Сламхат СЕЙІТХАМЗАҰЛЫ. ҚАЙТПАҒАН КЕК намыс толғауы

Жел соққанда ысқырып боз даладан,
Гөй-гөйіндей қойшының қозғалады ән.
Сынық қурай боздайды сыбызғы боп,
Қайғы дерті қалмайды толғамаған.
Ғажайып күй естіліп сонда маған,
Жүрегімнің жарасын қозғап алам.
Тыңдай-тыңдай кетемін есеңгіреп,
Дағдыланып қалыппын сорға жаман.
Тыныштыққа шомғандай сонда далаң,
Ұйығандай иманға ұйып қалам.
Ойсыз өсіп бұлғақтап сәнмен кеткен,
Жайында қап әншілер сорғалаған.
Күй бола ма бауырым, жыр бола ма,
Жаныңның дертін тырнап қозғамаған?!
Қашан да қандай іске кірісерде,
Қазаққа жағама деп ойлап алам.
Арыға бара алмайды ойламаған,
Халықтың арманына бойламаған.
Мұнара тұрғызайын боздақ үшін,
Қолыма қаламымды ап жорғалаған.

* * *
Жетім бота барады дала кезіп,
Боз даланың бауырын барады езіп.
Жан-жүйеңді босатар боздағаны,
Кемсеңдей бер, түзуге қалмады ерік.
* * *
Алпыс жылдың алдында құнсыз кеткен,
Азаматқа арнадым шын тілекпен.
Жырдың әрбір шумағын суарайын,
Жоқталмаған құн үшін мұңды кекпен.
Алпыс жылдың алдында, шығар ма естен,
Бір шаңырақ ойран боп, арманда өшкен.
Алқабекте аз ғана Қожамбеттің,
Ауылында бір сұмдық қырғын өткен.
Бір азамат дегенің – бір рулы ел,
Ендеше бір рудың ұрқы өшкен!
Ол кезде Жыңшурынның дәуірі еді,
Халық кедей, күнкөріс ауыр еді.
Жарлы жомарт жар болды еті тірі,
Алқабектей бай жердің арқасында,
Тірліктері өзінше тәуір еді.
Әскер келді ауылға, апат келді,
Қарапайжаң бастаған шатақ келді,
Тыныш жатқан бейбіт ел ебі қашып,
Берекесі шайқалған өмір келді.
Аютамнан орнығып застав салып,
Қинады алман салыққа шағын елді.
Жамандығы қалмаған істемеген,
Адамы құл,
Аттары жауыр болды.

Қыз-қатынды сорлатқан
дәуір болды,
Күні күйді, күлкі жоқ, айы солды.
Мұндай қорлық көрмеген
бұрын-соңды,
Тыныш ұйқы көрмеді, қайғы толды.
Кектенді жұрт,
Бұл қандай тағдыр болды?!
Жаман болды,
Сұмырай заман болды,
Қайдасыңдар, азамат атқа қонбай,
Ал кегіңді жауыңнан!
Аттан!..
Ойбай!
Нар тәуекел, ағайын, топ құрайық,
Көтеріліп бір түнде жоқ қылайық!
Басындырып алдық-ау бұға беріп,
Көкелерін танысын, соқтығайық!
Не болдымға тап болсын,
қоқ қылайық!
Өміш енді жеткендей арманына,
Бес жігітті сығайлап таңдады да,
Саңлақтанып қарады жан-жағына,
«Түн ортасы болғанда от қоямыз,
Бәрің мықты болыңдар өз жаныңа!
«Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген,
Тиіспеңдер соқыр тиын
жармағына!»
Осылай бір жоспарды жасады да,
Мейірлене қарады жасағына.
Күн батқанша асығып тықыршыды,
Қараңғы түн келеді қашан мына?..
«Қолдай гөр Құдайым» деп
қолын жайып,
Сыйынды Құмырсқаның аруағына!
Сыйынды Қожамбеттің аруағына!

* * *
Орынға жиналатын келісті де,
Өзара уағдасын берісті де,
Ант етіп айнымауға сеністі де,
Қарады алды-алдына тегіс міне.
Өміштің қыстаулығы Жымпаң еді,
Пішенде қора жасап қалған өзі.
Ағасы мен шешесі күзеулікте,
Ақтүбекте отырған елдің көбі.
Атына мінді-дағы жорта желді,
Алла оңғарса апанды құртады енді.
Бірақ та әлденеге, кім біледі,
Көңілі қобалжыды, орта болды.

* * *
Түс ауа кеткен екен көзі ілініп,
Оянды бір сұмдықты сезіп, біліп.
Естілді тасырлаған ат жүрісі,
Ит үрді шебелеңдеп, бұл не қылық?
Сығалап шарбақ үйдің жыртығынан,
Алды әбден сырттағы істі
көріп біліп.
Алды да ірге жақтан бесатарын,
Оқтады өзіне-өзі сеніп тұрып.
Дұшпанды бастап келген ауылдасы,
Ауылдасы болғанда – замандасы.
Бармағын тістеледі енді біліп,
Сөнді-ау қараң қалғыр соқыр үміт.
Езіліп іші-бауыры кетті күйпі,
Дәм атқыр, бір орайды кетті қиып.
Қан жауып кетті көзін, тіс шақырлап,
Құса боп өз кеудесін кетті түйіп.
Тіп-тік боп төбе шашы кетті тұрып,
Қайратын серік қылып кірісті іске,
Алысуға бекінді есін жиып.
Есіктен атылуға үлгірмеді,
Алдымен сатқын жігіт міңгірледі.
– Пәйжаң біліп қойыпты,
қиын екен,
Сыр жатпайды, білесің, бұл күндегі.
Сұрланып кетті Өміш, әттеген-ай,
Құтылмақ жаудан жалғыз
сәтте қалай?..
Ит болсаң да қайтейін, руласым,
Алданған ата жауға, әттең, бала-ай!..
Шүріппесін бесатардың
басып қалды,
Екі шерік бүк түсіп жатып қалды.
Қалғандары жеткенше қарауыл боп,
Бүкшеңдеп төбешікке қашып барды.
Былдырлап қарапайжаң зіркілдеді,
Басталды атыс…
кешкі аспан күркіреді.
Үрейленген аз ғана ел ұлар шу боп,
Құм жаққа,
тоғай жаққа дүркіреді.
Қаһарлы қарапайжаң күрсінеді,
Обардай төбешікке тімтінеді.
Алтауын жамсатыпты ата жаудың,
Ауылдың қыран тұлға бұл түлегі.
Ауылды қалды лезде басып қайғы,
Ер өлім –
ер жігітті жасытпайды.
Сабаз-ай, санаулы оқты санап атқан,
Адасып ақылынан асықпайды.
Кім бар-ды қолдап тұрған
артында оны,
Болғанда кіші бесін таусылды оғы.
– Атымды әкеліңдер арт жағымнан,
Ағайын, қайсыбірің барсың? – деді.
Маңайда бір мұсылман
жоқ болатын,
Қайран ер!
Қайран жігер қоқ боласың!
Біліп тұр құтылмасын шәйіт болғыр,
Бетке алып аяңдады шөп қорасын.
Қарапайжаң кіжініп сөйлеп кетті:
– Бағын бізге! Әйтпесе
жоқ боласың!
Қыр, жой! Қыр, жой!
Жерде айғай, көкте айғай…
Қан сасыды кең дала,
не болды, ойбай!
Аяқ алып жүргісіз, өлік жатыр,
Бейшара ел тап болды
күнге қандай?!
Бойұсынды ерлер өлімге,
амал қалмай,
Бауыздады, қайтейін,
қырды малдай.
Түскен деген осы ғой
жасын жаумай,
Шер байланды кеудеге Қаратаудай.
Кек тұтанбас, әрине, жара салмай,
Үйрек-қаздар көлінен
шошына үркіп,
Үрейленді шырылдап қараторғай.
Қайғысы көп қазақ-ай қараборбай,
Берекелі, бейбіт ел тозды бордай,
Момындықтан мекенін
қорғай алмай.

* * *
Қарапайжаң қалшылдап,
сөйлеп кетті аршыңдап:
– Жамағатым, тыңдаңдар!
Әмірімді жырмаңдар!
Оқты ысырап қылмаңдар,
Аяушылық қылмаңдар!
Мына алпыстай қазақты,
Қылышпенен тураңдар!
Босамаңдар, қатал бол,
Батырлықты шыңдаңдар!
Бұлар өңшең оңбаған,
Өн бойына жиған зәр!
Діннің жолын қуғандар!
Ал, сабаздар, тұрмаңдар,
Көзін жоймай тынбаңдар!
Аямаңдар, тураңдар!
Өлтіріңдер Өмішті,
Басын маған сыйлаңдар!
Орындаған адамға –
Сыйлық дайын, медаль бар!
Мұның бәрі бұзақы,
Пәле іздеп жүргеңдер,
Обалсынып жүрмеңдер.
Қазақ деген қарақшы,
Өңшең кері сигендер!
Малша матап, көгендеп,
Найзаменен түйреңдер!
Қанын судай ағызып,
Қамырдай ғып илеңдер!
Өлтіріңдер, жойыңдар!
Басқаны әсте білмеңдер!
Қыл арқанмен қылқынтып,
Ат көтіне сүйреңдер!
Танытыңдар көкесін,
Қытай деген біз деңдер!
Жабағыдай жүндеңдер,
Көтеріңдер кеудені,
Бастарыңды имеңдер!
Қыз-қатынын күң қылып,
Еркектерін құл қылып,
Мәңгібақи билеңдер!
Кенеледі бақытқа,
Жиңшурынге сенгендер!
Мына маған ергендер!
Байтақ елге қожа боп,
Кең жайлауға төрлеңдер!
Тіліміз бір туысқан –
Дүңгендерге тимеңдер.
Айтқаныма көнсеңдер,
Мына маған сенсеңдер,
Жолдан қалмай ертеңдер,
Білезіктің бойымен,
Алқабектің жағасын,
Тып-типыл ғып өртеңдер!
Тән болады біздерге,
Ертең мына көркем жер!
Боласыңдар қадірлі,
Патша үшін өлсеңдер.
Мәнсап дайын, сыйлық бар,
Өлтірген соң Өмішті,
Басы менен жүрегін,
Маған әкеп берсеңдер!
* * *
Келмейді алысуға – жауда оқ бар,
Ал менде ештеңе де –
қалмады оқтар.
Марқакөлге кетер ем көз жаздырып,
Қараңғы үйірілгенше әлі көп бар.
Шыбын жаным шырқырап
болды-ау көкпар,
Аман-есен бір жетсем анау шоқ тал,
Бейшара қандастарым,
қош болыңдар,
Қаны жат қарақшымен
өш болыңдар.
Жуас ел,
әлсіздігің түпке жетті,
Бауырмал батырлармен
дос болыңдар.
Бұл кездің мықтысы кім,
осалы кім?
Қойшыны ел санатына қосады кім?
Қызығы осы екен ғой отар күннің,
Аспаны ашылмай ма Отанымның?!
Қайтейін жолым күдір,
қолым шолақ,
Келеді еркіндік боп қотарылғым.
Тентекті тезге салып қиыс басқан,
Орысқа бодан болмай
қылыштасқан.
Үкірдай, залың,
өңшең сужүректер,
Садағасы кетіңдер Шоқанымның.
Бейуаз, қойдан қоңыр қазағым-ай,
Аяқтар екен қашан азабың-ай!
Сор басқан күс маңдайлы
көген көзім,
Жаралған дүниенің мазағындай!..
Өлсем де ала жаттым жастығымды,
Қырқатын болды-ау дұшпан
жас гүлімді.
Ағызады-ау мезгілсіз жұлдызымды,
Мезгілсіз қуратады-ау жас бүрімді.
Қайтемін,
өз қолымды кесе алмадым,
Ағайын, аямадың қастығыңды…
Қалайша аямадың жақсы ырымды,
Қимадың неге маған жақсы күнді?!
Турауға көнгенің-ай басқұрымды,

Басымнан мұңға бұрып
шаттығымды,
Ызадан жұдырығым тас түйілді.
Көзімнің шарасына жас құйылды,
Сатылған кеңірдекке мәжүн туыс,
Құдайдан қайт, татып ең
ас-тұзымды.
Матқапы ойлануға келтірмедің,
Қаптатып ақ тәніме аш бүйіңді.
Көзіме көрінбе енді, жап түріңді,
Айтарсың қияметте нақ шыныңды.
Үмітім өкінгенмен шарт қиылды.
Домбыра!
Бебеулетіп тарт күйіңді!
Туған жер, жасыра алмай
қашқыныңды,
Қыраның сорғалап кеп
тасқа ұрылды.
Туған ел, кешіре гөр жастығымды,
Туған ел, кешіре гөр мастығымды.
Обалым жібермесін сатқыныңды,
Пайғамбар, былғамадым ақ туыңды!
Құдайым, күнім болса кеш
құлыңды,
Арманым – баса алмадым
аптығымды.
Дүлейге тіке айта алмай жақ сүрінді,
Ертең-ақ ел шығарар тап шиыңды.
Ұстатар қолыңа әкеп нақ сыйыңды,
Сұмырай, күжілдемей тарт тіліңді!
Қақпанда жылжи алмай
қор боп тұрмын,
Соғып ал мені – көкжал қасқырыңды.
Қыршын кетіп барамын о дүниеге,
Алтауды – ала жаттым жастығымды!

* * *
Тарс етті…
қарапайжаң қалды атып,
Жығылды қайран арыс қанға батып.
Тәйниге алып жүр деп әмір қылды,
Бейуақ бара жатты күн де батып…
Күн-дағы күйіп батты, қан жылады,
Өшпейді тарихтың қанды дағы.
Бауыздап басын кесіп қарапайжаң,
Терекке ілді үйдің алдындағы.
– Маған қарсы шыққанның
жазасы бұл!
Үрейленіп жүрсін деп жанның бәрі.
Онан кейін жүрегін алып шығып,
Түктерді көрді тұрған
жарып шығып.
– Бұрын мұндай жүректі
көрмедім, – деп,
Қарапайжаң таңырқап қалды тұрып.
Босағаға екі күн ілдірді де,
– Мен де батыр болам! – деп,
жеді асқызып.

* * *
Ел қалды күңіреніп, дала қалды,
Еңіреп ана қалды, аға қалды.
Күйзеліп отқа күйген балапандай,
Айттырған қалыңдығы қара қалды.
Жел аңырап боздатты боз даланы,
Сабалап бұта-бүрген, қарағанды.
Шер болып көкіректе жара қалды,
Топырақ торқа болып аялады.
Әлдилер ұжмақтың сая бағы.
Уақыт озған сайын аңыз болып,
Тұлғасы бәйтеректей дараланды.
Өміштің хикаясы елге тарап,
Қазақтың тау-даласын аралады.

* * *
Қара күздің мезгілі еді бұл кез,
Тарады сұмдық хабар елге тым тез.
Өр Алтай,
Сауыр, Сайқан дүр сілкінді,
Демейді дана халық алтынды жез,
Ал сатқын зар еңіреп жалынды елге.
Өлтіретін болған соң қылдым деп көз.

* * *
Қайтарып аламыз деп есемізді,
Әр ауылда қарсылық көтерілді.
Бір талыс жамбы беріп, сүйегін ап,
Ардақтап арулады көсем ұлды.
Қараң қалғыр қара еді ділі неткен,
Қарапайжаң бұл күнде
тірі деп пе ең.
Төлегенде арман не, отау тігіп,
Арман қызы қауышқан
Қыз Жібекпен.
Дәл он сегіз жасында біздің Өміш,
Алпыс жылдың алдында
құнсыз кеткен.
Соның жоғын жоқтаймын,
құн аламын,
Жауым қайда, пәш қылсын
күнәларын.
Ескерусіз, атақсыз жоғалуға,
Тиіс емес, қазағым, бір адамың!
Жауым қайда?
Алдыма жығылмай ма?
Басын алам, қанышер бүгін бар ма?!
Қабырында Өміштің тұтап ұшқын,
Тоқтамайды бойында жаздың,
қыстың.
Басын кесіп базарға ілер едім,
Бүгін қайда жүр екен,
шұбар міскін?!
Тірі болса өзінен сұрақ алып,
Қан ағызар көзінен мына халық.
Жерге кіріп кетсе де жеті қабат,
Көрінде оны өкіртіп шығады алып.
Бүгін жастар ерлікті етеді үлгі,
Азаматтың арманын жете білді.
Аманат боп осы кек келе жатыр,
Араға салса-дағы неше он жылды.
Сіңдіріп құлағына бабалары,
Мақтанға айтқан еді ағалары.
Таратады сұрасаң жырдай қылып,
Жарболдының жас өркен балалары.
Міне, бұл –
Қайтпаған кек, қайтпаған құн,
Сондықтан менің басым
қаптаған мұң!
Кек пен құн
мың жылда да шірімейді,
Тапсырып баласына
кет балаңның!..

Комментарий (1)

  1. Reply
    Ұланбатыр Бақытханұлыговорит

    Нағыз намыс толғауы. Алла қаласа, есіл ердің арманы орындалар күн болар.

Пікір қалдыру