Үздіксіз ақ пен қара күреседі…
Әбубәкір СМАЙЫЛОВ
ҚҰРАҚ КӨРПЕ
«И от нас самих ничего на этой земле не останется,кроме памяти в каком-то сердце, сильно любившем нас…»
(Эрих М.Ремарк)
Жан адамға танытпай жанашырлық,
Бір жақтарға асықтық, аласұрдық.
Өткен шағың – өтірік, болашағың –
Бұлыңғырлау, бүгінің ғана Шындық!
Аңшыдай боп сонарда із кесетін,
Бұл өмірдің көргенбіз біз де шетін.
Мен аяймын жүздегі қарияны
Қатары жоқ қауқылдап, жүздесетін.
Көнбейді уақыт ырқыңа, кесір неме
Жастық шағың жалт еткен есіңде ме?
Талай жарқын күндердің куәгері
Телефонын алмайды досың неге?
Өзіме өзім осынау сұрақты ерте,
Қойып көрдім.
Өмір не? Құрақ көрпе –
Естеліктен тұрады ол түрлі-түсті
Құрақ көрпе ғұмыры бірақ, келте.
Бір құдірет қаз-қатар тізгендейін,
Көктем мен жаз, қыс келер күзден кейін.
Күзден кейін қалады тау-тау астық,
Не қалады білмеймін бізден кейін?!
Ел есінде бір ауыз сөзім қалса
Дейсің, (бірақ сенбейсің өзің де онша).
…Сөзің қалса шіркін-ай, сөзбен бірге
Шы-м-ммм еткізер жүректі сезім қалса!!!
УКРАИНА. СУЫР КҮНІ
(Г. Рамистің «Суыр күні» фильмінің ізімен)
Құстар сайрап, атпайды уылжып таң,
Украина…
Қайғының уын жұтқан!
Уақыт тоқтап қалғандай,
(жиырма) екінші
Ақпанға кеп інінен Суыр шыққан.
Көрген адам сол кино туындыны
Түсінеді, не сұмдық Суыр күні…
Туған жерін қорғауда тұлымды ерлер,
Тулақ болмас үшін де туырлығы.
Ақиқат бар көнеден қалған сөзде:
«Жалғыз барып жауға ти, жаннан без де
Ажал жетпей өлмейсің!»
Малтаңды езбе
Отқа оранып Отаның жатқан кезде!
Украина жарыған уызынан,
Жаны ұшқанша кеуденің қуысынан –
Қасарысып, беріспей шыдап-ақ тұр
Азаттығын шығармай уысынан!
Ауыр не бар сәбидің көз жасынан,
Зарлы не бар ботаның боздасынан?
Мұңын ұғу басқаның мүмкін емес,
Әрбір адам өткермей өз басынан!
МҰЗ ДӘУІРІ. ДИНОЗАВР
Бүгінгі балаларға қызығы жоқ,
Ескі кинолентадай үзігі көп –
Енді айтсаң өткен күннің бәрі өтірік,
Екеуміз еске алайық кел, отырып.
Біз тудық басқа қоғам, басқа әлемде,
Күн көсем бағып тұрды тас төбемде.
Жабығып Жаңабайлар жүрген уақыт,
Өз тілі өгей болып Өскеменде.
Бұл нәубет біздің ұрпақ бастан кешкен,
Артынша болды дүние астан-кестең.
Кеңестер Одағына өлім келді,
Ол мәңгі мызғымастай көрінген-ді.
Күткенде күллі дүние Мыңжылдықты,
Сезіп ем секем алып бір сұмдықты:
Еркек күйлеп, әлемді қан-жын билеп
Құдайсыздан әсіре діншіл шықты!
Жауған жоқ біз күткендей көктен шұға,
Адамзат азғындады шектен шыға.
Келесі Мыңжылдыққа топ еткенде,
Кеңістік сығымдалып кеткен, сірә.
Бұл да бір шым-шытырық кино да бір,
Имандай шыным осы, илана біл.
Біз деген мұз дәуірде құрып кетпей,
Дін аман қалып қойған динозавр!
Үздіксіз ақ пен қара күреседі,
Ертең-ақ қыз бой жетіп, ұл өседі.
Егер біз аман қалсақ мұз дәуірден
Алланың бар шығар-ау бір есебі…
НАМЫССЫЗ ЕК НЕ ДЕГЕН!
Ерлік қылмай, бір демде
Ел болғасын егемен,
Есім шығып жүргенде
Қалып қойдым кемеден.
Кемесі еді ол Заманның,
Кетті айналып нүктеге.
Шапшаң батып шабан күн
Үлгермеймін түкке де.
Өне бойы кешігем,
Өркениет көшінен.
Өндірмесе ештеңе,
Мақтанады ел несімен?
Білім-ғылым кім себер,
Дін үйреткен дүмшелер.
Әркім құмар сүймекке,
Қазақстан – күлшелі ел.
Озық жұрты әлемнің,
Барып қайтты Айға да.
Байқоңыры бар елдің,
Жеткен жері – Тойхана!
Ел болсам да егемен,
Өз тілінде немерем
Сөйлемейді, өйткені
Өзім берген өнегем.
…Намыссыз ек не деген!!
БАСЫ АРТЫНА ҚАРАҒАН ХАЛЫҚ
(Қазақ хандығының 550 жылдығы…
Жошы ұлысының 800 жылдығы…)
Қашан мынау ырду-дырду той бітпек,
Оңашада сөз салмақтап, ой түптеп
Отырасың, содан кейін қарадай
Күйінесің алға баспай қойдық деп.
Бір қарасаң заман тыныш, ел аман
Бірақ, сұмдық жылдамдықпен аламан
Жүріп жатыр, сол аламан ішінде
Бір халық бар басы артына қараған.
Дүмшені ұстаз, білімсізді пір санап
Біздің қоғам кері кеткен күн санап.
Жарты қазақ жүр VII-ші ғасырда
Өзі оранып, жеткіншегін тұмшалап!
Неше түрлі болжам жасап, бал ашып
Тарихшылар Шыңғысханға таласып,
Жазушылар жауласып жүр жоңғармен,
Басқа жұрттар кеткен кезде бел асып.
Тілден, діннен, тәрбиеден айрылып
Жатыр менің ішімде бір Қайғы ұлып.
Қазақ қалай алға бассын біржола
Басы артына қалған болса қайрылып!
Басылар-ау той-думанның дүрмегі
Жылдар өтер…
Күндердің бір күндері
Өкінбесек әлемге аян болғанда
Тұтас ұлттың бекер өмір сүргені!
НҰҚ ПАЙҒАМБАР КЕМЕСІНІҢ ЖАҢА НҰСҚАСЫ
(Ересектерге арналған ертегі)
«Қазығұрттың басында кеме қалған,
Қасиеті болмаса неге қалған?»
(Халық ауыз әдебиетінен)
Ерте, ерте, ертеде…
Ертеде емес
Осы заман, өтуде Жерде Кеңес.
Өзін өзі жоюға ессіз әлем
Бұлайша дәл жақындап келген емес!
Жетпесе ақыл ашуын басқаруға,
Бірдей екен Атом да, Тас қару да!
Тас дәуірлік жабайы әдетпенен
Бірін бірі адамзат бас салуда.
Қыл үстінде тіршілік кезекті рет,
Өлім, өмір тағы да өзекті боп,
Өңкей топас қолданбай қоймайтындай
Ядролық қаруын кезеп, тіреп!
Миллиардтар мүддесін, тәмам дауды
Шешуге енді дәрменсіз қарар-қаулы.
Қауқары жоқ БҰҰ-ның да бұрынғыдай,
Бүкіл адам баласы алаңдаулы.
Әлемнің де, Жердің де ортақтығы
Ойында жоқ олардың, оттап мұны
Кім айтты екен:
«Аспанда пайда болды
Ақырзаман жаршысы – төрт аттылы!»*
«Жақын қалды, кеп қалды заман ақыр!»
Үрей басып әлемді бара жатыр.
Тығырықтан шығатын тағы қандай
Табады айла, адамзат табады ақыл?
Көздеріне көрініп елес түрлі,
Дүрлігуде тыңдамай ел ешкімді.
Қайтсек, Жерді құтқарып қаламыз деп
Көсемдері әлемнің Кеңес құрды.
Қолды-аяқтай кез келген бастамаға,
Бар ма сірә, саммитшіл басқа қала?!
Мұндай жиын қай жерде мүмкін дейсіз,
Астанада әлбетте,
Астанада!
Қазаққа тән – мал шашпақ, асып-таспақ
Ашу үшін қонаққа есікті асқақ,
Саммитке деп жаңадан қайта салды,
Тәуелсіздік Сарайын шашып тастап!
Дәл осы сәт қол созған Арманына,
Сенемін бір өлермен жан барына.
Алқалы топ кеңесе берсін мұнда,
Ал біз тарттық Кремний Аңғарына*.
Ақыл-ойдың озығы кіл данышпан,
Осы жерде бас қосып, тіл табысқан.
Пайғамбармен пара-пар бұл заманда
Хабар алып отырса кім ғарыштан.
Көзін тігіп әлемге алыстағы,
Қоныстанбақ бұйырса Марсқа әлі.
Жануарлық болмысы Жерде қалып,
Ақыл-ойы адамның қарыштады!
Кіл данышпан және бір Кемел адам,
Көкірегі – қазына көне ғалам,
Ал миында мың сан ой, сансыз теңдеу
Кеме ғана дәл қазір керегі оған.
Өркениет ұлысы өлмегенін
Мақсат тұтып, сұрыптап ең керегін,
Кемел адам керемет кеме жасап,
Атын қойды «Noah»* деп сол кеменің.
Кемел адам Марсты игермекке,
Ниетті деп шулады интернетте.
Сөзді қойшы, таңылған ағашқа да
Пайғамбарлар пайдасы тиген көпке!
Бейбіт күннің мәні мен қадірі өліп,
Ел үркуде қит етсе Мәді* көріп!
Жалғыз ғана ақиқат – бола қалса
Жеңімпаз жоқ соғыста ядролық.
Адамзаттың ақыры ол – айдан анық,
Сауғаларсың жаныңды қайда барып?
Басқа әлемге көшуден басқа амал жоқ,
Игілігін ғылымның пайдаланып.
Ұлы мақсат, азапты ой жолында
Тәуекелге басыңды байладың ба?
Екі иінен дем алып «Noah» кемесі
Ұшқалы тұр Starbase* айлағында.
* * *
Жұлдыз сөне бастаған.
Елең-алаң.
Ой теңізін кешумен Кемел адам,
Көзі ілініп кеткенде Алтынбалық
Түсіне еніп бір кеңес береді оған.
Таң алдында көрінген Алтынбалық,
Нендей аян берді екен?
Ал, тыңдалық:
«Нұқ пайғамбар секілді бір кездегі,
Көше алмайсың кемемен халқыңды алып.
Сабыр етсең әліптің артын бағып,
Ақиқатты біткенде халқың танып,
ЖАҢА ДӘУІР туады,
жаңа мазмұн
Қалмайды адам бұрынғы қалпында анық.
Жаңа мазмұн туады, ЖАҢА ДӘУІР –
Жануарлық болмыстан ада дәуір.
Адам НҰРҒА айналып, басталады
Байланбайтын тұрмысқа САНА ДӘУІР!..»
P.S. Сол дәуірдің нышаны Алтынбалық
шығар бәлкім, әліптің артын бағып
Ақиқатты адамзат танығанша.
Армандаудан әр кезде тартынбалық!
«Қазығұрттың басында кеме қалған,
Қасиеті болмаса неге қалған?..»
Өркениет өрісін кеңейтуге
Келеді әлі, келеді Кемел адам!
Ескертулер:
*Ақырзаман жаршысы төрт аттылы – Інжілдің соңғы кітабы Жаңа Өсиетте айтылатын кейіпкерлер.
*Кремний аңғары – Солтүстік Калифорниядағы жоғары технологиялар мен инновациялардың жаһандық орталығы.
* Noah – Нұқ пайғамбардың ағылшын тіліндегі есімі.
*Мәді – діни аңыздарда ақырзаман жақындағанда пайда болатын мифтік кейіпкер.
*Starbase – Техас штатындағы SpaceX компаниясының жеке мақсатқа пайдалануға арналған сынақ ғарыш айлағы.