Роза Оразалинова: Қазір бәрі көрген түстей

Бүгінгі қазақы қоғамға ертедегі билер сөзін алып келіп, ұлтымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын өзгеше өрнектеген этнограф-жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері Жанат Ахмадидың дүниеден өткеніне де бір жылдан асыпты. Қаламгердің туғанына 80 жыл толу қарсаңында біз Жәкеңнін жары – Роза Оразалиноваға жолығып, отбасылық өмірі мен шығармашылығы жайлы аз-кем әңгімелескен едік.

– Роза Жапарқызы, алдымен өзіңіз жайлы, туған жер, өскен ортаңыз хақында айтып өтсеңіз?
– Мен бүгінгі Жетісу облысының орталығы Тал­ды­қорған қаласына жақын орналасқан Көксу ауданында дүниеге келіппін. Әкем Жапар Ұлы Отан соғысынан жаралы оралған майдангер-тұғын. Отбасында төрт ұл және төрт қыз тәрбиелендік. Мектеп бітіргеннен кейін Шет тілдер институтына түсіп, неміс және ағылшын тілінің маманы болып шықтым. Сол 1981-ші жылдан бастап қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде неміс тілі пәнінен дәріс оқыдым. Осы жерде тапжылмай еңбек етіп, аға оқытушы дәрежесінде зейнет демалысына шықтым. Қысқа қайырсам, өмір жолым осындай.

– Енді жазушының жарларына қоятын дәстүрлі сұрағымызды сізге де жолдасақ. Жанат ағамен қай жылдары, қалай таныстыңыз?
– 1986 жыл Жанат жер аударылып барған Қызылорда облысынан Алматыға келіп, мемлекеттік архивке жұмысқа орналасқан кезі екен. Ал, бізді 1987 жылы Алтай деген ортақ танысымыз жүздестірді. Арамызда дәнекер болған да сол. «Жанат деген жазушы досым бар, өзі бойдақ. Жасы үлкендеу демесең, жақсы жігіт» деп қояды. Ол кезде менің де отызға таяп қалған кезім. Ата-анамыздың «Оқы, білім ал. Селтеңдеп жүрме!» – деген сөздерін бұлжытпай орындап, жүре бергенбіз ғой. Ал, Жанат болса қырықтан асқан азамат екен.
Алғашқы кездесуге шақырғанда Жанаттың өзі келмей қалып, қызық болғаны бар. Алтай досымыз: «Сәл тосайық, келіп қалар?!» – дегеннен кейін біраз қарайладық. Ақыры жігіттің келмегеніне намыстанып, кетіп қалған едім. Ертесіне Алтай тағы келіп тұр. «Келмеген себебін білдім, кеше ол Жазушылар одағына кітап шығару мәселесімен барып, жұмысы бітпегендіктен шыға алмай қалыпты. Бүгін міндетті түрде келетін болды. Қай кезде босайсың?» – дейді. Менің: «Керек емес!» – дегеніме қарайтын түрі жоқ. Ақыры жұмысыма жақын Панфилов саябағында кездесетін болып келістік. Алтай мені жұмысымнан тосып алып, баққа алып барды. Жанат сол отырғызып кеткен орындықта отыр екен. Шынымды айтсам, алғаш көргенде үлкен кісі көрінген. Ақыр жолыққаннан кейін біраз әңгімелестік. Соңынан Жанат қояр да қоймай жақын маңдағы бір рестораннан дәм татқызды. Таныстығымыз осылай басталған болатын.
Осыдан кейін Жанат жұмыс телефоныма хабарласып, кейде кешкісін тосып алып, қыз бен жігіт сияқты жолығып жүрдік. Арада жеті-сегіз күн өткенде жалдамалы пәтеріме шығарып салып тұрып, маған бір хат ұсынды. «Қазір ашпаңыз! Үйге барғаннан кейін асықпай оқыңыз. Жауабын ертең берерсіз?» – деген. Үйге келгеннен кейін оқып шықтым. Хат: «Екеуіміз де қылшылдап тұрған қыз бен жігіт емес, біраз жасқа келген екенбіз. Біз де адам танимыз ғой, ашық-жарқын адам екеніңіз байқалып тұр. Сізді ұнатып қалғаным рас. Қарсы болмасаңыз, үйленіп, отау құрайық. Бір-бірімізді босқа әуреге салмай «Иә» немесе «Жоқ» деген жауабыңызды айтыңыз?!» – деген мазмұнда жазылыпты. Ертесіне жолыққанда ашумен біраз сөз айтқаным есімде. «Бір-бірімізді танығалы бір ғана апта өтті, менің қандай адам екенімді қайдан біле қойдыңыз? Ал мен сізді мүлдем білмейді екенмін!» – деген сыңайда сөз айтсам керек. Ақыры, біраз ойланып, жауабын сосын беруге уағдаластық. Кетерінде қолыма бір бума қағаз ұстатқан. Ол шығайын деп жатқан кітабына жазылған Қабдеш Жұмаділовтың рецензиясы екен. «Мені біле түссін» деген оймен берсе керек.
Алдымен құрбыларыммен пікірлестім. Әбіш Кекілбаевтың нағашы жұртынан тарайтын Ілгек Жаңбырбайқызы деген құрбым рецензияны оқып шығып, жақсы бағасын берді. «Ертең атақты жазушының әйелі болғанда бізді менсінбей кетпе?!» – деп әзілдеп қояды. Келесі аптада ауылға келіп, ата-анаммен кеңестім. Жасым ұлғайса да тұрмыс құрмай жүргенім олардың да қабырғасына батып жүргенін білемін ғой. Олар қарсы бола қойған жоқ. Ақыл-кеңестерін айтып, батасын беріп шығарып салды.
Келгеннен кейін Жанатқа жолығып, келісетінімді білдірдім. Жазға дейін уақыт бар ғой, әлі де ойлана жатармын деген едім. Арада аз күн өткенде Жанат 8 наурыз – әйелдер мерекесі қарсаңында үйленейік деген ұсынысын айтып, той қамына кірісіп кетті. Осылайша 1988 жылдың наурыз айында отбасын құрып, ағайын-достың басын қосып тойымызды өткіздік. Сол жылдың желтоқсан айында Дінасыл деген тұңғышымыз дүниеге келді. 1990 жылы Дінислам деген ұлымыз туды.

– Жанат ағаның шартпа-шұрт мінезін білеміз ғой. Жалпы Жәкеңнің отбасындағы қалпы қандай еді? Бала тәрбиесіне араласты ма?
– Ол кісі ұлына үлкен көңіл бөлуші еді. Қызымыз Дінасылдың тәрбие­сімен негізінен мен айналыссам, Дінисламға ол көп уақытын бөлетін. Ауырып қалса емханаға өзі апарып, сабағын қадағалап, не сұраса соны сатып әперіп, ерке өсірді. «Баланың бетін қақпай өсіру керек!» – деп отыратын. Өзі арғы бетте өте ауқатты әрі беделді әулетте дүниеге келіп, еркін өскенін айтып отыратын.

– Балаларыңызға Дінасыл, Дінислам деп ат қойғандарыңыз қызық екен. Мен білетін Жәкең аса діндар адам емес сияқты еді…
– Иә, Жанат намазды білгенімен, дінге қатты құлаған емес. Құраннның аяттарын, мұсылмандықты бір адамдай меңгерсе де, зайырлы қалпынан жаңылмай өтті. Ал, Дінасылды Мұхтар Әуезовтың «Абай жолынан» алып, жақсылыққа ырымдап қойған. Кейіннен ұл дүниеге келгенде алғашында Хақназар деп атаймын деген. Менің әкем ұнатпағанан кейін Дінасылға ұйқастырып, Дінислам деп қойды ғой.

– Ағаның шығармашылығына оралсақ. Жәкең қай кезде жазуға отырушы еді?
– Алғашында мемлекеттік архивте жұмыс жасағандықтан кешкісін, түнде жазып жүрді. Біраз жыл әл-Фараби атындағы Ұлттық университетте еңбек етті. Мұнда да негізінен көне құжаттармен жұмыс жасады. Өйткені Жәкең түрік тектес халықтардың тілдерін, шағатай, қытай тілін де білуші еді ғой. Шағатай жазуын, төте жазуды да жақсы мегерген. Осының бәрі біраз көне құжаттардың сырын ашуға себеп болғаны рас. Кейіннен қызметтің бәрін қойып, таза шығармашылық жұмысқа көшкен болатын.
Кейінгі жылдары қазақ тарихына, соның ішінде қытайдағы қандаста­ры­мыз­дың өмірі мен азаттық жолындағы күресіне қатысты бірталай көлемді дүниелер жазды. Әсіресе, қазақ халқының тарихына қатысты дүниелер оңтайына келетін. Ата-бабаларының жүріп өткен жолы, тағдырлы тарихы хақында толғайтын. Ара-арасында тапсырыстар да алып тұратын. Ондай кездері шаруаның бәрін жиып қойып, апталап тапжылмай отыруға бар.
Кітаптарын тез жазатын. Қолға алған шығармасын аяқтамайынша ойын бөлмей, өзге шаруаға араласпай отыратын қасиеті де бар болатын. Тілінің шұрайлылығы, оқиғаларының шиеленісіп келетіні жалпы жұртшылыққа мәлім. Арғы беттегі қазақтардың тұрмысы, көшпенді өмірдің қызығы мен шыжығы, адамдардың арақатынасы, ұрпақ тәрбиесі, бәрі-бәрі көз алдыңа көлбеңдеп келе қалады.

– Жанат аға сәнді киінгенді, елден бөлекше көрінгенді ұнатушы еді ғой. Жалпы қаламгерлердің ішінде табысы молдары немесе дүниеге қызықпайтындары да кездеседі…
– Мемлекеттің жұмысында жүргенде алатын айлығы кесімді болды емес пе. Мен де өмір бақи оқытушылық қызметте болдым. Ал, шығармашылық жұмысқа ауысқаннан кейін қаржысыз қалған кезіміз болған жоқ. Кітаптары шығып жатты. Тапсырыспен жазатын дүниелері де тоқтаусыз келіп тұратын. Талдаулар мен рецензиялар, арнайы мақалалар үшін берілетін қаламақысы бар. Қысқасы, қаражат жағынан тарығып көрмеппіз.
Өзің айтқандай, талғаммен және таза киініп жүруді ұнататын. Қытайға барғанда өзінің қалауымен киім тіктіріп, оны сәнімен киіп жүрді. Үйде көп отыра бермейтін. Үнемі әлдебір шаруалармен асығып жүруші еді. «Жүргенге жөргем ілінеді» дегендей, әйтеуір тарыққанын көрген емеспін.
Арғы беттен келгеннен кейін үйден қонақтар да арылмайды. Барымен базар болып, бәрін риза етіп аттандырып жатушы едік. Бұл да бір заман екен-ау. Бүгіндері сол шақтарды сағынышпен еске аламын.

– Жәкеңнін көңіліне жақпаған адамын шайнап тастауға дайын тұратын мінезін, көңілі түссе айдын көлдей ашықтығын білуші едік. Үйде осы мінезін байқатты ма?
– Рас, ашуланған тұстары буырқанып, бірден тоқтай қоймайтын мінезі бар болатын. Алайда, өзінің дұрыс емесін түсінсе, кешірім сұрап кішірейетін шақтары да жоқ емес. Негізінен өз айтқаны болмаса қыңырайып алып, қайтпайтын еді. Айтқанынан қайтпайтын, бірбеткейлігі ерекше тұғын.

– Соңғы жылдары жұптарыңыз жазылмай, қайда болса да бірге жүргендеріңізге куә болдық…
– Иә, мен зейнет демалысына шыққаннан кейін ағаңнын жанында бірге жүрдім. Бір жағынан Жанаттың жамбасына ота жасап, жүріп-тұруы қиындағаны себеп болса, екіншіден қолымыз бос болғаны мүмкіндік беретін. Барған жерлеріне кітаптарын апарып, базарлық таратқанды ұнататын. Соған жәрдемдесемін. Оның үстіне ұмытшақтық деген пайда болды. «Жұлдыз» журналындағы Жұмабай Құлиев інім бізді көрсе: «О, Қыз Жібек пен Төлеген келе жатыр!» – деп әзілдеуші еді.

– Ағаның кейініректе жазған дүниелерін толықтай өзіңіз басып беріп жүрдіңіз. Қиын болған жоқ па?
– Алғашында машинкаға басатын жұмыстарын ағаңның өзі-ақ атқара беретін. Үлгермей жатса, өзгелерге бастырады. Кейіннен компьютер келгенде мен басатын болдым. Иә, зейнеткерлікке шықаннан кейін хатшысы өзім болдым десем жарасады. Соңғы кітаптарын толықтай мен теріп шықтым десем, ақиқаттан алыс кете қоймаймыз. Ол кезде Жанат қалам мен қағазға қайта көшкен.

– Биыл Жанат Ахмадидың туғанына 80 жыл толуына байланысты көп томдығын шығаруды қолға алғаныңызды білеміз. Ол шаруа қалай шешілуде?
– Былтыр өзіміз 30 жыл тұрған Тұрғыт Өзал көшесіндегі 24-ші үйдің жақбетіне Жанатқа арналған ескерткіш тақта орнатқыздық. Бұл да машақаты көп жұмыс екен-ау. Осы шаруаның атқарылуына көмек көрсеткен.
Жазушылар одағына алғысымды білдіремін. Енді 80 жылдыққа таңдамалы шығармалар жинағын шығаруға ниеттеніп едік, оның ыңғайы келмейтін сияқты. Дегенмен, бір кітап болса да шыға берсін деп «Есенгелді би» атты кітабын шығаруға ұсынып отырмыз.

– Жанат ағаның сырқаттанып жүрмін дегенін естімеппін. Аяқ астынан кетіп қалғаны бәрімізді есеңгіретіп тастады ғой…
– Рас, жаны қиналып, төсек тартып жатпады. Пандемияның да қатысы жоқ. Аяқ астынан дәрігерге көрінемін деп ауруханаға барды да, бас-аяғы екі күннің ішінде аттанып кете барды. Бәріміз аңырап қалдық емес пе…
Отбасы болғаннан кейін ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Тіршілік барысында ренжіскен тұстарымыз болған шығар. Бірақта біз бақытты, мағыналы ғұмыр кештік деп есептеймін. Ұрпақ өсірдік, қыз ұзатып, келін түсірдік, немере сүйдік. Жанат өзінің өмірлік арманы болған шығармашылықта біраз биіктерді бағындырды. Осы үшін де өз тағдырыма ризамын!

Сұхбаттасқан Қуат Қайранбаев

Пікір қалдыру