Жапандағы жалғыз үйде ес түйдім…
ТАРЫДАЙ ШАШТЫҚ УАҚЫТТЫ…
Құты таусылып, жұты қалғандай,
Менсінбей баян-бақытты.
Жүз жылдық ғұмыр ұтып алғандай,
Тарыдай шаштық уақытты.
Құлағалы тұрған жарда жүргендей,
Жүрісіміз қанша іркілді.
Жүні ұшып жүрген жарбай інгендей,
Ұсқынымыз да бір түрлі.
Күлтегін тастан жамырай ескі үн,
Келген-ді бізге ТЕК беріп.
Рухты бірақ танымады ешкім,
Көк тасқа ол қайта кетті еніп.
Тектілік жоқта тозады сонда,
Жауың да өсіп, қаулар мың.
Жағымпаз құмдар озады сонда,
Тасы боп анти-таулардың.
Биік те болмай, жазық та болмай,
Өлара күйде айбарлы үн.
Азық та болмай, қазық та болмай.
Өтіп барады қайран күн.
***
Тау деген сілем-сілем болып, көш-керуен болып, шұбатыла алыстарға кетіп жатар еді. Ал бұл жақтың таулары түс көріп отырған бір-бір әулие сияқты немесе әр жерге жазылып қалған ежелгі ертегілер емес пе екен?! Тәртіпке бағынбайтын не деген мүсіндер мынау? Ешкімді менсінбейді де, ешкімді танымайды да. Немесе бәрімізді де таниды, тек сырын ішке бүгер қалпынан айнығысы келмейтін бір үнсіз ел сияқты. Талқаны шыққан таулар да осы далада. Оларға қарап тұрсаң, тап осы жерде ғасырлар қырылып қалып, артынан бұл таулар оларға үрлеп жан салған секілді. Сынықтары Шерқала болып, Отпан болып, Қара кеуек болып, Шат болып, Тұзбайыр мен Айрақты болып, Бозжыра мен Жығылған болып, Сулы Қапы болып қайта тірілгендей. Өліп барып тірілмесем, тірлігімнен мән кетті деді ме екен? Әйтеуір мына таулар өздерінің ренессанс дәуірінде тұрғандай. Бұлар тіршіліктің қайта тірілер философиясына ұқсайды. Бұл әлде Құдай тағала өзі тізіп қойған таулардың көрмесі ме екен? Әлде таулардың да көрген көзді таңқалдыру үшін сызып қойған өзіндік стратегиясы ма екен? Әйтеуір, ғажап!
БОЗЖЫРА
Теңіз беттен қарасаң,
Толқып-толқып кетесің.
Құм жағынан қарасаң,
Қорқып-қорқып кетесің.
Ай туғанда қарасаң,
Мың жыл соққан қамалдай.
Күн батарда қарасаң,
Келе жатқан адамдай.
Таң бозында қарасаң,
Айдаһардың тісіндей,
Сонда, бұ да тау ма? деп,
Отырасың түсінбей.
Бұлтқа шығып қарасаң,
Бақыты жоқ бармақтай –
кетіп бара жатқан шал,
етек-жеңі қалбақтай.
Түрегеліп қарасаң,
Көшіп жүрген сең дерсің,
Отыра қап қарасаң,
Өз көзіңе сенберсің.
Түн ішінде қарасаң –
Екі дүниенің өткелі.
Әлде, жұртқа көрінбей,
Жортып жүрген көк бөрі.
Шыңырау түсіп қарасаң,
Көңілдегі азықтай.
Тәңір өзі белгім деп,
Қағып кеткен қазықтай.
Құбыладан қарасаң,
Ғайып ерен дүр дерсің,
Қырық шілтен қасында –
Бәрі осында жүр дерсің.
Бағзы жырдан қарасаң,
Қас батырдай тұрады.
Ал дауылын қарасаң –
Көк Бөрінің ұраны.
Тас ғасырдан қарасаң,
Әулие-пірдің тұрағы.
Әлде, ұша жөнелген,
Пайғамбардың Бұрағы.
Әр жердегі бұтасын,
Құм бетінде мең дерсің.
Ал құмдары тарихты,
Көміп жатқан көр дерсің.
Киігіне қарасаң,
«Құдай не еткен кең!» дерсің.
Әлі кетіп болмаған,
Бағзыдағы ел дерсің.
Бедері, әлде, шырайдың,
Шошытардай сананы.
Әлде бұл да Құдайдың,
Жыр жазатын қаламы.
Әлде астына сең бұққан,
Мұз-мұхиттың көрпесі.
Әлде қара жер жұтқан,
Құбыжықтың өркеші.
Шошақ-шошақ шыңдары –
Жерден өскен қала бір.
Әлде, бағзы адамды,
Көкке ұшырған корабль.
Азу-азу шыңдары,
Атылардай қарайды.
Шайнап тастар секілді,
Жау көрінсе талайғы.
Ол да саған қарайды,
Өңменіңнен өтердей.
«Бұған дейін көргенің,
Бәрі-бәрі бекер!» дей.
Ұқсап және тұстасқа,
Селт еткізер жанар-шың.
-Мынау маған ұқсас па, —
деп өзіңе қарарсың.
Етектегі тастары,
Қайғы-мұңнан сынғанба-ай?
Алқан-талқан тағдырлы,
Бұл – өзіңнің сұлбаңдай.
Көркіңді айтып тауысуға,
Жетпей тұр ғой сөз мына!
Тозған сайын жаңасың,
Қасиетсің, Бозжыра!
P.S. Бозжыраға барып па едің?
ТҮС КӨРГЕН ТЕҢІЗ СЕКІЛДІ…
Теректерге анау тұрған дамылдай,
Беймезгіл шақта жетті үсік.
Ковидтің шаһид-құрбандарындай,
Жапырақтары кетті ұшып.
Біз адамдармыз, шалқимыз кейде,
Сөз-беделімізбен от үнді.
Жиналып алып толқимыз кейде,
Түс көрген теңіз секілді.
Біз адамдармыз – құйылған нелер,
Қарда да өсер гүлдерміз.
Тиылған сөнер,
бұйырған келер,
Деп те өмір кешетіндерміз.
Сүрініп кетсек, түрегелеміз
Сынып кетпесе сүйек-бел.
Жасытпақ болып, күле бермеңіз,
Құмырсқа-өріс ниеттер.
Қуанғандармыз, жылағандармыз,
Соңында қалар әдіпті із.
Өйткені, біз бе?
– Біз адамдармыз,
жапырақтан да нәзікпіз.
Ауырлап бұлттар толғайды күзді,
Көктемге көңіл құштар-ай!
Қауырсыныңмен қорғай жүр бізді,
Айналып ұшқан құстар-ай!
БІР-БІРІН ЖЫҒЫП АҒАР ДОМИНОДАЙ
«Апай, сіз осы жасқа келсеңіз де…?»
Өкінесің –
арманым таудай-ды деп,
Әр сөзің қағидадай.
Бір ойды бір ой басып заулайды кеп,
Бір-бірін жығып ағар доминодай.
Осы жасқа келгенде,
Жетпеске де жеттім деу –
Бұл да жәй –
бойдағы текті үрлеу.
Жасыңның нешеде екендігіне қарамай,
Бозжыраға барам деп екпіндеу.
Өйткені оның шыңдары,
Гетенің фантазиясынан да өткірлеу.
Депрессияның көздері арбасып,
Қолдары жаңғыз үмітіңе жармасып,
Жүрсе де,
енді келетіндей бар нәсіп,
жасыңның нешеде екендігіне қарамай,
жүресің сәнді киім таңдасып.
Көзіңде кейде бір тамшы жас тұрады,
ілініп қалғандай талға шық.
Және…
маған көңіл айтса деп ойлайсың,
Әр ғашық!
Бәрін түсіндім деп жүресің –
көкірегің шырадай.
Бірақ,
Өмір философиясы – алағай да бұлағай,
Бір ғана сұрақ тұрады соңыңда:
Бұ қалай?
БӨРІЛЕРДІҢ БЕСІК ЖЫРЫН ЕСТИМІН
Дауыл тынды!
Айқай-шудан түк қалмай,
Ағаштар тұр төбелестен шыққандай.
Дауыл тынды!
Қары қалды ақ бұйра,
Жерде жатқан бұлттардай.
Қыстың айы –
мен туған ай таранып ,
Біздің көңіл –
қалада да далалық.
Ақ боранның алас-күлес ішінде,
Ойнақ салып жүрген сынды балалық.
Жапандағы жаңғыз үйде ес түйдім,
Әке жыры –
көркі еді кешкі үйдің.
Әлі күнге ақ боранның даусынан,
Бөрілердің бесік жырын естимін.
КӨШКЕН КИІКТЕЙ ЗАУЛАҒАН КҮНДЕ…
Сағынтқан кезде тау,
дала,
гүл де,
Домбыра болып баураған үнге.
Елеңдей жүріп сені сүйеміз,
Көшкен киіктей заулаған күнде.
Самал боп мұнда сөйлейді нұр да,
Сағынып бізді көлбейді құм да.
Жабырқап келсем,
алдымнан шығып,
Пірлердің үні тербейді мұнда!
Қасымда жүрер асыл дерегім,
Өрлігіңді айтып таси беремін.
Қуат беретін тек өзің бізге,
Қан-қасапқа да бас имегенім!
Самалың сенің аялы ғана,
Мейір, шапағын жаяды дара.
Сағынған жанға бәрі бар сенде –
Саялы дала!
Баяғы дала!
Бекіген менің сүйегім де едің,
Ой салған маған жүйелім де едің.
Біз – Қазақ сенің бауырыңда өскен,
Сүйерім менің,
киелім менің!
Тек сенен бізге таралған отты ой,
Сен үшін бізде алаң да көп қой.
Бізде жоқ басқа Туған Ел деген,
Біздерден басқа балаң да жоқ қой!
МЕКТЕПТІҢ ҚОҢЫРАУЫ
Жастықтың арда лебі,
Жайып кең қос қанатын.
Кластас балдар еді,
Жасырып хат жазатын.
Жанардың шарасы да,
Бейне бір қазына-тын.
Сөздердің данасы да,
Сол хатта жазылатын.
Ол сезім асыл-ды анық,
Асыл ед ізгі лебіз.
Өп-өтірік ашуланып,
Бұртыйып біз жүреміз.
Бұртыйып үлгеретін,
Кездер ед, дәті – мақтау.
Тек соны шын көретін,
Балдар еді ақымақтау.
Арманға жол табар мың,
Келер күн – есесі еді.
Арасы парталардың.
Жастық шақ көшесі еді.
Жастық боп шалқиды үн де,
Сезімді тарататын.
Қыздардың бантигінде,
Желбіреп барататын.
Сол жылдар сағымында
Ән қалды мөлдіреген.
Ақ бантик орынында,
Ақ жаулық желбіреген.
Жаңылмай тобымыздан,
Шаттыққа бөлеп едік.
Ал бүгін соңымыздан,
Бантиктер келеді еріп.
Гүл толы омырауы.
Өмір бұл –
ағылыс қой.
Мектептің қоңырауы –
Бізге үшін сағыныш қой.
АДЫРАСПАННЫҢ ПСИХОЛОГИЯСЫНА ТАҢҚАЛАМ…
Шөл дала ғой бұл –
көше беретін,
Кейде кең, кейде тар ғалам.
Осы далада сусыз-ақ өсе беретін,
Адыраспанның психологиясына таңқалам.
Жусаны қурап, қайың сұлаған,
Жаңбыр тілейді сүйегін тұсап.
Тас статуялардан қайыр сұраған,
Баяғы гректік Диоген құсап.
Бұл даланың құмдарына да тыным жоқ,
Сенің аласапыран миың секілді.
Құйындарының өзі ғылым боп,
Басылмақ түгіл,
дауыл боп жетілді.
Жұмыссыздардың жұдырығындай боп,
Шар тастар жатыр даланы ап.
Сыры мен шынын ұғындырмай көп,
Сені күтіп жүргендей домалап.
Бұл жерде әрбір сәт –
Таң-Құрсақ!
Сені өзінен де зор бағалап,
Қасыңда еріп келе жатады Әл-Мисақ.
Сонда сен күллі рухыңмен,
Қайта оянасың… қалғи сап!
ЕСЕНҒАЛИДЫҢ ӨЛЕҢДЕРІНЕН…
Әуенің келіп, дастан боп тарай,
Пәс көңілімді аспандатты арай!
Есенғалидың өлеңдерінен,
Ұшып кеп жүрген қасқалдақтар-ай.
Сағынышымен алатын билеп,
Қасқалдақ-қанат көңілі күйреп.
«Иең кетті ғой аспанға» дегем,
Білем ғой деді қанатын сүйреп.
Бір қомдап алып тоң-торы түсін,
Бірнәрсе деді алқалы мүсін.
-Құстардың тілін түсінбеймін ғой
Түсінуге де қорқамын, құсым!
Сағыныш меңдеп, түсіп қабағы,
Қанаттарынан үсік тамады.
…Біздегі мұңлы жүректей, ол да,
Көніп те, көнбей ұшып барады.
ӘРБІР КЕШІ – ӘЖІМДЕРДЕЙ МАЗМҰНДЫ
Көңілдерді ала қашып тұспал мың,
Тұлпар-уақыт –
қанат байлап ұшқан күн.
Адамзатты оятады тұр-тұрлап,
Таң намазы құстардың.
Өмір болып жанып тұрған аз күнді,
Тербетеді саз мұңды.
Әрбір таңы –
сәбилердей аңғал да,
Әрбір кеші –
әжімдердей мазмұнды.
Ой, Өмір-ай,
арман-арман күрең бел,
Сәттілігін сұрайды кеп тілеулер.
Алақаның –
біреулердің мекені,
Саусағыңа ілініп тұр біреулер.
Жас күнімді ұрлап алды «ұрлығың»,
Қай күндері қандай жаққа сырғыдың?
Ой, өмір-ай,
сен не деген аяулы ең,
Ой, өмір-ай –
жұмбағы көп сұмдығым,
Саған ғашық жүрек деген мұңлығым!
Оңайгүл ТҰРЖАН