Мұт орманы
Осы күннен бастап Әбілхаят суын іздеуге аттанамын деген ой Томектің басынан шықпай қойды. Бір түні, ол бір қызық түс көреді, түсінде адам секілді артқы екі аяғымен жүгіріп, қызды соңынан қуып келе жатқан арыстандарды байқайды. Қыз оны «Томек! Томек!» деп шақырды. Ол қыздың қолынан ұстап алып, екеуі екі өкпесін қолына алып қашты. Соңдарынан адам-арыстандар жағын сақылдатып келе жатқанын сезді. Абырой болғанда, ең соңғы сәтте бір қойтастың астына тығылып қалып, олардан құтылды. Осы жерде Томек қыздан өзінің атын қайдан білетінін сұрады, ол иығын қиқаң еткізді де, «Сені бәрі таниды ғой, Томек!» деп жауап берді. Тағы бір түсінде ол Киелі Таудың ұшар басында тоғандағы таза суға қарап тұрғанын көрді. Су түбінде бірдеңе жылтырап жатты, бұл – қыздың әлгі мұз кәмпит сатып алған тиыны болатын. Ол тиынды алып, артына бұрылғанда, алдында ханшайымның көйлегін киген бір қыз жымиып тұрды. Қыздың артында жуасып, үйретілген адам-арыстандар күзетте тұр екен.
Томек таң сібірлеп атқан күні кетемін деп жоспарлады. Сонда оның жоқ екенін ешкім бірден байқамайды, ал Ишам қария дүкенінен оның хатын тапқан кезде, Томек алыста болады.
Кейінгі күндері өзінің желігіп жүргенін жасыру қиынға түсті. Дүкенге келушілер бұған біртүрлі қарап жүргендей көрінді. Құдды ұлы жоспарының белгісі мұның бетінде жазылып тұрғандай, көзіндегі ерекше жарқыл ма екен, әйтеуір бірдеңе соны білдіріп тұрғандай. Ол қандай киім алып кететінін біраз уақыт ойлап жүрді. Бұл оңай емес, өйткені жолда не күтіп тұрғанын қайдан біледі. Шалғай елдер суық па, әлде ыстық па? Жүн шұлықтар, қалың жемпір мен құлақшынын алуы керек пе? Әлде керісінше әбігер-машақатқа түспеу үшін барынша жеңіл жүруі керек пе? Қандай зат алып кететінін де білмеді. Өзі ұнататын шытырман оқиғаға толы кітаптарынан мұның бәріне жауап іздеп көріп еді, бірақ ештеңе де таба алмады. Шытырман оқиғаны бастан кешкендердің көбінде ештеңе болмаған, ал оның сүйікті қаһарманы Робинзон Крузода тіпті дым да болмаған, өйткені ол кемесі суға батқанда бәрінен айырылған. Мұз кәмпит алған бойжеткеннің де ештеңесі жоқ сияқты көрінген. Томек соларды саралай келе қатты қажет нәрселерді ғана алуға бел буды.
Оған ең алдымен өте жақсы бір жүн жамылғы керек, өйткені далада, жұлдыздардың астында ұйықтауға тура келеді, түнде суық болатын шығар.
Сондай-ақ оған торсық керек. Негізі оның кәмшат терісінен жасалған бір торсығы бар. Оны мықтап белдігіне байлап алады, сосын оның игілігін көреді. Тағы да Кжар өзенінің суын әкелуге пайдаланады. Егер оны тауып жатса, әрине.
Ол өте берік бір матадан бірнеше сантиметр болатын қалташа тігіп алды. Оған бойжеткеннің тиынын салды. Сөйтіп, қызды тапқанда тиынын қайтарады. Әлбетте, тауып жатса… Қазірден бастап қалташа бауға байланып мойнына ілініп, жейдесінің астында тұрады. Оны өте епті адам болмаса, ешкім де ұрлай алмайды.
Шалбарының қалтасына керек бола қалса, қорғану үшін деп бәкі мен кезінде анасы Томек деген есімінің Т әрпін кестелеп берген екі беторамалды ғана салып алды.
Соңғы түні, заттарының дайын екенін тексеріп алған соң үстелінің арғы жағына отырды да, май шамын жағып, Ишамға мынадай хат жазды.
Құрметті Ишам ата,
Сен үнемі өзгелердің хатын оқисың ғой, бірақ бұл хат саған арналған, оны дауыстап оқудың қажеті жоқ. Сенің көңіліңді түсіретінімді білемін, сол үшін мені кешірші. Бүгін таңертең Кжар өзенін іздеуге жолға шығам. Оған жетсем, саған суынан алып келемін. Жолда әлгі саған айтқан қызды жолықтырамын деп үміттенемін, өйткені ол да сонда кетті ғой. Саған дүкеннің кілтін қалдырдым, өйткені жолда оны жоғалтып алуым бек мүмкін. Барынша тезірек қайтып келемін. Кездескенше!
Томек
Хатты конвертке салып жатып көз жасын әрең тыйды. Кейінгі айларда Ишам қатты қартайып, жағы суалған еді. Қолы умаждалған ескі қағазға ұқсайды. Томек келгенге дейін ол тірі жүрер ме екен? Жалпы, бұл өзі қайтып келе ме? Оны да білмейді.
Томек төсегіне шешінбестен жатты да, бірнеше сағат еш түс көрмей ұйықтады. Оянғанда әлі де түн екен, артқы бөлмеге әлсіз ай сәулесі түсіп тұр. Ол атып тұрды, жүрегі шаттыққа толы. Бүгін сол күн ғой! Ол мұны өмір бақи күткендей көрінді, өмірінің ең керемет күні ақыры келді-ау, міне. Санасында үміт оты жарқ ете қалды. Ол Кжар өзенін табатыны анық. Киелі тауға шығады. Суын әкеледі. Бойжеткенді де қайта көреді, сосын, әлбетте, оған ақшасын қайтарып береді!
Бір үлкен шыныаяқ шоколад ішіп, май мен тосап жағылған бірнеше тілім нанды тамсанып отырып жеді. Сосын жылы киінді, торсықтың белдікке мықтап ілінгенін, қалташаның өз орнында, жейденің астында тұрғанын және қалтаға саламын деп ойлаған заттарын дұрыс салғанын тексерді. Соңғы сәтте ол қалтасына нанның үлкен бір бөлігін салды. Ең соңында жүн жамылғысын нығыздап орап, иығына байлап алды да, дүкеннің есігіне қарай беттеді. Осы кезде өмірінде істемеген нәрсені істеді: есікте ілініп тұрған жазудың арғы бетін аударды. Енді онда жабық деген сөз тұр.
Томек ауылдың тып-тыныш көшелерінен өтіп, Ишам қарттың дүңгіршегіне дейін барды. Кенеп перде жабулы тұрды. Оны еш дыбыссыз ашты. Ишам хат жазатын партаның үстіне дүкеннің кілтін, өзінің қоштасу хаты салынған конверт пен нуганың үлкен бір бөлігін қойды.
«Сау бол, ата…» деп сыбырлады ол, құдды қарт адам оны еститіндей. Сосын қайтадан кері қайтты да, жолда дүкеніне соңғы рет көз тастады. Содан кейін өзі үнемі жүретін жолмен кең адымдап кете барды. Алайда бұл жолы ол кері бұрылмайды. Бұл жолы ұзаққа кетіп барады. Ол авантюрист еді. Оған амандасқандай болып ұшып бара жатқан жабайы қаздар зау көкте үшбұрыш салып қалықтайды. Олар да Томек сияқты оңтүстікке бара жатыр. «Бара жатырмын!» деді бұл оларға, кеудесін шаттық кернеген күйі.
Бұл кездерде адамдардың география туралы ойы бұлдыр еді. Жер дөңгелек екенін аздап сезетінбіз, бірақ көп адам бұған расында аса сене қоймайтын. «Жер дөңгелек болса, дейтін олар, сонда астындағылар төңкеріліп, басы салбырап тұра ма? Олар құламаса, онда табанымен жабысып тұр ма?». Бүгінгідей нақты карталар да жоқ, жол көрсететін белгілер де болмаған. Күнге, айға, жұлдыздарға қарап бағытымызды анықтайтынбыз… Өте жиі адасатын едік, оны енді мойындауымыз керек.
Томек үнемі оңтүстікке қарай жүруге бел буған, Ишамның айтуынша, сол жақта мұхит бар екен. «Онда жеткен соң» деп ойлады ол, Кжар өзенін табу үшін оңға әлде солға жүре ме, соны таңдауы керек. Біраз уақыт өзіне таныс жерлерден өтті, неше түрлі төбелермен, жазықтармен жүрді. Тек аздап нан жеп, торсығынан су ішу үшін немесе ағаштардан аздап жеміс жұлып жеу үшін ғана тоқтайтын.
Дегенмен қас қарая бастағанда оған көкжиек кеңейгендей және алыстан шетсіз-шексіз көлденең жатқан қара жолақ оның алдын бөгеп тұрғандай көрінді. Ол бірнеше жүз метр жүрген соң әлгі қара жолақ орман екенін байқады, өмірінде көрген ең қалың орман. Оның арасынан өткісі келген жоқ, әйтсе де оны айналып өту үшін біраз күн, тіпті біраз апта кететін шығар, кім білсін? «Батар күннің атары да бар» деді аздап шаршағанын сезе бастаған Томек ақырын ғана. Сөйтіп, ол түрі қолшатырға келіңкірейтін, бұтақтары жерге дейін салбырап, бөлек тұрған жалғыз ағашты байқаған жеріне қарай қайта кері жүрді. Ағаштың саясына кірді де, жамылғысына оранып алды. Ұйқылы ояу жатып «жолсерігім болса жақсы болар еді» деп ойлады. Авантюристердің жанында үнемі біреу жүреді ғой, сонда қатты жалғызсырамас еді. Бірақ шаршағаны сондай – жалғыздығына жабырқап үлгерместен ұйқыға кетті.
Томек оянған соң бірнеше секундтан кейін ғана өз төсегінде емес, басқа жерде жатқанын түсінді. Жан-жағын қоршап, салбырап тұрған жапырақтарды көргенде бәрі бірден есіне түсті: кеше таң сәріде кеткені, кең даланы шарлағаны, бөлек тұрған ағаш. Ол расында кеткен екен ғой. Ешқандай да түс емес екен.
Жапырақтардың арасына ұя салған сарғыш әрі көкшіл түсті құртақандай құс мұның жанына келіп сайрай бастады, онысы «Тұр, Томек! Тұр, Томек!» дегенге ұқсады. Бұл оған күліп жіберді. Кеше таңертең ауылдан кеткен кездегідей бақытты, дәл сондай еркін, дәл сондай шат болып тұр. «Саяхаттау деген осындай болса» деді ол, «онда мен әлемді үш рет айналып шығуға дайынмын!».
Ол қуыстан шығайын деп отырғанда сырттан біртүрлі дыбыстар естіді. Ол – қағазды умаждаған немесе бұтақтарды жинаған кездегі дыбыстарға ұқсайтын сияқты. Сосын шыртылдаған қысқа дыбыстар шықты, құдды біреу бұтақтарды сындырып жатқандай. Томек қимылсыз құлағын түрді. Біраздан соң біреу тоқтаусыз үрлей бастады. Біреудің от жағып жатқаны сөзсіз. Томек әлі шығар-шықпасын білмеді. Ол адам қауіпті болса, қайтеді? Мұны бас салса ше? Бір жағынан оның кеткенін күтсе, қашанға дейін отырарын кім білсін. Өйткені адам от жаққан соң ол маңнан тез арада кете қоймасы анық. Ол өз ойымен арпалысып тұрғанда бір дауыс естіді. Әйел адам болып шықты. Өзі ақырын дауыспен әндетіп жүр:
Есегім-ай, есегім-ай,
Тұяғы оның ауырғаны-ай…
Ол әннің жалғасын білмейтіні анық, өйткені тек сол алғашқы жолын қайталай берді. Бірдеңе істеп жүргенге ұқсайды, себебі қазанның салдыр-гүлдірі мен оның ішіне құйылған судың шолпылы естілді. Әлгі «Есегім-ай, есегім-ай» әнін әлі айтып жүр. «Көңіл күйі керемет екен» деп ойлады Томек. Сосын «Есегім-ай, Есегім-ай. Тұяғы оның ауырғаны-ай» деп әндеткен адам соншалықты қатігез болмас деді өз-өзіне, сөйтті де ақырын басын шығарды.
Бұл расында әйел екен. Оғаштау киінген сияқты, бірақ әйел адам. Бойы сәл тапалдау, денесі домаланған. Бір-біріне мүлде үйлеспейтін көп киімді бірінің үстінен бірін қабаттап киіп алған: бір қабат жамалған жүн шалбар, бір қабат белдемше, бір қабат жемпір киген… Тоңбайтыны айдан анық еді. Көріністің сәнін кіргізген нәрсе – құлағын жауып тұрған басындағы малақайы мен аяғындағы өлшемі таңғаларлық етік.
– Мынаны қара! Қарны ашқан қазанға қарар! Кофені ұнатасың ба?
– Иә, амансыз ба, ханым… – деді өмірінде кофе ішпеген Томек.
Оның ұялып тұрғанын көрген әйел қарқылдап күлді.
– Әй, «ханымыңды» қоя тұр! Мені Мари деп айта бер! Отырғың келсе, оттың басына бір тас әкеп отыр.
Тас іздеп ағашты айналған Томек ол жақта жайылып жүрген есек пен екі дертесі көкке қарап тұрған арбаны көрді.
– Сіздің есегіңіз бе? – деп сұрады келген соң.
– Бұл – Кадишон. Өзі сондай ақылды. Аздап қырсық, дегенмен өте ақылды. Әсіресе қайтпас қайсар, ержүрек. Иә, Кадишон?
Есек бойын тіктеп тұрып басын бір қызық қылып иді де, көзіне түсіп тұрған қылының арасынан иесіне қарады. Сосын әрі қарай жайыла берді.
– Жалғыз көзді, – деп қосты етжеңді әйел. – Аюлар…
– Аюлар? – деді Томек өзі әкелген жалпақ тастың үстіне отырып жатып.
– Иә, иә, аюлар. Орманда толып жүр.
– Солай ма… – деп Томек алыста мұнартып жатқан үлкен қара жолаққа тыныш әрі қимылдамай қарап қалды.
Ол мүлде есінен шығып кетіпті ғой.
– Оның ортасынан өте алмаймыз ба?
Қарабидай нанының бір үлкен бөлкесін тіліп тұрған етжеңді әйел қимылын бірден тоқтатты.
– Орманның ортасынан өткің келе ме?
– Иә, – деді Томек тым өрескел бірдеңе айтқандай қомсынып.
Сосын өзін түзету үшін былай деп қосты:
– Не болмаса, яғни олай өте алмасам, айналып өтемін…
– Айналып өтесің бе? – деді етжеңді әйел, сөйтті де сондай-ақ жарқын әрі табиғи күлкісімен күле бастады, оны көрген Томек те бірге күлді.
Екеуі де көзден жас аққанша күлді, Томек онымен қоймай арасында: «айналып өтемін…» деп қайталап қояды. Оны естіген сайын етжеңді әйел тіпті қатты күліп, күнде естіп жүрген үйреншікті нәрсесі сияқты «Әрине, айналып өтесің!» деп қосып қояды.
Сәл тынышталған соң Мари арбаға барып, ол жақтан жарты келі сары май, екі құты тосап – бірі құлпынай, екіншісі қара бүлдіргендікі, ешкі сүтінен жасалған ірімшіктің бір үлкен кесегі, кішкентай шелекке құйылған сиыр сүті мен бір қорап шақпақ қант салынған себетті алып келді. Бұл кезде қазандағы ыстық кофе дайын тұрған еді. Ол оны тостағанға құйып Томекке берді, тамақ салынған себетті оған қарай итеріп, ұялмай тамақ алуға шақырды. Олар ештеңе деместен, құмарлана отырып жеді. Сосын Мари темекі орап алды да, тарта бастады. Бұрын-соңды әйелдің темекі тартқанын көрмеген Томек таң қалды.
– Айтпақшы, сенің атың кім? – деп сұрады Мари ақырын темекі түтінін үрлеп жатып.
– Томек, менің атым Томек.
– Не ғой, Томек, мына орманның шетінен жүру үшін, яғни «айналып өту» үшін, – бұлар тағы күле жаздады, – айналып өту үшін екі жылдан артық уақыт керек екені анық.
– Екі жыл! – деп қайталады Томек есі шығып.
– Иә, бұл орман – бүкіл орманның анасы, ең ежелгі әрі ең көлемдісі. Әйтеуір, ең ұзыны осы. Оның атауын білесің бе?
– Жоқ, – деп жауап берді Томек.
– Оның аты… Кадишон!
Томек бір сәт орманның аты Кадишон екен деп топшылаған, мұндай маңғаз орманға осындай атау тіпті жараспайды деп ойлады. Алайда Мари жай есегін шақыру үшін әңгімесін үзген екен.
– Кадишон! Десертке бір кесек ірімшік жейсің бе?
Есек құйрығын бұлғаңдатты, бұл оның иә дегені екені анық, өйткені Мари оған ірімшік берейін деп орнынан тұрды.
– Бұл – Мұт орманы. Не үшін олай аталғанын білесің бе?
– Жоқ, – деді. Шынымен тіпті ештеңе білмейді екем деп ойлаған Томек.
– Онда кіргенде бәрін бір демде ұмытамыз, сол үшін Мұт орманы деп аталады.
– Бұл не дегеніңіз…
– Маған сен дей берсең болады, Томек, мен Англия патшайымы емеспін.
– Сонда онда кіргендер ешқашан қайтып келмеген соң, біз оларды ұмытып қаламыз дегенің бе?
– Жоқ, мүлде олай емес. Олар орманға қалай кіреді, солай біз ұмытамыз деймін. Олар енді жоқ сияқты, тіпті ешқашан болмаған секілді. Орман оларды жұтып қояды, сонымен бірге біздің олар жайлы естелігіміз де жоғалады. Олар біздің көзімізден де, көңілімізден де ғайып болады. Түсіндің бе?
– Онша түсінбедім…
– Жарайды. Саған бір мысал айтайын. Дәл қазір әке-шешең сені ойлап, сен қайда жүр, не істеп жүр деп жатқаны анық…
Томек оның сөзін бөлді:
– Әке-шешем жоқ. Жетіммін.
– Жарайды, онда сені өте жақсы білетін әрі сені қатты жақсы көретін біреудің атын айт.
Томек көп ойланған да жоқ:
– Ишам. Ол – менің жан досым.
– Тамаша. Ол адам дәл қазір, әрине, сені ойлап жатқан шығар, аман-есен жүрсің бе, не істеп жүрсің, қашан қайтып келесің дегендей, иә?
– Иә, әрине… – деді Томек, кенет жүрегі шаншып кетті.
– Онда сен қалай мына орманға аяғыңды басасың, солай Ешам…
– И… Ишам, – деп түзеді Томек.
– Ишамның есінде сен жайлы ештеңе қалмайды. Ол үшін сен ешқашан болмағансың, одан Томек жайлы хабар-ошар сұраса… Негізі бұл мүмкін емес жағдай, өйткені өмірде жоқ адамның хабарын ешкім де сұрамайды. Алайда солай болды делік, яғни жұрт одан Томектің хабарын сұрады делік, ол былай деп жауап береді: «Кімнің хабары дейді?». Сен орманда қанша болсаң, ол да сонша уақыт сені ұмытады. Керісінше, орманнан қалай шығасың, егер шықсаң, әрине, бәрі де бұрынғыдай болады, досың Ишам «Айтпақшы, әлгі Томек бұзық дәл қазір не бүлдіріп жүр екен өзі?» деп өз-өзінен сұрауы мүмкін.
– Ал… одан шықпасам ше, – деп ақырын ғана сұрады Томек.
– Ал одан шықпасаң, онда бәрі сені мәңгілікке ұмытады. Сенің атыңды ешкім де білмейді. Ешқашан өмір сүрмегендей боласың…
Томек бұрын өмірде мұндай сұмдық нәрсе болады деп ешқашан елестетіп көрмеген еді. Май жағылған наны мен бір кесе кофесін үндемей ішті. Бұл уақытта Мари темекісін бітіруге таяған, кенет Томектің басына бір қызық ой келді!
– Олай болса, Мари, егер сен дәл қазір орманға кірсең, тек бір метрге ғана, мен үшін жоқ боласың деген сөз ғой?
– Дәл солай, Томек. Қызық болып тұр ма?
«Қызық» деген сөз дұрыс келіңкіремейді. Негізі өзі қорқыңқырап тұр, бірақ сонда да келісті, сөйтті де екеуі таңғы астың қалғанын жинап, отты өшіруге асығыс кірісіп кетті. Сосын Мари нағыз атқа жеккендей қылып Кадишонды арбаға жекті. Екеуі де арбаға секіріп мінді.
– Шүу, Кадишон! – деді.
Есек тепеңдеп орманға қарай бет алды. Бұлар орманға бірнеше минутта жетіп алды. Шынымен бұл біртүрлі нәрсені істегісі келе ме деген сұрақ Томекті мазалай бастады, бірақ бұл кезде Мари оны арбадан итеріп үлгерген еді.
– Мен Кадишонмен бірге орманға бірнеше метр кіремін. Онда шамамен үш минуттай тұрып қайтадан шығамын. Әйтеуір, орманға кірем деген ой сенің де басыңа келмейді деп үміттенем, әйтпесе бір-бірімізді іздеп ешқашан таппаспыз. Нақтырақ айтсақ, ешқашан іздемеспіз! Жасың қаншада, Томек?
– Он үштемін.
– Мақұл, ендеше. 13 жасар бір де бір баланың бұл орманға жалғыз кіруіне жүрегі дауаламайды. Кездескенше, Томек! Шүу, Кадишон! – Есек арбаны сүйретіп желе бастады, Мари қолын соңғы рет бұлғады да, Мұт орманының қара діңдерінің арасына сіңіп жоқ болды.
Томек алдында тұрған ғаламат ағаштан жасалған еңселі қабырғаны дұрыстап көру үшін артқа қарай он шақты адым шегінді. Бұл – шыршаның тым қара қоңыр және өте нығыз түпті түрі, биіктігі шамамен кем дегенде сексен метр. Орманға кірмей-ақ оның саф таза ауасын сезесің. «Ағаштардың асты тым қараңғы шығар» деп ойлады Томек сәл алаңдап. Бұл орманның сыртынан жүріп, айналып өту ақылға қонымды сияқты. Осыны ойлағанда оның біртүрлі күлкісі келді, бірақ бұл ешқандай күлкілі емес қой. Бірнеше күн, тіпті бірнеше апта жоғалтқанның қызық түгі де жоқ… Тек онымен бірге жүретін жолсерігі болғанда ғой шіркін, ол бәріне мүлде басқаша қарайтын еді. Екеу болғанда батырмыз, бірге жаттығамыз, бірге күлетін едік, керек болса, көмек берер едік. Алайда жолға шыққалы бері ол ешкімді жолықтырған жоқ. Сосын ана тұрған ағаштың астында, жамылғысына оранып алып жалғыз ұйықтады. Жамылғысы! Ол жамылғысын ұмытып кетіпті!
Ағашқа қарай аяғы аяғына тимей жүгіріп барып, ағаштың астына сүңгіп кетті. Үппп! Ол әлі сонда жатыр екен. Ендігәрі пысық болуға сөз берді өзіне. Авантюрист заттарын жоғалтпауы керек, оның үстіне санаулы ғана заты бар. Қонған жерінен шығып келе жатқанда ғана ол ағаштың жанынан оттан қалған күлді көрді. Дегенмен түнде өзі келген кезде ештеңе болмағанына ант-су іше алады. Одан кейін де ешкім келген жоқ. Бұл өзі бір қызық жайт қой.
Ол жамылғысын иығына салып алды да, орманға қарай бірнеше адым жүрді. Шын мәнінде бұл соншалық үлкен орман емес шығар. Дәл қазір кірсе және тез-тез жүрсе, ол түске қарай, жоқ дегенде қас қарайғанша орманнан шығып кете алуы керек. Қауіпті біреулер кездескен жағдайда, жан қалтасында бәкісі бар.
Орманға кірмес бұрын ол соңғы рет қорғалақтады. Өйткені таңғы асқа ештеңе жемегені, ал оған күш керек болатыны анық екені есіне түсті. Алайда қарны аш емес екенін байқағанда таң қалды, ол тіпті тыңқиып тойып алған. «Кеттік!» деді де, орманға қарай нық сеніммен қадам басты.
Ол орманға кіргелі жатқанда дәл жанынан бұтақтардың шыртылдап сынғанын естіді. Бұл аң ба екен? Адам ба екен? Дыбыс жақындап келеді. Томек жылдам шегінді де, қараңғыдан не шыға келетінін көру үшін биік шөптердің арасына жата қалды. Ең алдымен есектің екі құлағын, сосын есектің басын, содан соң есекті түгелдей, ақыр соңында есек сүйреген арбаны, ал арбаның үстінен жүзіне күлкі үйірілген семіз әйелді көрді. Жаны жай тауып, орнынан тұрды.
– Қалай, Томек? Есіңе түстім бе? – деді оған жарқын дауыспен Мари.
Томек арбаға қарай асықты. Арбадан түскен Мари оған құшағын ашты. Томек құшағына кіруге батпады, өйткені олар бір-бірін жөнді танымайтын еді. Ол тек әйелдің қолын алып, оны қысып қана қойды. Сөйтіп, екеуі дос болып кетті.
Жан—Клод МУҒЛӨВА
(Jean-Claude Mourlevat)
Француз жазушысы Жан-Клод Муғлөва 1952 жылы туған. Екі баланың әкесі. Біраз жыл неміс тілінен сабақ беріп, кейін театр саласында қызмет атқарған. Актер ретінде Францияда және өзге елдерде төрт жүзден астам спектакль қойған, режиссер де болған. 1997 жылдан бастап ол жастарға арналған кітаптар, романдар жазуға, аудармаға көбірек уақытын арнаған. 2021 жылы Швецияның жастарға арналған кітаптарға берілетін ең жоғары марапаттарының бірі – Астрид Линдгрен мемориалдық сыйлығын алған.
«Теріс аққан өзен» романынан үзінді
Француз тілінен аударған – Раушан ХАТРАН
Редакциядан ескерту: Автордың бұл кітабын «Steppe & world publishing» баспа-үйі басып шығарған. Барлық құқығы қорғалған. Жарияланымның ешбір бөлігі баспагердің алдын ала жазбаша келісімінсіз қайта басылмайды, қойма жүйесінде сақталмайды әрі енгізілмейді, ешбір формада немесе тәсілмен (электрондық, механикалық, фотокопиялық, жазбаша немесе басқаша) тасымалданбайды. Бұл жарияланымға қатысты әлдебір заңсыз әрекет жасаған кез келген адам қылмыстық жазаға ұшырап, заң алдында жауапқа тартылуы мүмкін.