дастан ба… жазуымыз керек. Бұл – біздің парызымыз. Қолымнан келсе, мен де жазып көрсем деймін. Өз өмірімнен… жүздеген құрбы-замандасымның өмірінен бе… біз де тағдырдың талай тауқыметін тартып өстік қой… содан «Таным» деп атап повесть жазуды бастадым. Мұхаң жайындағы романға дайындығым болар. Содан кейін тәуекел жасап көрмекпін… қайдан білейін… ал Мұхаңмағансырттайқақоршыболыпжүргенсияқты… – деп, сауалымды «орта жолда» қалдырды. Жасанды емес, табиғи қарапайымдылығын тағыда танытты. Түсіндім де: «Адамзаттың Аристотельден кейінгі екінші ұстазы Әбунасыр әл-Фараби, жауынгер ақын Махамбет Өтемісұлы өмірінен роман жазған қаламгер әуелде Ұстазы, кейінде қамқор ақылшысы болған Мұхаң туралы неге жаза алмасын?!.» деп тындым. Оған қоса өзіме-өзім қойған: «Егер Мұхаңды басқа біреулер құтқарған күнде, олар Әнекеңе ұқсап, дәнеңе тындырмаған кісіше тып-тыныш жүре алар ма еді, әлде «Мен құтқарған болатынмын! Мен! Мен!» деп кеудесін ұрғылап, жұртты мезі етер ме еді?» деген сұрағыма іштей жауабым: «Кім білсін…» болды.
…Кезінде Мұхтар Әуезов: «1-Петр Еуропаға терезе тесті» деген екен. Шәкіртінің бүкіл Африканы аралап, олардың азаттық үшін күрес жүргізген, жеңіске жеткен жауынгерлері сапындағы жас ақын-жазушылармен танысып, тіл табысып, достасып, ынтымақтасуларына, ұлттық әдеби ұйымдарының құрылуына, қалыптасуына жәрдем жасағанын көрсе, өзінің арман-өсиетін орындай білген орнықты шәкіртінің ұйымдастыруымен, басшылығымен Азия және Африка жазушыларының 1973-жылғы қыркүйекте Алматыда өткен бесінші конференциясы ғасырларға созылған отаршылдықтан азат Африка әдебиетіндегі ең ірі тарихи оқиға болғанын көрсе, ондаМұхаңның: «…Әнуар Әлімжанов – Азия мен Африкаға есік ашты!» деуі сөзсіз еді-ау!
Бесінші конференцияның мән-маңызы баға жеткісіз дерлік болды. Біріншіден, Қазақстан жұртшылығы Азия мен Африка құрылықтарының капиталистік езгіден азат болғаннан кейінгі келбетін анық таныды, көркем әдебиетінің көзі булығып ашылған бұлақтай лықсып шығып, кең арналы өзенге айнала бастағанын көрді. Екіншіден, құшағын кең ашқан қосқұрылық пен Қазақстанның қалам қайраткерлерін ашы ққауыштырды, жолдастықтың, достықтың ортақ туын бірге көтергізді, шығармашылық қарым-қатнас орнатып, бір-біріне аудармашы тауып берді. Соның нәтижесінде біз араб әдебиетінің таңдаулы туындыларын өз тілімізде, ал олар қазақ әдебиетінің танымал шығармаларын өз тілдерінде оқуға даңғыл жол ашылды. Ол игі іске Әнуардің Азия мен Африка әдебиетінің: Юсеф эс-Сибаи, Фаиз Ахмад Фаиз, Алекс Ла Гума, Муин Бсису, Махмуд Дервиш, Сембен Усман, Джеймс Нгуги және басқа да көрнекті қаламгерлерімен жеке достығы зор ықпал еткенін көріп-білдік. Алайда, өкінішке қарай, ол әдеби жарқын байланысымыздың шырайы соңғы жиырма жылда солғындап бітті. Тәуелсіздіктің біз үшін де тарихи қымбат құбылыс болғанына ешбір шүбәміз жоқ десек те, экономикалық қиыншылыққа тап болғанымыздың салдарынан, алыстағы Қарақұрылықты былай қойғанда, жақындағы кешегі кеңестік одақтас республикалармен мәдени қарым-қатнасымыздың қаңқасы ғана қалды. Мерзімді өткізіліп тұратын әдебиет пен өнер онкүндіктеріміз ұмытылды. Арғы-бергі замандағы ақын-жазушыларымыздың мерейтойларында бас қоса мәре-сәре болатынымыз тиылды…
Қаламдасдостары: – Әлем картасынан Әнуар болған елді іздегеннен гөрі ол болмаған елді іздеу оңай, – деп әзілдегендеріндей, дүниежүзінің алпыс шақты елін аралаған Әнекең мақала, хикая, романдарын пойызда, ұшақта, кемеде, тіпті автокөлікте отырып та жаза берген тәрізді. Ол қалам тартып үлгірмеген тақырып, мән-мәнісін ашып бермеген мәселе жоқ дерсің. Үлкен-кіші қаламдастарының қалайда алдында жүріп, әлде өмірге құштарлығынан ба, әлде халық, қоғам алдындағы жауапкершілігін ерекше сергек, тез сезінуінен бе, әлдеодақтық «Литературная газета», «Правда» гәзеттерінің Қазақстандағы, Орта Азиядағы меншікті тілшісі қызметін пайдалана білуіме, әйтеуір, заманының небір аса қажет, күрдел іжәйттерін о жақ пен бұжақтағылардан бұрын және батыл жазды. 1950 – 60-жылдардағы мақала, очерк, репортаждарын шолсаң: мектеп бітіруші қазақ жастарын әке-шешесінше мал соңына салып қоюды көздеген сонау одақтық саяси астарлы «Кәмелеттік аттестатпен – мал фермаларына!» дегендей үндеу-ұрандарды құптамай, жеткіншектеріміздің өздері таңдаған жоғары оқу орындарына баруы, халық шаруашылығының барша саласында еңбек етуі ертеңгі күннің талабы екенін алғаш айтқан – Әнекең! Мәскеудің жоғары оқу орындарындағы қазақ студенттерінің АймұқанТаужанов, БолатханТайжанов ұйымдастырған «Жас тұлпар» бірлестігі Алматыдағы әсіре саясатшылдардан қуғын көргенде ұлт мүддесін көздеген ойлы жастарды бірінші болып қорғаған – Әнекең! Ол Абай жеріне баса көктеп орнатылған Семей полигонындағы атом бомбасы сынақтарының халыққа, ауаға, жерге, суға бүгінді қойып келешекте де өте зиянды боларын да ерте пашетіпті. Арал теңізініңхаліне де қаттыалаңдаған. Қазақтыңғылым-білімі, мәдениеті, экономикасы, ішкі-сыртқысаясаты, көне және жаңатарихы, халқымыздың мінез-құлқы, әдет-ғұрпы, тұрмысы туралы терең толғана тамаша пікірлер түйген. Қорқыт, Мұхаммедәл-Фараби, Абай, Шәкәрім, Құрманғазы, Жамбыл, Махамбет, Шоқан, Мұстафа Шоқай, Ахмет, Жүсіп, Міржақып, Мағжан, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мұхтар сынды тұлғаларымыздың өмірлерінен тың да мол мағлұмат берген. Сұңғыла жазушы-тарихшы Ілияс Есенберлин, Мұқағали Мақатаев, Олжас Сүлейменов, Дулат Исабековтің… шығармашылық шеберліктерін «Литературная газетаның» бетінде әңгімелеген. Федор Достоевский, Михаил Шолохов, Мырза Тұрсын-заде, Садриддин Айни, Берді Кербабаев, Олесь Гончар, Шыңғыс Айтматовтың еңбектерін жете бағалаған. Шетелдер әдебиеттерінің классиктері туралы мағлұматтары… бәр-бәрі – танымдық құны қымбат дүниелер.
«Қазақ әдебиеті» газетіне: «Мұстафа Шоқаев!.. Ол кім?» деген қос беттік мақала шығарып (М. Шоқай саяси ақталмай тұрған кезде!), Мұсекең жайында жан-жақты ашып айтып, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің алдына оны ақтау туралы батыл талап қойғаны – және бір ерлігі!..
Мұхтар Әуезовтің ыстық ықыласты алғы сөзімен шыққан «Күнге бет алған керуен» бастаған хикаялары, «Ұстаздың оралуы», «Махамбеттің жебесі», «Отрардан жеткен сый», «Жаушы» романдары, публицистикалық мақалалары – өз алдына мол қазына. Оған небір шаршы топ тасқынынан суырылған қылышша жарқылдап сөйлеген салихалы сөздерін қосыңыз. Бір өкініштісі – өзіміз де сан естіген сол сөздерінің бәрі дерлік жазба таспаға түспей қала бергені…
1967-жылы болар, шетелдерге кезекті бір сапарында Қараши қаласына ат басын тіреген Әнуарді Пәкстанның көрнекті суретшісі Салых Айын Орталық банк ғимаратына, сурет галереясына алып барыпты. Онда қазақы реңді бір кісінің домбыра ұстап тұрған суретін көре қалған Әнекеңнің: «Бұл кім?» дегеніне Салых: «Бұл – Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби. Әбу Синадан бастап барлық ғұламаларымыздың екінші ұстазы. Біздің осында орналасқан кітапханамызда Аристотельдің, Эвклидтің, Птоломейдің еңбектеріне жазған түсініктері, өзінің көптеген жазбалары бар», деп жауап қайырыпты. Әнуардің сол сәтте қандай сезімге бөленгенін ойлап байқаңызшы!.. Ол сол суретті көшіріп алып, елге оралысымен қылқалам шеберіміз Ыбыраев Бекке ой-пікірін қосымша айта отырып салдырып, бабамыздың бүгінде бізге қымбат бейнесін алғаш жасатты! Ғұламаның ғылыми мұрасын іздестіруші, зерттеуші Ақжан Машанов ағамызбен қанаттасып, әл-Фараби еңбектерінің өзімізге оралуына атсалысты. «Ұстаздың оралуы» атты роман жазды. Бұл тарихи романы – әрқашанғысынша мұқият зерттеуінің нәтижесі. Оны «Великий Мухаммед из Отрара» мақаласы анық аңғартады.
Романдары қазақшаланған жазушының хикаялары, көсемсөздік (публицистикалық) мақалалары, өкінішке қарай, орыс тілінен аударылмаған күйінде қалды. Оның мақалалары хақында мемлекетіміздің, қоғамымыздың көрнекті өкілі, мәдениетіміздің шынайы жанашыры болған Ілияс аға Омаровтың не дегені осы жинақтағы пікірден де анық айтылған.
…Қазақстанының тыныс-тіршілігіжайында қайда, не жазылғанын үнемі қадағалап және ол жәйттердің оң-терісіне пікірін дереу білдіріп жүруге уақыт табу үшін кім болуың керек? Әлбетте, бүкіл болмысыңмен Отансүйгіш болуың керек!
Мәскеуде шығатын «Молодая гвардия» журналында Н. Кузьмин дегеннің «Соғыстан соғысқа дейін. Түнгі әңгіме» деген жазбасы жарияланып, онда Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтен бастап бірнеше ақын-жазушымызға күйе жағылғанда, намысқа қамшы басып, оған баспасөз бетінде бірінші болып тойтарыс берген еді-ау Әнекең!
Әнуардің мұрағат жайындағы мақалалар, жазба, аударма және хаттар мен танысу барысында мен өмірде өте қарапайым болған қаламдас ағаның адами қадір-қасиетін, қаламгерлік күш-қуатын тани түстім. Әсерімді қысқаша айтсам:
біріншіден, Әнекеңнің халықаралық деңгейде аса танымал болғанын ыстық лебізбен әңгімелеген хаттарға сүйіндім. Е, иә, кереғарлықсыз өмір болған ба, өзімізден, Ресейден әлдекімдер Әнекеңе: «Сен ұлтшылсың! 1986-жылғы желтоқсан оқиғасы үшін басшыларды кінәләдің, жан керек болса, басқа жаққа кет!» деп жауыға, қорқыта хат жіберіпті;
екіншіден, Қорқыт ата мен әл-Фараби, Абай, Шәкәрім, Құрманғазы, Махамбет, Жамбыл, Шоқан, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев және бергі ақын-жазушы аға-інілері жөнінде орыс оқырмандарына кең таныстыра танымды мақалалар жазған;
үшіншіден, Әнекең 1989-жылғы шілдеде Семей қаласында өткізілген халықаралық конференцияда және 1990-жылы Ұлы Британияның Қауымдар палатасында әдетінше жалындап сөйлеп, Семей полигонын жабуды және дүниежүзінде атом-ядролық қару жасауды, сынауды тоқтатуды талап еткен;
төртіншіден, Сәкен Сейфуллиннің екі әңгімесін, бір хикаясын және Бейімбет Майлиннің «Шұғасынан» орыс тіліне үзінді аударған, – ол әдеби еңбегі көбімізге әлі де беймәлім;
бесіншіден, қазақ әдебиетінің жас таланттарын, арқалы ақындарын КСРО-дағы және шетелдердегі қаламдастарына танытуға күшсалған (мәселен, Мұқағали Мақатаевтың 55 өлеңі мен 3 дастанын орыс тіліне аудартып, өзі алғысөз жазып, «Зов души» деп атап шығартқан);
алтыншыдан, біз атын атаудан жасқанып жүрген жылдары «зарзаман» жырауларының және беріректегі «ұлтшыл, кертартпа» ақындарымыздың біраз өлеңдерін орысшалатып (құрастыруды Мұхтар Мағауинге тапсырып), Ленинград баспасынан «Поэты Казахстана» деген атпен жинақ етіп шығарудың жолын тапқан;
жетіншіден, жаратылысындағы қарапайымдылығын сақтай біліпті. Алайда осы орайда менің түсінгім, құптағым келмеген бір жәйт те ұшырасты. Англияның Кембридж Халықаралық өмірбаян орталығы «Әлемде қайда, кімдер бар» жылнамасына қажет сауалнаманы толтырып қайтаруын өтініп, айтулы тұлға Әнекеңе – Қазақстанның Комсомол және Мемлекеттік сыйлықтарының, Джавахарлар Неру, Агостьино Нетоатындағы және «Лотос» журналы сыйлықтарының лауреаты Әнуар Әлімжановқа – хат-бланкілерін жіберген екен, ал олар толтырылмаған қалпында мұрағатындағы қағаздарының арасында жатыр. «Қайран Әнеке-ай, қарапайымдылықтың да жөні бар емеспе еді?! Халықаралық ол жылнамаға Сіздің енгеніңіз ең алдымен Қазақстаныңызға, қазақ халқыңызға қажетеді ғой?!» деп еріксіз налыдым…
Әнекеңнің Совет Одағында, халықаралық деңгейде де зор беделді қазақ болғанын білеміз. Оның қаламгерлігіне, адамгершілігіне тәнті болған замандастары жазбаша шерткен сыр қаншама?!.
…Соңғы жылдары баспасөзде: – Ә. Әлімжанов 1986-жылғы Желтоқсан көтерілісін түсінбеді, «Литературная газетада» жарияланған «Что произошло в Алма-Ате» мақаласында жастарымызды кінәлады, – дегендей ұшқары пікір айтылып жүр. Ол – Әнекеңнің өзінен биіктеп кеткеніне күйінген біреулердің өсек-аяңы. Ә. Әлімжанов – жастардың көтерілуіне, жазықсыз жазалау, қан төгу болғанына Мәскеу мен Алматы партократтарының тікелей кінәлі екенін ашынып батыл жазған алғашқы азаматтарымыздың бірі! «Литгазетадағы» мақаласының өзінде ол былай деді: «…К толпе примкнули хулиганы, пьяницы и другие антиобщественные лица. Разгулявшиеся дебоширы, вооружившись металлическими стержнями, палками, камнями, избивали и оскорбляли граждан, опрокидывали и поджигали автомобили, разбивали стекла в магазинах, общежитиях и других общественных зданиях…». «К толпе примкнули» деп атағандары студент жастар еместігін, оларға арандатушылық пиғылмен қосыла жөнелген оңбағандар екенін ашынып айтқан ғой?! Сол күндері неше түрлі тәртіпсіздік, сұмдық жасағандар – сол оңбағандар! Қай елде, қашан болсын билік атаулы ғана разылықпен көшеге шыққан ереуілшілердің, көтерілісшілердің тобына албаты пәле-жала іздегіш бұзықтарды тіпті биліктің өзі әдейі қосып та жіберетіні жазылмаған заңға айналғаны белгілі.
Сондай-ақ, Әнуардің 1986-жылғы Желтоқсан оқиғасы хақында «Комсомольская правда» гәзетінде жариялаған мақаласы бар. Онда мынадай түйін жасаған:
«…Это страшнее, чем грандиозное стихийное бедствие… во время стихийных бедствий люди проявляют лучшие человеческие качества, свое единство. А декабрьские события вселили в нас тревогу, отчужденность, показали, насколько зачерствели, заплесневели наши души. Зараза приспособленчества и потребительства, протекционизма и родофильства очень живуча. Она порождает клановость, вождизм… В морально-нравственном падении высших кругов нашего республиканского руководства, в коррупции и трайбализме, землячестве и взятничестве, охватившим высшие сферы нашего общества, нашей АН и центральных алматинских вузов и приведших к трагическим событиям, виновна не молодежь… В этом отчасти виновны и мы с вами, но больше все те же чиновники, сидевшие на хломе власти». Бұл шынайы тұжырым ол кездегі билікке қадалған найза болды! Әнекеңнің айтпағанын «айттылап», жастарды оған қарсы қоюдың жымысқы қарекеттері жүргізіле бастады…
Қашан, қайда болсын Әнекеңмен еркін сөйлесіп, әзілдесе беретінмін. Сол әдетіммен бірде: «Өз тіліңізде әдемі сөйлейсіз ғой, неге орыс тілді болдыңыз?» дегенімде ол: «Біздің кезімізде «орысша оқымасаң, адам болмайсың» деген ауызша заң болды, сондықтан әкем мені орыс мектебіне берді. Сонда жүргенімде қабырға гәзетке оны-мұны хабар, өлең жазуға ғадеттендім де, сөйтіп орыстілді болып кеттім. Университетте журфактың орыс бөлімшесін тәмәмдадым, орыс гәзеттері редакцияларында қызмет істедім. Сол маған пайдалы да болды, – деп жымиды ол. – Шығармаларымды қаламдас қазақ аға-інілерімше орыс тіліне әуелі жолма-жол, содан кейін әдеби аударма жасатып, одан солайша шеттілдерге аудартып әсте әуреленбеймін. Менің кітаптарым бірден шет тілдерге аударылады, ал Мәскеуде шет тілдерді жақсы игерген орыс аудармашы жеткілікті. Ал жазу керек мәселе көп, асығу керек. Енді түсіндіңбе?» деді. Мен, әрине, түсіндім. «Орысша оқымасаң, алысқа бара алмайсыңды» біз де естігенбіз. Әкелеріміз қатарлы қаратаяқ қазақтардың біразының, орысша оқып қана қоймай, орыстан әйел алғандарын да көріп өстік қой.
Әнуар Әлімжанов – туындылары шет елдер тіліне тікелей және ең көп аударылған жазушы, көркемсөз (публицистика) шебері.
…Әнуар қай елге қашан барса да, оның тарихымен, әдебиетімен, өнерімен, қаламгерлерімен танысуды және оларға Қазақстанын, қазағын танытуды мақсат еткенін білесіздер. Шет жұртқа сол тілдерге аударылған кітаптарымен ғана емес, осы бір дәнекерлік қызметімен де танылғаны анық. Иә, ат басын тіреген елде қазаққа қатысты бір игі істі көрсе, соған балаша қуанып, оны бізге жеткізуге асығатын еді. Ұстазы Мұхтар Әуезов туралы бір әңгімесінде мынаны айтты: «…Мұхтар ағаның кітаптарын көптеген елде ұшырастырдым. Піл Сүйегі Жағалауындағы Абиджан қаласында, Жасыл Мүйіс аралдарында, Гвинеяның кітап дүкендерінде көрдім. Жолым түсіп Цейлонға бара қалғанымда, бейбітшіл атақты күрескер, Халықаралық Лениндік сыйлықтың лауреаты, будда монахы Удакендавала Сарананкара Тхеро өмір сүріп, қызмет істеген ғибадатханаға барып, қабірі басына гүл қойдым. Оның жай-жатағында болдым. Монах спартандық ғұмыр кешіпті. Темір кереует. Сабан төсек, орындық, шелек, ожау. Басқа ештеңе жоқ. Бар байлығы қат-қат кітаптар ғана екен. Будданың өмірі туралы, дін тарихы туралы кітаптар. Барлық сөреде киел ікітаптар тізіліп тұр. Бөлмеден шыға бере жоғарғы сөрелердің бірінен ағылшын баспасынан шыққан «Абай жолының» таныс мұқабасын көзім шалып қалды. Киелі діни дүниеліктер арасындағы жалғыз көркемәдебиет Абай жайлы екітомдық екен. Монахтардың басшысы маған Мұхтар ағаның кітабын алыпк өруіме рұқсат етті. Кітаптың кейбір беттерінен Удакендавала Сарананкара Тхерон қойған белгілерді көрдім. Екі томдықтың соңғы бетінде монахтың көне сингаль тілінде жазған: «Бұл кітап менің өмірді кеңірек түсінуіме көмектесті», деген пікірі бар екен».
…Тағдырдың құқайын көп көрген қазақтың кедей отбасында туып-өскен, Жетісудың Талдықорған өңіріндегі Қарлығаш ауылынан ұшып, арғы-бергі жұртқа қазақ атты көне халықтың барын, оның әдебиеті де, өнері де, ғылымы да көне, тарихы тұнған тағлым екенін перзенттік ұлысезіммен жеткізіп айта білген, өкшесін басқан іні-қарындастарына сөзімен де, шығармаларымен де үлгі-өнеге болған Әнекеңнің мемлекет, қоғам қайраткері ретінде атқарған және бір тарихиісі – 1991-жылғы желтоқсанның 26-сында КСРО-ның ыдырағаны жөніндегі қаулыға қол қойғаны. Сол жылдың күзінде КСРО халық депутаттарының бірінші құрылтайы шақырылды ғой. Сонда КСРО бойынша бүкілодақтық дәрежедегі 8 (!) комитет Әнуар Әлімжановты Жоғарғы Кеңес басшылығына ұсынды. Басқа бірде-бір депутатқа ондай сенім көрсетілген жоқ. Әнекең қазан айының 29-ндағы мәжілісте КСРО Жоғарғы Кеңесінің Республика Кеңесі төрағалығына бірауыздан сайланды. Шешуші дауысы бар 131 өкілдің 130-ы жақтады! Азамат, Жазушы беделі сынға түскенде Әнекеңнің мұншама абыройға бөленгені оныңкі мекенін айтып берді емеспе?! «Записки президента» деген кітабында (1994 ж.) Борис Ельцин былай депті: «26 декабря 1991 года в здании Кремля, над которым уже не развевался флаг СССР, Верхняя палата союзного парламента приняла декларацию, в которой обьявила о прекращении существования СССР. Председатель палаты А. Алимжанов сказал, что они выполняли свой депутатский и гражданский долг».
Кейінде Әнуардың құрбы-құрдастары: «Кешегі «халық жауының» баласы, міне, КСРО-ны құлатып, әкесінің де, әкесімен тағдырлас болғандардың да кегін алды!» десіп әзілдеп жүрді. Мен де біркүні:
– Әнеке, шыныңызды айтыңызшы, қаулыны бекіткен сәтіңізде қолыңыз қалтырамады ма? Іштей бі рөкінішіңіз болмады ма? – дедім. Ол сәл ойланып:
– Жоқ, өкінген жоқпын… Империя дегенің, оның түр-құрылымы қандай болса да, ұзақ билеп-төстей алмайды, – деді.
– Тәуелсіздікке қолымыз жетті-ау! – дедім.
– Жетуін жетті… Не жоғалтқанымызды білсек те, не тапқанымызды білмейміз. Алдымызда қиыншылық көп, қашан оңаларымызды құдай білсін. Кеңес өкіметі салған 74 қабатты үйді бұзуды іргетасынан емес, шатырынан бастайық дегенді айттым Горбачевқа. Ол мізбақпады, қолынан жеке билік кеткен соң есеңгіреп қалған да болар, бұзу іргетастан басталды. Енді бұл үйдің орнын үйіндісінен арылту қаншаға созылары белгісіз тауқымет қой, – деді Әнекең…
1993-жылғы қыркүйекте Әнекең маған «мына бір повесті жазып едім» деп «Познаниесінің» («Танымының») қолжазбасын алып келді. Мен ол тұста Жазушылар одағы құзырындағы Көркемаударма және әдеби байланыс Бас редакциясы алқасының төрағасымын. Одақтың меншігі етіп «Шабыт» атты баспа ашамыз деп желпініп жүргенбіз.
1993-жыл. Қарашаайының 9-шы күні. Әнекең бақиға аттанып кетті…
Елімізге, халқымызға, әдебиетімізге аса мол еңбек сіңірген сол Әнекең, өкінішке қарай, уақытында өзімізде лайықты бағаланған жоқ. «Республикамыздың Комсомол сыйлығын, әдеби Мемлекеттік сыйлықты алды емес пе?» дейміз. Рас, алды. Пысықайларша ықпыл-жықпыл жолын тауып емес, журналшылық, жазушылық құнды еңбектерімен алыс-жақын жұртқа танылып алды. Солай бола тұра…
Республикалық партия және үкімет басшылықтарының алдын ала шығарған шешіміне орай, 1984-жылғы шілде айының, егер қателеспесем, 5-і күні М. Әуезов атындағы драма театрымызда Ілияс Жансүгіровтің 90 жылдығы өткізілмек болды. Маусым мен шілде аралығында одақтас республикалардың барлығынан делегация келді. Социалистік елдерден 5-6 ақын болды. Мәскеудегі дос-жолдастырында мейман болып жүріп, соларға ілескендер. Тойдың басталуына үш күн қалғанда үкімет пен партия тосыннан жаңа қаулы қабылдап, Жансүгіровтің мерейтойын қазан айына шегерді де, Ілекеңнің аруағы сол екі арада кімге не жаманшылық істеп қойғанын «бірқұдай» білсін, Кенен Әзірбаевтың туғанына 90 жыл толуы белгіленген мерзімінен дереу ілгерілетіп, жиналған меймандар Қордайға аттандырылды. Оқыс өзгеріске, басқаларды былайқойғанда, Жамбыл облысының басшылары қатты таңырқап, сасқалақтап қалғанын обкомның идеология жөніндегі хатшысы Ғайникен Бибатыровадан естідім.
Ілекеңнің мерейтойы қазан айында өткізілді. Драма театрымызда емес, М. Лермонтов атындағы орыс драма театрдың кіші залында. Оған не одақтас республикалардан, не Мәскеуден, не Ленинградтан ешкім шақырылмады. Сиғаны залдағы, симағаны ауладағы көпшілік, әрине, наразы.
Біз, бір топ дос-жолдас ақын-жазушылар, екінші қатарда отырғанбыз. Жиналыс ашық деп жарияланып, партия мен үкіметтің құттықтауы оқылып, баяндамашы мінберге шығып: «он бес минөттен асырмаймын» деп алып, жазып әкелгенін оқуға кіріскен. Сол мезетте бүйір есіктен Әнуар Әлімжанов кірді. Біз ортамызға шақырып, сығылысып орын бердік. Әнекеңе көзтастап едім: өңі қуқылданып, қабағы түйіліңкіреп, мұрны қусырылып отыр. Президиум жақты көзімен тінтіп шықты. Көңілі бұзылып келгенін сездім.
Баяндама бітіп, сөйлеу шілерге кезек тиді.
Екінші сөйлеуші сөзін аяқтай бере Әнуар мінберге шақырусыз-ақ барып, президиумдағыларға, онда Д. Қонаевтан басқа дөкейлердің бәрі де отырған, түйіле қараған күйі көтеріліп, оларға сұқ саусағын оқтап тұрып: «Сендер қазақ әдебиетінің шынмәніндегі классигі Ілияс Жансүгіровтің юбилейін жетім қыздың тойындай етіп өткізіп отырсыңдар! Мұны бұл қиянаттарыңа қарсылық жасаудан жасқанған бүгінгі біз амалсыз кешірсек те, ертеңгі ұрпақ кешірмейді, осы естеріңде болсын!» – деді де, залдан шығып кете барды. Әділетсіздікке күйінген сәтте Әнекеңнің жайшылықтағы қарапайым қалпы күрт өзгеріп, құдіреттеніп кететініне сол жолы да куә болдым. «Жүрек жұтқан батырлық» дейді қазекем ондайды. Бізде бүгін сол жүрек жұтқандардың орнында доллар жұтқыштардың жүргені өкінішті-ақ!..
Ертеңінде Орталық комитеттің мәдениет бөлімінде бір шаруам болып бара қалсам, «Ара-Шмель» журналының Бас редакторы кезім, бөлім меңгерушісі Мәркен Шайжүнісов, «мұрнына су жетпей», алас-күлес болып отыр екен. Амандаса бере:
– Бір-екі күннен кейін келші! – деді.
– Е, не боп қалды? Моншадан жаңа шыққандайсың ғой? – дедім.
– Ойбай, Әнуар Әлімжановтің кешегі, театрдағы сөзі пәле болды, Димаш Ахметович сөзінің стенограммасын срочно әкел депті секретарьға, сонсоң бәріміз сасқалақтап… сен ренжіме, жарайма, ертеңдер хабарласшы! – деді.
– Әнуар шындықты айтты, оның несіне шала бүлінесіңдер? – дедім.
– Біреуге шындық жәйт екінші біреуге шындық болмайтынын білесің ғой, қосыла қажамашы мені! – де пналыған соң кідірмедім, сол сәтте келіп кірген Сұлтан Оразалинов, Мәркеннің орынбасары, екеуіне амандық тіледім де, шығып кеттім.
Сол күннен бастап Әнуар кәдімгі қақпақылға душар болды. Бір есе анау қызметке, біресе мынау қызметке ауыстырылып, екі жыл өте бере, 56 жасында, жұмыссыз, зейнетақысыз қалдырылды.
Д. Қонаев Әнуардің Ілекең тойы хақында өздеріне қарата айтқан қатты да қисынды сөзін кешірмеді. «Литературная газетаның», «Правда» гәзетінің Қазақстан мен Орта Азиядағы меншікті тілшісі Әнуар Әлімжановтың өзімен сұхбаттасып, одақтық деңгейде шешім табуы керек небір ауқымды, күрделі мәселелерді көтеріп, республикаға көп көмегі тигеніне риза болған, бауырына тартып, «Қазақ әдебиеті» газетіне Бас редактор, одан кейін Жазушылар одағы басқармасына бірінші хатшы етіп тағайындаған, содан соң, Жазушылар одағы басшысының Жарғысы бойынша екі мерзімі өткенде, Табиғи ескерткіштерді қорғау жөніндегі республикалық қоғамның президиумына төраға еткен (ондағы Сабыр Ниязбековті дереу босатып) Қонаев енді театрда айтқан өте орынды бір ауыз сынына бола Әнекеңнің бұрынғы еңбектерін есінен шығарып, сырт айналғаны ғой. Иә, бүгінде кейбір ақын-жазушылар: «дана, ғұлама, кемеңгер, әулие» деп тең таба алмай жүрген Д. Қонаевта сондай «қасиет» те болды.
«Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген, сондай «сезім» әл-Фараби атындағы Ұлттық мемлекеттік университетіміздің басшыларында да бар екен. Олар университеттің бірегей түлегі Әнуар Тұрлыбекұлы Әлімжановты мүлдем ұмытқан. Ләм-мимсіз жүр. Қазақстанның халық жазушысы атағын алған түлектерінің көркемдеп іліп қойған тізімінде де Әнекең жоқ.
2014-жылы ректор Ғ.Мұтановқа хат жазып, алдағы жыл Әнекеңнің 85 жылдығы екенін есіне салдым. Жауап болмады. 2016-жылы екінші хатымды жолдап, өздері шығарып келе жатқан «Өнегелі өмір» топтама бойынша Әнуар жайында кітап жарық көрсе екен деген тілек айттым. Қажет пікір мақала, фото-суреттерді бере алатынымды мәлім еттім. Жауап тағы да болмады. Университетте оқымаған, бірақ жиі барып тұратын, көзі тірісінде «Өнегелі өмір» тізіміне ілігіп, кітапқа шыққандардың әлде біреуі Әнекеңнің үстінен «қызысу жүргізіп жіберді» ме екен? Ондай «өнерлілеріміз» жеткілікті ғой. Немесе университеттің тиісті деканатында, кафедрасында қазақ әдебиетінен мағлұматы кемшіндер отырма, әйтеуір, «баяғы жартас – бір жартас…».