ӘКЕ

Назым Слямқызы

Әкемді ойласам, заңғар Алтай көз алдыма келеді: басын аппақ қырау шалып, сақалын салалап тарап тұрғандай, көздерін тастап алысқа, жолыма қарап тұрғандай, сәлем жолдап ақ бұлттан, келер күнімді санап тұрғандай, батыстан жел соққанда, «арты жауынға айналмаса игі еді» деп ойлап тұрғандай. Бауырындағы қарағай-сарбаздарын «балаларым келе жатқанда қолдарыңды шекелеріңе апарып, саптама етіктеріңді сарт еткізіп, тіп-тік қарсы аласыңдар» деп тұрғандай. Қайыңдарға «келген қонаққа иілер болар, көзіңді төмен сал, бұл – ізет пен ибаның белгісі» деп үйретіп тұрғандай.
Мен ауылды аңсап келе жатқанда алдымен Алтай-әкем көзіме түсетін: тақыр маңдайын, селдір шаштарын көрсетпей басына тақиясын киетін; суалған жақтарына желден қорғайтын жұқа тұман-сәлде орап, оның ұшын артқа қарай тастайтын; құшағын ашып мені кеудесіне басатын; мұртын ширата еріндері дірілдеп маңдайымнан иіскейтін; ішке кірген шүңірек бұлақ-көздерінен жасы тамшылайтын. Бұл – сағыныш құшағы, сағыныш сезімі, сағыныш жасы еді.
Әкем иығымен аспан тіреген, маңдайына жұлдыз, омырауына алтын орден қадаған, қарағайдан сең-сең тон киген Алтай тауының бауырындағы бұйығып жатқан Қабырға ауылында дүниеге келіпті. Ол туған кезде Алтайда шат-шадыман той болып жатыр екен. Бозторғайлар шырылдап, қаздар қаңқылдап, көлде аққу саңқылдап, дала гүлге оранып, орман-тоғай таранып, бүлдіргендер бұлтиып, таста қына қылтиып, қарақаттар гүл ашып, қара мойыл дүр шашып, Ақбұлқақ арнасынан асып, Бұқтырма тасып, жаз тойына дайындалыпты. Бұл – өзгермейтін табиғат тойы, табиғат заңы еді.
Ал Алтайдың бауырын мекен еткен адамдар дәл сол жылдары той дегенді ұмытыпты, бас сауғалар жер таппай дала кезіп кетіпті. Жалғыз Алтай емес, бүкіл Қазақ елінде, сол кездегі Совет үкіметінде жаппай коллективтендіру жүріп жатқан екен. Оған бүкіл елді аштық жайлаған кез қосылған. Алтай Әкесі тұрғанда елі қатты ашықпады, бірақ бас көтерер азаматтың бәрін «Халық жауы» деп ұстап кеткендері халықтың қабырғасына батты. Жаздың күні Алтайды сағалап тамағын тапқан ел, алты ай қыстан әрең шығады. Жаздай тауды аралап жаңғақ жинап, жеміс-жидек, дәрі-дәрмек орнына итмұрын, долана, ұшқат кептіріп алады. Құнарлы жерді түртіп қалып бір дән ексе, күзде бір уыс болып, картоптары да кеседей болып, аштық қармағын сала алмай, жай жанап өтеді. Ер азаматтарынан айрылып, қанаттары қайрылып, көз жастарын сығады. Қызыл жағалыларды көрсе, бас сауғалайды, не Ақ, не Қызыл екенін білмей бастары қатып, халық әбден қорқып қалған кезді де бастарынан өткізеді.
Менің Әкем Сіләм Тойғанбайдың жалғыз баласы, Керейден тараған Шимойынның Қармысынан тарайды. Ата-бабамыздың қонысы ежелден Қабырға ауылы, ал жазда Шабанбай жайлауының Қанай, Үш кейкең, Шұбарағаш, Талдыбұлаққа дейін жайлайды.
Енді ғана бейбіт өмірге аяқ басқан елдің тыныштығын Ұлы Отан соғысы бұзған. Атамыз сол кезде отыз сегіз-отыз тоғыздағы жігіт екен. Алғашқы лекпен соғысқа аттанады да, хабарсыз кетеді. Әкем он сегізге толғанда Ұлы Отан соғысына шақыру келеді. Соғыс бастала сала алғашқы лекпен кеткен атамыз оралмайды. «Екі еркек те соғыстан оралмасақ, әулетке ие болып қалар кім бар?» деп ойлаған әкем, атамыздың қарындасының ұлы Сіләмбекті анасының жанына тастап, шаңырақ ұстайды деп шегелеп айтып кетіпті. Әкем хат жазып тұрыпты, Украина, Белоруссия, Польша, Шығыс Пруссия жерін жаудан азат еткендерін, соғыс жағдайын баяндап тұрыпты.
Әкемді де, әкем сияқты Отанын қорғаушы сардар сақшыларды Алтай-әкесі көп күткен. Соғыс бітсе де үмітін үзбеген. Бауырын жылытар ұландарының өскенін, түтіндерін өшірмегенін қалаған; ақиық қырандарының аман-есен ұшып келіп, ұясын суытпай, балапан өсіргенін қалаған. Батыс жаққа қарап, жолын тосып елеңдеген. Бабалары дұға етсе, Алланың қолы береген. Алтай-әке күні-түні тілеуін тілейді, текті ұрпағына сүйсінгенін де, бірең-саран бас бермес бұзақыларына күйінгенін де елге білдірмей ішінен тынады дейсің.
Алтайдың басынан талай-талай жаугершілік заман өтпеп пе еді? Алтай – шежіре қария оның бәрін айта берсе, аузына қарап отырған алты алашы не дейді? Тарихтың да көмескіленген тұстары болады, кейде тарихты түгел білмеген де дұрыс шығар? Тарихты түгел білсе, басқа елдерді жаулап алады деп қорқатындар бар екенін сезіп отыр Алтай. Сондықтан да сақалын салалап, алысқа көз тастап, қойнауындағы байлығын қайтсем ұрпаққа мұра етемін деп отыр. Тұнып тұрған жүрегін табиғаттың тілімен жеткізгісі келеді. Адамзат қыстың аязы, көктемнің назды күндері, жайдары жаз, алтын күз, осының бәрінен үйренсе екен деп ойлайды. Алтайы желден, Алтайы ықтан, Алтайы сұлулықтан, Алтайы қаталдықтан, Алтайы жомарттықтан, Алтайы мінезден, Алтайы әннен өз керектерін алса… Шіркін, дүниенің тұтқасы Алтайдың қолында болса, жан-жағына биік болыңдар дер еді. Бірақ аласа жоқ жерде биік қайдан байқалсын?
Соғыс аяқталар алдында әкемнен қара қағаз келсе де, әжеміз сенбепті. Бір аяғын сылтып басып келе жатқан жауынгерді көре сала, Алтай-әкеміз үй жаққа құстарды жіберді ме екен? Ұшқан құс есіктің алдына келіп шықылықтап белгі берді ме екен? Жел соғып, түнімен әжеміз елеңдеп шықты ма екен? Бұлт аударыла көшіп, ай терезеден сығалап, жұлдыз жымыңдап сүйінші сұрап жұпыны үйге мың кіріп, мың шықты ма екен? Әжеміз де «Е, Алла, ұлымды аман-есен көруге нәсіп ете гөр» деп оразасын ашып, жұмысына кеткен шығар.
Егіс басында жүрген әжеміздің жүрегі өрекпіп, қайта-қайта жол жаққа қарай берген екен. Бір кезде аудан орталығына кеткен арбадан аяғын сылти басып, әскери шинелде біреу келе жатады. «Алды-артыма қарамай келе жатқан жауынгерге жүгірдім. Не күйеуім, не балам екенін сездім…», – деп әжеміз еске алушы еді.
Ауылда еркек кіндік қалмай, ел басына күн туғанда әжеміз ауылдың бригадирі болыпты. Жауынгерді көргенде мініп жүрген атынан түсе сала жаяу жүгірген. Көз жасы бетін жуған, оған Алтай куә болған. Жауынгер әкемді көрген ел жылаған, хабарсыз кеткендердің жайын сұраған. Алыстан көз салған Алтай тау самалынан сәлемін жолдаған шығар. Бауырындағы қалың ел енді жыламаса екен деп тілеуін тілеген шығар.
Әкемнің соғыстан қайтқан уақыты дәл туған күнімен бірдей екен: жиырмадан асқан жас жігіт Алтайдың шат-шадыман тойын енді білгендей, туған жерін жаңа көргендей, өмірінде алғаш рет күлгендей, жаңадан өмірге келгендей, жаман бір түс көргендей, Алтаймен қайта түлегендей… Табиғат тойына Жеңіс тойы қосылыпты. Бұқтырма да құлақ тұндырарлық гүрілімен құттықтапты, құстар тамақтары қарлыққанша жаз бойы сайрапты. Жаңа туған жас төлдер көгенделмей, балалармен ойнапты. Сол жылы ел ес жинап, кермеге құлын байлапты, күбіде қымыз сапырылып елдің аузы аққа тиіпті. Шалғынды суарайын деп ауық-ауық жаңбыр құйыпты. Егін де бітік шығыпты, бір-екі жылда ел қоң жиыпты.
Алтайға сән берер қарағайдай бойы бар, елім деген ойы бар жауынгер қос бұрымды қызға ғашық болып қалыпты. Ол – менің анам екен. Келесі жылы әкем мен шешем үйленіп, тоғыз ай тоғыз күн өткен соң шекесі торсықтай ұл сүйіпті. Осылайша соғыста мерт болған атамыз Тойғанбайдың ұрпағы жалғасқан екен. Ұлдан үшеу, қыздан бесеу тарап, Сіләмнің сол сегіз баласының кішісі болып, әке-шешем қырықтың қырқасына шыққанда дүниеге келіппін. Алтай – ұлы әкем болғандықтан табиғаттан нәр алып, затым – қыз болғандықтан жат жұрттыққа жаралыппын.
Алысқа тұрмысқа шықтым. Құдай соны алдын-ала білдірте ме, әкеме де, шешеме де еркін әрі ерке едім. Жеті жасыма дейін арда сүт емсем, он жасыма дейін әкемнің жанында жататынмын. Әкемнің «Сұрмерген» деген ертегісі бар еді. Ертегі: «Ерте, ерте, ертеде, таулы Алтай өлкеде бір мерген өмір сүріпті», – деп басталатын. Мерген аң аулап, құс атып күн көреді екен. Бір күні ауылындағы адамдарға көп етіп азықтарын жинап беріп, өзі жер көрмекке тауды аралап кетеді. Ол жақта жаз бойы жүріп қалады да, күзде оралса, ауылындағы адамдар зәре-құттары қалмай қорқып отырғандарының үстінен түседі. Сұраса, бұлардың азықтары таусылыпты. Аң атуға кеткендер оралмай, елдің әбден айласы құрыпты.
Сұрмерген де садағын асынып аң аулауға шығыпты. Артындағы аз ағайыны мергеннің тілеуін тілеп қала беріпті. Жолдан бұғы атып алыпты. «Аштан отырғандарды бір тойғызатын болдым» деп ойлап ауылына қайтайын десе, қас қарайып, түн болып кетіпті де, бір қарағайдың түбіне түнемек болыпты. Сұрмерген от жағып, тамақ асып жеп отырса, аты оқыраныпты. Қараса, бір әйел бұларға жақындап келеді екен. «Сен кімсің?» –деген сұрағына әйел жауап бермей, мергеннен көзін алмай отырады. Мерген бұдан қауіптеніп, кездіктің ұшына ет шаншып әйелге береді. Әйел жең ұшынан қолын көрсетпей, етті жеп қояды.Тағы да үлкендеу ет береді, оны да шайнамай қылғыта салады да арқасымен шегініп шығып кетеді.
Мерген бір ағашты адамға ұқсатып жатқызып, үстіне шекпенін жауып, өзі ағаштың бұтағына шығып, садағын асынып отырады. Түн ортасы ауғанда бағанағы әйел келіп ағашты бас салады, ағашты уатқан дыбысы шығады. Сол кезде Сұрмерген садағын тартып қалады. Бағанағы әйел ағашты құшақтай құлайды. Мерген ағаштан түсіп қараса, денесі құр сүйекке ілініп тұрған басы, қолы, аяғы ғана бар жалмауыз екен. Оқ жалмауыздың тырнағына тиіпті. Сұрмерген жалмауыздың жанының тырнағында екенін біліп, барлық тырнағын сыпырып алып, қапқа салады. Жалмауыздың келген жағына қарай барады. Бір-екі жотадан асқан соң бір ауыл көрінеді, бұл не ауыл деп жақындап келсе, қой жайып жүрген қойшыға кездеседі. Қойшы жайып жүрген қойдың бәрі қой емес, адам екенін айтады.
«Сұрмерген» қандай қорқынышты ертегі болса да маған ұнайтын, өйткені қорыққан сайын әкемнің бауырына тығыла түсетінмін. Ең қорқынышты жеріне келгенде қорқып көзімді жұмушы едім. Сұрмерген жалмауыздың бала-шағасын құртып, адамдарды құтқарған кезде көрпеден басымды шығарып, әкемнің бір сарынды ертегісіне елітіп жатып ұйықтап қалатынмын. «Сұрмерген» – мен үшін аяқталмаған ертегі еді.
Кеш түсе бастағаннан әкемнің жұмыстан қайтатын жағына қарайтынмын. Есіл-дертім ойында болғанымен, бір көзімді жол жаққа сақшылыққа қоямын. Әкем көріне сала құйын-перен ұшып, ағызған күйі аттың астына кіріп кете жаздап әрең тоқтайтынмын. Әкем оң қолымнан тік көтеріп, аттың алдына отырғызып алады. Әкемнің қолындай қарулы қол жоқ еді.
Әкем қыстыңкүні торы атын ерттеп, жағасын көтерген сең-сең тонын киіп ауылдан ұзап, малшылардың Сарықора, Байырман қыстауларына қарай кетіп бара жататын. Қыстың аязында тоңбайтын, оқ дарымайтын, Сарықора мен Байырман жақтағы қора-қора қасқырлардың өзі үркетін алып батырдай көрінетін әкем – мал дәрігері еді. Үстіне ақ халатты киіп алып, ауылдың сиырларын емдейтін, инелерді қайнатып бергеніме мен мәз болатынмын. Әкем күз бастала сала Моңғолиядан Семейдің ет комбинатына өткізетін малды айдап кететін. Семейден қайтарда маған елде жоқ, бүкіл ауылдың мен қатарлы қыздарында жоқ ойыншық әкеліп беретін. Ол аллюмин ыдыс-аяқтар еді. Құртымдай ыдыстарға балшық салып, шөп турап салып ойнап кешке мұрттай ұшатынмын.
Әкемнің жазда жауырыны тіп-тік болып шөп шабатыны есімде. Артынан үлкенімізден бастап шалғы ұстай алатындар еретінбіз. Артында шөптер бау-бау болып үйілетін. Әкем Алтай өңіріндегі қыстай суыққа, жаздай шалғы ұстайтын, ауыр жұмысқа төзімді ер-азаматтардың ескерткішіндей болып көз алдымда қалды.
Шөп шаба алмасам да әкеммен шабындыққа барушы едім. Әлі шалғы ұстайтын шамам болмаса да үлкендерге сусын тасып, шай қоятын құрғақ ағаштарды жинап келу – менің жұмысым. Ерде мығым отырған әкемді мы ұстап алып, шабындыққа жеткенше сан түрлі сұрақтар қоямын.
– Әке, Таулар қайдан пайда болған?
– Жерді бақылап тұратын Аспан құдайы Жер құдайына: «Жердің бетін жануарлар мен адамдар өте алмайтындай бедерлеп, тау жаса. Әр таудың иесі етіп жануарларды бекіт, әр тауға ерекше өсімдік бер», – деп әмір беріпті. Жер Құдайы өз кезегінде жануарлар Құдайына әмір беріпті. Жануарлар құдайы жануарларды үркітіп қуған кезде, жан-жаққа бытырай қашып, бір-бірінен адасып қалған екен. Жер бедерленіп, сай-саладан су ағып, таулар пайда болыпты.
– Біздің тауға қандай жануарларды бекітіпті?
– Ол да – біраз әңгіме. Баяғыда жер жүзінде жануарлардың барлығы бірге жүреді екен. Жердің бәрі отты, шөбі шүйгін, жайқалып тұрыпты. Бұның барлығы Жер Құдайының үрім-бұтағы болыпты. Аспан Құдайының балалары бір-бірін менсінбейтін, тыңдамайтын Жұлдыздар екен. Аспан Құдайы Жер бетіндегі бейбіт тіршілікті қызғаныпты. Жер Құдайы болса, Аспандағы жұлдыздардың әдемілігіне сүйсініп, соларға қарап риза болып жүреді екен.
Аспан Құдайы Жер Құдайына әмір бергенде бір бұғы мен бір марал осы тауды паналап, тірі қалып, өз тұқымдарын көбейтіпті. Шөлейт жерге түскен бұғылардың барлығы өліпті.
– Әке, неге бұғының мүйізі бар да, маралдың мүйізі жоқ?
– Жануарлар Құдайы жануарларды үркітіп қуған кезде, қатты жүгіргендіктен маралдың мүйізі түсіп қалыпты. Ал бұғының мүйізіне балқарағайдың бүршігі ілініп қалып, Алтай балқарағайдың мекеніне айналған екен.
– Әке, бұл таудың аты неге Алтай деп аталған?
– Аспан Құдайы бұрынғыдай шөбі шүйгін, шалғынды, гүлдері жайнаған, арқыраған өзендері бар алқапта дем алғысы келіпті. Сөйтіп, Жер Құдайынан Жерге түсетін есік ашып беруін сұрапты. Жер Құдайы Аспанға ең жақын жол деп біздің Алтайды көрсеткен дейді. Аспан Құдайын қарсы алу үшін Жер Құдайы мұздан тау тұрғызыпты. Аспан Құдайы бұлттардан саты жасап Мұзтаумен жерге түсіп келе жатып тайып жығылыпты да, аяғын, белін сындырып алыпты. Аспанға, өз мекеніне қайтайын десе, қайта алмай, осы жақта ұзақ жатып қалыпты. Балаларына Жеті Қарақшы тиісіп, күн бермеген соң Аспан Құдайы өз мекеніне жетуге асығыпты. Жұлдыз-балаларынан көмек сұраса, Аспан Әкелерін ешқайсысы көтеріп аспанға шығаруға шамалары жетпепті. Сол кезде Аспан Құдайдың әйелі Ай күйеуіне жасырын келіп ән салып кетеді екен. Сол кезде Ай тумай түн қараңғы болып тұрыпты. Әнді тыңдаған кезде Аспанның аяғы жазылып, Ай қолын созып Аспанды өз мекеніне жетелеп кетіпті. Содан бері Аспан Құдай жерге билік етпейтін болыпты. Осылайша, таудың атын АлтАй қойыпты. Алтай деген Алтын Ай дегенді білдіреді екен. Тағы бір аңыздарда алтынды ел деп те айтады. Маған сол екінші аңыз қатты ұнайды.
– Әке, ол қандай аңыз?
– Жер Құдайы жер бетіне пайдалы қазбаларды бөліп бермекші болыпты. Таласқа көп аймақ қатысыпты. Жер Құдайы әр пайдалы қазбадан кейін керек болады деп алып қала беріпті. Сөйтсе, елдің ең соңында Алтай тауы келіпті. «Саған түк те қалмады, неге кешіктің?» – деп ашуланыпты Жер Құдайы. Сонда Алтай Тауы: «Алты Ай қысты шығарып салғанша осы болды», – депті. Жер Құдайы алты ай бойы Қыстың қаһарына шыдағаның үшін деп көп қазба байлықты, әсіресе алтынды көп берген екен.
– Ал неге қыс бойы қар жауады?
– Қар жауатын себебі, Аспан Құдай әлі күнге дейін Алтай өңіріне риза көрінеді. Сол ризашылығын білдіру үшін ақ пейілін білдіріп қыста қар, жазда жаңбыр жаудырады екен.
– Әке, ағаштан ағашқа секіретін тиіндер қайдан пайда болған?
– Ол да – ұзақ әңгіме. Жер Құдайы қарағайларды жаратқан кезде бұтақтарына ілініп тұратын ойыншықтарын, ойыншықтармен ойнайтын тиіндерді бірге жаратыпты.
– Сонда Тиін де, Қарағай да бәрі Жердің баласы ма?
– Иә, қызым. Жердің баласы. Жер Тауларға еншілерін беріп бөлек шығарған. Тауды мекендеген жан-жануар, өсімдік – таудың баласы. Сен де – таудың баласысың, тау қызысың, тауда дүниеге келгенсің, таудың суын ішіп, таудың ауасын жұтып, тауда өскендіктен Таудың баласысың, Таудың қызысың. Тау – сенің Ұлы Әкең.
«Таудың қызысың». Осы сөз кішкентай жүрегіме жылы тиеді. Мынандай алып тау – менің әкем, сонда осы тауда туғандардың бәрі тау баласы ма?
Бір қолыммен әкемнің күртесінен, бір қолыммен ердің жанынан ұстап шалқалап аспанға қараймын, аспан шөкімдей бұлттарымен маған жауап жазып жатқандай, бірақ түсініксіз. Ойша анау бұлтты ана бұлтқа қосамын, мүмкін таудың суреті шығып қалар деп ойлаймын, домалаған бұлттар менің ырқыма көнбейді, өз алдарына лағып ала жөнеледі. Бұлттар жұмған аузын ашпаған соң, жайына қоямын да, жан-жақтағы қарағайларға мақтанамын. «Менің үлкен әкем Тау екен!» – деймін. Сақшылық жұмысын мүлтіксіз орындап тұрған қарағай-сарбаздар селт етпейді. «Бәрінің әкесі Тау емес пе, мынау не деп тұр, өзі?» дегендей кірпіктерін бір қағып қояды.
Ақ қайыңдарға сұраулы көзбен қараймын. Қағылез қайыңдар сырғаларын сыңғырлатып, ақ білектерімен шаштарын қайтарып тұрып: «Тау болмаса, біз кімбіз?» – деп жымияды. «Ақ серек, көк серек» ойнап тұрған самырсындар мойнын да бұрмайды.Теректер тауды мадақтап хормен ода айтып тұрған қалыптарынан танбайды.
Кейін аға-әпкелерім үйлі-жайлы болып кеткен кезде әкем екеуміз ғана шөп шабуға барып жүрдік. Ол кезде кәмелетке толуға асығып, Тау-әкемнен сырымды жасырып, гүлдермен мұңдасып жүрген кезім. Қайыңдар менен сұлулық жайлы сұхбат алып, оны жел жан-жаққа жайып жіберіп, қарағайлар желге ұрсып тоқтатып, жел бұлтқа айтып, бұлт жауын жауғызып, жауын кемпірқосақ керіп, кемпірқосақ менің арманыма түсетін еді.
Бір күні отау үйетін болдық. Әкем төменнен айырмен шөпті әперіп, мен бақшайлап салып тұрдым. Шаршамаймын, Әкемнің жанында жалау болып жүргенге не жетсін?! Әкем менің бастық емес, бір кеңседе отырған шенеунік емес, есесіне менің әкем. Әкемнің маған арналған әр сөзін тамырыма жіберемін де, жігер аламын. Әке деген – дәлелденбейтін махаббаттың иесі, сатылмайтын, айырбасталмайтын сезімнің иесі. Сен туралы ойлайтын екі адам болса, соның бірі – әкең.
Отаудың ең ұшын жақсылап шығармасақ тағы болмайды, Әкемнің айтуы бойынша ертең жаңбыр жауады. Әне-міне дегенше күн Алтайдың ар жағына тығылып, қас қарая бастаған соң, мені арқан тастап биіктігі бес-алты метр отаудан түсірмекші болды. Мен отаудың ортасына келгенде жерге секірдім. Торы ат үркіп, байланып тұрған бұтаны жұла-мұла қаша жөнелді. Әкем артынан жүгірді. Аттың жеткізетін түрі жоқ. Мен тез-тез шәугім-шәйнекті, айырды бұта түбіне тыға сала үйге қайтуға қамдандым. Палаткаға ерді байладым да, шөптің үстімен сүйреп келемін.
Тау аңғары қараңғыланып, қорқыныш жан-жақтан қаумалайды. Қарағайлар күндіз сонша тәкаппарланып тұрғанымен, қараңғыда үстіңе төнердей қорқынышты. Айсыз аспандағы жұлдыздар қарағайлардың арасынан бір-бірлеп шығып жатқандай. Қорқып келе жатқаныммен жұмысым жоқ, «бәрі мені қолымнан ұстай көтеріп торы аттың үстіне отырғызбай ма екен» деп ойлап қоямын. Арасында тоқтай қалып тың тыңдаймын: тоқылдақтың тоқылы, шұбар шымшықтың шырылы, шауқарғаның қырылы, тау суының гүрілі ғана естіледі.
Бір кезде «Назыыыыым!» – деген дауысты естідім. Дауыс әкем кеткен жақтан емес, мен келген жақтан шығады. «Әкееееее!» – дедім. Тау да «Назыыыым», «Әкеееее» деп жаңғырып тұрды. Менің есіме «Тау-әкең» деген сөз түсті. Барынша сабырлы болуға, едірейе төніп қап-қара сұлбаға айналған ағаштарға қарамауға, жолдан шығып адасып кетпеуге, жығылып қалмауға тырысып келемін. «Назыыым!» – деген дауыс тағы шықты. Маған Алтай-әкем атымды атап тұрғандай көрінді. «Әкее, мен су алатын жерде тұрмын», – деп ақырын ғана айтып едім, әкем жетіп келді. Әлі күнге дейін осы құбылысқа аң-таңмын. Бағанадан айқайлаған дауысты естімей, жай ғана дыбыстаған сөзді естігеніне таң қалып тұрғанда: «Ат ауылға қарай ылдилап кетті. Әне-міне ұстаймын деп, аттың соңынан жүре беріппін, өрге қарай жүргенде ентігіп қалдым. Отаудан секіргенде аяғыңды ауыртып алған жоқсың ба?» – деп бастырмалата сұрады. «Ауырмады», – дедім. Екеуміз ер-тұрманды сол жерге тығып, үйге жаяу келдік. Әкем ертесінде торы атты күнде жайылып жүретін жерінен ұстап алды.
Әкемді жақсы түсінуім үшін, қадірін білуім үшін Тағдыр атты ұлы ұстаз мені алысқа жіберді. Ауылымнан бір жарым мың шақырым жерге тұрмыс құрдым. Бас кезінде бәрі ойдағыдай, жер арасы жақын болып көрінетін. Кейін әкемді қатты сағынатын кездерім көп болды, сол кезде ғана әкемнің қадірін білдім.
Маған ақыл айтатын Алтай-әкем де алыста еді. Алатауды екінші әке еттім. Алатау жауыннан кейін күн шайдай ашылғанда ғана «Әке баланы алыстан бақылайды» дегендей мұнартатын. «Мен мұндааа-мын!» дер еді бұлдыраған Алатау. Көз алдымда көлбеңдеп тұрмаған соң құр сұлбаға қарай беруге уақыт таппай, тауды жайына қоясың. Бірақ сағыныштар гүлге айналатын, Алтайдың етегінде өсіп тұрғандай көрінетін. «Барып, гүлдерді жинап келер ме еді. Жинап келіп күлтелерінен көзтүйме жасап алсам» деп ойлаушы едім.
Жаз шыға туған жердің тартылыс күші шыдатпайтын. Бала-шағамды жетектеп келе жатқанымды Алтай-әкем алдымен байқайтын. Сонда да сыр бермей, басын да бұрмай, тұман-сәлдесіне орана түсуші еді. Тек мен жақындап келгенде ғана бұлақ-көзінен мөп-мөлдір тамшы ыршып түсетін. Оны да ешкімге сездірмейін дегендей самал желмен желпінетін. Сәлемімді алып тұрып: «Саған берер көрімдігім бар. Қай қолымда екенін тапсаң, қабілетің ашылады. Бұл – атаңнан мұраға қалған өнер», – дейтін. Мен оң қолын көрсететінмін. «Дұрыс таппадың, қабілет деген сол жақта, жүректе. Жүрегің қашан ашылады, сол кезде қабілет те дариды. Қазірше күт. Әлі Адам болмапсың», – дейтін.
Қазір алып Алатаудың дәл түбінде тұрамыз. Тереземді ашсам, екінші әкем – Алатау көрінеді. Сәлем беремін иіліп. Ол мені бауырына басып еркелетпейді, «сәл қаталдық керек» деп үйретуден жалықпайды. «Әкел, армандарыңды шыңдарыма қадап қояйын, сен жеткен кезде қолыңа ұстатамын», – дейді Алатау. Менің мұңдарымды жұтып: «Табаныңды маған тіре, таймайсың», – дейді. Таймайтынымды білемін, Алатау! Өйткені мен – Таудың қызымын. Алдымен Алтай-әкеме, сосын өзімнің Сіләм-әкеме арқаланып, еркелеп өскен қыз едім. Сол еркелік сағым-қызға айналып Алтайдың етегінде ойнап жүр деп естимін. Өзім барғанда сағым-қыз білегіме оралып, орамалымды желбіретіп, бетімнен сүйіп, Алтай-әкеме қарай жетелейді. Өйткені алып қарт Алтайдың етегінде Сіләм-әкемнің қабірі тұр.
Ал Алтай болса, өзін әкем деп санаған пенделерін бауырына алып жатыр. Тек мен барған кезде: «Мен сенің Ұлы Әкеңмін, ұмытпадың ба?» – деп көз алдыма келіп тұра қалады. Басын қырау шалған Алтай-қария сақалын салалайды, мұртын ширатады. Кең құшағын ашып, басымнан сипап, бауырына қысады. Алтай-әкемнің бойы биік, өмірде биіктік деген өлшем бар екенін ескертіп тұрғандай. Мұзтаудай шыңы аспан тірейді, «өнерді ұстансаң, жарқырайсың» дейтіндей. Құшағы кең, «дүниені махаббат ұстап тұр» деп ескертетіндей. Ұлы Алтай тауы әкелердің ұлы адам екенін, орнының заңғар биікте екенін дәлелдеп тұрғандай.
Алтай-әкем мен барған сайын сақалын салалап отырып «Сұрмерген» ертегісін айтып береді. «Сол мерген жігіттен тараған ұрпақ бір ел болып, қазір Алтайдың бауырын мекендейді екен», – деп ертегіні аяқтап, бауырына басады. Алысқа тастаған шүңірейген бұлақ-көздерінен жасы ағады. Жасы домалап барып менің сезіміме тамады. Бұл – сағыныш жасы еді.

ҚЫЗЫЛ ТОРСЫҚ

Бала кезімде әкемнің артына міңгесіп шөп шабуға баратын едім. Қанжығада түсте ішетін тамақ, ыдыстар және шалғыны шыңдайтын төс пен балға орамалға оралып жататын. Әкем алдына тартпаны тіктеп немесе айыр, тырманы көлденең ұстап отыратын. Қанжығаға бос байлай салған күнге өңін берген торсық аттың жүрісін қайталай таңқылдайтын. Шөпке шықсақ, су құятын, жайлауға шықсақ, қымыз, қыс бойы сүт таситын кәдімгі торсық. Жолай сылдырап бұлақ ағып жатушы еді. Әкем бес литрлік торсықты қолыма ұстатып, бұлақтан су алып кел деп мені түсіріп кететін. Торсыққа су құю үшін балдырған шөптен дайындап алған шүмек қурайды пайдаланамын. Балдырған шөптен сыбызғы жасап, бойың көрінбейтін шөптің арасынан аспанға қарап бұлттарға сызылтып күй тартып берсең де болады, бірақ шөп науқаны сенің еркелігіңді қайдан көтерсін? Сыбызғы тартатын емес, дәл қазір торсықты барабан етіп таңқылдатып, ішіңдегі жігеріңді жиятын кез. Жолда шыршадан шыршаға секірген тиіндерді қуып жүріп қалып, су тола торсықты шөп арасына жоғалтып, әзер тауып көтеріп келемін. Әкем тау суын мейірі қанғанша жұтып, тартпасын иығына асып шөп шабатын алаңқайға келеді. Екі алақанына түкіріп, ысқылайды да, іске кіріседі.
Мен торсықтағы суды босаған арақтың шөлмегіне құйып, бір жолды қайырған әкеме ұсынамын.
– Өй, андағың не? – дейді әкем.
– Арақ, – деймін.
– Арағы несі, шөп шаба алмай қаламыз. – Әкем маған қуақылана қарайды.
– Алдаймын, әке, су ғой, бөтелкенің ішін шайдым.
Әкем қарағайдың көлеңкесіне отырып дем алады.
– Әкел, суыңнан, – деп қояды. Су құйып беріп, әкемнің ішкенін қалт жібермей бақылап тұрамын.
– Торсықты қайттің?
– Торсық жол бойы таңқылдап, «шөптеріңді қашан бітіресіңдер?» деп шаршады. Біз оған жауап бермедік. Бұтаның түбінде ұйықтап алсын деп үстіне күпәйке жауып қойдым.
Әкем менің әсірелегеніме езу тартып күледі, сосын темекісін асықпай тартып алып, шөп шабуға кіріседі. Сол қызыл торсық – ыдыс болса да, бала кезімнің куәсі. Аптасына бір рет Катонда тұратын Әлағамның үйіне торсықпен сүт тасимын. Әлаға дегенім – Қасымбектен кейінгі екінші ағатайым, аққұба жүзінен жылылықтың самалы есіп тұратын, сегіз қырлы, бір сырлы, өзі ақын, өзі сері, өзі мұғалім.
Шашын екіге жарып өріп таңертең торсық тола сүтті көтеріп қара қыз Қабырғаның басындағы автобусқа кетіп бара жатады. Шешем алтыншы сынып оқитын қызға бес литр сүтті оқушылардың автобусына көтертіп жібереді. Кішкентай күнінен мойын ағашпен су тасып үйренген қыз торсықтың ауырлығын бұйым көрмейді. Автобуста түрегеп тұрып та заңғар Алтайдың қарлы басынан көзін айырмай, биіктік пен аласаның ортасында аудан орталығы Катонқарағайға да келіп жетеді. Қара қыз үшін Катонқарағай деген – шаһар. Асфальт көше Арман шаһарына бастап келе жатқандай көңілі көкке көтерілетін. Түп-түзу көшенің бойындағы үйлерде басқа әлемнің адамдары тұратындай, өзі де бес күн бойы басқа әлемде өмір сүретінін ойлап, мысы басқан көп қабатты үйлерге қызыға қарап тұрған кезде автобус бұрылып, сүт толған торсық жығылады не домалайды.
Басқа қыздар екі-екіден сыбырласып, қастарын керіп құпияларын айтып тұрғанда мен кемпірлер сияқты сүтіме ие болып, мықшыңдап түсіріп, қолыма торсық ұстағаныма қысылмай-ақ мектепке көтеріп кірем. Мен сүт апармасам, Әлағамның алты баласы аштан қалатындай өзімше қамқор қарындастың рөлін ойнаймын. Шындап келгенде, шешем: «Сен келгенше көйлек тігіп қоямын, қолғап тоқып қоямын», – деп әр апта сайын алдап қоя беретінін екеумізден басқа ешкім білмейді. Жасым он екі-он үшке келіп сүйегім өсіп, көйлектерім сыймай, қыпша бел Раушан әпкемнің киімі дәл келмей, киім таңдап қалған кезім ғой. Шешем – ісмер, көйлек, камзол тіккеннен біздің ауыл бойынша алдына жан салмайды.
Алты сабақ біткенше қызыл торсық партамның астында тұрады, тек түсте Әлібек ағам алып кетеді. Жанында томпаңдап қарындастық міндетімді атқаруға мен кетіп бара жатамын. Маған Әлағамның немесе орыс тілінен сабақ беретін сұлу Мадина жеңгемнің қолынан ұстап мектептен бірге шыққан ұнайды. Әсіресе, соңғы сабақ бітпей жатып, сыныпқа кіріп, апайдан: «Назымды алып кетейін», – десе, мен үшін мәртебе, біздің сыныпта ешкімнің аға-жеңгесі мұғалім емес. Әншейінде солдатша қимылдайтын мен асықпай жиналамын: бір демде қаламым да жерге түсіп, сөмкем де жабылмай қалады. «Мен ауылда емес, енді Катонда тұрамын» дегенді қанатын жайған бантигім меңзеп қояды. Бес сағат бойы оқушылардың шуылынан құлағы тұнып, тілін жұтқан торсық осы сәтті күтіп тұрғандай, есікке қарай томпаңдай жөнеледі. Негізі томпаңдап келе жатқан торсық емес, кеудесіне нан пісіп, аяғын санап басып келе жатқан мен.
Ағам алда, кең көшені тарылтып жеңгем екеуміз артта жүреміз. Мен Жеңгемнің қолынан ұстағым кеп, енді бірде плакатын ұстап жүрсем бе, жоқ жолда жерге түсіріп алармын деп ойлап, өз-өзімнен терлеп келе жатамын. Жеңгем: «Үйдегілер қалай?» – деп сұрайды. Бітті, сол жерден бастап мені тоқтату мүмкін емес: Әкемнің демалыс күні ауылдың сиырларынан анализ алғанын, сол жерге аяғыма балшық тигізбей бес рет барғанымды, анамның кеше көрші ауылға бата жасағанын, әжеміздің зейнетақы алған соң үлкен ағамның үйіне кеткенін, арасында бір сиырдың су алғанын да ұмытпаймын.
Аға-жеңгемнің үйіне келе сала қызыл торсықтың да, менің де ішіміздегі желіміз босайды, кеудемізге піскен нанымыз суиды. Торсықтың ішіндегі сүт тегешке аударылады, ал мен мектеп формамды шешіп, бойжеткен әпкемнің мендей кезінде киген, маған арқасы тарылып қалған сары барқыт көйлегімді киіп, тамақ ішетін үстелге отырамын. Қатты қимылдасам, үлбіреп тұрған жеңі дар ете түсетінін біліп, байқап қимылдаймын. Шешем өзіне сыймай қалған жап-жаңа лавсан көйлегінен маған шақтап көйлек тігіп қоямын деген. Апам көйлек тігіп берем демесе де, бір аптаға сүп-сүйкімді сіңлімді қарауға келісемін, кейде бәлсіне қалатыным бар. Апам: «Әжеңе тартқансың», – дейді, қайдам, Қалимаш әжемдей болу қайда. Осы апта күтсем, келесі аптада сары барқыт көйлектен құтылып, жеңіне фонарик салынған жаңа көйлек киетінімді ойлап отырып, ботқамды жеп аламын. Ботқа дегенді осы жақта ғана жеп көріппін. Басында бұл не тамақ деп өзі қысық көзімді қыспитқан едім. Сөйтсем, ботқа пісіру үшін сүт көп керек екен. Анашымның күнара жасайтын кеспе көжесін уақытша ұмытып, кәдімгідей «катлет», «гречка» деген сөздерге тілімді жаттықтырып, сенбі күні әке-шешеме әр адамның алдына жеке тәлеңке қойылатынына дейін айтып беремін. Қызыл торсық бір апта бойы есік жақта сүмірейіп, менің тамақты қалай жегенімді, қомағайланбай аузымды жай ашқанымды, катлетті шанышқымен бөліп жемей қолыммен аузыма тыға салып, ұялып қалғанымды, мәдениеттілікке үйреніп келе жатқанымды, сыпайылық сақтаймын деп қарным ашқанын бақылап тұрады.
Арасында қызыл торсық ауылдағы ата-анасын сағынып, бір жасар бөпесімен бірге жылап отырған қызды көріп, өз қақпағын бұрап, бұрап қоятын. Торсықтың қолынан басқа не келсін?! Ойыншық болып кетсе ме екен, доп болып домалап бір жасар Алтынайды күлдірсе ме екен?! Әлде даңқ-доңқ деп барабан қағып берсе ме екен? Шар болып үрленіп, балапанның көңілін ауласа ма екен, екі ұртын қаққылап, қақпағын тақылдатып билеп берсе ме екен? Жо-жоқ, атай көрме, торсықтың қолынан сүт тасудан басқа ештеңе келмейді.
Сенбі – босаған торсықты алып қайтатын күнім. Ол күнге он екі жасар қыз бен жасын білмейтін қызыл торсық әбден дайындалады. Түске дейін Алтынайды бір жылатпай ойнатады, жеңгесінің жасыл көйлегін киіп, Қырмызы апайына ұқсап «Елігім-еркемді» шырқайды, Әлағасына ұқсап домбырамен ән айтады. Ал қызыл торсық болса, екі құлағын елеңдетіп, екі көзін терезеге салып, сырттан біреу келіп қалып, томпақ қыз ұялып қалар ма екен деп орнынан қозғалақтап қояды. Әйтеуір, концерт аяқталып, торсық «Уһ!» деп дем алады.
Қызыл торсық жуа-жуа, күнге күйіп ашық күлгін, ортасы қызғылтым болып қалған. Түбіне көзі түскендер ғана торсықтың бұрын қызыл болғанын байқар еді. Торсық есік жақта тұрып, томпақ қыздың жеңгесінің де жаңадан түскен кезде әдемі, тым сұлу болғанын есіне алады. Есіктің алдында ұзын үстелде той болған, қызыл торсық қымыз құйып алып, торы аттың қанжығасындағы қапта бүлкілдеген. Үстел жағалай отырған адамдарға қызмет етіп болған соң мұны біреу теуіп кеп жіберген. Сол кезде торсықтың көзінен оты жарқ ете қалып, доңқ деп дыбыс шығарған. Көз жасын ішіне жұтып жатып, жаңа түскен келіншекке қарады. Қарады да көңілденіп сала берген: әдемі, сұлу келіншек бұған қарап отыр екен. Келіншек тез көзін тайдырып әкетті, бірақ торсық өзінің қып-қызыл болғандығынан көзге түсіп қалғанын білмеді. Сол жерде сұлу келіншекке қарап жатып ұйықтап кетті.
Ал сол келіншектің мөлдір жанарын қазір мұң торлаған. Қызыл торсық кейде сол көздің ішіндегі мұңды өз ішіне қасықтап құйып алып, көшеде ағып жатқан арыққа төккісі келеді. Кейде осы үйдегі жігіттің кеш келетін жолын тосып жатып, босағада ұйықтап кетуші еді. Тек «Қайда жүрсің?» – деген сұлу келіншектің дауысынан оянып, ұйқысы шайдай ашылады, қайтып ұйқысы келмейді. Ондайда ауылдағы дүкенге он ағайынды болып келгені есіне түседі. Өзін қазіргі иесі, көп балалы әйел сатып алды, қалған туыс-торсықтардың қайда екенін білмейді. Олар да өмірдің тарау-тарау жолына түсіп, өмірлік миссияларын атқарып жүрген шығар, таң атыс, күн батыс қауырт тіршіліктен олар да босай алмай жүрген шығар. Қызыл торсық басқа туыс-торсықтарға амандық тілегеннен басқа қолынан не келеді. Осыдан екі жыл бұрын-ау деймін, қымыз алуға барған кезде өзінің жасыл туысын көрген. Бұл сияқты аппақ қудай болып кетпепті, бәтшаһарың түрін сақтап қалған. Сырын сұрап көріп еді: «Ием айран ұйытпайды, сүт таситын бала-шағасы жоқ, шөп шабатын малы да жоқ, бір орында көлеңкеде тұрамын да қоямын, қайта сенің күнің күн ғой, бармаған жерің жоқ, тауға да шығасың, ойға да түсесің, айран, сүт, қымыздан дәм татасың. Мен бір рет қана бастаудың суын іштім, шіркін-ай, шынымен жетпіс бұлақтың қайнар көзі екен», – деп айтқанын еске алып жатып, бұны сатып алған иесінің тіршілікке мықты, көпті көрген, көпті түйгеніне шүкіршілік етіп жатып ұйықтап кеткенін байқамай қалған.
Торсықты партамның астына әкеліп қоямын. Іштері пысқан балалар қарап тұрсын ба, үзілісте торсықты доп етіп ойнайды. Торсық-доп жеп-жеңіл. Партадан партаға даңқ-даңқ етіп ұшады. Есіктің көзінде, партаның астында тұрғаннан гөрі аспанға ұшып, армандаған торсық бір жетісіп қалады. Сонда деймін, торсық екеш торсық та даңқ іздеп ұшқаны ма?!
Бір күні оқушылар доп-торсықты бір-біріне лақтырып ойнады. Мен екі ортада: «Әкел, әкел, бер, Галина апайға айтамын», – деп тәлпіштеніп бәрін қуалап жүргенмін. Торсық-доптың артынан жүгіремін, қолдан-қолға ұшқан торсық жеткізсін бе, мен де желігіп, оқушылардың назар аударғаны ұнап, торсық болып кете жаздап, торсық болып ұшайын десем, аяғым жерден көтерілмей тұрған. Галина апайдың жетекші екені, менің жақсы оқитыным, Қабырға – ауыл, Катон –қала екені – бөлек әңгіме. Ал қазіргі әңгіме – бейшара торсықта. Бейшара болмай қайтсін, әлгі «даңқ-доңқ» деп даңқ іздеп ұшып-қонып жүрген торсықтың аузы ашылып кетіп, ішінен атылған ашыған сүт доп ойнап тұрған балаға шашырамай ма? Бес күн бойы есік жақта сүмірейіп тұрған торсық, әбден ашуын ішіне жиған ба, ашыған айранның иісі сыныптың ішін алып кетті. «Кірмегенің қара жер, Назым! Тәлпіштенген, партаның ортасында жүгірген, лавсан көйлек кием деп бір апта армандаған түрің осы ма? Осы торсықтың айтар аузы жоқ. Өткенде жеңгең: «Назым, торсықтың ішін сумен шайып қойшы», – деді ме, деді! Ал сен Қабырға – ауылда емес, енді Катон – қалада тұратыныңа мақтанып, алдағы аптада киетін фонарик жең салынған лавсан көйлегіңді армандап жүріп ұмытып кеттің!»
Шашын екіге қисық жарып, өріп алған, лавсан көйлекті армандаған қыз торсықтың аузын әзер тауып бұрап, жерді сүртіп, беті қызыл ала торсыққа ұқсап алабұртып, достарына сыр білдірмей бантигін дұрыстап таққан болып тұр еді, қоңырау шыр ете түспесі бар ма? Әншейінде, қоңырау дауысына мән бермейтін қыз жүгіріп барып қоңыраудың ортасындағы сары жез домалақты сүйіп, сүйіп алғысы келді. Адамдарды қысылтаяң кезден құтқаратын көзге көрінбейтін домалақ жез темірге айналып кетсе ғой! Әлде қоңыраудың дауысына айналса ма екен? Тапты, тапты, қоңыраудың дауысына айналады, ешкімге көрінбейді, бірақ елді құтқарады. «Елді құтқармай-ақ өзіңді құтқарып алшы, қара қыз!» Бірақ, неден құтқарады? Жаудан ба? Жау қай жақта, түсінсе бұйырмасын.
– Неғып түрегеп тұрсың, отырсаңшы, – деген Гүлнар апайдың сөзін естіген қыз орнына отырды, әдебиет сабағы екеніне қуанды, сол кезде өз ішінен сыңғырлаған қоңырау даусын естіді. Қоңырау дауысы бірте-бірте бәсеңдеп, жүрегіне жез қоңырау тағылғандай. Гүлнар апай «Қобыланды батыр» жырын түсіндіріп жатқанда, қыздың есіне мойнына қоңырау байлаған жылқылар, құлынын ерткен бурыл бие түсті. Боз құлын көз алдында үлкейіп қос қанатты пыраққа айналыпты. Қыз бурыл тайдың үстінде отырып аспанға, бұлттан жоғары көтеріліпті. Қолында – қызыл торсық. Қызыл торсық ақ, күлгін, қызыл шарға, бірде жалауға, бірде басындағы сәукеленің желегіне айналып барып, кемпірқосақ түзеді екен.
– «Сонда бурыл гуледі,
Табаны жерге тимеді,
Көлденең жатқан көк тасты
Тіктеп тиген тұяғы
Саз балшықтай иледі».
– Жарайсың, Назым, отыра ғой, бес! – деді Гүлнар апайы.
Сол кезде ғана қыз жырды жатқа айтып тұрғанын, «Қобыланды батыр» жыры қиял әлеміне апарып келгенін сезді, сол кезде ғана қашан қол көтергені, апайдың сабақ сұрағаны есіне түсті. Сол кезде ғана орнында ма екен деп торсыққа көз салған. Аспанда шар, жалау, сәукеленің желегі болмай-ақ, кемпірқосақ түзбей-ақ, қызыл торсық партаның астында томпайып жатыр екен. Қыздың жылағысы келді. Кірпіктерін жыпылық-жыпылық еткізді. Қазір жылауға болмайтынын білетін ол, еңкейіп торсықтың қақпағын бұрады. Торсық қызға қарай алмай қызарып тұрып, «Өз қақпағыңды бұрап жүр, мен сияқты қаттырақ бұра, тіпті доп етіп тепсе де мыңқ етпе» деп тұрғандай.
Қызыл торсықтың ұстайтын жерінің жұлынып қалғанына көп болған. Оны қара тор дорбаға салып алып, бүгін кешке оқушылардың автобусына мініп, ауылға қайтамын. Жолда бантик шешіп, сумка тартып, қолтықтаспаса ұшып кетейін деп жүрген қыздарды бір-біріне итеріп, жылатып кететін ұлдардың әдеттері. Ондайда, торсық – қаруым. Ұзын тор жіп дорбадағы торсықпен «даңқ» еткіземін. Сол кезде ішімдегі лықсып тұрған күш шығып, даң-ң-ңқ деген дауыс қоңыраулана санамды жаңғыртады.
Мен торсықпын ба, жез қоңыраумын ба? Егер торсық болсам, ішіме таудан аққан бұлақтың кәусар суын немесе аппақ сүтті толтырайын, адамдар күнде ішіп тауыссын, мен керектеріне жарайын. Ал жез қоңырау болсам, адамдардың ішіндегі сылдырмаққа айналамын. Ішіндегі сезімі селт еткенде қоңыраулы дауыс сыңғырлап, жүрек үнін тербейді. Адамдарға керегі де осы.
Қызыл торсыққа келетін болсақ, адамдар торсық сияқты: іші жуылмаса, ашуын ішке жинаса, бір орнында тұра берсе, ештеңе оқиын деп ойламаса, білгісі де келмей үрленген шар болып қалықтап, доп болып домалап жүрсе іші бос дегенді білдіреді. Сенің ішіңе не жиғаныңа байланысты, салмағың да соған сай. Ертең ӨМІР қақпағыңды бұрап ашқанда ішіңнен ашыған айран төгілсе, сонда ұят болады. Іші бос болып тұрып даңқ іздеу – бекер.
Торсықтың «даңқ» деген дыбысы менің ойымда сақталып қалды. Бос торсықтың жаңғырығы «басыңда миың бар ма?» деп тұрғандай. «Басыңда ақылың болмай, даңқ іздеген неңді алған?» дегендей.

Пікір қалдыру