«Сахара алыбымын сырға терең»

Өзін терең сырлы сахара алыбына балаған ақын Мағаз Разданұлы — дүние сұлулығын танытатын көркем пейзаждарымен де суреткерлік дарынын тағы бір қырынан көрсетеді. Әдетте, көркем әдебиетте табиғат құбылыстарын суреттеу идеяны образды, әсерлі бейнелеп жеткізудің құралы етіледі. Мағаздың пейзаждық жырларын ерекшелігіне қарай жүйелеп зерттегенде, оның бұл тақырыптағы өлеңдері негізінен туған жеріне арналғанын көреміз. Ақынның табиғат лирикаларының бірыңғай өзінің туып-өскен ортасына, ауылына арналуының да белгілі себебі бар. Өйткені, ақын ойда-жоқта «заманның соқпа дерті жабысып» балалық ізі қалған ыстық ұясынан тұп-тура 21 жыл алыстап қалды. 1979 жылы Қытай абақтысынан босап, біржола ақталып еліне оралған соң ақын туған елімен, жерімен құшақ жая қауышып, сағынышын жыр тілімен ағыл-тегіл ағытты. Көп жылдар түрме тауқыметін тартып, ауылына оралған ақынның алғашқы өлеңдері елмен, жермен амандасуы және жастық өмірінің жарқын сәулесі қалған өңірмен сырласудан туған толғаныстар болды. Осы тұстағы бірсыпыра пейзаждық сарындағы арнау өлеңдерінен: «Сәлем саған Алтайым», «Алтын Алтай», «Буыршын», «Ақбұлақ», «Әсем Үштас», «Күнгейті», «Салқыншоқы», «Ақтүбек», «Туған жер – Арал жайлауы», «Аралым», «Ақшағыл», «Қанас жырлары», «Жасыл арша», «Самырсын», «Дауыл», «Асықпай таудан күн асты» қатарлыларды атауға болады.
Рас, нақтылап айта кетейік: Мағаздың бұл сипаттағы өлеңдерін мазмұны негізінде екі жікке бөліп қарауға келетіндей: «Сәлем саған Алтайым», «Тарих сөзі», «Дауыл», «Асықпай таудан күн асты», «Жасыл арша», «Самырсын» сықылды бір топ өлеңдерінде ақын тілдік материялға табиғат суреттерін негіз етіп алғанымен, шығарманың тұтас идеялық арқауы – елбасына түскен сол бір нәубет жылдардың тарихи көріністерін, қоғамдық жағдайдағы қат-қабат күйзеліске толы жағдайын, әбілеттей басқан әділетсіздіктерін өз басындағы ауыр халмен, шытырман шындықпен бірлестіре бейнелейді. Ал екінші бір бөлім пейзаждық жырлары туған жердің әсем көріністерін тура, ашық суреттеуге құрылады.
Мағаз Разданұлы поэзиясындағы мол ағысты арнаның бірі – адам тағдыры мен дәуір суретінен туатын яки заман шындығын астарлап ашуға негізделген психологиялық толғаныстардан тұратын көңіл-күй ырғақтары. Ақын «Тарих сөзі» өлеңінде аласапыран жылдардың үрейлі суық кеспірі символданып жеткізіледі:

Сұрапыл боран түнеріп,
Қаптап басып көк жүзін.
Такаппар бұлттар шіреніп,
Өзгерткен талай мінезін.

Талай-талай жылатты,
Сұрғылт тартқан сұм заман.
Жыр айтып сонда уатты,
Тарих атты қарт анам.

Дүние сұлулығын ғана емес, қоғамдық-әлеуметтік өмірдің қарама-қарсы контрастқа толы шындықтарын ашып, астарлы ақиқатты танытудың маңызды бір құралы ретінде пейзаждың көмегі, мүмкіншілігі мол. Суреткер кейіпкерінің басындағы (бұл жердегі кейіпкер — лирикалық атымен өзі сахнаға шығып отырған болуы да мүмкін) қилы-қиян жайларды тіке хабарлап, баяндап, суреттеп отырмай, басқа көркемдік тәсілге – пейзаж арқылы жеткізу амалына көшеді. Шындығында, бұл арада пейзаж – жазушының көркемдік танымын жария ету жолындағы сүйенген негізіне, өз өнерінің қуат-күшін айқара ашып көрсетуінің бір тетігіне айналдырады да, олардың (табиғат пен адамның, табиғат пен көркемдік танымның) өзара байланысқан тас-түйін жарасымын айқындап береді.
Әдетте, поэзияға шыншылдық керек дегенді көбірек айтып жатамыз. Әрине, бұл жөн пікір, десе де, пейзаждық лирикаларға одан сырт сыршылдық көбірек қажеттірек. Өйткені, ақын табиғат көрінісін сырттай қызықтаушы ғана болып, оның ішкі мәніне сүңгіп, жасырын тілін таппаса – ондай поэзия сыңар қанат құс сияқты алысқа ұшып бара алмайды. Бірыңғай сырт көркемдікке арбалып, сезім шеңберімен шектелу – ақынды жалаңдыққа, нәрсіздікке апарып тірейді. Сондықтан ақын табиғаттың сырт әсемдігіне тамсанып тәнті болып суреттеп қана қоймай, оған өзінің идеялық мұратын арқалатып сырын айтқызады. Мағаз жоғарыдағы өлеңінде «Cұрапыл боран түнеріп, қаптап басып көк жүзін» деп табиғаттағы құбылысты емес, қоғамдық жағдайдағы аласапыран күйді символикамен бейнелеп отыр. Егер аталған туындыға көркем әдебиеттің жасампаздық әдісі тұрғысынан қарасақ, өлеңде сентиментализмның негізгі бір тәсілі – пейзаждың «ішкі мағынасынан» пайдалану нышаны байқалады. Мұны теориялық жүйеге түсіріп айтсақ, суреткердің табиғаттың бірыңғай сүреңсіз, сүркейлі жақтарын суреттеу арқылы қоғамдық жағдайдың драмалы тұстарын немесе жеке адам басындағы қайғылы оқиғаларды көрсетуін сентиментализмның ұтықты бір әдісі деп атаймыз. Ал тілдік-көркемдік тұрғыдан қарағанда да, «шіренген такаппар бұлттар», «дауылдың қаптап басуы» – бәрі де суреткерлік қаламның ізін танытатын тірі образдар.
Ақын табиғат көрінісін өз идеялық мақсатына орай алып суреттегенде сөздің ұтымдылығын, жандылығын, әсерлілігін басты негізге ала отырып, көркемдегіш құралдардың неше алуан өрнегіне сүйенеді. Мысалы, «Дауыл» (1956 жыл) атты өлеңінде дауыл бейне адамша долданады, ышқынады, түнереді, кектенеді. Табиғат құбылысына мұндай адамша мінездеме беру – ойдың әсерлілігін күшейтуді көздеуден туған амал. Әлбетте, ақын табиғатқа жайдан-жай мінез беріп отырған жоқ, сол құбылыстарға арқа сүйей отырып та, қоғамдық жағдайдың сүркейлі көрінісін, қайғылы халын қалыңдатып көрсетуге жұмсау, яғни әлеуметтік-философиялық ойларға терең бойлау болып табылады.

Долы дауыл ұйтқып кекпен,
Қатты ышқынды, түнерді.
Қарт еменді қасірет шеккен,
Сілкіп-сілкіп жіберді.

Дулығалы бұлттар қошқыл,
Ойнады аспан төрінде.
От жебелі оғы ұшқыр,
Ысқырды аспан өрінде.

«Дауыл», «Жел» образдары мүлде соны, тың ұғым-бейнелер емес, мұны көрнекті қаламгерлердің қай-қайсынан да кездестіреміз. Фольклорлық әдебиетте де боран, дауыл, жел атымен келетін образдар жиі ұшырайды. Бұған мысалды көптеп келтіре беруге болады, мәселен: ежелгі грек мифтерінде дауыл атты кейіпкер бар. Ол дауыл тұрғызып, жалпы табиғат құбылыстарына әмірін жүргізе алады. Қазақ ертегілерінде боран батыр дейтін кейіпкер бар екендігін жұрт жақсы біледі. Фольклорлық дәстүр арқылы енген бұл образдық жүйелер қазақтың жазу әдебиетінде өзіндік жаңа міндеттер арқалай келді. Мұхтар Әуезовтің «Қыр суреттері» әңгімесінде боран, дауыл, жел әлденеше құбылып тірі бейнеде үрей тудырады.
Мағаз Разданұлының пейзаждық жырларынан дүние көркі туралы толғаныстарын, сол бір қысталаң кезеңнің суретін көреміз. Ақын табиғат сұлулығын суреттей отырып, өзі өмір сүрген дәуірдің келбетін кескіндейді; сыртқы әлемнің көркіне тамсана қарап, оған мүлдем жаңаша өнер шапағатын дарытады; өзінің жеке басындағы өмір сыры мен тіршілік тәжірибесі арқылы күллі жаратылыс шындығын бел шешіп көрсетуге талпынғандардың биігінен көрінеді.
Мағаздың бірсыпыра тарихи мәнге ие өлеңдері («Жуан терек», «Алты терек») табиғаттағы жансыз затпен сырласуға құрылған. Табиғат құбылыстарына – айға, жұлдызға немесе ағашқа адамша сыр ашып сөйлесу көркем әдебиетте дағдыға айналған көне тәсілдердің бірі. Осы амал Мағазда көбірек ұшырасады. Оның пейзаждық жырлары ретінде қарастырғалы отырған «Самырсын», «Жасыл арша» атты өлеңдері осыған жатады. Ақынның көркем ойын бейнелеп жеткізудегі сүйенген бұл әдісі турасында академик Зәки Ахметов: «Халық поэзиясында сөзді әлденендей бір жансыз нәрсеге, затқа қаратып айту да жиі кездесетін тәсіл. Осындай арнау сөздің әсерлілігі сезімнің күшінде деп білу керек. Тілсіз дүниеге, затқа, құбылысқа қаратып сөз айтушы адам солар өзін тыңдап ден қойып тұрғандай, солармен тілдескендей тебірене сөйлейді. Ал мұның өзі адамның толғанған, ой-сезімге берілген шағын танытады» (Зәки Ахметов: Өлең – сөздің теориясы), – деген байламды пайымын айтады. Бұл ойдың сенімділігіне Мағаздың «самырсын» өлеңін оқығанда барып көз жеткіземіз.

Туған жердің топырағында құлпырған,
Өміріңе разы бол самырсын.
Кеуде керіп көк жүзіне ұмтылған,
Сендей жақсы елге қайдан табылсын?!
Туған жердің топырағына тамырың,
Кең жайылып, терең бойлап тартылған.
Сондықтан да қасиетің, қадырың,
Өз жеріңде, өз еліңде артылған.

Мағаз өлеңіне арқау болған самырсынға «өз жеріңде, өз топырағыңда өніп-өскендіктен де қасиет, қадірің артып тұр, шын жақсылық өзгенің босағасында емес, өз еліңде», – деп тіл қатады. Яғни автор самырсынды идеялық мақсатын жеткізудің құралы етеді. Ақын өлеңінің тууына түрткі болған табиғаттағы жансыз заттар – ағаштар немесе көркем көріністер кейпі осылайша философиялық тұжырымға, ой-толғанысқа алып барады.
Көркем әдебиетте, жазушы, ақын белгілі философиялық концепциясын, көңіл-күй ахуалын білдіріп бейнелеуде табиғат көрінісі мен мезгіл құбылыстарын негізгі фактор – көркемдік құрал ретінде жұмсайтын жәйттер үнем ұшырасып отырады. Бір айта кетер нәрсе – әр халықтың қаламгерлері табиғат құбылыстарын өзінше танып қабылдап, ұқсамаған міндет артады. Нақтылап айтқанда, табиғат тұтас адамзатқа ортақ болғанымен, оны танымдық тұрғыдан қабылдау басқаша. Пейзаждық сурет жайы әр елдің ойлау категорияларының, оған байланысты образдық ұғым-түсініктеріне сай сипат, мән алады. Сондықтан әрбір суреткер туған жерінің табиғатын суреттегенде өз халқының танымына, салт-дәстүріне сәйкес түзіліп, одан сол халықтың көзқарасы, сенім-нанымы аңғарылып жатады. Мысалы, Мағаздың «Жасыл арша» өлеңі бар. Оны қазақтың танымы бойынша өміршеңдіктің, төзімділіктің символы етіп суреттейді. Арша – кәдімгі тастаққа, тас бетіне тырмыса өсетін жатаған ағаш, оның осы тұрқына қарап қасиетін білмеген өзге ел оны қазақтардай бағаламауы мүмкін. Сол сияқты, Қазақ танымында толған ай әдеміліктің баламасы. Қазақ ақындары қыз көркін «айдай сұлу» деп айға ұқсатады, алайда, бұл Еуропалықтар үшін керісінше тұрпайылықтың, сиықсыздықтың белгісі. Бұған Пушкиннің «Евгений Онегин» романында кейіпкер Ольганы суреттегенде оны «аспандағы ақымақ айға» теңеуі дәлел болады.
Лирика – затында адам өміріне қатыссыз бөтен дүние емес, ол адам жанынан шығатын өнер. Әрі онда көбінесе адамның ой-сезім толқындары, көңіл-күй арпалыс сәттері, арман-мүддесі мен тілек-мақсаттары жария болатын өнер болған соң, сол адамның туған, өскен ортасына деген тәуелділігі, сүйіспеншілігі көрілмей қалмайды. Суреткер ақын өнер иесі тұрғысында өзі өмір кешкен ортаның табиғат тіршілігін жырлауға, жалпыға ортақ таным-түсінік ұсынуға хақылы. Және оны сөзсіз түрде сол халықтың таным-түсінігіне сиятындай сіңімді етіп жеткізуі керек. Өйткені, халық танымына симайтын жат дүниенің ешқашан ол топырақта тамыр жайуы мүмкін емес. Сондықтан да қазақ ақындарының қай-қайсысының поэзиясын оқысаңыз да өз туған жерінің иісі шығады. Мағаздың мекен жырлары да дәл солай. Әрбір мекендік арнау өлеңдерінен ақынның туған жеріне деген бөлекше ыстық ықыласы, махаббаты бірден менмұндалайды. Анатол Франс: «Адамдар сөзі жерден пайда болған, онан жер иісі аңқиды» деп айтқанындай, Мағаздың өлеңдерінен туған жерінің жылу-жұпары аңқып тұрады.

Армысың, ата мекен әсем Ұштас,
Ақиық сен түлеткен бәсең ұшпас.
Кафказдан кем түспеген салауаты,
Емес пе аймен құрдас, күнмен тұстас.
О, қормал аба діңгек, алтын қазық,
Армысың, Байғарасаз жасыл жазық.
Менде бір орманыңның бұтағы едім,
Бере бер таусылмайтын жаныма азық.

Бұл – Мағаздың 21 жыл түрме тауқыметін тартып, бостандық алып туған жеріне оралғанда жазған арнау өлеңдерінің бірі. Ақынның «Әркімнің туған жері – мысыр шәрі» дегеніндей балалық, жастық шағының ең қымбатты сәулелі шақтарының куәгері болған туған жерін бәрінен биік қоюы, және келе сала туған жердің әрбір тасы мен суына жырмен шашу шашып амандасуы заңды да.
Мағаз ақынның мекендік арнауларының қайсысын оқысақ та бір аңғаратынымыз – туған жерге деген ыстық сағынышы, ішкі жан күйі сезіліп тұрады. Өлеңде тек мекеннің суретімен қатар адамның жан дүниесін тербейтін нәзік құбылыстар тұтаса өріліп жатады. Ондағы «сөз көбіне ойдың білінер-білінбес сыртқы қауызы ғана сияқты көрінеді де, ақынның құдыретті шабытымен кестеленген түпкі мағына сурет болып санаңа еніп, сезіміңді қалай билеп алғанын білмей де қаласың» (Классикалық зерттеулер. 20 том. Алматы «Әдебиет әлемі» баспасы, 2013 ж.113 б.). Оның «Күнгейті» (1981 жыл) атты өлеңінен осындай әсер табамыз. Оқиық:

Сағынған жүрегімді қолыма алып,
Аунасам топырағыңа жата қалып.
Ынтыққан ыстық қаным асып-тасып,
Кеудемді кірер ме екен бір-ақ жарып.

Сексен гүл, сері бұлақ, секі жартас,
Барқыт бел, балаусалы бауыры балқаш.
Қапталы қарағаймен көмкерілген,
Айғыр жал кезеңдері орқаш-орқаш.

Дариға-ай, ыстықсың-ау туған мекен,
Менің не қымбатым бар сенен бөтен?!
Қазақтың алақаны секілденіп,
Жаралған жазығыңда мін жоқ екен.

Айнадай суы тұнық қасқа бұлақ,
Сыр шертіп сыңғыр-сыңғыр тастан құлап.
Сұлудың сүйрік біткен саусағындай,
Салбырап салмаларың жатыр сұлап.
Табиғат аясындағы түрлі зат, құбылыстар ақындық шабытпен метафораланып, экспресивті күй, сезім тудырады, гүл, бұлақ, қарағай, жартас – бәрі де айырықша айқындалып, көз алдыға көркем сурет болып тартылады. Айнала, өмір – адам мен табиғат арасы ақын өлеңінде ажырамас кейіпте тұлғаланып, тұтас сұлулық әлемін құрағандай ғажап әсер қалдырады. Ол сұлулықтың аты – поэзия шеберінің құдыретімен құйылған жарасымдылық. Ал мұндай өзгеше мәнді жарасымдылық – туған жеріңнің ұлан-ғайыр уақыт пен кеңестік әлемінде, жалпы дүние болмысымен ежеттес, бауырластығын терең сезінуден келіп шығады.
Сонымен қабат, өлеңде ақын өмір сүрген өлкенің мінез-келбеті де көріледі дедік, тегінде, одан бұрын табиғаттың өзі ақын жырына мінез дарытатын секілді. Себебі, адам – табиғаттың төл перзенті, парасаты шалқар сарқылмас туындысы. Оған табиғат – тәңірі өз қасиетінен зәредей жұқтырмауы; табиғат ананың бауырында өсіп-өніп келе жатқан адам баласы өзін өсірген ортаның асылдығын бойына сіңірмеуі мүмкін бе? Әрине, жоқ. Әсіресе, қатардағы жай адам емес, сезімі ұшқыр, парасаты артық ақын атын иеленген жан айнала табиғаттың тілсім сырын түсіне білуге алдымен құлшынады, табиғаттың заңдарын өз тағдырын қорғағандай қорғаштайды. Ақынның әрбір туындысында туған жерінің табиғатына сәйкес мінез, тіпті сөйлеу жүйесі қалыптанады. Табиғаты ұқсастау өңірде жасаған ақындардың пейзаждық жырларындағы ортақ, төркіндестік ерекшеліктердің болуы міне осыдан деп қараймыз, әлбетте, бұл жалпы жағынан айтқандағысы ғой. Әйтпесе, жекелеген ақындардың өз қолтаңбасын танытатын ішкі қасиеттері мен тапқырлық, шеберліктері бөлектеніп жататыны түсінікті жай.
Пейзаждық жырларға үңілгенде бір айта кететініміз, ілгергі қазақ ақындарының поэзиясында жер-суды өлең еткен тамаша дәстүр бар. Мұның бір мысалы ретінде Ільяс Жансүгіровтың «Жетісу суреттері» атты көлемді өлеңін айтуға болады. «Жетісу суреттері» – «Жалпы сын», «Тау суреті», «Жетісудағы су суреті», «Жетісу жәндігі», «Жер түгі» тәрізді бес бөлімнен, 333 жолдан тұратын көлемді туынды. Мағаз Разданның мекен жырларында осы игі дәстүр жалғасын тапқан. Ільяс пен Мағаздың жер-суды таныстырған өлеңін салыстырып оқып көрелік:
Ільяс Жансүгіровтың «Тау суреті» өлеңі:

Тарбиған Тарбағатай – жердің құты,
Барлық – ол «қыдыр түнеп көшкен жұрты».
Оранған ақ кебенек аруақты Алтай,
Төгіліп бізге таман жатыр мұрты.

Ертеде сол асқардың сәулетіне,
Қиыспай қырғындасқан талай жұрты.
Ақшұнақ, Жабағылы, Мыңшұқыр, Таз,
Бұлардың бәрін тізген Жоңғар тұрпы.

Аршалы, Амантекше, Қарасырық,
Қараүңгір, Қалмақасу, Қаражырык,
Сауыры Салқынбел мен Сайымбөлек,
Суығы соғып тұрады аласұрып.

Қымызын сол жайлаудың ішкен кісі,
«Бәйгеге» қосады өзін таң асырып.

Мағаз Разданұлының «Туған жер – Орта жайлау» өлеңі:

Үстіне шыға қалсаң Қылыштының,
Көресің айналаңнан ырыс гүлін.
Сүйікті туған жердің сұлу көркі,
Алдыңа әкеледі жыр ұшқынын.

Үшқара, Қаңсар ары, Ертіс бері,
Дулайты, Шеңгелдісі, Қара көлі.
Жатады табаныңның дәл астында,
Буыршын бұратылған әсем сері.
Белқайың, Томарды мен Дәкен бұлақ,
Жер еді бетегелі жасыл құрақ.
Ерігіп еру елді қыдыруға,
Мінушек құрбылардан семіз сұрап.

Самырсын, Баяншоқы, Шібелеңмен,
Кетпейтін малсақтары шідері ерден.
Сонда да тай құлындап, тоқты туып,
Бойлағы шілде тумай сүбеленген.
Ільяс Жансүгіровтың «Жетісу суреттері» – хас суреткердің қаламынан туған, Жетісудың айнымас көркіндей құлпырып жайнаған, ерекше пафоспен жырланған Қазақ поэзиясының қайталанбас құнды поэзиялық мұрасы. Ал, Мағаздың жер-суды арқау еткен пейзаждық мекен жырлары дәл сол биіктеп табылып, інжу-маржаны төгіліп тұрмағанымен өзіне тән ерекшелікке ие болып, оның бұл тақырыптағы жемісті еңбегінің көрсеткіші бола алады.
Әсіресе, Мағаз Разданұлының «Қанас жырлары» атты желілес атпен келетін көлемді пейзаждық лирикасы оның суреткерлік шеберлігін, қарым-қуатын анық пәш ететін құнды туындысы болып табылады. «Қанас жырлары» – «Қанас өңірі», «Қанас өзені», «Қанас көлі» сынды үш бөлімнен 21 шумақ, 84 жолдан тұратын көлемді табиғат лирикасы. Алтайдың омырауына қадаған алтын түймедей жарқыраған әсем суретті өлеңнің «Қанас өңірі» атты бөлімінен үзінді оқиық:

Сығаласа шоқылар қар жамылып,
Сері Қанас қарайды гүл тағынып.
Бір енеге теліп ап бар көрікті,
Күн төбеде күлімдеп тұр дал ұрып.

Желпінеді осы алқап күлерінде,
Екі тілек сыйғандай бір көңілге.
Шеберсің-ау, табиғат, қыс пен жазды,
Некелеген әкеліп бір өңірге.

Тау екенсің, сарқамыр көлге жерік,
Хан тәжіндей киіпсің қардан бөрік.
Кірпігіңе мұз қатқан суретіңді,
Қуанасың күнде бір көлден көріп.

Қарғалдақ пен сарғалдақ, қызылғалдақ,
Алашадай қос таңдай балдақ-балдақ.
Бір денеге сиғызып соның бәрін,
Қоныс берген тағдыры арнап-арнап.
«Қанас жырлары» – Мағаздың пейзаждық өлеңдерінің ішіндегі ең көркем, сәулеттісі. Өзгесін айтпағанда, жоғарыда мысалға алған жолдардан-ақ оның ақындық суреткерлігінің, сыршыл сезімінің, шеберлік қуатының айқындалып жайнай түскенін байқау қиын емес.
Рас, айта кетейік: мұндай ажарлы пейзаждар Мағаздың өлең романы «Сары белде» де кездеседі. Мәселен, «Айнала шатақ» тарауында саятшылықтан оралған Бегарыс атын суытып, отқа қояр алдындағы таңғы алакеуім шақтың көрінісін былай суреттейді:
Асқардың шолпан шығып арқасына,
Таң белгі сызып аспан алқасына.
Уыстап көкжиектен жұлдыздарды,
Асығыс салып жатты қалтасына.

Немесе:

«Үзілген алақан» тарауында иен тауда қаңғырған Бегарыстың басындағы қайғылы жағдайға байланысты мұңлы пейзаждар беріледі:

Қамығып қарағайлар қарап тұрды,
Күрсініп кәрі емендер жарап тұрды.
Тал, терек, тобылғы, арша басын иіп,
Қалың құз, қалқыған бұлт қабақ түрді.
Мағаздың жалпы пейзаждық өлеңдері туралы ойымызды түйіндей келгенде, мынадай тұжырымды пікір, кесімді қорытынды жасауға болады:
Біріншіден, Мағаз Разданұлының шығармашылық бел-белестеріне көз салғанда, жасампаздығының алғашқы кезеңдерінде бірлі-жарлы (пейзаждық) өлеңдерінен өзге өрелі дүниесі болған жоқ. Екінші кезеңінде яғни түрмеде жүрген жылдарында пейзаждық туындылар тумады. Тек үшінші кезеңінде яғни ақталып еліне оралғаннан кейінгі жылдарда пежзаждық жырлар мол жазылды. Олай болуының да қисыны бар. Себебі, ұзақ жыл түрме тақсіретін тартып ауылға оралған ақын туған жеріне деген ыстық сағыншын, жалынды сәлемін өлеңмен жеткізді. Сол барыста көптеген мекендік жырлары дүниеге келді. Бұл жырларда айрықшалап атайтындай өзгеше бөлектеніп, бөгенайланып көзге түсерлік көркемдік шеберліктер жеткіліксіздеу болса да, сезімге сәуле берер сыр мол, жүрекке әсер ететін толқын көп. Ақынның елі мен жеріне деген махаббатынан туған өлеңдерінде орнымен қиысып келген қисынды көріністер, әдемі суреттер мен айшықты жолдар бар. Мұндағы ақынның көңіл-күй ауанынан туған ой толғағы, сезім бұрқағы – оның пейзаждық жырларының бағасын қымбаттатып, орнын биіктетіп тұрғаны анық.
Екіншіден, «Қанас жырлары», «Шіңгіл шежірелері» сияқты көп бөлімді, көлемді жырларында ел мен жер, тау мен өзен суреттері ақындық шабытпен ажарлы өрнек тапты. Осы өлеңдері өзге мекендік жырларға қарағанда, біршама мол ізденістің ізін танытады. Ақынның табиғат суретін берудегі кейбір ерекшеліктер – сыртқы-ішкі қабаттық яғни құрылымдық және мазмұндық сипаттарында Абай дәстүрі, Ільяс өрнегі байқалады, байқалады емес батпандап көрінеді. Мысалы: «жаншыды аспан салмағы, құмары жердің қанғанша» немесе «қартая білмес табиғат, қартайта берер пендесін» тәзірді жолдары осының дәлелі. Тіпті көптеген пейзаждық өлеңдерінде бұған мысалды қиналмай ақ таба береміз. Дейтұрсақ та, Мағаз сол ізденіс жолынан өзіндік соқпақ тапқан, өзінше өрнегін төккен суреткер ақын екендігіне күмән келтірмейміз. Әсіресе, жоғарыда талдаған «Тарих сөзі», «Дауыл» қатарлы бірқыдыру өлеңдерінде майда-шүйде ұсақ көріністердің сыртын қызықтап емес, ірі қоғамдық-әлеуметтік мәселелерге тереңдеп барып философиялық ойлар айтқанын, заман суретін сызғанын талдап таратып айтқан едік. Сол пікіріміздің шындығы мол екендігін қайталап еске сала кетеміз.
Қысқасы, Мағаз Разданұлы – өзінің ақындық өресін, суреткерлік қуат-күшін пейзаждық өлеңдері арқылы тағы бір қырынан көрсетті. Сөз жоқ, оның поэзиядағы анық басқан әрбір қадамы ұмтылмайды, өшпейді. Ақын қаламынан туған өрнекті, өміршең туындылар – қазақ халқының тозбас рухани мұрасына айналады.

Талдаубек Әшімхан

Пікір қалдыру