ЖЕҢГЕТАЙ

Мақсатсыз өмір сүрген адам неткен бейшара.
И.С.Тургенев.

Айдалада үкідей ұшып келе жатқан жігіттің алдынан алабажақ киінген түстері ызбарлы мауыздай-мауыздай өжеңдеген бір топ адам шыға келді де, әй-шайға қарамастан ба-көз демей тепкілей жөнелгені. Көмек сұрауға шамасын келтірмей қан-жосаға бояды. Өлдім-ау деп ойлауы сол екен, табан астында ғайыптан пайда болған, сұлу жүзіне шыбын тайып жығылардай үлбіреген аққұба қыз шыға келгені. Ұмсына түсіп құшағын жая берген. Кенет әлгі қыз кермиық құс төс әйелге айналды.
Бұлан айран-асыр.
– Тоқтаңдар! – Сылқым бикеш қолын көтерді. – Көптен іздегенімді, көктен іздегенімді таптым-ау!.. Тимеңдер!.. Ауаша жүріңдер!.. Ол – енді мендік!..
– А-а-а-й!.. Кім бар?.. А-а-а-й!..
Басы тығырылып айқайлап оянған жігіт ағасы меңзығыр. Қасында жатқан қараторы әйелде ес-түс жоқ, көздері бақырайып үнсіз. Не заматта тіл қатты:
– Бісіміллә деші! Бісіміллә! Тәңірі сақтасын! Жайсіз түс көрдің бе, отағасы-ау?! Зәрем ұшты ғой! Бүйтіп айқаулауың алғаш…
– Бытықы-шытықы бірдеңелер… «Түс – түлкінің боғы…» Ештеңе етпес! Су берші, қаталап барамын…

* * *

Ауылды жерде жаңалық жата ма?! Ертеңіне-ақ Мұңлықтың келіншек әкелгенін Ынта ауылының тұрғындары тегіс естіп білді.
– Оқуын тастап бұзық топқа қосылыпты деп еді, е-е… жөн болды мұнысы.
– Соның оқу оқығаны өтірік пе деймін. Барахолкадағы базардың рэкеті екен. Жұртты қан қақсатып, өздері белгілеген «стапкыларын» күнде кешке сыпырып-сиырып жинайды дейді.
– Осындай өсек-аяңды қайдан естисіңдер?! Көзбен көріп, қолмен ұстамаған соң күнәға жатады біле-білсеңдер!
– Қалай дегенмен аяғы тұсалып, шаңырақ көтергені дұрыс болды. Жасы біразға келді емес пе?
– Біздің Қабыланмен түйедей құрдас, отыздан асты, жаңылмасам.
– Сенің Қабыланың – төрт баланың әкесі.
– Ештен кеш жақсы, отыз жас орда бұзар шақ емес пе?
«Ақсымбат» атты айшықты жазу ілінген азық-түлік дүкенінің алдында өсек сапырып тұрған үш-төрт әйел, анандай жерде келе жатқан Ықылас қартты көре қалып, әңгіме тақырыбын өзге арнаға бұрып жіберді.
Биыл бұл ауылда бидай бітік шығып, жеті шаруа қожалығын біріктірген ынталылықтар аудан орталығынан келген астық сатып алушыларға жылдағыдан артықтау бағаға өткізіп, тепсе темір үзетін ер-азаматтарды былай қойғанда, тіпті шал-шауқандар мен мектеп оқушыларына шейін қырмандағы жұмысқа жабыла кірісіп, бір апта бұрын белдерін жазып дем алған еді. Енді жазға дейін ауыл адамдарының қолдары бос.

* * *

Ықылас отағасының үйіне таңертеңгі шайдан соң бес-алты кемпір құтты болсын айта келді. Түнде жайылған дастархан әлі жиналмапты. Балғаным шешей көршілеріне өзі шай құйып, ара-арасында үйдің ұсақ-түйек шаруаларын тындырып, қолы тиер емес. Анда-санда төргі бөлме жаққа қарап қояды, еш белгі жоқ, тым-тырыс. «Әбден жолсоқты болған ғой, – дейді өз-өзінен күбірлеп. – Жә, жата тұрсын, тынықсын…»
Түске тақау төргі бөлмеден есінеп-құсынап Мұңлық шықты. Үстінде қысқа жең қызыл футболка, бұтындатар шибарқыт шалбар.
– Ұйқың қанды ма? – деді ыдыс-аяқ жуып жатқан анасы қолын алжапқышының етегіне сүртіп.
– Қатып қалыппын. – Сұлу жүзді қыр мұрынды жігіт аулаға шығып, дене шынықтыру қимылдарын жасай бастады. Содан соң былтырғы жазғы демалысында өзі орнатқан белтемірге тартылды. Ізінше ере шыққан анасы аң-таң. «Үйленетін ұлдың түрін қара?! Төркіндеп келгендей, келіннің жатысы анау?!. Не бетімді айтайын?!.» Қапелімде қара кемпірдің есіне шалының сөзі түсе кетті де:
– Беті-қолыңды жу да, шайіңді іш! Келін оянды ма? – деді.
– Маржан жата тұрсын, ұйықтасын, – Баласы артына бұрылды. – Мен қазір келемін.
«Жата тұрсыны қалай?! Ой, Алла-ай?! Осы күнгі жастар біртүрлі. Жә, сабыр сақтайын! Оянар, тұрар!..» Гүлстан шешей шәугімге еселей су құйып, газ плита үстіне қойды.
Мұңлықтың қарны ашқан екен.
– Үйдің тамағын сағыныппын, – деді табақтағы қуырдақты қалайы қасықпен қарбыта асап жатып.
Ажары ақ шүберектей оңған ұлдың бетіне қан жүгіргенін аңдаған ана байғұс шыр– пыр:
– Ала ғой, ал,– дейді бәйек бола. – Тағы да салайын ба?
– О-о, тойдым апа, көп рахмет! – Тершіген маңдайын сүртті.– Әкем қайда? Көрінбейді ғой, бір жаққа кеткен бе?
– Қазір келеді.
– Маржан оянды ма екен?– деп орнынан тұра берген баласын Гүлстан шешей:
– Сәл аялдашы, – деді кідіртіп. – Отыр, әңгіме бар.
– Ал, отырдым, – деді ұлы құйрық басып.
– Балам-ау, хабар-ошарсыз аяқ астынан келуіңе жол болсын! Өткенде үйленем деп айтпап едің ғой!.. Бұның қалай?
– Ұяттымын, апа,– деді Мұңлық ойланыңқырап.
– Отпускі алдың ба?
– Жұмыстан шықтым, елде қалуды ұйғардым. Асхаттың үш баласымен сіздерді қосқанда жеті жан екенсіздер. Үйдің кенжесі болған соң қара­шаңы­рақта тұрғаны жөн оның. Ауылда бос үй табылса, сатып аламыз.
– Аудан орталығына көшетін екі-үш шаңырақ бар деп естігенмін. Пұл болса, үй табылар.
– Ақшадан қысылмаймыз, – деді Мұңлық.
– Өзің көріп отырсың, үй тар. Екі келінімді жұмсап, немерелеріме қарап отыруға қарсы емеспін.
– Апа-ау, сіздің дархан көңіліңізді білемін. Ағайын тату болғанмен, абысындардың алыстан сыйласқаны жөн. Елді де сағындым, бір-екі жыл ауылда тұрсақ деймін.
– Бір есептен бұл шешімің маған ұнап отыр. Тойды қашан жасаймыз? Құдаларға бару жағын ойласайық.
– Тойға асықпайық, ал құдалардың алдынан өту ешқайда қашпас.
– Жұртқа не айтамыз?
– Олардың не шаруасы бар? «Ел не демейді, есек не жемейді» дейтін бе еді?!.
– Қой балам, ұят болады, ойланыңдар.
– Асықпайық, апа!..

* * *

Мұңлықтың аяқ астынан үйленуіне не себеп болды? Маржан қандай қыз? Енді сол оқиғаны баяндайық.
Бес ұлдың ортасында өскен жалғыз қыз Маржан ерке болып бойжетті. Ұлдар – бір төбе, бұл бір төбе. Қаршадайынан киімді таңдап, талғап киді. Өзіне не кисе де жараса кететін. Ширақтығының арқасында бастауыш сыныптан бастап белсенділер қатарына қосылып, мақтауға тым ерте ілікті. Ешкім бетінен қақпаған үйдегі шолжың-еркелік, мектептегі артық марапат жас қызға сор боларын қайдан білсін байғұс ата-ана.
Жоғарғы оқу орнына түсемін деп Алматыға келген жылы-ақ ойнақтап жүріп от басты. Көрсеқызарлығы мен жеңілтектігінің кесірінен университеттің үшінші курсынан шығып қалды. Тәкаппар қыз аса уайымдаған жоқ. Адамдармен тілтапқыш мінезінің, ажарлы өңінің арқасында тіршілігі қым-қуыт қайнаған, үлкен мегаполистегі салтанатты мейрамханаға даяшы болып жұмысқа тұрды.
Сұлу бойжеткенге кімнің сұғы қадалмас. Ә дегеннен мейрамхана қожайынының көзіне түсіп, соңында ашынасына айналды. Сол-ақ екен, Маржанның тасы өрге домалады. Өзінен он жеті жас үлкен Мәкең жас қызға әсем шаһардың дәл ортасынан екі бөлмелі пәтер алып берді. Жоғары оқу орнына қайта қабылданып, бір жылдан соң табақтай дипломға ие болды.
Кейде ырду-дырдуы мол күндер мезі қылатын. Мәкеңмен танысқанына төртінші жылға аяқ басқанда ғана есін жиғандай. Әу баста әсем қаланың қақ ортасындағы пәтеріне, әйелімді тастап саған үйленем», – деген Мәкеңнің сөзіне сеніп, алданып қалғанына опынған. Беттің де қызылы оңар, тәннің де қызуы қайтар! Сол ма жеткен ұшпағы! Әр нәрсенің шегі бар!
– Мәке, – деді Маржан бір күні. – Отбасыңмен ажырас деп айтпаймын, екі балаңның көз жасына қалмайын.
– Неге олай дейсің, Мара?!
– Өйткені…
– Айт жасырмай.
– Мен саған бала тауып бере алмаймын! – Әлгінде ғана көздері шоқтай жайнап, көңілді отырған Маржанның кемсеңдеп жылағанын көрген Мәкең қызды аяды. Құшақтап бауырына тартты, шашынан иіскеді.
– Аяғың ауыр еді ғой? Қалайша-а?
– Алты рет аборт жасаттым! Енді… құрсақ көтермеймін…
– Мүмкін емес! Медицина дамыған бүгінгі заманда мүмкін емес! Айтпа ертегіні!
– Алты шарананы жатырда өлтірдім! Саған сенгеннен және ақымақ­тығымнан айықпас дертке ұшырадым.
– Таусылма өйтіп.
– Адам баласы жақсылықты да, жамандықты да Алладан өзі сұрап алады екен…
– Абсурд!.. Былшылбай!.. Кісінің қолынан келмейтіні жоқ! Біздің медиктер қауқарсыз болса, айталық, ана Израиль, Германия тағы басқа елдер бар емес пе?!
– Мақұл!.. Сен айтқан шет елге де барармын, көтерермін бір шикі өкпені.
– Зәремді ұшырдың ғой, жаным!
– Жарайды, Мәке, әңгіме тақырыбын ауыстырайық. Уақыт өтіп барады. Даяшы болып жүре беремін бе?! Жалықтым… Ақшасы көп жеңілдеу жұмыс істегім келеді.
– Жұмыс дейсің бе?! Та-ак!.. Жауапкершілігі аз, ақшасы мол… Та-ак-к!.. Көптен ойда жүрген мәселе еді, айтуға ұялып… ыңғайсызданып… былай кішкене нелеу… лас дейміз бе, харам дейміз бе?!
– Ақша жүрген жерде адалдық бола ма?!. Айтсаңшы әуелім…
– Жезөкшелер үйін ашып берейін. Супер бизнес! Крышаң қызыл жағалылар! Сенің миссияң– жеңгетайлық! Түсіндің бе?!

* * *

Бірер жылдың ішінде Мәкең ашқан жезөкшелер үйі қылмыс әлеміне кеңінен таныла бастады. Бастапқыда қала ортасынан төрт бөлмелі пәтер жалдаса, кейінірек шаһар шетінен, Алатау баурайынан үш қабатты коттедж сатып алды. Жеңгетай келіншек келе-келе тәжірибе жинақтап, алдап- арбаудың, қулық-сұмдықтың неше түрін меңгерді. Қыздар саудасымен әуелде өзі айналысып, уақытының көбін соған жұмсайтын. Екі жыл бұрын диспетчерлік вакансия ашып, оған өзінің таныс құрбысын отырғызды. Бұған дейін жолаушылар пойызында жолсерік болып істеген айлакер, әккі қыз барлық шаруаны тас-түйін қылады. Маржанның міндеті екі жердегі жағдайды бақылау және күнде ақша жинау. Басқа кезде қолы бос, өзі – би, өзі – қожа.
Тікелей бастығы, қожайынмен небәрі үш рет жолықты. Онда да мейрамхананың алакөлеңке, оңаша бөлмесінде. Қырық жастардағы қасқабас жігіт ағасын көрген сәтте іш жиып қалды. Артық сөзі жоқ шефінің іскер адам екендігін бірден сезген. «Қорықпа!», – деген Маржанға. Клиенттеріңнен ши шықпаса, біздің бикештер сенімді. Еңбек ақыларын апта соңында бересіңдер. Ақшадан жымқырсаңдар, ренжіме деді шегелеп. Қайда қызмет істейтінін, аты-жөнін айтқан жоқ. Лақап есімі – Шеф!
– Саған бір адам келеді, қойған сұрағына ғана жауап бер, – деді қоштасарда.
– Түсіндім,– деді жеңгетай.
Ертеңінде шефі сырттай таныстырған жігітпен офисте жолықты.
– Клиенттерің риза ма? – Қысық көз жігіт сенге көшті.
– Разы болмай.!. Жақында «контингентті» жаңарттық. Жас қыздар…
– Нақтырақ?
– Он сегіз бен жиырма үш жас арасындағылар.
– Ұзын саны?
– Он бес.
– «Қуыршақтарды» көп ұстама! Бес-алты айда ауыстырып отыр. Жар-райды!.. Бір заказ!.. Он алты жастағы қыз керек.
– Пәк…
– Ойымды оқып отырсың.
– Ондай «кукланың» табылуы қиын! Дефицит!.. Нарқы удай!..
– Жігіттерді құлаққағыс етейін.
– Келістік.
– Мынау аванс,– Қысық көз жігіт қомақты конверт ұсынған.
– Сізге сенеміз… «Товар» табылған соң бермедіңіз бе? – Күлім көз жеңгетайдың жанары жарқ етті.
– Азырқансаң, тағы қосамын.
– Сіздің мәрттігіңізді естігенмін.
– Бес мың бакс!
– О-о-и-й! Көп емес пе?.. Уәде беріп орындамай жатсақ… Пәктігі сақталған қыз табу қиын.
– Алдын- ала төлегенім содан ғой…

* * *

Анаша сатушылармен айналысқан топқа іліккен Аида есімді жас қыз полиция тұзағына ілінді. Сұрақ-жауап барысында қыздың кінәсі жоғы анықталды. Шындап келгенде босатып жіберуге де болар. Бірақ үлкен бастығының тапсырмасы бар. Пәктігін сақтаған жас қызды табуы тиіс. Оны білу оңай. Қасына Верониканы апарса болғаны. Аиданың қасында жарты күн «отырған» Вероника жас қыздың жан сырын анықтап білген.
«Бес жылдан жеті жылға дейін бас бостандығыңнан айрыласың» – деген қоқан-лоққыдан қорыққан аңқау бойжеткен тергеуші талабын орындауға амалсыз келісті.
Қысық көз жігіт ағасы нәпсі қалауын іске асырды. Жас қыздың көз жасына қараған жоқ. Өйткені ақшасын төледі! Сатып алды!..
Еркек орнынан тұрып, темекі шегуге дәлізге шыққанда Аида халатын киіп балконға келді. Сүйген жігітіне не айтады? Өмір неге күрделі?! Тағдырдың табан астында тас-талқан болуы өзіңе байланысты емес-ау?! Өксіп-өксіп жылағысы келген, көзінен жас шығар емес. Кеуде түкпірінен ар-ұят, адамгершілік, жігер, намыс атты сезім бас көтерді. Әлпештеп өсірген ата-анасы алдында жер болды-ау?! Ана адамның өліп-өшкен тұрпайы қимылы, үздіге айтқан сөздері есіне түсіп жанары жасаурап, көздері қарауытты. «Бұл – қорлық!.. Өлім!.. Жер басып жүрудің керегі бар ма?!.»
– Аида! – деген дауыс естілді жатын бөлмеден.
Қыз балконнан бір-ақ секірді. Одан кейінгісі бұлдыр. Есін ауруханада жиды. «Не болған маған?!. Ап-ауыр не бұл?!. Гипске салып тастаған ба?!.»
Бұл төтенше жағдай аудандық ішкі істер бөліміне дабыл қақтырды! Жезөкшелер үйіне тықыр таяды. Жеңгетай Маржанға қауіп төнді. Шефі бұның екі тәулік ішінде Алматыдан көзін жоғалтуын кесіп айтты. «Бәрі реттелген соң келесің…» – деді шегелеп…
Автобус аялдамасынан түскен Маржан басы ауған жаққа кете барды. Бағыты беймәлім. Құдай-ау, мынау қай көше? Қоғамдық көлікке отырмағалы қашан? Алматыға келген сонау жылдары ғана автобусқа отыратын, кейін ғой бәрін ұмытты. Астында – аппақ «Мерседес». Қысы-жазы қара көзілдірігін шешпейтін оққағары, шофер Вадимнің арқасында Алматының қай бұрышына, қай даңғылына бармады! Вадим артық сөйлемейді. Қойған сұраққа ғана жауап қайтаратын. Ол мұның жағдайынан хабардар ма?! Шеф ешкімге тіс жармас. Вадимге телефон соқса, жетіп-ақ келер. Оның керегі қанша? Жасынан еркешора, намысқой, бірбеткей өскен қыз ондай-ондай жасықтыққа бара қоймас. Әсте!.. Одан да өліп кеткені оңай…
«Екі тәулік ішінде Алматыдан қараңды батыр!.. Бәрі реттелген соң келесің!..»
Қасқа бас осылай деді. Оған да тықыр таяды! Ана қызды айтам! Бейшара! Ар-ұят не теңі екен?! Пәктігімнен айрылдым деп өзін-өзі балконнан тастағаны ақымақтық! Ну и что, подумаешь?!. Әзірше тірі. Жамбас сүйегі быт-шыт дейді, көрген жігіттер айтып келді… Жә, қайдағы бір шөпжелке немеге уайымдап… Ол өлмей тұрғанда қарамды батырайын…
Жоқтан өзгенің миға келетіні қалай? Ойына жерлесі Мұңлық оралғаны. Екеуі мектепте бірге оқыды, үш-төрт жас үлкендігі бар талантты жігіт математик еді. Институтта сырттай оқып, осында жұмыс жасайтынын естіген. Сонау мектептегі жылдардан Маржанға өлердей ғашық, өзі де сымбатты, қыр мұрын, қара торы. Бұл артынан жүгірген ұлдардың ешбіреуіне қараған жоқ. Еркек атаулының мысын басып, ынтықтырып тұрарын жақсы білетін қыз өз бағасын білетін.
Ылғи бір сүреңсіз ойда келе жатқан әйелдің көзі тас төбесіне шықты! Мұңлық қарсы алдында тұр! Қуанғаннан жерлесін құшақтай алды. Мұңын шағып, көз жасын көлдеткен Маржанды аяған Мұңлық оны өзі тұратын жатақханаға ертіп әкелді. Сол түні екеуі отау құруға байлай жасады, ертеңінде пойызға отырып жігіттің ауылына жүріп кетті.

* * *

Басы бос сыбай-салтаң әйел көңілі құлаған, өзіне ұнаған жігіттермен әсем шаһардың небір мейрамханаларында сауық-сайран құрып, ойнап-күліп түн ортасына дейін болатын да, оның соңы өз қалауымен нәпсі қалауына жалғасатын. Жынойнақ, ырду-дырдуға үйренген күлімкөз келіншектің жалғыз күйеуге басыбайлы таңылуы, бір еркекпен ғана шектелуі жалықтырды. Жүз түтінге жетіңкіремейтін алақандай ауылда кіммен сөйлескенің, кіммен жүріп-тұрғаның – алақандағы әжімдей ап-айқын.
Келін болып түскеніне небәрі жеті-сегіз ай болса да, осы азғана уақыт сауыққұмар, еліккіш жанға сұмдық ұза-а-а-қ көрінді! Құдай-ау, барсакелмес арал сияқты ғой мына ауыл деп іші пысып, елегізіп, үйге сыймайтын болды. Бұлан кездеспегенде қайтер еді?!.
Күйеуінің досы Бұлан күндіз ойынан, түнде түсінен шығар емес. Көздері өткір көркем жігітті ә дегеннен ұнатып қалды. Ерте үйленіп, ата-анасына қарайлап ауылда қалыпты. Қатардағы шофер болғанымен, көзі ашық. Тарих, өнер, әдебиет, саясат, жаһандану деймісіз, білмейтіні жоқ!. «Интелект! – деді Маржан таңқалып. – Мынадай талантты жанның жоғары білім алмай елде қалғаны обал-ақ! Күйеуім мынау деп көрсетуден ұялмайтын жігіттің сұлтаны екен!..»
Еркек атаулының мысын баса сиқырсынып, шоқтай жайнаған жанарымен арбап өзіне ынтықтыра түсетін әккі әйел бірден сезді, жігіт те кетәрі емес сияқты. Ол-дағы күлімкөз арумен ұшырасқаннан көзсіз көбелекше қалбалақтап, жүрегі лүпілдеп, қайта-қайта қарағыштай берген. «Ә-ә, қармаққа түстің бе?!.» Сезімі алдамапты. Соның нәтижесі, екеуден-екеу өзен жағасында жатыр.
– Сен жақсы жігітсің, – деді ақшағыл құмға бауырын төсеп күнге қыздырынып жатқан, сұлу мүсінді ару.
Кәмпит-келіншектің мысы басты ма, қара жыландай нәпсі-сайтан арбап көзі қарауытты; өн бойы бір ысып, бір суынды. Жүрегі құрғыр дүрс-дүрс. «Шынында, кәмпит! Мұңлықтың қызғанатындай жөні бар. Иә, сәт!..»
– Сен өте жақсы жігітсің!.. – Кәмпит-келіншек аударылып түсті. Қарақат көздері ойнақшып, тұңғиығына тартып барады.
Жігіт: «Арбап жатыр қаншық!»
– Әт-те-ең, менің Мұңлығым сен сияқты болса ғой! Жаль! Оның адамгершілігін қайтейін, төсекте осал болған соң. Жаль-жаль!..
Жігіт: «Бәсе-бәсе, қалай дұрыс топшылағанмын. Темірді қызған кезде соғу керек!»
– Кешір жаным! – Жігіттің жүрегі қатты-қатты соғып «кәмпитке» төне түсті. «Иә, сәт!» – Сен… былай бөтен ойлама!.. Мен…
Келіншек: «Бейшараның бұл қай сасқаны?!.»
Мұңлық менің досым. Аяймын оны,– деді жігіт. – Иә, аяймын, шынын айтсам, сені одан қызғанам.
Келіншек: «Тфу, деревня!.. Мұңлықты айтқанша, құшып сүймей ме?!»
Жігіт: «Бас салсам, үркітіп аламын ба?!.»
Келіншек: «Болсаңшы енді!.. Өртемеші!.. Не болды маған?!»
Жігіт: «Иә, сәт!»
Еркектің емешесі үзіле еңкейе бергені сол еді, мойылдай жанары жарқ еткен кәмпит-келіншек аунап кетті: «Жоқ, бірден берілмеуім керек! Оным әлсіздігім, ынтыға түссін әлі де!..»
– Мұның не, Бұлан-ау! Сені адал жігіт пе десем?!
Жігіт: «Сайқал, ұтып кетті! Абдырағанымды сезіп қалды! Батылдық керек, батылдық! Мұндай сәт қайтып оралмас!..»
Келіншек: «Біраз бұлдана түсейін…»
Жігіт: «Дәнеңе шығара алмаймын ба?!. Жо-жоқ!»
– Маржан, бері қарашы бір минөтке?!
Келіншек шалқасынан жатты. Көздері шоқтай жайнай түскен. Еркек аңдамай қалды, еңкейе беріп еді, «кәмпиттің» ерніне ерні тиіп, еріп жүре берді…

* * *

Жүк машинасының рөліндегі көркем жігіт ауыл көшелерінің біріне бұрылып, қызыл қақпалы үйдің алдына кеп тоқтағаннан бері кабинадан шықпай, мең-зең қалыпта ұза-а-а-ақ отырды. Арақ уыты миына шауып, ыңқы- тыңқысын шығарғанымен, мұң торлаған ойы сетінеп, көңілі көтерілді. Әншейінде сөзге шорқақ жігіттің ыңылдап ән салғысы келді ме-ау?
Қасың қандай, қарақат көзің қандай,
Күлкің қандай, шарапат сезім қандай?!
Қуанатын балаша кезің қандай,
Өзің қандай, жаныма жағатын, сөзің балдай– й!
А-а-а-а-а-а-аи-й!..
Маржан үйінде ме?! Мұңлық ше? Әй, Мұңлық! Мұңлық!.. Ескі дос!.. Бағы жанбаған сорлы!.. Обалыңа қалдым ба?!. Кейінгі кезде қатты ішіп жүр дейді. Қазір де мас болып жатуы… Маржа-ан! Мар-жа-ан! Көргісі келді. Қазір. Адастым-ау ақылдан! Қос өкпесін қолына ұстап, алпыс шақырым жерден не болды соншама, желігіп жеткені! Маржанның жалт еткен жанары, лапылдап-өртеген от құшағы, уа жалған, тоймайды-ау!..
Әлдене ұмытқандай қалтасын қарманып, темекінің жалқы талын ерніне қыстырды.
– Ой, әкеңнің!
Күйіп-пісіп қарамаған жері қалмады. Орындығының астынан, кілттердің арасынан тапты. Шылымды құшырлана сорды. Көк түтін ауыздан да, мұрыннан да кетіп жатыр.
– Өй, әкри!..
Саусақтары тыз ете түскені. Бықсыған тұқылды лақтырып, келесі біреуін тұтатты. Жөнді-жөнсіз ашуға бой алдырып, шамшыл мінез танытып жүр біраздан. Оған не се-бе-еп?! Қашанда күлімдеп қана жүретін, кейбір шайпау қатындар сияқты дауыс көтеруді әсте білмейтін жан жары Несіпбаланың жазығы жоқ қой!
Бұланның көзіне, өзі «кәмпит» атайтын сұлу бикештің аппақ тәні елес берген сәтте алпыс екі тамыры иігендей күй кешкені қалай?!
«Соңынан уайым-қайғы әкелетін ләззаттан қаш!..»
Қайдан оқып еді? Есінде жоқ; әйтсе де теріс пәлсапа! Дұрыс емес-с! Ал менікі жөн бе?!.
Маңайды қараңғылық тұмшалаған. Оған керегі осы. Ешкімнің көзіне түспегені лазым. Жолы түсіп жолықса, қоштаспақ. Бұлай жалғаса берсе, өкінері хақ! Көрші ауданға қоныс аудару туралы Несіпбаладан өзге ешкім білмейді.
– Осыным дұрыс-с!
Жүрегі қармаққа түскен балықтай…
Ыдыс-аяқ жуайын деп ас үйге енген Маржанды болмашы қағылған дыбыс елең еткізді. Құлағын тосып еді, тым-тырыс. «Қорыққанға қос көрінеді деген?!.» Аяқ-табақ жууға зауқы соқпады. Тағы тырс-тырс… Терезе қағылғандай. Жүрегі аузына тығылды. «Кім де болса барып көрейін!». Есік ашса Бұлан.
– Барсың ба, жаным-ау?!
Жігіт құшақтай алды. Келіншек өзіне қаратты.
– Қайда барасың ентелеп?
– Үйде ме?
– Ұйықтап жатыр. – Сыбырға көшті. – Бағана келген аяғын әзер басып.
– Көп ішкен бе?
– Удай мас…
– Ояна қоймас.
– Оянып кетсе, не істеймін?
– Оянбайды! Бес минөтке мұрсат бер.
– Зәрем ұшып тұрғаны.
– Өтінем, жаным!
– Болмадың-ау!..
Түсінен шошығандай басын оқыс көтерді Мұңлық. Әйеліне ілесіп біреудің үйге кіргенін де, төргі бөлмеге еніп құшақтаса кеткенін де, үздігіп ұз- а-а-қ сүйіскендерін де сезді, білді, естіді. Қаны басына шапшып, ашу-дұшпан иектеп зорға жатқанымен шыдап бақты. Апырым-ай, мынау Бұланның даусы ғой! Қалайша?! Неге?!. Жұрттың өсегі шын болды ма?!. Елемей келіп еді. Ондағы ойы, бала жастан бірге өскен досына сенгендіктен. Бұлан-ай, қайтейін! Сенің де сатқын, екіжүзді болғаның ба?! Сайтан азғырған қатын-н!.. Сезіп едім!.. Жоқ, мүмкін емес!.. Бұланға даусы ұқсайтын бөтен кісі болса игі еді!».
Төргі бөлмедегі екеу естерін жиды. Әйел жігітті тұрғызып, жалынып-жалпайып дәлізге ертіп шыққан. Жігіт қоштасып табалдырықтан ары аттады. Дала тастай қараңғы, түнгі ызғардан денесі тітіркенді. Жұрт жата бастаған. Дүкеннің қасына қалдырған машинасын оталдырып жүріп кетті, лайсаң жолға қарамай ызғытып келеді. Екі-үш шақырым ауылдан ұзаған соң машина моторы сөнді. Кілтті қосып еді, от алмады. Бұған не болды деп жанар-жағар май көрсететін құрылғыға қараса, нөлде тұр.
Дереу кабинаны жауып ауылға тартты. Еріген қар суымен лайсаң болған жолдың миы шығып жатыр. Өкпек жел тұрды. Қара тонының жағасын көтеріп, малақай құлағын түсірді.
– Қайтеді-ей, мына есер жел?!.
Есік тұтқасын ұстап үйге ене берген Маржан күйеуінің күрк-күрк жөтелін естіп қалт тұра қалды. «Есін жиып алған ба?! Біздің ісімізді сезген-ау! Қолына түссем, аямас! Онсыз да қанына қарайып жүр?!» Аяқ дыбысын білдірмей ақырын басып үйден шықты. Аяз қойны-қонышын кеуледі. Қараңғы түн үрей шақырады. Жүгіре басып құрбысы Бағиланың үйіне жетті.
– Кім бұл? – Жалғызбасты әйел беймезгіл уақтағы тарсылдан зәре-құты қалмады.
– Маржанмын-н! Ашшы, жылдам-м!
– Тыныштық па?!
– Қазір бәрін де айтамын. – Күйеуінің күпәйкесін киген, жалаңбас жас әйелдің тоңғаннан тісі-тісіне тимейді.

* * *

Ашуға булыққан Мұңлық кереуеттен атып тұрды. Маржан әлі жоқ. Неге кешігіп жатыр? Әлде анаумен еріп кетті ме?!
– Афирист қатын-н!.. Осыдан үйге келсін!.. Өз қолыммен өлтірем!..
Тоңазытқыштан арақ алды. Тығынын ашып қырлы стақанға толтыра құйды да, ауызына қотара салды. Байыздап отыра алмай дәлізге шықса… Бұлан кіріп келе жатыр.
– Қайдан жүрсің?
– Бензинім таусылып… Біреулер құйып алған ба әкри, ит біледі!..
– Неге келдің?!
– Рұқсат бер, қонып шығайын.
– Әй, Бұлан-ай?! Қайдағыны еске түсіріп…
– Не айтып тұрсың?!
– Кірмеші үйге.
– Баратын жерім жоқ.
– Қайтшы!.. Өтін-ем-м!..
– Қусаң да кетпеймін, қонам сенің үйіңде.
Досы су сіңіп ауыр тартқан батпақ-батпақ етігін шешуге ыңғайланды. Мұңлықтың көзі қарауытты, басы айналды. Жүрегі кеудесін тесіп шығардай, алапат ашуды ауыздықтай алар емес, не істеп, не қоярын білмейтін есірік халде. «Бұл – басынғандық!.. Болды!.. Жетті!.. Осымен тәмам!» Әзәзіл ой осқылап өтті миын. Дәлізбен жапсарлас кілеттен ет мүшелейтін өткір пышақты алды да, еңкейіп етігін шешіп жатқан жігіттің оң жақ бүйірін тұспалдап қатты сілтеп қалды.

Қасқырлар қамаған түн

Қызыл шұнақ аяз бет қаратпай жалап тұр; аязды ақпан тіршілік атаулыны бүрсең қаққызған. Қоңыртау етегінде екі-үшжылдан бері жалғыз үй пайда болған. Бір отар қойдың жем-шөбін беріп, түс әлетінде суғаратын екі еркек пен бір әйел ғана. Күншуақ күндері екі бала есік алдына шығып шана тебеді, қала берді біріне-бірі қар лақтырып, асыр сала жүгіріп ойнайды.
Кешелі бері қыстауды төңіректеп үш қасқыр жүр. Аш бөрілер ара-тұра иіс алып қояды. Тегене құйрық семіз марқаның бірін жәукемдесе ғой дегендей сілекейлері шұбыра, қора жаққа мөлие көз тігеді. Төбесі ашық дендік-қораға түсу қиямет. Мұнымен қоса қабаған иттер өте сақ, салт атты жолаушыны көре қалса алдарынан жүгіре шығып, ер үстіндегі адамды талап-жеп қоярдай үздіге үреді кеп.
Бөрілер үй шамы сөніп, айнала төңірек құлаққа ұрған танадай тым- тырыс болған шақта жапсарлас жатаған қора арқылы баз төбесіне қарғып шығып еді, саққұлақтар жарыса үріп, маңайды азан-қазан қылды. Іле-шала үйден атып шыққан екі адамның біреуі қос ауыз мылтығын оқтап, аспанға қарата шүріппені басып-басып қалған.
Жыртқыш болғанмен жан керек. Сол түннен соң бөрілер бұл маңға жоламай кетті…
* * *
Көңілі алау-далау…
– Әй, аңғал басым-ай, – деді өзіне-өзі кейіп. – «Адам аласы – ішінде» деген сөздің мағынасын білмеппін-ау!.. Не деген ашық ауыз, аңқау едім…
Қақ-соқпен көп ісі жоқ біртоға жігітті пұшайман еткен жанына батқан дерт емес, өзі бағып отырған бір отар қойдың иесі – Жылқыбай-тұғын. Қалтадағы пұлын дәрі-дәрмекке жұмсаған ол алашақ айлығын сұрауға қала ортасындағы кеңсеге соққан. Темір қақпа алдында атан тұлғалы, түйе табан үш темір тұлпар қаңтарулы тұр. Кіре беріс есіктің құпия-кодын білмей аңтарылып тұрғанда аяқ астынан сап етіп бір кісінің келе қалғаны. Әлгі адамға алғысын жаудырып ішке аттағаны сол еді, таяу жердегі үйшіктен атып шыққан кесік құлақ, апайтөс Алабай арс ете түскені. Шегіне беріп, құлап түсе жаздады зәресі ұшқаннан.
– Байлаулы иттен қорыққан жанды алғаш көруім!.. Ой, ішегім-ай!.. Тегін концерт!..
Қожайынның тотай баласы болса керек, бет-жүзі торсиған он екі-он үш жастағы қара домалақ мәз-мейрам.
«Шолжың немеге сөз қайтарып, басыма пәле тілеп алармын!.. Аш құлақтан, тыныш құлақ деген…»
Ашу-ызасын іркіп:
– Қалың қалай балақай? – деді барынша сыпайылық сақтап.
– Қалым мынауский! – Бала бас бармағын шошайтты. – Кімге келдіңіз?
– Әкең үйде ме?
– Мен батя деймін…
– Сол «батяңа» жолықсам.
– Кім келді деп хабарлайын?
– Қоңыртаудан, шопан Жанайдар.
– Чабан деңіз!.. Деревнядан…
Аздан соң қожайын төбе көрсетті.
Жанайдар амандасқан соң бірден бұйымтайын жеткізді.
– Қақаған қыстың түрі мынау! Сен болсаң сырқатыңды сылтауратып қалашыл боп алдың!.. Ақша сұраудан өзге не білесің?!
– Қант-шәй алуға…
– Кассада қаражат жоқ. Бес мың теңге жете ме?
Домаланған қара бұжыр еркек қалтасынан қызыл құлақ бес мың теңге шығарып, Жанайдарға ұстатты.
– Рахмет!
– Еңбегіңді жемеймін! Ондай ойдан аулақ бол!..– деді безілдеген қалта телефонына жармасып. – Жақында мен де барып қалармын, тез қайт қыстауға.
Зәңкиген екі қабатты коттеджден ұзаған жігіт ашуын тежей алмады.
– Бүйткен олигархы бар болсын!.. Жә, тіс берген Алла, тіске басарын да берер… – Дауысында мұң, шарасыздық бар.
Шопан жігіт жөтеле алмай булықты. Өкпесі сырылдап, қала шетіндегі автобекетке әрең жетті.

* * *

Қас қарайып дауыл тұрып келеді. Манар тау етегіндегі жалғыз үй мұржасынан сыздықтап түтін шығып жатыр. Қоршау шарбақтағы қойларды базға қамап, жасы отыздардағы жас әйел әбжіл қимылдап жүр. «Мына желдің арты боранға ұласар, – деп ойлады баздың айқарма есігін жауып жатып.– Көмекші шопан да кешікті…»
Атқа шана жегіп, ауыл шетіндегі мая қасына кеп тоқтады. Таптала нығыздалған пішенді былайғы кезде сүт пісірім уақытта тиейтін. Бүгінгі қимылы сылбыр, баяу. Күйеуі жатып қалғаннан бергі сынық көңіл, ер атқарар қара жұмыс діңкелетіп тастапты. Оның үстіне түскі асты дұрыс ішпегені қосылып, тез-ақ шаршап қалғаны.
Терлей бастаған Қаншайым күпәйкесін шешуге оқталып тұрды да тез айныды. Суық тиіп, ауырып қалса не істейді? Үй мен түздегі бар шаруа мұның мойнында ғой…
Жер төсекте жатқан жігіттің жан дауысы шықты.
– Алла-ай!.. Жаным-ай!.. Қайтейін!.. Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады дейтін… Сауығудың ауылы алыстады-ау, өзі?!
Күнде таңертең қойдың құйрық майын ысытып ішіп, жатар алдында екі аяғын ыстық суға салды, кеудесіне қыша қағазын жапсырды. Ешбіреуі ем болмағасын аудандық ауруханаға барған. «Мына дәрілерді қадағалап ішсең жазыласың» – деді дәрігер. Жылы сөзге үміттенген жігіт үйге келісімен бір семіз қой сойып, сорпаланып бақты. Дәрілерді де ықтиятты түрде ішкенімен еш өзгеріс байқалмайды.
– Іһі!.. Іһі!..
Науқастың аяқ жағында ойнап отырған балалардың зәресі ұшты.
– Әке, анамды шақырайын ба?!. Дәрі ішесің бе? Су керек пе? – Алты жастағы естияр ұл төне түсіп, жік-жапар. Кішкентай қыз кемсеңдеп, жылауға шақ тұр.
– Жылама! Әкеміз көп дәрі ішсе тез жазылады.
– Тұла ма? Лас айтасың ба, аға?!
Айнұр көз жасын сүртті.
– Қалным ашты…
– Қазір тамақ берем.
Таңатар дөңгелек аласа үстелге тоңазыған ет, туралған нан қойып, кесеге шәй құйды.
– Келе ғой Айнұр, жақында.
Сыртқы есік әндете ашылды.
– Анашым келді! – Құйтақандай қыз құлдыраңдап тұра жүгірді.
– Қарындарың ашты ма? Әкелерің қалай?
– Әкем көп жөтелді.– Таңатар мұңайды.
– Мен жыладым,– деді Айнұр бұртиып.
– Неге ботам?
– Әкем қашан тұлады?
– Күні ертең-ақ сауығар!.. Күн де жылынар!.. Ойнайсыңдар сыртқа шығып…
Шынашақтай қыздың жанары жарқ етті:
– Алақай!.. Әкем жазылады!.. Шана тебеміз!..
Ыстық ас ішкен балалар есінеп, маужырай бастаған соң аналары өз бөлмелеріне апарып, төсектерін салып жатқызды.
Отағасы үнсіз. «Ат арыса – тулақ, ер арыса – аруақ» деген осы-ау, айға жетпей тұралауын-ай,– деді ішінен қанша ойласа да, дені сау күндегі қызыл шырайлы, қапсағай денелі күйеуін елестете алмай.
Басына қол тигізіп еді, күйіп тұр екен. Орамалды суық суға шылап, науқастың маңдайына басты.
– Алла, өзің жар бол! – деді күбірлей сөйлеп.
Күйеуінің бірдеңе айтқысы келгенін сезген әйел еңкейіп құлағын тосқан.
– Шаршадың ба? – деді сыбырлап.– Көмекші бала да оралмай!.. Не болды екен?!.
– Бұлай кешікпейтін!.. Қалта телефон құрғыр да ұстамайды!.. Қараң қалған мекен ғой мына жер!..
– Жүйкеңді жұқартпа!.. Жаз шыға қалаға көшеміз… Бір жұмыс табылар!.. Дипломым бар ғой…
– Көмекші шопан келген соң ауруханаға тағы барайық… Қанағат досыңның ағасы терапевт емес пе?!. Сол кісіге жолығайық!
– Шипасы қане дәрінің?! Әй, білмеймін?! – Кеудесі сырылдап, аздан соң сыбырға көшті. – Айтайын дегенім!.. Ренжіткен жерім болса кешір!.. Ғафу ет!..
– Олай демеші?!. Жазыласың!.. Тұрасың!.. Үмітсіз – сайтан ғана!..
Әйел жүрегі жаманшылық сезгендей шым ете түсті. «Астапыралла!.. Алла сақтай гөр!.. Не ойлап кеттім осы мен?!.»
Еркектің мұңды жанары төбеге тесіле қарап үнсіз жатты-жатты да, кенет оңға қарай басы сылқ ете түсті.
– Жанайдар!.. Жанайдар деймін-н?!.
Кісі өлімін көрмеген әйелдің есі шықты. Сасып-салбырап кеуде тұсына қолын апарған. Апырым-ай, тіршілік белгісі білінбейтін сияқты ма, қалай өзі?!.
– Неге үн қатпайсың Жанайдар?! Бізді кімге тастадың?!. Мүмкін емес тіпті!..
Тосыннан алапат күш-қуат енгендей ширығып алған. Отыра қап жыласа үрейі ұшар екі баланың?! Шеше зарына қосылған бейбақтар көз жасын көлдетпей ме?!. «Тұр Қаншайым!.. Тікте бойыңды!.. Кім бар, қол ұшын берер!.. Үмітің жалғыз Алла!..»
Бісіміллә айтып мәйітті шалқасынан жатқызды. Ашық көздерін жапты, жан– жағын көрпемен жақсылап қымтап, балаларын оятты.
– Әкелерің ұйықтады, мазасын алмаңдар,– деді қорқып тұрса да батыл- батыл сөйлеп.
– Сіз жатпайсыз ба?
– Мен көрші ауылға барып келейін… Есікті сыртынан бекітіп кетемін.
Тор төбел атты ерттеген әйел күн батыс жақты бетке алды…
Шұбар төс арлан ұяластарынан көз жазбайды. Топ басында қос көкжал. Олар соныға із салып келеді. Шыңғыс таудан кештете шыққан түз тағылары талай жерді шарлады. Жайшылықта кездесер қоян, қарсақ, суыр көзден бұлбұл ұшқан ба? Қар қалың болғасын басқа жаққа ауа көшкен бе, әлде жылы індерінде бұйығып жатыр ма?!.
Көк пен жер тұтасып кеткендей, алай-түлей бораннан жол сорабы азар көрінеді.
Арлан қалт тұра қалды. Адам иісі!.. Көкбөрі түйсігі жаңылып көрмеген. Анадай жерде қараңдап салт атты адам көрінді.
Жүрегі су етті әйелдің. Тор төбел де құлақтарын қайшылып, осқырынған.
– Жетпегені осы еді?!.
Ат үстіндегі жалғыз адамды көрген бөрілер аяңға көшті.
– Кетіңдер деймін!.. Кетіңдер!.. Жақындап көріңдер осыдан!..
Ақылынан адасқан адамдай айқайға басты кеп!.. Өзінше тапған амалы!… Көрсеткен сесі!.. Өрекпіген жүрегін басып, өзі білетін құран аяттарын дауыстап қайталай берді.
– Кетіңдер деймін!.. Кетіңдер!.. Тақап көріңдер осыдан!..

* * *

– Аға-а?! Аға деймін!.. Тұлшы!..
Түсінен шошыды ма, Айнұр оянып кетті.
Селк ете басын көтерген Таңатар ештеңе түсінбей дал. Қарындасы көрпеге оранып, көзі бақырайып отыр.
– Не болды Айнұр?
– Мамам қайда?
– Көрші ауылға кетті ғой…
– Қашан келеді?
– Көп ұзамай оралар. Неден қорқасың?!.. Мен бармын қасыңда. Әкеміз де төргі бөлмеде.
– Тоңдым.
– Тағы бір көрпе жабайын.
– Аға-а!.. Әкемнің қасына балып жатайықшы.
– Мазасын алмайық!
– Әкемнің қасына балайық!
– Болмайды!
– Баламын әкеме!..
Алдап-суласа да еш көндіре алмаған Таңатар қарындасын жетелеп, төргі бөлмедегі әкелерінің қасына келді. Көрпені ашып, өзі сол жағына, Айнұр оң жағына тақала жатты. Ештеңеден хабарсыз бейкүнә сәбилер көп ұзамай ұйықтап кетті…
Орай-борай түтеген қатты жел аяқ асты бәсеңдеп, айнала айқындала бастады. Қаншайым қатты-қатты дауыстап, сөйлеп жөнелді:
– Тортөбел, маған ренжіме?! Жағдайды түсінесің ғой! Бір байламға келдім. Олай етпесем болмас! Әттеген-ай! Мылтық ала шыққанда басынбас еді бүйтіп… Көздеп тұрып тарс еткізе басып салмаймын ба?! Қасқыр атаулы оқ-дәрінің иісін алыстан біледі. Оларға керегі – ас! Жыртқыштың аты – жыртқыш! Әмбе қасарысып қарсы тұрар бізде қауқар жоқ!
– Әй, қаскөй немелер! Тақап көріңдер осыдан! Жайратып салам шетіңнен! – Айқайлағаннан дауысы қарлықты.
– Естимісің тортөбел, мен сені қазір қоя берем. Арландармен айқасып, алдына келгенін тістеп, артыңа келгенін теуіп, құтылып та кетерсің бәлкім?! Кім біледі?! Бәрі Алланың қолында ғой!
Қара бұлттар ыдырап, ай сәулесі сәуле шашты.
Әйел жерге түсіп, ат басынан жүген сыпырып еді, тықыршып тұрған жануар кісінеп, шауып жөнелді.
– Шап жануар!.. Сілте!.. Алаңдама артыңа!..
Тортөбел қыстаққа қарай тарта жөнелгенде, бөрілер де ұбақ-шұбақ ілесті.
«Шынымен аман қалдым ба?!. Түс емес пе көргенім?!.»
Тұрған жерінде тізерлей отыра кетті. Атсоқты болған бүкіл денесі сал-сал. Кірпіктері қамасып, арсыз ұйқы ұйығына кетіп барады.
– Тұр шапшаң!.. Қатып өлесің бейшара!..
Құлақ жарған қатты дауыстан зәресі кете атып түрекелді.
Апырым-ау, кімнің дауысы? Түсінбей дал; саралап, салмақтауға шамасы жоқ еді әйелдің…
Таңғы ала көлең шақта Ақтүбек елді-мекені көзіне оттай басылды. Ауыл адамдары әлі тұра қоймапты. Шет жақтағы ұзын баз алдындағы бағана басында электр шамы жарқырай нұр шашады. Өзіне таныс көк шатырлы үйге бұрылды.
– Иманы жолдас болсын! Болған іске берік бол! Екі жастың біріне де келмеген Жанайдарды өлімге қалай қиярсың?! – деді туысы. – Сен дем ал. Мен жол жүрудің қамын жасайын.
Қалжыраған Қаншайым нағашы ағасы Мағзом үйінде ыстық шәй ішіп, оразасын ашқан соң киімшең күйде төсекке қисайған. Қанша ұйықтағаны белгісіз, тыңайып қалыпты. Тұра сала жинала бастады.
Үш ат шанаға жайғасқан адамдар түске тақау қыстауға келіп жетті. Есік ашып енгенде елеңдеп отырған балалар жүгіре шығысты.
– Анашым, келдің бе? – деді Айнұр шешесін құшақтап.
– Келдім балапаным!.. Үрейлерің ұшқан жоқ па?!
– Қорыққан жоқпыз, – деді Таңатар сергек үн қатып.
– Тоңдық, – деді Айнұр тақылдап. – Әкем де тоңды!.. Ол әлі ұйықтап жатыл…

ТҮНГІ ЖОЛ

Ұзын бойлы қараторы қатынның дауыстап айқайлағанын, айтақыр алаңда теңбіл доп қуған балалар елең қылар емес; қызық көруге жиналған қара домалақтар футболшы ұлдардың делебелерін қоздыра ысқырып– ысқырып қояды ара-тұра.
– Әжімұрат!.. Әжімұрат деймін!.. Бармысың, балам?! Мына шуылдақтардың арасынан қалай табам сені?!.
Аяғына ала доп тиген дөңгелек көз қараторы бала жолын кес– кестеген екі-үш қарсыласын шұғыл бұрылыс жасап алдап өтті де, қақпашы тұрған орта тұсты дәлдей бірақ тепті.
– Гол!
– Ура-а!
– Алақай!
– Жарадың, Әжімұрат!
– Жеңіс бізде!
«Барыс» командасының футболшы ұлдары Әжімұратты кезек-кезек құшақтап, енді бірі қолын қыса құттықтап жатыр. Ойын аяқталды. Қаумалаған достарының арасынан сытылып шыққан Әжімұрат анасын жаңа байқады. «Үйде бірнәрсе болды ма екен?!.»
– Айқайлай-айқайлай ел-жұрттан ұят болды өзі, – деді шешесі ентігін басып.
– Не болды анашым?
– Әкең екеуміз қалаға жүрейік деп жатырмыз.
– Қайда асықтыңыздар?
– Әпкең қатты ауырып, ауруханаға түсіпті. Қалаға баруға тура келіп тұр, мал мен құстарға ие бол, қойларды өзің бақпасаң болмас. Көзіңнен таса қылма! Саған сенгеннен кетіп барамыз.

* * *

Ерте тұрып, сиырлар мен тайыншаларды табынға қосады, тауық-қаздарға жем шашады, шәйін ішкен соң қойларды далаға шығарып, алыстау ұзатып жаяды.
Қой бағу, кісіні жалықтыратын шаруа екен. «Қой баққан адам, ой бағады» демекші, ана-мынаны ойлап, жан-жағына көз жіберіп отырады. Батыс жақтағы Горный селосына қарай созылып кең дала жатыр. «Горный» деп неге атаған? Бір таңданатыны, бұл өңірде орысша атаулардан аяқ алып жүре алмайсыз; Дорофеевка, Викторовка, Заградовка, Николаевка, Корнеевка, Явленка, Антоновка, Ивангород деген елді-мекендер көп-ақ.
Осы «Горныйдың» іргесіндегі «Жалғыз тауды» ел «Жаман сопка» атайды. Жалғыз тау деген аттың несі жаман?!
Ахау, жігіт ері,
Дерсің мені,
Деп салған,
Маңмаңгерге,
Ақан сері,– деп әуелете ән шырқаған, таңдайына бұлбұл ұя салған әнші, сауықшыл іні-достарын ертіп сан мәрте өткен шығар осы арадан.
Әжімұраттар Корнеевка селосына жазғытұрым қоныс аударған. Ана жылдары «қой қоздап, қорада шу» болып жататын елді-мекенде қазір отыз шақты отбасы. Алдыңғы жылы тоғызжылдық мектеп жабылып, бастауыш сыныптар қалған. Жоғары сыныптағы он шақты бала көрші ауылға барып оқып жүр.
Бір қызығы, бұл жерде ұсақ мал ұстамайды екен.
Қозыкөш жер ұзап жайылған қойларды күн ысыған соң айдап әкеліп, шөлдері қанғанша суғарып шарбақ қораға қамаған. Түс ауа далаға шығарып, алыстан қарап қойып жүрген. Жеңіске еріп стадионға келген Әжімұрат ойынға қызу кірісіп, қойларына қарауды тарс ұмытты. Есіне түскенде қапы қалғанын бірақ аңдады.
– Қап-ай, ә?!.
Үкідей ұшып қойларына келсе ұшты-күйді жоқ. Жүгіре-жүгіре сілесі қата шаршады, ауылдың маңын тегіс шарлады, жота-жоталардың басына шығып, көзі жеткенше қарады, жер жұтқандай жым-жылас. «Өзіме де обал жоқ!.. Жеңілтекпін!.. Неге ғана елп ете қалдым?! Сеніп еді ата-анам!.. Сондағы баққаным осы ма?!.»
Түн ауғанда кірпігі азар ілінді. Қалта телефон қоңырауын естіп атып тұрған. Сиырларды табынға қосып, тауық-қаздарға жем шашып, шәйін ішіп бола бергенде Ғалымжан қарт табалдырық аттады.
– Ассалаумағалейкум, балам!
– Уағалейкусассалам, ата!
– «Құмтөккендегі» күйеу балам телефон шалды. Ақайдар деген ақсақал отыз шақты қой тауып алып, қорасына қамап қойыпты. Айтысына қарағанда, бөтен қойлар… Сендердікі шығар дәуде болса…
– Жақсы болды ғой…
– Қуануың ертерек.
– Құмтөккен ауылы қанша шақырым?
– Кемі 10-15 болар.
– Қазір-ақ жүріп кетейін.
– Немен барасың?
– Велосипедпен.
– Реті келсе, қасыңа серік қосып ал. Біреуден екеу жақсы…
Көк аспан шыныдай мөлдірейді. Велосипед мінген екі бала қара жолмен ызғытып келеді. Кенет Қуанышбектің велосипеді ақырындап қалды. Қараса, алдыңғы доңғалағы жарылыпты.
– Қырсығын қарашы? – Ызақор Қуанышбек доңғалақты бір тепті.
– Мұның не? Темірдің не жазығы бар? – деді Әжімұрат.
– Насосты ұмытып кетіппін.
– Доңғалақ жарылады деп кім ойлаған?
– Енді қайттік?
– Бір жөні болар.
– Бас қатырғаннан бірдеңе өзгере ме?!
– Менің велосипедіммен керек заттарды үйден алып келейік.
– Қанша ұзап кеткенімізді білесің бе?!.
– Бес-алты шақырым.
– Одан да алыс меніңше.
– Солай ма?!
Бағанадан өкініп келе жатқан Қуанышбек, сылтау табылғанға қуанды.
– Мен үйге қайтсам ренжімейсің бе?
– Өзің біл.
– Жалғыз баруға қорқасың ба?
– Құмтөккен алыс емес қой…
Бір сыныпта оқығаны болмаса, Қуанышбекті жақсы білмейді екен. Дос осындай бола ма?!. Бұлардың үйіне жиі келгіштеп, ана-мынаны сұрай беретін сұғанақтығын ұнатпайтын. Тіпті кей жағдайда алған заттарын әне әкелем, міне әкелем деп уақыт созып жүріп алатын «ұмытшақтығы» да болатын. Бұл жолғысы, тіпті ерсі.
«Кемшілік кімде болмайды?!. Жоқтан өзгеге ренжіп, тырнақ астынан кір іздеп қайтем?..»
Терлей бастады. Шақырайған күн ысып кетті. Биіктеу төбе үстіне шыға келгенде жарқырап ауыл көрінді. Бұрын әжептәуір елді-мекен болғанға ұқсайды. Біраз үйлер бұзылған. Қаңырап бос тұрғандары қаншама!
Шет жақтағы жатағандау үйге бұрылды. Абалап сабалақ жүн ит шықты. Тұрқы ірі болғанымен қабаған емес сияқты. Әупілдей аз үрді де, «е, бала екен ғой» деп місе тұтпады ма, бұрылып өз жөніне кетті.
Есік алдында отырған қартқа дауыстап сәлем берді.
– Сәлемші болсаң кел. – Үстіне тон, аяғына етік киген қара бұжыр кісі басынан аяғына дейін тінте қарады.
– Жол болсын балам?
– Құмтөккенге бет алып едім.
– Үйге кіріп сусын іш.
– Рахмет!
– Алғысыңды артынан айтарсың.
Таяққа сүйенген кәрия, үш ұмтылып орнынан зорға тұрды:
– Әкем жарықтық, «көресінді көрмей көрге кірмейсің» дегенде күлетінмін. Есерлік қой қазір ойласам. Тәй-тәй басқан сәбиге ұқсадым. Таяқсыз аттау мұңға айналарын кім білген?!.
Әжімұрат кесе толы бидай көжені басына бірақ төңкерді.
– Тағы іш, – деді қарт.
– Тойдым, ата!.
– Не шаруамен жүрсің?
– Қойларым жоғалып… Құмтөккенде бір кісі тауып алғанын естідім.
– Қойың табылар!.. Ізін суытпай бара жатқаның – батырлық!
– Жалғыз тұрасыз ба, ата?
– Сұрағыңа болайын… – Кеңк-кеңк күлген қарт әңгімесін жалғады. – Кемпірім ауданға кетіп еді, келіп қалар кешкі автобуспен. «Ұлым ұяда, қыздарым қиянда» дейтін бе еді?!. Балалардың бәрі қалалық, мұнда қалғандарымыз – көшуге жағдайы жоқ кісілер. Былайша айтқанда, шал-шауқандар мен кемпір-семпірлер ғой қарағым…
Балаларда кінә жоқ. Келген сайын құлақ етімізді мүжиді көшіріп әкетеміз деп. Томашадай тас үйде не бітіреміз қамалып!.. Шықарға шығудың өзі бір әуре!.. Қиямет!.. Құсадан өлмейміз бе, тұлыпқа мөңіреген жетім бұзаудай…
Немере-жиендеріміз қайдасың ауыл деп ағылады жаз шыға. Ол кезде біздің үйде күнде той! Күнде мейрам! Әй, бір жасап қаламыз кемпір екеуміз! Жан тыныштығын күйттеп тас қалаға тайып тұрсақ, қайда барар жаман немелер!
Ауыл – алтын бесік! Көшпеймін ешқайда!.. Ей-й, балам-ай!.. Біз не көрмедік?!. Жоқшылықты, тоқшылықты бірдей бастан өткердік… Қайсы бірін айтайын…
Жә, жасың нешеде балам?
– Он бестемін.
– Ат жалын тартар азамат екенсің!.. Атам қазақ «адал адамның – аты арып, тоны тозбайды» деген. Бір аңыз әңгіме айтсам, тыңдайсың ба?
– Құлағым сізде.
– Бұл ертеректе, мұсылман жамағатының қасиетті ордасы – Меккеде болған хикая,– деп бастады қарт әңгімесін.
Бір ерлі-зайыптылардың үш қызы мен кәрі аналары болады. Олар өте кедей тұрса да, сол тіршіліктеріне мойын ұсынған момын адамдар екен.
Меккеліктер жылдағыдай қасиетті рамазан айының келуін қуана қарсы алады. Кешкі ауыз ашар кезінде бір-бірін шақырысып, мәре-сәре бас қосып, қауқылдасып Аллаға мадақ айтуда.
Бір күні кедей үйдің әйелі күйеуіне:
– Сен қандай жансың? Қол қусырып жата бересің бе осылай?! Саудадан тапқан азғана ақшаң күнделікті ас-судан аспайды!.. Қалаға шығып нәпақа тауып келсеңші. Біз ғой, мейлі шыдармыз. Ана кейуана анамызға обал, ыстық ас ішпесе өліп қалады ғой жазған, – дейді налып.
Отағасы көшеге шығады. Күш-қайраты бар жас кезінде таппаған дәулетті қартайғанда қайдан табады?! Қарттың көңілі босап, Аллаға мұңын шағады:
– Мейірімді Алла! Бүгін-ақ менің аманат жанымды алшы, саған ризамын! Жоқшылықтан көресінді әбден көрдім. Осы өмірімде тойып тамақ ішкен жоқпын. Бала-шағама, әйеліме, кәрі анама қай бетіммен көрінім? Нендей уәж айтамын?!.
Кең көшеден қаға берісте, қасиетті Қағбаға қарап тізерлеп отырған, Тәңірге қолын жая жалбарынған кедей өзін-өзі ұстай алмай жан жүрегі езіле, жер тоқпақтап ағыл-тегіл жылады.
Мына ғажапты қараңыз! Оң қолының қатты затқа тигенін сезіп, таңырқап отырып қалды.
– Апырым-ау, бұл не зат?! Тас па, әлде басқа бірдеңе ме?
Әлсіз қолдарымен қара жерді қаза берді тоқтамай. Қараса, былғары әмиян! Сенер емес көзіне. Ұзақ отырды ойланып. «Бісіміллә» деп ашып еді, іші толған саф алтын! Таңырқап жан-жағына қараған. Бөтен ешкім жоқ маңайда. Еңсесін езген қайғы бұлтын серпіп: «Мейірімді Раббым! Соншама жыл сабыр сақтағаныма, шыдап баққаныма берген сыйлығың ба? – деді қамығып, терең ойға шым-шым батып. – Бұны алсам, тұрмыс-тіршілігімді түзеп аларым хақ…»
– Тоқта! – деді кенет қарт. – Нәпсі жетегінде кетіп барамын. Бұлай етуге болмайды!
Қарт өзімен-өзі айқасты. Нәпсі-шайтан: «Ешкімнің көрмегені айдан анық, ұрлап алған жоқсың, олай болса, әмиянды ал да үйіңе зыт!..» десе, ар-ұяты Һарам жолға аяқ аттатар емес. Біреудің ала жібін аттамаған, тілімен де, ісімен де бір кісіге қиянат жасамаған кедейдің зәре-иманы ұшты. Бойын үрей биледі. «Қой, жылдам тұрайын! Қабырғаммен кеңесейін!..» Жуас қарт қорқа-қорқа үйге бағыт түзеді.
Әйел адам сезімтал ғой, күйеуінің көңілсіз түрін көрген ол:
– Олжамен оралған жанға ұқсайсың? – деді сыр тартып.
– Мына затты тауып алдым, – деді күйеуі былғары әмиянды көрсетіп.
– Жаратушы жарылқады!.. Біздің кедей тіршілігімізді көріп нәсіп еткен ғой! – деді қуанып.
– Бұл – алтын толы әмиян!.. Бірақ біздікі емес!..
– Тауып алдың ба?
– Иә.
– Неғып тұрсың? Әмиянды аш.
– Біз қасиетті қаланың тұрғынымыз. Меккеде табылған затты пайдалану – күнә!
– Алла мұндай дәулеті әркімге бермейді! Басқа біреу емес, сенің тауып алғаныңды қарашы?!. Демек бізге бұйырып тұр!.. Солай деп қабылдайық… Қыздарымыз бой жетті, тұрмысқа шықсын, жасау-жабдығын береміз, үйімізді жөндейміз.
– Айтқан ақылың осы ма?!
– Енді қайтейін!.. Қартайғанда көрген олжамыз болған соң…
– Мен әмиянды иесіне қайтарам.
– Алтыннан біраз алайық. Иесіне қайтарсаң, сүйінші деп нәпақаңды берер.
– Олай жасауға болмайды, – деді отағасы.
Ертеңіне отағасы қалаға шықса, орталық алаңдағы биік мінбер үстінде тұрған бір адам:
– Қадірменді халайық! Құлақ түріңдер! Алтын толы әмияным жоғалды. Іздеп-іздеп таба алмадым. Мекке тұрғындарына біреудің жоғалған затын алу – қылмыс! Былайша айтқанда – харам! Бәрін Алла көріп тұр! Әмиян тапқан болсаңдар, қайтарыңдар!
Кедей еркек тыңдап тұрды да:
– Алтын тапқан адам қайтарса, сүйінші бересің бе? – деді.
– Жоқ, ештеңе бермеймін. Ол менің ақшам.
Кедей айран-асыр.
– Бір тиын да бермейсің бе?
– Бермеймін. Өйткені, ол – сендерге харам.
Кедей үнсіз қалды. «Алтын иесі сараң кісі екен. Бірақ айтқаны жөн шығар», – деп үйіне келді.
– Не болды?– деді есік көзінде күйеуін қарсы алған әйелі.
– Сүйіншіге бір тиын да бермейтін болды.
– Ашу үстінде айтқан сөзі ғой. Ертең қайта барсаң сабасына түсер.
Ертеңіне қайыра алаңға келсе, әмиян іздеуші кеңірдегін жырта айқайға басып тұр.
– Сен қызық адамсың,– деді кедей дауыстап.– Сүйіншіге ештеңе бермесең, әмиянды қайтармайды ғой.
– Айтқаным– айтқан! Бір тиын да бермеймін!
Кедей әмиян иесін үйіне ертіп әкелді. Ана кісі әмиянын көре сала бас салды.
– Бұл менің затым, – деп рахмет айтпастан үйден шығып жүре берді.
Ерлі-зайыптылар аң-таң күйде қала берді.
Арада екі-үш сағат өткен соң сыртқы есік қағылды. Барып ашса, манағы кісі.
– Алтын иесі келіп тұр,– деді жұбайы күйеуіне.
– Солай ма?!. Бұл – хикмет!.. Қазір көресің, – деді еркек сабырлы қалпын өзгертпей.
Әмиян иесі рұқсат сұрап, үйге енді.
– Түгел ме екен?– деді кедей.
– Бәрі орнында, – деді әмиян иесі. – Менің әкем дәулетті адам еді. Қайтыс болардан бір күн бұрын жиған мұрасын балаларына тепе-тең бөлді де, бір бөлігін қолына алып: «Мына алтынды Меккедегі ең адал, ең тақуа адамға апарып беріңдер» – деп бізге аманат етті. Ал аманатқа – қиянат жасауға болмайды.
Мен Меккеге келіп, адал тақуа кісіні сұрастыра бастадым. Жұрт сенің есіміңді атады. Сендей тақуа, сендей адал адам жоқ екен бұл шаһарда. Сондықтан, бұл алтын саған тиесілі.
Ерлі-зайыптылардың естері шықты…
Көп ұзамай Меккенің әкімі кедейдің үш қызына құда түсті. Оның да үш ұлы ер жетіп отыр екен. Сол үш қыздан тараған ұрпақ, өсіп-өнген бір қауым жұрт болған деседі.
Міне, көрдің бе, адалдық – Алланың разылығына апарар төте жол!.. Екі дүние бақыты!
Ой-бу, балам-ай, жолыңнан қалдырдым ба?!. Кетпек болсаң зымыра! Жолың болсын!.. Әжімұрат Құмтөккенде іздеген адамның үйін тез тапты.
– Қойларыңды түстеп танитын шығарсың? – Ғалымжан атаның күйеу баласы Әжімұратты баласынбай іш тарта сөйлеп келеді.
– Бәрін болмаса да, біразын білем.
– Ауыл балалары малсақ қой… Сонау жерден келгенің ерлік емес пе?!.
Ақсары әйел есік алдында жолықты.
– Отыз үш бас қой тауып алғанымыз рас.
– Отағасы қайда?
– Көрші үйге кеткен, әне өзі де келе жатыр.
Дауылбай қарт мән-жайға қаныққан соң, қойлар тұрған қораға ертіп келді.
– Отыз үш бас, – деді есік ашып жатып.

* * *

Қойлар бастарын көтермей қадала жабысып, жүрер емес. Жайылсыншы деп жай келе жатқан баланың ашуы келді. Тездете жүрмесе таң ата зорға жетер, дала кезген түз тағыларына жолығар. Не деп болады?!.
Тықсыра айдап ауылға маңдай түзеді. Көз байланды. Малдың пысқырғаны, сыртылдаған тұяқ дыбысы ғана естіледі. Түн салқын тартты. Жол бойындағы шоқ-шоқ талдар қараңдап үрей шақырады. Бейне салт атпен біреулер келе жатқандай. Сол қапталдан қараң-құраң көлеңкелер көлбеңдеді.
– Бұл кім, әй?! – деді дауыстап.
Жүрегі су етті. Қара сұлбалар тақай түсті. Қойлар үркіп, іле оқтаудай жұмырланып алған. Баланың зәресі ұшты. Қасқырлар ма қараңдаған!
– Ә-әйт!.. Әйт-т!.. – Айқайлап, қолындағы қамшыны оңды-солды сілтейді.
Қырғауыл шақырғандай, шәуілдеп ит үргендей…
– Мәссаған?!. Қайдан жүр бұл иттер?!
Итке ұқсамайды. Өздері әлденешеу. Еңкейе үңілді. Шұбалған құйрығынан таныды. Түлкілер ғой!..
– Ә-әйт! Әйт-т! Кері қайт! Ақтөс қайдасың?!. Кә-кә?!
Көрші үйдің иті – Ақтөс аузына түсе кеткені. Суға кеткен тал қармайды деп, иттің атын атағаны қай сасқаны?!
Қойлар онша үрікпей, жұптары жазылмай тартып барады. Әжімұрат еңкейіп тас іздеді. Қолына түскенін лақтырып жатыр. Біреуінің тұмсығына тиді ме, шәу-шәу еткен үн естілді. Түлкілер ештеңе өнбесін біліп, қалып қойды.
Дөңгеленіп ай туды. Төңірек айқындала бастады. Шаршағанын сезді. Жобалауынша ауыл жақын.
Түн көбесі сөгілген кезде ауыл шамдары көрінді. Жем жеп үйренген қойлар жүрістерін ширатты. Үйге жақындағандарын біліп, шапқылап жөнелді.
Майда қоңыр жел есіп, дала бозамық тартты. Әр жер – әр жерден ауыл иттерінің еріне үрген үндері естіледі. Елеңдеп, құс ұйқылы жатса керек, әке-шешесі үйден атып шықты.
– Амансың ба, ботам? – деді қуанып. Үшеулеп жүріп қойларды қораға қамады.
Әжімұрат тамақ ішкен соң шешініп жатып қалды.
– Құлыным сол! – деді анасының жүрегі елжіреп. – Жігіт болды деген осы! Сіңірі созылып, ит өлген жерден қой айдап келу оңай ма?!

Көмек

Құлатөбел қараша. Шақшиған аяз…
Қайын жұртына бара жатқан мұғалім жігіт Қажымұрат мінген «Тойота Карина» Астанадан Көкшетауға жетіп, Қостанай жаққа бұрылды. Бұл жолмен қатты жүруге болмайды. Тас жол болғанмен, ойқы-шойқы, жыртық-тесік тұстары жетерлік. Алдағы жүк машинасын қуып жетсе, озып өтуге қарама- қарсы жолыққан көліктерден сақтанып амалсыз ақырын жүруге тура келеді.
– Жылдамдық қоспайсың ба? – деп қояды төркін жұртына асыққан әйелі.
– Көрмейсің бе, жол тайғақ, қатты жүруге келмейді.
– Қараңғыға қалып қоймаймыз ба?
– Ертерек шығу керек еді…
– Шуымызды шұбатып жүріп алған өзіміз.
– Өкінгенмен пайда жоқ…
– Аман-есен жетсек – сол абырой!
– Ақшам намазының уақыты кірді.
– Ауылға жеткен соң оқысаң болмай ма?
– Көлік өзіміздікі… Намазды себепсіз қалдыру – күнә.
Аққұба жігіт қатты аязға қарамастан машина қалқасында, жайнамаз үстінде ақшам намазының парызын асықпай оқыды.
Алда Горный селосы, одан соң Корнеевка, ар жағында ауыл тиіп тұр.
Машина орнынан қозғала бергенде қалта телефоны дызылдады.
– Қайдасыңдар? – дейді өзі де, сөзі де шапшаң әбігер қайынағасы Ғабдул – Мәжит.
– Горныйға жақындадық.
– Егіндік алқабы арасындағы төте жолмен жүр.
– Батып қалмаймыз ба?
– Қорықпа, қар жұқа! Қаттырақ жүрсең түк те етпейді!
«Машина болса аласа, тұрып қалса қайтемін?!. Жә, неде болса тәуекел!..»
Төрт дөңгелегі бірдей жұмыс істейтін, асты недәуір биік ақ машина әлі бірде-бір із түсе қоймаған қарлы жолға бұрылды да, зулап жөнелді. Көзі дымданып, жүрегі лүпілдеген Қажымұрат жүйткіп бара жатқан «Ниваның» соңынан салды.

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ

Пікір қалдыру