КҮН ТҰТЫЛҒАНДА

 

Бозторғайдың етегіне үш-төрт киіз үй тігілген. Тау ортасындағы аумағы ат шаптырым тегіс алаңқайды екіге бөліп, мөлдір бұлақ ағып жатыр. Оң жақ бетке үйлер тігілген. Ал сол жақ бетте сиыр қорасы. Сиырлар сонда сауылады.
Сауыншылар өмірі сан алуан қызыққа толы. Араларындағы екі-үш қана жасамыс кемпірлері болмаса, жиырма шақты сауыншылардың барлығы дерлік жас келіншектер. Өз қызықтары өздерімен.
Оңтүстікте күз айлары кей жылы көктемге ұқсап кетеді. Ауық-ауық жауған жауынмен жер қайта көктей бастайды. Алма ағаштар гүлдейді. Одан кішкентай түйіндер пайда болады. Бірақ ол үлкеймей, түйенің құмалағындай болады да, қатып семе бастайды. Желтоқсанның аяғында барып нағыз күз өз күшіне енеді. Алай-түлей болып бірнеше күн тұратын Шақпақтың желі өзімен бірге күздің қара суығын да ала келеді. Бұл желдің жеті, тоғыз, кейде он бір, тіптен он жетінші күнге қарай кететін мезгілдері де болады.
Ал Қаратаудың сауыншылар отырған бұл жері жан-жағы таумен қоршалған ықтасын. Шақпақтың ұшқыны да келмейді. Оның үстіне айналаның бәрі сыңсыған қалың арша. Қысы-жазы бірдей көкпеңбек болып тұрады. Жер ыңғайы солай ма, әйтеуір осы алақандай жердің табиғаты бөлекше. Жаз болса қымыз байлап, әне бір тепсеңде жылқышылар отырады. Ойда екі үй тау қарауылдары Тәштай мен мақау Дәулетжан тұрады. Екеуі ағайынды. Дәулетжан қыста Тәштай жаныңда болады да, жаз бен күзде сауыншылар жанына келіп қонады. Қос ауыз мылтығын асынып алып, күндіз тау аралап кетеді де, кешке қарай құстың алуан түрін қанжығасына байлап қайтады. Жасы қырықтар шамасында. Әскер киіміне әуес-ақ. Қысы- жазы киетіні көнетоз гимнастерка мен галифе ғана. Ыржияды да жүреді. Қысық көздерін қиғаш біткен ұзын қастары қисық көрсетіп тұрады. Күлкісі бала сияқты, болмашы нәрсеге мәз болып жүргені. Бір күлсе ақтарыла, ішіндегісі таусылғанша күледі. Әбден қалжыңбас. «Ба, ба» деп жүріп-ақ ойындағысының бәрін жеткізеді. Алғаш тосырқап жүрген сауыншылар кейін үйренісіп алған соң балаша ойнайтын болған мұнымен. Кешке қарай қорқамыз, бізді жақсылап күзет дегенді түсіндіреді сауыншылар. Дәулетжан мылтығын аспанға шошаң еткізіп, пуһ, пуһ дейді де, қолының қырын пышақтың жүзі етіп кеңірдегіне таяп қойып, тұспалдап орып өтеді. Онысы сендерге тигенді пышақпен осылай бауыздаймын дегені. Өзі ешкімді алдамайды. Айтса айтқанын орындайды. Біреу алдап кетсе, оның қыр соңынан қалмайды. Кездескен жерде аттан аударып ап, «ба, ба балалап», екі тізесінің астына алып, езгілеп жатқаны. Сондықтан мұның сырын білетіндер оның адамгершілігіне сүйсініп, мақау деп жат санамайды. Алдамайды да. Жұрттың көбі мұны «ұр да жық» адам деп түсінеді. Маңына жолай бермейді. Қарасы көрінсе, айналып кетеді. «Кереңнің қолына түспе, мақаудың астына түспе» деген дейді. Мұның да өзгелер секілді намысы, ар- ұяты, кісілігі барына назар да салмайды. Кембағал деп ұғады. Дәулетжанның кей кездерде жас келіншектерге латын әрпімен шимайлап, хат жазып әкелетіні де бар. Онысын ойнаған болып тұрады да, қалталарына сүңгітіп жібереді. Хатының соңына мұны әйеліме көрсетпеңдер деп жазып қояды. Осы осал жерін аңғарған кейбір қуакештер: «Хатты әйеліңе алып барып беремін» деп, үйіне қарай жүрген болады… Мұндайда Дәулетжан ол келіншектің аяғына келіп жығылады. Айтпа деп азар да безер болады. Сегіз саусағын шошайтып алып, алдын кес-кестеумен болады.
Онысы «Сегіз балам бар, әйелім кетіп қалса қайтып асыраймын» дегені. Келіншектер мұны қалжың етсе, ол шын көреді. Бір жолы Қарашаштың сыр бермей, жарым жолға дейін барып, мұның үрейін ұшырғаны бар. Ал Дәулетжан оны қайтара алмай, ақыры өгіздей өкіріп жыласын кеп. Қарашаш мырс етіп күліп жіберген. Жолда келе жатып Қарашашқа мың да бір рахметін айтқан. Ертеңіне күліп, тағы бір хат әкеліп берген. Онда: «Сенің туған ағаңдай болайын. Әскерден жолдасың келгенше қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, өз келінімдей көрейін, өкіл келінім бол» – депті. Бұл жайды әйеліне де айтыпты. Сауыншылардың барлығын үйіне бір күн қонақ етіп, өкіл келініне той жасап тарасқан-ды. Сауыншылар бұл маңда Дәулетжан жүргенде ештеңеден елегізбейді. Тау ішінде қауып-қатердің мол екенін біле тұра үйге қайтайық дейтін бірі жоқ. Бәрі де Дәулетжанды абай тұтады. Қасқырша арсылдаған Дәулетжанның төрт төбеті адам тұрмақ қоңыз жорғалатпайды бұл маңнан. Әбден үйреніп кеткендіктен сауыншыларға тиіспейді. Бөтен біреуі келсе, жұтып қоя жаздайды. Төбеттер күндіз байланады да, түнде бос жүреді.
Мардан бұл жерге бесінге таман жетті. Есепші бала Тәліп бүгінгі сауылған сүттерді артып, орталыққа жүргелі жатқан.
– Тоқта, бала! – деді Мардан, атын мама ағашқа байлап жатып. Тәліп аңтарылып тұрып қалды. – Үйлердің бәрін тінтіп шық! Бір тамшы сүт қалдырдың екен, менен жақсылық көрмейсің. Ұқтың ба? – Үрейі ұшқан бала құрақ ұшып жүгіріп кетті.
* * *
Әкесі мен ағасы армия қатарына бірдей шақыртылып, үйдегі шиеттей бала-шағаны асырау тауқыметі он үштегі қаршадай бала осы Тәліптің мойнына түскен. Ауылдағы жетіжылдықты бітіріп, әрі қарай оқуға мүмкіндігі болмады, анасы бір күн сау жүрсе, он күн ауырып жатады. Өзге балаларға ұқсап тілі мен жағына таянған бұл емес. Өзінен үлкеннің айтқаны – ол үшін бұлжымас заң. Әкесі үлкеннің сөзін екі етпеу керек екендігін айтып отыратын. Марданның әлгі сөзінен соң-ақ екі көзі үкінің көзіндей аларып, алақ-жұлақ етіп, сауыншылар ас ішетін бөлмеге қойып кетті. Дір-дір етіп сауыншыларға Марданның сөзін әзер жеткізді.
– Шайға қатық еткелі алып қалған жарты шелек сүттен басқа ештеңе жоқ. Солай де ана Марданға! – Бұл Қарашаш даусы. Киіз үй есігін түріп қойып, Тәліпке айтқан болып әдейі Марданға естірте айтты.
Тәліп: – Мардымды ештеңе жоқ екен – деді Марданға.
– Айтқанды орында, бала! Болмаса бұл күнің өзіңе көп болады, – деп Мардан тістеніп тұр. Тәліп үйге қарай әзер басып барады. Барды да, босағаға сүйеніп тұрды.
– Әй, бол деймін! Әйтпесе сүтпен бірге ұшықталасың – Шартақ-шартақ басып үйге Марданның өзі жақындады.
– Көп көргенің осы болса, мә, ұшықталғаныңа керек болар! – Қарашаш сүтті шелек-пелегімен далаға қарай лақтырып жіберді. Онысы есікке енді кіре берген Марданның басына барып қапталды да қалды. Біреу әдейі кигізгендей-ақ. Ерте замандағы батырлар киетін дулығы болды да қалды. Сауыншылар мырс-мырс күледі.
– Салдырлақ шешей! – деді Қарашаш етжеңді келген елуді алқымдап қалған сары кемпірге бұрылып (бұл кісі аспазшы болатын). Оқтауыңызды беріңіз ана қайныңызға, найза етсін! Қалған порымы келіп-ақ тұр.
Өздерін әзер ұстап тұрған сауыншылар ду күлді.
– Бәлем, саған сол керек! – деп өзге сауыншылар да сыбыр-сыбыр етіседі. Ашу қысқан Мардан басқа кептелген шелекті ала алмай, бұларды сыбап боқтап жүр. Төрт өрім қамшысын беталды шолтаң-шолтаң сілтейді. Тәліптің көмегімен басын әзер дегенде босатып алды. Қойны — қонышынан құйылған сүт балағынан сорғал ап ағып жатыр. Бет-аузы да талқан жеген баланың бетіндей сатал-сатал. Қарашаш жаздағы уақиғадан соң іштей қатты өшігіп жүретін. Реті келіп тұрғанда жұрт алдында сол өшін алды. Айызы бір қанды.
Үсті-басын қамшысының сабымен сілкілеп алды да, Мардан үйге кіріп келіп, бас салып көзіне көрінгенін сабап ала жөнелді. Қатындар қашып далаға шықты. Қарашашты қуалап жүріп сабады. Денесін көгала қойдай етті. Өзге әйелдер бата алмай, Салдырлақ шешей оқтауын ала салып, Марданың қақ маңдайынан періп жіберді.
– Ал қане, тиіп көрші осы қатындардың біріне, қолыңда өлейін, қараң қалғыр. От басы, ошақ қасындағыларға жаман қоразша қыт-қыттамай, күшің тасып бара жатса бар, ана пәшиспен соғыс. Аяғың ақсақ, көзің соқыр емес. Сендей ер азаматтар қар кешіп, мұз жастанып, майданда жүр алысып. Сен шірікке жол болсын! «Ат аунаған жерде түк қалады, май шайқаған бармағын жалайды!» – Жарты шелек сүтті шай-пайға, көже қатықтыққа алып қалғанымыз рас. Не істейсің, кәне?
– Салдырлақ шешей-ау, қойыңыз енді, бір бәлесіне қалармыз. Бәрімізді қуып жіберсе, қалай асыраймыз бала-шағаны? – деп, бір келіншек жеңінен тартқылап қойды.
– Қоймаймын әдіре қалғырды, мұндай шолақ белсендінің талайын көргенмін. Ілгеріде ел колхозға жаңа ұйысып жатқанда осындай бір жалған белсендімен белдескенім бар. Ол кезде тігіншілікпен алғаш көзге түсіп жүргенмін. Әкіреңдеп біреу келді. Салған жерден:
– Әй, қатын – деді.
– Иә, еркек, тыңдап тұрмын сені – дедім мен де қисық кетіп.
– Алпыс үйлі жанға жететін көрпе тігесін… Тамағы осынша жанға жететін қазан жасайсын- деп, Шойынбайға тапсырып кеттім.
– Оны қайтесіз?
– Тілің тақылдағанымен саясаттан қабарың жоқ қатын екенсің. Коммунизм құрамыз деп шулап жатқан жоқ па мына қалың жұрт. Ол кезде барлық жұрт бір қазаннан ас ішіп, бір-ақ көрпе жамылатын болады.Әне, соны коммунизм дейді – деп әкірең-әкірең етеді. Әңгімесі көкейге қонатын нәрсе емес. Астындағы аты да жаңа үйретілген асау екен, қолымдағы сабаумен қақ маңдайдан беріп жібердім. Құланның қашуына мылтықтың басуы дәл келіп, асау дөнен ала кеп қашсын. Байқұс қолтоқпақтай ғана біреу екен, тізгінге де әлі келмеді. Ауыл сыртындағы қара судан аты қарғып өте бергенде белсендіміз жерге жалп ете түсті. Құдай сақтағанда суға құламапты. Ар жағынан ауданнан шыққан өкілдер кезігіп қап, міңгестіріп, ауылға алып келді. Жамбасынан баса алмай шойнаң-шойнаң етеді. Өкілдер қызыл отауға келіп түсті. Халықты жинап, жаңа өмірдің мән-мақсатын түсіндірді. Сұрақтар жан-жақтан қарша борады. Мен әлгі белсендінің әрекетін айтып: «Осы дұрыс па?» – деп едім, жұрт қыраң күлкіге батты да қалды. Әй, Мардан, сенің де содан артық жерің жоқ – деп, салдырлақ шешей оқтауын білбеуіне қыстырап ап, Қарашаштың жанына келді. Қарашаш белін көтере алмайды. Арқасы білеудей боп ісіп кеткен. Екі-үш сауыншы үйге әрең сүйеп кіргізді.
– Көресіні көрсетермін әлі бәріңе! – деп кіжініп, қалпағын баса киіп, Мардан бел астындағы қойшылар ауылына жүріп кетті. Сүт әкетіп бара жатқан Тәліпке сауыншылар: «Дәрігерді ала кел!» – деп тапсырды. Көзі шарасынан шығып қорыққан Тәліп артына жалтақ-жалтақ қарап, арбасын салдыр-гүлдір айдай жөнелді.
* * *
Сәскеге жақын колхоз орталығына жеңіл машинамен бір топ адам сау ете түсті. Бастап келген Федор Дмитриевичтің өзі екен. Нұралымен хал-жай сұрасып болған соң, келген себептерін түсіндірді. Марданның арызы бойынша келіпті. Күлайшаның босанатын мезгілі жақындап, үйде отырған-ды. Шарушылықты Нұралы басқарып жүрген. Нұралы кісілердің келгенін қабарлап, ас дайындауға Күлайшаға хабар жіберді. Қажет болса Күлайшаны да шақыртайын деп еді, хал-жағдайын естіп, Федор Дмитриевич мазаламайық дегенді айтты. Арыз төңірегіндегі әңгімелер түгел тексерілді. Бір де бірі анықталған жоқ. Куәға тартқандардың барлығы Марданның өзін қаралап шықты. Арыз қолға тиісімен Федор Дмитриевичтің өзі келген. Онсыз да Нұралыға тісін қайрап жүрген Балқы жоқтан өзгені сылтау етіп жүруі мүмкін деп, өзгелерге сенбеді. Ол жайды Марданның конверттің сыртына «Балқы Ешкібаевтың өз қолына тапсырылсын» деген жазуынан-ақ байқаған-ды. Мардан Балқының Шымкенттке төрт-бес күндік жиналысқа кеткенінен бейхабар-тын. Федор Дмитриевич Күлашпен сөйлесіп отырғанда асыға-аптыға үстеріне Тәліп келіп кірді. Қапелімде аузына сөз түспей: «Ұрды, соқты» – деп ентігіп тұр. Жұрт аң-таң.
– Кімді? – деп Нұралы баланың жанына жетіп барды.
– Қарашаш жеңешемді.
– Кім?
– Мар… дан… Бала аз кем демін алып болған соң болған жайды айтып берді.
– Мұны не деуге болады, Нұралы Досболович? Сұмдық қой бұл! Қане, тез Марданды осында алдырыңыз. Әділетшіл батырмен өзім сөйлесейін! – Нұралы Марданды шақыртып кісі жіберді. Тәліптің жанына Степан Павлович Зотовты қосып беріп, жедел жәрдем беруге тауға аттандырды. Федор Дмитриевич бұларға өз машинасын берді. Бұлар тау етегіндегі бұлақ басына келгенде жағада бүрісіп, ішін ұстап отырған әйелді көрді, әрі қарай машина жүре алмайды.
Степан Павлович Тәліпке:
– Сен тез барып науқасқа мына дәрі-дәрмектерді бер! – деп, қолдану тәртібін айтып, баланы тауға жүгіртіп жіберді де, өзі әлгі әйел жанында қалды. Үсті басы алба-жұлба. Жынданған біреу шығар деп ойлады, жоқ, реңінен ондай нышан байқалмайды. Ауру меңдегені байқалып-ақ тұр. Әйел қиналып, қара терге түскен, өзі екіқабат.
Әйел жалынышты үнмен:
– Ауруханаға жеткізіп тастаңызшы – деді.
– Шырағым, мен дәрігермін. Ол менің парызым – деді де, шоферді шақырып алып, екеулеп машинаға отырғызды да, аудан орталығына төтесінен тартып кетті. Ол жаққа баратын жол екеу. Біреуі Пістеліні басып өтеді. Мұнысы төтелеу, бірақ қиясы мен өрі молдау. Екінші жол Балықшыны айналып өтеді. Бұл екі есе ұзақ жол. Бірақ жолы жақсы. Қай колхоздан екенін Зотов бір-екі рет сұрап еді, ол естімеді ме, жоқ қиналғандықтан ба, жауап бермеді. Ауруханаға жеткенше үн-түнсіз келді. Бетін де көлегейлей береді. Жүзін де анық тани алмай қалды. Дәрігерлер үш-төрт сағаттан соң босанады десті. Степан Павлович дәрігерлерден келіншекке жақсы қарауын қайта-қайта өтініп, жүріп кетті. Бұл – Айнаш еді.
Бұлар бұлақ басына қайта келгенде сауыншылар Қарашашты осында жеткізіп қойған екен. Араларында Дәулетжан да жүр. Бабалап сегіз өрім қамшысымен жерді салып қалады. Тісін қышырлатып, кіжініп қояды, жұдырығын көрсетеді. Онысы Марданды көрсем соғар едім дегені. Мардан тауға келген күні Дәулетжан тау асып кетіп, Жуалыдағы қарындасының үйіне кеткен-ді. Ол жақтан кештетіп оралған. Қарашаш жайын келгенде бір-ақ естіді. Марданды қойлы ауылға кетті деп есітіп, түнде сонда барып қайтты. Таба алмай келді.
– Ауданнан келген өкілдерге бәрін айт! Бірін де жасырып қалма! Әттең, мұнда жұмысым қалады, әйтпесе өзім барғанда ғой… – деп, Салдырлақ шешей күйіп-пісіп жүр. Қарашаш басын изеді. Машина жүріп кетті.
Істің бәрі аян болды. Марданның талай істерінің беті ашылды. Федор Дмитриевичтің егжей-тегжейлі тексеруінің нәтижесі осыны көрсетті. Ауыл Советтің председателіне Марданның артық малдарын хаттатты.
Кеңседен бұлар кеш шықты. Шаршап шықты. Нұралының үйіне келіп, біраз бел шешіп, тыныстап алысты. Күлайша мазасы болмай отырса да, енесі Күнзилаға болысып, дастархан жасасты. Іші бүріп ауырып барады. Енесіне айтуға ыңғайсызданып, Нұралыға кеп сыбырлады. Тамақ желініп болған соң өкілдердің машинасымен Нұралы Күлайшаны аудан орталығындағы перзентханаға алып кетті. Федор Дмитриевичтің өзі бірге барып, Күлайшаны бас дәрігерге қайта-қайта табыстап, жүріп кетті.

* * *
Жаныңда екі милиционері бар аудандық ішкі істер бөлемінің бастығы Қапаров келді. Жағпар үйіне тінту жүргізді. Үйден бірнеше қап астық, ұн, қырық-елу метр таза мата, ондаған пар кебіс-мәсі, су жаңа комбайн брезентін тапты. «Тауыққатын» байбайлам салып жүр. Екі бетін алып-салып қанжоса етті. «Басыныңдар! Қатын басқарған ел қараң қалмай қайтушы еді. Мә, бала-шағамды да ала кетіңдер. Өртеп кет үйімді. Өзім пышақ сап өлемін» – деп жұлынады.
– Бәйбіше, – деді Қапаров, – бүгінде біреудің арқасында біреу күн көрсін деген заң жоқ. Адал еңбек етіп табу керек малды. Өзіңіз жұмыс істемейсіз ғой, істемейсіз. Шалыңыз істемейді ғой, істемейді. Ал мына қыруар дүние қайдан жиналды? Шиеттей бала-шағаңыздың бәрі жалаңаш жүр. Сіздер болсаңыздар ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүріп дүние тауып, оны тығып тастайсыздар. Жұрт майданға езуіндегісін жырып беріп отырғанда, сіздер не істеп отырсыздар?!
– Аштан өл демекпісің сонда!
– Елмен бірге көру керек.
– Ел, ел дейсің. Осы жасап отырған іс – сол елдің ылаңы емес пе? Еліңнен опа көрген жайым жоқ. Көре алмайды түге! Дүниені ешкімнен зорлап тартып алғанымыз жоқ. Алды дегендер болса, айтсын көзіме. Адамнан ар кетсе құдай бар көретін. Құдай есебін табар.
– Комбайнның брезенті қайдан жүр мұнда?
– Айдалада иесіз жатқанды кім алмайды. Онда тұрған не бар? Енді қайдан алдың деп, дамбалымның бауын да сұрарсыңдар.
– Ұрлық болса, оны да сұраймыз.
– Әне, құдайсыз дедім ғой бұларды. Бұлардан бәрі де шығады.
– Жағпар қайда?
– Тау аржағындағы жекжаттарға кеткен. Кайтейін деп едіңдер? Еш болмаса көрге тыныш түссін де. Төрінен көрі жақын шалда әкелеріңнің не көз құны қалды?
– О дүниеге адал кетсін. Ақыретте әркім мойныңда пәленім бар деп атой сап жүрсе, молда кісіге ұят болар дегеніміз де.
– Жандарың ашыса ана дүниелерімізді қайтарыңдар.
– Адал дүние болса қайтарар ек…
– Маңдайына арам деп жазылып па? Құдай бар болса дәл біздей боп бала-шағаң шулап қалсын. Қызығын көрме!… – «Тауыққатын» – Битан жер тепкілеп қалды.
* * *
Айнашты дәрігердің тәжірибелілігі ғана аман алып қалды. Зорға босанды. Көзінің алды суалған. Реңі боп-боз. Әлсіз. Қан көп кеткен. Дәрігерлер қан құйды. Есін енді-енді жия бастады. Шырылдаған жас сәбиінің даусы құлағына біртүрлі жат естіледі. Еміренбегендіктен де болар, бір-екі күнге дейін емшегінен сүт шықпай жүрді. «Жас сәбидің не жазығы бар? Тағдырға кінәлі осы ма?» Осылай деп түйді Айнаш. Палатадағылардың бәрі сыртқа шығып кеткенде, оңашада, нәрестенің жүзіне тіктеп қарап алды. Аумаған Алмасы. Мұрны сәл қоңқақтау секілді. Тәукеге жолатқысы келмейді. Нағашыларына тартқан деп жорыды. Өзгелердің артынан сәлем-сауқаттар келіп жатады. Оған Айнашты да ортақ етеді. Мұның артынан келген ешкім жоқ. Кей күндері көрпесін бүркеніп алып, кешке дейін солқылдап жылаумен болады. Жанындағыларға тіс жарып сыр тартқан емес. Мән-жайын сұрағандарға алыс жақтан келген жолаушы едім дей салды. Сыртқа да шықпайды. Таныс біреу кездесіп қала ма деп именшектенді.
Адам жүрегінің кілтін табу – дәрігер парызы. Онсыз ешбір ем шипалы бола алмайды. Бұл әйелде тән жарасынан гөрі жан жарасының басым екендігіне көзі жеткен дәрігер Айнашпен оңаша сөйлесуге бел байлады да, медбикеге: «Досболованы ертіп келіңіз!» – деді.
Алғаш тартыншақтап отырды да, дәрігердің ақылды парасаттылығын, қамқоршы екендігін танып, бар сырын ашып салды. Дәрігер сенер-сенбесін білмей, ертегі тыңдағандай болып, үнсіз отырып қалды. Таяқ тастам жерде осындай сұмдық болды дегенге иланғысы жоқ. Дәрігер ұғымында адамдар бір-біріне тек жақсылық қана істеуі тиіс. Сенбеске амал жоқ. Тірі куә жанында отыр. Айнаш келген мезетте-ақ, Тәукелер жайын айтпақ боп, бірақ ретін таба алмаған. Орайы келіп тұрғанда ештеңесін жасырып қалған жоқ. Дөрекілеу болса да дәрігерге Тасүңгірдің жобасын сызып берді.
– Тез тиісті орындарға хабарларсыз. Менің қашып кеткенімді біліп, орын ауыстыруы мүмкін. Жалғыз ғана өтінерім: мен туралы бір пендеге тіс жармаңыз! – Дәрігер көнді. Арқасы ауыр жүктен жеңілдегендей болды.

* * *
Қапаров сол күні он адамнан құрылған отрядты түнделетіп Тасүңгірге аттандырды. Жолдан Дәулетжанды қосып алды. Тау жолын білетін бұл өңірде жан жоқ. Дәулетжанға бар жайды отряд бастығы ымдап түсіндірген болды. «Марданды да ұстаймыз ба?» дегенді Дәулетжан да түсіндірді. Отряд бастығы: «Иә, оны да» – деді. Дәулетжан ең үлкен төбетін шешіп алды да, қосауызын иығына асынып, «Менің артымнан еріңдер» деген ишара білдірді. Тасүңгірге апарар жолды білетіндігін айтты. Қағазға шимайлап сызып, оған барар екі жолды сызып көрсетті. Отряд көп кеңесті. Дәулетжаннан ұққаны: бір жол аңғардың бойымен шығады екен де, екіншісі Қанайды асып, ұзақ айналыс жасайды екен. Дәулетжан бірінші жолдың үлгісін сызып тастады да, екіншіні нұсқап, басбармағын шошайтты.
– Жақын жол тұрғанда алысты қайтеміз – деді біреулері.
– Алысты сілтеуінде бір мән бар. Себебін сұралық, – десті екіншілері. Отряд бастығы Жанболат Бардин де соңғы пікірде еді. Дәулетжан ақыры отрядтың мынаған көзін жеткізді: жақын дескен жолмен Тасүңгірге бұрыла беріске дейін жүргіншілер көп. Малшылар да, тау аржағының базаршылары да өтіп жатады. Күніне Дәулетжанның өзі он барып, он келеді. Одан әрі Тасүңгірге қарай жалғыз аяқ жолдың сүрлеуі ғана кетеді. Пайымдап қарамаған адамның көзі сүрлеуге түсе де бермейді. Ол жерден қашса, бұлай қарай құламауы тиіс. Себебі екінің бірінің көзіне шалынады. Ал, арғы жол ұзақ жол. Қалтырысы мен бұлтарысы, құз-шатқалы көп. Онымен жылына аң құмар бірлі-жарымды ғана адам болмаса, ешкім де жүре бермейді. Олар солай қарай қашады. Бетпақ та алыс емес. Бері беттеуі тиіс емес. Орынды пікірге бәрі келісті. Мұндағы жолға екі жігіт қалдырылды. Өзгелері Қанайға бет алды. Бәрі де жай киінген. Аңшыларға ұқсайды. Мақсаттары – қалай да болса межелі жерге бүгін барып, бекініп алу.
Мөлшерлі жерге таң қараңғылығында жетті. Жігіттер әбден қажыған. Ұйқы меңдеп, жиі есінейді. Екіге бөлініп жайғасты да, Дәулетжанды Тасүңгірге жіберді. Барлау жасап қайтады. Одан сезіктенбеуі тиіс, өйткені ол өз жайымен тау қараған болып жүреді.
Дәулетжан Тасүңгірге қарай аяңдап келеді. Ирелеңдеген жалғыз аяқ тау жолы ұзап барады. Отызыншы жылдың аяқ жағында болған ашаршылықта жол білетіндерге ілесіп, алғы теруге осында бір-екі рет келген. Алғаш келгендер алғыға қарық болып қайтқан. Кейінгі жылдары бұл жаққа келген адам тірі қайтпаған соң қанды жер аталып, одан кейін аяқ басқан адам болған емес.
Ел арасында қаншама аңыздар тарамады. Біреулер адам жегіш қорқау қасқырлар мекен етеді екен десе, екіншілері жалғыз көзді дәу бар екен, барған адамды кәуәк қылып, отқа пісіріп жейді екен деген лақаптар Қаратау өңіріндегілер арасында гу-гу жүріп жатты. Бұл әңгіменің бәрінен Дәулетжан бейхабар. Ел арасындағы әңгіменің бәрін кім тәптіштеп түсіндіріп жатсын бұған. Өзінің де қаңқу сөздермен жұмысы жоқ. Біреудің ала жібін аттамайды. Қаратаудың әрбір бұтасы мен тасын, жан-жануарын қорғап, өмірін өткізіп келеді. Дәулетжан үшін туған жерінің тасы да ыстық. Оң жақтан сыбдыр естілді. Иті қос құлағын тіге қалды. Бір арқар жыра ішінен осқырынып шыға келді де, аяқтарын дік-дік басып, биік шыңға орғи жөнелді. Дәулетжан қызыға қарап тұрды. Жол кең аңғарға алып келді. Ойда күркіреп Кіші Көкбұлақ өзені ағып жатыр. Аңғар іші гүрілмен жаңғырығуда. Жарқабақтағы аузы апандай тас үңгірлер адамды жұтып қоятындай қорқынышты, үрей тудырады. Әнебіреуінің аузына алаша ұсталыпты. «Қашқындар мекені осы» – деп ойлады ол. Сезік тудырмайын деді де, жөтеліп қойды. Алдындағы үлкен қара тастың үстіне біраз жамбастап жатты. Шылым шекті. Қыбыр еткен бір жан жоқ. Шыдамы тауысылған соң алашаның бір шетінен сығалады. Жер төсекте екі адам жатыр.
Үңіліп қарап, Жағпарды таныды. Қысыргүлді еміс-еміс шырамытады. Өздері тұрғанша оятпайын деді де, мылтығын қабырғаға сүйеп, босағаның оң жағындағы тері тулақтың үстіне қисая кетті. Алдымен Жағпар оянды. Сүйеулі тұрған қосауыз мылтықты көріп шошып кетті. Үні шықпай, жанындағы Қысыргүлді аяғының ұшымен түрткілей берді. Анау «а-а-а» – деп есіней керіліп, оң жағына аунап түсті. Жағпар қаттырақ түртті.
– И, осыңыз-ай! – деп, қобыраған шашын тыр-тыр қасып, орнынан тұра беріп, мылтықты көріп шыңғырып жіберді. Дәулетжан әдеттегіше ыржия күліп, Жағпардың қолын алды. Алғаш танымай, үңіле қарады да:
– Уай, Дәулетжанбысың? – деді.
– Әлгі мақау ма? Ол қайдан жүр мұнда? Қысыргүл мылтыққа қарағыштай берді.
– Иә, дәл соның өзі.
– Елден талшық таппай аң аулап жүрген де байқұс. Қысыргүл даусы енді байсалды шықты. Жағпар да сабасына енді түсті. «Жау боп келсе, қосауыз бұлай жатпас еді» – деді ішінен. Дәулетжан аң аулауға шыққанын түсіндірді. Кеңірдегін сұқ қолымен шертіп қойды.
– Бейшараға шиеттей бала-шағаны асырау оңай ма, мұнысы күн көрістің далбасасы да. Біз де сол қу тамақ үшін жүр емеспіз бе тау кезіп, тас кешіп – деп, Қысыргүл мүсіркеп жатыр оны. Дәулетжан әңгімелесіп біраз отырды. «Тәуке қайда, менімен бірге сонау тауға жүрсін, онда аң көп» дегенді ұқтырып, көкпен таласқан тау шоқыларын нұсқады.
– Өзіміз де асыға тосып отырмыз. Бүгін келіп қалатын күні – дегенді айтып, Қысыргүл Дәулетжанның өзі келген жақты қолымен мезгеді. Дәулетжан түсіндім дегендей бас изеді. Ол шайға қарамай жүріп кетті.
– Қап, бізді көргеніңді ешкімге айтпа демегеніміз-ай! Ана әйел елге барып па, соны да сұрау керек еді – деді Жағпар.
– Сол шіріктің сөзін кім тыңдаушы еді, қашқын сайқалдың өзі бүлдірмесе. Қырсыққанда Тәукенің де келмегенін қарашы, ертерек басқа жаққа қоныс аударатын. Әй, бірақ ол сайқал елге қайдан жетсін! Жалақтаған аш қасқырлар тірі жіберген жоқ шығар оны. Аяғы ауыр адам тау тастың арасымен жете алушы ма еді? Қарға-құзғынға жем болып қалды да бір жерде.
Дәулетжан отрядтағыларға көргені мен естігенін түсіндіріп бақты. Тәукенің осы жолмен бүгін келетіндігін айтты.
Бұлар бесіндіге дейін тосты. Тірі жан байқалмайды. Түнімен ұйқы көрмеген жігіттерге отряд бастығы тасада жатып кезек-кезек мызғып алуға рұқсат етті. Дәулетжан оның өзіне де ұйықтап ал деп ымдады.
– Сенімен әңгімелесуге біреу керек қой – деді ол.
Дәулетжан күлді. Шынболаттың арқасынан қағып қойды. Бұл риза болғандығы еді. Екеуі ымдасып көп әнгімелесті. Жігіттер де ұйқысынан оянды. Тыңайып қалыпты. Қашқындарды қалай ұстау керектігі тағы ортаға салынды. Алғашқы ұйғарымдары: тұс-тұстан шыға кеп, қоршап алу болатын. Дәулетжан бұған қарсы болды. «Бұлай еткенде жігіттерден шығын болуы мүмкін. Қайткенде де шығынсыз, оқ аттырмай ұстауымыз керек» – деді.
– Сонда қалай? – деп, Шынболат өз ұсынысын сұрады. Дәулетжанның ұқтырғаны: Қарсы бетте, тура жол жиегінде, бұтағы мол қатар өскен екі арша бар. Тәукелер келер жақ бетінен бұтағы қою. Аршалар аралығы жеті-сегіз-ақ қадам. Әрқайсысына екі-екіден жігіттер шығып отыру керек те, өтіп бара жатқанда дәл төбесінен бас салу керек. «Қатар кетіп бара жатса ше?» – дегендерге:
– Олай жүре алмайды, себебі жол тар – деді. Бұл әдіс отрядтағылардың бәрінің көкейіне қона кетті. Соңғы шешім осы болды. Әркімге тиісті міндет қайта бөлінді. Бөлінген жігіттер арша басына шықты. Бұтақтары да отыруға ыңғайлы екен. Өзгелер тасаға барып бекінді.
Сағат тілі сыртылдап, ұзап барады. Айналада қыбыр еткен жан жоқ. Жігіттер де жалыға бастады. Бір кезде Дәулетжан Шынболатты түртіп қалды. Қолымен күн батысты нұсқайды. Шынболат ештеңе көре алмады. Дүрбімен қарап еді, екі атты келеді екен. Жігіттерге тез хабар берілді. Аттылар жақындап келеді. Әне, түр-түстері де анық көрінді. Алдында Тәуке келеді. Бет-аузының бәрін сақал-мұрт басып кеткен. Түрінен адам шошырлық. Жадағай сырма шекпенінің екі етегін жел кеулеп делегейлендіріп, жалп-жалп еткізеді. Артта түйедей торы бестінің үстінде жарбиып, қолтоқпақтай ғана болып Түлен келеді. Екеуі де үнсіз, түнерулі. Астарында тең-тең бумалары бар. Қас қылғанда аттар құйрық түйістіріп келеді. Жоспардың бұзылатын түрі бар. Дәулетжан мен Шынболат қатты састы. Атуға болмайды, тірідей қолға түсіру керек. Тапсырма солай.
Тәукенің астындағы ала аяқ қасқасы екі құлағын тік шыншып, жер тапып пысқырынып қойды. Торы да құлағын тікірейтіп, қайшылап келеді. Әсіресе,
Дәулетжан қатты мазасызданды. Іс бұлай насырға шабады деп ойлаған жоқ-ты. Ернін қайта-қайта тістелей береді. Ширатылған мұртының ұшын тісімен қиып бітті. Аршаға қырық-елу метрдей қалғанда Түлен атының басын тежеп, шылым тұтатты. Тәуке оншақты қадымдай озып кетті. Отрядтағылардың жүрегі жай тапты. Іс оңға басатын болды. Тәуке алғашқы аршадан өтіп те кетті. Ол екінші аршаның түбіне жуықтай бергенде, Түлен біріншінің жанына келді. Жігіттер бір мезетте бас салды. Түйенің қомынша артылған бумалардың көп септігі тиді. Бұлар ат үстінде алысып жатқанда, өзгелер де келіп жетті. Тәукелер аршынды әрекет жасай алмады. Қындағы қанжарға да қол салуға мүмкіндік бермеді. Қолдары арттарына байланды.
Тасүңгірдегі Жағпар мен Қысыргүлді Дәулетжан барып айдап келді.

* * *
Күлайшаның аман-есен босанғанын Федор Дмитриевич Нұралыға таңертеңгісін телефонмен хабарлады. Нұралы Күнзилаға келіп қуантты.
– Иә, құдая тоба, мана құмалақ ашқанымда пайғамбардың ашпас палы түсіп еді – деп, ол кісінің қуаныштан жүрегі жарылып кете жаздады. Абысын-ажындарын шақырып алып, бір шәугім шай да беріп үлгерді. «Шашудың үлкені Күлайша келген соң болады» – деді.
Нұралы Күлайшаға ертелеп бармақ болып еді, шаруашылықтың біресе анасымен, біресе мынасымен жүріп, түс аудырып алды. Тәукелердің ұсталған хабары ел ішінде дүңк-дүңк етеді. Ол хабардың да жай-жапсарымен танысып үлгере алмады. Басқарма мен партбюро мүшесі Жақайды шақырып алды да:
– Шаруашылықтың басы-қасында болыңыз – деп, Күлайшаға жүріп кетті. Нәрестесін көруге асығып келеді. Жолай магазиндерге соғып, күтуші медбикелеріне азын-аулақ сыйлықтар алды.
Бір парақ қағаздың екі бетін толтырып хат жазды да, сыртына Досболоваға деп, медсестрадан беріп жіберді. Нұралы хатында Тәукелердің ұсталғанын, Жағпардың да солардың тобында екендігін айтқан. Соңында Алмаштың кешегі бір қылығын толық баяндады: «Үйге жұмыстан кештетіп бардым. Алмаш сабақ дайындайтын бөлмесінде отыр екен. Айнаштың, сенің суреттеріңді алдына қатар қойып алыпты. Менің кіргенімді байқаған жоқ. Суреттерден көз алмай, кезек-кезек сүйеді. Бір кезде екеуін қабаттастырды да жүрегінің тұсына апарып
қысып-қысып қойды. Сірә, Айнаштың суретін Алмаш кроватының жанына іліп қойған жөн ғой деймін. Марқұм қысқа өмірінде не қызық көрді. Еш болмаса жансыз бейнесі Алмашының әрекетін оқшау тұрып қызықтасын. Көп сурет арасында тұрғаны жараспас. Айнашым-Күлайшам деп қос атауды мәңгі көз жұмғанша тастамаспын аузымнан. Кейде екеуіңнің бейнеңді қатар қойып, суретке қайта түсіртіп алсам деген ой келеді. Ол жағын өзің шыққан соң ақылдасармыз. Сені әзір тұрғызбайтын көрінеді. Шығатын күніңді нақты жазып жіберерсің. Не әкелуім керек? Сәбиді күткен медбикелерге не жоралғы жасаймын? Әзірге көрімдігі деп мына бір заттарды беріп жібердім. Бәрін айтып жаз! Сәлеммен Нұралы».
Хатты бір келіншектен беріп жіберді. Ол сыртында жазылған фамилияны оқып көрді де, Айнашқа әкеліп берді. Қолы қалтырап Айнаш хатты зорға ұстады. Аң-таң. Жүрегі дүрс-дүрс соғады. Алқымының астына келіп тығылады. Өз көзіне өзі сенбейді. Тобарсыған еріндері кемсеңдеп оқи бастады. Хат Күлайшаға арналыпты. Көзінен жас парлап қоя берді. Таныс жазу. Нұралының жазуы. Хаттың Алмаш қылығы жайлы жазылған жеріне келгенде тынысы тарылып, төсегіне құлай кетті. Буын-буыны қалш-қалш етеді. Медбике жүгіріп кеп мүсәтр спиртін иіскетті. Не болғанын білмей, аң-таң болып тұр. Айнаш есін жиді. Хаттағы жазу арқылы бар оқиғаға қанықты. Сан ойлар шырмап алды. Жанында, қол созым жерде тұрған Нұралысы қол жетпес арман секілді. «Иә, Нұралы – енді түстегі сағым ғана. Мәңгі осылай. Кешегі жарық жұлдызы жерге ағып түсті. Енді жарқырамайды ол. «Жарық жұлдызым – сенсің!» – деп, ешкім де айтпайды. Ешкім де жас балаша алдына сап тербетпейді. Ол – енді басқаның жұлдызы. Басқаның жүрегін жарық етеді. Ай астында басқаны тербетеді. Неткен қорлық бұл!» Нұралының көрмеуге бекінді. «Жан жарасы онсыз да жеткілікті. Жазыла бастағанында қайта асқындырмайын. Ең болмаса оның жүрегінің жарасы жазылсын. Бар күйікті мен-ақ тартайын. Күйген жүрек күйе берсін. Өртене берсін лапылдап». Арына дақ түскеніне, аяқ асты болғанына қорланады Айнаш.
Өзін айдалада қоқыста қалғандай сезінеді. Өткені еске түсіп, өзегі өртенгенмен, болары болып, бояуы сіңген тәңір тәлкегіне айтар қарғыс та таба алмай отыр. Бұрын «Ең болмаса адал жандар арасына барып өлсем арманым жоқ» – деуші еді. Адам арманға тойған ба? Ел ішіне, Нұралысына жақындаған сайын арманы көбейгенмен, алыстап, биіктеп барады.
Айнаш хатты оқып болды да:
– Фамилиялас басқа біреудікі екен – деп, медбикеге қайтарып берді. Жұрт түскі тамаққа кетті. Айнаш жалғыз қалды. Терезе жанына барды. Сыртта, орындықта Нұралы отыр. Айнаш жанары жасқа толып тұр. Көзі бұлдырлап барады. «Бұл сұмдықты көргенше шыққыр көзім неге соқыр болып қалмайды. Неге тоқтап қалмайды бұл жүрек?» Айнаш тағы да талықсып кетті.
Нұралы Күлайша жауабын тосып көп отырды. Хат кешігіп келді. Келер дүйсенбіге шығармын депті. Күнзила мен Алмаштың көңіліне көбірек қарауды баса айтыпты. Айнаш суреті туралы пікірге де толық қосылатынын білдіртіпті.
* * *
Мардан түнімен көз ілген жоқ. Махорка түтіні бөлмесін тұман қылып жіберді. Жұлқа-жұлқасы шыққан ескі планшетті ашып, ішінен қалың дәптер алды. Парақтап оқып отыр. Сия карандашпен айдақ-сайдақ жазылған жазуларының кейбір жері өше бастаған. Енді бір жері мүжіліп, жұлым-жұлымы шыққан. Бұл – Нұралы мен Күлайшаның әрбір басқан қадымын жіпке тізгендей етіп жазып жүретін күнделігі. Әр күні түнгі уақытының бір мезгілі осы «күнделікті» шимайлауға кетеді. Олардың істерінен ірі-ірі «қателіктер» тауып отырады. Онысын күнделіктің ерекше белгілері бөліміне баттита жазып қояды. Бір кезде Мардан колхоздастыру кезеңінің ірі белсендісі болды. Балқы әптіш деп түшкіріп қалса, «аққас» деп жанына жетіп баратындардың бірі еді. Алғашқы тәрбиесі – Балқы мектебі. Елге шықса Балқыша шіренеді. Талтаң-талтаң жүрісіне дейін дәл өзі. Аумаған. Бұты қысқа адамға онысы жараса да бермейді. Өзі бұған дән риза. Күләйша алдындағы Дәуренқұлға дейін осы колхозды басқарды. Ешкімді бет қаратқан жоқ. Әскерге шақыртып, жарамай, жолдан қайтып келді. Колхоздың есеп беру сайлау жиналысы өтетін күні оралды. Алғаш колхоз басқармалығына да дәмелі болып жүретін-ді. Ол ойын Балқыға да айтқан. Бірақ бұл әскерге шақыртылып коммиссияда жүргенінде, ел Күлайшаны сайлады. Бұл мал фермасына кетті.
Өмір жолдарына көз жүгіртіп, өткенін ойласа іші қазандай қайнайды. Бұрын биік астаудан су ішіп қалған адамның бір шетке қағажу қалғаны жүрегіне аяздай батады. Баяғыда жұрт «Мәке, Мәке» деуші еді. Енді Мардан деп атаушылар көбейіп барады. Бұл күндері сый-құрметтің бәрі лауазымда ғана қалған деп түйген. Заман алға жылжыған сайын ел басқаруға бойына жаңа қасиет жинаған, бұрынғы тәжірибесін жаңа дәстүрмен, жаңа заманның өзі тудырған қарым-қатынаспен байытқан адамның қажет екендігін түсіне білмегендігі Марданға есеп емес. Оның ұғымында тәртіпке шақырудың ең тиімді құралы-жұдырық. Ол жайды байларды кәмпіс жасағанда байқаған. Содан қанына сіңген-ді.
Бүгін сол өткен өмір жолын ой таразысына салып, көп саралады. Бақастықтан, тақастықтан тапқан пайдасы жоқ. Ел де шеттете бастады мұны. Жазған арызынан не түсті? Онысы өзіне таяқ болып тиіп отыр. «Өткендегі арызды Нұралы үстінен жазбай-ақ қойғанда ғой, бұл пәле тұтқиылдан жабыспайтын да еді? Өзіме де обал жоқ. Жатқан жыланның құйрығын басып нем бар еді. Балқыда не қауқар қалды. Жүк басының Попов жағына ауып бара жатқанын сезіп те жүрмін. Балқыны әзірге сақтап тұрған баяғы дардай атақ даңқы ғана. Ендігі жолым қайсы? Дәл осы жерге келгенде Мардан ойы тығырыққа келіп тіреледі. Ойлап-ойлап, жауап таба алмайды. Жүрер жолын бүгін таңдамаса, ертең кеш қалады. Марданның түн ұйқысын төрт бөлген жай осы еді.
Ертеңіне тірі жанға көрсетпе деп әйеліне тықтырып қойып жүретін сандықтағы бір буда қағазды алғызды.
– Сорлы-ау, мұны қайтесің? – деп, шошып қалды әйелі.
– Жата-жата сүр болды. Жарық дүниеге шықсын да. – Мардан үйден шығып кетті.
Мардан Нұралы кабинетінің алдына келіп тоқтады. Кіруге батпай, есік алдында біраз тұрып қалды. Есік тұтқасын ұстайды да, теріс айналып кетеді. Тонын қаудырлатып Жақай келеді.
– Ертелетіп арызға пәкті жинап жүрмісің, батыр! Жина, жина! Қартайғанда қарағайдай мүйіз бітеді саған. Ұнатпағаныңды қағып-соғып сүзгілегеніңе керек болады. Құдайдың дәл осы жері әбес. Сендейлерге о баста шыр етіп жерге түскенде-ақ қарағайдай мүйіз беретін жөні бар еді.
– Жақай, – деді Мардан. Жақай жалт қарады. Мардан бірдеңе айтқысы келгендей сыңай білдірді, бірақ сөз бастаудың ретін таба алмады.
– Сары пәпкіні мойынға салақтатып қайта байлапсын. Ондайда тыныш жүрмеуші-ең, тағы бір пәлеге бастағалы жүрсің ғой шамасы…
– Дұрыс айтасың, Жақай. Талай пәленің бастаушысы болып ем, енді тастаушысы болып келіп отырмын. Имандай шындығым бұл. Нұралының қолы бос болса, сөйлессем деп келіп ем. Нұралыға айтарсың… – Жақай басын шайқап, қамшысымен етігінің қонышын бір қағып қойып, ішке кіріп кетті.
Нұралы екеуі ұзақ әңгімелесті. Нұралы Марданның бұл ісін айла-шарғысы емес пе екен деді. Не де болса сөйлесіп байқамақ болды.
Марданға: «Кіріңіз!» – деді. Кірді. Амандасты. Үнсіз көп отырды. Әлден соң барып сөз бастады:
– Нұралы, қарағым, алдыңа келсе атаңның құнын кеш деген бұрынғыдан қалған сөз бар. «Қыс бұзылса күз боламын дейді, кемпір бұзылса қыз боламын» дейдінің керін кигенде тапқан опам жоқ. Қорқып айтты деме мұнымды. Қабырғаммен кеңесіп, екшеп келген қорытындым осы болды. Кезінде сүйікті кәсібім болды да, мына дәптер бетіне талай сұмдықтарды түсіргем. Аты-жөнімді көрсетпей жіберген домалақ арыздарымның көшірмесін де, міне, алдыңа қойдым. Ағымнан жарылғалы келдім. Бәріне өмір ағымына ілесе алмаған өзім кінәлімін. «Оқығанның беті жарық, оқымағанның беті көн шарық» – деп, сірә, тегін айтылмаса керек. Аз ғана біліммен шолталақтап ел басқарғанымызға мәз болып, қағанағымыз қарық, сағанағымыз сарық боп жүре беріппіз. Жаңа өмір талабын ескімен өлшеппіз. Өзен екеш өзен де жеңіл жаңқаларды қайраңға шығарып тастамай ма? Ал өмір ағыны одан да қатты. Біз сияқты қауқарсыздарға төтеп беру қиын екен. Оқимын десең, міне, жатыр шимайларым. Қажетсіз деп тапсаң көзіңше мына пешке өртейін. Малдарымды тегіс колхозға өткіземін. Жүз жиырма бас қойым,он бес бас ірі қарам бар. Дүние қоңыздық опа берген жоқ. Айтарым осы. – Нұралы қалың дәптерді парақтап біраз отырды да, Марданның өзіне қайтарып берді. Ләм-мим деген жоқ.
– Мұны қайтем, қарағым-ау?
– Үйіңізге апарып, босағаңызға іліп қоярсыз.
– Ойының ба, шының ба?
– Шыным.
– Сонда қалай, әлі сенбегенің бе?
– Жоқ, сенгендігімнен. Хан сайланып, асып-тасып бара жатқанында Аязби босағада ілуі тұрған шоқпыт киімдеріне қарап басылмаушы ма еді. – Манадан бері бір қызарып, бір бозарып не істерін білмей тұрған Марданның көзі суланып қоя берді.
– Тағы бір айтатын дегенім, – деді ол Нұралыға, – завфермалықтан босансам… Таңдауым – қара жұмыс. Кез келгеніне жіберіңдер. Аярлықпен айтып тұрғаным жоқ. Сеніңдер!
– Біз сендік. Өзгені қалай сендіресіз.
– Айтып тұрғаным да өзгені сендірудің жолы емес пе? Алдағы болатын басқарма жиналысында жұрт алдыңда мойындаймын кінәмді. Ісімді сотқа бергізе көрме, Нұралы!

* * *
Балқы облыстағы жиналыстан ауырып қайтты. Дәрігерлер қан қысымы көтерілген деп тапты. Ауырғанына қарамай «Көкбұлақ» колхозындағы болып жатқан жайлармен келе сап танысқан. Федор Дмитриевичке телефон соғып:
– Жергілікті халық психологиясын жете зерттегеніңіз жөн. Ал әрбір ауылдағы Мардан секілді өмірдің ащысы мен тұщысын бірдей тартқан ардагерлерге сенімсіздік көрсету, бопсалау партиялық этикаға жатпайды. Бұл мәселені мен жұмысқа шыққанша қозғамай қоя тұрыңдар. Асығыстық – сайтанның ісі.
– Мәселені бір кісі емес, бюро шешпей ме, Балқы Ешкібаевич?
– Жолдас Попов,бірінші хатшы мен бе, әлде сен бе?
– Талас ол жөнінде болып тұрған жоқ қой?
– М, менімен таласқыңыз келіп тұр екен ғой. – Балқы телефон трубкасында айқалаймын деп, басын ұстап отырып қалды. Екі шекесі лықылдап, желкесі тартып солқылдатып барады. Жедел жәрдем машинасы шақыртылды. Дәрігер укол айдап, дәрі-дәрмектер берді. Үлкен ауруханалардың біріне апару керектігін айтты. Үй-іші түнімен көз ілген жоқ. Балқы сандырақтап шықты. Келе сап Марданды шақыртып, кісі жіберген. Ол таңертең келемін депті. Ертеңгісін Мардан келгенде Балқы мінген жедел жәрдем машинасы ауласынан шығып кетіп бара жатты. Ол қалт тұрып қалды. Жүйткіп барады. Балқы мен Мардан арасы алыстай берді. Әне, көз ұшында бұлдырап көрінбей барады. Мардан ауыр күрсінді.

* * *
Нұралы мен Алма перзентхана жанына келіп түскенде Айнаш терезе алдында тұр еді. Өксіп-өксіп жылап жіберді. Ана екеуі қалай жүрсе, терезенің сол жағына барып телміреді. Олар терезеге қарай қалса, шегініп кетеді. Жылай-жылай көз жасы да құрғап қалды. Іші өртеніп барады. Аяғымен ыстық шоқ басып тұрғандай. Көрінсем қайтеді? Айтсам қайтеді бәрін? Жоқ, өйтсем төрт адамның жүрегіне бірдей күйік түседі. Көрінбеймін. Жұмбақ қалпыммен қалуым керек. Күйермін, күйінермін, өтермін өксіп өмірден. Басқа салса пенде не көрмейді. Тірі өлік атанған қиын екен бәрінен. Махаббат та өлген енді. Өлген адам қайта тірілмес болар. Айнаш ойлайды. Ойлайды да жылайды. Жылайды да ойлайды. Ой түбіне жете алмайды. Ойланған сайын терең шыңырауға батып бара жатқандай болады. Алдыңғы күні Жуалыдағы жиен ағасына хат жазған. Басқа паналар жері жоқ.
Құндақтаулы бала көтерген Нұралы сыртқа шықты. Алмаш жас нәрестенің бетіне қайта-қайта қарап, жайраң қағады. Қаперінде түк жоқ. Айнаш жүрегі бір сәт елжіреп кетті. Ләйім да осылай қайғы-мұңсыз жарқылдап өссін құлыным. Күлайша Алмаштың бетінен иіскеп, пальтосының ағытылып қалған түймелерін салып берді. Алма Күлайшаны құшақтап, екі бетінен алма-кезек сүйіп жатыр. Қолындағы гүлдестесін ұсынды. Үшеуі машинаға қарай беттеді. Көршілерінің бір-екі халатын сұрап алып, қабаттап киді де, Айнаш та сыртқа шықты. Олар ұзап барады. Айнаш ағаш-ағашты тасалап жүріп келеді. Солқ-солқ етеді. Үш адам қарасынан көз жазбайды. Аналар бір-біріне қарап күледі. Айнаш жылайды. Олар көңілді келеді. Айнаш жігері құм болып езіледі. Олар бірін бірі құшақтайды. Айнаш жапырағы түсіп қу медиен болған ағаштарды құшақтайды. Әне, машинаға жетулеріне үш-төрт-ақ адым қалды. Әне, екі-ақ адым… Бір-ақ адым… Жетті. Есігін ашты. Машина дүр етіп от алды. Айнаш көзін жұмып отыра кетті. Енді бір қарағанында машина көз ұшында бұлдырап бара жатты. Көрінбей кетті. Көз тандыры кепкен. Суланбайды да. Құр өксік. Жан-дүниесі әлем тапырақ. Төңірек қараңғыланып барады. Бұл несі? Аспанға қарады. Күн тұтылған екен. Айналаны кәдімгідей қараңғылық қымтап алды. Жұлдыздыр жайнап шыға келді. Әнебір ең жарығы Нұралы екеуі оңашада, керімсал далада, табиғат құшағында махаббат буымен жылынып атар таңды кірпік ілмей өткізген сәттерде дәл осылай жымың қағатын.
– Айнашым, әнебір жарық жұлдызды көремісің?
– Көремін.
– Ол – сенсің, менің жарық жұлдызым.
– Жоқ, сенсің, менің жарық жұлдызым. Нұралы екеуі осылай десетін. Әлем қараңғылана бастады. Жарық жұлдыз біраз жайнап тұрды да, бірте-бірте көмескілене берді. Күн тұтылған екен. Әне, жоқ болып кетті. Айнаш шыңғырып отыра кетті. Жылаған сәби даусы келді құлағына. Алақанымен екі құлағын тас бітеп алды. Іңгәлаған дауыс зорая түсті. Көзін шарт жұмып алды. Көз алдында жылаған сәби бейнесі. Көзін ашты-сол бейне. Басы айналып кетті. Бар әлем қоса айналады. Сол дауыс. Сол бейне. «Уһ, жасаған, не жазып ем?… Жазығым не? Өртенді ғой жүрегім, өртенді ғой…Өртсіз неге өмір сүре алмаймыз, адамзат! Анамын – мен. Ана атынан қарғыс айтам қу соғыс! Жетіммін-мен. Жетімдердің атынан нәлет айтам, қу соғыс! Боздақ қалған сәбимін – мен. Шырылдаған жас сәбидің атынан үкім айтам, қу соғыс! Жұбайынан айрылып, аңыраған арулардың атынан зарлау айтам, қу соғыс! Жауыздыққа ауыздық салу өз қолында емес пе, адамзат! Неге тыныш өмір сүре алмаймыз! Тыңда, әлем қарақшылары! Сен де туғансын анадан! Сенде де бар жар құшағы. Сәби де бар бесігіңде іңгәлаған. Арандатпа әлемді, жылатпа анаңды, жарыңды, балаңды! Сен салған ылаң болмаса кездесер ме ем бұл күйге… Тағы да айқай саламын. Шыңғырамын. Құлақтарың тас бітелсін, жауыздары әлемнің!»
Осылай деді Айнаш. Осылай деді бар ана. Осылай деді жас сәби. Осылай деді күллі әлем жаңғырығып.
Сәлден соң тұтылған күн қараңғылықтан қайта шығып, айнала төңірек жап-жарық болып кетті.
«Иә, Алла! Жарық дүниені қараңғылық енді қайта баспаса екен. Аспанымыз әрқашан осылай жарқырап тұрса екен!.. Ендігі тілегім – осы» – деді Айнаш Нұралысы мен Алмасы кеткен ұзақ жолға телміре қарап.

Тұрсынбек ЕШЕНҚҰЛОВ

Пікір қалдыру