«Көз ұшынан бұлдырап көрінген ақ бас Алтайдың найза шыңдарының тасасынан мың сан сүңгі – күн сәулесі шапағын шашып, көк жүзіне көтеріле берді. Сол сол-ақ екен, төңіректі тұмшалап тұрған таңғы тұман қырат-қырқаның бауырына қашып тығылды; ағаш арасы алакөлеңкеден арылып, айнала төңірек алақандағыдай айқын көрінді.
Мың сегіз жүз жетпіс тоғызыншы жылдың ерте көктемі еді. Облыс орталығы Семейден таңалакеуімде аттанған бірнеше салт атты ұзын аққан Ертіс өзенінің бойын қуалай оңтүстік шығысқа қарай тартатын пошта таситын таптаурын көне сүрлеудің бойымен біресе шоқыта, біресе желе жортып, асығыс жүріп келе жатты…»
Қолмен қойғандай, тіпті автордың өзі қастарында болғандай, қанық сурет. Күшіне кірген көктем – мезгіл лебі, тұмса табиғат демінен қалыптасқан, қарымды қалам табы сезіліп қоя берген жоқ па?! Жазушы Серік Байхоновтың «Алтай асу» атты этнографиялық романы осылай басталыпты. Айтпақшы, бұл романға кілт – эпиграф ретінде алынған екі бірдей дерексөздің де мән-мағынасы зор. Соның ішінде біз Антон Павлович Чеховтың: «Бір ғана Пржевальский немесе бір ғана Стэнли ондаған оқу орындарына немесе жүздеген жақсы кітаптарға татиды… Пржевальскийді, Миклухо-Маклай мен Ливингстонды білмейтін адам жоқ, олар жүріп өткен жолдар жайлы халықтар аңызға бергісіз әңгімелер айтады» деген лебізінің өте керектігіне ден қойдық. Себебі, бұл – ұлы жазушы, өз басы да саяхатшылыққа ден қойған А.П.Чеховтың өлмес-өшпес байламы ғана емес, бұл – ол өмір сүрген жылдардың бір шындығы. Оны айтасыз, тіпті беріректе – біз білім алып, азаматтық өмір табалдырығын аттаған 1960–1970 жылдары да, әрине, кеңес өкіметінің арқасында, өз Ахмет Байтұрсынұлымыз бен Мағжан Жұмабаевымызды білмесек те, Миклухо-Маклай, Семенов Тян-Шанский, Пржевальский сияқты ержүрек адам, оқымысты-саяхатшыларының атағы дүркіреп тұрды. Өкінішке қарай, еліміз тәуелсіздік алған тұста бұлардың есімі түгіл еңбектері көмескіленіп, қараң қала бастағаны да ақиқат. Рас, алыс Австралиядағы папуастардың арасына барып, «Америка ашқан» Миклухо-Маклайдың жадымыздан шыға бастағаны ештеңе етпес; ал тікелей өзімізге қатысты – жақсылығымен қатар жауыздығы да болашағымызды белгілеген Николай Михайлович Пржевальскийлерді ұмыту, ақтаңдаққа айналдыру жамандыққа жалғасар жөнсіздік болса керек.
Әрине, біздің осылай сөз сабақтай бастағанымыздан, автордың Чехов сөзіне қоса Э. М. Мурзаевтың: «Николай Михайлович Пржевальскийдің жолжазбаларында өзінің көңіл күйі, жақындары мен өз жан дүниесінің құпиялары айтылмайды. Пржевальскийдің күнделіктері мен есептерінде оның адами болмыс-бітімі жоқтың қасы. Сондықтан да оның саяхаттары жайлы баяндайтын өмірбаяндық мәліметтерден ғалымның жеке тұлғасын көре алмаймыз» тәрізді пайымдауына жүгінуінен-ақ бұл романға басты кейіпкер Н. М. Пржевальский өміріндегі көпшілікке белгісіз тосын оқиғалар арқау болғанын сезу қиын емес.
Бәрібір бұл – өзі де бұлдыр тарих. 1879 жылдың ерте көктемінен сабақталып осы жылдың өнбойында (бәлкім, үш ай) өткенмен, даңқынан гөрі дақпырты басым, шындығы қалың шаң-топырақтың астында көміліп қалған асыл аңыз, бұл. Серік, міне, осындай қиын, бірақ қызық, қазіргі қазақ үшін аса қажет тақырыпқа түрен салып, жылдар бойғы жемісті ізденісі мен сергек суреткерлігі арқасында жіті көңіл көзімен қапысыз көре отырып, адастырмас қисын-логика арқылы ақиқат тезімен өре отырып – қалай қалап, қалыптастырса да ерікті бола тұра жосықсыз қиял-желіксіз, тарихи шындық шеті көп, арам еті жоқ шынайы роман туынды тудырыпты.
Шамасы, романда баяндалатын уақыт – Николай Михайлович Пржевальскийдің дер кезіндегі шағы. Атағы аспандап тұр. Абыройы да асқақ. Алайда періште де емес, пайғамбар да емес, ол – империя үшін жан аямай, тер төгіп қана қоймай, бас та алатын орыстың перісі. Бәрібір пенде. Автор осының бәрін көркем де нанымды жеткізу үшін «жаратушы» (иесі) хұқығын пайдаланбай, жазушылық шеберлікке – сюжеттің өз табиғатымен өрбуіне, психологиялық тәсілдерге, сана ағымын қадағалауға тізгін ұстатады.
«Кәсіби дағды бойынша төңіректі түгендеп, айналаның аңысын аңдап алған соң, алдыңғы жақта оқ бойы озып бара жатқан екеуге көз тастаған. Жылдар бойы жанынан тастамай келе жатқан көмекшісі мен оққағары. Міне, нағыз жиһанкез деп соларды айтса жарасады. Айлап-жылдап ел-жұрттан безіп, жер-дүниені шарлай кезіп жүрген жиһанкез-жанкештілер. Не үшін десейші? Ең алдымен мұның, содан соң әлемдік ғылымның абыройы үшін, әрине… «Бәлкім, әлемдік ғылымның емес, мұның, яғни жержүзілік ғылымның жарық жұлдызы – жоғары мәртебелі Николай Михайлович Пржевальскийдің абыройы үшін шығар?..
Осылай ойлауы мұң, жанарына жылт жүгіріп, көңілі көтеріліп сала берген…»
Ары қарай осындай сенімді бағдар, суреткерлік тәсілдер шығармаға Алтай табиғатындай алуан бояу-бедерлі, Ертіс өзеніндей шымырлап жатқан болмыс-бітім дарытып, 19 ғасырдың соңғы ширегіндегі сапарға шығып, Алтай асқан, орман басқан өркөккірек те өрелі саяхатшы-барлаушы дәу орыс (Н.М.Пржевальский) көңілімен «жергілікті» халық – казак, татар, қазақтар өмірімен жан-жақты қауыштыра береді.
Мен өз басым бүгінгі Шығыс Қазақстан облысын алқалап жатқан Азияның төрі, қазақ жерінің өрі Алтай жақты жап-жақсы білемін. Ол туралы барлық дерек, мәліметтерді, жазбаларды жібермей оқимын. Десек те мені Серіктің осы Алтайды жақсы және нақты білетіні, Семейден шығып Өскеменге қарай көне пошта сүрлеуімен өрлеген саяхатшы сапарын жанды суреттеуі, Алтайды сүйетіні тәнті етті. 1879 жылы Пржевальский басып өткен ескі жолмен жаяу жүріп те өткен-ау деп те топшыладым. Өйткені, күннің ақбасты Алтай иығынан көтерілуі, Ертіс өзенінің «арғы беті, бергі беті, төл жынысы, топ қарағайы, көне соқпақ кескін-бедері суреттерін оқи отырып көзбен көргендей боласың, қайта-қайта қос қапталыңды шоласың.
Міне, Ертіске оңтүстік беттен келіп қосылатын шағын Шар өзені құйылысындағы мұз үстімен өтетін қысқа жол. «Өне бойы ақ қар, көк мұзға оранған Ертістің ана шеті мен мына шеті көз жеткісіз кең арнасын қуалай, жылтыр мұздың үстімен жыбырлай жылжып қызыл су жүріп жатты. Ал, Шар өзенінің Ертіс беттегі жалпақ жайылмасы – көпіршіп көлкіген су; иін тірескен тоғай тал мен қызыл жыңғыл сол жайылма суды белуардан кешіп тұрды. Үңірейіп жатқан өзен арнасын құрсаулап алған жылтыр мұздың бет айдынын айғыздап, айқыш-ұйқыш жарықшақ сызаттар түсіпті. Сол жарықшақтан жоғарыға бұрқ-сарқ көтерілген қою-күрең лайлы су үлкен-кіші мұз кесектерін қақпақыл құрлы көрмей, шыркөбелек айналдырған күйі өзен үстіне кесе-көлденең салынған «сайтан көпірдің» астына қарай тоғытып жатыр…».
Жүрек шошып, адам қорқатын көрініс пе? Жолаушылар еріксіз кідірген. Өткел аузына шапқылап барып қайтқан кеден бастығының өңі өрт сөндіргендей.
– К черту, чертовый мост… Қырылып жатыр, сайтан алғыр… Әу бастан оң жағалаумен жүрейік деп құдайдың зарын қылдым…, – деді көздері алақ-жұлақ етіп. – Ей, богу, жоғары мәртебелім, мен емес, бәріне пошта бастығы кінәлі…
Пржевальский шегіншектеген атын тебініп жақындап, өз көзімен көрді. Бір жақ шеті ортасына опырылып түскен көпір. Соған кимелеген тасқын су. Кептелген кесек мұздар, жұлынған ағаш, бұта салындылары. Арасында жылқы, уақ мал өлекселері…».
Тек сол ғана ма?! Атының үркектеуінен секемденген бұл адам өлігін басында бір шоқ тұлымы бар жасөспірім мәйітін көрді. Жүрегі атқақтай соқты. «Жабайылар мекені – тибет болса бір сәрі, түземдіктер мекені – Қайдам болса жөн басқа, серіктерінің өркениет ордасы – Ресей империясының қазына меншігіндегі пошта тракті – күре жолдың бойында ұшырасқан мынадай сұмдықты көрмей-ақ қойғанын қалаған. Әлде сол сұмдықтан сең соққандай сенделіп, есі кете есеңгіреп қалған өзінің дәрменсіз далбаса халін көрмегендерін қалады ма екен?..»
Мейлі ғой, олар көрмесе көрмесін. Мәселе бірақ күрделі ғана емес көлемді де секілді. Аспанда өлексе іздеген тазқара бекерге қалықтап жүр дейсіз бе?! Пржевальский «…тазқараның бір орында байланып қалғандай шырқау биікте шыркөбелек айналғанына қарап, көпір басында көрген бүгінгі оқиғаның тіптен де тегін емесін, бұлардың басына түскен бүгінгі жағдайдың тіптен де әдеттегідей емесін сезіп тұр…».
Тіпті мұны сұңғыла көмекшісі Роборовский ғана емес, аяқ астынан жоқ болып табылған оққағары да сезіп қана қоймай, біліп те қойғандай.
* * *
Бас кейіпкер Н.М.Пржевальскийдің ұлты – кім, біз оны білмейміз. Әйтеуір орыс емес, өзге ұлттан. Сонда да ол – тасы өрге домалап, түтіні тік ұшып тұрған орыс билігінің ең берілген, мықты өкілінің бірі. Кәрі тарихтың, бәлкім, бір тамаша, таңданарлық заңдылығы ма – жаңа мемлекет қалыптасып қана қоймай, ел жаулап, жер қосып, қағанатқа айналар қарсаңда бағы жанып, мейманасы тасып, шалқи бастайды екен. Бірінші Петр таққа отырғанға шейін көп, көбең патшалықтың бірі ғана болған Ресейге он алтыншы ғасырдан бастап көрші елдің бас көтерер бағландары, ноғай-татар мырзалары ағыла бастап, жас мемлекеттің игі жақсылары қатарына қабылданып, оны күшейтуге көп үлес қоса бастайды. Түркі текті Суворов, Сабуров, Кутузов, Баскаковтар әулеттері – соның мысалы. Мына атақты саяхатшы, мәртебелі генерал Н.М.Пржевальский де – осындай қадірлі келгіншінің бірі еді.
Желе жортып суыт жүрген жолаушылар көп ұзамай Пяноярск станцицасын жанай өтетін шекара бекетіне жетіп тоқтады.
Коробила, Сенная, Темная, Печная ауылдары… Змеиногоре қыстағы… Бұлар осындай елді мекендерді басып өтіп Өскемен қаласына жетті.
Осы жерде Н. М. Пржевальский бір асыл олжаға жолықты. Көздеп келген сапарына жолбасшы қазақ батыры Мырзашқа ұшырасты. Дәлірек айтқанда, әлгі асыл олжаның – иленген жабайы жылқы терісінің иесі де осы Мырзаш екен.
«Теріні ұзақ айналдырған Роборовский сәлден соң шиыршықталған терінің орауын жазып дәу орыстың алдына тастай берген.
– Мен бірдеңе білсем… мынау – жылқының жаңа түрі… Мынау дегенің – нағыз ғылыми сенсация!..
Теріні аударыстырып қарап шыққан дәу орыстың көздеріне жылт жүгірген.
– Лобнорда кездескен жабайы жылқы есіңде ме?, – деді оққағарына бұрылып. – Олардың да түсі осындай кертақ емес пе еді!?.»
Иә, Лобнорда ол алыстан көріп арманда қалған, іздеп жүрген жылқының терісі еді бұл. Н. М. Пржевальский Мырзашқа базардан таңдаған атын сатып әпергізіп, ал теріні Ресей императорлық орыс география қоғамына экспертизадан өткізуге жедел жіберткен.
Жалпы, өзін әлемдегі ең мықты жиһанкез-саяхатшылардың қатарына қосатын Н. М. Пржевальский өмірінің басты іс-мағынасы – Тибетке сапар, Тибет сырын ашу деп білсе, бұл жолғы аңсарлы мақсат-іңкәрі осы жабайы жылқымен жүздесу болатын. Арман қылқұйрықпен. Ол жолбасшы Мырзаш батырға да алғаш осыдан үш жыл бұрынғы Лобнор сапары кезінде жолығып, танысқан-тын.
Табиғаттың төлі, найманның ері Мырзаш батыр. Сондықтан да жердің түр-түсіне, ауа райының қыртысына жүйрік. Қолына келсе аруға үйленіп, қаржысы жетсе қазанатқа аяқ артатын қазақ қой, мұның мініп жүрген боз айғыры да ерекше. Әлде жабайы жылқы мен қазақ жабысының буданы ма, Пржевальский осы атта әйтеуір бір тектілік, тұлпарлық бар екенін байқайды. Содан ба жиі көз сүзіп, бағамдайтыны бар.
Көңілге дәт қылатыны – Санкт-Петербург қаласынан қуанышты хабар жетіп, жіберілген тері жабайы жылқынікі болып шығыпты. Ол жылқы мұның құрметіне Пржевальский жылқысы деп аталыпты. Тамаша. Дегенмен, сол тағы тұлпар күлікті көзбен көріп, қолмен ұстамаса, ұят қой. Тіпті оны тауып, ұстаған – қазақ Мырзаш емес пе? Ендеше бұл Лобнор сапары кезінде көрген күл түсті жылқыны қалайда тауып, қолмен ұстауға тиіс.
Бұл романның негізгі арқауы саяхатшы-барлаушы Н. М. Пржевальскийдің жаңа сапары мән мәнісіне, қам-қарекетіне құрылғанмен, басты бағдары, ажарлы айтары – Алтай жерінің 18 ғасырдың соңғы ширегіндегі табиғатын танытуға, асылдығын аңғартуға, алуан мезгілдің райына құрылған, сол ежелгі алтын бесікте күн кешіп жатқан басқыншы орыстар мен ауған ұлттар, бодан қазақтың тыныстық қалпын, тұрмыстық салтын, тіршілік парқын бедерлеп байқатуды мұраттаған десек дұрыс. Ал жабайы жылқы – тарпаң Мырзаш батырдың көптен «таныс» көнекөзі ғана емес, қажет болса ұстап алып жүрген қылқұйрығы болып шықты.
Татар тілмәші жолбасы Мырзашқа:
«–…Өз басым сол жабайы жылқы дегеніңе онша сене бермеймін. Соны көргенің рас па өзі», – дейді.
«– Қайдағы жабайы жылқыны айтып отырсың?…
– Өзіміздің нәшәндіктің… Кәдімгі Пржевальскийдің жылқысын айтам…
– Кімнің… кімнің жылқысы дейсің?.. Немене семіз генералдың Ресейден айдап әкеліп, қазақтарға бақтырып қойған жылқысы бар ма еді?.. Көргені несі?.. Атып та алғанмын… Еті қолдың жылқысына қарағанда қаттылау болады екен… Ал терісі… өзің көрдің ғой… қолдың жылқысының қасында тастай-ау, тастай… Ана Петерборға кеткен тері есіңде ме?..»
Тек қолға ұстауға көнбейді. Жүгеніңді салдырмайды, міндірмейді. Басы босаса болды, даласына тартады. Жай кетпей шетке шыққан ұрғашы құлын-тайларды айдап әкетеді екен. Жабайы жылқының айғырынан туған құлын өте сұлу әрі жүйрік тұлпар-ақ, тек бұл да бас білмейді…
* * *
Бұл жаңа да жақсы шығармада айрықша айтатын оқиға да көп, дәлелге тартатын жарқын мысалдар да аз емес, ал ордалы, отты ойлар желісі тіпті жеткілікті. Біз бұлардың талайының басын қайырып, жігін айырып танысып, танып, талдағандықтан енді тоқталып, тамашалап жатпаймыз.
Бізге керегі – экзотикалық емес, ерекше бір басты желі. Николай Пржевальскийдің жабайы жылқысы емес, қазақтың тағы жылқысы – тарпаңмен тікелей танысу…
Бұларды түнде жолбасшы қазақ құмды өртеп, ортасын қазып шұңқыр жасап, соған еліктің тұтас жас еті терісіне жуа қосыла салынып, көміліп, барлық өз сөлі өзінде қалып, былбырап піскен халқымыздың айрықша дәмді тағамы – жаубүйрекпен ауқаттандырған. Мырзаш пен Пржевальский осы ыстық құм ортасында далада рахаттанып ұйықтаған. Түздегі ұйқы тез қанады. Таң сібірлей көзін ашса, қасындағы жолбасшы қазақ жоқ. Боз айғырымен түн қараңғылығында жортып кетіпті. Шығыс жаққа… Неге? Көңіліне тағы да қалайша күдік кірмесін.
«…Суды белуардан кешіп бейқам жүрген жануарлар алдымен құлақтарын қайшылады, бір шетте селтиіп тұрған саржағал айғырдың жанұшыра кісінеуі мұң, қалғандары опыр-топыр жағаға қарай ұмтылды. Алғашқыда іркес-тіркес оңтүстікке беттеп еді, жақындап қалған аттыларды көріп жалт бұрылды да, мұның өзіне қарай тура салды. Қол созым жерден ақырған Гоби аюына да, арқа жалы тікірейіп, құйрығын шапаттаған Амур жолбарысына да тіке барғанда, өзіне қарай атылған он пұттық қабанды қол созым жерден атып жыққан кезінде де бүлк етпеген жүрегі атқақтай соқты. Осы бір сәтті… үш жыл бойы кейде сарылып, кейде қамығып күткенін ойлағанда көзі қарауытып, басы айналды…»
Неге бұлай?
«Үйірдің ең алдында басын төмен салып құйғытып келе жатқан айғырдың арандай ашылған аузы мен тікірейіп кеткен жалына дейін көріп тұр. Штуцерін иығына тіреп қойып, демін ішіне тартты. Ұзақ, ұз-а-ақ көздеді. Дір-дір еткен саусақтары икемге келетін емес. Жүрегін зорға тоқтатып, шүріппені әрең басқанын біледі. Көз алды тұманданып, бұрқ еткен көк түтін түк көрсетпей жіберген. Көздерін ашып алғанда үйірдің алдындағы айғырдың… сүрініп барып оңалып кеткенін, артынша бір шетке қарай жалт бергенін көрді. Бұдан ары үздік-создық шұбырған бір үйір жылқы солтүстік жақты бетке ала құйындата жөнелген. Жандәрмен үйірдің ең соңында шоқырақтай басқан саржал айғырдың бөксе тұсын көздеп шүріппені баса беріпті, баса беріпті…»
Дәу орыс Н. М. Пржевальскийді құдай ұрды. Біріншіден, құлаған, қолға түскен жабайы жылқы жоқ. Екіншіден, бұл айғырын атып аяусыздық, ашығы, айуандық жасапты. Әдейі атты ма, жоқ жаза басты ма? Әлде тәрбие солай ма, жоқ қазақ жылқысының киесі соқты ма? Әйтеуір аңшылық – сұлу оқиғаға емес, сұмдық оқиғаға куә болдық. Бұған нөкерлерінің бірі «Неге атпадыңыз?» деп өкпе-ызалы таң қалса, енді бірі мылтықтың атылғанын біле тұра, «Бізді қайтесіз… Жылқыны атпадыңыз ба, вашеблагородие?» деп оқты көзін еркісіз қадады. Бәлкім мүсіркеп аяды. Қайткенде де мұны құдай оңдырмай ұрды.
«Көп ұзамай үйірдің соңынан жалғыз шапқылап кеткен төртпақ қазақ оралды. Өңі өрт сөндіргендей…»
Мұндай қатыгездік, әйтпесе көрсоқырлық өңі түгіл түсіне де кірмейтін Мырзаш күйінбегенде қайтеді?! Штуцерлі орыс, шенді нәшәндік екеніне қарамай, еріксіз:
«– Есі түзу ме мынаның?! Аяушылық дегенді білмейді екен ғой…», – деді.
«– Құлындарын аяған… Бұрын талай рет аңға шығып жүріп мұндай мінезін көрмеген ем…
– Атпағаны қалай? Құлын-тайы аз болғандай… тұп-тура айғырын атқан… Шұбырған қан… Енді мал болмайды… Бәрінен де айғырсыз ана үйірдегі биелер мен құлындарға обал болды-ау…».
Татар тілмәш Мырзаштың бұл сөздерін аудармады. Батыр қазақтың қанталап кеткен көздеріне көзі түсіп қаймыққан да жоқ шығар. Пайдасыз еді. Шын жағдайды, кімнің кім екенін енді түсінген. Өйткені Н.М.Пржевальский бұл қимыл-қылығымен бір үйір жабайы жылқының бәрін өлтірген еді.
Ал менің ойыма келгені – қайран Саржағал айғыр Жошы ханды мерт еткен Ақсақ құландай жендет дәу орысқа тура атылып, таптап өткенде ғой…
* * *
Маған салса, Серіктің осы романы осымен аяқталғандай. Өйткені, бұдан кейін дәу орыс арманынан адыра қалды: қазақтың жабайы жылқысы да Гашун норға қайтып жүзіп жүріп тұнық су іше ме, жоқ па, оны бір құдай біледі. Алдағы ғасырларда бұл тарпаң тұлпарлар да туған жердің маңдайына сыймай (дұрысы – адамдар сыйдырмай), қош айтысады. Десек те басты кейіпкер – саяхатшы-барлаушы, адам ретінде аласа, ал өркениетті Орыстан өкілі ретінде асқар жан Пржевальский мен алтын Алтайдың арда ұлы, басы – бостан, жасы – жігіт ағасынан асқан, сайран ғұмыр кешкен. Мырзаш қой. Мұның үстіне Алтайдан асты бұлар. Алда – тылсым Тибет жатыр. Сондықтан да роман жалғасты…
«Құсы – ала, жылқысы – құла бұл неткен ел?.. Сонда ала-құла… Табиғи жаратылыстың түр-түсі. Бірде – алдын, бірде артын беретін мына тірліктің сан қырлылығына бой үйреткен түземдіктер үшін үйреншікті түс. «Бір жамандықтың артында бір жақсылық бар» дейтін бе еді… Осыны көре тұра, біле тұра табиғи тепе-теңдіктің формуласын жер түбіндегі Тибеттен іздеп жүрген өзінде де ес жоқ шығар…»
Иә, қадірлі оқырман, мына атақты саяхатшы-батыр барлаушы, озық оқымысты, орыс қағанатының ойлы өкілі Н. М. Пржевальскийде ес бар ма, жоқ па, оны өзіңіз пайымдай беріңіз.
Сонда шынайы өмір мағынасы, нұры – табиғи тепе-теңдік қайда? Алла қалатқан адалдық жолында, бәлкім сыртында болмаса ішінде аласы жоқ, он сегізінші ғасырда өмір сүріп жатқан ақкөңіл қазақтың қолында шығар. Тек оңғарылған, түзелген сәтінде дәу орыс әділ пайымдайтындай, осындай іші ақпейіл, жүрегі таза, болмысы бұла халықтың қоршаған әлеуметтік айналасы аса ала-құла, астам жендет екі империя сыртынан келісіп, жерін бөлісіп жатқанын түйсінгенмен, қайрат қыла алмайтыны, алдарында – жаңа жиырмасыншы ғасырда не күтіп тұрғанын сезбейтіндері өкінішті.
Жә, өткен өтті, кеткен кетті. Бұл заманға тулаған тарпаңы жетпегенмен, тұлпарларының тұяғы ілінген, батыр Бауыржандары селдірегенмен, батыл Байхоновтары бар тәуелсіз Қазақ Елі буын бекітіп, алдынан Алла жарылқай берсін!