Көк жайлау да құлазиды жаз өтсе…
Көк жайлау да құлазиды жаз өтсе…
* * *
Талай күндер көмілді де дырдуға,
Тұмса сәттер сынаптайын сырғуда.
Жұмбақ сарай жауып алды қақпасын,
Жырақтады жалын жастық жыр қуған.
Жұмбақ сарай тұрушы еді күмбірлеп,
Сол сарайдың бүйірінде үңгір көп.
Көргім келіп қырық қақпа аштым мен,
Табылмады іздегенім, кім білмек.
Жұмбақ сарай… қақпасы бар қырық бір,
Соңғы қақпа ауызында құлып тұр.
«Ашпа!» деген жазуы бар сыртында,
«Аш та көр!» деп көңіл шіркін бұрып тұр.
Ашайын ба, ашпайын ба, ал, сынақ,
Кім бар көмек беретұғын хал сұрап.
Қалсам қайтем қапияда, ашқанда,
Қарақшылар қанжар ұрып, қансырап…
Жұмбақ сарай… соңғы қақпа… сол аңсар,
Жүрексініп сескенгендей болам сәл.
Хордың қызы ертіп кетті деп ойла,
Жұмбақ сарай жұтып мені жоғалсам…
* * *
Адам аз ба ерте туып, кеш қалған,
Кеш қалғанның кеудесінде өшті арман.
Көк жайлау да құлазиды жаз өтсе,
Кеше ғана шұбатылып көш барған.
Жайлау сәні, салтанаты аз күндік,
Келте қызық үшін кімді жазғырдық.
Әр пенденің басына да бұйырған
Тек Тәңірге жарасатын жалғыздық.
Жұртта қалған жетім ой да жетілер,
Қамсыз, мұңсыз жүрген адам не тілер.
Қырық жамау көңіл күйдің жейдесі
Сабақты ине септемесе сетінер!
АУЫЛДЫ АҢСАУ
Ентелеген ертеңге екпінменен,
Еркелеген екенмін көп күнге мен.
Еміс-еміс бір дауыс естіледі:
«Неге алыс ауылдан кеттің?» деген.
Ауыл, ауыл, ауылға жетеді не,
Не бересің ақ сүттің өтеміне.
Артымызға қайрылып қарамаппыз,
Алатаудың жармасып етегіне.
Ауыл, ауыл, ауылдан өрген едік,
Білім қудық, биікке өрмеледік.
Ауыл десе сыздайды мына жүрек,
Жүректі де жүдеттік, емдемедік.
Ауыл, ауыл, ауылда арман қалған,
Келгендерден сұраймын, барғандардан.
Ағыс қуып, алыстап жағалаудан,
Асықтырды ататын таңдар алдан.
Көптен бері ауылға жол түспеді,
Ең қымбатым ауылда өң-түстегі.
Ауыл десе тербейді бір сағыныш,
Ерке толқын секілді Ертістегі.
Алақанда аялап, қолпаштаған,
Ауыл десе қалайша селқос қалам.
Ауыл десе кеудені күй кернейді,
Анадайдан бұлдырап Бөртостаған.
Ауыл, ауыл, ауылды аңсағаным,
Алда қанша ай, жылды қарсы аламын.
Жан сарайдың шипасы шығар, бәлкім,
Зайсан жақтан есетін таң самалы.
Ауылымнан алыста бақ сынаппын,
Табы жатыр жадымда жақсы уақтың.
Ауыл десе, айналам ажарланар
Аппақ таңы атқандай Ақсуаттың.
БИІК ТҰРАР БІР ӘУЕН ЖАНБАҒЫСТАН
Қу тірліктің адасып мұнарында,
Тарқамастай көрінер құмарың да.
Құлағыңнан кетпейтін бір әуен бар
Қуат берер өмірдің сынағында.
Күш құятын ерекше, дем беретін,
Қиындықты қаңбақтай өңгеретін.
Ғажап сәттің өлшемі – сол бір әуен,
Ештеңе жоқ тек соған тең келетін.
Уілдеген үн шығар нар қамыстан,
Айғай шығар бір ащы ар-намыстан.
Аспан жаққа көтеріп әкетеді
Биік тұрар бір әуен жанбағыстан!..
* * *
Тағдыр ма бақ ұсынған, тақ ұсынған,
Ажалдан ғана адам сағы сынған…
Амандық сұрап ылғи қол алысар,
Айрылдым тағы да бір танысымнан.
Құлагер жаңылғандай шабысынан,
Құдірет өткізбек пе тағы сыннан…
Ақырын күліп келіп қол алысар
Айрылдым тағы да бір танысымнан.
Қазақы қалжыңымен бал ұсынған,
Қайтпаған қандас үшін алысудан.
Көзімен ұқтыратын көңіл сырын
Айрылдым тағы да бір танысымнан.
Найзағай от тұтатқан намысынан,
Жетімді жебеп жүріп, нан ұсынған.
Етбауыр жақынымдай көрінетін
Айрылдым тағы да бір танысымнан.
Ол жақын еді талай алысымнан,
Ол ылғи шақыратын жарысуға.
Ай-күннің аманында аһ ұрғызды,
Айрылдым тағы да бір танысымнан.
Тұрмын-ай, кетіп бүгін салым суға,
Тұнады қос құлағым қалың шудан.
Айтпаған бір ауыз сөз көңіл қалар
Айрылдым тағы да бір танысымнан.
Қазақтың қамын ойлап жанұшырған,
Айналдым Алаш туған арыс ұлдан.
Алаштың азаматы – бәрі сұлтан,
Айрылдым тағы да бір танысымнан!..
* * *
Әнші бақтың таңдайын ән құрғатып,
Тәңіріден деп тілеп таңғы бақыт,
Алатауды қара бұлт бүркеп алып,
Алматы тұр тағы да жаңбырлатып.
Күйме мініп көк бұлттар көсемдеткен,
Найзағайлы жаз осы есем кеткен…
Күннің көзін көрмейтін болдық, жүдә,
Тесік аспан күндіз-түн нөсерлеткен.
Жаз жеткенде қалайша қайғы аламыз,
Тойға кенен осы жаз, ойға нағыз.
Жасыл нұрға бөгіп тұр жан-жағымыз.
Жаңбыр әнін төгіп тұр айналамыз!
* * *
Бұзып ағар бұйра жал су арнаны,
Басын шалар асқардың мұнар қалың…
Бір күнгідей болмай-ақ ұмытылар
Бөркіңді атып аспанға қуанғаның…
Медет тұтып келетін ай, күн барын,
Шырмауына түссең де ойдың қалың…
Бір күнгідей болмай-ақ ұмытылар,
Жұлын-жүйке езіліп қайғырғаның…
* * *
Шақыруды құп алып,
Жұмыстан соң қонаққа бар.
Жалғасады шұбалып,
Жексенбісі жоқ апталар…
Аялдамай арай күн,
Сиреп кетті тоғайлар да.
Дүдәмалмен қараймын
Демалысы жоқ айларға…
* * *
Биігінен қарасаң ән көңілдің,
Мәнін ұға бастайсың мәңгі өмірдің.
Көп жүрмеспін көлбеңдеп көз алдыңда,
Көкжиекке көшемін мен де бір күн.
Жансерігім, жұбаныш ән мен өлең,
Жараланған жанымды емдеген ең.
Қамсау болмай қай күні қалады деп,
Қауіптене беремін әлденеден…
Көз жетпеген көңілдің алаңына,
Қайнап жатқан тіршілік қала мына.
Ән мен өлең қайтадан оята ма,
Қалғып кетсем сүйеніп қаламыма?!.
* * *
Айға қарап оқыдым дұға қанша,
Алақайлап Ай бұлттан шыға қалса,
Жүгіргім кеп тұратын құлағанша,
Асығушы ем қалайда ұнағанша –
Соның бәрі өзіңді сағынғаннан.
Желге айттым сыбырлап жан дәрменін,
Шырқалмаған кеудемде ән бар менің.
Таңғажайып күтетін таң бар дедім.
Шайдай ашық тамылжып заңғар көгім –
Соның бәрі өзіңді сағынғаннан.
Ғажап еді дүния нұрға бөккен,
Арман бар ма ақында жырлап өткен.
Мәңгі бақи басыңда тұр ма көктем,
Мен басымды жолыңа құрбан еткем –
Соның бәрі өзіңді сағынғаннан.
Көз алдымда тұрады күлген шағың,
Күлген шағың маңайдан түрген сағым.
Саған арнап тіздім де жыр моншағын,
Қайта келмес сол қайран күнді аңсадым –
Соның бәрі өзіңді сағынғаннан!
Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ