Әдебиет туралы ойлар
БАЛАЛЫҚ ШАҚ
Екінші рет редакциялануы, «Оқырманға». (Қысқартылған).
Барлық авторларға тән осалдыққа мен де бой ұрдым – оқырманға арнау жазып отырмын.
Мұндай арнау көбінесе оқырманның ықыласын ояту және кешіріммен қарауына қол жеткізу мақсатында жазылады. Мен де сізге бірер сөз айтпақпын, оқырман, бірақ сондағы мақсатым не? Шынымды айтсам, білмеймін – өзіңіз сараптап көрерсіз.
Кез-келген автор – осы сөздің ең ауқымды мағынасында – қандай да бір туындысын жазып отырғанда осы жазғаны өзгелерге қалай әсер ететінін міндетті түрде қаперге алады. Оқып шыққан адамға шығарманың қалай әсер ететінін түсіну үшін оқырмандардың белгілі бір тобын анықтап алу керек. Әйтпесе әлгі шығарманың оқырманға ұнайтын-ұнамайтынын қайдан білесің? Біреулерге бір тұсы ұнаса, екіншілерге басқа тұсы ұнайды, біреуге ұнаған жерін екінші адам мүлдем жаратпауы ықтимал. Ашық айтылған жалған ой немесе анық жеткізілген сөлекет қиял да біреулердің жанына жағары сөзсіз. Бір адамның басында туған ой тағы бір адамның ойымен қайткен күнде де үндесіп жатады. Сондықтан кез-келген шығарма адамдарға ұнайтындай болуға тиіс, бірақ сол шығарманың барлық жері бір адамға түгелдей ұнай бермеуі мүмкін.
Шығарма бір адамға түгел ұнаса, меніңше, ол мінсіз жазылған кемел туынды. Менің ойымша, ондай кемелдікке қол жеткізудің, ал кез-келген автор содан үміттенеді, бір-ақ амалы бар: ол үшін болашақ оқырманың кім – ақыл-ой деңгейі қай шамада, қоғамдағы орны мен өмірдегі ұстанған бағдары қандай – міне, сол туралы түсінігің айқын да анық болуы керек.
Сондықтан, бұл арнауымды, оқырман, өзіңізді сипаттаудан бастамақпын. Егер осы сипаттағы адамға ұқсамайтын болсаңыз, онда менің хикаятымды оқымай-ақ қойыңыз, өзіңіздің мінезіңізге, ой-өрісіңізге, талғам-талабыңызға лайықты басқа кітап тауып аларсыз. Ал егер мен болжаған адамға ұқсаймын деп ойласаңыз, онда бұл шығарманы рахаттана оқып шығарыңызға күмәнім жоқ, оның үстіне, кітаптың тәуір жазылған тұстарында мені шабыттандырып, ақымақтыққа ұрынудан тежеп қалғандардың бірі өзіңіз екенін біліп көңіліңіз көтеріле түседі.
Таңдаулы оқырмандарымның қатарынан табылу үшін сізге қоятын талабым көп емес: сезімтал болсаңыз жетіп жатыр, менің қиялымнан туған кейіпкерді ұнатып қалып, оған шын жүректен жаныңыз ашып, кейде тіпті көзіңізден жас шығып кететін болса, ол үшін шын көңілден қуансаңыз және соған бола ұялмасаңыз; ойыңызға оралған осыған ұқсас жәйттерді іштей жақсы көрсеңіз; діннің талаптарына адал болсаңыз; хикаятты оқығанда күлкілі тұстарын емес, жүрегіңізді қозғап, жан дүниеңізге әсер ететін тұстарын іздесеңіз; хикаятта суреттелетін жоғарғы қауымның мүшесі болмасаңыз да оларды көре алмағандықтан туындайтын қызғанышқа бой алдырмай, жек көріп кетпей, байыппен әрі сынап-мінеусіз қарасаңыз – онда сіз де таңдаулылардың бірісіз. Ең бастысы, сіз түсінетін адам болуыңыз керек яғни алғаш танысқанда-ақ өз сезімім мен өмірдегі бағыт-бағдарымды айтпай-ақ түсінетіні, менің жан дүниемнің әр тебіренісі оның жанымен үндесіп жатқаны ап-анық көрініп тұратын адамдардың бірі болуға тиіссіз. Адамдарды ақылды — ақымақ, мейірімді — зұлым деп бөлу қиын, меніңше, тіпті мүмкін емес, бірақ оларды түсінетіндер және түсінбейтіндер деп ажырату мен үшін айқын меже, өзім танитын адамдардың бәрін солай жіктеймін. Түсінетін адамдардың басты белгісі – олармен оңай араласып кетесің, ештеңені ұғындырып жатудың қажеті жоқ, айтарыңды мән-мағынасы бұлыңғыр сөздермен-ақ жеткізе аласың. Сезімнің кейбір қырлары тым нәзік, оларды сөзбен сипаттап беру мүмкін емес, бірақ анық түсінуге болады. Олармен сондай сезімдер туралы, нәзік қарым-қатынас жайында ишарамен, шартты ұғымдармен-ақ сөйлесе бересің. Сонымен, менің басты талабым – түсіну. Енді сізден, таңдаулы оқырман, шығармамның кейбір дөрекілеу тұстары мен сөздерімнің қатқылдығы үшін кешірім сұраймын – оның себебін түсіндіргенімде қатты кінәламайтыныңызды да біліп тұрмын. Әнді екі тәсілмен: тамақпен немесе кеудемен шырқайды. Тамақпен айтқан ән жеңіл орындалады әрі құлаққа жағымды естіледі, бірақ адам жанына әсері әлсіз, солай емес пе? Керісінше, кеудеден, көкіректен шыққан ән дөрекілеу естілгенімен, бірден жүрекке жетіп барады. Өз басыма келсек, ең қарапайым әуен болса да көкіректен шықса еріксіз көзіме жас үйіріледі. Әдебиетте де солай: басыңнан алып жазуға да болады, жүректен шығарып та жаза аласың. Басыңнан алып жазғанда сөздің бәрі тізіліп түсе қалады. Ал жүректен шығарғанда басыңа ой толып, қиялыңда сан қилы бейнелер пайда болады, жүрегіңді толып жатқан естеліктер кернеп кетеді, соның бәрін жеткізуге сөз таппай қиналасың – тапқан сөздерің жұтаң, болымсыз, әсемдіктен жұрдай әрі дөрекі болып келеді.
Мүмкін мен қателескен шығармын, бірақ басымнан алып жаза бастағанда өзімді дереу тоқтатып, жүректен шыққанды ғана жазуға тырыстым…
КҮНДЕЛІКТЕН
1853 жыл.
20 желтоқсан. …Шығарма тартымды болуы үшін оны бір ғана ойға бағындыру аздық етеді; бәрі бір сезімге бөленетін болсын. «Жеткіншектік кезеңде» мен соған қол жеткізе алмадым…
ЕРЕЖЕ
16 қазан. Шығарманы қайталап оқып, түзеткен кезде басты ой бұлыңғырлау болып, толық жеткізілмей қалғанын байқаған жағдайда болмаса артық ештеңе қоспау керек (басыңа келген ой қаншама жақсы болса да), керісінше, шығармадағы ойға нұқсан келмейтіндей етіп барынша көбірек сызып тастауды ойлаған дұрыс (сызып тасталатын тұсы қаншама жақсы болса да).
ОЙЛАР
16 қазан. Сезімтал да ақылды адам үшін жақсы жазу — нені жазуды емес, нені жазбау керектігін білу. Шығармаға қосатының кереметтей кемеңгер ой болса да оны сызып тастағаныңдай жақсарта алмайды.
Не жазғаныңды анық түсінгеніңнің белгісі — оны сауатсыз адам да ұға алатындай етіп қарапайым тілмен жеткізе алғаның.
«Жеткіншек кезеңнің» мақсаты — жас сәбидің балалық шақтан кейін біртіндеп бұзыла бастағанын, кейіннен, бозбала дәуренге өтерде қайтадан түзелгенін көрсету болуға тиіс.
Бұл орайда оның ішкі әлемін суреттей бермей, оқиғаны түрлендіру үшін сыртқы әсерлерге ойысып, қасындағыларды да сипаттаған жөн, сонда оқырман назары үнемі бір нәрсеге байланып қалмайтын болады.
БАҚЫЛАУ
18 қазан. Орыс тілінің икемділігінің ең ғажайып белгілерінің бірі ән мәтінінің қайырмасы өзгеріп отыратындығы; мысалы көңілді, шаттықпен айтылатын әндердің бәрінің қайырмасы 3-4 түрде өзгертіліп айтылады.
Халықтың белгілі бір тобын сипаттаған кезде жазушының тілінен осы топтың мінезі байқалып тұрады. Ойыңды жеткізу үшін қолданған тәсілдің өзі соларға тән болып шығады. Бұл, әсіресе, ауызша сөйлегенде анық аңғарылады. Епишка бір нәрсе туралы айтқанда өзі де соған ұқсап кетеді.
ӘДЕБИ ЕРЕЖЕЛЕР
(Желтоқсан 1853 – қаңтар 1854 жж..)
- Кез-келген шығарманың мақсаты – ізгілік болуға тиіс.
- Шығарманың нәті, өзегі биік болуы керек.
- Үйреншікті әдіс-тәсілдерден аулақ болған жөн.
- Шығарманың нобайын түсірген соң қайта қарап шық, бірақ ештеңе қоспастан, артық нәрселердің бәрін алып таста.
- Өзіңнің кез-келген туындыңды сынағанда кітаптан тек қызық оқиға іздейтін оқырманның көзімен қара.
ЖАЛҒАСЫ
Әңгімеге кіріктіру қиындап кеткен ойларыңа тоқталмай, ескертпеге жазып қой да әрі қарай жүре бер…
1). Ойларыңды қай жерге кіріктіру керектігін және олардың орны туралы ойламастан жаз; 2) сосын артық нәрселердің бәрін алып тастап, ойларыңды орын-орнына қойып шық; 3) кем-кетіктерін жөндеп, тағы бір рет көшір.
1889 жыл.
ӨНЕР ТУРАЛЫ
Өнер туындысының жақсы немесе нашар болуы суреткердің нені жеткізбек болғанына, оны қалай жүзеге асырғанына және онысы қаншалықты шынайы шыққанына байланысты.
Өнер туындысы мінсіз болуы үшін суреткердің айтқысы келгені мүлдем жаңа және барлық адамдар үшін маңызды болуы керек, оның өзі көркем түрде жеткізілуге тиіс және суреткердің ішкі қажеттілігінен туындап жатсын, сонда ғана ол шынайы болады.
Суреткердің айтар ойы әрі жаңа, әрі маңызды болуы үшін суреткердің адамгершілігі биік болуы керек, ол тек өзі үшін ғана ғұмыр кешпей, жалпы адамзаттың өміріне белсене араласып жүруге тиіс.
Жұртшылықтың назарына ұсынған туындысы көркем болып шығуы үшін суреткердің шеберлігі жұмыс істеп отырғанда шеберліктің ережелері туралы ойламайтындай деңгейде шыңдалған болсын, жүріп келе жатқан адам механиканың заңдылықтары туралы ойламайды ғой.
Оған қол жеткізу үшін суреткер ешқашан өз жұмысына қызықпауға, сұқтанбауға, шеберлікті мақсат тұтпауға тиіс, жүріп келе жатқан адам жүрісінің әсемдігін ойлап, өзін-өзі қызықтамайды.
Өнер туындысын өзінің ішкі қажеттілігін өтеу үшін дүниеге әкелуді мақсат тұтқан, сондықтан шынайылықтан айнымайтын суреткер, бұл үшін, біріншіден, шын жүректен ұнатуға лайықты нәрселерді жақсы көруге кедергі келтіретін толып жатқан ұсақ-түйекке алаңдамауы керек; екіншіден, өзге адамдар сүюге лайықты деп есептейтін нәрселерді өзгелердің айтуымен емес, өз жүрегімен сүйетін болсын және сүймесе де сүйетіндей болып көрінбеуге тиіс. Суреткер бұған қол жеткізу үшін елшілер келгенде Валаам не істесе соны істесін – ол Құдай не бұйырар екен деп өзгелерден оқшауланып, оңаша қалады; бірақ содан кейін сыйлыққа қызығып жолдан таяды, суреткер осыдан аулақ болғаны жөн – ол Құдайдың қалауына қарсы шығып, патшаның шақыруын құп алады, ашкөздік пен атаққұмарлық көзін байлаған қожайынының мұнысы теріс екенін астындағы есегі де сезеді, бірақ өзінің санасы жетпейді.
Өнер туындыларының бір-бірінен айырмашылығы қай деңгейде екенін төмендегі үш саланың әрқайсысы бойынша қайсысы қандай биікке көтерілгеніне қарап ажыратамыз. Шығарма 1) маңызды, тамаша бірақ жан тебірентерлігі шамалы және шынайы; 2) маңызды, көркемдігі де, жан тебірентерлігі де төмен бірақ шынайы; 3) маңызды деуге келмейді, бірақ көркемдігі мен жан тебірентерлігі жоғары әрі шынайы болады немесе т.с.с. алуан түрлі болып шығуы мүмкін.
Ондай шығармалардың қай-қайсысының да өзіндік артықшылықтары бар, бірақ кемеліне жеткен көркем туынды деп есептелмейді. Мазмұны маңызды әрі жаңа, көркем жасалған, суреткердің өз туындысына көзқарасы жан дүниесімен үйлесім тапқан, сондықтан шынайы болып шыққан туындылар ғана кемел өнер туындысы бола алады. Ондай шығармалар әрқашан сирек болған, солай бола да береді. Кемелдікке жетпеген қалған туындылардың бәрі өнердің басты шарттары бойынша басты-басты үш топқа жіктеледі: 1) мазмұнының маңыздылығы тұрғысынан аса көрнекті; 2) көркемдігі тұрғысынан аса көрнекті; 3) жан тебірентерлігі мен шынайылығы тұрғысынан аса көрнекті шығармалар; бұлардың қай-қайсысы да басқа екі талап бойынша кемелдікке жетпеген туындылар.
Осы үш топтағы туындылардың бәрі кемелдікке біршама жақындаған, өнер бар жерде олар да болады. Жастардың туындылары жан тебірентерлік әрі көркем болып келеді, ересектердің шығармаларында бәрі керісінше, кәсіпқой болып саналатын еңбекқор суреткерлер сыртқы кейіпке баса мән береді де мазмұн мен жан тебірентуге жете көңіл бөлмейді.
Өнердің ең басты үш жалған теориясы өнердің осы үш қыры бойынша жіктеледі, ең жаманы, солардың үшеуін бірдей қамти алмаған, сондықтан өнердің биігіне шықпаған шығармалар да өнер туындысы деп танылғаны былай тұрсын, тіптен соның үлгісі ретінде ұсынылып жүр. Сол теориялардың бірі бойынша, көркемдік пен жан тебірентерлік болмаса да мейлі, көркем шығарманың артықшылығы, негізінен, мазмұнына байланысты деп танылып жүр. Бұл Біржақтылық теориясы деп аталады.
Екіншісіне сенсек, шығарманың артықшылығы пішінінің көркемдігінде екен, ал оның мазмұны мен суреткердің көзқарасы жан тебірентерлік болмаса да оқасы жоқ; бұл Өнер – өнер үшін деп аталатын теория. Үшіншісі бойынша, бар гәп жан тебіренту мен шынайылықта жатыр, шығарманың мазмұны мен көркемдігінде тұрған түк те жоқ, суреткер өзі бейнелеп отырған нәрсені шын жүректен сүйсе жеткілікті, сонда оны көркем шығарма деуге болады. Бұл – Реализм теориясы деп аталады.
Міне, осындай жалған теорияларға сүйенгендіктен бұрынғыдай бір ұрпақтың өмірінде әр сала бойынша бір-екеу ғана емес, астаналық қалаларда (оларда қолы бос, еріккен адам көп) жыл сайын өнердің әр саласы бойынша жүздеген мың өнер туындылары дүниеге келіп жатыр.
Бұл күндері өнермен шұғылданбақ болған адамдар көкірегінде маңызды да жаңа тақырып пайда болып, өзі соны шын жүрегімен ұнатуын, ұнатқан соң оны тиісті пішінге келтіруін күтіп отырмайды, бірінші теорияға сәйкес, өзі ақылды деп санайтын адамдар мақтап жүрген, дәл қазір дәурені жүріп тұрған тақырыпты алып, қолынан келгенінше көркем түрде жазып шығады немесе екінші теорияға сәйкес, өзінің техникалық шеберлігін молынан қолдана алатын тақырыпты алады да бар ынты-шынтысымен, асқан төзімділік танытып, өзі өнер туындысы деп есептейтін нәрсені жасап шығарады. Ия болмаса үшінші теорияға сәйкес, өзі нені ұнатса соны өнер туындысы болуға тиіс деп есептейді де өзіне жақсы әсер еткен нәрсені көркем туынды деп жариялай салады. Сөйтіп өнер туындысы деп аталатын, бірақ іс жүзінде қолөнер бұйымы ғана бола алатын шығармалар толып кетті, қолөнершілікте кідіру деген болмайды: сәнге айналған өтпелі ой қоғамда әрқашан кездеседі, шеберліктің де кез-келген түріне машықтану қиын емес және ондай дүниелер әйтеуір біреулерге сөзсіз ұнайды.
Осының салдарынан ақылға сыймайтын түсініксіз жағдай қалыптасып отыр: дүниені қазір өнер туындысы деп аталуға лайықты-мыс шығармалар нөпірі басып кетті, олардың қолөнер бұйымдарынан айырмашылығы – бұл туындылардың түкке жарамсыздығы былай тұрсын, көбінесе зияны шаш-етектен.
Өнер туралы ұғымның астан-кестені шығып, былығып кеткенін білдіретін әдеттен тыс құбылыс осылай пайда болды – көркем шығарма деп аталатын осы нәрселер туралы білім деңгейі бірдей, қоғамда беделді адамдардың тарапынан бір мезгілде бір-біріне кереғар екі пікір айтылмаған біреуі де жоқ. Енді сорақылығы жағынан осыдан бір кем түспейтін екінші құбылыс пайда болды – көптеген адамдар кітап оқу, сурет салу немесе сол суреттерді тамашалау, музыкалық және театрлық пьесалар мен концерттер жазу немесе көру арқылы түкке тұрғысыз, бір мысқал пайдасы жоқ, көбінесе азғындыққа бейім істермен айналысып жүр және өздері соның ақылды, пайдалы әрі өресі биік істер екеніне шын көңілімен сенеді.
Қазіргі адамдар өнер туындылары деген жақсы нәрсе әрі пайдалы, сондықтан олар көп болуға тиіс деп есептейтін сияқты. Әрине, олардың көп болғаны жақсы, бірақ мәселе сонда – өнердің үш алғышартын бір-бірінен ажыратып тастағандықтан осы үшеуін түгел қамти алмай, қолөнер бұйымының деңгейіне дейін төмендеп кеткен шығармаларды ғана тапсырыс бойынша дүниеге келтіруге болады.
Аталмыш үш шартты түгел қамтитын шынайы көркем шығарманы тапсырыс бойынша жазу мүмкін емес, өйткені өнер туындысы — суреткердің жан дүниесінде қайнап-піседі, сондықтан көркем шығарма дегеніміз суреткердің білімі мен білігінің, өмірдің құпия сырларын аша білуінің ең биік деңгейде көрініс беруі. Суреткердің жан дүниесінің, ішкі әлемінің сондай күйге түсуі оның білімі мен білігінің ең жоғары деңгейі болса, онда суреткердің сол биік деңгейлі білімді бойына сіңіре білуіне басшылық ететін басқа ешқандай білім болуы мүмкін емес.
1890 жыл.
А.В.ЖИРКЕВИЧКЕ
30-маусым, Ясная поляна.
Сіздің кітабыңыз бен хатыңызды сол кезде, сырқаттанып жатқанда алғанмын, оқып шықтым. Кітап туралы пікірімді сұрап, ақыл-кеңес беруді өтініпсіз.
Менің кеңесім мынау: әдебиетпен шұғылдануды, әсіресе оның өлең жазу секілді табиғатқа жат түрімен айналысуды қойғаныңыз дұрыс. Бұл сөзім көңіліңізге келсе кешірерсіз, бірақ бай адамға ұрлық жасау қажет еместігі тәрізді қарт адамға да өтірік айтудың керегі жоқ әрі ұят. Ал шындықтың пайдасы тиюі мүмкін. Кітабыңыз ешкімді қызықтырмайды және ешкімге ешқандай керегі де болмайды. Ал оны жазу үшін сіз ұзақ уақыт жұмсап, көп еңбек еткен шығарсыз. Талант деп аталатын нәрсе бар ма менде деп сұрапсыз. Меніңше – жоқ. Жазуды жалғастыра бергеніңіз дұрыс бола ма? Жазуға құлшынысыңызды оятқан нәрсе осы кітапты жазарда құлшыныс бергендей нәрсе болса жазбай-ақ қойыңыз. Ал өнердің не екендігі туралы пікіріңізбен мүлдем келіспеймін.
Көкейіңізде өзіңіз үшін анық, бірақ өзгелерге түсініксіз, жаңа әрі маңызды тақырып оянғанын сезсеңіз және сол тақырыптың мазмұнын өзгелерге жеткізу ниеті маза бермей қойса ғана жазу керек.
Тақырыптың мазмұнын барынша айқын сипаттап беру үшін жазушы қолда бар мүмкіндіктің бәрін пайдаланып, айтпақ ойын нақты да дәл жеткізуге кедергі келтіретін қысымшылық атаулыдан түгел арылуға тиіс, бірақ соны сипаттау үшін белгілі бір өлшемді пайдалануға және үйлесімді сөз тіркестерін белгілі бір ара қашықтықтан кейін қайталап отыруға міндетті емес.
Макс Мюллердің пайымдағанындай, адам сөз арқылы ойланады – сөз болмаса ой да болмайды, бұл тұжырыммен мен де келісемін. Ой дегеніміз — менің де, бүкіл адамзаттың да өмірін қозғалысқа келтіретін қуатты күш. Сондықтан ойға жете мән бермеу үлкен күнә, сөзді өлтірудің күнәсі кісі өлтірудің күнәсінен бір де кем түспейді.
Мен сізде талант деп аталатын нәрсенің жоқ екенін айттым, сонда тек мына кітабыңыз жазушы үшін қажетті деп саналатын және талант деп аталып жүрген жарқындық пен бейнеліліктен жұрдай екенін білдіргім келді, бірақ өзім жазушы үшін соның керегі жоқ деп есептеймін.
Жазушы үшін, меніңше, таңдаған тақырыбына шыншылдықпен қарау мен байыптылық қана керек. Ал ондай сізде бола ма, жоқ па – оны ешкім біле алмайды, мен де білмеймін. Бар айтарым, өзіңізді баурап алған тақырыпқа көзқарасыңыз сондай болғанда жазыңыз, жазғаныңыз сонда ғана жақсы болып шығады…
«Л.Н.Толстой о литературе», Москва, 1955 г. ГИХЛ.
Шеберлік мектебінің меңгерушісі: Нұрлан Қами.