Ай мен күн

Күн ортақ, ай ортақ, жақсы ортақ.

Мақал

Тегінде қазақтың ауыз әдебиетінде Айдың қадірі Күндікінен артық болмаса кем түспейді.

Бұрынғы ескі діндерде, соның ішінде мұсылман дінінде де Ай ерекше роль атқарған. Ай белгісін мешіттің, зираттың төбесіне қою, ту басына айғабақ орнату, ертегі Айға табынудың сарқыншағы.

Жаңа туған Айды көргенде шаруа адамының көңіліне әр түрлі ой келеді, бұл айдың ауа райы қандай болып кіреді, шаруаға жайлы бола ма, жоқ жайсыз бола ма, бұл айда малбасы аман бола ма деген ойлар тумай қоймайды.

Ауа райы шаруаға жайлы-жайсыз болып келетінін білуге құштарланған ел оны жаңа туған Айдың қалпына қарап болжамақшы болды.

Қазақ арасында мынадай ырым бар: егер жаңа Ай тігінен туса, ауа райы шаруаға жайлы, жылы болады. Ал, Ай шалқасынан жатса, ай суық, жайсыз болып өтеді.

Осы келтірілген мысалдар жаңа Айдың туысын қазақтардың шын пейілмен ырым ететіндігін, бұл ырымның ел арасына көп таралғанын дәлелдейді. Ай тік, не шалқақ туса, осы белгіле қарап, шаруа баяғы көкейтесті мәселені – малдың қамына тиісті ауа райын болжамақшы болды.

– Айдың жантақ туғаны – шалқақ туғаны. Шалқасынан туғанда Ай шөкелеп, екі басы теңеліп, алшысынан тұрады. Сондай шаншылып туған ай ортақтай болып туған екен дейді ал шалқасынан туғанда олай демейді. Шалқасынан сары болып туған Айды халық жаман ырымға жориды.

Жұрттың бұл сенімдерін саралай келіп, ғылыми тұрғыдан сынағанда мынадай қорытынды шығарамыз.

Тегінде, табиғат құбылыстарының арасындағы халық аңғарған бұл тіркестіктің бар екен рас. Жаңа туған Айдың қалпына қарай жұрттың ауа райы өзгереді деген тиянақсыз, бос сөз емес.

Анығында да, жалпы алғанда жаз айларында жаңа Ай тігірек тұрады да, қыс айларында Ай «шалқасынан жатады», өйткені қыстыгүні түнге қарай эклиптика (Күн жолы) аспанда жоғары тұрады, Ай жолы да оған жуық, сондықтан Күн сәулелері Айдың «астыңғы» төменгі бетін ала жарық береді де, бізге Ай шалқалап жатқан сияқты көрінеді.

Ал жаздыгүнгі айларда эклиптика түнде төмен тұрады. Күн айдың он жақ бүйірін ала жарық түсіреді де, Ай тік туған болып көрінеді.

Сөйтіп, жаңа ай орағының орналасу қалпы мен ауа райының арасындағы бұл қызық іліктестік, Күн мен Айдың аспандағы жолдарының әр мезгілдегі өзара орналасуына байланысты.

Суықтық Айдың шалқалап туғандығынан болмайды, қыстыгүні суық кездерде Ай шалқаламай туа алмайды. Жылылық айдың тік туғанынан емес, жаз айларында қашанда Ай тіктеу туады.

Кейбіреулер, жаздыгүннің өзінде Ай шалқалап туса суық болмай қоймайды дейді. Күннің әулетті тартуы күшті әсер ететін болғандықтан ай қозғалысы өте күрделі болады. Аспандағы бір басып кеткен ізін Ай екінші айда қайта бастайды. Сондықтан жаздыгүннің өзінде Ай орағының тіктігі біршамада өзгеріп отыруы мүмкін.

Дәл осы құбылысты да өзгелерден гөрі байсалды қойшылар тереңірек түсініп, оның ақтығына жетуге таянған.

– Осы Ай барып-барып декабрь январь айларында бұзылады – шалқасынан түседі. Содан тік тұрысынан айырылып қалып, шалқалай береді де, май айында барып түзеледі.

Айдың әр түрін (фазаларын) ел арасында былай сипаттайды.

– Жаңа туған Ай имек. 8-де, 22-ге жап-жарты – кескен таба нанның тап жартысындай, 13-14-де Ай орталап қалады, 15-де шеңбер шарасы түгел толып дөңгеленіп, мінсіз болады.

Ай 15-інде толып, одан кейін орталап, кеми береді. Ай қорғалап кеміген сайын, 50 минуттай кешеуілдеп туып отырады. Ай шекесіндегі ойындысы үлкейіп, бара-бара Ай солады. Ақырында Ай таусылып «өліара» (междулуние) – ескі Ай мен жаңа Күннің  екі арасына келеді де, бізге қараңғы (көлеңке) беті қарайды, сондықтан біз Айды күндіз де, түнде де көре алмаймыз.

Ортасы (15-і) кезінде Ай тура күнге  қарама-қарсы тұрады да. Бізге толған Ай болып көрінеді. Міне, сондықтан бұл мезетте – Айдың 15-де Күн де батады (ұясына қонады), Ай да туады. Күн батып бара жатқанда Ай туып келе жатады, сонда оның шарасы толық болады. Айдың 14-де Ай да батады, таң да атады.

Айдың қозғалысын байымдаушылар Күн қысқа кезінде Ай жоғары жүреді. Күн ұзақта ол төмен жүреді дейді. Осы расында солай. Бұл эклиптиканың жазғы түнде төмен, ал қысқы түнде жоғары тұруынан болатын құбылыс.

Ай мен Күнді салыстыра келе, Айдың жүзіне көз тоқтатып қарауға болады – кісінің жүзі таймайды, ал Күн ащырақ, сондықтан Ай сұлуырақ дейді кейбіреулер.

Ал, бірақ Күн мен Айды шын мәнісінде салыстыратын болсақ, әрине, нағыз сұлулық Күнде. Күн жарық пен жылудың  сарқылмас көзі, ал Ай өзі жарық шығармайтын қараңғы дене.

Атан түйе мен шіркей қандай болса, үлкендігі жағынан алғанда Күн мен Ай да сондай. Ай бетінде ауа да, су да жоқ, жапалақ ұшпас жапан.

Ай беті аламыш екені көзге жақсы көрінеді. Ондағы қарауытқан дақтар ойпаттау жерлері екен. Оларды (бір тамшы суы жоқ болса да) ертеректе, XVII ғасырда «теңіздер» деп атаған еді.

Ес білмейтін сәби де керім Айға қол созып аймалайды. Малшы, егінші, керуенші, аңшы, баршы, сақшы, қарақшы бәрі де Айды бақты. Есепші, ойшыл, сыншылар да, тіпті еріккенде Айға қарады.

Енді телевизиялық аппарат төңірегіндегі Ай бетінің бедерін суретке түсіріп, оны бізге, өзіміз қасында тұрғандай етіп, анық көрсетті. Ай беті бопылдақ, майда топырақ, оған түскен нәрсе батып кетеді деген жору қате екен. Ай беті пемза не шлак тәрізді едәуір қатты жыныстардан құралған.

Уақыт есептеуде, бағдарлауда барлық халықтар өмірінде қашаннан туар Ай бекем орын алып келді. Өліара, жаңа туған Ай, орталанған Ай, толған Ай, қорғалаған Ай дегендегі Айдың  түрлері (фазалары) бірінен соң бірі тапжылмай алмасып келіп отыратын табиғат құбылыстары. Айдың әр түрлері, күн мен түннің алмасуындай кезектесіп көрініп, уақыт өткенді білдіреді. Бір көзі ылғи аспанды шолып жүретін шаруалар: Ай толып қалыпты-ау, не туған Ай тураған етпен бірдей деген осы да, Ай қорғалап қалыпты десіп, көргенін көңіліне түйе жүрді. Ал, туар Айды қазақ қалай тоғыспен есептегенін кейініректе өз алдына жеке сөз етейік.

Хасен ӘБІШЕВ




ПІКІР ЖАЗУ