(Былғары табыт балладасы)
Роман
II
Көкбөрінің мылжа-мылжасы шыққан дулы дода бұлғаққа бет қойды…
Қу тақым көкпар көптің көл-көсір көңілін нілдей бұзды. Той шырқы шырғалаңға ұласты. Ақжамбы ана кетісімен асханадағы аста-төк той дастарқаны төбелеске жалғасты. Әлекендей жаланған жастар жағы ащысу ұрттасып, арты қан шығарысқан керіспен бітті.
Оған Декабрист Қаржау да түк істей алмай, амалы құрыды. Әйтеуір, адам аман! Оған да шүкір десті доктарант Дулат пен профессор жетекшісі! Түнді олар осындай аласапыран көңіл-күймен қарсы алды.
Таң да түк болмағандай тамылжып атты. Көкорай дүние шұғыламен жайнап сала берді. Қызу тіршілік Былғары Табыт төбесі маңында бірден-ақ қызып ала жөнелді.
Ал кешегі қызыл танау қызынған алкеуде жұрттан бүгін жұрнақ та қалмапты… Аядай ауыл тым-тырыс.
Зайсан қаласынан Сұңғат әдейі қорған-төбе үшін жалға алдырған сары түсті, шойынтабан швед тракторы дәу диюдай дүрілдеп, жылан бауырлай жылжып, төбе төңірегін күрей бастады. Тырбық жусан мен жатаған изен аралас өскен қорған маңынан шарбы шаң көтерілді. Тау бауырын қуалай желпіген самал шарбыны іліп әкетіп, шаң қолма-қол сейіліп, маңай шаңқан мөлдір түсін бұзбады.
Декабрист Қаржау алып қорған етегін айнала жұқалап күреп, табиғи шөппен түкті жүз танытқан тастақты тазалап шықты. Тракторшы жалпақ күрегін ауыстырып, орнына піл тұмсықты имиген қауғасын салды.
Сол кезде Дулат жүгіріп келіп:
– Қаржау аға, – деп, трактордың жалпақ табанына көтерілді: – енді тура осы батыс беттен беттейсіз. Күректі опыра тік саласыз, бірақ тереңдетіп алмаңыз. Қорған шетінен кетіліп отырылу керек. Қауғаға ілінген тас-топырақты қайта шегініп, осы артқы жаққа шығарып отырасыз. Екі метрден кейін тоқтаңыз! Ары қарай мола басталуға тиіс!
Қаржау да «ұқтым» дегендей басын изеді.
Дулат екінші-үшінші курс студенттері ортасында тұрған Мағдан Жұрағатұлы қасына келгенде, профессор да оларға нұсқау беріп жатыр екен.
– Сендер топырақ пен тасты аршып, арасын қыл щеткамен тазалап отырып қарайсыңдар. Мұқият болыңдар! Былтыр экспедицияда болғандарыңды көрсетіңдер… Бір нәрсе байқасаңдар, мені шақырыңдар!
– Мақұл, ағай!
– Бөгде адам анау қызыл қоршау арқаннан өтіп кетіп жүрмесін. Сақ болыңдар! Ауылды жер ғой.
– Мағдан Жұрағатұлы, – деп Дулат профессорға өз ойымен бөлісті: – Жан-жағы ірі тас сияқты. Қабір қабырғасы сосын басталуға тиіс!
Тап осы сәтте сайтан құсап Толғанбай сап ете қалды. Қасында – қанжығаға байланған торсықтай Отан бар. Екеуі ит байлайтын ұзын шынжырды екі басынан ұстап, сүйретіп алыпты.
Кезбе Толу ентелей басып трактордың болат қауғасына мініп алды. Әлде не деп айғайлап отыр. Оған ілескен мақау Отан да қауға ішіне барып жата кетті.
Мұндайды күтпеген жұрт сасып-ақ қалды…
Трактор рөлінде отырған Декабрист Қаржау «тфу!» деп, түйеден зор трактордан түсуге оқталды. Ал Замани Толы болса, имек қауға мойнына өзін шынжырмен байлай бастады. Бала да оған жанталаса көмектесіп әуре. Жады Толик әбден дайындалып келсе керек, Қаржау жерге түскенше айқұш-ұйқыш оранған шынжырды алақандай құлыппен кілттеп, бекітіп тастады.
Мән-жайды енді ғана толық түсінген Дулат студент жігіттерді ертіп, Декабрист Қаржауға көмекке ұмтылды. «Декабрист-тракторист» атанып кеткен Қаржау трактордың сайман жәшігінен ломды суырып алып, Толғанбайға беттеді. Темір құлыпты ломмен сындырып, шынжырмен кісенделген Жады Толикті босатып алды. Қарт кісі болса да, Толғанбай қарулы болып шықты. Алты-жеті адамға бой бергісі келмей, тырнадай сирақтарын сермелеп, тарамыс жұдырығын жұмсап қалды. Жастардың біріне тиіп кетіп, тұмсығынан қан судай ағып, қара жерге тамшылады. Бәрі жабылып жүріп, өзі әкелген шынжырға байлап-матап тастады.
Сол бойда сүйрете көтеріп әкеп, оңаша қоя салған трактордың дәу күрегі ішіне тастай салды. Толғанбай да әлгіндегі ырсылдаған демін ішіне тартып, оқыс тыныштала қалды. Мақау Отан ғана ыңылдап, саусағын шошаңдатып, әлде не айтқансып, шымшықша секеңдеп қасында жүр.
Талай қансоқта дәмін тақан Замани Толы бірақ тістенген күйі үнсіз қалды. Тарамыс тәні қайыстай қарайып, су тіледі. Ол ақырын ғана «су» деді мақау балаға. Отан ауылға қарай шапқылай жөнелді.
Ал өзгелердің мұнымен ісі жоқ. Жады Толик қиналысына тіпті студент қыздар да қыңқ демеді білем. Үсті өрім-өрім жанға жанашырлық танытпақ түгілі мырс-мырс етісіп, жырқ-жырқ күліскені де бар. Жындысүрей немеге сол керек дейтіндей.
Олар сары трактордың қауғасы мен қимылына қадалып қалғанды. Мағда Жұрағатұлы тістерін тіктей салған жер қопару қимылына сүйсіне түсіп, болат қауғаның еппен қазғанына риза болып тұрды.
Сонда да:
– Дулат, – деп айқайлай шақырды: – Қаржауға айт! Жуан тастарды байқап алсын… Ар жағы опырылып кетіп, тас қабырға болып шықпасын! Сен өзің кабинаға бірге отыр. Байқап қаздыр. Асықпасын!
– Жақсы, Мағда Жұрағатұлы! Шатыр астына барыңыз! Күн шыжып кетті, давлениеңіз көтеріліп кетпесін, – деп ол жүгіре басып жөнелді.
Арқан бойы көтерілген күн табағы дүниені бидайдай қуырып келе жатты. Профессор терлеп тұрса да, аулаққа тігілген ақ шатыр астына бара қоймады. Бар ой-санасы трактор қауғасымен сусылдай төгіліп, саудырай шашылып жатқан шақпақ тас пен құмдауыт топыраққа ауған еді. Ендете қазып, Былғары табыт төбесіне езулей енген сайын айызы қанып, зор дәмемен үңіледі.
Жас студент шәкірттер де қабірхана қазір ашыла қалардай қолдарына ірілі-уақ күрек пен күрекшелерін, щеткалары мен құм-топырақ елейтін елеуіштерін алып, әлекендей жаланып, жастық жігер мен қызу қимылға көшуге дайын тұр. Олар да жайшылықтағыдай орынсыз шуылдаспай, сары трактор аюдай үңгіген сайын көздерін тіге түседі. Бірақ қорған төбе түп-түзу қазылған бойы жыртыла жарылып, жар болып тереңдеп бара жатса да, күдік тудырып, құр топырақ пен бетпақ тастан басқа ешнәрсе шығар емес.
Алғашында шыққан тас пен құмдауыт топырақты трактор қауғасы екі жағына кезек-кезек тастап, жалдап бара жатқан еді. Біраздан соң жыра-қабырға тереңдеп, трактор бойынан қос тастақ қабырға асып кетті. Тракторшы амалсыз өзі ыра салған жырасымен кейін шегініп, жыра-қабырға аузынан оңаша төге бастады. Төккен тас-топырақ та сәт сайын ұлғайып бара жатты.
Профессор шығып жатқан біркелкі шақпақ тастар мен жалпақ тастарға қарап тұрып, қорғанның байырғы кісі қолынан тұрғызылғанын жазбай таныды. Бірақ бұл ойлағандай көрініс болмағанына таңырқаулы… Ендігі ежелгі қабір шетіне жетуге тиісті-тін. Алтай өңіріндегі ескі қорғандарға тән қабірдің жер бетіне шығып тұратын ағаш бөренелі қабырғасына кезігуі керек еді. Күткені кезікпей, кенеттен келген күдікті ойға бой алдырды.
Күн де түске таяу…
«Шынымен де, адам жанын былғары табытпен қинайтын жер ғана болып шыққаны ма?» деген ой профессордың төбе құйқасын шымырлатып жіберді. Мүмкін емес. Ғұндар былғары табыт қоятын арнайы ритуалдық төбе үймейді… Тәңірінің төбелері де жетеді ғой. Онда неге қабірхана жоқ? Не үшін тас пен құм-топырақ тасып, тау-төбе көтерді? Бәлкім, басқа себебі бар шығар! Иә, бізге белгісіз басқа себебі де болуы мүмкін.
Мағдан Жұрағатұлы сарышұнақ тышқанша төбені кеулеп бара жатқан трактордан әлі де үмітін үзбеді. Биік жасалған шетелдік алып трактор ауыр қауғасын толтыра көтеріп, артқа қарай шегіне жылжып, өзі салған ізімен терең арнаны бойлай тәуір-ақ еңбектенді. Былғары табыт төбесінің ортасына таяғанда күн тас төбеге көтерілді…
Қаржау суытқышы бар швед тракторы кабинасында отырса да, сағаттап қауырт қимылдаумен қара терге түскен еді… Қасындағы Дулат та қос жанарын қадаумен есі шығып, қарадай пысынап кеткен. Екеуі де қауғаны тағы бір қиыршық құм-тасқа толтырып алып, шегіне жылжыды. Бір мезгіл дамылдауды жөн санады.
Жыра-қабырға аузын ала үйілген құмдауыт аралас тасты үйінді де жеке төбеге айналып қалыпты.
Олар арлы-берлі самалдап жүрген Мағдан Жұрағатұлының қасына келді.
– Демалыңдар! Самал соғып тұр, – деді профессор. – Ортасына да жақын қалдық. Не күтсек те көрінуге тиіс.
Маусым ыстығынан терге малшынып тұрған жігіттерге күдігін жасырып, көңілдерін демдеп қойды.
Дулат та:
– Теориялық тұрғыдан қабірхана шеті көріну керек еді, бірақ… – деп күдігін сездіріп алды жетекшісіне; дереу жуып-шаюға көшті. – Мағдан Жұрағатұлы, ғафу етіңіз! Мен өзіңіз жиі еске салатын теориялық тұрғыдан айтып қалғаным ғой.
– Дұрыс айтасың, өзім де екі ойлы болып тұрмын!?
– Жо-жоқ, Мағдан Жұрағатұлы, қорған тоналмаған! Жалпақ тастар шелпектей қатталыпты. Сандықшалана қойылған шақпақ тастар да сол қалпы. Сыны бұзылмапты. Бұл төбе жай емес. Маған сеніңіз!
– Ойымның үстінен түстің. Тоналмағаны көрініп тұр.
– Мұны Жады Толик тоната ма? – деп Декабрист Қаржау араласты. – Ол баяғы кезде әлдебір орыстарға мылтық атып, жолатпай жіберіпті дейді ел… Ал өзі осы төбені аңдып жүреді. Төбесіне түнеп шығатыны да бар. Ақсөңке сайға барып аруақ шақырады… Кей жылдары жазда сол сайдан адам бассүйегін әкеліп, төбенің басына баспен бірге қонып жатады. Мұны бүкіл ауыл біледі. Жады ғой деседі жұрт… Бейшара пендесін құдай аясын деп, ешкім қарсы келмейді. Ақсөңке сайға баруға да жұрттың жүрегі дауаламайды. Сайда адам сүйектері ақсөңке болып шашылып жатады екен. Кезбе Толу ғана олармен бақұлдасып жүреді.
– Дұға оқи ма сонда? – деп профессор таңдана сұрады.
– Білмеймін, аға, бірақ тауды жаңғыртып зарлап жүреді. Ауылда оның зарын білетіндер бар. «Жадының зары» деседі. Құран оқығанын көргеміз жоқ.
Олар шатырға қарай жүрді.
Бұлақтың салқын суын өгіздей жуан бөшкеге толтырып, трактор тіркемесі үстіне бекітіп, шатыр қасына Декабрист Қаржау түн ортасында әкеп қойған. Бөшке шүмегінен суды сыздықтата ағызып, Дулат екеуі жалаңаш кеуде жуынып алысты. Профессор беті-қолын жуып, жуан мойнын сулады.
Үшеуі де шатырға келіп, салқын су ішісті.
Ауыл жақтан шаңдақ шаңын көтерген қос көлік көрінді. Екеуі де жеңіл көліктер.
– Бұлар кім болды екен? – деп Дулат алаңдады.
– Қалжырдың имамы.
– Таңертең келмей, түсте келгені несі!?
– Мен «кешірек келсін» дегем… Мола түске қарай ашылып қалар, сол кезде дұға оқысын деп.
– Оның да жөн екен, – деп профессор Декабрист Қаржау ойын қолдады.
Анадай жерде шәкірт жастар түскі ас қамына кірісіп жатты. Олар тастан ошақ қалап, шай қайнатып, түннен қалған асты жылытуға көшкенді.
Ал трактордың темір астау-күрегінің ішінде жатқан Толғанбайға ешкім де мән бермеген. Тек темір астау ішіне Ақжамбы апасының үйінен көрпе-жастық тасып, Жады Толикке су беріп, жамбасын күн қыздырған күреуіш күйдірмесін деп мақау бала ғана бәйек.
Ескі иномарка көлігіне мінгендер де ақ шатыр басына жетті. Имам мен Қалжырдың жігіттері екен. Имам да отыздардағы жас жігіт болып шықты. Олар қысқа амандықтан соң өздерімен пісіріп ала келген жас марқаның сірнесі мен жеміс-жидекті, бауырсақ пен ыдыс-аяқты түсіріп, шатыр асты жерге жайылған дастарханды жайнатып жіберді.
Студент шәкірттер де бұрқылдатып шайды әкелді. Бәрі мәре-сәре болысып, киіз текемет бен сырмақ үстіне төселген құрақ көрпелерге тізе бүгісіп, ас қамына кірісті. Дулат жетекшісіне қолдан жасалған тәйпақ орындық ұсынып еді, ағаш орындыққа ол отырмай, малдас құрды.
Тек қалжырлық төрт жігіт бауырсақтан ауыз тиісіп, жолға шығуға беттеді. Олар Декабрист Қаржауды оңашалап шақырды. Көліктің бірінің жүк салғышынан бір ағаш қорапқа толы арақ, коньяк, виски түсірді. Оны ақ шатыр іргесіне көлеңкеге қойды.
Декабрист Қаржау:
– Жігіттер, рақмет! – деді ақырын ғана.
– Оқасы жоқ, аға! Сұңғат ағаны жоқтатпаймыз. Ол кісі түнге Күршімнен, болмаса Зайсаннан полиция алдырыңдар деген… Біз сонда тарттық.
– Күзет керек болады, мола ішінен «алтын адам» шығып жатса… Ал ана Жады Толикты қайтеміз? – деп, трактордың аулақта обиып тұрған алып күреуішіне иек қағып.
– Ол осында ма еді?
– Байлап тастадық. Оны бірдеңе істеңдер…
– Түсіндім, ағасы!
– Мына жұмыс біткенше, бір жерде ұстай тұрыңдар. Қолдарыңды батырып жүрмеңдер бірақ… Сұрап алар иесі жоқ демеңдер! – деп ескертті Декабрист Қаржау. – Тәңірінің тілегі түскен пендесі.
– Бір тал қылы қисаймайды, Декабрист аға! Аман-сау өз қолыңызға тапсырамыз!
– Келістік, – деп Декабрист Қаржау қол алысты.
Олар Кезбе Толуды көксеркедей көтеріп алып, көліктерінің жүк салғыштарына шынжырға маталған күйі тоғыта салды. Қос көлік шаңды шұбалтып, асфальт жолға қарай тартып отырды.
Имам жігіт шатыр басында қалды…
Декабрист Қаржау көзінен бұршақ-бұршақ жас тамшылаған мақау Отанды ертіп, етегі түрілген шатыр астынан тамақ ішуге беттеді. Бала Жады Толикты ойлап келе жатты. Ол кенет суыра соққан құйынмен Толғанбайдың зарын естігендей болды.
Құлағына Замани Толының Марқа сұлу бойының қатындарына қаратып айтатын тәмсілі алдымен келді. «Байымен қосып байтағын жалмағырлар!..»
Іле зарлы күбірі санасына суси оралды.
Сайдағы басты санаймын,
Таудағы тасты санаймын,
Санына жете алмаймын…
Бұрыштап басты қалаймын!..
Баламен бірге ойнаймын,
Бастарды ұстап ойлаймын,
Санына жете алмаймын…
Жанымды жалғыз қинаймын!..
Бала жадында Толғанбай күбірі жылдам жаңғырып өтті…
Шаңқай түс ауа қорған-төбе басында жұмыс қайта қызды…
Алып швед тракторы ортадан ойып тұрып салған тас жақпарлы қос қабырға арасына тағы ентелей енді. «Былғары табыт» төбесі биіктеп, дәу трактор өзі қазған арнаның ішінде анандайдан кішірейіп көрінді.
Былғары табыт төбе-қорғанының биіктігі мен алыптығын жаңа аңғарғандай:
– Жарықтық! – деп Мағдан Жұрағатұлы таңдана тамсанды: – Паһ! Зор екен!
– Мағдан Жұрағатұлы, өте үлкен оба! – деп Дулат та қоштап қойды.
– Дулат, сен неге тракторға отырмадың?
– Қаржау ағаға текке кедергі жасайды екем. Менсіз де мінсіз қазатыны көрініп тұр. Декабрист қасына отырмай-ақ қоюымды өтінді.
– Иә, тәжірибелі жігіт. Жақпар-жақпар тас қабырға қалыпқа құйғандай… Құдай сәтін салсын! Тек «тоналмаған болсын!» деп тілейік!
– Мағдан Жұрағатұлы, тәңірі тонатпауға тиіс! Мұндай ескі қорған Алтай тұрмақ, әлемде сирек ұшырасады. Жолымыз болар…
Жандарында тұрған имам жігіт үндемеді…
Ол оқыс:
– Бәрі де Алланың қалауымен! – деді.
Сонда ғана имамға таңырқай қараған Мағдан Жұрағатұлы:
– Имам бауырым, Алланың жолында жүрген адамсың, қабір ашылмай тұрып, дұға бағыштап жіберсең қайтеді?! – деп өтінгендей болды; көкейіндегі күдігін Құран дұғасы сейілтетіндей үмітпен сұрады. – Ақсарбасты да сосын соярмыз… Мен таңертең Қаржауға сойдырмағам.
Имам жігіт бір сәт ойланып қалды…
– Бағзы мола дегеніміз болмаса, дұға мәйітке тие береді ғой… – деп профессор сөзін жалғады. – Құранға ежелгі мола қайшы келмес.
– Қорғанға Құран оқу қайшы келеді дегенді естімеппін, – деп Дулат та пікір қосты. – Әрине бұл оба исламға дейін үйілген… Десе де дұға оқуда тұрған түк жоқ.
– Мен «қабір ашылған соң, сүйек көрінген соң» оқимын ғой деп келіп ем… Қалай болар екен, егер сүйек жоқ болып шықса?!
– Бауырым, түк те болмайды!.. – деді профессор. – Екі мың жылда сүйек топыраққа айналып кеткен шығар. Біздікі – сенім.
– Оқы, имам, оқы! – деді Дулат та тызақтап; жетекшісінің сеніміне селкеу түсіріп, имам жігіт қайтарып тастайма деген қауіппен: – Құран қуаты күшті, бәлкім қабірдің тез ашылуына көмектесер!
Имам азамат сөзді созбады, жүрелей отырды да:
– Ашһаду Аллаһ!.. – деп әуездете жөнелді.
Оны бірақ Қаржау білген де жоқ, трактор қауғасын тастақты төбеге абайлай батырып, қазуын жалғастыра берді. Құмдауыт жерге тізелерін бүккендер тым-тырыс дұға әуезіне ұйыды. Жай күнде дұғаға ұюды әдет қылмаған қос ғалым дәл қазір жарық дүниені ұмытардай бар ынтасын аударып алған еді…
Имам да әуенін әуелете түсіп, дұғаны ұзағынан қайырды. Ал шатыр көлеңкесіне тығылған студенттер үйездеген қойдай үймелесе қалыпты…
Әлден уақта бәрі де орындарынан тұрысты. Профессор ұйып қалған белін жазды. Үңірейіп тұрған қуыс төбеге қарады.
Қорған қазушы ортан белден асса керек. Қаржау да шегіне шығып, қауға толы тас-топырақты төкті де, кілт тоқтап, тракторын өшірді. Трактордан түсіп, бұларға қарай жүрді.
Жылдам адымдай жеткен Қаржау:
– Мағдан аға, трактор қауғасы ортаға жеткенше, жиналған қиыршық тас қабатты қиналмай алып келе жатқан, – деді маңдай терін мойнына салып алған орамалмен сүртіп: – Тастақ қабат астындағы жұмсақ жерге тісі тигенде майға кірген пышақтай жылп ете түскенінен біле қоюшы ем… Ары қарай қазбай тоқтататынмын. Дулат бір деңгейде қазып, обаның тастақ табаны таусылған – таза жер қабаты бетімен жылжып отыр деген. Соны бұлжытпай орындап келе жатқам. Ал ортаға жете бере өте бір қатты, қауға батпас гранитке жолықтым… Соны сіздерге айтайын деп келдім.
– Не дейсің? Ой, айналайын! Айналдым сенен!..
Мағдан Жұрағатұлы тракторшы жігітті қапсыра құшақтай алды.
Дулат та қуанғанынан «Сол! Сол! Таптық!..» деп айқайлап, орнынан лақша секіріп-секіріп кетті. Бас салып имам жігітті сүйіп жатыр. Шыдай алмай құшағын Декабрист Қаржауға қарай аша ұмтылды.
– Кеттік, Мағдан Жұрағатұлы! – деп жетекшісін қолынан сүйрей жөнелді.
Сонда ғана Декабрист Қаржау:
– Тоқтаңдар! Тоқтаңдар! – деп жүгіре етектерінен жармасты.
– Неге? Не боп қалды? – деп Дулат шар ете түсті.
– Иә, не болды, Қаржау? – деп аңтарылды профессор да.
– Жақпар тасты қабырға қауіпті! Су орған жыра секілді… Басып қалады.
Ентелей ұмтылған профессор да, Дулат та кідіріп қалды.
Екі жағы сұлудың тісіндей қаттала тізілген қатпар тастардан, кей тұста кемпір ауыздана опырая ойылған, әр жерден қазандай қара шақпақ тастар салбырай шығып тұрған, ара-арасынан құмды топырақ саулаған жыра-қабырға үрейлі еді. Мұндай қауіптің болатынын археологтар да күтпеген-ді.
Алып-ұшып тұрған көңілін баса алмаған Дулат:
– Мағдан Жұрағатұлы, сіз тұра тұрыңыз! Не де болса, мен барайын!.. Теориялық тұрғыдан… – дей беріп еді;
– Былай істейік, – деп Декабрист Қаржау сөзін бөліп жіберді, – трактор күрегіне отыр. Солай қауіпсіз.
– Дулат, бәрі сен айта беретін теорияға сәйкес келе бермейді… Тасты байқап көр! Қалың ба, жұқа ма? Айналасын тазалап, қалай жатқанына мән бересің ғой.
Профессор шәкіртіне тапсырма берді.
– Мағдан Жұрағатұлы, мұқият болам. Күрек пен щетканы кабинаға дайындап қойғам. – Дулат лып ете қалды.
Қаржау екеуі қамыс арасындағы жолбарыстың жымындай жыра қабырға ішімен жылжи түсіп, жарлауытты қуысқа жылдам-ақ жетті. Күректі биік көтеріп келіп, терең қазылған жардың тұйық түбіне түсіргенде, Дулаттың тәнін бір белгісіз діріл билеп өтті.
Трактордың өзі тәмпиіп қалған қара көлеңке тұйық түбінде салқын ызғар бар екен. Қос өкпеден қысқан жалпақ, шақпақ тасты алып қабырға қуыс пен қасқа маңдайдан опырая құлағалы тұрған жарықшақ жар адамның зәре-құтын қашырады. Жоғарыдан көк аспанның қиығы ғана көрінеді.
Қауға-күректен жеңіл түскен Дулатты әлдеқандай құштарлық пен қуаныш билеп алған еді. Осы бір көтеріңкі көңіл ойынан бір сәт бөлінбей езген Қуат бауырына деген қасіретті сезімді де басып, ұмыттырып жіберді…
Тұйық түбіне қарай «Бісмілла!» деп қадам басты. Соңындағы болат қауға артқа қарай жай жылжып, тістері ақсиып жоғары көтеріле берді. Мұның бойынан сәл көтеріліп, тап төбесіне қалқан болып жапты. Сонда да қауіпсіз емес еді.
Тұйық түбінде тәні тоңазыды… Іргеден ызғарлы леп есті. Ойы мен бойын жиып алған Дулат қорқыныштан тез арылды. Жоғарыдан тысырлап құлаған тас қиыршықтары мен анда-санда сау ете қалған құм сусылына да еті үйреніп, табан астына үңілді.
Қолына археологтар ұстайтын арнайы қысқа сап күректі алған Дулат бірден кірісіп кетті. Алдымен ені трактор еркін сиярлықтай кеңітілген тұйық түбінде болат қауғадан қалған ұсақ шақпақтар мен сынған жалпақ тастарды күреді. Құмдауыт пен топырақты да тазалай қабырға етегіне ысырды.
Кенет қаракөлеңке қуыс түбінен көзіне бір нәрсе ағараң еткендей болды. Көзін уқалап жіберіп, қайта қарады. Ештеме жанарына шалынбады.
Күрекпен есілген құмдауытты тағы сиыра бастады. Осы сәт аппақ мәрмәр оттай басылды.
– Құдай-ау, мынау Марқаның ақ мәрмәрі ғой!.. – деп қалай айқайлап жібергенін өзі де аңдамай қалды.
Трактордың бірқалыпты дүрілінен Қаржау бірақ естімеді… Ол тезірек қатерлі қуыстан құтылсақ екен деп, темекісін тартып отырған.
Дулат шеті шығып жатқан жалпақ мәрмәр жүзін жанталаса тазалай бастады. Мәрмәр тас аса көлемді болса керек, бұл бір бұрышын ғана арши алғанын байқады. Қалған жалпақ жүзі тұйық түбі мен қос қабырға жардың астына батып кетіпті…
«Құдайға шүкір! Тәңірі алқады бізді!.. Ұстазымның алдында абырой болды-ау!» деп күбірледі доктарант. «Мәрмәрім менің! Батыстан шығысқа қарай созылып жатырсың-ау!..» деп бағамдады.
Ол мәрмәр бұрышының айналасын жылдамдатып қаза бастады. Мәрмәр қыры біртіндеп ашылды. Күрек бойлата аршындай қазды. Құмсақ құйыла берген соң, алысырақ лақтыруына тура келді. Мәрмәр қалыңдығын білу үшін біразырақ тер төкті.
Бұрыш тақта аршылған соң, күрек сабымен де өлшеп көрді. Қол кезімен де санаған болды. «О, құдіреті күшті ием! Мына мәрмәр тақтаның қалыңдығы қырық сантиметрден астам ғой… Әй, төрт кездей бар!» деп ой түйді.
Осы бір сәтті күткендей-ақ:
– Дулат! Дулат! – деген Декабрист Қаржаудың шақырған дауысын естіді.
Трактордың есігінен шығып, Қаржау бұған:
– Болдың ба? – деп айқайлады. – Тездетейік!
Дулат әлі де тұйық түбін қимай тұрса да, трактордың жылан бауыр табанына көтерілді. Одан сатысымен өрлей кабинасына кірді. Қаржау қауғасын төмен түсіріп, шегіне берді.
– Қаржау аға, сіз неге мені жаңа трактор күрегімен әкелдіңіз? – деп оқыс сұрақ қойды.
– Е-е, оны қойшы! Сенің жүрегің үрейленбесін… үйренсін дегем. Құлама жардың ішінде… қаланың қаратаяғысың ғой. Өзің не бітірдің? Әлгі қатты не екен? Қара тас па екен?
– Ғажап, аға! Құдай-аруақ қолдады!.. Марқаның граниті. Өзі аппақ. Өзі үлкен. Қабырға астына батып жатыр.
– Не дейді?!
– Тап бұрышынан шығыпсыз.
– Бұрышы ма екен?
– Иә, аға! Нағыз саркафак… Қалыңдығы мына күрек сабындай.
– Ой, Аллай! Сұмдық-ай! Шынымен бе?! Әйтпесе, әлгі алжыған Жады Толиктің әңгүдік сөзіне еріп деп… Сенбеп едім. Таудай төбені текке ақтардық-ау десем. Терім ақталды.
– Аға-ау, теріңіз не, күллі қазақтың тері десеңізші!..
– Алтын адам шыға ма?
– Оны білмеймін, аға! Әзірше… Ертең точна білеміз! Не жатса да, аса құнды дүние жатуға тиіс! Кәміл сенем!
– Мың жылдық көр қопарып жатырсыңдар… Әйтеуір, артының қайырын берсін! Елге пәлесі тимесін Әмір Темір падишаһтың мүрдесіндей… Шапағатын шашсын!
– Аға, қорықпаңыз! Сіз декабрист батыр емессіз бе?! Мың емес, екі мың жылдық мола… бұл. Киесі де, иесі де жоқ. Иесі – біз.
– Әй, байқаңдаршы! Ескі көрді жаңғыртпайды қазақ… Сендер тіпті қопаруға көштіңдер.
– Ғылым мен тарих үшін!.. Өткен мен болашақ егіз. Өткенсіз болашақ жоқ, аға. Баяғы нар заманды білмей, кейінгі зар заманды, тар заман мен сор заманды білмейміз… Сол үшін де қабір қазып жүрміз, аға!
– Әй, қайдам! Қайдам! Қазір бәрі атақ үшін болды ғой… Ақша үшін арын сатып кетті ғой еркегі де, әйелі де! Әкімі де, азаматы да… Мұны қай заман дейміз? Арам заман дейміз бе?
Дулат үндей алмай, тосылып қалды… Бұлар қабырға-жардың аузына да келіп қалып еді.
Трактормен үйіліп қалған жалған төбе қасында тұрған профессор мен имамды студенттер, мақау Отан қоршап алыпты. Олар да қорған қолқасындай көрінген ауыздағы бұларға жапатармағай жүгірді. Профессор да балаша ұшып келеді.
Дулат жерге түскен бойда бәрі тыныштала қалды.
Профессор ентіге жетіп, асыға сұрады.
– Бар ма екен?
– Бар. Саркафактың беті сияқты… Тұтас мәрмәр.
– Болды, айналайын! Болды. Қалғанын сосын, – деп Мағдан Жұрағатұлы доктарантын қолтықтай жөнелді.
Олар шатырға қарай улап-шулап бұрыла берді. Жастар атаулы ұлы бір қанды майданда жаудың бетін қайтарғандай желпініп алыпты.
III
Күн шеңбері толыса еңкейіп, Зайсан көліне батуға қамшы сабындай қалды.
Шатырға қарай қозғалған топтан мақау Отан ғана жырылып, қалыс қала бастады. Оның бөлініп бара жатқанын у-ду еткен қуанышты топ аңғармай да қалды. Бала басқаны білінбес барыстай жымып, Былғары табыт қорғаны етегінен ыра қазылған жыра-қабырға ішіне қарай жылыстай берді.
Оның балалық қызығушылығы қолқадай қуыстанған қорған ішіне магниттей тартқан.
Отан орқа-шорқа тасты қабырға арасына жасқанусыз енді. Тау-тасты Кезбе Толумен кезқұйрықтай емін-еркін кезіп жүрген бала қарауытқан қабырғалардан сескенбеді. Ұры жыра болып көрініс берген терең арна ішінде балақтаға биттей боп көрінген мақау бала сыр бермеді. Ызғар ессе де, балғын тән қуаты сыртқа теуіп, алдыға құмарта адым басты.
Ол аяқкиім басын қаққан шоқпар тастар мен жарықшақ шақпақтарға да қарамады. Бар ойы арна түбінде… Тезірек жетуге асықты. Асыққанда ол да жеткізбей қойды.
Қараңғылық бөге бастаған тұйыққа да келіп тірелді. Тыныштық. Жоғары жақтан саулаған құм-тас түйіршектері ғана оқта-текте еміс-еміс құлаққа шалынады. Табан астында Дулат ашып тастаған мәрмәр бұрышы ғана сүттей ағарып жатыр.
Бала тұйық түбінен көк аспанға көз жіберді. Зеңгір тұп-тұнық. Зайсан көліне еңкейген күн жалқыны түсіне рең жамапты. Шымқай көкке ұласыпты. Ол қара-қошқыл қабырғаға назарын төңкере келіп, аяқ астындағы ақ мәрмәрге жанарын қадап қалды. Тізерлей кетіп, аппақ жүзін сыйпады. Мұздай екен. Қолын тартып алды. Тұла-бойын салқын бір сезім аралап өтті. Тұйық ішін ызғар кеулеп кеткендей болды.
Тәні тітіреді…
Тізесінен де суық қармап, бойы қалтырай бастады. Орнынан тұрмақ болып ұмтылды, бірақ мәрмәр тасқа жабысып қалғандай қозғала алмады. Үш рет ұмтылды. Үш рет те тітіреген тәнін көтере алмады.
Жыларман болып жанарын жұмды. Сол бойы отырып қалды. Қанша отырғанын білмейді… Ішкі жан-дүниесі суынғаны басылып, тұла-бойы тоңғанын қойғанда барып көзін ашты.
Тұйық іші қап-қараңғы тартыпты. Көзге шұқыса көргісіз. Тек тізе астындағы аппақ мәрмәр ғана ағарады. Оған да тоқымдай көк төрінен түскен жұлдыз сәулесі шағылып, нәр берсе керек.
Терең тұйық ішінен ай сәулесін аңғара алмады. Зіл тартқан денесі де жеңілдеп қалғандай… Мақау Отан бірақ қозғала қоймады. Мамыражай сезім билеп, жайбарақат отыра бергісі келді.
Кенет қараңғылық түнегін түрген бір әлсіз жарық пайда бола бастады. Әлгі жарық нұр тұйық түбінен – жер астынан кеулей көтеріліп келе жатқаны білінді. Бала бұған таңырқаған күйі орнынан тұра берді. Көз ілеспес жылдамдықпен ақ көбелек қанатындай діріл қаққан нұр тұйық ішін толтырып тұрып алды. Отан көңілі лезде көтеріліп, қуаныштан жүрегі жарылардай шапқылады.
Осы бір манураған мезгіл шырайын бұзбастан адам кескіні нұр-сәуле арасынан пайда бола бастады. Кісі бейнесі біртіндеп анық таныла түсті. Бала таң қалған күйі тапжылмай тұрды.
Ал қос кісі бейнесі аппақ нұр арасынан Отанның алдына жақындады. Ақ нұрға малынғанның бірі – күрең шапан киген ақсақал болып шықты да, бірі – сұлу өңді, қыпша белді, қызыл көйлекті ару қыз болып көрінді.
Бала аузын ашқан бойы аңырып қалған еді…
Ару меруерттей тістерін көрсете күліп келді, құндыз бөркін киіп келді. Ақсақал боз қабағын ашпай келді, күрең түс үшкіл тымағын шешпей келді. Бастарын жас Отанға иіп келді.
Бала Отан арудың созған қолына нәзік саусағын ұсына берді…
Ақ нұрға малынған тұйық кеңіп сала берді. Бәрі әлде қайда аттана берді. Ақ сәулеге оранған жұмбақ әлемге ене берді.
Бұл – Алтай тауын пана тұтқан Сақ Қағанатының сарқын қағаны мен сұлу бегімі еді…
Батысқа кеткені батысқа батып, құбылаға ауғаны құбылада қожырап, шығысқа барғаны шығысқа сіңіп, Ұлы Қағанат харап болған мезгіл еді. Бір үйір бөрідей ғана қалған азғана жұрт еді.
Көшкен елдің жұртында қалған соңғы Қаған – Білге Дің еді…
Білге Дің қаған шапқын мен үркін, тонау мен талау, зорлық пен қорлық көрсеткісі келген шығыстағы шұбар жыландай шүршіттен жасқанып, Алтай анасының қойнын сағалап, бозторғайдай бұта паналаған алмағайып тұс еді… Есті жинап, етекті жауып, еркегін көбейтіп, елдігін танытар алмауыт уақытты күткен шақ еді.
Дамылдауға, самалдауға Алтайдан асқан жер жоқ деп, Ертістен асқан өзен жоқ деп жатқан еді. Зайсанның айналасын жағалай жайлап, Қалжыр мен Құба-Күршімді өрлей қыстап, Сарытау мен Ақтау-Мұзтауға ат шалдырып, мал семіртіп, Қазан-ана көлі – Марқа сұлу суының балығына қауға-ау салып, жан сергітіп жатқан жұқана ғана жұрт еді.
Аяқ астынан ел шетінен елші келіпті…
Қысық көз көршісі екен. Көрші елдің айдыны асқан, мейманасы тасқан мезгіл екен. Жан-жағына жалмаңдай қарап, жаутаңдағанды құзғындай басып, қарсы келгенді қыспаққа алып; жақындағыны жалмап, алыстағыны арбап, айласын асырып, найзасын жасырып баққан шағы екен. Алтайдағы кесірткенің құйрығындай бөлініп қалған Сақ жұртының жанышталар тұсы осы деп, жанын алар, өзегін үзер кез келді деп келген беті екен.
Қысаң күнді күтіпті, қысылған жұртты ұтыпты…
Білге Дің қаған елшілерді еліне лайық күтіп алыпты. Елші де Зайсан көлінің жағасына тігілген он сегіз қанат Ақбоз Ордаға иіле кіріп, имене сөйлепті. Ішінде бірақ ит өліпті.
Оны Білге Дің қаған да сезіпті…
Ши қалпақ елші – Бас сарай билеушісі ши шығармауға көшіпті. Қағаз-қаламды ұстаған хатшысын да ерте келіпті… Дің қағанға майдан қылшық суырғандай етіп, өз ойын парық-парасатымен жеткізіпті. Миығынан жұмсақ күле отырыпты, көсе иегін ие отырыпты.
Шын-Машын шүршіт елі қазір орасан қуатты екенін айтыпты. Бұл бұрынғы егінші ғана ел емес екенін білдіріпті. Қалың әскер шекарада ұстап отырғанын да жеткізіпті. Маңайындағы жақын көршілерін жыландай жұта езіпті. Көнгісі келмегенін теңіз астырып бездіріпті.
Ендігі кезек Алтай сақтарының жұрнағына келгенін де жымсымалап отырып сездіріпті… Жіпселеп отырып жеткізіпті.
Қалғанын өзің біл дегендей қағанға өтірік иіле беріпті.
Қаған да үнсіз тыңдапты. Жауабын келер күнге іркіпті. Көл жағасына қонақтарды салқын киіз үйлерге жайғастыртыпты. Жылқының шекесін пісіріп, қазысы мен қартасын ұсыныпты. Зайсанның бекіресі мен сазанынан да құр қалдырмапты. Қазан-ана көл – Марқа сұлу көлінің ұшқыш балығы мен қызыл уылдырығын алдырыпты.
Сарытау мен Азутау басын сары алтын түске бояп таң да атыпты.
Алмағайып кезеңде аламанмен ақыра аттана алмасын абайлапты. Ақыра аттанар алмауытты уақытты шамырқана күтіпті… Білге Дің қаған сондай бір тоқтамға келіпті. Елшіге алтыннан ертоқым, күмістен әбзел ұсыныпты. Екі ел жауласпай өмір сүрсін, тең атаның ұлы болсын деп, шіренген шүршіттің Бас сарай билеушісі мырзасына «аманат» атапты.
Аманатқа үш жасар жалғыз ұлын елінің еркіндігі үшін жер тізерлете жығыпты… «Аманат» деп есімін өзгертіп, алақанын тіліп, қанын анасына жалатыпты.
Шүршіт елшісі ежелгі дәстүрге құрметпен қарапты. Еріксіз басын иіпті. Аманатты бекті аманат етіп алыпты. Жеті жыл толғанша соғыс өртін тұтатпасқа алдаспан жүзінде серттесіпті. Қай жағы сертті бұзса, соған тәңірі атынан ажал құштыруға анттасыпты. Құшақ айқаса, қан жаласа андаласыпты.
Сақтың Аманат бегін ақбоз атқа мінгізіп, Зайсан көлі жиегінен елшімен Шын-Машын Еліне аттандырып салыпты…
Ал аманат бала аттанған Ақбоз Орда тігулі көл жағасы «Аманат» атанып қала беріпті…
Сол аманатқа берілген Аманат бек – дәп қазір мына Дің қағанның қасында келе жатқан Отан екен. Ол қаған қағанатына қарай құлшына басады. Ақ шаңқан дүниеге тұнған төңірек алдынан құшағын ашады.
Қаған бастаған Отан-аманат пен жас ару аппақ әлемде қаздай қалқып, көңілдері шалқып Ақбоз Ордаға келіп кірді. Қаған сырмақ жайылған төрге озды. Он бес жасар ару Сылан бегім де төрге таман оза барып, қаған әкесіне жетпей жайғасты. Мақау Отан да үн-түнсіз төрге шықты.
Ару әпкесінің тізесін баса отырды. Сол бойда Сылан бегім әпкесінің тізесіне басын қойды. Тереңнен тыныс тартып, тәні жайлана түсті. Жаны балауыздай балқып бара жатты. Жанары жұмылып, рахаттана ұйықтап кетті.
Мақау бала дүрмекті дүниеден бейхабар күйге енді…
Сол ұйықтағаннан мол ұйықтаса керек, миды шықырлата-қытырлата қажаған әлдеқандай оқыс дауыстан оянып кетті. Жанарын ашып алғанда, тас қараңғы дүние қарсы алды. Алғашында қайда жатқанын бағамдай алмады. Суқараңғы тартқан жанарына сеніңкіремей сескенді. Миын бірақ шықырлата осқылаған жағымсыз дауыс құртша жеп бара жатты.
Енді ғана өзінің көрдей қараңғылықта жатқанын түсінді. Жанталаса жан-жағын қарманды. Жаны аузына тығыла қатты шошынғаннан жандалбаса ышқынды. Қатты ышқынғаннан басы зеңіп, көмулі көмейі ашылып кеткендей болды.
Тұңғыш рет дауысы шығып кетті…
Сол-ақ екен өз-өзіне таң қалды. Таң қалып жатып айғайлай берді, айғайлай берді.
– А-а-ай!.. А-а-ма-а-на-а-ат!.. А-а-ай, а-а-ма-а-на-а-ат! – деп бар дауысымен айғайлады.
Бұл енді қорқыныштың емес, қуаныштың айғайы еді. Түнек қараңғылықта аққан көз жасы да риясыз қуанған көңілдің сорасы еді. Ол өзінің неге алғашқы сөзі «аманат» болғанына да мән бермеді. Қуаныш пен қорқыныш бірдей деген. Ол мән берерлік халде емес күйде тұғын.
Тап төбе тұсынан төбе-құйқасын сыпырғандай шықырлата сыдырған зор дауыс әлсін-әлсін тына қалып, қайта тасты тасқа қажай қозғалғанда Отанның ойы ойран-топан болып жатыр еді. Бала дегенмен әлде бір жабық дүниенің ішінде жатқанын бағамдады.
Мұздай суық ауа жұтып, өте салқын жерде жатқаны жетесіне енді жетті. Не қылған жер екен деген дүдамал ой дүміп өтті. Жон арқасы мұздай заттың үстінде жатқанын сезді. Жауырыны жібіп, мұз еріп, арқасы жіпсіп бара жатқанын білді.
Бір қырына аунап түсті. Мұрнына қалампыр мен жалбыздың иісі келді… Жанына жұпардай жайлы тиді.
Кенет әлде қандай сыдыра қозғалған жағымсыз үн соңы сарт еткен оқыс дауыспен тынды. Сол-ақ екен түнекте шалқалай жатқан Отанның көзіне айырыла жарылған жарықшақ түсті. Жарықшақтан жарық сәуле себезгілей саулады.
Бала Отан сонда ғана әлде қандай тасқабат төбе жапқан, бітеу кеңістік ішінде жатқанын айырды… Мылқау тыныштық орнай қалды.
Дауысы да:
– А-а-ай!.. Ай-ай ай, а-ма-а-на-а ат!.. А-а-ай!.. – деп оқыс қайыра шығып кетті.
Ол лақша ащы бақырды. Тас төбе сызаттана жарылғалы тыста күңгірлеген адамдар үні де кенет тыйылды. Олар баланың дауысын анық естіген еді.
Жұрт тына қалған соң, Отан қанаттана түсіп, айызы қанғанша тағы айғайға басты. Ол көрдей қараңғыда ызғарлы суықтан мәйіттей қата бастап та еді. Сырттағы жұрт та әрі-сәрі болып, мәрмәр тақта тасты қозғауға дәттері жетпей тұрды.
Ал бала болса, жан дауысы тәңіріге жетердей айғайлай берді…
Таң бозынан Қаржау Былғары табыт төбесін қопара тазалап, төрт тарапқа тас пен құмдауыт топырақ, қиыршықтан жал-жал үйме тұрғызып, шалқайта күреп тастаған болатын. Ауылдың қарулы азаматтары Дулаттың көрсетуімен, саркафак үсті мен айналасын ұсақ тастардан, құмдауытты топырақтан аршыған. Ал қараған сібірткі ұстаған студент жастар мәрмәр тақта жабын жүзін құм-топырақтан тез-ақ арылтқан.
Аумағы кішігірім қос орнындай мәрмәр жабын тұтас емес еді. Қақ орта тұсынан айырыла бөлініпті. Қабір бетін баяғылар құрай жапқаны көзге шалынған.
Дулат мәрмәрді мамыр күні қыздырмасын деп, тақта жабын тас үстіне көлеңке түсіріп тұрар әскери кең палатканы далита құрғызған еді. Жабын жүзіне жақын тұрған археологтар ащы шыққан дауысқа абдырап, жақтары жыртылды…
Мына тылсым құбылысқа не сенерін білмей, не сенбесін білмей, сос-тиып тұрып қалысты. Жас студенттер арасындағы қыздар аруақ көргендей тұра қашқан. Жігіттер жағы жүрексінсе де, зыта жөнелуге намысқа тырысып қалысқан.
Ал ауыл жақтан Қаржаумен көмекке ере келген үлкен жігіттер де алаңдаулы болатын. Жер астынан шыққан адам дауысына құлақ түрісіп, жік шығардай күтті.
Профессор мен Дулат та сасып қалды.
– Мүңкір-нәңкір! – деді бір студент.
– Тоқтатыңдар! – деп қалды Дулат. – Қайдағы жоқты айтпаңдар! Шақырмаңдар жамандықты!
– Басқа кім болсын?
– Жын болар…
– Мүйізі көрінеді қазір!
Дулат әлгі жас жігітке алая бір қарап:
– Тоқтатыңдар үрейді! Қалай археолог болмақсыңдар? – деп тыйып тастауға тырысты. – Мағдан Жұрағатұлы, айттым ғой, бұл моланың жер асты жолы бар… Менімше, сол құпия жолмен біреу кірген. Бізді мазақ қылып тұр. Басқа түк те емес. Қорған баяғыда тоналған.
– Оттама, Дулат! Жоқты айтпа! Әзірейіл емес шығар… Кім болса да қазір көреміз? Сен де к…мен бал аша бер ме! – деп, профессор доктарантын оңдырмай сөгіп тастады.
Алып ұшқан көңілін ойда жоқта су сепкендей басқан мына құбылысқа қаны басына шапқан профессор ашулы еді. Дулат та білгішсінем деп, оңбай сөз естіп қалды. Оған бірақ жетекшісінің көңіл-күйі мен бұған деген сенімі қымбат болатын. Қорған тоналған деп артық айтып қалғанын да түсінді.
Қолма-қол жуып-шайғысы келіп:
– Кешіріңіз, Мағдан Жұрағатұлы! – деді де; «Қаржау!» деп айғайлады. – Тарта бер! Аулақ кетейік, Мағдан Жұрағатұлы! Сендер де ары таман барыңдар!
Студент жастар да аумағы әжептәуір жерді алып жатқан, тіктөртбұрыш келген мәрмәр тақтадан оңашарақ кетті. Дулат та жетекшісін қолтықтап, мәрмәр маңынан тезірек алыстатуға тырысты. Тақта мәрмәр басында Декабрист Қаржау ауыл жақтан арнайы ерте келген үш-төрт жігітімен ғана қалды.
– Дулат, – деді жетекшісі, – аналар жабын бетін ішіне түсіріп жібермесін! Лебетканы пайдаланыңдар. Сен мұқият болшы! Асығып керегі жоқ. Қара күшке салам деп, уникальный саркафак бетін сындырып алмаңдар.
– Анау дауысқа елеңдейміз деп…
– Оған мән берме! Ең көп болса, жын шығар… Оның дауысын естісек те, түрін көрмеспіз. Батыл бол!
– Алаңдамаңыз!
Дулат мәрмәр жабын жаққа жүгіре жөнелді.
– Уа, Алла! Сәтін сала көр!
Профессор көкке қарап қол жайды…
Екі бірдей темір тросты жалғап, трактормен абайлап тартса да, Қаржау жалпақ тас жабынның қақ ортасынан жылдам ажырағанынан сасып қалған. Дулат шығыр-лебеткамен тартып, саркафак бетін жылжытуды ұсынды.
Ал мәрмәр жарықтан Отанның қарлыққан айғайы әлі естіліп жатты…
Жігіттер ашылған мәрмәр жарығына ағаштан сыналар қағып, әжептәуір кеңітіп алды. Дауыс жарық кеңіген соң, тіпті анық естілді. Бала дауысы екені айқын білінді.
Жігіттердің бірі:
– Жын-шайтан ешкі болып, немесе бала болып бақырады деуші еді, – деп қалды.
– Тәйт әрі! Оттама! Іріген ауыздан шіріген сөз шығады… Ана арқанды сал! – деп Декабрист Қаржау зекіп жіберді. – Өңшең су жүрек, жын-шайтаннан қорқып…
– Сіз сияқты декабрист емеспіз ғой…
– Жә, сүйреңдеме! Сөзге қой бұларды.
Қаржау жарық арасына капроннан жасалған арқанды салуды жөн көрді. Жұмсақ арқанмен тартса, тасқа да зақым келмес. Желібауға тартатын деп Өскеменнен алдырған арқан ұзын-ақ екен. Жақын тұрған трактордың тұмсығы астына орналасқан шығыр-лебетка дикісіне екі ұшынан созып әкеліп байлады.
Барлығы дайын болды-ау дегенде, жігіттерге:
– Аулағырақ барыңдар! «Сақтықта қорлық жоқ», арқан үзіліп жүрмесін, –деп ескерту жасап, тракторды оталдырды.
Шығырды қосып, құстың шыжымындай жаймен айналдыра бастатты. Қасында состиып Дулат тұр. Капрон арқан шиыршық атып, керіле түсті. Толық керілген кезде шығырды тоқтатты. Мәрмәр жарығына барып, жібектей капрон арқан сырғанап кетпеп пе деп тексерді.
– Қозғалмапты, – деп Дулатқа қарап қойды. – Арқан ыспасы сапалы, тастан сырғи қоймапты.
– Мәрмәр бетіндей жылтыр емес қой, жарық қабырға да кедір-бұдырлы, –деп Дулат қостады да, тына қалған дауысқа таңданды. – Дауыс та тына қалыпты!
– Ой, алла-ай! Не болды екен? Жаңа сына қағып, тас жарықты ашқанда да үнсіз қалған… Қазір де үндемейді. Астафиралла! Тағы естілді.
– Адам дауысы… Шүбәсіз, – деп Дулат сеніммен айтты. – Жерасты жолы болмаса неғылсын?!
– Мүмкін емес. Елу жылдан бері естір едік… Туған ауылым ғой.
Бұлар шығырды қосты. Шығыр арқанды дөңгелек білігіне орай берді. Ширыға созылған арқан тартыла барып-барып оқыс солқ ете түсті. Ауыр мәрмәрдің жартысына жуығы орнынан ақырын қозғалып, жаймен сырғи бастады.
Мәрмәр тақта үстін атқа жапқан жабудай көлеңкелей тігілген төртбұрыш қос – әскери палатка етегін түсіруге Дулат тұра ұмтылды.
Ол жүгіріп келгенде қарлыға айғайлаған адам үнін құлағы шалды. Еріксіз бір құлаштай ашылып қалған жарыққа көзі түсіп кетті. Палатка етегін түсіруге үлгерместен мелшиіп тұрып қалды.
Аузы ашылып кетті…
Оның қимылсыз қалғанын баққан жігіттер мен Декабрист Қаржау да бір жайдың болғанын тез түсінді. Тракторист шығырды тоқтатып барғанша, ауыл жігіттері Дулат жанынан табылған. Олар да ашылған жарық ішіне үдірейе қарап қалысыпты.
Жүгіре жеткен Декабрист Қаржау жарық сәулесі саулай түскен төменге шұқшия қарады. Көзіне қолын көкке созып тұрған мақау бала Отан оттай басылды.
– Жо-о-оқ! Ол емес! – деп қалай айғайлап жібергенін өзі де білмейді.
Сол кезде құлаш жарым тереңде қолын ербеңдеткен бала:
– Ме-е-ен!.. Ме-е-ен!.. А-а-ам-а-ан-а-ат! – деп қырылдай айғайлады.
– О, құдірет!.. Мынау Отан ғой! – деп Декабрист Қаржау да тізерлей берді.
Ол екі қолы жетердей есі шыға еңкейді. Жұрт та таң қалысып, қазба жұмысына дайындап қойған сатыға жүгірісті.
Олар жер астынан Отанды ағаш сатымен оңай шығарып алды…
Студент қыздар да жүгіріп келіп, балаға салқын су беріп жатты. Профессор баланың дауысы шығып, сөйлеп кеткеніне емес, қалай жер астына түсіп кеткеніне айран-асыр болып тұрды. «Мұндай да болады екен» дей берді күбірлеп. Дулат шошынып қалған шығар деп, баланы тезірек Ақжамбы апасының үйіне апаруға студенттерді жұмсады.
Күн де тас төбеден ауып кеткен еді…
Профессор кешке дейін күн ұзақ екенін ойлап үлгерсе де, жұмысты тоқтатпауды ұйғарды. Түскі тамақты тезірек ішіп алып, моланың бетін толық ашу керек деп шешті.
– Қаржау, сен тамақтанып ал. Бел жазып алғаның да жөн.
Жетекшісінің ойын Дулат бірден-ақ түсінді.
– Сіз де бірге барыңыз, жігіттерді ертіп… Мен қалайын. Жарықтан қабірге бірдеңе түсіп кетпесін.
– Оның да ақыл. Маңайда мал болмаса да, кім білсін? Мұндайда өзі көлденең кедергі деген табан астынан шығады… Анау мақау баланың адам ұқпас жұмбақ құбылысы да жетер, – деп профессор жөткірініп қойды. – Оның сыры неде екен, ә-ә!?
Ол студенттер мен жігіттерді ертіп шатырға қарай жөнелгенде, доктарант Дулат палатка астындағы көлеңкеге келіп отырды. Маусымның ашық күні ысып тұр.
Мұндай ашық күндер Алтай бөктерінде жиі кездессе де, көбіне жаңбырлы болып келетін. Бұлар Бөкенбай жалына аяқ суытқалы күн де ашық. Өткен мамыр бойы күн ашылмапты. Селдетіп-ақ жауыпты. Сілбіленген тау арасы әлі құрғай қоймаса керек. Әсіресе, Марқа сұлу мен Қаба маңындағы орман иірімдері той батпақ болып жатыр дейді Қаржау. Ол ағаш кесуге барыпты, жыланбауыр тракторлар да батып қалатын көрінеді.
Алтайдың қызыл қарағайы мен ақ самырсынын қытайға тасып, ұлы тау жалаңаштанып барады екен.
Марқа сұлу жағасындағы Ұраңқай ауылына құлдай құлайтын Ақмоншақ аңғары да адам сенгісіз. Мұның бала кезінде аңғардың теріскейінен күн сәулесі өтпейтін қалың орманы аңырап қалыпты. Күнгейінде жетім қалған ағаштар қурайдай сояу-сояу сойдияды. Аңғарлы сай сұлулығынан айырылып, жотасы жезөкше қыз санындай жалаңаштанып, сала-саласы түлеген түлкідей селдіреп бара жатқан болмысы жүректі ауыртады.
Ал алтынды Қаршыға төскейінен бастап қойнау-қолатын қоймастан қазып, көрші қытайға сатып жатқан жерасты байлығы туралы әңгіме мүлде терең… Жаныңды жаныштайды. Қызыл алтын қазу қызығы мен шаю шыжығынан Қалжыр өзені де ластанып барады. Зайсанның мол мұнай мен газ қорына, тұмса Алтайдың мөлдір суы мен жыныс нуына көрші қытай елі кере қарыс азуын білемдей салып жатыр. Ақыры не болар екен?!
Дүние-қоңыз адам жер-жаһанды жұтатып барады…
Ол орнынан тұрып кетті. Тауды бауырлай соққан самалға кеудесін кере терең тыныстады. Қайрақ тасты тау етегі күннің ыстығын жұтып, саумал сулы тау бұлағының, салқын сайлардың дымқылын жеткізіп тұрғанын сезінді.
Ана бір жылдары осы Былғары табытқа сонау Санкт-Петербордан Алексей атты археолог жігіт келіп, ауыл иығындағы жоталарды аралап, «Шеміршек мәдениеті» туралы ізденгені белгілі. Ол қасына жары Екатерина мен Новосібірлік археологтарды да ерте келіпті. Осы өңірден қанаттанып ұшқан алматылық археолог жігіттер де ғалым азаматқа қолұшын беруге асыға жетіпті.
Ал Алексей археолог-ғалым ғана емес, Ресей думасының депутаты болатын. Ол қытайға тиесілі болып қалған Шеміршек елдімекенінен табылған өте ертедегі «Шеміршек мәдениетін» Марқа сұлу өңірінен кездестірем бе деп келген-ді… Шеміршекпен арада шекара бөліп жатыр демесек, бір аралда жатқан жақын мекен. Табиғаты да, жер қыртысы да ұқсас.
Депутат ғалым қиыр Алтайға сән құрып, салтанат іздеп келмегені жеткен бойда білініпті. Ол анау тау ішіне сұғына еніп, оңаша сылдырай атқылап жатқан бұлақ басына кәдімгі екі кісілік шатырын тігіпті. Басқалар ауылды місе тұтса, жары Екатерина екеуі жеке ошақ көтеріпті.
Маңайды жаяу-жалпы аралаған Алексей археолог бағзы заман Былғары табыт петроглифтерін тауып, енді Шеміршек мәдениетіне жататын тастабыт қорымдарды іздепті. Осы өңірде кішкене балаларға дейін білетін әйгілі Арқарбет беткейін зерттепті. Оның жалпақ тасты бекейін тінтіп, тексере жазып, таңбалар мен ежелгі суреттерді фотаға түсіріп алыпты.
Арқарбет десе – Арқарбет… Арқары қойша өріп жүрген ғой.
Қыста қар жатпас күңгейінде бір заманда арқарлар толып жүріпті. Шабата аяқкиімін сүйреткен сорлы мұжықтар мен бесатар асынған шекарашы орыстар келгенше Бөкенбай мен Қалжыр бойында арқар мен таутеке жын атқан екен. Орыстың удай аяғы Алтайды басысымен тау-тастың серісі де сирепті.
Шекарашылар мен мұжықтар иен-тегін жүрген тәңірінің жануарын аясын ба, мылтықпен қойша қырыпты. Арқарбет арқар ауып кетіпті. Қалжырдан таутеке сыпыра жосып жөнеліпті. Қазір адам баласының аяғы баспас Алтай биіктерін мекендейді.
Ал Арқарбет пен Қалжырдың қия беткейлерінде ежелгі сақтар мен түркілік ата-баба салған суреттері ғана қалды… Шекарашылар мен мұжықтардың жартас суреттерін жаралаған оқтарының ізі ғана өшпестей таңбаланған. Бұған енді не дерсің?
Бәлкім, орыстың оғынан үріккен арқарлар да қазақтың ендігі еркін, тәуелсіздік заманында иен тау-тасына оралар. Кім білсін, ол да ғажап емес?! Арғы бетке қайың сауып, ел ауып кеткен қазақтар да туған жеріне оралып жатыр ғой… Бұл күнде бәрі мүмкін!
Қаройдан шыққан Қабдырахман ағаны осы Арқарбет пен Қалжырдың құлама жартастарына салынған ғажап суреттерге бала кезінде тамсанып, ұзақ қарап жүруші еді дейді құрдастары… Ақыры Алматы асып, Мәскеу жалғастырып, Еуропа аралап, шебер суретші болып шықты. Оның «Сурет салуды мен Арқарбеттен үйрендім… Арқарбетке қарызбын!» деп айтқаны да бар.
Сөйткен Арқарбетті аралап, петроглифін термелеп, жанын сала зерттеп жүрген де орыс Алексей археолог болып шықты… Таң бозынан аттанып, табанынан таусылып, кешке сүріне-қабына келіп, Катяның асына да қарамай, сұлап түсіп жүріпті.
Міне, сондай күндердің бірінде ерлі-зайыпты екеу ойламаған оспадар жағдайға тап болады…
Түн көрпесін жамылып, қаннен қаперсіз ұйықтап жатса, Алексейді біреу башпайынан тартып оятыпты. Шырт ұйқыдан шошып оянып, басын көтеріп алса, маңдайына мылтықтың суық аузы тіреліп тұр. Тілі тұтылып, есі шығып кетіпті.
Қол шамды көзіне түсіргеннен кім екенін айыра алмапты…
Ал әлгі түнгі қарақшылар Алексей мен әйелінен айдың жарығында ақша сұрапты. «Біз банк көтеріп жүргеміз жоқ» деп Алексей де қитықтарына тиіпті. «Алтын таптыңдар ма?» деп кекетіпті олар да…. Ақыры, қап-қара киініп, қара бетперде жамылған қарақшыларға бар-жоғы жүз доллар ғана бұйырыпты. Тау-тас кезген қара сирақ археологтар қалтасынан не шыға қойсын?!
Мұның соңы бірақ үлкен шуға ұласқан. Қарақшы болып жүрген ауыл арасы тентектер болып шыққан… Олар аудан полициясына оп-оңай-ақ тұтылған-ды.
Қарақшы болам деген немелер Дума депутатын айдың-күннің аманында айдалада бір састырса да, бірақ Марқа сұлу өңіріндегі жалпақ жұртты ұятқа қалдырып еді!.. Әйтеуір, археолог Алексей не тапқанын, нені анықтағанын бір өзі біледі, бірақ қарақшы болам деген жас жігіттерді Күршімнің криминалды полициясына ұстатып кеткенін мұқым ел біледі.
Бұл археолог қауым осындай келеңсіз жайларға да ойда жоқта тап келетінін қайтерсің?! Бүгінгі мақау бала тап қылған жай тіпті түсініксіз… Бәлкім, мұның мола туралы болжамы қазір шындық боп шығар.
Тау самалы Дулаттың қалың қара шашын қайырды…
Түскі астан жұрт та келе бастады. Бұл жігіттерге тапсырып, шатырға қарай асыға жөнелді.
Қаржау мен профессор бастаған жігіттер іске қайта кірісіп кетті.
Тап осы сәтте профессордың гаджеті іске қосылып, ар жағынан Аршын сұлу дауысы естілді. Ол әлі де Марқа сұлу жағасында екенін айтып, толық жазылып кетпегенін білдірді. Қорған ашыла қоймаса, бармай-ақ қойғаны дұрыс болатынын жұқалап жеткізді.
Профессор да ертеңдер моланы ашып қалатынын, әзірше айтуға ерте екенін қысқа қайырды. Аршын сұлу еріне дәрісін уақтылы ішіп, өзін күтуін жүруін сұрады. Қалай қабір аузы ашылса, Ғазиз екеуі жылдам жететінін, хабарсыз қалмауын табыстады. Сағынып жүргенін қайта-қайта дәмді, тәтті сөздермен тұздықтай айтты.
Мәрмәр тақта аузының аңырая ашылғанын анадайдан байқаған профессор Аршын сұлу әңгімесінің тезірек үзілуін қалады. Мұнда саркафак ашылмай келіп жатса, жас әйел мазасын алар деп те қабір қақпағының ашылғанын жасырып қалды.
Телефонмен әңгіме желісін жылдам қайырып, Декабрист Қаржау жарты тақта жабынын шығырмен толық ашып тастаған қабір аузына асықты. Мәрмәр тақта аппақ болып айқара ашылып, қарауытқан қабір іші жарым-жартылай көзге анық шалынды.
Қабір қабырғасын осы өңірдің қара қайрақ жалпақ тасымен қалап шығарған жиек бойына отыра кетіп, үңіле берді. Ашық қабір аузынан салқын ызғар есті…
Профессор суық лептен тіксініп, басын оқыс көтеріп алды. Жанына доктаранты Дулат та келіп үлгеріпті.
Ол:
– Мағдан Жұрағатұлы, қабірден суық леп келеді… Байқадыңыз ба? – деп, мұның қасына отыра қалып, ол да алакөлеңкелеу ішке үңіліпті.
– Иә, ызғар бар. Бұл – жақсылық. Демек, қабір іші жақсы сақталған… Мұз бар сияқты. Ана қалың палатканы әкеліңдер! Жылдам! Жабыңдар бетін!
Профессор асықтыра бұйырды. Дулаттан бастап барша жігіттер жүгіріп кетті.
– Саты ағашты түсіріңдер!
– Моторды қосыңдар! Электр жарығы керек.
– Қызбайтын лампаны салыңдар! Бол-бол!
– Қаржау аға, тракторды өшіріңіз!
– Полицияға хабар беріңдер! Күзет керек…
Түрлі шыққан бұйрық райдағы дауыстар маңайды қарбалас іс-әрекетке түсірді.
Профессор бәрі дайын болғанын байқап:
– Дулат, алдымен екеуміз түсеміз! Ана екі студент сосын, – деді. – Жер асты суық болады, жылы жейде ки. Қабір де терең көрінеді.
– Мақұл, Мағдан Жұрағатұлы!
Олар қолдарына аппақ түсті бессаусақ резіңке қолғап киіп, сөмкеге салынған керек-жарақтарды Дулат арқасына асынып алды. Брезент палатка шетін көтеріп, Қаржау ағаш саты қойылған қабырғаны ашты. Биік саты бойлаған доктарант алда, жетекшісі соңынан төмен түсе бастады. Декабрист Қаржау олар төмендей бере палатканы қайта қымтап қойды.
Тереңдігі үш метрдей қабірхана іші электр жарығынан самаладай жарық, әрі кең екен. Археологтар ызғар қарыған қабір ішінің суық ауасымен дем алып, табандары жерге тигендей болған соң, жан-жағына бажайлай қарады.
Қабірхана түстіктен терістікке қарай салыныпты. Қабырғалары түп-түзу тіктөртбұрыш болып шықты. Бұлар тап түстік қабырға бойымен түскен. Аумағы оналты-онсегіз квадрат-метрдей алып қабірхана болып шықты… Сырттағы екі бөліктен құрала жабылған мәрмәр саркафактың өзі жиырма квадрат-метр болғанынан-ақ, аса қормал қабірге тап болғанын түсінген.
Кенен қазбаға ұшырасқандарын анық аңдаған профессор тыста тұрып, жабын тақта мәрмәр жүзін «Машалла! Машалла!» деп сипай берген еді… Ал бұл тақта ауданын өлшеп жіберіп, Марқа сұлу бойынан қазылып алынған тұтас мәрмәрді сақ-ғұндар қаққа бөліп, тау басынан қалай жеткізген екен деп, таң қалып тұрғанды. Алтай қыран қарағайынан жасалған сақ арбаларының шабақты шанақтары Римге де жеткен ғой бірақ, осы да сөз болып па деген бір ойы қарсы шыққан еді.
Дулаттың да интуициясы алдамапты…
Бала кезінде басынан қонжықтай домалап ойнаған жұмыртқадай жұмыр төбе мұны күтіп жатыпты. Мыңдаған жылдық қазынасын қойнына жиып, сабырмен сақтапты. Жаратушы иесінің көзі бұған түзу екен. Тәңіріге шүкір! Анау Жады Толик – Толғанбайға да рахмет! Жылдар бойы жан баласын маңайына жолатпаған, басына шығармаған.
Саркафактың төбесіндегі мәрмәр тақта жабыны қалай қалың болса, қабір қабырғалары да қара қайрақ тастан қалың етіп өрілгенін бұлар тыста-ақ өлшеген. Қабырға қалыңдығы метрден астам шыққан. Тағы бір таңданарлық жай: жымдаса өріліп жатқан биік тас қабырғалардың ортан белінен төмен қарай, жағалата жұқа аппақ мәрмәр тақталар тікесінен тізіле қойылыпты. Етектері жерге шаншылса керек. Ұзыны жарты құлаштан артық болмаса, кем емес; ені қос кере қарыстай тақта-тіректер жанаса жымдастырылыпты. Тас қабырға етегін қаз-қатар жауып тұрған мәрмәр тақталардың кейбіреуі еңкейе жантайыпты…
Жер сілкінісі әсерінен-ау деп топшылады Дулат.
Қабір екіге бөлінгені байқалады. Теріскей беттің ашылмаған мәрмәр жабыны астындағы тұс көтеріңкі екен. Топырағы шынтақ бойы биіктеу. Шамасы ол жаққа қойылған нәрсе де бөлек болса керек.
Дулат айфонның бейне жазбасын қосып, қабір ішін тұтас түсіріп алды…
Профессор табаны тұңғыш тиген жер – осы түстік қабырға түбінен бастап қазуды ұйғарды.
– Нағыз ғажайып қабірхана. Тұтас тас мәрмәр. Мүлде бұзылмапты… Тек шып-шырғасын шығармай, бәрін орын-орнымен шашпай алуымыз керек. Күллі әлем бас иетін болады! Менің ғұмыр бойы іздеген, таба алмай шаршаған баба қорғаным ғой… Маздағым ғой! Ақжолтай екенсің, бауырым! – деп, профессор көзіне жас алды. – «Бісмілла!» деп бастайық!
Дулаттың да ұстазына деген адал сезімі жүрегін тербеп, жанарына жас келді…
– Бісмілла! – деді шәкірті де. – Бастап берсеңіз, қалғаны менің шаруам, Мағдан Жұрағатұлы.
Жетекшісі шаң-тозаңнан қорғайтын медициналық маска – көкшіл қапты мұрнына киді. Дулат та танауына тұмылдырықтай тұншықтыра таңып алды.
– Иә, тәңір ием жар бола гөр!
Доктарант шәкірті де жасағанға күбірлей жалбарынып, жүрелей отырған жетекшісі қасына тізерледі.
Түп іргеден салынған қол басындай ғана темір қалақша мыңдаған жылдық топырақты тұңғыш рет көтерді. Топырақ суық әрі дымқыл, сызды екен. Темір қалақша екі-үш қайтара сызды топырақты алған соң, ұшы барып әлдене неге шықырлай тиді.
Жетекшісі тоқтай қалды да:
– Тас емес. Точна! – деді; шықырлата қаза түсті де, қалақпен сазды топырақ араласқан мұз қиыршықтарын шығарды. – Ой, құдірет-ай!.. Мұз! Мұз!
Ол балаша қуанды. Дулат та әрі таңдана, әрі не дерін білмей дағдарып қалды.
– Айттым ғой, жан-жағына мұз қалапты! Суық содан. Таудың суық бауырына жақын салған ғой әдейі… Мәңгілік тоң қатқан Алтай ғой бұл. Таудың тоңы жібімейді. Жібітпейді. Мыңдаған жыл бойы мызғымай жатыпты. Жібімепті. Жарықтық-ай! Менің ғылыми жорамалым дұрыс болып шықты. Шындық дәлелденді, шәкіртім! Біз екеуміз дәлелдедік, ақыры! Дәлелдедік! Алтайдың қойны – мәңгілік мұз қабаты… Мұннан талай жаңалықтар ашылады әлі.
Профессор бір сәт қуанышын тыйып, өз-өзіне келді.
– Мұнда адам мүрдесінен өзге де дүние бар сияқты… Теріскей жақ көтеріліп жатыр, – деп, Дулат та өз ойынан хабар білдірді.
– Солай. Қабір емес, қабірстан десек те болады, бауырым! Кең-мол салыныпты. Құдай қолдасын! – деп профессор қолын жайды.
Дулат та:
– Хақ жолынан адастырмасын! Жаза бастырып, жаңылдырмасын! – деп алақанын айқара жазды.
Қабірдегі аруақтар күткендей, екеуі де дауыстай берді.
– Әумин! Әумин! Әумин! – деді доктор.
– Амин! Амин! Амин! – деді доктарант.
Олар риясыз көңілдерімен қабір ішінде құдайға жалынды…
Ал екі мыңжылдықтан да астам мызғымай жатқан қабір сыртында Марқа сұлу мен Маңқан сұлу бойынан жеткен марал самал желпіп тұрды. Тыстағы жұрт қабірхана ішіне еніп кеткендерден сабырмен хабар күткен.
Тек студент қыздар еліктей елеңдеулі еді…
Декабрист Қаржау ғана темекісін тартып, ауыл жаққа көз салып отырды. Тілсіз мылқау Отанның тілінің шығып кеткенін неге жорын білмей, Былғары табыт қабірінің бір құдіреті бар шығар деп ойлады. Мылқаудың Байдалы тауының басында қарақұсша қалқиып отырып, лезде көзге көрінбей ұшып келетін қасиеті бары біраз жұртқа белгілі еді… Бұған да мәлім-ді. Бәлкім, мәрмәр астына да сол қасиеті енгізіп жіберді ме екен. Түн асқан жүйріктей түнеп шықты ғой.
Бұл тылсым төбенің алыс Сарыарқа жонынан бір топ жұртты жел қуған қаңбақтай жер айналдыра жеткізгеніне не жорық. Бала Отанды солар болмағанда мәрмәр мола астынан кім құтқарар еді? Төбе мен тілсіз мылқаудың арасында ғайыптық бір байланыс бар. Бұл қасиет балаға баяғыдан қонса керек. Тәңірі қондырса керек.
Отанның әлгі жынданып кеткен анасы баласынан тегін қорықпайды ғой. Ғазиз қайда барса да, өзімен алып жүретіні де содан-ау! Анасы «өлтіріп тастау керек» деп тісін қайрап, соңынан қуып жүргені тегін емес… Ақжамбы әже ғана бейшара шермендені бауырына басады.
Мына студент жастарды көріп отырып, сонау жылдарғы Желтоқсан көтерілісінен кейін түрмеге тоғылып, қайтіп Алматыға аяқ баспағанын есіне алып, қала қалай өзгерді екен деген жетім ойға бой алдырды. Одан бері де қанша жыл сырғыды? Астана да Арқаға ауысты… Сарыарқаның сары белінде көк тіреген көгілдір орда көтеріліпті. Тобанаяқ мешелдей ауылдан ұзамаса да, елдің қазық қағар ордасына айналған жаңа қала бұған көгілдір экраннан таныс.
Дүние де дөңгелене ауып барады…
Қазақ та Қазығұрт тауында қайырлап қалған Нұқ пайғамбардың кемесіндей тұрып қалмай, қабырғасын түгендеп жатыр. Жарлы-жақыбай көбейіп, малды-жалды сиреді. Ауылдар тып-типыл жоғалып, қалалар ұлғайып жатыр. Әйтеуір, Былғары табыт селеудей сиресе де, әзірге бірлі-жарым жұрт көшпей отыр. Әй, бірақ түбі бұлар да қалмас! Бұларды да ұстап қалған осы қорған төбе құдіреті шығар.
Өмір… Өмір! Өткенің білінбейді-ау сенің маң-маң басқан Марқа сұлудың аюындай!
Мына төбеге екі мың жыл болған дейді Дулат. Шын болса… Кешелі бері ту-талақайы шыққан осы төбе астында жатқандар да өмір сүрді ғой бір замандарда. Иә, олар бұл секілді шылым шегіп отырмаса да, арақ-шарап аузына алмаса да ғұмыр кешті. Қалай кешті? Жұмбақ. Бәлкім, бақытты өмір сүрген шығар! Бәлкім, бақытсыз… бірақ қайдам, бұлардан замандары түзу болғаны күмәнсіз. Алтын киім кисе, күміс белбеу тақса, онда олар адамның сұңқары ғой.
Иә, алтын адамдар… алтын аттар… алтын замандар болыпты. Бәрі алтын болған. «Алтын қоғам» болған деседі археологтар.
Сағым уақыт қана біледі. Сағым дүние. Бүгін жайнаған дүние де ертеңгі сағым жортқан жонның жоралғысы.
– Аға! Қаржау аға!
Ойы шорт бөлініп:
– Ау-ау!.. Мен мұндамын, – дей бергенін аңдамай қалды.
Палатка шетін көтеріп, сарышұнақтай басын шығарып тұрған Дулат екен.
– Ана студенттерді шақырыңыз. Ауыл азаматтары да жақын келсін. Қабір жұмысына кірісеміз. Мол дүние шығарамыз… Тас-топырақ тасимыз. Ішке көмекші болар жас жігіттер түссін!
Кешікпей-ақ өте кінәмшіл, нәзіктік пен мұқият тиянақтылықты талап ететін археологиялық жұмыс басталып кетті. Профессор мен Дулат өз-өзін ұмытып, тынымсыз іске кірісті. Жас археолог-студенттер де жалаңдай ұмтылды.
Ал ауыл азаматтары жандарынан табылды…
Көктен жауған күннің күміс сәулесі дүрмек дүниені балбырата иітіп тұрды. Кербез дала киіктей керіліп, маңғаз таулар керуендей маңып жатты.
IV
Ақжамбы кемпірдің ауласына Отанды асыға жеткізген студенттер жалт берісіп, қорған құпиясынан құр қалардай жүгіре жөнелді. Бала оларға көңіл де аудармады. Ол өзінің тұтқиылдан сөйлеп кеткеніне ересен қуанышты еді, бірақ алақай салуға қарадай қысылды. Өзгеден де, өзінен де қысылды.
Көне көр түбінен шыққан Отан жас балаша былдырламады. Сақауланып быдықтамады да… Үйге жеткенше аузына су ұрттап алғандай үнсіз келгенімен, Сұңғаттың әйелі жап-жас Уатаймен тілі сап-сау күйде бірден жазыла, жатық сайрап кетті.
– Құдай-ау, түнімен қайда жүрдің? Тағы тау аралап кеттің бе? – деп жас келіншек Уатай сөйлей қарсы алған.
– Апай, мен көрден шықтым…
Уатай шалқасынан түсе жаздады.
– А-а!.. Астапыралла! Не дейт мынау?! Өй, қу шешек! – деп шошынған ол таңырқай да қарады. – Сен сөйледің… Сөйледің ғой жаңа! О, жаратқан!
Тілсіз мылқау атанған Отан үндемеді.
– Мүмкін емес! Сөйлеші! Маған солай естілді ме?
– Апай, сөйлей алам. Көрден айғайлап ояндым…
– Ой, тәңірім! Қайдан?
– Көрден?
– Көрі несі, тағы? Ойынды қой, шешек! Тіліңді тый! Жо-о-оқ, тыймай-ақ қой, құдайым! Сөйлей берсінші!
– Былғары табытты айтам. Оның астында көр бар.
– Ойынды қой! Көрмен ойнама! Тіліңді былғама!
– Рас айтам!
– Сандалмашы! Құдайдан қорықсаңшы! Аллаға шүкір айт! Тілің шығыпты…
– Шүкір! Шүкір! Көрден шыққаным рас!
– Не дейт! Көкшешек келгір!
– Қарғамаңызшы!
– Кешірші, Отан! Мен байқамай…
– Оқасы жоқ, апай! Көр суық екен… Тоңдым онда.
– Сен шынымен… немене? Түнде сонда түнедің бе?
– Білмеймін… Өзім де түсінбеймін! Соның ішінен шықтым…
– Қазір ғана ма?
– Иә.
– Жоқ. Оны бүгін ашпақшы емес пе?! Не сандалып кеттің? Ауырып тұрсың ғой… сандырақтап! Жүр, дәрі берем. Тамақ ішеміз. Қайдағы жоқты айтпа! Онсыз да жетісіп отырғамыз жоқ… қан жұтып! Тілің шыққаны қандай керемет болды… Міне, чуда!
– Ауырып тұрғаным жоқ. Қарным да тоқ.
– Айран ішші! Әлгі гөләйт қуған әкең де келмеді… Сені жолға салатын. Апама әбден еркелеп алдың осында келгелі. Күршіміңе кетсең екен, аман-сау күйіңде! Кезбе Толу бұзды сені… Оған ерме дегенді ұқпайсың. Ол – жады.
– Апай, маған айран құйып, піскен еттен салып беріңізші!
– Оны қайтесің? Бермеймін! Тағы қаңғымақсың ғой… Апам келсе ұрсады, қаңғытып жібердің деп. Апама айтам. Ешқайда шықпайсың!
– Апай, баруым керек.
– Қайда? Кімге?
– Ұрыспаңызшы! Жады Толикке барам.
– Оны алып кетті емес пе, кеше…
– Ол Қалжырда… Аш жатыр.
– Өтірік айтасың. Өзің көрден енді шықсаң, Толғанбайды қайдан білесің? Осылай да өтірік айта ма екен. Мен сенің шешеңнен кіші болсам да, алдай алмайсың!
– Шын айтам. Көріп тұрмын… Кешеден байлаулы жатыр, тал арасында. Өзен жағасы.
– Қайда? Қайда-а?
– Қалжырда.
– Ауылда ма?
– Ауыл шетінде.
– Қойшы!
– Рас. Көріп тұрмын…
– Сен рас айтасың ба? Алдама! Көріп тұрсың ба?
– Иә!
– Сонда қалай көресің?
– Білмеймін. Айта алмаймын, бірақ көрем!
– Сұмдық! Апамдарды да көресің бе?
– Оларды да көре алам… көргім келсе!
– Ақымақ қылмашы, Отан!
– Апам қазір қалада…
– Өтірігіңе береке берсін! Қалада екенін бәріміз білеміз. Сотканы соғып, қазір-ақ өтірігіңді шығарам.
– Телефон соға беріңіз, қазір олар бір үйде отыр. Сұңғат ағаның сыныптасының квартирасы… Апам өлген Қуат ағамның жейдесін ұстап отыр… Жылап отыр. Сұңғат ағам да жылап отыр.
Сұңғаттың жас әйелі сасайын деді. Отаннан өзі қорқа бастады.
– Қуат аға аруағы қастарына келіп тұр. Оны әлі ана дүние қабылдаған жоқ… бірақ қабылдайды. Ол амалсыздықтан «бомба» болған. Оған «Жарыл!» деп бұйрық еткен.
– Ота-а-ан!.. – Уатайдың шошынған дауысы ащы шықты. – Айтпа! Сенем саған, сенем! Қазір бәрін дайындап берем… әзір! Ой, құдайым-ай, сақтай гөр! Не айтып кетті мынау? Аруақ қасында жүр дей ме? Олар аман-есен оралса екен! Енді қайттім?!
Бала да аузын жыйып, тым-тырыс бола қалды…
Ол жолға шыққанда балбыраған табиғат алысқа шақырып тұр еді. Күннің шағырмақ ыстығына қараған жоқ. Ауылдан ұзай бере жүгіре жөнелді. Жүгірген бойда құсша ұша жөнелді.
Қалжырға қарай қара жылан қабығындай созылып жатқан күре жолды бойлай ұшты. Алдынан самал есті. Тезірек жетуге асықты. Жады Толиктың қиналып жатқанын көріп келе жатты. Оны қалай көріп келе жатқанын өзі де түсінбеді. Бір буалдыр шаңыт жанар алдын шеңберлеп, сол шаңыт шеңбер ішінен бүрісіп жатқан Жады Толикты анық байқады.
Мұндай күйге бұрын да оқта-текте ұшырап қалып жүретін. Бірақ анық емес еді. Көбіне Байдалы биігінің басына шыққанда ауылға қарай осы шаңыт шеңбер ішінде ұша жөнелетін.
Ал адам тағдырларын көру Кезбе Толумен қу бассүйектер толы Қыранжартас қуысына барғанда әдетке айналып еді. Бассүйектермен тілдесіп, олардың қалай ажал құшқанын айнытпай көруші еді… Қазір бойына ғайыптан біткен сол қасиеті көмекке тағы келді.
Көне көр ішіне түнеп шыққалы осы бір ғайыптан ықпал етер айрықша күш-қуат өзінде күшейе түскенін бағамдады….
Ол Жады Толикке тез-ақ жетті. Бөкенбай тауы арасынан арсы-күрсі ақтарыла шығатын Қалжыр өзені алқымы ойпаң болып келетін. Ойпаң толы сыңсыған тал мен қайың-терек арасы жап-жасыл жазаңды. Қаракөлеңкелі жазаңды бұрнағы күні тасыған өзен шайып, бетін лайлы батпақ пен құм басыпты.
Ал құдай сақтағанда, Толғанбайды сақтапты. Ол ауылдың төр жағын жаба өскен осы орманның су шая алмас жалтаң тепсең биігінде қалыпты… Әлгі әңгүдік жігіттер ме, әлде олар басқа біреуге тапсырып кеткендер әкелген бе, әйтеуір, жалғыз алып үйеңкі жапырақ жайған құрғақ жерге тастап кетіпті.
Шынжырмен қол-аяғы қайыра байланған күйі жатыр екен… Сұрауы жоқ жалғыздың жаны шықпапты.
Маусымның маңған ыстық күнінде мұнда малдан өзге жоламайтын. Жұрт кеше аяқ астынан атқы жүріп, ауылды алып, көпірді құлатып кеткен Қалжырмен әлек боп жүрсе керек… Шынжырмен шырмалған Кезбе Толу ұмыт қалса керек. Ол да оңашада ыңырсып жата беріпті.
Отан екеуі асықпай ауқаттанды. Жады Толик бала Отанның сөйлеп отырғанына таңданбады да… Тіпті сұрамады. Бала Былғары табыт төбесінде не болып жатқанын айтып отыр еді. Әңгіме бірақ оны мүлде қызықтырмады білем, немқұрайды мінез танытты. Өзімен өзі болып, тарамыс тәнінің темір батқан жерлерін сипалап қойды.
Иә, бұл тән не көрмеді?! Бұл жан не татпады?!
Толғанбай орнынан тұрды. Төмендегі Қалжырға қарай беттеді. Бала да ас қалдықтарын жиыстырып, соңынан жүрді. Кеше ғана қаңтарда бураша бұрқ-сарқ шабынған өзен бүгін тыныштала қалыпты.
Өрім-өрім киім-кешегін жағаға тастай салып, Жады Толик өзеннің иірімді тұсына қойып кетті. Су суық екен. Жылдам сүңгіп шығып, жағаға ұмтылды. Оның ісін бала да айнымай қайталады. Жартасты біткен жағада ыстық тас үстіне жата кетіп, тәндерін қыздырып алысты.
Әлден уақта екеуі де тау бауырын жағалап, Былғары табыт ауылына қарай тартты. Күре жолға жоламады…
Олар ескі әдеттерінше тіл қатыспай келеді. Ақсөңке сайға аруақ шақыруға бара жатқандай, Жады Толик ұзын сирақтарын көстеңдете де баспайды. Асықпайды. Енді қайда асығады? Аруақтар басы мамырда мамырлап, сұқ көзден жалтаң боп біткен терең сайда шашылып жатыр. Бұл балалардан басқа пенде жолатпай жүретін Былғары табыт моласы да жермен-жексен. Енді неге асығады ол? Кімге асығады бұл? Екеуі асығатын не қалды?
Толғанбай қасында қонжықтай ілескен Отан осындай оймен келеді. Оған бірақ бір ойы мүмкін емес деп, сана түкпірін құс тұмсығынша түрткіледі. Сол-ақ екен тұманытқан санасы оқыс оянып кетті… Көз алдында шаңыт шеңберлер пайда болып, бұл қалай ғана соның буалдырына батып бара жатқанын сезбей қалды.
Жады Толик тағдыры бала санасына себезгілей еніп, шеңбер бойымен айнала көрініс берді. Үлкен бір айна пайда болғандай, бала да жарық дүниенің жұмбақ айнасын тамашалай бастады… Алып шарайна ашық күнде күн шұғыласы шашырайтын Зайсан көліндей жарқырай түсті. Көл айнасына сынған сәулелер санасын шабақтап, тағдыр тұнығы тұңғиық қатпар түбінен сәлеленіп келе жатты.
Толғанбай жап-жас бозбала екен…
Түбіт мұрты енді тебіндеп келеді. Бойшаң бойлы, қарасұр түсті. Сері. Жастыққа тән жындыбастау мінезді. Қыз-қырқынға қырғидай тиетіні де бар.
Қалжырлық кержақ Жабов Константин – Костя екеуі құрдас. Досжар – тамыр.
Екеуінің де жастық жалыны жын болып атылып, күш-қуаты қорғасындай қайнап тұрған шағы. Орыстың қыздарына бұт артып қойып, ләзаттың шырын дәмін татып, ауызданып үлгерген бозбала кездері.
Ауыл арасында тентек аты шыға бастаған Толғанбай – Толу тек бай-бағланның қызы Самарға ғашық болып қалып, сілекейі шұбұрып жүрген шағы. Бай-бардам ауылға ат терлетіп барып, ақсүйек ойнап қайтып, қыз жеңгелері жолатпай, ауыл жігіттерімен қамшыласып қалысып, тоят тілеген жас қырандай зар күйі.
Зайсанның ақ шабағындай шоршып түсіп, білезігінен қол ұстатпай тұрған Самар қыздың да піскен тау бүлдіргеніндей уылжыған балауса шағы… Үкісі басында бұлғақтап, буын-буыны былқылдап, басты айналдырып, көзді қамықтырып жібереді.
Әукесі түсіп, әуселесін көре алмай құмартқан Толғанбай да Самар қызға ерегесе түскенді. Егес аздырған жынды сезім жын буғандай қуалап, жамағайын жеңгесі Сайқанның қойнын аштырғанды… Сайқан да сырғалы сұлу, қыста жауар сырғақтай тайғақ жан еді. Қылыштай өткір қайнысының қайрақтай жанылып жүргенін аңдап, «Алысқа қарап мөңіреме, қайдағы балғын бұзауға… Туырылған ту таналар жүрміз ғой, әрі әрлі, әрі нәрлі!» деп, суық сөз салған Қалжыр бойында.
Қалжырдан балық аулап күнелткен ынжық Тотық байы бұлардың ымы-жымын сезсе де, қанжардай жас Толуға жетіп баруға батылы жетпеген. Мұрнының астынан міңгірлеп, Сайқанға балық сасыған қолын көтеріп те қалған.
Келіншектің күлімкөз жанарының айналасы көгеріп шыға келген-ді…
Сайқалдың ыстық қойнында ұжмаққа батып жатып мұны естіген Толу ызаға булыққан. Сол бір сәтте ақ сазандай санын сүйдіре, қызғаныш шоғына күйдіре «Өлтірші!..» деген сайқал сыбырлай өртеп. Ләзаттқа малтыққан бозбала «Жарайды! Жарайды!» деген тәні тұтана жанып… «Өлдім, жеңгей! Өлтірдің ғой…» деген тәні-тәніне балдай еріп, жаны-жанына жалындай еніп.
Көп кешікпей бейқам Тотық – момын Тотық қара күздің ымыртында соққыға жығылды. Өз үйінің табалдырығынан аттай бергенде, қара балта дүмі сілейте соқты. Малақай сыртынан тигеннен жаны шығып кетпей, есінен тана құлады. Талып жатқан бейуаз жанды Сайқанмен екеулей жүріп, қос бүктеп темірмен шандыды да, жанып жатқан кержақ пештің көмейіне таман апыл-құпыл тығып жіберді.
Сорлы Тотық жанталаса бақырып-шақырып жатып жанып кетті…
Бұл құпия сұмдықты Толу жан баласына айтпасқа Сайқанмен серттесті. Осы күннен бастап жан-дүниесін бір мазасыздық билеп алды. Қайда жүрсе де Тотықтың шарасынан шыға адырайған көзі есіне түсетін, кеш қарайса құлағына шарылдаған дауысы естілердей болатын. Шырт ұйқыда жатып, «Тотық» деп шошып оянатын.
Сайқан сайқалдан да сәйгел тиген бұқадай суынып шыға келген. Марқа басындағы Қожамбет жайлауына тартып отырған. Самар қыздың гүл бейнесін көріп, өзін өкшелеген сұмдық жайдан құтылғысы бар. Кісі қанын жалдаған жауыздық әрекетті арман ару ұмыттыратындай көрінді.
Алтыбақан басында Самар арумен жүздескен еді…
Самар ару жеңгелері жындыбас бозбаланы жолатқысы жоқ болып шықты. Ақыры арумен бұлақ басында уәде байласты. Ару қыз «Былғары табытты қаз. Қазынасын алып кел. Басыма алтын сәукеле кигіз» деп, орындалмас іске жұмсады. Сайтан қыз «Осыны өлсеңде орында! Орындай алмасаң – маңайымды баспа!» деді сыңғырлай күліп.
Шұбар құнанға шарт мініп тұрып, «Осы ойыңды орындасам, мендік боламысың?» деген Толу. «Иә!» деген ару қыз. «Сендікпін өлгенше! Тек құр қол қайтушы болма! Мүлде оралмай кет!» деп сықылықтай күлді.
Сол кеткеннен Толғанбай мол кетті…
Шұбар құнанмен Қалжыр өзенінің Тақыр жазығына ағып шығар жердегі кержақтармен аралас ауылына тартты. Тамыр досжары Константинге де жетті. Костя құрдасы лып ете қалды. Екеуі түн жамылып, шұбарды арбаға жекті. Ырдуан арбаға күрек-кетпен, сүймен-лом салып, Былғары табытқа бет түзеді.
Ай жарығында ат басын Былғары табытқа тіреді…
Шұбар құнанды отқа қойды. Төбе төбесіне шықты. Жарық айдың сүттей сәулесі айнала атырапты боз жусандай бозамық түске бояп тұрды. Қос тамыр құрдас бірі ломды шаншып, бірі кетпенді қаптырып, Былғары табытты тұңғыш рет тап төбесінен қозғады.
Былғары табыт ай сәулесімен дір етті…
Көне мола не бір аласапыран қилы замандардың куәгері болса да, ешкім батылы барып қабірді мазаламаған еді. Қилы-қилы уақытта басына сүймен түгілі құс та саңғымаған қорған шошынып, ішінде жатқан жан шамырқанып, тасқа тиген шыңыл дауыстан дүр сілкінді.
Сүймен мен ломды дүрсілдете қадап жатқан Толу мен Костя оқыс қозғалып қалған төбеден секем алып, бір-бірінен «Жер сілкінген жоқ па?!» деп сұрасып, тұра-тұра қалысты.
Дүние тып-тыныш. Айлы аспанда жұлдыз ақты…
Тек қараңғы көр ішіндегі Ұлы Аруақ жеті қараңғы түнде оянып кетті. Жанына жерленген Байшұбар тұлпар да аруақпен бірге түрегеле берді. Алтын сауыты мен жақұт тастары жарқырап, Ұлы Аруақ атына қонды. Алтын-күмісті ер-тұрман әбзелдері саудырап, Байшұбар сағымдай суси жөнелді.
Қабір төбесін перідей ойнақтап жатқан қос пенде жер астынан сары сағымдай суси шыққан бейтаныс құбылысты байқап қалды… Әрі таңырқап, әрі шошына қарады.
– Көшпелі алтын ба Алтайдың?
Константин тамырының дауысы абыржи естілді.
– Аруақ!
Толғанбай дауысы шошына шықты.
Кенет әлгі Байшұбар мінген Ұлы Аруақ мола мазалаушылардың көз алдында зорайды. Қолында алмас алдаспаны жарқылдап, астындағы Байшұбар аты ауыздығымен алысып, ай жарығымен сары сағымдай ойнап, төбелерінен төне жайпап өтті.
Қос тамыр жігіттің зәрелері зәр түбіне кетті… Көктен төнген сырлы сағым қолдарын да көтертпеді. Дауыс та шығарып үлгертпеді.
Көздері шарасынан шыға шатынап, естерінен ауып кетті…
Бозбалалар шалқалай барып құлады. Етекке қарай кесілген шөркеше домалады. Ауыздары ай жарығында қисайып, бет әлпеті жыбырлай тартылып, қол-аяғы тырысып қалды.
Түн ішінде ұрланып, қорқау құныдай көр қопарған Толғанбай мен Константин әрекетін алқамаған Ұлы Аруақ атып жіберді…
Екеуіне орыстың емі қонбады…
Жақын маңдағы емші-домшы әрекетінен түк шықпады. Ал Костя мен Толудың бет-жүздері кісі шошырлық кепте тартылды. Қол-аяқ сіңірлері дала өртінде күйген құрдай тырысты. Екі азамат жасты емдеуге ел боп жатып іздеу салды.
Қалғұты өзенінің жайылма етегіндегі Ақши ауылынан Бұран деген бақсының жынменен емдейтінін ел білетін. Оған қолқа салуға адам жіберді.
Бұран бақсы:
– Қосар атпен келіңдер. Қосардағы ат белді болсын!.. Үш күннен кейін барам, – депті күпті көңіл келген Толғанбай әкесіне.
Уәделі күні бақсының сұратуымен қосар ат жетектеген бір бозбала да Былғары табыт басынан Ақши ауылына жетіп еді. Бозбала Бұран бақсының ауласына кірген соң, қосар аттың үзеңгілерін бақсы қанжығаға қайырып байлатпады. Бос алып жүретін белді аттың қанжығасына салақтаған қос үзеңгіні байлатпай, ат бауырын соқтырып отырарына атқосшы жігіт таңданып қалды.
Тап жүрерде аттар пысқырынып, үрке осқырына берді.
– Құр, жануар, құр!..
Бұран бақсы белді қосар атты шаужайлап, ауыздығынан жыра тартып, шылбырын тақым астына басып алды.
– Құр, жануар! Қазір үйреніп кетесіңдер! – деп Бұран тағы дауыстап қойды.
– Аға, бұларға не болды? Мұндайы жоқ еді… Неден үркіп тұр? – деді бозбала таңданысын жасыра алмай дегбірсізденіп.
– Е-е, менің жындарым ғой… Содан үркіп жатыр, – деді бақсы жайбарақат қана.
– Олар осында ма?
– Осында. Жылқыларға көрінді…
– Астафиралла!.. Жын-шайтанды жылқы жануардың көретіні рас екен-ау!
– Жылқы – асыл жануар ғой… Оған көрінеді.
– О, жасаған!.. Сізге ше?
Бұран бақсы бозбалаға қарап:
– Менің иеме бағынышты ғой… Олар иемнің құзырында! – деді жай ғана.
Жетекке алған белді аттар жеті бірдей жынды көргенде үрке берген-ді. Оған бірақ кісі көзіне көріне бермес, сүйегі асыл жылқы жануар жанарына шалынатын жындар қоймай жүріп, желкелей мініп алған еді…
Ақшиден шыққан олар қарашулан қабыландай қарайып жатқан Бөкенбай белдеріне жақындағанда жындар мінген қосар ат қара терге түсе бастады. Белді келген жануар шатқаяқтап та келеді.
Атқосшы жігіт:
– Апырай, аттар тышқаншық болып ауырып қалды ма! – деп мазасызданды.
Бұран бақсы:
– Аттарың аман. Қорықпай жүре бер! – деді. – Менің жеті жынымды көтере алмай келеді.
Бозбала жын мінген белді атқа зер сала тағы қарады. Ертоқымның қайыс баулары адам отырғандай шірене тартылып, темір үзеңгілер делдиіп тұр екен. Сонда ғана бозбаланың көзі анық жетіп, санасы бақсы құдіретінен секем ала сескенді.
– Апырай, ә-ә!..
– Жын да ауыр салмақ… Еш саспа! Аяңдап жетеміз! – деп жаймен жүре берді.
– Мен жаяу жүрейін! – деп қалды бозбала.
Атқосшы аяңдап келе жатса да, ақтер-көктер көбікке шыланған қосар атты аяп кетті.
– Өзің біл. Жас адамға жол жеңіл.
Олар Былғары табытқа жаяулап-жалпылап таң ата әрең жеткен.
Бұран бақсы Былғары табыт обасы басына үш киіз үй тіктірді. Үшеуі де ақбоз үй. Біріне жындарын жатқызды. Біріне өзі, енді біріне күн көзінде қалған терідей тырысып қалған Толғанбай мен Константин жатты.
Бақсы шылдырмақты аса таяғын алып Былғары табытты айнала би биледі. Бақсы зарын төкті. Даңғырасын дауылдата ұрып, мола төбесінде айға қарап буыршынша шабынды. Тау бауырын азан-қазан қылып, Ұлы Аруақты озан дауыспен озандата шақырды.
Екі әумесер пендені ай сәулесі астында – Былғары табыт бауырында жеті жынмен емдеді. Арғы-бергі заманды сағымдай шолып, бұ дүние мен о дүние хикметін жындарымен тани жортқан Бұран бақсы құрысқан тәнді жазғызды, ширыққан жанды шошынтты…
Екі бірдей пендені Былғары табыт ішіне қуатты сана күшімен енгізді… Ұлы Аруақ алдына апарды… Бойларындағы жындарын қағып алып, жер құштыра жықты. Тізелерін бүгілтті. Бастарын жүгінтті.
Былғары табыт обасы астындағы Ұлы Аруақтан бақсы Бұран алдымен өзі кешірім сұрап, мейірім күтті… Кешірімін алып, мейіріміне ие болған соң, екі тозақы жексұрынды емдеуге көшті.
Тура қырық бір күн дегенде екеуін аяғынан тік тұрғызды… Жеті жыны от бүркіп, Былғары өзенінің суына батырып емдеді.
Даңғыра дабылымен Бұран бақсы таулы даланы тербелтті…
Марқа сұлу аруағы да тебіренді… Марқа көлі де тербеле берді…
Бақсы тілегі ер-азамат болды. Ел тілегі көл болды… Толғанбай мен Константин орнынан тұрған күні аста-төк жауын жауып, Былғары табыт етегінде сел жүрді.
Арада ай өткенде Толуды Зайсаннан келген Шар Руссия өкіметінің полициясы ұстап әкетті. Зайсанның тас түрмесіне апарып жапты. Сайқан сайқал да қасындағы көрші камераға қоса қамалды.
Куәлікке досжар тамыры Костя келді. Ол Толу мен Сайқан қатынның қылмысын қиып тұрып мойнына салды… Былғары табыт қазуға бара жатқанда ақкөңілденем деп, арба үстінде аузынан қағынып, тамырына өзі айтқан еді. Костя тамыры ақыры сатып кетті.
Арада апта өтпей аласапыран басталды. Ақ Патша тақтан құлапты… Зайсан түрмесі ішінен көтерілді. Қырғын бұзықтық басталды.
Толу қырға қашты…
Оқтай зулап уақыт өтті…
Толу маңдайында қызыл жұлдызы бар кепкі киді. Ат ойнақтатып ауыл-ауылға шықты. Кәмпескеге кірісті. Бай-бағланды бишікпен шықпыртып, қос-қостап Қара Ертістің қарайып кеткен ағаш көпірінен мал-жанымен айдады. Зайсанның темір есік, тас түрмесіне тоғытты.
Кержақ тамыры Костямен қайта ауыз жаласты. Ол қызыл тулы Зайсанның төрінен бір-ақ шықты. Алқабек шекарасына қызыл тулы, қызыл жұлдызды басшы болып оралды.
Бозбала күнінде қолы жетпеген Самар қызды ат көтіне мінгізді. Тақырдағы кәрі шешесінің үйіне әкеп тастады. Самар сұлу едел-жедел сәби көтерді. Балпанақтай екі ұлын иіскеген сайын Толғанбайдың жүрегі қуаныштан жарылды!
Қаратаяқ болды. Қамшыны қырдағы ел-жұртқа үстін-үстін үйірді…
Костя тамырынан тапанша алып, мылтық асынып жүретінді шығарды. Ел іші лаң тигендей бүлінді… Тігерге тұяқ қалдырмай, кедей-кепшікке де қарамастан мал біткенді жыйды. Зайсан мен Күршім асырып, тағы айдатты. Тышқақ лақ пен ақсақ тауыққа дейін Толудың жанарынан қағыс қалмады. Тақыр даласына еккен тарыны тартып алды. Қызыл кәуленнің талқанын да бұйыртпады.
Іле-шала әпербақан Толғанбайды тағы ұстап әкетті. Жалаңаяқ Күршімге айдап барды. Түрменің быламығынан іші өтсе де өлмеді… Ал далада адамдар топырлап қырылып жатты. Жалаңдап аштық жетті… Аштан өлгендер ісініп-кеуіп, шемендей жарылып, қарға-құзғынды қарқ қылды. Жалпақ жұрт сарышұнақ тышқан аулап, обаға шалдықты.
Толуды төтеннен тағы босатты…
Кержақ тамыры Константин аманатқа тағы босаттырып алды… Досжар тамыры жүдеген жүзінен сүйді. «Өлмейсің! Өлтірмеймін!» деді ыржиып.
Түрмеден босана сала тамыры берген шекарашының салт атымен Тақырға тартты. Тақыр жұрты босып, тандыры кеуіп қалыпты.
Төбесі тайпақ там үйіне келсе, есігі айқара ашық жатыр екен. Сүйген жары табалдырық көзінде мелшиіп отыр. Үндемейді. Өлі аруақ. Қос құлыны – жұлыны… жер жастанып, бір-бірін құшақтаған күйі аштықтан бұралып жатып, қатып қалыпты. Көктемнің күні де жібіте алмапты.
Ал кәрі шешесі көзіне түспеді. Ұшты-күйлі жоғалыпты.
Ауылда адам жоқ. Баяғыда-ақ «балапан басына, тұрымтай тұсына» бытырап жоғалыпты. Жұртта Самар сәбилерімен жалғыз қалыпты. Жан-жаққа «бас сауға» деп кеткен, көшкен жұрт ертпепті. Мұның отбасына «есек қайғырсын» десе керек.
Ол зар еңіреді, запыран ішті… Костя тамыры қалтасына сала салған шылымды шекті.
Самар әйелі мен ұлдары жүзіне қайтіп қарай алмады. Үстеріне топырақ тамды құлата салды. Қою шаң бұрқ етті. Атқа қарғып мініп, қамшы басты. Алқабектің құмына – шекара бойына қарай құстай ұшты.
Марқа сұлуға мамыр туған еді…
Мамырмен аштықтан шыққан жұрттың да жанталас қыбыр-жыбыры басталды. Шекара бұзушылар көбейді. Костя мен Толу да қанына қарайып алды.
Костя тамыры қабағын түйіп, зілмен зеки айтты.
– Сен маған қарыздарсың! – деді. – Қарызды өтеу парыз!
– Дайынмын! – деді Толы.
– Тамыр – до гроба тамыр… Әлгі малын жасырған жырынды ауыл шекара ауады дейді. Солардың арасына барасың. Жолын кесу керек. Түрмеден босап шықтым, кардон асам де… Жолды нұсқа. Құрғақ саймен алып шық. Тұйыққа жақындағанда шолып қайтуға озып кет. Менің жүйірік атыма мін! – деді Константин.
Сын сағаты да соқты…
Қалжырды бойлап, құрғақ сайды бетке алған қалың жұртты қызыл жұлдызды командир Константин қапысыз қарсы алды. Беткей үстіне пулеметшілерді ұра қазып жасырды… Өзі солдаттармен Қыранжартас сыртына тығылды.
Сықырлаған арбалы, саудыраған аттылы-түйелі, сабылған жаяу-жалпылы үлкен көш құрғақ сайдың қақ ортасына жетті. Осы сәтте өкпе тұстан қос пулемет сақылдап қоя берді. Қысаң тұйық ішімен бой жасырған ауыр көш оққа тұтылды. Құрғақ сай отқа оранып, мал мен жанның қанына бөкті. Жазықсыз пенде жан тапсырып, сезімсіз хайуан опат болды.
Дүние біткен мал мен жанның ызың-шуынан, ышқынысы мен байбаламынан құлағы тұнды. Костя мен Толудың да құлақ жарғағы ісінді. Жендеттік мінез бен қатігез қолдары бірақ селт етпеді.
Олар жартас тасасынан атып-атып шығып, жараланып жатқандарды санамалап атты. Басқа шекарашы солдаттар да басшыларының қимылын айнытпай қайталады. «Тірі куә қалмасын! Бастан атыңдар, бастан!» деп Константин командир қып-қызыл бұйрық берді.
Сол-ақ екен шекарашылар тобы құшырлана, құтырына атты. Толу да кесірлене, кектене кірісті. Тістене бергеннен жағы қарысып қалды. Бес жүзден астам адам баласы түгелімен жер жастанды… Толу «Мал құлағы – саңырау» деп, Костя «Банды-сволочи!» деп екеулеп жүріп, бәрін бастан көздеп, «контрольный» қорғасын жұмсады.
Көкорай қанға шыланды… Құмдақ қорқылдай жұтты…
Толу мен Костяның жүрегі айнымады. Солдаттар лоқси құсты. Ақсөңкеге айналар мол мәйіт шашылып қалды. Шаңырақтар дөңгелей жанып, қазандар аударылып жатты.
Костя досжары:
– Кезінде мен сатсам, енді сен саттың… Дүние – кезек, өлгенше! – деді
Құзғын күшігендер қан иісін күншілік жерден сезді. Түңіліктей қанаттары қалықтап, Ақсөңке сайға қарай ұшты. Қарғалар беткейдегі жақпар тастарға қарқылдай қонды. Бада болып жатқан жемтікке жанарларын сатты.
Ал алкеуде Толу қатын-баласының кегі қайтқандай жеңілдеді… Костямен қатарласып, атын ит бүлкекке салды. Соңында түтін шалқыған, қолқаны қапқан қан иісті құрғақ сай – Ақсөңке қалып бара жатты.
Тірілер қыңқ демеді…
Қыранжартас қаңқ етпеді…
Толы астындағы атты борбайға қамшымен бір-ақ салды. Жүйрік жануар ытырыла жөнелді. Костя тамыры мырс етті. Қолына бесатарды алды. Соңынан көкпеңбек көзі қадалып, қарауылға іліктірді. Шүріппені басты. Оқ бірақ дарымады. Ажалсыз пенде екен, аман кетті.
Костя үзеңгі жолдасына:
– Бара бер… Қайда барасың? Тағдырдан қашып құтыла алмайсың! – деп мысқылдады.
Дүйім елдің толағай басын тарсылдата атқан Толғанбай балалары мен әйелінің мәйіті қалған Тақыр даласына қарай бұлдырықша бұлдырай жөнеді. Жанарынан жас тамшысын жел іліп әкетіп келеді.
Тақырға да тақымын талдырып, жүйірікті болдырып, түнделетіп әрең жетті. Ат үстінен құлаған тамды құшақтай жығылды. Таң қараңғысында біржолата есінен адасып кетті… Қос құлынының толағай басын құшақтаған пенде топырақ жалап, меңіреу күйге түсті.
Айсыз түн қараңғылық пердесін қымтады…
…Кезбе Толу баланы кенет жұлқып-жұлқып қалғанда, Отан қайда келе жатқанын енді аңдағандай бойын жиып алды.
Әлгінде ғана санасында ғайыптан сәулеленген Толғанбай өмірі тұңғиығына еркін сүңгіген бала қараңғылықта Былғары табытқа да таяп қалғандарын бағамдады. Айсыз түннің жұлдызды аспанын Зайсан көлі жағынан қап-қара бұлт жауып қалыпты. Шығыстан тауды бауырлай салқын жел көтеріліпті.
Тырна сирақ Кезбе Толу тау етегін түре өскен бұта арасында сидаң-сидаң қағып барады екен. Мұны неге жұлқылағанын түсінбесе де, өзінің оған түсініксіз қылық көрсеткенін болжады.
Жаңбыр иісі білінді…
Жусанның иісі мен жабайы сусарымсақтың ашқылтым иісі мұрнына қоса келді… Баланың қарны шұрылдады.
Олар жылдамдата жүрді. Суылдап жел көтерілді. Түнгі бозаң бояу реңі баяулап сөнді. Қараңғы қапас түн басты. Тау ызғары күшейе түсті.
Отан тітіркеніп қойды. Кезбе Толу сойдақтай адымдады. Бала жүгіре басып, соңынан зорға ілеседі. Былғары табытқа жақындағанда оның асыққанына бала да таңданды. Жанторсықтай ілескелі үш жылдай болды, бүйтіп асыққанын тұңғыш көруі.
Дүние көл бетінен көтерілген диюдай дүркірете жай ойнатып қояды. Аспан шатыр ете қалып, іле-шала найзағай оты тұтасқан қап-қара батыс бетті алдаспанмен тіліп түседі. Биік тау жоталары жондана шағылып, сұлай жатқан сұрша дала көзге шалынады.
Былғарының сайынан аққан шағын ғана өзеншені де кешіп өтті…
Ал Былғары сайы аузына тұспа-тұс орын тепкен Былғары табыт обасының тап түбінен тау бөктерлеп шыға келген бұларға алып қорған оғаш көзге шалынды.
Жады Толик:
– АҺ-Һ! – деген оқыс дауыс шығарды.
Отан ғана үнсіз меңірейді…
Тақ төбесінен тап бір бомба түскендей быт-шыт болған қорған Жады Толиктың жүрегін мұздатып жіберді. Ойына оқыстан өзі құлата салған Тақырдағы там үйі түсті… Селк ете тоқтады!
Жаңбыр тысырлап тама бастады.
– Тоқта! – деді әлдекім. – Атам!
Найзағай оты жарқ ете түсті. Маңай жарқырап кетті. Мола іргесінде жартастай дөңкиіп тұрған трактор қасынан кісі сұлбасы анық көрінді. Былғары табыт басына күзет қойылғаны белгілі болды.
– Кімсің?
– Біз.
– Бізің кім?
– Жады Толик пен мен… Отан.
Толғанбай үшін бала жауап берді.
– Жеті қараңғыда қайдан қаңғып жүрсіңдер?
– Қалжырдан. Сіз, Политсай Парыз ағасыз ба?
– Иә. Сенің тілің шығыпты ғой… Мақау? Астапыралла! Қай үйге барасыңдар?
– Сұңғат аға үйіне…
– Бара беріңдер. Аулағырақ жүріңдер!
– Кеттік, аға, аулақ кетеміз!
Толғанбай баланың қолынан бас салып ұстап алды. Дереу жүгіре жөнелді. Бала да безе берді. Күл-талқаны шыққан көне қорғанды қиыстап, Ақжамбы әже үйіне қарай бұрылды.
Ол арқасына үнемі асып жүретін тері дорбасы қалған Ақжамбы үйіне асықты. Дорба ішіндегі сәбиінің қубасы су астында қалатындай көрінді…
Жай оты жақыннан тағы жарқылдады. Айналаны саулай тұтқан су пердесі ештеңе ажыраттырмады.
Қара жаңбыр ызғырық желмен үдей себеледі.
ҮШІНШІ ТАРАУ
I
Топалаң тигендей жұрт қырылып ұйықтап жатты…
Мыстан кемпірше толассыз су бүріккен тысқа бала еріксіз құлақ түрді. Даладан тоңазып келген бойы енді ғана жылынды.
Уатай жеңешесі қойнына алып жатып еді..
Көзін тас қараңғыда еріксіз жұмып алған. Сәлден соң пысынай бастады. Перідей жас келіншектің «Шанелл» әтірі мүңкіген жұпар омырауы ортасына бұғы бұзауындай тершіген танауын тығып, демі алқына түсті. Қоламтаға енген табадай тәні оттай жанды. Өзін бір ессіздік күйі билеп, балбыраған балауса сезім иітіп бара жатты.
Жұдырықтай омыраулы келіншек те мұны баласынып, қырындап жатқан бойы кеудесіне басып, қысып-қысып қойды. Отанның жүрегі ойнақтаған жас құлындай дүрсіл қақты. Жалаңаш денесі жас келіншектің жұқа шілтерлі іш киімі сыртынан ыстық тәніне жанасып, жаны жаныға иіді.
Кенет келіншек тәні әлде неден секем алғандай баланы серіппедей серпіп жіберді. Отан жерге дүрс етіп құлап түсті.
– Ой, шешек! – деді жас келіншек зілсіз ғана. – Жігіт бола бастапсың ғой… Жүгірмек! Шыбығын қарай гөр… түртініп!
Лапылдап жанып тұрған бала салқын еденде есі еніп, үн шығара алмай отырып қалды.
– Бір жерің ауырып қалған жоқ па? Жарайды. Кел қасыма! Бірақ аулақ жатасың!
– Жоқ! – деді Отан. – Жатпаймын!
Екеуі де бір мезет қараңғы бөлмеде үнсіз қалды. Терезені тырс-тырс тамшы ұрып тұр. Тыныштықты тамшы ғана бұзды. Бала тоңазыды.
– Ой, шешек-ай! Басыма пәле болдың ғой. Үй толған адам… Көрпе де қалмады. Ой, Алла-ай!
Уатай амалсыз орнынан тұрды. Ұялы телефонын алып, жарығын жақты. Бала да тұрсишаң атып тұрған еді.
– Сенің жасың нешеде?
– Он үште.
– Бәсе, шешек, шыбығың шырпыдай болып… Қарай гөр өзін!
Пері перизатындай мүсінді әйел іш көйлегі ағараңдап жүріп қыстық киім кешекті шифонерден шығарды. Тап терезе астынан еденге төсек салды. Өзі жамылып жатқан қызғылт көрпені тастап, басындағы құс жастықты бұған берді.
– Тыныш жат, жүгірмек! Ұйықта! – деді ақырын ғана. – Алла, түн тыныштығын бере гөр!
Бала жақ ашпады. Жата кетті…
Тырс-тырс тамшы дауысы естіледі. Найзағай жарқылы да басылыпты. Бөлмені қараңғылық билеп алды. Елегізіп қойды.
Үстіне бұлғын тонын жамылған Уатай төсегінде біраз аунақшып жатты да, мұрны пысылдап ұйықтап кетті. Отан да ұйқыға бас қойды, бірақ жаңа ғана тұла бойын талмаусыратқан нәзік сезімді аңсап, көзі іліне қоймады.
Жас денесі тау бөктерлеген сүрлеуден де шаршапты. Тамшы тырсылын санағысы келді. Санай алмады.
Жаңбырлы түнде талықсып жатып ұйықтап кетті…
Қалған төрт бөлме де толған кісі еді. Бәріне де Дулат пен Мағдан Жұрағатұлы, саусылдаған студент жігіттер бөліне жатқан. Қыздар ғана көрші үйге кеткен-ді.
Ал түн ортасына таман жеткен кезбе Толғанбай мен баланы Уатай кешкі қалған аспен тамақтандырған. Жады Толик кіреберіс сейнек – ауыз үйдегі күз бен көктемде от жағатын пеш түбіндегі үйреншікті орнына қонды. Құрым кигіз бен ескі матрас үстінде жеңіл көрпе жамылыпты.
Ақ жауынға айналған түн тыныш. Күні бойы қабір ішіндегі тас-топырақты тасып сабылған, жәдігерлерді айырып алуға тырысқан жұрт шырт ұйқыда… Бала да марғаудай пысылдайды.
Ол ұйқыға дендей берілгенде, түс көре бастады. Түсінде Толғанбай мен Қуат ағасын көрді… Екеуі бірге жүр екен.
Жады Толик сейнекте жылап жатыр. Қасында Қуат отыр.
Боқшасын құшақтап алған Жады Толик ағыл-тегіл жылауда. Оның көз жасы жайылып барады. Көз жасына Қуат бірақ мән берер емес, басын сүйегісі келеді. Сүйей алмайды. Басы ауыр екен, қозғалта алмай қор болады.
Ағыла аққан көз жасы іргені алып барады. Бөлме ішіне білінбей толып келеді. Қуат белуардан ыстық жасқа малшына бастады. Жады Толик та өз көз жасы үстінде қалқиды. Құшақтаған ұлының басынан бірақ айырылмайды.
Ал тері сөмке екеуінің төңірегінде қалқып жүр.
– Жылама, Толик! Не плач! Не стойт!
Қуат басу айтқан болады.
– Его сын… ШаҺид!
– Жо-о-оқ! Менің балам… Ол өлген жоқ! Тірі!
– Өлді! Өлуге тиіс! Өмір сүріп керегі не? Сендей жадыға бала не керек?
– Керек! Керек! Ұл керек!
– Иә, ұл керек… Сарбаз болар ұл керек. Шаһид болар жігіт керек… Маған бер! Маған керек. Қазаққа керек!
– Бере алмаймын! Жалғыз тұяғым… Тұяқсыз қалам ба?
– Қалмайсың! Тағы береді!
– Маған бермейді! Күнәм көп… көк шөптен де.
– Ол кешіреді! Саған береді. Жарылқаушы ием жарылқайды! Ол – кең. Ол – мейірімді. Нығметі мол.
– Саған сенбеймін!
– Неге?
– Пендесің…
– Жо-о-оқ! Қателесесің! Аруақпын…
– Аруақ! Мүмкін емес!
– Иә, аруақпын! Елеспін… есеңгіреп жүрген сен сияқты емеспін!
– Мен аруақтан қорықпаймын!
– Иә, сен не білесің аруақ туралы? Ештеңе де білмейсің, бейшара!
– Білем! Ақсөңке сайдан білем… Қыранжартас үңгірінен білем!
– Иә, білесің деген! Қайыңның қақ шекесін білесің! Білсе – мына мынау біледі… Отан бәрін біледі. Өлі мен тірінің тілін біледі… құпиясын біледі. Жалған сөйлеме, аруақ алдында! Аруаққа аян!
– Өзіңсің жалған сөйлеген… Ертең сатып кетесің!
– Сатпаймын. Сатылмаймын! Аруақ атымен айтамын!
– Аруақ сатпай ма?
– Аруақ сатпайды! Сатылмайды!
– Мені қинамашы! Баламды бере алмаймын!
– Өй, қубас қақпас! Қолыңдағы бала емес, қу толағай…
– Өтірік айтасың!
– Шындық. Ана Отаннан сұра!
Бұл басын изеді.
Жады Толик кішкене қу басқа қарай берді…
– О, құдай! Бұ не қылғаның!?
Бөлме іші кеңірдектен жылымшы жасқа толды. Жады Толиктің көз жасы сәт санап көтерілді.
– Саған Ол бір емес, екі рет берді!
– Қалайша?
– Солай! Бәрін де Ол береді. Бәрі де ана дүниеден келеді… О дүниеге кетеді. О дүние қайта жібереді.
– Сен де ме?
– Мен де!
– Отан да ма?
– Отан да.
– Отан екінші рет келген бе?
– Келген. Бірнеше рет келген… Сен не білесің? Екінші рет мына Отанды балаңдай сүйдің…
Жады Толик бұған таңдана қарады. Қолындағы толағайға тағы үңілді.
– О дүние! Бұ дүние! Қу толағай… Толағайға толы дүние! – деп күбір-күбір ете берді.
Осы сәтте жасқа толы бөлме есігін Отан айқара ашып жіберді. Жады Толиктың шүпілдеген көз жасы сыртқа қарай ақтарыла ауды. Сыртқа төгілген мол жас өрдегі Былғары табытқа – тау жаққа қарай қасара теріс ақты.
«Терісаққан деген осы екен ғой…» Отан таңырқап қалды. Өрге қарай өрши жылжыған су жарым-жартылай ашық жатқан қабірге құйылды.
Қуат мұны қолынан жетектеп алды да, қара жаңбыр астында қара жолға бет түзеді. Аруақ алақаны мұздай екен… Сезімі суынып, саумал санасы сараланды.
Олар жаңбырлы түн қойнауында қарауытқан ауылдан ұзамай жатып, құс қауырсынындай жеп-жеңіл күйге еніп, ұша жөнелді. Лезде қара бұлтты найзағай жарығымен қосыла жарып, қаракөк зеңгір аспан биігіне көтеріліп, жай отынан қуат жинап, алысқа самғай ұшты.
Қанатсыз ұшып келеді. Байдалының басынан да Отан осылай ұша жөнелетін…
Қорғасын түтін көміп жатқан Өскемен қаласына екеуі әп-сәтте қырандай ұшып-ақ келгені… Түн жамылған екеу елеусіз еді.
Қала көк түтін мен қара түн құшағында ауыр тыныстап жатыр екен. Самаладай жарқырайтын жарықтары тұманды түтіннен өлетін қой көзденіп көрінеді. Бар дүние бұлыңғыр тамұққа батқандай.
Отан:
– Қуат аға, сіз осында тұрасыз ба? – деп сұрағанын өзі де білмей қалды.
– Осында өлгенмін!
– Неге осында?
– Өлу керек болды…
– Өлмей қалуға болмады ма?
– Болатын еді… Онда бірақ сатқын болар едім.
– Кімді сатасыз?
– Өзімді сатам… Нағыз сатқындық – өзіңді-өзің сату. Өз болмысыңды сату. Өз ожданыңды сату. Ар-ұятты сату.
Отан үндемей қалды.
– Сен бала болма! Бала емессің… Азаматсың, бауырым!
– Мені бәрі баласынады… Мақау санайды.
– Мақаулықтан, меңіреуліктен арылдың сен! Мылқау емессің. Олар – мылқау. Олар – меңіреу. Олар – мешеу… Олар – соқыр… Мынау қаладай суқараңғы. Сенің санаң сау. Сызатсыз.
– Былғары табыт көмектесті ғой…
– Былғары табытта жатқан ұлы Сақа қаған атаң көмектесті.
– Ол бірақ Дің қаған еді ғой… Дің қаған қолымнан жетектеп, Зайсан көлі жағасындағы Аманат жеріне тігілген Ордасына апарды.
– Сені ертіп барған Дің қаған – сол ұлы Сақа қағанның қырық жетінші ұрпағы… Былғары табытта Дің қаған жатқан жоқ. Оның асыл сүйегі Сарытаудағы Топай кезеңінде қалған.
– Былғары табытта Сақа қаған жатыр ма?
– Иә! Дің қаған сенің мақау-мылқаулығыңнан арылту үшін бабасы Сақа қаған моласына жетектеп әкеп табыстады… Топырақ жамылған Ұлы Аруақ құлан-таза жазып жіберді.
– Мен өліп-тірілгендеймін?
– Өлдің, қайта тірілдің… Енді өлілер әлеміне де, тірілер әлеміне де барып-келіп жүресің. Ортақсың, бауырым!
– Неге олай етті? Маған ауыр ғой.
– Сен – аманат ұлсың… Бүгінгі күнге жіберілген аманат.
– Ал сіз ше?
– Мен аруақпын.
– Сіз де келіп тұрсыз ғой… мынау қалаға… анау ауылға да…
– Мені саған жіберді.
– Қалайша?
– Ол бұйрық етті! Бәрі соның бұйрығы.
– Бұйрық… нені бұйырады? Мен баламын ғой…
– Осыдан былай бәрін де көретін боласың… Бәрін де білетін боласың… Бәрін де бастан кешетін боласың.
– Өткенді де көре берем бе?
– Өткенді де. Саған құдіретті ием сондай күш-қуат берді… Қасиет дарытты. Тек жақсылық істеу үшін берді. Ол да аманат! Қиянат жасауға хақың жоқ. Қателесуге жол жоқ.
– Бұзып алсам ше?
– Ондайды атама! Ол қаһарын тігеді! Аруақтар да ренжиді…
– Аруақ ата ма?
– Атады! Сені қоршаған дүниеде сұмдық болады…
– Бұзып жатқандар ше?
– Олар – пенделер…
– Мен де пендемін ғой.
– Сен де пендесің, бірақ аманат пендесің!
– Ел де аманат па?
– Оны білмеймін! Елді аманатқа еткен адамдар бар. Солар жауап береді… уақыты келгенде. Сен әлі жассың!
– Елді аманаттамай-ақ қойса екен!
– Елді аманаттайтын да күн туар! Оны да Ол біледі… Ел аманаттар да ұлдар бар жұрт ішінде. Оларды да Ол біледі. Уақыты туғанда алдаспандай жарқылдатып шығарар!..
– Ол – кім?
– Ол – Жаратушы… Ол – бәрін көруші, білуші, естуші, сезуші.
– Сатқынды да танушы ма?
– Иә. Танушы. Күллі жақсылық пен жамандықты танушы.
– Сізді де таныды ма?
– Бәрімізді танушы…
– «Мен сатқын емеспін» демедіңіз бе Оған?
– Дедім.
– Ол ше?
– Үндемеді…
– Сіз ше?
– Мен ешкімді сатпадым! Анамды сатпадым! Елімді сатпадым! Жерімді сатпадым! Баламды сатпадым! Жарымды сатпадым! Отанымды сатпадым! Жат жерге бет бұрмадым… Оған да ақталмадым! Жаратушыға бәрі де мәлім ғой… Қалауы солай шығар!
– Сонда қалай?
– Адасқандарға құрбандық керек болған шығар… Олар – пенделер ғой. Жаратушы олардың қалауын орындаған болар, бәлкім!
– Олар «сат» деді ме?
– Жоқ. Майдан қылшық суырғандай майлап сөйлеп… жайлап сөйлеп адастырғысы келді. Талай боздақтарды адастырды… Талай жан жазықсыз жапа шекті… Жат жұртта жан кешті!
– Сатып жіберді ме?
– Олар сат демей-ақ сатып кетті… Сатқындық тектерінде бар екен. Ал мен сата алмадым… Сатылмадым! Сол үшін мерт болдым!
Екеуі Қуат жарылыс жасады деген қала орталығындағы сот ғимаратының алдындағы ескерткіш түбінде тұр еді… Әділет символын қолына ұстаған нәзік әйел бейнесіндегі ескерткіш пен оның биік мәрмәр тұғырына әжептәуір нұқсан келіпті. Жарылыс күші әйел-символдың оң жақ қолы мен аяғын жұлып әкетіпті… Тұғырдың да оң жағы опырыла сынып түсіпті.
– Аға, мыналар ма?
– Иә. Бұлар – жендеттер… Орындаушы мүридтер.
– Бұлар неге бұл жерді таңдады?
– Ол таңдады… Ол!
– Жаратушы ма?
– Жоқ. Пенде. Сол таңдады…
– Сол кім?
– Оны айта алмаймын! Өйткені «әділетшілер» арасында сатқындар толып жатыр… Әділет символына көлеңке түскелі қашан?! Билік бұралқы қаншықтай күйге енгелі қай заман?! Олар жерді де, елді де сатты ғой… Бәрімізді дұшпандарымызға кіріптар қылды ғой.
– Қай дұшпанға?
– Іштен іріткісі келетін… Үй ішінен үй тіккен келімсек жұртты айтамын… Міне, іш дұшпан! Ал сырт дұшпаның анталап ол отыр… Қаруын сайлап, саясатын майлап, бауырым!
– Көп ойыңызды түсінбедім, аға!
– Әлі түсінесің… Баласың ғой. Билік пен мәнсап қуғандар үшін халық – бала… Алдаумен келеді. Асықпа! Болашақ дүние өзгерер… Дүние – сынап. Кімнен сусып кетпеген? Келеді әлі келісті кезең… Сен оған сен!
– Мыналар кімдер?
– Олар… пенделер… жендеттер!
– Неге келді?
– Жан алуға…
– Кімнің?
– Қорқып қалма! Менің… жаным!
Отанның көз алдында төрт жігіт қара лексус-джип көлігінен түсіп жатты…
– Мен бәрін де көріп тұрмын, аға!
– Көріп тұрсың… Көріп ал!
Олар көліктің артқы есігін ашып, ішінен байлаулы жатқан Қуатты алып шықты. Сары скотчпен қол-аяғы бүрістіріліп, аузы жапсырылған оны тап мәрмәр монумент түбіне денесін тастай салды. Сонда ғана Отан допша домаланып жатқан Қуаттың тәнінен белі мен кеудесіне таңылған «шаһид белдігін» байқады.
Әлгі келгендер көлікке отыра салып, құм киігіндей шу қарақұйрық аттана жөнелді…
– Аулақ кетейік!
– Иә, аға, кетейік! – деп бала да қозғала берді.
Қуатпен екеуі ұзар-ұзамаста ту сырттарынан жарылыс дауысы естіліп, жердің солқ ете түскен дүмпуі сезілді…
– …мені осылай харап етті! Сен енді бәріне куә болдың… Жарайды. Кеттім!
– Қайда?
– Оған.
– Ораласыз ба?
– Енді қайтып оралар-оралмасым екіталай…
– Мен қайтем?
– Осылай опат болғанымды айт! Анама айт… Білсін! Аға-бауырыма, ел-жұртқа жеткіз! Жазықсыз екенімді естірт!
– Олар сенбес…
– Олар сенбес… Иә! Тым құрыса сен білші, бауырым!
– Жалғыз тастамашы, аға!
– Жалғыз емессің! Баба аруақтар бар… Былғары табыт бар… Ел бар. Жер бар. Толғанбай бар… Әке-шешең бар.
– Оларға мен керек емеспін.
– Керексің. Керек боласың…
– Қорқам олардан!
– Қорықпа! Олар қорықсын… сенен!
– Жалғыз қалдырмашы, аға! Қалада ешкімді танымаймын.
– Қаладан қорықпа, адамнан қорық… Қалаға да үйреніп кетесің. Қала сені жатырқамас.
– Кетпеші, аға!
– Кетуім керек. Менің уақытым бітті… Әне, олар келе жатыр… Қош бол, бауырым!
– Олар кім?
– Періштелер.
– Періштелер?
– Иә. Қош бол, Отан!
– Қош, Қуат аға!
– Қош-қош!.. Ұмытпа! Мені ұмыттырма! Ұмытпаңдар!..
Қуат ой-үні қимастық сезіммен білінді. Отан санамен сырласқан ой-үн тербелісінен оны анық сезінді.
Ыс басқан қара-қошқыл қала аспанын оқыстан қақ жарып, жіп-жіңішке жасыл жарық түсті… Өте бір нәзік те жанды тартар қуатты сәуле төңіректі сиқырлы, жұмбақ, жұғымды күйге бөледі.
Қаракөк түнді көктей өткен екі бірдей періште ғайыптан пайда бола кетті. Бала таң-тамаша қалып тұрды. Олардың бірі жылы жүзбен күлімсіреп келіп, Отанға қолын созды. Балаға таныс Уатай жеңешенің бейнесі күлімсірей берді. Салалы саусақтар баланың быртық келген балғын саусағынан іліп алды.
– Кеттік Отан, ауылға барамыз!
Періште бейнелі келіншек мұны қолтығынан демеді. Періште баланы шошытып алмайын деп, Уатай бейнесінде көзіне шалыныпты… Жылы да жұмбақ жымиысы бала жанын үйіре тартып барады. Бұл қалай ере жөнелгенін өзі де аңдамай қалды.
Ал екінші періште баяғыда Қалжырдың басында ускуч-ұшқыш балық аулап жүріп, маусым басындағы тасқынға кетіп өлген Қуаттың әкесі бейнесіне ауыса келіпті… Ол да кенже ұлы Қуаттың аруағы о дүние жұмбағынан шошып жүрмесін деп, әке бейнесінде ілестіре жөнелді.
Қуат тұңғиық тартқан көкніл ғарыш ғайыпқа, Отан бұлыңғыр тартқан Былғары табытқа қарай алаңсыз бет түзеді…
Сол бойы баланы Уатай кейіптегі періште терезе түбінде салынған төсегіне әкеліп бірақ жайғастырды. Өзі ілезде ғайып дүниеге сіңуге асығып, жаңбырлы далаға қарай сыбдырсыз қалқи жылжыды. Қап-қараңғы бөлмені қалқи жылжыған періште көгілдір жарыққа толтырды.
Жамбасы едендегі төсекке тиер-тиместен бала басын жұлып алды…
Қаннен-қаперсіз ұйқы құшағында тыныстаған Уатайға таңырқай қарады. Перизаттай сұлу келіншектің жұпар аңқыған тоқ омырауы шеңберек атып, көзіне оттай басылды… Періште ғажайып көгілдір түске бояған бөлмеде шырт ұйқыдағы сұлу әйелдің омырау жұпары танауына келгендей болды.
Бала жас келіншектің қасына барып жатқысы келді… Әлде бір ұятты күш тартыншақтата ұстап қалды.
Ал жас әйел бейнесінен лезде аппақ сұлба-сәулеге ауысқан періште болса, қарауытқан тар бөлмеден тысқа шығып кетті… Жібектей сусып шығып кетісімен, бөлмені қою қараңғылық басты.
Жанын тыныштыққа тоғытқан сиқырлы сәттен айрылып қалмайын дегендей, бала жанарын жұма қойды. Теріс айнала беріп, қызыл көрпені жамылып, тыныштала қалды. Тазы иттей қалжырап шаршағанын осы сәтте ғана бағамдады.
Терезені сабалаған жаңбыр үні құлағын кесті…
Бөлмеге періштемен ілесе келген даланың жалбыз иісі кеңсірігін жарып, гүлдей нәзік жанына жағып кетті. Ұйқы қысқан кірпіктері қамасып, жас тәні уыздай ұйыды.
II
Уатай ерте тұрды. Жаңбыр толастамапты.
Мәңгілік етіп салынған мыңдаған жылдық мұздай қабірді аршудан кейін күйіс қайырған малдай ұйықтаған жұрт таң бозынан тұра алмады… Жаңбырлы күн түнекке бергісіз қараңғылық бүркеп, салдыраған тәндері сауыға алмағандай күйге түскен еді.
Жастар жағы жым-жырт тыныштыққа бөгіп жатты. Жалғыз-ақ қартаң профессор аунап-қунауы ауырлап, бойын масыл басқандай жауырыны жертөсекке жабысып қалды.
Жастардың кешегі қауырт қимылы мен доктаранты Дулат екеуінің жүрекжарды қуанышы бүгінгі қараңғылық бүркеген қара жаңбырға көрінгендей болды… Марқа сұлуды бүркеп тастаған қара жаңбыр селдетіп тұр.
Кешегі қабір қазу ауыр тигенімен, көп дүниенің сүйектісін шаң-топырақтан аршып қойып еді. Мағдан Жұрағатұлы қабір ішінде жастарға көрсетіп, ішкі нәзік қазу жұмыстарын Дулатпен өзі қолға алған болатын. Тіпті Дулат археолог болса да толық сеніп тапсыруға қорыққан!
Іргеден ала қабір ішін тұтас жапқан мұз тоңдары бетінде мыңдаған жылдық шаң-тозаң баттаса басып жатыр екен. Мұз тоңдарды жібіп үлгерместен кесек-кесегімен бөлгізіп, еріп кетпей тұрғанда тысқа шығартты. Содан кейін бұзылмаған қос мәйіт пен бес сәйгүліктің айналасын аршып шығуға күш салды. Күймелі төрт дөңгелекті арбаны жартылай аршып, арбита танытып қойды.
Қоңыр кеш түсе профессор жұмысты тоқтатқан. Қалған басты істер алдағы күндердің еншісінде деп шешті. Барлық баға жетпес қазына, қазақ мемлекетіне тән ұлттық байлық – адамзаттық құндылық атаулы қабір қойнауында маусымның атар ақ таңын күткен.
Күткен күн де жетті…
Маусым таңы бірақ бұлыңғыр түнектен толассыз төгілген сумен Марқа сұлу өңірін малшынтып қарсы алды. Аспанның түбі тесіліп, мың жылда бір жауатын ұлы жаңбыр көбесі сөгіліп кеткендей еді.
Марқа сұлу азаматтары да, археологтар да мұны білген жоқ.
Дулат алдымен төсектен тұрды. Іле Мағдан Жұрағатұлы да бой серпіді. Студенттерді оятып, асқа жуынып-шайынып отырғанда, тыстан Аршын сұлу мен Ғазиз әнші де кіріп келді.
Аршын сұлу шашы су-су болып кіріп келгенде, оның жауын шайған әдемі өңінен дүние жарқ ете қалғандай болды. Бәрі де сұлу әйелді аңсай күткендей абдырап қалды.
Алдымен үн қатқан Мағдан күйеуі болды.
– Қалқам-ау, көзайым қылдың ғой! Қалай кеп қалдың?
– Жеттім, Магда! Сіз қалайсыз? Ауырып қалған жоқсыз ба?
– Бәрі жақсы, ботам! Тоңдың ба?
– Тоңдым. Дала суық.
Қос дөңгелек үстелді қатар қойып, сырмақ пен кілем үстінде отырған жұрт ығысқандай болып, Аршын сұлу профессордың жанына жанаса тізе бүкті.
Ғазиз еріксіз есік жақта состиып, жастар қасына отыра салды.
Дулат:
– Аршын жеңге, дер кезінде келдіңіз. Бүгін қазынаны аршуды бастаймыз. Өзің де араласып, қазуға көмектесесіз.
– Солай ма?! Магда, сіз ше?
– Мен де, ботам!
– Жеңгей, зор қазынаға жолығып отырмыз… Көкіректі қуаныш кернейді. Ас алыңыз!
– Замани Толы текке күзетіп жүрмепті, – деп қалды Ғазиз.
– Толғанбай тегін адам емес, – деді профессор. – Өзі осында келіпті ғой.
– Ата, – деп бала сөзге араласты: – ол сейнекте жатыр.
– Сен Қалжырдан ертіп келдің бе?
Отан үндемеді.
Кенет есік ашылып, Толғанбай шашы сауыс-сауыс күйі су басын босағадан сұқты.
– Қабірге су құйылып жатыр…
– Не дейт мынау?!
Жұрт дүрлігісіп кетті. Жапатармағай далаға ұмтылды.
Жаңбыр шелектеп құйып тұр. Таң атқалы желмен құтырынып кетіпті. Таң қараңғысындағыдай бармақтай-бармақтай ірі тамшылар орнын сүмектей жауған су пердесі тұтыпты.
Далаға қара күз түскендей салқын ызғар кеулеп, жеңіл шыққан жұрт үйге қайта тығылды…
Олар абыр-сабыр болып жатқанда, жүгіріп Декабрист Қаржау да жетті. Күзетші қалжырлық бөлімше полицейі Парыз ұшты-күйлі жоғалыпты. Жаураған соң ауылдағы үйлердің біріне бой жылытуға кетсе керек. Таң атқан соң археологтар өздері де келер деп ойласа керек.
Қабір іші жартылай суға толып үлгеріпті…
Өр жақтан аққан су жартылай ашылған қабірдің мәрмәр жабыны шетінен жол тауып, аямай-ақ құйылып үлгеріпті. Үстін қалқалаған шатыр-палатка су өткізе қоймапты. Бұрыштан лақылдай құйылған су бірақ сәйгүліктер мүрдесі мен қос адам мәйітін біржолата жауыпты. Қабірхана орталай толыпты.
Мағдан Жұрағатұлы күйіп кетті.
– Қап! Әттеген-ай! Ғасырлар бойы сақтаған қазынаны суға батырдық-ау! Ақымақ басым-ай! Іргесін бітеуіміз керек еді. Қандай қазына еді?!
– Мағдан Жұрағатұлы, саспаңыз! Кеуіп кетеді. Бәрін қазып аламыз, – деп Дулат басу айтты.
– Магда, жаным! Қапаланбашы! Жүрегің шыдамайды…
Аршын сұлу да күйеуін құшақтап, жаңбыр жуған жүзін сипай берді…
Бұл кезде қайла-күрекпен жанталасқан студент жігіттер мен ауыл азаматтары су құйылып жатқан бұрышты тас қып бітеп те үлгерді. Қаржау да дәу тракторды дүрілдетіп, жалпақ қауғасымен аулақтан топырақты күреп әкеліп, қабірхана айналасын бекіте бастады.
Әйтеуір, бәрі шұғыл қимылдап жүріп, Былғары табыт қорғаны төңірегін қара топырақпен, құмдауытты қиыршықпен жалдай көтерді. Өздері де малмандай болды. Мұздай жаңбыр да тоңдырып, тәндерін ұшырып жіберді.
Жылы үйге келген соң шәйға отырысып, қайта бойларын жылытысты. Ешкімнің сөйлеуге зауқы соқпады. Үй іші де қара нөсерден күңгірт тартып тұр еді. Ауыр бір күй бәрін билеп алды.
Уатай ғана ас алуларын өтініп, бала Отан профессордың қас-қабағын баққан жұртты бақылап отырды. Толғанбай ғана сол сейнекте жантайған күйі тері дорбасын құшағына қысып жатты.
Жұрт көңілі орнына түскендей болғанда Мағдан Жұрағатұлы:
– Жаңбыр екі-үш күн тоқтамайтын түрі бар… Ғазиз айтып отыр. Шешінген судан тайынбас. Аршын да көрсем дейді… Ой жылытып алған соң, қабір ішін байқап көрсек қайтеді.
– Көруге болады, Мағдан Жұрағатұлы. Жаңбырдан қорқатын емес… Мәйіт ірімей тұрғанда көтеріп шығарғанымыз да жөн. Суда жатып қалса, ылжырап кетіп жүрер, – деп Дулат қостай жөнелді.
– Ал аттарды қайтеміз?
– Әзірге қатар жатқан қос мәйітті шығарып алайық.
Дулат Декабрист Қаржауға ауыл жігіттерін шақыр деп тапсырма берді. «Әлгі полицейдің ұйқысы қанған шығар… Ол да қорған басында болсын!» деп табыстады.
Жұрт мола басына жылдам жиналды. Қорғасындай қара бұлт жер бауырлап, жаңбыр төгіп тұр. Еңсе көтертпес бір ауырлық тауларды да иығынан басып қалған. Сіркіреген су майданынан маңай көрінбейді.
Мамырдың мамық күні қалмақтың бақсысы қуғандай аяқ астынан Алтай асып кетіп, қарашаның қара жаңбыры Марқа сұлуға ұрын жетіп, қара жерді көшіріп жіберердей екілене төгеді… Дүние езіліп кетті. Жусан жапқан Былғары табыт маңы мидай былқылдай бастапты.
Қаржау электр моторды қосып, жарықты жақты.
– О, құдірет! Су қайда кеткен?
Әскери ауыр палатканың шетін көтере көз салған доктарант Дулат таңқала дауыстады. Қабірхана ішіндегі толған су жым-жылас жоғалыпты. Құмдауыт топырақ та сумен шайыла сіңіп, мүрделер мен заттар анық көрініп қалыпты.
Дулат ағаш сатымен төменге өзі түсті. Табан асты лай ма деп ойлаған, бірақ құмсақ болып шықты. Жаңбыр суы шөп-шалам болмаса, таудың құмдауыты бетімен сырғи ағып, топырақ атаулыны жолатпай, табиғи сүзіліп түсіпті. Қайта қабірхананы жартылай толтырып үлгерген су құлаштан астам етіп жиналған қалың, жалпақ тас қабырғаның арасымен жер астына тез-ақ сіңіп кетсе керек.
Дулат:
– Мағдан Жұрағатұлы, бәрі аман! – деп қуана дауыстап жіберді.
Доктарант дауысы жарқын шыққанына Профессор мен Аршын сұлу да қуанды.
– Лай басып қалмап па?
– Жоқ. Құмдауыт. Шөп-шалам ғана… ағып келіпті. Орнында.
– Аршын түссін! Көрсін. Қабір ішін телефон видеосына тартып алайын дейді. Төр жақтағы мәйіттерді байқашы, босай бастамап па?
– Қазір!
Дулат қабырғаны жағалай барып, күншығыс жаққа биік қойылған қос мәйітке келді. Оларды жұқа резіңке қолғапты қолдарымен басып-басып байқап көрді. Кемінде екі мыңжылдан астам мұз тоңын жамылып жатқан сүйектер сол қалпы. Қатып-семіп жатыр.
Су шайғаннан қос мәйіттің басы анық көзге түсіп, алтын сынықтарындай әлдене жылтырап көзге түсіп қалыпты…
Көзі көріп тұрса да, көңілі сеніп анықтай алмай тұрғандықтан Дулат жетекшісіне жар салуды жөн көрмеді. Түн асқаннан ба, кешегі алқына қуанған көңілі басылып, сабыры салмақтана түсіпті.
Жер асты қабірхана да баяғы ызғарлы қалпы. Күнбатыс жақтан түскен Аршын сұлу қабірхана ішін телефон бейнебаянына тартып тұрып:
– Ғажап! Қабір емес, пәтер ғой. Мәрмәр қабырға мен қара тас қалай жарасып кеткен. Шедевр. Настояший дизайн! Они же великие архитекторы были… Как постройли гробницы?! Оригинал искусство. Настояшие художники! – деп тамсана берді.
Доктарант Дулат та:
– Бұзылмапты, Мағдан Жұрағатұлы. Мұздай күйі! – деп жарқын дауыстады.
– Онда бастайық!
Профессор өзі қабір ішіне түсіп, Аршын сұлуды «Ботам, бара ғой!» деп, қолтығынан демеп, қабір ішінен шығарып жіберді.
Кеше аттардың мүрделері мен мәйіттер айналасын айнадай тазалап қойғандары мұншалықты жақсы болар ма… Бастарына дейін мүйізді айыр қаптама кигізілген сәйгүліктердің ертоқымды әбзелдеріне дейін анық көрініп жатыр еді. Су шайып, алтынмен аптаған, күміспен қақтаған тұстары электр жарығына әредік шағылысып, көзге шалына кетеді.
Мағдан Жұрағатұлы барлай қарап, ақырын ғана күбірлей сөйледі.
– Иә!.. Алтынның зоры мұнда. Әлден жылтырайды, жарықтық! Аллаға мың шүкір! Әумин!
«Амин!» деп Дулат та су-су жүзін сипады…
Кеше ғана қап-қара күйе басқандай болып жатқан мәйіттердің солған жүзі ашылып, қошқыл тартқан. Киім киістері мен тағынған қарулары аңдалып, бірі әйел, бірі ер адам екені білінеді. Екеуі де бірақ сұңғақ. Ер адам көрінген ірі. Оң жақ бүйірін ала жатқан қару алдаспан сияқты. Ұш жағы сәл қайқы. Балдағы алтыннан болса керек, жарыққа шағыла жылтырайды.
«Сол жағында жатқан әйел адам» деп ойлады профессор. Басына үшкіл баскиім киген секілді. Ал ер адам басы үлкен сияқты. Басына бірақ дөңгеленген киім кигенге ұқсайды, айналасы кертік-кертік болып бітіп, орсақ тістене ырсия-ырсия қалыпты. Бәлкім, басындағы өзгеше киім үлгісі болар.
Сақтарда сан түрлі тайпалар әрқайсысы өзіне тән сан түрлі салтпен киінген ғой… Мұнда да солай болары хақ.
Дулат та жетекшісінің мәйіт үстінен үңіліп, мыңдаған жылдық сүйекті салмақтай бағамдап тұрғанын аңдады да, ойын бөлмеуге тырысты.
Ал профессор еңкейіп, дененің қос жанына қол жүгіртіп, мәйітті бұзбастан қалай тұтасымен алуды ұстап көрді.
– Дулат, жігіттер ішке түссін! Ана қалайы қорапты да түсірсін. Мәйітті сонымен шығарамыз.
Ауылдың екі жігіті мен жас студент шәкірт алдымен жалпақ, жеңіл келген қалайы қорапты биіктен түсірді. Төрт бұрышынан темір тростармен тесіп орнатыпты. Алюминий аралас қалайы қаңылтырдан жеңіл етіп дайындалған құлашы енді, сопақ қорап табыттай сырғып оңай түсті.
Ендігі басты мәселе – мәйітті қатып қалған құм-топырағымен бүлінтпей осы табыт тектес қалайы қорапқа салу…
Ол іс те оңымен бітті. Мәйіт астына төрт қатар ағаш істік жүгіртіліп, аман-сау күйі қалайы қорап ішіне қарулы азаматтар жылжыта көшіріп алды. Осы жұмыстың қиюын келтіруде басшылық жасаған Дулат жантайып жатып, мәйіттің жон арқасына алақанын тосып, жанталаса қимылдады. Ызғарлы мола ішінде әзірейіл жан алғыш сұрақ алғандай қара суға малшынды.
Әйел мәйіті деп ұйғарған екінші дене де дәл солай қазылып, сырттағы атпал азаматтардың күшімен жер бетіне шығарылды.
Жаңбыр жер-дүниені лайсаңға айналдырып, өзен ағардай сырылдата жауып тұр. Ақ жауын сияқты емес бірақ, нөсерлете лекітіп-лекітіп құяды. Ызғырық жел де кейде құйындай ұйтқып келіп, жаңбырды төктіріп-төктіріп жібереді. Іле бәсеңси қалып, сырылдай жауып, ұзақ сонар селдетуіне көше қояды. Бір басылар түрі байқалмайды.
Қабір ішінде бес сәйгүлік пен арба қаңқасы ғана қала берді…
Мына жеті айрықтай жыртылып-айырылып жауып тұрған жаңбыр басылған кейін «кезек оларға да келеді» десіп, археологтар қос мәйітті шетелдік трактордың төбесі жабық, темір қорапты телешкасы ішіне апарып салды. Мәйіттер де ақзудай қалың кенеп жайылған тақтай еден бетінде монтаны күйде үнсіз жамбастады.
Тап осы күйді Аршын сұлу бұзды.
– Магда, жаным!
– Оу, қалқам!
– Көзім түсіп тұрғаны… Мен бастасам қайтеді! – деп сызылды.
Жаңбыр суы сіркірей төгілген, темірмен жымы білінбей қапталған қорапты телешка ішінде тұрған Дулат пен Мағда Жұрағатұлы бір-біріне қарады. Екеуі де әйел адамның мәйітке алдымен қол тигізгенін қаламады.
Бұлардың ойын іштен оқып тұрғандай:
– Жолым жіңішке болғанмен, қолым жеңіл… Бар қазына оңай ашылады, жаным! – дегенде, профессор қалай ғана «Жарайды!» деп жібіп сала бергенін білмей де қалды.
Дулат та тілін тістеп қалды… Жетекшісі жарына қарсы келе алмады.
Қос бірдей электр жарығы жанған кең телешке-қорап ішінде мыңдаған жылғы сүрі денеге Аршын сұлу қырнағыш құралмен түре тиісті. Епті қолы біртіндеп басынан түсіп тазалай бастады.
Дене – ер адам деп шешкен мәйіт еді…
Шет-шеті бөрі азуланып жатқан жұмыр, жуан бассүйек құмдауыттан тез аршыла бастады. Дулат пен жетекші профессор демдерін ішіне тартты… Бас та аршылған сайын құпиясын аша бастады.
Аршын сұлу мәйіт төбесінен дөңгеленген дүниені еппен шешіп алғанда, сегіз жерден айнала азу тістене көтерілген үшкіл нысанасы бар бұрышты тәж болып шыға келді. Алтын тәж қарайып кеткендей көрінсе де, профессор мен доктаранты жазбай таныды. Үшеуі де ұлы олжаға кездескенін сезіп, үндері шықпай қалды.
Ақиқатында алтын тәждің мысы басып еді…
Профессор үні құмығып естілді.
– Су… су-у!..
Доктарант Дулат абдырап тұр еді, орнынан қозғала алмады. Аршын сұлу күйеуіне қараған күйі сілейді… Алдымен ес жиған да бірақ Аршын сұлу болды.
Ол:
– Ғазиз! Ғазиз, су әкеліңдер! – деп жанұшыра айғайлап жіберді.
Дулат профессорды құшақтап, тізе бүктірді. Су ішкеннен кейін Мағдан Жұрағатұлы терең тыныс алып, кеуде тұсын басып:
– Әй, жүрегім-ай! Не істеймін саған?! – деп отырды – Тәжді жуыңдаршы! Жарқырауы тиіс!
– Жуамыз, көкесі! – деді Аршын сұлу тәжді қолынан шығармай. – Сен алаңдамашы тек! Қысылып қаласың тағы…
– Жоқ, енді қысыла қоймаспын. Дәрімді іштім. Жуыңдар!
Аршын сұлу мен Дулат алдарына шылапшын қойып, щеткамен ысып, мұқият жуа бастады. Арнайы ақ паста қосты. Алтын тәж аз ғана уақытта жарқырап шыға келді.
Тәж шеңберлене тұтас құйылғанымен, үстіне қосымша сегіз бұрышты алтын нысана қаптама кигізіліпті. Сегіз бұрыштан бұрамалана сегіз үшкіл шошақ – найза пішінді етіп шаншылған нысана көтеріліпті. Ал дөңгелене бітеу құйылған қырсаудың тап маңдай алдына көкпеңбек гауһар орнатылыпты.
Көкпеңбек гауһар тас тура бас бармақтай бар екен. Жарыққа шағылып, көздің жауын алып, құбыла ойнайды…
Мағдан Жұрағатұлы ауруын ұмытып:
– Ойпырмай! – деп ұмтыла берді.
– Ақырын, Магда! Байқашы, көкесі-ау!
Әлі де қызғылт-сары түсті алтын тәждің көк түсті гауһары сиқырлана тартқан айрықша сезімнен айырыла алмай отырған Аршын сұлу да байының білегінен жармаса ұстап, сақа күйеуіне қимағандай кейіп танытты. Мұны Дулат қана байқап қалды.
Ол Аршын сұлу қолынан тартып алғандай күштеңкіреп алып, гауһар тасты алтын тәжді профессорға ұстата салды. Қылымсыған сұлу әйел гауһар тастай көкшіл көзін төңкеріп, бұған жақтырмай қарады.
Өзін бірақ ұстап, жақ ашпады…
– Е-е, жарықтық! – деп, алтын тәжді қолына ала берген жетекшісі аудара көтеріп, өзіне-өзі сөйлеп кетті. – Осындаймысың Гауһар тәж?!.. Сақтардан жеткен жәдігер. Сені жасаған қолдан айналдым! Сені киген бастан айналдым! Сені кезіктірген Тәңірімнен айналдым!
– Көке-е-сі-і!.. – деп сызыла дауысын созды Аршын сұлу. – Не деп кеттің?
Бір сәт бәрін ұмытып кеткен Мағдан Жұрағатұлы:
– …Сақтан жеткен Хан тәжі… Пай-пай! Ұлы сақтар Қағаны тәжі… Осындай тәж киген арман жоқ сенде! – деп айналып-толғанды.
Дулат ғылым-ілімге шын берілген фанатик профессордың риясыз көңіліне таңдана тұрып, Аршын сұлудың сайқал қылығынан жиіркенсе де, жас әйеліне балаша алдана салатын жетекшісіне аяныш сезімі ашуын келтіре берді.
– Магда, жаным! – деп жас әйел де жаныға өнер көрсетті. – Маған берші, басыма киейін! Маған бәрі жараса кетеді… Кө-ө-ке-е!
Қартаң күйеуі оған бірақ мойын да бұра алмады. Бар ойы тарих тереңіне сүңгіп, сандырақтаған адамша аузын жимады.
– …Ұрым менен Римге тараған… Үнді менен Қытайға тараған…. Алтайдың алтын тәжін апарған бабаларым! Алтайдың алтын тәжін әлемге таратқан сақтарым! Төре қағандарым!
Дулат профессор сөз ләмінің тұңғиығына бойлай алмаса да, сүйекті сонарын танығандай болды. Аршын сұлу ғана гауһар тасы көзінің жауын алып, жүрегіне қызғаныш сезімін жағып үлгерген сиқырлы тәжге арбалып қалған еді.
– Тәж төресі сен бе едің?! О, Гауһар тәж! Сен Алтайыңда қалыпсың… Марқа жұртыңнан табылдың. Марқа елің сақтап келіпті… Марқа сұлумен бүгінге жетіпсің!.. Енді еліңнің бағы жанар! Жеріңнің алапаты асар! Иә, бағы жанады! Алапат-айдыны асады! Оған иманым кәміл сенеді, Тәңірім!
Профессор көк тәңіріден тілеу тілей, Гауһар тәжді басына көтере толғанды.
– О, Ұлы Тәңірім, алқай гөр айдынды жерімді! О, Ұлы Тәңірім, алқай бер айбынды елімді! Жерім барда – елім бар… Шүкір Тәңірім!
Аршын сұлу осы бір сәтте шыдай алмай кетті.
– Хватить! Сколько можна?! Магда-а! Что за хваставство?! Что за Тенгри?!
Дауысы шыңғыра шықты. Сол кезде ғана профессор селк етіп, өзінің қайда тұрғанын аңдағандай болды.
– Есің ауысып қалды ма? Ол – жоқ… Бар болса да сені естімейді, қақпас! Әкел бермен!
Долы әйел дауысы қатты шықты…
Жаңбырлы ымырт жабылып калған еді…
Осы бір көз байланып, дамылсыз жаңбыр құйған күңгірт сәтте найзағай оты жарқ етті. Тәңірі оты «мен бармын» дегендей төңіректі жап-жарық қылып жіберді. Өте күшті жарқылдан бұлар бой жиып үлгермей, жақыннан бомба жарылғандай қап-қара аспан төрінен гүрс еткен алапат дауыс шықты. Қара жер де сілкініп қалғандай болды.
Жүректер гүрс еткен үннен дүрс ете дір етті…
Тәжді жұлып алмақ болып күйеуі білегіне қол созған Аршын сұлу оқыс қалт тоқтады. Профессор да жоғары көтерген тәжді кеудесіне басып, тізесі бүгіле берді. Дулат жанталаса ұмтылып, жетекшісін сүйемелдеді. Қабырғаға қабыса орнатылған ашылмалы орындықты бір қолымен ашып, профессорды отырғыза берді.
Күйеуінің жүрегі ұстап қалғанына долы Аршын сұлу қараған жоқ, алтын тәжді жұлып алып, өз кеудесіне басты. Өр серпіген омырауы астынан алтын тәж орын тапты…
Кенет кеудесін басып отырып қалған Мағдан Жұрағатұлы жаны қиналғаннан өңі бұзылып, өзімен-өзі әуре күйге еніп еді. Дулат доктаранты ғана жалма-жан дәрісін іздеп, жанқалтасын ақтарып, жетекшісінің жанын ойлады.
Дәрі құтысы бос болып шықты.
– Енді қайттік?! – деп Аршын сұлуға қарады.
– Надо-е-ел, шал! То сердца! То давление! Что мне делать?!
Бұл кезде профессордың жүзі қуарып кетіп еді. Ол тілге де келе алмай қалған. Көз жанары әлсіреп, жапсары жұмылып бара жатты.
– Вот қақбас! Нашел место… умирать!
– Кончай, Аршын! Помаги лучше!
– О, боже! Мужщины… тоже мне?!
Тілінен заһар төгілген сайқалмен тәжікелесіп тұрар уақыт емес еді, Дулат ашық есіктен тысқа айқайлады.
– Қаржау аға! Ғазиз!
Олар Мағдан Жұрағатұлын үш жақтап телешкеден жерге түсіргенде археологтың көзі жұмулы болатын. Желдете жауған ымырт профессордың жүзін жасырды.
Кірпігін селдеткен түнгі жаңбыр жуып жатты…
Түн жамылған жұрт опыр-топыр болды да қалды. Кешелі бері қолтелефондардың да үні өшкен. Жай түсті ме, тым-тырыс… Дүниеден ұмыт қалған ауылда дәрігер тұрмақ, медбике де жоқ еді.
Бастауыш мектеп пен мектеп бұрышынан ашылған дәрігерлік орын да баяғыда-ақ жабылып қалған. Сонау зұлымдыққа толы қызыл империя құлап, қазақ ауылдары қирап, жұрт жапатармағай жан-жаққа көшіп жатқан жылдары тып-типыл болған. Қазір үйінді орны ғана жатыр.
Мынадай жеті қараңғы түнде – селдеткен жауын астында Қалжыр ауылына да ешкім жете алмас… Сұңғаттың жол таңдамайтын джипіне жүрегі дауалап отыра қояр азамат шыға қоймас.
Докторант Дулат осындай ойлармен ешкімге айтуға батылы бармады.
– Больницаға апару керек. Өледі ғой… Магда моя!
Аршын сұлу оп-оңай және өп-өтірік солқылдап жылап жіберді.
Қалжыр ауылдық бөлімше полицейі «Политсай Парыз»:
– Қалжырға жеткізейік! – деді оқыстан. – Менің мінгенім – баяғы шолақ уазик… Кәдімгі немістің «Виллисі» емес пе? Лай батпақ түгілі тау-тасыңда тартып жүрміз ғой.
– Парыз, екі машинамен шығамыз, – деді Декабрист Қаржау. – Сұңғаттың джипін мен айдайын. Профессор жатады… Қасында жеңгей болады. Сен Дулатпен алдыда жол баста… Жиі қатынап жүрген жерің ғой. Трас көлденең жатыр, тура тартсақ, кесе жолығамыз.
– Мен ше?! – деп қалды Ғазиз.
– Сенің қажетің қанша? – деп қалды Аршын сұлу да.
Ғазиз таңқала Аршын сұлуға қарады!.. Не айтарын білмей, таңданысын жасыра алмай тұрды. Дулат мұны тез байқаса да, Аршын сұлуды қостай кетті.
– Ғазиз, досым! Бұл жерге де бір еркек кіндікті керек. Толғанбай мен Отанға қараорман қазынаны тастап кетпейміз ғой… Біз келгенше ие бол!
– Түнде телешке-қораптағы мәйітке ешкім де жолай қоймас!.. Аруақ бар. Біздің ауыл тыныш, – деп Декабрист Қаржау да Дулатты іліп әкетті. – Политсай Парыз бара-сала қайтар.
– Иә. Күршімнен де полицейлер келіп қалар, – деді Парыз да.
Тоқтау сөзге Ғазиз еріксіз тоқырады. Аршын сұлудың бірақ жаңағы айтқаны жанына шаншудай қадалса да, сыр бермей қалды.
Ал хәл үстінде жатқан профессор басында отырған сұлу әйел:
– Біз ары қарай Астанаға кетіп жатсақ, тым құрыса өлер алдында алтын қолында болсын! – деп сөзді оқыс шегеледі.
Бұл сөзге ешкім де қарсы келе алмасын Аршын сұлу да білді. Дулат та қапелімде аузы буылып қалды.
Жаңбыр бір тынбай жауып тұр. Сол молынан құйын-перен құйған қалпы…
Профессордың жүзін джип көлігіне жатқызарда жауынға жуғызып алған жолаушылар жолға жүрексінбестен шығып кетті. Алдыңғы орыс уазигінің жарығы көмескілене қалса да, ақ джип те ізбе-із қалмай жүруге тырысады. Қос көлік те апаттық жарықтарын қосып қойып, қалың нөсер астында жыпылықтатып-ақ келеді. Қара көктен толассыз саулаған су сарылы жол сорабын да аңғартар емес. Сонда да тайғанақтаған көліктер тас жолдың биік жалына дейінгі жазықты ойға тұтып, жаймен жылжиды.
– Ойпырмай! Мына жаңбыр ентігетін емес қой…
– Бөшкелеп жауып тұр, жарықтық!
Дулат өзінен кіші інішек Политсай Парыздың қаупін қостап қойды.
– Ойпырай, таудағы бөгет қайтер екен?! – деді Парыз
– Қайдағы бөгет? Бұл жақта бөгет жоқ еді ғой…
– Сұңғат аға салғызған бөгет ше?!
– Естімеппін.
Рольге жата еңкейіп, алдыға тесіліп келе жатқан жас жігіт:
– А-а… – деді аузын аша. – Жол сорабы көрінді. Дұрыс келеміз екен.
Политсай Парыз дауысынан сенімділік білінді.
– Бөгет неге керек?
– Әлгі Қаршыға жақтан алтын қазып жатқан қытайлар ғой…
– Қаршыға алыс қой.
– Олар Қаршығадан емес, көк желкемізден қазды емес пе, алғашында… Жолға жақын, тасуға оңай деп. Алтыны мен басқа металы да жер бетіне жақын жатыр екен деп…
– Солай ма? Сұңғаттың қатысы қанша?
– Қытайлар шрупты тап Былғары табыттың ту сыртындағы Былғары сайдан салған. Сұңғат аға рұқсат етіпті… Астанадан лицензия алған екен. Содан алтын орнына ақбұлақ атқақтаған ғой.
– Содан…
– Сол бұлақ мол сулы болып шықты. Былғарының сайындағы суға су қосылды деп ел қуанып жүрді…
– Қызық болған екен!..
– Қызықтың көкесі емес – шыжықтың көкесі… сол атқылаған бұлақтан басталды ғой. Ар жағы алпыс саламен ұласып жатқан Былғарының сайына бөгет салуға себепкер болды.
– Қалайша?
– Білмейміз ғой… Қазір түсініксіз жайлар көбейіп кетті ғой. Былғарыға бөгет салынды.
– Иә!
– Сұңғат аға сайдың аузын бөгеп тастады… Қытайларға аңғар аузындағы жартасты жотаны динамитпен атқылатып, біржолата жапты.
– Неге?
– Неге деріңіз бар ма?! Ешкім білмейді. Білсе – облыс басшысы сияқты «неприкасаемый» мықтылар білер… Былай жұрт хабарсыз.
– Қанша жыл болды?
– Үш жылдан асып барады.
– Су толып тұр ма? Астау секілді алып аңғар еді ғой… Бала кезімізде рауағаш пен бүлдірген теруге барушы ек.
– Аузы-мұрнынан шығады. Бәрінен де көктем келсе, полициямыз бар, су инспекторымыз бар Былғары табыттың төбесінде жүреміз… Сақта, құдай, сақта деп!
– Шлюз жоқ па?
– Бар. Аңғардың ауқымын азайтып көрсеткен… Эконом жасаймыз деп. Орнатқан китайский кішкентай шлюзден су ағып үлгермейді. Үш жылдан бері еріген қар суымен толып алды.. Аңғардың жанама сайларына да шіпілдеген су жайылып алатынды шығарды… Әбден ұлғайып кетті. Тура кіші Марқа сұлу. Теңіз. Ақтарылып кетсе, етектегі Боран ауылына дейін бір-ақ басады… Біздің жақта көктем де жай шығады ғой. Қар да қалың түседі. Су да мол. Қазір қолдан жасалған теңіз Тынық мұхиттай толқып тұр.
– Қазір де толы ма?
– Биыл да баршылық. Толы. Мамырда әупіріммен аздап төмен түскен… Мына мұхитқа ғана жауатын қабағат жаңбыр толтырып жібермесе болды.
– Сұңғат қайткелі жүр екен оны?
– Бір пайдасы тиер… деп жүр де! Жоғарыдағы басшылардың тапсырысы ма, кім білсін? Әйтеуір, ұзынқұлақтан естуімше, осы Былғары табыт ауылы орнына алтын шаятын зауыт салатын көрінеді… Алтынды қытайға руда күйінде тасымай-ақ, осы арада өңдемек. Қала түседі дейді мына жазыққа… Қытаймен келісім бар екен деседі. Сол кезде су керек қой. Соған бола жинауда деп соғады жұрт.
– Апырай, ақиқат болмаса – игі!..
– Әзірге тыныш. Сұңғат аға сұрағандарға суғармалы егін егем… Америкалық бидай мен қытайлық күріш, соя егем деп сылтауратады. Оған көп су керек дейді.
– Қауіп қой!
– Қорқып жүрген ағаны байқамадым…
– Орыстар «до пары – до времени» демей ме! От пен су – тілсіз жау…
– Аға Ұлттық Қауіпсіздік Комитетімен байланысты… Оны бәрі біледі. Содан сескенеді… Косякка кіріп, қиналып жатсақ, жалғыз алдына баратын ағамыз. Кімге болса да бір кіріп шыққаннан-ақ шешіп шығады… «Комитетчик» дейміз. Облыс атқамінерлері де «Өзіміз» ғой дейді.
– «Өзіміз» де…
– Иә! Осы өңірді жылқыдай жусатып, өгіздей өргізетін жуандардың бірі ғой, Сұңғат аға! Әкімдер ауыз аша алмайды. Облыс әкімінің өзі қасына ертіп жүреді.
– Парыз сөзге шешен екенсің… Бәрін қайдан білесің?
– Е, Дулат аға! Өмір шешен де, көсем де қылады… Бәрі де осы Сұңғат сияқты ағалардың арқасы – бұл елдің ел болып тұрғаны. Әйтпесе Астана жақтан билік құрып келгендерге бұл жұрт баяғыда жем болар еді… Сендер секілді оқудың түбін түсіргендер алысқа кеттіңдер. Біз сияқты қаражаяу ауылда қалдық. Сұңғат ағалар қорған болмаса, кім қорғайды?
– Солай де…
Дулат жауапсыз келісті…
– Ағаның Марқа сұлу алтынында да үлесі бар. Қытайлар да оған құрақ ұшады. Көктемде ғана өз көзіммен көргем… Күршім мен марқалықтар «қытай қаптады» деп шулағанда, әкімқара атаулы ағаға жалынған. Алтайдың нағыз «Крестный отец» азаматы. Сол кісі жігіттерді тоқтатқан қытайларды шекараның ар жағынан әкеліп тұрып… Қара қытайға тізе бүктіріп! Олар да жәмпең қаққан! Астана жақтағы депутат дөкейлермен де жең ұшынан жалғасып жатыр емес пе?! Қалжыр мен көлдің балығы да сол кісінің көзқарасымен жүзеді… Уылдырығын Сұңғат ағаның келісімімен шашады. Шаштырмаймын десе – шаштырмайды. Бәрін бір-ақ аулап, қызыл алтынын жиып ала салады. Ускучтың шипалы қызыл икрасы Астана мен Алматы ғана емес, Ресей мен Қытайдың да таңдайына бал татып отыр… Ал Алтайдың ара балы, бұғы мүйізі, модағай гүлінің ақ құрты туралы өзің де жақсы білесің.
– Қойшы?!
– Сұңғат аға сіз екеумізге де ортақ. Мен әкімдікпен тығыз байланыстамын ғой… Жұмыс солай. Тәртіп солай. Тіс ашпаймыз!
– Да-а! Теперь понятно! Қуат шейіт кететін жөні бар екен… Қайран, бауырым!..
– Дулат аға, бауырың Қуатқа қайғыра берме! Алланың ісі! Бауырыңның жөні бөлек, әрине! Бірақ Сұңғаттай ағаның барына қуан! Анаң аман! Қарындасың бар!
Көмейіне өксік тығылып, кеңсірігі ашыды. Дулат үнсіз қайғысын жұтты.
– О-о, трассаға да жеттік-ау!
Бөлімшелік полицей Политсай Парыз дауысы қуана шықты. Дулат та қараңғылық тұтқан қара үңгірге жанарын тікті.
Уазик тасжол жалы бойымен өзен болып ағып жатқан суды жалдай жүрді. Сұңғаттың ақ джипі де жалды бауырлай барып, қиялай көтерілді. Қос көлік асфальтқа резіңке дөңгелегі тиісімен жылдамдықты қосты. Терезені тазалағыш зыр қаға сыпырса да, су ағыны тұта берді. Қап-қара саңылаусыз тұңғиықты жарығымен үңгіп, көліктер қараңғылыққа құйрықсыз жұлдыздай батып бара жатты.
Қара жаңбыр көліктің бетәйнегін жүндей түтіп ала жөнелді…
III
Суық түнгі долы жаңбыр төгіп тұр.
Жылы киінген үшеу тобықтан су кешіп келеді. Қолдарына фанарь ұстаған. Алған беті – қабірстан.
Ғазиз баласы Отан мен Толғанбайды ертіп алған. Ұлының мақаулығы тарқап кеткеніне таңқалса да, іштей қатты қуанулы. Құдайдың бұлайша көмектескенін жақсылыққа жорып, жасырын тәубе айтып, сезімін білдірмеуге тырысты.
Былғары сайдың ұры аузына тұспа-тұс орын тепкен Былғары табыт қорғанын қара түн жым-жылас жұтып қойыпты. Бір шақырымнан астам төмендегі ауыл да түн көрпесін тас бүркенген.
Бұлар жал-жал үйіліп жатқан жым-жырт обаның арасымен өтіп, қабір үстіне тігілген әскери палатка шатырға жетті. Қасында дүңкиіп жабық қорапты телешке мен трактор тұр.
Толғанбай қалың палатка ішінде, қабір күзетіп қалды да, әке мен бала тракторға қонуды дұрыс көрді. Трактор іші салқын екен. Ғазиз тракторист Қаржау берген кілтпен оталдырды. Жарықтарын жағып, жылуын қосты. Жарық қабір үстіне тігілген әскери палатка мен телешка-қорапқа тура түсті.
Бала трактор ішімен баяғыдан таныс болып шықты. Декабрист Қаржау ағасын жағалап жүріп, ішек-қарнын ақтарып шыққанға ұқсайды. Кабина ішіндегі жарықты жағып, қос орындықтың артқы жағындағы орынға арнайы заводта жиналмалы қылып жасалынған демалатын төсекті ашты. Тапшан секілді былғары тысты, жалпақ жайма ыңғайлы көрінді.
Ғазиз баласының қимыл-әрекетіне сүйсініп, мейірімі төгілсе де үндемеді…
Отан бір бұрыштан жұқа көрпе, жастық алып шықты.
– Әке, жатыңыз!
– Ірге жаққа сен жат! Мен түнде далаға шығып жүрермін…
– Сіз шаршадыңыз ғой… күні бой дамыл таппадыңыз! Далаға мен шығайын!
Ғазиз ұлын сонда ғана басынан сипады да:
– Түнде қорықсаң оят! – деп қос орындық арасымен еңкейе өтіп, жамбастай кетті.
Қасына ұлы Отан жатуға ыңғайланғанда қырындай берді. Түстік өңірдің тапшан төсегіндей болмаса да, екеуі еркін жатарлық екен. Әке мен бала тезірек ұйықтап кетуге тырысып, жанарларын жұмып, ештеме ойламауға ұйғарды.
Айқара жапқан жаңбырлы түнекті трактордың жарығы жарып өтсе де көмескі тартып, фарсункамен істеген дизель моторының тыр-тырлаған бірқалыпты әлсіз дауысы құмығып қалған. Шүмектеген су тасқыны да тұншықтырып тастапты.
Сәлден соң қабірхананы күзетуге келген үшеу бүгінгі мазасыз түннен шаршап, терең ұйқы ұйығына шым батты…
Ғазиз ұйыққа ене жары Қырмызы жайраңдай түсіне енді. Баяғы Алтайдың алқызыл модағай гүліндей қыз күні… Ғажап сұлу күні. Студент шақтары. Аппақ аққу мойны созылып, қылдырықтай белі үзіліп, қарсы алдында жанары жәудіреп күлімдейді. Мұны биге шақырады.
Өскемен қаласындағы Үлбі өзенінің жағасы екен. Үлбіреген сүйгені сұлу билейді. Ақ балтыры сезімін шабақтайды. Жүрегіне нәзік бір сәуле құйылады. Қиыла қарап, қиялын қозғап, жанын үздіктіреді.
Бұл бірақ жақындап бара алмайды… Жақындаса су періштесі сияқтанып кетеді. Үлбі өзеніне сылп етіп түсіп, су астына көрінбей сүңгіп кететіндей көрінеді.
Кенет өзен жағасына жақын өскен шоқ шілік арасынан Үлбі қыз көрінді. «Апырау, бұл қайдан жүр? Қап! Қырмызы көретін болды-ау!» Сөйткенше Үлбі келіп мойнына асыла кетті. Бұл қарсы келе алмады. Билеп жүрген жайдары Қырмызы көзі шарасынан шығып барады. Ол бетін басып, өзен бойлай салынған серуен соқпақтың бетон ернеуіне шықты. Сол бетінде теріс қарап, ағынды суға үңіліп, ойланып тұрды.
– Секірме! Тоқташы!
Бұл жан дауысы шыға тұра ұмтылды…
Үлбі қыз сақ-сақ күліп қала берді. Жетіп үлгермеді. Қырмызы ағыны қатты терең, суық суға басымен тік шаншыла сүңгіп кетті.
– Жо-о-оқ!..
Ғазиз оянып кетті.
Трактор пеші істеп тұрса да, тоңазып қалыпты. Жаңбыр бетәйнек пен терезелерді айғыз-айғыз қылып құйып тұр. Жарық түсіп тұрған темір қорапты телешке мен Толғанбай жатқан палатка жаңбырдан қарауыта шалынады.
Тұруға ерінген ол ұлын қымтай жауып, қайта қисая кетті. Лезде кірпігі қамасып қалды. Қасындағы баласы ыстықтады ма, көрпені теуіп тастады. Бірдеңе деп ұйқы сұрады. Оған бірақ көзін ұйқы қысқан әкесі қайырылмады. Терең тыныстап, бойы босап, рахаттана жатты.
Бұл кезде бала анасы Қырмызы туралы түсті әкесінен іліп алып, жалғастыра берген еді…
Түс көшу – тылсым құбылыс… Әкесінен ұлына қара түн жамылып көшкен түс бала өміріндегі болған жайларды айнытпай қайталай бастады.
Анасы мен Үлбі қыз Күршім ауданы орталығындағы Мәдениет үйінде коцерт қойып жатыр. Әкесі де ән айтпаққа дайындалып, шымылдық артында домбырасын ұстап тұр.
Сахнада Үлбі үзілдіріп ән айтып, анасы үлбіреп билеп жүр. Бірі – әнші, бірі – биші. Күршім аудандық Мәдениет үйі лық толы жұрт.
Алтайдың аққуы едім, гәккуі едім,
Ғашықтық зарын кешіп, елтіп едім!..
Тамылжыта салған үн тоқтағанда екі жас әйел де иіліп құрмет көрсетті. Жиылған көпшілік дуылдата қол соғып, орындарынан тұрып кетті. Жастар жағы жабайылық танытып үлгерді. Ысқырық басты.
Әкесі домбырамен атып шығып, дауысын әуелете көтергенде, дүрліккен ел жым-жырт болды.
Алтайы мұзартының құлжасы едім,
Ермен жеп, ерке елікке елтіп едім!..
Шәйі шымылдық сыртында Қырмызы мен Үлбі естіп, ер-азамат дауысы екеуіне қызғаныш отын үрлеп еді…
Оңаша бақылап тұрған мақау бала Отан оларға ызалана қарап қалған. Әкесі болса жапатармағай қол соққан көпшілік дырдуына көмілген. Оның ойында ештеңе жоқ, тек ән қанатында қалықтап, жұрт ықыласына көңілі құлап тұрған.
Шешесі екеуі жалғыз қайтып келеді. Анасы тістеніп алған. Алты жасар мұны жұлқа тартып, жүгірте басады. Жазғы түн жарық. Шілде. Айлы аспанда жұлдыздар саудырай жерге төгіледі. Бала жұлдыздарға жиі назар аударады.
Отан әкесімен жататын кең төсекке сылқ етіп құлай кетті. Бөлме іші салқын. Рахат. Шешесі құс келіп, құс қайтқанда байлаулы отыратын бөлмесіне кіріп кетті. Көтеріліп аурушы еді. Көктем мен күзде әкесімен алысып, мұны жек көре боқтайтын!.. Кейде қыстың ұзақ түнінде аналық мейірімі оянып, ойланып-толғанып қалатыны да бар.
Бұл әке жанына жатушы еді. Бүгін бірақ кешігулі…
Отан «Жұлдыздар жерге шашылса ғой!..» деп армандап жатты. Көзі ілінінбей қойды. Шешесі жақтан сыбыс жоқ. Дәрісін ішіп алып, ұйықтап кетсе керек.
Кенет сыртқы ауыз үй – сейнектің есігі ашылғандай әлсіз дыбыс шықты. Мақау Отан қуанып кетті. Әкесі келді. Кірген жан сыбдырсыз басуға тырысып, аяғының ұшымен жүрді. Ашық тұрған мұның бөлмесіне кірді.
Алакөлеңке бөлмеде әкесін күтіп, есікке қарап жатқан мақау бала Үлбіні анық таныды. Оның қолындағы отын шабатын балтаны да байқап үлгерді. Қорыққанынан көзін жұма қойды.
Сыбдыр ұзай беріп, сап тыйылды. Анасы жатқан есік ашылғандай болды. Іле-шала қайта жабылды. Қорыққан Отан қозғалмай жатыр. Сыртқы сейнек есігі салдырлай ашылды да, мұның терезесі алдынан біреу жүгіріп өтті.
Бала атып тұрып, терезеден қарады. Сүттей ай жарығында етегі желбіреп, Үлбі кетіп бара жатыр екен.
Оқыс анасы жақтан ағаш еденді сықырлата басқан дыбыс естілді. Отан орнына кеп жата қалды. Көзін жұма қойды. Анасы көтеріліп жүргенде талай рет қолына түсіп қалып, оңбай таяқ жеген… Тағы да таяқтап жүре ме деген балалық үрей де бар еді бойында.
Қасына келген анасының демалысын сезді. Ол ауыр тыныс алады…
Бала да үнсіз. Демін ішіне тартып алған. Түк сезбегенсіп жатыр.
Кенет жаңа ғана босағада балта ұстап тұрған Үлбі есіне түсіп кетіп, тәні түршіге көзін ашып алды. Өзіне төне қарап, балтаны төбесіне көтеріп тұрған анасын көргенде түршігіп кетті. Қалай балтаның жүзінен қос қолдай ұстай алғанын білмейді.
Сұп-суық жүзі бойын қарып өтті. Жеті жасар балаға қандай күш біткенін тәңірі ғана біледі. Отан жанталаса тұрып кетті. Балтаны анасы қолынан жұлып алды. Сонда ғана анасы бетін басып, тұра жөнелді. Есіктен жүгіріп шыққан қалпы далаға ұмтылды.
Жүрегі допша секірген мақау бала ғана төсек үстінде состиып тұрып қалды…
Ал анасы іш көйлегі ағараңдап, терезе алдынан жүгіріп өтіп бара жатты. Сол бетінде қараңғылыққа сіңіп кетті.
Баланың әнші әкесі Ғазиз сол бойы оралмады… Бала атар таңды терезеге телміріп, кірпігін айқастырмастан атқызды.
Таң бозында жақын тұрған аудандық Мәдениет үйі жаққа жұрт жүгіріп, сабылысты да қалды. Отан да далаға жүгіре шықты. Сонда бірақ байқады, биік салынған алып мәдениет ғимараты өртеніп жатыр екен. Қара түтін будақтап, қызыл жалын көкке шаншыла тік ұшады. Адамдар маңында жанталасып жүр.
… Әкесі оқыс аунады. Баланы қысып қалды. Отан шошып оянды. Ояна салысымен әлгінде көрген дүниесі санасынан ұмыт болды.
Терезелер мен бетәйнек төгіле жауған судан ағыл-тегіл жылап тұр екен. Әкесі трактордың темір қабырғасына қайта жанасып, бұған орын кеңейтіпті.
Отан да жанына жантайды. Жанарын жұмды.
Таңға қараңғысы еді…
Баланың анасы туралы өмірінде болған шындық оқиға бүгінгі жаңбырлы түні түсінде қайталанса да, трактор ішінде үзіліп қалды… Былғары табыт басында қайта жалғаспады… Бала балбырап ұйқыға кетті.
Бала Отанның сана тұманынан ауытқыған түс қабырғасына аунап түскен әкесі ой-санасына оп-оңай көшті… Түс бірақ Ғазиз бен Қырмызының Марқа сұлудың жағасындағы бақытты күндерінен белгі берді.
Қырмызы мен Ғазиз сұлу көлдің жағасында жүр. Екеуі де жастыққа тән сұлу күйлері… Бір-біріне қос қудай керемет жарасқан жұп.
Дүние көкпеңбек. Шіліңгір шілде түсіпті. Мал шелдеп, пенде шөлдеп тұрған тұс екен.
Қырмызы жары қайыққа отырды. Жалғыз өзі ескекті серпе салып, жүзе жөнелді. Ғазиз күйеуі жағада қала берді.
Кенет көл бетінде жел көтеріліп, құйын иіріп ала жөнелді. Ғазиз шошына айқайлады. Жары бірақ қорқатын емес. Құйын ортасында сақ-сақ күліп, қайықпен шыркөбелек айналып жүр. Қырмызы емес, Аршын сұлу секілді… Бұл суға түсіп кете жаздап ұмсынып қалып, Аршын сұлудың сылқым күлкісінен басқа салып қалғандай тоқтайды.
– Құдай-ау, мүмкін емес! Иә, Аршын емес!.. Қырмызы… Қырмызы екен. У-у-уҺ!..
Қайық аударылып кете ме деп мұның зәресі ұшып тұр. Айғайлайын десе дауысы өшіп қалыпты…
Кенет қайықты күшейе көтерілген су құйыны Қырмызымен қоса жұтып қойды. Қаракөк су құйыны көл ортасынада ұлғая түсіп, Марқа сұлудың қырық құлаш қыран қарағайындай көтерілген су мұнарасы айналып тұрды.
Кешікпей баяулап барып басылды. Көл беті де толқығаны тоқтап, қайық пен Қырмызы көрінді.
– О, құдірет!.. О-о, Тәңірім!..
Ғазиздің дауысы оқыс шықты. Көл бетінде Қырмызы емес, алтын қайық мінген Марқа сұлу отыр.
Әйгілі бегім – Айдарлы алтын қайықты Марқа сұлу… Марқа сұлу бегім.
Ол заманда «Қазан-ана» атанған көл суы Марқа сұлуға жуасып, арудың сұлулық келбеті керілген көл бетін нұрландырып тұрды.
Ару Марқа сұлу сыңар қалған қудай жалғызсырайды. Туған анасы Ақсұлудан ерте қалған жетім тағдырына үңіледі… Жеті жасында ерте ой түскен, көлдей терең ой кешкен бойжеткен еді.
Қазан-ана көлдің еркесі Марқа сұлу – Найман ханы Таянның үкілеген жалғыз қызы. Інісі Күшілік мырза – Ақсұлу шешесінің туған сіңлісі Тоқсұлу тоқал омырауынан ажырамаған сәби кезі… Болашақ Ер Күшілік ханның Марқа сұлудай әпкесіне қорған бола алмас бейкүнә шағы.
Қартайған Таян хан әкесі хандығы да қауындай жарылып, туған інісі бүлік шығара бөлініп, «Бұйрық хан» атанам деп әуре-сарсаң салып жүрген бұлғақ мезгіл. Баяғы Найман Қағанаты шаңырағын көтеріп, іргесін бекітіп, ақ байрағын Ақ Ордасында шалқытып, таңбалы қызыл мөрін басып, жан-жағындағы барлас, қоңырат, жалайыр сияқты жалпы жұртты өзіне қаратқан, Керей елі ханымен тату-тәтті күн кешіп, қият, меркіт сияқты сыңар қанат ұлыспен сыпайы көршілік құрған тұс.
Ал алыс Шын-Машын Елі мен он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт, мыңдық маңғұт пен түмендік таңғұт жұртымен қарым-қатынас орнатқан Ұлы Білге Бұқа қаған бабасы құрған ірі Ақ Орда жыртылып-айырылуға шақ тұрған, «Ел айырылған» дейтін зарлы күндер керегеден енер қауіп сейілмеген, жүректі алаң сезім қапқан уақыт-ты.
Ақ Марқа – ақсары өңді алтын Марқа сұлу қасиетті Қазан-ана көлдің де су иесіндей күтіп-баптаған қызы еді. Қазан-ана көл де «Айдарлы алтын қайық» сәнін кіргізген Марқа сұлуды ешкімге қиғысы келмейтіндей мөлдірейтін… Шілдеде бір тәңірінің көктен құйған шұғыласымен терең тартқан түбіне дейін жылынып, ерке сұлудың балбыраған балғын тәнін тербей елжірейтін.
Марқа сұлу ақылға ұста кенен, сөзге сімер шешен, жебеге жел ілдірген мерген. Қараған жан жанарын тайдыра алмас Һас сұлу еді.
Гауһардан алқа тағады. Құндыз бөрік үкілеп, бұлғын ішік жамылады. Жүзін күн жемеген, етегін жел көтермеген. Сән-салтанаты жарасқан салқы бойжеткен.
Алтай тұмасы шөліркеген сарайын ашқан, Қазан-ана көлі кіршіксіз ажарын ашқан. Ана көлде Айдарлы алтын қайық қана мінген. Ақылына көркі сай, атына заты сай ару бегім.
Он жетіге енді шықты…
Он сан сарбаз қарауыл қойған. Он сан сұлу бикеш қасынан өрген. Он сан нөкер соңынан ерген. Аш беліне оратылған қара шаш пен аспан түсті мөлдір жанар жаныңды кеудеңнен суырып ала жаздайды. Керім сұлулық кез келген жігіттің мысын басады. Жүрегінің түгі бар азамат ер ғана жел жағынан жақын келер.
Ондай жүрек жұтқан жолбарыс қайда бірақ!? Тірі пенде жанына жуый алмас бұла бегім…
Ару аты мен хан қызы заты алысқа кеткен кезде Марқа сұлу әкесі алдына келді. Бұлғаңдап өскен бұла бегім бүй дейді.
– Хан әке, түсімде Қазан-ана көлінен аққу ұшқанын көрдім… Ол не?
– Е-е, сен бойжетіп, ұяңнан ұшар кезің келіпті…
– Сол аққу далаға барып қонғанын көрдім… Ол не?
– Е-е, сен ен даладағы жат Ордаға барып қонады екенсің…
– Даладағы сол Жат Орда сіздің Ақ Ордаға көшіп келіп, қатар қонғанын көрдім… Ол не?
– Е-е, сен даладағы Жат Ордалы жұртты Ақ Ордалы менің еліме әкеліп қосады екенсің!..
Сонда Марқа бегім хан әкесіне қарап:
– Ер жігітке қояр үш шартым бар, – деді.
– Орындатам шарттарыңды! – деді Таян хан.
– Сізге де қояр Бас шартым бар.
– Айт!
– Дат, хан ием!
– Датың болса, мақұл!
– Сізге қойылар шартымнан бастайын… Ал қалған үш шартымды шылбырымды ұстауға бағын сынап келген азаматтарға айтайын!
Қыз құлай ағып жатқан Қалжыр жаққа бір сәт ұзақ қарап қалыпты. Әкесі де ойға бата Азутау шыңына қадалыпты.
– Бас шартым – күйеу жігіттер қаны қосылмас алыс жұрттан болсын!.. Даланың көкжал рулары талассын! Сақарадан сырт он сан оймауыт пен тоғыз сан торғауыт, мыңдық маңғұт пен түмендік таңғұт байрағын бұлғамасын!
Таян хан қыран басты алтын тағында жұмбақ шарттың сырын ойлап отырып қалыпты… Әлден уақта иіліп жауабын күткен сүйікті қызына тәңіріне сыйына тұрып былай депті.
– О-о, Тәңірім! Е-е, бегім! Ерен тілегің орындалсын!.. Ерен елің ерлерге толсын! Ерен жерің кеңейсін! Ерен елің молайсын! – деп қызының ақылына риза-қош болыпты.
Сайын сақараға сауын айтылыпты.
Жерұйықты аңсаумен жұпар даланы кезіп, жапан түзді ат тұяғымен тоздырған сақара жұрты Найман Елі аруына құда түсуге хабардар болыпты. Марқа сұлудың аламанға қойылар үш шарты барын құлақтарымен естіпті. Ол қандай шарт екен десіпті.
Таян ханның ақшаңқан жазғы Ордасы Қалжыр өзенінің Қазан-ана көлден ағып шығар алқымы – Шүмек жазаңына тігіліпті…
Ал шарт сайысынан дәмелі ұлыстардан келген жұрт Ақмоншақ аңғарына түсірілуге тиіс болыпты. Сайын сақарада билікті уысына жиған бес ұлыс – жалайыр, қоңырат, барлас, меркіт, қият жұртынан келген аламан азаматтар көл басынан құлайтын Ақмоншақтай кең аңғарға ат шалдырып жатуы ойластырылыпты.
Тек Керей Елінен ханның өзі бас болып, ат сабылтып алдымен жетіпті…
Марқа сұлу бір елдің ханына тоқалдыққа тиер деген тоқ сенім жеткенше жанын әлдилепті. Таян хан да қарсы келе алмас! Қарсы келсе, қыбын табармын деген оймен аттан түсіпті.
Керей ханы келместен өз шартын қойыпты. Ханға кеуделей кергиді. «Қараборбай қарамен шартқа түспеймін!..» деп, қыз бен әкесіне ақылманы арқылы жеткізеді.
Қыз шарт бұзылмайтынын шабарманымен жеткізеді.
Таян хан да «Жалғыз қызымның шартын бұза алмаймын!.. Тілегін орындау керек» дейді.
Сонда Керей елінен ере келген ақылманы: «Біз осы келген жас жігіттердің күллі шығынын өтейміз… Төрт жұрттың да Марқаға берер қалың малын бір өзім берейін! Тек оларды Таян хан қайтарсын!» деп тағы сөз салады.
«Хан басыммен елге сауын айттым. Екі сөйлегенім – өлгенім!» дейді Таян хан.
«Бір қыз үшін бір хандық жұртпен ат құйрығын кеспеспім, бірақ кекілін кесісеміз!..» деп Керей Елі ханы да доңайбат көрсетеді.
Оған бірақ Таян хан қыңбайды…
– Сайын даланың нағыз сайыпқыран сардары Марқа бегімнің шартын орындасын! – дейді қалың елінің алдына шығып. – Мен қызымды сатпаймын! Ол мал емес – Адам… Шартын орындаған азамат қолынан жетектеп кете берсін! Бұл сөзімді күллі Найман Елі жұртына – ер-азаматына өсиет етем!
Керей Елінен келген ханның дымы құриды. Өр кеуде жаны жараланады…
Таян ханның қонақтарына жайылып жастық, иіліп төсек болып күткеніне мастанып, Шүмек жазаңының күреңшесіне аунап, бетін қайырған хан мен ару бегімді қалай мұқатсам деп жата береді. Ақырын күтеді. Ішіне бір сұмдық түйін шер байлайды. Түп ниетін жан баласына сездірмейді.
Уәделі күн таңы да атады. Марқа сұлу да шартын Қазан-ана көл жағасында естіртті. Естірткен – арнайы белгіленген биғазы – биқазы азаматтар.
Бірінші шарт – көлді марқа қозы еті піскенше, атпен айнала шауып өту…
Екінші шарт – көлді көлденеңінен кесе жүзіп өту…
Үшінші шарт – көл ортасында Айдарлы алтын қайықта Марқа қыз самырсын сабынан ұстап отырған, кестелі алтын жіппен әдіптеген аппақ Байрақты жебемен көздеп, тесіп өту…
Осы үш шартты орындаған жігіт еліне ақ байрақпен Марқа сұлуды алып қайтады. Апарып ақ байрақты отауы босағасына сабынан байлап, желбіретіп іліп қоюға тиіс.
Алшаңдай басып барлас баһадүрі көрінді…
Шалқая басып жалды-жалайыр оғланы келді…
Жалпая басып қоңырат бағланы шықты…
Қиялай басып қият-бөрі нояны тұрды…
Ұмтыла берген меркіт мергені Керей Елі ханына қарап қалып, қалт тоқтады… Сапқа барып қосылмады.
Шартқа сай сайыс осы бөрідей төрт жігіттің арасында өтетіні белгілі болды.
Еркек марқа қозы шартқа шыққан жігіттердің алдарына алдырылды. Темір үзер төртеу де өздері таңдап мініп келген сәйгүліктерін ауыздықтап, темір үзеңгіге бір аяқтарын салып, тұра жөнелуге дайын тұрды.
Марқа сұлуды көздің қарашығындай қорғаушы жасағының басшысы кепе қозыны қанжармен жұқа тамақтан «Аллауакпар!..» деп бауыздап кеп жібергенде, төрт сәйгүлік те ытырына кеп жөнелді.
Марқа қозы еті піскенше, төртеудің қайсы бұрын келер екен десіп, алқалы аламан жұрт қиқуға басты. Жан-жағын қарағайлы биік таулар қоршаған су толы алып қазандай Қазан-ана көл қозғалып кетті. Көл жағалаған сәйгүліктердің сом тұяғы кейде су шашыратып, кейде шым қопарып, кейде тас уатып, кейде қарағай-шырша арасына шым батып, кейде қиялай қапталдай шауып бара жатты.
Жұрт ду-дуы басылмады. Балуан күрес басталып кетті. Ешкі майы қатпас шілде күні ысығанмен, қарағай арасынан, тау сағасынан сыналай соққан самал есіп, дүние жанға жайлы күйге балбырай иіп тұр еді.
Түннен шыққан суық жылқы еті мен қой еті таңдай қақтыра тамсантып, таң асқан қымыз-қымыран бал татып, мұқым мұнар жұрт ішкенге мас, жегенге тоқ. Салқын қарағай арасы көлеңкесін жауып, жамыраған жас атаулы жел желік. Ақсақал мен қарасақал ақторғын әйелдердің қырқылжың қалжыңына малтығып, шынтақ жатыс пен жамбас сипар сылтауға сылқ-сылқ күлкі құшақты.
Қазан-ана көл айналасы ине шаншар жер қалдырмастай ырғын халықты…
Бағлан еті буы бұрқырап, балбырай елжіреп, кепсермен қазаннан түсіріліп жатқанда, жігіттердің алды да келіп үлгерді. Алдымен Барлас баһадүрі мен Қият-бөрі нояны жетті. Оларға Марқа сұлу өз қолымен уылжыған қозы етінен ауыз тигізді.
Жұрт жым-жырт болып, қыз қолынан ет жеген ер жігіттерге риза болысты… Кейін келген қос азамат та ару саусағынан ас алысты.
Шарттың келесі кезегі ат ауыздығы суыталмастан басталды.
Марқа сұлу ұсынған шара-шара қымызды бастарына төңкере салып, межеленген жерден тақымдары кеппестен көлге қойып кетісті. Жалаңаш кеуде жігіттер қарсы бетке құлаштай жүзіп жөнелді.
Олар арғы жағалауға асыға жүзіп жөнелген сәтте Марқа сұлу да бір құрбысымен Айдарлы алтын қайыққа қарай жүрген. Қалың ел жігіттерге бір тамсанып, хан қызына бір тамсанып тұрды…
Көл бетіне сыңар аққудай сыза із салып алтын қайық шыққан. Алтын айдары мен алтын қаптырма жапқан қос қабырғасы күн көзіне жалтырап, жұрт көзінің жауын алды.
– Тіл-көзден сақта, жасаған! О, Ұмай ана! – деп тұрды жағада Тоқсұлудай тоқал бегім Күшіліктей сәбиін құшақтап.
Жұрт ішіп-жеп қарап, алтынның шағылған сәулесіне арбалды.
Су жүзіне шималай әжім салып, елік толқын қайырған сәнді қайық Қазан-ананың қақ ортасына жүзіп барды. Қос құрбы алдын ала дайындалған, қос қанатқа бекітілген шынжырлы шойын бас батырма – зәкірді көл түбіне тастап жіберді. Қайық та қалтқығанын қоя қойды. Марқа өз қолымен тіккен алтын жібек жіпті ақ байрақты құрбысына көтертіп, қарағай сабын қайық басының ұшындағы үшкіл бұрышқа тіреді де, алтын айдарлы мыс мойынға тас қып байлап тастады.
Бұлар дайын болғанша дүниенің төрт бұрышын ұстайтындай төрт бірдей атпал азамат көлді көлденеңінен қиып, жағалауға да жүзіп жетіп еді. Іркес-тіркес малтып жеткен. Оларды арнайы белгіленген бес бірдей биғазы бір топ адаммен күтіп алды.
Шартты қатал қадағалаушы биғазылар – хан жарлығының да әділеттілігін таразылаушы халықтан шыққан шешен, көсем жандар еді… Хан шешімі шыққанда қарайған халық аузына қарайтын тұлғалар. Бұл бесеуі – қара бұқара сөзін ханға жеткізетін биғазылар арасынан Таян хан мен Марқа сұлудың өзі таңдаған таңдаулы тұтқалар-тын.
Биғазылар арасында он бір жасар Кет-Бұға би де жүр…
Қаршадайынан күйін толғап, қарғадайынан ойы самғап, бармақтайынан бал тамызған шешен, ел таныған көсем болуға жүз бұрған бала би. Кет-Бұға аты жұртқа мәшһүр тұмар-ды.
Бұл жолы – қоңырат бағланы мен қият-бөрі нояны жылдам жүзіп жетті.
Тағы да қият-бөрі қалыспады… Барлас баһадүрі барлығып, жалды-жалайыр оғланы малтығып келді.
Биғазы басы оларға тыныстарын алуға мұрсат берді. Төрт азамат күреңше үстіне көсіле кетті. Өкпелері де өшкендей қысыла қағып жатты.
Күн екінтіге құлап кеткен мезгіл еді…
Көл ортасындағы Марқа сұлу да күйеу жігіттердің ерен ерін күтулі еді…
Қошқар мүйіз оюы алтын жіппен әдіптеулі ақ байрақ самалмен желбіреп, ерлер қайдасың дегендей менмұндалап, екінтіге еңкейген күн сәулесімен қаракөк тартқан көлдің әрін кіргізген. Азутаудың ұшарын алып жатқан аппақ мұзарт та байрақ түсімен астасып, айбынданып кетіпті.
Марқа сұлу мен құрбысы да байрақтың желбіреген ұшына қарап, жігіттердің жебе бәсін сабырмен күтті. Кешікпей олар да өздері жүзіп шыққан тұстан жоғары өрлеп, жағалау иілген иінге келді. Тап алтын қайық тоқтаған өкпе тұстан кеп шықты.
Бұл арадан қайық та жақын көрінді. Үстіндегі қыздар да өткір жанарларға шалынды.
Төрт бірдей ұлыстың төрт арлан бөрідей қатар тұрған жігітінің кезегін биғазылар белгілеуге көшті. Билікті бала би Кет-Бұғаға берді.
Биғазы Кет-Бұға би былай билік естіртті.
– Барлас баһадүрі бас болады… Көк ішекті қарағайжақ адырнасын аңыратсын!
– Қоңырат бағланы жас болады… Кезекті қызыл жебелі сүйекжақ маңыратсын!
– Жал-жалайыр оғланы қоңсы болады… Кезексіз тиген жиде жебелі құрамажақ мөңіретсін!
– Қият-бөрі нояны бәріңе анда болады… Соңын алған сұңқар қанат жебелі сыңаржақ еңіретсін!
Бұл сөзге биғазы ағалар да бас изесті.
Кет-Бұға би қысқа күнде бәріне батымды қырқа кесім жасап, жағада байлаулы тұрған қара қайыққа отырды. Дайын отырған ескекші дереу есіп жөнелді. Ескек тиген қаракөк тұнық беті жылан қабыршақтана көпіршіп, кебеже қарын қайық тұмсығы қанжарша тіле жүзді.
Жас болса да бас болған Кет-Бұға би Айдарлы алтын қайыққа қарай тура тартты. Үшкіл келген ақ байрақ самалмен желбіреп, көптен күткен қос құрбы қыз елбіреп күтіп алды.
Бала би Кет-Бұға хан қызы қарындасы мен мырза қызы құрбысын өз қайығына отырғызып, құрық құлаш қауіпсіз аулаққа жүзіп, ақ байрақты бақылауға алды. Бала биғазының белгісін күткен жағалаудағы жас жолбарыстар да тағатсызданып тұрғанды.
Батыстан шығысқа қарай желбіреген үшкіл байрақ екінті күніне шағылып, жағадағы өткір жанарларға сағымдана сәулеленеді…
Биғазы бала би беліндегі кісесіне ілінген қызыл орамалды алып, басынан асыра бұлғады.
Барлас баһадүрі қарағайжақ садағын алып, көк сырлы арша жебені қондырып, адырнасын құлаштай тартты… Зырылдай ұшқан арша жебе көлбей ұшып, қайық ортасындағы арқау тақтайға кеп қадалды.
Қоңырат бағланы сүйекжақ садағын көтере түсіп, қызыл сырлы тобылғы жебені шірене тартты… Зулай ұшқан тобылғы жебе ақ байрақтың қарағай сабына келіп қадалды.
Жал-жалайыр оғланы құрамажақ садағын қайқая тұрып, сары түсті жиде жебесін жіберді… Желдей ескен жиде жебе қайықтың алтын қабырғасына сыртынан тесе қадалды.
Қият-бөрі нояны сыңаржақ садағын алып, сұңқар қанат жебені суылдата атты… Сұңқар жебе аппақ байрақ ортасынан қақырата жарып өтіп, қалықтай барып көлге қонды.
Марқа сұлу жүрегі діріл қақты… Қуаныш пен үміт сезімі ару жанын жандырып өтті. Құрбысы да жүзі бал-бұл жанып, алабұртқан бегімді құшақтай алды.
Кет-Бұға би кебеже құрсақ қайықты тездете жүздіртіп, аулақта қалқып жүрген сұңқар қанат жебені алды да, қара қайықты алтын қайыққа жанастыра жүздіріп қойды. Алдымен алтын қайыққа хан қызы қызыл түсті сақтиян аяқ киімімен аттады… Соңын ала құрбысы өтті.
Кет-Бұға би бегімнің алтын қайығына аяғын баспады… Басуға да қақысы жоқ еді.
Марқа сұлу ақ байрақты қоңырат бағланы сабына қадаған жебесімен бала биге алып бермек болып еді, ол қозғалмасын деп ишарат жасады. Құрбысы екеуі алтын қайық тұмсығы тұсынан бекітіліп, көлге тасталған шынжырлы шойын батырма – зәкірді көтерді. Кет-Бұға би мінген қайық соңынан алтын айдарлы жалтылдай ілесті.
Жағада демдерін ішіне тартқан ер жігіттер мен кесім шығаруға асыққан биғазылар тағатсыздана күтіп тұр еді…
Айдарлы алтын қайық пен кебеже қарын қара қайық жеткен бойда төрт түрлі қадалған жебелердің өзі-ақ Таян ханның жалғыз қызы кімнің қанжығасына басыбайлы байланғанын, қай ұлыстың шаңырағына шырақ болып жанарын сөзсіз айтып тұрды… Көкбөрі жігіттер өз көздерімен көріп, өз қолдарымен жебелерін екіге бөле сындырып алып, Марқа сұлу мен Кет-бұға бидей биғазыға бастарын иген.
Қанатына да зиян келмеген қият-бөрі ұлысы ноянының олжагер сұңқар жебесі еді…
Бұл қият нояны – салт атты, сабау қамшылы болып келген Сайын атты бозбала еді…
Марқа сұлу бозбаланың мойнына әкеліп алтын кестелі қызыл орамалын салған да, қолындағы сегіз таспа өрімді қамшысын алған. Сосын биғазы ағаларға келіп, «Айдарлы алтын қайығыммен, көгілдір Қазан-ана көліммен қоштасайын!..» деп қиыла сұрады.
Күн де кештетіп қалып еді. Шүмек тепсеңіне көтеріліп, Қалжыр құламасына батуға бет алған.
Үзілген Марқа сұлу көл ортасына жалғыз жүзіп кетті…
Соңынан сайыпқыран Сайын жігіт сүзіле қарап қалды…
Қарағай іргесіне қараңғылық ұйып, қас қарайып келе жатты. Тап осы сәтте көлге етегін малған шілік талдардың арасынан бір бозбала суға түсті. Жалаңаш кеуделі беліне жеңіл селебе байлапты.
Ол шілік арасымен бойын жасыра барып, көлге сүңгіп кетті. Бұл Байкөлден келген меркіт ұлысының қыздан дәмелі жас қыраны еді… Оны Керей Елі ханы қайрақтай қылып былай қайрапты.
– Меркіт келелі керейге бауыр һәм анда. Таян ханнан келген керді өзім көріп алдым… Марқа қыз екеумізді де жерге қаратты. Хан басыммен мені менсінбегені аздай, сен де топтан жырылып қалдың. Тиінді көзден атқан мерген ұлыстың азаматысың, сенің мергендігіңді білгеннен әдейі жолдан қатыстырмаудың қамын жасапты Таян хан. Менің меселімді қайтару арқылы намыстан сен қатыспай қалатыныңды көздепті… Бұл жұмбақтың шешуін енді таптым! Қос ұлыстың ұлы намысын қолдан береміз бе?! Қайдағы қиятқа қиямыз ба? Жоқ! Жалайыр, қоңырат, барластай үш ірі ұлыстардың да намысын таптатты, бегім!.. Оның ендігі аяқ алысы қалай болмақ? Тағы қандай намысымызды төгуді көздегені бар… Осы қорлағаны да жетер! Таңдағаны – қият, ұрынғаны – ұят… Қорланғаны – асыл сүйек! Намыстан сүйек сынғанша, қайғыдан қан құссын, Таян! Сұлу бегімі жер құшсын, Тәңірі аян! Сұлу бегімді ажал сүйсін! Қияттың жүрегі күйсін! Ұлысының мейманасы таспасын, бағы аспасын! Қыл шашақты байрағына қара жалау байлансын!..
Осы мұздай сөз суық селебеге қол салдырды. Меркіт аламанын сұмдық іске бет аудырды.
Толқыны жыландай иреңдеген Қазан-ана көлде ымырт жамылды…
Су астымен сүңги жеткен меркіт мергені опасыз іске ұрынды… Жастық қызбалықтан емес, қызыл өрттей қызғаныштан зұлым әрекетін жасырынып келіп жүзеге асырды.
Әлсіз ай сәулесіне сүйініп, суға құлаған шашын қызықтай тарап отырған Марқа сұлу аңдап та үлгермеді. Қайықтың алтын қабырғасын бойлай, тереңнен сумаң етіп шыққан Байкөлдік меркіт суға қарап таранған сұлуды қақ жүректен салып алды.
Селк ете түсіп, дір ете қалды талдырмаш тән…
Арудың қара шашы су бетіне жайылып бара жатты. Ақша жүзінің бейнесі ай сәулесі шағылған көлге түсіп, күнәсіз көзі мөлдірей қадалды. Талдырмаш дене алтын жақтауға асылды.
Меркіт мергені су астына сүңгіп кетті. Қолындағы селебені көл түбіне қынымен батырды.
Құмырсқа толқын жыбырлап, біртіндеп өшіп жатты…
Нар Найман Елі қара жамылыпты…
Марқа сұлу өлімімен Таян ханның басындағы бағы тайыпты. Інісі Бұйрық хан Найман Ордасы ішінен Кіші Орда тігіп, біржолата бөлініп, хандықты әлсіретіп жіберіпті. «Бөлінгенді бөрі жейдінің» кебі келіпті.
Сайын жігіт қият-бөрі байрағын қанды кек алуға көтеріпті… Өзін «Сайыпқыран Сайын хан» атапты. Меркіт жұртын харап қылыпты. Меркіт мергенін қол-аяғынан төрт асаудың құйрығына байлатып, кергіге салып кек алыпты.
Шарана күнінде қан уыстап туған Сайын мұнымен де тоқтамапты… Тоқтай алмапты. Қалың қоңырат жұртынан қатын алып, Керей Елі ханын құдалыққа жүргізіп, өз жанына жақын тартыпты.
Барластар баяғыдан қияттарды бауыр тұтыпты. Барласты ортаға сала бауырласып, жалайыр жұртын андалыққа көндіріпті.
Кезек кеше ғана қайын жұрты бола алмаған Найман Еліне жетіпті… Нар найман жұрты қақ жарылса да, қос билікті хандық құрып отырса да, жас бөрі ұйғарымына көнгісі жоқ еді.
Маңайын өзіне тілеулес қылып алған Сайыпқыран Сайын хан Найман хандығымен ұзақ ұрысыпты. Сақара көк бөрілерінің ортасында жалғыз қалған жұрт арыстанша арпалысып бағыпты. Таян менен Бұйрық хан опат болғасын, жұрт амалсыз тізе бүгіпті.
Сайыпқыран Сайын хан Найман Ордасының хатшысын өзіне қорғалатып, қызыл мөрін жамбасына басыпты…
Көкжал арлан болып туған жас Күшілік таулық тегіне тартыпты… Қият-бөрі тектісіне Таян хандай көнгісі келмепті. Тарлан жолбарыстай жайылып жатқан Тарбығатай тауын асып кетіпті. Ерен Қабырғаға қосын тігіп, қабырғалы жұртсыз қалыпта жалаңаш қабырғасымен кеңесіпті.
Өзін хан жариялап, таланға түскен хандығын қарумен, телімге түскен жұртын ақылмен билемекке әрекет жасап бағыпты. Таян хан тағайын қалпына келтіруге тырысып, шайқалған Найман хандығы шаңырағын түземекке ұмтылып, қанды қызыл байрақты соңғы рет қайыра көтеріпті. Күш тең емес еді, ақыры жанкешті шайқаста шейіт кетіпті.
Сақараны селдей қаптаған кешегі Нар Найман Елі ерен елдігінен – қанатты қағанатынан айырылыпты. Жығасы қисайған жұрт қалпына біржолата түсіпті… Сайын хан түсіріп кетіпті.
Кемеңгер Кет-Бұға би жұртының жетер жерін, тұңғиық тартар түбін, айдынға алып шығар амалын ойлапты… Жанталасқан жаралы жұрты үшін байырқалы байлам жасауға бас тігіпті. Қара нардай кеткен белін қайыра бекітіпті.
Ақылы асып туған Кет-Бұға би сақараның Сайыпқыран Сайын ханына Алтайдың алып жартасын жарып шыққан қыран қарағайындай биік шынары – Шыңғысхан – Ұлы Қаған мәртебесін енгізуді ұйғарыпты…
Сарыарқа сақараның кіндігі – Найман тауы бауырында Шыңғысханды ақ киізге салып, Қара Қаған көтеріпті. Дүниенің төрт бұрышына жаушы аттандырып, күллі төңірекке ат шаптырып, Шыңғысхан атын мәшһүр етіпті.
Түз төсіндегі майлы төстіктей Найман тауы – Ұлы Қаған құрметіне Шыңғыс тау болып белгіленіпті.
Күй иесі Кет-Бұғаны көк тәңірісі қолдаған Шыңғыс қағанның өзі ендігі жерде оң тізесін басқан Басби билігіне қойыпты. Найман жұрты Бас биғазы – Кет-Бұға бидің арқасында жалайыр мен қоңырат, барлас менен қият, керей менен меркіт жұрты арасында Хан-Балықтай Қарақорымда қайта елдік дәрежеге жетіпті. Он сан оймауыт пен тоғыз сан торғауыт, мың сандық маңғұт пен түмен сандық таңғұт түндігі төңірегінен аулақта керегесін кеңітіп, босағасын бекітіп, шаңырағын тіктепті.
Әйгілі Марқа сұлу хикаясы осылайша аяқталыпты…
Ғазиздің ғазиз санасы ұлы замана сарынын – Таян ханның зұлым заманын сыбызғымен сыңсыта тартқандай жырлап шықты… Ояу жатқан ол алаңсыз ұйқы құшағында жатқан Отанның жанынан тұрды.
Толассыз құйған ел-сел жаңбыр төпелеп тұр. Түбі тесіліп кеткен қара түнек аспан асты ағара бастапты. Жерге жарық түсейін депті.
Трактор жарығын өшіріп, далаға шықты. Таулы дала сол ызғарлы күйі. Қабағын қарс түйіп, тұнжыраған беті сыр берер емес.
Толғанбай да орнынан ерте тұрыпты. Ол жауыннан қорғалаған торғайдай шатыр айналып кетті.
Су өтпес ескі, шекпен плащ жамылып тұрған Ғазиз жоғары қарап, мұздай жауынға ыстық жүзін жуды. Марқа сұлу өңіріне миллион жылдық топан су жаңбыры құйып жатқандай көрінді.
(Жалғасы бар)