Құбыла (Ақын Есенғали Раушанов туралы мұңды дастан)
1.
Төңірегім түгел есалаң,
Жұлдызға айналдың сөнбейтін,
Қайран да менің ,Есағам,
Қайрылып бізге келмейтін.
Үш қиянның үстінен
Желмая болып желмейтін.
Өлеңі жарған өзегін,
Ақындар мұнда бар айқын.
Ескертіп келер,кезегін,
Есіркеп бізге қарайтын.
Қазақтың мұңын артқанда-
Кінәсі жалғыз сол депті.
Қамшымен басқа тартқанда,
“Қап”,-деумен Абай ол кетті.
Куәгер болып,қаралап,
Меңіреу түн мен құм ғана .
Махамбет басы домалап,
Жыр оқып жатқан бұл дала.
Алашты еске түсіріп,
Булығып ,өксіп,өртенем,
Алдыңғы тісін ұшырып,
Мағжанды да атты желкеден.
Зулаған сөйтіп заманың
Қазақты баудай түсіріп.
Тумаған әлі баланың
Зәресін кеткен ұшырып.
Сойып та тұрып жазатын,
Өлеңнің сойы сен едің.
Жамылып келіп тәж атын,
Алды ажал сені еренім.
2.
Сен кеттің қара өлеңнен
Сенімен бірге сый кетті.
Құрманғазы, Дәулеткерейлердің
Саусақтарына ілінбей қалған
Күңгір де күңгір күй кетті.
Маңғыстаудың маң даласындағы
Сағана там,сартап үй кетті.
Күмбір де күмбір күмбездер
Құпиясын бір сәт жыйды өтті.
Сәулелі өлеңдеріңмен
Сәулеңмен кешкен түн кетті.
Сыңғыр да сыңғыр күлкілер
Соңына ілесіп ол кетті.
Әбілхаят суындай
Сылдыр да сылдыр су кетті.
Алшаңдай басқан ат кетті,
Адырнасын суырған
Суылдап ұшқан от кетті.
Алдына салып қуырған
Қаптаған дұшпан көп кетті.
Бәрін айт та ,бірін айт,
Сен алтын кешкен күн кетті.
Сен күміс соққан күн кетті.
Сен жәуһардан жаққан жыр кетті,
Інжуден айтқан ән кетті,
Маржаннан қайтқан сыр кетті.
Бәрін айт та бірін айт,
Зүбәржаттан терген мұң кетті.
Қайран да менің Есағам!
Қандай да еді сөздерің,
Алдаспан еді көздерің.
Сұсың да бар-тын өзіңе ғана жарасқан,
Келінтөбеден бері асқан,
Қожатоғайдан әрі асқан.
Тамдыдан сұлу таңдадың,
Хафиздей көзің жанғаның.
Бұхара менен Самарқанды
Бір меңіне бола сыйладың.
Оған да айыл жимадың.
Патшаларындай дәуірдің
Дәуреніңде кәнизак жинадың.
3.
Қызғалдақты қырлардың басынан сені іздедім, Есағам,
Буниннің қабірінің қасынан сені іздедім, Есағам.
Сұлу-сұлу қыздардың шашынан, көбелек қонса,сені іздедім, Есағам.
Қаратаудың Тәкен жүрген тарғыл тасынан сені іздедім, Есағам.
Атасы арзан жел сөздің ішінен іздедім, Есағам.
Күмбір де күмбір төгілген күйлердің күшінен іздедім, Есағам.
Әулекі салған әлдекім әуеннің ішінен іздедім, Есағам,
Әнтек басын шайқаған сары бураның өркешінің ішінен іздедім, Есағам.
Сыр бойынан іздедім,
Сырбай жырдан іздедім,
Ғапіл де кеткен өртеніп,
Ғафу жырдан іздедім.
Қуана күліп отырар
Қуандық жырдан іздедім.
Одақта орта толтырар
Тоқаш жырдан іздедім.
Жібектей Сағи ағамның,
Жұмсағынан іздедім,
Қаршыға Қадыр ағамның
Құрсағынан іздедім.
Тұмағам жазған егіліп,
Тұмса мұңнан іздедім.
Жұмекендей төгіліп
Құм-шағылдан іздедім.
Төлеужандай төр екпін,
Өтежандай өр екпін,
Мұқағали мол екпін,
Төлегендей зор екпін,
Жырларынан іздедім.
Сағана там, сартап үй,
Маңғыстаудан іздедім.
Көк тіреген аласа үй
Шыңғыстаудан іздедім.
Едіге ізі сайраған
Ұлытаудан іздедім.
Жұлдыздары жайнаған
Алатаудан іздедім.
Сауырдан да, Сайқаннан,
Жеменейден, Зайсаннан,
Мұғалжардан, Шалқардан,
Атақоныс Алтайдан,
Барлық жерден іздедім
Таба алмадым бірақ та,
Қарғып мініп пыраққа,
Айналдың ба шыраққа.
Жалғыз-ақ түн көктемеде,
Жыр оқып ек айыз қанып.
Қолсозым жер Көктөбеде,
Жатырсың ба байыз тауып.
Есіл Есағам!
Ақбоз,Көкбоз екі жұлдыз,
Жетіқарақшы жеті жұлдыз,
Жаққа кеттің бе?!
Аспантай,Матай ұлы құм,
Аспанға қарап ұлыдым,
Хаққа кеттің бе?!
Набатай жеңгейдің жоқтауы…
“О,тегінде,
Өкінеді ақындар өтерінде.
Мейлі,мейлі,жаным,тек сен аман бол,
Мен көп болса Ай жаққа кетемін де…”(Буниннен Раушанов аудармасынан)
Сен кеткелі…
Есенғали-ау!!!
Сен кеткелі кеше бұғып жүретін
Қандендер мен күшігендер құтырды.
Күні кеше беймезгіл шақ үретін,
Енді кімді жоқ қылсақ деп жұтынды.
Есенғали-ау,
Күйбең тірлік күрмеуінде жем болып,
Мен өзім де жүрмін қазір соларға.
Сондай сәтте кіріп келер
суыт кейіп кем болып.
Сен сияқты:”Тәйт”,-дейтін жоқ оларға.
Есентайым-ау,
Мен кетсем егер,Набатай,
Аспанда болам деуші едің.
Аспанға қарап таба алмай,
Жүрмін ғой сені ,бөлшегім!
Есентайым-ау,
Мен көп болса Ай жаққа кетем деуші ең,
Айға айнадай қарадым толғанында,
Жыр пыраққа айналып жетем деуші ең,
Жер бетінде мен жылап қалғанымда.
Есағам-ау,
Сенің орның бөлек еді,айбарың,
Сенің енді жоқтығыңды басынды.
Анадайдан көрінетін айбарың,
Өзің жоқта арандары ашылды.
Өңкей құзғын меңдеп алып ең мәуелі құзар биік ағашты,
Сөз сөйлейді аузына алып қасиетті Алашты.
Алаш деген тірі жүрген сен едің,
Мұхамед-Салық Бабажановты көкке ұшырған Есағам кімнен кем едің.
Заман келді саудегердің заманы,
Бақ пен байлық -ойлағаны наданы.
Жәдігөйлік,жалақорлық тершіп тұр,
Оған қоса жағымпаздық өршіп тұр.
Сөйтіп жүріп қалмақшы ұлы тарихта,
Маңғазданып көрінумен халыққа.
Жағымпаздық жетіп тұр-ау шыңына,
Сөйтіп жүріп жетем дей ме
Шыңына.
Бізге қалды сары уайым сапыралық,
Жылауменен кешті де батыралық,
Аңсауменен әр таңды атыралық,
Ойлап-ойлап өзіңді отыралық,
Жүректерде жырыңның оты жанып.
Есентай жоқ,Есентай жатыр ағып…
СЕН ТУҒАН ЖЕР —
БЕСҚАЛА
Бесқала-жырдың кені еді ,
Жыршысыз тойы өтпейтін.
Жырауды төрге өткізген ел еді,
Тойшыл қауым жыр тыңдамай кетпейтін.
Үлкендер жағы кеу-кеулеп,
Егделер жағы еңкеңдеп,
Ауылға жырау келді дегеннен
Қалатын гүлдеп,өркендеп.
Інілер тартып табақты,
Мүшелеп жайып тамақты.
Келіндерге сәлем салғызып,
Қостабақ палау алғызып,
Ең алдымен келер ортаға
Нөкістің таба наны мен
Қоңыраттың ғажап пәтірі.
Сонан соң тасылар тәтті шәй
Ішкенде ас тіліңді үйірген,
Тәшкенннің мөлдір науатын,
Табақ та табақ жауатын.
Самарқанның сары мейізі,
Бұқараның кепкен өрігі,
Әндіжанның шабдалысы мен
Нәманганның алмасы,
Ашхабадтың уылжыған қауыны,
Қиуаның піскен қарбызы.
Фарғонаның нар қызы,
Хорезмнің хор қызы,
Тасып жүр дастархан үстіне
Қазақ пен қарақалпақтың
Батсайы киген бар қызы.
Үлкен-кіші-ортаншы,
Бала біткен жиналған,
Есіл де дерті бәрінің
Жыр тыңдауға жиналған.
Орын таппай қалғандар ,
Мойнын созып қиналған.
Соның бірі сен едің
Жырдан ерте бұйда алған.
Аруана жырау елдің
өткені мен кеткенін жырласа,
Бота болып боздаған.
Бота тірсек ұл едің,
Ол кездерде мектепте
Өз жолыңды іздеп жүр едің.
Сол жырлардан қалғаны
Батырлық жырлар ,тәмам бар,
Жаугершілік замандар,
Әмір Темір,Едіге
Сияқты таудай алыптар,
Солардың билік тұсында
Тіршілік еткен халықтар…
Астыңғы ерні жер тіреген,
Үстіңгі ерні көк тіреген,
Тайбурылдай тұлпардың
Иесі болған өзі алып,
Айтар елге сөзі алып,
Қорғаған елін
Қылышының ұшымен,
Найзасының күшімен,
Қара Қыпшақ Қобыланды…
Байшұбар болып тұлпары,
Гүлбаршын болған іңкәры,
Жиделі-Байсын жерінің-
Бір өзі болған сұңқары
Алпамыс батыр ерлігі,
Көрсеткен елге өрлігі,
Жырланып бір өтетін…
Адай менен түркіменнің
Арасындағы қақтығыс…
Табын Асау-Барақтар
Жасап та кеткен соқтығыс,
Асауұлы Дәуіттің
Тұсындағы жаттығыс,
Бер жағында тұрғаны-
Махамбет пен Исатай,
Пірдің соңы Бекет те ,
Ердің соңы Есет те,
Орал үшін орласқан,
Еділ үшін ендескен,
Жайық үшін жандасқан,
Қиғаш үшін қырқысқан,
Қарсы келген дұшпанмен
Жағалай жаға жыртысқан.
Одан қалса,бір замат-
Ғашықтық жырлар бал болып,
Жыр тілінде төгілген.
Бекежан атқан жебеден
Төлегеннің қабырғасы сөгілген,
Қаралы хабар есіткен
Қыз Жібек сұлу егілген.
Жайыққа кетіп жоғалған
Су бетінде жайылған
Алқара шашы ғана көрінген.
Махаббат үшін құрбан боп,
Беттескен Жібек өліммен.
Ал Қозы мен Баянды
Қодар дүлей айырған.
Шын ғашықтар қашан да
Көз ашпаған уайымнан.
Қайырмасын жоқтаудың
Ай мен Таңсық қайырған.
Қозы ,Баян екі гүл
Мазарда бас қосып тұр.
Ортасында олардың
Тікенек Қодар өсіп тұр.
Осының бәрін санаға
Құйып алған бала едің.
Ақ пен қара майданын
Түйіп алған жан едің.
Көп жылқының ішінде
Көзге түсер ала едің.
Топ алдында тайсалмай
Сөзге түсер дара едің.
…Қайда да кеттің жоқ болып,
Күні кеше бар едің,
Қайран да менің Есағам!
Туған да жерің -Бесқала,
Түнеріп неше ғасыр тұр.
Жетпейді оған еш қала,
Табанының астында оның асыл тұр.
Кіндік қаның тамған жер-
Нөкістің қасы-Хожелі.
Аруақты жұртың қонған жер,
Адамға аян ол жері.
Сол жағыңда Қоңырат,
Төлеген көкең туған жер.
Аруана өлең аңырап,
Дегендей саған шудаңды өр.
Сабырлы ағып жатты Әму,
Памирден жеткен сәлемдей.
Толқыны сондай тәтті Әму,
Құйылып түсті өлеңдей.
Сол суға жуып бетіңді,
Сол судан қуат алдың сен.
Тау суының өзі секілді,
Ақын боп қатып қалдың сен.
Ғұламалар шыққан бұл жерден,
Әбу Райхан Бируни,
Топырағы нұрмен гүлденген,
Бақырғани Сүлеймен,
Мақаммен бөлек
жырды өрген.
Асыл-жәуһар сөздері,
Өткен сайын уақыт,
Өзекті өртеп түрленген.
Толқындары Әмудің,
Әжнияз жырын боздатып,
Бердақтан қалған отты өлең,
Сексеуілдің шоғын қоздатып.
Төлепберген Қайыпберген мен
Ыбырайым Юсуп сырлары
Қарақалпақ пен қазақтың мұңын маздатып.
Төлеген Айбергеновтің
Сағыныш саздарынан далама қонған аз ба құт?!
Солардан тамыр алғансың,
Жыр болып маздап жанғансың.
Қанат байлап өлеңнен
Құс болып самғап ұшқансың,
Атамекенге оралып,
Сыр бойына қонғансың.
Шарлап бүкіл әлемді,
Алатауда қалғансың.
* * *
Кеңсай. Құс дауысы.
“Мені ешкім іздемейді.
Тек таң шымшық мүсіркеп біз кедейді.
«Қарындасың, ағатай, жоқ қой енді,
Мен қарындас болайын сізге» дейді.
Көктем өтті көз жасын текке бұлап,
Біледі ол да келгеннің кетпегі хақ.
Қос қарындас бар менде бұдан былай
Екеуі де жерде емес, көкте бірақ.
Ешкімге керек те емен,
Адым бассам көлденең бөгет көрем.
Қанаттыға қақтырмай мен бәрібір,
Қарындастарымды демеп келем.
Қақпай қойса қақпасын есігімді ел,
Мейлі, тіпті ұмытсын есімімді ел.
Аспан жақын секілді жерден гөрі.
Кешіріңдер…”-деп жазып ең бір кезде шындық болды,
Сенің кетіп қалғаның сұмдық болды.
ҚҰБЫЛА!!!
Қайран да менің, Есағам,
Кеттің қайда?
Бабалардың жолымен жеттің бе Айға?!
Өлеңнің де ағысы баяулады,
Өзіңдікі секілді екпін қайда?
Көп көрінбей кеттің ғой бізге өзің де,
Өзің жақсы көретін күз кезінде,
Жапыраққа айналдың Күз көзінде,
Жасқа айналып барасың қыз көзінде.
Ерекше едің,жан едің бөлек бітім,
Бұл өмірден тілеуші ең ерек күтім.
Сырласатын айырылдың ақыныңнан,
Жыла, Қайың,өртен, Ай, өрекпі, Түн.
Өлең деген өткелден өтіп те алдың,
Ақиқаттың алдына жетіп бардың.
Күміс жалды міндің де күреңіңе,
Неге ғана асығыс кетіп қалдың.
Өз қағынан жеріген құланым ең,
Бұғылардың ішінде бұланым ең,
Таудан аққан мөп-мөлдір бұлағым ең,
Тауға барып қондың ба қыраным ең.
Хор қыздары қарсы алған болар сені,
Жарқыраған пейіштің шырағымен.
Әлі бізге керек ең
Ес болатын,
Бәрімізге керуен
көш болатын.
Қара бауыр қасқалдақ
Біздер болдық,
Сен ұшқанда,қанатын
кеш қағатын…
Бауыржан Жақып