КЕМПІРЛЕР

Сәруар-Сара

Кең бөлмеден жаңа ғана ауаға шашылған спрейдің иісі шығады. Кәрі адамның иісі үстіме сіңіп қалар деп күтуші қыз «жаңбырдан кейінгі ауа» деп аталғанымен бәрібір жүректі айнытатын өткір иісті ауа жаңартқышты аямай шашыпты. Терезесі еденге жетеғабыл бөлмеде жарық мол. Терезеге жақын тұрған жалғыз креслода ұйықтап отырғаны әлде ояу екені белгісіз кемпірдің әр жері ойдым-ойдым болып жылтырап қалған қалақтай басындағы сиреген аппақ шашы таза жуылған мамықтай болып көтеріліп тұр. Созылып кеткен сырғалығындағы алтын сырғасы иығына құлап жатыр.
Ол тек өткен шақтарды, бір кездерде жанын жылытқан сәттерді ғана еске алады. Онда да бүкіл диалогы іштей жүріп жатады. Әгәрәки тыңдайтын құлақ табылса, неше жылдан бері көн боп қатқан көңіліндегісін жібітіп, әңгімеге шөліркегенін жасырмай, ішін кеулеген мұңын, сырын ақтарар еді. Қатары қалмаған, жанында шүйіркелесер теңі де жоқ тоқсан үштегі адамның бірсыдырғы өмірінен «бұ кісі әлі тірі ме еді?» деп таңғалатындардан бұрын, ең ақыры өзі де жалыққан. Ол ұзақ өмір сүрді. Аяғының ауыратыны болмаса саулығына өкпесі жоқ, ұйқысы да бірқалыпты. Бірауық осы ұзақ-сонар жатыстан жалығып, өмірден ерте өткен әкесінің, шешесінің, күйеуінің жасамаған жасын өзіне бұйыртқан құдайына ризашылық білдірудің орнына «енді қашан, осылай жата берем бе?» деп өкпелейтіні бар.
– Сара әже, мен сізге ертең соңғы күн келемін, – деді көзі үнемі жайнаңдап тұратын күтуші қыз жастықтың тысын ауыстырып жатып көңілсіз күйге еніп.
– Сізге үйреніп қалып едім, осы жұмысым ұнайтын әрі айлығы да көңілімнен шығатын. Енді амал жоқ, басқа жұмыс іздеуге тура келеді, Наталья Алексеевна пәтерді сатамыз дейді. Ал сізді…
Қыз тілін тістей қойды да, «Мұның сөзін тыңдап жатқан адам бар ма өзі?» дегендей кемпірдің бетіне үңілді.
Кемпір күтуші қыздың айтқанын естіген еді. Кейде дәрі-дәрмектерін уақтылы қабылдауды естен шығарып алатыны не күніне бір рет болса да су ішу керегін ұмытып кететіні болмаса, Сараның әлі де санасы сергек. Осы жасқа келіп алжымай отыруының өзін кемпірге Құдайдың тарапынан жасалған зор сияпат десе болғандай. «Ақыры мұны бұл жерден кетірмекші екен ғой. Өзінің туған келіні. Өз аяғымен өлмелі кемпірге келіп осыны айтуға адымы жетпегеніне қарағанда… тіпті соны қажет деп санамағаны да». Баспанасының сатылатынын айдаладағы үш қайнаса сорпасы қосылмайтын күтушіден естіп отырып, өзінің өлмелі шағында қайда барары белгісіз екенін миымен анық сезініп тұрса да кемпір күрсінбеді. Күрсінбегенің не, тіпті қабағынан реніштің ізі байқалмады. Адам жасы келіп, бойындағы әл-қуатының жанып бітуге айналған балауыз шамдай азайып, ешкімге керексіздігін сезгесін-ақ, әлденеден үміт еткен, әлденеге сенген қалпы да ізім-қайым жоғалып, алда болатын бір жақсылықтан дәмелі көңілі де өз-өзінен сабасына түсіп, сыртылдаған сағат тіліне де, жылжыған күндер мен аунаған айларға да «мәу» деп мән бермейтін болып, дүниенің ақыр соңы бүгін екен десе де міз бақпас селқостық пен енжарлыққа әбден билетіп алады екен. Сара да дәл осындай күйде, әлдене армандайын десе алда өзін тебірентіп, әлдеқалай жанын жарылқайтын ештеңе көрінбейтін болған.
Күтуші қыз келіп бұған ұзын шөлки мен үстіне көйлек кигізіп жатқан кезде де өзінің ұзақ өмірі туралы ойлады. Қозғалған сайын қарының әбден босап салбырап қалған терісі дір-дір етеді. Еті қашқан қолдарын икемдеп киінуге өзінше көмектескен болады. Кеудем қысылады деп төстартқышты кимей тастағалы қашан, көйлек астындағы беліне дейін салбыраған омырауы екі жаққа жайылып жатыр. Иегінің астындағы сиырдың желініндей созылып кеткен алқымы әжімнен қатпар-қатпар. Шашын жинамай жібере салған күтуші қыз өзіне салмағын салғысы келмей тырысқан кемпірді сүйрелеңкірей әжетханаға апарып, дымқылдан ауырлап кеткен жөргекті шешіп алды. Кемпір түнде өздігінен тұрып әжетханаға бара алмайтын. Күтуші қыз оны бала секілді жуындырып, құрғатып, таза киім кигізіп, жөргегін ауыстырды. Екеуі бір адым жасап кідіріп, тағы бір адым жасап демалып, екі иінінен тыныс алып әжептәуір болдырып қалған кәрі кісіні үстелдің қасындағы адам отырғанда батып кететіндей терең креслоға отырғызды. Ебедейсіз дірілдеген әлсіз қолдар үшін күмістелген неміс қасықтарының біраз салмағы бардай. Кәрі иек ботқадан аздап алып, езілген печеньені малжаңдап біраз отырды. Асқазаныма ауыр, кекіртеді деп нан жеуді қойған, ет атаулыдан балықты ғана дұрыс көреді.
Оның соңғы жылдардағы өмірі фильмнің өте баяулатылған көрінісіне ұқсайтын. Адымы қысқарған үстіне қысқарып барады. Тамақтану, теледидар қарау, күтушімен аз-кем тілдесуді есептемесең, бұл бір соншалық жайлы болғанымен, сонша сүреңсіз, әбден жалықтырар өмір еді. Кезінде ауқатты адамдар үшін қала шетіне салынған оңаша үйдегі бұл пәтерді бір кезде Сараның өзі сатып алған. Ол кезде жалғыздығы білінбеді. Құрбыларымен араласатын, арасында қонаққа баратын, қонақ күтетін, театрға баратын, түн жарымына дейін кітап оқитын. Өздерін элитамыз деп есептейтін құрбылар соңғы мода, байшыкештердің әйелдерінің киген киімдері, зергерлер көрмесінде көрген бұйымдар, өздері оқыған кітаптары мен көрген фильм туралы түн жарымына дейін әңгіме айтатын. Кейін аяғы өзінің бұрынғы аяғына ұқсамай, тура ауыстырып алған аяқтай болып мінез шығарып, жүрген сайын мазасын алып, түн болса сырқырап, жүріп-тұруы қиындағанда ене мен келіннің одақтаса алмасын күнілгері болжаған жалғыз ұлы оған күтуші жалдап берді. Содан бері бар уайымы аяғы ғана. Естіген, оқыған ем-домдарынан бөлек, өзі ойлап тапқан емдері қаншама, келе-келе өзін осынша жыл көтеріп келген, ақыр аяғында шаршаған аяғына өкпелеуді де қойған.
Сара қытымыр емес-ті, тіпті бір күтушімен қатарынан он алты жыл бірге тұрғаны бар. Лиза байғұс өзінің көп жылғы сырқаты жанына батса да, обалы не керек, мұның жанынан шықпайтын. Самбырлап әңгімесін айтып, кейде ұқсап, кейде ұқсамайтын шикілі-пісілі тамағын дайындап, барынша көңілін аулайтын. Ал соңғы күтушісінің келгеніне екі-ақ жыл. Жас қыз кейде іші пыса ма, кемпірді бояндырып, тырнағын әрлеуге әуес. Кейде ақ блузка мен көк белдемщесін, кейде матасы тәуір күлгін көйлегін ауыстырып кигізем деп кемпірді қара терге түсіріп әуреге салатынын қайтерсің. «Сіздің шашыңызды бозғылт күрең түске боясақ қайтеді, әдемі болып тұрар еді», – дейтіні бар. Уағында сәнқой, кербез келіншек болған кемпір өзін бояндырып-жасандырып жатқанын іші теріс көрмейтін, бірақ шалбарланып, мыж-мыж болып сарғайып кеткен кәрі тері мен жастық қайдан жарасым тапсын, бояудан кейінгі әлеміш жүзі оңған ескі шүберектен әрмен одан сайын айғыздалып көрінетінін білетін кемпір боянбаймын деп азар-безер болады. «Жас кезіңізде өте сұлу болыпсыз», – деп ескі суреттерге үңіліп, өз суретін кемпірдің өзіне көрсетуден жалықпайтын бұл қыз да кететін болды. Кемпір желке тұсынан жел соғып тұрғандай, қол-аяғы қалтырап тоңа бастады, тіпті ішіне дейін мұздап кетті. Жанын аты-жөні белгісіз мұң құрсаулап, сол қырық құрсау мұң бөлменің ішін де шеңгелдеп айналдырып, аядай жерде жүретін жер, отыратын орын қалдырмай тарылтып келе жатқандай. Кәрі көңілі туған немересінен де жақын болып кеткен күтуші қызға бауыр басқанын, қимайтынын осы жолы анық түсінді. Алайда ештеңе дей алмады, кетпе деуге шамасы бар ма?..
Қыздың сүйемелдеуімен тасбақаның мойынындай жіңішке мойнын қалтаңдатып екі метр жердегі өзінің кереуетіне бес минут уақытын жұмсап жеткен бойы «Жақсы бір шарап болса ғой» деп қызға қарап тамсанып отырды. Күтуші қыз жымың етті. Кемпірдің нұсқауымен екі аптада бір рет тамақ алынатын, жыл өткен сайын кәрі адамның ауқатқа да, басқаға да қажеттілігі азаяды, дегенмен жақсы шараптан алып қойғызатын әдеті баяғыдан бар. Сылқым келіншек болған уағында да құрбылар болып оңаша отырып, қымбат шараптың дәмін тататын. Келіншектер әжімсіз сүйріктей саусақтарымен бокалдың жиегін айналдыра отырып… дүниеден озған күйеулерін еске алатын. Әрнені айтып күлетін. Сырласатын. «Е-е, дүние ай…». Аздан соң қыз мұздатқыштан шыққан шараптың үстіне су қосып кемпірге ұсынды.
– Енді бара бер, рахмет саған.
Қолы дірілдеп, бокалды түсіріп алардай ебедейсіз ұстаған кемпір су қосылған шараптың өзіне бойы-басы балбырап, жаны жай тауып, рахат құшағына жұтыла бастағанын сезді. Шараптың буы оны өзінің жастық шағына, өмірінің ештеңеден беті қайтпаған ғажайып шақтарына қарай ала кетті.
Ол өзін күйеуімен алғаш қосылған кезде тұрған ескі үй ішінде жүргендей сезінді. Өзі тар, өзі ескі болса да жылы ұядай еді. Күйеуі екеуінің бір-біріне еркелегені, бір-біріне болмашыға өкпелегені, өкпелесіп алып қайта татуласқаны… сол ескі үйдің жас жұбайлардың өзара реніштерін ұмыттырып, қуаныштарын еселейтін сиқыры бар-ды. Жалғыз ұлы да сол үйде дүниеге келіп еді. Күндіз-түні күлкі таусылмайтын, достары шақырусыз келе беретін осындай базарлы үйді одан кейін өмірінде көрді ме екен десейші. Өздеріне ақша бітіп, неше мәрте тәуір баспана алғанымен оның бірде-бірі дәл сондай ұядай үйді еске түсірмейтін.
Ол кезде Сәруар-Сара күндердің күнінде бұлай қартаямын деп те, өзінің еркін ғана емес, бүкіл тағдырын келініне тапсырып, жылдардың еркіне бағынып мәужіреген кемпірге айналам деп те ойламаған. Осыдан қырық жыл бұрын Сараның күйеуі бас прокурдың орынбасары болған. Кейін сіресіп тұрған алып державаның іргесі сөгіліп, елдің бәрі қайта құрудың әуенімен алас-күлес тірлік кешкенде аралас-құралас жүрген достарымен ілесіп бұлар да өзгеше өмір сүрмекке талпынды. Адам өзін бірдеңеге бастарда аяқ астынан ширап, тым пысықсынып кете ме, әйтеуір күйеуі соңғы кездерінде ерекше мінез тауып, өзінің прокурордың орынбасарлығы міндетін атқара жүріп, екі арада бизнесін де жүргізіп, тыным таппады, Ресейге түрлі-түсті металл жабындарын тасыды, Түркиядан киімдер әкеліп дүкен ашып тастады. Сараның өзі де сол кезде қымбат ұшақтармен ұшып, маңызды іскерлік кездесулер жасап, үріп ішіп, шайқап төгіп кешкен дәуренді со күйі тұра беретіндей көретін, тіпті осы өміріне әбден үйренгені сондай ата-бабасынан бермен қарай осылай ғұмыр кешіп келе жатқандай қоңыртөбел тірлік кешкендерді менсініңкіремей, мінезінде паңдық пайда бола бастаған. Бақтың да бір баста ұзақ тұрып жалығатын кездері болады екен, соған көзі жеткендей болды. Бірді екі қылам деп ұйқысы азайған күйеуі іссапарда жүріп апатқа ұшырап қайтыс болды. Аяқ астынан болған жағдай жас әйелді есінен тандыра жаздады. Басымен қайғы болып, баласын бауырына қысып, ұзақ-жылап жатып алатын. Күйеуі бардағы сәлем бергіш, жағдай сұрағыш, телефон шалғыш достардың азайып кеткенін байқаған кезде ептеп есін жиған. Есін жиса, күйеуінің барындағы шаруаның әбден-ақ қиюы қашқан екен, оны жөндеуге өзінің шамасы бірде жетіп, бірде жетпей, ақыры шаруасы шатқаяқтап, түптің түбінде банкротқа ұшырап тынды. Өзі мен ұлына жетер қоры бар әйел бизнесте бұдан әрі тәуекел еткісі келмеді, ұлын ең жақсы деген оқу орынында оқытты, бар қаражатын жеткізіп өзіне де, ұлына да пәтер алып үлгерді.
Ойлап қараса, осынша ғұмырында «па, шіркін!» дегізерлік сәті сирек екен. Ал, жарайды, өмірге келді, ешкімнен кем қалмайын деп оқыды, тірлік қылды, күйеуге тиіп, бала тапты, өсірді, одан басқа не? Өзінің соңынан не қалдырды? Қолында болып тұрып ешкімге басы артық жақсылық қылмаған, тым болмаса жабырқаған көңілдерді көтерер бір ауыз жылы сөз айтпай-ақ өткерген сол ұзақ ғұмырында ішкі ындыны қанағаттанатын бір қылығы бар ма? Ұрпақ қалдырдым дейін десе жалғыз ұлы өзінен бұрын қайтыс болды. Одан туған жалғыз тым алыс. Сонда өзінің артынан не қалдырдым деп шүкір айта алады? Тоқсан үш жыл жасағанда осы өмірге не бердім деп кетіп бара жатыр? Адам баласы жастығынан лезде көз жазып, бір сәтте есейіп, әбден кәрілік жеңгенде ғана барып өмір туралы қоспасыз, шыншыл пікір түйетініне осы жасқа келгенде барып көзі жетіп отырысы мынау. Кемпір ұйқылы-ояу күйде күрсініп қалды. Адамның мына дүниеге тамақ ішіп, көңіл көтеріп, оның қайтарымына өзінің биологиялық қалдығынан өзге ештеңе бермей-ақ және сонысына еш қымсынбастан өте беретіні несі екен?..

* * *

– Айналайын, қызым, – деді кемпір таңертеңнен бері әурелеп отырып саусағынан әрең шешіп алған жүзігін алақанына салып отырып.
– Бірдеңе керек пе, әже?
– Отыра ғой, кел.
Қыз жанына келіп отырғанда оның мақтадай жұмсақ қолын өзінің тарамыс саусақтарымен ұстап, жүзікті салды.
– Әже, бұл не? Мұныңыз не тағы?
– Ала ғой, қызым. Осындай бір Сара деген әжені бағып, қарап едім деп есіңе аларсың. Менен естелік болсын.
– Әже, қойыңыз, алмаймын. Наталья Алексеевна білсе…
– Оның қатысы жоқ, өзімнің жүзігім. Баяғыда ұлым дүниеге келгенде әкесі сыйлаған. Сен алып тағып ал, таза алтын, тасы қымбат. Маған жасаған қызметіңе ризамын. Менің жасымды берсін демей-ақ қояйын, біреуге қарап қалған ұзақ өмірде қайбір мағына бар дейсің, бірақ бақытты бол, айналайын…
Жүзі алаулап кеткен қыз жүзікті өлшеп қарап жатты.

* * *

Бірнеше жылдан бері дала көрмеген, күннің жадынан да хабары жоқ адам үшін сағат тілі тым баяу жүретіндей. Таң да баяулап атып, күн де төбеге асықпай көтеріліп, сол шыққан күйі ел ұйқыға жатар уақыт болғанша орнынан тапжылмай тұрып алатын. Сол күнделікті көрініс, сол бір жұрнағы өзгермес тірлік. Бұл күн де осының алдындағы өткен күннен, тіпті бір ай түгілі бір жыл бұрынғы күннен де еш айырмасы жоқ кәдімгі күн секілді еді. Дегенмен,.. кемпірдің бас-аяғы бірдей шұбалған бірсыдырғы күндерінің де ақыры болады екен.
Күтуші қызсыз өткен жалғыз күнде өмірінің бұрынғы бұрынғы ма, тіпті одан да гөрі реңсіздене бастағанына көзі жетті. Ешкім келмеді, ешкім «бұл кемпір неғып жатыр, өліп қалмады ма, не ішіп-жеп жатыр?» деп те сұрамады, осы күйінде жападан-жалғыз үзіліп кете берсе де ешкім білмей қалар. Дәретін сіңіріп алып жатқан жөргегі де әбден ауырлап, күнделікті жуындырғанға үйреніп қалған денесі қышып, мазасын алып бітті. Жылылай сүт ішіп, ботқа жейтіні бар еді, кемпірдің ештеңеге зауқы соқпады. Не болса да көндік деп ойлап жатты. Өстіп жатып жұмақтағы жалғыз орынға асыққандай ертерек жөнеп кеткен күйеуіне өкпеледі, өстіп жатып өзін тасбауыр келін мен жатбауыр немереге қалдырып кеткен ұлына мұңын шаққысы келді.
Біреулердің дабырлаған даусынан оянды. Бейтаныс екі келіншек бөлмеге кіріп, мұны оятып алмайын дегендей ақырын сөйлесіп өздерімен ала келген сөмкелерге әлденелерді сала бастады. Бұл келгендердің келінінің тапсырмасымен бұған тиесілі заттарды салып жатқанын шамалады. Неше жылдан бері қабырғаларына дейін әбден бауыр басып кеткен бөлмесін қиып кетуге өзін әзірлеуі керегін де түсініп жатты. «Келіні мұны өздерінің жанына алмақшы ма, әлде бұл пәтерді сататын болып басқа жерден шағын пәтер алып бермекші ме? Өздерімен ала кетпес, ұлының тірі кезінде де келінімен бірге тұру ниеті болған емес, енді не жорық, ал егер басқа жерге көшірсе ше, ондай болса күтуші қызды неге жұмыстан босатады?» Осы бөлмеге кіндігі байланып қалғандай көргеннен бе, осы бөлмеде демім үзіледі дегенге ұзақ жылдан бері сенгеннен бе, апақ-сапақта басқа жаққа кетуі ақылға сыйымсыз нәрсе болып көрінді. Ол бар даусымен айқай салғысы келді. «Қарағым-ау, жасым болса келіп отыр ғой, өлгенімді күте алмадың ба? Мен өлсем, осы пәтерді көрге өзіммен бірге алып кетпесім анық, тым болмаса менің ұлымның, өзіңнің күйеуіңнің әруағынан именсең етті». Бар даусымен айқай салып, келінін ашық әңгімеге шақырудың орнына кемпір үнсіз жата берді. «Уағында ешкімді бетіне қарсы келтірмеген, ешкімге кеудесін бастырмаған адамның көбі жасы ұлғайғанда өзінен-өзі жүнжіп, басылып, тіпті мінезден айрылып қала ма?.. Баяғы күні болса, турасынан тартып, бет-жүзің бар екен деп жатпай тіліп айта салатын мінезін жоғалтып пұшайман болып жатар ма еді, өз аяғымен жүріп-тұра алатын болса Сара кімге жалынғандай еді»? Кемпір әжім айғыздаған бетіндегі сызықтарды қуалай аққан көз жасы тамған жастықтың бетіндегі гүлдің суретін сипалап жатып, кәрі құлағын тіге түседі. Арғы бөлмеде әлдекімдермен күбірлескен келінінің даусы бері жақындап келеді. Ақыры келіні де келді-ау. Келіні бір қарағанда құсқа ұқсайтын. Әсіресе, қырланып келіп, ұшы алға қарай созылып сүйірленіп біткен мұрны оның кеспірсіз етіп көрсететін. Ал көзі… тереңірек орналасқан шүңірек кішкентай көздер кірпік қақпай бақырайып қарап тұра берер еді. Сүйекті, тарамыс келген ұзын-ұзын саусақтары да құстың қанаттарын еске түсіретін. Жасы алпысқа келсе де өзін күтіп, баптап қалған әйел ештеңе болмағандай: «Мамуля, қалайсыз, бәрі жақсы ма?» – деп келіп бетінен сүйгенде кемпір ештеңе дей алмады. Өзін ұнатпай тұрып-ақ бетінен сүйе алатын, алдап-сулай салатын келіннің мінезінің бір сиқыры бар. Қалайша жаратпай тұрған адамның бетінен сүюге болады? Дәрет алуының өзі мұң болған бейшара кәрі адамды екі күн бойы күтушісіз қалдырып, «бәрі жақсы ма?» – деп сұрау мазақ қылу емес пе? Кемпір меңіреу адамша отыра берді.
– Құлағы естімейді-ау үлкен кісінің? Бұл кісі қаншаға келген өзі? – деп сұрады келіннің қасына ере келген мұсылманша киінген әйел.
– Құлағы естімесе естімейтін шығар, мамуля 93-те.
– Ох-хо! Құдай ғұмырды берген екен! – деді бөтен әйел құдды динозавр тамашалап тұрғандай.
– Тырнағын бояп алған, үсті тап-таза, енең кербез адам екен.
– Ой, бұл кісі бақытты адам ғой, ауырмайды да. Оның қасында өзіміз екі күннің бірінде ауырамыз, сүйретіліп әрең жүреміз.
– Соны айтсайшы, бұрынғының адамдары мықты келеді.
– Иә, бұл кісі әлі жасайды, шамасы менің де сорпамды ішетін шығар, – деп салды келіні тыжырынып тұрып.
Өздерімен ала келген тамақтарды қойып шай әзірлеген келін әрі-беріден соң мұның бар екенін естен шығарғандай, екеуара әңгімені сапырды дейсің.
– Мамуляның тәбеті жақсы екен, – деп тамсанды бөтен әйел мұны иегімен нұсқап.
– Айтып тұрмын ғой, денсаулығы бізден керемет. Бұл кемпір біржақты болғанша біз де жөнімізді табармыз, – деп келіні тағы да бұл тақырыпты онша ұнатпайтынын білдірді. Әйелдердің әңгімесінің бірі құлағына жетіп, бірі жетпей жатса да, кемпір Мәскеуде оқып жатқан немересінің көп ұзамай елге келетінін ұққандай болды. Ол және осы пәтерге келіп тұрады екен. Келіні аузын мұның құлағына тақап тұрып сөйлегенде естімек түгілі, аппарат киген құлағы шыңылдап та кетті.
– Мамуля, Саянға пәтерді бересіз ғой, солай ма?
– Кемпір естігенін қорытып, сіңіріп жатқандай аузындағысын талмап біраз отырды.
– Мамуля…
– Саян келсе келсін, сиямыз.
– Қалайша, ол сізбен тұра ма? Жоқ, ол сізбен тұра алмайды! Жас жігітке балалар келеді, қыздар келеді, сөз байласып жүрген қызы бар, үйленем десе ше?
– Сонда… далаға тастаймысыңдар мені? Кемпірдің даусы жарықшақтанып шықты.
– Мамуля, неге олай дейсіз? Бәрін реттеп, шешіп қойдық, сізді жақсы жерге орналастыратын болдық. Пансионға. Ол жерде өзіңіз сияқты үлкен кісілер бар, әңгімелесіп, араласып, үйреніп кетесіз, бәрі жақсы болады. Апта сайын барып тұрамыз.
– Саян сөйдеп айтты ма? Мені қарттар үйіне тапсырсын, кемпірдің пәтерін өзім иемденем деген болса… барайын. Бұл жолы кемпірдің даусы ширығып шықты.
– Мамуля, түсінсеңізші, мына жерде жалғыздан-жалғыз отырғанша адамдармен сөйлесіп, өзіңізді қарайтын жерге барғаныңыз жақсы болады. Дәріңізді, тамағыңызды уақытында береді, кіріңізді жуады. Біз апта сайын барып тұрамыз. Уайымдамаңыз.
Кемпір қашанғыдай сабырлы мінезінен айрылмады. Бұл оның өзінсіз-ақ шешіліп қойған тағдыр жазуына көнбеске амалы жоғын мойындағаны ма, «ұлым өлген бойда далаға шығарып тастамағанына шүкір, осы уақытқа дейін орнымнан қозғамай, күтуші жалдап жағдайымды жасады ғой, атасы басқа, тәрбиесі бөлек келінге бірдеңе дегеннен не өнеді, одан туған, жат болып кеткен немереге мұңымды шағып не абырой табам?» дегенді ойлағаны даналыққа жеткені ме, әйтеуір, кемпір үнсіз отырды. Ал әйелдер өзара әңгіменің қызығына түсіп кеткендері сондай, қастарында тағы біреудің бар екенін ендігі ұмытып та кеткен. «Кемпірдің ұстаған мүліктерінің бәрін тегін болса да біреулерге беріп жіберіп, жөндеу жұмыстарына кірісу керек. Жөндеу жасайтын адаммен де сөйлесіп қойдым. Бағасын да келістік. Төбені әрлеп, еденді ауыстырады, ваннаны кафельдеп, бүкіл сантехниканы ауыстыратын болды, шаршы метріне 25 мың теңгеден аламыз дейді, мейлі ғой, әйтеуір Саян келгенде жарқырап тұрса болды. Қанша дегенмен, көптен бері кәрі адам тұрған пәтер, иісі де жаңаратын болды» – деп самбырлап жатты мұның келіні. Жалғыз келінінің осынша пысық болғаны бұған бақ болды ма, сор болды ма, ол арасын ойламапты, әйтеуір, әріден ойлап, бүкіл шаруаны шешіп жүреді, әр істен өзінің пайдасын ойлап тұрады.
Түстен кейін мұны мүгедек арбаға отырғызып, көлікпен кең аулаға келіп кіргенде де көзін жұмып ұйқылы-ояу күйде отыра берді. Тіпті кішіпейіл қызметкерлер «14-палата» деп жазылған бөлмедегі дайын төсекке әкеліп отырғызғанда да жақ ашпады. Ішіндегі өз қайғысының салмағы сәт сайын ауырлап, батпандай болып ұлғайып бара жатқаны өзіне ғана білінді. Келіні кетіп бара жатып, тағы да бетінен сүйді.
– Мамуля, міне көрдің бе, мында қыздар сізге қарап, күтіміңді жасайды. «Жақсылап қараймыз», – деп уәде берді. Жаңа қарап шықтым, пансионның бөлмесі жылы, таза, тамағы да жақсы екен. Теледидар да, демалыс бөлмесі де бар. Уайымдама, бәрі жақсы болады, біз келіп тұрамыз.
– Рахмет, шырағым. Келем демей-ақ қойыңдар, қайтесің, жұмыстарың бар.
– Жоқ, келіп тұрамыз ғой. Саян да келеді.
– Рахмет. Саған ұнаған болса жаман болмас. Сен де қартайғанда осында келерсің, батамды бердім.
– Мамуля! Не деп тұрсыз? – Келін шаңқ етті. Көгеріп-сұрланған беті кемпірдің көзін шұқып алғысы келгендей. – Өзіңізді осынша жыл баққанда айтып тұрғаныңыз не? Менің де қартайғанда осы жерге келгенімді тілеп тұрсыз ба? Маған да оңай емес! Бөлмені көрсетіп жүрген қызметкерлер екеуара әңгімені естімеген адамша үнсіз тұр. Олар үшін мұндай жағдай үйреншікті болатын. – Зымиян! – деді келін шығып бара жатып.

Бәтима

Өзінің үстіне әлдекімнің төніп тұрғанын сезген Бәтима көзін ашып алды. Қаракөлеңкеде күйбеңдеп жүрген Рыскүл кемпір екен. «Осы кісі жүрегімді жаратын шығар» деп ойлаған күйі Бәтима басын тұмшалап теріс қарап жатты. «Мұнда барлық бөлмеде төрт адамнан тұрады, тек осы он төртінші палатада ғана әзірге бір адам, Рыскүл әжей ғана бар, соның қасына барасыз. Ол кісі мазасыздау, бірақ адамға зияны жоқ», – деген болатын қабылдаушы қызметкер осы жерге алғаш келгенде.
Кімнің қасына бөледі, қалай тұрады, алғаш келгенде бұған бәрібір еді, «Е-е, мейлі, бап таңдайтын не жағдайым бар, бәрібір өз үйіңдей болмасы анық, не болса да мейлінше оңаша болғаны жақсы» деп ойлаған. Алғаш келген кездері Рыскүлдің қылықтарын тосырқап, тіпті зәрезап болып дәрігерге шағым жасап көргенімен, дәрігер: «ой, ол кісі деменция ғой», – деп қолын сілтеген соң, деменцияның не екенін ұқпаса да Рыскүлдің оғаш қылықтарына келе-келе мән бермейтін болған. Бастапқыда Рыскүл кемпір мұны әлдекімге ұқсатты ма, қарт адамдарда бола бермес ширақтықпен ентелей келіп, құшақтай алатын. «Үйбай-ау, Боташ, бұл сен бе? Қайдан жүрсің?..» Сосын сілекейін жағып мұның екі бетін алма-кезек сүйе бастайды. Осылай күніне бірнеше рет қайталанады. Өткен шақпен ғана өмір сүретін, мұны күн сайын басқа біреумен шатыстырып жүретін алжыған кемпірді Бәтима келе-келе кері итеріп тастайтын болды. Ондайда кемпір бір сәт мұңайып қалғандай көрінеді де, қалтасынан бірдеңе тауып алып жеп жөніне кетеді, осыбір екеуіне де ыңғайсыздық әкелетін оқиға демде ұмытылады.
Рыскүл кемпір ала таңнан тұрып алып, күн сайын бір жаққа жиналады. Дәрігерден естігені, кемпірдің екі ұлы бар, үлкенінің қолында тұрған кемпір әлсін-әлсін үйден шығып кетіп адасып, біресе суды ағызып, біресе газды өшірмей, үй ішін әбігерге салып, ақыры үлкен ұл шешесін пойызға мінгізіп кіші ұлына жіберген екен. Шешесі мен әйелінің арасындағы бітпейтін кикілжіңнен миы ашып кеткен кіші ұлы оны уақытша осы жерге орналастырып. «Бір күні өзім келіп алып кетем» – деп уәде берсе керек, содан бері кемпір күнде ертемен әлдеқайда асығыс жинала бастайтын болған. Тумбосының қақпағын ашып әлденені ақтарып, іле-шала тарс еткізіп жабады, үстіндегі жылтыр жіптері бар матадан тігілген көйлектің сыртынан алтын зерлі кәжекейін іледі, оның сыртынан киім ілетін орынға тапсырмай алып қалған ескі пальтосын киеді. Жиектері гүлді-гүлді орамалын жағынан тартып байлайды да бір жаққа асыққандай шыға жөнеледі. Ал ала таңмен жинақтаған чемоданы сол күйі қалады. Ашық тұрған бүкіл есікке кіріп, адақтап кететін Рыскүл өзі тұратын он төртінші палатаны таба алмай ұзақ айналады. Кейде басқалар ұрсып, жұлқылап жүріп өздерінің мазасын алған кемпірді әкеліп кіргізіп тастайды, кейде Бәтиманың өзі адасып жүрген көршісін алып келеді. Ертеңінде Рыскүлдің тағы да асығыс бір жаққа жиналып жатқаны.
Сырқат адаммен не әңгіме айтасың, Бәтима соңғы кезде осы жердің басшылығына жасы өзі шамалас көршім болса деп өтініш айтуды да ойлап жүрген. Ол көршісі Рыскүл сияқты деменцияға ұшырамаған, қою шайды тартып отырып, өткен-кеткенді әңгімелеп, бір-бірінің мұңы мен сырын бөліссе дейді. Осы тілегін әне айтам, міне айтам деп жүргенде қастарындағы бос орынға өздігінен жүріп-тұра алмайтын кәрі адамды әкеліп орналастырды. Жаңа көршісі ешкіммен танысуға асықпады. Жасы тоқсанның үстіне шыққан кемпір келгелі бетін әрі бұрып алып жатады да қояды. Ешкіммен сөйлеспейді. Кейде түнімен жылап шығатынын да біледі. Жылағаны да біртүрлі қорқынышты. Әуелі мұрнын тартып ішінен жылап, бірте-бірте ішінен лықсып шыққан өксігін баса алмай тұншығып, әрі-беріден соң бір жерін ауырсынғандай ыңырси жылайтыны бар. Бұлай ішінде дерті бар адам ғана жылайды. Бұлай етіп бүкіл жаны сыздап ауыратын адамның ғана өкситінін Бәтима біледі.

* * *

«Бұл жерге мен өзім келдім» деу осындағылардың жиі айтатын сөзі. Балалары сыйғызбай не бақпай осы жерге келуге мәжбүр болып отырып: «Интернатқа балаларым емес, өзім сондай шешім қабылдап келдім», – деу өздеріне бір жеңілдік беретіндей. Әрі балаларына жаманат келтірмейін дей ме… Бірте-бірте Бәтиманың да осы жерде жүргеніне қорынатындығы бәсеңдей бастады. Қарттар үйіндегі кемпір-шалдардың қай-қайсысы да жаман болғандығынан осы кепті кимегенін түсінді. Қартайғанда осы жерді пана тұтам деп ойламаған, тіпті өзін бұған лайық та көрмегендермен күнде бір столдың басында ас ішеді. Анау үсті-басын жөндеп, иіссу жағынып жүретін Тимур деген кісі ше, кезінде үлкен басшы болған, балаларын шетелде оқытқан, ол немелер шетелден қайтпаған, кейін кемпірі қайтыс болғанда екі рет инсульт алған Тимур қарайтын ешкімі болмағасын амалсыз осында келген. Ал, Таня ше? Кезінде зауытта жұмыс істегенін, цехтағы қызықтарын айтып тауыса алмайтын әңгімешіл әйелдің күйеубаласы оның зауыттан берген пәтерін сатқызып, бизнеске салып, өзін қаңғытып жіберген. Бұл жерге келудегі әркімнің өз себебі бар. Және олардың бәрі де ешкім әкеліп тапсырмай ақ өзі келген. Өздері солай дейді.

 

* * *

Күн бұлттанса ауылын ойлап жаны жабырқай бастайтынын Бәтима соңғы кезде анық байқап жүр. Енді жазда аппақ шаңы бұрқырап жататын туған ауылына бара алмайды ау. Сол ақ шаңды армансыз жұтар ма еді! Қай бетімен барады, не деп барады? «Ойбай-ау, мұғалім Бәтиманы баласы қарттар үйіне тапсырып жіберіпті» десіп гуілдесіп жатқан шығар. Өзіне жетерлік пенсиясымен күнелтіп әп-әсем отырған жерінен су шыққандай болып, баласының сөзіне ілесіп, бірдеңеден құр қалғандай қалаға келді емес пе? Сол өзінің жылы орнында отыра берсе қартайып та тұрған ештеңесі жоқ еді. Бәтиманың кеудесі шаншып кетті. Іші удай ашығанда өстетін әдеті.
Егер дәл қазір ауылда болса сынық мүйізді қызыл сиырын сауып алып, өріске айдап, мысығы Муркатайға сүт құйып, Шалқар радиосын тыңдап отырып шәйін ішер еді де, бақшадағы азын-аулап картобы мен пиязының арамшөбін жұлып, сырқаттанып жатқан Раяның көңілін сұрап, одан қайтып келе жатып көрші Злиханың қасына отырып ауыл-елдің әңгімесін тыңдап қайтар еді. Бұл кезде Майлыаяқ та мұның соңынан ере жүріп, бұл шыққанша күтіп отырар еді. «Итім-ай, өз қолыммен жаққан отымды өшірген менен гөрі ішкен асыңды ақтап үйіңнен ұзамаған сен мың есе ақылды болдың-ау, сені де тастап кеттім, не күйде екенсің, әлде ит ататындар атып кетті ме екен»? Бетін шымшылап сөйлемесе сөзінің дәмі келмейтін Ләтипа бұл кетерде «қалаға кетіп бара жатырсың, енді біз сияқты ауылдың қаратаяқ кемпірлерін ұмытасың-ау» деп көзіне жас алмап па еді, сонда бұл мерейі тасып, көңілі шалқып тұрып, «Ұмытқаны несі, мені кім деп едіңдер, қайта өздерің қалаға келгенде соғып, шай ішіп, ауыл-елдің әңгімелерін айтып кетіп тұрыңдар» деген. Сөйткен басы кейін ауылдың бір-екі кемпірі телефон шалғанда «ауырып жатыр едім, қазір сөйлесе алатын шамам болмай тұрғаны» деп сипақтатпап па еді. Е-е, дүние ай… Енді, міне, өзімен баяғыда мектепте бірге жасап, зейнетке бірге шыққан Гүлзадамен шай ішкенді де арман етіп, Ләтипаны пеш түбінде немересін ойнатып, ауыл үйдің қонағына барып жүрген шығар деп қызығып отырғаны. Бәрінен бұрын солардың өз ауылында, өз үйіндегі пештің түбінде отырғанын айтсайшы, нағыз бақыт сол.

* * *

Жаңбыр тамшылары бетіне тие бастаса да орнынан қозғалмады. Бойы тоңазыса да отыра берді. Өзінің ауылындағы жаңбыр жұмсақ әрі жылы тиетін, ағаштың жапырақтарынан сырғанай түсіп жерге сіңіп, қалың шөптерді тойындырып болғасын тоғанға айналып, көп өтпей сол жердің гүлді алқапқа айналғанын көрер едің. Бұл жақта желге ызалы жаңбыр тақыр жерді сабалайды. Жел мен дауылдан қарайып, қолайсыздықтан көз ашпаған ағаштар емін-еркін бой жазуға қорыққандай бүкірейіп өскен. Тек қарсы жақ беттегі қатар тұрған үш терек қана басқалардан ерекшеленіп тұр. Құдай шебер, осындай да әдемілік болады десе бұрын мән беретін бе еді! Екі жағына ақ терек, ортасына жалғыз сәмбі тал отырғызуға миы жеткен адамның өзі де осындай сұлулық пайда болады деп ойламаған шығар. Аулада орындық жетеді, бірақ, осы үйреншікті орындыққа отырса ғана сол үш теректі анық көреді. Орындыққа жайғасып алып сол үш теректің әдемілігіне кәрі жанарын суарады. Күндегісі осы. Анау шеттегісі – Әдиі. Теректің тіп-тік болып, бұталарының ұзынша бітіп, жапырақтарының тығыз өсуі айналасына көңілін ашып, сеніп қарайтын ақжарқын ұлының кейпіне ұқсап тұр емес пе! Ортадағы сәмбі талдың әдемілігі, тарала өскен сұңғақтығы, төменгі бұтақтарының иіліп өскені аумаған Майра дерсің. Майра да осындай сұлу, мінезі ұяң болатын. И-и, жарығым… Оң жақ шеттегі терек жастау, бұл өзінің Берікжаны ғой. Қырыққа келген еркекті жас дегені Бәтиманың өзіне ерсі көрінбеді, өз көңілінде кенже баласы жаны нәзіктеу, күйректеу. Бәрінен бұрын үш теректің қатар сап түзеп, сәндері келісіп тұрғанын айтсайшы, кішкентай күндерінде екі жағында екі ұл, ортасында жалғыз қыз болып бауырлар осылай қатар келе жатушы еді. Бәтима кемпір үш бірдей ақ терекке жақындап келді де, әуелі өзі Берікжан деп атаған біреуін тамырлары адырайып кеткен әжімді қолдарымен аялай сипап өтті. Ішінен не ойлағаны белгісіз, көзін жұмып екінші теректі де, үшіншісін де ұстап тұрып басын көтеріп ағаштың ұшар басына қарады. Осы тұрысында ағаштардың емін-еркін жайқалып өскеніне қуанғанғандай.

* * *

Балаларын сағынған сайын үш терекке емірене қарайтын мұның мінезін байқағандар таңғалса таңғалып жатқан шығар. Оған бас ауыртатын Бәтима ма? Ағын судай тоқтай алмай, басқаны да алды-артына қаратпай зымыраған уақыт-ай. Әдиі тірі жүрсе биыл елу бірге келеді екен-ау. Балалы-шағалы болып, тіпті немере сүйетін уағы…
Жаңа жылға төрт-бес күн қалғанда таңғы 4-те ұлына шақыру қағазы келді. «Мен әскери жиынға кететін болдым» деп құдды нағашысының аулына тойға баратындай мәз-мәйрам болған еді ұлы. «Әскери жаттығуға барамыз, партизан боламыз, партизандыққа үш ай әлде жарты жыл оқытуы мүмкін!» деген арсалаңдап. «Он сегізге жаңа іліккен ұлымды әскери жаттығуға жібере алмаймын» дегенді совхозда прораб болып істейтін күйеуі де, мектептің бастауыш мұғалімі болып жүрген өзі де айта алмады. Олай деу сол кездегі өзіңе отан, пана болып отырған мемлекетке жаумын дегенмен бірдей еді. Тұңғышын соңғы рет көріп тұрғандай өзінің еңіреп жылап қоштасып, жаманат шақырғандай болғаны несі сонда? «Апа, оның не, келем ғой, медалімді тағып келем» деген сонда ұлы ақсия күліп. Әди хат жазып тұрды, бірақ, ол хаттың бәрінде «Қазақстандамыз» деп жазылатын. Кейін білді, тапсырма солай екен. Мұның ұлы сәбет әскерінің арасында Ауған шекарасынан өтіп ұрыс салған көп солдаттың бірі болыпты. Кім үшін, не үшін соғысып жатқанын білмейтін құпия соғыста бірі-бірімен жау болған екі мемлекеттің ештеңенің байыбын түсініп үлгермеген жап-жас жігіттері бір-біріне оқ атып, қан төгіліп жатқанынан да қаннен-қаперсіз еді бұлар. Тіпті сол жас жауынгерлердің өзі Ауған деген ел үлкен сәбет мемлекетіне қастандық ойлап, дұшпандық жасады деген түсінген шығар. Шындығында бөтен елдің ішкі мәселесіне, саясатына араласқан сол сәбет мемлекетінің өзі екені ешкімнің миына да кіріп шықпайтын. Аңқылдап, арсалаңдап, өзін осы құпия майдан үшін таңдап алған отаны үшін ерлік жасауға асыққан мұның Әдиінің де құны сұраусыз кеткен. Артынша Сәбет мемлекетінің өзі де құрыды, Ауған соғысының неге қажет болғанын, қандай маңызы болғанын да ешкім түсіндірмеді…
Сол күнді ұмытайын деп тырысқанымен сол күйі көз алдында қалып қойды. Әдеттегіше сабақ өтіп жатқан, есікті тықылдатып «сізді директордың кабинетіне шақырып жатыр» дегенге «алдағы парадқа оқушылардың әзірлігін сұрайтын шығар» деп іштей жауабын дайындап кабинетке кіре бергенде бір топ адамды көріп тосылып қалды. Мұның күйеуі де осы жерде екен, совхоздың директорынан бөлек аупартком хатшысын, оның жанында ере жүретін екі жігітті шырамытқандай болды. Әскери киімдегі екі жігіт ағасын ғана танымады. «Сіздің ұлыңыз Әди Смаханов еліміздің оңтүстік шекарасын қорғау кезінде қаза тапты» деген қағазды оқып бергенде аяғының астындағы жер қозғалып, шекесі шым етіп, көзінің алды бұлдырап жүре берген… Артынша тікұшақпен денесін де жеткізді, бірақ, «Темір табытты ашпайсыңдар, ашуға рұқсат жоқ» деді. Бұйрық қатты еді. Ұлының жүзін соңғы рет бір көре алмай шерменде болған көңілі жылдар өте жұбанғандай болған. Осыкүні ойлайды, сол темір табыттың ішіндегі мұның ұлы емес, басқа біреу болуы да, тіпті соның бос табыт болуы да мүмкін ау. Көрші ауылдағы ауған соғысынан аман келгенімен қаны бұзылғаннан маскүнемге айналған Сатайдан сол интернационалист жігіттердің қаза тапқандарынан бөлек тұтқынға түскендері де көп екенін естіген. Ал, тұтқынға түсіп, ондағы азапты көтере алмаған қазақ жігіттері ия өздерін жарып жіберіп, не сол моджахедтердің қолынан өлген көрінеді. Бұған өзінің Әдиі де тұтқынға түсіп, бірақ одан босап шығып, әлемнің бір шетінде аман-есен жүрген сияқты көрінеді. «Қандай болды екен, ет алып әкесі секілді төртбақ жігітке айналды ма екен, әлде нағашылары сияқты сидаң қалпында ма екен? Бала-шағасын ертіп бір күні келіп тұрса… Әскерде із-түзсіз кетіп не есін жоғалтып алып, арада бірнеше жылдар өткенде қайта табылып жатқандар аз ба… Расымен де елге келіп жатса, туған үйінің орнын сипап қалатын болды-ау…».
Бәтима енді ортадағы сәмбі талға көз тоқтатты. Иіліп біткен талдың жапырақтары желдің болмашы лебімен өзінен-өзі дірілдеп тұрғандай көрінеді. Майрасының да жүрегі осылай лүпілдеп, сәл нәрседен әсерленіп, сәл нәрсеге көңілі босап жүретін. Кісіге жаны ашып тұратын мейірімді баланы айналада бәрі жақсы көрді. Алдындағы ағасы Әдидің қайғысы оған да оңай болмады. Ерте есейді, соңынан ерген Берікті жанындай жақсы көрді. Тіпті бұлар уайымдайды деп өзінің сырқатын да жасырғанын кейін білді ғой. Құлыным ай, дертің жаныңа батқан кезде туған анаңа ашылып, «осылай еді» деп айтсаң ғой, бәлкім ертерек қаратар едік, ем қонар ма еді? Отыз жеті жас дегенің өмірді еркін сүріп, жайраң қағып жүретін кезің еді, қайтейін. Көрші ауылдағы әйелдерден кейін барып естіді ғой, мас болып келіп, «маған сенің не керегің бар, одан да жыл сайын балалайтын ұрғашы мысық бақпаймын ба?» деп тепкілейтін күйеуінің қорлығына да шыдап жүріпті ғой, құлыным ай…

* * *

Енді өзі Берікжан деп атап кеткен оң жақ шеттегі жастау терекке жүзін бұрғаны сол еді, ғимараттан ұбап-шұбап шыққан кемпір-шалдардың бірінен соң бірі тізіліп орындыққа қарай беттегенін көрді. Таяғымен жерді тесіп жіберердей нығыздап жүрген етжеңді Мақпал тоқтай қалып бұған қарап ернін сылп еткізді. Оның басқалардың ісіне баға беріп, ернін шығарып жүретін әдеті. Үсті-басын жөндеп, иіссу жағынып жүретін кербез Тимур орындыққа бұрылмастан ағаш арасына серуендеп кетті.
«Қариялар күніне» арнап концерт болады екен, волонтерлар келіп мерекелік шаралар өткізеді екен» дегенге өз аяғымен жүретін қариялар кәдімгідей елеңдесіп қалды. Түгі қырқылып, беті ағал-жағал болып, әр жер-әр жерінен жіптері тарқатыла бастаған көнетоз кілемнің орнына жаңасы жайылып, холлдағы үй өсімдіктерінің арасына шын гүл атып тұрғандай көрінуі үшін жасанды гүлдер қадалып, жаңа жаймалар мен сүлгілер таратылып, дайындықтың басталғаны – той болатындай көңіл-күй сыйлайды екен. Қариялар мерекені жақсы көреді. Ауылдарында болса тойдың көркі болып, бата беріп, құдайы тамақтан қалмай төрде отыратын қариялар қазынаның аядай бөлмесінде отырып кейде бір-бірімен келіспей шәңкілдесіп қалатын кездері де бар. Өз өнерлерін көрсететін сайысқа қатысам деп бірі кестесін тігіп, бірі сурет салып, бірі қол күреске дайындалып, кәдімгі мектеп жасындағы балалар секілді ынтығып жүр. Қартайған балалар. Бетінде «осы жердің басшысы өзім» деген жазуы бар етжеңді әйел кіріп келе жатқанда да қариялар балалар секілді орындарынан тұрып, бір-бірімен жағаласа, басшы әйелмен қауқылдасып амандаса бастады.
Ауылда жиын-тойға киіп баратын қамзолын киіп, ақ шарқатын төгілдіре байлаған Бәтима бұл күні де ешкімге қосылмай, бәрін сырттай бақылап отырды. Екі құлағының бірдей тосаңы болғандықтан әңгімеге араласа бермейтін Мәликенің қасында отырды да қойды. Бір сәттік қуаныштың өзі адамның көңілін бірлеп, бір сәтке болса да дертін, сырқатын, мұңын да ұмыттыра алатыны қандай жақсы. Бұл жердегілер де осы бір жоқ жерден табылған жаңалықты көптен күтіп жүргендей, кәдімгідей серпіліп қалғаны байқалады. Осы бір өзгелер үшін елеусіз болса да қариялардың жарым көңілін аулаған мерекені ойлап тапқан адамның миынан айналмаймысың! Әншейінде аяғым бастырмайды деп шағынатын қариялардың өзі ортаға шығып шоқырақтай, тапырақтай билеп, «құлақтан қалдық» дейтіндер естіген тамашасына мәз болып, «көзімнің алды тұман, дым көрмеймін» деп жүретіндер концерт тамашалап, қолдарын шапалақтап жатқанда Бәтима өзінің күйеуін ойлап отырды. Оған хат жазбағанына да көп болыпты…

* * *

Жаңа көршісі басын көтеріп отыратын болды. «Ананы жемеймін, мынаны болмайды, кеше мені жуындырған жоқ» деп кірпиязданып, қалтылдап отырып-ақ шашын тарап, тырнақтарын егеп, беті мен қолына балалар кремін жағып отыратын әдетінен күнінде күтініп, болып-толған қалалық адам екенін байқады. Тоқсанның үшеуінде екен. «Құдай-оу, оңай жас емес», – деп ойлады Бәтима. Өзі жетпістің төртеуіне биыл шықса да жүрегі қағып, қан қысымы көтерілгенде құлағы шулап, аяқ-қолы дірілдеп жатып қалады.
Томаға-тұйық көршілердің кереуеттері тым жақын болса да өздері емен-жарқын сөйлесіп кете алмады. Кейуана өзінен жасы кіші адамға да сіз деп сөйлейтін сыпайы екен.
– Есімімді әке-шешем Сәруар деп қойған екен, кейін Сараға айналдық. Бұл жерде менен үлкені жоқ шығар, Сара тәте десеңіз болады. Өзіңіздің балаңыз бар ма еді? –деп сұрады бұдан бірде.
– Бар…
– Ааа?
– Үш балам болған…
– Е-е, үш баласы барлар осы жерде тұрып жатқанда баласы өліп, келініне қарап қалған менің өкпелеуім артық екен ғой, – деді кейуана сөзін үзіп-үзіп.
– Үш балам болған, біреуі Ауған соғысынан оралмады, қызым аурудан кетті, біреуі… тірі.
– Е-е… қалғаны аман болсын. Өз балаңа өкпелесең де амандығын тілейсің, жамандыққа қимайсың.
– Балам жаман емес, келінім де…
– А-ау? Естімейм…
– Бұл жерге өзім келдім деймін. Соларға салмақ болмайыншы деп.
– Келгеніңізге көп болды ма?
– Жарты жылдай болып қалды-ау.
– Балаң болып тұрып өзің келдің не, басқа себеппен келдің бе, айырмасы қанша? Тоқсандағы кемпірдің сөзі табалағандай, кеудесіне тура бағытталып, өкпесіне қадалғандай болды. «Сөзі мірдің оғындай, шамасы өзің келінмен сыйыспай келіп отырған кесір кемпірсің-ау» деп ойлап үлгерді.
– Ай, қарағым-ай, – деді өзімен-өзі сөйлескендей кемпір күрсініп. – Әке-шеше балаға салмақ болушы ма еді? Біз соларды салмақ болады демей ақ туып, өсіріп, жеткіздік. Ертең оларды да өз балалары салмақсың деп үйге сыйғызбаса әділдік пе?
Бәтима үндемеді. Күнде өзімен-өзі теріс қарап жата беретін көршісінің бүгін қайралып алғандай нық сөйлеп отырғанына да таңғалып отыр.
– Қарап отырғанша сөйлесуге шақырғаным ғой. Сөйлескіңіз келмесе өзіңіз білерсіз. Он сегіз жылдан бері күтушімен отырып, өзім де кісікиікке айналудың алдындамын. Күтушімен не айтасың? Олар жұмысын атқарып жатырмын деп ойлайды. Іштерінен сені мүсіркейді тағы. Кешіріңіз, сіздің мазаңызды алдым-ау деймін, бір жеріңіз ауырып тұр ма? Түріңіз ауырып тұрғанға ұқсайды, – деді кемпір ақырын.
– Ештеңе етпейді, басым ауырып…
– А-а?
– Қазір қояды деймін, – деген Бәтима қалтасын қарманып дәрісін іздеп жатты. Соңғы кездері қит етсе қан қысымы көтерілетін болған. Кемпір тыншып, қайтадан теріс қарап жатты.

Бәтиманың мұңы

«Берікжан есі кіріп, арағын қойды ма екен, келіншегімен татуласып, жұмысқа кірсе екен. Ақбаяным нағып жүр екен? Нағашы шешесінің жанында жүріп өзінің туған әжесін ұмытып кетті-ау, күшік. Есі кіре қоймаған балаға не деп ренжисің»?
Бәтима өзінен-өзі ауыр тартып, ұйып тұрған жүрек тұсын ұстады. Соңғы кездері шанши ма, немене. Қаны тасығаны аздай… Бәтиманың ұйқысы қашты. Берігі өзіне жақын болды. Үлкен ұлынан қапияда айрылып қалғанда жұбанышы болған кенжесі. Бетінен қақпады. Шешесін көбірек төңіректеп, кіріп-шыққан сайын жаңа ғана көргендей шөпілдетіп сүйе беретін ұлын әкесі ғана «осы неме қыздарға ұқсап шешесінің жанынан шықпайды, кіріп-шығып шешесінің бетінен сүйетінді қайдан шығарған өзі»? деп қылығын жаратыңқырамай отыратын. Мектеп бітірген ұлын үлкен қалаға жібергісі келмегені де, кей түні уайымдап шығатыны да өзіне аян. Сөйткен Берігі оқуын тауысып, келіншек алып, тойын қалада жасап, бала сүйіп, шағын шілдеханасын қалада өткізіп, ел қатарлы өмір кешіп жатты. Күйеуінің екі жылдығын бергеннен кейін Берікке «мынау әкеңнің пенсиясынан жинағаны, өзім де үстіне қостым» деп бір бума ақша ұстатқан. Берік ақшаны қалтасына салып тұрып, маңызданып бір әңгімені бастаған.
– Апа, жақында сені көшіріп алып кетем.
– Ойбу, құлыным-ай, мені көшіріп алам деймісің. Әкем болса сірә да жоқ, жалғыз шешем жападан-жалғыз қалай отырады деп уайымдап жүрсің ау, жарығым, – деген сонда бұл асып-сасып. Тіпті ұлының аузынан шыққан осы сөзді ұзақ күткен адамдай есі шығып қуанғандай ма…
– Көкемнің қайтқанына да екі жыл, қашанғы жалғыз отырасың?
– И-и, құлыным, садағаң кетейін… Мені уайымдама, елдің іші, әзір қартайып тұрғаным жоқ, өзің болсаң бала-шағаңмен пәтер жағалап жүрсің. Одан да өзіңді ойла. Мен өлмеспін.
Ұлының көшіріп әкетем деуінің өзі мұның төбесін көкке жеткізгендей болған. Тіпә, тіпә, ұлы жақсы өсіпті! Шешесін жалғыз отыр ғой деп уайымдап, «алып кетем, көшіріп алам» дегенінің өзі неге тұрады! Бәтима «Берікжан осылай деді» деп Рысты кемпірдің құдайы тамақ үстінде де, Самалдың қызына шілдеханасында да әңгіме етті. Айтқан сайын көңілі бір қарысқа биіктегендей болды. Тұңғыш ұлынан бір, қызынан екі айрылып, шалын жерге беріп, жалғыз отырған қарт мұғалімнің ұлы сөйдепті деген бұл сөз бүкіл ауылға тарап, «Берік нағыз азамат екен» десіп жатты.
– Апа, мен пәтер алатын болдым, – деп хабарлады Берік бірде. – Бірақ, ақша жетіңкіремей тұрғаны… Егер жетпей тұрған соманы салсам келер жылы үй дайын.
– Жетпей тұр деймісің… Қайтсек екен, қолымдағы сауынды, жандықтарды сатайын, шайдың сүтін сатып та алам ғой, тағы ойластырып көрермін, деген шешесі.
«Ойластыратын не бар дейсің, қолындағы сауын сиырын сатады. Күйеуі кеткелі құты қаша бастағандай бірі өліп, бірі жоғалып, жандығы да азайған, соны саудалар. Берікжан ырза боларлық қаражат шықса де. Әлде үйді сата ма? Кезінде прораб болып істеген күйеуі қолынан келіп тұрғанда үйді де, қораны да қатырып-ақ салған. Бір кездері ауылдағы ең сәнді де сәулетті үй болғаны әлі де байқалып тұр емес пе? Ал, өзі… Берікжан шақырды емес пе, ұлына бармағанда кімге барады. Пенсиясы бар, үйінің бір бұрышында отырар, немересін бағар».
Қора-жайы күтім көрген, бау-бақшасы жайқалған қызыл шатырлы, қызыл қақпалы еңселі үй тәуір бағаға өтті. Тіпті қызды-қыздымен баласын бөлек шығармақ болған Сәлімбай мен мектептің завхозы «мен алам» деп, «жоқ, мен алам, керек болса үстіне тағы қосып төлейін» десіп таласып қалмады ма… Шіркін, үйім де үй ақ еді…

* * *

Бала-келіні қалада әркімнің пәтерін жалдап жүріп, азын-шоғын ақшаның басын құрапты. Оған өзінің ауылдағы үйін, сиырын, қойларын сатқан ақшасы мен азын-аулақ пенсиядан артылғанын қосқанда ептеп құралғандай болды. Қаладағы баспана дегенің іргетасына алтын араластырып, шатыры күмістелетіндей удай қымбат болады екен, әлі де жетіңкіремейді, енді келін-бала банктен несие аламыз деп алашапқын болды. Алашапқын болмаған несі қалды, біреуіне барса ол «айлықтарың аз екен, қарыз бере алмаймыз» депті, екіншісіне барса қайтаратын пайызы көп көрінеді, қойшы, әйтеуір, қаптаған банктің біреуі ғана қарыз беретін болды. Енді келін-бала тағы ақ тер, көк тер болып жүгіріп құжат жинады. Сөйтіп, өздері шай сайын әңгімелеп отыратын үйлерінің шаруасы да бірыңғайлана келді-ау. «Біздің үйдің ауданы ыңғайлы, қаланың әр бағытына қатынауға болады екен» деп тап қазір сол үйінің төрінде шәниіп жатқандай сөйлеген ұлының, бар шаруасы түгенделіп, енді тек дүкенге баруы ғана қалғандай «Жиһаз алғанда бірыңғай ақшыл түстен таңдаймын, сонда бөлме кеңірек көрінеді» деп қиялында қалықтаған келінінің сөзіне Бәтиманың да көңілі әжептәуір өсіп, балаларының тілеуін тілеп, «е-е, Алла, осылардың ісін оңғара гөр» деп отыратын болды. Біреудің көңіл-күйі екінші біреудің ойына әсер ете ме, өзі де бала-келініне ілесіп, оңашада армандай беретін болыпты. «Ол үйге кірген бойда құран оқытқан дұрыс, әуелі әкесінің әруағы ырза болсын, ағасы Әди мен әпкесі Майра да інісінің өз алдына баспана алып, түтін түтеткеніне көңілдері толып, бір аунап қалар. Құран оқытамын дегеніңмен ол да бір той. Ауылдағы алыс ағайынды, Зипа құдағиды, өзін той-жиыннан әсте қалдырмайтын Рыстыны да қалдырмауы керек. Ойбау-ау, өзімен мектепте бірге жасаған Гүлзаданы ше? Қара басып ұмытып кете жаздағанын қарашы». Бәтима өстіп жатып шақыратын адамдарының тым көбейіп кеткенін байқайды, өзіне салса біреуін де шақырусыз қалдырғысы келмейді, біреуін төрге отырғызады, біреуіне тойбастар ұсынсам дейді. Берікжанның қоныс тойына жиналғандар, әй бір әнді аңқытып, ақ тілектерін жаудырса екен. Бір қараса, қиялымен сол әуелі құдайы тамақ болып басталып, ақырында тойға ұласып кеткен жиынға келетіндердің әрқайсысының иығына жабатын жаулық, кигізетін шапан іздеп жүргені. Өстіп жатып ұйықтап кетеді. Бірақ, бір түсінбегені, әне-міне көшіп баратын үйдің қарасы алыс секілді, ұлының алам деген баспанасы әне-міне алатын дүние емес екен, енді салына бастай ма, әлде енді іргетасы құйыла ма, сондай бірдеңе. Ұзақ жыл ауылдың мұғалімі болған Бәтима ештеңе түсініп жарытпады.
– Әлгі сатып алған үйлерің қайда?
– Апа-ау, айттым ғой, фирма ол үйдің құрылысын енді бастайды. Ұлы шешесінің әлі дымды да түсінбегеніне күлкісі келетіндей.
– Е-е, онда әлі жоқ үй десейші, оны қалай сатып аласың сонда? Бәтима түк түсіне алатын емес.
– Біз құрылыс фирмасымен келісім-шартқа отырдық, ақшасын төледік, құжаттары қолымызда. Фирма келесі жылы үйді тапсырады. Ал, біз оған дейін банктегі қарыздарымызды төлей береміз. Бәрі де заң жүзінде, – деп тәптіштеді келіні.
– Е-е, мейлі, әйтеуір, баспаналы болсаңдар болды ғой.
Келін-баласының көңіліне қарап осылай дегенімен Бәтимаға бұл тіпті үйлесімсіз шаруа көрінеді. Ең болмаса есік-терезесі ғана бітпей қалған үй болса бір сәрі, он екіде бір нұсқасы жоқ құрылысты да сатып алады екен-ау. Әлі көтерілмеген, тіпті сұлбасы да жоқ үй үшін банкке қарыз төлейтіні тағы бар.

* * *
Бұл дүнияда анау тәтті, мынау тәтті дейді, ең керемет тәттінің немере екенін Бәтима енді біліп жүр. Апыл-тапыл жүре бастаған Ақбаянның былдыр-былдыры да, күнде бір өнер шығаратын қылығы да күннен күнге тәтті болып, күнде тәттінің дәмін алған Бәтиманың өзі де жасарып бара жатқандай. Сәби де әжесіне әбден бауыр басып, қасына өзі жатпаса ұйықтамайтын болған. Ұйықтаса омырауға қолын салып жатады. Баласы мен келіні ерте кетеді, кеште келеді, бір-бірімен шүйіркелесіп асықпай шай ішуге де мұршалары жетпей сүріне жығылады. Жексенбі де жұмыс, мереке күндері де жұмыс. Бір шеті мен шегі жоқ, таусылмайтын жұмыс. Ойбай-ау, бұлар қашан тыным көреді сонда? Алашапқын бітпейтін не сүркіл, несие төлейміз, пәтер аламыз деп өле ме? Бәтима қарап отырып таңғалады. Әлдене дейін десе жақ жүндері үрпиіп, көздері кіртип шаршап келіп отырған келін-баланың көңіліне қарайды. Кейде ертелі-кеш бала бағып өзі де шаршап отырады.
Өзінің қалаға келгеніне бір жылға жуықтағанда келін-баланың қабағы салыңқы екенін, түсіңкі еңселерінен бір уайымға батқандарын байқады. Өздері шешіліп ештеңе айтпағасын не ойласын, жұмыстары ауыр шығар дейді. Бұрынғыдай болашақта алатын үй туралы да, ол үйге алынатын жиһаздар туралы да әңгіме сап тиылған. Бірде кішкентай Ақбаян өзі жиі көре бермейтін әке-шешесіне еркелегісі келді ме, біресе өзінен-өзі жылап, біресе шайды төгіп, бір уақытта апельсин жеймін деп мазаны алды. Өзі де шекесі тырысып отырған келіні «Алла-ай, неғылған заржақ бала, миымды ағыздың ғой, өзім миым ашып жүргенде» деп айқайға басып, қызын жағынан шапалақпен шарт еткізді. Ақбаян шар етті.
– Енді ашуыңды баладан аламысың? Оның не жазығы бар? – деп түрегелді Берік те.
– Алам, енді кімнен алам ашуымды? Соңғы кезде еркелеп, жаман болып кетті. Менің жүрісім мынау, баламның қасында отырып баға алмай, құл сияқты жұмыс істеп жүрмін – деді долданып.
– Енді… кішкене шыдасаңшы, отырарсың…
– Қашан? Қартайғанда ма? Мына түрімізбен өлгенде бір демалармыз. Өмірі ақша жетпейді, жұрттың алып жатқан бір бөлмелі пәтерін армандаумен өтетін шығармыз, – әбден жүйкелеп шаршап жүрген келіншек сабасына түсер емес.
– Болды, тоқтат! Мен жетісіп жүр дейсің бе? Екі жұмыста сілелеп жүргенімді көріп отырған жоқсың ба? Күннің шислосынан жаңылып қала жаздап жүргенде кредит төлейтін күн де келіп қала береді. Бір күн кешіксең пине қосылады дей ме, банк деген адамды аямайды екен…
– Оны маған неғыл дейсің, төлегің келмесе төлеме! Атаңның басына төлеп жатырсың ба? Фирма ол үйдің құрылысын бастап жатып сол күйі тастап кеткен. Біз ақымақ болып кредитті босқа төлеп отырмыз.
Осылай деп әлде долылықтан, әлде шарасыздықтан солқылдап жылап қоя берген келінін жұбатарын не қолындағы жәбірленіп жылаған баланы уатарын білмеген Бәтиманың шекесі солқылдап қоя берді. Құлағы шулап, қол-аяғы дірілдеп әп-сәтте күйі кетіп қалғанын аңғарды. Қан тасиды деген осы екен-ау.

* * *

Бұрын ішкіліктен алты қадам алыс жүретін мұғалімнің ұлы енді үйіне ішіп келетінді шығарды. Жұмысына да бармай қалатын болды. Бірде тым кеш келіп есік қоңырауын басқан ұлына есік ашпақшы болып орнынан тұрғаны сол еді, келіні мұны қолымен жасқап әрі өткізбеді.
– Қажеті жоқ, апа, ашпаңыз.
– Қарағым-ау, ашпағаны несі?
– Қаңғып, ішіп жүр ғой, жүре берсін. Қарны ашып, ұйықтайтын жер керек екені енді есіне түскен ғой, – деді келіні кекесінмен.
– Қой, шырағым, қанша ашулансаң да олай етпе. Жолдасың ғой. Кіргіз.

* * *

– Апа-ау, мойынымда осынша несие бар, оны не үшін төлеймін? Үй де жоқ, ақша да жоқ… отырып қалдық қой, апа-ау, – деп мырс-мырс етіп жылаған Берік сонда.
– Қой, сораңды ағызба жас бала құсап. Онысы несі, заңы бар, закүні бар ел емес пе, үкімет бірдеңесін қылар. Бұлай елді тонатып қойып отырар деймісің?
– Бұл елде заң жоқ қой, апа-оу, заң жоқ. Елдің ақшасын, мына біздің тірнектеп жинаған ақшамызды қалтасына салған алаяқты шетелге асырып жіберіп отырған жоқ па?
– Сөз болғаныңа, осы өздерің ғой, заңға сүйеніп құжат жинап несие алдыңдар, заңға сүйеніп фирмамен келісім-шарт жасастыңдар. Сонда қай заңға сүйеніп жүрсіңдер?
«Бақсам, бақа екен» демекші, бала-келіні жиған-тергенін салып баспанасын күтіп жүргенде әлгі фирманың басшысы бүкіл ақшаны қалтаға басып шетелге тайып тұрыпты. Алданып қалған 300-дей адам ішпей-жемей жинаған қаражатын кімнен сұрарын білмей дал көрінеді. Едел-жедел белсенді топ құрып, сотқа шағым түсірген екен, олар «ұрыны табуға әрекет жасаймыз, ал бірақ, ақшаның қайтуы неғайбіл» депті. «Бір жөні болар, бір шешімі шығар, ішетінді қайдан шығардың, құлыным ау, қойсаңшы» деп жалынып та айтты, жылап та айтты. Берік шешесіне сөз береді, бірақ, аты беріктігін қайтсын ай, сөзіне берік болмай шықты, тіпті үйге сау келетін күнін санауға айналды бұлар. Бұл үйдің берекесі сол қашқаннан қашты ғой. Келіннің қабағы ашылмайтын болды. Елде жоқты шығарып тамақты да бөлек-бөлек ішетіндерін қойшы, құдағайының екі кештің арасында келіп мұның немересін «өзім қарай тұрам» деп алып кеткені Бәтимаға қатты батты. Сондағы Ақбаянның «әжелеп» шырылдап, кіп-кішкентай қолдарымен мұны тас қылып құшақтап алып, көзінен пора-пора жас ағып боздағаны есіне түссе әлі күнге дейін өзінің ішінде бірдеңелер үзіліп кеткендей болады. Құдай-ау, үйді үй қылып, іші-сыртын қызыққа толтырып отырған кішкентай Ақбаян екен ғой, сәбиді нағашы шешесі алып кеткелі көшкен елдің жұртында қалғандай болды. Күйеуі қайтқалы екі жыл жалғыз тұрғанда да бүйтіп құлазымаған, мүмкін, жалғызсыраған шығар, бірақ, тап осылай елегізгені есінде жоқ. Бұл дүнияның тәттісі, базары, думаны Ақбаянжан екен. Енді Бәтима өзін қуыс үйде артық сезініп, отырса құр отырғанына қысылды, тұрып жүрсе аяққа оралғы болатындай көреді. Ең ақыры үйдің тірлігіне қолғабыс жасайын десе келіні «өзім жасаймын» деп қолынан жұлып алатын жағдайға жеткенде, «енді қайда барам» дегенді ойлай бастаған. Бұлар жалдап жатқан пәтердің иесі келіп, «пәтерақысын уақытылы төлейтін квартиранттар келетін болды, келесі айдан бастап босатыңыздар» деп кеткенде бұл да іштей бір ойға бекінгендей болды.
Тұңғышы темір табытпен оралғанда теңселіп кетіп құламай қалған. Екі ұлдың ортасындағы жалғыз қызы жастай марқұм болып кеткенде де сына жаздап ақыр түбінде «Алланың ісі» деп сабырға келген. Талай жыл отасқан ері қайтыс болғанда жалғызсыраса да қайғыға тізгін бермеген. Сонда мұны қолынан жетелегендей қылып алға сүйрелеп алып жүрген – «Берікжан азамат болды, соның баласын көріп, қызығын қызықтаймын» деген үміті еді. Ол үміті де адыра қалды. Ұлы тағы ішіп келіп, «Кредит алайық деп бәленің бәрін бастаған сенсің! Бар ақшамызды жинап жер алып, үй салайық дегенде «балшық басып бейнет кешіп жүреміз бе, елден неміз кем, алғасын пәтер алмаймыз ба?» деп аспанға шапшып едің! Ал, төле! Үйіңнің орнында қазықтар мен қаңтарылған жалғыз краннан басқа дым жоқ, бар көр! Кредит алайық деп… енді төле өлгенше» деп қызынып, келіншегіне қолын ала жүгіргенде Бәтима ара түсем деп, екі арада ұлының жұдырығы өзіне тиіп кеткен. Тіпті байқаусызда қолы тиді дегенмен де, бұл оқиға төзімінің соңғы жібін үзіп жібергендей болды. Жатқан жерінде құсып, айналасының әптер-тәптерін шығарған ұлына қарап тұрып ақыры осы үйден кетуге бел буды. Арада бірнеше күн өткенде келіні мұның көзінше Берікке «пәтер иесі босатыңдар деп жатыр, басқа пәтерге ақша жоқ, мен шешемнің үйіне барып тұрам, егер семьяң керек болса барасың, арағыңды қоясың, жұмысқа тұрасың, қисаңдамайсың!» деді. Келіннің шартына ұлы үнсіз келісті. Келіскені ғой, ештеңе демеді, тіпті шешесіне де көз салмай төмен қарап кетті. Ертеңінде үйде ешкім жоқта Бәтима жинала бастады. Қағаз тауып: «Айналайындар, мені іздемеңдер. Кеткен шығынның орны толар, баспаналарың да болар, ақылдарың болса татуласыңдар да еңбек етіңдер. Пенсиямды Ақбаянға деп салып отырам, менің өтінішім – немереме руын үйретіп, атасының жақсы адам болғанын айтып отырыңдар» деп жазып қалдырды.

Хат

Хат жазу Бәтиманың жаны сүйетін ісі. Әрі көңілі бөлінеді, әрі жадындағы қимас шақтарды жаңғыртып, ішіндегі шері тарқайтындай. Бұрынғыдай емес, соңғы кездері әріптер бұлдырап, көз алды тұманданып, көзінің көруі нашарлап жүрсе де жазуға бәрібір аңсары ауып тұрады. Бір қалыптан шыққандай тізілген әріптер бастауыштың баласына жазу үйреткен мұғалімнің қолын аңғартар еді.
«Қадірлі, Бөкес(күйеуінің аты Бөкенбай болатын), – деп бастады хатын ол әдеттегіше. Сосын кібіртіктеп қалды. (Кешелі-бері айтпағы көп еді). Көптен хат жазбай кетті деп ойлап жүрген шығарсың. Жазам ғой. Жазбай қалай шыдайын. Тек соңғы аптада қайта-қайта қаным тасып, мазам болмады. Бірақ сен уайымдама. Доғдыр берген дәрілерді ішіп жүрсем орнына келеді ғой. Бізде бәрі бұрынғыша. Айтпақшы, өзіңді түсімде көрдім. «Мал қораның сылағы түсіпті, құдық көптен аршылмапты» деп сөйлеп жүр екенсің. Мал қораны ана бір жылдары майлап едім ғой, одан бері қолым тимей жүр. Ішінде мал болмағасын сәні қайдан кірсін оның. Есіңде ме, біз екеуміз сиыр бұзаулайтын күні не қой қоздаса төлі қатып қалмасын деп ұйқы көрместен енемнің көзіндей болған аспалы шамды алып шығып, түнімен қора мен үй арасын жол қылушы едік қой. Жаңа туған қозының сүйкімдісін ай, пештің алдындағы қуысқа жәшік апарып, қозыны соған салып, емізікпен сүт бергенде төлдің баласы болса да елжіреп кетесің. Қазір ол қора бос. Қора толы мал қайда дейсің бе? Таусылды ғой. Бірі жоғалды, бірі арам өлді, коммерсантқа кеткені бар… Малды қойшы, бір жұттық емес пе? Одан да балаңды сұрамаймысың? Екі бауырының артында қалған сарқыты… жалғыз ұлыңды. Енді сұрағалы жатырмын деймісің… Берікжанның жағдайы жақсы. Қолында құдағи бар. Құдағи ол үйде неғып жүр деймісің? Е-е, жүрсе несі бар екен, бөтені емес, әйелінің шешесі ғой, далаға тастай ма енді. Оның үстіне қазір оңған жұмыс та жоқ. Қасындағы Мәкіш, Қанаттармен арақ ішіп қисаңдап жүргенше енесінің қолында түзу жүргені де дұрыс болды. Әйтеуір, аман болса бопты».
Осы жерде Бәтима өзінің еріксіз күрсініп жібергенінен өзі тосылып қалғандай болды. Үстелден кері шегініп ойланып кетті. Бетіндегі айқұш-ұйқыш әжімі тереңдеп кеткен. Ақбаян былдырлап жүрген еді, ендігі тақпақ айтып жүрген шығар-ау! Немересі туралы ойлаған кезде кемпірдің жүзінде арай жүгіріп өтті. «Үй-байй, белім». Осыкүні ұзақ отырғанды көтере алмайтын болыпты. Тізесі түскір де басуға жарамай қалады. Бәтима орнынан екі ұмтылып барып әрең тұрды. Үстелдегі жарықты өшіріп, теңселе басып төсегіне таяды.

* * *

«Бөкес, алдыңғыкүні жазған хатымды аяқтамағаныма ренжіп жатқан жоқпысың? Не пәлесі барын, осыкүні белі түскір шойырылып қалады. Көзім де бұрынғыдай емес, бұлдырай береді. Баяғыдағы, есіңде ме тоқсаныншы жылдары ауылда жарық жоқ, шаммен отырушы едік қой, сарылып оқушылардың дәптерін тексерген қойсын ба, майы таусылған шығар көздің. Үлкейдік қой, шал ау, үлкейдік. Кейде саған айтам дегенімді бір айнала беріп ұмытып қалам.
Ойлап қарасам, екеуміз жаман өмір сүрмеппіз. Сенің қолыңның шеберлігі ғой, ауылда біздің үйден әдемі үй болған емес. Мен мектепте едім, елдің бәрі сыйлайтын, обалдары қане, әлі де көзкөргендер төрге шығарады. Өзім оқытқан оқушыларым «біздің апай» десіп құрақ ұшап тұрғаны, оларына рахмет. Үш бала өсірдік, бірте-бірте қорадағы бір сиырымыз бен үш қойымыз да көбейе бастады. Қонаққа бардық, қонақ шақырдық. Сенің сыйлыққа сағат алғаның, грамоталарың бәрі қуаныш еді.
Есіңде ме, алғаш үйленгенде балшық басып, қолдан соққан там үйде тұрғанымыз. Оның едені қарақағаздан болатын. Ал, төбесінде бөренелер тұратын. Кейін жаңа үй салдық. Сондағы қуанғанымыз ай. Мен шаршамастан терезесін замаскілеп, сырлап, сен ағаш еденді күрең қызыл сырмен сырлап едің ғой. Есік сырлайтын көк сыр таппай сабылғанымыз ше? Бірде сен ауданға барып қобдиша тәрізді теледидар алып келдің. Сондағы балалардың алақайлағаны әлі көз алдымда. Ауласына құдық қазып, цистерна көміп, су таситын машинемен су құйдырып жүрдік. Сыммен қоршау жасап шағын бақша да салдық. Жазғы сарай салып, сен төбесіне шығып, мен төменнен алып берген лайды құятынсың. Қақпамыз қандай еді? Мен оны көк сырмен сырлап, сен оған ақ сырмен көлде жүзген аққудың суретін бастырғаның есіңде ме? Кейін төбесін қызыл профлистпен шатырлап, қақпаны да қызыл қақпаға ауыстырғанда одан әрі сәні кірген еді ғой. Көктем енді шыққанда біздің үйіміз анадайдан аппақ болып көз тартатын. Сонда анау Ләтипалар «Сен пысық қатын болып не жедің ей, елден бұрын үйің ақталып, тіпті бақшаңдағы картобың да елден бұрын шығады» дейтін.
Шыдамың таусылып отырған шығарсың. «Не айтайын деп отырсың, сипақтатпай айтпаймысың былай жөндеп» деп дегбірсізденіп кететінің бар еді ғой. Айтам ғой, айтам. Айтпай қайда барам. Сол қабырғаларында екеуміздің алақанымыздың ізі қалған үй енді жоқ. Барын бар ғой, бірақ өзің барып еркін кіре алмағасын жоқтың есебінде емес пе? Ой, құдайым ай, не айтып кеттім… ол үйде енді Бәтес кемпірдің ұлы Сәлімбайдың Қайыр деген ұлы тұрады. Неге саттың деймісің? Ашуланба, сабыр. Саған бір күні өзім айтармын деп жүр едім, Берікжанның қажетіне жарасын деп, бала-шағасымен тұратын баспанасы болсын деп… Саттым. Берікжанды қуантқанымды Әди мен Майражанның әруағы құптаған шығар-ау, сен де өкпелемессің»…
Хаттың осы жеріне келгенде кемпірдің қолы жүрмей қалды. Сыртынан қараған адамға оның бүкшиген иығы селкілдеп отырғаны байқалар еді. «Білем, білем, не ойлап отырғаныңды. Қалқиып соңымда қалғанда сол шаңырақты күзетіп, шырақшы болып отыр демеп пе едім деп айтқалы отырғаныңды да сезіп отырмын. Ій-и, шал-ау, қырық жыл отасқанда сенің бүкіл мінезіңді жаттап, әлі айтпаған ойыңды оқып үлгеретін халге жеттім ғой». Кемпір бұл жолы есіне әлдене түскендей оқыс күліп жіберді. Осы кейпінде көңілі жайланған қалпы күйеуіне еркелеп отырғандай.
«Жәә, қойшы енді. Кішкене бала құсап бұртима. Қайтесің. Біз ата-ана ретінде қолдан келгеннің бәрін жасадық, үй салдық, балалардың бөлмесіне алғаш рет тұсқағаз жапсырып, сен қаладан барып балаларға деп парта, кереует сатып әкелген кезің есіңде ме, сонда Әди де, Майра да қалай қуанып еді. Ол кезде ауылда балаларына бөлме жасап беретіндер сирек еді. Бірді айтып, бірге кеттім-ау, шаршадым білем. Кеше де әрнені ойлап ұйықтай алмадым, Бөкес-ау. Мен не ойламайды дейсің. Әдижан қасымда болса былтыр елуге келетін жылы еді, ауылдағы көзкөргеннің бәрін шақырып, құран бағыштап, құдайы тамақ та бере алмадым. Маған тіпті сол Әдижан аман-сау басқа жақта жүргендей көрінетіні бар…»
Хаттың осы жеріне келгенде кемпір өзінің сілесі қатып әбден болдырып қалғанын анық сезді. Үһілеп орнынан көтеріліп төсегіне беттегенде өзінің тұла бойының әжептәуір жеңілейіп қалғанына таңғалды.

* * *

Мына қыздары бар болғырлар қашан келеді? – деген Сараның даусын ешкім естімегендей. Он төртінші палатаның бір ыңғайлы жері – дәліздегі шу, кейде үлкен кісілердің әлденеге келіспей өзара керілдескені, айқайлағаны, қылғына жөтелгені естіле бермейтін. Ыңғайсыз жері – бөлмеде отырып дауыстасаң оны медбикенің де, күтуші келіншектердің де бірден ести қоюы қиын.
Мезгілімен жуындырып, қалаған уақытында тамағын ішкізетін күтуші қыздың қадірі өтті, оның қарағанындай жағдайы көзінен бал-бұл ұшқан кейуананың сүдіні қашып кеткен. Уақытында ауыстырылмайтын жөргегінен жиіркенгенімен оны кімге айтсын? Бұл жердегі жүйкесі тозған санитар келіншектер оның базынасын тыңдайтын жағдайда емес, сөзі ұнамаса қураған ағаштай сәнінен айрылған, әлі кеткен кәрі адамды қаңбақ құрлы көрмей сілкілілеп те жібере алады, оның үстіне өзі сияқты қолға қарап қалған кәрілер жетерлік. Әсіресе, дене бітімі нәзік келіншектерге төсекке таңылған ер адамдарды қарау, әрі-бері қозғап, астын ауыстыру оңай шаруа емес. Ақ тер, көк терге түсетін. Орталық жүйке жүйесі зақымданғаннан әрі ағзасы биологиялық және психикалық жағынан тозған кәрі адамдарға күніне 4-5 рет көмек керек болатыны бар. Кемпір тамырлары адырайып, терісі жұқарып, қарайып кеткен қолдарымен әбден еті қашқан тізесін сипады. Сырқырай ауырған аяғын өзі әбден мезі болған кереуеттен тез-тез түсіріп жүріп кете алмағасын өзгесінің бәрі адыра.
Сара кемпір төсегінен басын көтеріп жан-жағына қарады. Бетін әрі бұрып ұйықтап жатқан Бәтиманы көрді. «Өзі бір мінезі жайлы, біртоға адам, мұғалім болдым дейді. Бейшараның үш баласы болған екен, екеуін жерге беріпті. Ашылып әңгіме де айтпайды. Мына бергі төсекте жататын Рыскүл дегені қайда кетті екен? Өзі қашан көрсең де аузына бірдеңе салып шайнап жеп жүргені. Атам заманғы қоңыр чемоданы да көрінбейді. Екі-үш күн сайын шатысып, қайтадан танысып жүретін ол байғұстың ешкімге зияны да жоқ, жұрттың тамағын қоймайтыны болмаса» деп ойлады. Бөлмеге біреу-міреу келе ме деп тағы біраз күтті.
– Ау, кім бар? Тағы да тырс еткен жан болмады. «Бүйтіп пұшайман қылып жатқызғаныңша ала бермедің бе, Құдай-ау», – деді кемпір таусыла сөйлеп.
Оңашада өкпесін де, басқасын да бір өзіне айтып, Құдайды өзінің дос құрбысындай көретін кемпір бұл күннің де жылт етер жаңалықсыз өтеріне еш күмәнданбады. Ол тек күтуші келіншектердің бірі келіп, дымқылданған жөргекті ауыстырса екен деп тілеп жатты.
Бұл күні терезе алдындағы қоңыр үстелге ешкім жақындамады. Аяқталмай қалған хат та, хат жанындағы көк қаламсап та жетімсіреп жатты. Қарттар үйінің бір-бірінен еш айырмасы жоқ кәдуілгі күндерінің бірі еді. Бір мезгілде бөлмеге басына орамалын басып тартып алған еден жуушы әйел кірді. Ол үстел үстіндегі хатты ұмар-жұмар бүктеп шелекке сала берді. Үстелге жапсарлас тумбоны ашып еді, оның ішіндегі бірінің үстінде бірі тізілген конверттерді көріп көзін бақырайтып, ішегін тартты. Тіпті аузындағы шайнаң-шайнаң еткізіп шайнап жүрген сағызын түкіріп тастады.
– Бұ не хат? Ой, Алла, осы адамдар да ерігеді! Адам демалатын уақыт таппай жүрсе, роман жазған ба немене?
Әйел конверттің сыртына үңілді. Онда ешқандай адрес көрсетілмеген еді. Ал, ішіндегісін оқуға оның зауқы болмады. Сәлден соң мекен-жайы көрсетілмеген хаттар қара шелекте жатты. Сәлден соң санитарлар келіп беті ақ жаймамен жабылған Бәтиманың денесін катафалкаға салып алып бара жатты. Қуыстағы он төртінші палатадан «Ух-х, бүйтіп пұшайман қылып жатқызғаныңша ала бермедің бе, Құдай ау», деп зарлана сөйлеген кемпірдің ғана даусы естілді.

08.10.2016

Жадыра Шамұратова

Комментарий (1)

  1. Reply
    Алаш Кеңшілікұлыговорит

    Керемет жазылған әңгіме.
    Рақмет «Жұлдыз » жұрналының редакциясына

Пікір қалдыру