1. Беу, «бейуақ» дүние-ай!
1990 жыл. Азаттық таңының алагеуім уақыты. Жылдар бойы еліміздің тұла бойын мұздай құрсаулап, қақырата қысып келген «қызыл империяның» қанды шеңгелі босап, көбесі сөгіле бастаған тұс еді бұл кез. Жеті ықылымнан бері талай заманның зарын алып кеудесіне түйіп, ащы запыранын бойына сіңіріп келе жатқан Тәңіртаудың баурайындағы атақты жер жәннаты Шалкөде жайлауында бүгін ұлы жиын. Ел 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің ерлерін егіле еске алуда. Бірақ елдің егілгенінен көрі, ерленуі басым. Дәл бүгінгі күні сол көтеріліс басшылары Жәмеңке мен Ұзақтың ұрпақтарының талай жыл құмығып келген дауысы тау бүркітіндей саңқылдап шығады…
Қайраулы қылышынан онсызда қан тамып тұратын патша өкіметі көтерілісті қан-жоса қылып басқаны белгілі. Елде үркіншілік басталды. Жұрт іргедегі Қытай еліне жөңкілді. «Албаным-ай, айғыр балуанымнан қалғаным-ай, қой сұрасам тай берген, қайран албан, күніңнің көк тиынға қалғанын-ай» деп бауырлары зар жылаған екен сонда.
Бүкіл қазақ елін қанға бөктірген бұл оқиға төл тарихымызда «Қилы заман» деген атпен таңбаланып, қасіреті мен қайғысы халық санасында іштей булығып, жабулы қазан ішінде біраз уақыт шымыр-шымыр қайнап жатты. Ал ол қазанның қақпағын ашып, сол кездегі ашынған халықтың аласапыран күйін алғаш алаш жұртына жария еткен сол кезде отызды алқымдаған Омарханұлы Мұхтар екендігі көпке белгілі.
Сайып келгенде орыстың отаршылдық бұғауына қарсы бағытталған мұндай көтеріліс сол кезде қасиетті де қасіретті қазақ жерінің біраз жерінен көрініс берді. Ал одан кейін орнаған қызыл империяның қырғыны патша заманынан асып түспесе кем болған жоқ. Қара табан, қарға тұяқ тобырдың қолына көшкен билік дүлей күшке айналып, алмағайып, ала құйын заман орнады. Айналып келгенде, Кейкі батыр айтпақшы, «сары орыстың бәрі орыс» болып шықты.
Дүниеде туған еліңнің қасіретін айта алмаудан өткен қайғы болмас, сірә! Бұл тақырып та жабуын алуға болмайтын жабық тақырып еді. «Аға халықтың» көңіліне келу өліммен тең. Оған ешкім беттей алмайтын. Бара алмайтын. Ал ұлы Мұхтар барды. Халқы бұғауда бұлқынып, ашу мен ызаға, қорлыққа булығып, тереңнен қозғалған мұхит толқынындай лықсыған осындай қат-қабат, «қилы заманның» астарын түсіне отырып, жан ашынысын қағазға түсірмеу Мұхтар Әуезов сияқты биік парасат иесі үшін ардың ісі еді. Әрине, Мұхаң үшін арды аттау деген мүлдем жат түсінік.
«Қилы заманның» 1928 жылы сол кездегі астана Қызылорда қаласында басылғаны белгілі. Амал не, осы бір бүтін жұрттың басынан өткен қатпар-қатпар қасірет қатпарын аршып берген талайлы туындының жарқырап шығуына бүкіл дүниені төңкеріп тастап, он жасар баладай бұлғақтап, масайрап отырған «қызыл империя» мұрсат берген жоқ. Тіпті жабулы қазан жабулы бетінде қалды десе де болғандай. Оның есесіне арты Қазан революциясына барып ұласқан, кейін қызыл комиссар дәрежесіне дейін көтерілген Амангелді Иманов бастаған (негізінде Әбдіғаппар Жанбосынұлы басшылық еткен. Оны халық «хан» атаған соң, кеңес өкіметі жылы жауып қойған. Бұл шындықтың бетін бірінші ашқан журналист досымыз торғайлық Мақсұтбек Сүлейменов) Торғай көтерілісі ғана айтылатын болды. Әрине, ол да біздің тарих. Алайда, Қарқара жұртындағы аққан қан, шыққан жан, қаңырап қалған жер, үдере көшкен ел тарихы қайда қалмақ? Ол жөнінде жазылған ұлы жазушының қаламынан туған шерлі шежіре ше?
«Қилы заманды» ел есіне түсіріп, оның тағдырына алаңдап, қырық жыл қымтауда жатқан теңді ашып, көмілген көмбеге көп назарын аударған сол кездегі жиырма жеті жасар Рымғали Нұрғалиев болды… Ғабит Мүсірепов, Ахмет Жұбанов, Сапарғали Бегалин, Нығмет Ғабдулин сияқты асыл ағаларымыздың алғауымен «Қазақ әдебиеті» газетінің 1967 жылғы 1 қырқүйегінде жарияланған жалыннан да жасқанбайтын жас ғалымның «Қилы заман» қалай туды?» деген мақаласы осы бір тамаша туындыны қараңғылықтың кегінен алып шықты десе де болады.
Ұзамай бұл шығарма империя орталығы Мәскеудің өзінде жарық көрді. Оған кезінде тұсауын Мұхаңның өзі кескен заманның заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматов алғысөз жазған еді: «..мен сан түрлі сезім құшағында отырмын, – деп тебіренген еді сонда Мұхтардың шыңға шыққан шәкірті. – Бейне бір иесіз сәйгүлікті үлкен жолға салып жіберген сияқтымын. Міне, шапқанда кедергі болмасын деп, тізгінін түріп, үзеңгілерін қанжығаға қайырып байладым да, әйт, жануар, шу, дедім. «Есен-сау бол, тарлан тұлпарымның көзі. Жер танабын қуыра шап!».
Айтматовтың айтқаны тура келіп, «Қилы заман» одан кейін табанына тас батып тасырқаған жоқ, өне бойын тер буып барлыққан жоқ, аяғына жем түсіп жүре алмай да қалған жоқ. Қазақтың сол бір қасіретті шағының елеулі елесіндей, еңселі ескерткішіндей болып сонау бір өткен ғасыр қойнауынан арқырай кісінеп, жадымызды қалғытпай жер тарпып тұр. Ол бабында. Өйткені оны барлықтырмай ұстайтын Рымғали ағамыз бастаған бапкерлері бар. Соның бірі де бірегейі Тұрсын Жұртбаев.
Ол сол Рымғали Нұрғалиевтың мақаласы шыққан жылы талаптың тұлпарына мініп, ұлы Мұхтар өскен өлкеден Алматыға жеткен болатын. Бізге кейіннен қазақтың рухани дүниесіне обадай үйіп олжа салған осы Тұрсынмен бірге оқу бақыты бұйырды. Менің ойымша, халқымыздың бар даналығы оның мақал-мәтелдеріне ұйысқан. Сонда тұнып тұр. Соның ішінде «Бәйге аты бойын жасырады» деген сара сөзі дәл Тұрсынға қарап айтылғандай. Жосылта сөйлеп шешенсіген, көсілте келіп көсемсіген кезін де көрген емеспіз. Бүкіл аудан-аймақтың кітапханасын тауысып, рухани қоржынын сықай толтырып келсе де кейбіреулерге ұқсап білгішсініп, білеу-білеу сұрақ қойып, оқытушыларымыздың да ойын бұзып, мазасын қашырмайтын. Үнемі ой үстінде жүретін бұйығы ғана балапан мұрт балаң жігіт еді. Қазақ бөлімшесінде елу шақты ұл мен қыз оқимыз. Іштерінде телі де, тентек те жетерлік. Солардың тілі қата тисе де, бата тиіп кетсе де былқ етпей, тіпті шыбын шаққан құрлы да көрмей, әрқашан биік те бүтін қалпында қала беретін.
Студенттік өмір – бұрқ-сарқ қайнаған бір қара қазан. Жаныңда әй дейтін әкең, қой дейтін көкең жоқ. Жасыратын не бар, сол өмірдің сарқырап аққан ағынында талайымыз қағаз қайықша қаңғалақтадық қой. Ал Тұрсын былқ етпейді. Сол бұйығы, тыныш қалпы. Есейе келе, ескегімізді судан алған соң бір-ақ білдік, сөйтсек оның айдынының беті ғана тыныш екен, ал өзі су астынан маржан терумен болыпты. Өзі үшін емес, елінің кеткен есесін, жерінің кепкен кенезесін толтыру үшін. Ол бүгінде сол арманының асуларынан шалдықпай, шаршамай асып келеді.
«Талаптыға нұр жауар» – бұл мәтел де Тұрсынның меншігінде секілді. Соның шарапатымен оған әулиедей Әлкейдің мейірімі түскен. Ұстаздарымыз Қайыржан Бекқожин мен Бейсенбай Кенжебаевтың пейілі кеткен. Ол оқыған оқуды біз де оқыдық, бірақ тоқи алмаған, ол тыңдаған лекцияны біз де тыңдадық, бірақ шыңдай алмаған болуымыз керек. Тұрсынның бүгінгі тау тұлғасына тақиям түсердей кегжиіп қарап тұрып, еріксіз осындай пәруана, пендәуи ойға кетемін кейде…
Жоғарыда мен атаған ағайларымыз шынымен-ақ әулие екен. Тұлпарды тұяғына қарап-ақ тани беретін атбегідей Тұрсынды қалай таныған десеңізші! Қарттардың қапысы жоқ енді.
Бұл күнде өзі де жетпісті желкелеп қалған Жұртбаев оларды еске алғанда елжіреп-ақ кетеді. Соңғы кезде екеуіміз жиі кездесетін болдық. Бильярд ойнаймыз. Бильярд ол үшін ойын емес, жақында бір сұхбатында өзі айтқандай, «күні-түні байланған Абайдың тұтқынынынан» бір босап, аздап сергіп қалу. Енді білдім, ол түннің бір уағына дейін отырады екен. Таңертең тоғыз-ондарда тұрып, таңғы асын ішіп содан тағы да түнге дейін текіректеу. Инемен құдық қазады, құмнан тау тұрғызады. Сондықтан ол ойынға шақырғанда бара қалу менің парызым. Студенттік өмірде бір бидайды бөліп жеген, жарты бидайды жарып жеген досыма жасаған жақсылығым осы ғана.
Ал Тұрсынмен бильярд ойнаудың пайдасы керемет. Кітапханаға барудың керегі жоқ. Білмегеніңді шетінен сұрай бер. Небір әңгіменің тінін тарқатады Тұрсын. Әсіресе әлгінде аталған ақсақалдары мен ағалары жөнінде. Ондайда ол көсіліп те кетеді, есіліп те кетеді. Ұлы Мұхтар «Абай жолын» ауызша айтып, яғни диктовка арқылы жаздырған деп естіп, ақылым жетпей таң қалушы едім, Тұрсынның төгілгенін көріп соған жетем енді жеткендей болады ондайда.
«Қаршыға жанары Көқтөбенің биігіне қадалып, ақ буырыл шашы сахараның селеуіндей сирей толқынданып, сәл қысылыңқы шығатын дауысымен ұзақ-ұзақ әңгіме айтқан сәттері, кейде күліп барып: «Ой, Мұхтар деген…» деп, кейде қабағын шыта: «Елдің қамын ойласаң…» деп, отырған бейне бір будда ескерткішіндей Әлекеңнің, академик ғұлама Әлкей Марғұланның бейнесі әлі көз алдымда. Бала сияқты сенгіш, алданғыш мінезі, «Ой, сен бір аяулы баласың. Мен білемін ғой» дейтін аңқаулығы, сол мінездің бәрі жарасып тұрған ұлы тұлғасы ешуақытта көңілімнен өшіп, көкейімнен кетпес, сірә», – деп өзі де баладай аңқау Тұрсыным босағанын жасырып, «Мен қорқорымды тартып келейін» деп сылтаурап сыртқа шығып кететін зорлана жымиып. Жол көрсетіп, ақылын айтар асқар тауларының, шалдыққанда арқа сүйер ерен қабырғаларының енді қайтпайтыны, аялы алақандарының ыстық табын енді сезінбейтіні есіне түсе ме, күліп кеткен ол күрсініп тасқаяқ үстеліне қайтып келетін.
Мұндайда менің қолымнан бар келетіні жорта жеңілу. «Ой, сен мына бетіңмен Омашевтың да ойранын шығарасың» деп және жорта мақтау. Нағыз ғалымдарға тән бала мінез досымның мәз-майрам болғанын көрсең сонда. Осы ойын үстінде тағы бір байқағаным, ол жеңілсе түсі қашып, түнеріп, шынымен де түйіліп қалатын. Дәйім ойлаған ой биігіне шығып, діттеген арманына қиналса да қол жеткізіп үйренген досыма жеңіліс деген мүлдем жат па деп ойлаймын ондайда.
Арбаның алдыңғы доңғалағындай Рымғали ағасы бар, Әлекеңдей жөн айтып, жол сілтейтін жағасы бар Жұртбаевтың енді олар діттеген тақырып пен олар сілтеген соқпаққа қызықпайтын жөні жоқ еді. Бұл, өзі айтқандай, «жазбауға болмайтын, жаздырмай қоймайтын» тақырып еді.
«Сол ел аманатын – арманда кеткендер мен қыршынынан қиылған боздақтардың өсиетін, ана мен сәбидің көз жасын, табаны тілініп, әуелде маңдайына жазбаған тағдырдың сорын татып, жат жерге ауғандардың тауқыметін қарыз ғып өмір кешуді Әуезов ар санады» деп жазғаны бар еді өзінің. Сол ар, сол парыз енді мұның мойнына көшкендей. Ақыры сол алаң көңіл мұны архивке әкеп бір-ақ тықты.
«Бір сайға келгенде қазақтарды қудық. 111 баланы жасырып кетіпті, оның 56-сы ұл, 55-і қыз, Тірі қалғаны жоқ. Бір бұта түбінде бір бала тұр. Шауып өткенде басы жерге сылқ етті, қылыш қиып түскенде басы орнында тұрып қалыпты. 540 адамды ауыл арасындағы балталасудан өткіздік. Олар саптан шыққанда 30-40 адам қалды. Содан кешке жақын қалаға, уезд орталығына келгенде, офицерлер би билеп, көңіл көтеріп, қалғандарын атып өлтірді».
Төбе шашыңды тік тұрғызып, көкірегіңді өксік пен ащы запыранға толтыратын мұндай деректер іздеген адамға тұнып тұр-ау, тұнып тұр. Кейіннен бір зерттеуші «Жұртбаев «Бейуақ» зерттеу кітабын жазу үстінде осындай 300-ден астам дерек тапқан», деп жазды. Әй, одан да көп-ау!
Жұрттың бәрі білетін оның «Бейуақ» кітабын тәптіштеп отырып тәпсірлеп шығу ойымда жоқ. Бірақ өз қайғысы өзіне жететін, көрген қиындықтары көкірегін қылыштай тілгілеп тастаған, онсыз да жаны жарадар Жұртбаев мынандай сұмдық деректерді бойына қалай сіңірді екен деген мұздай суық сұрақ мені күні бүгін түртпектейді. Сіңіруін сіңіріпті-ау, алайда жүрекке түскен сол салмақ құр кетпей өзі де ілініпті. Бәріміз есімін толық атамай «Дидаш» деп атайтын, арамыздан ертерек кеткен Дидахмет Әшімханов: Тұрсын «88 жылдың желтоқсан айының бірі күні «Қазақ әдебиетіндегі менің кабинетімде отырып, бірінші рет жүрек талмасын (инфаркт) ұстаған» деп жазып кетіпті.
Бұл оның көп жылғы азапты ізденістерден (басқаша айта алмайсыз) дүниеге келген «Бесігіңді түзе!» кітабын аяқтаған кезіне дәл келеді. Осы еңбегін жазу үстінде ғана ол 4 том архив материалдарын жинаған. Мұны «Жұртбаевтың жанкештілігі» деп қалай атамайсың!
…Қарқара көтерілісінің алғаш тұтанған жерінде «Ереуілтөбе» деген биік бар. 1926 жылы Ораз Жандосов бас болып, көтеріліс құрбандарының әруағына арнап тас үйдірген. «Ораз Жандосов пен Ыдырыс Көшкінов сырыққа қызыл жалау байлап алып төбенің басында ұстап тұрды. Әй, сондағы халық мыңнан артық-ау. Аттылы-жаяулы, арбалы бәрі тасыды. Әркім тапқан ыдысымен, таппағаны шапанын шешіп сонымен тасыды. Таңертеңгі оннан бастап, кешкі сағат төртте тасып біттік» деген Серағаңның, әйгілі Серке Қожамқұловтың естелігі бар ол туралы.
«Елдің атын ер шығарады» демекші, Жетісудың бір жампозы осы Жандосов. Біз оның өзі болмаса да бел баласы Санжарды көрдік. Бетіне иманы үйірілген, жылылығы сыртына теуіп, шуақ шашып тұратын еңсегей бойлы ер еді ол да. Олжас екеуі дос, ылғи кешке бой жазып, волейбол ойнайды екен деп еститінбіз. Талғамы таудай Олжекең тегін адаммен жақындаспаса керек. Осы арада Олжастың тәуелсіздіктің бозала таңында ащы дауысы аспанды жаңғыртып, Семейге барып, атом аждаһасының құрбандарына осындай тас үйдіргені еріксіз еске түседі. Бұған тағы қосарымыз, осы Ораз бен Мұхтар да дос-жар болған адамдар ғой. Сол тұс Мұхаңның осы тақырыптың нағыз жуан ішінде жүрген кезі. Ендеше бұл құлшынысқа, халықтың бұлайша дүр сілкінуіне Мұқаңның да мұрындық болғанын болжауға болар.
«– Ереуілтөбе ұмытылған жоқ. Ұмытылмайды да. Уақыт өткен сайын биіктеп, қадірі арта береді, жаңара береді. Ереуілтөбені ешқашан мүк баспайды. Халық құрметтеп, сүйе білген әрбір ұрпақ ел намысына орнатылған ескерткішке бір белгісін қалдырары анық, –дей келіп, – Қасиетті Ереуілтөбедегі халық құрбандарының ескерткішіне біздің де қалаған бір тасымыз осы еңбек болмақ», – деп «Бейуақ» кітабын аяқтайды Тұрсын.
Енді әңгімеміздің әлқиссасы шалғыны теңіздей толқыған Шалкөдедегі жиынға қайта оралсақ. Жақындап қалған тәуелсіздіктің алқынып алған тынысының лебі жеткен бе, әйтеуір бұл дүрмекке жиналғандардың қарасы тіпті көп. Сірә, он, жиырма мыңдай болады-ау, – деседі оны көргендер. Біздің Тұрсын бұл жиынның ең құрметті қонағының бірі. Бір кезде күлте жалды шалқұйрық есік пен төрдей ақбоз атты алшаңдата жетектеген бір топ мұның алдына келсін.
– Ау, Тұрсын шырағым, – деп сөз бастады түр-тұлғасы өзінің бәсіре көкесі Шәкір Әбеновке келетін бір келбеті келіскен қарт, – Сен пір тұтатын Мұхтар «Жігіт жақсысы –нағашыдан» дегендей бізге де бөтен емес. Мұхтар отыз жасында орда бұзып, «Қилы заман» деп кітап жазып, өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандырып, мерейімізді бір тасытып еді, сен болсаң қырқыңда қорған бұзып, керемет кітап жазып, кәрі-жасымызға, тіпті тау мен тасымызға дейін атаусыз қалдырмай, тарихымызды одан әрі түгендеп бердің, айналайын. Азаттық үшін шейіт кеткен азаматтарымыздың аруағын асырдың, олардың артында қалған біз сияқты ұрпақтарының, үрім-бұтағы мен барша зәузаттарының жігерін жаныдың. Бөтен ел, шалғай жер деген жоқсың. Бәрінен де осыңа ризамыз. Исі қазақтың басы қашанда бірге болған. Әйтпесе, жат-жұрттықтардың дегені болып, баяғыда бордай тозып, бояудай оңып кетер едік қой. Мынау тұлпарды өзіңе арнап әкелдік, қарағым. Осы тұрған барша халайықтың ақ батасы деп ұғарсың!
Еңбегін ешқашан да бұлдамайтын, оны адами парызым деп қана білетін Тұрсын көптің арасында бұйығып отырған. Дәл мынадай құрметті күтпеген. Көңілдің бұлқынысы мен жанының толқынысынан буыны босап, тіпті тізесіне дейін дірілдеп кеткен жайы бар.
Жиналған жұрт кеу-кеулеп атына мінгізіп те үлгерді. Ердің үстіне мініп, тақымы таралғыға тиген соң есін де тез жинады. Жиылған жұрттың ыстық ықыласы бойына жігер әкелді.
– Уа, халайық, – деді сонсоң ақ бозын ойнатып тұрып, – ақтарылған көңілдеріңіз бен мына алғаусыз алғыстарыңызға дән ризамын. Мына сәйгүлік шынымен енді менікі ме?
– Күмәніңіз болмасын!
– Не істесем де өз еркімде ғой?
– Әрине, әрине,– деп шуласты жұрт.
– Ендеше, былай болсын. Жүген-ноқтасын алып, ер-тұрманын сыпырып, анау Жабырдың жазығына қоя беріңдер жануарды. Біздің басымыздағы ноқта да сыпырылатын күн туар. Мүмкін бостандығымыздың басы, құдай қолдап, Алламыз алқаса, осы болар, халайық!
Жұрт бір сәт тосылып тұрып қалды. Енді қайтсін, әркімнің көкірегінің түбінде жылдар бойы жасырынып жатқан арманды сөз, алаулы аңсар найзағайдай жарқ етіп, жапанды жаңғыртып жібергендей еді. Тыныштықты «Не ғылып тұрсыңдар, түге, босатыңдар боз атты!» деген әлгі кепиетті қарияның үні бұзды. Жүген-ноқтасы сыпырылып, ері алынған ақбоз тосын келген рахатты молынан сезініп, әуелі үсті-басындағы тозаңынан арылып бір сілкініп алды. Сонсоң көзі ерекше алайып аспанға тіке бір қарғып алды да Жабының жазығын қақ жарып зымырап бір кетті дейсің. Анда-санда қазақ даласын тұмшалап басып тұрған түн-түнекті серпігісі келгендей аспанға тік атылып, орғып-орғып алады. Екпінін бір бәсеңсітпей зымыраған ақбоз тез алыстап, ақыры ақ нүктеге айналып барып көкжиекке сіңіп кетті…
Сан мыңдаған адамның «Аруақ-аруақ!» деген айбынды дауысы тұлпардың тұяғынан көтерілген шаң басылғанша Жабының жазығының үстінде қалықтап тұрды. Ол үнді ақбас Алатау да қағып алып, үдете жаңғыртып, бүкіл қазақ даласына таратып тұрғандай еді.
Бір ғажабы, осыдан тура бір жыл өткен соң елімізде тәуелсіздіктің таңы атып, көгімізде азаттықтың көк туы желбіреді. Ал Қарқара жұрты болса бостандықтың өздерінен басталғанына еш күмәнданбайды. «Бірдің шарапаты мыңға» деген рас-ау!
2. «Алаш» – Алаш болғалы
«Партия десек – Ленин дегеніміз» деп бір ғасыр бойы аузымыздан түсірмедік қой. Енді оны өзгертіп, «Алаш» десек – Жұртбаев дегеніміз» десек қателеспеспіз. Бүгінгі күні «Алаш» партиясы туралы әңгіме болып, дау туа қалса жұрттың ең алдымен Жұртбаевқа жүгінетіні даусыз шындық. Бұл – расында да Тұрсынның төл тақырыбы. Талай жылғы еңбегінің ерен жемісі де жеңісі.
Халқымызда «Әке көрген оқ жонар» деген бір тамаша тәмсіл бар. Осы сөздің артында талай тәрбие тұр. Әсіресе, әкенің жолын жалғастырушы деген ұғымға көбірек ұйыймыз. Бұл енді әкенің де, одан тараған ұрпақтың да басына қонған бақ екендігінде дау жоқ. Ал Тұрсынға қаратып айтар болсақ, ол – әкесінің ғана емес, бүкіл тарихымыздың бағына бұйырып алшысынан түскен алтын асық.
Енді күлбілтелемей әңгімеміздің ауанына ауыссақ, Жұртбаевқа «Алаш» партиясының арыстары туралы әңгіме-әфсаналардың алғаш дәнін сепкен, азаттық үшін алысқан сол азаматтардың атын атап, түсін түгендеп берген оның Құдакелді әкесі десек, шындықтың шырайын келтіргеніміз дер едім.
Аналары Қадишадан ерте айырылып, үш балапанның әкелерінің аузына қарап, қолтығын паналап өскені белгілі. Жасынан құймақұлақ болып өскен Тұрсын сол бір алақұйын заманда көрген талай құқайы жөнінде әкесінен талай әңгіме еститін. Соның бірі Жұртбайұлы Құдакелдінің Қытайға бара жатқан Алаш қайраткерлерін көргені, көріп қана қоймай қызмет көрсеткені туралы әңгіме еді.
– Көтеріліс жылдары Ахмет Байтұрсынның хатын Мақаншыдағы Алаштың жасақтарына жеткізгенімді кеңес өкіметі біліп қойыпты. Ол кезде он алты жаста едім. – деп еске алып отырады екен әкесі, – Алаш адамдары бас қосып, Шәуешекке бара жатыр екен. Он алтыншы жылғы босқындарды қайырмақ. Тағы да бұдан басқа өз ойлары болса керек. Онысын аңғара алмадым. Соларға атшы болып жүргемін. Қазақтың көсемі: мені елеусіздеу көрінетін бала ғой, ешкім тексеріп-тергемес деп, жасырын бір хатты жасақтарға апарып беруге жұмсады. Хатты желдіртіп барып апарып, жауабын желдіртіп келіп әкеп бердім. Қайтарда ақ па, қызыл ма, білмеймін, әйтеуір орыстың әскері қуды. Ептеп қудаластық. Бар қылмысым осы. Хаттың ішінде не жазылғанында шаруам қанша. Сол үшін «алашорданың шабарманы» атанып, отызыншы жылы қамаққа алынып, тергеуге түстім. Көрген-білгенім әлгі. Сол жауапты тергеушілерге қайталап отырып алдым. Ақыры қашып құтылдым.
– Кезінде бұл әңгімеге мән бермеппін, – дейді Тұрсынның өзі, – Кейіннен бәрі де дерек ретінде расталды. Қашқында бірге болған Жырғал, Рақымберді деген қанжығалас серіктері бертінде дүниеден қайтты. Осы сапардағы алаш ардагерлеріне көрсеткен кішілік қызметі үшін әкеміз жарықтық 1930-1932 жылдары Алматының абақтысының «дәмін татыпты». Әкеме абақтыдағы азаптан көрі, абақтыдан қашып шыққаннан кейінгі көрген халық қасіреті қабырғасын қатты қайыстырушы еді.
Әке әңгімесінің әсері болуы керек, «Ең алғашқы махаббат басталады партадан» дегендей, Алаш арыстарына деген ынтызарлық бұған мектепте жүргенде-ақ басталған. Біздің ұрпақ бәріміз дерлік кітапқұмар едік. Кітаппен есейдік. Кітаппен тәрбиелендік. Бұл ретте Тұрсын бізден асып түспесе, кем болмағаны белгілі. Ол 5-6 сыныпта жүргенде-ақ «Абай жолын» шағып оқып шыққан ғой. Бізге ұқсап сыдыртып, судыратып емес, өзінің ой елегінен өткізіп отырып оқыған. Содан болуы керек, ол кітаптағы жағымсыз кейіпкер Әзімханның кім екенін әлде бір ішкі түйсікпен сезініп, шығарма жазғанда оны халыққа жаны ашитын жағымды кейіпкер ретінде дәлелдейді. Оған әдебиеттен сабақ беретін Жәңгір деген ұстазының ықпалы болған болуы керек. Бірде ол сабақ үстінде ұстазына: «Анау Әзімхан деген өмірде болған адам ба?» – деп оқыс сұрақ қойғаны бар. Мұғалімі естімеген бола салады. Тек сабақ біткен соң мұны оңашалап барып: «Оны білгің келсе Сейфуллин мен Мұқановтың кітаптарын оқығын» деп сыбыр ете қалады. Сөйтсе, ол Әлихан Бөкейхановтың нақ өзі екен ғой. Енді бұл «ұлтшыл» атанып, ата-аналар комитеті мен педсоветтің ұйғарымымен оқудан да шығарылады. Кейіннен Жәңгір мұғалімнің белсене араласуымен әупіріммен әрең қайта оқуға алынған. Бір ғажабы бала Тұрсын таяқ жедім екен деп ол райынан қайтпаған, қайта іштей бекініп, біржола қатайып алған. Енді Жәңгір мұғалімі сырласына айналып, екеуі ұдайы ақылдасып жүретін болады. Сірә, мұны бүгін сол кездегі «Алаш» партиясын ақтау жөніндегі алғашқы жасырын ұйым деп атасақ та болар. Алаш ардагерлерінен қалған бір дән сол бір кезде сол асыл азаматтардың табаны тиген топырақта бүр жарып, қауызын ашып келе жатты.
Ал, екінші тамыры терең, табиғаты бөлек бұл тақырыпқа баруға себеп болған және бетін оған біржолата аударған, әрине, университеттегі ұстаздары. Солардың бірегейі қазақ журналистикасының алғашқы шежірешілерінің бірі профессор Қайыржан Бекхожин еді. Атақты ақын Қалижанның туған ағасы. Екеуінің ортасындағы жалғыз ұл Ерлан бұл күнде үлкен журналист, «Хабар» арнасының басшысы. Бұл да «оқ жонған» азаматтың бірі.
Лекция оқығанда бұйрасы тарқамаған қалың шашы желкілдеп, өзі екпіндеп кететіндіктен бе, әйтеуір, ол кісіні бәріміз «Ақ бас бура» дейтінбіз. Курсымызда Тілеш Байтұрсынов дейтін бір жақсы жігіт бар еді. Курс журналынан түгендеп тұрып, Тілештің фамилиясына келгенде ағайымыз ерекше аруақтанып, екі иығын қыранша қомдап, басын қоқақтатып, «Байтұрсынов» деп айызы қанып тұрып дауыстаушы еді. Сөйтсек ішіндегі Алаш көсеміне деген ыстық ықыласы сыртқа лықсып ие бермей кетеді екен ғой.
– «Орыспен теңесу үшін оның оқу-ілімін меңгеруіміз керек деп, – сәл кібіртіктеп барып, – соғады екен Ахмет Байтұрсынов» деп қосатын сөзінің соңына.
– Ойбай-ау, «соғадыңыз» не, Байтұрсыновтікі дұп-дұрыс қой, – деп шуласамыз біз. Ол енді бізге риза пейілмен мейірлене қарайтын. Сөйтсек «түсінгендеріңе рақмет» дегені екен ғой. Қайтсін, қайран Қайрекең ашығын айтайын десе ауызы буулы, ойы түюлі.
Оны біздің Тұрсын сол кезде-ақ бағамдап, іштей ұғып, көкірегіне ұйытып отыратын болса керек. Профессордың лекциясын бар ынтасын салып, ынтыға тыңдайтын. Олар туралы абыз ағайдың аузынан жұмбақталып шыққан әр сөзді құныға қабылдап, қағып алып жазып отыратын. Ақырында көпті көрген қария жас талантты жазбай танып, бір күні оңаша шақырып алып оған сыр сандығын ашады.
– Ол мені күзге салым үйіне шақырып алды, – деп еске алады Тұрсекеңнің өзі. – Мен саған бүгін бар сырымды ашқалы отырмын, – деді сонсын ішкі толқынысын жасыра алмай, жүзі аздап қуқыл тартып, – Бірақ келіссең де, келіспесең де тісіңнен шығармайсың. Өзің маған шәкірт болғың келе ме? Ендеше мен бір сенімді шәкірт іздеп жүр едім. Мен ғана емес, бүкіл қазақ қарыздар арманда кеткен арыстар бар. Солардың парыздарын өтейін деп әр жылы екі шәкірт дайындап едім. Біреуінен ештеңе шықпады. Екіншісі ауылға кетіп тынды. Ендігі үмітім сенде. Сен соған кіріс. Мен олардың еңбектерін қайдан, қалай табудың жолын көрсетемін.
– Менің қазақтың үлкен адамдарының алдында өтелмеген борышым бар еді, – дейді ол ағынан жарылып, – Сені солардың мұраларымен таныстырып кетейін, – деп мұны қолынан жетектеп Ұлттық кітапхананың арнайы құпия қорына алып барады. Бұл оның 2-курстағы кезі.
Ал сырлас ағасы Рымғали Нұрғалиев болса бұл жолда мұны бәйге ат баптағандай баулыды. Ішкі жан дүниесі сәулелі сырға, шапағаты мол нұрға толы Нұрғалиев елім деп еңіреп өскен алаш қайраткерлеріне деген мұның бала кезден басталған ынтасының енді ынтызарлыққа, сол бір ұлт қамын жеген жайсаң жандарға деген шын жанашырлыққа айналғанын айқын көре білген еді.
Ұлағаты мол ұстаз бұрыннан өзі білетін С.Бегалиннің, С.Машақовтың, Ж. Елебековтың үйлеріндегі «тілдінің тілінен, көздінің көзінен» жасырып сақтап отырған М.Дулатовтың «Оян, қазақ», Ж.Аймауытовтың «Жан жүйесі», Мағжанның өлеңдері сияқты асыл мұраларын тығып алып келіп, үйінен шығармай отырып оқытты. Сөйтсе бұл аяулы ұстазының сынап көргендегісі ғана екен.
Талай жылғы ішінде қоздаса да маздап жана алмай жатқан арманының оты лап етіп, тұла бойы бір ләззатты қызуға бөлеп маздап жүре берді. Бұл да өзі асқар таудай көретін ағасының бетіне жалт қараған. Ол кісінің көзінен бір үміт, бір күдік кезек ұшқындап бұған қадала қарап қалған екен.
Рекеңнің қол астында мен де істеп көргенмін. Мінезі шалт, қимылы шапшаң, қолға алған ісіне бірден құлшына кірісіп кететін ерекше жігерлі адам еді. Сол мінезіне салған болуы керек, біздің Тұрсынның келісімін алысымен бірден сол кездегі ректор Өмірбек Жолдасбековке алып барып, табан астында Ұлттық кітапхананың сирек қорына ілеспе хат жаздырады. Онымен де тоқтамай, әлгі кітапханаға жетектеп апарып, хатта жазылған сирек қор былай тұрсын, анау-мынауға есігін аша бермейтін құпия қордың байырғы қызметкері Сәуле Мұсатайқызы Ақынжанованың алдынан бір-ақ шығарады. Оған тәптіштеп тұрып тапсырады. Өзі болайын деп тұрған балаға бұдан артық не керек. Жұртбаев әрі қарай бұл жолдан жаңылыс басқан да емес, қайраткерлерден қалған мол қазынаны құлшына қопарудан қашқан да емес.
Жалпы, бір қараған адамға Жұртбаевтың «тілегені алдынан іздемей-ақ табылып» жататын ғажайып жолы болғыш адам сияқты болып көрінеді. Анау арғысы Бейсенбай Кенжебаев, Әлкей Марғұлан, бергісі Рымғали Нұрғалиев, Мұхтар Мағауин сияқты ауызы дуалы, айтқаны уәлі, білетіні зор, ұлағаты мол ұстаздар неге осы Тұрсынды таңдады? Расын айту керек, байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен келген бәріміз де сол кездегі кіндік қала Алматыға елді аузына қаратқан жазушы, журналист боламыз деп әжептәуір дайындықпен «артынып-тартынып» келдік қой. Алаш партиясының азаматтары жөнінде көбіміз-ақ білетінбіз. Менің өз әкем де олар жөнінде майын тамызып тұрып талай әңгіме айтатын. Әсіресе, Мағжан Жұмабаевтың: «Атыңнан айналайын асыл анам, Омбының түрмесінде жатыр балаң» деген өлеңін жиі айтып отырушы еді. Бір ақыл-парасаты келіскен адамға қаратып: «Ақбайдың Жақыбындай екен» деп мақтау айту аулымыздың қалыптасқан дәстүрі болатын. Ержеткен соң қалам ұстаған қайраткер бола қалсақ, алаш азаматтарын ақтауға араласармыз-ақ деген арман менде де болғанын енді жасырмай-ақ қояйын. Бұл біздің ұрпақтың біразының іште бұғып жатқан аяулы арманы еді. Осы арманның асқар тауына Тұрсын ғана шыға алды. Тағдырдың да, тарихтың да таңдауы Тұрсынға түсті. Өйткені, Тұрсынның талабы бөлек, таланты ерек, еңбегі ерен, дайындығы зор, білім қазынасы мол жан еді. Небәрі 28 жасында 7-8 хикаят, 1 роман, 2 өлеңдер жинағын шығарып тастаған жампоз ғой ол. Ал шендесіп көр енді онымен.
Талай жылғы тоң жібіп, жылымық желі есе бастаған 80-ші жылдардың аяғына таман Жұртбаевтың алдынан тағы бір «жасыл жарық» жарқ ете қалды. Діттеген тақырыбын түп-тамырымен қопарып алып шығатын, отызында орда бұзып жүрген оған талай таудай азаматтардың көзі түсетін. Соның бірі сол кезде атағы дүркіреп, аты аңызға айналған Олжекең, Олжас Сүлейменов еді.
Атақты «Желтоқсан құйыны» жүріп өткеннен кейін, дәлірек айтқанда, 1987 жылдың 13 қаңтары күні мұны Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы О.Сүлейменов шұғыл шақырып алып, осы одақ аясында Құқықтық комиссия құруды тапсырады. Комиссияның мақсаты не дейсіз ғой: Желтоқсан оқиғасына байланысты ұсталған және қысым көріп жатқан студенттер мен жастарды қорғау; репрессияға ұшыраған ақын-жазушылардың мұраларын ақтау; басылуға тыйым салынған шығармаларды қайта жариялаудың мүмкіндіктерін қарастыру. Құдай-ау, бәрі де Тұрсынның талай жылғы арманы мен аңсары!
Шіркін, сол кездегі Жазушылар одағының беделі-ай! Көп ұзамай-ақ Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің сол кездегі орынбасары С.Әбдірахманов бастатқан жеті полковник Жазушылар үйіне келіп, аталған үш мәселе төңірегінде тиісті мағлұматтар береді. Сөйтіп талай жылғы қабарып қатып жатқан тоңның көбесі сөгіліп, мұзы ери бастайды. Ең бастысы, бұл үшін архив қазынасының қара есігі айқара ашылды.
– Сол С.Әбдірахмановтың рұқсатымен комитет архивімен барынша еркін отырып танысуға мүмкіндік алдым, – дейді Тұрсекең ерекше риза кейіппен, – Сөйтіп «Ұраным – Алаш» кітабының алғашқы сұлбасы Қауіпсіздік комитетінің Алматыдағы ғимаратының солтүстік қанатындағы 2-қабаттағы 14-бөлмеде жазылды.
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, тарихымызды түгендеу жолындағы бұл игілікті іске қатысты мекемелердің басында сол кезде ылғи бір зиялы да парасатты адамдардың отырғанына таң қалмасқа болмас. Осы жазушылық тексерулер қорытындылары бойынша шешімдердің соңғы нүктесін қоятын құзырлы органдар Жоғарғы Сот пен Бас прокуратураның басында сол кезде Тамас Айтмұхамбетов пен Ғалым Елемесов сияқты әділдікті ту еткен азаматтардың отырғаны да сәттіліктің нышанындай еді.
…Менің біраз жыл құқық саласында істегенім белгілі. 2004 жылы Ғалым Бәжімұлының 75 жылдық мерейтойына байланысты маған Бас прокуратура тарапынан ол кісі жөнінде мақалалар жинағын құрастырып, кітап етіп шығару тапсырылды. Алғашында шошыңқырап түскенім рас. Өйткені, бәріміздің ойымызда ол кісі 86 жылғы оқиғаға қатысы бар деген бір салқын ой қалыптасып қалған. Ақыры сол оқиғаны терең зерттеп жазып жүрген журналист Қайым-Мұнар Табеевке ақыл сұрап қоңырау шалдым.
– Ол кісінің жастарға ағалық көмегі көп болған, – деді журналист бауырым, – Еш күмәнсіз, жалтақтамай жаза беріңіз.
Расында, осы кітапты құрастыру кезінде ол кісінің екі оттың ортасында жүріп арын-ұятын таза қалпында алып шыққанына көзім жетті. Айтмұхамбетов екеуі өзара ұғысып, Мәскеудің көзін ала беріп, талай жастарымызды арашалап қалыпты. Мұны сезіп қалған Мәскеудің Қазақ КСР Прокурорын өз республикасында өз бетінше шешім шығару құқығынан айыруы осының айқын айғағы болса керек. Арыстарымызды ақтау ісіне оның жанашырлықпен қарауының тағы бір үлкен себебі оның әкесі Бәжім де 37-ші жылдың құрбаны болған адам.
Сол тұста Орталық Комитетке хатшы болып ұлтым деген еңіреген ердің бірі Өзбекәлі Жәнібековтың келе қалғаны бүкіл бұл іске сәуле түсіргендей болды. Сол жылы академик Жабайхан Әбділдин бастатқан комиссия құрылып, ақыры бұл іс сәтімен аяқталды.
Сөйтіп Тұрсын ұлағатты ұстаздарының аманаттарын ақырына жеткізіп, парызы мен қарызын толығымен өтеп, ұлт көсемдері ақталды.
Әуезовтің туғанына 90 жыл толуына орай өткен мерейтойдың Мәскеуде өткен қорытынды мәжілісінде осы Жұртбаев жинақтаған сот деректеріне сүйене отырып сөйлеген О.Сүлейменов: «… Егер осы бір байлықты дербес кітап етіп құрастырып, соған лайық ғылыми түсініктеме беріп жарияласақ, өте қызғылықты қат-қабат тартысқа толы шығарма дүниеге келер еді» деп арманды ойын айтқан екен. Жұртбаевтың одан бұрынғы талпыныстарын айтпағанда, 15 жылғы ерен еңбегінің жемісі 3 томдық «Ұраным –Алаш» жинағы Олжекеңнің әлгі ойының жүзеге асуының ғана емес, кешегі өткен Алаш арыстарының елі үшін төккен тері мен жазықсыз төгілген қанының төлеуіндей десе болар. Алаш арыстарының түрме түнегінде көрген бар азабы мен мазағы бірінші рет бүге-шігесіне дейін айқара ашып көрсетілген бұл үш томдықты бейнелі тілмен айтсақ «Қасірет кітабы» десе де болғандай.
– Өкінішке орай, ақиқаттың ақ жолы соншама тауқыметке толы болды, – деп жазады Тұрсекең осы үштомдықтың беташарында. Осы жазалау жылдарының ішінде олардың біразының шаңырағы ортасына түсіп, ошағының оты өшіп тынды. Олардың әйелдері мен балаларының көбі азапты жылдардың тауқіметіне төзе алмай, жүйке дертіне, сал ауруына, өкпе құртына, көк жөтелге ұшырап, қудалаудың небір сойқанды түрінің құрбандығына айналды. Басым көпшілігінің соңынан ұрпақ та қалмапты. Кейбір әулет орыстанып, татарланып, өзбектеніп, шеркештеніп кетті. Ең үлкен қиянат – осы. Иә, айтуға да, жазуға да, мойындауға да ауыр ащы шындық!
Талай жыл буулы жатқан теңнің аузын ашып, көпшіліктің көзіне көрсету оңайға түспегені анық. «Ең қиын, құмығулы күйді сол құжаттарды оқыған кездегі мазмұны мен соны жазған адамның атын оқыған сәтте және солардың ұрпақтары алдыңа келіп: «Енді біз қайтіп өмір сүреміз?» деп сұрақ қойған кездерде кештім, – деп сырын төгіпті Тұрсекең бір сұхбатында, – Тұла бойың түршігіп, іштей тұншығып, еш жауап бере алмай қала бересің. Мұның қасында олардың руластары мен жүздестерінің кек алуға ант беріп, қоқан-лоққы жасағандары түк емес. Мен ешкімнің қолына қалам беріп, алдына қағаз қойып, жазықсызды жазаға тартқыз деп мәжбүр еткенім жоқ. Тек қана Алаш арыстарының есіл кеткен өмірін жаладан арашаладым». Оның арманды жолдағы жан сырын, ішкі толғанысын өзінен артық бере алмаспыз. Сондықтанда оқырманнан кешірім сұрап, сөзін толық беріп отырмын.
Тұрсынды тұқыртқысы келетіндердің тағы бір уәжі бар. Ол сол тұстағы қазақ қайраткерлерін бір-біріне қарсы қойды деген сөз. Орыс халқының «Фактіге қарсы қайран жоқ» деген мәтелі бар ғой. Сондай бір қасарысқан сәттер болмаса Тұрсын өзінің ой-өрісі мен биік ғылыми пайымдауларын барынша сарқа пайдаланып, олардың қарым-қатынастарының арасындағы кейбір түйткілді жайттардың тігісін жатқызып жіберуге тырысады. Мәселен, 14 том тергеу ісіндегі сұрақтар мен көрсетінділердің бестен бірі С.Қожанов, Т.Рысқұлов пен С.Сәдуақасовтың арасындағы шиеленісті жәйттерге байланысты екен.
– Алашордашылар бұл үш азаматты да бағалаған. Іш тартқан, – деп Тұрсын олардың ұстанымдарын айта келіп, – Әрине, мұның барлығы жеке бастарының мүддесі үшін емес, елі үшін түскен ерлердің ерегесі еді. Үшеуінің де мүддесі бір, тек күрес жолы, амалдау тәсілі өзге, – деп әділін айтады.
Жалпы, Тұрсынмен талай жыл бірге келе жатқанда менің бір анық білетінім, ол ел ішіне іріткі салатын нәрселерді мүмкіндігінше сыртқа шығармай, үнемі іркіп қалады. Сол бір алмағайып заманда елдің аман қалуын ғана діттеген азаматтарды алаламай, алауыздық тудыратын жәйттерді жасырып, тіпті тереңірек жытырып жіберу оның парасаттылығының бір парасы. Бұл ретте Жұртбаевтың көңіл көмбесінде айтылмаған қаншама дүние жатқаны бір құдайға ғана аян!
Ол ақиқатқа арын серік етіп әрқашан әр деректі аршып алу үшін соңына дейін барады. Мәселен, Ахмет Байтұрсыновқа тағылған айыптың біріншісі ол Валидовпен байланыс жасап, жасырын контрреволюциялық ұйым ашты десе, екіншісі тағы бір контрреволюциялық ұйым Түрк халық партиясының белсенді мүшесі Ғ.Қабдалиевамен байланыс жасады деген жала. Тұрсын әбден қартайған әлгі Ғайнижамал Қабдалиева деген әйелді ақыры тауып алады ғой. Сөйтсе өтірік көрсетінді бергізу үшін ол байғұсқа көрсетпеген қорлығы қалмапты.
Ал Заки Уәлиди Тоғанның қызымен кездесуі тіпті қызық. Түркияның Малтөбе деген университетінде халықаралық конференция өтіп жатады. Кенет бұған «Сізбен Тоғанның қызы Есенбике ханым танысқысы келеді» деген хабар келеді. «Конференцияда әкемді және Башқұртстанды еске алған Сіз ғана болдыңыз» деп инабатты ханым жылап жіберді», – деп еске алады Тұрсекең.
«Алаш» дегенде өз басымнан өткен мына бір оқиға көз алдымнан кетпейді. Алматыда ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бас қосуы өтті. Онда Қазақстанның сол кездегі басшысы Дінмұхамед Қонаев баяндама жасады. Баяндама қазақша жасалды. Бұл бір үлкен жаңалық еді. Кешке қарай жаңадан салынған «Қазақстан» қонақүйінің мейрамханасында қонақасы берілді. Мен Шымкент облысының Шәуілдір ауданының дастарқанына тап келдім. Келесі столда Сырағаң, Ғафекеңдер бастаған торғайлықтар отырды. Бір кезде олардан бізге құнан қойдың басы мен жамбасы салынған бір табақ сәлемдеме келді. Шәуілдір ауданының бірінші хатшысы Мұхамедқасым Шәкенов Торғай облыстық партия комитетінің хатшысы болған сыйлы адам еді. Кейін осы Шәуілдірге бірінші хатшы болып кеткен. Шәкең қатты риза болды. «Мұны қалай қайтарамыз» деп сауал тастады бір кезде. Мұндайда оңтүстік ағайындардың төгіп жіберетін әдеті ғой. Небір ұсыныстар айтылды. Алаш арыстарының ептеп айтыла бастаған тұсы. Атақты «Аққұм» Ахаңның әні екен деген әңгіме де естіліп қалған. Мен соны айтып, сол «Аққұмды» айтып берейік деп пікір тастадым. Бұл ән хорға келмейді ғой деп өзім бастап та кеттім. Ән торғайлықтарға керемет әсер етті. Ән біткен соң «Әкешім-ау, әкешім, тірі екенсің ғой» деп бір кейуана еңіреп жылап келіп мені аймалап құшақтады келіп. Жанында тағы бір әйел жылап тұр. Сөйтсек бұлар Ахаңның қызы –Шолпан мен Жақаңның қызы Гүлнар апаларымыз екен. Мен Шолпан апай көзін сүртіп тұрған орамалды жалынып-жалпайып тұрып ескерткішке сұрап алдым. Алты алашқа ардақты Ахаң ұрпағының көз жасы сіңген сол орамал ең бір құнды дүние ретінде үйімде әлі сақтаулы тұр.
Мұны еске алып отырғаным, Тұрсын Жұртбаев атаусыз қалып бара жатқан Алаш арыстарының атын тарих топырағынан аршып алып, осы Шолпан мен Гүлнар апайларымыз сияқты талай шерменде жандардың көз жасын сүртті десеңізші. Алғысын алды.
Айтулы ақын Айбек Қалиев Рымғали Нұрғалиев ағамыз қайтыс болғанда:
Алашпенен ұштастырып арманын,
Жайқалтып ед ойларының орманын.
Әлихан мен Ахметке аттанды,
Ең ақырғы сарбазы Алашорданың,-
деп жылап отырып жырлап еді. Құдайға шүкір, абырой болғанда Айбек бауырымыз қателесіпті. Алаш Орданың ай маңдай, арғымақ мінген сарбазы арамызда жүр. Ол –Тұрсын Жұртбаев. «Алаш» туы енді жығылып, аттары өшпек емес!
3. «Қайрап ап, қалың жауға сермегендей!»
Талай жыл бірге жүргенде анық білетінім – Тұрсекең атағы таудай болғанымен, ешуақытта аспайтын да саспайтын, барынша кішіпейіл де қарапайым азамат. Курстастар бас қоса қалсақ бірден өктем сөйлеп, өрге өрлейтін достарымыз баршылық. Ал Тұрсын болса үнемі босаға жақты көздейді. Отырған орны төменде болған соң қалған «ығай мен сығайға» шарап құйып, ет турап беру деген «әлеуметтік» қызметтерді көрсету соның еншісінде қалады ондайда. Академиктің қолынан ет асап біз де мәзбіз. Кез-келген жерде көсіліп сөйлеп, білімін көрсетіп білгіштігін де танытпайды. Айдыны кең, түбі терең қара суға ұқсап беті толқымай, түбі лайланбай тұнады да тұрады. Ал енді ол қаузап жүрген Абай мен Әуезов, яки Алашорда тақырыбына тиісіп көріңізші. Ол кезде оның жанартау болып атылғанын көрсеңіз енді.
Жұртбаев жасынан-ақ қиыншылықты көп көрген. Оның бір қараған адамға әбден қажып, мүжілген адам сияқты көрінетіні де рас. Бүкіл титтейінен бастаған талпыныстарыңды, білгендерің мен түйгендеріңді, тіпті бар жинаған қазынаң ешкімге қажет болмай, тіпті оларды бүкіл қоғам керек қылмаса қандай болар ең?! Бұдан артық азап бар ма? Ол азапты да, мазақты да өзі тамыр тартып жүрген алаш азаматтары сияқты бұл да бір басынан өткерді. «Советтік менің өз елім» мұны да жетілмей жатып желкелеп бақты.
Мен жоғарыда ақын да батыр Мәди атамның айтулы сөзін бекер келтіріп отырған жоқпын. Тұрсынның бүкіл саналы ғұмыры көз алдымызда өтті ғой, өз басым оның қиындыққа қарсы тұрудағы қайсарлығына, аңсарлы арманы жолындағы табандылығына қайран қаламын.
Оның Абай жұмбағын шешуге, Абай әлемінің телегей теңізі мен мұңды мұхитына тәуекел қайығын салуы да сондай бір шындық үшін шарпысудан бастау алып кеткен еді. Әйтсе де осы бір алып адамның аты оған бала күнінен жүрегіне жақын болатын. Біздің Тұрсынның небары он бес жасында «Абай шыңы – Әуезов шыңы» деген шығарма жазып, республикалық бәйге алғанын екінің бірі біле де бермес.
Талай жылдан бері мұның бүкіл ақыл-ойын түрткілеп, маза бермей жүрген толғанысты тақырыбы ақыры қолына қалам алғызды. Лермонтов пен Шоқанның жасы – жалындап тұрған жиырма жетісінде Ақылия Тұрағұлқызы туралы «Тұңғыш түлеу» деген естелік-сұхбаты қашанда батыл басылым «Лениншіл жас» газетінің бетінде жарқ ете қалсын. Сол-ақ екен, еліміздің рухани дүниесінің ауа райы күрт бұзылды. Дауыл соғып, жердің бетін бұршақ ұрды. Алдымен беделді де белді деп жүрген бір ағамыз «Алашорданың ардагері Тұрағұлдың аты аталды» деп байбайлам салып ерінбей-жалықпай Орталық Комитетке барды. Қоймай жүріп қудаланып жүріп газеттің бас редакторының орынбасары Сағат Әшімбаевқа ескерту бергізіп бір «ерледі». Әлгіндей керауыздар онымен де қоймай, сол кезде нанын тауып жүрген «Білім және еңбек» журналының бас редакторы Ә.Мархабаевты тұқыртып отырып, мұны жұмыстан шығару туралы бұйрыққа қол қойғызды.
Университетте бәрімізге сабақ берген фантаст-жазушы, ғалым Абдулхамит Мархабаев ағайымыз тік сөйлеп, турасын айтатын, анау-мынаудан беті де қайта бермейтін батыл адам еді. ЦК-дан соққан боран ол кісіні де бүгежектетіп тастағандай.
– Жағдай осылай болды, Тұрсын, – деді ағамыз майыспаса да қайысып, – Мен бұйрық жазайын, Семейіңе іссапарға жөнел. Өзің де сұранып жүр едің ғой, одан Қызылжар арқылы Омбыға тарт. Оған дейін мына дауыл да басылып, тынышталып қалар.
Ал ағасы да, жағасы да болып кеткен Рымғали Нұрғалиев болса: «Тұрсын, енді осы жолдан қайтпа, өзіңнің де көкейіңді тесіп жүрген тақырып емес пе. Қайымға барып жолық» деп ақ батасын арқалатып жіберіп еді туған жері, Абайдың елі Семейге.
«Құсалықпен өтті ғой, Махамбеттің көп күні» дегендей, Абайдың ақиқатын аршимын деп талай азап шегіп уайымға батқан қайран Қайым, Қайым аға Абай әлемін көпке танытуда аққан судай лайланбай, тіккен тудай қисаймай өткен қайсар ағамыз еді ғой. Сол жолда «түрменің қара наны балдай» болған күндерді де бастан өткерген ол. Өмірдің талай құқайын көрген ол екінің бірін ішіне кіргізе де бермейтін. Бала деді ме, шала деді ме, әйтеуір, бұған да бірден елп етіп ери қойған жоқ. Абай мұражайының директоры Төкен Ибрагимов, қызыл тілдің шешені Тәңірберген Әміренов үшеуі бір бие сауым әңгімелескеннен кейін ғана аздап жібігендей болған.
Бұл өзінше қулық жасап, оны шығарып салған болып, үйіне қайтарда ере шыққан. Семей де бір ашық мұрайжай сияқты әр кірпіші аңыз қала ғой. Ағасы енді ашылсын. Кешегі Алаш қаласының елім деп еңіреп өткен ерлері жөнінде, әсіресе Мұхтар туралы небір әңгімелердің тиегін ағытсын келіп. Сол екпінмен ол кісінің үйіне қалай кіріп кеткенін бұл тіпті білмей де қалды. Бүкіл өмірін Абайға арнаған абыз аға «Манағы айтқаным мынау еді, анау еді», деп қазынасының бумаларын шеше бастаған. Осы арада Тұрсынды түлен түртті. Өзімсініп, еркінсіп, тіпті ойында да ештеңе жоқ, ортада тұрған үлкен үстелдің төріне отыра кетіп, ағасы ұсынған бір құжатты құныға қарай бастаған. Бір кезде арқасын аяздай қарып, бір суық найза қадалғандай қалтырап кеткен соң, басын тіктеп жалт қарап, Қайымның қаһар төккен түрін көріп шошып кетті. Дәл бір атылғалы тұрған арыстандай айбарланып, екі көзіне от шашып қадалып тұр екен.
– Тұр! Бұл – Мұхтардың орыны. Одан басқа ешкім отырмайды мұнда!
Атып тұрып орнын ауыстырады. Абырой болғанда ағасының ашуы тез тарқап, әрі қарай әңгімелері жалғасып кетеді. Жап жас жігіттің мұның өмір бойы тірнектеп жинаған дүниесінің біразын білетін болып шыққанына ол дән риза болады.
– Тұр, – дейді бір кезде ол тағы да. Шошымалды болып қалған бұл жалт қараса жүзі нұрға толып, көзі шуақ шашып тұр екен, – Отыр мұнда. Осы үйге келгенде ендігі орның –осы! – дейді Мұхаңның, ұлы Мұхаңның орнын нұсқап. «Екі көзімнен жасым ыршып кетті» деп еске алады Жұртбаев сол бір сағынышты сәтті жанары жасаурап тұрып. Бұл түн түнегін түріп, жазғы таңның атып келе жатқан кезі болатын.
– Білесің бе, Тұрсын, – деді ол атқан таңға қарап тұрып, – қара шалды сағындым!
Неге екені белгісіз, сыбырлап айтты. Абыз ағаның сол бір сыбыры содан бері «Абай жолында» келе жатқан бұл сәл қалжырап, қалғығандай болса құлағында жаңғырып, селт еткізіп сергітіп жіберетін.
– Абайдың өмірін терең және шынайы қалпында біліп, сезінген сайын оның соншама ақылдан тартқан азапты көтеріп, құсалы көңілмен қалай өмір сүргеніне таңданасың. Айбайдың өмірі – ақылдың азабын шеккен, құсалы, ызалы, булыққан, құмығулы өмір, – дейді ол кейбір сыр ашқан сәттерінде көзі жасаурап, – Мен Абайдың сондай жанын ызалы еткен ақылдың азабына қалай шыдағанына таң қаламын. Неткен азапты, жанкешті ғұмыр десеңші!?
Жарты ғасыр бойы «Абай жолымен» жүрген Жұртбаевтың өзі де оған деген ынтызарлықтың «бейнет сусынын» (Абай) сіміріп бақты. Одан жанары кемісе де, жаны жұтаң тартқан жоқ. Қайта болмысы бөлек бір әлемнің ішіне енді. Сөйтіп ұлы Абай мен бүгінгі ұрпақ арасындағы алтын көпірге айналды.
Ғалым ретінде де, әдебиетші ретінде де ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы жөнінде Жұртбаевтың жазғандары атан түйе тарта алмас жүк екені белгілі. Абайтану ғылымының тұтас бір жүйесін қалыптастырғаны рас енді. Оны Абай хакімнің телегей теңіз әлемінен сылдырап аққан бір бұлақ, жанар тауынан тұтанған бір шырақ десе де болғандай-ау. Енді бұл бұлақтың тартылып, шырақтың сөнбейтіні анық.
Рымғали, Мұхтар (Мағауин) ағаларымыздың жап-жас жігіт кездерінде бізге лекция оқып жүрген тұстарында-ақ олар туралы небір аңызға бергісіз әңгімелер айтылатын. Бірде бір бала қабылдау емтиханында шығарма жазуда не айтарын білмей отырып-отырып, ақыры «Абай – Гималай» деген екі-ақ ауыз сөз жазып тынған екен. Оған Рымғали ағай бірден «бес» қойып жіберіпті деген әңгіме айтылушы еді. Маған Тұрсын дос сол Тәңіртаудың басына өлермендене өрмелеп шығып бара жатқан альпинист сияқты болып елестейді бүгінде. Ұшар басына жетіп те қалған ба, қалай. Әне, таудан асқан бұлтпенен араласып та қалыпты біздің досымыз. Әрқашан биікте бол, Тұрсеке!
4. Атыңнан айналайын, Айнабұлақ!
«Тірі энциклопедия» деген ұғым бар ғой. Өз курстастарымыздың ішінде осындай екі адам бар. Олар – Жанболат Аупбаев және осы Жұртбаев. Тұрсынның білімі тіпті түпсіз терең. Білмейтіні жоқ. Сондықтан оған келгенде тіпті «ғалым» деген сөзді олқысынып, «ғұлама» деп ат қойып, айдар тағып алғанбыз.
… Бірде мектеп бітірген қалам Қарағандыға барғаным бар. Туған қалама аяқ басқан сайын бала кезден жан досым Бауыржанның ағасы Масғұт Халиоллин ағамызға барып сәлем беремін. Кезінде Қарағанды өңірінің баспасөз саласының көшбасшылары қатарында болған ол кісінің маған жасаған ықпалы зор, жақсылығы да аз емес. Шарапаты тиген адам еді. Арманды журфакқа түсуге өз қолымен жолдама жазып беріп, ақ батасын беріп аттандырып еді. Сол жолы әлденеге жабығып көңілсіздеу отырды.
– Осы сен кімдермен бірге оқыдың, – деді бір кезде маған оқыс сұрақ қойып. Әрине, аузыма Жүрсін мен Тұрсын, сонсоң журналист біткеннің жүйрігі Жанболат түсті.
– Е, Тұрсын сенің курстасың екен ғой, – деді Мақаң кенет жадырап. – Оның осы Қарағандыға да шарапаты тигенін білесің бе? – деді де аса риза кейіппен ол туралы мынадай әңгіме айтты…
Көпке белгілі, біздің өнеркәсібі өркендеген Қарағандымыз орысы көп қала болды ғой. Мен бітірген осы қаладағы №41 мектеп бізден кейін қазақшасы жабылып, таза орысша болып кеткен еді. Шүкір, қазір таза қазақша. «Таң атпайын десе күн қоймайды» дегендей, тәуелсіздіктің ақ таңы атқаннан кейін қаламыздың көкшиген көзі ептеп қарая бастады ғой. Алдымен көшелердің атын қазақшалау қолға алынады. Қаланы қақ жарып жатқан ең ұзын көше Коммунистік көшесі деп аталатын. Мақаң бастаған «ұлтшылдар» соны осы елдің тумасы Бұқар жыраудың атына ауыстыруға қам жасайды. Қара орысы бар, сары орысы бар қарсы жақ, әрине, өре түрегеледі. Абайдың әлгі «Шортанбай, Дулатпенен Бұқар жырау, өлеңі бірі жамау, бірі құрау» деген өлеңі бар емес пе. Төбеңді көрмегір бір «қара орыс» соны орысшаға аударып, әлгілердің қолына ұстата қойыпты. «Мақтап жүрген ақындарыңның түрі мынау ма?» деп енді қарсы жақ қоқайып шыға келсін. Сәтін салғанда бұл іске Жазушылар Одағынан Тұрсын Жұртбай аралассын. Хакім Абайдың ол сөзінің Бұқарға еш қатысы жоқ екенін, оның әлгі үш ақынның 1880 және 1888 жылдары басылған «Өсиетнама» мен «Балазар» деп аталатын жинақтарында баспа жіберген қателерге қатысты айтылғанын тапжылтпай дәлелдеп шықты, тілеуіңді бергір Тұрсын, – деп алғысын жаудырушы еді ағамыз.
Көпті көрген, көп білетін сұңғыла ағамыз оны бекерден бекер іштартып отырған жоқ. Біздің аудан алғаш құрылғанда Семейдің құрамында болыппыз. «Жеріміздің шеті» деп ауданымыздың атын Шет қойған сол семейліктер. Оларда біздің жаққа қаратып «Шет өңірі» деп айтатын ұғымы бұрыннан бар көрінеді.
Тұрсын еңбектерін ақтармаласаңыз мен туып-өскен Шет өңірі, жақын нағашым Иманжүсіп жырлаған Бұғылы, Тағылы тауларының атаулары кездесіп қалып жатады. Осындай ғұламаның қаламына жеріміздің тау-тасы ілігіп жатқанына әжептәуір марқайып қаламын.
Ал енді «тарыдай болып туып, таудай болып» ержеткен арманы асқақ, мұраты биік, бір өзі «бір кітапхананы толтыратын» дүние (50-ден астам кітап пен ғылыми монографиялар, мың қаралы ғылыми мақалалар мен жарияланымдар) жазған творчествоның төресі, шығармашылықтың шайыры, ғылымның алтын көмбесі Тұрсынның өскен жері шағын ғана Айнабұлақ деген небары 20 шақты ғана үйлі шағын ауыл десек нанасыз ба!? Тағы бір ғажабы Шыңғыс тауы бөктерінде бұйығып жатқан осы ұядай мекеннен 3 ғылым докторы, 7 ғылым кандидаты және 21 қалам қайраткерлері шығыпты. «Арбаның алдыңғы доңғалағы…» деген мәтелді еске ала отырып айтарымыз осының басында Құдакелдінің қара домалағы тұрғаны анық.
«Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары». Тұрсын үшін де әкесі Құдакелді атын суарған, анасы Қадиша келіп су алған Айнабұлақтан асқан жер жаннаты жоқ. «…Шап-шағын, бірақ мен үшін әлемдегі ең сүйікті де сүйкімді, абзал да бауырмал, тату-тәтті адамдардың басын қосқан құт мекен» деп ет-жүрегі елжіреп егіледі ол ауылы есіне түскенде.
– Бұл іргелес Абай, Қарқаралы, Егіндібұлақ, Шұбар, Талды, Баянауыл аудандарының адамдары жиналған бір бөлімше еді, – дейді Тұрсынның өзі, – Сонда әлгі адамдардың, ақсақалдардың түрлі тағдырын естисің. Сөйтіп Абайдың, Қарқаралының, Ақтоғайдың ұлы адамдарының тағдыры бір он бес үйден тұратын бөлімшеге топтастырылдық. Осы адамдардың тағдыр тоғысы маған қатты әсер етті. Сол ақсақалдардың әрқайсысы академикке бергісіз еді. Тіпті академиктің академигі еді.
Осы он бес шаңырақтан құралған «Айнабұлақтың академиясын» үздік бітіріп шыққан қара бала ержеткен соң Мәскеу мен Пекиннің, Ыстамбұлдың, соноу мұхит асып барып Американың айтулы оқу орындарының оқымыстыларын аузына қаратып, шәкірттерін білім нәрімен суарып, дәріс береді деп кім ойлаған.
– Ауылымыздың бір жағы Әміренің ән жайлауымен, бір жағы Әуезовтің жан жайлауымен, бір жағы Тәттімбеттің саржайлауымен, бір жағы Абайдың жыр жайлауымен шектесіп жататын, – деп төгіледі оның қаламдас інісі Бауыржан Жақып. Осындай құнарлы топырақтан жапырағы жайқалған Тұрсын сияқты бәйтерек қалайша өсіп шықпасын енді.
Білім мен ғылыммен мұздай құрсанып, «Дулығасын» басына баса киіп алған соң (түркі халқының екі мың жылдық тарихын қамтитын екі томдығын айтып отырмын) Тұрсын Жұртбаев Әуезов мұрайжайын байытуға, астанаға сол кездегі Премьер-Министр Иманғали Тасмағамбетовтің арнайы тапсырмасымен келіп, жаңа қаланың ортасынан «Отырар» кітапханасын ашуда көрсеткен қайраткерлігі өз алдына бөлек әңгіме.
Соңғы кезде өзім көріп, біліп жүрген енді бір тамашаны айтайын. Тұрсын дәп қазірде Хакім Абай жөнінде төрт кітапты қатар жазып жүр. Тау тұлғаның төрт қыры. Мұндайды өз басым білмек түгілі естіп те көрмеппін. Бұл енді Абай айтқандай «толық адамның», Тұрсын сияқты талант пен талаптың тұлпарын қосарлап мінген жанкешті жанның ғана қолынан келер дүние.
Осы жақында Тұрсекең қоңырау шалып: «Әй, асатаяқты дос (бильярдты айтқаны) өзіңе айтып жүрген төртемнің бүгін екеуін бітіріп, тіпті баспаға жіберіп те қойдым», – деді масаттанған, мақтанышы да бар мығым дауыспен.
Сол түні Тұрсын түс көріпті. Туған ауылы Айнабұлағында жүр екен. Өздері солай атап кеткен Тау атасы мен Тау апаларының үйінің жанындағы баяғы өзі басына шығып отырып кітап оқитын моп-момақан қоңыр төбесінде тұр екен. Дәл сол Қайым ағасы екеуі қарсы алған бозала таң екен дейді. Кенет арқырай кісінеген аттың даусы естілді. Бір ғажабы ол жерде емес аспаннан түсіп келеді. Ойпырым-ай, мынау баяғы Тәңіртаудың бауырында ноқта-жүгенін сыпырып өзі қоя берген тұлпары ғой. Төрт аяғымен тік ете түсіп, жұп-жұмсақ еріндерін тигізіп мұның төсінен иіскеді. Басындағы жүгені көзіне оттай басылды. Баяғы әкесі мұның бәсіре көк дөненінен айрылып, қолына ұстап қайтқан өзі өрген өрме жүгені. Сонсын ақбоз басын жұла көтеріп алып, дүниенің төрт бұрышына түгел таратып арқырай бір кісінесін-ай. Көзі шатынап от шашып тұр. Мына көз де таныс. Жеңіс Кәкен деген суретші інісінің «Шәкәрімді жоқтау» деген картинасы бар. Бір ғажабы, онда Шәкәрімнің өзінің бейнесі жоқ. Ер-тоқымын бауырына алған бір ақбозат көзін дәл осылай шатынатып таудың аржағынан үрей шақыра ұйлығып көтеріліп келе жатқан қара құйынға бұрыла қарап арқырай кісінеп тұр.
Кенет мұның бойын бір ынтызарлық пен құмарлық билеп, аттың тізгінін ымқырулай ұстап үстіне қарғып мінсін. Ойнақтап тұрған ақбоз аспанға бір шапшып алып, Абай мен Мұхтардың кіндік қаны тамған Шыңғыстаудың биігіне қарай зымырап берді.
…Ол селт етіп оянып кетті. Бойынан манағы ақбоздың демінен тараған жылылық әлі кетпегендей. Бүкіл денесі балқып, кеудесін ғажайып бір тылсым қуаныш кернеп, жаны нұрға толды.
– Қайран ақбоз, – деді сонсын күбірлеп. –Баяғыда көкжиекке сіңіп көзден ұшыпкетіп едің, қайтып оралған екенсің ғой. Сен бостандық әкелмегенде аспанымыз осылай шайдай ашылар ма еді, екеуміздің де тұсауымыз алынып, бауырымызды жазып шаба алар ма едік, тәубе,тәубе!
Ол терезеге келіп, көкке көз салды. Қаланың аспанынан да жұлдыздар көрінеді екен-ау. Әне, анау жарқырап тұрған – Темірқазық. Жанындағы кішіректеу екеуі баяғы бала кезден таныс армандай болған Ақбозат пен Көкбозат. Айнабұлақтың академик шалдары бұл оқуға аттанып бара жатқанда «Жұлдызың жоғары болсын» деп бата беріп еді. Сол жұлдыз осы ма екен!
Ұзамай таң да атты. Бұл жуынып-шайынып келіп жазу столына келіп отырды. Әдетінше Абайдың мүсініне «Бүгін не айтасыз» дегендей тесіле бір қарап алды. Неге екені белгісіз, ақынның «Арсыз болмай атақ жоқ, Алдамшы болмай бақ қайда» деген өлеңі санасында жаңғырды.
– Әй, қара шал, қара шал, сен жөн сілтемесең қайтер едім, – деп күбірледі қаламын алып жатып.