Го Сюебо – 1948 жылы дүниеге келген моңғол жазушысы. Өз аты – Амуржи. Әлем оқырмандарына «Го Сюебо» деген қалам атымен танымал. ҚХР Ішкі Моңғолия өлкесінде туып өскен. «Ақ түлкі», «Қасқыр бала», «От үйі», «Қызыл-жасыл табақ», «Силин өзенінің құдайы», «Құм қасқыры», «Құм түлкісі», «Шөл дала рухы», «Го Сюебо новеллалары», «Моңғұлия» т.б. романдары мен әңгіме-повестері үшін көптеген халықаралық және мемлекеттік әдеби сыйлықтарға ие болған. Шығармалары әлемнің оннан астам тіліне аударылған.
Шешей ескі лашықтан тысқа шығып, күнге қарап қойды. Бұл – оның осымен үшінші рет шығып күнге қарауы. Төбеден ауып, терістікке еңкейіп бара жатқан күн батыс жақ дауалдағы тауық қорасының артындағы теректің ұшында тұр екен. Шешей:
«Әке-ау, күн төбеден ауып барады екен, мына әкей неғып кешігіп жатыр?» – деп күбірлей жүріп тауықтарға жем шашты. “Құс тұмауы” дейтін бәледен сақтану үшін “қамауға алынған” тауықтар қыт-қыттап шашылған жемді теріп жеп жатыр.
Оларға қарап шешей: «Сендерді қамап қоюға мен де құштар емеспін, бұл – жоғары жақтың қаулысы. Әлгі қыстақ бастығы Лаң деген тіпті сендерді қырып салуға шақ қалды ғой. Бізден отыз шақырым шалғайда жатқан Шалун қыстағына аспанда ұшып бара жатқан бір жабайы қаз құлап түсіпті дейді. Кісінің күлкісін келтіреді-ей, ол жабайы қазды аңшылар мылтықпен атып түсірді ғой», – деп қарқылдай күлді.
Шешей екі бүйірін таянып алып қарқылдап күліп тұрғанда, қорадағы тауықтары оның сөзін түсіндік дегендей, өздерінше қиқылдап, қыт-қытқа басты.
Тауықтарын жемдеп болған шешей жайлап басып ауладан тысқа шықты да, өзеннің оң жақ жағалауындағы жолға күн сала қарады. Жолда бір пенде көрінбейді. Осыдан жүз шақырымдай шалғайдағы бір қыстақтан атышулы «құс тұмауы таралды» деп жолды жауып тастағалы бері үлкен күре жол тым-тырыс болып қалған. Қазір ол жолдан адам түгілі сайтанның сапалағы да көрінбейді.
Басын шайқап-шайқап қойып үйге қайта кірген шешей тұшпара түюге кірісіп кетті. “Тұшпарамды түйіп болғанша әкей де келіп қалу керек” деп ойлады ол.
Шешей отыз тал тұшпара түйіп, астақтайдың үстіне қаз-қатар ғып тізіп қойды. Сөйтті де “біреумізге онбес талдан, жоқ, әкейдің қарны үлкен ғой, ол 20-сын жейді, мен 10 тал жеймін. Сосын әкейге бір шәйнек шарап ысытып қояйын” деп ойлады іштей.
Бірақ әкейдің әлі қарасы да көрінбейді. Шешейдің алай-дүлей болған көңілі бір тыншымай қойды. Ол тағы да тысқа шығып жолға қарады.
Күн манағыдан гөрі кәдімгідей еңкейіп, әлгі батыс жақ дауалдағы теректің орта тұсына келіп қалыпты. Бұл кезде астақтайға реттеп тізген тұшпаралары жалпайып, қисая бастаған- тұғын.
Мана таңертең ерте қыстақ бастығы Лаң келіп:
– Құс тұмауы таралды! Қыстақтағы әр бір отбасы тауық қорасын, ауласының алды-артын тұтастай дәрілеуі керек, – деп аюдай ақырып кеткен.
Бірақ қажетті ақ ұнтақ дәріні әр бір отбасы қалаға өзі барып алып келуі керек екен. Әкей мен шешейдің перзенттері жоқ еді, соған қарамастан әкей әйелін «шешей» деп, шешей күйеуін «әкей» деп атайтын. Ондағы мақсаттары бір-біріне бала болып еркелеу еді.
Сонымен жетпісті алқымдап қалған әкей есегіне мініп қалашыққа аттанып кеткен. Сатып, ақша жасай келу үшін екі торайды дорбаға салып алды.
Жалпайып, қыңырайып қалған тұшпараларына қараған шешейдің көңілі одан сайын шиыршық атты.
Бұл өмірде шешейдің жолға қарап, әкейді күткен кездері аз болған жоқ. Кенет шешейдің есіне баяғыда бір жолы жүрегі қатты сыздап, тағатсыздана күткені орала кетті.
* * *
Ол кез бұлардың ұлдары енді ғана үш жасқа келген уағы еді. Ауылда кенеттен оба дерті таралды. Сөйтсе, жапон албастылары жеңіліп, еліне қашып бара жатқан жолында даладағы көртышқандарға оба ауруын егіп кетіпті. Содан ол ауруды қыстақтағы көртышқан ұстап жеген біреу жұқтырыпты. Әрі қарай қыстақта күнде кісі өліп жатты. Дәл қазіргідей күре жолды жауып тастады. Ұзамай бұлардың ұлдары да оба дертіне шалдығып, аузынан қара көбік аға бастады. Сонымен әкей түн жамылып баласын көтеріп алды да, жабық жолды кесіп өтіп, дәрігер іздеп қалашыққа тартып отырды. Алайда орта жолда қолға түсіп, ауыр науқастарды оқшаулау пунктіне қамауға алынады. Ол жер өзі төрт қабырғасы аяз бүркіп тұрған цемент дауалдар екен. Кіргеннің ізі бар, шыққанның ізі жоқ. Жерлеудің кезегін “күтіп” сұлап-сұлап бір топ өлік жатыр. Үш күннен кейін әкейдің ұлы өзінің құшағында жан тапсырады. Қажу мен құсалықтан өзінің де мұрнынан қара қан кетеді. Сонымен оны да өлді деп есептеп, ұлымен қосып қоқсық үйіндісіне апарып тастайды да, өртеп жібереді.
Шешей болса үйде жалғыз өзі күйеуі мен ұлын күтіп иненің ұшында отырған. Еш қандай хабар-ошар жоқ. Содан бес күн өткеннен кейін біреулер күйеуі мен ұлының қайтыс болғанын естірткен. Ол жылай-жылай есінен танып қалды. Сол күні қатты жаңбыр жауды.
Күйеуі мен ұлының рухына бағыштап тұшпара дайындады да, сосын өзі асылып өлмекке бекінді. Тура осы сәтте ол біреудің есікті тықырлатқанын, құмыға шыққан бір дауысты естіп қалып, мойнына салып алған ілмек арқанды алып, есікті ашып қарады. Бақса өзінің күйеуі “әкей” еңбектеп келіп тұр екен. Шелектеп құйған жаңбыр “өлікті өртеушілер” жаққан отты өшіріп кетіпті де, құдайдың құдіретімен бұл есін жиыпты…
Ой-қиялы осы тұсқа келгенде шешей қалшылдап кетті. “Осы бір қасіретті жағдайды неменеге еске алып отырмын?” деп өзін-өзі оңдырмай сыбап та алды.
Шешей тұшпараларын түзетіп, дұрыстап қойды. Сосын әлгіндегі көңілсіздіктен арылу үшін тағы да сыртқа шықты. Тыстағы ызғарлы желде біраз тұрғасын ол жөтеле бастады. Осы кезде аноу жолдан қараңдаған бір адамның сұлбасы көрінді. Шешей ілгері жүріп барып, өзен жағалауында күтіп тұрды. Бетін мұз жапқан өзен сұп-сұр боп безірейіп жатыр.
Сөйтсе, ол келе жатқан әкей емес, көршілері Мэң Хэ екен. Жігіттің үсті-басындағы, тіпті шашы мен бет-аузындағы аппақ ұнтақты көрген шешей:
– Үйбай-ау, әк зауытына кіріп шыққаннан саусың ба? Кебінге оранғандай мына түрің не? – деп еріксіз күліп жіберді.
– Ой, тәте, айтпаңыз! Қалашықтың солтүстік шыға берісіндегі көшенің аузына бақылау бекетін орнатып қойған екен, ары өткен, бері өткен адамның бәріне ақ ұнтақ дәрісін шашып жатыр. Одан қашып құтылу мүмкін емес, қуып жүріп шашады.
– Бәсе, үсті-басың ақ тозаңға малшынып, бұрқырап сасып тұрғаны дәрі екен ғой. Біздің үйдегі шалды көрдің бе? Ол да қалаға кетіп еді.
– Қалаға кіре қалған кезде көрдім. Ол кісі тіптен әуре-сарсаңмен жүр екен. Көтеріп алған торайларына укол салғанымен қоймай, оларды зертханаға апарып тексеруден өткіземіз депті. Сөйтіп жүргенде торайлар қолынан шығып кеткен екен, көшедегі жұрттың қасқыр тиген қойдай ойран-топыры шықты, – дегенді айтқан жігіт ішек-сілесі қата күлді. Оның сөзіне абдырап қалған шешей:
– Торайларын қайтып ұстап ала алды ма? – деп сұрады дегбірі қашып.
– Ұстауын ғой ұстап алыпты, бірақ ол торайлар қаша беріп-қаша беріп өкпесі күйіп, өлейін деп қалыпты, кім біледі, оларды сата ала ма, сата алмай ма?!
– Әй, қу қырсық-ай! Құс тұмауы таралмай жатып, жұрттар жынданайын деген бе…
– Соны айтпайсыз ба! Дұрыс айтасыз тәте, – деген Мэң Хэ басын шайқап, үсті-басын қағып-қағып, тұрған орнына бұрқыраған ақ тозаңын қалдырды да тайып тұрды. Жағалауда жалғыз қалған шешей мелшиген күйі шалын күтіп тұра берді.
* * *
Қалалық індеттің алдын алу пунктінің үйі.
Қабырғалары емханалардың мәйітханасындай аппақ екен. Әкей оның темір қақпасынан шыққан соң артына бұрылып бір қарап еді, кіші дәреттен кейінгі ерлердің денесінің тітіркенетіні секілді тұла бойы селк-селк ете түсті.
Ол манағы “мәйітханадан” алған бір қап ұнтақ дәріні есегіне артып алып, есегін жетелеп келе жатты. Дорбаға салып алып қолтығына қысып келе жатқан торайлары тынымсыз шыңғырады. “Мана укол салғандар дұрыс салмады ма? Әлде әлгінде ұстаймыз деп қуып жүргенде біреу ұрып-соғып, теуіп жіберіп, байқұс торайларымның бір жерін мертіктіріп қойды ма екен?..” деп шал уайымдап келеді.
Ауыл-шаруашылық базары қаңырап бос қалыпты. Бұрындары қайнап жататын қаз, үйрек, тауық секілді үй құстарын сататын нүктелер жым-жылас. Әкей оңашалау бір бұрышқа барып жүрелей отырды да, аяқтары матаулы торайларын дорбадан алып шығып алдына қойды. Торайын сұраған бір адам болмады. Әлден уақыттан соң көзі нашар көретін бір кемпір келіп:
– Не сатып отырсың? – деп сұрады. – Қоян ба, мысық па? Е, е-е, торай екен ғой, не ғып қыңсылай береді? Ауру емес пе өздері? – деді торайларды қолымен сипалап тұрып.
Кемпірдің “ауыру емес пе?” деген сөзін естіген біраз жұрт тез шегініп өз жайына кетті. Ол аз болғандай әлде кім қылжақтап:
– Жазда оңтүстікте шошқаларға ауыру тарап соның кесірінен көп адам өліпті, – деп соғып қалды.
Сол сол-ақ екен, әкейдің торайларына бір пенде көз қырын да салмай қойды. Қазіргі адамдардың бәрі кірпияз болып кеткен, тиіп кетсе бірдеңе жұғып кететін секілді, шетінен сауысқаннан сақ өздері. Өзеннен ауланған балықты жеп уланып өліп жатқан; қолда өскен тауық, торайын сойып жеп, уланып өліп жатқан; тіпті өзінің бақшасындағы көкөністі жеп, уланып өлмесе де, құсып-тышып ауырып жатқан… Қазір адамдар қандай тағамның қауіпсіз екенін білмей дал болып қалды.
Әкей күн еңкейе бере бір торайын зорға сатты. Сатылмаған бір торайын алып қайтуға мәжбүр болды. Әлі жиырма шақырымдай жол жүреді, қарынды тойдырып алу керек. Кемпірі үйде тағатсыздана күтіп отырған шығар.
Есегін жетелеп, бір торайын көтеріп алған әкей қалашық көшелерімен жүріп келеді. Нысанасы – Чжаң мырзаның “тілме бәліш” сататын асханасы. Чжаң мырзаның “тілме бәліші” әрі арзан, әрі дәмді. Көше бойы аспанмен тілдескен жаңа ғимараттар. Шасяң деген кедей аудан болғанымен, соңғы жылдары халық тұрмысын көтермесе де, жаңа ғимараттарды жыпырлатып салып тастады. Қазір ескі көшелердің жұрнағы да қалмаған, жол тауып жүрудің өзі мұң. Әкейдің қалашыққа келмегеніне де біраз жыл болыпты, әлде үш, әлде бес жыл болды ма екен. Ол көше бойлап келе жатқанымен, дұрыс келе жатқанына онша сенімді емес еді. Әйтеу бір ескі түйсігімен Чжаң мырзаның “тілме бәліш” сататын асханасының бұрынғы мекен-жайын тапқандай болды. Бірақ ол арадан екі қабатты сәулетті ресторан бой көтеріпті. Алтынмен апталып, күміспен күптелген ғимараттың тұрысы хан қызындай тәкаппар.
“Чжаң мырза тілме бәлішпен-ақ байыған екен…” – деп күбірлеген әкей ғимаратқа көз салып біраз тұрды.
Ресторанға топ-топ адам кіріп-шығып жатыр. “Тілме бәліштің” дәмін ойлап сілекейі шұбырған әкей есегін ресторанның іргесіне байлай салып, алқам-салқам түрін реттеп алуға да мұршасы болмай, бір топ адамға ілесіп ішке озды. Ол мына келіп жатқан адамдардың түрлерінің салқындығына, жүрістерінің аса байыптылығына таң қалды. Әсіресе ғажаптанғаны әр бір кісінің қолдарына бір-бір бума гүл ұстап алғаны болды. Шоқтай жайнаған қып-қызыл гүлдер, кісі қызығарлықтай тегі. Қаңтардың қақаған аязында мынандай табиғи гүлдерді көріп тұрғанына және оның соншалық әдемілігіне әкей де қайран қалды. Қағаздан жасалмаған, кәдімгі шын гүлдер. “Қаланың адамдары да қызық, тілме бәліш жеу үшін гүл көтеріп, соншалық салтанатпен келеді екен” деп ойлады әкей іштей. Ол гүлдердің хош иісін иіскеген бойы залға кірді. Басына қызыл кепкі, үстіне қызыл бешбет киген қарауылшы әнтек әрі-сәрі болып қалғанымен, алдында кіріп кеткендердің тобындағы біреу деп ойлап қалса, керек шалды бөгемей кіргізіп жіберді.
Ат шаптырым залда иін тірескен адам. Әр тұсына өте көп дөңгелек үстелдер қойылған зал жым-жырт. Адамдар ұзын-сонар кезекте тұр, “тілме бәлішіне осынша адам кезекке тұрғанына қарағанда Чжаң мырзаның саудасы күсет болып тұрғаны ғой…” деп таңданды әкей.
Залда естілер-естілмес музыка ойнап тұрғанын әкей енді аңғарды. Таныс әуен. Анау бір жылы төраға Мао қайтыс болғанда қаладан екі машина келіп, бұларды аудан орталығына апарған кезде осы әуенді естіген. “Тілме бәліш жеу үшін бұл музыканы қойғаны қалай…” деп әкей таңырқап қалды. Кезекпен жылжи-жылжи алдына жетіп те қалды. О баста әкей кезектің тірелген жерін “тапсырыс беріп, ақша төлейтін жер екен” деп ойлап, мыж-мыжы шыққан бес юанын дайындап келе жатқан.
Қария қателесіпті, олай болмай шықты. Кезектің тірелген жеріне үстіне ақ жібек жабылған ұзын үстел қабырғаға тірей қойылыпты. Үстелдің үстінде қабырғаға сүйей ілінген қара жиекті рамкаға салынып, шетіне қара мата ілінген үлкен сурет тұр екен. Келген адамдар қолдарындағы гүлін ақ жабылған үстелге қойып, суретке қарап үш мәрте тағзым етіп жатыр.
Бұны көрген әкейдің зәре-құты қалмады. “Масқара! қалайдан қалай албасты басып қаралы жиынға кіріп кеткем…” деп ойлаған оның үсті-басын суық тер басып кетті. Әлде кімнің “бірінші тағзым” деген үнін естіген ол асып-сасып бір тағзым жасады. Содан басын қайта көтерген ол өлген кісінің суретіне бір қарап үлгерді. Түрі таныс секілді. Екінші тағзымнан кейін суретке сәп салып тағы бір қарады. Бұл жолы таныды. Әкей еріндері жыбырлап, күбір-күбір етіп бірдеңе айтқысы келгендей болып тұрды да “үйбай-ау, мынау Лю Чжэнюй ғой”, – деді.
Шалдың дауысы соншалық қатты шықпағанымен, оның сөзін қасында тұрғандардың бәрі естіді. “Ауылдың шалы қайдан жүр? Қандай жабайы еді өзі…” дегендей, жұрттың бәрі жақтырмай қарады. Өлген кісінің суретінің оң жақ қырын ала бір қатар болып жұрт тізіліп тұр екен. Тура суреттің түбінде тұрған бірінші адам келіп бұдан жөн сұрай бастады. Айтуынша, өлген адамның қызы екен.
– Ағай, сіз қай жерденсіз?
– Ся-яң қыстағынанмын.
– Менің анамды танушы ма едіңіз?
– Әрине танимын. Ол біздің қыстаққа зиялы жас ретінде келіп еңбек еткен.
– Менің анамның зиялы жас ретінде барған қыстағы Хуңбаошу қыстағы деп аталатын секілді еді ғой…
– Иә, “мәдени төңкеріс” кезінде біздің қыстақты солай атаған. Біздің қыстаққа келгенде сен мамаңның ішінде болатынсың. Сен мамаңның үлкен қызы шығарсың?
– Иә, иә. Дұрыс айтасыз. Тағы біраз романтикалық әңгімелері де бар екен, мамам айтып берген.
Әкей “қайдағы романтика!? Мен сен үшін жазықсыздан-жазықсыз екі жыл абақтыға жатып шыққам” деп айта жаздап барып, аз қалды. “Өлер адам өліпті, оның үстіне дәл мына алаң ондайды айтатын жер емес” деп ойлаған әкей тіл ұшына келген сөзін қайта жұтып қойды.
– Сіз менің мамамның қайтыс болғанын қайдан білдіңіз? Мына аза білдіру жиналысына ауылдастардың атынан сіз келдіңіз бе?
Лю Чжэнюйдің үлкен қызы тебіреніп тұр. Ол ақсақалдың жауабын күтпестен көпшілікке бұрылып:
– Мына кісі менің мамам баяғыда зиялы жас ретінде төменге түсіп еңбек еткен ауылдан келіпті. Көпшілік дұрыс түсініңіздер, – деп хабарлап та жіберді.
“Ұқсамасаң тумағыр” деп ойлады әкей іштен. Жұрт күбір-сыбыр талқыға көшті.
– Лю меңгеруші шынында да жақсы адам еді ғой…
– Аудандық әйелдер бірлестігі бір жақсы басшысын беймезгіл жоғалтып алды…
Әкей не дерін білмей әрі-сәрі күйде тұрды да қалды.
* * *
Ол заманда әкей сол қыстақтағы халық жасағының рота командирі болатын. Ал Лю Чжэнюй болса қыстақтағы әйелдер отрядының жетекшісі еді. Әкейді “өкіл ағам” деп күні-түні сол үйден шықпайтын. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде Лю Чжэнюй кенет ауыраяқ болып қалады. “Ішін томпайтуға” себепкер болған “зиялы жастың” атын өллә-біллә аузына алмай, қыз әкейдің үйінде отырып алып күні-түні жылаумен болады. Бір күні қыз кенет әкейдің аяғына жығылып: “Өкіл аға, ішімдегі балаға сіз әке болыңызшы. Әйтпесе жігіт екеуміз де құримыз. Өміріміз ойран болады…” – деп бота-боз боп жылап, жалынып отырып алсын. Ол кезде әкей мен шешейдің сүзектен жалғыз ұлы қайтыс болып, қайта перзент сүйе алмай, екеуі ғана өмір сүріп жатқан. Қыздың өтінішін “ішімдегі баланы бағып алыңдар” деп түсінген олар келісімін бере салған. Алайда үш күннен кейін жағдай мүлде басқа бағытқа беталып кетті. Лю Чжэнюй: “Мені шырғалап, зорлап, екі қабат қылды”, – деп әкейдің үстінен арыз жазыпты. Сақшылар келіп әкейді ұстап әкетеді де, екі жылға соттап жібереді. Ол заман “зиялы жас” дегеннің дәурені жүріп тұрған кез, төраға Мао өзі жіберген қызыл қорғаушылар ретінде керемет қастерлі болатын. Сөйткен зиялы жастың ішін қайдағы бір диқанның “томпайтып” қойғаны қайдан кешірілсін?! Содан бастап Лю Чжэнюй жәбірленуші ретінде қамқорлыққа алынып, қалашыққа ауыстырылып, жұмысқа орналастырылады. Басы пәлеге қалған әкей маңдайын тауға ұрып, тасқа ұрып ақтала алмайды. Жоғары-төмен арыз жазып көргенімен оның арызын қаперге алған пенде болмады. Иә, қыздың екіқабат болғаны анық, әрі “күнәһарды” қыз көрсетіп отыр, оның үстіне қыздың “күнәһардың” үйінде тұрып келгені де бұлтартпас ақиқат.
Жазасын өтеп қайтып келген әкей Лю Чжэнюйді тауып пышақтап өлтірмекші болды. Құдайдың зарын қылған шешей оны зорға тоқтатты. Бұл кезде Лю Чжэнюй аудандық комсомол комитеті төрағасының орынбасары болатын. Одан көп өтпей аудандық әйелдер бірлестігінің төрағасы болып тағайындалған.
Әкейдің өмір бойы есінен кетпейтіні де, міне, осы қорлық еді.
Өлген кісінің суретіне қарап тұрған оның көңіл-күйі астаң-кестең болды. Бірақ қапелімде аузына сөз де түспеді. Не дегенмен арада отыз жыл өтіп кетті, өлер адам өлді, әкей кектенгенде қайтпек?! Оның үстіне бұл өзі қарапайым шаруа, сотталған кезінде де егін екті, сотталып қайтып келгеннен кейін де егін егіп жүр. Бұны қойып ол жылдарда мемлекет төрағасы да жазықсыз жапа шеккен жоқ па?! Тек қана, әйтеу осы жағдай есіне түскенде қатты жүрегі ауыратыны бар… “Дегенмен мына әйел тым ерте кетіпті, көп болса, шамамен, елуден енді асқан шығар. Іштей өзін кеміріп, жеп қойған ғой сорлы…” деп ойлап тұрған әкей “ал мен болсам, тірімін, сау-саламат, жап-жақсы өмір сүріп жатырмын, өлген адаммен есептесіп қайтем?!” деп ойын әрі қарай жалғады.
Осыдан кейін барып оның көңілі жайлана бастады.
Үш реткі тағзымнан кейін біреу оны үстелге – дастарқан басына алып барып: “Қаралы дәмнен ауыз тиіңіз, ол өлген адамға үлкен құрмет”, – деп түсіндірді. Бірақ әкейдің дәм татқысы келмеді, дұрысын айтқанда кеңірдегімнен өтпейді деп қорықты.
Дәл осы сәтте есектің озандата аңыраған үні естілді. Оны естіп залдағылардың бәрі қапелімде тіксініп қалды.
Іле бір күзетші кіріп келіп:
– Кімнің есегі? Анау есек кімдікі? – деп айғай салды.
Жұрт ду күлді. Әкейдің:
– Менікі. Менің есегім, – деп жауап бергені сол, залды қыран-топан күлкі үні кернеп кетті. Жұрт кептеліп келген күлкісіне ие бола алмаса керек. Залдағы қайғылы көңіл-күй бір сәт ғайып болып, мүлде қаралы жиынға ұқсамай қалды.
Еден тайғақ па, әлде асыққандікі ме, әкей орнынан тұрып шыға берем деп жалпасынан бір-ақ құлады. Жұрт одан сайын күлкіге көміліп қалды. Орнынан тез тұрған әкей азалы музыканың сүйемелімен залдан шықты.
Әкей есегін қақпаның бір жақ бүйіріндегі гүл шарбағының артында тұрған ағашқа байлап қойған. Әсілінде гүл шарбағы қалқалап, есегі көзге түспейтін еді. Бірақ қасында тұрған бір жеңіл машина жүрер кезінде кенет сигнал беріп қалғанда, есек үркіп гүл шарбағын бір-ақ ақтарып тастапты.
Есегін тез ұстап алған әкей оның мойнынан қағып-қағып тыныштандырып қойды.
– Ей, шал, бұл не қылғаның? Нағып бұл жерге есек байлап жүрсің? – деп күзетші жазғырып жатыр.
– Енді қайда байлаймын? Елдің шетелдік темір есектерінің бәрі осында байлаулы тұрған жоқ па? – деді ашуға булыққан әкей қырсығып.
– Ол деген елдің жеңіл машиналар! Велосипедтер! Қайдағы есек?!
– Менің жеңіл машинам да, велосипедім де осы – есек.
Әкей басын шалқайтып, көзін алайтып қойды да есегін жетелеп алып жолға түсті. Күзетші әкейдің ту сыртынан күңк-күңк етіп боқтаған күйі қала берді. Басқа қолдан келері жоқ, өйткені шал да аза білдіру жиналысына келген қонақ қой.
Манағы жерде шашылған гүлдерді жел әрі-бері ұшырып әкетіп жатыр. Осы сәтте сол гүлдердің біреуін жел ұшырған күйі әкейдің аяғының астына әкелді.
Көзі жайнап кеткен әкей еңкейіп барып гүлді қолына алды. Үлбіреген жап-жас, бүп-бүтін, хош исі бұқыраған әдемі гүл. Әкей гүл жапырақтарындағы шаңды үрлеп-үрлеп қойды. Оның таңғалғаны соншалық бет-жүзіне күлкі үйріліп, ебедейсіз жуан қолдарымен гүлді сипап-сипап қойды. Сөйтті де: “Меруерт гүл екен! Асыл гүл екен”, – деп күбір-күбір етті.
Ол гүлді ептеп қойнына салып алды. Ақыры Лю Чжэнюйден бірдеңе өндіріп алғандай болған оның көңілі тоғайып қалды.
Шешей жұмыртқалайтын мекиен тауықтай үйіне біресе кіреді, біресе шығады. Өзен жағасына қанша мәрте барып-қайтқанын өзі де білмейді. Жаурағаны соншалық, екі беті қып-қызыл болып, еріндері көгеріп кетті.
Шешей: “Бұл шалға қандай шаруа қол байлау болып қалды екен ә? Одан әлдеқайда кейін дәрі алуға кеткендер де қайтып келіп алды. Ол қайда қаңғырып жүр? Әлде торайларын сата алмады ма? Сатылмаса сатпай-ақ қоймай ма! Әй, тасжүрек шалым-ай, үйден шықса болды, мені уайымдатады да қояды”, – деп таңдана кейіп алды. Есік алдында байлаулы тұрған сары ит оған қарап арпылдап үріп қоя берді. Шешей: “Иттің де қарны ашты”, – деп күбір етті де, итіне тамақ берді. Ит қуанғаннан құйрығын бұлғаңдатқан күйі тамақты көмейлете соқты. Шешей итінің мойнынан сипалап тұрды да қарғыбауын шешіп жіберді. Сөйтті де оған: “Ей, сары төбет, сен тамағыңды жеп болған соң әкейдің алдынан шық. Мен көзім шұбартып алысты көре алмайды екенмін”, – деді.
“Қаңқ” етіп дыбыс шығарған сары төбет атқан оқтай даланы бетке алып ұшты да кетті.
Шешейдің көңілі шамалы жайланып қалды. Содан кейін ол үйге кіріп, түйген тұшпараларын қасқанға салып пісіре бастады. Әкей буға пісірген тұшпараны жақсы көреді. Суға қайнатқан тұшпараны “тез суымайды” деп онша ұнатпайды.
Тұшпарасын пісіріп болған шешей енді арақ ысытуға кірісті.
* * *
Әкей әр адымын салмақтай басып қалашық көшелерімен кетіп барады. Жолыққан елдің бәрінен “тілме бәліш” сататын Чжаң-ның қайда көшіп кеткенін сұрастырып келеді. Ол өзі шынында да бір қайсар да қарапайым жан. Іргеде ғана тұрған қалашыққа 4-5 жылда әрең бір келгенде әрі тәп-тәтті, әрі ып-ыстық “тілме бәлішке” бір тоймаса, қалай болады?!
Қолындағы қапаспен құс көтеріп келе жатқан бір ақсақал оған:
– «Тілме бәліш» сататын Чжаң үш жылдың алдында көшіп кеткен. Сіз ескі қалашықтағы “қошқар мүйіз” деген тар көшеден іздеп көріңіз, – деп жол нұсқады.
Ақсақал сондай бір жайдары жүзді, мейірбан адам екен. Сырты шүберекпен оралған қапастағы торғайлары құлақтың құрышын қандырып жарыса сайрап жатыр. Осыны айтып болып риясыз ыржия күлген ақсақал ілгері кетті. Әкейге оның жаңағы бір ауыз сөзі жеткілікті еді.
Әкей болса қалалықтар секілді ақсақалды жатта келіп рахметтің астына алған жоқ.
Тек қана:
– Ағай, құстарыңыз керемет сайрайды екен, – деп міңгір етті.
«Қошқар мүйіз» деген көше десе дегендей, ирелеңдеген иір-қиыр көше екен.
Бірақ бұндағымы «тілме бәліш» емес, манты, тұшпара сататын асхана болып өзгеріп кетіпті. «Асхана» деген аты болмаса, өзі құрқылтайдың ұясындай шап-шағын.
Әкей әжептәуір торығып қалды. Ол: “Чжаң мырза байып кетпепті, керісінше жағдайы бұрынғысынан нашарлап кеткен секілді. Ескі кәсібін тастап кеткен екен ғой…” деп ойлады іштей. Осы кезде оның қасына толықша бір жас қыз келіп:
– Атай, не жейсіз? Манты ма? Тұшпара ма? – деп сұрады тап-таза Шаньси акцентімен. – Мен «тілме бәліш» жеймін.
Қыз түсінбей қалды. Қайталап сұрап еді, әкей тағы сол жауапты берді. Толық қыз жұмысқа жаңадан қабылданған ба, әлде әкейдің сөзін түсінбей тұр ма, аңтарылып арт жағындағы барға қарап тұрды да қалды. Осы кезде еріндерін шиқандай ғып бояп алған бір әйел басын көтеріп:
– Үйбай-ау, одан бері қанша заман? Әлі күнге дейін «тілме бәліш» іздеп жүрсіз бе? «Тілме бәліш» сатпайтын болғанымызға біраз жыл болды. Қайтадан оны сатумен айналыссақ, қоңыз теріп кететін шығармыз.
Ғажаптанған әкей үнсіз тұрды да қалды. Тек кері бұрылып шыға бергенде ғана:
– Сонда не, манты, тұшпара сатып байып кеттіңдер ме? – деді күбір етіп.
Тура осы сәтте ішкі бөлмеден қиралаңдай басып қолына аса таяқ ұстаған, белі еңкіш тартқан бір қария шыға келді де:
– «Тілме бәліш» жегісі келіп жүрген кім ол? Сяо Хуа, меймандармен қалай-қалай сөйлесесің өзің? –деді.
– О, тілме бәліш – Чжаң мырза!
Әкей ол кісіні бірден таныды әрі қуанғанынан айғайлап жіберді.
– Ағай, кім боласыз? Мені танисыз ба?
– Мен Сяяң қыстағындағы Те Бао бауырыңызбын ғой. Танымай қалдыңыз ба? Бір кезде ылғи келіп сіздің «тілме бәлішіңізді» жейтінбіз.
Чжаң мырза алақанымен өзінің шекесін жеңіл ғана қағып-қағып қойып:
– Иә, иә, есіме түсті. Ол кезде сіз маған ара-арасында қоянның, ұлардың етін әкеліп беріп тұратынсыз. Әйеліңіз келмеген бе? Бұрын ылғи әйеліңізбен бірге келетінсіз, – деп қарқ-қарқ күлді.
– Иә, иә. Ол да «тілме бәлішті» жақсы көретін. Тіпті ол екеуіміздің құдалығымыздағы негізгі тамақ «тілме бәлішіңіз» болып еді. Одан бері қанша заман өтіп кетті, – деп әкей де ағынан жарыла күлді. Ескі таныс, көне достар қатарласа отырды да өткен-кеткенді айтып, қауқылдасып қызу әңгімеге кірісіп кетті. Өткен күндер туралы естелік екеуі үшін де етене, ыстық тақырып еді.
– Бұл жерді іздеп тауып келгеніңіз, шынымен де таң қаларлық жағдай екен! Уақыт деген қайырымсыз, бәрін ұмыттырады ғой, бірақ сіздің «тілме бәлішті» әлі күнге дейін ұмытпағаныңызға рақмет! Қалай? Тілме бәліш жейсіз бе?
– Қайдам! Кәсіптеріңіз өзгеріп кетіпті. Өкінішті.
Мына сөзді естіген Чжаң мырза сілейіп біраз тұрып қалды да, сосын барып:
– Е, Те Бао бауырым, амал жоқ болды, біріншіден, өзім қартайып қалдым, екіншіден, дайын күйіндегі жабысқақ сары күріш табылмайтын болды. Өзің айтшы, қазір сендердің қыстақтағы диқандар жабысқақ сары күріш еге ме? А? – деді.
Әкей батылдана басын шайқап-шайқап жіберіп:
– Ол нәрсенің өзі түсімі төмен, бағасы арзан болады екен. Сонымен біздің қыстақтағылардың бәрі қарабидай егетін болып кетті. Қара бидайды өкімет Жапонияға жоғары бағада сатып береді дейді.
– Міне, осы емес пе! Ешкім сары күріш екпесе, мен сонда тілме бәлішті немен жасаймын бауырым-оу?! – деп бір тоқтаған Чжаң мырза күрсініп жіберді де, әкейге бір қарап қойып, – Дегенмен, сен тоқтай тұршы, мен қазір келем, – деп орнынан тұрып әкейге көзін қысып қойды да, әлде қандай бір сырлы кейіппен ішкі бөлмеге кіріп кетті. Оның не істегелі кеткенінің байыбына бара алмаған әкей тапжылмастан күтіп отыра берді. Манағы толық қыз оған бір тостаған ыстық шай әкеліп берді. Ыстық шайдан бір-екі ұрттаған әкейдің денесі жылына бастады. Қабырғадағы сағатқа көз қиығын салып еді, сағат тілі таңғы тоғызды көрсетіп тұр екен. Толық қыз: «Ол сағат істемейді», – деді. Әкей аяғының астындағы дорбада дыбысы шықпай жатқан торайының өлі-тірісін білмек болып теуіп қалып еді, торайы шыңғырып жіберді. Торайдың тосын шыққан ащы дауысынан толық қыз бен әлгі қызыл ерін әйелдің зәрелері зәр түбіне жетті. Әкей олардан кешірім сұрап, ыржиып күліп қойды да сата алмаған себебін түсіндіріп кетті. Бірақ онысына құлақ қойған адам болмағасын, әкей өз жөнімен отыра берді.
Ішкі бөлмеден Чжаң мырза шыға келді. Екі езуі екі құлағында:
– Те Бао бауырым, аузыңның салымы бар екен. Сандықтың түбіндегі сары күріштің бәрін алып шықтық, аспаздар анда қамырын илеп жатыр, ақталған қызыл бұршақты қазанға салып қойды. Енді сен шамалы күтсең ғана болғаны. Әй, Сяу Хуа, бізге бір құман арақ ысытып әкел, сосын тіске басарға екі түрлі қуырдақ бер. Бәрін менің есебіме жазып қой. Мен бүгін Те Бао бауырыммен жақсылап бір ішейін.
– Жо, жо, жоқ. Олай болмайды, ағасы. Өйтіп артық әуреленбеңіз, оның үстіне, мен үйге кетуге асығып отырмын.
Жаратылысынан момын, қарапайым әкей мұншалық сый-құрметке бір түрлі ыңғайсызданып, қайта-қайта рақметін айтып, орнынан тұрып жүрмек болды.
– Тілме бәліш сататын Чжаң деген шалды менсінбей тұрсың ба? Солай ма? Ағайыңның қолының дәмін бағалап іздеп келіпсің, оның үстіне көріспегенімізге қанша заман болған?! Баяғыда сен де маған қанша көмек қолыңды созып, жүгері, жеміс-жидек әкеліп беріп тұрдың. Демек бүгін асықпай отырып, тілме бәлішіңді жеп, арағыңды ішіп бір-ақ кетесің. Неменеге асығасың? Күн әлі ерте…
Осылайша әкейді тілме бәліш сататын ескі досы зорлап жолынан қалдырды. Әкей кәдімгі қымбатты меймандай әспеттеліп, Чжаң мырзамен адамша қатарласа отырып арақ ішуге кірісіп кетті. Ащы арақтың әсерімен ескі екі дос өткен күн туралы естеліктерін ертегідей ақтарды. Әлгі қызыл ерін әйел бастабында екі шалдың мына қылығын аузын тұштитып жақтырмай қалып еді, артынша «қайын атамды бір отырғызатын орай келді» деп ойлаған ол өңін қайтадан жылытып, екі қарттың қызықты әңгімесіне құлағын тосып, ертегі тыңдаған баладай елітіп отырды.
* * *
Шешейдің тұшпараларын қасқанға салып буға дүмдеп қойғанына біраз уақыт болып қалды. Әкейден де, шығып әкейді қарсы алуға кеткен сары төбеттен де хабар жоқ. Күннің батыс жақ дауалдан әрі асып көрінбей кеткені – күннің еңкейгені. Шешейдің қазіргі кейпі – жұмыртқалайтын тауықтан гөрі, құмай көрген тауыққа көбірек ұқсайды. Әнеу ағаштың басында бір қарға қарқ-қарқ етеді. Зәресі қалмаған ол сыпыртқысын бұлғап жүріп әлгіні әрең ұшырып жіберді.
Осы сәтте сары төбет даладан абалап аулаға арсалаңдай кірген бойда шешейдің қасына келіп тағы да тоқтаусыз үре бастады. Жүрісі суыт, тілі салақтап кеткен, ентігін баса алмай ырс-ырс етеді.
– Сары төбет-ау, сен қайдан жүгіріп келдің? Әкей қайда? – деген шешей мойнын бұрып далаға қарап қойды.
Сары төбет шешейге құйрығын бұлғаңдатып ауыз жаппай тағы да үрді. Шешейге бірдеңе айтып тұрған секілді, бірақ оны түсініп тұрған шешей жоқ.
Сары төбет одан сайын шиыршық атты. Шешейдің шалбарының балағынан тістеп далаға қарай тартып-тартып қояды. Ақыры түсінгендей болған шешей көңілін бірлеп алды да, орамалын байлап ауладан тысқа шықты. Алдында сары төбет жол бастап келеді. Ол тіпті шешейден әрмен әбіржіп тұрған секілді, ұшып-қонып ұзап кетеді де, шешейдің ілесе алмай алыста қалып қойғанын көріп, тұра қалып күтеді. Сары төбет те қызық, бір уақ ойламай ма, шешейдің денсаулығы жақсы болғанымен, алпыс қыстың аязы сорған кәрі аяқ, қалай төрт аяқты итпен жарыспақ…
Осылайша жүгіріп-жүгіріп барып, тоқтай қалып, сары төбет жол бастап, шешей бір сәт тыныстамастан ілесіп келеді. Кемпірдің өкпесі сыр-сыр етеді. Өстіп жүріп өзеннің жағасына да жетті. Екі жүз метрдей келетін өзеннің арнасына түсіп мұздың үстімен жүріп келеді. Жайшылықта осы мұздың үстінен әрі-бері өткен жүргіншінің ізі соқпақ болып көрініп жататын. Кеше жауған қырбақ қар оның бәрін өшіріп кетіпті. Жебедей жүйткіген сары төбет мұздан лезде өте шықты.
Шешей мұздан тайып жығылмайын деп барынша абайлап, қатты қиналып келеді. Әйтеу арғы жағаға аман-есен жеткен соң ғана:
– Оу, сары төбет, әкей қайда? – деді.
Сары төбет басын бір шайқап, қалаға баратын ескі тас жолды жағалап ілгері кетті. Шешей ілесіп келеді. Сары төбет әне біреу тас жол мен мемлекеттік маңызы бар автобанның түйіліскен тұсына барғанда тоқтады-ау ақыры. Сол арада тұрған өздерінің есегін де жазбай таныды шешей. Есек құлағын қайшылап жан-жағына сақтана қарап қояды. Бір кезде шешейдің келе жатқанын көрген көк есек құтқарушысын көргендей айналаны азан-қазан ғып ал келіп аңырасын. Басын көтеріп, жер тарпып қояды. Таяп келген шешей әкейдің жерде бір үйінді топырақтың үстінде жатқанын көрді.
– Әке-е-е-ей! – деп озандай дауыстаған шешей жерде жатқан шалын бас салды. Дұрысын айтсақ, әкей жерде бүктетіліп жатқан. Сонысына қарап шешей есектен құлап, тұра алмай қалған екен деп ойлады. Бас салып құшақтағанда бір-ақ білді, үсті басынан арақтың иісі мүңкіп тұр. Аузы-басы, жатқан жері – бәрі құсық. Қорылдап тұрып ұйқыны соғып жатыр.
– Құдай-ау, осынша ішкен бар ма?!
Шешейдің манағы үрейлі көңілі жайлап орнына түсті.
Шырын ұйқының құшағында пысылдап жатқан әкей қасына адамның келгенін сезген жоқ. Сары төбет әкейдің бет-жүзін, аузы-басын жалап-жалап қояды.
Әкейді әрі-бері итергіштеген шешей оның бет-аузына жабысып қалған шөп-шаламды теріп тастады. Әкей оянар емес. Тоңғанынан оның мұрны мен беті көкпеңбек болып, тұтас денесі ағаштай сіресіп қалыпты. Шешей бері қарай тартса, ол керсінше әрі қарай аунап түседі.
– Жо… жоқ, ти… тиіспе. Кішкене… ұйықтап алайын… тілме бәліш… Чжаң… Сен… арақ… іше… алмайды… екенсің…, – деп бірдеңелерді былдырлап сөйлей бастады. Мына сөздерді естіген шешей кәрлене күліп басын шайқады. Қаңтардың қақаған аязында далада ұйықтап қалған адам ұзақ ұйықтаса, сол күйі тұрмай қалады. Ана бір жылы көрші қыстақта ағайынды екі жігіт қалаға жүгері сатып барып, араққа сылқия тойған, қайтар жолда екеуі де есек арбаның үстінде ұйықтап қалған. Бір тәуірі арбаны сүйреген күйі есек үйіне бір-ақ әкелген. Үйдегілер шығып қараса, біреуі әлдеқашан өліп қалған. Екіншісінің жаны бар екен, бірақ қол-аяғынан айырылып мүгедек болып қалды.
Осыны ойлап қатты қорыққан шешей бар күшімен әкейді әрі-бері жұлқып, көгеріп кеткен беттерін шапалақтап, құлағының түбіне аузын тақап тұрып:
– Әкей! Тез ояншы! Арақ келді! Тағы бір құман ішіп ал! – деп бар дауысымен айғай салды.
Шешейдің бұл тәсілі кәдеге жарады. Әкей басын көтеріп:
– Арақ? Арақ қайда? – деп міңгір-міңгір етті.
Әкейдің бет-жүзін ысқылап тұрған шешей:
– Арақ үйде ысып тұр. Қазір үйге барып ішеміз, – деді.
Көздері қып-қызыл боп қанталап кеткен әкей шешейге бір түрлі ғажаптана қарады да, тілін шайнап:
– Сен… сен… шешей… сен… мұнда… қайдан жүрсің? Тілме бәліш… Чжаң… Чжаң қайда? Мен… онымен… тағы… екі құман… арақ ішуім керек…
Әкей осыны айтты да, қайтадан жатып қалды. Шешей әуелі оны сүйеп отырғызды, сосын ептеп сүйеп орнынан тұрғызды. Сүйте жүріп:
– Тілме бәліш сататын Чжаң біздің үйде күтіп отыр. Қазір үйге барып онымен бірге ішесің, – деп қояды. Шешейдің бұл сөзі де кәдеге жарады. Ол тәлтіректеп орнынан тұрғанмен жүргенді қойып, тік тұра алмады. Шешей сүйемесе, айран құйған шанаштай сылқ етіп құлай кетеді. Сөйтеді де жатып алып:
– Сен… алдымен… ба… бара… бер. Мен… ша…шама…лы ұйқтап… алып… со…сосын… барам, – дейді әрең тілге келіп.
– Құдай-ау, енді қайттім? Сен қатып қаласың ғой, үсіп өлесің ғой, – деп шешей ашына айғайлады.
Қанша дегенмен ауылдың әйелі емес пе, жасы ілгерілеп қалғанымен, күш-қайраты әлі де бойында болатын. Шешей есекті жетелеп әкейдің қасына әкелді де, оны есекке сүйеп тұрғызды. Сосын әкейді көтеріп есекке өңгерді. Иесінің ойын түсінген есек те жақсы сәйкесіп берді. Бірақ мәселе әкейден шықты, мына жағынан өңгерсе, бір бау шөп құсап ана жағына ауып түсе берді. Ақыры ары өңгеріп, бері өңгеріп, болмаған соң әкейді ептеп есекке мінгізіп алды.
Диқанның есегі емес пе, бас білетін, жуас екен. Адамға жетектеткізбей-ақ өзі жүріп келеді, оны аз десеңіз, әкейдің денесінің қисайғанына қарай жүрісін, денесін ыңғайлай қояды.
Есектің өкпе тұсында әкейді сүйеп жаяу келе жатқан шешей, аузы-аузына жұқпай есегін мақтап келеді:
– Мұндай удай мас болған әкейді ауылдың іргесіне дейін жеткізген деген оңай ма?! «Тілме бәліш» Чжаң деген де қызық адам екен, әкейге арақты сонша бергені несі?! Бұл деген адамның өмірімен ойнау ғой…
Дала. Қаңтардың қақаған сары шұнақ желі бетіңді пышақпен тілгендей әсер етеді.
Шешей енді байқады, әкейдің бас киімі көрінбейді, жолда түсіп қалды ма, әлде қалада қалдырып кетті ме, кім білсін, оның қалқиған екі құлағы көгеріп кетіпті. Шешей жаулығын шешті де, оның басына орады. Сәлден кейін барып әкейдің құлағы жұмсарып, жылына бастады.
Міне, өзен жағасына да жетті. Өзеннің бетіндегі көк мұзды көрген есек, әрі-сәрі боп тұрды да қалды. Сары төбет бірінші болып мұздың үстімен заулап барады. Өзеннің бетіндегі мұз кәдімгі айна сияқты жарқырап жатыр. Мұздан қорыққан есек, жүрмей тұрды да қалды. Шешей есектің сауырынан ақырын шапалақтап еді, сонда барып ол қинала-қинала өзен арнасына түсті де, тұмсығын мұзға тіреп осқырынып, күл төгілген жерлерді иіскелеп тауып, жайлап жүре бастады.
Көп ұзамай-ақ есек тайғанап құлап түсті. Шешей оны ары тартқылады, бері тартқылады, ұрып та, теуіп те көрді. Еш қайран болмады. Байғұс есек те бір неше мәрте тұруға қам қылып көріп еді, онысынан түк шықпады, сонымен қос танауынан аппақ буын будақтатқан күйі жата берді. Есекпен бірге құлап қалған әкей де мұздың үстінде жатыр. Шешей топырақ әкеліп мұзға шашайын деген оймен жағалауға келіп еді, қыстың ортасында жердің бәрі тоң, не күрек жоқ, бір уыс топырақтың өзін де таба алмады. Амалы құрыған шешей қайтып келді де, жан-жағына қарады. Өзен арнасында ары өткен, бері өткен бір пенде көрінбейді.
Қаңыраған дала сондай сүркейлі. Не істерін білмеген шешейдің әбден басы қатты.
Әкей есек сияқты мұздың үстінде жатып алып ұйқыны соғып жатыр. Шешей жалма-жан оны жұлқылап:
– Әкей, Сен ұйқтамашы! Әкей, қазір саған ұйықтауға болмайды, – деп айғайлап жіберді.
Өстіп жүріп абайсызда шешейдің өзі мұзға тайып, аяғы көктен келіп құлап, басы айналып, көзі шұбартып кетті.
Мұз үстінде қыңырайып отырып қалған ол жылап жіберуге шақ қалды. Қарсы жағалауға жету үшін өзен арнасымен жүз метрден астам жүру керек. Осы сәтте шешейдің көзіне есекке бөктерулі тұрған бір дорба ұнтақ дәрі түсе кетпесі бар ма, міне, амал табылды. Шешей барып дәріні шешіп алды да, жалғыз аяқ соқпақ жасап дәріні мұзға шашып шықты. Енді дұрыс болды, құс тұмауынан сақтандыруға арналған ұнтақ дәрі керемет кәдеге жарады. Мұздың үстіндегі ұнтақ дәріні басып есек орнынан тұрды. Шешей жұлмалап жүріп әкейді есекке мінгізді де дәрі себілген соқпақпен ілгері жылжып келеді. Алайда жағалауға шамалы жер қалғанда ұнтақ дәрі таусылып қалды да, есек мұздың үстіне қайтадан жалпасынан түсті.
Шешейдің тағы да мысы құрыды. Әкей болса, мұздың үстінде ыңыранып жатыр. Оның ыңырсыған даусынан қорқып кеткен шешей етпеттеп әскерлерше өрмелеп шалының қасына келді. Сонда байқағаны етпеттеп өрмелеген тік тұрып жүргеннен орнықты болады екен, әрі тайып жығылам деп алаңдамайсың. Осылайша шешей шалын жон арқасына шығарып алды да етпеттеп сырғи берді. Бұл табылған тәсіл болғанымен, әкейдің зіл-батпан салмағынан жаншылып дем ала алмай келеді. Мың десе де алпысты алқымдаған егде әйелге бір еркекті арқалап алып мұздың үстінде етпеттеп сырғанау оңайға соққан жоқ.
Қолында қолғап болмағандықтан шешей жалаңаш алақанымен мұзды тіреп жылжып келеді. Бастабында алақаны жарқырап кетіп еді, артынша көгеріп, бара-бара сезу түйсігінен айырылып қалды. Ол мұз бетіндегі жұқа қарды сыпырып, ұзын жолақ қалдырып сырғып барады. Қары тазаланған мұздың беті айнадай жарқырайды. Шешей қиналса да тісін-тісіне басып шыдап бағуда.
Әлде мұз боп қатып қалған денесіне шешейдің арқасынан жылу барды ма, жоқ әлде өзен аңғарындағы тұнық та ызғарлы ауа әсер етті ме, әкей жайлап есін жия бастады:
– Мен… бұл… қай… жер…? Маған… не… болды? – деді міңгірлеп.
– Қозғалма, сен менің арқамдасың. Оянғаның жақсы болды, енді ұйықтама, – деді шешей.
– Шешей, сен… мені… арқалап… келесің бе? Тілме бәліш… Чжаң қайда? Ол маған… арақты… өлгенше берді ғой…
– Мас болғаныңды білсең болды… Жас емессің. Осы жасқа келгенше өлген-тірілгеніңді білмей арақ ішіп…
– Шешей… мені түсір… Сен… мені… арқалама. Мен… сені арқалауға тиіспін… ғой.
Осыны айтты да әкей шешейдің арқасынан түсуге қам қылды, кемпірі түсіргісі келмеді. Сонымен екеуі бірдей мұздың үстіне жалпаларынан түсті. Әкей жай жатпай қарқ-қарқ күліп жатыр. Ол жанталасып аяғынан тік тұрмаққа қам қылып еді, аяқ-қолы өзінікі емес сияқты, бұған бағынбады, сонымен қайтадан омақаса құлады. Мына жатысы жұмыртқа басып жатқан күрке тауықтан айнымай қалды. Өзі тағы қырқ-қырқ етіп күліп жатыр.
Оның мағынасыз күлкісіне қарап шешей де еріксіз күліп жіберді. Ол сосын екі алақанын бір-біріне ысқылап біраз тұрды да, қос қолын қолтығына тығып шамалы жылытып алды. Содан кейін отыра қалып екі шұлығын шешіп қолына биялай етіп киді де, әкейді алдап-сулап көндіріп арқасына шығарып алды.
Жабысып қалған бір жұп ұлу секілді екеуі мұз үстімен жылжып барады.
Әкейді тағы ұйықтап қала ма деп алаңдаған шешей әзілдеген болып, оны әңгімеге тартып келеді.
– Әкей, осылай сылқия мас болып ішпегеніңе ұзақ жылдар болып кетіп еді ғой…
– Бүгін … енді… шалың қуанып… қуаныштан іштім! Шешей, сен… сен… тапшы… Мен… бүгін… кімді көрдім?
– Кімді көрдің?
– Лю Чжэнюйді!
– А?! Әлгі әбжылан қатынды ма? Улы жыланды? Оған қалай жолығып жүрсің?
– Тірідей емес. Не… әлгі… қаралы суретін… Өліпті… қаралы суретін… көрдім.
Әкей тілін шайнап бүкіл көрген-білгенін баяндап берді.
Шешей бастабында қуанғанынан күліп жіберді де, артынша үнсіз қалды. Сәлден соң:
– Қызметте өсу үшін кісінің көз жас, мұрын боғынан қорықпаушы еді, шаш ал десе, бас алушы еді, оның да өлетін күні болады екен-ау! Еһ, адамдар-ай, жүрегіміз тас болса да әйтеу бір тоқтайды екен ғой, – деді де күрсініп жіберді.
– Дұ… дұрыс… айтасың! Кімге болса да бір өлім бар! Мәсе… мәселен, баяғы замандарда… қанша көп… патшалар болған… Солардың бәрі өліп қалған ғой… Егер олардың бәрі өлмеген болса, жердің беті патшадан көрінбей қалатын еді ғой… – деген атай қарқ-қарқ күліп қояды. Оның бұл күлкісіне шешей де күліп жіберді.
– Онда сен «тілме бәліш» Чжаңмен қалай бірге арақ ішіп жүрсің?
Әкей тағы да тілін шайнап істің мәнісін баяндап берді. Осы кезде кенет торайлары есіне түсіп кеткен шешей:
– Торайларың қайда? Сатып жібердің бе? – деп сұрады.
– Бі… бі… біреуін… саттым. Екіншісі… екіншісі…, е , иә, біреуін «тілме бәліш» Чжаңға беріп кеттім. Дос болуға тұратын азамат қой, мен қалай оған сараңдық танытам?!
Шешей басын шайқап-шайқап қойып кәрлене күлді. Сосын күшін жинап жалғасты ілгері өрмелей берді.
Айтарға болмаса, шешей әбден қалжырады. Екі қолы білезігіне әкеліп орната салған басқа бірдеңе секілді, алақанында сезім, түйсіктен түк жоқ. Күш-қуаты сарқылғандыкі ме, маңдайын суық тер басып, жүз-шырайы бозарып кетті. Міне, қолдары жер тіреуден қалып барады. Ол күбір-күбір етіп: «Талықсуға болмайды, сәл шыда. Сол жақ жағаға аз қалды»… – деп өз-өзін қамшылап келеді.
Алайда әлі де болса мұз үстімен 10-20 метрдей жылжу керек. Жағаға баяғыда жетіп алып бұларды күтіп тұрған сары төбет осы кезде салып ұрып бұлардың қасына келді. Әй, бұл сары төбеттің ақылдысын қойсаңшы, шешейдің жеңінен тістеді де оларды дырылдатып жағаға қарай сүйрей бастады. Иттің күші қандай көп болады, табанының асты жалтыраған көк мұз, соған қарамастан адамдарды сүйреп әкетіп барады. Тырпың-тырпың етіп біраз жерге сүйреп барады да, сәл-пәл тыныстап алып, құйрығын бұлғап-бұлғап, бір-екі үріп қойып қайта сүйрейді.
Өзен арнасының соңғы 20 метрі де осылайша артта қалды. Міне, аяқтарының асты – қайыспас қара жер. Шешей сары төбетіне шексіз риза болды.
Өзеннің жағасында өзі ықтасын, өзі жылы, шұңқырайып түсіп кеткен бір ойық жер бар-тұғын, батар күннің шуағы нұрын тура сол жерге төгіп тұрғандыкі ме, әлгі ойық жер жып-жылы екен.
– Осында біраз дем алып, бой жылытып алып бір-ақ жүрейік, – деді шешей.
– Дем… дем… алып ал. Әрі қарай… үйге… мен сені арқалап апарайын, –деді әкей. Бұл кезде ол кәдімгідей есін жиып қалған.
Осылайша шешей мен әкей манағы жып-жылы ойпаң жерге кірді де, бір-біріне сүйеніп отыра кетті. Батып бара жатқан күннің шапағы жып-жылы болып олардың үстіне төгіліп тұрды.
Әкей қолы қалшылдап тоқтамағасын қойнына тыққан. Міне, қойнынан бір қызыл гүл алып шықты. Сәл-пәл мыжылып, гүл қауашақтары да тұйпаланып қалғанымен, былай қарасаң, әлі де нарттай жанып, көркі кісіні мас қылатындай еді.
Әкей дірілдеген қолдарымен, гүлді шешейдің бурыл тартқан шашына қадап қойды. Бірақ шашы күлді-көмеш, топырақ болып кетіпті. Тіпті шашының бір жерінде манағы ақ ұнтақ дәрі де жүр.
– Қандай жайнап кеттің! Әлемдегі ең әдемі әйел!
Әкей кемпіріне қарап тамсанумен болды.
–Қақаған қаңтарда да осындай әдемі, табиғи гүл болады екен, ә? Бұны қайдан алдың? – деді шешей шалының жаңағы мақтағанына ыңғайсызданып.
Әкей бұл сұраққа жауап бермеді. Ол қолын тағы да қойнына тығып жіберді де, бірдеңе іздей бастады. Ұзамай қойнынан бір пакет суырып шықты. Оның ішінде үлкен бір тілім тілме бәліш бар екен. Әкейдің қойнында келгендікі ме, әлі жып-жылы екен.
– Оһо! Чжаң мырзаның тілме бәліші!
Шешей қуанғаннан қолды-аяққа тұрмай кетті.
– Иә, Чжаң мырзаның тілме бәліші. Жеп ал.
Басын жеңіл изеген шешей тілме бәліштен еппен ғана бір тістеді.
Сол сәт оның қос жанарынан мөлдір тамшылар домалап жерге түсті. Шешей соншалық ынтызар һәм шексіз бақытты кейіппен шалының мас кейпінен көз алмай қарап қалды.
«Осының бәрі қандай керемет! Қандай бақыт!» деп ойлады шешей.
Кемпір мен шалға өзінің соңғы шуағын мейірлене төгіп тұрған күн, батып кетейін десе мына екеуін қимай, тебіреніп тұрған секілді.
Аударған
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ