Мүгедек ананың чемпион ұлы

 

Екеуміз алғаш танысқанымызда  ол – ЖенПИ-ді жаңа бітіріп келген жас маман да, мен КазГУ-дің журналистика факультетінің студенті едім. Шығармашылықпен айналысатын жастардың Атырау (бұрынғы Гурьев) қаласында өткен үлкен бір бас қосуында таныстық. Алыс ауылдағы бір мектепте ұстаздық етіп жүрген ақ жарқын ақын бойжеткенмен кейін хат арқылы байланысып жүрдік.

Көп ұзамай, ол қатты сырқаттанып, біз оқып жүрген Алматының үлкен бір ғылыми-зерттеу институтына келді. Сабақтан қолым қалт етсе, барып тұратынмын. Бірнеше ауыр оталардан өтіп, айлар бойы гипске таңылып, төсек тұтқыны боп жатса да, сары уайымға салынбайтын, көңілі сергек жан еді. Кейін мен оқу бітіріп, жолдамамен Жезқазған облысына кеттім. Тұрмыс құрып, балалы болған соң, Маркиза Базарбаева апай екеуміз бір-бірімізден көз жазып қалдық. Бірақ, оның «Әйел жанарындағы әлем» деген өлең кітабы жарық көргенін сырттай естігем.

Біз кездеспеген жиырма бес жылдай уақыт ішінде ол сырқатымен алыса жүріп, қиындыққа мойымай, бір азаматқа – жар, бір жігітке – ана болған екен. Қашанда қаламын қолынан тастамай, жан сырын ақ қағазға төге беріпті, төге беріпті…

Алматыда биылғы қыс ұзақ тым.

Әйнегінде көңілімнің сызат-мұң,

Тағы да тіршіліктің тәулігін,

Ештеңені тындырмай-ақ ұзаттым.

 

Терезеден ана көңіл алаңдап,

Дәуренімнің жолына отыр қарайлап,

Шам да жақтым, тамағын да ысыттым,

Көрінгенше көзіндегі нұр ойнап.

 

Күн түнерсе, жауып тынар түбінде,

Кім болжайды болашақты бүгінде?

Тілек өлең, ақ бата ғой мендегі,

Ботақаным, еш нәрседен сүрінбе… – деп, өлеңіне – өзек, жырына арқау болған жалғыз ұлы – суда жүзуден халықаралық жарыстарда чемпион атанып, қазақ халқының атын алысқа шығарып жүрсе де, қазақ баспасөзі онша көңіл аудармай жүрген спорт шебері Дәурен Ержановпен кейінірек таныстым.

* * *

Егер мен ең алдымен, Дәуреннің анасы – Маркиза апаймен емес, оның өзімен сұхбаттасып қана қояр болсам, онда оқырман қауымға оның 1984 жылы 26 қаңтарда өмірге келгенін, өзі су спортымен жеті жасынан бастап шұғылданғанын, алғашқы бапкері Шахкөз Сағатұлы Мақашев екенін, 1997 жылы II разрядпен Қ.Мұңайтпасов атындағы №1 республикалық спорт мектебіне қабылданғанын, 2002 жылы су спортының шебері атанғанын, чемпион ретінде қандай жарыстарда көрінгенін айтумен шектелерім анық еді.

Алдымен телефон арқылы тілдескен Маркиза апайды қызмет орнына іздеп бардым. Ширек ғасырдан бері көрмеген апаймен амандық-саулық сұрасып, мәре-сәреміз. Ұлының үлкен спортқа келу жолы туралы сөз арасында сұрағанымда, – «Жаман шынын айтамын деп, сырын айтады» демекші, сенің бұл сұрағыңа бір сөзбен жауап беру қиын, бәрін бастап айтуға тура келіп тұр, – деп бастады әңгімесін Маркиза апай.

Шегініс: – Денсаулық жағдайыма байланысты, өз қатар-құрбыларымнан кештеу тұрмыс құрдым. Құдай қосқан қосағым Қалғанбайдың да денсаулығының кінәраты бар еді. Менің жүкті болғанымды білгеннен дәрігерлер: «Сізге бала көтеруге болмайды. Туған нәрестеңіз ауру болуы мүмкін, тіпті аяғын басып жүруі-жүрмеуі неғайбыл», – деп алдын-ала қорқытқанымен, нәресте сүю, ана болу бақытынан бас тартқым келмеді.

Бәрі де бір Алланың ықтиярында ғой, аман-сау балалы болдым. Бірақ, дәрігерлердің айтуымен, балам қашан қаз басып, жүріп кеткенше массаж жасатуға апарып тұрдым. Ол кезде біз темір жолдың арғы бетінде тұрамыз. Бір емес бірнеше рет бел омыртқама операция жасалған, қолтықта – балдағым, қоларбада – Дәуренім, биік көпірден күн сайын әрлі-берлі асып өту оңай емес. Кейде көңілі түскен біреулер аяушылық танытып, қоларбамды көтеріп-түсіріп көмектесіп жібереді, көбіне-көп бар бейнетті өзім көретінмін. Бірақ, соған қарамастан, бала денсаулығына байланысты дәрігерлер кеңесін бұлжытпай, табанды түрде орындадым. Бақытыма орай, балам аман-есен шауып кетті.

Бірде жора-жолдастарымызбен Қапшағай су қоймасына демалуға бардық. Қапырық қаладан шығып, табиғат аясында     емін-еркін демалуға келгендер желпініп алған. Үлкенді-кіші жаппай суға түскенде, жүзу білмейтін Дәуренім суға батып кете ме деп иман-зәрем қалмады. Сосын қалаға келген бетте баламды суға жүзіп үйрететін бір бассейнге апарсам деп, бармаған жерім, ашпаған есігім жоқ. Сонда бір байқағаным: көбіне жаттықтырушылар өзге ұлт адамдары екен. «Мүгедек қазақ әйелінің баласынан не оңған жүзуші шығар» деп ойлай ма, бір түрлі бізге астамси, менсінбей қарап, бастарын шайқап шығарып салатын. Мен де алған бетімнен қайтпадым. Ақыры Мақашев Шахкөз деген жаттықтырушы жігітке кез болып, баламның жолы ашылды.

Мектебіне алғаш барып келгеннен кейін, көп ұзамай баламның маңдайынан сүйіп: «Қарағым, қоян көжегін қанжығада кездескенше деп, маңдайдан бір тебеді де өз жөнімен кете береді екен. Мен де сені енді өбектей бермей, бұдан былай мектепке де, жаттығуға да бір өзіңді жібергелі отырмын. Алла жар болсын!» – дедім. Міне, содан бастап балам өз тағдырына өзі жауапкершілікпен қарауды үйренді.

Ол 9-сыныпты бітірген соң, қасындағы қазақ балаларының бәрі спортты тастап, басқа үйірмелерге ауысты. Сосын мен: «Жора-жолдастарыңнан қалғың келмесе, сен де басқасына барсайшы!» дегенімде, «Бастаған ісіңді аяғына жеткіз», – деп үйреткен өзіңіз емес пе? Су спортынан қазақ баласы да үлкен жетістіктерге жететінін дәлелдемей қоймаймын», – деді. Баламның табандылығына риза болдым.

Ең алғаш рет таяу шетелге шыққанда, Қырғызстанда өткен Азиялық ойындарда чемпион болды. Алған сыйлығы – шортик, иә, иә, …кәдімгі шолақ шалбар. Ал қырғыздар бірінші орын алған өз жерлестеріне 1000 АҚШ долларын табыс етіпті. Сонда шегімді тарта таңқалғаным бар: жеңімпаз спортшыларына қимаған сый-сияпатын біздің Қазақстан көлденең көк аттыға шашып жатқан жоқ па?

2003 жылы Ыстықкөл жағалауында өткен Орталық Азия ойындарында төрт бірдей алтын медальді бір өзі олжалағанда, төрешілік етіп тұрған бұрынғы бапкері қуаныштан шыдай алмай, жүгіріп кеп құшақтай бергенде, «Мұныңыз не, Михайл Иванович, сізді төрешіліктен шығарып тастайды ғой. Дереу өз орныңызға қайтыңызшы!» – дегенде, ол он тоғыз жасар жігіттің алтынның буына мастанбай, салқынқандылықпен, сабырлылық көрсеткеніне ерекше таңғалғанын айтты.

Сен қазақсың, тарихы сан ғасырлық,

Жаратылыс сұрыптаған асыл ғып,

Сенің халқың жауын сөзбен тоқтатқан,

Батырлары – жай оғындай жасын, нық,

Қажмұқандай алып атаң аңқылдақ,

Өзтүріктей ағаң шыққан жарқылдап,

Қазақ осы дүниені таң қылған,

Мирас болғай солар мінген алтын тақ.

Жер қайыссын көптігінен досыңның,

Жырларындай аңқылдап жүр Қасымның,

Сенің жаман болуға еш қақың жоқ,

Сынығысың Абай, Мұхтар асылдың… – деп, анасы жырымен жігерлендіріп отырған Дәурен Қалғанбайұлы өзі қатысқан жиырмадан астам дүбірлі жарыстардың бәрінен де үнемі олжалы оралып жүрді. Қаншама алтын, күміс, қола медальдар, ақшалай-заттай сыйлықтар мен диплом, грамоталармен марапатталды.

Әттең, әке-шешесі мүгедек, арқасүйер ешкімі жоқ, жалынды жастық шағы қазақ қоғамының бір формациядан екінші формацияға ауысып жатқан өтпелі кезең – өлара шағымен тұспа-тұс келген, жас чемпион Дәрен Ержановқа демеушілер болғанда, ол  талай-талай халықаралық жарыстарда Қазақстанның көк туын желбіретіп, әнұранын әуелетіп чемпиондық тұғырға көтерілері айдан анық еді…

Қазір ол – жасөспірім  екі ұлдың әкесі, қарт анасына қамқор болып  отырған ақылды азамат. Алматы қаласындағы суға жүзу бассейіндерінде бапкер болып,  адал еңбек, маңдай терімен отбасын асырап жүр. Ал Маркиза апай «Ұялшақ махаббат», «Қырмызы», «Жүрек сөзі», «Әкесін іздеген ұл», «Базарлық», «Ол және мен», «Тәтті ме ғұмыр деген», «Менің ғажайып ертегім», «Мөлдір бұлақ», т.б. жиырмадан астам әдеби кітаптардың авторы. Әдебиет есігін алғаш поэзиямен ашқан қаламгер әйелдің қаламынан шыққан прозалық шығармалары да аз емес. Солардың бірі  –  «Өгей» атты романы республикаға әйгілі «Бибі-Ана» мүгедек әйелдер қорының демеушілігімен  2023 жылы жарық көрді.

Қабырғалы қаламгерлер қатарына балалар жазушысы ретінде қосылған Маркиза Базарбаеваның ертегілері мен аңыз әпсаналары, шағын әңгімелері мен балладалары мектеп оқушыларына арналған көмекші оқу құралдарына да енген. Өмірге құштар мүгедек әйелдің қайтпас қайсарлығы көпке үлгі боларлықтай.

Заря ӘМІРҚЫЗЫ




ПІКІР ЖАЗУ