Қояншықтың қолжазбасы

Ағайынды екі жiгiт болды, әзірге олардың аты-жөнін атамай-ақ қояйын. Өйткенi олар сонау орта мектептегi көңілжетер достарым-тұғын. Арада заман жылдар кездеспегендіктен бір-бірімізден хабар-ошарымыз үзіліп қалған-ды. Таяуда солардың бірінің ауыр науқасқа шалдыққанын естігем. Осы жолы ауылға барғанымда жол-жөнекей кіріп, көңілін сұрап шығайын деп бұрылғанымда,  олардың біріне кездесіп қалдым. Оның айтуынша,  бұл сол науқастанған досымның інісі екен.

– Сонша алыстан келіп, көңілін сұраймын деп, босқа әуреленіпсің, ол науқасынан баяғыда айығып, бір жерге кiшi қызметкер болып кеткен, – деді де рахаттан күліп алып:

– Өзің секілді қимас достары оның науқас кезіндегі жағдайымен танысқаны теріс болмас, – деп маған екі дәптерді ұсынды. Бұл дәптерлерді алып кетiп, оқып шықтым, сондай-ақ досымның «қояншық» дертіне шалдыққанын аңғардым. Қойын дәптердегi қолжазбалардың сөз-сөйлемдері шым-шытырық, қиқы-жиқы, оның үстіне бос сөздер де тым көп екен, керек десеңiз ай, күндері де жазылмапты. Тек жазған сиясымен жазу мәнерiнiң әркелкілігінен ғана, оның бір мезетте жазылмағанын байқау қиын емес еді. Дәрігерлердің қарап шығуына беру үшін, қолжазбаның өзара байланысатын тұстарын iрiктеп алып, кітаптың нобайына келтіріп жүйелеп шықтым. Қойын дәптердегi орнын таппай тұрған сөздерге қалам тигiзбедiм. Мұнда есiмдерi аталған кiсiлердiң бәрі жұртқа беймағлұм ауыл адамдары болғанымен, олардың беттеріне шіркеу келмесін деген мақсатпен есiмдерiн өзгерттім. Ал дәптердегі қолжазбаның атауын автор ес-ақылы дұрысталғаннан кейін өзi қойған екен, оны сол қалпында қалдырдым.

1

 Бүгін түнгі ай керемет жарық!

Мұндай жарық түнді көрмегеніме отыз жылдай болған екен, бүгін көріп қатты шаттанып тұрмын. Сол отыздан астам жылдарымның тұтастай меңiреу қараңғылықта өткенін енді пайымдап отырмын. Дегенмен маған өте сақ болу керек! Өйткені анау Чжао шонжар дегеннiң үйіндегi ит маған неге екі рет сұқтана қарады?

Менің қорқатын жөнім бар…

2

Бүгінгi ай мүлде сәулесіз. Мен бiлем, бұл жақсы ырым емес. Таңертең абайлап сыртқа шықтым. Чжао дейтiн шонжар, сол өзi менен қорқып жүрген сияқты ма, жоқ әлде маған қастандық жасағалы жүр ме, әйтеуір көзқарасы бiртүрлi. Әне, тағы бiр 7-8 адам бастарын түйiстiрiп, бір-бірінің құлақтарына сыбырласып, менің ғайбатымды айтуда және олар мені байқап қала ма деп қорқып та отыр. Жолда көрген адамдарымның бәрі де келiсiп алғандай осы көріністі қайталайды. Олардың ішіндегі барып тұрған жауыз бір адам маған қарап ақсиып күліп еді, менің тұла бойым қалшылдап кетті, олардың өте кешендi дайындалғанын аңғардым.

Мен қорықпастан өз жолыммен кете бердім. Алдымнан шыққан бір топ балалар да мені сөз ғып жатты, олардың бейнесi де Чжао шонжардікі сияқты, жүздерi сұрланып кетiптi. Жалпы өзім балаларда ешқандай өш-қастығым жоқ адаммын, ендеше бұлар неге маған өзгеше көзқараспен қарайды деп ойладым да, төзiмiм таусылып: «Айтыңдар, қане!» деп айқайлап едім, олар қашып жоғалды.

Мен ойлана бастадым: Чжао шонжардың менен ала алмай жүрген қандай өші бар, жолай кезіккен адамдарға не жаздым?.. Осыдан жиырма жыл бұрын Гу Цзю мырзаның бір ескі есеп дәптерін теуіп жібергенiм бар еді, Чжао шонжар соны естіп алып, танымаса да соның жыртысын жыртып, тiптi көшеде жүрген жұртты маған өштестіріп қойған болу керек. Ал, анау балаларға не жорық? Ол кезде бұл балалар, әлі дүниеге келмеген де болатын, неге бүгін олар маған алая қарайды? Олар  не  менен қорқып жүр, не болмаса маған қастандық жасамақ. Осындай көріністерден мен қорқайын дедім. Таңдандым да қайғырдым. Түсiндім. Мұны оларға үйреткен үлкендер!

3

Түн баласы кiрпiк айқастырмаймын. Барлық жағдайды жақсылап зерделесең ғана түсiнесiң. Олардың кейбіреуінің мойнына аудан әкiмi ажырғы салған, кейбіреуінің бетіне қайраткерлердiң шапалағы тиген, біреуінің қатынын орда шабармандары тартып алған, ал ендi бірінің әке-шешелері өсімқорлардың қысымынан қаза тапқан. Бұлардың ол кездегі ұсқындары әсте кешегідей үрейлi де кәрлі емес болатын.

Ең таңданарлығы – кеше мен көшеде көрген әнебір әйел болды. Ол өзінің баласын ұрып жатып: «Түу, құдай-ай тегi! Сені шайнап-шайнап жiберсем ғой, iшiм бiр босап қалар едi!» деді, бірақ сол сөздердi айтқанда оның екі көзі менде болды, мен шошып кеттім және онымды жасыра алмадым. Әнеу  бір топ, ит басты, сиыр аяқты немелер қарқылдап күле бастап еді, Чэн Лаоу жүгіріп келдi де мені сүйреп үйге  кiргiзді.

Ол мені сүйреп үйге алып кiргенде, үйдегілердің бәрі өтiрiктен мені танымай қалыпты, олардың көзқарастарынан да қайдағы бiр қаймана бiреулердiң пиғылы байқалады. Менi кабинетке кіргiзді де, кәдiмгi бір тауықты  ма, әлде үйректі ма, қамағандай, есікті сыртымнан тарс бекітіп тастады.

Олардың бұл әрекетін еш түсіне алмадым.

Бірер күн бұрын Лаңцзы ауылының жалшы диқаны  қуаңшылықтан қашып, бiзге келген болатын. Сонда әлгі диқан менің  ағама:

– Ауылымызда бір айтулы жексұрынды жұрт ұрып өлтіріп едi, бірнеше адам батыр боламыз деп, сол жексұрынның жүрегін суырып алып майға қуырып жеп қойды, – деді. Олардың әңгiмесiне бір-екі ауыз сөз қыстырып едім, әлгі диқан мен ағам екеуі маған бірнеше мәрте қарағыштап қалды. Байқасам, олардың маған деген көзқарасы мен манағы адамдардың
көзқарасында ешқандай айырмашылық жоқ.

Диқан айтқан  оқиғаны ойласам, тұла бойым мұздап кетеді. Бұлар адам жейтiн болса, мені жемей қоюы мүмкiн бе?..

Өзiң ойлашы, әлгі әйелдің баласына «сені шайнап-шайнап жiберсем ғой» дегені, әнеу бір топ ит басты, сиыр аяқты немелердiң қарқылдап күлуі, алдыңғы күнгі жалшы диқанның  әңгiмесi… бәрі-бәрi де ап-айқын ишара емес пе. Мен бiлем, оның әңгiмесi әңгiме емес зәhар, күлкісі күлкi емес қанжар. Олардың ақсиған тістері тіс емес, адам өлтiруге арналған қару-жарақ.

Өзiмдi жауызбын деп ойламайтынмын, Гу Цзю мырзаның есеп дәптерін теуіп жібергеннен кейін, өзім туралы да бірдеңе деу қиын боп қалды. Олардың бөгде ниетi бар-ау шамасы, бірақ мен қайдан бiлейiн. Олар ар-ұятты белден басып, мені жауыз дейтiн сыңайлы. Әлі есімде, бір кезде ағам маған шығарма жазуды үйреткенде, жақсы адам болса да оны жамандап жазсам, ағама өте ұнайтын. Жаман адамдар жөнінде бірер ауыз тәуір сөз айтсам, «сенде туа бiттi хамелеондық талант бар» деп мақтайтын. Ал шынына келгенде, мен олардың пиғылының, әсіресе құлқындарының қандай болатынын қайдан білейін!?

Әрқандай мәселені зерттемей тұрып оның байыбына бару қиын. Адам жеу – ежелден бар құбылыс екенiн білгенiммен оның байыбына бармаппын. Зерттеп көрейін деп тарихқа үңiлсем, ондағы деректердiң мерзiмi жазылмапты, тек қана әр бір бетіне «қайырым, әдеп, мораль, мінез» деген сөздердi айбақ-сайбақ етіп жаза берiптi. Менен ұйқы қаша бастады, тарихи құжаттарды түннiң жарымына дейiн шұқшиып оқып шықтым. Оh, мiне, таптым! Бүкіл кітаптың өн бойындағы әрбiр сөздiң тасасында «адамның етiн же!» деген сөз жазулы тұр екен.

Кітапта жазулы тұрған сөздер болсын, жалшы диқан айтқан сөздер болсын, бәрі де маған ақсиып күлiп, сұқтана қарап тұр!

Олардың мені жегiсi келетiн себебі – мен  де  адаммын ғой!

4

Таңғы мезгіл-тұғын, мен бей-жай отырғам. Чэн Лаоу маған тамақ әкелді, әкелгені бір кесе қуырдақ және буға пісірілген балық. Балықтың көзін көрсеңiз, аппақ әрі қатты. Әнебір топ кiсi жегелi жүрген адамдар секiлдi аузын арандай ашып алған. Шөкемен іліп алып бiр-екi асап едім, балықтың немесе адамның еті екені белгісіз – тұрған бiр жылбысқа. Түгiн қалдырмай қайта құсып тастадым.

– Лаоу, үлкен ағама айтшы, менiң iшiм пысып кеттi. Баққа барып кiшкене жүрiп қайтқым келеді, – дедім. Ол жауап қатпай шығып кетті де, сәлден соң қайта келіп есікті ашты.

Олар менi қайтер екен дегендей отыр, тырп етпеген күйi мен де отыра бердiм. Иә, олардың мені өз бетiммен жiбере қоймайтынын бiлемін. Айтқандай-ақ, ағам бір шалды ертіп аяңдап жаныма келді, шалдың көзінен жауыздығы менмұндалап тұр. Ол «мынау бiрдеңенi сезіп қала ма» деген күдікпен аяғының ұшына қарағансып, маған көзәйнегiнiң қырынан ұрлана көз салды. Осы кезде ағам маған:

– Бүгін тәуір сияқтысың ғой? – деді.

– Иә, – дедім мен.

– Бүгін сені емдесiн деп Хэ тәуіпті  шақырып келдiм, – деді ол.

– Жөн екен! – дедім. Ал шындап келгенде бұ қақпастың құбылғыш жендет екенін білмесем бір сәрі! Бүгін ол өзiнше «тамыр ұстаймын» деген желеумен менің арық-семіздігімді байқамақ, сосын осы еңбегі үшiн менiң етімнен көжеқатық алмақ. Мен де қорыққаным жоқ – адам етiн жемегенмен, олардан әлдеқайда жүректімiз ғой. Қайтер екен деп, екі жұдырығымды түйiп тұрып қолымды создым. Қақпас көзін жұмып, тамырды сипалап біраз мүлгіп отырды да, сосын шайтан көздері шапыраштанып:

– Көп қиялданба, бiрер апта күтінсең, айығып кетесің, – деді.

Қиялданбайды екенмін, күтінедi екенмін! Паh, ширкiнай-ә, семіртiп ап, шылқа майға бөкпекші ғой. Өйтiп «айығып» кеткенiм құрысын?! Бұлардың адам жегiсi келетiнi несі, онысын күлбiлтелеп жасырғысы келетiнi қалай?! Тарпа бас салуға әсте бата алмайды. Осыған қатты күлкім келеді. Иә, өзiмдi ұстай алмай, iшек-сiлем қатқанша күліп, бiр жасап қалдым. Бұл күлкі – ерлік пен әдiлдiк үнi екенін өзім ғана бiлемін. Мендегi бұл ерлік пен әдiлдiктi түп-тамырымен жоймақ  болған әлгi шал мен үлкен ағамның өңі бозарып кетті.

Бірақ мендегi осы ерлікке қызыққан олар аз да болса етiмнен ауыз тимек болып, мені жеуге онан сайын құмарланды. Шал есіктен шыға бере үлкен ағама: «Тез жеңдер!» деді сыбырлап. Ағам басын изеді. Сөйтсем, ағам  да со ниетте екен! Бұл бір ойламаған жерден тап болған бәлекеттей көрінгенімен, көптен көкейде жүрген ой едi. Мiне, бақсам бақа екен дегендей, мені жемек болып жүргендердің бірі – өзімнің ағам екен!

Менің ағам адам жейдi!

Мен адам жегiштiң інісімін!

Өзім біреуге «соғым» болғаныммен, бәрiбiр адам жегiштің інісімін!

5

Соңғы күндерi өткенімді көбірек ойлап жүрмiн: егер әлгі шал сайқал жендет болмай, нағыз емшi болған күнде де, бәрібір – ол кiсi жегiш. Олардың әлгi Ли Шычжэн деген пірі өзінің «шипалы шөптер бірдеңесі»3 деген кітабында: Адам етін пісіріп жеуге болады, – деп ап-анық жазған жоқ па? Ал енді, оның «адам етін жемеймін» дегенiне сенiп көрiңiз!

Мұнда үлкен ағамды да текке жазғырып отырған жоқпын. Ол маған сабақ бергенде: «Баланы өзгенiкiмен айырбастап жеуге болады»4 деп, өз аузымен айтқан болатын, әрi бұрынырақ жаман адам туралы сөз болғанда, мұны өлтіріп қана қоймай, оның үстіне «етін жеп, терісін төсеніш ету керек»5 дегенi де есiмде. Мен ол кезде кішкене баламын ғой, жүрегім біразға дейін атқалақтады. Алдыңғы күні Лаңцзы ауылынан келген жалшы диқан адамның қолқа-жүрегін жеу туралы айтқанда да, үлкен ағам ешқандай таңданбастан бас шұлғып отыра берді ғой. Мiне, бұдан оның ниеті бәз-баяғы жауыз қалпында екенін аңғару қиын емес. «Балаларды айырбастап жеуге» болса, бәрiн де айырбастауға, кез келген адамды жеуге болады деген сөз емес пе. Мен бұрын оның аузынан әділет деген сөзді көп естiгенiммен ештеңенi аңғармаппын, енді түсіндім: Ол әділет жайлы сөйлеген кезде екi ұрты адамның майымен шылқып, көкейін адамды жеу ниетi  тесiп тұрады екен ғой.

 6

Күндiз бе, түн бе белгісіз – тас қараңғы, Чжаодың иті тағы абалады. Арыстандай айбатты, қояндай қорқақ, түлкiдей айлакер дегендей…

7

Мен олардың айласын бiлемін, тосыннан келiп өлтіре алмайды, оған батылдары да жетпейді, пәлесi тиедi деп қорқады. Сондықтан олар өзара ымыраласып, мені өзіне өзі қол жұмсасын деген оймен айналаға қақпан құрып, тор жайып қойды. Әнеукүнi көшеде кезiккен жұрттың бет-әлпеттерінен, үлкен ағамның соңғы күндердегi іс-әрекетінен олардың бұл ниетiн негiзiнен біліп болдым. Ең абзалы, белдігiммен үйдiң белағашына асылып өлу, осылай өлсем олар кісі өлтірді деген жаман атқа қалмайды, әрi көктен тілегендерi жерден табылып, қағанақтары қарқ, сағанақтары сарқ болады. Егер үрей буып құсадан өліп  кетсем, жілігім онша татымағанмен, олар біраз күн көжеқатық қылуы  да ғажап емес.

Олар тек жемтік жеуге ғана үйір! Қайсыбір кітапта әлдеқандай «Хай Ина»6 деген бір хайуанат бар деп жазылғаны есімде. Оның көзі және түр-тұрпаты сұмдық ұсқынсыз, ылғи жемтік жейді екен. Тіпті небiр атан жiлiктердi шақұр-шұқыр шайнап, күл-талқан қып жұтып қояды дейдi. Мұндайды көзбен көргендi былай қойып, ойлаудың өзi қорқынышты емес пе?! «Хай Ина» қасқыр тұқымдас болса, қасқыр – ит тектес. Алдыңғы күні Чжаодың иті маған неше мәрте қарады, сондағы аңғарғаным, бұл ит те әлдеқашан олармен жемтіктес болып алыпты. Әлгi шал да жерге қарап тұрғанымен, менен сырын жасыра алған жоқ қой.

Мұнда атып кеткен менің сорлы ағам болып тұр-ау. Апыр-ау деймiн, адам баласы болғаннан кейiн неге ғана бір қорқыныш деген болмайды екен өзiнде?! Оның үстіне мені көпшілікпен бірлесіп жегелi жүргенiн қайтерсiң? Әбден дәнігіп алғандықтан жиренбейтін болып кеткен бе? Немесе ар-ұятты белден басып, әдейі істей ме?

Үлкен ағамнан бастап күллi қанішерге лағнет! Ең әуелi қанішерлерді бұл жолдан қайтуға үндеймін, мұны да бiрiншi өз ағамнан бастаймын.

 8

Шындығына келгенде бұл жөн-жосықты қазiр олар да әбден түсінсе керек. Кенет бір адам кiрiп келді, жас шамасы жиырманың о жақ бұ жағында сияқты, кейіп-кеспірін анық байқай алмадым, ол маған күлімсіреп бас изеді, бақсам күлкісі де шын күлкіге ұқсамайды. Сосын одан:

– Адамның адам етін жеуі дұрыс па? – деп сұрадым.

– Ашаршылық болмаса, адам  адамның етін  қалай жейдi? – деп күлімсіреп жауап бердi ол. Бұның да әлгі адам жеуге құмарлардың жемтіктесі екенін бiрден аңғардым. Сосын күш-қуатым мен  жiгерім тасқындап кетсе керек:

– Жоқ, сол дұрыс  па? – дедiм тақымдап.

– Оны  сұрап қайтесiң, өзiң… барып тұрған қылжақбас екенсің. …Бүгін ауа райы қандай тамаша! – деп сөзді басқа жаққа  бұрды.

– Күн райының жақсы екенін бiлемін, ай да жарық. Бірақ мен сенен адам етін жеу дұрыс па деп сұрап тұрмын.

Ол ыңғайсызданып:

– Жоқ… – деді міңгiрлеп.

– Дұрыс емес? Олай болса олар неге жеді?!

– Жоқ, ондай жағдай болған емес…

– Болған емес? Лаңцзы ауылындағылар жеп жатыр, адам жеу туралы  кітаптарда да жазулы тұр, беп-белгілі жағдай ғой?!

Оның өңі темiрдей сұрланып кетті. Сосын көзiн шақшитып:

– Болса болған да шығар, бұл өзi ежелден бері… бар жағдай… – деді.

– Ежелден бері бар жағдай болса, дұрыс бола ма?

– Бұл туралы сенімен сөйлескім келмейдi, қысқасы, сен мұндай сөздерді айтпа. Қателесесің!

Мен көзімді алайтып орнымнан атып тұрып едім, әлгi адам iзiм-ғайым жоқ болды. Тұла бойымды тер басып кетті. Оның жас шамасы ағамнан көп кіші болғанымен, солардың жемтіктесі екен. Оны бұл іске ең әуелi әке-шешесі баулығаны айдан анық. Ал ол мұнысын өз баласына  да үйретiп үлгердi ме деп қорқам, өйткенi балалары да маған обып жіберердей қарайды.

9

 Өзінiң адам жегiсі келедi әрі өзімді біреу жеп кете ме деп үрейленедi. Сондықтан бір-біріне күмәнмен, үреймен қарайды…

Адамдар бұл пиғылдан тазарып, әркiм алаңсыз, өз шаруасымен ғана айналысып, тек жүріп, бұйырған асын ішіп, тыныш ұйықтаса қандай рахат болар еді! Бұл екi пиғылдың арасы бір-ақ аттам жер ғой. Алайда олар – әке-бала, аға-іні, ерлі-зайыпты, дос-жаран, ұстаз-шәкірт, өш-қас, тiптен қаймана бiреулер өзара жемтіктес болып алып, бірі-бірінiң қолтығына су бүркiп, бірімен-бірі ымыраласып алып, өлтiрем десең де ізгілікке қарай аттап баспайды.

 10

Таңертең оянған бойда үлкен ағамды іздедім, ол аулада аспанға қарап тұр екен. Мен үйдiң есігiн жамылып тұрып, оның ту сыртынан өте салмақтылықпен, аса бiр сыпайылықпен:

– Аға, саған айтайын деген сөзім бар еді, – дедім.

Маған қарай жалт бұрылған ол:

– Айта бер, – деді басын изеп.

– Айтарым көп те емес, бірақ айта алмаймын. Аға, бағы замандағы жабайы адамдар ептеп адам етін жеген болуы мүмкiн. Кейін келе ниеттерiнiң өзгеруiне байланысты кейбіреулері адам етін жемейтін болып, жақсылыққа ұмтылып, адамға, адам болғанда да нағыз адамға айналды. Кейбіреулері құрт-құмырсқаша әлі күнге дейiн адам етін жеп келеді. Кейбіреулері балыққа, құсқа, маймылға айналып, ақыр соңында адамға өзгердi. Кiсi етiн жейтін адамдар ондайды жемейтін адамдардың алдында соншама масқара күйге түстi, тіпті маймылдың алдында құрт-құмырсқаның өзi өздерiн соншалық масқара сезiнбейтiн шығар.

И Я7  өз ұлының етін буға пісіріп Цзечжоу берген, бұл ендi бұрын болған жағдай. Паньгу жаhанды жаратқаннан  И Яның ұлы жем болғанға дейін, И Яның ұлынан Шуй Силиньге8 дейін, одан Лаңцзы ауылында ұсталған адамға дейін қанша адамның жем болғанын кім білiпті?.. Өткен жылы қалада бір қылмыстыны өлтіргенде, құлғана ауруға шалдыққан адам әлгі өлтірілген адамның қанына нан турап  жепті.

Олар енді мені жегелі жүр, бiрақ жалғыз өзің  бұған не істей аласың? Осыған бола олармен жемтіктес болудың қажеті қанша? Адам жегiштер неден тайынсын? Олар мені де,  сені де жейді. Өздерінің жемтіктестерін де жеуі мүмкін. Бұл жолдан бас тартсаңыз, ниетіңізді өзгертсеңіз, онда барлық адам аман қалады. Ежелден сондай әдет бар болса да, біз бүгін бұл жаман әдетті тастап, жақсы жолға түссек болмай ма? Аға, мен сіздің «адам жеуге болмайды» деп айта алатыныңызды  білемін. Алдыңғы күні жалшы диқан жер майын азайтыңыз дегенде, сіз «болмайды» дедіңіз ғой.

Менiң бұл сөздерiмдi ол бастапқыда  зәрлене күліп қана тыңдады, сосын көздері шатынап, әлгiлердiң сырын ашып, шиін шығарғаныма өңі сұрланып кетті. Қақпаның алдында бір топ адам және Чжао шонжар итімен тұрған. Әне, ендi олар қақпадан мойындарын созып қарап алып, кіріп келеді, біразының бет-аузын көре алмадым, жүздерiн бүркеп алған-ау деймiн; бет-жүздері сұп-сұры біреулері тістері ақситып күледі. Мен бұларды танимын. Бәрі адам жегiш жемтіктестер. Алайда олардың пиғылдарының алалығынан да хабарым бар. Біразы адамды жеу керек, өйткені бұл ежелден бар жағдай деп қарайды, енді біразы адам жеудiң арам екендігін білгенiмен бәрiбiр жегісі келеді, әрi бұл қылықтарының әшкере болып қалуынан қорқады. Сондықтан олар менің әлгі сөздерімді естігенде зығырдандары қайнап тұрса да, тiстерiн ақситып зәрлене күлісті.

Осы кезде үлкен ағам кенет доңыз айбатына мiнiп:

– Құрыңдар түге, жындыны  тамашаламай! – деп ақырып жіберді.

Сол сәтте олардың тағы бір қулығын байқадым. Олар мені «жынды» деп атауға баяғыдан әзiрленген көрінеді. Сондықтан олар мені жегенi үшiн пәлеге де қалмайды, әрі  жұрт  түсіністікпен қарайды. Әлгi жалшы диқанның «бір жауызды жеп қойды» деген әңгімесі олардың дәл осындай тәсiлдi пайдаланғанын көрсетеді, бұл – олардың  ескі тәсілі.

Чэн Лаоу қатулы бейнемен қасыма жетіп келді. Ол менің ауызыма қақпақ болмай жанын бақсын. Қасқайып тұрып оларға сөйлей бердім:

– Түзелем десеңдер, шын ниеттеріңмен кешiкпей түзеліңдер! Болашақта адам жейтіндер жер басып жүре алмайтынын біліп қойыңдар. Түзелмейтін болсаңдар, өздерiң де жем боласыңдар, тіпті үрiм-бұтақтарың қанша көп болса да нағыз адамдар тарапынан аңшылардың қасқырларды қырғанындай қырыласыңдар! Құртша құрисыңдар!

Чэн Лаоу жиналған жұртты қуып жіберді. Үлкен ағамның да қайда кеткені белгісіз. Сосын Чэн Лаоу мені үйге кіргізді. Үйдің іші тас қараңғы екен. Төбедегi белағаштар мен сырғауылдар гүрiлдей бастады. Бір кезде гүріл күшейiп барып үстіме құлап түсті. Оның ауырлығы соншалық, тырп етiп қозғала алмадым. Мақсаты – мені өлтіру. Мен оның салмағының жалған екенін білемін, содан сытылып шығам деп, ақ тер-көк терiм шықты, сонда да тілімді тартқаным жоқ:

– Түзелем десеңдер, шын ниеттеріңмен кешiкпей түзеліңдер! Болашақта адам жейтіндер жер басып жүре алмайтынын біліп қойыңдар…

 11

 Күн әлі шыққан жоқ, есік те ашылмады, күніне екі мезгіл тамақ.

Шөкенi қолыма алсам болды, есіме үлкен ағам түседі; қарындасымның да соның қолынан өлгенін білдім. Ол кезде қарындасым бес жаста ғана еді. Оның әрі сүйкімді, әрі аянышты бейнесі әлі күнге дейiн көз алдымда. Көз жасымен етегiн жуған шешемдi үлкен ағам «жылама» деп жұбатқансыды. Байқаймын, қарындасымды өзі жеп қойғандықтан шешемнің жылағанына ептеп қысылатын секілді. Ондай қысылатыны бар…

Қарындасымды жеген үлкен ағам екенін шешемнің білетін-білмейтіні маған белгiсiз. Мүмкiн шешемнің  білгісі келетін де шығар, бірақ жылағанда ашып ештеңе айтпады, шамасы қарсы емес те болар. Менің төрт-бес жастағы кезім, бір күні есік алдында салқындап отыр едім, ағам: «Әке-шешесі ауырып қалса, туған ұлы өзінің денесінен бір жапырақ етін кесіп алып, пісіріп беру керек9, ол сонда ғана жақсы адам болып есептеледі», – дегенде шешем мұны теріс деген жоқ. Әрине, бір жапырағын жеген адам бүтіндей де жейді ғой. Сондағы шешемнің жылағанын ойласам, бүгінде іші-бауырым удай ашиды. Бұл ендi айтып-айтпай ғажайып оқиға!

12

Ойлау-қиялдау мүмкiн болмай қалды.

Төрт мың жыл бойы тоқтаусыз адам жеп келген өңiрде менің де талай жылдық өмірiм өткенін бүгін ғана байқадым. Шаңыраққа үлкен ағам қожа болған кезде қарындасым өлді.  қарындасымның етін ағамның білдірмей тамаққа қосып бізге де жегізiп жiбермегеніне кім кепіл. Мен де қарындасымның етін байқамай жеп қойған болармын, ендеше,  мiне, кезек ендi маған келді…

Төрт мың жылдық адам жеу тарихына ие мына мен, бұл туралы әу баста білмегенiммен, енді көзім жеттi, нағыз адамды табу қиынның-қиыны екен.

 13

Мүмкiн, адам етінің дәмін әлi татып үлгiрмеген балалар бар шығар?..

Балаларды құтқарайық…

Сәуiр, 1918 жыл.

Түсініктемелер:

1Жазушының бұл шығармасы ең алғаш «Жаңа жастар» журналының 1918 жылғы №5 санында жарияланған. Жазушы «Лу Шүн» деген әдеби бүркеншік есімді тұңғыш рет осы әңгімесінде қолданған. Бұл әңгіме қытайдың қазіргі заман әдебиет тарихында «адам жейтін» феодалдық салт-дәстүріне тұңғыш рет сұрапыл соққы берген, сондай-ақ қытайдың қазіргі  әдеби тілмен жазылған тұңғыш көркем  шығарма болып есептеледі.

2«7-ші, 2-ші сәуір» – бұл Қытай Республикасы (民国) құрылған 1911 жылдан басталған жаңа күнтізбе бойынша көрсетілген уақыт. Яғни бұл 1918 жылы 2 сәуірге тура келеді. Бұл күнтізбе Тайванда күні бүгінге дейін қолданылуда.

3«Шипалы шөптер бірдеңесі» – Миң хандығы дәуіріндегі әйгілі дәрігер-ғалым Ли Шичжэнның (1518-1593) дәрі-шөптер жөнiндегi зерттеу еңбегi – «Шипалы шөптер шежіресі» 本草纲目») айтылып отыр. Бұл 12 томнан тұратын көлемді еңбек, кітапта Таң хандығы дәуіріндегі Чинь Цзаңчидің «Шипалы шөптер дерегі» деген кітабындағы «адамның етімен өкпе туберкулезін емдеуге болады», деген пiкiрiне сын айтылған. Әңгімедегі «Ли Шичжэнның кітабында адам етін пісіріп жеуге болады деп айқын жазылған ғой» деген сөз «қояншықтың»  «бiлместiгi».

4«Баланы өзгенікімен айырбастап жеуге болады»
(易子而食) деген сөз «Зочимиң жылнамасы» деген кітапта Суаньгуңның 15 жылы Суң хандығының сарбазы Хуаюань Чжоу хандығының сарбазы Зы-Фанға Суң хандығының орталығын Чжоу хандығының әскерлері қоршап алғандағы аянышты жағдайды баяндағанда: «азық-түлік болмағандықтан жұрт балаларын өзара айырбастап жеп жатыр» дегеннен шығып отыр.

5«Етін жеп, терісін төсеніш қылу керек» – «Цзочжуань» деген кітапта Шаңгүң жылнамасының 21 жылы Цзинь бектігінің – Чжоу Чуо деген кісісі Чи бектігінің бегі Чжуаңгуңге: «меніңше бұл екеуі хайуан қатарындағы адам, пақырыңыз оның етін жеп, терісін төсеніш еткісі келедi» («екеуі» деп Чи бектігінің Чжэчуо мен Го Цзюй деген адамдарын айтып отыр. Бұл екеуі Чжоу еліне тұтқынға түскен  деген дерек бар.

6«Ха-Ина» – ағылшынша (hyena) сөз, яғни жалы бар ит, бір түрлі етқоректі мақұлық, көбінесе арыстан, жолбарыс сияқты жыртқыш мақұлықтардың соңынан еріп, солардан қалған жемтіктерді қорек қылады.

7«И Я» қытайдың Чи хандығының адамы, тамақ жасаудың шебері. «Гуаньцзы. Сяочиң» деген кітапта: «Ынжық И Я-ның қожасына жағымпазданғаны соншалық, Хуань Гуң пісірілген нәрестенің етінің дәмін татып көрмедім дегенде, И Я өз ұлын буға пісіріп әкеліп беріпті» деген аңыз бар. Цзх Чжоу қытайдың Ся хандығы мен Шаң хандығының соңғы патшалары болып есептеледі. И Я олармен замандас адам емес. Бұл арада да жазушы «қояншықтың» алжасып отырғандығын көрсету үшін әдейі
осылай жазып отыр.

8Шуй Силинь (1873-1907), лақап аты Бо Шэн. Чиң хандығының соңғы жылдарындағы төңкерістік топ – Гуаңфу қоғамының белді мүшесі. 1907 жылдың күзінде Чжэцзяң, Аньхуэй өлкелерiнде бір мезгілде көтеріліс жасауға дайындалады. Көтерiлiс күнi Аньхуэй уәлиі Эн Миңді жарып тастап, жастарды ертіп әскери қару-жарақ мекемесін басып алмақ болғанда, оғы таусылып қалып қолға түседі, сол күні аянышты түрде өлтіріледі, оның жүрек-бауырын Миңнің жасауылдары суырып алып, қуырып жейді.

9«Әке-шешесі ауырып қалса, туған ұлы өзінің денесінен бір жапырақ етін кесіп алып, пісіріп беру керек» – бұл феодалдық қытайдағы ескi таным. «Суң тарихы. «Жігер таңдау-1» деген кітапта: «Әке-шешеге адал боламын дегендер, жүректі болса «етінен ет кесіп беруі, қорқақ болса көрге кіруі керек» делінген. Әңгімеде жазушы «қояншыққа» осыны шатып-пұтып айтқызып отыр.

 Лу Шүн

Қытай жазушының шығармаларын түпнұсқадан тәржімалап,

түсініктемелерін жазған:

Дүкен Мәсімханұлы




ПІКІР ЖАЗУ