Мұхтарлар бар… Мағауин жоқ

 

Жаратқан Иеміз сыйлаған ұзақ ғұмырын қара басының қамы үшін емес, халқының игілігіне пайдаланып, ана дүниеге армансыз аттанған Мұхтар аға Мағауинның артында көл-көсір мұрасы қалды. Материалдық емес, рухани қазына. Өзі кетті, сөзі қалды. Қандай сөз ол? Өзгелердің сөзінен айырмашылығы қандай? Біз үшін, келер ұрпақ үшін, жалпы қазақ халқы, алаш баласы, әрісі мұқым адамзат үшін не істеді ол кісі, әдебиетке қосқан үлесі қандай, шығармаларының ерекшелігі неде, несі қымбат, несімен қадірлі? Біз бүгін жазушының шығармашылығы туралы аз-кем ой толғап, осы сұрақтарға хал-қадарымызша жауап іздеп көрмекпіз.

Мұхтар ағамызды халық Мағауин деп атайды, ағамыздың артында қалған бала-шаға, немере-шөберелерінен бастап басқа да барлық Мағауиндарды емес, тек Мұхтар ағамызды ғана Мағауин деп таниды. Мұхтарлар бар, бірақ көпшілік қауым үшін осы кісіден басқа Мағауин жоқ. Сол халықтың бір өкілі ретінде біз де оны солай атамақпыз.

Біз — менің тұстастарым (он жас әрі, он жас бері) түгел дерлік мектепке бармай тұрып хат танып, бастауыш сыныптардан бастап әдеби кітап оқыған ұрпақпыз. Алдымыздағы аға-апаларымыздың әдебиет, тарих, табиғат тану, география тәрізді танымдық бағыттағы оқулықтарын мектепке бармай тұрып-ақ оқып тастайтынбыз. Әке-шешеміз білмекке құмарлығымызға сүйсініп, болашағымыздан үміт етіп, қазақ тілінде шығатын газет-журналдарды түгелге жуық жаздырып алатын. Ол кездің балалары өнерге сусап тұрады, көркемдікке, жақсылыққа, жаңалыққа шөліркеген көңіліміз радиодан естіген хабарларға тұшына қоймайтын. Одан басқа көңіл көкжиегін кеңейтіп, ой-өрісімізді өсіретін ештеңе жоқ, кино деген айына-жылына бір келеді, кітап оқымағанда не істейміз? Бір-бірімізбен әңгімеміз де, негізінен, оқыған кітаптарымыздың төңірегінде өрбитін. Ол кезде еліміздің астанасы болып тұрған Алматыда жарық көрген кез-келген әдеби кітап көп ұзамай ауылға да келеді, кітаптан бұрын баспасөз бетінде жаңа кітап туралы сын пікірлер, рецензиялар жарияланады, әдеби-мәдени жаңалықтарға ауылда жатып-ақ қаныға беретінбіз. Бәрін оқитынбыз, біртіндеп авторына қарап оқуды үйрендік. Енді ойласам, оқырмандары еліміздің әр түкпірінен табылатын сол кездегі ақын-жазушылар бақытты екен! Сол қаламгерлердің басым көпшілігімен кітаптары арқылы сырттай танысып, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ бірқатары туралы пікіріміз қалыптасып үлгерген. Мағауинның аяқ алысы өз қатарларынан мүлдем бөлек екені сол кезде-ақ аңғарылып тұратын. Бір ғана мысал: 1971 немесе 1972 жылы «Жұлдыз» журналында сыншы Сағат Әшімбаев, жазушылар Төлен Әбдіков пен Мұхтар Мағауин үшеуінің әдебиет туралы көлемді сұхбаты жарияланды. Ол кезде баламыз, әдебиетті тану көкжиегіміз Совет Одағы халықтарының шығармаларынан әрі аспайтын. Шетел әдебиетінен тек социалистік сүзгіден өткен туындыларды ғана оқуға рұқсат етілетін. Ал заманауи шетел жазушыларының кім екенінен мүлдем хабарымыз болған жоқ. Айрис Мэрдок, Артур Хэйли, Габриэль Гарсиа Маркес тәрізді көзі тірі жазушылар бар екенін және олардың қазіргі әлем әдебиетінде тыңнан жол салған қаламгерлер болып саналатынын алғаш рет сол сұхбаттан білдік. Ана екеуі осы жазушыларды атаумен ғана шектеледі, ал Мағауин олардың не себепті ауызға ілініп жүргенін, соларға телініп жүрген кейбір тәсілдер шындығына келгенде баяғыдан белгілі, «Мың бір түннен» бастап өзге жазушылар олардан әлдеқайда бұрын қолданған әдістер екенін айта келіп, Акутагава мен Ричард Бахты мысалға келтіреді. Өз басым осы аталған жазушылардың арасынан Акутагаваны ғана білетінмін, кейбір әңгімелерін оқығанмын, басқаларының шығармаларын кейін ҚазМҰУ-ға оқуға түскен соң орталық кітапханадан таптым және айтқанының бәрі рас екеніне көз жеткіздім. Бұл оның біліктілігін көрсетеді.

Халқымыздың ілім-білімге құштарлығы өткен ғасырдың сол 60-шы жылдары күрт көтеріліп еді, бұл құштарлық әр үйге теледидар келе бастағанда ғана (70-ші жылдары) басылғандай болды. Көп ұзамай оның да сыры ашылды – мәселе көк жәшіктен көрсетіліп жатқан дүниенің бәрі сәбеттік қасаң идеологияға негізделгенінде жатыр екен — партия мен комсомол жиындары, жасандылығы ап-анық көрініп тұратын, өмірі таусылып бітпейтін шаралары, отан үшін ерінбей еңбек етуді, қоғамдық мүлік пен малды аман сақтап қалу үшін өміріңді қиюға дайын бол деген сияқты адамды жалықтырып, мезі қылып жіберетін үгіт-насихат бағытындағы хабарлардан басқа ештеңе жоқ. Біртіндеп саны да, сапасы да арта түскен кинофильмдер де сол төңіректе. Сондықтан халық, негізінен, спорттық жарыстар мен анда-санда бір көрсетілетін концерттерді ғана шын көңілімен тамашалайтын болды. Елдің бәрі спорт жанкүйері болып кетті, айнала толы өтіріктен жеріген халық жаппай ішкілікке салынды (мұның басқа да себептері бар, әрине). Адамның табиғаты сондай, ол қашан да шындықты білуге құштар. Сөйтіп теледидар да, кино да әдебиетті алмастыра алмады. Мемлекеттік идеология мың жерден қуатты, мың жерден сұрапыл болса да ақиқатты ештеңе жасыра алмайды, көкірегінің көзі ашық, озық ойлы азаматтар сәбеттік жалған құндылықтардан ұлттық ұстанымдардың бәсі әлдеқайда артық екенін сол кезде-ақ сезіп, сәбеттік идеология деген шын мәнісінде орыстарды ғана көтеріп, басқа халықтарды соларға жығып беру екенін түсіне бастаған. Енді олар өзгелердің көзін ашуға тырысып, өнер туындыларында, негізінен, әдеби шығармаларда астыртын түрде болса да азаттық идеясын насихаттауды қолға алды. Мағауин солардың бел ортасында жүрді. Сәбеттік кезеңде жазған шығармаларында айтқан ойлары қатпар-қатпар болатын, оны түсіну үшін зеректік керек еді, кейде бірнеше мәрте қайталап оқитынбыз. Ондай тәсілді басқа жазушылар да қолданған шығар, бірақ өз басым тек Мағауиннан ғана көрдім.

Алғашқы әңгімелерінен-ақ астарлы ой сезіліп тұратын, тіптен сырт қарағанда сәбеттік-социалистік идеологияға құрылғандай болып көрінетін «Бір атаның балалары» хикаяты да сәбеттік құрылымның адамзатқа жат, айуандық саясатын әшкерелеуге арналғанын түсінгендер сол кездің өзінде-ақ аз болған жоқ. Тұтас халықтарды жылы орнын суытып, вагондарға малша тиеп, өзге жаққа жер аударғаны туралы талай адам алғаш рет осы хикаяттан білді. Ал оқырман қауым жас жазушының «Тазының өлімі», «Тарпаң», «Тұлымханның бақыты», т.б. әңгіме-хикаяттарынан социалистік жаттанды сарыннан мүлдем бөлек өмір шындығын, қарапайым тірлік кешіп жатқан кәдімгі адамдарды көрді. Сол кездегі әдеби кейіпкерлерге қарасақ, сәбеттік қоғамда өмір сүріп жатқан адамдар түгелімен үлгілі, тәртіпті, мызғымас моральды, жер басып жүргені болмаса қарапайым пендеден гөрі періштеге көбірек ұқсайтын сияқты көрінетін, сөйтсек қателесіппіз, кәдуілгі адамдарға тән осалдықтар олардың да бойынан табылады екен — ішеді, төбелеседі, ерлі-зайыптылар жаза басып, бір-біріне опасыздық жасайды. Ау, бұл қалай, шын өмірде ондай-ондай бола береді, бірақ әдебиетке ондай сорақылықтарды кіргізуге бола ма, тиісті орындар қайда қарап отыр?! Сәбеттік жалған мораль санасын билеп алған талай адам сол кезде осылай ойлаған да болар. Бірақ Мағауин моральшылардан қорқып шынайы суреткерліктен танған жоқ – келесі шығармаларында да жасанды ура-кейіпкерлерді емес, ет пен сүйектен жаралған, бәрімізге етене таныс, күнде көріп жүрген қарапайым адамдардың көркем бейнелерін өмірге әкелді. «Менің балаларымның туысқан ағасы», «Қара қыз», «Көк мұнар», т.б. шығармаларында сәбеттік құрылыстың сырты бүтін, іші түтін екенін аяусыз әшкерелеп, социалистік қоғамның бітеу жарасын қандауыр-қаламымен тілгілеп отырып, қанды іріңі сорғалаған талай шындықтың бетін ашты. Сәбет өкіметінің жалпыға жасырын, Мағауия атасының оңашада сыр қылып шертетін әңгімелері арқылы өзіне бала күннен мәлім жауыздығы мен аярлығына қарсы солай күресті; осы күрескерлігін өмір бойы жалғастырып келді, сәбеттік құрылым келмеске кетіп, еліміз егемендік алған соң өзіміздегі сорақылықтарға қарсы шайқасты, соларды әшкереледі, билікке жақпай қаламын-ау деп жалтақтаған жоқ. Бұл – жазушының елжандылық, ұлтжандылық, күрескерлік, адами қыры. Жазушы Мұхтар Мағауин жалғандыққа жаны қас, болмыстан шындықты, сұлулық пен тазалықты ғана іздейтін, есімі үлкен әріппен жазылатын нағыз Адам болатын.

Мағауинның шығармашылығындағы ең басты ерекшелік деп ол кісінің әдебиеттегі дегдарлығын айтуға болады. Өзіне дейінгі, өзімен қатарлас және кейінгі барша қаламдастарының арасында көркем сөзге дәл Мағауиндай талғаммен қарайтын, сөз қадірін терең түсініп, баба тілдің мәні мен мағынасын, ішкі қуатын мейлінше дәл, анық та айқын жеткізуді бұлжытпай ұстанған адам кемде-кем. Кез-келген шығармасының кез-келген тұсын оқыңыз – мағынасы бұлыңғыр немесе мәнсіз сөз таппайсыз. Мағауинды редакциялау мүмкін емес, әр сөзі өз орнында, бірде-бірін басқа сөзбен алмастыра алмайсыз. Бейәдеп, былапыт сөз деген мүлдем кездеспейді, шығармада айтылатын ой қандай асқақ болса, сол ойды жеткізіп тұрған сөз де сондай сұлу, саф таза, жан дүниеңді самал желдей желпіп өтетін әсем де әрлі. Өйткені көркем (!) әдебиет көркем де сұлу сөзбен жасалып, әсем өрнектеліп, көзің де, көңілің де сүрінбейтіндей болуға тиіс. Мағауин осы қағиданы бұлжытпай ұстанып өткен қаламгер.

Ал оның ең үздік шығармасы қайсысы? Меніңше, бәрі. Ең төмен деген туындысының өзіне бес баллдық өлшем бойынша +4-тен төмен баға қоя алмас едік. Ағамыз дүние салғанда айтылған сансыз жоқтаулардың арасынан «әркімнің өз Мағауины бар» дегенді де естіп қалдық. Дұрыс айтылған. Бес саусақ бірдей емес, қай жазушыны алсақ та шығармаларының кейбіреулері басқаларынан гөрі көңілімізге көбірек жағатыны өтірік емес қой. Өз басым бұрын осындай әңгіме қозғала қалғанда Мағауин шығармаларының шыңы — «Көкбалақ» романы деуші едім. Бірақ бұл басқа туындылары одан төменірек тұрады дегенді білдірмейді. Түрі де, ділі де, діні де бөтен, арам пиғылын ішіне жасырып, біз сендерді ұшпаққа шығаруға келдік деп алдаған «аға халық» өктемдік жасап, төрімізге шықпақ түгіл табалдырықтан аттай алмай, босағадан енді-енді сығалай бастаған кездегі халқымыздың тұнығы бұзылмаған өмірі, қазақи дәстүр-ғұрып, тұрмыс-салт терең де жан-жақты суреттелген «Шақан шері», «Сары қазақ», «Аласапыран» романдарының, әңгіме-хикаяттарының орны бөлек, әрине. Бұл шығармалардың қай-қайсысы да оқырманның көңілінен шығып, жанына шуақ құйған, әдебиетшілер мен сыншылардан, қаламдас жазушылардан лайықты бағасын алып, қазақ әдебиетіне олжа салған туындылар. Бірақ «Көкбалақтың» жөні бөлек.

Өйткені, бұл — қазақ өнерінің түп негізі, ноқта ағасы, жалпы барша адамзатқа ортақ өнер атаулының бастауы деуге тұрарлық КҮЙ ӨНЕРІ туралы жазылған теңдесі жоқ шығарма! «Өнер алды қызыл тіл» дейді халқымыз. Көктен түскен төрт кітаптың қасиетті Құран Шәріптен басқаларын түгел қамтитын Библияда айтылған «Әуелі Сөз болған» деген қағидамен үндесіп жатқан тұжырым. Ал музыкаға сөздің қажеті жоқ, өзге халықтың тілін білмесең де әуенін рахаттана тыңдайсың. Мүмкін сөзден бұрын музыка пайда болған шығар? Сондықтан да музыка, саз, әуен, күй дегендер сөздің алдында тұратын болар?

Қай қазақтан сұрасаң да күй тыңдағанда мәнін түсінбесе де тұла бойы шымырлап, көкірегі әлдебір жанға жайлы сезімге толып, тебіреніп кететінін айтады. Түсінбейсің, бірақ осы бір жұмбақ әуеннің жаныңа жақын екенін терең ішкі сезіммен түйсінесің. «Нағыз қазақ — қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра» дегенді Қадыр ақын бірдеңеге сүйеніп айтқан шығар.

Мағауин күйші емес, тіптен домбыра шерте алмаған болуы да мүмкін. Бірақ туған халқының арман-аңсарын, мұң-шерін, қайғы-қасіретін, асылы мен ардағын жүрегінің сүзгісінен өткізіп, жан жылуымен нұрландырып, білім-білігімен өрнектеп, көркем шығарма түрінде өзіне қайтаруды мұрат тұтқан қаламгер қазақтың күй өнерінің нәрі мен сөлін өн бойы, өзек-жұлынына қапысыз сіңірген. Халқымыздың рухының байрағы, намысының қайрағы, жорықтағы ұраны, жарыстағы құралы болған күй өнері қандай еді бұрын, қазір қандай болып кетті, болашаққа қандай болып бармақ? «Домбырашының он саусағы түгел қимылдауы керек, бір саусақтың жоқтығы күрек ұстағанда да білінеді, — дейді Тоқсаба ақсақал жаттап алған күйлерін шоқынатын адамдай біріктіріп алған үш саусағымен қос пернені сабалап, тақылдатып, тарсылдатып, жау қуып келе жатқандай жанталасып тарта беретін, сонысына қарамай шебер домбырашы аталып жүрген жігітке. – Ал сен күй тартып отырсың ғой!.. Күй деген қазақтың өзі сияқты байыпты, байсалды, сабырлы, салмақты болса керек. Ал сен тезірек тартып құтылсам дегендей дырылдата бересің»…

Жігіт абыржып қалған, шалдың сөзі өз ортасында мақталып жүрген, «болашағынан үміт күттіретін» домбырашының намысына тигенге ұқсайды, бірақ айтқанының жаны бар, қайтпек керек? «Уақыт тауып қайтып кел, — дейді ақсақал оған. – Бірер ай қасымда бол, білгенімді аямайын, ал сен ұстап қалуға тырыс».

Амал не, домбырашы жігіт сол кеткеннен мол кетеді, күте-күте шаршаған қарт күйші оны өзі іздеп шығады. Алматыға келіп, қазақтың күй өнерін зерттеуші ғалым, профессор, Ғылым Академиясының бөлім меңгерушісі, жалпы айтқанда, күй өнерінің бірден-бір білгірі жүргізген концертке қатысушы болып шыға келеді. Шынайы өнерге сусаған халық залға лық толған, әуелі өзі іздеп келген жас домбырашы өнер көрсетеді, сол баяғы дікілдек, еш өзгеріс жоқ, қарттың көңілі құлазиды. Ең жаманы, тыңдаушылар соның тартысына елтіп қалыпты, дуылдатып қол соғып жатыр. Кезек өзіне келгенде шалымыз күй тиегін ағытып қоя береді, тыңдаушылар риза, өзге өнерпаздар аң-таң, тек күй білгірі профессордың көңілі толмапты, бұл кісі бұрынғы күйлерді шығарған адамдарды шатастырып, бәрін бүлдірді деп көпшіліктің көзінше жала жабады.

«-Мен бұл күйді оның өзінен үйренгенмін! – деп шырылдайды күйіп кеткен қария. – Ақысына түйе жетектетіп жібергенмін!.. Бір күйді екіншісімен шатастыратындай кім деп тұрсың мені?!»

Халық қыран-топан, тегін күлкіге қарық болып қалады. Алтынның бәсі мыстан төмен болып кеткеніне іші-бауыры қан жылаған қарт күйші ауылына қайтады. Халық қазынасын аяқ асты етіп, дұрысты теріске шығарып жүрген ғалымнан да, асқан өнерпаз деп танылған жас домбырашыдан да, шынайы өнердің қадір-қасиетін тануды ұмытқан халқынан да көңілі қалған қария өнерім өзіммен бірге өлетін болды-ау деп сарыуайымға салына бастайды. Сөйтсе қыздан туған екі жиеннің кішісі, ағасындай емес, сабаққа нашарлау Нәріктің домбыраға бейімі бар екен (Осының өзінің астарында қаншама ой жатыр! Оқу арқылы берілген яғни сырттан сіңірілген білім емес, Жаратқан Жалғыздың өзі бойына сіңірген қабілет!). Қария енді сол жиен немересін баули бастайды. Құдайым өзі берген өнерді өресіз тобырдың жарымжан қылып шығаруына қалай жол беріп қояды деп налитын еді, олай емес екен, халықтың арасынан біреу шығыпты әйтеуір, жай ғана біреу емес, екінші әйеліне еріп келген киімді қызынан туған жиен немересі. Өнер тізгінін сол ұстайды енді!

1978 жылы жазылған романның әр бетінен, әр парағынан аңқып тұрған, шалқып тұрған сол рух, сол асқақтық, халқымыздың өткенінің ұлылығына ризашылық пен болашағының жарқындығына нық сенім жүрегіңді шарпиды. Сонымен қатар, қазіргі парықсыздығына налып, бармағыңды шайнайсың. Алла-Тағаланың жер бетіндегі орынбасары – Адамға деген құрметті былай қойғанда бүкіл жанды-жансызды түгел аялай білетін халқымыздың сәбеттік-социалистік ұрпағы азғындап кетіпті. Асылын жасыққа, қымбатын арзанға айырбастап, өзі соған жетісіп мәз-мейрам болады. Ең сорақысы, өз кіндігінен өрбіген жалғыз ұлы, бірінші қосағы мезгілсіз дүние салған соң бас қосқан адуын мінезді әйелі қысымшылық көрсете ме деп қауіптеніп қаладағы интернатта оқытқан, оны бітірген соң сонда қалып жұмыс істеп, соғыс басталғанда майданға аттанған, содан хабарсыз кетіп, соғыс аяқталған соң пәлен жыл өткен соң өзі іздеп келген мұрагері… екінші әйелінің бұл күнде екі баланың анасы болып отырған қызын күйеуінен ажыратып алып, соған үйленеді. Әкесінің кіндігінен жаралмаса да қызы болып саналады ғой ол, демек қарындасы, үйленуге болмайды оған! Жоқ, қазіргі ұрпақ (солардың арасындағы жат ортада көп жүріп, солардың тәрбиесін алған кейбіреулері) қан тазалығын, ар тазалығын, елден ұялу дегенді білмейтін болып шықты, ұлттық ұстаным атаулының бәрін ескіліктің қалдығы деп тәрк еткен ондай безбүйректер өздерін бір ғана қазақ халқының перзенті емес, жаңа заманға сай «сәбет халқының» өкіліміз деп есептейді!..

Сәбет өкіметі құлап, еліміз егемендік алған кезде жазарман қауымның басым көпшілігі не жазарын, қалай жазарын білмей аңтарылып қалды. Ал Мағауинның қаламының қуаты бұрынғыдан еселей артып, қарқыны үдей түсті. Топтап-топтап әңгімелер мен хикаяттар жазды. Күйіп тұрған тақырыптарға арнаған мақалалары мен естеліктері және бар, ал «Шыңғысхан» тетралогиясы мен «Алтын Орда» трилогиясының жөні мүлдем бөлек… Санмен бірге сапа да жоғарылай түсті. Біздіңше, солардың арасынан суырылып шығып, оза шапқаны – «Қыпшақ аруы» хикаяты. Бір сұхбатымызда бұл жайында: «Құдайдың құдіретімен әлем халықтары тілдерін түгел меңгеріп, бір күнде жер жүзіндегі барлық кітаптарды оқып шыға алатындай қасиет дари қалса жер бетіндегі жеті миллиард пенденің жеті миллионы жазушы болып кетсе де Мұхтар Мағауинның «Қыпшақ аруы» хикаяты мен «Тамыздан соңғы әңгімелер» топтамасымен үзеңгі қағыстырар бірде-бір шығарма таба алмас едік» — дегенбіз. Сөйтіп, жаңа ғасырдың төртінші жылы жазылған «Қыпшақ аруы» хикаятының салмағы мен мерейі бұрын өзіміз төбемізге көтеріп, ту қылып ұстап жүрген «Көкбалақтан» да асып түсті.

«Көкбалақтың» сюжеті өткеннің асылы мен бүгіннің жасығының арасындағы тартысқа құрылған. Әке мен баланың, бұрынғы мен кейінгінің арасындағы сабақтастық үзілуі, байланыс жоғалуы, бірін-бірі түсініспеушілік, аға ұрпақ пен келер ұрпақтың ұстанымдары сәйкес келмеуі салдарынан сан ғасырлардан бері мызғымай келе жатқан ұлттық мұраттардың тас-талқаны шықты. Бір шаңырақтың, бір әулеттің, бір халықтың ішіндегі азып-тозу етек алып бара жатқанына күйініп, қайда бара жатырмыз деп қиналасың.

Ал «Қыпшақ аруында» сол сорақылықтардың қайдан шыққаны, түп төркіні қайда жатқаны, сыртқы соққының іштен іруге әкеліп жеткізгені сары майдан қылшық суырғандай аса нәзіктікпен, асқан жеңілдікпен баяндалады. Халқымыздың азғындауының себебі сол — маң далада еркін өскен есіл ерлер отаны басқыншылардың табанына тапталып, тұнығымыз лайланды, арда халықтың арасынан азғындар шыға бастады, рухымыз былғанды, ондай былғанышты жуып тазарта алмайсың, сүйегіңе дейін сіңіп кетеді, одан тек анаңнан қайта туып, дүниеге қайтадан жаралғандай бар болмысыңмен тазарып, құбылаңды түзеп, бағыт-бағдарыңды енді қайтып адаспастай етіп белгілеп алсаң ғана арыласың.

Атағы дүркіреп тұрған, биліктің тапсырмасын бұлжытпай орындайтын жас мүсінші, талай-талай ірі композицияларды өмірге әкелген – «Революция ерлері», «Тың игерушілер» деген сияқты ескерткіштері социалистік өнердің шыңы болып саналады. Атақ-даңқ та, құрмет-қошемет те бір басына жетіп артылады. Содан бір күні әлгі мүсіншіміз М.М. деген жазушының себеп болуымен ежелгі қыпшақ шеберлерінің қолынан шыққан туындылармен танысады. «Ер туған жеріне», содан бастап мүсіншінің бойында өзінің түп негізіне деген сағынышы оянады, туған халқына сүйіспеншілігі арта түседі, ата-баба өнерінің сырына қанығып, сипаты көңіліне ұялайды, енді ол жаңа тұрпатты, түрі де, мазмұны да ұлттық туындылар жасауды қолға алады. Билікке сөзі өтіп тұрған маман, сирек кездесетін көкшіл түсті шомбал мәрмәр тастың бір емес, екеуін шеберханасына алдыртады. Сөйтіп көңіліне қонақтаған мүсіндерді қашауға кіріседі. Бір жылға жетпейтін уақыттың ішінде мүсіндерді жасап шығады, жасап бітірген күні мүсіншінің өзі үшті-күйлі жоғалып кетеді. Жаңа мүсіндер мұражайға қойылады.

Кеше ғана бар адам, елдің бәрі білетін, салтанатты жиындарда басшылармен бірге алдыңғы орында отыратын, сыйлы да құрметті өнер қайраткері сөйтіп бір күннің ішінде жоқ болып шығады. Жазушы досы іздейді – таба алмайды. Өнер ордасының қызметкерлерінен сұрастырады — ондай адамды естімепті. Революция сарбаздарының ескерткіші тұрған жерге барады, ескерткіш орнында, бірақ арт жағындағы мүсіншінің аты-жөні өшіріліп кеткен. Мұражайға қойылған мүсіндерді қарайды – авторы кім екені белгісіз, кім өткізгені де жазылмапты. Анда барады – жоқ, мұннан іздейді – жоқ, ондай адам мүлдем болмапты, ешқандай дерегі қалмаған. Содан бір күні алаңдағы ескерткіш те, мұражайдағы мүсіндер де із-түзсіз жоқ болып шығады. Ешкім ештеңе білмейді, көрмеген, естімеген.

Қайда кетті олар? Кеше ғана тұр еді ғой. Елдің бәрі көрген, тамашалаған, қызыққан, сұқтанған, мақтаған, мадақтаған. Ал бүгін… ешкім білмейді. Бәрі ұмытып қалыпты. Ұмытты ма, ұмыттырды ма? Өткеніңді қалай ұмыттырды олар, Темірқазық жұлдызыңнан қайтіп адастырды, қалай жасады соны, қандай амал-айла қолданды? Бұл сұрақтардың жауабын «Қыпшақ аруы» хикаятынан табасыз.

Бірақ соны табатыныңызға, тапқыңыз келетініне күмәнім бар, ағайын. Кезінде бір ақын ағамыз: «қазақ қазір көктен Құдай түссе де таң қалмайды» деп еді, сол айтқандай, бүгінгі қазақ біреудің жетістігіне қуанбайды, көрсе де үндемейді, айтсаң тыңдамайды, сенсіз-ақ бәрін көріп, біліп, естіп, танып тұрған сияқты. Бұл не – самарқаулық па? Енжарлық па? Әлде жазушы Мағауин өмір бойы қарсы күресіп, барынша әшкерелеп кеткен өктем ұлттың зымиян саясатының салдарынан әлі де арыла алмай жүрміз бе? Бәлкім жақсы мен жаманға бірдей етіміз өліп, ештеңеге қызықпайтын, ештеңеге қуанбайтын, барды бағаламайтын рухани мешелге айналып, жоққа күйінбейтін… Тоқта! Тоқтай қал!.. Барды бағаламауымыз мүмкін, бірақ жоққа күйінбеу дегенді қайдан шығардың? Ооо, жоқты іздеуге құмармыз біз! Бұл жағынан әлем чемпионымыз, бір емес, бірнеше дүркін чемпионбыз. Неміз барын білмеуіміз, көрмеуіміз, естімеуіміз мүмкін, бірақ ненің жоғын жақсы білеміз. Бәрін көреміз, бәрін естиміз! Қазақты жамандаудан алдымызға жан салмаймыз. Бізден жаман, бізден төмен, бізден пасық, бізден пәлен-пәштуан халық жоқ. Жер бетінде! Жердің астында да жоқ және болмайды да! Өйткені біз сондай халықпыз. Ешқашан оңып көрмегенбіз, мәңгі оңбайтын да шығармыз…

Қазіргі білгіштердің айтатыны — осы. Бұл нені білдіреді? Бұл біздің санамызға сіңіп қалған, әдейі сіңірілген өзін-өзі кем санау дертіне оңбай шалдыққанымызды білдіреді. Қалай арыламыз бұл дерттен? Қайтіп сауығамыз? Дауасы бар ма оның?

Әрине, бар! Бұл үшін ұлттық құндылықтарымызды түгендеп, қайтадан өмірге енгізіп, заң атаулының бәрін осы құндылықтарға негіздеу керек. Ал оның қандай құндылықтар екенін ұмытып қалсаңыз, тап басып тани алмасаңыз, бір кездері бүкіл халқымыз жаппай ұстанған өмірлік қағидалар қандай болғанын білгіңіз келсе Мағауинның шығармаларын оқыңыз. Бәрін, кез-келгенін оқи беріңіз, қателеспейсіз.

Айтпақшы, Мағауинның тағы бір жазушылық қыры — ол кісі қысқа сөйлемдерді қолданудың қас шебері еді. Сол баяғы 6-шы, 7-ші сыныптарда оқып жүргенде Оралхан Бөкеевтің кітаптарынан бір-бір жарым бетті бір ғана сөйлем толтырып тұрғанын көріп таң қалатынбыз, ол кезде баламыз ғой, қысқа сөйлемнің қадір-қасиетін қайдан білейік. Журналымыздың осы санында Мағауинның сол шеберлігі айқын көрінетін бір әңгімесін назарларыңызға ұсынып отырмыз. Көзайым болыңыз, ағайын!

Нұрлан Қами

 




ПІКІР ЖАЗУ