Қарасақал Ерімбеттің әдеби даму және ақындық орта дәстүрі

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегі – қазақ тарихындағы ұлттық ояну, серпілу дәуірінің аса маңызды кезеңі. Қазақ әдебиетінің көп жанрлық мазмұнмен дамуы ұлы Абай дәстүрін жалғастыра отырып, ағартушылық-демократиялық ағымның кең арналы жетістіктерімен, жаңалықтармен өркендеді. Атап айтқанда, еуропалық ағартушылық реализм, мұсылмандық Шығыс әдебиеті дәстүріндегі дидактикалық, саяси әлеуметтік лирика түрлері натурализм, сентиментализм, символизм, декаденс, революцияшыл-төңкерісшіл бағдарларындағы түрлері де пайда болып, әртүрлі көзқарастар қалпында танылды.

Ерімбет ақынның әдеби-шығармашылық өмірбаяны ақындық өнерінің қалыптасу, даму, өрлеу жолы оның заманымен, тарихи кезең тынысымен байланыстылық жағдайында танылады. Ерімбет және онымен тұстас қазақ сөз өнерінің тұлғаларын деңгейлестіре қарағанда ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы «кітаби ақындар» болып аталып жүрген әдеби мектеппен тектестігін байқаймыз.

ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ поэзиясының әлемдік әдеби байланыстар аясында дамуының ықпалды бағдары – мұсылмандық-ағартушылық.

Әдебиеттанушы ғалымдардың еңбектерінде «кітаби ақындар» деген шартты атаумен ғана бағаланған мұсылмандық-ағартушылық әдеби ағым өкілдерінің шынайы бағасы еліміз егемендік алғанға дейін толыққанды ашылмай келді. Зерттеуші У.Қалижанұлы ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басындағы діни-ағартушылық ағым өкілдерінің жалпы әдеби процеске қосқан үлестерінің халықтың рухани өсуіне елеулі ықпал еткенін айта келіп, осы әдеби ағымның маңызына жаңаша баға береді: «…діни-ағартушылық поэзия өкілдері діни схоластиканы уағыздаған жоқ, олар діннің ақ жолын қоғамның даму көзіне айналдырып мұрат тұтқан, бүгінгінің тілімен айтсақ, ағартушылық қозғалыстың басында тұрды. Олар жалпы ұлттық идеяға айналды. Егер қазақ халқының соңғы 80-жылдың ішінде оқу-білімге деген құмарлығы неге сөнбей отыр десек, сол идеяның жаңғыруының, санаға сіңіруінің жемісі – деп білген жөн. Ол процесс әлі біткен жоқ» /1,31/.

ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген діни-ағартушылық бағыттағы ақындардың көбі дерлік Орта Азияның ірі мәдени орталықтарынан Шығыс әдебиеті мен ислам ілімін оқып-үйреніп, діни схоластикаға салынбай, ислам қағидаларын қоғам дамуын, адамзаттың рухани өсу жолына пайдалануға атсалысты. Әдеби процестің даму барысында өзіндік ерекшеліктерімен танылған сөз зергерлерінің бұл тобы «кітаби ақындар» деп аталғаны белгілі. Бірақ діни сарындағы шығармаларға үрке қараған сол кезеңнің өзінде-ақ Б.Кенжебаев, Ә.Қоңыратбаев «кітаби» ақындар шығармаларының ағартушылық сипатына назар аударды. Қазіргі әдебиеттану ғылымында «кітаби ақындар» діни-ағартушылық ағым өкілдері деп танылады.

Шығыс мәдениетінің әлемдік өркениетке негіз, өнеге болған ағартушылық дәстүрлерін шығармашылық жұмыстарының арқау еткен ақындар поэзиясы – ұлттық мәдениетіміздің жаңа жарқын беттерін құрайды. Халықтың рухани таным жүйесінде зор беделге ие болған ағартушы ақындардың эстетикалық-гуманистік көзқарастары әдебиеттің тәрбиелілік қызметін күшейте түсті. Сөз басында айтылған тұлғалар Ақмолла (Мифтахаддин) Мұхамедияров, Мұсабек (молда Мұса) Байзақов, Жүсіпбек Шайхисламұлы, Шәді Жәңгіров, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Нұржан Наушабаев, Әбубәкір (Кердері) Боранқұлұлы, Мақыш Қалтаев, Омар Шораяқұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуов және т.б. ақындар ежелден үзілмеген шығыстық жазба әдебиет дәстүрін жалғастырушылар, оларға ортақ ерекшеліктер – Шығыстың (араб, парсы, үнді, түрік және т.б.) классикалық әдебиет дәстүрлерін қазақ поэзиясына ұштастыру, әлемдік шығармашылық дәстүр «назираны» жаңғырту, дамыту, қазақ поэзиясын әдебиеттер байланыстары аясында кеңейту және т.б. Ғалым  Ш.Қ.Сәтбаеваның пікірін назарымызға аламыз: «Осы кезде байтақ қазақ жерінің түкпір-түкпірінде ой-сананың өсу, қозғалыс күйін танытатын идеялық көркемдік дәрежесі әр деңгейдегі көптеген туындылар жарық көргендігін Ерімбет Көлдейбекұлы, Бөлтірік Атыханұлы, Аралбай Оңғарбекұлы, Мұқан Балтекеұлы т.б. жазғандарынан аңғаруға болады… Олар біршама сауатты болғандықтан өз тарапынан белігіл бір дәрежеде замана қажеттіліктерін қоғам мүдделерін, келелі мәселелерді аңғаруға, түсінуге тырыса отырып, үн қоса алған, едәуір мәнді шығармалар жазған, әдеби процеске араласқан, бұрын жұртшылыққа аты мәлім емес, бірақ кезінде ақындық, жазушылық өнерде өз мүмкіндігін танытқандар да әдеби арнаны едәуір толықтыра алады» /2,7-8/.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басын қамтитын әдеби даму қозғалысы– гуманистік-демократтық ағартушылық, реалистік, романтикалық бағыттарды ұстанған аса мазмұнды кезең. ХІХ ғасыр әдебиетінде белсенді сарын болып, қазақ поэзиясының халықтық қуатын, сыншыл үнін айқындаған зар заман ағымы ұлттық сөз өнерінің қоғамдық бағдарын күшейте түсті. Қазақ сөз өнеріндегі ұлы Абай, Ыбырай, Шоқан қалыптастырған жаңа реалистік-романтикалық әдебиеттің тақырыптық-идеялық, жанрлық, стильдік-көркемдік жаңалықтары молая түсті.

Ұлттық әдебиетіміздің өркениет кеңістігіндегі поэзиялық, прозалық, драматургиялық, көсемсөздік (публицистикалық) жанрлармен деңгейлесетін, үндесетін үлгілері туа бастады. Бұл – қазақ әдебиеті тарихындағы ұлттық және әлемдік әдеби дәстүрлер байланыстарының жаңа серпінмен дамыған өркендеген кезеңі. Сондықтан да, Ерімбет өмір сүрген кезеңдегі әдеби процесті түтастай ала отырып танытуды жөн деп білдік.

Ақынның шығармашылық өсу жолының баспалдақтары туған, өскен жері, адамдармен қарым-қатынасы, шығармашылық байланыстар т.б. болып табылады. Шығармашылық тұлға өзіне дейінгі өмір мектебінен үйрене келіп, өзі де үйрену мектебіне айнала алады.

Ерімбеттің де ақын ретінде қалыптасуын оның туған жерінен, отбасылық ортасынан бастау керек. Ақынның туған жері, Сыр бойы – ежелден-ақ тамырын тереңге тартқан тарихи, мәдени мекен болған. Ұлттық әдебиет тарихында қазақ елінің географиялық орналасу ретіне қарай әр аймақта түрлі ақындық дәстүр қалыптасса, Сыр бойы – ақындық-жыраулық, ақындық-жыршылық, әншілік-ақындық, термешілік мектептерімен ерекшеленеді.

  Ақындардың балалық, жастық шақтарынан есейіп ер жеткендеріне дейінгі уақыттағы шығармалардың дүниеге келуінің табиғи дарындылыққа, қабілетіне байланысты екендігі анық. Жеке тұлғаның дарынының, қабілетінің даралық қалпымен толысуында оны қоршаған ортаның ықпал жасауы, әсер етуі де ерекше қызмет атқарады.

Ерімбет ақын мен оның өмір сүрген кезеңіндегі ақындық ортаның шығармашылық өзара ықпал жасау, әсер ету мәселелерін өнер, шығармашылық психологиясы тұрғысынан қараймыз. Ерімбеттің ізденуіне, жетілуіне әсер еткен шығармашылық негіз – Құран кітабы мен пайғамбар хадистері. Психология ғылымына сәйкес «сендіру» (убеждени), «ұйыту» (внушение) түріндегі ықпалдық әсердің дүниетанымдық бағыттылығы ақынның мұсылмандық Шығыстың классикалық әдеби дәстүрлерін бойына сіңіруіне жағдай жасады. Мұсылмандық шығыс әдебиетінің Рудаки, Фзули, Сағди, Хафиз, Науаи, Фердоуси, Низами, Омар, Жәми т.б. классиктерінің мұраларынан ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ поэзиясы өкілдерінің барлығы дерлік үлгі-өнеге алды. Әсіресе, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде ұлы Абай және басқа да көрнекті тұлғалар араб, парсы, үнді, түркі халықтары әдебиеттерінің шығармашылық жәстүрлерін жалғастыра дамытты. Бұл орайда Шығыстанушы Ө.Күмісбаевтың осы ақындық ортаның табиғатына берген бағалауына назар аударамыз: «Еске алатын бір жағдай, Қазақстанның Оңтүстік жағынан, әсіресе, Сыр бойынан шыққан ақын, жыршы, қиссашы, дастаншылардың Шығыс мәдениетімен, әдебиетімен байланыстары айрықша өріс  тапқан. Бұл өлкеден шыққан ақындар Шығыс медреселерінен мұсылмандық білім алып, араб, парсы, шағатай тілдерін жақсы меңгерген және осы тілдерде өлең де жазған. Аудармамен айналысқан, қисса, дастандар тудырған» /3,53/.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы мұсылмандық-ағартушылық бағдарындағы ақындардың идеялық-көркемдік нысандары – исламдық мәдениет қағидаларын жырлау болды. Қазақ поэзиясындағы ежелгі түркілік суфизм ақындарынан басталып желісі үзілмеген мұсылмандық-ағартушылық ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы ұлттық әдебиетте ұлы Абай арқылы одан әрі жаңғыра жалғасты. Абайдың мұсылмандық-ағартушылық бағдарындағы өлеңдері – қазақ поэзиясына үлгі өнеге болды. Абайдың Алланың бар екендігіне, Құранның шындығына, пайғамбардың хақтығына арналған ойлары суфизм поэзиясында негізі қаланған Жаратушыға ғашықтықты «сүю» ұғымымен баламаланып жырлағанын білеміз.

Қазақ поэзиясындағы мұсылмандық-ағартушылық әдеби ағымына негізгі желі, бағдар болатын  Абай тағылымы екендігі ақынның осындай өлеңдері арқылы дәлелденеді. Халықтың ортасындағы демократиялық-ағартушылық көзқарастардың кеңінен тарауы үшін ағартушылардың барлығы дерлік адамдардың санасына берік ұялаған мұсылмандық дүниетаным негіздеріне сүйенеді.

Қазақ мәдениететінің тарихындағы ағартушылық-демократиялық бағыттағы жаңа реалистік әдебиеттің негізін салған Абайдың идеялық көзқарастары Шығыстың классикалық әдеби-фольклорлық дәстүрлерімен қаруланған ақындарға да игі әсерін тигізді.

Ағартушылық идеясы – әлеуметтік көзқарастар кеңістігіндегі кең мағыналы ұғым. Дәстүрлі көзқарастар жүйесіндегі халықты өнер, білімге шақырудың ағартушылық мақсаты белгілі. Ал әлеуметтану тұрғысынан алғанда, оған адамзат тұрмысының бәрі де кіреді. Ағартушылық дегеніміз – халықтың материалдық және рухани мәдениетіне кіретін тұрмыстық қарым-қатынастар, шаруашылық, еңбек, кәсіп, салаларын тұстастай қамтитын әлеуметтік ұғым. Әлем әдебиеттері тарихының бәрінде де ағартушылық бағыт үнемі жетекші қалпымен ерекшеленеді.

Қаратау атырабының ақындары Құлыншақ Кемелұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Молда Мұса (Мұсабек) Байзақұлы, Мәделі Жүсіпқожаұлы, Нұралы Нысанбайұлы, Ергөбек Құттыбайұлы және т.б. ақындар – мұсылмандық діни білімдерін ақындық шығармаларының көркемдік-эстетикалық жүйесіне арқау еткендер. Зерттеуші Ә.Оспанұлы айтқандай: «…бұл шайырлар шығармаларының басты қасиеті – халықтық педагогикамыздың көлемді де көркем күмбезін тұрғызулармен ерекшеленеді» /4,3/.

Ерімбет ақын қалыптасқан әдеби ортадағы екінші арна – араб, парсы, үнді, түркі халықтарының әдеби-фольклорлық мұраларын игеру, меңгеру. Бұл әдеби ортаға негіз қалағандар Ташкент, Бұхара, Самарқан, Хиуа, Түркістан, Қазан, Өфе және т.б. қалалардағы медреселік оқу орындары. Ерімбет ақынмен замандас ақындардың кейбіреулері медреселердегі білім алған ахун – ұстаздардан білім алысты, кейбірі аталған қалалардағы медереселерде өздері де оқыды. Мысалы, Тұрмағамбет Бұхарадағы «Көкелташ» медресесінен білім алса, Ерімбет Хиуадағы медереседен оқып шықты.

Ықпал жасаудың, әсер етудің өнер психологиясы аясында танылатын ерекшелігі – көркемдік дәстүрлерге еліктеушілік. Қазақ сөз өнерінің және Шығыстың әдебиет дәстүрлерінің көркемдік тағылмына еліктей жүре, өздерінің дербес стильдік өрнектерімен өрбіген туындылар жасауда Ерімбет ақын өзінің төңірегіндегі әдеби ортаның ортақ мазмұнмен бірге аталады.   Осы арада біз Ерімбет Көлдейбекұлының оның ақындық өнеріне әсер еткен әдеби ортаның қалыптасуына негіз болған исламдық-ағартушылық дәстүр негіздерін айтуымыз керек.

Ерімбет өмір сүрген, мекендеген аймақ – Сырдария мен Әмудари өзендерінің жоғары, орта, төменгі жағалау алқаптары. Мауараннахр (Мавераннахр) бұл өлкедегі Самарқан, Шаш (Ташкент), Фараб (Түркістан), Бұхара, Ходжент, Хиуа, Қоқан және т.б. қалалар мен олардың төңіректеріндегі елді мекендердің Араб халифатының ғылымы, мәдениеті өркендеген ірі қалаларында Сырдария мен Әмудария өзендері алқаптарындағы ауылдардан, қыстақтардан, қалалардан оқымыстылар барып еңбек еткен. Кейіннен олардың есімдері, еңбектері әлемдік мәдениет тарихының жарқын беттерін құрады. Мысалы, Бағдат қаласына Хорезмнен барып тұрған математик, астроном, географ Мұхамед ибн Мұса әл-Хорезми, Отырардан барған, Әбунасыр әл-Фараби, алгебра есебінің негізін салушы, алгоритм туралы алғаш негіздеуші Ғаббас әл-Жауһари, Ферғанада туған астроном әл-Ферғани, мервтік Ахмед ибн Абдолла әл-Мервадид және т.б. атақты тұлғалар – осы Мауараннахр өлкесінің перзенттері. Демек, Сырдария мен Әмудария өзендері алқаптары мен Қаратау атыраптары ғалымдарының, ақындарының шығармашылық мұралары – әлемдік өркениеттің ІХ-Х ғасырлардағы даму тарихында шешуші орын алатын рухани қазына.

Ерімбет Көлдейбекұлы және оның ақындық ортасының осындай әлемдік өркениетке ұштасатын дәстүрлі бағдарына жетекші болған мәселе – исламдық ағартушылықтың негізгі орталығы медреселік оқу орындары.

Мұсылмандық-ағартушылық жолындағы ақындық орта өкілдерінің көпшілігі Самарқандағы «Ұлықбек медресесі», Жалаңтөс баһадүр салдырған «Шердор» («Арыстанды медресе») «Тіллә қари («Алтынмен апталған») медреселері, Бұхарадағы «Мир-Араб», «Көкелташ», Түркістан, Үргеніш, Шымкент, Хиуа, Қоқан, Ақмешіт қалаларындағы, сонымен бірге Ресейдегі Қазан, Уфа медреселерінен білім алған.

  Ерімбет ақынды қалыптастырған ақындық ортаның әлемдік өркениетпен, оның ішінде ислам мәдениетімен толық қарулануына негіз болған орталықтар осындай еді. Қазақ мәдениетінің көрнекті тұлғалары болған Жүсіп Ешниязұлы, Жүсіп Қадірбергенұлы, Омар Шораяқұлы, Тұрмағанбет Ізтілеуов және т.б. кісілер осындай орындардан білім алды. Сонымен қатар, аталған өлкедегі ақындық ортаның мұсылмандық-ағартушылық әдеби бағытты ұстануына елеулі ықпал жасағандар ахун-ұстаздар. Осы ахун-ұстаздар жоғарыда аталған қалалардан медреселік білім алып, әрі ислам діни негіздерін және Шығыстың классикалық әдебиетін де халық ортасына таратушы ұстаздық қызмет еткен. Олар ауылдарда арнайы мектептер ашып, оқытушылық, тәрбиешілік, дәрігерлік және т.б. мәдени істердің ұйытқысы болған. Олардың алдарынан оқып білім алған шәкірттердің біразы кейіннен қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларына айналды.

Ерімбет ақын өмір сүрген ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ мәдениетінің мұсылмандық-ағартушылық сипатта өркендеуінде мынадай көрнекті ахун-ағартушылық болған: Ораз-Мұхаммед ахун Бекетайұлы, Алдашбай ахун Ерназарұлы, Қалжан ахун Бөлекбайұлы, Әлібай ахун Қосқұлақұлы және т.б. Бұлардан басқа да жергілікті халық ортасында ахун атауымен белгілі болған біраз кісілер бар. Мысалы: Дәулетназар, Тапал, Қуанышбай, Тоқсанбай, Әбдікәрім, Садық, Ақмырза, Баймағамбет, Табынбай және т.б. Зерттеуші Т.Тебегенов «Ахундар – Алаштың ағартушылары» деген мақаласында Қазақстандағы осындай ұстаздардың  еңбектеріне жаңаша баға береді. «Бұлар – қазақ ауылдарын құрсаулап, рухани аздыруға әрекет ете бастаған ресейлік жатжұрттық отаршылдық ықпалға қарсы өздерінің мұсылмандық ағартушылық жұмыстарын кеңінен өрістетті. Бұлар мұсылмандық көзқарас негіздерін шәкірттерге, қалың жұртшылыққа терең меңгерте отырып, сопылық-ойшылдық мазмұндағы шығармаларды араб-парсы, түркі-шағатай тілдеріндегі жазба әдеби, фольклорлық мұралардың классикалық үлгілерін қайталай жырлаған. Қолжазбалар тарату немесе кітап етіп жариялап насихаттау жұмыстарын жүргізді» /5,23/.

Ерімбетпен замандас Тұрмағамбет Ізтілеуов, Омар Шораяқұлы, Жүсіп Ешниязұлы, Жүсіп Қадірбергенұлы, Оңғар Дырқайұлы және т.б. – бәрі де есімдері аталған ахун-ұстаздардан білім, тәлім-тәрбие алған. Бұл ақындық орта өкілдерінің шығармашылық мұраларына тән ортақ ерекшелік – қазақтың төл әдеби шығармашылық дәстүрлеріне исламдық мәдениет қағидаларын байланыстыра жырлаушылықты қалыптастыру.

Ерімбет өлеңдері – халықтың даналық ойларынан нәр алған ақындық шабытты шығармашылықтың нақты көрінісі. Олай дейтін себебіміз, ақынның есімі өзі өмір сүрген заманында Арал теңізі мен Әмудария, Сырдария өзендері жағалауларымен жалғасатын аймақтарда, сонымен қатар, қазіргі Қаратау атырабы мен Өзбекстан, Қарақалпақстан мемлекеттері құрамындағы байырғы қазақ қоныстарындағы жұртшылыққа әйгілі болған.

Қазақ поэзиясының тарихында ақындардың есімдеріне арғы түп бабаларының аттары қоса аталатын дәстүр тұрақты қалыптасқан. Әсіресе, Ерімбет Көлдейбекұлының ақындық, әдеби ортасында солай атау – ұлттық мәдениеттің өзіндік дербес ерекшелігі қалпында халық тарихына енгізілді. Халықтық сөйлеу мәдениетіне тән дәстүрлі тіркестер арқылы «Балқы Базар», «Қарасақал Ерімбет», «Кете Жүсіп», «Қаңлы Жүсіп», «Керейт Даңмұрын», «Кердері Әбубәкір», «Кете Шахар», «Сарықасқа Молдағали», «Атығай Тезекбай», «Ақкете Шернияз» және т.б. деп атаған. Қазақ тарихында кейде ақындардың есімдеріне ататектік емес, біліміне, өнеріне де байланысты атаулар тіркеседі. Мысалы: Біржан сал, Ақан сері, Сегіз сері, Ешнияз сал, Молла Мұса, Байдыраң сері т.б.

Қазақ тарихының этностық-этнографиялық табиғатындағы сол кезеңнің тарихи, табиғи келбетіне тән мұндай ерекшеліктерді халықтық таным тұрғысында дұрыс бағалай білуіміз керек. Қазақ тарихының көрнекті тұлғалары Қаракерей Қабанбайды, Қанжығалы Бөгенбайды, Шапырашты Наурызбайды, Шұбыртпалы Ағыбайды және т.б. ондаған батырларымыз бен би-шешендерімізді, ақын-жырауларымызды халық өздері сүйіп, қалап қойған ататектік тіркесу қалпымен атады. Бұл – қазақ тарихының әлемдік мәдениеттегі өзіндік өзгешелігіне, халықтық мазмұнын тануға септігін тигізетін ерекшеліктердің бірі.

Ерімбет Көлдейбекұлының қазақ мәдениеті тарихында «Қарасақал Ерімбет» болып халықтық атаумен танылғаны кейінгі ұрпақтарға сол дәстүрлі қалпымен жетті. Орта Азияда, оның ішінде Ерімбет өмір сүрген аймақта танылған шайырлық-ақындық әдеби ортаның араб жазуындағы (қадымша) жазба көркем әдебиет дәстүрінде болғанын байқаймыз. Осыған байланысты Ерімбет және оның әдеби ортасы өкілдері халықтың «шайыр», «сүлей» деген атауларымен аталған.  Ерімбет ақынның төңірегіндегі әдеби шығармашылық тұлғаларды «жырау», «ақын», «шайыр», «сүлей» деп атау – тұрақты қалыптасқан дағды. Бұлар сөз арқауына алып отырған ежелгі замандық түркі, араб, парсы әдеби-фольклорлық ауызша және жазба шығармашылық дәстүрлердің бәрінің де іздерін, сілемдерін жоғалтпай сақтаған. Ауызша және жазба авторлық ақындықты халық өнерінің, салт-дәстүрлерінің барлық игі сапаларын тұтастай меңгерген, оқымыстылық пен азаматтық қайраткерлік істерін ұштастырған бұлар – қазақ мәдениеті тарихының айрықша тұлғалары.

Ерімбет ақынның шығармашылығына ықпал жасаған, рухани нәр берген тағы бір арна – жыраулар поэзиясы. Ақынның шығармашлыық мұрасында дидактикалық-философиялық мазмұндағы жыраулық толғау, терме жанры насихаттық-нақылдық өрнектерімен тұтаса төгілуі, жыраулық пен ақындықтың тоғысқан табиғатын танытады. Сонымен қатар, жыраулық, жыршылық, әншілік, ақындық, салдық-серілік қасиеттерді де тұтастай сіңірген өнерпаздық сипаттар Ерімбет тұлғасына тән ерекшеліктер. Базар Оңдасұлы, Омар Шораяқұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Даңмұрын Кенжебекұлы, Әзілкеш Шымырұлы, Оңғар Дырқайұлы, Жарылқасын Сырманұлы, Тұрымбет Салқынбайұлы сынды ақын – жыраулардағы ерекшеліктер Ерімбетке де тән.

Сыр бойы, Қаратау атырабының қазақ даласына ортақ тарихи дамуына дәнекер болған себептердің бірі – жәрмеңкелер. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Қазақстан шикізат байлығы, жәрмеңкелер арқылы Ресей империясының капиталистік сауда қатынастары үшін орталық болуына жағдай жасаған. Бұл жәрмеңкелер жергілікті халық үшін пайдасыз болған жоқ. Қазақстанның Атбасар, Қарқара, Ойыл, Шар-Екатеринская және т.б. ондаған жәрмеңкелер, сауда экономикалық қатынастарды дамытты. Сонымен бірге, жәрмеңкелер бүкіл қазақ даласы мәдениеті үлгілерінің (оның ішінде, ақындық, әншілік, жыршылық, палуандық(, қолөнер (зергерлік, үйшілік, ұсталық ) халық назарына ұсынылатын жері болған еді.

Шығыс әдебиетінде базарлардың тек сауда көзі ғана емес, ақындардың, оқымыстылардың да жиналатын орталығы болғанын араб ғылымы Ханна аль-Фахури да атап өтеді: «Как и доисламскую эпоху, арабы съезжались на базары где они спорили и похвалились друг перед другом, сюда съезжались ученые и поэты, чтобы прославить здесь кого-нибудь или высмеять. Сюда ежедневно приходили люди в надежде услышать поэта своего племени или своей политической группировки. Поэтому базар аль-Мирабал, сыграл большую роль в развитии литературы» /6, 176/.

Ерімбет ақын өмір сүрген Қазалы уезі аймағындағы негізгі әкімшілік орталығы Ақмешіт (Первоск) қаласында да осындай жәрмеңке тұрақты болып тұрған. Жазушы А.Тоқмағамбетовтың «Жыр күмбезі» тарихи романында сол аймақтың өнерпаз тұлғаларының сол жәрмеңкеде бас қосу дерегі келтіріледі. «Ақын-жыраулар, әншілер мен күйшілер де көзге көрінеді. Атақты гармоншы Қарсақпай жақтың Тайжаны, Арқаның Қалиы мен Түркістанның Бұдабайы, Ақмешіттің Мансұры мен інісі Нартай, Қармақшының Жиенбайы мен Орынбайы, Үбісұлтан мен Тасберген, бала жырау Молдахмет пен Тұрымбет, Жаппас Кеншімбай мен Жорықбай, жас әнші қыз әрі ақын Дәмегөй шаршы топтың алдында ән шырқады. Ән бәйгісі ат бәйгесінен асып түсті» /7, 107/.

Демек, жәрмеңкелердегі өнер тарландарының бас қосуы қазіргі байқау, фестиваль сынды бас қосуларды елестетеді. Өнерлерін қазақ даласының барлық түкпір-түкпірінен келген жұртшылыққа паш етіп, сарапқа салған ақын-жыраулар, әнші-орындаушылар осылай даламыздың барлық аймақтарына мәлім болған. Ерімбет ақын сынды оқыған ақындарға қазақ даласынының қоғамдық-экономикалық және өнернамалық тынысын тануы үшін осындай бас қосулардың да пайдалы әсері, ықпалы болғаны анық.

Ерімбеттің ақындық ортасындағы әдеби дәстүрлердің бірі – жазба айтыс жанрының дамуы. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы ақындар мұраларында сауаттылықтың нақты көріністері ақындардың хат-өлең және хат-айтыс үлгілерінде қолданылды. Хат-өлеңдер мен хат-айтыстар өзара жауаптасуға құрылған. Мұндай шығармалар, әсіресе, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ ақындарының өзге халықтар әдебиеттерінен даралап, айқындап тұратын өзгешеліктерінің бірі. Жоғарыда есімдері аталған ақындар шоғырының жазба айтыстары тұтас бір өңірдегі көрнекті ақындардың барлығы дерлік назар аударатын топтың шығармашылық пікір алысуы, сұхбаттасуы болып та танылады. Бұл орайда біз қазақтың айтыс өнерін арнайы зерттеген М.Жармұхамедовтің пікірін мақұлдаймыз: «Жазба айтыс дәстүрін ұстаған ақындар кімдер, олардың творчестволық ерекшеліктері неде дегенде, біз ең алдымен, сол ақындардың өскен ортасы мен алған білімін қалыпты дәстүрін, шартты өлшемге алуға тиіспіз… Қаңлы Жүсіп, Кете Жүсіп, Тұрмағамбет, Мансұр, Шораяқтың Омары, Керейт Даңмұрын, Қарасақал Ерімбет, тағы басқалар кезінде ескіше көп оқыған, шығыс әдебиетінің үлгі алған білімді ақындар. Бұлар ауыз әдебиетінің үлгілерін шебер игерумен қатар өз айтыстарында шығыстың әйгілі «Мың бір түн», «Кәлилә-Димнә», «Шахнаме» тәрізді классикалық туындыларынан үзінділер келтіре отырып, сол арқылы, қарсыласын сөзбен матап, жеңіске жетіп отырған» /8, 237/.

Ақындық ортаның өзара шығармашылық ықпалдасуына, әсеріне, тәжірибе алмасуына, шеберлікке шыңдалуына жазба айтыстар елеулі түрде мүмкіндік тудырған. Ақындардың топтаса жазба айтысқа қатысуы – Ерімбет өмір сүрген өңірдегі әдеби дәстүр. Ерімбет ақынның шығармашылық қалыптасуы, азаматтық парасаттылық пен ақындық шеберлік тұлғасының кемелденуі осы ортаның жазба айтыс түріндегі әдеби жанр дәстүріне қатысуы, атсалысуы қазақы ұлттық-халықтық тұрмысқа бейімделген қарым-қатынастар аясында Ерімбет ақын және оның ақындық ортасы  атанған әдеби дәстүрлерді шығармашылықпен дамыта өрістетті. Сөз өнерінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып отырған жыр елінде туған тума қабілет, бар Ерімбеттің де ақындық дәстүрдің белді өкілі болуы заңды да шығар.

            Ерімбеттің ақындық ортасындағы кең қанат жайған шығармашылық дәстүрлердің бірі – назирагөйлік. Шығыс халықтары сөз өнерінде назира дәстүрінің ролі ерекше.   Қазақ ақындарының әлемдік әдеби-мәдени мұралардан мол хабардар болғанын танытатын бұл құбылыс, ақындық ортаның шығармашылық дүниетаным кеңістігінің гуманистік, жалпы адамзаттық мұраттарға үндесетін табиғатын байқатады. Қазақ топырағына осы дәстүрді сауатты ақын-шайырлар әкелді. Назирагөйлік дәстүрдегі ақындардың қисса-дастандары тақырып мазмұнына, көркемдігіне қарай түрлі деңгейде жырланады. Ежелгі аңыз, әңгімелермен жақсы таныс қазақтың ақын-шайырлары шығыс әдебиетінің рухани дүниелерін өзге елдікі деп бөлген жоқ, дәстүр мен жаңашылдықтың негізінде әдеби байланысты дамыта түсті. Назирагөйлік дәстүрге барған шайырлар түпнұсқа шығарманы оқып, шабыттанып барып, соның ізінде жазып отырады. Аудармада түпнұсқа басқа тілде қайта жаңғырса, назира дәстүрінде түпнұсқаға жақын жаңа шығармалар жазылады.

 Қазақтың ХІХ-ХХ ғасырлардағы ақындарының назиралық шығармаларында мұсылмандық-ағартушылық идеяларының мол болуы – әдебиет өкілдерінің айрықша идеялық дүниетанымының белгісі.  Назирашыл ақындар, оның ішінде Абайдан бастап (Ескендір дастаны). Омар Шораяқұлының «Мұхаммед», «Мағауия», «һақ Сүлеймен», «Әбу Шаһма» Тұрмағамбет Ізтілеуұлы «Лұқпан Хакім» «Ата мен бала», «Сүлеймен мен кірпік шешен». Ерімбет Көлдейбекұлының «Әбу Шашма», «Хазрет Ғали мен Дариға қыз», «Сәдуақас Сақи», «Ақтам Сақаба», «Бап Раушан» дастандары – ислам тарихына байланысты оқиғалардың қазақ топырағында ұлттық-таным түсінік аясында жырланған шығармалар. Әдеби ортаның өзара шығармашылық үндесуі бәріне ортақ ағартушылық бастаулардан өнеге алуға негізделеді. Аталған ақындардың дастандарында мұсылман дінінің пайда болуы, қалыптасуы, дамуы тарихындағы мәлім оқиғалар мен тұлғаларға байланысты айтылған шындық деректері жырланады.

Назирагөйлік дәстүрде Ерімбет ақын Шораяқтың Омарымен бірге бірдей сюжетке бірнеше дастан тудырған. Екі ақын діни сюжеттерді қайта жырлауда жарысып отырған сыңайлы. Ерімбет дастандары «Мұхаммед пайғамбар туралы хикая», «Әбу Шашма», «Хазірет Ғали мен Мағауияның соғысы» деп аталса, Шораяқтың Омарында бірдей сюжеттегі осы дастандар «Мұхаммед», «Әбу Шаһма», «Мағауия» деп аталған. Ақынның назирагөйлік дәстүрдегі қазақ әдебиетіне төл туындысындай сіңіп кеткен дастандарының бірі – «Атымтай жомарт». Өз тұсындағы ақындар шығармашылығында бұл дастан қайта жырланбаған. Ерімбет ақынның назирагөйлік туындылары – оның өзі қалыптасқан әдеби ортаның да шығармашылық деңгейін танытатын ерекшелік.

Ақындық орта – халықтар мәдениетінің эстетикалық таным деңгейін танытатын шығармашылық өсу көрсеткіші. Ақындар өздерін қоршаған бір-біріне ұқсамайтын адамзаттық қарым-қатынастардың тіршілік-тынысының жаршылары, өздерінің алуан сырлы сезімге толы туындылары арқылы адамдардың көңіл-күйлік құбылыстарын, оқиғаларды суреттейді.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы әдеби даму мен ақындық орта мәселелерін жинақтай келе, мынандай ерекшеліктерді саралап айтамыз:

– ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы әдеби даму процесінде ұлттық және Шығыс, Еуропа мәдени үлгілерінің тоғысу құбылысы шығармашылық жаңа нәтижелерді жарыққа шығарды.

– Қазақ поэзиясындағы мұсылмандық-ағартушылық ағымын халықтың қалың ортасындағы тәлім-тәрбиелік, эстетикалық, гуманистік ықпалы күшейе түсті.

– Ерімбет Көлдейбекұлы және оның ақындық дәстүріндегі мұсылмандық-ағартушылық өкілдері әдеби дамудың халықтық мазмұнын байыта түсті.

– Ерімбет Көлдейбекұлы және оның ақындық ортасы өкілдерінің шығармаларына Құранның сүрелеріндегі және ислам мәдениетіндегі тарихи тұлғалар, оқиғалар, имандылық қағидалары негіз болды. Олардың шығармаларында әлемдік әдеби байланыстарды дамытқан назирагөйліктің исламдық мазмұндағы үлгісі кеңінен өрістеді.

Қорыта келгенде айтарымыз, ақындық орта – әдеби дамудың көркемдік мазмұнын әр алуан бағдардағы эстетикалық арналармен байланыстыратын аса маңызды шығармашылық қозғаушы күш. Ақындық орта өкілдерінің әдеби ағым, мектеп дәстүрлерін қалыптастырып, ұлттық мәдениеттің дамуының аса маңызды көркемдік кеңістігін құрайтындығы замандар бойы жалғаса береді.

Дариға САТЕМИРОВА,

Абай атындағы ҚҰПУ ұстазы,

қауымдастырылған профессор




ПІКІР ЖАЗУ