КОМИССАР ЖҮРГЕНОВ
Оқырманға
Қолдарыңыздағы кітаптың тууына «Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қор» төрағасы Сәби (Сәпен) Әбдіқадырұлы Аңсат түрткі болды. Осы қадірменді ақсақал басқаратын Қор қасіретті жылдарда жазықсыз оққа ұшқан халқымыздың адал ұлы, еліміздің айтулы мемлекет және мәдениет қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргенов есімін ардақтау жолында көптен бері жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан көрінеді.
Мен Темірбек Жүргеновтің өмір жолын зерттеуді алғаш рет орталық биліктің Қазақстандағы Желтоқсан саяси көтерілісін күшпен басуы салдарынан туған «Кіші 37 жыл» сергелдеңі басыла келе, 1988 жылдың басында қолға алған едім. «Қазақ әдебиеті» газетіне мақала әзірлеп жүргенімде мені әдебиетші, фольклоршы ағамыз Мардан Байділдаев Темкеңнің зайыбымен – сталиндік лагерьлер азабын тартып оралып, арамызда тірі жүрген Дәмеш апаймен таныстырған болатын.
Содан бері осынау тамаша мемлекет және мәдениет қайраткерінің бүгінгі мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізген ұлы күрес жолындағы ұмытылмас істері, осы ұлы оқиғаға қосқан шешуші үлесі жөнінде әрәдік қалам тербеп жүргеніммен, ірі шығарма жазуды ойыма ала қоймаған едім. Бұл ойды Сәби Аңсат ақсақалдың «Т.Қ. Жүргенов атындағы қоғамдық қор» атынан айтқан ұсынысы оятты. Және жұмыс барысында белгілі дәрежеде жанашырлық, мүдделілік танытып, кейбір шүбәлі деректерді нақтылау жолын көрсетіп отыруы, жазыла бастаған туындының алғашқы қара жазуын мұқият оқып, шығармашылық пікір білдіруі оны ширатуға жәрдемдесті. Осы риясыз көмегі үшін нағыз жүргеновтанушы Сәпен ағаға шын жүректен алғыс айтамын.
Осылай Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған «Комиссар Жүргенов» романы дүниеге келген еді. Егер осы туынды үлкен ұлт қайраткерінің бейнесін жұртшылыққа кеңірек танытуға мысқалдап болса да қызмет көрсете алса – мақсаттың орындалғаны…
Автор
Биік межеге беттеу
І
Қазақстан басшылығы мәдениет құрылысындағы жетістіктерге әбден қанағаттанды. Бұл жайында Отыз алтыншы жылдың басында Ресей Компартиясы Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Левон Исаевич Мирзоян Бас хатшы Иосиф Виссарионович Сталинге баян қылды.
– Жақсы, – деді Сталин, – онда сіздер социализмнің қараңғы қазақ халқын қандай рухани биікке көтергенін Мәскеуде паш етесіздер.
Осылай социализм оятқан қараңғы қазақтың жетістіктері арнайы онкүндік күндері көрсетілуге тиістігі шешілді. Көп ұзамай қазақ өнері мен әдебиетінің Мәскеудегі декадасын мамыр айында өткізу жоспарланғаны белгілі болды.
Халық комиссары Жүргенов театр басшылары мен өнер қайраткерлерін халкоматқа шақырып алып, бұл жөнінде ресми хабардар етті. Мәскеудегі әдебиет мен өнер декадасына Қазақстанның алдында Украина барады екен. Бұл жайында да құлағдар ете келіп, комиссар:
– Мәдениеті, өнері, әдебиеті әлдеқашан алға шыққан елдің қасында біздің көрсетеріміз тым қораш көрініп қалмауын ойлап, не істеу керектігін ақылдасамыз, осыған байланысты ішкі дайындықпен, жинақы, сергек жүріңдер, – деп, хабарламасын тапсырмамен аяқтады.
Аз күннен кейін комиссар Жүргенов өнер қайраткерлерін ақылдасу жиналысына шақырды. Бірден ештеңе шешіле қоймады. Күн сайын даулы, айтысты кеңестер өткізіп жүріп, ақыры бәрі ортақ келісімге келісті. Сөйтіп, онкүндікке не апаруды талқылаған ұзақ кеңесті Темірбек Жүргенов былай қорытты:
– Баршаңызға мәлім, біздің әлі жас, енді ғана қаз тұрып келе жатқан музыкалық театрымыздың репертуарында бар болғаны төрт-ақ спектакліміз бар, Мәскеуге солардың екеуін ғана – «Қыз Жібек» пен «Жалбырды» апаруды дұрыс көреміз.
Таңдаудың бұларға түсу себебін қысқаша түсіндірді.
«Қыз Жібек», сөз жоқ, көркемдік биік өреде жасалған біздің тұңғыш ұлттық операмыз. Оған халқымыздың ғасырлар тереңінен жеткен жыр-дастаны өзек болған. Оны ұлтымыздың рухани асыл қазынасындағы ән-күйлердің небір інжу-маржаны ажарландырып отыр. Ол – махаббатты арқау еткен әлемдік туындылардың қай-қайсысымен де иық тірестіре алатын шын мәніндегі классикалық дүние.
Ал «Жалбыр» – тарихи-революциялық тақырыпта жасалған біздің бірден-бір құнды опералық туындымыз. Мұнда бұқара халықтың әйгілі Он алтыншы жылы патша өкіметінің саясатына, езушілерге қарсы көтерілуі, ұлт азаттығы жолындағы күресі ұлттық әндерімізбен әрленіп, керемет көркем көрініс тапқан.
Кеңеске қатысып отырғандар бұл таңдаудың дұрыс болғанын қостап жатты.
– Онкүндікке музыкалы театр барғаны дұрыс деп бірауыздан шештік қой, жолдастар, – деді комиссар Жүргенов одан әрі, – бұған ешкімнің дауы жоқ, әрине. Өйткені таңдалған спектакльдерімізді дүниеге әкелген осы музтеатр. Десек те, оның құрамына драма театрындағы дарындардан іріктеп, біразын таңдалған спектакльдерге қатыстыруды қош көреміз.
– Бұл қалай болмақ сонда? – деген күдікті дауыстар естіліп қалды.
Жүргенов қысқа қайырды:
– Мұның қалай жүзеге асырылатынын екі спектакльдің де қоюшылары ретінде белгіленген бас режиссер Жұмат Шанин мен режиссер әрі орындаушы Құрманбек Жандарбеков қарастырады.
Одан әрі декада бағдарламасында Үлкен театрда ауқымды фольклорлық концерт қою көзделіп отырғанын аян етті.
– Онда, әрине, Ахмет Жұбановтың ұлт-аспаптар оркестрі өнер көрсетуге тиіс. Александр Александров өзінің балет студиясында балғын шәкірттерімен классикалық балеттен үзінді әзірлейді, – деді.
Сосын онкүндік ауқымында берілмек үлкен концерттің мазмұнын былай аша түсті: – Жалпы, концертте театрланған түрде қазақ халқының әдет-ғұрпы, тұрмыстық өмір салты мейлінше толық көрініс табуға тиіс. Яғни, қыз ұзату, келін түсіру өз алдына, ат жарысы, көкпар тарту, қыран бүркіт салумен қатар, айтыс, ән, би, күй, жыршылық, суырыпсалма тапқырлық өнерлері көрсетілуге тиіс.
Сондай-ақ декадаға көркемөнер, қолданбалы өнер көрмесін дайындап, жазушылардың әдеби туындыларын, декадаға арналған арнаулы жинақтарды шығарып апару қажет… Осы орайда комиссар бұлардың бәрі тиянақты түрде әзірленуді керек ететінін ескертеді. Таяу арада нақты жоспар жасалады, осы ретте баршасының әр тараптан көмектесуі қажет болады…
Декадаға дайындық жасау комиссиясының төрағасы ретінде Темірбек Қараұлы Жүргенов бекітілгені мәлім. Жасалған ауқымды жоспарға сәйкес, ол күндіз-түні жұмыс басында жүрді. Бар саладағы жалпы басшылықты өз қолында ұстады. Бірінші кезекте темірдей тәртіп пен тиянақтылықты талап етті.
Жүргенов онкүндікке дайындалуға кірісер алғашқы күні-ақ жұмыс тәртібі қатаң кестеге негізделгенін, оны бұзбай, мұқият сақтау қажеттігін ашып айтқан болатын.
– Жолдастар! – деген ресми түрде. – Сіздер жауапты жұмыстасыздар, ұмытпаңыздар мұны. Уақыттың аз екені қай-қайсыңызға да мәлім. Алдымызда үлкен сын тосып тұр. Біліп қойыңыздар, бұл декада бәрімізге сын. Елге, халыққа сын. Еліміздің намысын ойлайық. – Елшілдік, отаншылдық сезімді қайрайтын сөздерін:
– Дайындық аяқталғанша жұмыс тәртібі мынандай болады: жұмысқа таңғы тоғызда келесіздер, үйлеріңізге түнгі онда қайтасыздар. Түстікті театрдың ішінде ішесіздер. Осындай тәртіппен бәріміз де аянбай жұмыс істеуіміз керек. Сонда ғана ұятқа қалмауымыз мүмкін… – деп аяқтады.
Темірбек жас музыкалық театрды өз қолымен тұрғызған еді. Аса зор сүйіспеншілікпен аялап, айтып-жеткісіз қамқорлыққа бөлеп келген. Әр қойған спектакльдері хақында орыс оқырмандарына арнап салиқалы мақалалар жазып тұрған-ды. Ол театрдың мақтанышына айналған әншілер мен бишілерді де арнайы оқу көрмеген тума таланттар арасынан өте танымпаздықпен өзі іріктеген болатын.
Декадаға дайындық барысында ол театрдың басшылығына өзгерістер енгізді. Бұрынғы әкімшілік қызметтерінен Қанабек Байсейітов пен Құрманбек Жандарбековті босатып, ештеңеге алаңдамай, тек қана өнерпаздық, әншілік шеберліктерін шыңдай беруді тапсырды. Онкүндікте қазақ өнерін биіктен көрсету екеуіне және олардың жарлары Күләш пен Шара сынды қазақтың нағыз аруларына, үкілі үміттеріне байланысты болмағын қатаң ескертті.
Бас режиссерлік міндетін Жұмат Шанин мүлтіксіз атқаратын, соған қарамастан, бұрынғы репертуар таңдау, қойылым әзірлеу, музыка сұрыптау, сахнаны безендіру секілді толып жатқан шаруалармен тікелей өзі шұғылданғанындай әдетпен, онкүндік қарсаңындағы барлық дайындық жұмысына күні-түні өзі араласып, көркемдік жетекшісі міндетін іс жүзінде өз мойнына артып, соңғы шешімді өзі шығарып отырды.
Театрдың декорацияларын әзірлеушілер, сахнаны жасаулаушылар арасында да жиі боп тұрды, ескертпелерін, ақыл-кеңестерін айта жүріп, жұмыстарының сапалы шығуын қадағалады. Темкеңнің пікірінше, сахнадағы бар көрініс жасандылықтан ада боп, өзінің табиғи түрін танытуға тиіс. Қазақтың бай сән-салтанатын, ұлттық киім-кешегін, әдет-ғұрпын мәскеуліктер көрген емес, сондықтан сахнада шын мәнінде қазақ үйі тұруы керек.
– Бізге онкүндікте бутафория қолдану тиімсіз, – деді ол декадаға дайындық жасау комиссиясының мәжілісінде, – біз ұлттық өнерімізді паш еткелі бармақпыз, ал сахнаға жалған, жасанды заттар қоюмен мақсатымызға жетуіміз екіталай боп қалады…
Халком әрі комиссия төрағасы Жүргеновтің осындай талап қоюының арқасында сахнада нағыз қазақ киіз үйі тігілетін болды. Оның ішкі көрінісі де барынша ұлттық табиғи көркімен көзге түсуі тиіс деп шешілді. Сахнаны жабдықтауға керегелер, уықтар ұстаған шаңырақ, бау, басқұрлар, шашақты дөдегелер, түрлі ою-өрнек, кестелермен безендірген ішкі жасау, кілем, алаша, гүлді текеметтер, өзге де екі спектакльге қажет бұйымдар, ат әбзелдері, ұлттық қару-жарақтар табу немесе арнайы әзірлеу міндеттелді…
Темкең артистерге арнап рөлдеріне сәйкес тігілуге тиіс киім үлгілерін де өзі қарап, бекітіп отырды. Артистердің репетицияларын келіп көріп тұруда да айрықша ұқыптылық көрсетті. Ол онкүндікке дайындық кезінде пайдалану үшін театрға Ішкі істер халкоматының клубын алып берген болатын. Бірде сонда репетиция барысын көре кетуге соғып, басты әншілердің шай ішіп демалып отырғанының үстіне түсті…
Әзірлік деп дамыл таппай жүрген әншілерде мезгілінде үйлеріне барып ауқаттанып келуге де мұрша жоқ. Әркім үйінен әзір тамақ әкелтеді немесе театрда арнайы ұйымдастырылған буфеттен керегін алады. Шараға анасы үш-төрт мезгіл баласын емізуге әкеледі. Бір қолына – құндақтаулы сәби, екінші қолына шәйнек ұстап, ақ жаулығы ағараңдаған апаны есіктен көрісімен:
– О, менің айналайын алтын әпкем! – деп, Қанабек бас салады.
Сосын рахаттанып шай ішу басталады. Сондай бір шақта кіріп келген Темкең қою шашы тік тұрып:
– Сендерге бұл жер шайхана емес! – деп зірк етті.
Мұндайда шәй жайына қалатын. Олар Темкеңнің нақылдарын тыңдап, оны өнерлерінің шыңдалу барысымен таныстыратын…
ІІІ
Темірбек декадаға көрме әзірлеп жүрген топпен кеңес өткізіп болып, енді үйге қайтқалы жатқанда телефон шылдырлады.
– Әлі жұмыста екенсің ғой, Темірбек, өзім де солай ойлап едім, – деді трубкадан Ораз Исаев. – Қазір ғана Парижден Мирзоян хабарласты. Ол бір тілек айтты, соны саған жеткізгенше асыққаным ғой. Неғып ұзақ отырып қалғансың?
– Ұзақ отыру деген жоқ, жаңа жұмыс тәртібі сондай ғой. Бүгін көрме жайын пысықтап едік. Орталық музейден, ұлттық мәдениет институтынан, жеке авторлардан алынатын жұмыстар тізімін қайта қарадық… Иә, не тілек айтыпты басшымыз, Ораз?
– «Қазақты ақын халық деуші едік қой, декадаға ақын апарайық», – деді. Қандай ақын керек екенін де айтты. – Ораз күлді. – Сүлейман Стальский секілді бір қарт ақынды табыңдар деп тапсырды. Қалай, орындай аламыз ба?
– Оның не қиындығы бар, Ораз-ау? Бір емес, бірнешеуін тауып берем. Есіңде ме ел ішінен алдыңғы жылы слётке келген дарындар?
– Иә, иә! Тек мықты біреуін дайындасаң болады ғой, Стальскийден кем түспейтіндей бірегей біреуін…
– Құп, Ореке, іргеміздегі Жамбылды іздетейін таңертең. Ол кісінің тек жасы үлкен, шындап келгенде Сүлейманның әкесіндей деуге болады…
– Байқаймын, оны тікелей танисың-ау деймін?
– Жоқ-ә… Бұл кісі ана жылы жазушылардың бірінші съезінен кейін даңқты болды ғой. Лезгин ақыны, Горький оны «Жиырмасыншы ғасырдың Гомері» деп атады. Өз фамилиясы Ибрагимов, бірақ өзі шыққан ауылының Стал деген атауы тегі сияқты боп кеткен көрінеді…
– Жақсы-жақсы, тек біздің ақсақалдың одан кем түспейтініне сенімдісің бе? Қанша дегенмен жасы ұлғайған кісі…
– Мен бұл мәселемен таңертең нақты шұғылданайын, сәл пұрсат бер, Ораз!
Ертеңіне жұмысқа келісімен көмекшісіне тапсырма беріп, репертуарларды бақылау ісімен шұғылданатын қызметкері ақын Әбділдә Тәжібаевты шақыртты.
Әбділдәнің әдебиетке деген құштарлығын қаршадайынан анасы оятқан-тын. Анасы араб, парсы тілдерін жақсы білген сауатты, көзі ашық, ақын кісі еді. Тумысынан дарынды, зерек те сергек баласын таңғажайып шығыс поэзиясымен де, туған халқының бай да көркем ауыз әдебиеті мұраларымен да алғаш өзі таныстырған. Құнарлы нәрден ләззат алып өскен Әбділда өз шығармашылығымен де ерте танылып, жиырма бес жасында жазушылардың тұңғыш съезінде одақ хатшысы болып сайланған.
Міне осы қызметі кезінде Әбділдә ағарту комиссарын терең тани түскен-ді. Жұрт арасына кең тарап кеткен: «Темір десе темір екен», «Өзінде де дамыл жоқ, өзгеге де дамыл бермейтін болса керек» деген мақтау лақабының тегін емес екенін өз көзімен көрген. Әсіресе күні кеше өткізген халық өнерпаздарының слётін айтсаңызшы! Әбділдә Жамбыл, Нұрпейіс, Шашубай, Орынбай сынды кәрі ақындарды, Тайжан, Нартай сияқты гармоньға қосылып жырлайтын жыршыларды алғаш рет сонда көрген, үнін де тұңғыш сонда естіген. Өз дүбірімен бүкіл ел ішін елеңдеткен сол тамаша жиыннан кейін, нығыз отырып, шешіп сөйлегенді, кесіп істегенді ұнататын қаршыға пішіндес нарком Жүргенов оған:
– Кел, бала, қызметтес болайық, – деген…
Декадаға дайындық қызу жүріп жатқан шақта, сәуірдің орта шамасында, Әбділдәға Ағарту комиссарының көмекшісі ертемен телефон соқты:
– Сіз дереу наркомға келіңіз, – деді.
Әбділдә кідірмей екінші қабатқа көтеріліп, үлкен кабинетке кірді.
– Тым ерте мазаладым ба, бала? – деді комиссар.
Қолын беріп, қасына отырғызды.
– Мезгіл сондай, шырақ. Есімізді енді жия бастаған шақта қимылдап қалуымыз керек. Біз қимылдамасақ, кім қимылдайды? – деді ойлы жүзбен.
Әбділдә нарком ағасын бас изеп қостады да, үн-түнсіз құлақ түрді.
Сәл ғана тыныстап алды да, комиссар Жүргенов:
– Левон Исаевич Францияда емделіп жатыр еді ғой, біздегі жағдайды ойлап тыныш ем ала алмаса керек, түнде ғана Оразға телефон соғып, декадаға халық ақындарының бірін апаруды тапсырыпты. Мұны орындауды Ораз маған, ал мен саған тапсырғалы отырмын, – деп бір күліп алды.
Сосын Әбділдәға Жамбыл ақынды шұғыл тауып, еліміз жайында, қазіргі заман жайында өлең шығаруын өтінуді, айтқан жырын жазып алып тез оралуды тапсырды.
– Бұл – өте жауапты міндет, бала, – деді. – Сен Жамбылды тауып, қазақ елі жайындағы жырын жазып әкелуге тап қазір жүріп кетесің. Есіңде ме өзі ол қарт?
– Есімде, аға, тек қайдан іздесем екен?..
– Ұзынағаш ауданында тұрады. Дәл мекен-жайын барып білесің.
Қоңырау соғып көмекшісін шақырды да, кіре бергенінде:
– Машина дайын ба? – деп сұрап, соған Әбділданы мінгізіп жіберуді тапсырды.
– Ал, бала, жолың болсын! Тапсырманы орындап оралысымен маған хабарласарсың, – деп қолын созды.
Түс ауа кабинетіне қуанышын жасыра алмай, қызара бөртіп кірген Әбділданы көрген бетте:
– Ажарың тәуір екен, бала. Қане, оқы! – деді.
Әбділда қолындағы шиыршықталған дәптерді ашып, Жамбылдың аузынан жазып алған өлеңді ақындық мәнермен оқып шықты. Темірбек бір сәт жақ ашпады. Құдды тілін тістеп алғандай, үн-түн жоқ безеріп отыр. Ұзынағаштан жүрегі алып-ұшып жеткен Әбділда қайтерін білмей төмен қарап:
– Ұнамады ма, аға?! – деп күбір етті.
Темірбек сәл ғана қолын көтеріп:
– Үндеме, бала, тише, – деді.
Содан кейін телефон трубкасын көтерді.
– Ораз, сәлем, Темірбек қой, – деді. – Мына бала Жамбылдың өлеңін әкелді. Оқып, тыңдап отырмыз. Әсерімді мен айтып жеткізе алмаймын. Өзің тыңда…
Сөйлесіп болып, телефон трубкасын орнына қойды да:
– Кеттік, бала! – деді.
Шапшаң басып барып екеуі машинаға отырды да, Үкімет үйіне келді.
Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Ораз Жанұзақұлы Исаев оларды орнынан тұрып есікке қарай жүріп кеп қарсы алды. Қол беріп амандасты.
Наркомпрос Жүргенов қасына ертіп әкелген Тәжібаевты арқасынан қағып:
– Бала жұмыс тындырды, – деді.
Предсовнарком Исаев жылы шыраймен күлімсіреп сөйлеп:
– Бала емес, жігіт Әбділда деу керек, – деді. – Отырыңдар.
Сағатына қарап алды да:
– Қане, тыңдайық, – деді.
Әбділдә дәптерін ашып, Ұзынағаш жақтағы қарт ақын Жамбылдан жазып әкелген өлеңді тағы оқыды. Ықыласпен тыңдалды. Темірбекпен қысқа пікірлескеннен кейін, Ораз Исаев Қазатком төрағасы Ұзақбай Құлымбетовке телефон соқты. Мәселені қысқаша түсіндіріп алды да:
– Бүгін поэзия күні болсын, Ұзеке, енді сіз тыңдаңыз, – деді әзілдеген үнмен күле сөйлеп. – Жақсы өлең апара жатырмыз, байғазысына шарап әзірлерсіз, Жамбыл үшін қалай ішпейміз? – деп қойды.
Бәрі емен-жарқын күліп алысты…
– Ал, қане, жүріңдер, ақсақалға барайық.
Ақсақал оларды ашық-жарқын көңілмен қарсы алды. Келгендерді орындарға жайғастырып, баяу жүріспен орнына беттеді.
«Шоқша сақалы, жіңішке ұзын мұрты бұл кісінің қызыл шырайына әулиелік қасиет беріп тұрғандай екен, – деп ойлады Әбділдә. – Баяу қозғалып, асықпай сөйлегені де өкімет ақсақалдығына жарасып тұр. Керемет».
Кезек өзіне тиген соң, Әбділдә орнынан тұрды. Дәптерін ашты, бірақ бұл жолы өлеңнің көп жерін жатқа айтты. Қарт ақынның жырын аспай-саспай, айрықша құлшыныспен, мәнерлеп оқып шықты.
– Қалай, ақсақал? – деді Исаев Құлымбетовке жымия қарап. – Айтыңызшы, тілегеніміз осы емес пе еді!?
– Рас-рас, шынында да осындай жыр еді ғой тосқанымыз, – деді ақсақал байыппен. – Бұл бір сәті түскен жұмыс бопты. Енді мұны келістіріп тұрып орысшалау қажет болар…
Ақсақал Әбділдә Тәжібаевқа қарады. Ораз бен Темірбек оны қостағандай күлімдеп тұр. Қазақ елінің ақсақалын – Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Ұзақбай Құлымбетовті ақын Әбділдәнің бетпе-бет отырып, жақыннан көргені осы еді. Ерекше ұнатты.
– Иә, аға, – деді, – дұрыс айтасыз…
Арнайы жазып әкелінген өлеңді орыс тіліне кімге аударту керек деген мәселені Темірбек халкоматқа келгеннен кейін бірден шешті.
– Тыңда, бала, – деді Әбділдәға, – бізде дайын аудармашы бар. «Казправдада» істейтін Павел Кузнецовты танисың ба? Өзі сенімен жасты. Алтай өңірінің, Шығыс Қазақстанның тумасы. Былтыр ғана газетінде бір тамаша аударма жариялады ғой, оқыдың ба? «Песни жиринши Маймбета» деген? Орыс оқырманына сөзге сараң дала адамының өзінің ыстық құммен «жүзген» адал серігі кәрі өркешті түйеге қаратып айтқан жырын соншалықты әдемі жеткізген. Дау жоқ, жақсы тәржіме.
Әбділдә онымен жәй ғана жүзтаныс екен. Әлгі аудармаға соншалықты мән бере қоймапты. Сондықтан тек тыңдаушы боп отыр. Темірбек бұл газетте өзінің мәдени революция мүддесін көздейтін өзекті мақалаларын жариялап жүргендіктен, Кузнецовты жақсы білетін боп шықты. Және әлгі аудармасы жайында қызық бір пайымын естіртті.
– Бұл Мәйімбет жыршы қалайша біздің назарымызға ілікпей қалды екен деп ойладым мен. Павелден оның мекен-жайын сұрадым. Білмеді. Бір іссапар кезінде жолықтырғанын сырғақтатып айтты да қойды, – деді Темірбек күле еске алып. – Қазақта неше түрлі ат бар ғой, алайда Мәйімбет деген есім жоқ па деп ойлаймын. Жыршыны «жиринши» деу де біртүрлі тым жасанды тәрізді. Содан бұл өлең ешқандай да тәржіме емес, қазақ әуенімен Павел Николаевичтің өзі құрастырған жыр ма деп ойладым. Бірақ бетіне баспадым.
Әбділдә таңғалып тыңдады.
– Міне, қазір ойлап отырмын, – Темірбек сөзін сабақтай берді, – ол тап сондай рухпен Жамбыл қартты да орысша жырлатып жібере алады. Жақсы жолма-жол аударма жасат та, апарып бер, бала. Менен сәлем айт, үкіметтің күтіп отырғанын хабарла…
Бірнеше күннен кейін Әбділдә Темірбекке тапсырманың орындалғанын баяндады. Нарком Жүргенов Жамбылдың газетке жарияланған өлеңін қарап отыр еді. Өткен аптада ғана Әбділдә арнайы іздеп барып жазып әкелген жыры. Өлеңді «Туған ел» деген тақырыппен «Социалды Қазақстан» газеті жарқыратып тұрып басыпты. Енді сол жырдың Кузнецов жасаған аудармасын өзі оқып шықты. Керемет ұнатты.
Содан соң тез Халкомкеңес, Қазатком төрағаларының келісімін алды да, Мәскеуге, «Правда» газетіне хат жазды. Өлеңнің Кузнецов тәржімелеген көркем орысшасына жолма-жол аударманы хатқа қоса тіркеді. Көмекшісіне ұстатып, Мәскеуге салып жіберуді тапсырды.
Сосын Совнаркомға барды. Исаевтың Мәскеуге жолданған өлең мәтіні жайындағы сүйінішті пікірін ести келе:
– Ораз, облысты басқарып жүрген аттасыңа айтып қойсаңшы, – деді, –онкүндік рухын осы бастан сезіне беруі үшін Жамбыл ақсақалды театрдағы декадашылар арасына алып барсын да.
– О, бұл, өте қажет шара! Бүгін ол маған қызмет бабымен келуге тиіс, сонда тапсырамын…
– Дұрыс болды, – деді Темірбек. Сосын тағы бір жоспарын аян етті: – Менің ойымша, өлеңдерін уақтылы жазып алып тұру үшін қарт ақынымызға арнайы әдеби хатшы бекітіп берген дұрыс па деймін. – Бірден шешімін айтты. – Әзірге өзің білетін Әбділдә Тәжібаевты тағайындасақ. Сосын Жазушылар одағы да ойластырар кезектесетін ақындарды белгілеу жағын.
Ораз мақұлдады.
– Жақында онкүндікке дайындықты қабылдайтын қабылдау комиссиясының отырысын өткізуіміз керек, уақытыңды бөл, ұмытып кетпе, – деп күлді де, Темірбек орнынан тұрды.
– Мен қазір арнайы пойыз құрамасы қалай жасақталып жатқанын көруге барам. Танысу нәтижесін хабарлаймын ғой…
– Жарайды, сәттілік тілеймін.
Екеуі қоштасты.
* * *
Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы Ораз Қиқымұлы Жандосов Халкомкеңес төрағасынан мән-жайды білген күннің ертесіне Жамбылды ауылынан алдыртты да, дайындық жұмысы қыз-қайнап жатқан театрға алып келді.
Күн сайын белгілі ақын-жазушылар да, мәдениет қайраткерлері де онкүндіктің қамымен абыр-сабыр боп жатқан театрдан шықпайтын. Әркім өз пікірін қосады, білген ақылын айтады, байқаған кемшілігін көрсетеді. Жандосов келгенде жұрт залда концерт дайындап жатқандардың жұмысына көз салып тұрған.
Ораз Қиқымұлы Жамбылды ішке алып кіріп, директордың бос тұрған кабинетіне отырғызды. Жамбыл қарт кішкене отырған соң қалғи бастады.
Осы кезде олардың ішке кіргенін аңдаған біраз кісі келіп, сәлемдескен де, бөлмедегі орындықтарға алқа-қотан отыра қалған. Амандық-саулық сұрасып болған соң, Жандосов:
– Мына кісі – Жамбыл деген аталарыңыз, – деді. – Күні кеше газетке шыққан «Туған ел» деген өлеңін оқыған боларсыздар, енді өзін тыңдап көрсін деп әдейі ертіп әкелдім. Бұл кісі осы күнгілердің көбінен күшті ақын.
Солай деді де, кірген елдің сәлемін ала келе сергіп, бәріне жағалай қарай бастаған ақсақалға отырғандарды таныстырды.
– Тәте, бұл кісілер – қазақтың атақты ақын-жазушылары мен артистері, міне, біліп алыңыз: Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Қанабек Байсейітов… Ал енді, тәте, тұрыңыз да, балаларыңызға бірдеме айтып беріңіз!
– Не айтам? – деді тәтесі өзін ертіп әкелген облыс басшысына сұраулы жүзбен қарап.
– Қазір осында ән шырқап, күй тартып жаттығушы балалар қазақ өнерін астанамыз Мәскеуге апарып көрсеткелі жатыр. Сәті түссе, бәлкім, өзіңіз де барып қаларсыз. Жол болсын айтпайсыз ба, тәте-ау, балаларға? – деді Ораз Жандосов шоқ мұртын күлімсірей сипап.
Сонда Жамбылдың қасында қарт ақынның домбырасын ұстап отырған жас бала орнынан тұрып, атасына аспабын апарып берді. Жамбыл ақсақал алдымен домбырасын әлдебір терме әуеніне салып түзеп алды. Сосын қырылдаңқыраған дауыспен өлеңді төкті де жіберді. Іркілмейді, құдды күні бұрын жаттап алғандай.
Ара-арасында Ораз Қиқымұлы даусын көтеріп:
– Қазақстанның байлығын айт! Алматы мен Мәскеу туралы айт! – деп бағыт сілтеп қояды.
Қарт ақын сол тақырыптардың бәрін дереу жыр тілімен өрбітеді. Жандосов басқа тақырып ұсынбады, Жамбыл жырын дөңгелентіп, домбыра шанағын алақанымен бір ұрып аяқтағанда:
– Шаршадыңыз ба, тәте? – деп сұрақ қойды.
Жамбыл тәте жымың етті:
– Өлең айтудан ақын шаршаушы ма еді?!
Оның өлеңді суырып салып айтуына бәрі риза болысты.
Сәкен мен Ілияс бастарын шайқап:
– О, мына кісі терең екен ғой.
– Естіп жүрген ақындарымыздың ішінде бұл кісіден асатыны шыға қоймас, – десті…
* * *
Қанабек Байсейітов декадаға дайындыққа кірісердегі алғашқы күндердің бірінде өзін Жүргеновтің шақыртқанын есіне түсірді. Ол өзінің «бала» деп сөйлейтін сүйкімді әдетімен бұған сонда:
– Бала, енді директорлықты қоясың, – деген-ді. – Сен творчествоның адамысың, сондықтан декадаға дұрыстап дайындалуың керек. Саған қазір қызметті емес, дауысты сақтау қажеттірек. Өнеріңді өсіріп, шеберлігіңді жетілдіре түсуге тиіссің. Бастықтықты қазір басқа адам істесін, жарай ма? Ал, жалпы, бұл мәселені декада өткен соң қайтадан қарармыз. Мәскеуден біраз өнер маманын шақырып отырмыз. Соларға біздің барлық ерекшеліктерімізді, халықтың тұрмысын түсіндірерсіңдер. Олардан өздерің өнер үйреніңдер.
Темкеңнің Құрманбекке де осындай әңгіме айтқанын естіді. Содан Құрманбек те режиссерлық міндетіне көп алаңдамай, негізінен өзінің сахнада ойнау шеберлігін шыңдауға кірісті. Сөйтіп екеуі де біржола артистік қызметтеріне ден қойды.
Комиссар қатаң тәртіп орнатқан. Жауапты жұмыс атқарып жатқандарын бәрі де түсінетін. Соған қарамастан, халком бұлардың жұмысын мұқият қадағалайтын. Қанабек мұнысына қайран қалатын. Шынында, ол ылғи қастарынан табылатын еді. Бір қарасаң, театрдан шығып бара жатады, енді бір кезде айналаңа көз салсаң, сенің қалай ойнап жатқаныңды қадағалап дәл қасында отырады. Қай кезде келіп үлгергенін көрмей қаласың. Темкеңнің ойламаған жерден жарқ етіп араларынан шыға келіп, талай састырғаны да бар.
Музыканттар арасында жазылмаған бір дағды тәртіп қалыптасқан-тын, әрбір қырық бес минут ойнағаннан соң бәрі он бес минут үзіліс жасайды: темекі шегеді, тынығады. Олар сол әдеттерін онкүндікке дайындық кезінде де тастамады. Сондай кезекті бір қырық бес минут біткен кезде бір трубашы-вокалист валторнасын лақтырып тастап, наразы үнмен:
– Мен бүйтіп күні бойы жұмыс істей алмаймын, мен құл емеспін! – деді.
Сол кезде бәрінің ту сыртынан:
– Кім ол өзін құлмын деп есептейтін? – деген Темкеңнің саңқ еткен дауысы естілді.
Ол кісінің қай жерде отырғанын ешкім байқамапты. Көзге түсе бермей бақылауды қалаған-ау. Жүгіріп ортаға шықты. Қап-қара болып түтігіп кетіпті.
– Кімде-кім Қазақстанды өз елім, өз жерім деп санайтын болса, сол қалады мұнда. Онкүндікке сондай адамдар ғана қатысады. Өйтпейтіндерге жол ашық, кете беріңдер! – деді.
Содан кейін онкүндіктің саяси мәнін, маңызын қайтадан түсіндіріп айтты. Артистер шаршаған секілді еді, Темкеңнің әлгі сөздерінен кейін күрт сергіп кетті. Дайындықтарын жалғастырды.
Тағы бірде, театрдың жергілікті комитетінің жиналысын өткізіп жатқанда, жарқ етіп тағы да Темкең жетіп келді. Жаңа бастық сайлау керек-тұғын.
– Мынауың не, ей, бала? – деп сұрады ол Қанабектен.
Қанабек міңгірлеп:
– Месткомның жиналысы еді, – деді.
– Тоқтат! – деп жекіді нарком. – Қазір жиналыстың кезі емес. Немене, дайындықты бітіріп қойдыңдар ма сонша? Жиналыс ашуға, бастық сайлауға біз де жетеміз, ал сендер өнерлеріңді жетілдіріңдер!
Жиналысты басқарып отырғандарды түгел састырды. Жұматқа да, Мәскеуден көмекке келген жігіттерге де қатты айтты. Бірақ қанша қатты айтса да, Қанабектің байқауынша, Темкең адам жанын ауыртатын әдепсіз сөздерді араластырмай, кісінің жеке басын қорламай ұрсушы еді. Ұрысқаны құдды қызу лекция оқығандай болып келетін, әр сөзіне саяси мән беретін.
Комиссар Жүргенов онкүндікке дайындық жүріп жатқан осы күндері артистердің қамын өздерінен бұрын ойлайтын, бұған Байсейітовтың сенімі кәміл. Кейде репетиция созылып кеткенде, түн жарымдарда театрдан артистермен бірге шығып:
– Көп отырмай, тез жатып дем алсаңдаршы! Таңертең жұмыс бар екенін ұмытпаңдар! – деуші еді.
Сол онкүндікке дайындық тұсында Темкең күллі өнер ұжымдарының шын мәніндегі бас қолбасшысы болды. Ең зәру, ең жедел шешім қажет ететін мәселелер тікелей наркомның араласуымен қолма-қол шешілетін. Дайындық жан-жақты жүрді. Күн сайын театрға қазақтың белгілі ақын-жазушылары да, мәдениет қайраткерлері де келеді, бәрі онкүндіктің қамын жеп, өз пікірін қосады, өз білген ақылын айтады, байқаған кемшілігін көрсетеді.
Ақыры дайындық дөңгеленіп, соңына келді. Сәуірдің жиырмаларында онкүндікке дайындықты қабылдау комиссиясының отырысы болды. Оған республика басшылары қатыспады. Дайындық нәтижелерін талқылаған комиссия мүшелерінің пікірлері бір жерден шықпады.
Мәселен, драмтеатр директоры Орынбек Бековтің, тағы бірер белді қызметкердің көңілі толмады. Олар спектакльдерден өздерінше көп кемшілік тапты, тіпті кейбіреуі саяси мін де тақты. Бірі – жақсы, бірі жаман деп, ортақ түйінге келе алмады. Жүргенов қана тіс жармады.
Ертеңгісін қабылдау комиссиясы қайта жиналды. Бұл жолы оның жұмысына совнарком төрағасы Ораз Исаев келді. Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Левон Мирзоян емделуге шетелге кеткендіктен, өлкекомның екінші хатшысы Алексей Гусев, басқа да басшы қызметкерлер қатысты. Бұл жолы дау да, талқылау да болған жоқ, ойынды көріп, бәрі үнсіз тарасты.
Келесі күні халком Жүргенов келіп, қысқа ғана:
– Еңбектерің жанды, балалар. Спектакльдер қабылданды, – деп хабарлады.
Үш айға жуық дайындалған еңбегінің нәтижесі оң бағаланғанын естіген олар:
– Уһ, – деп жеңілдене күрсінді.
Артистердің бәрі де әбден қалжырап шаршағандарын енді шындап сезген еді. Соны түсінген комиссар бәрін демалысқа жіберді. Бірсыпырасын жолдамамен демалыс үйіне жатқызды.
– Тынығыңдар, бірақ алдымызда жауапты сын тұрғанын бір мезет те естеріңнен шығармаңдар, балалар, – деді ол декадашы өнерпаздарға. – Дауысқа зияны тиюі ықтимал дүдәмал тағамдардың ешқайсысын татып алмаңдар. Әсіресе арақ ішуден аулақ болыңдар.
Артистердің дұрыс тынығуын қадағалау үшін өзінің бухгалтерін демалыс үйіне бірге жіберді. Ол шынында да жақсылап бақылады. Қуырған тамақ жегізбеді, кешкі асқа күшті тамақ бергізбеді. Сүт пен қаймаққа тойдырып, балаша алақанына салып күтті.
Қанабек, Құрманбек, Шара, Күләш төртеуі бірге демалды. Олар «Қыз Жібекте» де, «Жалбырда» да басты рөлдерді орындайды, әрі оларды ауыстыратын ешкім жоқ. Сондықтан Темкең оларды айрықша бақылауда ұстады. Қанабек пен Құрманбектің ептеп «тастап жіберуге» қарсы еместігін білетіндіктен, бухгалтеріне сенбей, демалыс үйіне күніне өзі бір соғып, жағдайларын біліп қайтады. Келген сайын:
– Балалар, біз масқара болсақ, бүкіл елді масқара қыламыз. байқаңдар, онкүндік біткенше шыдаңдар! – деп ақылын айтып кетеді.
– Темкеңнің өзі өстіп тыным таппай жүргенін көре тұра арақ құрғырды қайтіп татарсың, шыдайық, – дейді Қанабек Құрманбекке.
Келіншектері:
– Қор болдыңдар-ау, – деп мазақтап, күледі.
– Әй, жынды қыздар-ай, – дейді бұлар, – рахаттанып қалдыңдар-ау…
Есесіне олар таза ауада еркін қыдырыстап, тамаша демалыс сағаттарын бірге өткізеді.
Ал сәуірдің аяғына қарай Украина өнерінің Мәскеудегі онкүндігі басталды…
Қазақ декадашылары радионың алдынан кетпейді. Украиналық өнерпаздардың салған әнін де, айтқан сөзін де ынта қоя тыңдайды. Газет ақпараттарын сүзіп оқиды. Баспасөзде кейбір өнерпазды Мәскеу жұртшылығы он минут бойы қол соғып, сахнадан жібермей қойды деп жазылып жатты. Мұндай қол шапалақтауды Мәскеу көрмегелі көп болып еді деген сыр да айтылды.
Осылар жайында ести әрі оқи келе, украиналық әріптестерге деген ризашылық әм біртүрлі қызғаныш сезім бойларын шарпып өтті. Оларды іштей өздерімен ойша салыстырды. Астана төрінде ерен табыспен өткен осынау сегіз жүз адамдық өнер мерекесінен кейінгі өз жағдайлары қалай боларын елестете алмай қиналды.
– Күләтай, – дейді Қанабек, – тыңдашы, қандай керемет! Украин бауырларымыз ғаламат өнер көрсетіп жатыр ғой! Әншілерінің дауыстарын естігенде мен дірілдеп кеттім, Күләтай! Неткен мықтылар! Бұлардан кейін мәскеуліктер бізді менсінбей қалмас па екен?
Күләш та украиналықтардың қорытынды концертінен зор әсер алды. Оның бойын да бір сәт жүрексіну сезімі билеп кетті. Сосын Қанабектің иығына басын сүйеп:
– Біз өз шамамызбен өз өнерімізді көрсетеміз ғой, Қана! – деп сыбыр етті. – Алла жар болсын, аруақтар қолдасын деп тілейік!
* * *
Құдайберген Жұбанов інісі Ахметтің онкүндікте өзі басқаратын ұлт-аспаптар оркестрімен жақсы өнер көрсетіп қайтуына тілектестік білдіріп отыр.
– Бұл оркестрдің осы күйге жетіп, Мәскеудегі үлкен өнер сынағына қатысуға жарап қалғаны, ағатай, Темкеңнің арқасы ғой, – дейді Ахмет Жұбанов шын жүрегінен ақтарыла сөйлеп. – Осыдан екі-ақ жыл бұрын өткен ауыл көркемөнерпаздарының байқауы нәтижесінде шағын домбырашылар ансамблін құрып едік, соны, міне, бүгінгі мемлекеттік мәртебесі бар ұлт-аспаптар оркестрі дәрежесіне көтергенге дейін тыным таппай, бізді назарынан бір сәт тыс қалдырмады ғой.
Олар Темірбек Жүргеновтің ғаламат қарымдылықпен мәдениеттің түрлі саласында атқарып жүрген істерін еске алысты. Құдайберген республикадағы мектеп ісінің күрт жаңа серпін алғанын, күні кешегі мұғалімдер съезіндегі нарком жасаған баяндаманың мәнділігін, күллі республика бойынша жаңа мектеп үйлерінің салынуы, жаппай орта білім беру ұранының алға қойылуы тікелей Темірбек комиссардың арқасы екенін айтты.
– Темкең керемет адамтанығыш қой, маңызды шаруаны үлкен жауапкершілікпен атқара алатын кісіні дәл табады. Бұған «Шаһнаманы» аударып жатқан Тұрмағамбет ақынмен танысқанымда тағы бір көзім жетті, – деді ол. – Осы бір қарапайым қарт мұғаліммен Темкеңнің тапсырмасына сай әңгімелесу барысында оның Фирдоуси бәйіттерінің құрылымын айқын ажыратып, қазақы шумақтармен өте сәтті тәржімелеп отырғанын аңғардым…
– Иә, аға, бұл кісінің ұйымдастырушылық қабілеті ғажап қой, – деп қостап жатыр оны інісі. – Бізбен әңгімелесіп қалған сәттерінде ол үнемі азаматтық парызды ұмытпауға шақырып жүрді емес пе. «Бала! Өлкекомның мына қаулысында біздің ұлттық өнеріміздің мүддесін күйттейтін жәйттер ескерілген. Соларды түсініп, әрбір әрпін жібермей орындау сіз бен біздің ардақты борышымыз!» дегенінің жәй қызыл сөз емес екенін ұғатынбыз. Не керек, кабинетінде Темкеңмен сөйлесіп қалғанда бойымызға Алатауды айырып, Қаратауды қайырып жіберетіндей жігер құйылатын…
Ахмет комиссар Жүргеновтің әр істе мемлекеттік көзқарас танытатынын, республиканың ар-намысы қозғалуы ықтимал деген жерде ішкен асын жерге қойып, өзінің барлық рухани күш-қуатын сол бағытқа жұмылдыратынын әңгімеледі.
– Осы артта қалған дайындық күндерінде ол өзі ғана емес, предсовнарком Ораз Исаевты да қасына ертіп, екеуі бір ай бойы музыка театрының үйінде спектакльдер мен концерт репетицияларын ертеңнен кешке дейін қадағалап отырды ғой. Біздің оркестрдің ойынына өте орынды ескертпелер де жасады…
– Жаны ашығандық қой…
– Әрине. Үкіметбасы ретінде Ораз да, мәдени революция штабының жетекшісі ретінде Темірбек те ел абыройын ойлағандықтан арамыздан бір елі кетпей жүр ғой. Күні кеше, Бірінші май мерекесі қарсаңында, Ораз бен Темірбек репетиция соңында артистер алдында қысқа да нұсқа сөз сөйледі.
Олар кезек-кезек сөйлеп, алда үлкен емтихан тосып тұрғанын, Отанымыздың астанасында, астананың талғампаз көрермендері мен партиямыз бен үкіметіміздің басшылары алдында мейлінше жақсы жағымыздан көрінуіміз керектігін айтқан. Содан соң бұл үшін мейрам күндері де репетиция жасауды ұсынған болатын.
– Бәріміз де мақұлдадық, – деді Ахмет. – Сол мереке күндерде де олар бізбен бірге болды. Күні кеше Темкең тағы бір бастамасын хабарлады. Онкүндікке апаратын пойыз құрамасына екі вагон-клуб тіркетіпті. Бізге жолшыбай репетиция жасай берудің тоқталмауын міндеттеді…
Құдайберген ризашылықпен басып изеп отыр.
Темкең Ағарту комиссары лауазымына тағайындалып, өнер майданының жетекшілігін өз қолына алғаннан кейін бұрынғы жалғыз драмалық театрдың барына риза болып, аспай-саспай жүре берген тыныш та бейбіт заманды келмеске кетірді ғой. Мәдениет революциясын қыздыра, бұрқырата жөнелді емес пе. Сол қызу шаруалардың шырқау шыңы осы мәскеулік сын болса керек… Сәт сапар біздің майталмандарға…
– Осынша қамқорлықтың, төгілген ащы тердің ақталуын нәсіп етсін өнерпаздарға. Жол болсын, Ахмет! Қазақтың ұлттық күй өнерінің құдіретімен Мәскеу аспаны астын дүбірлетіп, таңғалдырып, тамсантып қайтыңдар!
– Рақмет, аға!..
* * *
Көктемнің тамаша бір кешінде декадашылар мінген арнаулы пойыз Алматыдан «Мәскеу, қайдасың?» деп жолға шықты. Вагондардың жан-жағына түрлі ұран жазулы қызыл маталар ұсталған, іші думанға, шырқалған әнге, күмбірлеген күйге, әзіл-қалжыңға, сыңғыр-сыңғыр күлкіге толған ұзын құраманы астана жұртшылығы салтанатпен шығарып салды. Содан жалаулатып, ұрандатып, мерекелік сипатта жасанған пойызбен тарихи сапар шегушілер станция сайын қарсы алған жергілікті жұртшылықтың құттықтауларын, абыроймен оралыңдар деген шынайы тілектерін естіп келеді. Естіген сайын алдарындағы сынақты ойлап толқи түседі…
Мәскеуге дейін пойыз алты тәулік жүреді. Ұзақ жол бойы толқу басылып, орнын басқа қызықтар алды. Қазақтың аса құрметті қос шығармашыл жұбы үшін сол қызықтардың ең әсерлісі де, ең ұмытылмасы да Жамбыл сынды қарт ақынның қасында болған сәттер-тін.
Қанабек пен Құрманбек Жамбыл қарттың сапар алдындағы бір қызығын келіншектеріне айтып, бәрі бір күліп алған. Қуантамыз деген оймен декадашылар қарияға:
– Ал, ақсақал, бүкіл жырау-жыршы атынан сіз Мәскеуге баратын болдыңыз, жиналыңыз, – дейді ғой.
Сонда қартың:
– Бармаймын, – деп қиғылық салады.
– Е, неге, тәте? Бұл сізге бүкіл қазақ жұрты білдіріп отырған сенім ғой! Сіз отанымыздың астанасына халқымыздың ар-ожданын, намысын танытасыз, баруға тиіссіз! – десе:
– Мені кәрі маймыл құсатып несіне апарасыңдар, немді көрсетесіңдер? Аузымда бір тіс жоқ, не түр-түс жоқ, – деп тулайды екен.
Жәкеңді сабасына түсіріп, сапарға шығуына көндіру үшін, ішінде өзіміздің Темкең бар, талай басшы сөйлескен көрінеді…
Сол Жәкең, міне, жұмсақ вагонда көңілі шалқып, қилы күлкілі әңгіме-дүкеннің ұйтқысы болып отыр. Қасына жетіп барып екі жағына отырып алған Күләш пен Шараға, олардың жанындағы Қанабек пен Құрманбекке өлеңдетіп түрлі әзіл-қалжыңға тұнған сөз айтады. Жастық шақтағы айтыстарын еске түсіріп, кейбір үзінділерін айтып, ән де шырқайды.
Әзілің жарасса – атаңмен ойнаның керін келтіріп, бұлар қартты жан-жағынан қаумалаған күйде алуан түрлі сұрақ қояды. Бірде:
– Қалай, тәте, тоқал аласыз ба? Мәскеуден келген соң алып берейік, – деп те әзілдеді.
Сонда қалжың сөзден еш тайсалмайтын Жәкең тәтелері:
– Қыз түгіл, енді бізге кемпір қайда? Текке қарап жүргеннің өзі пайда! – деп өлеңдетіп қоя берді. Онымен де тоқтамай, өзінің жастық шағын: – Аршын төс, алма мойын, хас сұлумен Сырласып жүруші едік терең сайда… – деген сөздермен сағына еске алғандай болды.
Бәрі мәз болып, күлкіге кенелді…
Пойыз Ресей шегіне кірген. Көңілді әңгімені дуылдатып отырғандарында купе есігінен үкіметбасы мен комиссар көрінді. Екеуі де шат, екі езуі екі құлағына жеткен. Қыздар сасқалақтап:
– Ой, Ораз аға!
– Ой, Темкең аға! – десіп, орындарынан атып-атып тұрысты.
Жігіттер де көтерілді. Жәкең отырған қалпы, келгендерге сұраулы жүзін тосты. Үкіметбасы Ораз Исаев пен Ағарту халкомы Темірбек Жүргенов күлімсіреп, амандық-саулық сұрасып болғаннан кейін, бәріне:
– Біз қымбатты Жамбыл ақынымызды құттықтағалы келдік, – деді.
Исаев қолындағы газетті қос қолымен жазып ұстап көрсетті де:
– Қараңдар: «Правда» газетінің жаңа саны, қолымызға әлгінде ғана тиді. Түнеугүні баршамыз республикалық газеттен оқыған Жәкеңнің атақты «Туған елім» деген өлеңінің орысшасы басылыпты! – деп, Жамбылдың алдына қойды.
– Жәкеңнің аузынан мұны Әбділдә Тәжібаев деген ақынымыз жазып әкелген болатын. Орысшалаған ақын Павел Кузнецов, – деп, Жүргенов қолындағы газетті қасында тұрған Байсейітовке ұстатты.
Барлығы да газетке қызыға үңіліп, Жамбылдың өлеңін де, күтулі декада жайындағы ақпаратты да сүйсіне оқыды. Жәкеңе қазақшалап берді. Көңілдерін біртүрлі қуаныш кернеді. Қарт ақынның өзі де, айналасында қоршап тұрған әнші қыз-жігіттер мен сапар жетекшілері де алдағы сыннан сәтімен өтетіндерін сезгендей қуанысты…
Мәскеуде
І
Алты күн жолда болған арнайы пойыз Мәскеуге он бірінші мамыр күні түс ауа жетті. Пойыздан түсе бере-ақ декадашылар Қазан вокзалында қарсы алушы астаналықтардың ыстық ықыласына бөленді де қалды.
Қазақ өнерпаздарын совет өнерінің ірі қайраткерлері қарсы алды. Басында сусар бөрік, үстінде масаты шапан, бойын тіп-тік ұстап, бозбала жігіттей боп тұрған қарт ақын Жамбыл Жабаевқа жазушы және ақын Демьян Бедный сәлем беріп, құттықтауын айтты да, қолына гүл шоғын ұстатты. Күләш Байсейітоваға опера әншісі Валерия Барсова, Шара Жандарбековаға театр және кино актрисасы Ольга Книппер-Чехова, Елубай Өмірзақовқа актриса Ляля Черная гүл сыйлады. Мәскеуліктер қазақ декадашыларын түгелдей гүл шоқтарымен көмді де тастады.
Үрмелі оркестр гүмпілдетіп сазды музыканы құйқылжытты. Делегация құрамындағы қарт ақынды бір-екі күн бұрын «Правда» газетіне шыққан әйгілі «Туған елім» өлеңі арқылы біліп алған Мәскеу жұртшылығы:
– Жамбыл қайда?
– Жамбылды көрсетіңдерші! – деп айқайлайды.
Пойыздан түскен бойда бәрін фототілшілер аппараттарын тынымсыз сырт-сырт басып суретке түсіріп жатты…
Декадашылардың көпшілігі мұндай қошеметті бірінші рет көріп тұрған, содан да шығар, әрі таң, әрі шат. Құшақ-құшақ гүл шоқтары, қуанышты лебіздер бастарын айналдырды…
Перронда салтанатты митинг болды.
Қарақұрым ел. Үлкен мінбеде тізілген келушілер мен қарсы алушылар өкілдерінің ортасында Қазақ Республикасына еңбегі сіңген артистка Шара Жандарбекова, қазақтың халық ақыны Жамбыл Жабаев, республикаға еңбегі сіңген артистка Күләш Байсейітова, ССРО Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы Өнер істері бойынша комитет төрағасының орынбасары Яков Осипович Боярский тұр.
– Біздің қызыл астанаға қазақ делегациясы жауапты да үлкен сапармен, өнер сапарымен келді, – деді Боярский митингіде. – Біз, мәскеуліктер, қазақ бауырларымызды осы үлкен мәдениет мерекесімен құттықтаймыз! Декадада зор табысқа жетулерін тілейміз!
Жақсы тілектерін басқа сөйлеушілер де білдіріп жатты. Қазақ делегациясы атынан Күләш сөйлеп, мәскеуліктердің құттықтауларына, ыстық ықыластарына, оң тілектеріне рақмет айтты.
Делегация түгелдей «Москва» қонақ үйіне орналастырылды.
Мамыр көктем айы болғанмен, Мәскеу Алматы емес, мұнда әлі де салқын, қарасуық ызғар кетпеген кез. Әншілер тамаққа суық тигізіп алудан сақтанып, қала аралауға да бармады. Темірбек Жүргенов ұдайы құлақтарына құйып келе жатқандай, бірінші кезекте олар дауыс пен денсаулықты сақтауға тырысты. Қанабек пен Құрманбек екеуі қарама-қарсы нөмірлерге жайғасқан-тын. Бұлардың және басқалардың да басқан қадамдарын Темкеңнің баяғы сенімді есепшісі қатты қадағалайды. Негізінен дауыстарына залалды нәрселерден сақтандыруды, әсіресе ішімдікке жолатпауды ойлайтын сияқты.
Декадашы өнерпаздар репетицияны Үлкен театрдың филиалында жасауға кірісті. Қызығы, залда үнемі толған халық. Олардың мұнда кіруге қандай жолмен рұқсат алып жүргендерін кім білсін, әйтеуір қазақ артистерінің дайындықты бастаған сәтінен бітіргендеріне дейін тарқамай, қарап отырады. Анығы, араларында мәскеулік әртістер, театр мамандары, өнер зерттеушілері мен сыншылар және Мәскеуде оқитын қазақ студенттері бар-тұғын.
Бір күні репетицияда Қанабек дауысының бұзылыңқырай бастағанын байқады. Түзелер ме екен деп қинап көріп еді, одан бетер қыңырайып бара жатқанын аңдады. Ақыры Күләшке қаупін айтты.
– Күләтай, мен ептеп суық тигізіп алғанымды сезіп тұрмын, қайтем? – деді. – Темкеңе шынымды айтсам ба екен? Дәрігер тауып берер?
Тезірек ем қабылдау үшін солай ету керек сияқты-тын. Бірақ онда қазақ үшін мүлдем соны да жанына жақын опера өнерін жасауға және дамытуға барша жан-дүниесімен кірісіп, беріле еңбек еткен, онысын одақтық сынақтан абыроймен өткізуде бұларға өлшеусіз зор үміт артқан Темкеңнің жүрегі жарылып кетер ме еді, қайтер еді деп қорқа ойлаған. Содан оқыс жабысқан дерт жайын комиссарға айтуға бата алмай, қатты абыржып, келіншегіне сырын ашып отырған-тұғын. Дәл осынау жауапты сынақ кезінде дауысты құртып, спектакльге шықпай қалудың өзі үшін өліммен тең секілденетінін өткір түйсінген еді ол.
– Не істейін? – деген шын қапаланып. – Күләтай, емсіз болмайтыны анық. Дегенмен өз бетімше емдеуге одан бетер бүлдіріп алам ба деп, жүрексініп тұрмын…
Сонда Күләш, өзінің сүйікті де сүйкімді Күләтайы, аспай-саспай:
– Қой, Қанаш, – деген, – Темкеңе де айтпа, уайымдама да. Әбден құртып, асқынтып алмай тұрғаныңда, тезірек жүз грамм ішіп жібер, жазылып кетеді, Алла қаласа…
Қанаштың өзі де сол байырғы емді ойлағанмен, қисынын келтіре алмай тұрған. Енді Күләтайының демеу білдірген ұсынысынан кейін батылданып алды. Ресторанға темекі алуға барған болды. Даяшыға сыбыр етіп он сом ұстатты да, оның көлегейлеп әкеп берген ширектік шишасын қалтасына сүңгітіп жіберді. Темкеңнің бақылаушысы мұны мүлдем білмей қалды. Қанабек қонақүйге келгеннен кейін, араққа бұрыш қосып ішіп емделетін ескі тәсілді қолданды…
– Ем болсын, Қанаш!
Таңертең тұрған соң Күләш ерінің хал-жағдайын сұрады. Сонда Қанаш ақырын даусын шығарып байқады да, сәл тыныстап, жоғарылы-төменді дыбыстарға ауыстырып, ұзағырақ созды.
– Дауысым әншейін сыңғырлап тұр ғой, Күләтай! – деді.
Қатты қуанды. Күләтайы да шаттанып, күліп жіберді.
– Қандай жақсы! – деп, қос алақанын кеудесіне қусыра басты.
– Түу, неткен тамаша! – Қанабек терең тыныстады. – Жоғалтқан атын қайта тауып алған қазақтай болдым ғой, Күләтай!
Көңілді әңгіме айта отырып, екеуі даяшы әкелген таңғы асты ішті. Сосын киінді. Бөкебаймен мойындарын орады. Шығып, қарсы есікті қақты:
– Құрмаш, Шәкітай! – деп дауыстады Күләш. – Біз дайын!
Олар да дайын-тын. Бәрі төмен түсті, өзгелермен бас қосып, сыртта тосып тұрған автобусқа отырды да, Үлкен театр филиалындағы репетицияға жөнелді. Бөлмелеріне барып, ойнайтын рөлдеріне сәйкес киіну, гримделу шаруаларына кірісті…
Залда әдеттегідей көрермен көп. Араларында өнер қайраткерлері, мәдениет саласы мен баспасөз қызметкерлері бар. Газеттердің тілшілері күн құрғатпай қазақ делегациясының құрамы, декада бағдарламасына сәйкес көрсететін қойылымдарын әзірлеу барысы, жалпы репертуары жайлы жазып жатқан. Репетицияның соңғы күнінде тілшілер Темірбек Жүргеновты қоршап алып, түрлі сұрақ қойып жатты.
Жүргенов Қазақ автономиялық Республикасы Ағарту халық комиссары әрі Қазақстан Совнаркомы жанындағы Өнер істері бойынша басқарма бастығы ретінде қазақ музыкасы, ән-күйлері мен билері жөнінде және қазақ опера өнерін дамытуға бағытталған жұмыстары хақында жан-жақты әңгімелеп берді.
– Жүргенов жолдас, Мәскеуге келгенде алған алғашқы әсерлеріңіз қандай болды? – деп сұрайды журналистер.
– Әрине, жақсы әсерге бөлендік. Біз өзімізді соншалықты бақытты сезіндік, – дейді Жүргенов жолдас. – Қызыл астанамыз бізді аса зор қуанышпен қарсы алды. Бұған біздің творчестволық ұжым Мәскеуге келіп түскен бетте, Қазан вокзалының басында-ақ бірден куә болды.
Пролетариаттың ұлы астанасындағы көркемөнер қайраткерлері бізге шын көңіл бөлді деді ол. Олардың бізге достық рәуіште, шынайы, жақсы көзбен қарағанын біздің үш жүз адамдық делегация түгел көрді. Мұндай көзқарас біздің өнерпаздарымызды қатты қуантты, әрі декада күндері мәскеуліктерге биік творчестволарының нәтижесін жарқырата көрсетуге шабыттандырып отыр.
– Репецияларыңыз қалай өтті? Олар мәскеулік мамандар тарапынан қалай бағалануда?
– Декадада көрсетілетін екі қойылымымыздың да соңғы репетициялары үлкен қуаныш үстінде, туысқандық, бауырластық рәуіште өтті. Бұл ойындарымыздың репетицияларында ССРО Халық комиссарлары советінің жанындағы Өнер істері жөніндегі комитет төрағасы Платон Михайлович Керженцев жолдас пен оның орынбасары Яков Осипович Боярский жолдас, театр майданының аса көрнекті қайраткерлері Владимир Иванович Немирович-Данченко, композитор, музыкатанушы, профессор Борис Владимирович Асафьев, басқа да жолдастар болды. Соңғы репетицияда артистерімізге, музыканттарымызға үлкен мақтау сөздер айтылды. Атап айтатын бір жәйт – Мәскеудің театр, музыка, әдебиет әлемі адамдарына біздің ұлттық музыкамыз, артистеріміздің ойыны, ұлттық ерекшелікті танытатын декорацияларымыз бен ұлттық киімдеріміз қатты ұнады. Рас, нақты баға декаданың ресми күндерінде берілер деп ойлаймын.
– Біз сіздерге табыс тілейміз. Әңгімеге уақыт бөлгеніңізге рақмет.
– Сіздерге де рақмет.
Жүргенов журналистермен қоштасып, сахнаға көтерілді. Мұнда оны тосып тұрған артистерге репетицияны сәтті өткізгендері үшін алғыс айтып, онкүндіктің ресми ашылу күніне дейін жақсылап тынығуға шақырды.
– Балалар, жауапты күнге сергек келіп, барымызды салуға дайын болайық! Ал енді демалыңдар!
ІІ
Онкүндік он жетінші мамырда ашылды. Репетициялар өткен Үлкен театр филиалында бұл күні «Қыз Жібек» қойылды. Исаев пен Жүргенов спектакльге дейін сахнаның жасақталуын мұқият қарап шықты. Содан соң артистер арасына барды. Әрқайсысын демеп, рух беретін сөздер айтты.
– Ал, балалар, мықты болыңдар! – дейді Темкең.
Бірақ өздерінің де қатты қобалжулы екені көзге ұрып тұрды. Екеуінде де өң жоқ, боп-боз. Темкеңнің қап-қара қою шашы одан сайын үрпиіп кеткен. Сонда да өздерін артистерге демеу болуға міндетті көргендіктен, спектакль басталмас бұрын да, ойын жүріп жатқан кезде де араларына кезек-кезек жиі жүгіріп келіп тұрды.
Залдың көңіл-күйін жеткізеді, әлдеқандай атақты кісілердің аян етіп жатқан оқшау ілтипаттарын айтып тұрады. Екеуі де қызметтік лауазымдарын ұмытқан, ойлайтындары тек өнерпаздар қамы. Басшыларының бұлайша өздерінің ең жанашыр адамдары ретінде жүгіріп жүруі спектакль алдында қатты қобалжып, зәре-құттары қалмай тұрған артистерге зор демеу болды…
Репетициялар кезінде келіп көріп жүргендіктерінен бе, әзірлік барысы жайында газеттер беріп тұрған ақпараттардан біліп алғандықтарынан ба, көрермендер залды аузы-мұрнына шығара толтырды. Мүлдем сыймай кетті. Қабырғаларды жағалай иін тіресіп түрегеп тұрған жұрт. Шымылдық ашыла бастағаннан-ақ бәрі дуылдата қол шапалақтап қоя берді.
Қолшапалақ басыла бере оркестр «Қыз Жібектің» кіріспе әуенін ойнай бастады. Сазды увертюра. Шымылдық сыртында сахнаға шығу сәтін тосып тұрған Шара музыканың жүрегін шымырлатып, ғасырлар тереңіне бастап бара жатқанын тебірене сезінді. Сосын Күләшті сүйсіне тыңдады. Жібек бейнесіндегі құрбысы Күләш «Гәккуді» керемет еркін, түк қобалжымай шырқады. Қобалжыған да болар-ау, бірақ еш білдірген жоқ. Нағыз актриса ғой Күләтай.
Міне, енді Күләтайдың Қанашы, Жібектің Төлегені кейпіне енген кәдімгі Қанабек сахнаға қасын керген келісті бозбала боп шықты да, рөліне сай әнін салды. Келесі кезекте – жеке би. Шара жеке өзі «Былқылдаққа» билеп шығуы керек. Жібектің сахнада тігулі тұрған ақ үйінің алдында дайындалып тұрған. Осы кезде Құрманбек жүгіріп келіп:
– Ал, Шара, әзір бол, қазір сенің музыкаң ойналады, – деді.
Сол-ақ екен, Шараның тұла бойы дірілдеп қоя берді. Өзін-өзі игере алмай, биге шақырған әуеннің басталғанын естігенімен, сахнаға қарай қадам баса алар емес…
Бекежан боп киініп, гримденіп алған, қолына дырау қамшы ұстаған Құрманбек:
– Әй, Шара, шықпаймысың! – деп саңқ етті.
Шара үн қата қоймаған соң, қасына келіп:
– Шәкітай-ау, неғып тұрсың? – деді.
– Құреке, қорқып тұрмын…
– Шығасың ба, жоқ па?..
Сенімсіздеу үнмен:
– Құреке, – дей бергенінде, Құрманбек оны сахнаға қарай қатты итеріп жіберді.
Шара сахнаға қалай ыршып шыққанын сезбей, сылқылдаған сазды күй ырғағымен бірден биледі де кетті. Кібіртіктеп барып, жан жарының шешімтал әрекетімен сахнаға атылып шығып нөмірін орындауға кіріскен өнерпаз жайында ертеңіне «Правда» газеті: «…қазақ бишісі Шара Жандарбекова сахнаға найзағайдай жарқ етіп шыға келді», – деп жазды. Иә, Шара сахнаға найзағайдай жарқ етіп шыға келді де, әсем қимылдарымен мың бұралып, көрермендерді тамсандыра, «Былқылдақты» жеріне жеткізе билеп берді.
Зал разы дыбыстарға толып, гуілдеп кетті. «Бис!» деп айқайға басты. Уылдап-шуылдап жатыр. Шара қайран қалып тұр. Алматыда халық ұнаған әндерін қайыра айтқызып, операның ортасында жер тепкілеп отырып алатын. Ал мұнда мәдениетті қауым жүріп жатқан спектакльді үзіп тастап, ұнап қалған дүниесін қайталатады екен. Мұндай әдетті Шара да, басқалар да білмейтін еді…
«Былқылдақтан» кейін Жібек пен Төлегеннің дуэті айтылуға тиіс-тін. Оркестр сол дуэтке кіріспені ойнап жатыр, алайда толас таппаған шапалақ үнінен музыка естілер емес. Қанабек-Төлеген мен Күләш-Жібек сахнада қайтерлерін білмей, дағдарып қалды.
Концерт болса бір сәрі, ал спектакльде биді қайталау деген Шараның тәжірибесінде кездескен емес. Әрі, ойлап қарағанда, мұндай жағдай музыкалы спектакльдердегі рөлдерді атқарушыларға көп қиындық туғызуы мүмкін ғой. Әбден еңсеріп алған образдарынан шығып кетуі ықтимал. Жоқ, спектакль жалғана беруге тиіс. Солай ойлайды да, Шара сахнаға қайта-қайта шығып, бас иеді, тағзым етеді. Бәрібір қолшапалық толастамайды. Бір кезде оркестр ақыры ойнауын тоқтатты. Төлеген мен Жібек аңтарылып, арияларын айта алмай, төрде отыр.
Құрманбек дирижерге белгі берді де, Шараға:
– Биіңді қайта биле! – деді.
Оркестр Тәттімбеттің «Былқылдағын» қайтадан ойнады. Жастық пен махаббаттың ақ құсындай қайта шалқыған күй әуезімен тұтасып кеткендей болған Шара астана сахнасында тағы да тамаша биімен қалықтады. Бидің артынша спектакль сәтімен жалғаса берді.
Не керек, көрермендерді басты рөлдерде ойнаған Күләш пен Қанабек Байсейітовтер, Құрманбек Жандарбеков, Манарбек Ержанов, Үрия Тұрдықүлова, биші Шара Жандарбекова, басқа да орындаушылар өте-мөте сүйсіндірді.
Спектакль аяқталғанда Исаев пен Жүргенов ентіге басып сахнаға шықты. Жүздері бал-бұл жайнайды, естері шығып кеткен. Артистерді жағалай арқаларынан қағып:
– Жарайсыңдар!
– Азаматсыңдар!
– Халық сенімін ақтадыңдар, балалар! – дейді.
Өнерпаздарға осыдан артық алғыстың керегі де жоқ еді, қуаныштан жүректері жарыла жаздайды. Залдағы жұрт ду қол шапалақтап, қайта-қайта ортаға құрметтеп шақырған сайын көбінің көздері жасаурап, қуаныштан жылап тұрды. Орталарында – қазақ үкіметінің басшысы Ораз Исаев пен үкімет мүшесі Темірбек Жүргенов. Мәскеуліктердің шат сезімді білдіретін «браво!» деген лепесі тек артистерге ғана емес, соларға да айрықша арнап айтылғандай…
* * *
«Қыз Жібектің» он тоғызыншы мамыр күнгі қойылымына дайындалып жатқанда:
– Бүгін ойынды тамашалауға партия мен үкімет басшылары түгел келеді, – деп, Жүргенов артистерді алдын ала хабардар еткен.
Қазақ музтеатры осы күннің алдында ғана, яғни кеше, он сегізінші мамырда, «Жалбырды» қойған-тын. Ол да соның алдындағы күнде онкүндікті ашқан «Қыз Жібек» секілді көпшілік көңілінен шыққан. Екі спектакльде де ойнаған артистер Үлкен театр филиалының сахнасында өздерін еркін ұстауға едәуір дағдыланып қалған. Дегенмен «Қыз Жібектің» екінші қойылымын көруге ел басшылары келеді деген сөзге бәрі де едәуір толқыды.
Әйтсе де ешқайсысы да сыр бермей, абдырамай, жинақылық көрсетті. Іштеріндегі кейбір батылдары, жүрексіне тұра, шымылдық саңылауынан залға қарап көрді. Зал толы болатын. Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшелері, мемлекет және партия қайраткерлері, атақты адамдардың бәрі де келген-тұғын…
Көрушілер ойынды өте жақсы қарсы алды. Шымылдық ашылып, бірінші пердеде қазақтың ерте кездегі шалқыған бай, құлпырған әсем киіз үйінің тамаша көрінісі алға тартылғанда, сан түрлі сәнді киімге малынған қыздар қосылып ән салған сайын көрермендер ұзақ-ұзақ қол шапалақтайды. Сондай қол шапалақтаулар спектакль барысында әр әдемі айтылған ария мен би орындалған сайын болып жатты. Әрбір перде соңын жұрт тамаша ойын көрсеткен театр ұжымына құрмет көрсеткен овацияға ұластырды.
Үкіметтік ложада Сталиннің қасында отырған Саяси Бюро мүшелерінің бірі сахнадағы Бекежанға нұсқап, Исаевтан:
– Анау неге әнді өзі айтпады? – деп сұрайды.
Спектакльдің алғашқы актілерінде Бекежанның әндерін оның қасына еріп жүретін шабарманы айтатын. Яғни Құрманбек Жандарбеков ымдаса болды, қасындағы Жүсіпбек Елебеков оның орнына шырқап қоя беретін. Соның мәнісін қалай түсіндіруге боларын ойлап, жауап бермекке енді оқтала бергенінде, Исаевтан бұрын Сталин тіл қатады. Өзінің ерекше мақамымен:
– Бұл – шығыс халықтарының дәстүрі, – дейді. – Олардың әкімдері өздері айтпайды, ол үшін оның қасында жүрген не шешен, не ақын адам айтады.
Сталин қазақ өнерпаздарына риза боп отырғанын ойын барысында тағы бір танытады. Күләш Байсейітова Жібектің кезекті ариясын айтып бола бергенде, Исаевқа бұрылып:
– Біздің кейбір әншілер бар – ән салса, қаққан қазықтай қатады да қалады. Ал қозғалса – әнін айта алмай қалады. Ал мына қызда, көзге ұрып тұр, бәрі бар: әрі әнді керемет шырқайды, әрі рөлін тамаша ойнайды, – дейді…
Ойын кезінде мәскеулік көрермендер орынды көрген, ал қазақ өнерпаздары жағы бүлдірдік деп қорыққан оқиға орын алды…
Күләш-Жібек әдетінше әсем сызылтып ариясын айтқан, Қанабек-Төлеген сахнаға өзінің қоңыр әнін шырқап шыққан, «Былқылдақтың» кіріспесі басталуын тықырши тосқан Шара да құйқылжыған күйді биімен құлпырта, әдемілеп орындап берген. Сосын Құрманбек-Бекежан сахнаға:
– Ер арманы Жібек,
Тұғырында түлеп,
Тосуменен жүдеп
Отырмысың, тотым? –
деп, жолбарысша атылып шыққан еді.
Құрманбектің әлекедей жаланып тұрған шағы емес пе, жап-жас, көздері жалт-жұлт етеді, үні де әсем. Бірақ кім ойлаған, тап сол жолы, «Сармойын» әнінің негізінде жазылған атақты ариясын орындап жатқанында, ешкім болжамаған бір оқыс жәйт болды…
– Айттым ғой ерегіс бір іс істетті,
Түбіне Төлегеннің намыс жетті.
Атыста – жекпе-жекте, айдалада
Төлеген қайтпайтұғын а-хоу, сапар шекті, – ай-ай, –
деп еркін көтеретін дауысы тура осы маңызды, көсемнің өзі көріп отырған қойылым кезінде бұзылды да қалды.
Ойынға сахна қапталындағы шымылдық-кулисалар тасасынан қарап тұрған артистер, әсіресе жары Шара қорқып кетті. Құрманбек-Бекежан «а-хоу!» деп дауысын жоғарылата созудың орнына «ха-ха!» деп қарқылдап күліп берді. Әбүйір болғанда оркестр тоқтамай ойнай берді. Өйткені Құрманбек музыка ырғағына еш нұқсан қелтірмей, дәлме-дәл қарқ-қарқ күлді. Екінші шумақта тағы күлді. Оның қарқылдаған күлкісі өлген жауын табалап тұрған нағыз қанішерді танытқандай болды. Көрермен-тыңдаушыны еріксіз тіксіндірді.
Бірақ бұл осы уақытқа дейін қалыптасып қойған орындалу жолын оқыс бұзған, либреттода көзделмеген, режиссерлер ықтимал нұсқа ретінде ешқашан қарап көрмеген, күтпеген жағдайға орай туған экспромт еді. Кейін мұны Құрманбек-Бекежан өзінің Базарбай сарайындағы қарақшы жігіттермен қосылып садақ атып билеген көріністегі «Жамбы атыс» биінен алқынып қалғандығымен, содан демалып алуға үлгере алмағандығымен түсіндірген. Алайда экспромт жасалған сәтте оның себебін Темкең өзі ылғи сақтандырып жүретін теріс қылыққа Құрманбектің бой алғызғандығынан деп санады да, түтігіп келіп:
– Рөлді бүлдірдің, жасырын арақ ішіп құрып қалғансың ғой, бала! Жоғал көзіме көрінбей! – деп ұрысты.
Дегенмен көрермендердің ықыласы ғаламат болды. Наркомды ренжіткен кемшілікке ешқайсысы назар аударған да жоқ. Спектакль біткендегі қол соғу үлкен жетістіктің хабаршысы еді. Ұзаққа созылған қолшапалақтан артистердің басы кәдімгідей айналды. Көрермендер сахнадағы декадашы өнерпаздарға қарап қол соғады, ал олар үкіметтік ложадағы Орталық Комитеттің Саяси Бюросы мүшелеріне қарап қол шапалақтайды.
Өздерінің алдында ғана өте жақсы қабылданған украиналықтармен салыстырғанда өте төмен, сүмірейіп көрінер ме екенбіз деп сескеніңкіреген жетекші әншілердің жүрегі орныққандай болды.
Артистер гримдерін жуып, күнделікті киімдерімен театрдан шыққандарында көрді: халық сыртта әлі сықап тұр, қазақ өнерпаздарының жай кездегі келбетін, түрін көруге қызығып, әдейі күткен секілді. Олар есіктен көріне бере:
– Жарайсыңдар! Браво! – деп айқайласты.
Осылай үн қатқан дауыстар баршасының тұла бойын шымырлатты. Қанабек қасындағы Күләшке қарап:
– Мұндай сөздерді өзіміздің елімізде сирек естуші едік қой, Күләтай, – деді. – Енді мұндай мадақты Мәскеу жұртшылығынан естігенде, толқымауға қалайша шыдай аларсың…
Артистерді мейманханаға әкетуге автобус дайын тұрған-тын, олар гүлдерін лақтырып, ықыластарын айқайлап айтып жатқан жұрттың ортасын жара, солай қарай жүрді. Бастарын изейді, қолдарын біресе қысып, біресе бұлғайды. Әйтеуір, білгендерінше алғыстарын түрлі ілтипатпен білдіруде. Сығылысқан адамдардың қастарынан өтіп бара жатқандарында, бұлардың ішінен спектакль кейіпкерлерін танығанын:
– Міне, Жібек қыз!
–Ал мынау – зұлым Бекежан!
– Бозбала Төлегенді қара! – деген дауыстарымен білдіріп жатты.
Декадашылар келіп мінген соң, автобус жыртылып-айрылған қалың халықтың қақ ортасымен ақырын жылжыды. Спектакльді сүйсіне тамашалаған разы көпшілік оларды шуылдай қол бұлғап шығарып салды.
ІІІ
Спектакль кезінде орын алған кішкене кірбің ертеңіне таңертең күрт жазылып, бәрі өзгеріп сала берді. Мәскеуде шығатын орталық басылымдар күнде ертемен номерлерге жеткізіліп тұратын. «Правдада» барша артистердің ойынына талдау жасалып, мадақталыпты. Ал Құрманбектің кешегі ойыны туралы, тіпті ешкім ешбір күтпеген пікір жазылыпты.
– Тыңдаңызшы, Құрмаш, – дейді Шара таңданып, – ал актер Жандарбековтің күлкісі «Бекежандай дала тағысының психологиясын аша түсуге кілт болды» деп жазыпты!
– Уа, пірім, әрдайым өстіп демеп жүрші! – деп саңқ етті Құрмаш.
Тұрды да, жуынып-шайынып алған соң, қарсы бөлмедегі Қанабектерге кетті. Шара ұйқыдан тұрған төрт жасар ұлы Болатты жуындырып, киіндіріп, енді тамақтануға әзірлеп жатқанда қайтып келді.
– Оу, біздің Бөкентай тұрған екен ғой! – деп, кірген бетте баласын құшып, сүйіп-сүйіп алды да: – Шәкітай, қазір бір қызық жасайық! – деді.
– Иә? Қандай қызық жасамақсыз?
– Шұрқ етпе! Жүр, ботам, атаға барамыз, – деп, артық сөзге келместен, Құрманбек жұдырықтай ұлын жетелей жөнелді.
«Атаға» десе, кішкентай Болатта жан жоқ. Нарком Темкеңді солай – «ата» деп атайтын. Нарком да мұны жақсы көретін. Бала Болат арсалаңдап алдына барса болды, о кісі де шырқ үйіріле қалатын. Зерек баланың тілін қызықтап, сөйлете беретін.
Әкелі-балалы екеуі Жүргеновтің бөлмесіне келеді. Құрманбек есікті қағады да, әрірекке шегініп, жасырынып қалады. Темкең есігін ашады. Жұдырықтай Болатты көреді де:
– Ой, көкем, неғып тұрсың? – деп, баланың бетінен сүймекке еңкейеді.
Сол кезде бүлдіршін Болат:
– Ата! – дейді де, шап беріп мойнына асылады.
Темкеңде жан қалмайды, баланы көтеріп алып:
– Дәметай, бізге Болатжан келді, – деп айқайлайды, – қане, тездетіп таңғы асқа тапсырыс бер!
– Папам далада тұр… – дейді Болатжан.
– Онысы несі? Әй, о неғып сыртта тұр, кірмей ме?
– Ол сенен қорқады…
– Қорыққаны несі-ей?
Темірбек қарқылдай күлген беті:
– Әй, Құрмаш, шық бері жасырынбай! Ішке кір! – деп дауыстайды.
Есікті ашып, жақтаудан әрменіректе тұрған Құрманбекті бөлмеге кіргізіп алады.
– Әй, Құрмаш, сен бүгінгі газетті оқыдың ба? Қалай мақтаған! Өнерді түсіну жағынан біз мақұрым, нағыз профан екенбіз ғой! Мен саған текке ұрсыппын… кешір! Дәметай-ау, коньягің бар ма, әкелші, әншінің тамағын ептеп жібітіп қоймаса болмас…
Мығым денесін допша лақтырып жеңіл ұстайтын қағылез комиссар Темкең өстіп Құрманбектің алдында елпілдеп, құрдай жорғалайды. Құрманбек болса бәлсініп:
– Темке, біз Болат екеуіміз Алматыға қайтамыз, – дейді. – Өзің емес пе, көзіме көрінбе деген…
– Бірақ саған «Правда» жақ боп шықты ғой, – деп күледі Темкең, – ашуыңды бас, Құрмаш!
– Жоқ, оны қойшы, – дейді де, Құрмаш күйтабағын ауыстырады: – Мына Болат балаңа қиын болды, күн ұзаққа номерге бекітіп кетеміз, жалғыз өзі отырады біз оралғанша, әлденеге ұшырап қала ма деп Шара екеуімізде зәре жоқ. Бұл балаға қарайтын бір күтуші нәнке керек еді…
Құрмаштың зарына қосарланып, Болат баласы да:
– Ата, няня жоқ… – деп балауса қолдарын екі жағына жаяды.
Темірбек көздері жыпылықтап сасып қалады. Есікті ашып:
– Сахаров! – деп дауыстайды.
Лезде көрші бөлмеден портфелін қолтығына қысқан есепшісі көрінеді.
– Жандарбековке баласына нянька жалдауы үшін үш жүз сом бөл, – дейді нарком оған.
Құрманбек есепші әзірлеген шығыс құжатына қол қойып жатқанда:
– Иә, Құрмаш, онкүндік өткенше, Болатжанға няня жалдайсың, – дейді де, мынандай сөздермен әзілдеп күледі: – Декаданың ең жас қатысушысының барлық жағдайын жасау саған тапсырылады!
Делегацияны қарсы алған алғашқы күндері газеттер: «Онкүндіктің ең кәрі қатысушысы – тоқсан жаста, ал ең жас қатысушысы – төрт жаста!» деп жазған еді, соған мегзегені. Олар рахаттанып күлісіп алды…
Ертеңіне «Жалбыр» қойылды. Жалбырды Құрманбек, Қадишаны Күләш, Сүгірді Қанабек ойнайды. Сахнаға Қанабек шыққан кезде, ложадағы партия қайраткерлерінің бірі Исаевтан:
– Мына әртіс кім? – деп сұрайды.
– Кешегі Төлегенді ойнаған жігіт қой.
– Солай ма? Қалай құбылып шыға келген?! – дейді анау басын шайқап.
Сонан кейін кеше жауыз Бекежанның, бүгін батыр Жалбырдың бейнесін жасап жүрген Құрманбектің атына жылы лебіз білдіреді. Кеше Жібекті, бүгін Қадишаны тамаша ойнаған Күләшті де мақтайды.
Қазақ музыкалық театры онкүндік кезінде «Қыз Жібекті» үш рет, «Жалбырды» үш рет – барлығы алты спектакль қойды. Ауыстыратын қосалқы адам жоқ болғандықтан, артистер күн сайын өз рөлдерінде ойнайды. Ауыр тиіп тұрғанмен, сездірмеуге тырысып, бәрі де өздерін тың адамдай ұстайды. Онкүндіктің ойдағыдай өтіп жатқаны көңілдеріне демеу, соған қуанышты, сондықтан да шаршамайды.
Бәрі жақсы-тын, соңғы спектакльде тағы бір кездейсоқ кемшілік көрініп қалды. Жалпы артистер рөлдерін мүлтіксіз орындап жүрген, ысылып алған. Бірақ біреуін бір қырсық шалды…
Бірінші акт өте жақсы өтіп, екінші акт жүріп жатты. Хан сарайын қыз-қырқынның әні мен биі толтырған. Төлегеннің ұзақ сапарға аттануына байланысты той боп жатыр. Қарлығаш көкесімен қоштасар сәтте «Еділ бойы» әнінің нақышымен кісінің жан-жүйесін босатып жіберетін ариясын айтады. Шара осы арада «Шашу» биін билеу үшін, екі жағында екі жігіт, алтын табаққа қойдың басын салып алып шығады. Кәдімгі үйітілген құйқалы бас. Бутафорияны қабылдамай, сахнада тек табиғи заттардың болуын қалайтын нарком Жүргенов талабының нәтижесі.
Сахнадағы сарайда да көз алдаушы жасанды зат жоқ, уықтар, шаңырақ, дөдеге, басқұрлар – бәрі өмірдегідей рас. Ақ туырлыққа шейін қойдың күзем жүнінен басылған. (Бұл декорациялар турасында Мәскеу газеттері беттерінде көптеген мақтау сөздер айтылып жатты). Не керек, осындай фонда құйқылжыған күй жетегімен бәрі билеп жүрген.
Кенет бір биші жігіттің атлас шалбары сыпырылып тобығына қарай түсіп бара жатқаны аңғарылды. Шараның көзі сонда, биін доғарып бақшиып тұрып қалды. Музыка тоқтады. Шымылдық қалтарысындағы Құрманбек «әрі қарай жалғастырыңдар» деп ымдайды. Ызадан көзі шатынап, қолын сермеп, жұдырығын түйеді. Ешкім ештеңе ұқпайды. Не күлерін, не жыларын білмей дағдарып тұр…
Бір ғажабы, зал жақ күлмеді, тым-тырыс отыр. Шымылдық түсірілді. Әлдебіреу Жамбыл қартты сахнаға алып шықты. Жұрт ду қол шапалақтап қоя берді. Осы бір қарбаласта Құрманбек дереу ышқыр бауы үзілген бишіні сахнадан желкеден бір түйіп қуып шықты, оркестрді ойнатқызды. Шымылдық ашылып, ойын өз жолымен жалғасты. Хор шырқалды, думан үзілмей, әсерлі көрініспен сабақтала берді. Күләш «Дүние-айын» айтып, залдағы көрермендермен қимай қоштасқандай әсер етті.
Спектакль аяқталды. Жұрт дүрліге қол соғып орындарынан тұрып кетті. Қуанышта шек жоқ. Бірақ Жүргенов ашулы, шашы тікірейіп, өрт сөндіргендей түрмен сахнаға шықты да, Құрманбекке ұрсып берді…
Ертеңгісін азанда Құрманбектің номерінің есігі қағылды да, бөлмеге Исаев пен Жүргенов кіріп келді. Темкеңнің кешегі сөгісін ұмыта қоймаған Құрманбек пен Шара үрпиісіп тұр. Ал олардың ойында түк жоқ, күндей күлімдейді. Темкең жадыраңқы кейіппен:
– Балалар, жақсы ұйықтап тұрдыңдар ма? – дейді. – Болатжан қайда? Өй, азамат, ұйқыны соғып жатыр ғой.
Біздің әлденеден сасып тұрғанымызды сезгендей:
– Кешегі қорытынды спектакль тамаша өтіпті, тіпті ана бір қолайсыз жағдайды ескермеген, тура солай болуға тиіс деп қабылдағандай. Мәскеу жұрты аса зиялы ғой, бізге көп нәрседен тағылым берді, – деп хабарлады.
– Апыр-ай, неткен қуаныш!
Құрманбек көздері жайнаңдап, күліп сала берді. Шара тамағына өксік кептеліп, жасқа толы көздерін бұрып әкетті.
– Ал, балалар, ертеңгі шайды мына Ораз ағаң, бәрің менің бөлмеме келіп, Дәмеш жеңгелеріңнің қолынан ішесіңдер…
IV
Онкүндік Үлкен театрда бүкіл делегация – үш жүз адам қатысқан үлкен концертпен жиырма үшінші мамырда аяқталды.
Концертті Ахмет Жұбанов басқарған КазЦИК атындағы Ұлттық халық аспаптары оркестрі ашты. Көрермендерді аса көркем ұлттық киімге малынған оркестранттардың сахнадағы әсем көркі бірден сүйсінтті. Оркестр әртүрлі күй орындады.
Оркестрге қосылып Қазақ музыка театры мен мемлекеттік филармониясының артистері Күләш Байсейітова, Жамал Бейсембаева, Жүсіпбек Елебеков, Бісміллә Балабеков ән салды. Түрлі лирикалык, сатиралық, тұрмыстық және ерлік тақырыптағы әндер орындалды. Музыка театрының бишісі Шара Жандарбекова және балет ансамблі түрлі халық билерін биледі. Қазақ хореография мектебінің Александров баулып жүрген шәкірттері Чайковскийдін «Ұйқыдағы ару» балетінен вальс орындады. Өрімдей жас бишілердің сымбатты да сүлу биіне сүйсінген жүртшылық ду қол шапалақтап, концерттің екінші бөлімінің басында қайта билетті.
Екінші бөлім түгелдей ұлттық ойын мен ән-биді арқау етті. Сахнада таулы ауыл көрінісі жасалып, жастар ән салды, қуыршақ театры «Ортеке» биін көрсетті. Жастардан екі жігіт суырылып шығып, күресе бастады. Ол аяқтала бере Қазақстанның халық артисі Елубай Өмірзақов дуана рөлін орындады. Артынша төкпе ақындар шыға келіп, айтыса жөнелді. Мұның бәрі өзіндік ерекшелігі мол, көңілді де көрікті көрініс болды.
Концерт соңында барша ұжым хормен Отан жайында кең тынысты ән орындады. Музыканттар, әншілер, ақын-жыраулар, бишілер орталарына тоқсандағы Жамбылды алып, көруші қауымға, партия мен үкімет басшыларына ризашылықтарын білдірді.
* * *
Темірбек Жүргенов 25 мамырда Кремльдің Георгий залында өтетін қазақ артистері мен мәскеулік өнер қайраткерлерінің кездесуі турасында әңгімелеп, өнерпаздарға алдын-ала былай ескертті:
– Саспаңдар, әбігерленбеңдер. Сендер қазақ сынды мәртебелі халықтың ұл-қыздарысыңдар, – деді. – Сендер – ұлтымыздың атына лайық өнер көрсетіп, мәскеулік жұртшылықты таң-тамаша ете білдіңдер. Енді, бүгінгі кездесуде халқымыздың мінезі мен қасиетіне лайық парасаттылық танытып, кермиық, сырбаз, ұстамдылық деңгейінен табылыңдар!
Кешкі сағат сегіз мөлшерінде Кремль сарайына астана қоғамдық ұйымдарының көптеген өкілдері – режиссерлер, артистер, жазушылар, кино және радио қызметкерлері, суретшілер, мүсіншілер келе бастады. Қазақтың мемлекеттік музыка театрының ұжымы толық құрамымен, Қазақ мемлекеттік филармониясының және КазЦИК атындағы ұлт аспаптар оркестрінің артистері, тоқсандағы Жамбыл бастаған республика ақын-жазушылары келді.
Зал төрінде «Қазақ халқына сәлем!» деп қазақша жазумен ұран ілінген.
Партия мен үкімет басшылары төрдегі президиум столына жайғасты. Олармен бірге Қазақстан Халкомкеңесінің төрағасы Ораз Исаев, Қазақстанның халық артисі Елубай Өмірзақов, еңбек сіңірген артисткалар әнші Күләш Байсейітова мен балет бишісі Шара Жандарбекова отырды…
ССРО Совнаркомы жанындағы Бүкілодақтық өнер комитетінің төрағасы Платон Михайлович Керженцев кіріспе сөз сөйлеп кездесуді ашты. Ол қазақ музыка театры Советтер еліндегі ең жас театр екенін атап, оның және қазақ филармониясының қол жеткен табыстарының елеулілігін, бұлардың зор шеберлік дәрежесінде өнер көрсете алғандығын айтты. Сөзінің қорытындысында:
– Талантты қазақ артистері үшін, Қазақстан үкіметінің басшылары Мирзоян және Исаев жолдастар үшін! – деп тост көтерді. Сөзін соңында қазақша: – Жасасын қазақ халқы! – деді.
Сосын Күләш қысқаша сөйлеп, қазақ өнерін жақсы қабылдаған Мәскеу жұртшылығына рақмет айтты. Одан кейін Жүргенов қазақ өнерінің өркендеу жолын әңгімеледі.
– Қазақ халқы өнер баспалдақтарымен ілгерілеуде, бүгін оның үш жүз өкілі Кремль сарайында отырғаны – сол баспалдақтардан мәдениет биігіне көтерілгендігінің айғағы, – деді ол. – Біз Мәскеуде көп нәрсені үйрендік, өз жұмысымыздың сапасын бұдан әрі де жақсартып, Қазақстанда мәдени революцияны өркендете түсуге міндеттілігімізді айқын ұғамыз.
Кездесуде республика халық артисі Немирович-Данченко өте әсерлі сөз сөйлеп, тост көтерді. Исаев қазақ халқы мен үкіметі атынан жалынды сөз айтты.
– Бұл кездесу қазақ халқының тарихында өшпейтін факт болып қалады, – деді ол, – осынша зор құрметке қазақ лениндік ұлт саясатының арқасында жетіп отыр.
Содан соң Демьян Бедный мен Мұхтар Әуезов сөйлеп, тост көтерді.
Кездесу кешінің соңы концертке ұласты. Үлкен театрдың солистері Мария Максакова мен Марк Рейзен, Митрофан Пятницкий атындағы халықтық хор, Қызыл тулы қызыләскерлер ән-би ансамблі өнер көрсетті. Күләш Байсейітова «Гәккуді» шырқады, Шара Жандарбекова «Былқылдақты» биледі.
Орындарына келіп отырғандарында көрді: Күләш пен Шараның әрқайсысының алдына әдемі, нәзік жасалған, көздің жауын алатын хрусталь вазаға гүл салынып қойылыпты. Темкеңнің ақыл-кеңесіне сай, қаншама әйелге тән қызығушылық құмартқызып тұрса да, екеуі де оларды алмай кеткен. Мейманханаға келгендерінде, екеуінің де нөмірлеріндегі стол үстінде Кремльде тартылған сый-бұйым гүлімен жайқалып сонадайдан мен мұндалап тұрды…
V
27 мамыр күні таңертең он үш декадашыны Жүргенов өз бөлмесіне шақырды. Исаев та сонда екен. Дастарқанға жеңілдеу ғана тамақ – қазы, қарта, қымыз, шәй қойылыпты.
– Қымбатты біздің өнерпаздар, бүгін республикамыздың абыройын аспандатқан сіздерге үкімет наградасы беріледі, марапатты бүкілодақтық ақсақал Михаил Иванович Калинин жолдастың өзі тапсырады, – деді Ораз Жанұзақұлы. – Біз сіздерге құтты болсын айтамыз!
– Үкімет марапаты құтты болсын, қазақ өнерінің ардақты қайраткерлері! – деді Темірбек Қараұлы.
Екеуі әрқайсысының қолын алып, жеке-жеке құттықтады.
– Ауылдағы той тағы өзінше бола жатар, аздап қуаныштың құрметіне дәм татайық, – деді Темкең.
Награда түскі он екіде тапсырылмақ екен. Сәл ертелетіп, бәрі Кремльге келді. Сол шақта Украина өнерпаздары қарсы кездесті, оларға да наградалар сол күні берілген-тін.
Осы оқиғалар жайында бүкілодақтық ақсақал:
– Бүгін Украина мен Қазақ республикаларының көркемөнер қызметшілері орден алып отыр. Украина мен қазақ театрларының Москвадағы ойындарын астананың еңбекшілері ерекше қуанып қарсы алды, – деген-ді. – Ұлт тілдерінде болған опера ойындарына Москва көрермендерінің қол шапалақтауы украин мен қазақ өнерпаздарының өз елдеріндегі қолшапалақтан кем болған жоқ. Мұның себебі не? Мұның себебі: халық көркемөнері өзгелер білмейтін өз тілінде көрсетілсе де, қай халыққа болса да түсінікті, жақын болып отырғандығы.
Бізде халық көркем өнері дегенді жабайы нәрсе деп ұғынушылық бар. Бұл өте үлкен қате. Көркем өнердің ең жоғарғы, ең талантты, ең данышпан түрі – халық көркемөнері, басқаша айтқанда, халықтың көңілінде қалған, халық сақтап келген, халықтың әлденеше ғасырлардан бері ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келген көркемөнері. Бұл күмәнсіз. Өздеріңізге мәлім, құны жоқ көркемөнер халықта сақталмайды. Халық та бір, алтын іздеуші де бір. Ол ең бағалы, ең данышпан нәрсені ғана іріктеп алып, сақтап, өңдеп, әлденеше ондаған жылдар ұстайды.
Сонымен, қазақтар мен украиндар Москваға өздерінің халықтық творчествосымен келді. Біздің жұртымыз бұларды толық ұғынды, өте қошеметтеп қарсы алды.
Сөз жоқ, біздің социалистік құрылысымыз көркемөнердің түрлі саласында бұдан да үлкен талантты басшылар мен тамаша жасаушыларды таяу уақыттың ішінде жарыққа шығарады. Сөз жоқ, халық та нағыз артықша көркем және данышпан шығармаларды туғызып, бұрынғыдан да жемісті етіп өңдейді… Бұлардың Москваға келуінде орасан үлкен маңыз бар. Бұлардың ойындары Советтер Одағы халықтарының арасында айнымас берік туысқандық, жақындық барлығын көрсетті.
Халықтық ұлт өнерінің алғашқы өкілдерін – украин және қазақ жолдастарды мен шын көңіліммен құттықтаймын. Бұлар совет астанасына әрдайым келіп тұратын қалаулы мейман болар деп ойлаймын! Біздің өзге республикаларымыз да Москваға өз көркемөнерінің талай-талай тамашасын көрсетеді деп сенемін!
Декадашыларға жүрекжарды құттықтауын арнаған және жалпы халық жасайтын нағыз ұлттық өнер болашағына сенетінін жария еткен Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Михаил Иванович Калинин:
– Сүйкімді даусымен баршаны өзіне тартып, баурап алған шын мәніндегі шығыс бұлбұлы Күләш Байсейітоваға Совет Одағының халық артисі атағы беріліп отыр, құттықтаймын, қызым! – деді.
Еңбек Қызыл Ту ордені сынды жоғары награданы да Бүкілодақтық ақсақал бірінші кезекте Күләш Байсейітованың кеудесіне тақты. Бар болғаны жиырма төрт қана жастағы бұлбұл үнді нәзік әнші:
– Бұл атақты марапатты езілген халықтарды қайта туғызған Лениннің үлы партиясының арқасында алып отырмын, – дей келіп, – Қазақтың халықтық көркемөнерін өркендете түсу ісіне барлық күш-жігерімді жұмсаймын, операда шеберлігімді жетілдіре беруге тырысамын, – деп уәде берді.
Орденін алуға екінші болып Жамбыл Жабаев көтерілді. Оны сахнаға бір қолына домбыра ұстаған ақын Қасым Тоғызақов қолтығынан демеп шығарды. Жамбылдың кеудесіне Ленин ордені тағылды. Тоғызақов домбыраны орден алысымен Жамбылдың қолына ұстатты. Сонда Жәкең домбырасын қағып-қағып жіберді де:
– Тоқсандағы Жамбылға
Толқындатып сөз келді,
Көктеменің көгіндей,
Кәрі өмірім өзгерді, –
деп бастап, атақты «Орден алғанда» өлеңін айтты. Өлеңін:
– Данышпан сенің алдыңнан
Қазақстанға қайтамын,
Сенен алған қуатпен
Халқыма өлең айтамын.
Барып әзір Отанға,
Байтақ жазық далаға,
Шаттық жырын жырлаймын
Жырымнан ашық нұр жаға! –
деп айтып біткен соң, домбыраны Қасымға ұстатты да, құдды бата бергендей, сақалын сипады. Сөйтіп барып Калининнің қолын алды.
Үшінші кезекте Еңбек Қызыл Ту ордені қазақтың советтік әдебиетін өркендетудегі ерекше еңбегі үшін Сәкен Сейфуллинге берілді. Ол жалынды сөзін сөйлеп бола бергенде жауапты қызметкер дауыстап, келесі қаулыны оқыды:
– ССР Одағының Орталық Атқару Комитеті қаулы етеді: қазақ опера өнерін, қазақ музыкасын, әнін және билерін дамыту ісіне аса көрнекті еңбек сіңіргені үшін ҚАССР Совнаркомы жанындағы Өнер істері бойынша басқарманың бастығы Жүргенов Темірбек Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталсын.
Бүкілодақтық ақсақал кеудесіне орденді қадаған соң Жүргенов қазақ республикасында өнердің ерекше қарқынмен дамуына жол ашып берген партия мен үкіметке алғыс айтты.
– Бұл жол ашу елді дағдарысқа ұшыратқан ескі, кертартпа басшыны кері шақырып алып, республиканы басқаруға жаңашыл коммунист Мирзоян жолдасты жіберумен тығыз байланысты, – деді ол. – Мирзоян жолдас қазақ республикасында шын мәніндегі мәдениет революциясын жасауға қолайлы жағдай туғызды. Декада кезінде үйренгендерімізді іске қоса отырып, алдағы уақытта жұмысымызды мейлінше екпінді түрде жалғастыра береміз деп біз баршаңызды сендіреміз!
Одан кейін Еңбек Қызыл Ту ордені Құрманбек Жандарбековке, Елубай Өмірзақовқа, «Құрмет белгісі» ордені Евгений Брусиловскийге, Үрия Тұрдықүловаға, Қалибек Қуанышбаевқа, Манарбек Ержановқа, Шара Жандарбековаға, Қанабек Байсейітовке тапсырылды.
* * *
Сол 27 мамыр күні кешкісін Кремльдің Үлкен сарайында қазақ өнерінің онкүндігіне арналған үлкен банкет берілетіні хабарланды. Банкет кешкі сағат сегізде басталады, ал артистер жетіде сонда болуы керек. Ерлер түгелдей қара костюм, ақ жейде, қара ботинка киіп, галстук байласын, ал Күләш пен Шара ұлт киімін кисін деген Темкеңнің нұсқауы да алдын ала жеткізілді. Сосын «Москва» қонақ үйінің залына бәрін жинап алып, Исаев пен Жүргенов мына ережелерді қатты қадағалап айтты:
– Банкетке барғанда тәртіпті отырыңдар. Қатты дауыс көтеріп сөйлемеңдер. Орындарыңда әрлі-берлі қозғалақтап, базарға тұңғыш келген ауыл баласындай алақтап жан-жақтарыңа қарай бермеңдер.
– Шанышқы-қасықтарды, ыдыс-аяқты театрдың асханасындағыдай салдыр-күлдір қозғап жүрмеңдер.
– Алдарыңда көп рюмка, шанышқы, қасық, пышақтар болады: құрдасыңның үйіне келгендей әзілдеген боп, қара басып сұғанақтана көрмеңдер. Және де әрқайсысын бір ұстай бермеңдер.
– Ең бастысы – ағыл-тегіл дүние екен деп арақ-шараптан сылқылдатып іше бермеңдер…
Сосын бірінші тосты – Күләш Байсейітова, екіншісін Мұхтар Әуезов айтатынын, қалғандарының тыныш отыруы тиістігін ескертті.
– Қазір бәрің демалыңдар да, сағат алтыда төменге түсіңдер!
Кешкі алтыға қарай артистер қонақүйдің астыңғы фойесіне жинала бастады. Сыптай сұлу кісілер баспалдақпен сырбаздана түсіп келеді. Бәрі үстілеріне су жаңа қара костюм, жағасы қатырмаланған ақ шаңқан көйлек, аяқтарына жалтыраған бәтіңке киген. Шетінен кербез де маңғаз.
Бір кезде қосетек жібек көйлек, қынама бел камзол, қамар белбеу, бастарына қарқара – әшекейлі, үкілі құндыз жекей, қос бұрымға сылдыратып шолпы таққан Күләш пен Шара көрінді. Күміс теңгелері жүргенде тілерсекті соғып, күмбір-күмбір етеді. Аяқта өкшелі, оюланған қызыл кебіс. Былқ-сылқ басады. Екеуі де жас, әрлі. Жұрттың көзі соларда.
Бір жігіт шыдай алмай, мәймөңкелетіп:
– Несін айтайық, Күләш пен Шара, екеуің көк аспандағы қос жұлдызсыңдар! Сахнада сұлусыңдар ма, әлде өмірде сұлусыңдар ма?! – деп-ақ келе жатқан.
Онысын Темкең естіп қалып:
– Комплимент айтатын жерді тапқан екенсің! Желөкпеленбей жайыңа жүр, – деп тыйып тастады.
Екі қыз қол ұстасып алған, Кремльдің Георгий залын ертегілерден оқитын алтын сарай сынды тамашалап келе жатты. Едені мұз айдынындай жалтырайды, қабырғалардағы небір алтындатқан әсем суреттер көздің жауын алады.
Олар ақ сүттей жарық шашқан хрусталь шамдалдарға қарап келе жатып, бір кезде тайып кетті де, жалп ете түсті. Тұра бере тағы тайды. Сол кезде біреу әлеуетті қолдарымен екеуін екі айырып, қос қолтықтан ұстай алды.
Екеуі де жалт қарап, атақты ақын Сәкен Сейфуллинді көрді.
– Ой, Сәкен аға! – деп қалды олар қысылып.
Сасқалақтап тағы құлай жаздады. Мойыл көздері нұр жайнаған, ғажайып сұлулығы сұсты тәкаппарлығымен керемет астасқан, қазақ поэзиясының қызыл жалауын алаулата көтеріп жүрген, есімі бүкіл Совет Одағына мәшһүр кісіні тап осылайша жолықтыру қыздардың есін алды. Тура осындай жағдайда кездесу олардың үш ұйықтаса түсіне кірмес. Әлдебірдеңе айтып сөйлемек түгіл, олар сымбатына салтанаты сай ағаның бетіне тіке қарауға да именетін…
– Ал қыздар, қалқаларым, онша абыржымаңдар, – деді Сәкен ағалары. – Кәне, Шара, биші емессің бе, аяғыңды әсем бас. Бүгін екеуің де ғажап сұлусыңдар, тек бір арзанқол жаман әтірді жағыныпсыңдар, бұларың болмаған екен…
Жұқалап-ақ айтты, соның өзіне келіншектердің бетінен оты шықты. Сәкен ақиық қырандай мойнын әсем бұрып, екеуіне кезек қарап қойды. Езу тартып сәл жымиды. Бипаздап өсірген құндыз қара мұртының ұштары сол сәтте бір дір етті.
– Оқасы жоқ, жассыңдар әлі. Сендерді емес, ана екі жігітті кінәлауға тура келер, – деді күлімсіреп, – әсем гүлді қолдарына қондырған екен, баптай да білсін! Қымбат әтір сатып әпере алмайтын неғылған нашар күйеулер өздері? Джентльмен емессіңдер деп екеуін бір желкелейінші…
Өте қымбат матадан тігілген сүліктей қара костюмінің өңірін ашты. Бірі әнші, бірі биші екі қыз крахмал жағалы ақ көйлек, қара бантик, қарасұр атлас жилеттің Сәкен ақынның мүсін секілді бойына жарасымды қонып тұрғанын көріп, сәл аңтарылып қалды. Сол сәтте Сәкен оларға төс қалтасынан суырып әдемі құты ұсынды.
– Мынау француз духиі, – деді ол, – қане, үстеріңе шашып, әдеміленіп алыңдар.
Шынашақтай құтыны әуелі Күләш алды. Төбесіне төңкеріп бір-екі сілкіледі де, Шараға берді. Ол да басынан төмен құя салды. Сөйтті де ішінде болар-болмас бірдеңесі қалған шишаны Сәкеннің өзіне бере қойды. Содан соң екеуі жүгіре жөнелді. Біраз ұзағаннан кейін бұрылып, арттарына қарады. Сәкен ішек-сілесі қата күліп, ақ жібек орамалмен көзін сүртіп тұр екен…
* * *
Артистердің әрқайсысының қолында аты-жөні, отыратын орны жазылған талон бар, залға ерте бастан кіріп, сол көрсетілген орындарға келіп орналаса бастады. Сахнаға көлденең президиум столы іспеттендіріп мемлекет басшылары отыратын орын жасалыпты. Оған бүйірлендіріп бірнеше қатар ұзыннан-ұзақ өзге жұртқа арналған столдар қойылған.
Күләш, Құрманбек, Шара, Елубай, Қанабек бесеуін нөмірлі орындарына отырғызбай, Исаев пен Жүргенов бөліп алып қалды.
– Президиум мүшелерінің ортасында бір-бірден бос орын қалады, сендер соған отырасыңдар, – деді, – қай ретпен отыратындарыңды кезінде айтамыз…
Дәл сағат сегізде Сталин бастап,мемлекет басшылары кіріп келді. Сталин кірген бетте шеткі орынға отырды. Қасындағы орынды бос қалдырып, сондай ретпен бәрі жайғасты. Сол кезде орталарына отыруға келе жатқан артистерді көрді де, бәрі орындарынан тұрып, қол соғып қарсы алды. Сталиннің қасына Күләш, бір кісіден соң Қанабек, сондай ретпен кісі аралатып Құрманбек, Шара, Елубай орналасты.
Президиум столы тұсына қойылған мінбеге бірінші боп Керженцев шықты. Ол онкүндіктің табысты өткендігіне байланысты қазақ өнерпаздарын құттықтады. Одан кейін Исаев көтеріліп, қазақ өнерінің онкүндігін өткізіп отырған партия мен үкіметке рақмет айтты да, қазақ халқының барлық салада да отанға берілгендіктің озық үлгісін көрсететініне Сталиннен бастап барлық үкімет адамдарын жеке-жеке атап тұрып сендіре сөйледі. Мінбеге үшінші болып Жүргенов шығып, қызу, жалынды, алғыс сезіміне толы сөздер айтты. Қазақ халқының өнері мен әдебиеті Мирзоян жолдас басшы болып келгеннен соң қауырт көтеріле бастағанын аузына алған кезде, президиумдағылар қол соғып жіберді. Зал ду қолшапалақпен оны іліп әкетті.
Төртінші болып Байсейітова шыққан. Ол қысқа сөйлеп, Сталиннің денсаулығы үшін тост көтеруді ұсынды. Жүргенов оның қолына рюмка ұстата қойды. Күләш президиумға беттегенде, Сталин де, барша отырғандар да орындарынан түрегелді. Күләшпен рюмкасын соғыстырған соң, Сталин оған ілесіп келген Жүргеновке күлімдей қарап, рюмкасын түйістірді. Сосын президиумды жағалап, отырғандардың бәрімен де рюмка соғыстырып шықты.
Неге екенін, Елубай Өмірзақов Сталин өзіне тақалғанда асып-сасып, алдындағы бос рөмканы көтерді. Соны аңғарған Сталин:
– Бұлай бола ма екен? – деп сәл бөгеліп қалды.
Сол сәтте Құрманбек шапшаң қимылмен Елубайдың ыдысына ішімдікті құйып үлгерді.
– Міне, осылай болуға керек! – Сталин Өмірзақовтың рюмкасына өз рюмкасын ықыластана тигізді.
Айналып қайта орнына келген соң, Сталин ішімдігін ішіп алды. Сосын босатқан рюмкасын жоғары көтеріп тұрып елге көрсетті де, алдындағы бөтелкенің аузына төңкеріп кигізіп қойды. Қанабектің байқауынша, суретінде суық көрінгенмен, күлімдеп, жайдары отырды және, әйтеуір, сол бөтелкені банкет біткенше бір өзі ішіп тауысты.
Күләштің тостынан кейін трибунаға шығып сөйлеу тоқталды. Ендігі тосттарды әркім өз отырған жерінде түрегеп тұрып айта берді. Ақын, жазушы, революцияшыл қоғам қайраткері Демьян Бедный, режиссер, сыншы, драматург, жазушы, ССРО халық артисі Владимир Иванович Немирович-Данченко, опера әншісі, Еңбек Ері, ССРО халық артисі Антонина Васильевна Нежданова, тағы басқалар тост айтты. Бір кезде Қорғаныс хомиссары маршал Климент Ефремович Ворошилов орнынан тұрып, Үлкен театрдың әншісі Рейзенге ұсыныс айтты:
– Марк Осипович, қонақтардың құрметіне шырқап жіберейік: «Эй, ухнем!» деп!
Рейзен сахнаға шығып, әуелі «Эй, ухнем!», сонан соң «Қасиетті Байкал» әндерін орындады. Ворошилов орнынан қайта түрегеліп:
– Менің солдаттарым қайда? Келіңдер, ән айтамыз! – деді де, сахнаға көтерілді.
Әскери ансамбль мүшелері әп-сәтте сахнаға аспаптарымен шығып алып, өз тәртіптерімен орналаса қойды. Ансамбльдің жетекшісі Александр Александров дирижерлік жасады. Ансамбльге қосылып Ворошилов екі ән айтты. Сосын өз орнына келіп отырды. Ансамбль би әуенін ойнап біткенде қайта түрегеп:
– Ендігі кезек қонақтардікі, – деді.
Күләш Байсейітова орнынан тұрды. Сонда өзінің лирикалық-колоратуралық сопраносымен теңдесетін Күләштің құйқылжыған бұлбұл үніне қатты сүйсініп жүрген атақты опера әншісі Антонина Нежданова залдан дауыстап:
– Күләш, сүйкімдім, бізге «Гәккуді» шырқап жіберші!– деп сұрады.
Күләшті сүйемелдеушісімен сахнаға шығарды да, Жүргенов көтеріңкі лепеспен:
– Қазақ Республикасының еңбек сіңірген артисі, қазіргі таңдағы Совет Одағының халық артисі Күләш Байсейітова «Гәкку» әнін орындайды, фортепианода сүйемелдейтін Евгений Григорьевич Брусиловский, – деп хабарлады.
Қара басқанда, Брусиловский сатырлатып «Майраны» тартып жіберді. Қанабектің жүрегі лық етіп бір шоршып кеткендей болды. Шүкір, Күләтайы саспады, сәл ғана жымиды да, Майраның әнін шырқай жөнелді.
Қанабек көз қырымен байқады, Темкең қап-қара боп түтігіп кеткен екен. Апырай, деп ойлады Қанабек, титтей сәтсіздікке де бар жүрегімен, бүкіл жан-дүниесімен қиналатыны-ай азаматтың…
Жұрт ду қол соғып енді басыла бергенде, Брусиловский еш хабарлаусыз-ақ «Гәккуді» ойнай жөнелді. Әуенін тани қойған Нежданова:
– Е, міне, мынау «Гәкку»! – деп қуанып кетті.
«Гәккудің» қайырмасындағы дыбысты үзіп-үзіп айтатын, музыка тілінде стаккато деп аталатын тұстарды Нежданова да орнынан тұрып ілесе айтып тұрды. Қарт әнші әйелге «Гәкку» керемет ұнаған еді…
Күләштен кейін сахнаға Шара шығып, Брусиловскийдің сүйемелдеуімен Тәттімбеттің «Былқылдақ» күйіне қойылған әдемі биін биледі.
Шара билеп біткен кезде Сталин сағатына қарады. Түнгі он екі болған-тын. Орнынан тұрып, екі қолын үнсіз көтерді. Отырғандардың бәрімен қоштасқандай ілтипат жасады.Сөйтіп бұрылды да, шығар есікке беттеді.
Кеш соңына жетті…
Ертеңіне орден алған декадашылар және басқалар да бар, Парижден келе жатқан Қазөлкекомның бірінші хатшысы Левон Мирзоянды қарсы алуға Исаев, Жүргеновпен бірге Белоруссия вокзалына барды. Пойыз дәл уақытында келді. Халықаралық вагоннан езуін жия алмай шаттанған Мирзоян түсті. Ол:
– Не дейін сендерге? Жарайсыңдар, жарайсыңдар! – деп, қуанғаннан сол бір сөзді қайталай берді.
Қарсы алушыларды шетінен бас алып құшақтап, бәрін бетінен сүйіп жатты. Ризалығын білдіріп:
– Спектакльдеріңді де, концертті де – бәрін радиодан тыңдадым, жарайсыңдар! – дейді…
(Жалғасы келесі санда.)
Жеңген социализм ұранымен
І
Саяси Бюро мүшелерінің қатысуымен өткен «Қыз Жібек» қойылымы баршаға орасан зор қуаныш сыйлағаны белгілі. Ораз бен Темірбектің бұл күнгі әңгімесі тіпті таусылар емес. Қонақүйге келгеннен кейін Дәмешпен бірге отырып спектакльдің әр сәтін еске алысты. Сосын оны тынығуға қалдырып, екеуі Ораздың бөлмесінде едәуір отырды.
Жалпы, онкүндікте өтіп жатқан әр күнгі шараларды түн ортасына дейін екеулеп еске түсіріп, қорытып отыруды әдетке айналдырған. Мәскеу еңбек ұжымдарындағы кездесулер, концерттер, ақын-жазушылардың кештері, тақырыптық көрмелер қалай өтіп жатқаны тұрақты түрде тілге тиек болып тұратын.
Екеуінің арасында бір-біріне сенетін жақсы қарым-қатынас Темірбек Алматыға келгеннен басталды деуге болады. Негізі олар астана Орынборда болған кезден жақсы таныс-тын. Темірбек Ташкентте оқып, әрі Түркістан республикасындағы Қазақстанның өкілі боп жүрген кезде Ораз Қазақстан Орталық Аткомының хатшысы еді. Қызмет бабына байланысты хабарласып тұратын.
Ораз Темірбектің білуінше өте сауатты мемлекет қайраткері болатын. Қызығы, бар болғаны орыс-қазақ училищесін бітірген екен, қалған маңызды білімді өз бетінше оқу арқылы игерген сияқты. Бұл Темірбек мейлінше бағалайтын әдіс. Өзі де жоғары мектепті тауысқанына қарамастан, білімін ұдайы өз бетінше көтере бергенді ұнатады. Ал Оразға ресми жоғары оқу орнында оқудың реті келмеген тәрізді, соған қарамастан экономикада, жалпы бар салада, мейлі әдебиет, мәдениет, өнер, саясат екі бастан, мүдірмейді.
Үлкен біліктілік көрсету арқылы, ел басқаратын мықты тұлға екенін баршаға мойындатқан. Темірбектің бұған сенімі зор. Былтыр ғана ауыл шаруашылығын ұйымдастырып, басқарудағы биік жетістіктері үшін Ленин орденімен наградталды. Сталиннің оны қадірлейтіні осы декада кезінде де аңғарылды, ол бүгін «Қыз Жібек» спектаклін Исаевты қасына шақырып, бірге отырып көрді…
Міне, осы кештің, жолдас Сталиннің өзі бастап келген, партия мен үкіметтің басшылары қатысқан бүгінгі кештің әсері айрықша еді. Олар оңаша пікірлесу барысында Сталиннің спектакльді қалай қабылдағанын ұғынуға тырысты. Оның бет әлпетінен байқаған көңіл күйінің көрінісін, құлақтары шалған әр лебізін еске түсіріп, өздерінше талдау жасасты.
– Ол кісі бізге зор үміт артты, сөз жоқ, – деді Ораз. – Біздің өнерпаздардан не күтетінін жыл басында Мирзоянға бірден-ақ айтқан еді ғой…
– Иә, декадаға бірінші етіп украиндер мен қазақтарды шақыруында мән бар… – Темірбек даусын бәсеңдетті. – Украина өнер ордалары бар еуропалық ел ғой, ал мешеу, қараңғы қазақ халқын дамудың даңғылына социализмнің бастағанын украиндердегідей ордалары жоқтың қасы боп тұрған өнерпаздардың дабыралата паш етуі маңызды-тұғын. Менің ұққаным –
Сталин Мирзоянға сондай емеуірін білдірген. Біздің өнерпаздар ақтады сенімін. Ол өте риза болды.
– Дұрыс айтасың, – деді Ораз. – Қазақтың аштан қырылуын енді социализмнің салдары деп айтпақ түгіл, ойлауға да жол жабылады. – Жағын ұстап, сәл ойланды. – Турасын айтқанда аштық социализмнің емес, солақай басшылықтың салдары еді ғой. Қазақ халқының ұлттық апаты, қалай болғанда да, сәтімен бүркемеленді деуге болады. Социалистік қоғам көшпенді жұртты кеше ғана аштан қырылуға душар етті дегенді нағыз жала деп біліп, керісінше, дамытты, өркениеттің алдыңғы қатарына шығарды деп енді кім-кім де батыл айта алады…
Онысы рас, бірақ Темірбектің Ораздан, сол алапат ашаршылыққа куәлер ішінде жүрген және оған тікелей қатысы бар басшы қызметкер болғандықтан, мынаны білгісі келіп тұр:
– Ореке, қолыңды жүрегіңе қойып айтшы, бұл кісі көшпенділерді қызыл қырғынға ұшырату арқылы, іс жүзінде мемлекеттік қылмыс жасалып жатқанын білмеді ме, әлде білмеген болып, әдейі істеді ме?
Ораз ойланбастан бірден былай деп жауап берді:
– Болып жатқан масқараны дәл қалпында білмеген де болуы мүмкін, өйткені оған тікелей ақпаратты біздің бірінші басшымыз ғана беріп тұрды ғой. Ал біздің бірінші басшымыз бар мәселеде кінәні тек өзі санасында жорамалмен соғып алған жауларына жабатын. Ол өзінің ұстанған бағытына қарсы шыққандарды ұлтшыл дейтін. Аштық пен оның қасіретті салдарларын солардан, яғни негізінен байшылдар мен алашордашылардан, солардың ықпалында жүр деп есептейтін қызметкерлерден көретін.
– Сонда шындықпен атымен санаспағаны ма?
– Өкінішке қарай, санаспайтын. Ол ұлылық елесімен ауырған адам еді ғой. Естідің бе, жоқ па, Отыз екінің жазында оған республикада аты белгілі бес коммунист ашаршылықтың салдарын талдап, түп себептерін ашып, соның ішінде өлкелік комитеттің қате шешімдерін көрсетіп, қатені шұғыл түзету жолын айтқан хат берді ғой.
– Ішінде жоспарлау комитетінің жауапты мамандары, жазушы Мүсірепов бар бесеу ғой…
– Солар. Сонда ол беті бүлк етпей, бұл бес коммунист социалистік құрылыстағы біздің күллі жетістіктерімізді жоққа шығарып, жала жауып отыр деп тапты. Өзінің сол ойының дұрыстығына барша бюро мүшелерін мойындатты. Содан сәл ертеректе бір губерниялық комитеттің басшысы оны диктатор деп атаған еді, сол өте әділ де дәл баға болатын. Диктаторлық үкімімен Голощекин әлгі бес коммунистің бесеуіне де шұғыл жаздым-жаңылдым деген опыну хат жазып беруге мәжбүрледі. Сөйтіп, бәріне бюрода бір-бір қатаң сөгіс арқалатып, жағдайды дұрыстауға шара алудың орнына, қол қусырып қарап отыра беруден басқа түк қалдырмады…
– Бұл қалай болғаны? Бюро деген коллегиялық орган-ау, оның мүшелерінде әділдік тұрғысынан өзіндік ой-пікір болуы ықтимал-ау, оны ортаға салу керек-ау деген ойдың ешқайсысының басына келмегені ме?
– Темке, бюро мүшелері ішіндегі өзіндік ойы болғандықтан онымен келіспейтіндіктерін білдіргендердің бәрін ол кезде Голощекин бізге келген бетте қуғынға ұшыратып, жеке-дара әмірші болып үлгерген. Әрине, арамызда оны көзжұмбайлықпен қолдайтындар болды, сөз жоқ, бірақ бірлі-жарым іштей қарсылар да бар-тын, тек олар қорыққандықтан да онысын ешқашан білдірген емес.
– Мен бір қарт коммунистің Ақтөбе вокзалында қалың жұрттың көзінше оны қатты айыптап сөйлегені жайында естіп едім…
– Иә, болды ондай кісі. Бақытжан Қаратаев қой айтып тұрғаның. Бірақ ол кезде Бәкең партияда жоқ-тын. Науқас, дімкәс қарт еді қой. Бәрібір байырғы большевикше шүйіліпті біздің диктатор шалға. Қазақтың шыбынша қырылуына сен кінәлісің депті. Артынша аурудан, аштықтан өзі де дүние салса керек…
– Иә, білемін, мен оның қазақтың революциялық тарихын жазған қолжазбаларын әйелінен сатып алуды қарастырып жатырмын. Жә, сонда іс жүзінде бір диктатордың әпербақандығынан жасалып жатқан мемлекеттік қылмысты тоқтатуға республика басшылығының шамасы жетпегені ме?
– Өкінішті, мойындаймыз, солай болды. Сен келердің алдында өлкекомның алтыншы пленумы қараған бұл мәселені…
– Онда Голощекин қалай ауыздықталып жүр?
– Қарапайым адамдардың шағымдары бізге де, Мәскеуге де қарша борап түсіп жатты ғой. Мен, әйтеуір, республика үкіметінің басшысы болғандықтан жағдайды ашып айтып, не істеу керектігін талдап жазып, бюро мүшесі ретіндегі өзімнің де, басқалардың да орын алып тұрған ахуалға айыпты екенімізді мойындап, бас хатшыға хат жаздым. Бірақ кемшілікті дұрыстау қазіргі жағдайда мүмкін емес дедім. Өйткені өлкекомда бірінші басшымыздың ерекше билікке ие екені белгілі, ал ол өзіне өзі сын көзбен қарауға қауқарсыз, сондықтан да оны кері шақырып алмасаңыз ештеңе өзгермейді деп айтуға тәуекел еттім.
– Міне, бұл нақты іс. Тек хатың орта жолда ұсталып қалмаса…
– Хат Сталиннің өзіне тиді, – деді Ораз. – Мұны маған Орталық Комитеттен хабарлаған-тын.
– Қызық екен? Нендей әсерде болды екен?
– Қатты мән берген сияқты. ЦК сонда бас хатшының тапсырмасымен мәселенің мұқият қарастырылып жатқанын, жақында маңызды құжат шығатынын да айтып еді.
Темірбек оған үнсіз құлақ түрді.
– Шынында да он жетінші қыркүйекте Қазақстандағы мал шаруашылығының жай-күйі жайындағы атақты қаулы шықты, – деді Ораз. – Менің ұсыныстарымды толық пайдаланғанын көрдім. Маңызды мәселелер көтерілген. Бірақ аштық және жаппай қырылған көшпенділер жайында бір ауыз сөз жоқ. Және бірінші хатшымыз хақында да түк айтылмаған, тіпті шаруашылықтың құлдырауына жол берген партиялық басшылықтың кінәсі жайында емеуірін де білдірілмеген. Голощекин мұны Орталық Комитет өлкекомның саяси бағытын дұрыс деп бағалады деген ұйғарымға келіп, тағы үш ай бойы өзінің ескі жолымен басқарып тұрды ғой…
– Онда орнынан қандай желеумен алды? – деп таңырқады Темірбек.
– Орнынан алған жоқ, – деді Ораз күліп, – уақытында бас хатшының өзі оның барша солақай бастамаларына қолдау көрсетіп отырған сенімді адамы ғой. Сондықтан шығар, Қазөлкеком хатшысын одақтық дәрежедегі жоғары қызметке тағайындау үшін Мәскеуге шақырып әкетті. Алматының бүкіл жұмысшы ұжымдары Голощекинді нағыз лениншіл коммунист ретінде дәріптеп қоштасты. Не керек, баршамыз салтанатты түрде шығарып салдық қой…
– Түсінікті. – Темірбек саусақтарын сытырлатты. – Өзінің астанасына үздігіп жеткендерге бір үзім нан бермек түгіл, ешкім есігін де ашпады деген сөз естіп едім…
Ораз үндемеді. Оған көзінің қиығымен қарап қойып, Темірбек өзінің түйген ойын былай қорытты:
– Қысқасы, қазақтың аштан қырылғанын айтуға болмайды, өйткені мұндай сорақылық социализм құрып жатқан елде орын алуы мүмкін емес. Социализм мешеу елдегі сауатсыз, қараңғы халықты биік өнермен бауырластырып, өркениет биігіне алып шықты. Оған Мәскеу декадасы куә. Міне, осыны дәріптеу керек! Әсіре коммунистердің осылай деріне күмән жоқ.
– Әлбетте. – Ораз басын изеді. – Бізге де тек жақсы мысалдарға иек арта берген жөн. Жамандықты ұмытып, мен мұндалаған болашаққа қол созайық. Оған халқымыздың лайықты екенін өнерпаз ұл-қыздары Мәскеудің қақ төрінде көсемнің өзінен бастап, қатардағы тұрғындарына дейін айшықты түрде көрсетіп берді ғой. Тап осындай қарқынмен декаданы аман-есен өткерейік, содан соң басқасын көре жатармыз.
Қозғалған тақырып жабылған сықылды еді, дегенмен Темірбек оны басқа қырынан тірілтті.
– Өзбекстанда жүргенде бір кітапты көрген едім, есіме түсіп отыр, Алашорданың құжаттар жинағы, иә. Соған сен алғысөз жазған екенсің. Ұмытпасам, Алашорда революцияға дейін прогрессивтік рөл ойнады дегенсің. Олар шынында да халықтың қамын жеді ғой, өздерінше, әрине… Ленин оны түсінді, ескі кадр кеудеден итерілмесін деді, біз неге оларды мемлекет ісіне жолатпадық?
– Саясат… Тап күресі деген желеу… Дегенмен өзімізден де бар ғой. Орталықтан ескен жел ығымен жүре бердік. Өзің айтып отырған құжаттар жинағын алайықшы, негізінен Батыс Алашорданың іс-әрекетін көрсететін құжаттар. Тең дәрежеде совет өкіметімен біріктік деп шешті, бірақ сондай қағазға қол қоя тұрып, біз оларды, басшыларын айтам, Қазақстаннан қуу, совет өкіметі мұнда орнығып болғанша қайтармау жайында шешім шығардық қой…
– Шығыстық алаш қайраткерлері советте жұмыс істеді емес пе…
– Шығыс Алашорда амнистияны мойындап, совет мекемелеріне қызметке орналаса бастаған, рас, бірақ, көп ұзатпай, өткенін көзге шұқып, қуа бастадық қой. Тіпті Бөкейхановты да. Ол бірінші съезге қонақ ретінде шақырылған. Қатысты. Кейін жер халкоматында техникалық қызмет те атқарып жүрді. Ақыры оны сол техникалық қызметке де сыйдырмадық. Бірақ онымен Мәскеуде Сталин сөйлесіп тұрған сияқты. Мирзоян республикамыздың он бес жылдығында айтқан, Бөкейханов Сталинге: «қазақты малдан айырсаң – қырылып қалады» депті дегенді. Ол қателескен-міс, қазақ малынан айрылса да, социализм биігіне көтерілді деп мақтандық қой.
– Айтпақшы, қазақ деген атымыздың орысша жазылуын өзгертуге Бөкейхановтың әсері болды ғой деймін?
– Түптеп келгенде солай. Сталин орысша казак деп жазу қазақты казачествомен шатыстырып жібереді деген-ау, Мирзоян сондай пікір барын бізге жеткізгенде мен, шынында да, онда бөкейхановшылап, әрине, оған сілтеме жасамай, «казах» деп жазайық деген едім. Ол мұны ғасыр басында қазақтар жайындағы зерттеу мақаласында ұсынған ғой. Атау жоғарыға ұнады, содан мен халкомкеңес тарапынан өзің білетін қаулыны шығарғанмын…
Олар тағы біраз әңгімелесіп, тынығуға тарасты. Тап солай, екеуара отырып, соңғы ойынды да, қорытынды концертті де, сосын мына ғаламат банкетті де сөз етісті. Ақыры делегацияны аман-есен елге қарай алып жүрді.
– Біздің өнерпаздар ертегіге тән ерлік жасады ғой, Ореке, – дейді Темірбек. – Өзің ойлашы, мүлдем музыкалық сауаты болмаған, ешқандай консерваторияда оқымай, еуропалық, италиялық ән мектептерін көрмей, тек жомарт табиғат жарылқаған талантымен опералық рөлдердегі партияларын тамаша орындаған біздің Күләш, Құрманбек, Қанабек, Үрия, Манарбектер нағыз құбылыс қой!
– Рас айтасың, Темке, – деп, Орекең оны қолдады. – Шын мәніндегі құбылыс!
– Олардың күні ертең әлемдік опера туындыларында ойнарына, ең биік ноталарды еркін алып, небір күрделі арияларды құйқылжыта шырқарына күмән жоқ, солай емес пе, Ораз?! Ал Шараны айтсайшы! Сегіз-тоғыз жасар қызбалалар өтетін мектепті жиырма екі жасында бір-ақ көрген Шара бишіні айтсайшы! Салыстырмалы түрде айтқанда, жасы ұлғайып, буыны қатайып кеткеніне қарамастан, табандылықпен, бүлдіршін қыздарша балет станогінде тұрып, балеттік қимыл-қозғалыстарды ойдағыдай игергенін қайтерсің! Қазақтан шыққан тұңғыш балеринамыз ғой. Жанқиярлық еңбекпен еуропалық балерина санатына қосыла келе, қазақ биіне ғаламат өзіндік өрнек қосқаны қандай, шіркін!
– Дұрыс айтасың, Темке, ал олардың дарынының тап осылай әлемді аузына қаратып ашылуы, мойындау ләзім, сенің арқаңда ғана мүмкін болды.
Бұл бағаға Темірбек қысылғандай түр көрсетті.
– О не дегенің… Әділін айтқанда – сен, әсіресе Мирзоян қолдамаса, бұл мүмкін болмас еді…
– Айтпақшы, – деп күлді Ораз, – сенің Шараны бюрода қалай қорғаштағаныңды мен әдейі Дәмешке айтып едім ғой, қытықтап қызғанышын оятайын деп. Қалай болды арты? Шатақ шығарған жоқ па еді өзі? Сұрамаппын ғой?
Темірбек қарқ-қарқ күлді.
– Есімде, сенің әзіліңе Дәмеш ұстамды-ақ жауап берген-тін, мені өздеріңнің тапсырмаларыңды орындап жүр ғой деп… Сосын, рас, телефон трубкасын ұясына қойғаннан кейін маған қорқытқан түр көрсетіп, саусағын безеген…
Олар мәз-мейрам болды. Сосын Ораз алдағы міндетті еске салды.
– Ал енді, әзіл-қалжыңды қоя тұрғанда, бізге Алматыға барғаннан кейін жәй ғана бюрода есеп берумен шектелмейтінімізді есте ұстау ләзім. Атқарылған істі қорытындылайтын, әрі болашаққа жоспар құратын маңызды құжат жобасын жасап ұсынуды ойластыруымыз керек…
– Әрине! Мұның жобасын мен өзіңе елге барған бетте беремін деп ойлаймын…
* * *
Кеуделеріне орден таққан қазақ өнерпаздары жүздері күндей жарқырап, ерекше мақтанышпен Кремльден шығып келе жатқан. Мәскеу аспаны сол шақта бұлыңғыр пердесін түріп, шайдай ашылып тұрды. Орденді қыздар ақырын сыбырласа қалды. Осы жердегі үлкен дүкенге кіріп шықсақ қайтеді?..
Олардың сыбырын естіп қалған Жүргенов күлімсіреп:
– Дүкен-мүкенді әзірше қоя тұрыңдар, балалар, – деді, – ертең екі айлық жалақыларыңды, тағы қосымша үстеме сыйлыққа деген соманы аласыңдар. Сонда Мәскеудің универмагтарын түгел көтеріп әкетеміз десеңдер де еріктерің…
Омырауында Еңбек Қызыл Ту ордені, еңселі, мол тұлғалы тұрпатының өзіне-ақ кісі сүйсінерліктей бұл кісіге Шара да, Күләш та сүйсіне қарады. Кейін екеуі өзара сырласқанда атап өткендей, бүгінгі жетістіктің бәрі осы кісінің қажырлы қайратының арқасы ғой. Оның жұмыста болаттай қаталдық та танытатын, қажеттілік туғанда мейірленіп, туған анаңдай аялайтын айрықша мінездері мүмкін етті ғой осы тамаша күндерді…
Мәскеудегі қуанышты күндер өз алдына, бұлардың қуанышына барлық елім деген азамат, күллі Қазақстан ортақ боп жатқаны бәрін ғаламат шат сезімге бөледі.
Бірде тап сол күндері Сауд Арабиясынан оралған елші Нәзір Төреқұлов Ораз Исаевпен, Темірбек Жүргеновпен кездесіп, әңгімелескен. Араб еліндегі елшілік қызметін атқаруды аяқтап, кері шақырылған шағы. Сосын ол мейманхананың фойесінде бір сәт қыздардың ортасында отырып қалды. Дәмеш алдында Шара мен Күләшке оны сырттай таныстырған. Темірбекпен екеуінің он сегізінші жылы Орынборда қызметтес болғанын, кейін Нәзірдің Түркістан Республикасының беделді басшыларының бірі ретінде қызмет істегенін, одан кіндік биліктің оны Мәскеуге совет халықтарының орталық баспасы Центриздатты басқартуға әкеткенін, содан соң Арабстанға елші етіп жібергенін айтқан. Елшілікке кетерінің алдында Ташкентке келгенін есіне алған.
– Біздің жаңа үйленген кезіміз, құттықтап келді. Мен дастарқанға басқа тағамдарға қоса саябақ алдында хош иісін бұрқырата көңірсітіп пісіріп жатқан өзбектен бір табақ етіп шашлық та әкеп қойған едім. Сонда бұл ағамыз оны сүйсіне жеп отырып: «Мен қаны ағып тұрған шашлықты жақсы көрем» дегенін естіп қайран қалғанмын. Сол кезде ол қаны тасып, жігері жанып тұрғандай әсер еткен еді, қазір басылыңқырап қалған ба немене…
Үш келіншек осы ұзақ жылдар шетелде қызмет атқарып оралған ағаны қаумалап, үстіндегі таңсық қымбат матадан тігілген киімін қызықтаған. Сонда ағалары күлімсіреп, «ал енді мынаған қараңдар» деп, балаша шат көңілмен костюмінің алдын ашқан да, қызыл-қоңыр түсті астары бар өңірін көрсеткен. Қыздардың қызықтағанына мәз болып, шетелдердегі тұрмыс жайындағы қилы сұрақтарына жауап беріп біраз отырған. Сосын делегацияны Қазақстанға шығарып салу үшін вокзалға келді. Дәмештің есінде, Нәзір бәрімен әрі қуанышты, әрі біртүрлі мұңды жүзбен қоштасты…
Пойыз түн ортасы ауа Қазақстанның шекарасына келген-ді. Шырт ұйқыда жатқан декадашыларды біреулер «тұр-тұрлап» шетінен оята бастады. Пойыз тоқтай қалды. Ақбұлақ станциясы. Вокзал тола халық. Мінбе тұрған жер самаладай жарық. Қызыл галстук таққан пионерлер кернейлетіп тұр. Мерекелік кездесуді ұйымдастырушылар декадашыларға ыстық сәлем жолдап, табысты өнер көрсетулерімен, наградаларымен құттықтады. Сол арадағы митинг-кездесу ойламаған жерден өнерпаздар мерейін өсіріп, өздері үшін туған Қазақстан халқының керемет қуанып жатқандығын алғаш білдірді.
– Жол бойы түгел осындай дайындықта екен, тез киініп шығуға ыңғайлы отырыңдар, – деп хабарланды бәріне.
Ақтөбеде артистерді облыс басшылары, қала халқы қошеметтеп бастарына көтерді. Біразына атап-атап сыйлық берді. Сыйға шапан жапты. Аралда да солай қарсы алды. «Мынау біздің сойған қойымыз!», – деп, әйдік-әйдік қызыл балықтарды вагондарына әкеп беріп жатыр…
Күндіз де, түнде де, таңға жуық та – барлық жерде халық ұйықтамай күтіп алып отырды. Қалаларда, ауылдарда орталық алаңға радио орнатылған екен, жұрт соның түбінде жиналып тұрып, бүкіл онкүндікті содан тыңдапты. Қашан біздің Мәскеудегі спектакліміз бен концертіміз аяқталғанша, яғни түнгі бір-екіге дейін, күн сайын олар радио түбінен кетпеген көрінеді.
Отар стансасында қымыздарын алып, қойларын сойып ет асып әкелген адамдар пойыз ішіне лық толды. Бірінші Алматының да, екінші Алматының да вокзалында митинг өткізілді. Алматыға түс кезінде іліккен өнерпаздар үйлеріне кештетіп әрең жетті. Одан күн сайын әрбір оқу орны, кәсіпорындар онкүндіктің табысты аяқталу құрметіне кездесулер ұйымдастырды, банкет берді. Не керек, өнер мерекесі Алматыда одан әрі жалғасты.
Декадаға барып келген өнер мен әдебиет қайраткерлері халық сенімін ақтадық деп қуанды. Комиссар Жүргенов белгілі өнерпаздардың бәріне демалыс үйлерінде тынығып қайтуларына жолдама берді. Өзі де қысқа мерзімдік демалысқа шықты.
Бірер күннен соң Құрманбек, Шара, Күләш, Қанабек төртеуіне комиссар Жүргенов бөлген жолдама қолдарына тиді. Сөйтіп олар да демалуға басылмаған қуаныш қызуымен Бурабайға аттанды.
Шара «Социалды Қазақстан» газетінің декада қорытындысын жазған санын тастамай, өзімен бірге ала шыққан-тын. Мұнда Темірбек Жүргеновтің «Жеңген халықтың көркемөнері» деп аталатын, «Правдадан» алынған мақаласы жарияланған болатын. Газет бетінің жартысына жуығын алып тұрған бұл мақаламен бірге Күләш екеуінің Мәскеудегі «Қыз Жібек» қойылымында киіп шыққан киімдерімен түскен үлкен портрет-суреті басылып, екеуінің орден алған артисткалар екені көрсетілген еді. Газеттің ішкі беттері де қазақ өнерінің қайраткерлеріне арналып, Серке Қожамқұлов, Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский, Жамбыл Жабаев туралы мақалалар берілген-тін.
Соларды сүйінішпен шола отырып, Шара бәрінің назарын газеттегі «Орденділерді бүкіл халық құттықтайды» деген тақырыппен берілген топтамаға аударды. Бәрі соған көз салды. Онда үкіметтен ұлы награда алған Қазақстан көркемөнершілерін құттықтаған телеграммалар басқармаға күн сайын келіп жатқаны, Қазақстанның кәсіпорындарындағы стахановшылар, ауылдағы колхозшылар көркемөнердің зор дәрежеде күшейіп, ілгері басқанына қатты қуануда екені айтылған еді. Жер-жерден келген құттықтауларға қысқаша шолу жасалған және халықтың үкімет қаулысын құшақ жайып қарсы алумен қатар, көркемөнер күшейтіле берсе деген тілегі келтірілген болатын.
– Қараңдар, еңбекшілер жер-жерден «біздерге патефон, гитара, домбыра керек. Көңілді, қуанышты тұрмыста бұларсыз отыруға болмайды» деп жазыпты…
– Иә, қазақ мәдениеті қайраткерлерінің зор табысын өз табыстарындай көріп, жүрекжарды сезіммен қуанумен қатар, республика еңбекшілері жаңа міндеттер алып, өнерпаздардың астанадағы табысына жігерленіп, үстеме еңбек қарқынын көрсеткен. Тіпті, өнерге деген ықылас-ынтасы бұрынғыдан да артқаны сондай, жұмысшылар, колхозшылар патефон, гитара, мандолина, домбыра, тағы басқа құралдарды алуға заявка бере бастапты…
– Мынаны қараңдар, Қазақ педагогика институтының коллективі Мирзоян жолдасқа: «Сіздің басшылығыңызбен социалды ұлт мәдениеті майданында әлі де талай табыстарға ие болатынымызға көзіміз жетеді» деп жазыпты!
– Ал Еңбекшіқазақ машина-трактор стансасының жұмысшылары, мамандары, трактористері награда алғандарды құттықтауын: «Қазақстан – көркемөнері қарыштап өскен ел, осы жолмен ілгерілей береріне ешкім шәк келтіре алмайды» депті…
Осылай сүйініштерімен бөлісе жүріп, олар Бурабайда өте жақсы демалды. Күтімдері ғажап болды. Беделдерін көтере түсуде жергілікті басшылар аянған жоқ. Алматыға ай бойы аунап-қунап, тынығып оралуларына барлық жағдайды жасады. Соның бәрі отан астанасында өткен онкүндікте қазақ өнерін аспанға көтергендерге, солардың өкілі есебіндегі ғажайып өнер жұлдыздарына білдіріп жатқан халықтың алғыс сезімдері екендігі айтпай-ақ түсінікті еді…
ІІ
Мақтау есту, марапат алу жақсы, бірақ қазір оған тоқмейілситін заман емес деп ойлаған-ды Жүргенов. Жұмыс шаш-етектен. Ол Алматыға оралғаннан кейін бірінші кезекте орынбасарынан мектеп ісіндегі соңғы ахуалды сұрады.
Екі жылдан бері мектептердің бастауыш, орталау және орта сыныптарға бөлінген жаңа құрылымы енгізіліп жатқан. Бұл мәселені мәдени құрылыс қызметкерлерінің бірінші съезінде жасаған баяндамасында ол толық түсіндірген. Педагогикалық кадрларды дайындаудың базасы саналатын жоғары және арнаулы орта оқу орындарының міндеттерін талдап, атқарылуға тиіс жәйттерді көрсеткен. Мектептен тыс мекемелерді ұйымдастырудың, балалардың сабақтан тыс уақыттарындағы тәрбие жұмыстарын мақсаткерлікпен жүргізудің маңызына көп көңіл бөлген.
Осылар хақында орынбасары наркомға көңіл толарлық есеп берді.
– Жақсы, Шайхы, – деді комиссар, – осылай жалғастыра бер, кейінірек кей мәселеге толығырақ қайта оралармыз. Мен алдымен әлі аяғына жетпеген біраз шаруаны бітіріп алайын…
Көмекшісін шақырып, Тұрмағамбет Ізтілеуұлының жұмысының барысын сұрастырды.
– Мен декадамен шұғылданам деп, Тұрмағамбет ақынға мүлдем көңіл бөле алмай кетіп едім, қане, Дүйсеке, айтшы, ол кісінің жағдайы қалай?
Дүйсен ықыластана жауап берді.
– Тұрмағамбет қариямызбен біз бір туғандай болып кеттік қой, аға, – деді, – ол кісі осында жиі-жиі соғып тұрады. Комиссариат қызметкерлері арасында танымал боп алды. Жылы шыраймен жүздесіп, ақын адамды сыйлап, сәлем беріп жүруді баршамыз үлкен мәртебе, бедел көреміз. Ол кісі өте кішіпейіл, қызба сөздерден аулақ, қарапайым адам ғой. Жұмысының барысын сұрағанымызда, үнемі шын жүрегімен жауап береді. Жақсы жүріп жатқанын айтады.
– Тұрмысы қалай? Реніш білдірген жоқ па?
– Алғашында өзіңіз барып көрген Фурманов көшесіндегі нөмірі 14-ші үйде тұрған. Ал қазіргі үйі одан жақсы. Биыл жыл басынан бері жоғарыда тұрып келеді ғой. Күн сәулесі мол түсетін, ауасы кең аймақта. Қаланың бас жағындағы балалар үйі қасынан біздің шаруашылық қызметкерлері өте қолайлы үй тауып берген. Үй қызметшілігіне тәжірибелі, жақсы кісіні бекітіп қойған.
– Әдебиетшілермен қызметтестігі қалай екен?
– Тұрып жатқан үйінде өзіңіз белгілеп берген көмекшілермен еркін отырып пікірлесуге ыңғайлы жағдай жасалған. Құдайберген Жұбанов ағаның да, Өтебай Тұрманжанов ағаның да, басқа да әдебиетші, тілші адамдардың да ол кісіге барып кетіп жүретінін білемін. Құдайберген аға сіз келгенде көрсетеміз деп, біздің машинистка қыздарға дастанның қазіргі жазуға түсірілген нұсқасын бастырып жүрген, менімше, бітіп қалды, өзіңізге әкеп беретін шығар…
Темірбек көмекшісінің жауаптарын қанағаттана тыңдап болып:
– Мен қазір шаруалармен үкімет үйіне кетем, – деді, – кешке Тұрекеңді осында алып кел. Әлгі бастырғандары дайын болса, көрсетсін…
* * *
Жаздың күні ұясына қона бере Жүргенов қызмет орнына қайтып келді. Қабылдау бөлмесінде Тұрмағамбет қарт пен көмекші Дүйсен әңгімелесіп отырған. Тұрекең орнынан тұрды. Олар құшақтасып амандасты.
– Ұстаз, халыңыз қалай? Мен сізбен көптен бері кездесе алмай кеттім ғой, белгілі жағдайларға байланысты…
Темірбек қартты бөлмесіне алып кірді. Қасына отырғызды.
Ұстазының халық ризашылыққа бөленген Мәскеу сапарымен құттықтауын тыңдап, рақмет айтты. Бүгін өлкелік комитетте бұл мәселенің кең әңгіме болғанын қысқа ғана айтып берді.
Өзінің столы үстіне Дүйсен бірнеше қатырма қағаздан жасалған папкаға салып әкеп қойған қалың қолжазбаны көрді. Үстіңгісін ашып қарады. Таңырқап:
– Шаруаны белгіленген мерзімнен бұрын бітіріп қойғансыз ба? – деп сұрады.
– Иә, – деді Тұрмағамбет ақын, – бір жыл мерзім белгілеп едіңіздер, мен он ай уақытымды жұмсадым, аяқтадым. «Шаһнаманың» қазаққа жақын екенін, кейбір нобайлары Молда Ораз заманынан бері ел ішіне тарап жүргенін ескеріп, дастанның Рүстем батыр тарихына арналған бөлігін алып шықтым. Әбілқасым хәкім қолданған бәйіттік тәсілді қазаққа жақындата түсу үшін он бір буындық қара өлең үлгісіне түсірдім. Қырық мың жолдан асты…
– Көп-көп рақмет сізге, Тұреке! Мен де танысып шығам аудармаңызбен. Жақын күнде мемлекеттік комиссиямыз ресми жиынын өткізіп, тәржімені қабылдап алады, бастыру мәселесін шешеді. Айтыңызшы, мен көңіл бөлмей кетті деп іштей ренжіген шығарсыз, бірақ бәрін балаларға тапсырған сияқты едім, жағдайыңыз дұрыс болды ма?
– Бәрі жақсы болды, айналайын. Мен өз әсерімді «Шаһнаманың» алдыңғы жағына және соңына өлеңмен беріп едім, ана қолжазбада болар, оқисың ғой. Дегенмен өзім айтып берейінші…
Тұрмағамбет болашақ оқушыларына арнап «Шаһнамаға» кіріскенде деген кіріспе жазғанын айтты да, соны оқып берді:
– Оқушым! Шашуым бұл шашқан менің,
Көріңдер кеулегендей гауһар кенін!
Әуелі – Адам-ата, соңы – Дарап,
Қазықты қатаң қағып тартқан желім!
Сөзінің көбірегі көрінеді
Тұранмен соғыстыру Иран елін.
Екеуі о басында туысқанмен,
Шайқаған бір-бірінің шалқар көлін.
Өздерің оқығанда байқарсыңдар
Себепші болғандығын оған ненің.
Ираннан Рүстемдей батыр туып,
Тұранның талқандаған тау мен белін.
Сөздер бар басқа-дағы, басты шайқап,
Есіткен отыратын тістеп ерін.
Болсаңдар әзіріне бұған разы,
Тигендей төбем көкке тарқар шерім!
Қалдырып араб, фарсы, өзбек тілін,
Өзімше өлең еттім ойға ұнарын.
Кітап боп «Шаһнама» шыға қойса,
Қандырар қалай-дағы ел құмарын.
О баста оқыған соң фарсы, араб,
Жазушы ем хикая, жыр оған қарап.
Ұнатып оларымды оқығандар
Ішкендей есіруші еді шарап.
Осындай өнерімді естіген соң,
Жүргенов шақырып ап, шашын тарап,
Бұйырды «Шаһнаманы» сөз қылуға,
Ойласып Мирзоянмен ойға сарап.
Бедеудей басым шұлғып, «болады» деп,
Күйіме күннен күнге түстім жарап.
Қолға алып қаламымды құрастырдым,
Ойласып ойымменен, өлшеп танап.
Әртүрлі әңгімелер ішінде бар
Аңыз боп ел аузына кеткен тарап.
Қалайша халық таңырқар іс болмасын
Кезінде сол ерлердің Рүстем, Сүһрап!
Фирдауси оны отыз жыл жазған екен,
Алтыннан алмақ болып неше қадақ…
Өлеңмен он бір буын он ай жазып
Бітірдім, «мінеки» деп, бердім санап.
Таба алмай тақысы бар татаулы гәп,
Көргенмен әркімдер де аудармалап.
«Өмірлік соның үшін пенсия», – деп,
Айына бес жүз сомды берді қалап.
Ойлаймын: осынша еткен еңбегімді
Оқушым қабылдар деп шын бағалап!
Темірбек үнсіз басын изеп қойып, мұқият тыңдады. Тұрмағамбет сөзін сабақтай берді.
– Ал дастанды «Шаһнаманың» соңына» деп, мына сөздермен аяқтағанды қош көрдім:
Тоқтатты Тұрмағамбет келген ойды,
Соңына «Шаһнаманың» қолын қойды.
Балаша бағып-қағып бабын тауып,
Өсірдім сүйріктей қып сұлу бойлы.
Күндей-ақ күллі әлемге нұрын жайған
Арнадым, Компартиям, осы сыйды!
Әлемдік «Шаһнаманы» жырлауыма
Тікелей Мирзояннан жәрдем тиді.
Уақытында Николайдың езгіленіп,
Жан едім жүдеп қалған болып шилі.
Мирзоян бізге келмей тұрғанда әрі,
Болмап па ед уақиғалар неше қилы?
Сәкеннің сәтті жазған «Қызыл аты»
Арнайы ашып берді осы жайды.
Өткеннің барлығы да ұмыт болып,
Мәз-мәйрам болдық енді күйлі-жайлы.
Жүргенов жаздырушы, Наркомпрос,
Оңаша өз алдыма беріп үйді.
Алдырып Алматыға ардақтатып,
Арнаулы пенсияны маған қиды.
Болғанмен жасым анық елу бесте,
Жасарып жиырмадағы тұрмын күште.
Советтік Отанымның арқасында,
Егіндей өсіп тұрмын әзір іске.
Сондықтан сылтауратып бас бұрмаймын,
Әрқалай қызметінен деген: «істе!»
Денім сау дерт-сырқаудан болып тұрса,
Ойым жоқ онан өзге бұл келісте.
Баяғы бай мен бидің уақытында
Мешел боп мертілгенмін итерісте.
«Осыдан кұтылар күн болар ма?» деп,
Бармағым шайналған ед азу тісте.
Тозаңы таршылықтың өткендегі,
Өң түгіл, көрінетін емес түсте.
Ойынан уайымның өрті өшкен соң,
Бір жан жоқ жүрген қазір өкініште.
Бәрінің екі езуі құлағында
Сияқты шарбақтағы піскен пісте.
Көруге социализм салтанатын
Балалар да асығулы жатқан іште.
Дүниеден өмір бітіп өтсем де өзім,
Аралап жердің жүзін жүрер сөзім.
«Көре алмай кейінгіні кеттім-ау!» – деп,
Арманда болмай-ақ қой, екі көзім.
Темірбек риза болды.
– Рақмет сізге ұстаз, тағы да мың алғыс. Сіз өте үлкен жұмыс жасадыңыз, – деді. – Мен тәржімеңіздің сапалы шыққанына титімдей де күдік келтірмеймін.
Тұрмағамбет шәкіртінің пікіріне көңілі толып, қанағаттана құлақ салды. Шәкірті ойын ойлы жүзбен сабақтай берді.
– Мына бір: «Дүниеден өмір бітіп өтсем де өзім, Аралап жердің жүзін жүрер сөзім» деген жолдарыңыз мені қатты толқытып жіберді, Тұреке, – деп бір тоқтады. Сосын сеніммен: – Сіз шынымен де өлмес ерлік жасадыңыз, ұстаз, – деді. Артынша бір күрсініп алып, сөзін былай жалғай берді: – Тек «Көре алмай кейінгіні кеттім-ау!» – деп, Арманда болмай-ақ қой, екі көзім» дегеніңіз…
Сөзінің аяғын жұтып қойды. Айтпақ пікірін іркіп, аяқтамай, үндемей қалды. Темірбектің ойға шомған жүзіне ұстазы таңырқай көз тікті. Шәкірті әлден уақта өзіне өзі сөйлегендей үнмен:
– Қалай болар екен? – деді.
Тағы біраз үндемей тұрды да, бастап қалған ой-пікірін дамытпағанды қош көріп, әңгіме арнасын бұрып жіберді. Оқыс басын көтеріп:
– Тұреке, біздің ақын-жазушы, ғалымдарымыз өзіңізбен хабарласып тұрды ма жұмысыңыздың барысында? – деген сауал қойды.
Тұрмағамбет қасқа басын сипап өтіп, күлімсіреді.
– Иә, келіп жүрді. Құдайбергенмен бірге де, жеке-жеке де, бәрі топтасып та соғып кететін. Сондай бір әсерлі, жақсы сәттер болды ғой.
– Сіздің аудармаларыңызбен танысып жүрді ме?
– Әрине. Құдайберген менің тәржімелеп бітірген жазбаларымды алып кетіп, көшіртетін де, өзіме қайта әкеліп беретін. – Шоқша сақалын тарамдап отырып, естелікке берілді. – Көшірмелерді оларға оқытады екен. Маған келгендерінде бәрі солар жөнінде, жалпы «Шаһнама» жайында әңгімелейтін, өз аузымнан жаңа тәржімемді тыңдайтын. Жақсы-жақсы пікір айтатын. – Күлді. – Содан кейін әдебиет хақында еркін ой алмасатынбыз. Мен бірде Сәкенге «Қызыл аты» туралы пікірімді айттым. Содан баршамыз ақынның сол поэмасы мен заманды сөз еттік. Не керек, тамаша әңгіме-дүкен болды. Сондай отырыстар менің шабытыма шабыт қосты, Темірше. – Ол Темірбекті өзіне шәкірт болған шақтағы балалық есімімен атады. – Бойымдағы құлшыныс сезімнің арта түскені сондай, Темірше, мен өзімді керемет жас сезіндім, тәржімемнің соңына қалай жеткенімді аңдамай қалдым…
Кешегі Темірше шәкірті, бүгінгі мемлекет қайраткері Темірбек Жүргенов оны риза көңілмен, қанағаттана тыңдады. Содан соң алдағы жоспардан хабардар етті. Аударманың сапасын қарап, қабылдап алу үшін үкіметтің арнайы комиссия құрғаны ұстазына мәлім ғой. Олардың біразы дастанмен таныса бастаған да екен, жақын арада бәрі, соның ішінде Тұрекеңнің шәкірті де қолжазбаны оқып шығады, сосын ақынмен бірге бас қосып, «Шаһнаманың» қазақша сөйлеу дәрежесін талқылайды…
– Енді алаңсыз тынығыңыз, ұстаз, таяуда үкіметтік комиссияның мәжілісіне шақыртамыз…
* * *
Темірбек дастанмен бас алмай танысты. Ұстазы ерен еңбек етіпті. Он айдан бері күрделі, бәйіт секілді құрылып, өзіндік мақаммен жазылған атақты «Шаһнаманы» қазақы он бір буындық өлшем-оралымға келтіріп аударған екен. Төте аударма деуге келмес, еркін, қазақ оқырманы жанына жақын етіп жырлаған көрінеді. Темірбектің ақын жазған мәтінді қазіргі қолданыстағы әліпбимен көшіріп шығуға тапсырған әдеби қызметкерлері де тиянақты жұмыс істеген боп шықты. Дастаннан үзіндіні «Әдебиет майданы» да жариялауға әзірлеп жатқан көрінеді.
Төрағасы болып Жүргенов тағайындалған, құрамында жеті адам бар үкіметтік комиссия бас қосты. Комиссия мүшелері ақын-аудармашы Тұрмағамбет Ізтілеуұлының Фирдоусиді өте сәтті қазақшалағанын атап өтіп, бұл жұмысты бірауыздан қабылдап алды. Сосын оны қажетті безендірулермен әдемілеп басып шығару хақында шешім қабылдады…
Үкімет комиссиясының төрағасы Темірбек Жүргенов дастан аудармасының ресми қабылдап алынуымен Тұрмағамбет шайырды құттықтады. Басы Сәкен Сейфуллин болып, комиссия мүшелері құттықтауға қол соғып қосылды. Шайыр қысыла күлімсіреп, басын изей берді…
ІІІ
Дүйім жұрт қуанып жатқан жаңалықтарға, әсіресе олар өзі көптен сын садағын кезеп жүрген адамның есімімен байланыстырылатындықтан, Cейсен Есенаманов ешқашан елпілдеген емес. Салқын қарап, астарына көз жүгіртетін. Өзінше түйген ойларын өзімен ұдайы хабарласып, тығыз байланысын үзбейтін, соңғы тілдеріне әрдайым құлақ түріп жүретін ОГПУ қызметкеріне баяндап қоятын.
Бір күні осы таныс та бейтаныс қызметкер, яғни көптен білетініне, небір сыр ашуын естіп жүргеніне қарамастан, белгілі бір арақашықтықты сақтап, өзіне тым тақалтпайтын осы қызметкер Сейсенді басшысының көргісі келетінін айтты.
– Сіздің ақпараттарыңыз маңызды кісіге негізінен мәлім, – деді ол, – дегенмен Жүргенов жөніндегі ойларыңызды жинақтап, өз аузыңызбен айтып берсеңіз жақсы болар еді.
– Әлбетте, – деп Сейсен елгезектікпен жауап берді, – әзірмін айтып беруге…
– Келістік, жүріңіз…
Ол Есенамановты кеңсеге емес, қаһарлы мекеменің жасырын пәтерлерінің біріне алып барды. Төрдегі кішкене столға екі қолын тіреп отырған қою мұрты бар сұсты адамға сәлем беріп, қарсысына отырғаннан кейін Сейсен:
– Менің пайымдарымды тыңдауға ықылас білдіргеніңізге шексіз рақмет айтам, – деді.
Қою мұрты бар сұсты адам керенау кейіппен, айта беріңіз дегендей бас изеді.
– Мен Жүргеновті Ташкентте оқып жүрген жылдарымда-ақ біліп алғанмын. Ол совет өкіметінің қас жауы Алаш-Орданың нағыз агенті. Мен оның сондай екенін студент уақытымда-ақ түсінгенмін, сондықтан да содан бері оған қарсы күрес жүргізудемін.
Сәл үндемей қалды. Әлдебір лепес күтіп еді, естілмеді. Сонда ол терең бір тыныстап алды да, әңгімесін жалғастыра берді.
– Ол қазір үлкен пост алып отыр, – деді. – Кейінгі кезде мүлдем ірі бедел жинады. Әсіресе декада желеуімен жасаған Москва сапары оған өте жағыпты. Енді ол мүлдем өсетін сияқты. Сол жаққа барып келгендердің айтысына қарағанда, оны жоғарғы басшылық мүлдем жаңа да аса ірі лауазымда – Қазақстанның болашақ басшысы мәртебесінде көргісі келетінін жұртшылыққа сездіріп қойған тәрізді.
Алайда, мәймөңкелемей-ақ төтесінен айтқанда, оны осы күнгі ірі лауазымға көтерудің өзі білместіктен, яки біздің пролетарлық идеологиямызға қасақана жасалды. Жүргенов ірі советтік қызметтерде жүріп, іс жүзінде Алаш-Орда идеологиясын жаңғыртты. Ал шынымен ертең республика тұтқасын соған беретін болса, онда Қазақ Советтік Социалистік Республикасы біртіндеп Алаш Феодалдық-Капиталистік Республикасына айналды дей беріңіз.
Бәлкім совет деген аты қалар, бірақ жәй ғана аты сақталып, мазмұны таза Алаш-Орда болады. Cөз жоқ солай болады, сондықтан да, мұндай масқараға жол бермеу үшін, оны тездетіп әшкерелеу керек деп ойлаймын.
Негізгі айтпағын осылай бір түйіп тастады да, Есенаманов тағы бір маңызды мәселені көтерді. Былтырдан бері Фирдоусиді аударту үшін Жүргенов елден алғызған Тұрмағамбет Ізтілеуов деген мұғалімнің өмір жолымен өзінің терең танысқанын әңгімеледі.
– Бұл шал бір кездерде Бұхарада оқыған молда екен. Жүргенов жасында одан сабақ алса керек. Оған осы жауапты тапсырманы тапсыруға сол себеп болғаны анық. Жәй ғана тапсырма беріп қоюмен шектелмей, Жүргенов оған тұрақты айлық тағайындады. Наркомпростың штатына кіргізіп, ғылыми қызметкер деп қойды. Осы молдаға тұратын үй жалдап берді. Үйге қызметші жалдады. Барлық ақысын комиссариат есебінен төлеп отыр.
Өз ақындарымыз теп-тегін, тек қаламақы алып қана аудара алатын жұмыс бұл. Бірақ Жүргенов соны осы бір күмәнді молдаға берді және осы орайда да үкіметті үлкен шығынға батырып отыр. Ал со бір молда-шалдың білімінің кемістігін сездірмеу үшін Жүргенов оған көмекке парсы тілін білетін Құдайберген Жұбановты көмекші етіп тағайындапты. Ол да Жүргеновтің сеніміне кірген алашордашылардың бірі.
Шынын айтқанда, Есенаманов мұны ап-анық біледі – Алматыда «Шаһнаманы» аудара алатын ақындар толып жатыр. Бірақ сол жұмысты өз ақындарымызға емес, айдаладағы ауыл молдасына, өзінің жерлесіне тапсыруы Жүргеновтің таза еместігін, мәселені өзіне, өз пайдасына бұрған іш есебін айқын көрсетеді.
Оның есіл-дерті барлық жерге өз адамдарын тықпалап, алашордашылар идеясын насихаттай беру.
Осы мақсатта ол декадаға апарған артистерін баяғы байлардың ұл-қыздарынша малындырып киіндірді. Сахнаға ең дәулетті феодалдардікіндей қымбат, ақ шаңқан мерекелік киіз үй тігіп қойды. Ішін піл сүйектерімен өрнектелген бұйымдармен, алыс елдердің қымбат тұратын ағашынан соғылған бай жиһазбен жабдықтады. Қолға түспейтін сирек әшекейлер, асыл тастар, бриллиант, гауһар, небір торғын, ақ, қызыл, қоңыр шұға, пұліш, барқыт тәрізді қымбат мата іздетіп, шабармандарын жұмсап жан-жақты шарлатты.
Қанша ақша шашты. Дүние жүзінің атақты театрлары мұндай шығынға бармайды, бәрі де әдемі бутафория қолданады. Ал Жүргенов тек қана таза табиғи заттарды тауып, сахнаға алып шығуды мәртебе тұтты. Ол сөйтіп алашордалық дәулетті көрсеткісі келді.
Ол бұл ретте пролетар мәдениетін елең қылмай, бай-феодалдар мәдениетін паш етуді мақсат етті. Мінеки, кешегі күні өткен алашорданы жаңғырту дегеніміз осы.
Және мұны басқа емес, советтік комиссар жүзеге асырып отыр. Әрі бұл кездейсоқ боп отырған жағдай емес.
Бұған Жүргеновтің өзінің үстем тап өкілі болғандығы себеп болып отыр. Оның әкесі өте бай болған адам, ана жылы кәмпескеленіп, жер аударылған. Ағалары да бұрнағы жылы бандиттік қозғалысқа қатысқаны үшін атып тасталған. Бұл осындай нағыз халық жауларының ошағынан шыққан, шын бейнесін жасырып жүрген барып тұрған тап дұшпаны.
Оның тап күресін мойындамайтынын мен баяғыда Ташкентте оқып жүргенімде білгенмін. Жүргенов мен оқыған қазақ педагогикалық жоғары оқу орнында ректор болды, сонда ол тап күресі туралы студенттер арасында сөз қозғауға тыйым салған-тын.
Жүргеновтің өмірбаянындағы осындай былықпай тұстарына назар аудармай, оған Мирзоян жолдас үлкен қызметтің тізгінін ұстатқан еді, көріп отырсыз, мұны ол өз мақсатына, алашорданы насихаттауға, советтің беделін түсіруге, қысқасы өте теріс пайдаланып келеді…
Және, білесіз бе, ол декада күндері Мәскеуге Қазақстаннан ұдайы қазақы тағамдар алдырып тұрды. Қазы, қарта, құрт, ірімшік, қымыз, тағы басқа. Ол, тіпті, сахнада көрсетуге жылқының пісірілген етін, қойдың үйітілген басын да алдырған ғой.
Оны айтасыз, спектакльде бас кейіпкер сахнаға кәдімгі тірі ат мініп шыққан. Аппақ, сұлу жануарды бай безендірілген ат әбзелімен Қазақстаннан арнайы алып барды ғой бұл тонын айналдырып киген алашордашыл.
Ақ киізден үй тіккенін қайда қоярсың. Мұндай ақшаңқан киіз үйді күллі алтынмен апталып, күміспен қапталған уық-керегесімен, піл сүйегімен әшекейленген ішкі жиһазымен шебер ұсталарға арнайы тапсырыс беріп жасатқан. Ең ісмер қолөнершілер ғана жасай алатын басқұр, шашақ іспетті ұлттық тоқыма бұйымдарды, кілемдерді айтсаңызшы! Қанша қаржы шашты десеңізші бұл нарком пердесін жамылған ұлтшыл.
Әлемнің озық театрларының өзі ондайға бармас еді, қажет боп бара жатса муляж ғана жасатар еді. Ал мына бетінен ұлтшылдық қаны шыққан алашордынец осындай дарақы байшылдық әрекетке барды. Советтік үкіметтің есебінен әрине.
Алашорданың идеяларын тірілтуге жанын салып жүрген Жүргенов мемлекет қаржысын декаданы сылтауратып осындай орынсыз шығыстарға жұмсады, бекерге шашты. Ондай қылығының кедейлер үкіметінің табиғатына жат екенін білсе де, әдейі, қасақана істеп жүр. Бәріне қосымша, ол қазір 30-шы жылы жазаға кесіліп, жақында айдаудан оралған алашордашылар көсемі, халық жауы Ахмет Байтұрсыновқа ашықтан ашық түрлі қамқорлық көрсетуде…
Жүргеновтің бет-пердесін сыпыратын мезгіл жетті, оның еркінсуіне тоқтау салу қажет. Мәскеуден жеткен сыбыстың алдын алып, республика билігінің тұтқасын бұл қаскүнем алашордашының ұстауын ықтимал етпей, жолын кесу керек. Есенаманов пролетариат диктатурасы идеясына адал берілген коммунист ретінде осыны революция жетістіктерінің сенімді қорғаны боп табылатын биік мекемеге жеткізуді парызы деп біледі…
– Жолдас Есенаманов, сіздің мәліметтеріңіз бен пайымдарыңыз ескеріледі. Әрқашан осындай большевиктік қырағылық көрсетіп жүріңіз.
Төрдегі кішкене столға екі қолын тіреп отырған қалпы Сейсен Есенамановтың сөзін үзбей, мұқият тыңдаған қою мұртты сұсты адам оң қолын көтеріп, столдан асыра созды. Қоштасқаны. Сейсен атып тұрып, оны қос қолымен қысты. Басын иіп:
– Қабылдағаныңызға рақмет. Сау болыңыз, – деді…
ІV
Қанабек мен Құрманбектің отбастары дастарқан басында отыр.
– Апа, – дейді Құрманбек шәй құйып отырған ақ жаулықты анаға, – мына жұпыны баспана нағыз құтхана болды. Осы үйде қызыңыз Күләш Совет Одағының халық әртісі атанды. Міне, енді күйеу балаңыз Қанабек те республиканың халық әртісі боп отыр. Екеуі де кешегі отанымыздың астанасында өткен онкүндікте үлкен мемлекеттік марапат алғанын білесіз. Осы қуаныштар баянды болсын, апа! Біздің қазақ өнерінің бас қамқоршысы Темкең таяу арада үкімет өнерпаздарға арнап үй салып береді деп отыр, тезірек сонда көшіп, қоныс тойымызды тойлауға жазсын!
– Алла разы болсын, Құрмаш, – деп тіл қатады ақ жаулықты ана шәй құйған кесесін ұсына бере. – Шүкір, бәріңнің де, Шара екеуіңнің де еңбектерің сіңді ғой. Үкімет бағалап жатыр емес пе. Өзіңе де халық әртісі, Шәкітайға еңбек сіңірген әртіс атағы беріліпті, құтты болсын! Енді тезірек үйлеріңді жақсартыңдар, айналайындар! Басшыларыңның қамқорлығына рақмет, еңбектерің жана берсін!
Олар көңілді күлкімен үкіметтің өнерпаздарға атақтар берген соңғы қаулысы жайында пікір алмасты. Музыкалық театрдың енді ресми түрде ұлттық опера және балет мемлекеттік театры деп аталатынын бәрі де разылықпен мақұлдады. Осыған байланысты Қанабек:
– Темкең театр труппасын көбейтудің жолдарын ойластырып та қойған болар, – деді. – Бұл тарапта оның тәжірибесі мол ғой. Естуімше, баяғы Түркістанда Қазақ үкіметінің өкілі боп жүрген кезінде-ақ қазақ жастарын Ташкент оқу орындарына орналастыруда көп жұмыс тындырған дейтін…
– Қазір бұл мәселені көптен назарда ұстап келе жатқаны айдан анық емес пе, – деп оны Құрманбек те қоштап жатыр. – Қанша облыстық, қалалық театрлар ашты, музыка техникумы талай студентті оқытуда. Оның үстіне Ленинградқа театр студиясында білім алу үшін көптеген баланы жіберді ғой. Сөз жоқ, қазақ операсына қажет мөлшерде әнші таңдап алуға толық мүмкіндік бар.
– Бишілерді де, – деп күлді Шара.
– О, балет тобын бір Александрдың өзі жасақтап берер-ау! – Құрманбек күлді. – Декадада билеген шәкірттері естеріңде ме?
Қанабек күліп айтты:
– Оның бәрі дұрыс-ау, – деді, – тек енді, бар шаруа үлкен сахна мүддесі айналасында жүрмек қазіргі сәтте, бізге Жұматтың жоқтығы қатты білінетін шығар…
– Жоғы қалай? – десіп жатыр қыздар. – Жұмыстан шығып кетті ме?
– Оны Оралға жұмсап жатыр ғой, музыка театрын ұйымдастыр деп…
– Ойпырмай-ә… – Құрманбек ойланып қалды. – Қазіргі міндет ретінде Темкең «Қыз Жібек» пен «Жалбырды» онкүндікте ойнаған құраммен жаңа жылға дейін қоя беру керек деп еді. Ал онкүндікте тек музтеатр емес, драмтеатр, филармония артистері қосылып, бірлескен құрам боп ойнағанын білеміз. Қазіргі жағдайда сол құрамды сақтау мүмкін болар ма екен? Оларды тұрақты істейтін жерлері тағы да босата берер ме екен? Өз алдыңа жеке опера театры болған екенсің, өз артистеріңді жасақта демей ме… Осы жерде Жұматтың тәжірибесі керек-ақ қой.
– Рас. Оның үстіне, есіңде ме, Құрмаш, Темкең бұрынғы «Шұға» мен «Айман-Шолпанды» үлкен сахнаға лайықтап қайта қоюға тиістігімізді де айтқан болатын…
– Темкеңнің бұл жағдайды ескермеуі мүмкін емес. Шамасы, Жұматты батысқа оның келісімінсіз, үкімет жұмсап отыр-ау…
– Мүмкін…
– Ендеше оған тілегімізді білдірмейміз бе, тиісті лауазымдылармен сөйлесіп көрсін. Тым болмаса біраз уақыт Жұматтың тәжірибесін өзімізде пайдалануға пұрсат берер?
–Дұрыс-ау, бірақ бұл өтінішімізді кімге айтамыз? Темкеңнің өзіне ме, әлде совнарком мен крайкомның біріне ме?
Олар осы сұрақты өздеріне қайта-қайта қойды. Қалай істегендері дұрыс боларын білмей бастары қатты. Әйтеуір комиссар Жүргеновтің осы уақытқа дейін қалыптастырған ұжымын сақтауына үкіметтің оң көзбен қарағаны жөн ғой деген ойдан арылмады. Өйткені алда әлі талай шешілуі тиіс мәселе күтуде, өлкеком мен үкіметтің соңғы қаулысы алға аса жауапты міндеттерді шығарып тұр емес пе…
Темкеңнің музтеатрдың шаңырақ көтеруіне де, творчестволық тұрғыда өсуіне де қаншалықты күш салып, қажырлы еңбек еткенін сөзбен айтып жеткізу өте қиын десті олар. Өзінің тұңғышын сүйіспеншілікпен қуана қарсы алған әке сияқты еді ғой Темірбек Жүргенов. Ол қазақтың музыкалық сахнасындағы тұңғыш спектакльдерін де сондай әкелік қамқорлықпен аялап, аяқтандырды.
Жоғарыдан мұндай көңіл бөліп, сергек қарағандық бізге қосымша күш берді, біз де еселенген жігермен жұмыс істедік, рас қой? Бұған ешқайсысы күмән келтірмейді. Ол қазақ өнерінің жаңа бір бағытының қанат жаюына қыруар тер төкті. Біз оны қазақ театрының атасы ретінде білеміз деді Қанабек. Оны қостаған Құрманбек біз оны Қазақстандағы оқу-ағарту ісінің талмас жанашыры деп білеміз деді. Бұл оның мәдени революция тұтқасын батыл да сеніммен ұстай алғанының арқасында мүмкін болды. Бәрі күмәнсіз сенетін шындық осыған саятын.
Шүкір, Темкеңнің арқасында театр үлкен табысқа қол жеткізді. Бірақ сол табысты баянды ету үшін Темкеңнің сеніп жұмыс істеген серіктерінің қатарын сиретпеген абзал да. Жұмат музыкалық театрды құруға өлшеусіз көп еңбек сіңірді, Темкеңнің сахна өнерін дамытудағы оң қолы болды. Енді осы бір тәжірибелі оң қолын бұдан тым ерте айырып жатқан жоқ па екен жоғарғы билік? Олар осы бір жәйтті дұрыс ұға алмады…
Иә, бару керек, айту керек десті олар сосын. Мирзоянның тура өзіне кіргендері дұрыс шығар. Мәскеуде шетелден келе жатқанында вокзалдан күтіп алуға бұлар да барған еді ғой, көріп еді ғой өнерпаздардың декададағы табысына қалай қуанғанын.
Қазақ сахна өнерінің ерлі-зайыпты жарық жұлдыздары осылай-осылай ой қозғап, едәуір толғанды. Ақыры былай шешті: жоқ, алдымен Темкеңнің алдынан өтейік…
* * *
Ойдағыдай өткен онкүндікті қорытындылағаннан кейінгі жәйт нарком Жүргеновті жаңа бастама көтеруге құлшынтқан-тұғын. Ол өлкеком мен халкомкеңестің бірлескен қаулысының жобасын жасап ұсынған.
Жоба мақұлданып, музыкалық театр Қазақ мемлекеттік ұлттық опера және балет театры болып қайта құрылатын болды. Осы шешім шыққаннан кейін Темірбек Қараұлы ұлттық опера театрына жаңа ғимарат салып беруді армандады. Сол арманының жетегімен, Дәмеш екеуі қыдырыстап жүрген бір кеште, опера және балет театры құрылысын салуға болатын орынды да өзі таңдады.
– Таптым! – деп айқай салды ол келіншегіне. – Қарашы, Дәметай, биік музыка ордасы болатын сәулетті сарайға дәл осы жер лайық қой?
Біршама биік қыратта тұрып, жан-жағына сүйсіне қарады.
– Қаланың қақ ортасы… Операның айналасы әдемілеп тұрып безендірілетін болады…
Бірден қарыштай басып, болашақ құрылыс аумағын қадамымен өлшей жөнелді…
– Бұл жерге, әрине, Одессаның опера театры секілді үлкен ғимарат салуға болмайды, – деп пайымдады ол, – онда Алатаудан соғатын жеңіл самалдың алдынан алып қорған тұрғызылғандай боп, жолы жабылып қалар еді…
Ол Қырымға демалысқа барған сапарында арнайы Одессаға соғып, сондағы опера театры ғимаратын біршама зерттеген. Суреттерін, мекенжайының сызбаларын ала келген-ді. Алматыда салынуға тиіс мемлекеттік театрдың бүкілодақтық конкурста бәйге алған алғашқы жобасы соған ұқсас еді.
– Бұрнағы жылы совнаркомның театр құрылысы жөніндегі қаулысын қабылдарда біз соны ұлттық театр ретінде дамытуға мән бергенбіз, – деді Темірбек. – Жобаның авторы мәскеулік архитектор Николай Алексеевич Круглов өте ізденімпаз, тиянақты кісі екен, біздің пікірлерімізді ескеріп, жобаның түзетілген нұсқасын ұсынған. Енді соны қазіргі таңғы талаптар негізінде тағы бір мәрте сүзе қарап, бекітуіміз керек…
Дұрысында, түзетілген жоба бірден бекітіле қоймады. Ораздың да, Темірбектің де бірден келіскені – сөз жоқ, өз ісінің маманы ретінде архитектор Круглов Алматы театрының құрылысын жобалау барысында архитектурадағы авангард пен классика тәсілдерін өзара үйлестіріп, жымдасқан біртұтастыққа қол жеткізген. Бұл оның бірінен соң бірін жасаған нұсқаларының суреттерінен айқын аңғарылады. Дегенмен сыртқы көрінісі аса қанағаттандырар емес…
Көптеген еуропалық, әсіресе Ленинградтағы опера үйлерінің альбом-кітаптардағы суреттерін қарай келе, Жүргенов біреуіне тоқтады да, альбомды көтеріп Исаевқа келді.
– Ораз, – деді, – мен мынаны үлгі етуді ұсынам. Қара. Ұлы архитектор Россидің жобасымен салынған Александринский театр. Иә, император Бірінші Николайдың зайыбы Александра Фёдоровнаның құрметіне Александра театры, яғни Александралық театр, Александринский театр атанған өнер ошағы. Осыны көрсетейік Левон Исаевичке.
Ораз әлемдік театр архитектурасының үздік үлгісін бейнелеген суретке мұқият, сүзіле қарады.
– Иә, – деп, сипаттамасын да қанағаттана оқыды.
– Кеттік! – деді сосын.
Олар ұлттық операның болашағы жайында Қазөлкекомның бірінші хатшысы Левон Мирзоянмен едәуір ұзақ әңгіме-дүкен құрды.
– Келесі жылғы театр маусымын жаңа ғимаратта ашсақ деген арман бар, Левон Исаевич, – деді ағарту комиссары Жүргенов. – Қазіргі таңда сол оқиғаға арнап жаңа опера дайындауды бастап та кеттік. Енді құрылысқа да кірісетін мезгіл жетті. Егер қош көрсеңіз – Бүкілресейлік өнер академиясы жанындағы конкурс жеңімпазы архитектор Круглов істейтін топқа тікелей өзіңіз өтініш білдіріп, жобаны Александралық театр ғимаратына сәйкестендіре, шұғыл түзеп шығуға тапсырма берсеңіз деп сұраймыз.
– Левон Исаевич, мақұлдасаңыз – опера құрылысын жоспарға енгізіп, салу жұмыстарына дайындықты бастай береміз, – деді предсовнарком Исаев.
– Ұсыныстарыңызды толығымен құптаймын, жолдастар, – деді Өлкекомның бірінші хатшысы Мирзоян. – Бұл жеңімпаз социализмнің арқасында көкке көтерілген қазақ өнеріне қойылған біздің республикамыздағы нақты ескерткіш болсын. Осы жаңа сахнада біздің майталмандарымыз жарқырап, республикамыздың мәртебесін асқақтата береді деген үміт артайық.
– Айтқаныңыз келсін, қазақ елінің лениншіл жетекшісі!
– Осындай мақсат үдесінен шығуға бәріміз де күш-жігерімізді аямай жұмсаймыз, сене беріңіз.
– Сіздермен тау қопаруға болатынына сенімдімін мен, жолдастар! Іске сәт тілейік!
Аз уақытта Қазақ партия ұйымының басшысы Левон Мирзоянның директива іспетті өтініші қабыл алынғаны мәлім болды. Әлсін-әлсін түзетулер жасалып келе жатқан алғашқы жобаның авторы Николай Круглов қасына қосалқы автор ретінде өзінен жас, қайраты тасыған Николай Простаков деген архитекторды алыпты, екеулеп қазақ опера театры жобасын Александра театры үлгісін алға ұстай отырып қайта қарауға кірісіп кеткен көрінеді.
– Сең қозғалды, – деп күлді Ораз Исаев. – Құрылыс мекемесі де енді нақты жұмысқа кірісе бастайды. Сен таңдаған орын, шынында да, өте қолайлы екен…
Темірбек Жүргенов бұл жұмыстың қалыпқа түсуіне қанағаттанған сезіммен халкоматтың басқа шаруаларын қарастырып отырған. Осы кезде оған Қанабек Байсейітов пен Құрманбек Жандарбеков келді. Алдағы жұмыс жоспарын айтумен қатар, соған тығыз байланыстырып, бас режиссёр Жұмат Шаниннің жаңа қызметке баруын кейінге қалдыруды сұрай келгендерін аян етті.
– Мен сендерге алдымен маңызды жаңалық жайын хабарлайын, балалар, – деді Жүргенов оларға баяғысынша еркін, өзімсінген қаратпа атауымен тіл қатып. – Біз жаңа театр ғимаратын саламыз. Келер жылғы театрлық маусымды сонда бастайтын боламыз. Қазақтың мемлекеттік ұлттық опера және балет театрының өзіне тән сымбатты да зәулім, ғажайып ғимаратында! Ашылуына «Ер Тарғын» операсын қоясыңдар. Либреттосын қазір Камал Сағыров жазып жатыр. Музыкасын өзіміздің тамаша композиторымыз Евгений Брусиловский жазады. Осы ойларыңда болсын.
Қанабек таңырқаған жүзбен Құрманбекке қарады. Сосын әлдене сұрамаққа Темірбекке қарай беріп еді, ол:
– Бала, сен театрдың директоры екеніңді ұмытпа., – деп, сөзін сабақтай берді. – Қазіргі залдың іші мен сахнаны жабдықтаудағы жеткіліксіз тұстарды құрылысшылардың қалай жөндеп жатқанын бақыла. Осы төртінші тоқсанға көзделген қордан ұлттық опера театрына бір жүк машинасы, екі жеңіл машина бөлінуге тиіс. Соны қабылдап алуды, қайда сақтауды осы бастан ойластыру керек.
Қанабекке тіл қатуға мүмкіндік бермей, Құрманбекке көз тастап:
– Музтеатр ішіндегі жөндеу жұмыстары бітісімен репетицияларыңды қолға алуларың керек, бала, – деді. – Алда Ленинградқа гастрольдік сапарға шығу тосып тұрғанын ұмытпаңдар. «Қыз Жібек» пен «Жалбырды» апарасыңдар.
– Әзірлеп үлгерер ме екенбіз…
– Екеуі де дайын спектакль ғой, Жұмат екеуің бірлесіп қойдың емес пе. Рас, Мәскеуде екеуің оларды негізінен жеке-жеке жүргіздің. Қазір Жұматқа маңызды жұмыс тапсырылып отыр, оны жолынан қалдырғаннан гөрі, дайын жұмысты алып кете алатындай басқа режиссер алған жөн шығар? Бас режиссер ретінде осы орайда ұсыныс дайында.
– Темке, жұмыс ауқымы үлкен, қолдан келер ме екен…
– Келеді, осы уақытқа дейін сендер, балалар, одан да қиын іс тындырдыңдар. – Темкең мәселені одан әрі талқылауға мүмкіндік бермей, осы сөзбен кілт тыйды да, былай деді: – Енді бір екі-үш айда совнаркомның құрылыс басқармасы артистерге арналған үйді салып бітеді. Бұйыртса, жаңа жылды жаңа үйде қарсы алатын боласыңдар. Өнерпаздарды жаңа қонысқа көшуге дайындай беріңдер. Бәріне сәлем, өнерге құмарлықтары сарқылмасын. Өздеріңе, баршаңа жаңа шығармашылық табыстарға жете берулеріңе тілектестік білдіремін…
Іргетас
1936 жылғы 25-ші қараша. Түстен кейін Кремльдің Үлкен сарайына жұрт ағыла бастады. Советтердің Төтенше бүкілодақтық сегізінші съезіне келген делегаттар алғашқы отырысына жиналған. Кешкі сағат бес болғанда төралқа столына Сталин бастаған партия мен үкімет басшылары шықты. Делегаттар орындарынан тұрып, ду қол шапалақтады. Қол соғулар «Жасасын жолдас Сталин!» және «Ұлы Сталин жасасын!» деген дауыстар, уралаған айқайлар шыққан сайын үдей түсіп, көпке дейін съезді ашуға мүмкіндік бермеді. Ақыры жұрт тынышталғанда шоқша сақалын бір сипап алған Калинин:
– Жолдастар, Советтік Социалистік Республикалар Одағы Орталық Атқару Комитетінің тапсыруы бойынша Жұмысшы, шаруа және қызылармия депутаттары советтерінің Төтенше сегізінші бүкілодақтық съезі делегаттарына құттықтау жолдаймын, – деді.
Ұзаққа созылған қолшапалақтан кейін бүкілодақтық ақсақал:
–Советтердің осы Төтенше сегізінші бүкілодақтық съезі Сталин жолдастың төрағалығымен Орталық Атқару Комитетінің Конституциялық комиссиясы жасаған Советтік Социалистік Республикалар Одағы Конституциясының жобасын қарау үшін шақырылды, – деп хабарлады.
Делегаттар тағы да тұрып кетті. «Жаңа Конституциясын жасап шығарушы Сталин жолдастың даңқы арта берсін! Ура!» деп ұрандатып, ду қол шапалақтады. Сосын Калинин кіріспе сөзін жалғастырды.
Ол халықтардың революциялық санасын дамытуда белгілі бір рөл атқарған конституциялық құжаттар тарихта көп еместігін айтты. Француз буржуазиясының капиталистік дамуды бастарда «парасат патшалығы», «мәңгі әділдік», «азаттық», «теңдік» секілді адам құқтары хақындағы жақсы уәдеге тұнған декларациясы іс жүзінде буржуазиялық меншікті нығайтуға бағытталған болатын деді. Француздың «Адам құқтарының декларациясында» айқын айтылған буржуазиялық бостандықтар іріп-шіріген капитализмнің қазіргі кезеңінде буржуазияның өз тарапынан-ақ атқыланып жатыр, сол буржуазия фашизмді туғызған-ды, ал фашизм буржуазиялық демократияны, заманауи прогресті, адамзаттың дамуын, ғылымды жоққа шығарып, халықтарды ортағасырлық тәртіптерге сүйрейді деген ойларды аян қылды.
Жүргенов Исаевпен қатар, қазақстандық делегаттар арасында отырған. Көзінің қиығымен аңдады, Ораз да, басқалар да бар ықыластарымен Калининнің аузын бағып отыр. Ол:
– Біздің социалистік мемлекетіміздің тарихи ізашары Париж Коммунасы болған, – деп, кіріспе сөзін сабақтай берді. – Париж коммунарлары социалистік мемлекетті құра алмады, мұны ресейлік пролетариат жүзеге асырды. Ресейдің жұмысшы табы революциялық күрестің от-жалынында советтерді жасады. Советтер Париж Коммунасы негізін қалаған пролетарлық билік түрінің одан әрі дамуы еді. Советтерде ұйысқан еңбекшілер біздің партияның, Ленин мен Сталиннің басшылығымен өзін езушілерді құлатып, бұрынғы Ресей империясын жұмысшылар мен шаруалардың социалистік мемлекетіне айналдырды!
Дуылдаған қол шапалақтау.
Бүкілодақтық ақсақал жеңіске жеткен пролетариаттың шаруалармен одақтаса отырып орнатқан өз диктатурасын Он сегізінші жылғы Ресей Федерациясының конституциясында заңдастырғанын еске салды. Ал Республикалар одағының тұңғыш конституциясы Жиырма екінші жылы қабылданды. Ол социалистік құрылыстың табыстарын көрсетіп, мемлекетіміздің Советтік Социалистік Республикалар Одағы ретінде рәсімделгенін айғақтақтады. Бірақ онда одан кейінгі жылдары қол жеткізілген социализм жеңістері ескерілмеген-тін, оны ескеру мүмкін еместігі де түсінікті. Осыларды айта келе, Калинин:
– Сегізінші советтер съезінің талқылауына ұсынылып отырған сталиндік Конституцияның жобасында еліміздегі социализм жеңісі жан-жақты көрсетілген. Сталиндік Конституция адамзат тарихындағы жаңа дәуірді ашады. Ал Сталин заңды түрде Конституцияны жасаушы деп аталады. Себебі ол Ленинмен бірге біздің партияны жасап, өсірді, Ленинмен бірге жұмысшы табының буржуазияны жеңуін ұйымдастырды. Ол Лениннен кейін біздің елімізде социализмнің жеңуін ұйымдастырды және қамтамасыз етті. Ол енді біздің елімізді коммунизмге бастап келеді!
Залдың дуылдап көрсеткен қошеметінен кейін, төтенше жиынның өз мойнына артылып отырған тарихи міндетті ойдағыдай атқаратынына сенім білдіріп, Калинин съезді ашық деп жариялады. Сосын төралқа құрамы сайланды. Қазақстаннан ешкім ұсынылмады, Темірбек бұнысы қалай деп ойлаған еді, мандат комиссиясына қазақ делегаттарынан жалғыз Ораз енгізілгенде, оған да шүкіршілік деді. Сол екі арада күн тәртібі, регламент бекітілді.
Сосын баяндама жасау үшін сөз Сталинге берілді. Ол былтыр өткен Жетінші советтер съезінде сайланған ССРО Ораткомы Конституциялық комиссияның төрағасы ретінде осыдан бес ай бұрын Оратком Төралқасы мақұлдап, бүкілхалықтық талқылау жасау үшін жария еткен Конституция жобасы жайын баяндады.
Баяндамада кейінгі бір мүшел уақыт ішінде шаруашылық пен қоғамдық-саяси тіршілікте орын алған түбегейлі өзгерістерге талдау жасалды. Экономикада шаруашылық жүргізудің социалистік жүйесі орныққаны, адамды адам қанаудың, жаппай ұжымдастыру негізінде соңғы эксплуататорлық тап – кулактардың жойылғаны атап айтылды.
Темірбек мұны мұқият тыңдап отырып, іштей Қазақстанда соларға теңестірілген байлармен күрес пен күштеп ұжымдастырудың салдарлары талдауға алынбағанын ойлап қойды.
Ал баяндамашы қоғамның таптық құрылымы мен жұмысшы, шаруа, интеллигенцияның әлеуметтік жаратылысы өзгеріске ұшырап, совет адамдарының саяси-әлеуметтік және идеялық бірлігі пайда болғаны, халықтар достығының нығайғаны және соның бәрінің жаңа Конституция жобасында көрсетілгені жөнінде айтып жатты.
Капиталистік жабайылық мұхиты ортасында тұрған жалғыз, бірақ аса қуатты жартас тәрізді советтік мемлекет бұдан былай ұстанбақ негізгі заң – Совет Одағының жаңа Конституциясы туралы Сталиннің дәйектемелері Кремль сарайында отырған екі мыңнан астам делегат пен жер-жерде радиодан құлақтарын айырмаған миллиондаған тыңдаушыны шексіз қуанышқа бөледі.
Сосын қызу жарыссөз болды. Бәрі Сталиннің кемеңгерлігін баса көрсетіп, ризашылықтарын білдіріп жатты. Жоба бойынша ұсыныстарын да айтты.
Съездің төртінші, әлде бесінші күнінде Орта Азиядан Өзбекстан совнаркомының төрағасы Файзулла Ходжаев та сол баршаға тән рухта сөйледі.Темірбек оған арнайы барып жолыққан. Мазмұнды сөзімен құттықтаған. Файзулла онысына рақмет айтты да:
– Ең үлкен де зор алғыс сезімге сіз лайықсыз, Темірбек жолдас, – деді. – Есіңізде ме, мен сізге күш-жігеріңізді автономиялық республикаңызды тәуелсіз социалистік мемлекет дәрежесіне көтеруде жемісті еңбек етуіңізді тілейтінімді айтып едім ғой? Мен осында, астанада биылғы өткізген онкүндіктеріңіздің барысын жіті қадағалап тұрдым. Сіз халқыңыздың рухын көтеруде өте ғажайып іс тындырдыңыз! Мен айтайын сізге, Сталин жолдас сіздің еңбегіңіздің нәтижесінен ерекше күш-қуат алғандықтан да, осы талқыланып жатқан Конституция жобасын сеніммен жасап шықты деп ойлаймын.
Темірбек күлімсіреп:
– Файзулла-ака, менің қарапайым еңбегімді тым артық бағалап жатсыз, – деді.
– Жоқ, – деп Файзулла-ака басын шайқады, – бұдан үш-төрт жыл бұрынғы жағдайды сіз де, мен де білеміз ғой. Биылғы жемісті декададан кейін соны еске алып, қазақтың басында сондай қайғылы оқиға орын алған деп ешкімді сендіре алмас едік. Бұл, қайталап айтам, сіздің арқаңызда мүмкін болды. Сіз тарихи тұлғасыз, Темірбек жолдас!
Есіңізге түсіріңізші: сіз жиырма бесінші жылы біздің өзбектің тәуелсіз республика болуына атсалыстыңыз, екеуіміз бірге Өзбек ораткомы мүшелігіне сайландық емес пе. Ал жиырма тоғызыншы жылы тәжіктің біздікіндей тәуелсіз республика деңгейіне көтерілуіне сіз тікелей қатыстыңыз.
Енді, міне, отыз алтыншы жылғы шуақты көктем күндері күллі жалпақ елімізге, Сталин жолдастың өзіне қазақтың тап сондай мәртебеге лайық екенін ғаламат өнер декадасы арқылы дәлелдеп, көз жеткіздіңіз. Тым қарапайым бола бермесеңізші, сіз нағыз мадаққа лайықсыз, осыған тым болмаса іштей мақтанып жүріңізші!
Темірбек риза көңілмен оның қолын қысты. Үзіліс аяқталып келе жатқан. Олар залға беттеді.
Съезд Конституция жобасын негізге алды да, айтылған түзетулер мен толықтыруларды қарап, соңғы мәтінін жасап шығу үшін Сталинді басшысы етіп, редакциялық комиссия құрды.
Комиссия жұмысының нәтижелерін қорытып сөйлеген Сталиннің сөзі Темірбекке керемет ұнады. Бір кездері Тұрмағамбет ақынға жеке-дара әміршілер тарапынан көрсетіліп жатқан қысымға байланысты Оразға айтқан пікірін ойына алып:
– Ореке, аңғарамысың, жаңа Конституция өте демократияшылдығымен ұтып тұр-ау? – деді. – Біздің жер-жердегі қызметкерлеріміз осыны жете түсініп басшылыққа алса ғой, шіркін…
– Шынында солай…
Олар Сталиннің жобаға ұсынылған толықтырулардың бірін қалай талдағанын еске түсірді.
Жоғарғы Совет Төралқасының төрағасын Жоғарғы Совет емес, бүкіл халық сайласа деген ұсыныс болған. Соған байланысты Сталин ондай жағдайда төраға өзін Жоғарғы Советке қарсы қоюы мүмкін деген-тін. Сөйтіп ондай жеке-дара президент Конституцияның жүйесіне қайшы келетінін дәлелдеген-ді.
«Бізде коллегиялық президент болады, ол – Президиум» деп шегелеп айтқан. Ал Президиум Жоғарғы Советтің алдында жауап береді. Осындай ретпен жоғарғы органның демократиялылығы қамтамасыз етіледі, еліміз түрлі кездейсоқтықтан сақтандырылады деген-ді.
Мұндай пайым Оразды да, Темірбекті де қанағаттандырды.
Бесінші желтоқсанда баршаны айрықша қуандырған жәйт орын алды. Советтер съезі он шақты күн бойы талқылаған сталиндік Конституция қабылданды. Онда Қазақ Республикасы Совет Одағын құрайтын республикалар қатарына қойылған еді.
– Бұл бұдан он екі жыл бұрын жасалуға тиіс шара болатын, – деді Темірбек. Ол өзі тікелей атсалысып жүргендіктен де, межелеу тарихын, барлық көрсеткіштері бойынша одақтас республика болуға лайық Қазақстанның Ресей құрамында автономиялық мәртебемен қалдырылғанын жақсы білетін. – Ештен кеш жақсы деген…
– Ең бастысы, жасалды. Республикамыздың одаққұрушы тәуелсіз социалистік мемлекеттердің бірі ретіндегі іргетасы қаланды, – деді Ораз. – Осыған тәубе дейік.
– Иә, тәубе. Дегенмен жаман айтпай жақсы жоқ деген де сөз бар емес пе, Ораз, сол ретпен ойға түсіп кетеді де. Жә, енді қол жеткен осы мәртебеге сай болуға тырысуымыз керек…
Сонымен,1920 жылдан Ресей Федеративтік Республикасы құрамында өмір сүріп келе жатқан Қазақтың автономиялық республикасы 1936 жылғы 5 желтоқсанда қабылданған ССРО-ның екінші Конституциясымен одақ құрушы республикалар қатарына қойылды.
Осы тарихи оқиғаның арқасында республика тағы жарты ғасырдан аса, дәлірек айтқанда елу бес жылдан кейін, мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізеді. Мұны, әрине, ол кезде ешқайсысы болжай да алған жоқ, бірақ осы беріліп отырған мәртебемен дамудың даңғыл жолына түсетіндеріне күмәнсіз сеніп, қатты қуанды.
ІІ
Алматыға оралғаннан соң Темірбек Жүргенов Қазақ Республикасының маңызды сапа берілген жаңа Конституциясын дайындайтын комиссияның мүшесі болды. Жаңа Конституцияның жобасы 1937 жылдың наурызында, Мәскеуде Орталық Комитеттің Ақпан-наурыз пленумы жұмысын аяқтағаннан кейін өткен Советтердің Төтенше Оныншы Бүкілқазақтық съезінде қаралды. Нарком Жүргенов Қазақ ССР Конституциясы мәтінін ақырғы өңдеуден өткізуге съезд құрған редакциялық комиссияның құрамында қатысты.
Советтердің Оныншы съезі аяқталып, күнделікті қызмет өз қалпымен жүріп жатқан күндердің бірінде наркомпрос Жүргенов Өлкелік комитетке Мирзоянның қабылдауына шақыртылды. Содан ол халкомат бойынша соңғы ақпараттарды іріктеп портфеліне салып алды да, белгіленген уақытта бірінші хатшының қабылдау бөлмесінде тұрды.
– Келіңіз, Жүргенов жолдас, отырыңыз.
Мирзоян қысқа ғана амандық-саулық сұрасты. Сосын кейінгі кезде үдеп бара жатқан арыз-шағым жайын әңгімеледі. Және олардың елеулі тобы, өкінішке қарай, біздің жетістіктерімізді кемсітуге бағытталған деді.
– Мәселен, бір қарағанда, біздің декадниктердің Мәскеуде ғажап өнер көрсеткеніне сүйсінбеген адам жоқ болатын, солай емес пе? – Мирзоян Жүргеновке көз тастап, қойған сұрағына өзі жауап берді. – Солай, – деді. – Бірақ азаматтарымыздың арасында өнерпаздарымыздың сол тамаша жеңістерін көре алмайтындар бар екен…
Үндемей қалды. Жүргенов әліптің артын бағып сәл отырды да, үнсіздік ұзап бара жатқан соң, ақырын ғана:
– Левон Исаевич, нақты нені ұнатпайды екен олар? – деп сұрады.
Левон Исаевич терең дем алып, күрсініп алды да:
– Мен сіздің мәдени революция шараларын қалай жанқиярлықпен жүргізгеніңізді бес саусағымдай білемін ғой, жолдас Жүргенов, – деді. – Жасырмайын, мен, керек десеңіз, қазіргі таңдағы одаққұрушы республика дәрежесіне сіздің ерен еңбегіңіздің арқасында көтерілдік деп ойлаймын.
Орындығына шалқалай отырды.
– Бұған, әрине, республикамыздың экономикалық дамуы, әлеуметтік жағдайының дұрысталуы сай болғанына күмән жоқ, – деп бір тоқтады.
Сөзін асықпай, ойлана сабақтады.
– Бірақ соны танытудағы өнердің құдіретіне ештеңе тең келмесі белгілі. Сіз қазақ өнерпаздарын керемет түлеттіңіз, оларды қазақ үшін мүлдем жаңа өнер саласын дамытуға жұмылдыра алдыңыз. Және қандай нәтиже көрсеттіңіздер!
Жүргенов оның бүкіл опера қойылымдарын, қорытынды концертті демалысында жүріп радиодан тыңдадым дегенін есіне түсірді.
– Темірбек Қараевич, сіз және сіздің ерік-жігеріңіз сомдаған ғажап артистер, олардың ғаламат әндері, ғажайып табиғи дауыстары Сталин жолдастың өзін баурап алды. Жолдас Сталин ескі құрылысты жеңген социализмнің мешеу, қараңғы қазақ халқын заманауи өркениет даңғылына алып шыққанына шәк келтірмеді!
Яғни Сталин алған әсерін Мирзоянға осылай сездірген екен деп ойлады Темірбек Қараевич. Үндемей тыңдай берді.
– Сондықтан да ұлы Сталин біздің республикамызды өзіне тән ұлылығымен, өзі жасаушысы болған Конституцияға енгізді, – деді Мирзоян, – сөйтіп Советтік Социалистік Республикалар Одағын құрушылар қатарына мәңгілік өшпестей етіп бекітіп қойды. Біз бұған шексіз ризамыз, солай емес пе?
Жүргенов ақырын басын изеді.
– Мен сізді жақсы білетіндіктен де, арызқойлардың бұл тараптағы жалаларының ешқайсысына назар аудармаймын.
– Рақмет сізге, Левон Исаевич.
– Бірақ арызданушылардың дөп басып тұрған бір мәселесі бар, – деді Левон Исаевич, – арызданушылардың дөп басқан мәселесі сіздің шыққан тегіңіз жайында…
Осыны айтып, кішкене үнсіз қалды. Жүргенов ақырын ғана:
– Мен мұны жасырмаған едім ғой… – деп еске салды.
– Есімде, Темірбек Қараевич, бұл жайында сіз алғашқы кездесуімізде-ақ ағыңыздан жарылғансыз. Біз де оған көз жұмғанбыз. Алайда шағым берушілер оны мүлдем тереңдетіп, ағаларыңыздың бандалар қозғалысына қатысқанын және сол үшін репрессияланғандарын жалаулататын көрінеді. Сіздің атқарып жүрген қызметіңізді солармен байланыстыра келе, істеріңізге түгелдей теріс баға беріп, дүрілдетіп жүрген секілді…
Жүргенов күрсінді. Кішкене ойланды. Сосын алақанын жайды. Тік сөйлейтін әдетімен:
– Левон Исаевич, түсіндім, маған бір-ақ жол қалған екен, – деді. –Шағымданушылардың тілегін қанағаттандырайық, сол дұрыс болар. Мені қызметтен босатыңыздар. Мен бұдан былай ғылыммен шұғылданайын, мені сол ғылыми-зерттеушілік салада пайдаланыңыздар…
– Мен бұларды сізді орныңыздан алу үшін айтып отырған жоқпын, Жүргенов жолдас, мүлдем олай емес.
Мирзоян алақанымен стол үстін ақырын қаққылап біраз отырды. Сосын:
– Бұл менің сізге сақ жүріңіз дегенім… – деп, Жүргеновке тесіле қарады. – Сіз әлі біздің социалистік тәуелсіз республикамызға көп қызмет етуге тиіссіз. Мен сізді өсек-аяң мен жалалы арыздардың құрбаны етуге жол бермеймін, осыны есіңізде мықтап ұстаңыз. Біз сізбен бірге ертең Советтік Қазақстанның коммунистік партиясын құрамыз. Сізді өзіме әдейі осыны айтпаққа шақырдым…
ІІІ
Қазақстан партия ұйымының жетекшісі Левон Мирзоян коммунист Темірбек Жүргеновтің ел мүддесіне берілген адалдығына кәміл сенетіндігін еш бүкпесіз ашық аян етті. Мұнысына Темірбек Жүргенов шексіз риза.
Жүргенов тәуелсіз социалистік республика мүддесіне қызмет ете беруге әзір, өйткені осы уақытқа дейін де солай болып келеді емес пе. Ол мәдени революция көрігін қыздырып тұрған ағарту комиссары ретінде, әрине, бірінші кезекте ұлттық қағажудан көз ашпаған қазағының еңсесін көтеруді парыз тұтты. Сонымен қатар ол республиканы мекендейтін өзге жұрттар мүддесін де ұмытқан емес.
Есінде, Алматыға келіп, ағарту халкоматының тізгінін ұстаған бетте қазақ драма театрының жағдайымен таныса отырып, орыс театрының хал-ахуалын да білген. Тарихын зерттеп, кезінде, патша заманында, сол театрда Ташкент гимназиясы көркемөнерпаздарымен бірге гимназист Керенскийдің – кезінде большевиктерге қарсы болған болашақ үлкен саяси қайраткердің – өнер көрсеткенін де естіген. Театрдың дамуына, соның негізінде орыс операсының қаз тұруына қамқорлық жасаған. Ал жақында орыс операсының және қазақ ұлттық операсы мен балетінің шеберханасы болуға лайық арнайы мекенжай бөлгізген.
Мәскеудегі онкүндіктен оралған бетте ол ұйғыр халқы мәдениет қызметкерлерінің бірінші конференциясын ұйымдастырумен шұғылданды. Конференция Алматыда өтті, онда «Ұйғыр еңбекшілерінің ұлттық мәдени құрылысы» деген тақырыппен негізгі баяндаманы Жүргеновтің өзі жасады. Содан соң ол Бүкілқазақстандық Пушкин комиссиясының төрағасы лауазымына бекітіліп, ұлы ақынның қаза тапқанына 100 жыл толуына орай, республикамызда ірі іс шараларын жүзеге асыруды ұйымдастырды.
Қазақ даласындағы ұлы орыс ақыны арнайы келген Орал қаласында қазақ педагогика институты ашылды. Алматыдағы «Қазақ Автономиялы Советтік Социалистік Республикасының 10 жылдығы» атындағы мемлекеттік көпшілік кітапхана бұдан былай Александр Сергеевич Пушкин есімімен аталатын болды. Баспасөзде көптеген зерттеулер жарық көрді. Жер-жерде ұлы поэзияға халық ерекше ықылас аударды. Ақынның өмір жолы мен шығармашылығын еске алып, атап өтіп жатты. Ұлы Абай тәржімесі өз алдына, қазақ тілінде жаңа аудармалар жасауға баса назар аударылды.
Ағарту комиссары әрі Пушкин комиссиясының төрағасы Темірбек Қараұлының өзі «Бүкілхалықтық ақын» деген тақырыппен үлкен мақала жазды, мақала «Казахстанская правда» газетінің 1937 жылғы 10 ақпан күнгі санында жарияланды. Алматыдағы Мәдениет сарайында Левон Мирзоян бастаған республика басшыларының қатысуымен салтанатты жиналыс өтті. Салтанатты жиналысты қысқа да терең мағыналы кіріспе сөзбен ашып, комиссар Жүргенов жүргізіп отырды.
Сосын, маусым айында, сталиндік Конституциямен Совет Одағын құрушылар қатарына енген Қазақ Советтік Социалистік Республикасының өз партиясы құрылып, Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші съезі өткен. Мирзоян уәдесінде тұрды. Жүргенов съезде жасақталған Орталық Комитетке мүше болып сайланды. Одан республика компартиясы Орталық Комитетінің алғашқы ұйымдастыру пленумында Орталық Комитет Бюросының мүшесі болды.
Ұзамай, бұрынғы Советтер съезінің орнына сайланатын ССРО Жоғарғы Советінің депутаттығына Семей сайлау округінен кандидат боп ұсынылды…
Жүргенов сайлау мәселелеріне байланысты жазғытұрым Семейге барар алдында Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Левон Исаевич Мирзояннан арнайы тапсырма алған болатын.
– Ақыр жолыңыз түсіп тұр, бір маңызды жәйтті анықтай келсеңіз дұрыс болар еді, – деген.
Мәселе Ертіс өзеніндегі кеме тасымалы шаруашылығында істейтін бір жауапты қызметкер өзін партиядан негізсіз шығарғаны жайында Орталық Комитетке шағым жазғанында жатқан-ды. Мирзоян Жүргеновті Бюро мүшесі ретінде осы шағымның ақ-қарасын айырып, жергілікті партия комитетінің бюросына қатысып қайтуды тапсырған.
Жүргенов Семейдегі «Госпароходство» басқармасында болып, шағым берушімен де, оның қызметтестерімен де сөйлесті. Қасында Орталық Комитеттің бөлім меңгерушісі болатын, екеулеп мәселені едәуір зерттеген. Сосын Семей қалалық партия комитетінің бюросында екеуі баяндама жасады. Әлгі шағымданушы Чик деген коммунист те өзінің жағдайды түсіндіретін сөзін айтқан. Сонда бюро мүшелері Жүргеновтің:
– Чик жолдасты троцкийшіл деген айыптау жалаң жалаға негізделген тәрізді, нақты дәлел жоқ. Іс жете тексеріліп, қайта қаралсын, – деген сөзіне құлақ асқан. Бірақ бюроға арнайы Алматыдан келіп қатысып отырған құпия полиция өкілі қарсылық көрсетті. Ол Қазақ Республикасының Ішкі істер халық комиссары Лев Залин еді. Орнынан атып тұрды да, қасқа басы жарқырап, қою қара мұртын бір сипап қойып, әр сөзін шегелей, қаһарлана сөйледі. Сөзі:
– Бұл Чик дегенің партияны алдап, советтік мекемеге кіріп алған нағыз дұшпан, – дегенге сайды.
Ол осы төңіректе ұзақ сөйледі. Қазір мәлім болып жатқан астыртын ұйымдар, Чиктің солармен байланысы жайында айтты.
– Біз мұны ұстауымыз керек, рұқсат беріңіздер, бірден қамаймыз, – деді.
Бюрода ауыр үнсіздік орнап, үзіліс жарияланды.
Отырыс жұмысын жалғастыратын уақыт келіп, бюроға қатысушылар залға жиналғанда, шағымданушы көрінбеді. Бюро мәжілісі жұмысын қайта бастағанға дейін жұрт өзара күбірлесіп отырған. Кенет есік ашылып қалды да, бәрі солай қарай жалт қарасты.
Ішке, бюро залына, шағым иесі емес, аппараттың жауапты қызметкерлерінің бірі кірді. Сәл аялдап, бәрін бір шолып шықты да, жылдам басып төрдегі хатшыға барды. Еңкейіп, әлдебір хабарды баяу үнмен айтты. Бюрода төрағалық етуші хатшы одан әлденені анықтап сұрап алды. Сосын мәжілісте отырғандарға қарап, дауыстап:
– Әлгінде Чик жолдас өзін өзі атып тастапты, – деп хабарлады.
Бір сәт тым-тырыс тыныштық орнады. Бірақ ол ұзаққа созылмады. Маңдайына түскен қалың шашын артқа қарай бір сілкіп тастады да, Жүргенов отты көздерімен қарсысында, үстелдің арғы бетінде отырған Залинге қатулана қадалып, шүйіле, зілдене тіл қатты.
– Міне қайда жеткізді, жолдас Залин, сенің жауапсыз мәлімдемең! – деді.
Өзінің қайсар мінезімен тік сөйлеп, қатты кетті.
– Кінәсі дәлелденбесе де, әй-шәй жоқ, бірден тұтқынға алмақ болдың. Айыпты сенсің! Сенің кесіріңнен ол өзіне өзі қол салды.
Отырғандар тіс жармады. Ал Жүргенов қазақ үкіметі құрамындағы әріптесіне:
– Адам баласының тағдырына осынша жеңіл, тұрпайы жаулықпен қарауға бола ма екен? – деп шүйлікті. – Әне, сенің абақтыңа жазықсыз түскеннен гөрі өзін-өзі өлтіруді артық көрген! Бұл саған сабақ болуға тиіс! Бұдан былай сен бұл оқыс жәйтті есіңнен шығарушы болма, қауіпсіздік комиссары жолдас!
Алматыға оралғаннан кейін осы оқиғаны Мирзоянға әңгімелеп берді. Ол түнеріп тыңдады. Түнерген қалпы әңгіме өрісін басқа бағытқа бұрып жіберді…
ІV
Кезекті партиялық маңызды жиналыс өтіп жатқан. Үзіліс жарияланар алдында, шетте отырған Темірбек Жүргенов орнынан тұрып, төрдегі бірінші хатшы Левон Мирзоянға арт жағынан барды да, құлағына әлдене айтты. Мирзоян басын шұлғып тыңдады-дағы, екі жағындағы предсовнарком Ораз Исаев пен екінші хатшы Садық Нұрпейісовке кезек-кезек қарады.
Олар өздеріне сыбыр етіп, сұраулы жүзін тосқан басшыға бастарын изеді. Сонда Мирзоян:
– Үзіліске шығуды хабарлаудан бұрын сөз ұсыныс жасау үшін халық ағарту комиссары Жүргеновке беріледі, – деді.
Комиссар Жүргенов мінбеге шығып:
– Жолдастар, мен сіздерді республика қайраткерлерінің ең озық шоғыры ретінде ұлы істі – қазақ мемлекеттік ұлттық опера және балет театры ғимаратының іргесін қалауды бастап беруге шақырамын, – деді.
Жұрт елең етіп, тына қалды.
– Қазіргі сәтте салынғалы жатқан опера театрының қазаншұңқыры қазылып біткен және қаланбақ тастары қазаншұңқыр жанына әкелінген. – Жүргенов мәселенің мән-жайын түсіндіріп жатыр. – Құрылысшылар осы сағатта сіздерді тосып отыр. Қазақстан тарихында тұңғыш рет республика астанасында биік өнер сарайы – опера театры салынбақ. Осы игі істі Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің, республиканың Орталық Атқару комитетінің, Халық Комиссарлары Кеңесінің мүшелері, қаладағы беделді қайраткерлер бастап берсін деген уәжіммен жұмысшылар қуана келісті.
Сіздердің баршаңызды соған шақырамын. Тап қазір, үзіліс кезінде, бәріміз сонда барайық та, театр құрылысының іргетасына алғашқы кірпіштерді қалап, батамызды берейік!
Партиялық маңызды жиналыс мүшелері ду қол шапалақтап, орындарынан тұрды.
Үзіліс жарияланды. Сосын бәрі құрылыс алаңына келді.
Комиссар Жүргенов сталиндік Конституция негізінде одақтас республикаға айналған жаңа Қазақстанның алғашқы жаңа да мәнді ғимараты саяси элита батасымен бой көтермек екенін салтанатты лепеспен атап айтып, митингіні ашық деп жариялады.
Қысқа, жақсы, әсерлі митинг болды.
Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Левон Мирзоян бастап, барлық бетке ұстар қайраткерлер қолымен қазақтың мемлекеттік ұлттық опера және балет театры үйінің іртесіне алғашқы кірпіштер салынды…
(Жалғасын «Таңшолпан» журналынан оқи аласыздар)