ЖАСТЫҚ ҚАЙДА ӨРТ БОЛҒАН, ЖАЛЫН БОЛҒАН…

Әбубәкір СМАЙЫЛОВ 

ҚАЗАҚ ДЕГЕН ХАЛЫҚ БАР БІР ӨЛЕРМЕН

Басын кессе, қайтадан түрегелген,
Қазақ деген халық бар бір өлмеген,
Кілең бассыз салт атты бабалардың,
Рухы атой салады бұл өлеңнен!
Кейкі мерген, 
Хан Кене, 
Махамбет те
Бассыз қалған, белгілі тәмам көпке.
Патша әскерін алдырып елді басу,
Бара-бара айналды жаман дертке.
Ескі жүйе есепке әлі жүйрік,
Өз еліне өзгені мәтіби ғып,
Сырттан әскер әкелді Қаңтарда да
Дірілдеген тізесі кәрі билік.
Cол Қаңтарда қалтырап жапырақтай,
Шетке қашты талайы тапырақтай!
…Тоқтап қалдым мен неге, тоғыз қабат
Торғауытын жүйенің қақыратпай?
Түңілмеңдер, өтінем әсте менен,
Қылыш төніп тұрса да тас төбеден,
Қылша мойын мінеки, 
кессең – кес деп
Тізерлемей түбінде БАС КӨТЕРЕМ!
Басын кессе, қайтадан түрегелген
Қазақ деген халық бар бір өлермен.
Кілең бассыз салт атты бабалардың,
Рухы атой салады бұл өлеңнен!

ОҚ ТА, СӨЗ ДЕ ТАБАДЫ ӨЗ ИЕСІН

Кеудесіне нан піскен кейбір адам
“Өкпелесең көшіп кет!” дейді маған.
Көшіп кетті ал Айкөркем көк төріне,
Төрт-ақ жасар періште бейкүнә жан!
Жағасы алтын, жеңі жез Астанада,
Қаңтардағы қан қасап масқараға
Қатысы жоқ ешкімнің, басқа әлемде
Қара халық, оққа ұшқан қасқа бала.
Қоғам осы қосылмас қос параллель,
Оңады ма әскермен жасқаған ел?
Бізді күтіп тұр әні ыстық үтік,
Керек емес оларға басқа дәлел!
Көрден қазып сүйегін бес адамға,
Үкім кескен біздің ел есалаң ба?
Әруақтарды соттадық! Енді бізді
Кейінгі ұрпақ, келер күн кеше алар ма?
Өкінішті – тіл де құл, сана да құл
“Өкпелесең көшіп кет” – жаңа нақыл.
…Өз халқыңа оқ атсаң ол түбінде
Өзіңе кеп тиеді, қара да тұр! 

РУХ РЕИНКАРНАЦИЯСЫ 

Желкілдеген жеңімпаз тулардай боп,
Желтоқсанда бір ана туғандай боп – 
Тура осы алаңда тұрған едік,
Тағы тасқа соғылды қу маңдай кеп!
Тағы Алматы.
Тағы да сол алаңда
Атыс-шабыс, жарылыс, зобалаңда,
Ту көтерген кім екен, – НАМЫС ТУЫН
Соғу керек ескерткіш сол адамға!
Бойындағы асау күш бермей тыным
Болса, шіркін осындай ЕР дейтінің.
Ол қазақтың РУХЫ – мың сан түлеп
Оқтан, оттан кейін де өлмейтұғын!
Қанға бөкті осынау алаң қанша,
Билікке ақыл кірмеді, амал қанша.
Азаттықтың ақ таңы туады әлі,
Ту ұстайтын жігіттер аман болса!

МӘҢГІЛІК ЕЛ КӨШЕСІНДЕГІ МӘҢГІЛІК ТУРАЛЫ ОЙ

Уақыт деген бір дүлей жүнді білек,
Күресінге тастайды ол кімді күреп?
Ал, әзірге мені ізде Нұр-Сұлтаннан
«Мәңгілік ел – 17» тұрғыны деп.
Жауап таппай сұраққа жанды жеген,
Басым қатты әртүрлі әңгімеден.
Ұят болды-ау, жалпы осы жараса ма
Жаратқаннан басқаға мәңгі деген?
Бұл әлемде болмайды мәңгі ештеңе,
Түсіндіріп көр соны сан кещеге.
Мәңгілікті аңсаумен көз жұмады,
Қар кешсе де, адамзат қан кешсе де!
Күдер үзбей отыз жыл күтіп келген,
Бақыт қайда? 
Сенім жоқ, үміт те өлген.
Мен – қазақпын аштық та, атқан оқ та
Алмағасын ақыры Үтіктелген!

 ТӨРТ ДОС

  «Алматы баста мен үшін 
Әубәкір, Боря, Арман-ды…»
(Табылды Досымов)
Жастық қайда өрт болған, жалын болған
Аумай бір сәт самсаған қалың қолдан,
Алматыға андыздап келіп едік – 
Атыраудан, 
Аралдан, 
Нарынқолдан.
Асқақ қала, тәкаппар тас үйлерден
Бетім қайтып көңілім жаси берген.
Бағындырам деп келген талай батыр,
Кім бар кербез шаһарды бас идірген?
Төрт дос едік, 
қалаға кеп төселіп
Жалаң қолмен кей-кейде от көседік.
Хақ бұйрығы болмаса біз ешқашан
Ат құйрығын кесісіп кетпес едік.
Атың арып, ал тоның тозар дедік
Сөйтіп түбі өлмейтін сөз әрледік.
Тұла бойы тұнған ән – бір досымды,
Алып кетті әй-шәй жоқ ажал келіп.
Бір досымнан бір күні дін айырды,
Дін айырды, біздерді тірі айырды.
Бірге тойға бармайтын болдық енді,
Білмей далмын қай жерде құдай ұрды?
Бір досымнан азайды хабар-ошар,
Көбейді ме адамы араласар,
Өмірінде болды ма бір өзгеріс,
Сөз айттым ба жанына жара салар? 
Дос қалды ма сонымен дос дейтұғын,
Жастық дәурен із тастап өшпейтұғын – 
Жалт етті де жоқ болды, кімге керек
Қырсық ақын қызметі өспейтұғын?
Шалыс басып жүретін шала қызып,
Шақтарымды сағынам алағызып.
Қайда деймін, 
қайда сол өрт кезіміз,
Және түгел еді ғой төрт көзіміз…

«ҚАЗАҚСТАН» ТЕАТРЫНДАҒЫ ЖАҢА МАУСЫМ

Жаңа пьеса бәрі ескі театрда,
«Қой» дейтұғын адам жоқ, тыятын да.
Безіп кеткен секілді біздің елден,
Бетін басып ар-намыс, ұятың да.
Сыйлы болсаң құрметтер «Құрметсіз» де ел,
Атасы өлген атақтан кіл бетсіздер.
Бейбіт күнде жау бетін қайтарғандай
Жуков сынды қалайша жүрмексіздер?
Театрдың сырына қанықсыз ба,
Қол соғыңыз пай-пайлап парықсызға.
Парламенттің төрінде ол отырсын,
Халық қалаулысы боп халықсыз да.
Қанша жерден жасырып, көлегейле
Ар жағында билбордтың көне бейне.
«Қазақстан» дейтұғын театрдан,
Қашып кеткің келеді неге кейде?
 * * * 
Өрем жетпес өте ғажап өлшемі,
Дүниенің мен бір құйттай бөлшегі.
Жалпы әлемді бағып тұрған жанарың,
Жалғыз сәтке мен сорлыны көрсе еді.
Хақпен дара пікірлескен пенде кем,
Ақ пен қара күнде итжығыс, теңбе-тең.
Ойлап тұрсам он сегіз мың ғаламның
Қайшылығы менде екен!
Жарық дүние жалт еткен сәт, көрген түс
Жан таппадым күнәдан пәк, көрден тыс.
Заманақыр жақын қалса айт, жасырма
Маған ақыл, 
демек азап берген күш.
Есінеп ел күн кешуде көп-көнбіс,
Кешіре гөр, шығып кетсем шектен тыс.
Дәріптеуге сөз бен ерін дәрменсіз,
Жарық кеуде, 
көзге көрін, көктен түс.
Мұңды легі таусылмайтын ой-терең,
Кім біледі, тағы туып қайта өлем.
Ал, әзірше сырласатын сен барсың
…Сен жоқ болсаң қайтер ем?

ОҚҚА ҰШЫП ӨЛГІҢ КЕЛМЕСЕ…

«Тілекті тәңір бермеді…»
(Махамбет)
Ақырып теңдік сұраған,
Атылып кетті бір ағам.
Елбасын қимай жылаған,
Бір адам тірі жүр аман.
Тарс жұмдым тағы көзімді,
Құлақ жоқ мұны естірге-
Үш рет атсаң өзіңді,
Айыпты емес ешкім де!
Бүлк етпес билік көн бетті,
Мистика мұндай мүмкін бе:
Жиырма мың содыр-жендетті
Жер тартып кетті бір күнде!
Шеруге шығып көп кісі,
Лық толса алаң, кең көше
Отырған дұрыс к…т қысып,
Оққа ұшып өлгің келмесе!
Тілекті тәңір сірә да
Берген бе, сорлы ел, 
ендеше
Ақырып теңдік сұрама,
Атылып өлгің келмесе!

Пікір қалдыру