Алашшыл рухпен суғарылған

Қазақта «атына заты сай» деген сөз бар. Сол себепті де болса керек, Ақселеу дегенде, менің ойыма алдымен, қазақтың ақ селеулі кең даласы, сары бел Сарыарқа, сол Сарыарқаның қақ төрінде жатқан Жаңарқа, Сарыарқадан шыққан біртуар қазақ Сәкен сері (Сейфуллин), сол Сарыарқада көшпенділер өмірін көріп, қазақ руханиятының таусылмас құндылығын бойына сіңіріп, алаштың ардагер азаматы болған Ақселеу Сейдімбектің нар тұлғасы көз алдыма келеді. Шындығында да Ақселеу күнделікті тіршілік барысында қазақтың кең даласы, ондағы көшпелі өмірдің өзіндік өрнектері, театры, кітапханасы болмаған елдің ай астында алтыбақан теуіп, таң атқанша салған сауық-сайраны, тек қазаққа ғана тән әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері жайлы көзімен көргендерін, естігендерін ерекше бір құштарлықпен айтып, шаршау дегенді білмейтін. Біз де ауылда өскенбіз; біраз нәрсені білетін сияқты едік. Десек те, Ақселеу ерекше бір шабытпен сөйлеп отырғанда, аузымызды ашып тыңдаушы едік. Ақаң әңгіменің майын тамызып, шебер айта білетін. Осы қасиеті арқылы ол өзін адам ретінде де, ұлтын сүйген ардагер азамат ретінде де, қазақтанудың білгір ғұламасы ретінде де таныта білді.
Ақселеудің көшпелі қазақ өмірінің білгірі болып өсуіне оның туып өскен ортасы тікелей әсер етті. 1942 жылы 22 желтоқсанда Қарағанды облысы Жаңарқа ауданының Атасу ауылында өмірге келген оның балалық шағы соғыс кезіндегі, одан кейінгі жылдардағы ауыр шақтарда өтті. Сол бір қиындықтардың да адамға берер жақсылықтары болады екен. «Адамның адам болуы үшін өскен ортасының әсерін ешбір тәрбиемен теңестіруге болмас. Бұл орайда тағдырыма мың да бір шүкіршілік етемін. Менің балалық шағымда біздің ауылдың болмыс-бітімі (салты, дәстүрі, діні, ұлттық ойын-тойы, саятшылығы, көшпелі өмір салты…) әлі дәстүрлі қалпында болатын. 20-30 жылдардың тарихи нәубеті әбден титықтатқан ел, мемлекет тарапынан қамқорлықтан жұрдай болған ел амалсыз көшпелі өмір салтынан пана тапқандай еді» (Ақселеу Сейдімбек. Шығармалары. 2 том. Астана, «Фолиант», 2010, 581-бет).
1959 жылы мектеп бітірген соң, ауылда екі жыл қой, бір жыл жылқы жаяды. «Жылқышылардың қосағасы болып келетін шұбыртпалы Ағыбай батырдың шөбересі болып келетін Тарғын дейтін… ғибраты мол, ғажайып қартпен» бірге жылқы күзетіп, қоста түнеген кездерде естіген, көрген дала оқиғалары жайлы таңды таңға қосып, айтқан әңгімелері көшпенді өмірдің тарихтың ұзына бойында шашылып жатқан қыр-сырларына қарай тарта түсті.
Ақселеу 1962 жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетіне түседі. Студент кезінде әскер қатарына шақырылып, үш жыл Совет Армиясы қатарында азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін оқуын жалғастырып, университетті 1968-жылы бітіріп шығады.
А. Сейдімбек «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде әдеби қызметкер (1968-1975), «Орталық Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы (1975-1976), «Егемен Қазақстан» газетінде бөлім меңгерушісі (1976-1983), «Зерде» журналының бас редакторы (1983-1987), ҚР ҰҒА М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында лаборант, кіші, аға, жетекші, ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі (1987-1997), Ы. Алтынсарин атындағы Білім академиясының президенті (1998-1999), Астанадағы Президенттік Мәдени орталық директорының ғылым жөніндегі орынбасары (1999-2000), Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, журналистика кафедрасының меңгерушісі (2000-2009 ) қызметтерін атқарды.
А.Сейдімбек – 1989 жылы «Қазақтың халық лирикасындағы қара өлең жанры» тақырыбында кандидаттық, 1999 жылы күй аңызы бойынша докторлық диссертация қорғаған филология ғылымдарының докторы, профессор.
Шығармашылық жолын публицистикадан бастаған Ақселеудің өнерпаздық қырлары – сан алуан. Бір сөзбен айтқанда, ол қазақтанудың тарих, этнография, ұлттық өнер, ұлттық тіл, ұлттық болмыс салалары бойынша қалам тербетіп, артына мол мұра қалдырды. Алғашқы әңгімелер жинағы «Ақиық» 1972 жылы жарық көрді. Содан кейінгі жылдарда «Қыр хикаялары» (1977), «Тауға біткен жалбыз» (1979), «Аққыз» (1981) атты әңгіме-повесть, роман жинақтары шыққан. Сондай-ақ қазақтың ұлттық тұрмыс-тіршілігінен мол мағлұматтар беретін этнографиялық сыпаттағы «Кеніш» (1979), «Серпер» (1982), «Күңгір-күңгір күмбездер» (1981) очерк, ғылыми-көпшілік кітаптарын жазған.
Ақселеу қазақтың қара өлеңін зерттеп, «Мың бір маржан» (1989) монографиясын жазды; осы тақырыпта диссертация қорғады. Ол қазақтың күй өнерін зерттеп, күй мен күйшілер туралы аңыз боп кеткен не бір қызғылықты деректер тапты. Күй аңыздарын фольклорлық мұра тұрғысынан қарастырып, оның деректілігін, өзіндік құрылымдық сыпаттарын, жанрлық ерекшеліктерін саралаған «Күй шежіре» (1992) атты монографиясын жазды. Оның 2002 жылы жарық көрген «Қазақтың күй өнері» атты көлемді зерттеу жұмысы ғалымның ұзақ жылдар бойы қазақ халқының фольклорлық, әдеби, күйшілік мұрасын зерттеу саласында жүргізген ғылыми ізденістерінің қорытындысы іспеттес.
Ғалымның жазуынша, «…белгілі бір ортадағы өнерпаздық дәстүрді өзгелік талғаммен бағалауға әсте болмайды. Оған қоса, мүлде бөлек типті, бөлек құрылымды, бөлек «тілді» өнер парқын өзара өрелестіру арқылы саралау тіпті де мүмкін емес.
Демек, бір елдің өнер өресі өзге ел үшін өлшем болмауы керек. Әр халық өз дәстүр-талғамында шыңдалған өнерін классикалық деп бағалауға хақылы. Экономикасы, саясаты үстем елдердің өзіндік талғамын, төл өнер үрдісін өзге үшін сұлулықтың өлшемі ретінде көлденең тарту – рухани зорлық болып табылады» (Ақселеу Сейдімбек. Шығармалары. 2 том. Астана, «Фолиант», 2010, 636-бет).
Кеңес өкіметінің кезінде қоғамдық ғылымдарда еуроорталық идеясы бет қаратпай тұрған кезде жазылған осы жолдардан Ақселеудің азамат ретіндегі, ғалым ретіндегі өзінің ұлтына деген адалдығын анық көруге болады. Еуропалықтардан басқа халықтар дамудың төменгі сатысында, сондықтан да олардың мәдениеті, атап айтқанда, тілі, әдебиеті, өнері, өмір салты артта қалған, олар қоғамдық дамудың көшбасшысы Еуропа халықтарының артынан еріп отыруы керек деген пікірлерін жоққа шығарады.
А. Сейдімбектің ұлы дала тарихына, халықтың рухани мәдени шежіресіне арналған «Балталы, Бағаналы, ел аман бол» (1993), қазақ халқының өткендегі тарихына, этнографиясына, көшпенділер мәдениетіне арналған «Көшпелілер тарихы» (1995), «Қазақ әлемі» (1997), «Қазақтың ауызша тарихы» (2008) атты іргелі еңбектері жарық көрген. Ғалымның «Сонар» (1989), «Ойтолғақ» (1997) атты кітаптарына оның әдебиет, өмір, ұлттық мәдениет, этнография сияқты ұлттық тұрмыс-тіршіліктің рухани мәселелері жайлы айтқан ой-толғаныстары жинақталған.
А. Сейдімбек Гомердің «Илиада», «Одиссея» (1974) эпостарын қара сөзбен, И. Можейконың әлемнің «7 және 37 кереметі» (1988) атты кітабын қазақ тіліне аударды. Ол «Алпамыс батыр» жырын (1979) қара сөзбен жазып, қалың оқырманға ұсынды. Бұл кітап кейіннен орыс, эстон, чех, неміс тілдеріне аударылып, жарық көрді.
Оның шығармалары бірнеше шетел тілдеріне аударылып, басылған. Ақселеудің әр кітабы 800-900 беттен тұратын алты томдық шығармалар жинағы 2010-жылы Астанадағы «Фолиант» баспасында басылып шықты.
Ақселеу – «Сарыарқа», «Дәурен-ай», «Ақтамбердінің толғауы», «Алтын асық», «Арай күн», «Толғау», «Арман-ай», «Есіңде бар ма, жас күнің», «Гагигай», «Қосбасар», «Құлақкүй» секілді халық арасына кең тараған әндер мен күйлердің авторы.
Ақселеудің шығармашылық өмір жолы туралы келтірген бұл шағын мәліметтердің өзінен-ақ оның сан түрлі дарын иесі екендігі анық көрінеді. Мәселеге ары қарай тереңдей түссек, оның өз ұлтының рухани құндылықтарын бойына молынан сіңірген, сол ұлтына барынша адал қызмет етудің асқан үлгісін көрсеткен абзал азамат екендігі жарқырай түседі.
Қазақтану іліміне терең бойлаған А. Сейдімбек қазақ сөз өнерінің мақала, очерк, эссе, әңгіме, хикаят, повесть, роман, драма, радиопьеса, киносценарий, либретто, монографялық зерттеу сияқты негізгі жанрларының барлығында дерлік ұлы даланың өткені, бүгіні, болашағы жайлы қалам тербетіпті, әнге қосып, шырқатыпты; күй шығарып, күмбірлетіпті. Ақселеудің шығармашылығы тұтастай алғанда, ұшы-қиыры жоқ кең далада еркін өмір сүрген, ешкімге ұқсамайтын өзіндік көшпенділер мәдениетін жасаған қазақтардың ұлттық болмысының тұтас бір энциклопедиясы іспеттес.
Бүгінгі қазақ руханияты үшін аса маңызды болып отырған кейбір мәселелер хақында кезінде Ақселеу айтқан мына бір пікірлерге назар аударайық: «Ешбір ұлт өзінің төлтума қасиетін өзгеге еліктеу арқылы қалыптастырмайды. Дүние жүзіндегі кез-келген ұлттың қасиетінде экожүйемен кіндіктес шаруашылық-мәдени (хозяйственно-культурный) типтің табы айқын аңғарылады. Әрбір ұлт – өз болмысының авторы. Сондықтан да кез-келген ұлттың төлтума қасиеті ешқашан сол ұлттың кемшілігі емес, ерекшелігі болып табылады. Ұлттық мәдениет дегеніміздің өзі осы ерекшелік болса керек. Өкінішке орай, қазіргі идеологиялық әлімжеттік нұсқаулар осынау обьективті ақиқатты белінен басып отыр» (сонда, 601-бет);
«Біз ұлт тағдырына қатысты көптеген елеулі проблемаларды «жалпы экономикалық мақсаттың» құрбаны етеміз. Бұл, әрине, керісінше болу керек» (сонда, 717-бет).
«Ескерткіштерін сақтай білмеген елдің ұлттық танымы мен сана-сезімі күңгірт тартады. Ондай халық ерік-күші жағынан да, рухани жағынан да әлжуаз болады. Сыртқы күштердің әсер ықпалына талғаммен қарай алмайды, оп-оңай жетегіне ілесіп жүре береді. Ақырында құрып бітеді немесе мүлде басқа сапаға айналады» (сонда, 617-бет);
«Өткені ұмыт болған бүгін — сол ұмыт болған өткеннің көлеңкесі, суррогаты ғана. Өткенді мойындамасаң, танып-білмесең — уақыты келгенде, сенің өзің «бүгінің» өткен боласың. Демек, өткеніңді білмеу, бүгінгі болмысыңды танып-білмеумен пара-пар» (сонда, 618-бет);
«Бір қарағанда, осының бәрі «игілік» сияқты болып көрінгенімен, мұның өзіне мән берер болсақ, жоғарыда айтқан «рухани қызметшіміздің» мәңгілік рухани тұтқыны болып өту деген сөз. Өзгеге рухани тұтқын болу — сауатсыздықтан да жаман. Өйткені, мұндай халық дүниенің дидарына тек қана өзгенің көзімен, өзгенің талғамымен қарайтын болады. Керек десеңіз, өзіне өзі өзгенің талғамымен қарауды дәстүр етеді. Өзіндік ойы жоқ, өз бетінше ізденбейтін, ақиқатты білуге өзінше талпынбайтын, тек қана біреу дайындап берген таным формулаларын тұтынатын ұлтты, әсіресе өз тілінде мәдени-ғылыми мұралар тудыруға қалыптаспаған ұлтты сауатсыз ұлт деп, әбден айтуға болады. Басқа бір ұлтты қайталап қана өмір сүретін ұлттың кешікпей-ақ мәңгүрттікке ұрынып, рухани жарымжандыққа ұшырайтыны — шығар күндей шындық. Демек, орыс кириллицасын тұтына отырып, орыс кириллицасымен жазылған іргелі ғылыми тұжырымдарды игере отырып, төл тілімізде таным өресін ұзартпай, жұрт болмаймы» (сонда, 757-бет);
«Түйін ой мынаған саяды – ұлт пен тілді бөліп қарауға болмайды. Бұл екеуінің бірінсіз бірі жоқ. Рас, ұлттың тілден басқа да белгі-бедерлері бар. Сөйте тұра, тілсіз ұлтты елестету – алдамшылықты, белгілі бір үстем саясаттың шашбауын көтерушілікті пайымдатады» (сонда, 636-бет);
«Нағыз құлдық – сананың құлдығынан басталады. Санасы құл болғандарда бір ғана түйсік болады. Ол – тыйым түріндегі түйсік. Яғни, санасы құл болғандар өмірдің барлық санасында «бүйтуге болады» немесе «бүйтуге болмайды» деген түйсікті ғана басшылыққа алады. Мұндайларға азаттық берген соң да тыйымдық түйсіктен арылуы мейлінше қиын болады» (сонда, 766-бет).
Осыдан 40-50 жылдай уақыт бұрын, кеңес өкіметі жылдарының өзінде-ақ айтылғандығына қарамастан, күні бүгінге дейін өзінің зәрулігін жоймаған осы бағыттағы ой-пікірлер А. Сейдімбектің бүкіл шығармашылығының негізгі өзегіне айналған. Сол кездегі кеңестік идеологияның қалыбына сия бермейтін осы сияқты ұлтшылдық бағыттағы идеялары үшін ол саяси сенімсіз адам ретінде қуғын көріп, қызметінен қуылған кездер де болды.
Тәуелсіздік жылдарында Ақселеудің шығармашылық тынысы барынша ашылып, қазақ руханиятының көгінде найзағайша жарқылдады. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ елінің жаңа дәуірдегі дамуын рухани жағынан қамтамасыз етуге барын салды. Негізінен, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінде болашақ журналистерге дәріс оқи жүріп, ұлттық мәселелерді көтерген түрлі қоғамдық жұмыстарға белсене араласты; бар күшін қазақ елінің жарқын болашаққа бет алысында тірек болар рухани таяныштарын қалпына келтіру бағытында ізденістер жасауға жұмсап, нәтижесінде том-том еңбектер өмірге келді.
Ақселеудің айтуынша, Қазақстанның алдында оның тәуелсіздігін қамтамасыз ететін бірінші кезекте атқарылуға тиісті мынадай елдік проблемалар тұр:
«Осы ретте өртке, селге, індетке, зілзалаға тап болғандай, шұғыл шара қолдануды қажет ететін рооблемалар болады. Мен олардың санатына мыналарды жатқызар едім: қазақ тілін шын мәнінде, мемлекеттік тілге айналдыру; қазақ әліпбиіндегі орыс әріптерінен құтылу; тілдік аралас мектептерді жою; балалар үйіндегі қазақ балаларының тек қана қазақша тәрбие алуын қамтамасыз ету; баланы шетелдіктердің тәрбиеге алуына үзілді-кесілді тыйым салу; діни миссионерлердің жүгенсіз әрекеттерін тоқтату; орыстілді БАҚ-тардың экспансиясына тосқауыл қою; жерді мемлекет меншігіне қайтып беру; шетелдік инвесторлардың баса-көктемеуін реттейтін тетіктерді күшейту; т. б.» (Ақселеу Сейдімбек. Шығармалары. 5-том, Астана, «Фолиант», 846-бет).
Ақаң Бауыржан Омарұлына берген осы сұхбатында тәуелсіз елдің бірден-бір символы болып табылатын «қазақ тілін шын мәнінде, мемлекеттік тілге айналдыруды» ең бірінші кезекте атапты. Шындығында да адамның бүкіл тұрмыс-тіршілігі, тағдыры осы тілге байланысты. Сенің сөзің дұрыс па, өзің де — дұрыссың. Тілің шатақ болса, өзің де – шатақсың. Бұл жалғанда көрер бүкіл қызығың да, қиыншылықтарың да, бақытты-бақытсыз болуың да, бір сөзбен айтқанда, бүкіл тағдырың осы сенің аузыңнан шыққан әрбір сөзге тікелей байланысты. Бұл туралы белгілі этнограф-ғалым, этнограф-жазушы Ақселеу Сейдімбек бақыт туралы толғанысында былай деп жазыпты:
«Бақыт қонды екен деп, өзіңді зор, өзгені қор тұтпағанға не жетсін. Бақытыңды өзгемен бөліскен сайын бақытты бола түсесің. Мұндайда кеудедегі Бақыттың да мәртебесі асып, мерейі тасып, кісінің бойы өрлеп, жоғары қарай көтеріле бермек. Көтеріліп барып, бір тоқтайтын жері тіл көрінеді. Бақыт тілге байлана бермейді, байланып, байырқалады дегенше, ондай жанның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болады. Көп ішінде сөйлеп, көсем атанады, көпке сөзі ұнап, шешен атанады, айтқаны келіп, «аузы дуалы» атанады. Қаһарланып сөйлесе, қамал алады, небір қисынның қисынын келтіріп, амал табады. Қылышынан қан тамған батырды тілінен бал тамған ақын алады. Халықтың «Өнер алды – қызыл тіл» дегені де сондықтан.
Алайда «Басқа пәле – тілден» дегендей, тілге байланған Бақытқа ие болу екінің бірінің қолынан келмейді. Адам көңілінен азады, тілінен жазады. Өйткені, бал тамған тілден у да тамады, қысыр сөздің қырсығы көп болады, орынсыз сөзің өзіңді орға жығады, омақаса құлатады. Ең тәтті де – тіл, ең ащы да – тіл, ең жұмсақ та – тіл, ең қатты да – тіл. Сондықтан, сөйлер сөзіңді түйеден түскендей емес, өлшеп, пішкендей етіп жеткізбесең, «айтылған сөз – атылған оқ» сияқты қайтара алмайсың. «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады» деп, сондықтан айтылған. «Ауыздан шыққанша, сөз сенің тұтқының, ауыздан шыққан соң, сен сөздің тұтқынысың». Сайып келгенде, сөздің қадірін білмеген, өзінің қадірін білмейді. Тіл қылыштан өткір, қылдан нәзік, байқамаған кесіп те, үзіп те алады. Ал тілдің кескені жазылмайды, үзгені жалғанбайды. Әдетте мұндай зауалдың кесірі көпке тиеді. «Аяғы жаман төрді былғайды, аузы жаман елді былғайды» дегендей, байқап сөйлемей, шайқап сөйлеген жан тіліндегі Бақытты оп-оңай шашып-төгіп алады. Ауыздан шыққан дауасыз, пәтуәсіз сөзбен бірге Бақыт та желге ұшып, із-түзсіз, зым-зия жоғалады».
Тән өлгенімен, оның сөзі өлмейді. Уақыт өткен сайын өміршең ойлар халқының рухани күшіне айналады. Халқының жарқын болашағын ұлт болып дамуынан көрген Ақаң бүкіл өмірін арнап, адал қызмет еткен қазақтың елі, сол елдің тілі мен әдебиеті, өнері мен мәдениеті өркендей беретініне сенгің келеді. Қазақтың тілі, сол тілде жасалынған рухани құндылықтармен өмір сүріп, жарқын болашаққа көз тігіп отырған бүгінгі ұрпақ барда Қазақ елі де мәңгі жасай бермек.

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ

Пікір қалдыру