Алдаспан қалай шыңдалды?

Қоңыр күз еді. Қар суымен ілесе келетін, бір сәт те толасы жоқ колхозшылардың еңбек майданындағы арпалысы егін жиналып біткен шамада аз уақыт сабыр табатын. Сол кездегі тіршілік қамы, адамдардың қажырлылығы мені қазір таң қалдырады. Үлкенге де, балаға да тыныштық жоқ еді.

Ойдым-ойдым болып қар жамылғысы сөгіле бастағанда шаруашылықтың аздаған қой отарлары орталыққа көшіп келіп мал төлдететін. Балаларын оқыту қамымен отырған жеті-сегіз үйдің бір шаңыраққа да жетімсіз шағын бөлмесінің жартысы қозы мен лаққа толушы еді. Жүндері кеуіп, аяқтарына тұрып ширағанда, оларды енесінің бауырына қайтарып, жаңа туған төлдермен үйшік қайта толатын. Жамырай бақырған қозы-лақтардың дауысы мен тоңғақ иісі үй ішін меншіктеп алушы еді. Бірақ солай болды-ау деп ренжитін адамдарды көрген жоқпын. Әлде бұрынырақтағы жұпыны өмірдің өлшемі солай ма еді.

Шағын колхоздың малшылардан басқа жұмысшылары барлық науқанды біріге тындыратын. Жаппай көшіп барып алқа-қотан ауыл құрып, шөп шауып, маялап жинап, қысқы уақытқа малға азық жинайтын. Ол біткен кезде егін науқаны келеді. Осы жақында ғана әуелі жырағырақ орналасқан Құры аңғарындағы егін, қыркүйекте мектепке бес шақырым жақын Қорықтағы егін жиналған. Біз сол кезде уақытша бір бөлмелі, кейіннен астық қоймасына айналатын саман тамда алма-кезек оқимыз. Мұғаліміміз орталықтан салт келіп қатынайды.

Биыл оқу үрдісімізде біраз өзгеріс болды. Бірінші сыныпта мені оқытқан апайымызды аудан уәкілі күзде масақтан екі кило бидай жинап әкеле жатқан жерінен ұстап, әурелеп, сабақ беруіне рұқсат етпеген. Енді басқа ауылдан ақшыл сары өңді, жұқа сары шашты, бетінің аздап секпілі бар, жұмсақ мінезді Мұқан аға Мағауин мұғалім болып келген. Бір айдай бізді қырман басына қатынап жүріп оқытқан. Егін жинаудың негізгі науқаны біткенде біз орталықтағы үйімізге көшіп келдік. Жаймашуақ бір ашық күні сынып бөлмесіне келсем менің партамның екінші бөлігінде кең маңдайлы, үлкен көзді, ақсары бала отыр екен. Мұғаліміміз жұмсақ мақаммен сөйлеуші еді, «Блөкжан, сенің қасыңа Мұхтарды отырғыздым, енді қатар оқисыңдар» деді. Әлі есімде, бұл 1948 жылдың қазан айының 8-күні болатын. Осы күн менің өміріме бұрылыс жасады. Мен – сыныптың үздік оқушысымын. Келген бала да бірден өзінің талабының жоғары екенін көрсетті. Менің басқалардан басымдылығымның өлшемі аздау еді, енді тайталаса жарысып оқудың кезегі келді. Есеп сабағынан екеуміз бірдей өткір қабылет көрсетсек, ауызша сабақтарда Мұхтардың орамды айтып, ұтымды тұжырым жасайтынын байқадым. Алпыс жылдай уақыт өткеннен кейін Мұқан аға айтқан «қатар оқисыңдардың» да мәніне жеткендеймін. Бастауыш мептепте Мұхтар, ал кейіннен Төлек пен Рымғали қосылғанда, жарысып білім салыстыру, бәсекелесе оқу, кейінгі өміріміздің бастауына өлшеусіз артықшылық жолдаған екен. Біздің кеудемізді керген жасырын менменділік те мол болса керек.

Бала кездің жағдайы бөлек, қалыптасу ұясы айрықша. Осы ретте Мұқан ағаның біздің ауылға мұғалім болып келуі менің кеудеме жаңа тыныс құйды. Өзі де биязы, кісілікті адам, басқаның да талабына өзгеше құрметпен қарады.

Мұқан аға отызыншы жылдардың ортасында оқу іздеп барып, біздің елден жырақ Жаркент қаласындағы мұғалімдік училищені бітірген екен. Жарасы бітпеген қуғын-сүргін мен аштықтан кейін сондай батыл қимылға бару ел ішінде сирек кездесетін оқиға. Әлде ертеректе Томскінің адам дәрігерлік институтын бітірген немере ағасының ықпалы ма, әлде жақын отырған Абай атам ауылының әсері ме, Мұқан аға соғыс алдында шалғай қазақ ауылынан оқыған бірінші мұғалім. Өз талабының өресі де соған жетелеген шығар. Бірақ оқу жемісін ұзақ көруге жазбапты, әуелі Фин соғысына, кейіннен дүниежүзілік екінші алапатқа қатынасып, тек сегіз жылдан кейін ғана елге оралған. Осы уақыттарда бір адамның басынан асып жатқан бейнеттерді де арқалаған екен. Әйтсе де күлімсіреп жүретін сабырлы қалпынан өзгергенін байқаған жоқпын.

Мұқан ағаның оқыту тәжрибесі өзгеше болып шықты. Әрбір ай сайын өткен сабақтарды қайталап, жиынтық есеп өткіземіз, тоқсан аяқталарда сол барлық материалды тағы да пысықтап шығамыз. Ол орташа оқитын оқушыларға едәуір қиыншылық әкелгенімен, мұндай әдіс еш босаңсуға, шалағай оқуға мүмкіндік бермейтін. Ең үлкен пайдасы ұғу қабылетін сергек қалыпта ұстауды керек етеді. Сол кездегі миымыздың тұнықтығынан ба, әлде қажеттілік итермелей ме, бір жыл бойы оқылған материалдарды жадыда ұзақ уақытқа тұтып қалуға қалыптастық. Ержетіп институтқа түскенде әрбір кезеңнен кейін зачет, ал жарты жылдықта емтихан алатынын көріп, менің бастауыш мектептегі мұғалімімнің қаншалықты алдыңғы қатарда болғанына таң қалдым.

Қазіргі алмағайып оқыту әдістемелігін күнделікті өзгерту кезеңінде, бір орысы жоқ қазақ ауылында ұстазымыздың орыс тілін оқыту нәтижесі мен оның өкінішті аяқталуы біраз ойландырады. Сегіз жылғы сенделісте Мұқан аға орыс тілін жетік меңгеріпті және бар білімін бізге қалтқысыз аударуға күш салды. Бұл ойын тіпті оңай-ақ іске асырды. Әр күнге орысша үш сөзден, айына жүз сөз, тоқсанда үш жүз сөз жаттап, қайталауға машықтандық. Қосыла келе ол жылына бір мың сөзге, үш жылда үш мың сөзге ұласты. Лингвистердің тұжырымы бойынша қандайда бір тілдің негізі осы шамадан аспайды. Басқаларды білмеймін Мұхтар екеуміз осы сөздік қорды жақсы меңгердік. Сөйлем құрғанда сөздерді бір-бірімен үйлестірудің кемшілігі жеткілікті шығар, дегенмен төртінші сыныпты бітіргенде дала кезіп жүрген геологпен сөйлескенде әке-шешем біраз масаттанып қалған. Әйтсе де кейінгі алты жылда осы жетістігімізді түпкілікті жойып бітірдік. Оныншы сыныпты бітіргенде менің орыс тілінен білімім тым төмен еді. Дегенмен сол алғашқы тәжірибе із-түзсіз жоғалмайды екен. Адам санасының түбінен берік орын алған қазына керек уақытында көзі ашылып, ап-айқын жарыққа жол табады. Студенттік кезең басталғаннан кейінгі жарты жылда мен курстастарымнан озып, орысша еркін сөйлейтін жағдайға жеттім.

Соғыстан кейінгі ауыл өмірі жұпыны көрінгенмен, тіршіліктің толассыз қарбаластары тым күрделі еді. Күзгі күн суыта бастағанда малшылар қыстауға кетеді де, шаруашылық орталығында колхоз бастығы, кеңестің төрағасы, мектеп мұғалімі, ұста қалады. Мектеп үйі төрт бөлмеден тұрады, екеуі оқушылар класы, екеуі мұғалімнің тұрғын үйі. Бастық пен ауыл кеңесі төрағасының үйі де жалғас салынған, бір-екі бөлмеден. Осыдан басқа ескі кеңсе аталатын жеті-сегізге бөлінген ұзын там үйде бала баққан бірнеше үйелмендер тұрады. Барлығы да шатырсыз тоқал тамдар. Арнайы салынған мектеп үйінен басқалары жақын Құр өзенінде өсетін салдаулармен жабылған. Кептірілмей жас күйінде салғандықтан, ауыр көң мен балшықтан майысып, қирауға жақындағанда олардың ішкі жағынан көлденең ағаштар қойылып, соған тіреулер тірелетін. Тамдардың дәліздері кең, боранды күндері олар сауын, жегін малдарына толады.

Бастауыш мектебіміз төрт сыныптан тұрады, екіге бөлініп оқимыз, бірінші мен үшінші, екінші мен төртінші қосарлана оқиды. Әдетте екі мезгілде оқуға бөлінгенбіз, бірақ қыстың суық кездерінде екінші мезгілдің оқушылары ертерек келіп, ұстазымыз қатар екі бөлменің оқушыларының біріне тапсырма беріп, екіншісінен сұрап, алма-кезек ауысып жүреді. Үш-төрт шақырым ауылдардан жаяу қатынап оқитын балалар ерте қайтсын деп ойластырған болуы керек. Оқу үлгерімдері әртүрлі болғанымен сықырлаған аяз бен боранды елемей қасқая келіп жүрген балалардың қайсарлығына осы күндері таң қаламын. Кигендері – қолдан тіккен тон, жыртық, жамаулы киімдер. Олардың көбі жартылай аш, нан онсыз да тапшы, жазда шешелері тірнектеп жинаған аздаған құрт пен майдан басқа, қолы жеткендері бірлі-жарым сойылған қой еті мен шерік соғымның етін талшық қылатын. Бала кезде байқай бермейтін өмір ауыртпалығы тым ауыр болса керек. Кейіннен Семей облысының бүкіл электр желісі жүйесін басқарған құрбымнан, «Сен оқуды бізден бұрынырақ бастаған сияқты едің, бірінші сыныпты неге бізбен бірге оқыдың?» дедім. «Шешем, ағам үшеумізде табандалған бір пима болатын, шешем қыста бірдемелерден құрастырып шарқай киюші еді де, пимамен оқуға ағам баратын, ал жалаң аяқ қалған мен сабаққа бара алмаушы едім» деді ол.

Менің құрдастарымның бәрінен де бұрын көңілдері қаяулы еді. Сынып балаларының жартысынан көбінің әкелері жоқ, біразының әкесін сыбырлап айтатын отыз жетінші жыл әкеткен, көбінікін соғыс жалмаған. Біздің бәрімізде ата мен әже жоқ, олар отыз екінің құрбаны болған. Ауылда тек бір баланың әжесі, басқа бір баланың атасы ғана бар еді. Бұл жөнде Мұхтар бай болып шықты. Бір атасы, екі әжесі бар. Алладан тілеуін тілеген бес адамның ортасындағы жалғыз ұл. Ұзын бойлы, мұртты, шешен сөйлейтін, кейде артық қимылың мен орынсыз кеткен сөзіңді қалт жібермей мысқылдап күліп отыратын атасы мен сұңғақ бойлы, байсалмен сөйлейтін, қараторы өңді әжесінің қамқорлығындағы Мұхтар, алып таудың ығында тұрғандай көрінетін. Тағы да тыным таппай үй шаруасын тындырып жүретін ақсары әжесі бар. Қазақ мәдениетінде қазбаламайтын жағдай, ол кісінің туысқандығынан бейхабар едім. Алпыс жылдан кейін өзі жазғанда білдім, нақты әжесі осы Көкіжан екен. Ол үйдегі барлық билік те, тіршілік қамы да осы үш кісінің қолында. Мұқан ағаның өз қызметінен қолы тимейді, оқуы болмаса Мұхтардың басқа тәрбиесінде ісі жоқ. Оның үстіне сегіз жыл сергелдеңде жүрген әкесі, семьясына аман жеткен тағдырына шексіз риза болса керек. Ата баласы, өзімен тең дәрежедегі ұлына қатынасы сыртқы сүйіспеншіліктен аспайтын. Қарағайдай ақсақал мен екі әже тұрғанда, Рақима тәтенің оған тіктеп қарауға батылы да бармайтын. Біздің үйге келгенде «Мұхтаржанымның досы ғой» деп менің бетімнен сүйіп жатушы еді. Біз сияқты үй шаруасында бітпейтін көп міндеттердің біреуі де Мұхтарда жоқ еді. Әйтсе де ол ерке болған жоқ, өз еркімен, тежеу көрмей, бұла болып өсті. Бір ғана міндеті болды – ол сабақ пен кітап оқу. Осы жағдай оның еркін ойлап, еркін жүруіне және ой-өрісінің ерте кемелденуіне үлкен әсері болған шығар. Бұл ретте, әрине, Алла сыйлаған зор таланттың орны ерекше. Сөзімнің асылығы жоқ, Мұхтардың бал дәуреніне қиянатты, көңіл қаяуын келтірер кейісті жағдай оны кейініректе күтіп тұр екен.

Біз төртіншіге жақындап қалғанда, жаңадан шыға бастаған әңгіме, жыр жинақтарын оқытып отыруға әке-шешеміз жалықпайтын. Осы кезде шыққан Абай атамыздың бірінші жинағын алып келіп, қара сөздері мен өлеңдерін оқытып, «пай-пай жарықтық-ай» деп, әкем орнында дөңбекшіп отыра алмаушы еді. Көрші ел, сөзі де, қасиеті де біздің жаққа ертеден белгілі, жақында ғана жүзжылдық тойына барып келген, енді атамыздың жинағы қолына тигенде, асыл қазынаның шеті өзіне бұйырғандай, қуанышы шексіз. Осы жағдайлар әдеби шығармаларды ерте оқуға септігін тигізді. Әйтсе де менің талпыныс бағытым бөлек екен, Абай жолын мен 8-ші сыныпта ғана оқыдым. Институттың екінші курсынан дүниежүзілік әдебиеттің негізгі классиктерін зерделедім, сонан кейінгі алпыс жылда үзіліссіз жалғастырып келемін. Дегенмен бұл әдебиетке әуестіктің маңы ғана.

Мұхтар әу бастан түзу жолға шықты. Оның ойлау үрдісі де ерекше еді. Үшінші сыныпта оқып жүргенімізде ол бірде: «Бату хан бастаған біздің аталарымыз  орыстың жерін ойрандап, Еділдің бойында Алтын Орда хандығын құрған», – деді. Аздап болса да сол кездегі елдің көлемінен хабардар болғандықтан, бұл жаңалық менің санама орнықпады. Келесі кезіккенде: «Екі керемет жиһангер болған: Шыңғыс хан мен Македонский, бірақ Шыңғыс хан дүниежүзін жаулап алды, ал Ескендір Византия мен Персияны ғана жаулап алды», – деді. Бұл кейінгі екі елді де, Сүбідей мен Жебені де Мұхтардан бірінші рет естідім. Енді бірде осы Германмен соғыста немісті талқандауда көп еңбек жасаған генералды білесің бе деді. Жауабымды күтпей ол Ковпак екенін айтты. Оны білмейтін едім. Мұхтардың тез есейіп келе жатқанын сездім.

Біздің ауылдың қысы ол кезде өте қатты болушы еді. Алдымен екі-үш күн жапалақтап қар жауады, сонан соң толассыз бір жетіге дейін созылған боран болады, артынша сықырлаған аяз келеді де, тау болып үйілген қар, тағалы аттың тұяғы батпастай жал-жал үйіндіге айналады. Бұл кезде ол аласа тоқал тамдардың үстінен өтіп кететін. Сыртқы есігін ішке қарай ашқан үй иелері жалды тесіп өтіп, басқаларға да көмек беріп жататын. Әдетте, кезінде жел өтіне көлденең салынған көп кеңседен біздің үйге созылған қар үйіндісі тым ұзын және биік болатын. Шана жоқ, қолға түскен күрек, анау-мынаумен сырғанап қызықтайтынбыз. Коньки тек Мұхтарда ғана бар еді, бірақ ұшы үшкір. Сабақтан кейін бір күні ол менімен ілесе шықты, аяғына коньки байлап алыпты. Жел жоқ, тынық еді. Үйінді үстімен келеміз, ол күш салмай, аяғын тіремей жайбарақат сырғанайды. Бір кез жалт қарап, «өй мынаның өзін аруақ итеріп келе ме, әлде арқасынан жел есіп келе ме», деп ойладым. Балалық кезде сирек келетін сол ұшқыр ой, жиырма бір жыл өтіп, «Алдаспан» шыққанда қайтадан есіме түсті. Соны өзіне де  айттым.

Май мейрамының бірінде Мұхтар екеуміз мектептің жадағай төбесінде, сырмақ үстінде өмір жөнінде толғаныс айтып жатқанбыз. Бір кез Мұхтар маған: «Сен өскенде кім боласың?» – деді. Бастық боламын деуден жасқандым, басқадай мардымды ештеңе айта алмадым. Ол бетіме тіктеп қарап отыры: «Мен жазушы боламын», – деді. Мен ол кезде де, қазір де жазушыны ерекше қасиет қонған, тәңірдің таңбасы түскен адамы (қазір тым көбейіп кеткені болмаса) деп есептеймін. Кейінде өзі айтып жүргендей, сол кезде де өз қасиетін азға баламайтын ол, аз бөгеліп, «Мұхтар Әуезов сияқты», – деді. Менің жүрегім шымыр ете қалды. Зердем толық жетпесе де, ұлы жазушыны жер бетінен басқа жерде жаралған шығар деп ойлайтынмын. Біздің Мұхтар өзіне сол алыс межені болжаған екен.

Төртінші сыныпты бітірген соң, біз әкем бастық болып барған басқа ауылға көштік. Күзде бесінші класқа аудан орталығына келгенде, көңілсіз жағдай күтіп тұрғанын білдім. Менің мұғалімім Мұқан ағаны соғыс кезінде неміс тұтқынында болған деп 25 жылға айдауға жіберіпті. Көпке мәлім, кеңес әскерлері Харьков түбінде аз сәт жеңіліске ұрынып, үлкен армия неміс қоршауында қалған. Сол үлкен әскердің ішінде Мұқан аға да бар. Германияның ішкі жағында тұтқында болған, бар азапты тартқан, соғыс аяғында америкалықтар босатқан. Әйтсе де бүкіл осы топ, тігінен қайта қалыптастыру құрылыстарына жіберілген. Әрине оның неміс тұтқынынан кем болмағаны анық. Аға арып-аршып 1947 жылдың тамыз айында, сегіз жыл жүріп, елге оралған. Тұтқыннан кейінгі қуаныш кезінде бір адаммен суретке түскен. Кейініректе сол пәле болып, міне тағы да өмір аяғына жететін мерзімге қайта айдалып кетті. Мұхтардың жағдайы айтпаса да түсінікті, жас өміріме жылы алақанын тосқан адамның, толықтай сезбесек те жан түршіктірер айдауға жіберілгені мені де қатты толғандырған.

Ми мен жүректі кептеген ішкі дауыл толқындарымен қалай күресті, қандай дауа тапты оны өзі біледі, бірақ Мұхтар жасыған жоқ. Екеуміз алғашқы кезіккенде тостағандай көзін буалдыр басқандай көрінді, әйтсе де босаңсымады. Мен де жараның аузын тырнамадым. Сонан соң томаға-тұйық қалыпқа енді. Ол бұрында ауыл балаларына тән орынсыз ойын мен дарақы күлкіге берілмейтін. Ол бар уақыты мен жігерін білімге бұрды. Міндетті сабақ оған әрдайым жеңіл келетін, енді барлық назарын онан тыс әдебиет қазынасын ақтаруға кірісті. Соған сол кезде қалыптасты, жас болса да көп нәрсені жинақтады.

Осы уақыттарда Мұхтардың ең үлкен арқа тірер тұғыры, өзі де өмірдің талқысын көп көрген, ойлағаны мен түйгені мол, қазақтың емендей берік шалы, үлкен әкесінің қажырлы мінезі мен берген ақылы, оның қожырауына тосқауыл болған шығар. Бірақ осы ойыма кері, Мұхтар да сол қайғы басқан төрт адамға үлкен сүйеніш болды ма деп ойлаймын. Соғыста жоғалды деген баласы қайтып келіп, енді тағы да қайыра келуі беймәлім тұзаққа түскенде, бір ғана үміт, бір ғана тәуба бар еді. Ол – Мұхтар еді. Осы міндетін ол кемел атқарды. Атасы малды адам болатын. Ауылымыз бөлек болған соң білмеуші едім, жыртық сырмақ қалдырып жазалаушылар тонап кеткенде, қаңыраған үй, осы жүдеу көңілді онан сайын құлазытары айқын ғой. Сонда тек бір-ақ медеу бар, ол тентек емес, ерке емес, барлық назарын әдебиетке аударған жалғыз ұл. Оның бет алысын бағдарлаған ата, ескі сөз, ескі ғұрыптарды жете айтып, оның зердесін байытты, бағытына демеу берді.

Бұл отбасында сөз қадырын құрметтеу ежелден қалыптасқан. Арғы үлкен атасы Құрымбай ақсақал, әлде өтініш, әлде ұлылығына өзі құмартқаннан Абай атамызға бір жазда жайлауын ұсынған. Буырқаған Балқыбек, Байқошқар өзендері қосылған босаға. Ұлы ақын сол жерде атақты «Жаз» өлеңін жазған. Сол жерде Абай атамыз «сөз ұстаған ұл тусын» деп бата берген. Қасиетті баба айтқан осы өситеттің салмағын Мұхтар арқалай туды.

Жасырақ кезімізде ауылдан үлкен кісілер келгенде дәм татысу бір дәстүр еді. Әкем қалаға бір келгенде Мұхтар оған жаңа шыққан «Аласапыранның» бірінші кітабын сыйлады. Аға бас көтермей оны бір жетіде оқып бітірді. Демалыс күні шәй ішіп отырған бір кезде: «Е, – деді. – Бұл өзі Қожагелдіден әрбір алпыс-жетпіс жылда бір атақты адам шығады екен ғой, арыда Томан би, өткен ғасырда Бегеш шешен, енді мынау Мұхтар, жасы ұзақ болсын». Мен таласып қатар оқыған өз ұлымын, мені төмендетемін деп ойлаған жоқ, шын талантқа қалтқысыз ризалығын айтып отыр. Ал Қожагелді Мұхтардың сегізінші атасы, небәрі 170-180 жыл аралығы. Әкемнің ой түйуі қатесіз.

Аздап ауытқып кеттім, енді өрісімізге оралайық. Біз алтыншы сынып оқығанда – наурыз айының басында елде жоқ жылымық басталып, қалың қар бір жетіде еріп, кетіп қалды. Наурыздың бесінде «күн көсем» дүниеден озды. Сағат он бір шамасында мұғаліміміз келіп қаралы хабарды айтты. Өзі де жылап жүр екен, оқушыларға: «Біз көсемімізден айрылдық, жылаңдар», – деді. Шынында да дарылдап бәрі жылады. Ең алдыда отыратын Мұхтар екеуміз бетімізді жеңімізбен көлегейлеп міз бақпай отырып алдық. Кешікпей каникулға кеттік, қайтып келгенде ол: «Енді жағдай жақсарады», – деді. Атасының сөзі ме, өз ойы ма білмедім. Еріксіз еске тағы бір айтқаны оралады. Ең ақырғы генсек екі-үш жыл әрқилы барқадар таппаған реформаларын ұсынып жүрген кезде, «Мынау мемлекетті ыдыратып бітіреді», – деді. Аллаға шүкір, екеуі де жақсы аяқталды, кейінгісі тіпті қайырлы болды. Біз тәуелсіз мемлекет құрдық.

Сегізінші оқитын жылы күзде Мұқан аға айдаудан оралды. Арнайы барып сәлем бердім. Жүдеп, қартайып қалыпты. Жылына екі-үш ай жылт етіп күн көзі көрінетін Воркутада, жер астында көмір қазыпты. Сол азаптан аман келгені олжа. Мұхтардың көңілі көтерілді, бірыңғай әдебиетпен шұғылданды. Елге ол уақытта әуес емес «Мәдениет және искусство» деп аталатын журналды жаздырып алып, барлық жаңалықты нақты біліп отырды. Мектепті бітіргенде ол қалыптасқан әдебиетші еді. Білім алу өрісіміз бөлектеніп, жеті жылдан кейін мен Алматыда аспирантураға түскенде қайта тоғыстық.

Екеуміз енді Академияның ғылыми кітапханасында кезігетін болдық. Ол сирек қолжазбалар залында диссертациясын жазып отырады. Мен журналдар қарап, табиғи ілімдер залында отырамын. Ел саябырлағанда түскі асқа барамыз, сонан соң біраз уақыт қазіргі Пушкин ескерткіші орнаған алаңға шығып, серуен құрамыз. Негізінен ол сөйлейді. Тың әңгімелер. «Он бесінші ғасырдан кейінгі жыраулар мұрасы» деген тақырыбы бар екенін білемін. Бірде, «Сақталған дүниелер көп пе?», – деп сұрадым. «Әй, Шәйкенов, тыңдашы мынаны», – деді.

Алп-алп басқан

Арабы торым өзіңсің

Жазылы, алтын, қол кескен

Алдаспаным өзіңсің

деп, бір тоқтады, сонан-соң іле жөнелді:

Еділден аққан сызашық

Біз көргенде тебінгіге жетер-жетпес су еді

Телегейдей сайқалтып,

Жарқыраған беренді

Теңіз етсе Тәңір етті;

Тебінгінің астынан

Ала балта суырысып

Тепсінісіп келгенде

Тең атаның ұлы едің

Дәрежеңді артық етсе Тәңір етті!

Сонан он минуттай осы жырды ауызша оқып, алқынып барып тоқтады. Жайшылықта алға шығара керіп жүретін кеудесіне сыймай жүрсе керек, тыңдаушысы табылған соң, құмарын бір қандырды. Желпініп, түрленіп кетіпті. Сол кезде, сол оқиғаның дәп ортасында өзі жүргендей. Жырдың мағынасы мен бөлек құрылымына тебіреністе. Қуанышы мен мақтанышын жасыра алмай тұр.

Біткен кезде ішімнен, «Ой сайтан-ай», – дедім. Әу бастан білем, оқығанды жадында сақтау қабілеті тым жоғары болатын. Соншама жырды жатқа айтып тұр. Бірнеше рет оқып, машықтанып әуреленбейді, ой жүйелеп бір-екі оқығанда есінде берік сақталып қалады. Ұмытпайды. Сол есіндегісі, қазіргі компьютерге түскендей қашан сұрасаңда ағылтып ала жөнеледі.

– Керемет екен. Кім? – дедім менде әзер демімді алып.

– Шалкиіз жырау.

Шабытында екен. Кетті ары қарай төпелеп:

Күлдір-күлдір кісінетіп,

Күреңді мінер ме екеміз

Күдеріден бау тағып,

Қамқапты киер ме екеміз?

Майданда дабыл қақтырып,

Ерлердің жолын аштырып,

Атасы басқа қалмақты

Жұртынан шауып бостырып

Түйедегі наршасын,

Әлпештеген ханшасын

Ат артына мінгізіп

Тегін бір олжа қылар ма екеміз?!

– Кім?, – дедім.

– Ақтамберді жырау.

Жас кезімде атын естіген сияқтымын. Онымен жолыққан сайын менің жыраулар жөніндегі білімім арта берді. Жаңа жырлар, жаңа есімдер. Шерін шығарады. Әдебиетке құштарлығы бар, есті тыңдаушы. Ең бастысы естігенін ұрлап, іске асыра алмайды, басқа ғылымның адамы.

Күн бұлаңғырлау болатын, екеуміз Фурманов көшесіндегі жартылай жер астындағы академиялық кітап дүкенінен қайтып келе жатыр едік, «Әй, Шәйкенов, мынаны тыңдашы», – деді. Сонан соң: «Күн батыста бір дұшпан..,» деп басталатын бір жырды түгелдей айтып шықты. Бұл кімдікі дедім, тағы да. Бұхар жырау. Асан қайғының болжамын тұйықтап, Абылайға айтқаны деді. Терең толғам. Бәрі айтқандай келді.

Аңғаруымша Мұхтарды былайғы жұрт шыдамсыздау деп ойлайтын. Ол кезеңге байланысты. Осы өткінші уақыттың артқа қалдыра алмайтын келелі ойын он жыл өткен соң айтсаң, не қасиет қалады. Ал халық қазынасы, өз творчествосы жөнінде ол асығыстық жасаған жоқ. «Аласапыранға» жүйе болған оқиғаларды жиырма жыл бұрын кездестіріпті. Өзі дайын болған уақытты күткен. Ал жаңағы жырды көп кейін, «Жұлдызда» өзі басқарған кезде, 1995 жылы ғана жариялады. Онан бұрын шықпайтын, тағы да туралып кететін еді.

Әдебиет арнасында алпысыншы жылдың аяғында, ескі мәдени мұраны, әдебиетті ардақтайтын қауым күтіп отырған оқиғалар болды. 1968 жылы «Қобыз сарыны», 1970 жылы «Алдаспан» жарыққа шықты. Авторы – Мұхтар Мағауин.

Қазтуған, Шалкиіз, Доспанбет, Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Үмбетей жыраулар, Тәтіқара, Көтеш, Шал ақындар, бұрыннан белгілі Асан қайғы, Бұхар жыраулар інжу-маржан жырларымен өздеріне тиесілі орындарына орналасты. Қазақ мәдениетінің іргесі арыға – он бесінші ғасырға жылжыды. Ештеңең жоқ, тағы ел едің деген тұжырым біржола жабылуы керек болды. Жай оқырман екі қолын жайып қарсы алды. Қуанышы шексіз болды. Елді мақтаныш биледі. Шыққан кітаптар әп-сәтте дүкен сөресінен тоқтаусыз кетіп жатты. Өзім куәсі болдым, сатушы қызға, «айналайын, міне жүз сом, Мағауинның «Алдаспанын» тауып берші» деп сұрағанын.

Әйтсе де осы қазынаны ашуды Мұхтарға қимаған, қиса да қызғанышы жібермеген, «пайдаланып кетті» деген күңкіл әңгімелер көбейді. Ол ашық қарсылыққа ұласып, тараған кітаптың жартысы қайтарылып, туралды. Қысқартылып, «жөнделген» түрі бір жылдан кейін шықты.

Бірде аспирант досым, Секеңе, академик Сейіт Қасқабасовқа телефон шалдым: «Алдаспаннан» кейін, ежелгі заманнан қосылған жыраулар бар ма?», – деп. «Сыпыра жырауды қосып жүрміз ғой», – деді. Есімі маған да таныс. «Ал, сол бұрын анықталған жыраулардың жаңадан қосылған жырлары қанша?». «Көп емес, бірер жол, бірер шумақ», – деген жауап алдым. Демек мардымды қосылған дүние аз. Ньютонның басына түскен алма, онан бұрын да, кейін де талай адамның басына түскен шығар, бірақ сол тартылыс жөніндегі тұжырым, тек ойлау қабілеті ерекше ғалымды іздеген, тек соның басымен жарыққа келді. Жыраулардың мұрасы да, шаң басқан қолжазбалардан сарылып іздеп, маржандарын теруге қабылеті жоғары, ескі әдебиеттен дайындығы мол адамды тапты. Сонымен қайырлы еңбек, сара жол Мағауиндікі. Оны мойындап, адал төгілген терге тағзым жасау парыз. Менің арашамды керек етпейтін шығар, ғылымның бір пұшпағында жүрген соң, жазғанынан басқа еш байлығы жоқ адам, мұндайда қызып кетеді.

Ғылыми ізденіс Мағауинның алғашқы жолы ғана, қомақты болса да, бастысы емес. Жетпісінші жылдың басынан кейін ол нақты жазушылыққа көшті. Жаңа тәсіл, жаңа тұрғыдағы, тілі де, оқиғасы да бай шығармалар дүниеге келді.«Көк мұнар», «Аласапыран», «Сары қазақ», «Шақан-шері», «Қыпшақ аруы», «Құмырсқа-қырғын», «Жармақ», отыздан артық әңгімелер: «Кешқұрым», «Тіленші», «Қияндағы қыстау», «Тазының өлімі», «Түнгі қонақтар», «Шаңқа», «Қуыршақ», тағы да толып жатыр. Оларға менің мінездемем керек болмас. Әйтсе де осы шығармалар шетелде жазылса, жоғарғы сөрелерден орын алары анық. «Аласапыран», «Шақан-шері», «Қыпшақ аруы», «Жармақ» сөз жоқ классикалық туындылар.

Жазушы біраз ойларын өтпелі кезеңде мәдени құндылықтарымызды, тіл тазалығын, діни көзқарасымыздың қалыптасуы, халықтың өзіндік мінезін сақтауға аянбай кірісті. Ол ойларын отыздан артық мақалаларда, «Ұлттың күре тамыры», «Ұлтсыздану ұраны», «Кертолғау», «Құмырсқа-қырғын» жинақтарында шығарды. Тақырыбы андағайлап тұрған мына мақалалар: «Ұлы отанымыз – мәңгілік Тұран», «Тәлкекке түскен тіл», «Туыстық – тілде, бірлік – ділде», «Қайран қазақ әйелі», «Жер сату – отанға опасыздық», «Жер – қазақтікі» еш дәлелді керек етпейді.

Ең даулы тақырып – тарихи таным. Мұқаңның бұл жөніндегі түсінігі анық. Ол әкесі Воркутаға айдалып кеткенде қалыптасқан. Өзі айтқандай жас кезінен ұлтшыл еді. Уақыт өте келе ойы кемелденіп, екшеленді. Енді Ел жеке Мемлекет болып құрылғанда, ұлт намысын бірінші қатарға шығарды.

Тіпті оның ойлары тосын. Бұрын қалыптасып берік орын алған тұжырымдарға кереғар. Жәй адамның, жәй адам емес, жоғарғы лауазымды, барлық атақ-дәрежесі түгел тұлғалардың ойымен үйлеспейді. Бұзақы, шатақ. Біз он үшінші ғасырда Отырарды қорғағамыз жоқ, азат еттік, дейді.

Тарихтан белгілі, осыдан біраз бұрын Отырарды бүкіл Хорезмнің билеушісі Аладдин қырғын соғыспен жаулап алған, ал қаланың билеушісі шешесінің бауыры Қайыр хан болатын. Ал сол қаланың тұрғындары мен айнала жұрт, қазақтың байырғы ұлыстары: қыпшақ, қоңырат, найман, қаңлы, жалайыр, маңғыт, қатаған. Қарсы жақ моңғолдар бастаған тағы сол ұлыстардың жауынгерлері және Шыңғыс хан. Тегі бір, тілі бір, әдет-ғұрпы ортақ, бір атадан тараған қауым неге бір-бірімен ұрыспақ? Ұрыс басталғанда он мың қыпшақ жауынгері қаланы тастап, ұлы қағанға келіп қосылады. Отырар жеңіліс тапты. Қаланың бүлінгені рас, көп кешікпей қайта көтерілген, ал оның жермен-жексен етілуі 1681-1684 ж. ойраттың ханы Ғалдан-Бұшақтың соғысы кезінде болған.

Даулы түйіннің бірі – жат қоғам қалыптастырған тұжырымға қарсы, Мұқаңның Шыңғыс ханды ұлы азат етуші деп жариялауы. Осыдан біраз бұрын дүниежүзінде 850 жылдығы дүркіреп атап өтілген ұлы қолбасшы, шынында да әлемнің байтақ бөлігінде екі ғасырға жуық бейбіт өмір орнатты, ал өзі мыңжылдық адамы деп мойындалған. Мәдениетті қауымның біраз бөлігі онан хабарсыз екен. Ең өкініштісі атағы жер жарған жазушының адасуы болды. Бірақ тарих таразысының алдында бәрі бірдей. Белгілі бір қоғамда үлкен марапат, ұлағатқа жеткен де, онан қағыс қалған да. Дау үш жылға созылды, бірін-бірі ғайбаттаған мақалалар журналдардың бетін шимайлады, елді мезі жасады. Мұхаң ең үлкен күнә кешкендей айыпталды.

Бірақ Мұхаң қайыспады. Алдаспанын қолына ұстап ұрысқа жеке шықты және оны абыройлы орындады. Оның қамалы берік еді. Ол – байтақ тарихи білім, жаңа ұлттық сана. Жеке тұлғалардың түсінбегені есеп емес.

Түйін оңай шешілді. Экранға 26 бөлімді Қытай халқының Шыңғыс хан жорығы мен империясының құрылуы жөніндегі киносы шықты. Қатысушылары: керей, найман, қоңырат, жалайыр, меркіт. Өзімізге таныс рулар мен ұлыстар, қазақтың байырғы тайпалары. Шыңғыс әскерінің негізгі жасақтары да осылар. Біздегі дау тып-тыйпыл болды.

Жалғыз Мағауин. Және бір жарым миллиард қытай халқы. Ұят-ақ болды. Бірақ Мұхаңнан кешірім сұрады дегенді естігенім жоқ.

Түркі, қазақ тарихының негізгі белесті кезеңі – Шыңғыс хан империясының құрылуы, дейтін. Творчествосы толысқан, ұлан-ғайыр білім жинақтаған ол жараған аттай дайын еді. Бес жыл отырып, төрт томды Шыңғыс хан романын жазып бітірді. Әдеттегі әдеби образ емес, қытай тарихшылары, жылнамашылары, Еуропаның кезбе ғұламалары жазып қалдырған нақты деректер негізіндегі тарихи роман. «Шыңғыс хан» тарихи романының 4 томы 2017 жылы толықтай жарыққа шықты. Қазір де Шыңғыс хан жөнінде топшылап қисынсыз жорамалдар айтатын білгіштер көбейді. Осы ең ақырғы шындық деп көгереді, бірақ ғылыми негіздемесі жоқ, қияс, қыңыр ойлар. Бұл тарихқа қиянат. Уақыт өтеді, шындық сараланады, сонда Мағауиннің «Шыңғыс ханы» қол жетпес, алып шың жартастай жоғары тұрады.

Қазақ қоғамының қалыптасуында жетіспейтін тарихи толғаудың бір парағы әлі толтырылмаған. Ол Алтын Орда тарихы. Солтүстіктегі көршіміздің зорлықты нығыздаумен жасалған шындыққа жанаспайтын, елдігімізді қорлайтын, парықсыз тұжырымдар мен пайымдаулар етек алды. Тіпті байырғы жерлерімізді біз сыйлап едік, пайдаланып кеттіңдер деген жалалар көбейді. Осы кезде Мұқаң «Алтын Орда» тарихи романын жазып, ол елдің ел болып қалыптасуы қайдан шыққанын дәйекті жауаппен айғақтады.

Мұқа, сен – қазақ әдебиеті мен мәдениетінде бүтіндей бір дәуірсің. Әдеби шығармаларыңның таразышысы халық, сол халқың қадірлейді сені. Ел санасында ең жоғарғы тұғырда тұрсың. Алтын дәптер түгелдей сарқылмады, бірақ онда белгіленген ең құнды армандарыңды жарыққа шығарып, еліңе сыйладың, алған міндетіңді түгелдей өтедің. Енді Нарқызылды ерттеп мініп, Көкке қарай бет алдың.

Қош, қазақтың Алдаспаны!

Блок ШАЙКЕНОВ

 

 




ПІКІР ЖАЗУ