Дала домбырасы
Жұртты таң қалдыру, тамсандыру көркемөнерде қашанда қиын. Ал, Қадыр Мырза Әлі қай кезде де таңқалдырумен, тамсандырумен келедi. Кеше қандай, бүгiн де сондай. Шапқан сайын төске өрлейдi… Қадыр әнге де аз мәтiн жазған жоқ. Десек те, жұрт оның өлеңдерiнен ән шығуын күтпей-ақ, толғау, терме, арнау деп ауыздан-ауызға көшiрiп айта бередi. Осының өзi Қадырдың халық рухынан жаратылғанын, қазақылығын аңғартады. Ол өнердi туған топырақтан, тегiнен бөлек алып қарай алмайды. Бәзбiреулер секiлдi айтақырдан гүл iздеп, шөлден су iздеп аласұрмайды. Ол ұлттың көркемдiк кеңiстiгiне қазығын әу бастан берiк қаққан, тамыры тым тереңге тартқан. Содан да болар туындылары тектi, танымды. Кешегi күнi қайсыбiреулер содыр системаға жағу үшiн өнердiң өрiсiн тарылтып, қалың қазақтың бойынан жалған интернационализм, өзге де жат элементтер iздеп жүргенде Қадыр ақын ұлтының ұлылығын, бекзат болмысын дала мен домбырадан тауып, өлеңнiң өрiсiн ұзарта берген. Халқын өзiне танытқан. «Ой орманы», «Бұлбұл бағы», «Дала дидары», «Ақ отау», «Домбыра», «Көш», «Қорамсақ», «Көкпар», «Жерұйық», «Қызыл кiтап», «Күмiс қоңырау», «Мәңгiлiк майдан», «Биiк баспалдақ», «Сөз сиқыры» (көсемсөз жинағы) қойшы, әйтеуiр, осынау зымыран жылдар iшiнде қырықтан астам құнды кiтап қазақ жыры мен көркем ойын жаңа биiкке алып шықты.
Сол кiтаптардың атын оқып бiр елжiресең, iшiне енген сайын қанаттанасың, рухтанасың, жiгерленесiң. Бiрде бала, бiрде дана боласың. Сүйсiндiредi, сүйiндiредi, тамсандырады. Күй тартқандайсың, даналық дәрiсiн тыңдағандайсың, Иранбаққа енгендейсiң. Рушылданбайсың рухтанасың, жүзшiлденбейсiң жiгерленесiң. Өзi «Жерұйығында» «Терендiк. Биiктiк. Кеңiстiк» дегендей, осы ұлы үш өлшеммен тыныстайсың. Халқыңның бүткiл болмысын, тұтастығын осы үш өлшемнен көресiң. Оқырман сәт сайын биiктеп, тереңдеп бара жатады. Қысқасы, басыңнан бақайшағыңа дейiн ұлттың асыл қасиеттерiмен, құндылықтарымен қаруланасың. Мысал ма, мысал мың сан. «Бiздiң тарих бұл да бiр қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бiрақ-тағы», «Азандағы мал үнi – атамыздың гимiнi», «құрық, қылыш айқасқан – атамыздың гербiсi», «ұлт болып ұйып келе жатқан кезде, сан рет сүт күйiнде төгiлiптi», «бiздей халық жоқ, жолды мол таптаған, бiрақ тура бақытқа жол таппаған!», «бiр сөзге ол семiрiп, бiр сөзден ол арыған», «бiр сөз үшiн ат мiнiп, шапан киген жiгiттер», «қылышқа емес батыры бiрақ сөзге тоқтаған», «…бар сәулетiн берген қыз бұрымына, бар дәулетiн берген қыз ырымына», «аса сұлу болғаныңнан не пайда, айналанның бәрi соқыр болса егер?!», «шоқ түседi жүрекке жұлдыздардан, iске асады ақшамда күндiзгi арман, жастық исi шығады жасыл қырдан, гүлдiң исi шығады қу қыздардан…».
Осының бәрiн Қадырға айтқызып тұрған аймандай алуан дарынымен қоса бiлiмi. Бiлiм болғанда аса терең дариядай оқуы. Қадыр өз бойында ананың сүтiмен, әкенiң сесiмен сiңген бiр бұлақ көзi барын бiлген соң-ақ, сол бұлақты мұхитқа, дарияға айналдыру үшiн бiлiм жиған, оқу жиған. Дүниенiң оқуын оқыған, қабылдайтынын қабылдаған. Таңдап, талдап оқыған З.Серiкқалиев айтпақшы, «Бiз кiтап оқуды жалпы бiлетiнбiз, ал, ол алдымен қандай кiтап оқу керек екенiн бiлетiн. Талғамы биiк, танымы терең жатқан…». Бұл жағынан Қадыр азығын таңдап, талғап жейтiн тектi тұлпарға көп ұқсайды. Мiне, тектiлiк төркiнi қайда жатыр? Ол талантты түсiну үшiн де талант керек екенiн түсiнген. Халқы талантты, ендi сол талантты да ашатын талант екенiн ұғынған. Қадырда әу баста ұлтын жан-тәнiмен сүюден басқа ұғым болмаған. Оның бар қазынасын айдай әлемге әйгiлейтiн де өнер деп бiлген. Егер қазақтың бар бiтiмi көрiнетiн көркемөнерiнiң асыл қазынасының бiрi – киiз үй десек, ақын соның әр жәдiгерiнен сабақ алған, тағылым түйген. Оның оқулығы – дала мен домбыра, туырлық пен түндiк, кереге мен уық, басқұр мен шаңырақ-бау…
Таным. Талғам. Талап. Оның өнердегi ұстанған ұстыны осы. Өнерге қашанда жетпейтiнi де осы ғой. Ақын рухани мұратқа адал. Ол кiсiмен арғы-бергi тарихтан сыр аулап, мәселен, өнер тарихы туралы өзiнше бiрдеңе бiлгенсiп қауқылдаса қалсаң, сол шолақ әңгiмең өзiңдi он орап тастайды.
Қадыр – шебер. Қадыр – тапқыр. Неге? Оның бiрсыпырасын жоғарыда шашыратып айттық. Шеберлiк пен көркемдiк ақын дарынының iргетасы. Көп оқыған көп жазады, көп таниды. Оқу тоқтаған жерде ой да тоқырайды. Талант қашанда кең тыныс, кеңiстiк тiлейдi. Бұл өнер диалектикасы. Бiзде өзiн-өзi құрбандыққа шалған немесе кезеңнiң құрбаны болған таланттар аз емес. Бұл жағынан Қадыр бақытты. Бұл тек Қадырдың емес, халықтың да бақыты. Қадырға бәрiбiр. Ол мақала, алғы сөз, бiрауыз сөз жазса да талантты, тастүйiн шығады. 1974 жылы жас ақындардың «Қанат қақты» атты өлеңдер жинағы шықты. Сондағы ақынның Ұлықбекке жазған алғы сөзiн әлi күнге ұмыта алмаймын. Сол жылдары болу керек, жұртшылықты жалт қаратқан халтура туралы ғажайып мақаласы жарық көрдi.
Қысқа жазу – таланттың белгiсi. Ықшам сөйлеп, аз сөзбен көп мағына айтуда Қадыр қағылез, қырағы, қырғи. Ол қайсыбiр қара мақала жазса да осы қағиданы ұстанады. Қара өлеңдей оқылатыны да содан. Бiрақ ол газетшiл емес, бәзбiреулердей Алатауға қарап алпыс сөйлем жазып отырып алмайды, аспаннан түспей қоймайды. Айтарын әрi кетсе алты ауыз сөзбен айтады. Наркескен тiлмен кесiп бiрақ айтады. Газет-журналдарға жоқ жерден «азаматтық белсендiлiк» танытып, жоқты-барды терiп, көрiнiп қалайын деп мақала жазбайтын адам. Не айтса да, кiтаппен айтқанды жөн көредi. Кесек қалпымен кiтаптан бiрақ көрiнедi. Сонысымен зердеде қалады да. Тектiлiгi де сонда ғой. Ал, газетте айта қалса тауып айтады, қауып айтады, жылатып, күлдiрiп айтады. Бәзбiреулердей астарламайды, айтақтамайды, бiреулердi кiнәлап, күстаналап жатпайды. Әне бiр кездерi ақынның Иран-Ғайыппен «Қазақ әдебиетiнде» жарияланған «Бiз не демедiк?» деген сұхбатына осы биiктен қарау керек. Осылай «мойындау» – шын талантқа ғана жарасады. Мәселе қалай айтуда ғой.
Қадыр тек қалам қайраткерi емес, қоғам қайраткерi де. Жыр жүйрiгi депутат та болды. Кейбiреулер Қадырды сөйлемейтiн, үндемейтiн депутат дедi. Әрине, бұл жалпақ жұрттың, ойлы оқырманның пiкiрi емес. Қадыр сөйлемесе де бәрi-бәрiн әлдеқашан айтып қойғанын кейбiр шенеунiктер, мәжiлiсқорлар бiлмеуi әбден мүмкiн. Бiреулер сол сәтте айтып жатса, Қадыр ол сөздi тарихтың еншiсiне әлдеқашан жiберген. Босқа ауыз ауыртып көп «қиқымның» бiрi болғысы келмеген. Сөз қадiрiн, қонатын жерiн Қадырлар бiлсе керек қой. Ол сол екi оттың ортасында жүрiп-ақ, «Ғибратнәмәнi», «Ойдым-ойдым ойларды», «Мәңгiлiк майданды» жазып тастаған. Айтарын қағазға хаттап, ел көкiрегiне құйып алсын деген. Сол дүниелердiң бойында бар кеселiмiз, дертiмiз қамтылған.
Қадыр оқырманы көп ақынның бiрi әрi бiрегейi. Оның халық сүйген каламгер екендiгiне ел iшiнде мысал көп. Ел арасындағы ауызекi әңгiмелерде, алқалы жиындарда, мәртебелi мәжiлiстерде, мерзiмдi басылым беттерiндегi мақалаларда үлкен сөздiң басы Қадыр айтқандай деп басталып жатады. Оған мысал келтiрсек, осы мақаланың көлемi жетпес. Кейбiр газеттердiң аты мен айдарлары, тақырыптары да Қадырдан алынып жатады. «Ана тiлiң – арың бұл, ұятың боп тұр бетте, өзге тiлдiң бәрiн бiл, өз тiлiңдi құрметте», «…О, зұлым-ай, зұлым-ай! О, ант атқан, ант атқан! Осал жерiн ерлердiң қалай ғана дәл тапқан!», «қап-қара бетiн тарихтың қызартпаса болмайды», «құдайсыз мынау қоғамға құдайдай адам керек қой», «…ешбiр орден жетпейдi, ешбiр атақ, қарапайым халықтың батасына!».
Мiне, Қадыр жүрегiнен туып, халық жүрегiнде жатталған осынау ғажап сөздер бүгiнде әр мектептiң төрiнде жазулы, әркiмнiң сөзiнiң мысалына айналған. Бұл Қадырдың сөзi емес, халықтың сөзiне, мәтелiне айналған. Ал, суреткер үшiн бұдан артық бақыттың керегi бар ма, өзi!
Қадырға қарсы солақай сын садағы да жұмсалып жатады. Бiрақ жасып көрген ол жоқ. Өнер бар жерде Оразбайлар, Жантықтар да болуы объективтi заңдылық. Жақсы жазған сайын жауың да көбейе түседi. Қадырдай маңдайын жел сүйген жүйрiк мұндайда сасушы ма едi? Өз қадiрiн елi бiлген соң, өзi неге бiлмесiн! Мұндайда тiке шабуылға шығу, пыш-пыш етiп әр жерден қоңырсытып сөз айту ақын дағдысында жоқ. Қайта ол мұндай әрекеттен рахат тауып, қайралады, қанаттанады. Есесiне ғажайып өнер туады. Өлең жаза салады. Және дағы қандай өлең, қандай өнер! «Қалам алдым қамығамын несiне! Оның қойған «екiсi» не, «бесi» не? Бiр кездерде сыншы жайлы ойландым, ойланып ем, ұры түстi есiме!» дейдi.
Ұлы өнер құйрығы бiртұтам өресiз сынды осылай ұрып жығады. «Жалаң болса, жаман болса дүнием, өшiмдi мен тек өзiмнен аламын!» дейдi тағы. Сөйтiп ол тасыраңдамай тектiлiк танытады. Өнердiң атажауымен өнер арқылы күреседi. Сөйтiп өзi үшiн де, елi үшiн де ұлы iс тындырады. «Тойға арнайтын күндерiн ойға арнап», «ұлдарының маңдайынан сипайтын уақытты да өлеңге арнап», «өнер үшiн қызығын қысқартты». Одан ұтылған жоқ. Есесiне халқын қара сөзбен қаруландырды. Серке сөз сыйлады. Өлмес өнер төктi. Қара өлеңнiң қара нөсерiн төпелеттi. Жалғандықты жықты. Мансапқорларға «Мықтыға көзiм алартып, жүрмедiм шенге құмартып, мансаптың қысқа бағынан, дарынның ұзақ соры артық» десе, шенқұмарларға «шенiңдi уайымдау – өлiмдi мойындау» дедi.
Кейбiреулер ақынның жазылмай жүрген дүниелерiнiң жазылуына осылайша «жағдай» жасады. Мұндайда олар желдiң қайдан тұрғанын бiлмей қалады. Өйткенi, бұл дарын дүмпуi, талант тегеурiнi едi. Әлгi желдiң тегеурiндiлiгi сондай дауыл шайқаған бәйтеректей бұлқынады, гуiлдейдi, уiлдейдi, ақырында жарамсақтар мен жағымпаздардың жапырағын желге ұшырып, қалтыратып жiбередi.
Қадыр аудармаға келгенде де қиналмаған. Неге қиналсын. Өз жанына, ел жүрегiне жақын дүниелердi аударады ғой. Әлем әдебиетiнiң iнжу-маржандары Овидий, Руми, Гейне, Гюго, Лермонтов, С.Есенин, Э.Межелайтис, Р.Ғамзатовтарды қазақша сөйлеттi. Олжасты әлем бiлгенiмен оны өз халқына танытуда Қадыр төккен тердiң өлшеуi жоқ. Олжастың орысшасы да керемет шығар, ал қазақшасы одан да керемет. Ол кiмдi аудармасын өзiне ұқсатудан қашады. Ұйқас қумайды. Қадыр бұдан ертеректе жарық көрген «Сөз сиқыры» атты көсемсөз кiтабында осы бiр мәселе төңiрегiнде терең ой айтты. Осы бiр кiтап сыншылыққа бет бұрғандарға әлiппе сынды едi. Осы кiтап қазақ эстетикасының тамаша сыйындай едi. Жалпы Қадырдың сыншылық әлемiнiң өзi О.Асқар айтқандай, бiр мектеп. Ол сұлулықтың сырын ашқан, эстетикалық өлшемдердiң тiлiнде терең сөйлеген теоретик, тамыршы. Осы биiктен назар қоныстатқанда ол – үлкен эстет. Қазақ эстетикасының жарқын үлгiсiн жасаған адамдардың бiрi. Осы кiтапта ол өнер түрлерiнiң құдiретiн ашып, сөз өнерiмен әдемi қабыстырып, байланыстырады. Бекзаттық болмыс биiгiнен көрiнедi. Ұйқастың бәрiне өлең деп қарау Қадырда жоқ.
Ойлы, мiнездi өлең – олжасы. Ал, образ он орап алады. Ақынның таяуда бiтiрген «Қазақтар» деген кiтабын оқыңызшы, «…Жыртылған жiбек секiлдi, жарылып ұшқан құстарым!», «Отырар сазы» – киiктерiмнiң күйiгi. Жоғалтып тынған тарпаңдарымның тұяғы!»,
«Даңққа тиiп тұр оның биiк күмбезi. «Отырар сазы» тау менен таста ойнаған құлан-киiктiң, Тiлендиевтiң мiнезi!» Мұндай туындылар кiмнiң есiнен шығады.
Ақынға атақ та, даңқ та бәрi өзi келген. Бәйгесiн шаппай алған, тұлпарлығы тай күнiнен танылған Құлагер. Халқы да осындай ақынның аман болуын тiлесе керек. Өйткенi, ол сол халықтың өз рухынан, пейiлi мен парасатынан құйыла салған мәрмәр мүсiн секiлдi. Ондай мүсiндi тот баспайды, жыл өткен сайын жаңғыра бередi, жасампаз жыр жасай бередi. Әдетте ақын болу бар да, ұлт ақыны, халықтың көзiне, сөзiне айналу бар. Қадырдың өлеңдерiнiң халықтың мәтелiне айналып кетуiнiң де сыры сонда. Егер осы ұғымды кеңейтсек, Қадыр адамзаттың ақыны. Егер өнерiң адамзаттың ортақ рухани игiлiгiне айналмаса, өз ауылыңнан ұзамаса, ғұмыры қысқа. Бұл тұрғыдан келгенде ақын түркi дүниесiнiң тұран тұрпатты тұлғасының бiрiне айналған. Халықаралық әдеби «Авияс» сыйлығының иегерi Қадырдың әлемдiк әдебиеттегi алатын орнын да айтар кез келдi. Бiз көбiне өз тұрғымыздан баға бергенiмiзбен, шын жүйрiктiң дүние кеңiстiгiндегi шабысын, қарымын сөз ете бермейтiнiмiз де рас. Қадырда халтура болмайды. Өйткенi, оның тыңдайтыны домбыра мен қобыз. Табынатыны – даланың Демосфендерi, түздiң Талейрандары. Ол ұлттық танымның қайнар көздерiнен қанып iшiп, соның сәулесiне шомылған, нұрына малынған.
«Жиегiне көзiң ғана жақындар, бұл даланы жерұйық де хақың бар, бұл далада өседi екен құлпырып, қызғалдақ пен ақындар», «найзағайы өзгешелеу шатырлар, бұл далада көп сортаңдар, тақырлар, бұл далада өседi екен қасқайып, сексеуiл мен батырлар!», «аға исi шығады жеңгемiзден… ерлiк исi шығады ертоқымнан…», «менiң сенi аңсағаным, қырды аңсағанымдай», «мен сенiң өрлiгiңдi тауыңа қарап бiлем, мен сенiң ерлiгiңдi жауыңа қарап бiлем…», «мен сенiң өткенiңдi молаңа қарап бiлем…».
Мiне, сiзге керек болса қазақтану, ұлттану. Қазiргiдей тұла бойымыздан қазақы қасиеттер қашып бара жатқан заманда тектiлiктi, тазалықты сағынғанда Қадырды оқығың келетiнi де сондықтан. Бәзбiреулерге сараң көрiнетiн ақын сұлулыққа келгенде кенен. Бұл Қадырдың ғана емес, халықтың да бақыты.
Ана бiр жылдары ақын қазақ университетiнде лекция оқығанда Алматының студенттерi көшiп жүретiн. Бұны неге айтып отырмыз? Ол атағы жоқ ғалым. Бiрақ оның бiр ғана аяулы аты бар, ол – ақын. Ал ақындар бәрiн де бiлуге тиiс. Қадырды оқыған сайын соған көз жетедi. Сондық тан да оның поэзиясы аса бай интеллектуалды, парасатты поэзия. Оның поэзиясы ұлттық дүниетанымның кемелденуiнiң, көркем ойдың көгiлдiр кеңiстiкке шығуының шынайы көрiнiсi.
Бүгiнде зиялы қауым туралы ойлағанда, ойың он бөлшектенедi. Неге? Зиялы қауымның өкiлi кiм? Ол биiк парасаттың, терең ақыл-ойдың иесi ғой. Ендеше, кейбiреулердiң өзiн осы биiктен көргiсi келетiнiне неге күйiнбессiң?! Ондайларға Қадыр ақын бiрден бiр жарқын мысал ғой. Бiр өзi бiр театр демекшi, ұлттық дүниетанымның бiр ақ отауы Қадырдың поэзиясы, прозасы, драматургиясы, аудармасы, зерттеушiлiгi, сыншылығының өзi бiр халық мектебiнiң жүгiн көтерiп келедi.
Таяуда «Әулие аталар әлемi» деген кiтапты ұшырастырдым. Соның iшiнде Қадырдың да суретi жүр. Әулие болса болар-ау. Өйткенi, жалған сөйлемейтiн, жалған шешенсiмейтiн, адал өнер төккен, жазғаны, аузынан шыққаны, жұртының жауһар дүниесiне айналған, қара сөз бен қара өлеңнен басқасын қадiр тұтпаған, халқының бар құдiретi сонда деп бiлген Қадыр ақын әулие болса болар-ау.
Герцен Эрмитажды аралап шыққаннан кейiн бiреулер әсерiн бiлгiсi келедi. Сонда әлгi данышпан: сурет туралы айтпау керек, оны көру керек деген екен. Бұл сөз дегеннiң әуселесi белгiлi ғой. Қадырды да тек көз майың таусылғанша оқи беру керек.
Заман қанша құбылмалы десек те, ол ұлттық ұғымдар, ұлттық асыл құндылықтарсыз дами алмайды. Ұлт жоғалмай оның құдiреттi сөзi де жоғалмайды.
Болашақ өркениеттi ел – Қазақстанның құдiретi мен қасиетiн әлемге танытатын да ұлы өнерi, оның мәуелi бұтағы қара өлеңi мен қара сөзi. Ендеше ешкiм де бұл ұлы рухани көштiң, ұлы рухани үрдiстiң жолын кес-кестей алмайды. Қазақтың ұлттық болмысын шынайы бейнелей алатын тек өз кiндiгiнен жаралған ұлы өнерi жасай бермек, жасампаз қалпынан жаңылмақ емес. Серке сөздiң семсерi Қадырлар тұрғанда қазақ өнерi аттан түспейдi, ол тәуелсiз Қазақстанның тектi тұрпатын тұлғалай бередi. Қадырлар аман тұрғанда қара сөздiң киесi қашпайды, қадiрi кетпейдi.
Қазақтың домбырасы мен қобызының даусы қоңыр, даласының түсi сары, боз… Поэзиямызда құбылысқа айналған өлеңдерiнiң бiрi «Боз далада» ол осы түстiң жиырмадан астам түрiн арқау етiп, ел мен жер болмысын атақты Чюрленис секiлдi саздардың үндестiгiнен, дүние дидарынан iздейдi. Әншейiн сөз ретi келгенде айтамыз да, әйтпесе Қадыр Чюрленис те, басқа да емес, ол қазақ жырының Қадыры ғой. Оның өз философиясы, өз әлемi бар. Зейнолла Қабдоловша айтқанда, «қазiргi қазақ поэзиясын көп дауысты қуатты оркестр десек, мұның құрамында Қадыр музасының қайталанбас өз үнi, машығы мен мәнерi, айшығы мен өрнегi бар. Қадыр лирикасының сыңғыры бөлек, сыры терең».
Қысқасы, Қадыр дегенде көз алдыңа – ұзатылатын қыздың жасауындай бар салтанаты жарасқан, ұлттың бекзат болмысын бедерлеген, аманатын арқалаған қоңыр көш келедi. Қадырдың көшi келешекке кететiн кемел көш. Қазақ көркем ойының көк байрағы боп желбiреген сол айбынды көштiң амандығын тiлейiк!
Ұлылардың өлген күнi болмайды
Бала Евтушенко Пастернактың үйiне жиi барады екен. Оның келгенiн ақынның әйелi жақтырмайтын көрiнедi. Өйткенi, әр келген адам көңiл-күйiн бұзып кететiн болса керек. Евтушенко сонда да түрлi сылтау тауып келе бередi. Тiптi, оны бiр күн көрмесе тұра алмайтын күйге жетедi. Ал, Пастернактың жағдайы қиын. Артына шала байланған кез. Ұлы ақынның әңгiмесiне әбден ұйып, есi кеткен бала ақын бiр күнi оның ашулы сәтiне тап болады. Әңгiменiң бiр шырқау сәтiне келгенде ұлы дарын: «Мен туған күнiмдi өле- өлгенше жек көремiн» дейдi.
Осы сөздiң астарын бала ақын Евтушенко жылдар өткен соң түсiнiп, ұлы естелiк жазды. Бұл әңгiмеден қандай сыр аңдауға болады?
Ұлы ақын туған күнiн қанша жек көрсе де, өлген күнi ертесiне-ақ аңызға айналатынын сездi ме, сезбедi ме, ол жағын кiм бiлсiн, бiрақ, Нобель сыйлығын иеленiп, тарихта қалды. Қазiр есiмi тарихи тұлғалармен қатар жиi аталады. Бүкiл қазақ жақсы көретiн Қадыр Мырза Әли туралы ойлағанда мен де сол Евтушенконың күйiн кешемiн. Әрине, жан дүниемiздегi қайшылықтарда ұқсастық болмаса да, Евтушенко қайда, бiз қайда, мүлдем басқамыз ғой. Бiрақ, Пастернактың парасатына бас иген Евтушенкодай болғанымыз рас.
Қадыр ағаның қасында көп жүрдiк. Жәй жүрiп қойған жоқпыз, көп әңгiмесiн көңiлге түйдiк. Өзi кейде «мен жақсы ақын болмаған күнде жақсы оқырман болатын едiм» деушi едi. Бiз де, бәлкiм, жақсы тыңдаушы, оқырман болған шығармыз, өйткенi, ақын туралы әрдайым айтқымыз келедi де тұрады. Ол кiсiнiң белгiлi, белгiсiз нәрсеге, жұмбақ жаратылыстарға, құбылыстарға деген көзқарасы, пiкiрi, жауабы әркез дайын тұратын. Себебi, құдай берген дарынымен қоса ұшан-теңiз бiлiм иесi едi. Кiм өзiн қаражаяу сезiнсiн, әйтсе де бiз тосылған болсақ, осы кiсiнiң алдында әңгiме айтуға, бiлгiшсiнуге тосылған шығармыз. Шығармыз емес, шын мәнiнде солай. Бүгiнде қазақта «Қадыр айтқандай» деп басталатын әңгiме көп қалды. Қайда бармаңыз Қадыр алдыңыздан шығады. Қуанышта да, тiптi, қайғыда да Қадыр сөзi бiздi демеп, жебеп жатады.
«Кiм қарапайым жазады, оның оқырмандары көп, кiм күрделi жазады, оның тек түсiндiрушiлерi бар» деген екен А.Камю.
Сол кiсi айтпақшы, Қадыр күрделiлiкке ұрынып, түсiнiксiз болған жоқ. Қарапайым жазды, терең жазды, сонысымен есте қалды. Содан да болар, ол Сауытбек Абдрахманов айтпақшы, ең көп оқылатын ақынға айналды. Қадыр ақынды даладағы бақташыдан бастап, жоғарыдағы ұлықтарға дейiн жастанып оқуы да содан. Ұлықтар демекшi, «Алматы ақшамында» ақынның афоризмдерi өзi өмiрден өткенге дейiн жарияланды. Сонда талай шенеунiктiң сол нөмiрдi жiбермей оқығанының да куәсi болып едiк.
Бүгiнде тек бiреудiң аяғын басып, түнде көлеңке iздеп, кектенiп, тiстенiп жазатындар ғана ақиқатты айтады деп есептейдi қоғамның бiр бөлiгi. Бұл, шынтуайтына келгенде, мәдениетсiздiктiң, бiлiмсiздiктiң салдары, әлсiздiктiң белгiсi. Айтқың келсе, биiк парасатпен, зор бiлiммен айт. Талантыңды соған жұмса. Ұлтты өшiрудiң емес, өсiрудiң жолы осы. Ол үшiн Қадырды оқу керек. Әсiресе, кекшiл құлдар оқыса дейсiң. «Ақиқат жөтел сияқты, жыбырлап тұрар тамақта» деп өзi айтпақшы, ақиқаттың көкесiн Қадырдай айтып кеткен ақын көп те емес, аз да емес қазақта. Қадыр бәрiн айтып кеткен. Поэзиялық туындыларын былай қойғанда, «Иiрiм», «Жазмыштың» өзi не тұрады? «Алмас жерде қалмас» атты афоризмдер кiтабын оқыған адамның жоғары оқу орнын бiтiруi мiндеттi ме, жоқ па деп те ойлаймын кейде. Бүгiнде ойын-тойда, үлкен форумдарда жиi шырқалатын «Атамекен» әнiнiң әуенiн былай қойғанда, сөзiне қарадан-қарап көңiлi босаған жандардың талайын көрдiк. Ол-ол ма, осы әннiң сөзiнiң құдiретiмен елге оралған қандастарымыз да бар.
Қадыр – телегей-теңiз. Оның артында қалған аса бай өз рухани мұрасы, жиған кiтаптары, егер өз атына кiтапхана берiлiп не мұражай-үй ашылса, қазынаның қазынасы сол болар едi. Бұл Қадырын сағынған ел үшiн де қазына аралы болар едi. Қазына дегеннен шығады, «Қазығұрт» баспасы қайсыбiр жылы Қадыр Мырза Әлiнiң 18 томдық таңдамалы шығармалар жинағын шығарды. Осы еңбек баспаға әзiрленiп жатқанда бiреу Қадекеңнiң еңбектерiнiң 18 томға жететiнiне күдiк келтiрсе керек. Әлгi пақыр сол 18 томға Қадағаңның 10 томнан асатын аудармалары сыймай қалғанын қайдан бiлсiн. Бiрде Чеховқа бiр оқырман «Не арманыңыз бар?» деген сауал қойыпты. Сонда Чехов: «Бiр арманым – 28 томды 8 томға түсiре алмай барамын» дептi. Толстой қысқа жазуды армандаса, қысқа жазуды өзiнiң басты қағидасы етiп ұстанған Чеховқа бұл тән шығар, ал, шығармашылығының өнебойында бiр фальш табылмаған Қадырдан қандай дана редактор болса да қысқартатын бiр жол таба алмас едi. Қадыр сонысымен Қадыр едi ғой.
«Күнiне бiр рет езу тартып күле алмасаң, онда ол күнiң зая» дептi ғой Гюго. Ал, бiздiң Қадағаң күлкiнiң де кенi едi ғой. Кейде тұнжыр күндерде Қадағаңа телефон шалсаң болды, әйтеуiр, бiр сөз тауып айтып, көңiлiңдi де, көзiңдi де шайдай ашар едi. Жай айта салған сөзiнiң өзi де бiз сияқты газетшiлерге бiр тақырыпқа жүк болар едi. Бiр мысал айтайын.
Бірде Алатау ауданының №26 сайлау округiнен қалалық Мәслихатқа депутаттыққа түстiм. Сол күндерi Қадыр ағаны жиi есiме алдым. Сайлаушылар тарапынан түрлi сұрақтар қойылды. Бiрiне берген жауабың тапқыр шықса, ендi бiрiне жалпылама жауап бересiң. Сондайда «шiркiн, қасымда Қадыр аға болғанда қалай қатырып жауап берер едi» деп те ойлаймын. Бiр кездесудiң соңында бiр кiсi менiң шыққан тегiме қызығушылық бiлдiрдi. Ол кiсiнi кiнәлаудың қажетi жоқ. Бұл да болса қазақылықтан қалған бiр белгi ғой. Әйтсе де сол сәтте Қадағаңның бiр әзiлi тiл ұшымда тұрса да, ол кiсiнi естiмеген болып, әлдекiмдермен сөйлескен болып, сұрағына жауап бермей кеттiм.
Ол қандай әзiл едi?!
Қадыр аға қайсыбiр жылы өзiнiң туған өңiрi Орал жақтан Жоғарғы кеңеске депутаттыққа түседi. Облысты аралап келiп, өзi туған ауданға келедi. Жұрт жапырылып қарсы алады. Дембiл-дембiл кездесулер өтедi. Сондай бiр кездесуден соң дастархан үстiнде бiр совхоз директоры руын сұрап қоймайды. Қадағаң естiмеген болып отыра бередi. Сәлден соң ел аяғы басылып, оңаша қалғанда, ендi сәтi келген шығар деп совхоз директоры әлгi әңгiменi қайта бастайды. Сонда Қадағаң: «Әй, бауырым, депутатта ру болса болатын шығар, ал, депутатқа кандидатта ру болмайды» дептi.
Мiне, «қайда барсаң да Қадыр алдыңнан шығады, талайларды Қадыр құтқарып жүр» деген сөзге мұндай мысалдар жетiп-артылады.
Осындай адамды өлдi деуге бола ма? Ақынның ең соңғы өлеңi «Жоқ, өлмеймiн!» деп аталады.
Дананың аты – дана. Бiз секiлдiлердiң күйбең тiрлiкпен қалам тартуға уақыты бола қояр ма екен дедi ме, өмiрiнiң соңғы күндерiнде жазған өлеңiнде де өзi айтып кеткен екен:
Көк дауылмен жағаласып кемемiз,
Көк мұхитта қақпақыл боп келемiз.
Өстiп жүрiп бiр күнi
Өлемiз-ау,
Өлемiз-ау,
Өлемiз!
Кейбiреулер соны неге ұқпайды,
Қадалады жүрегiме мық-қайғы.
Мен де өлемiн,
Менiң бiрақ есiмiм
Жазушылар
тiзiмiнен шықпайды!
Пендемiн ғой,
Тау болсам да шөгер ем,
Гүлдей солам,
Бiрақ қайта көгерем:
Тiрiлердiң көзiне оттай басылар,
Талай-талай немерем мен шөберем.
Өлiп-өшкен ғашық жiгiт
Күнiне
Мендiк көзбен қарар сүйген гүлiне.
Мен болмаспын,
Бiрақ сөзiм оралар
Сайрап тұрған шешендердiң тiлiне.
Жүрек неге,
Өкпе неге алқынды?
Қимайды ма өте шыққан бал күндi?
Әдемi әзiл бiр кездерi мен айтқан,
Әлi талай ду күлдiрер халқымды.
Амал қанша!
Татар дәмiм таусылды,
Қабiрстан құшағымен қаусырды…
Жоқ! Өлмеймiн!
Елiм талай естидi.
Лентаға жазып алған даусымды!
Кейбiр жырым дән ұшырып қырманда,
Кейбiр жырым бақташы боп жүр маңда.
Жоқ! Өлмеймiн!
Правом жоқ өлуге,
Сөз сыйлайтын халқым аман тұрғанда!
«Ұлылардың туған күнi ғана болады, өлген күнi болмайды» деген рас.
Қали СӘРСЕНБАЙ
(«Қазақтың Қадыры» деп аталатын кітаптан).