Менімен бірге жасасып келе жатқан соғыс

Мен 1941 жылы 22 ақпанда туыппын. Бұл – ұлу жылының аяқталар тұсы. Бір айдан кейін жылан жылы кіреді. Ұлу – өз үйін өзі көтеріп жүретін, қылығы қазаққа ұқсас мақұлық, ешкімді жәбірлемейді, жуас. Жылан – зәрлі жәндік, түсі де, жылжыған жүрісі де, қозғалмай тұрысы да, сұсы да – бәрі үрей шақырады, қорқынышты. Мен осындай бір-біріне кереғар жылдардың өтпелі кезеңінде дүниеге келіппін. Екі айдан сәл асқанымда, дәл 9-мамыр күні әкем Нұржеке әскерге аттаныпты. Бірнеше арбамен бірталай азамат Өктәбір ауданының орталығы Көктал ауылынан әскери міндетін өтеуге алғаш шақырылыпты. Әкесі Ешмұхамбет, шешесі Батпан, әйелі Әзіқан, әпкесі Тоқтар – бәрі Қойбын деп аталатын тау ішіне дейін жылап-сықтап шығарып салыпты. Ол ара – Көкталдан отыз шақырымдай жер.
«Жоқ бәлені шақырып, бекер-ақ жыладық па екен?! Қайдан білейік, «әскер» деген аты жаман ғой», – деп апам үнемі өкіне еске алып отыратын еді.
Тағдыр деген – өкінгеніңе, өксігеніңе қарамайтын қатал нәрсе, оған болаттай берік болудан басқа амал жоқ. Атам мен апам да тұйыққа тірелген тағдырларына төзуден басқа амал таппаған болу керек. Екеуі он жеті перзент сүйіпті. Он жеті! Он жетіден өсіп жетілгені – үш қыз, бір ұл. Ұлы – менің әкем Нұржеке, қыздары – әкемнің әпкелері – Жібекен, Кітәпжән, Тоқтар. Жібекенін мен көргем жоқ, ерте қайтыс болған ба, қаш-қаш кезінде Қытайға ерте өтіп кеткен бе, ол жағы есімде жоқ. Арғын жігітке тиген екен, оны апам: «Шырағым-ай! – деп, жақсы көріп еске алатын. – Той думанның гүлі еді, домбыра тартып, дуылдатып отыратын.
«Есіл қайда, ел қайда, Нұра қайда?
Жөн болсын деп, бір адам сұрамайды.
Қаза жетіп, жат жерде өле кетсем,
Бауырымдап бір адам жыламайды», – деп, бәрімізді жылатушы еді, – дейтін. Кітәпжән әпкемді көрдім, 1957 – жылы отбасымен Қытайдан өтіп келіп, Басши деген ауылда кейін қайтыс болды. Отыз екінші жылы арғы бетке өтіп кеткен екен.
1916 жылғы елдің Қытайға үркіуін атам: «Алғашқы қаш-қаш», 1932 жылғы ашаршылықтан қашуды «Екінші қаш-қаш» деп отыратын. «Сол ашаршылықтың қаш-қашында мен жеті баламнан айырылдым, інім Баймұқа сегіз баласынан айырылды», – деп күрсінетін атам. Тоқтар тәтем де күйеуі Қашау екеуі Қытайға қашқан екен, жолда комәтіретінің бастығы Кітәпбек атамыз топ қашқынды ұстап алып, қарттарын жіберіп, жастарын алып қалыпты. «Кемпір-шал кете беріңдер, жастар елге ие болады», – депті. Тәтемнің күйеуі сол жылы ауырып өледі де, тәтем кейін соғыстан қайтқан Билән деген кісіге тиеді. Соғыстан жаралы қайтқан Билән қайтыс болған соң, әке-шешесінің қасында менімен бірге болды.
Әкем шешеме 19 жасында, жайлауда – Үш Судың Құйғаны деп аталатын жерде үйленіпті. Мен келесі жылы ақпанда туыппын, 22-сі деген дерек дәл емес көрінеді, алайда ақпанның екінші жартысы екені анық екен. Өйткені менімен құрдас Нөрә деген қыз да ақпан айында менен бір апта бұрын дүниеге келіпті.
Апам әкемнен кейін тағы бір ұл тауыпты, оның атын Әтіке қойыпты. Біздің жақта Нұржеке де, Әтіке де атақты адамдар. Екеуі бірлесіп, орыс қоныстаныушыларына қарсы шыққан батырлар. Әтікені орыс әскерлері Китің деген жердің төменгі жағындағы Күркілдек аталатын жерде жаралап, ол содан Қу Еспе деген жерге жетіп, қансырап өледі. Бейіті Қу Еспе сайының аузындағы қорымда. Ал Нұржекені Итжеккенге айдайды, бірақ ол одан қашып шығып, елге келген соң барып қайтыс болады. Бірақ қайда жерленгені белгісіз. Атам өзінің екі ұлына осы екі батырдың есімін берген. Әкемнің інісі Әтіке жас кезінде қаза болады. «Өзімнің көзім тиді», – деп отыратын апам. – Кешкі мезгіл қой сауып келе жатсам, Нұржекемнің қасында маңдайы жарқыраған бір бала келеді. Өз баламды өзім танымай қалып, «Апырмау, Нұржекемнің қасында маңдайы жарқырап келе жатқан кімнің баласы?» – деп таң қалып ем, ертесі Әтікем аяқ асты ауырды да, қайтыс болды», – деп кемсеңдеп отыратын еді. Атамның саяси көзқарасы балаларына ат қойуынан-ақ белгілі деп ойлаймын. Өзінің әкесі Тұрған атамызды екі орыс әскері атып өлтірген. Ол атамыз атпоз кісі екен, Белжайлауда екі жүйрігін орыстарға бермей алып қашады, екеуі қуып жетіп, Аршалыбеткей деген жерде атып өлтіреді. Күйеуінің артынан қуып барған Өскелең әжеміз күйеуінің шұрқылтайынан оқ тиіп жатқанын көріп, ат үстіндегі орыс әскерін ерден жұлып алып, тізесіне басып қылғындырғанда, екінші әскер келіп мылтықтың дүмімен әжемізді тізеден ұрып талдырып тастайды. Содан әжеміздің оң тізесі шор болып қалады. Өскелең де, одан үлкен әжеміз Әжікен де – екеуі Құлжа маңындағы найман қыздары. Әжікен әжеміздің күйеуі Тілеулі атамыз би болған кісі екен, үнемі түзде жүргендігінен, ауылдың бар тірлігін әжеміз Әжікен басқарса керек, өзге ауылдан бозбалалар қымыз іше алмаса, «Әжікем ауылына барсақ, о кісінің қымызы бітпейді», – дейді екен. Жомарт, қолы ашық кісі болыпты.
Әкесін орыс әскері атып кеткенде атам екі жастан асқан екен, бұл 1881-жыл: Петербург келісімі бойынша, Көкталдан Қорғасқа дейінгі жердің қазаққа қайтарылған кезі.
Тұрған атамыз өлген соң Өскелең әжеміз Тұрғанның сыңары Төлешке тиген, атамның Үминә атты қарындасы Тұрған атамыз атылған жылы дүниеге келсе керек. Ешмұхамбеттің Төлеш атамыздан Баймұқа, Шалтай, Айдарбек, Қали атты інілері болған. Мен олардан Қали ағаны ғана көрдім. Өскелең әжеміз өте қарулы, балуан кісі екен, қызы Үминә да, ұлдары Шалтай да, Қали да балуан болған. Қали аға соғысқа қатысып, содан оң қолының үш саусағынан айырылып келген кісі еді. Сол түрімен-ақ күреске түсіп, бұқа тартысқа қатысып, ылғи жүлде алып жүргенін талай көрдім. Асау үйреткенде, атты құйрығынан тартып, тақымына басып, тырп еткізбей қоятынын да көрдім. Атам да, Қали аға да бәйгіге ат жарататын.
Ақжазық ауылын ұйымдастырған Кітәпбек атамыз менің атамды өз атымен атамай, Тілеулі деп, үлкен атасының атымен атайды екен. Сірә, атамды да, оның би болған атасын да сыйлағаны болса керек.
Қысқасы, атам мен апамның өмір дерегі осындай болатын. Әкем олар үшін бірден-бір еркек кіндік, ұрпақтарын жалғастыратын жалғыз жалғауыш болатын. Сол жалғауыштың бейбіт заманда әскерге алынып, бірақ барар жеріне жетіп үлгермей-ақ соғыстың басталып кетуі екеуі үшін тірі тозақ болмағанда не болсын?!
Ә дегенде бір хат келіпті. Ауылдың ең басында отыратын Ақтайлақ атты зергер кісіден таратып, ауылдың үлкен-кішісіне өлеңмен хат жолдапты. Ол хатты әлденеше тыңдадым. Қали ағаның үлкен ұлы Иманберді ағамыз ел-жұртты жылата отырып оқып беретін. Иманберді тоғызыншы сыныпта оқып жүргенінде аттан жығылып, сынған аяғын сынықшылар дұрыс сала алмай, содан ақсап қалды да, артынан құрт ауруына ұшырап мен бірінші сыныпқа барғалы отырған жылы қайтыс болды. Сурет салатын. Үйдің қабырғасына салған шымшық торғайы дәп бір тірідей көрінетін.
Қали ағаның Ақжазықтағы үйі мен біздің үйдің арасы, шамамен, жүз елу метрдей ғана еді. Балдақпен келіп, анда-санда әкемнің өлең хатын Иманберді оқып беріп қайтатын. «Мектепке барған соң әкеңнің хатын өзіңе берем. Атаң мен апаңа өзің оқып беріп отырасың», – дейтін. Бірақ олай болмады, Иманберді қайтыс болды да, құрт ауруы жұғады деп, Нұрбәтимә шешеміз өлеңді де, киім-кешегін де өртеп жіберіпті. Иманберді көктемге салым дүниеден өтті. Ер кісілер алыстан бауырымдап, ат қойып келетін ол кезде. Мен кісілердің атын ұстап, мамағашқа, кермеге байлап тұрдым. Бауырымдап келгендер аттарынан түсе сап үйге кіріп кететін.
Атам мен апамның айтуына қарағанда, өлеңмен жазылған хаттан соң да тағы бір хат келген. Онда әкем: «Сағынғанда көріп жүрейін, фотосуреттеріңді салып жіберіңдер», – депті. Көкталға барып, атам мен апам, шешем және шешемнің досы Бәтен деген әпкеміз – бәріміз суретке түсіппіз. Сол арада тағы бір хат келген бе әлде алдыңғы хатта айтқан ба, есімде қалмапты, «Бізді бір жаққа алып жүрді, барған жерімізді айтып хат жазармын, суретті сол жерге саларсыңдар», – депті. Бірақ барған жерін айтқан хат болмапты. Атамның алдында жалаңбұт отырған бес айлық бала сексеннен асты, бірақ әкем жазған ол хат әлі келген жоқ. Сол жазылмаған хат біресе күдікті күшейтіп, біресе үмітті күшейтіп, атам мен апамды, шешемді, тәтемді – бәрін өле-өлгендерінше алдарқатып өтті.
– Балам тірі, піленде ме, біз білмейтін бір елде ме, тірі жүр, заман түзелсе, келеді, – дейтін апам.
– Айтқаның келсін! – дейтін соны естігендердің бәрі.
Үмітті сөндірмейтін себептер де болды. Ауылда түйе бағатын Тоқтарбек Мыңбаев деген кісі болды. Соғыста тұтқынға түсіп, одан елге келген соң сотталып, біраз көресісін көрген кісі екен. Қали ағамен құрдас еді, ауылда сан рет көрдім. Ол кісі де Балтық бойында соғысыпты. Атам мен апама: «Тұтқында бізді айдап келе жатқанда, қарсы жақтан Нұржекені де айдап келе жатыр екен, екеуміз бір-бірімізге қас қағысып қана өте шықтық», – депті түйеші ағамыз. Оны естіген атам мен апам: «Шырағым-ай, тірі екен ғой, қай елдің қай жерінде жүр екен?» – деп, балаларын тірі көрерміз деп дәмеленді.
Біз қазіргі Кітәпбек көшесінде отырған кезде Тоқтарбек ағаның басы бір бәлеге шалынды. Түйе бағып жүріп, бір қоймаға тап болады. Жарқора, Ыршыуық деген жерлердің айналасы қызыл керіш, ұңғыл-шұңғылы көп. Соның бір жеріндегі қоймадан киіз үйдің мүлкін, жарқ-жұрқ етіп жатқан бұйымдарды көріп, Тоқтарбек аға қорққанынан үңгірге кіре алмай, тек көріпті де, кетіп қалыпты. Ол әңгіме әуелі ауылға, іле-шала дүңк етіп ауданға да жетіпті. Содан екі милисә жетіп кеп, Тоқтарбек ағаны әлгі қойма жатқан жерге апарса, алтын тұрмақ, тас та жоқ, тек әдемілеп тоқылған шиді ғана табады. Барғандардың ішінде Қали аға да болады, өйткені ол Жамбыл атындағы калхоздың мал фермасын басқарады ғой. «Алтын қайда, өзің бір жерге тығып қойған шығарсың?» – деп, екі милисә Тоқтарбек ағаның өзін қамап тастамақ болады. Содан о кісі қашып, бір айдай ауылға көрінбей кетеді. Ол шиді мен Қали ағаның үйінен көрдім, өте әдемі тоқылған, қызыл-жасыл өрнекті еді. Содан Тоқтарбек аға өтірікші атанды да, оның атам мен апама айтқан әңгімесін де ел өтірікке сая бастады.
Ол саябырси бергенде, тағы бір әңгіме дүңк ете қалды. Ол әңгіме Аққұдық ауылынан жетті. Қорғас заставасында істейтін бір жігіт естіпті, өр жақтан келген бір офицер: «Тұрғанов Ешмұхамбет қайда тұрады? Мен оның баласы Нұржекемен бірге әскерде болып едім», – депті.
Үмітті демеу қылып жүрген әке-шешеге бұл хабар шүйінші сұрағанмен бірдей емес пе? Шамамен, мен ол кезде он жастамын. Атам мен апамның әбігерленіп, жүздеріне қан жүгіріп, әлденені арқаланып, жайраңдап жүргені көз алдымда. Бірақ «Нұржеке тірі екен!» – деген хабар бүгін де, ертең де, одан кейін де, талай-талай жыл өтсе де дүңк ете қалмады. Екеуінің үміттері де шаршай бастады-ау, сірә?!
Бір күні таңертең төсекте жатқан мені құшақтап, «Әй, менің шешемді құшақтап жатқан мынау бөтен еркек кім?» – деп, Нұржекем кіріп келер күнді көрер ме екем, көрмес пе екем?» – деді апам күрсініп. Шыдамның да шытынай бастағаны ма екен, кім біледі?
Мен апам қайтыс болғанша, атам мен апамның ортасында жататынмын. Оның кей жағдайын кей шығармамда жазған да шығармын. Бір күні атам: «Нұржекем айтушы еді» –деп, бір әнді ыңылдады. «Әридәш-ай, әридәш-ай», – деп аяқтады. «Олай емес, былай» – деп, апам оны түзетіп, өзінше айтты. Апам енді өлеңін анықтап айтты:
– Аулыңа барайын деп, бара алмадым,
Шеңгелге бара жатып арандадым.
Қоршаулы төңірегің, төбең ашық,
Жатады төңіректеп қара орманың
Ахау, екі жирен,
Жалын түйген
Жалғанда жалғызымсың-ау жаным сүйген,
Ахай, ахай, әридәшім-ай! – деді де, Шырақтарым-ай!
– деді күрсініп, – алтау-жетеуі отыра қалып домбыра тартқанда, бүкіл ауылды бастарына көтеретін еді. Шолақ боп оралған Досаннан басқасы келмеді. Нұржекемнен басқасы үйленіп те үлгермеді.
Әскерге әкеммен бірге кеткен жеті жігіттің атын екеуі атап-атап еске алып шықты. Олардың айтуынша, бәрінің бауырлары бар екен, тек Рақыш апамыздың жалғыз ұлы Ұзақ қана бауырсыз, бір өзі екен. Ол апамыз екінші көлденең көшенің ең батыс шетіндегі бұрын біз отырған үйде жалғыз өзі тұратын. Кейде үйінің төбесіне шығып, бар даусымен көкке қарап қарғанатын:
– А, құдай! Көзі жоқ соқыр, құлағы жоқ шұнақ құдай! – дейтін өне бойыңды түршіктіріп. – Мені неге алмай жүрсің? Ұзағымды алған құдай, неге мені алмай аяп жүрсің? Естимісің, құдай? Ал мені, ал! Қу бас қып күнде өлтіргенше, бір-ақ өлтір! – дейтін.
– Тілі тиіп кетіп жүрер, Рақыш апаңның үйіне жақындама! – дейтін атам да, апам да. Соғыстың өзін көрмесек те, Рақыш апамыздың әлгі қылығы соғыстың қасіретін елестететін. Бірақ біз бірін түсінсек, бірін түсінбейтінбіз.
2000 жылы күзде, алпысқа келер алдында, әкемнің әпкесі Тоқтар тәтеме бір тілек айттым: «Мен енді бес айдан кейін алпысқа келем. Әкем тірі болса, ендігі бір хабарын білер ек. Өзің барда әкеме ас берейін», – дедім. Тәтемнің мінезі өте күрделі мінез еді, құптаса да, құптамаса да, тәуекел деп, бекініп отырғам. «Берсең бер. Сен бермегенде, енді кім береді?!» – деді.
Тәтемнің үйі Жәркентте, менің үйім Алматыда, асты Қали ағаның үйінде беретін болдым. Ол кезде атам мен апам тұрмақ, Қали аға мен Нұрбәтимә шешеміз де, өз шешем Әзіқан да о дүниеге аттанып кеткен. Қара шаңыраққа ағаның баласы Нұрбек ие болып отырған. Алматыдан келетін достарыма беделік ішіне киіз үй тіктік. Атам мен апамның, әкем мен шешемнің көзкөргендері ауылда әлі баршылық еді, жетпей қалмасын деп, жылқы да, қой да сойғыздым. Ол кезде ауыл басшысы Дүңгенбек деген Ноғатбай атамыздың баласы еді. Еңбегінің арқасында Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты болған, менен екі жас үлкендігі бар адам-ды. Қосқаным деп, Дүкең де бір жылқыны қосымша сойғызды. Інілерім Сұлтанбек пен Амантай күтпеген сый жасады маған. Ауылда Әспет деген әпкеміз бар еді, со кісі әкемнің өлең хатынан бірер шумақты әлі есінде сақтап жүр екен, соны баспаханаға тергізіп, әйнекке салып әкеп берді. Өлең хаттан есте қалғаны мынау:
– Ауылдан біз шыққалы екі ай болды,
Аралап талай жерді көзім көрді.
Аралап талай жерді көрсем дағы,
Арттағы көп сағындым туған жерді.
Латвия біз келгенде аман еді,
Қызықты ойын-күлкі заман еді.
Араға екі-ақ күнді аралатып,
Фашистер самолетпен жетіп келді.
Самолет қарғадай боп қанат қақты,
Тарсылдап жерде мылтық атып жатты.
Қарамай атқанына ит фашистер
Пойызға екі бомбы тастап кетті.
Тарылды-ау осы кезде заманымыз,
Болмады-ау тығылатын қорғанымыз.
Салған соң құдай басқа амал қанша,
Жалғыз тал сонда болды-ау қамалымыз.
Камандир талдан шығып шолу берді,
Ағылып Рига жақтан пойыз келді.
Ағызған қанды қанға сұм фашистер,
Пойызға отырғызып біздерді ап жөнелді.
Қаласы Остошкының келіп түстік,
Дем алып, сол арада тамақ іштік.
Қарындас, аға-жеңге еске түсіп,
Қапа боп қайғыменен күйіп пістік.
Бұл үзіндінің өзінен де талай мәлімет алуға болады. Апамның жады өте жақсы еді. Бәлкім, баласының өлеңін түгелдей жатқа білген де шығар, бірақ неге соны маған жаздырып қоймады екен, білмеймін. Ал әкем жазған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын көзінің қарашығындай сақтап, дәптерді баласының бетін сыйпап отырғандай сыйпап, ақ матаға орап сақтайтын. Ол дәптерді мен де сыйпалап, әлі қастерлеп сақтап жүрмін. Әкем оны сияға малып жазатын қаламұшпен әдемілеп, латын қәрпімен жазыпты. Дәптердің ашық қалған соңғы беттеріне әпкеміз Қайыпбек қызы Әзине бірер шумақ өлең жазып қойыпты. Әзине әпкеміз Нұржекеден кіші еді. «Ойбай-ау, оның ұл, өзімнің қыз екенім ойымда да жоқ, Нұржеке қайда барса, кімге барса да, қасынан қалмаушы едім», – деп отыратын. Мен 9 сыныпқа дейін (ол кезде «класс» дейтінбіз) тек «беске» оқыдым, тіпті тоқсанға да «төртке» шықпайтынмын. Оны атам айрықша мақтаныш қылатын.
Ауданның орталығы Көктал мен біздің ауыл Ақжазықтың арасы бес шақырымдай жер. Бесіншіден 10 сыныпқа дейінгі барлық бала жаяу барып-келіп оқимыз. Екінші ауысымдағы балалар қыста қараңғы түскенде үйге оралады, ал таңертеңгі ауысымдағылар дала қара көлеңке кезде шұбырып Көкталға қарай бара жатады. Біздің үй ауылдың өргі жағында. Бізден жоғарыда бір ғана көлденең көше бар, ол жақтан 4-5 қана оқушы шығады. Ауылға радио, жаңылмасам, не 1952, не 1953-жылы ғана келді. Әр үйде бір-бір қара табақ секілді радио бар, біз отырған тік көшенің бойында екі жерде далада тұратын. Сол радиолар таңғы алтыда әнұранды ойнағанда, Көкталға баратын бүкіл оқушы орнымыздан ұшып-ұшып тұрамыз. Апам одан бұрын түрегеліп, менің таңғы шайымды даярлап қояды. Апыл-ғұпыл іше бастаймын. Сәлден соң бүкіл көше ысқырыққа толып кетеді. Апыл-ғұпыл киініп сыртқа шыға сап мен де ысқырам. Улап-шулап Әлтай ағаның үйі алдындағы дүкеннің қасына жиналамыз. Ол ара тік көшенің бел ортасы. Қысы-жазы жолды Дүңгенбай, Қасен, Тоғыжан, Әбілдә деген ағаларымыз бастайды. Қыста қарды таптап жол ашады. Олардан соң Мақан, Иманбек, Ескелді құралпы кіші ағаларымыз жүреді. Араларында Қаншай, Зарауқа, Бүбізай, Жамихан секілді әпкелеріміз бен біз қатарлы бірер қыз да болды. Шұбатылған топтың ең соңында Үкән (Нүкен), Телтай, Балтабай, Марқысым, мен секілді құлын-тайлар тапырлап және жәй жүрмей, бір-бірімізді итеріп, қыста ізсіз қарға қарай қағып-соғып бара жатушы ек. Біздің бауырмал болып өсуімізге, сірә, сол жағдайлар да мол септігін тигізген болар деп болжаймын. Ағаларымызға біз қатты арқа сүйейтінбіз, олар барда батыл, олар жоқта жуас едік. Көкталдың кіреберіс шетінде қаптаған шешендер тұратын. Олардың балалары өте озбыр келетін, біздерге күш көрсетпей, қатты мазамызды алатын. Ал ағаларымыз барда олардың үлкені де, кішісі де маңымызға жоламайтын. Өйткені ағаларымыздың бәрі шетінен төбелескіш еді, шешендердің ешбірінен жеңілмейтін. Келе-келе ағаларымыз шешен жігіттерінің үлкендерімен тату-тәтті дос болып кетті де, біз жалғыз-жарым да қорықпай жүре беретін болдық.
Кешкісін Көкталдан қас қарая оралсам, қашаның сыртынан арсалаңдап, алдымнан Таймас атты күшігім бірінші шығатын. Екі алдыңғы аяғын тіземе қойып амандасатын. Төбесінен сыйпап, «Таймасым менің!» – дегеннен соң ғана тіземнен аяғын алып, қасыма еретін. Қашадан өте бергенімде, Мәшә атты сары мысығым ыршып иығыма шығып алатын. Таймас одан мені қызғанып, шыр айналып, ананы иығыңнан түсір дегендей қылық көрсететін. Мәшәні бір қолыммен, Таймасты екінші қолыммен сыйпалап келе жатқанымда, дәл менің алдымнан апам шығатын. «Аман келдің бе?» – дейтін келіп тұрғанымды көріп тұрса да. Үйде дастарқан жайылған жозының бір шетінде кесемен шай ішіп атам отыратын. Атам көзімен ғана сөйлеп, үндемейтін. Мәшәнің менімен бірге үйге кіріп, өзінің есік алдында қалғанына күйініп, Таймас есікті сыртынан тырмалайтын. Апам қолыма бір тілім нан ұстатады. Мен оны Таймасқа тастаймын, сонан соң ғана тынышталады. Беті-қолымды жуып, мен де атам мен апамның ортасына келіп отырам. Сірә, қарным ашып келетін болу керек, бәрін ұмытып, жозының астына аяғымды созып жіберем де, нанға қолымды созам. Апам сол кезде үндемей ғана қасындағы асадалдан алып, жозының үстіне бір тақсы (тәрелке) май қояды. Атам көзінің астымен ғана апама бір қарап қояды да, үндемейді. Апам тағы маған бір құрт беріп, ортаға бір кесе шекер қояды. Атам тағы да кемпірінің бетіне көзінің астымен ғана бір қарап қояды. Мен соның бәрін бақылайтын зәлім едім, соны байқатпай көріп отырғанымның өзі маған айрықша қызық еді. Әсіресе атамның көз қиығымен кемпіріне қарайтынын мен қәзір ғана түсініп жүрмін: ренжіп емес, риза болып қарағаны екен ғой.
Бір кезде аузыма апара берген кесем аузымнан асып мұрнымнан жоғары көтеріліп кетеді, атам оған мырс ете қалып, «Берші анаған бірдеме», – дейді маған. Мені ұмытып кеттің бе дегендей, Мәшә тұмсығымен шынтағымды түртіп қалғанда, қолымдағы кесем мұрныма дейін көтеріліп кететінін атам күнде көрсе де, күнде мырс етіп күледі. Атам, жалпы, Таймасты да, Мәшәні де сыйпалап еркелетпейді, бірақ екеуіне де ешқашан жекімейді. Олардың мені жақсы көретіні мен оларды менің жақсы көретінім атам үшін басты шарт.
Атам мен апамның мен ешқандай кемшілігін білмеймін, олардың барлық қылығы мен үшін тек ерекшелік.
Атам мен алтыға толғанша калхоздың жылқысын бақты. Жазда жайлауда, қыс қыстауда боламыз, мен алтыға келгенше көше-көше болып отыратын ауылды көрмеппін. Алғаш көргенімде, соншама көп үй мен соншама көп адамға қатты таң қалдым. Атам мен Қали аға базарға апарғанда, Ақжазықтан төрт-бес есе үлкен Көкталды көріп, тіпті таң қалдым. Жеке атқа мініп, жеке келе жатқан мені көріп, Көкталдың адамдары да маған маймыл көргендей қарасты. Онысы атама ұнамады. Қали аға екеуі екі жағыма шығып, мені орталарына алып, жұрт көрмейтіндей етіп жүрді.
Біз бір жылдай Ақжазықтың шығыс жақ шетіндегі көлденең көшенің ең батыс шетіндегі екі ауызды үйде отырдық. Сонан соң ол үйге Рақыш атты апамыз жалғыз өзі кірді де, біз сол көшенің шығыс жақ бетіндегі іргелес екі үйдің батыс жағындағы екі ауызды үйге кірдік. Ал шығысындағы екі ауызды үйде Үсен болыстың Әбдібек деген баласының әйелі Айша тәтеміз бір ұл, бір қызымен тұратын. Бір күні мен әлі күнге дейін толық түсінбейтін бір жағдай болды. Тоқтар тәтем ол кезде колхоздың мал пелшірі болатын, көбінесе малшыларды аралап кетеді. Атам да үйде жоқ болатын. Апам бір жақтан өң жоқ, түс жоқ, қатты абыржып оралды. Мен сабақ оқып отырғам. Жалт қарадым да, зәрем ұшып кетті. Апам көзі көрмей қалған кісіше аяғын апыл-тапыл басып келеді. «Мынау кімнің үйі?» – деді өз үйін өзі танымай. Апамды бас салдым. «Апа, бұл өзіміздің үй», – дедім құшақтап. Сол сәтте үйге Айша тәтем кіріп келді. О кісі де бір сұмдықты сезе қалды. «Апа, не болды?» – деді қолынан ұстап. «Мынау кімнің үйі?» – деді апам тағы да. «Ойбай-ай, құдай-ай, апа, былай жүріңізші!» – деп, апамды төргі бөлмеге жетектеп кірді. Дереу төрге көрпе төсеп, жастық жастанып, апамды жатқызды да, үстіне бір көрпе жапты. «Мынау кімнің жүгі? Анау кімнің киімі?» – деп, апам босағада тұрған өз шапанын нұсқады. «Апа, үндемей ұйықтаңызшы! Шаршап қалдыңыз ғой. Үй де сіздікі, шапан да сіздікі», – деді Айша тәтем жыламсырап. Мен түйіліп, не жылай да алмай, не сөйлей де алмай, сілейіп тұрдым да қалдым. Айша тәте: «Апаң шаршап қалған ғой. Қазір ұйықтап тұрса, бәрі орнына келеді», – деді мені бауырына басып. Апамды көрпесінің сыртынан сыйпалап Айша тәтем ұзақ отырды. Мен шошайып қасында отырдым. Апам ұйықтап кетті. Айша тәтем біз шығып кетейік деп ымдады, екеуміз ауызғы үйге шығып отырдық. Мен жаны бар, бірақ ақыл-есі жоқ адам сыйақтанып, ештеңені түсінбей қалдым. Айша тәтем бірнеше рет кіріп-шығып, апамның жағдайын әлсін-әлсін біліп қайтады. «Қубас» дегенді көтере алмай қалды-ау!» – деді бір кезде өзі өзіне күбірлеп. Соған қарағанда, апам мен әлдекімнің арасында болған кикілжіңді о кісі білген секілді. Артынан ана сұм сөзді апама айтқан адамның атын да айтты. Менің бала жүрегім алғаш рет шошып, алғаш рет сонда шаншыған шығар, сірә?!
Он жеті құрсақ көтерген Анаға ең жақын келінінің қалайша «қубас» дегенін, соған қалай аузы барғанын мен ол кезде де түсінбедім, қазір де ақылым жетпейді. Мен бірақ бұл жағдайды ешкімге сыр ашып айтқан емеспін, Айша тәтем де аузынан шығармаған секілді. Кей сырды сөйтіп ішіңде өлтірмесең, ағайынның арасы ала ғана емес, нала да емес, тек жауласумен өтеді. Айтқан кісі де естіген кісі де о дүниелік болып кеткен соң ғана алғаш рет ашық айтып отырмын.
Егер сол кезде үйге Айша тәтем кіріп келмесе, мен жалғыз болсам, жағдайдың немен бітетінін бір құдай білмесе, мен білмеймін. Ұйықтап қалған апам әлден уақыттан кейін түк болмағандай оянды. Айша тәтем шай қойды, үшеуміз шүйіркелесіп отырып шай іштік. Айтуға адам аузы бармайтын ауыр жағдай бар-жоғы бірер сағатта сап бітті. Менің алайда өмір бойы көз алдымда, санамда, ұмытылмайды, ұмыта алмаймын, бірақ ешкімге кегім жоқ, аянышым ғана бар. Апам шеккен жан ауыртпалығын өзім қартайған сайын қазбалап түсіне бастағандаймын. Менің ойымша, апамның да, атамның да қайғы-мұңы – екінің бірі түсіне бермейтін, түсіне алмайтын қайғы-мұң. Апамның ішінде мен білмейтін, айтылмаған, ашылмаған қаншама мұң, қаншама зар кеткенін бір құдай біледі. Қайран темірдей берік апам-ай! Апама сүйеніп, өзінің мұң-зарын ішіне сыйғызып өткен үндемес атам-ай! Құдайдан кейінгі екеуіңді темірдей еткен, өмірден түңілдірмей, үміт үздірмей 77 жыл жасатқан ерекше күш мен болғанымды ол кезде мен білмедім де, бағаламадым да ғой. Қайран қос әулием-ай!
Мен, жалпы, тас мінезді бала болған сияқтымын. Өмірі үйге жылап келмейтінмін. Жейтін таяғымды сыртта жесем де, атам мен апама ешкімді жамандап көрмеппін. Әлім жеткенмен жағаласып, әлім жетпегенінен жыламай таяқ жеп қалатынмын.
Алты жасымда көрші үйдегі бір ағам жағымнан салып кеп қалды. Қызын жылатып қойғаныма жазықтымын деп санадым ба екен әлде атам мен апамның да оған әлі жетпейтінін ойладым ба екен, үн-түнсіз ауыл шетіндегі Әшірарықтың суына барып бетімді жуып, ызамды бастым.
Адамның көбі өзін ақтай сөйлеуге бейім. Менде де ондай мінез бар шығар. Әшірарықтың жағасына келіп біраз ойландым. Тастарды асық қылып ойнап тұрғам. Сақа таспен көндегі тастарды көздей бергенімде, көршінің менен бірер жас үлкен қызы көндегі тасқа қолын соза берді, менің қолымдағы сақа тас қыздың бетіне барып сарт ете қалды. Баж еткен қызын көрген әке келген бетте мені салып кеп қалды. Кім жазықты? Бір ойласам, үшеуміз де жазықты сияқтымыз. Бір ойласам, мен ғана жазықты сияқтымын. Бірақ менің де баж ете қалмағаным қандай жақсы болды? Соным қандай сәтті қылық болған! Үйге жылап келсем, екеуі соғысқа кеткен баласын еске алып, өз дәрменсіздіктеріне өздері налып, әбден берекелері кетер еді ғой. Қайғыларына қайғы жамар едім. Маған шыдам берген құдайға мың алғыс!
Көп адамның екі беті болады: бірі – елге көрсететін беті, екіншісі – өзі ғана білетін жасырын беті. Оны қазақ «екі жүзді адам» дейді. Ондай адамдар жақсы сөйлеп, жаман қылықтарын елге білдірмей жүре береді. Мен сондайлардың сан түрін көрдім: алдыңғы ағаларымнан да, қатарлас замандастарымнан да, соңымнан еріп келе жатқан кішілерден де. «Мал аласы сыртында, адамның аласы ішінде» дегенді қазақ бекер айтпаған. «Адамды адам түсіну – бір ақырет», – дейді ғой Мұқағали да. Сол ақыреттің біразын бастан кештім.
Бір күні ауылға ауданнан кино келді. Кешкісін көппен бірге мен де бардым. Есіктің ішкі жағында біргәдір ағамыз тұр екен. «Сен тоқта! – деді маған. – Сенің үйіңде ешкім калхоз мүшесі емес, сен кірмейсің», – деді қолымен мені кері итеріп. Шіркін-ай, сегіз жасар бала едім. Әйтпесе дәл шықшыттан әлгі ағамды перер ме едім, кім біледі? Жағаласқам да жоқ, тіл де қайтарғам жоқ, үн-түнсіз бұрылдым да шығып кеттім. Біздің Ақжазықта ол кезде бірер үй болмаса, бөтен ұрудан ешкім жоқ, бәріміз Солтанғұл деген шалдың баласымыз. Әлгі біргәдір ағам атам мен апамның алдында зыпылдап-ақ жүретін адам еді, аяқ асты неге өйте қалғанын түсіне алмадым. Құлыптың алдында кішігірім бақ болатын, ел кинодан шыққанша соның ішінде отырдым да, елмен бірге үйге қайттым. Апамның шайы қашанда әзір, түк болмағандай күліп-ойнап отыра бердім. Екі жүзді ағамның қылығына қарай мен де екіжүзділік жасауды үйрендім.
Мен бастауыш мектепте жүрген кезімнен бастап колхоз жұмысына араластым. Дұрысы – мені еріксіз араластырды. Жазғы демалыста Қайшының белі дейтін жерде отырған Қали ағаның үйіне кеткем. Ағамның Иманбек атты баласы менен үш жас үлкен еді, соның қасында қой бағысып жүргем, екеумізде де ат бар. ХІХ ғасырдың соңында салынған Ақ күмбез немесе Қос Күмбез бейітінің батыс жақ бетінде қой жайып жүргеміз. Иманбек екеуміз біраз уақыт топыраққа пышақ шаншып ойнадық та, қой ұзап кеткендіктен, асығыс атымызға қарай жүгірдік. Атым беткейде жайылып тұр екен. Аяғымды үзеңгіге салып, енді міне бергенімде, бетегеден оң аяғым тайып кетіп, сырғанап аттың бауырына кірдім де кеттім. Сол аяғым үзеңгіге ілініп қалды. Ат мені сүйрей үрке жөнелді. «Өлдім!» – дедім. Алдыңғы жылы ғана ауылымыздың бір қызын дәл осындай жағдайда ат сүйреп өлтірген-ді. Ажалым жоқ екен, арқам жерге тигенде, сол аяғым үзеңгіден сыпырылып кетті. Бір сәттің ішінде бүкіл дүние бір аунап түскендей көрінді. Иманбек қасыма жетіп келіп, «Тұр, жығылған жеріңде көп жатпа!» – деп, тұрғызып алды. Өзі де, көзі де дәу болушы еді, шарасынан шығып кете жаздады. «Ойбай-ай, құдай сақтады-ау! Байқамадың ба?» – деп жатыр.
Ертесі ауылдан біргәдір келіп, бір мәшинеге салып, мен сияқты демалып жүрген бес-алты баланы орталыққа алып кетті. Шөп шабысқа адам жетпей жатыр екен. Ауылдың Әшірарық жақ шетіне әкеліп, бәрімізді мәшинеден түсіріп тастады. Қали ағаның беріп жіберген қоржынын мойныма артып, үй жаққа беттей бергенімде, ең шеткі үйдің екі иті абалап алдымнан шықты. Біздің үй – содан кейінгі үшінші үй. «Кет-ей! Кет!» – деп, мен жерден еңкейіп тас алып лақтырдым. Екі ит одан бетер арсылдады. Кенет бір ит шыға келді де, әлгі екі итті де кеудесімен соға-моға жығып, маған қарай ұмтылды. Өзімнің Таймасым. Арсалаңдап, аяғыма оралып аймалап жатыр. Мен де қоржынымды қойып, құшақтап, еркелетіп, әбден риза болдым. Кейде адам иттік жасаса, кейде ит те адамдық жасайды екен.
Мен қазір қанша Таймасым, қанша Мәшәм болғанынан өзім де жаңылып қалдым. Ең алғашқы итімнің аты Маңғасқа болатын, атын, сірә, атам қойған болу керек. Одан кейінгілерінің бәрін Таймас деп өзім қойдым. Ал мысық асырағаным Ақжазықта отырған кезімізде ғана. Неге олай болғанын білмеймін, мысығымның бәрі сары болып келетін. Мысықпен, итпен ауыз жаласып жүргендіктен болар, көктем айында бет-аузымды теміреткі мен саржара басып кететін. Оны апам өзі емдейтін. Теміреткіге шеңгелдің майын жағатын.
«Тем-тем теміреткі,
Нөрә егін егіпті.
Егіні сұдан құрыпты,
Теміреткі темнен құрыпты», –
дейтін де, теміреткінің үстіне шеңгелдің майын жағып қоятын.
Алғашқы Мәшәм еркек мысық болатын. Көктемде ылығып, ұрғашы мысықтың соңынан кетті. Үйге келмеді, не өлді, не бөтен біреу асырап алды, не үйден адасты деп ойладым.
Тоқтар тәтемнің қызы Тұрсынбүбі екеумізді апам шөмшек теріп келуге жұмсады. Самауырға салатын ұсақ отын қалмапты. Екеуміз екі жіп алдық та, ауылдың батыс жақ шетіне қарай беттедік. Ауылдың шығыс жақ беті, Әшірарықтың ар жағы, егін болатын. Батыс жағы жазық дала. Жауын мен қардың сұуы ағатын екі арданың екі жақ бетінде бұта-шырпы көп болатын. Ауыл шетіндегі ескі бұзылған үйдің қасынан өте бергенімізде, бүйір жақтан ұйпа-тұйпа үсті-басы кір-қожалақ бір мысық бізге қарай жүгірді. Тұрсын сөйлеп келе жатқан, қорққанынан қойа қойды. Мен Мәшәні бірден таныдым. Ол да маған қарай ұмтылды. «Тү-үу! Таста!» – деп, Тұрсын маған айқайлап жатыр. Тұрсынға: «Мені күте тұр!» – дедім де, Мәшәмді құшақтаған күйі үйге қарай жүгірдім.
– Ойбай-ау, мынау байғұс адам танығысыз болып кетіпті ғой! – деп, апам Мәшәні қолымнан алды да, маған: «Кете бер, өзім жуындырып қоям», – деді.
Менің өзім тұрмақ итім мен мысығыма дейін мәпелейтін атам мен апамның аталық, аналық мейірін ол кезде мен толық түсінбедім-ау, сірә. Қайдан түсінейін, қаршадайымнан ондай ақылды құдай маған қайдан берсін?! Он жеті ұл мен қыздан көріп отырған, сүйіп отырған жалғыз перзент екем ғой! «Жалғыз ұлы бар адамның шығар-шықпас жаны бар» дегенді қазақ бекер айтты деймісің?! Қайран қос әулием-ай! Өмір бойы өтей алмайтын өтемімді мойныма іліп кетіпті ғой екеуі?! Сондықтан өз кіндігімнен тараған бес баламды, көзім көріп отырған немерелерім мен шөберемді ұрсуға, ұрсу тұрмақ, жәй жекіуге де қақым жоқ деп ойлаймын. Өйткені олар – атам мен апамның отын жағатын, менің өтей алмаған өтемімді қайтаруға тиіс ұрпақтар. Мен де, олар да сол екеуінің тілеуіне берген пенделерміз. Мен тек солай түсінем.
Атам, апам, тәтем Тоқтар, оның қызы Тұрсын әпкем, мен – бесеуміз Ақжазықта үш үй ауыстырдық. Алғаш бір жыл көлемінде екінші көлденең көшенің ең батыс жақ шетіндегі екі ауызды үйде тұрдық. Ол кездегі үйлерді «там үй» дейтін, себебі оның қабырғаларын тек дымқыл топырақпен соғып қалайтын. Кейін Телтай досымыз екеуміз сондай там үйді өзіміз де соқтық. Мәселен, Садуақас ағаның үйін екеуміз соғып бердік. Ақысына не алғанымыз қазір есімде қалмапты.
Екінші үйіміз сол көлденең көшенің ең шығыс жақ шетіндегі екі ауызды үй болды. Қабырғасы бірге соғылған үйдің бізден кейінгі шығыс жақ бетінде жоғарыда айтқан Айша тәтеміз өзінің Құралбек, Сақан деген бір ұл, бір қызымен бірге тұрды.
Үшінші үйді атам Ақаш Кітәпбекұлы салдырған, қазіргі күнде Кітәпбек көшесі деп аталатын көшеден бір жесір әйелден бір бұзауға сатып алды. Ол да екі ауызды үй болатын. Атамның да, апамның да сүйегі сол үйден шықты. Тоқтар тәтем, Тұрсын әпкем, мен – үшеуміз сол үйде 1965 жылға дейін бірге тұрдық. Сол үйде тұрған кезіміз болатын. Жазғы демалысқа шығып, әй, бір ойынымды қандырайыншы деп оянсам, ауылдың төменгі жағынан ауданнан келген бір өкіл жоғарылап келе жатыр екен, балаларды шөп шабуға әкетіп жатыр деген хабар жетті. Апам мені төсектен тұрғызды да, киіндіріп, үйдің іргесіндегі жүгерінің ішіне кіргізіп жіберді. Мен қашып барып, жүгерінің арғы жағындағы арыққа аяғымды созып отыра қалдым. «Уһ, құтылдым-ау!» – деп ойлағам ғой. Кенет жүгерінің іші сатыр-сұтыр етті де, домаланған қара біреу сопаң етіп ішінен шыға келді. Келді де, қолымнан шап берді. Әй-шай жоқ жетектеп үйге әкелді, апам дереу киіндірді, қолыма қалайы аяқ салған дорбамды ұстатып еді, әлгі өкілдің аты-жөні Толқынов екен, Толқынов мені томпаңдатқан бойы Әлтәй ағаның үйінің қасында тұрған арбаға әкеп отырғызды. Сөйтіп сол әдіспен ұсталып қалған бір арба бала Қара Төбе, Қызыл Жиде, Керме Ағаш деген жерде шөп шауып жатқан қостан бір-ақ шықтық. Мен сүйрем тартатын болдым, Әліпбай Құла деген атқа ие болды. Маған шөмеле байлап беретін екі әпкем жоғары класта оқиды, бірі – Қаншайым, бірі – Зарауқа. Мен үшті бітіріп, төртінші класқа көшкем, ондамын. Мая салатындар – тек еркектер. Екі әпкем байлап берген шөмелені сүйретіп әкеліп, дәл маяның түбіне апарамын да, қолымдағы арқанның ұшын қатты тартып қалсам, шөмеле сүйремнен сырғып түсіп қалады, мен аттан түспей, қайтадан екі әпкеме барып, тағы басқа шөмелені сүйреп әкелем.
Күн тас төбемізге келгенде, кірерге жер таппай кетеміз. Табаға салып қуырып жатқандай күйге түсеміз. Тер аннан да кетеді, мұннан да кетеді. Титтей орамалымыз бет-аузымызды сүрте-сүрте шылқыған су болып кетеді. Шөлдеп, кепкен тіліміз аузымызға сыймай сорлатады. Бір күні сондай күйге шыдамадым. Шөмелені таситын жеріміз өзіміз жататын қостың дәл қасына жақындап қалды, маяға бара жатқанда, маядан келе жатқанда, дәл жанынан өтем. Бос сүйремді сүйретіп келе жатып қосқа бұрылдым да, «Тәте, су беріңізші!» – дедім қоста ас әзірлеп жатқан екі әйелге:
– Әне піләкте тұр, өзің түсіп іше ғой! – деді біреуі.
Түстім де, ожауды басыма көтере бергенімде, балағанның дәл түбінен атты біреу жетіп келді біргәдір ағамыз.
– Әй! Атты болдыртатын болдың ғой. Неге шабасың? – деді де, шылбырмен періп қалды. Мойныма оралған шылбыр етімді осып кетті. Тартып қалғанда, кеңірдегім жұлынып кете жаздады. Көзімді жұмып қатты ауырсындым. Көзімнен жас шықса да, үнімді шығармадым. Әліпбай құлаға қайта міндім де, екі әпкеме қарай аяңдадым. Екеуі бәрін көріп тұр екен, шаужайымнан ұстап екеуі пырс-пырс жыласты. Қаншайым тамағымды сыйпап, қанталаған жерге сілекейін жағып емдеп жатыр, оны көріп, Зарауқа да сөйтті. Екеуінің емі мені әп-сәтте айықтырып жіберді. Қайран қамкөңіл, мұңды заманның уын жұтқан жанашыр әпкелерім-ай!
Бірер күннен кейін басқа мая салып, қостан алыстап кеттік. Маяға шөмеле таситын жерім де жыраққа кетті. Төбеден шаншылған күннің ыстығы табаныңа дейін шыжғырады. Бәріне шыдаймын, тек шөл қиын, тұла бойым кеуіп бара жатқандай болам.
Жалпы, Қызыл Жиде, Керме Ағаш, Қара төбе – бәрі Іленің оң жағалау жағы, саздауыт жерлер. Бір жерде аттың тұяғы батқан шұңқырға су сарқылып жиналып қалған екен, көрдім де, атымнан қарғып түстім. Еңкейе бергенімде, бетінде жыбырлап жүрген бірдемелерге көзім түсіп, терімді сүртіп жүрген орамалымды алдым да, судың бетіне тосып, көзімді жұмып, шалшық суды сіміріп-сіміріп алдым. Жиіркенгенім де жоқ, артынан ауырғаным да жоқ. Сол жағдайларды мен ешқашан ұмытқан емеспін, өзі де ұмыттырмайды, өйткені, құдайға шүкір, ондай күнді ендігі ұрпақ көрмейді, көрмеген соң, білмейді. Біз алайда бұдан басқаша да өмір бар деп ол кезде ойлай алғамыз жоқ. Бізге бәрі орынды болып көрінетін, сондықтан бәріне көнетінбіз. Күші, билігі барға бағыну құдай бекіткен қағида сияқтанатын.
Мен бірінші класты бітіргенде бір сұмдықты бастан кештім. Ол кезде оқушылар 4 сыныпты бітіргеннен бастап жыл сайын емтихан тапсыратын. Бастауыш мектеп 4 сыныппен бітетін. Оны әр мектеп өзінше мерекелеп өткізетін. Сондай мереке Ақжазықта да өткен. Ертесі есік алдында ойнап жүргенімде, бір ағам келіп: «Сені Мәміле ағай шақырып жатыр», – деді. Мектепке емес, ауылдың ең төменгі шетіндегі Қайролда деген дене шынықтыру сабағынан беретін мұғалімнің үйіне шақырыпты. Жалаң аяқ, жалаң бас ойнап жүрген қалпымда жетіп бардым. Мәміле Ақылбеков деген кісі Ақжазық бастауыш мектебінің меңгеріушісі болатын. Ал Ақжазық ауылы Жамбыл атындағы колхоздың орталығы әрі бірінші біргәдісі болса, Мәміле ағайдың ауылы бізден бір-екі шақырым төмендегі Аққұдық болатын. Сол арадан атпен келіп-кетіп жүретін. Қара сұрлау, дөңгелек жүзділеу, аласа бойлылау адам еді. Сабақ үстінде менен: «Қазақ тілінде қанша сөйлем бар?» – деп сұрағаны бар. Мен сәл ойланып: «Көп», – дегем. Ол мысқылдай мырс етіп, Аққұдықтан келіп оқитын шешен баласына: «Сен айтшы!» – деген. Ол: «Үшеу, – деді – Хабарлы сөйлем, сұраулы сөйлем, лепті сөйлем». «Міне білетін баланың жауабы», – деп, оған «бес» деген баға қойған. Мен содан бері қазақ тілінде үш сөйлемнің түрі болатынын ешқашан ұмытқан емеспін.
– Сәлеметсіз бе? – дедім мен Мәміле ағаймен амандасып. Ол үндемеді.
Содан кейін ол не сұрады, мен не деп жауап бердім – бәрі есімде жоқ. Мәселенің ұзын-ырғасы мынау болып шықты. Төртінші сыныптың тойына бір ме, екі ме қой сойылыпты. Соның терісі жайып қойған жерден жоғалып кеткен екен. Менің сол маңайда жүргенімді әлгі мені шақырып келген ағайым көрген екен. Енді мен сол терілерді тауып беруге тиіс екем. «Мен ол терілерді алғам да жоқ, көргем де жоқ», – дедім. «Ол араға сенен басқа ешкім барған жоқ, сен алмағанда, енді кім алады?» – деді мені өзінше тықсыртып. «Мен ол терілерді не қылам?» – деймін ғой оның дәлеліне қарсы өз дәлелімді айтып. Сөйтсем, терілерді не қылатынымды да біледі екен. Апарып Көкталдағы тері-терсек алатын жерге өткізеді екем де, ақшасын алады екем. «Мен ондай тері-терсек өткізетін жерді білмеймін де», – деймін ғой шынымды айтып. Ағайым оған да тоқтамай, соның бәрін білетін, біле тұрып мені жұмсаған сыбайластарымды да айтып беруді талап етті. Мен ақырында Мәміледен үрейлене бастадым. Өйткені ол осы үшін мені соттатып жіберетінін айтты. «Атама айтайын, сондай теріні сізге тауып берсін», – дедім құтылу үшін. «Сенің теріңнің керегі жоқ бізге, өз терімізді тауып бер!» – деп жатыр ол да. Менің жауабым сонымен таусылды, не айтса да бедірейіп тұрып алдым. Мәміле қасыма жақын келіп, бетіме бір-екі рет төне қарады да, «Шешін!» – деді бұйырып. Түсінбедім. Тұра бердім. «Шешін!» – деді ол тағы жекіп. Ақырын, асықпай жейдемді шештім. Ол кезде мәйкі дегенді білмейміз, ышқырыма дейін жалаңаш қалдым. «Бәрін шеш!» – деді қатқыл үнмен. Қойдың терісін бұтыма тығып қоймаймын ғой, бұнысы несі деп ойладым. Бөгеліп қалғаным оған ұнамады ма, «Сымыңды да шеш!» – деді анықтап. Біздің жақта теріден тігілгенді ғана «шалбар» деп, матадан тігілген бұт киімді «сым» дейтін. Амал жоқ, сымымды да сыпырдым. Бұтымда тіземе дейін түсетін дамбалым ғана қалды. Ұялғанымнан дағдарып қалдым. Тағы зірк етті: «Бәрін шеш!» – деп. Бәрін шештім. Жалаңаштап сабайтын шығар деген ойға келдім. Жалаңаш күйімде көшеге қашып шыға алмаймын ғой. Мәміленің ойы мәлім болды. Енді тек немен ұратыны ғана беймәлім. Не де болса тәуекел деп тістендім. Есіктен Қайролда сығалады. Мәміле шығып кетті.
Қайролда Ақмолдаев деген мұғалім де Айдарлы деген ауылдан келген адам еді, екеуі де біздің ауылға бөтен. Екеуі бірігіп, бір бәле жасайтын шығар, киімімді ала сап қашайын деп ойладым. Ешкімге білдірмей өлтіре салатын сияқтанды. Жер еденге лақтыра салған жейде-дамбалымды дереу жинап алып, енді есікке беттегенімде, Мәміле де қайта кіріп келді. Екеуміз бетпе-бет кеп қалдық. Еңкейіп қолтығының астынан өтіп кеттім де, далаға зып бердім. Қашып бара жатқанымды Қайролда көрді, бірақ қумады. Жүре киініп көшеге шықтым. Безіп барам. Бұрылып артыма қарасам, қуғын жоқ. Көшенің қақ ортасымен қаштым. Егер олар қуа қалса, біреу-міреу көріп, ара түсер деген болуым керек.
Сол Мәмілені содан кейін көрмеген сияқтымын. Өйткені оның одан кейін сабақ бергені, сабақ сұрағаны түк есіме түспеді. Тек кейін, университеттің шәкірті боп жүрген кезімде ғана ол жайлы әңгімені естідім. Мәміле Ақылбеков бастаған бір топ адам өз ауылдарының малын ұрлап сатып жүргені әшкере болып, бәрін ауылдастары сотқа бермей, тек басқа жаққа көшіртіп жіберіпті. Менің осындай да мұғалімдерім болды, өкінішке қарай. «Малдың аласы сыртында, адамның аласы ішінде» деген – осы.
Жазғы демалыс болатын. Менің Көкталда оқып жүрген шағым. Екі-үш бала колхоздың ескі мал қорасының қасында ойнап жүргеміз. Жәркент педучилишесінде оқып жүрген бір ағамыз сұп-сұр болып қасымызға жетіп келді. Бірден маған шүйлікті. «Кеше сен Ақтайлақ атамның қорасына тас лақтырыпсың. Үлкен кісіге тас тиіп кете жаздапты», – деді. Тас лақтырмақ түгіл, мен ол жаққа барған да емеспін дедім-ау деймін. Ол бар пәрменімен жағымнан тартып кеп жіберді. Жер дүние бір сәт қарайып барып қайта көрінді. Әй, атаңа нәлет көр кеуделер-ай! Әкесі жоқ баланың әй дейтін панасы жоқ деп басынатын болу керек. Жылап жіберуді намыс көруші ем, жыламадым. Бұрыла бергенімде, аяғымның ұшы тасқа тиді, жұдырықтай тас екен. Ала сап, әлгіні кеп қақ бастан періп жіберуге бір оқталдым. Персем, өлмесе де, бет-аузы быт-шыт болатын еді. Бәлкім, жазым тисе, өліп кетуі де кәдік еді. Қайнаған кегімді тегімнен берілген бір сезім тежеп қалды. Қылмыскер атанудан сөйтіп құдай сақтап қалды. «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірі бар» дейді қазақ. Оның мәні – әркімнің өз қорғаушысы бар деген сөз. Жетім мен жесірдің де, кедей-кепшік пен әлжуәз әлсіздің де өз тәңірі – өз қорғаушысы – бар. Ол – жазықсыздығы. Өзінің жазықсыз екенін сезіп жүретін адам – ең рухани күшті адам. Рух жазықсыз адамның сағын ешқашан, еш жағдайда ешкімге сындыртпайды, өйткені ол – сенім, үміт, ар-ұят, ождан, кісілік, тектілік. Өзін текті санайтын адам кез келген тексіздіктен өзінің биік тұрғанын үнемі сезіп жүреді, бәріне өз биігінен мүсіркеп қарайды. Өкінішке қарай, оны түсінуге жарамайтындар да жер бетінде жыртылып-айырылады.
Дәл қай жылы екені есімде жоқ, алайда, шамалауымша, оннан асқан кезім болар деп болжаймын. Біз отырған тік көшенің аяқ жағында бір ақсақал отыратын. Оның жалғыз ұлы бар еді, ол Дүңгенбай, Қасен, Тоғжан ағаларымыздан да үлкен, оларға қарағанда, жігіт ағасы еді. Сол төңіректе балалармен ойнап, енді үйге қайтып келе жатқам. Әлгі ақсақалдың есігі алдында жалғыз ұлы отырғанын анадайдан көзім шалды да, бәледен машайық қашыпты дегендей, көлденеңдеп көшенің арғы бетіне қарай қиястадым.
Ақсақалдың ол баласынан мен тұрмақ, менен үлкендер де үркіп жүретін. Өйткені ол, тегі, дұрыс-бұрыс дегенді ажыратпайтын, ойына не келсе, соны ойланбай-ақ істей салатын. Боқтап тастау, ұрып жіберу, төбелесе кету, тағы-тағылардың бәрі ол үшін түк те емес-ті. Өйткені оны әкесі жалғыз ұл деп бетінен қақпай өсірген, оған тиіскен адамның өзін ол ақсақал аяй қоймайтын. О кісінің таныстары ауданда, қалада, тіпті милисаның ішінде де бар десетін. Өйткені оның баласы милисаның наганын алып ортамызға келгенін де көзіміз көрген. Сондықтан оған соқтығысу оңай нәрсе емес-ті.
– Әй, – деді менің әдейі қашып бара жатқанымды байқап. – Бері кел! Үлкен кісіге амандасу керек, – деді тілін бұралай сөйлеп. Бұрылып кеп амандастым. Қолымды алды да, құлақ шекемнен құлаштап тұрып бір перді.
Қорғанып, құлағымды алақаныммен жауып үлгердім, әйтеуір. Ол өз міндетін атқарды, мен бұрылып кете бардым. – Сен мені кім деп жүрсің? – деп, соңымнан балағаттап жатты. Сөзінің бірін естісем, бірін естімедім. «Ах, шіркін-ай, аяқ асты апталдай жігіт боп кетсем-ау!», – деп армандадым. Сонда алып ұрып, мынандайлардың маңдайын тасқа ұрар едім-ау! Алайда аяқ асты орнай қалатын ғажайыптар адамның қиялында ғана болады екен ғой. Батыр әкем бір жерден білегін сыбанып шыға келер ме еді деп те қиялдадым. Бірақ бірде-бір қиялым жүзеге аспады.
«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген сөз бар. «Жазмыштан озмыш жоқ» дейді тағы. «Құдайсыз қурай сынбайды» дегені тағы бар. Бәрінің түйіні біреу: болатын нәрсе болатын кезінде болады, оған күйіп-піскенің, өліп-талғаның, жылап-сықтағаның, жалынған-жалбарынғаның – ештеме көмектеспейді, тек сабырыңды сақта. Әсет ақын мұны «Қисмет» деп әнге қосқан.
Мен өзімнің сан рет ажалдан қалғаныма бала кезден қанықпын.
Шешем Әзіқанның айтқаны: Әкең әскерге кеткен жазда Ырғайлының аузындағы Жыланды дейтін жерде отырғамыз. Апам екеуміз таңертеңгі бие сауымнан бір-бір шелек қымыз көтеріп, алдымен мен үйге кірсем, сен төсекте ұйықтап жатырсың, дәл тамағыңның астында басын қақайтып жылан тұр. Жаным өне бойымнан шығып бара жатқандай болды. Шелегімді қоя салып, аяғыңнан ұстап тартып кеп қалғанымды білем, ар жағы есімде жоқ, талып қалыппын. Артымнан кірген апам басына қымыз құйып, жыланды үйден аман-есен шығарып жіберіпті.
Ажалымның жоқтығы осы емес пе? Қолымды селтең еткізсем-ақ жылан мені шағып алмас па еді? Онда атам мен апамның, шешемнің күні не болатын еді? Ойласам, басым бытыр-сытыр етіп сынып бара жатқандай болады.
«Сен екі-үш жастасың, – дейді шешем. – Әтиім Аяқ Қайыңда отырған (Атамды шешем «Әтиім», апамды «Апа» дейтін). Сен үйге сыймайтын, дала кезгіш бала болдың. Қыстың басы, күздің соңы еді. Мен Бетбастау жақтан келе жатқам. Сен Жаркөре жақтағы тепсеңнің үстімен безіп келесің, соңыңнан жартастай дәу жараған бура қуып келе жатыр. Жаным мұрнымның ұшына келді. Айғайлап қарсы шаптым. Қамшымды көтеріп, ойбайлап келем. «Апа! Апа!» – деймін шақырып. Бір кезде ұшып түстің. Үстіңе бура ұмар-жұмар құлады. Өлді дедім. Жартастай бура жарты құлаштай сенің үстіңе құлады. Көзімнен жас ақты ма, қан ақты ма, боздаған бойы жақындай бергенімде, сен қарғып тұрып қайта жүгірдің. Шығып кеткен жаным бойыма қайта кірді. Атымнан түсе сап бас салдым. Адам аямаған мені құдай аяды, сенің қалай аман қалғаныңды білмеймін».
Қалай аман қалғанымды мен өзім де білмеймін. Ес білмейтін кезім ғой, есімде жоқ «Сонда мені ажалдан қағып қалған не екен?», – деп қана таң қалам. Сірә, қашып келе жатқанымда, сол аяғымды тас қағып, мен сол жаққа қарай ұшып түскенімде, бура бұрыла алмай тура келіп бас салған болу керек деп ойлаймын осы күні.
1. Қанша жаста екенім дәл есімде жоқ, әйтеуір, Аққайқы жайлауының шығыс жақ бетіндегі Досан сайының Аққайқыға қарай бұрылған иінінде отырғамыз. Мен қызылшамен ауырып қалдым. Ол – жұқпалы ауру. Қызылшамен ауырған адамы бар үйдің сыртына қызыл мата іліп қояды, ондай белгісі бар үйге бөтен ешкім кірмейді. Қызылшамен тек балалар ауырады. Егер қызыл бөртіп, баланың сыртына шықса, оның емі оңайлау, ал ішіне түсіп кетсе, оның емі өте ауыр, тіпті өліп кетуі де мүмкін. Менікі асқынып, ішіме түсіп кетті. Ол кезде жайлауға дәрігер жете бермейді, сондықтан аурудың көбі қазақы әдіспен емделеді немесе Нүке деген мал дәрігері де ем жасайды. Сол Нүке ағамыздың құптауымен мені теріге салу керек деп шешті. Оған қара қой керек екен, өйткені қара жүнді қойға күн сәулесі көп сіңеді екен. Атамның қара қойы жоқ болып шықты. Ораз Қалауов деген көршіде бар екен. Атам оған кейін бір бұзау беретін болыпты және Талғат деген баласын менімен дос қылатын болыпты.
Киіз үйдің сол жақ төрінде бітеу терінің ішінде терлеп-тершіп мен жатырмын, ал атам мен апам, Ораз аға мен Нүке пелшір – бәрі қара қойдың етін жеп, сорпасын ішіп отыр. Мен шыдай алмай барам, екі өкпем қысылып, дем алуым әбден қиындап кетті. Қыңсылап, жыларман хәлге жеттім.
– Шыда, балам! Терлегенің жақсы, – деп қояды атам мен апам.
– Сендер мені жақсы көрмейсіңдер, – деймін оларға.
– Өй, күнім-ау, сені жақсы көрмесек, таңымыз атып, күніміз бата ма? дейді апам – Батыр едің ғой, сәл шыдасаң, жазылып кетесің. Ұйықтап қалсаң, тіпті жақсы болар еді, –дейді жұбатып.
Сөйтіп жатып, шынында, ұйықтап кетіппін. Оянсам, үйде апам екеуміз ғана қалыппыз. Оянғанымды көріп, апам айналып-толғанып жүр, үстіме жылы жейде-дамбал кигізіп, шапан жауып, тағы жатқызып қойды. Қысқасы, қара қойдың терісі мені аман алып қалды. Кейін, мен алтыншыда оқып жүргенімде, бір сары ала бұзауды інім Сұлтанбек екеуміз Ораз ағайдікіне апарып бердік. Ол кезде атам мен апам да қартайған, Ораз аға мен Күлилә шешеміз де қой бағуды қойып, Ақжазықта аман-есен тұрып жатқан кезі. Араға жылдар салып, атам уәдесін орындады, ал Талғат, жасы менен кіші болғандықтан, інім Сұлтанбекпен дос болып кетті.
Осы күні ойлаймын, егер сол аурудан жазым боп кетсем, жалғыз ұлдан айрылып отырған атам мен апам жалғыз немереден айырылуды көтере алар ма еді, көтере алмас па еді, кім біледі?
2. Аяқ Қайшыда отырған кезіміз. Жарқора мен Қаратақыр деген жерлердің арасы қалың бұталы Сай еді. Атам мені алдына мінгестіріп, сол Қаратақыр жаққа келе жаттық. Түлкі шамалас, бірақ одан гөрі жуандау бір сары мысықты көріп қап, «Ата, анаң қара!» – дедім. «Сілеусін ғой, бұл бәле қайдан жүр? Қозы-лақты жеп қояды», – деді атам. Бір сәт көрінді де, бір сәтте сілеусін жоқ болып кетті, екеуміз одан кейін ұшыраспадық. Ол кезде қай оңған аяқ киімім бар дейсің, сол аяғымдағы етігім сыпырылып қалды. Атам аттан түсті де, етігімді әкеле жатты. Мен аттың шылбырын да, тізгінін де ұстап отырғам. Етігімді аяғыма сұға бергенде, ат одан үркіп, мен жерге жалп ете қалдым. Қолымда шылбыр, ат сүйреп барады, атам айқайлайды. Сірә, «Шылбырды жібер!» – деген болу керек. Мен бірақ шылбырды жібере алмаймын, қолым қарысып қалыпты. Ат мені бұта-бұтаның үстімен сүйреп келеді, атам артымнан ойбайлап келеді. Бір кезде бәрін естімей қалдым. Бір кезде көзімді ашсам, атам алдына алып құшақтап отыр екен. Бұтым дал-дал. Сымым жыртылған, іші қан-жоса.
Үйге қалай жеткеніміз есімде жоқ. Тек киіз үйдің төрінде жатқанымды білем. Білетін себебім: өліп-тірілгендей күйге түстім. Аталық мүшем адам танымастай ісініп кеткен, қан қатып, әлденеге ұқсап қалған. Түрінің өзі өлердей шошытады. Нағыз шошу кеш бата басталды: зәр шықпай қалды. Шыңғырғанда шаңырақты төңкеріп жібере жаздаймын. Қайдан келді, қалай келді, білмеймін, бір уақытта, әйтеуір, Нүке пелшірдің келгенін білем. Май жағып жатыр, инемен шұқып жатыр, бірақ еш нәтиже жоқ: зәр шықпайды. Ол азапты мен айтып жеткізе алмаймын. Жаның шығып кетпегесін, бәріне шыдайды екенсің, шыдадым. Ертесі түсте ме, түс ауа ма, әйтеуір, бірер тамшы сыртқа шықты. «Шықты» дегенім дәл болмас, тамшылады. Соның өзі маған да, атам мен апама да әжептәуір жеңілдік әкелді. Айнала қатып қалған қан мен жараны инемен шұқып жүріп, Нүке аға түн ішінде зәріме жол ашты-ау, әйтеуір. Сондайды да бастан кештім. Жазылыуын жазылдым ғой, бірақ атам мен апамды өлтіріп тірілтіп алдым ғой, сөз жоқ. Быт-шыт болып жатқан бұтымды көріп, кейін ұрпағы болмай қала ма деп, қалай күдіктенбеді дейсің. Күдіктенсе, қай сүлдері қалды дейсің?! Әрең ілініп тұрған үміттерін үзіп жібере жаздаған шығармын. Соны ойлаймын да, осы күні іштей жылаймын, көзімнен жас шықпай жылаймын. Ең ауыр жылау – сол.
3. Алтыншы класта оқып жүрген кезім. Үйде рогатканың ағашын жонып отырып, сол қолымның басбармағын кесіп алдым. Ошақ түбінде отырған апам бір ақ шүберекті алды да, қанаған жерімді таңып берді. Сірә, шаршаған болуы керек, төрдегі текеметтің үстінде ұйықтап қалыппын. Оянсам, сол қолым қолтығыма дейін көтертпейді. Қарасам, білегімнің күре тамыры білеуленіп, басбармағымнан қолтығыма дейін барт боп қызарып кетіпті. Зәрем ұшты. Апама көрсетіп ем, оның да зәресі ұшты. «Ойбай-ай, енді қәйттім? Әлгі орыс қызды шақыртайыншы», – деп, үйден шықты да кетті. Орыс қызы – ауылдың үшәскелік дәрігері Таня. Көрші балалардың бірі шақырып келген болу керек, Таня да тез жетіп келді. Қолымды көргеннен-ақ ол да ойбайлай бастады. «Қаныңа микроп түсіп кеткен, жарты сағаттың ішінде инемен дәрі жібермесе, болмайды. Тез Көкталға жетіңіз!» – деді де, асығыс-үсігіс үйден шыға жөнелді. «Менің көзімше өліп қалмаса екен», – деген адам сияқты. Апам безек қағып кетті, «Белесебедіңе мін де жет! Құдайым-ау, кесілгір қолына қайдан ол шүберек іліге қойып еді?» – деп кейіп жүр. Жалма-жан белесебедімді жетектеп есік алдына шықтым. Апам жүгіріп, төменгі көршіміз Күләй тәтенікіне қарай кетті. Мен дарбазаға жете бергенімде, апам ақ халатты бір әйелді алдына сап қарсы келе жатты. О кісіні мен де таныдым: ылғи ауыл-ауылды аралап жүретін Елесеева дейтін дәрігер. Қолымды ол көре салып, «Маргансовка бар ма?», – деді апама қарап. «Бар», – деді апам тез жауап бермесе, маргансовка жоқ болып қалатындай.
Дереу самаурындағы суды қалайы табаққа құйдырды да, оған маргансовканы араластырып, бас бармағымды соған батырды да, білегімдегі одырайған тамырды сыртынан жуа бастады. Бірер минутта бадырайған тамырым басылып, өз қалпына тез арада түсе қалды. Апам қуанғанынан Елесееваны құшақтап, бетінен сүйіп те алды. Осы күнге дейін сол жағдайға мыйым жетпейді: егер Елесеева келе қалмаса, менің тағдырым не болар еді? Қанымнан тараған микроп жүрегіме шауып, ажал құшар ма едім, жоқ па? Кейін кеңес заманының зор мәртебелі ақыны В. Маяковскийдің әкесі етік тігіп отырып, қолына біз сұғып алып, содан қайтыс болғанын оқыдым да, тіпті таң қалдым. Өліп кетуім әбден мүмкін екен ғой. Ал мені ажалдан алып қалған Елесееваның дәл сол кезде келе қалуы неліктен? Алланың рақымы ма әлде кездейсоқтық па? Әлде атам мен апамның тілегін құдайдың құп көргені ме? Бұған кесіп жауап беру, меніңше, еш мүмкін емес.
Мен Ақжазық ауылында белесебет мінген екінші баламын. Бірінші мінген – Садықанов Қасымхан деген ағамыз. Жәркентке ертіп апарып, маған белесебетті алып берген де, жол бойы үйретіп, ауылға белесебет тепкізіп әкелген де сол ағамыз. Ал ақшаны тауып беруші – атам. Оның кәсіпкерлігі өте қарапайым: үш сиыр, бірнеше қой ұстайды. Жылына міндетті түрде бір сиыр сататынын анық білем, ал қойы мен жылқысын білмеймін. Алайда қойының да, жылқысының да бар екені анық. Кешкісін қой келген кезде апам бір табақ кебек шылап ұстатады да, қандай қойға беретінімді әбден анықтайды. Жеке меншік қойды Садуақас деген ағамыз бағады. Қой қора ауылдың Көктал жақ шетінде, Әшірарықтың қасында. Қойға Тұрсын екеуміз барамыз. Ұят та болса айтайын, әлгі қойды мен танымаймын, қой мені танып, үйренген табағын танып, шылаған кебекті өзі келіп қолымнан жейді. Менің малға деген ыңғайым жоқ еді. Ал Тұрсын о жағына менен тәуір-ді.
Бір күні Омар атам жеке меншік сиырларды кешкісін айдап әкелген кезде, мен де өз сиырымызды қораға кіргізу үшін, алдынан шықтым. Екі сиыр қашадан кіріп кетті, ал үшінші сиыр – қоңыр құнажын – қанша айдасам да, қораға кірмей қаша берді. Ашыуланып, шыбықпен шықпыртайын деп оқтала бергенімде, үйден апам шығып: «Өй, Бекетай, ол біздің сиыр емес қой», – дегені. Сөйтсем, бұқасы бір болған соң, бір-біріне ұқсас сиырлар кездесе береді екен ғой.
1955 жылы Қытай халық республикасына ашаршылық жылдары қашып өткен қазақтардан тұңғыш отбасы Сейітқожа деген ұста ағамыздың туысы оралды. Алдында, бір-екі жыл бұрын ол жақтағы туыстармен біз де хат жазыса бастағанбыз. Мен Төлеш – Айдарбек атамыздың баласы Сейітжаппар ағамен, атам мен апамның қызы Кітәпжанмен хат алысып тұратынмын. Қытайдан өткен қазақтарды өкімет бірден өз ауылдарына жібермейтін болып өзгере қалды да, біз біріміз белесебетпен, біріміз жаяу шұбырып Көкталдағы мектебімізге не кетіп бара жатқанымызда, не мектептен келе жатқанымызда екі-үш мәшине бірінен кейін бірі еліне оралған қазақтарды алып өтеді. Олар бізге, біз оларға шулап айқайлаймыз. Олар: «Бәленше бар ма? Түгенше бар ма?», – деп сұрайды. «Бар, бар. Ақжазықта, Аққұдықта тұрады», – деп, біз де айқайлаймыз. Кейін алдын ала хат жазып алып, соны лақтыратын болдық.
Қызымыз Кітәпжан келеді, аман-есен көретін болдық деп, атам мен апам қыздарын көп күтті. Бірақ олар келе қоймады. «Қара Нүсіп деген құрдас досым бар, қара күйді жақсы шертуші еді», – деп отыратын атам. Ол да келе қоймады. Бірін Қырғызстанға, бірін Ақмолаға апарып тастаған жерлеріне тұрақтамай, туыстар бүкіл Жәркент жеріне көп ұзамай-ақ ағылып келе бастады. Солардың қатарында біздің де жақын туыстарымыз көшіп келіп жатты. Төлеш атамыздың ұрпақтары Тәжібай ата, Сейітжаппар, Қамзабек ағалар, Бейсенбай атамыздың ұлы Нұрсәуле аға, Нұғыман, Сұраншы атамыздың ұрпақтары Нұғыман ұлы Нұрасыл, Тұрсынхан ағалар, Бегасыл бауырларымыз да ауылға оралды. Атам мен апам өзінің Нұржекесі құралпы Нұрсәуле, Нұрасыл ағаларды көріп, көңілдері босады. «Бейсенбай мен Нұғыман келіп: «Ешеке, біз өлсек, өлерміз, балаларды аман алып қалайық деп қашып барамыз, жүр, бірге кетейік! – дегенде, бармай қалып ем, солармен бірге кетсем, Нұржекем аман қалатын екен», – деп өксіді. «Құдайым-ай десеңші, қырсығына бастап тұр екен ғой бәрі», – деп, атама апам да қосылды. Екеуінің ол өкінішін дәл өздеріндей түсіну мүмкін емес еді. Адам қолымен жасалған қайғы-қасіретті адам түсіне алмайтын заман еді ғой. Соның бәрін басынан кешкен екеуіндей ел-жұртты қайтіп жұбатуға болушы еді?! Жүрегінің бір бөлшегін жұлып тастағандай жарымжандар екен ғой, оны кім білген!
Тілеулі атамыздың Тұрған, Төлеш, Сұраншы атты үш баласынан тараған ұрпақтың Тұрғанынан өзі, Төлештен тек Қали аға еді, енді өзге бауырлары да келіп, атам аз ғана уақыт ағайындарымен араласып, бір-бірін шақырысып шұрқырасып қалды. Атам, жалпы, қонақ шақырғанды, қонаққа барғанды, қатарларымен әңгіме дүкен құрғанды өте жақсы көретін. Өзі ұзақ әңгіме айтпайтын, бірақ өзгенің әңгімесін ұйып тыңдайтын. Әнді сүйсініп, беріліп тыңдайтын. Әсіресе Манарбек Ержановтың әнін ұнататын. Бір күні үйдегі қара табақтай радиодан Жарылғапбердінің «Топайкөгін» шырқап еді, таңдана сүйсініп, «Паһ, шырқауын-ай! Шырқа, құр қоймаймын!», – деп қалды. «Иә, ат мінгізерсің», – деді апам кекеп. «Келсе, мінгізем», – деді атам күліп.
Тағы бір күні Рабиға Есімжанова шырқады. Түннің түнегін түрген жарық сәуледей үні өне бойыңды иітіп елжіретеді ғой, шіркін! Атам мен апам – екеуі де есі кете тыңдап отырған. Рабиға кенет «Көкем-айға» басты:
– Көкем-ай,
Қасы-көзі қиылып,
Қай жерде отыр екен-ай?
Ел аралап су кешіп, табар ма екем көкемді-ай!? – деп еді, екеуі де үнсіз күрсінді. «Ел аралап, су кешіп» Нұржекесін іздеп кеткісі келгендерін, көздерінен жас шықпай, үнсіз ғана көз жастарын жұтып отырғандарын ол кезде мен сезгем жоқ. Сөйткен шығар деп қазір ойлаймын, өйткені кей-кейде өзім де сөйтем: әке болғаныма қарамай, әкемді сағынам, атам мен апамды, Байсақал болыс пен Көмекбай бидің немересі бола тұрып, не баланың не байдың қызығын көре алмаған шешемді сағынам, бәрінің өмірін быт-шыт қылған заманын, кәрі мен жастың үмітін үзген, болашағын бұлдырлатқан зұлмат соғыстың қыры мен сырын ары да ойлаймын, бері де ойлаймын, бірақ жанымды жұбатардай бір жылымығын таба алмаймын, тек ұрпағымның үзіліп қалмағанына шүкір деймін. Өйткені өткеніңді өзгертетіндей құдірет жер бетінде жоқ.
4. 1956 жылы ақпанда мен он беске толдым, сегізінші класта оқып жүргем. Енді бірер күннен кейін көктемгі каникулға шығатын едік. Кенет кешкісін апам кеудесін басып, ыңқылдады да қалды. Қайта-қайта төсінің астын ұстай береді. Кітәпбек атамыздың бәйбішесі Тәуірбала, көршіміз Күләй тәте екі жағынан ұстап отырды. «Апа!» – деп, мен жылап жібердім. Сірә, елге көрсетіп тұңғыш жылағаным сол шығар?! «Үйбай, мен өліп қалсам, Бекетайым жылайды екен ғой!» – деп қалды апам. Жаңылмасам, соңғы тілге келгені де сол шығар? Ертесі күні бойы ес-түссіз жатты да, кешкісін мүлде кісі танымай қалды. Апалап жатқандардың ешбіріне жауап қатпады. Тәуірбала апам маған қарап: «Сен шақыршы!» – деді. Мен: «Апа!» – деп ем, «Іһ» – деді апам. Мен үш қайталадым, ол да үш қайталады. Сонымен көз алдымда о дүниеге аттанды да кетті. Бір тәулік қана ауырды.
Апамды жерлей сап-ақ мен ержеттім. Ержеткенім сол, «Енді қайтем? Енді өмірім не болады?!» – деп ойландым. Үй-ішіміз түнімен жыладық, таң ата сап тағы жыладық. Атам екеуміз есік алдындамыз, әйелдер үйде. Біресе өргі жақтан, біресе төменгі жақтан «Апамайлаған!» дауыс шығады.
Еркектер далада тұрған атаммен көріседі, мені келіп бауырларына басады, әйелдер боздаған күйі үйге кіріп кетеді. Бір кезде үзіліп-талып біресе естіліп, біресе естілмей, сонау Сарыөзек-Қорғас тас жолының бойымен шешем Әзіханның үні шықты. Күре көшені бойлап боздап келеді. «Жеткен екен ғой, Әзіхан ғой», – деп жатыр әйелдер.
«Тірегім болған, панам болған бәйтерегім-ау!» – деп жылады шешем. Менің де бәйтерегім екені сонда есіме түсті.
Бір кезде жарасымды киінген сыптағай, ақ сары кісі келді. Қандай ат мініп келгенін, атын қайда байлағанын көрмей қалдым. Бірден атаммен келіп амандасып, көңіл айтты да, атамның маңында отырған бүкіл қарттармен қол беріп амандасып шықты. Сонан соң атама: «Мен көріп шықсам», – деді. Атам екеуі үйге кіріп кетті. «Суханбердін ғой, Суханбердін», – десіп жатты жанымдағы қарттар. Ол кісі Өктәбір аудандық атқару комитетінің төрағасы екен. Үйден шыққан соң әлгі Суханбердін деген кісі көпшілікке қарап: «Қолынан талай қымыз ішкен кісі еді», – деді. Сол сөз менің есімде әлі сол қалпы сақталып келеді. Жадым да, құлағым да, көзім де жаңылған емес. Бір ауыз сөздің салмағы, бағасы бір уыс алтыннан да салмақты әрі бағалы болады екен. Кәкімбек Салықов ағамыздың «Бір ауыз сөз» атты әнге қосылған өлеңі бар еді, сол әнді тыңдаған сайын Сәлкен Суханбердінің апама айтқан сөзі де жадымнан жылт ете қалады. «Сәлкен Суханбердінің семсері» деген сөз болатын. Сәкең сол семсерімен ауруларды емдейді екен-міс. Мен о кісіні содан кейін көрген емеспін, бірақ оның «Дәрігерлік кеңес» атты кітәбін қымбат мүліктей қәдірлеймін. «Жақсыдан – шарапат, жаманнан – кесепат» дейді халық, жақсы адамды көру де көңіліңді суғарады.
Суханбердін кете бере менің бір топ кластасым тізіліп келе жатты, бастаушысы – ауылдас Нүкен Сейдахметов. Ол біздің класс комитетінің (класком) бастығы болатын. Ал класс жетекшіміз орыс тілі пәнінің оқытушысы Зоя Павловна атты орыс келіншек Нүкеннен менің жағдайымды естіген соң, кластастарымды алып, өзі солармен бірге келіпті. Нүкенді біз Үкән дейтінбіз. Үкәннің Зоя Павловнаға не деп айтқанын қайдан білейін, бәлкім, мені әкесі жоқ жетім деген шығар, әжесі мен атасының жалғыз немересі деген шығар, әйтеуір, Зоя Павловна бес шақырым жерге жаяу келіп көңіл айтып қайтты. Ертесі – 23 – март, 24-інен көктемгі каникул басталды: 6 күн. Ұмытылмайтын, ұмыта алмайтын сондай адамдардың болуы адамға өмірлік үлгі.
Апамды жерлеуге ең көп қызмет көрсеткен Қасымов Мұсахан аға бейіт басына бармады: Әзине әпкеміздің күйеуі болғандықтан, оған баруға болмайды екен. Жеті күн бойы үйде тамақ пісірмедік, не біреу шақырып кетеді, не біреу піскен тамақты үйге алып келеді. Апам жатқан жерде 7 күн бойы шырақ жанып тұрды.
Көпке дейін шәу етіп ит үргенде де біреу жылап келе жатқандай селк ете қалып жүрдік. Жылаған дауыс құлағыңда жатталып қалады екен.
Бейіт басына күн сайын барып жүрдім. Ауылдың қарттары жұма сайын намазға жиналатын. Мешіт болмағандықтан, кезектесіп, әр жұма намазды әркімнің үйінде өткізеді. Оған атам мұқият барып жүрді. Таңғы шәй үстінде жұма сайын аруақтарға бағыштап құран оқиды. Бір күні аятын оқып, енді батасын берер кезде: «Нұржекем-оу, зарықтырдың ғой», – деп өкіріп қоя берді. Тоқтар тәтем де пырс-пырс етіп көзін сүртті. Мен ғана үнсіз, томсырайып отырып қалдым. Мұндайды атамнан күтпегендіктен бе әлде қаттылығымнан ба, кім біледі? Келесі аптада тағы құран оқып отырып өкіріп жылап кетті. Тәтем бұл жолы әкесін сөкті. «Жаман шалдарша онысы несі? Құран оқып отырып жылай ма екен кісі?», – деп тастады. Оған атам одан бетер өкірді. «Күте-күте шешесі өлді, күте-күте мен де өлем. Бір көріп өлсем, бір көріп өлсем… Осыншама өксінетіндей құдайға біз не жаздық?», – деді өксіп. Мен о жолы да жыламай, сазарып отырып қалдым. Атамның соншалық үміті үзілген күйін түсіне алмаған шығармын, бәлкім? «Балаңды жоқтап жылап отырсың ба, кемпіріңді жоқтап жылап отырсың ба?», – деді тәтем кенет күңк етіп. «Жалғызым-оу, жалғызым-оу! – деді атам көз жасын жұтып. – Жалғыз жоқтап қалдым ғой өзіңді». «Мына жаманыңның қалғанына тәубә де», – деді тәтем мені нұсқап. «Тәубә! Тәубә!», – деді атам екі қайталап.
Үй ішінің реңі ептеп бұзыла бастағанын ол кезде байқадым ба, жоқ па, кесіп айта алмаймын, әйткенмен атамның өзгерісін анық байқадым: сынбай келген сары шал күрт босаңсыды, апам екеуі бірігіп келе жатқан жүкті бір өзінің көтеруі ауыр болған сияқты.
Жаңылмасам, мамыр айының бас кезі болар, атам жұма намаздан ақсаңдап келді. «Тоқтар, төсек сап берші!», – деді ауызғы үйдің бас жақ іргесін нұсқап. Тәтем әп-сәтте текеметтің үстіне қалыңдап төсек салып берді де, «Не қылды?», – деді әкесінің бетіне үркектей қарап. «Арықтан аттай бергенімде, аяғым тайып кетті», – деді де, сөзін аяқтамастан төсектің үстіне құлай кетті.
Кешкі тамақты жозының шетіне құйрығымен жылжып келіп ішті. Бір аптадай сөйтті де, содан соң мүлдем тұрмай қалды. Тәтем безек боп доғдыр шақырайын деп еді, шақыртпады. «Керегі жоқ», – деді кесіп, – әуре болма! «Аяғын кесіп тастағандар да адам боп жүр ғой, дәрігерге апарайын», – деді тәтем жыламсырап. Атам ұзақ үнсіз жатты. Тәтем оның бетіне үңіліп, не дерін күтіп қозғалмай тұр. «Адам болудан, – деді де, атам тағы біраз үнсіз жатты, – шаршадым», – деді сонан соң налый күрсініп. Атам сол жатқаннан тұрмады. Тамақты тәтем екеуіміз төсегіне әкеліп береміз. Көбіне үнсіз жатады, өз-өзінен күрсінеді. Есі дұрыс, тілі сау, бірақ сөйлемейді, тек сұрағыңа жауап береді. Байқаймын, сөйлескісі келмейді. Тәтем маған ғана естіртіп күңкілдейді: «Өлгісі кеп жатыр, әдейі жатыр», – дейді кейіп. Бір күні Талдықорғанда оқып жүрген Тұрсын әпкем келді. Атамды құшақтап көрісіп еді, «Нұржекем-оу, шынымен-ақ өлгенің бе, шырағым-оу!», – деп, бәрімізді жылатты. Бұл жолы мен де қосылып жыладым. Құса болған атамды толық түсінбесем де, оның бұл өмірден түңілгенін түсінгендей болдым.
«Сондай-сондай сан милионның сағын сындырып, өмірін өксіткен соғысқа ол кезде мен не айта алар едім, ата?! Маған ол кезде әкемнен емес, апамнан айрылғаным ауыр тиді емес пе? Қазір мен сендердің сол кезде қалай күйзеліп жүргендеріңді түсініп, үнсіз тістеніп жылаймын. Сұм соғыстың жүрегімді әлі тілгілеп келе жатқанына мен де сендерге ұқсап шыдап келемін. Менің де қанша шыдарымды құдай білсін!»
Әлі есімде, өктәбірдің 28-і күні үйге Қали аға келді. Ертеңгі тамағын біздің үйден ішті. Атамның көңілін сұрай келіпті. Қазақ ауырған адамның көңілін тек түске дейін ғана сұрайды, күн төбеден еңкейгеннен кейін аурудың көңілін сұрауға бармайды. Сондай ырым бар. Бір кезде орнынан тұрып, Қали аға қайтуға ыңғайланды.
– Ей! – деді атам сол кезде жекіп. – Сен мені осыдан қарғып тұрып жүріп кетеді деп жүрсің бе?
– Е, ауырған адамның бәрі өле бере ме, жазыласың, – деді аға да өзінше жұбатып.
– Ертең таңертең Садуақас қойды өргізіп кетпей тұрып сондағы қара ісек қойды сой!», – деді. Сонан соң Заманбек молдадан бастап кім-кімді шақыру керегін түгел айтып берді. Тәтем екеуміз бір-бірімізге қарадық та қалдық.
– Жарайды, – деді Қали аға да басқа сөз айтпай.
Ертесі түсте шақырғандар түгел келді. Олар түпкі үйде отырып қара қойдың етін жеді. Атам ауызғы үйде жатқан төсегінен тұрмады. Ішкі үйден ең алдымен Заманбек молда шықты, ең соңынан Әділ деген атамыз шықты. Ол атама бұрылып: «Ешке, сауығып кетіңіз!» – деді басын изеп. Атам үндемеді, иегін қақты да, қойды. Әділ шығып кетісімен:
«Бекежан! – деді атам маған. «Ау!» – деп, қасына жетіп бардым. «Есікті ашшы!» – деді төсегінің аяқ тұсындағы сыртқы есікті иегімен нұсқап.
Жүгіріп барып есікті аштым да, атамның қасына қайта жүгіріп келдім. Атам: «Басымды көтерші!» – деді өзі де көтеруге ыңғайланып. Қос қолдап басын көтеріп едім, әлсіз ғана үһ дегендей болды.
Мен де бір сәт атам қараған сыртқа қарап қалған екем, дәл құлағымның түбінен: «Ойбай, әтиім жүріп кетті!» – деген Тәуірбала апамыздың даусы шықты. Жалт қарасам, атамның көзі жұмылып кетіпті. Сөйтіп басын сүйеп отырып, атамды да о дүниеге аттандырып салдым.
Тұрсын оқуына кетті. Бір үйде шошайып Тоқтар тәтем екеуміз қалдық.
Біз жетіншіні екі класс болып бітіргеміз, ал сегізіншіде бес класс болдық. Бір жыл ішінде-ақ аудан халқы екі еседен артық өскені ғой. Өзі өсіп көбейген жоқ, отызыншы жылдары Қытайға қашып өткен ағайындарымыз қайта өтіп келіп көбейдік. Біздің класқа Қадир Найманбаев деген жігіт келіп қосылды, ол Үшарал ауылынан келетін, екі ара – алты шақырым. Тағы бір жігіт Аққұдықтан келіп қосылды. Мен Қадирмен тез тіл табысып кеттім. Кейін білдік, ол сол кезде үйленген жігіт екен, онысын жасырып, оқып алыпты. Бір күні одан: «Сен құран оқи білесің бе?» – деп сұрап ем, «Білем», – деді. «Маған жазып берші», – деп ем, «Жарайды», – деді. Ертесі әдемілеп жазып әкелді. Мен дереу жаттап алдым да, енді ешкімге айтпастан атам мен апамның басына барып жасырын оқып тұратын болдым.
Келесі жылы Кітәпжан әпкеміз қытайдан өтіп келіп, Басши деген жерге тұрақтады. Апамның Байсейіт атты туған інісі де оралып, әпкесінің орнына құран оқып қайтты.
Шешем Әзіхан 1972 жылы 56 жасында Алматыда бізбен бірге тұрып жатып қайтыс болды, ауруханада жүрегі тоқтап қалды. Ақжазыққа апарып жерледім. Тоқтар тәтем 90-ға келіп 2021 жылы қайтыс болды. 2004 жылы інім Сұлтанбек Жәркентте қайтыс болды, Алматыға әкеліп жерледім. Медицина ғылымының докторы, Қазақстан республикасының Бас балалар хирургы болды. Ота жасаудың 6-7 жаңа түрін ашып, солардың куәлігін алды, ол да жүректен кетті. Оның артынан Тұрсын әпкем де аттанып кетті. Солардың артында Гүлнар атты қарындасым екеуміз ғана қалдық.
Университетте шәкірт кезімде мен тағы бір рет ажалдан аман қалдым.
5. 1960 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Үйлерің жақын деп, деканымыз Тауман Амандосов деген кісі Жетісудің шәкірттеріне жатақханадан орын бермеді, Қасықбай Асаубаев, Асқар Исаев, Мәдіғали Әбілдінов, мен – төртеуіміз Дихан көшесінен пәтер тауып, төртеуіміз бір бөлмеде жататынбыз. Жаңылмасам, ақпан айы болу керек, шәкіртақыны әр айдың 11-інде беретін, соған 1-2 күн қалғанда, аш қалдық, нан алуға тиын таба алмадық. Бөлмеде 11-ін күтіп жатқаннан басқа лаж таппадық. «Мен кешке тойға барам. Жерлестерімнен бірдеме тауып келермін, оған дейін шыдаңдар!», – деді Қасықбай. Қасықбай екеуіміз пешке таяу жерде бір төсекте, Асқар мен Мәдіғали төрге таман бір төсекте жататын. Қасықбай әскери міндетін өтеп келген сақа жігіт еді, ал үшеуіміз сол жылы жиырмаға шығатын едік. Ол кездің тойы кешкісін басталатын да, таң ата бітетін. Себебі таң ата қала көліктері жүре бастайтын. Үшеуміз аш күйімізде ұйықтадық.
Қардың үстінде жатып көзімді аштым. Қасықбай басымды құшақтап отыр. Үйдің иесі орыс әйел мұрныма мақтамен нашатыр спиртін құйғыштап иіскетіп жатыр. Басым сынып барады, азар шыдап жатырмын. Әне-міне быт-шыты шығып жарылып кететін тәрізді.
Мен есімді бірінші жинадым, ең соңынан Асқар тірілді. Үшеуміз қардың үстінде үш жерде сұлап жатырмыз. Үйдің иесі жедел жәрдем шақыртпапты.
Қасықбай таңертең тойдан келіп, қасыма жата кетпек болады. Арырақ жатқызайын деп, мені итерсе, былқ етпеймін. Тағы итерсе, былқ-сылқ ететін көрінем. «Бұған не болған?», – деп, бетіме қараса, мас адамның сиқынша көзім алайып кеткен көрінеді. Асқар мен Мәдіғалидың қасына жетіп барып жұлқыласа, олар да көздері алайып, былқ-сылқ жатыр екен. Жүгіріп үй иесінің бөлмесіне барады, «Тёт Зоя, аналарға не болған? Мас қой, ақшалары жоқ еді, қайдан ішкен?» – дейді. Әйел бәленің неден болғанын түсіне қойып, жүгіріп келеді. Қасықбай екеуі сүйресіп, әуелі мені далаға алып шығады. Сонан соң ана екеуін де сүйреп шығарады.
Жылуды үнем қылам деп, ел жатқан соң үй иесі пештің мұржасын жауып қойыпты, содан үшеумізге иіс тиіп, өлгелі жатқан кезімізде Қасықбай да жеткен екен. Енді біраз кешіксе, үшеуміз де о дүниеге кететін екенбіз. Анық өлімнен, әйтеуір, құдай Қасықбайды жіберіп сақтап қалды. Қыл үстінен өмірге қайта оралдық.
Мен 1964 жылы 5-курста үйлендім. Әйелімнің аты – Айзакүл, бірақ бәріміз Айзаш дейміз. Үйлі-баранды болған соң, әкемнің тағдырын анық білмек боп, Мәскеуге іздеу хат жаздық. «Хабар-ошары белгісіз», – деген жауап алдық.
Тәуелсіз ел болған соң балаларым тағы іздеп хат жазды, тағы баяғы жауап қайталанды. Көңіліме көмілмей де қалғаны ма деген күдік кіре бастады. Күдігімді жұтып жүріп жаттым.
Өткеніме көз жүгіртіп қарасам, менің өмірім ішқұсамен аңсаумен өткен секілді: әкесі барларды көріп, әкемді аңсаппын, шешесі барларды көріп, шешемді аңсаппын, аңсағанымды жасырып, өзімді де, өзгені де алдаппын. Шындығымды ешбір жанға айта алмаған шерменде екенмін.
Шешем айтқан бір әңгіме есіме түседі. Өзімнің есімде жоқ. Соған қарағанда, әлі ес білмеген кезім болар.
Аяқ Қайшыда отырған кезіміз екен. Ол біздің, жылқылы ауылдың – қыстауы. Мен ауырып қалыппын. Сірә, суық тиген болар. Шырылдап жылағаныма шыдай алмаған апам: «Шырағым-ау, енді қайтем? Саған қандай ем жасаймын? – деді ме екен, «Әзіханның көжесін ішсем, жазылып кетер едім», – десем керек. Апам сол сөзімді айтып, дереу Ақжазыққа біреулерден сәлем жіберіпті. Ол сәлемді ести сала шешем байғұс жолға шығыпты. Қалқоздың бір атын мінгенін айтып еді, қәзір қай ат екені есімде жоқ. Ол кезде әр аттың өз аты болушы еді.
Аяқ Қайшы мен Ақжазықтың арасы, шамамен, 10 мен 15 шақырымның жобасы. Ақжазық таудың етегіндегі жазықта, ал Аяқ Қайшы оның өр жағында тау қойнауында.
Шешем ымырт кезінде жолға шығыпты. Ауылдың батыс жақ бетіндегі үш ардадан өтіпті. Біздің «арда» дегеніміз – таудан аққан жауын мен қыста қардың еріген суы ағатын, басқа уақытта құрғақ жататын терең еспе.
Қаратақыр тепсеңіне жете бергенде, керіш жардың ішінен ағып шығатын Қызылсу аталатын су бар. Ол біресе ұзарып, біресе шолтыйып, сан құбылып жатады. Мен бір рет жайлаудан түсіп келе жатып, мөп-мөлдір болып жатқан оның суына жата қалып бас қойғаным бар. Ұрттап алғанымда аузыма от түсіп кеткендей болды. Су дегенім қоймалжың тұз екен, түсі мөп-мөлдір. Сол су ұзарып ағыпты да, аяғы тайғақ мұзға айналып жатыр екен. Кенет аты тайып кетіпті де, шешем мойнынан асып барып мұзға құлапты. Әйтеуір, еш жері сынбай, аман-есен түрегепті. «Атқа жақындасам, жолатпайды. Қашып, шылбырын сүйреткен күйі ауылға қарай бұрылып барады. Құлағыма сенің шырылдап жылағаның келеді. Жаяу кете берсем бе екен деп бір ойладым. Онда қашан жетем? Өрге қарай жүрісім өне ме? Мұздың үстіне отыра қалып жылап жібердім», – дейді шешем. Жасымды сүртіп, жан-жағыма қарасам, атым ұзап барып тоқтап тұр екен. «Моһ! Моһ!», – деп қасына келіп ем, қашпады жануар. Түнделетіп жеттім-ау, әйтеуір!», – дегені бар еді.
Ол да мені аңсаған екен, мен де оны аңсаған екем. Атам мен апамның мейіріміне қаншама қанып жатсам да, әкең мен шешенің иісі аңсатады да тұрады екен ғой, шіркін! Білмеймін, таусылмайтын аңсауға қалай шыдады екен жаным? Жалғызын, жалғыз ұлын аңсаған атам мен апамның жанын өздерінен өзге, әй, ешкім түсіне алмайтын шығар? Он жеті құрсақтан қалған жалғыз ұлдың қасіретін қалай көтерді екен екі әулием?! Екеуін де өлтірген бұл соғыс екеуіндей қанша милионды қырды екен? Олар тірі кездерінде-ақ өле бастаған екен ғой байғұстар. Ойдан, аңсаудан, дәрменсіздіктен, ылажсыздықтан, үнсіздіктен, сарыла күткен сағыныштан, сары уайыммен әбден қалжырап барып құлаған екен ғой бәрі. Бір күні оларды сағыныш өлтірсе, ертесі уайым, одан арғы күні шарасыздық, одан кейін тағы-тағылар кезек-кезегімен өлтіре беріпті-ау!? Соның бәрін мен балалықпен білмеген екем.
Мен атамнан көп үлгі ала алмай қалдым ба деп қорқам. Одан он бес жасымда айрылдым. Он бес деген соншалық көп емес секілденеді. Оның маған үйреткен ең қымбат үлгісі – қазақылық. Қатарларын қатты сыйлайтын. Ол ешқашан өз үйінде төрге шыққан емес. Кіші келсе де, үлкен келсе де, оның орны апамның қарсысында болатын, екеуі жозының екі шетінде бір-біріне қарама-қарсы отыратын. Жас келсе де, кәрі келсе де, қонақтың орны тек төр еді. Атамның сол мінезі – маған ұнайтын ең ұлы мінезі.
Қай күні, қай жылы екені есімде жоқ, қазіргі Кітәпбек көшесіндегі үйде таң атып қалған кез болатын. Атам ерте тұрды да, далаға шығып кетті. Апам да киіне бастады. «Шай қайнағанша жата тұр», – деді маған. Сонан соң еңкейіп самайымнан иіскеді де, қасыма қисайды. «Баяғыда бір батыр жігіт қапыда жау қолына түсіп, тұтқын болып қалады, – деді есіне түскен бір әңгімені қаузап. – Жау оны зынданға салып тастайды. Арада біраз жыл өтеді. Зынданға тамақ әкеп жүрген жігітпен тіл табысып, екеуі бір күні тұтқыннан қашып шығады. Баяғы үйі отыратын жерге келсе, сол орнында биыл да отыр екен. Дәл осындай таңертең болса керек, ақырын келіп жабықтан қараса, қатынын құшақтап бір жас жігіт жатыр дейді. Ашуланып кіріп келсе, қатыны қарғып түрегеліп: «Әкең келді! Әкең келді!» – депті әлгі қойнында жатқан жас жігітке. Сол құсап сені құшақтап жатқанымда, Нұржекем келіп, «Менің шешемді құшақтап жатқан қай жігіт?» –деп кіріп келсе ғой, шіркін!» – деді күрсініп.
Енді ойласам, сол кезде, жалғыз ұлын аңсап жүрген екен ғой жан апам. Аңсаумен таңы атып, аңсаумен күні батып жүргенін мен ол кезде қайдан білейін? Қайдан білейін!
Шешем Әзіхан 1970 жылдан 1972 жылдың 28 қарашасына дейін Алматыда қолымда тұрды. Ләйлә мен Жанар екі немересін ойнататын. Жүрегі ауырып, Жароков көшесіндегі ауруханада қайтыс болды. Мұқағали ағам көңіл айтып келді. «Ананың аты – ана. Оның орнын ешкім толтыра алмайды», – деді.
Шешемнің жаназасын Жәркентте Тоқтар тәтем отырған үйде шығардық та, Ақжазыққа әкеліп жерледік. Байсақал болыстың, Көмекбай бидің немересі болған Әзіханның жүрегі 56 жылға азар шыдады. Оның ішінде мен білмейтін, бәлкім, түсінбейтін талай түйін, алапат аңсау мен күйініштер, өкініштер кетті. Атам мен апам да, ол да – бәрі сұм соғыстың құрбаны. Және де жәй өлмеген, азабын тартқан, қайғысын жұтқан құрбандары.
1974 жылы 2 маусымда «Қазақстан» мейрамханасында той жасап, інім Сұлтанбекті үйлендірдім. Ауылдан Тоқтар тәтем, Қали аға, атамның көзін көрген Мұса Жайлаубайұлы, Қожахмет Саурықов, Сейітжаппар мен Қамзабек ағалар, Төлеш балалары, шешемнің Нұрахмет, Алдахмет атты інілері, тағы басқалар келді. 33 жастағы мен үшін емес, атам мен апамның, әкем мен шешемнің аруағын сыйлап келді. Солардың бәрі қазір жоқ, жатқан жерлері жайлы болсын! «Әкең өлсе, өлсін, әкеңді көрген өлмесін!», – дегенді қазақ бекер айтпаған.
Арада айлар өтті, жылдар өтті. Алдымен әке болдық, шеше болдық, артынан ата, әже болдық. 2020 жылдың 1 көкек күні Мейірхан деген әйел телепон соқты. «Аға, бір сұхбатыңызда әкем соғысқа кетіп, хабар-ошарсыз жоғалып кетті», – депсіз, біз іздеп көрсек, рұқсат бересіз бе?», – деді. «Ойбай, шырағым, неге рұқсат бермейін, беремін. Өзіміз екі рет іздестіріп, хабар-ошарсыз деген жауап алдық», – дедім. «Астанада жаңадан құрылған жаңа ұйым бар, сондай із-түссіз кеткен адамдарды іздестіреміз, бірталай адамды таптық», – деді әлгі әйел.
Ертесі таңертең таза ауа жұтайын деп, есік алдына шықтым. Сіркіреп жауын жауып тұр екен. Ары бармай, кіреберістің алдындағы қалқада тұрғам, қалта телепоным шылдыр етті. Көтеріп едім, «Сүйінші, аға! – деді кешегі әйел. – Әкеңізді таптық. 1941 жылы 2 қыркүйекте тұтқынға түсіпті»
«Тірі болғаны ма?» – деген бір ой сап ете қалып басылды.
«Содан Чехия жеріндегі Мост деген қаладағы «Шталаг ЧС» деп аталатын әскери тұтқындар лагеріне жіберіліпті. Сол арадағы электр қуатын өндіретін зауытта істеп жүріп ауырыпты да, 1943 – жылы 25 – майда (мамырда) қайтыс болыпты», – деді Мейірхан.
Ол айтып тұр, мен көз жасымды тоқтата алмай тыңдап тұрмын, ол «әкеңіз өлді» деп тұрса, мен «әкеңіз тірі екен» деп жатқандай күйдемін. «Табылды-ау ақыры», – деп тұрмын. Құлағыма апамның айтқаны қайтадан естіліп тұрғандай. «Бізді майданға апара жатыр. Сағынғанда көріп жүрейін, суреттеріңді салып жібер. Барған жерімнен хат жазам», – деп еді шырағым. Хат келмеді. Жаман хабар да келмеді. Жүрегім сезеді, тірі бірақ, Нұржекем тірі. Тұтқынға түсті ме екен, тірі әйтеуір», – деуші еді апам.
«Сол Мост қаласының бейітіне жерленген екен, 1954 жылы ол қаланың астынан көмір табылып, қаланы біраз жерге жылжытыпты, сол кезде әкеңіздің сүйегін бауырластар бейітіне қосып жіберіпті», – деді әлгі әйел.
Далада сібірлеп ақ жауын жауып тұр, көзімнен қайғы екені де, қуаныш екені де белгісіз көз жасым ағып тұр. Жылап тұрмаған сияқтымын, бірақ көз жасым тоқтамайды, ағытылып кеткен әлдене секілді.
– Аты-жөні анық жазылып па? – дедім әлі де анық-қанығына сене алмай.
– Ешмұхамбетов Нұржаке Батпанович, Жамбыл ауылынан шақырылған, – депті.
Орысша құжатта солай жазылғанмен, немісшесінде тек «Ешмұхамбетов Нұржаке» делініпті. Мұсылман екені де (магомет) көрсетіліпті.
Енді еш күмәнім қалмады: Батпан – шешесі, «Отчествоң қалай?» – дегенге, сірә, шешемнің атын сұрап тұр екен деп, «Батпан» деген болу керек. Қазақ ол кезде тек әкесінің атына ғана жазылады ғой. Ақжазық ауылы ол кезде Жамбыл атындағы колхоздың орталығы, сондықтан «Жамбыл ауылынанмын», – деуі – заңды.
Жалпы, «Жамбыл» атауы біздің жерде бұрыннан бар: Қаратақыр деген тепсеңнің солтүстік батысында «Жамбыл бастау» аталатын бастау бар, суы жүз – жүз елу метр жерге дейін ағып барады да, жерге сіңіп кетеді.
Алайда бастаудың көзі – көлкіп жатқан үлкен көлшік, қарақұйрықтар су ішетін жер. Мен ол бастауды бір-ақ рет көрдім.
Әлгі Қаратақыр аталатын ұзын тепсеңнің оңтүстік етегінде Шет Жамбыл аталатын жер тағы бар. Шет Жамбылдың асты – Шыған, Шығанның шығысы – Ақой (Ағой).
Мейірханның айтып отырғаны дәл өз әкем екеніне біржола сендім. Әкеме әке-шеше болған туған ауылымның жер-суын ойша түгендедім.
Әкемнің жерленген жері табылғанына тәубә деп, Ербол деген молда інімді, бала-шағамды үйге шақырып, құдайы шай бердік. 1921 жылы туған әкем 2021 жылы тірі болса, жүзге келетін еді, соның өзі құдайдың маған тартқан сыйындай көрінді.
1921 жыл әлем жұқпалы індетпен алысып жатқан жыл болатын. Әне-міне саябырси ма деп жүргенде, Айзаш екеуміз де тырнағына іліндік.
4 шілде күні Кәдірбек досымның 80-ге келген мерейтойына бардым. Көптің ішінде ойнап-күліп отырдық. 5-і күні курстас досым жазушы Ахат Жақсыбаевтың қырқы болды. Соны басқаратын адам келмей қалған соң, орнымнан тұрып, қызметке кірісіп кетіп едім. Үйге келген соң кешкісін беймазалау бір күйге түстім. Ертесі ауыра бастағанымды сездім. Бұрынғы Министрлер Кеңесінің, кейінгі Президент ауруханасында тіркеуде тұратынбыз, Айзаш оларға телепон соққан еді, «Ертең дәрігер барады», – депті. Ертесі 7 шілдеде ешкім келмеді бірақ. 8-і күні екеуміз өзіміз бардық. Кіреберістен бір әйел дене қызуымызды тексерді де, өткізіп жіберді. Өзіміздің 4 – үшәске меңгерушісіне кіріп едік, менің дене қызуымды өлшеді де, «Ойбай, аға, сізді қалай жіберген? Температураңыз бар ғой», – деді бірден. Дереу тексеруге жіберді. Ол мұрнымыздан, көмейімізден өз керегін алды да, үйге жіберді. Кешкісін: «Сіздің ауру екеніңіз анықталды. Үйден шықпаңыз, ешкімге жақындамаңыз, ертең әйеліңіз де келіп тексерілсін», – деген пәрмен алдық. Сол күні Айзаштың да ауырғаны анықталды. Бірақ үйге дәрігер келмеді. Үшәскелік дәрігердің берген дәрілері мені азаптан құтқара алмады, кешкісін басым шаншып, берекем қаша бастады. 10-ы күні тіпті өршіді. Айзаш менен гөрі мықты болып шықты, қайта-қайта аурухананың қыздарына телепон соғып, ешкіммен хабарласа алмады. 11 шілде күні басым қақ жарылып бара жатқандай ауырып, мүлдем шыдай алмаған соң, жедел жәрдем шақырттық. Телепонды Татьяна деген қыз ба, әйел ме, орыс кісі көтерді. Жағдайымды айтып ем, «Қәзір мен анықтайыншы, Сізге қалайша дәрігер жібермеген?», – деді әлгі әйел. Компьютерден көрген болу керек, «Сізге 9-ынан бастап емдеу белгіленіпті, бүгін үшінші күн, мен қазір олардың әкесін танытайын!», – деді Таня ашыуланып. Сәлден кейін Татьяна тағы өзі телепон соқты: «Дәрігерлер кетті», – деді қысқа ғана. Әп-сәтте екі қазақ әйел үйге жетіп келді де, дереу мені жатқызып, білегімнен ине сұғып, денеме дәрі жіберді. «Сізге – өтірік, маған – шын» дейді ғой қазақ, ине тамырыма кірген бойда сынып бара жатқан басымның ауруы қоя қойды. Осыдан өлетін шығармын деп дайындалып жатқан мен есімді жыйып: «Мен сендерді сотқа берем! – дедім екі әйелге жекіп. – Үш күн болды басымның шағып ауырғанына, өлмесе өмірем қалсын деп, келмедіңдер, өліп жатқандардың елу пайызы, құдай біледі, сендердің кінәлеріңнен өлгеніне көзім жетті менің», – дедім. «Ауру көп, дәрігер аз, үлгірмейміз», – деп міңгірледі екеуі. «Ертең тағы осы уақытта келеміз», – деді де, екеуі жөндеріне кетті. Соның артынша жедел жәрдемнің Татьянасы тағы телепон соқты. Осылайда-осылай деп болған жағдайды баяндап едім, «Қазір өзім барып көрем сізді, жедел жәрдем шақырдыңыз ғой бағана», – деді. Келді. Қасында Наташа деген тағы бір орыс қыз бар. «Сіз сексендесіз, бұл аурумен ойнауға болмайды. Әйеліңіз екеуіңізді қазір мен тегін тексертейін. Егер ауру бойыңызда әлі аз болса, қайтадан үйге әкеліп тастаймыз. Жүріңіздер!» – деді. Айзаш екеумізді, үйдің қасындағы 12 ауруханаға алып барды, менің бойымдағы аурудың таралу мөлшері 25 пайыз, Айзаш та сол шамада болып шықты. Татьянам тағы өз ұсынысын айтты: «Ертең бойыңыздағы ауру 50 пайыз болады, оны сіз үйде жатып көтере алмайсыз. Мені тыңдасаңыз, екеуіңіз де жатып емделіңіздер», – деді. Жаттық. Татьянаның айтқаны келді, үшінші күні өліп бара жатқанымды түсіндім. Тамақ іше алмаймын, бірақ құсқым келе береді. Басымды көтерсем, көтерген бойда былқ етіп құлаймын. Еш жерім ауырмайды, бірақ тұла бойымда титтей де әл жоқ, өз денемді өзім көтере алмаймын. Буын ұстамайды. Өз денемді өзім шымшып көрсем, ешқандай да ауырмайды, – жаны жоқ. Қиналмай өле салатын сияқтымын. Кәріс дәрігер кезекші екен, оған құсқым келе беретінін айтып ем, «Лимон жеңіз», – деді. Жедім. Басылғандай көрінді, бірақ бетім бері қарамады. Үйден Айзаш дәу ағаш қасық ала келген екен, соған толтырып арақ құйды да, аузыма қотара салды. Ұйқтап қалыппын. Балаларым құйрық май, ыстық сорпа беріп жіберген екен, құйрық майды кәдімгі нанша жедім, жүрегіме титтей де тимеді, сорпаны да соғып алдым. Сөйтіп тірі қалдым. Қасымда Айзаш болмаса, қай күні, қай сағатта кете салатынымды бір құдай білсін. Әкесінің бақилық орнын көріп қайтсын деген болар құдай. Чехияға барып қайтуға іштей бекіндім. Бірақ ковид деген бәле бәсеңдемеді. 2022 жылы босаңсығандай болды. Іштей әзірлене бастап едім, аяқ асты тамаз айында мен тағы қайталап ауырып қалдым. «Сіздің ауыруыңыз анықталды», – деп медбике телепон соққан сәтте-ақ балаларыма: «Жылдам дәрігер шақырыңдыр!» – дедім. Сол күні кешкісін емделуді бастадым. Ал өзім тіркеуде тұратын орталық емхана төрт күн бойы келмеді, төртінші күні Айзаш екеуміз өзіміз бардық. Бас дәрігердің орынбасарына кірдім. Жағдайды айтып ем, «Ойбай, сіз неге келдіңіз? Сізге үйден шығуға болмайды», – деді. «Өлімді үйде күткенше, өзім келейін дедім. Сіздер келеді деп мен де, ауруым да төрт күн күттік. Енді неге келмей жатқандарыңызды өз көзіммен көрейін деп келдім», – дедім.
Қысқасы, бәрі жабылып медбикені кінәлі қылып шығарды. Сол екен ешкімге айтпай ұмытып кеткен. Мейлі ғой, аман қалғаныма шүкір дедім. Емім біткен бойы Чехияға баратынымды балаларыма айттым. Қарашаның бірі күні балам Бейбіт, немерем Гүлкен үшеуміз Ыстамбұл арқылы Чехияға ұштық. Түнделетіп жеттік. Қызым Жанар қонақүйді тауып, ақысын Алматыдан-ақ төлеп қойған, бардық та жаттық. Ертесі қаланы аралап демалдық. Үші күні елшіліктен Айберген деген жігіт мәшинесімен келіп, телетүсірімші Ұлан атты қырғыз жігітті қосып алып, бәрімізді Мост қаласына жеткізді. Екі ара жүз шақырымдай екен, шаршамай жеттік. Мост қаласынан Германия шегарасына дейін 18 шақырым ғана жер екен. Бірден бейіт басына бардық. Мен бір сәт босап бара жатқанымды байқадым да, бойымды тез жинап алдым. Телетүсірімші: «Аға, сіз былай тұрыңыз! Бері қараңыз!» – деп бұйрығын бере бастады.
Айберген мен балаларым бейіт басындағы адамдармен сөйлесуге кетті. Жан-жағыма қарадым. Айналам бейіт. Беткей екені білініп тұр. Топ-топ бейіттің ара-арасы күтімді көше тәрізді. Әр бейіттің басында дерлік гүл шоғы. Жақында ғана қойып кеткендей.
Бейіт басшылары түгелдей бір айлық демалыста болып шықты. Бейітте күтушілер ғана қалыпты, солардың сілтеуімен картаға қарап, сәбет әскерлері жерленген қорымға келдік. Ең шетінде төрт ұшқыштың аты-жөні жазылған құлыптас тұр екен. Сонан соң 29 бейітке белгісіз адамдар жерленіпті, оның ар жағында басына кірес белгісі қойылған тағы да белгісіз жүз шақты бейіт. Оның ар жағы итальяндықтар жерленген 85 бейіт, олардың аты-жөні, туған, жерленген жылы – бәрі құлыптасқа мұқият жазылыпты. Тек кеңес елінің тұтқындарына ондай жазу бұйырмапты. Басына кірес қойылмаған 29 бейіттің біреуінде менің әкем Ешмұхамбетов Нұржеке Батпанұлы жатыр. Ана басынан мына басына дейін бірнеше рет жүріп шықтым. Әкемнің бейіті әлдебір белгі беретіндей. Алайда ажырата алмадым, бәрі бірдей, бәрі қатар-қатар жерленген, бәрінің үстіне гүл егілген.
Інім Амантай Көдеков ауылға арнайы барып, атамның, апамның, шешемнің бейітінен бір дорба топырақ алып келген болатын, соны қалтамдағы дорбадан шығардым да, 29 бейітке түгел шашып шықтым. Туған жерінің топырағын әкемнің өзі танып алар немесе әкемді топырақтың өзі танып алар деп ырымдадым. Сонан соң Белжайлаудың Шымылдыққарағай деген жерінен алған алтын тамырдың тұнбасын 29 бейіттің бәріне тамызып шықтым да, бейіттердің шығыс жақ шетіне отырып, бетімді батысқа қаратып, құран оқыдым. Әкемді қазір жерлеп біткендей сезімде болдым.
Бетімді басып тұрып, өкіріп жыладым.
81 жыл сақтап келген жасымды сарқып тастағым келді. Іздеп келгенімді әкемнің рухы естісін дедім. Ұрпағы үзілмегенін сезсін дедім. 81 жыл бойы менің де соғысып өмір сүргенімді білсе екен дедім. Менімен бірге немересі Бейбіттің, шөбересі Гүлкеннің де келгенін әкемнің аруағына білдіргім келді. Күбірлеп сиындым, күбірлеп тіледім. Сөзіммен емес, сезіммен сөйледім. Ол да тірі, мен де тірі секілдендім. Бір сәт ол да, мен де аруаққа айналып, амандасып жатқандай көріндік. Қайғырғам жоқ, қуанып тұрғандай көріндім. Кей сәт қасымда тұрғандарды ұмытып кеткендей де болдым.
Аз ғана шақта 81 жылғы өмірімді оған айтып бергендей күй кештім. Өмірімде ондай сәтті ешқашан басымнан кешкен емеспін, енді кешпейтін де шығармын.
Түнделетіп Прагаға оралдық. Ертесінде таң бозынан жауын себелеп тұрды, түнге дейін толастамады. Бірақ біз оған қарамай қаланы араладық.
Чехтар маған ұнады. 65-ке келген адам қала көлігінде тегін жүреді екен, 15-ке толмаған бала да солай. Менен тіпті құжат талап етпеді, бетіме қарайды да, қолымен жол нұсқайды. Қарттары мен балаларын бағалайтын халық екен.
Қонақ үйге келген бойда балам мен немереме: «Мен шаршадым, жатайын», – дедім. Шамасы, кешкі сағат тоғыздың кезі болу керек. Жылдам ұйықтап қалсам керек. Біз университетте оқып жүргенде, орталық кітапхана қазіргі Достық көшесі мен Төле би көшесінің қиылысындағы үй еді. Мен сондағы оқу залында отыр екем. Кенет есіктен атам кіріп келе жатты. Алдында – Қали аға. Атам маған қарады да, «Мен сендерге батамды берейін деп келдім», – деді.
Гүлкен әкесіне әлдене айтып жатыр екен, даусынан оянып кеттім. Санасам, атам түсіме кірмегелі тұп-тура 56 жыл болыпты. Не деп бата беретінін естімегеніммен, жақсы бата береріне сенімдімін. Оятып жібердіңдер деп, балама да, немереме де ренжігем жоқ. Атамның «сендерге» дегенінің ішінде екеуі де бар ғой. Мен тым діндәр адам емеспін. Алайда атамның әлгі сөзі бүкіл тіршілігіме таң шапағын шашып жібергендей әсер етті. Үнсіз ғана бетімді сипадым.
Тоғызыншы қараша күні үшеуміз Алматыға қайттық. Әуежайға аяғым тигенде, әлдебір сезім әлекке салды. «Атам мен апама не айтам?» – дедім олар менен бір хабар күтіп жатқандай. Алматы әуежайына түскенімде әуелі Амантай Көдеков інімнің төбесі көрінді. «Жылап жібермесем жарар еді», – деп бекіндім. Оның артында әнші інім Нұржан Жанпейісовті, Сұлтанбектің баласы Ерұланды көрдім де, кенет қатая қойдым. Неге өйткенімді өзім де білмеймін. Сірә, осал шал боп көрінгім келмесе керек. Үшеуі көрісіп амандасты. Сонда түсіндім: олар мені әкесін өз қолымен жерлеп келе жатқан кісіге балапты. Көзімнен шып-шып жас шығып кетті. Соны білгендеріне риза болдым.
Кемпірім де көкірегі ояу адам болып шықты. Ертесіне ет жақын адамдарды құдайы шайға шақырып қойыпты. Бұл сапарымның мінәжәт сапар екенін ол да бағалапты. Телетүсірімші Айнұр қарындасым да өз хабарын сол күні аяқтап үлгерді. 81 жылдан кейін әкемнің өзін емес, қәбірін осылай таптым.
Он бірінші қарашада таңертең Айзаш екеуміз ғана шай ішіп отырғамыз. Үстелдің үсті жеміске толы, дастарқан дарқан жайылған екен. Қолымды ақ сары алмаға қарай соза беріп ем, «Ой, оны жеме!», – деді Айзаш. Одырайып бетіне қарап ем, «Қәзір балаң келеді. Сен ана көк алмаларды жей берсеңші», – деді. Онысын құп көрдім де, өрік-мейіз бен тәтті-мәтті салынған тақсыға қол созып ем, «Ойбай, оларға тиме!» – деді тағы. Тағы бетіне таңдана қарап ем, «Әкесімен бірге кішкентайларың да келеді. Әдейі соларға сап қойдым!» – деді. Бәрі түсінікті болды: «Келін енесінің топырағынан жаралады» дегенді қазақ бекер айтпайды екен. Алла тағала амандығын берсін! Апам да астың дәмдісін маған беріп, мен келгенше атама жегізбейтін. Бәрін айту, түк қалдырмай еске түсіру мүмкін емес, менің әкеммен табысу тарихымның негізгісі – осы. Ошақтың аузында от тамызып отырып та, самаурынның түбінде шоқ салып отырып та, өреге құрт шонжылап жатып та апам ұзақ үнсіздіктен кейін көкірегін қарс айыра күрсінетін. Ол күрсіністің қасіретін, менің ойымша, апамның өзінен басқа ешкім де дәл түсіне алмайды.
Құдай, аруақ екеуіне жар болып,
Жалғыз ұлдан бір немере бар болып.
Атам, апам өтті өмірден күрсініп,
Нұржекесін бір көруге зар болып.
Жатқан жерлері жұмақ болсын!
Мен бұл сапардан екеуін сәлде болса түсініңкіредім.

Бексұлтан Нұржекеұлы,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Пікір қалдыру