Мүгедектер мүддесін мемлекет қорғайды
Қоғамның өркениеттілігінің бір өлшемі — оның әлсіз топтарға, соның ішінде мүгедек жандарға көрсететін қамқорлығы. Қазақстанда соңғы жылдары мүгедек азаматтардың құқықтарын қорғау, олардың өмір сүру сапасын жақсарту және қоғамға толыққанды араласуына мүмкіндік беру бағытында бірқатар маңызды қадамдар жасалды.
Мемлекет ең алдымен мүгедектігі бар адамдардың білім алу, жұмысқа орналасу, әлеуметтік қорғау, медициналық көмек алу сияқты негізгі құқықтарын қамтамасыз етуге күш салып келеді. Арнайы инклюзивті білім беру бағдарламалары, мүгедектерге бейімделген қоғамдық көліктер, оңалту орталықтары мен техникалық көмекші құралдар – осының барлығы мемлекеттің қамқорлығының нақты көрінісі.
Сондай-ақ, заңнамалық деңгейде де бірқатар өзгерістер орын алып жатыр. «Қазақстан Республикасында мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар» қабылданып, оның аясында мүгедектерді қоғам өміріне белсене араластыру, кедергісіз орта қалыптастыру мәселелері қарастырылды. Бұл жоспар тек заңмен шектеліп қалмай, нақты іс-шаралармен жүзеге асырылуда.
Мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекеттік қызметте
«Елімізде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жүзеге асырылуда, – дейді Мәжіліс депутаты Серіков Таңсәуле. – Президенттің қай реформасы болсын, халық игілігіне бағытталған. Мұндағы басты мақсат – Қазақстан халқының әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартып, әлеуметтік теңдікті орнатуға бағытталған деп білемін».
Депутат Мемлекет басшысының пәрменді түрде қолға алуымен іске аса бастаған ауқымды реформалардың бірі – мүгедектігі бар жандардың тең құқылы болып қалыптасуының қоғамдағы интеграциясы дегенді айтады. «Президенттің батыл қадамының арқасында Конституцияда мен секілді азаматтардың Мәжіліс пен мәслихаттардағы орны арнайы квотамен шегеленді, – дейді ол. – Бұл біз үшін өте ауқымды әрі дер кезіндегі проактивті шешім болды. Осының арқасында Мәжілісте 6 саяси партиядан менімен тағдырлас 6 мүгедектігі бар азамат депутат болып сайландық. Соңғы 30 жылдық тарихымызда мұндай болады деп ешкім ойлаған жоқ».
Жалпы, елімізде 737 мың мүгедек жан болса, оның 38% ауылдық жерде тұрады екен.
Еліміздегі әр азаматтың мүддесі өте маңызды. Осыны ескере отырып, депутаттардың бастамасымен Мәжіліс жанынан инклюзивті топ құрылған. Инклюзивті топтың негізгі бағыты – мүгедектігі бар азаматтардың құқығын қорғау жолындағы тиісті нормаларды, заңнамаларды жетілдіру.
Бұл – Президенттің мүгедектің мәселесін мүгедектігі бар азаматтар түсініп, шеше алатындығын көздеген саясатының нәтижесі болса керек.
«Бұрын әкімшілікке, жергілікті органдарға мүгедектігі бар бір азамат қызметке барса қуанатын едік, ал Парламент мінберінде мүгедектігі бар азаматты көру үлкен арман болатын. Бұл арманның жүзеге асуын қамтамасыз еткен – осы реформалардың нәтижесі», – дейді Таңсәуле Серіков.
Бүгінде Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Социалұлы әлеуметтік осал топтарының құқығы бойынша Президент жанындағы омбудсмен болып отыр.
Инклюзивті Парламент тобының бастамасымен мүгедектігі бар азаматтардың білім мәселесі, спорт мәселесі, жоғары білім алуы, ғылыммен айналысуы қамтылған тиісті нормалар ұсынылды. Арнайы бейімделген көлік шығару бойынша келіссөз жүргізіліп, тиісті бағыттар көрсетілді.
Қазіргі таңда, әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға «Наурыз» бағдарламасы енгізіліп, мүгедектігі бар жандардың жеңілдікпен үй алуына болады.
Мемлекет басшысы мүгедектігі бар жандардың білім алуын қамтамасыз ету керектігін де баса айтып жүр. Осыған қатысты тиісті заң жобасын жыл соңына дейін қабылдауды тапсырды.
Көп күттірместен инклюзивті топ депутаттары Сенат депуттарымен бірігіп, мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуы туралы заң жобасын әзірлеуге кірісіп кетті. Жақында тиісті заң жобасы әріптестеріміздің қарауына ұсынылатын болады.
Бастысы – мүгедек азаматтар мәселесін дұрыс жеткізе білу үшін де олар білімді болуы керек. Сондай-ақ, өз алдына елмен қатар тең құқылы еңбек етуі қажет.
– Әрине, мүгедектігі бар жандарға байланысты көптеген түйіткілді мәселелер әлі де бар. Сондықтан мүгедектердің құқығын қорғап, әр саладағы жұмысын бір жүйеге келтіруге бағытталған «Ұлттық мүгедектер палатасын» құруды ұсынамын. Сонда осы бағыттағы түрлі ұйымдар мен қоғамдар жан-жақта шашырап, бас-басына би болмай, басқару тетігі бір жерде болар еді. Тиісті қаржы да талан-таражға түспей, нақты мұқтаж жандарға жетуіне оң әсерін тигізер еді, – дейді Мәжілістегі мүгедектігі бар 6 депутаттың бірі Таңсәуле Серіков.
Ерекше қажеттілігі бар адамдарға емалу тиімді ме?
Әлеуметтік көмекке зәру әрі мүгедектігі бар жандардың мәселесіне мемлекет тарапынан үлкен мән беріле бастағаннан кейін бұл тарапта шешімін табуға тиісті жайттар да көрініс бере бастады. Сәйкесінше ұтымды ұсыныстар да айтылып жатыр. Соның бір парасы – мүмкіндігі шектеулі жандардың шипажайларға барып демалуы мен емалуына қатысты болып тұр.
Санаториялық-курорттық емдеу мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін өте маңызды екені сөзсіз деп мәселе көтерді Мәжіліс сарайында «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары. Мүгедектігі бар жандар әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жолдама сатып алған жағдайда бұл қызметтің ақысы мемлекет тарапынан төленеді. Алайда, өкінішке қарай, тәжірибе қолданыстағы жүйенің ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін тиісті нәтиже бермейтінін көрсетіп отыр. Демек, бюджет қаражаты да негізсіз ысырап болуда.
Бұған дейін Ғалия Тобатаева жетекшілік ететін «Шарасыздар» («Подранки») мүгедектер қоғамдық бірлестігі Алматы іргесіндегі мекемелердің санаториялық-курорттық қызмет көрсету жұмыстарына талдау жүргізген болатын. Мониторинг нәтижесі көңіл көншітпейді. Зерттеу қорытындысы бойынша бірқатар жүйелі мәселелер анықталды, ал құзырлы органдар бұл мәселелерді шешуге тырыспайды да. Солардың ішіндегі ең негізгілеріне тоқталып өтсек.
1) Курорттық емдеу курсы нормативтік құжаттарға сәйкес бальнеологиялық процедуралардан бастап, цигун-массажы мен магниттік лазерлік терапияға дейінгі қызметтердің үлкен тізімін қамтиды. Бірақ, порталда тіркелген санаторийлердің ешқайсысы дерлік жоғарыда аталған медициналық қызметтерді толық көлемде көрсетпейді. Қажетті құрал-жабдықтар да, тиісті мамандар да жетіспейді. Онымен қоймай, кей жағдайларда мекеме қызметкерлері процедуралардың саны мен уақытын қысқартып тастайды. Бұл мәселе бойынша НҚА-ны реттейтін және стандарттайтын, сондай-ақ көрсетілетін қызметтерді бақылаудың нақты жүйесінің болмауына байланысты талап қою да қиын. Мекемелер осыны пайдаланып көрсетілмеген қызметтердің толық құнын алып алады да, науқастарға тиісті көмек көрсетуге келгенде ақшаны үнемдейді. Осылайша, мүмкіндігі шектеулі жандар бюджеттен қаржыландырылатын тиісті қызметтерді ала алмайды.
2) Көптеген мүгедек жандар үшін қажетті ем-дом алудан бөлек, тіпті, санаториялық-курорттық ұйымның ғимаратына кіру де қиынға соғады. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің талаптарына және бекітілген құрылыс нормаларына қарамастан, өткен ғасырда салынған медициналық мекемелердің көбінде пандустар, тактильді жолдар, көтергіштер және қол жетімді әрі кедергісіз ортаны қамтамасыз ету үшін қажетті басқа да құрылғылар жоқ. Бұл әсіресе, қозғалыс мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін өте маңызды. Бұл ретте, қажетті инфрақұрылымы жоқ жеткізуші әлеуметтік қызметтер порталында тіркеліп, мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетуге рұқсат етілген. Іс жүзінде ешкім кедергісіз ортаның болуына кепілдік бермейді, бақылап, тексермейді де. Осы мәселемен айналысуы тиіс әлеуметтік қызметтер порталының мәселелері жөніндегі комиссияны да бұл дүние алаңдатпайды. Ал қызмет көрсетуші шипажайда мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жағдай жасалғаны жөнінде айтса болғаны (тіпті, құрылғылардың фото-видео түріндегі дәлелдемелері қажет емес), бірден тіркеп, ақшасын аударады. Бұл ретте уәкілетті органға жеткізуші ұсынған ақпараттың дәлдігі мен дұрыстығы үшін ешқандай жауапкершілік жүктелмеген.
3) Санаториялық-курорттық емдеу барысындағы спорт залында жасалуы тиіс жаттығулар мүлде реттелмеген. Оңалтуға арналған жабдықтардың тізімі де, емдік дене шынықтыру маманының білім деңгейі де, жаттығу залының қолжетімділігі де және т.б. көрсетілмейді. Бірқатар қызметтер, мәселен, жарықпен емдеу физиотерапияның элементі ретінде қызмет көрсету классификаторына мүлдем кірмейді. Бекітілген қызметтердің өзі іс жүзінде жоқ болып шығады. Ал комиссия жеткізушілердің медициналық қызмет көрсету үшін тиісті құжаты жоқ екеніне қарамастан оларды бекітіп, порталға тіркейді.
4) Медициналық қызметтің жоқтығын және санаторийлік үй-жайлардың қолжетімсіздігін ескере отырып, мүгедектердің барлық санаториялық-курорттық емделуін диеталық тамақтануға дейін қысқартуға болады, алайда бұл жерде де бірқатар сұрақ туындайды. Регламенттегі нормаларға сәйкес калориялылығымен күніне бес мезгіл тамақтануды және диеталық кестелерді қалыптастыру қарастырылған. Алайда, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндірмелері бойынша санаторийлердегі тамақтану нормалары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 20 жылдан астам бұрын қабылданған №128 «Республиканың мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тамақтанудың заттай нормаларын және жұмсақ мүкәммалмен жабдықтаудың ең төменгі нормаларын бекіту туралы» қаулысына негізделген. Негізінен, біздегі сауықтыру мекемелерінің көпшілігі жеке меншік иелігінде. Айта кетейік, азық-түлік, коммуналдық қызметтер және т.б. бағалар айырмасын есепке алмағанда, шығындарды өтеу тарифтері барлық өңірде бірдей.
5) Теориялық тұрғыдан алғанда, мүгедектігі бар жандар үшін санаториялық-курорттық емдеу диагнозға байланысты және емдеуші дәрігердің ұсыныстары негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Алайда, іс жүзінде емдеуші дәрігер пациенті емделетін шипажайдың жабдықталу деңгейін, оның бағытын, тіпті, қай жерде емделетінін де білмейді. Емделуші үшін де бұл ақпараттар қолжетімді емес. Мүгедектерге Әлеуметтік қызметтер порталында санаториялық-курорттық ұйымды және емделу курсын алу үшін жылдың мезгілін өз бетінше таңдауға мүмкіндік беріледі. Бірақ, олар қалай таңдау жасайды? Науқас емдеу мекемесін дәрігердің нұсқауы бойынша емес, порталда бар қолжетімді қызмет көрсетушілерді және ол көрсететін қызметтердің ауқымына қарай таңдауға мәжбүр. Ақыр соңында емделуші 1-тармақта атап өткеніміздей, тиісті емді ала алмайды.
6) Санаториялық-курорттық емдеу орындары ең кемі курорттық климатты жерлерде орналасуы тиіс. Бізде бұл жағынан жағдай мәз емес. Себебі, мұндай ұйымдардың нақты мәртебесі жоқ және нәтижесінде Қазақстанда ерінбегенннің бәрі санаториялық-курорттық қызмет көрсете береді. Яғни, пансионаттар да, шипажайлар да, демалыс үйлері де, оңалту орталықтары және мұндай қызметке бейімделмеген басқа да сауықтыру мекемелері келсін-келмесін осындай қызмет ұсына береді. Алайда, оның бәрінде бірдей диеталық тамақтану, медициналық процедуралар, бассейн, гидро және физиотерапия және т.б. қызметтер көрсетіле бермейді. Соған қарамастан, барлығы порталда тіркелген және өз қызметі үшін ақы алады.
7) Тиісті министрлік әзірлеген техникалық сипаттама аналогында қызмет классификаторы нақтыланбаған. Мүгедектерге арналған бөлмелердің қолжетімділігі, теледидар, тоңазытқыш және басқа да тұрмыстық қажетті дүниелермен жабдықтау деңгейінде қызмет көрсету қарастырылмаған. Бұл жосықсыз бизнесмендерге дәліз типті жатақхана іспеттес ғимараттарды санаторий ретінде пайдалануға мүмкіндік беріп отыр. Онда бір бөлмеде алты науқас тұрады, ал сыртта орналасқан жуынатын бөлме бәріне ортақ.
8) Әлеуметтік кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, мүгедектер санаториялық-курорттық мекемеге орналасқан кезде SMS немесе геолокация арқылы растау кодын жіберуі тиіс. Бұл ретте қызмет көрсетушіден мекемеге интернет қосуды ешкім талап етпейді. Сондай-ақ гаджеттерді мобильді интернетсіз пайдаланатын және сырқатына/жасына байланысты компьютерлік сауаты жоқ мүгедектер не істемек? Бұлай SMS-кодты растау мүгедек жандардың кибералаяқтардың құрбанына айналуына себеп болады (мұндай жағдайлар болған). Сонымен қатар, бұл шара пациенттерді тығырыққа тірейді. Себебі, пациент қандай да бір себеппен санаторийге орналасқанын растай алмаса медициналық қызметтерге ақы төленбейді және сәйкесінше науқас қажетті қызметті ала алмайды.
Мүгедектігі шектеулі адамдар қажетті көмектің бәрін алуы үшін және мемлекет санаториялық-курорттық мекемелердегі жоқ қызметтерге ақы төлемеуі үшін не істеу керек? Қазақстан Халық партиясы өз тарапынан мынадай шараларды ұсынады:
- Санитарлық-курорттық емдеу мәселелеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердегі олқылықтарды, қайшылықтарды және т.б. жою мақсатында толық тексеріс жүргізу. Заңға тәуелді актілердің Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкестігіне аудит жүргізу. НҚА-да рәсімдер тізімін/оларды көрсету мерзімдерін/оларды көрсетуге кепілдік беруді нақтылау және олардың орындалуын бақылауды күшейту.
- Бұрын қолданылған техникалық сипаттамаларға ұқсас қызметтердің кепілдендірілген көлемін ұсыну мәселесін зерделеу. ҚР ЕХӘҚМ «Мүгедектігі бар адамдарға берілетін техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және көрсетілетін қызметтердің сыныптауышын бекіту туралы» №284 бұйрығын нақтылау және тұтастай алғанда, қызмет көрсетушілерді порталға енгізу үшін негіз болатынын ескере отырып, түзетулер енгізу.
- Комиссия мүшелеріне әлеуметтік қызметтер порталында жосықсыз қызмет көрсетушілерді жібергені және тіркегені үшін жауапкершілік қарастыру. Бұл мәселені нормативті түрде реттеу.
- Нормативтік құқықтық актілер арқылы оңалту қызметін, оның ішінде спорт залдарында қызмет көрсетуді реттеу. Санаториялық-курорттық емдеумен қамтамасыз етудің негізгі стандарттарын (жабдықпен, емдеу әдістерімен қамтамасыз ету) бекітетін талдау жүргізу және нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу.
- Бенефициарлар үшін азық-түлік стандарттары мен өтемақы тарифтерінің заманауи шындыққа және бағаларға сәйкестігін анықтау үшін талдау жүргізу және олардың орындалуына бақылауды күшейту.
- Әртүрлі денсаулық сақтау мекемелерінің мүмкіндіктерін нақты анықтай отырып, олардың мәртебесін анықтау және шектеу. Қызмет көрсетушілерді порталға тіркеу кезінде кей ұйымдардың санаториялық-курорттық ұйым емес екенін назарға алу және қызмет ақысын төлеу кезінде соны ескеру.
- Мекеменің жалпы сыйымдылығынан немесе келушілердің болжамды санынан бөлмелердегі, үй-жайлардағы кедергісіз ортаның қолжетімділігінің пайыздық қатынасын анықтау/әзірлеу.
- ҚР ДСМ және ЕХӘҚМ бұйрықтарындағы құқықтық қайшылықтар, оның ішінде санаториялық-курорттық емделу жағдайында оңалту алудың көрсеткіштері мен қарсы көрсетілімдері бойынша талдау жүргізу.
- Әлеуметтік қызметтер порталын ыңғайлы қызмет көрсету деңгейіне жеткізу және оны қызмет алушылардың ерекше қажеттіліктеріне бейімдеу. Кодтарды және геолокацияны ұсыну бойынша әзірленген талаптарды тоқтата тұру. Бұл шараның қандай нәтижелерге әкелгенін, мүгедектерді тіркеу тәртібін қаншалықты қиындатқанын және т.б. әсері жөнінде аналитикалық зерттеу жүргізу.
Бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын, сондай-ақ санаториялық-курорттық қызмет көрсетудің ашықтығы мен сенімділігін қамтамасыз ету мақсатында баламалы және неғұрлым жетілдірілген схеманы ұсыну.
- Мүгедектердің ақысы төленген, бірақ толық алмаған санитарлық-курорттық қызметтерді баламалы негізде алуын, атап айтқанда, алынбаған қызметтерді монетизациялау арқылы алу мәселесін қарастыру. Осы уақытқа дейін мемлекеттен бөлінген бұл қаржыны жосықсыз қызмет көрсетушілер заңсыз иемденіп келеді.
Ең бастысы, ҚР ДСМ мен ҚР ЕХӘҚМ және басқа да мүдделі ведомстволар арасындағы ведомствоаралық өзара байланыс орнату, сондай-ақ бұл қызметтердің түпкілікті иесі – мүгедектігі бар жандармен өзара түсіністікке қол жеткізу қажет.
Аутизм дертіне шалдыққандардың жай-күйі алаңдатады
Мүгедектігі бар жандардың арасындағы келесі бір мәселе аутизм дертіне шалдыққандардың жай-күйі. «2007 жылдан бастап БҰҰ Бас Ассамблеясы 2 сәуірді Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күні деп жариялағанын білесіздер, – дейді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смолякова. – Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл күнді аутизм үшін барлық адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын басқа адамдармен тең дәрежеде қамтамасыз ету және ынталандыру мақсатында атап өтеді.
Елімізде жалпы 737 450 мүгедектігі бар адамдардың ішінде психикалық функциялары бұзылған 144 094 адам, оның ішінде 17 028 адамға аутизм диагнозы қойылған. Аутизм диагнозы бойынша Астана қаласында 2292 адам, Алматы қаласында 1006 адам тіркелген».
Қазақстанда «Асыл Мирас» қорының қолдауымен 13 коррекциялық орталық ашылған, оның 11-і мемлекеттік, 2 орталық Алматы, Астана қалаларында жеке тұлғалардың жетекшілігімен жұмысын атқаруда. Бұл орталықтарда 3000-нан аса бала оқып жатыр, 3000-нан астам бала кезекте тұр.
Қазір мүгедектігі бар азаматтардың қоғамға бейімделіп, жұмыспен қамтылуын әлеуметтік кәсіпкерлер жүзеге асыруда. Елімізде 835 әлеуметтік кәсіпкер тіркелген, бірақ бұл азаматтар пайда тауып отырған кәсіпкерлермен бірдей салық төлейді екен.
Мемлекет басшысының Ұлттық Құрылтайда ерекше қажеттілігі бар жандарға, соның ішінде аутизмге шалдыққан балалар мәселесіне дереу кірісу қажеттігі туралы тапсырмасына сүйене отырып депутат Екатерина Смолякова Мәжіліс төрағасынаның назарына құзырына төмендегідей ұсыныстар жолдады:
Бірінші: Әр облыс орталығында аутизм дертіне шалдыққан балаларға арналған «Ерте диагностикалау, отбасыларды қолдау және сүйемелдеу орталықтарын» ашу.
Екінші: Медициналық, педагогикалық, психологиялық және әлеуметтік пәндерді біріктіретін жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеп, мүгедектігі бар адамадармен жұмыс істейтін жаңа формациядағы мамандарды даярлау.
Үшінші: Менталды ауытқулары бар азаматтарға арнайы бейімделген курстарда кәсіп алу мүмкіндіктерін қарастыру.
Төртінші: Әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау мақсатында салық кодексінің жаңа жобасына арнайы салық жеңілдіктерін қарастыру.
Бесінші: Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заңда көрсетілген 9 түрлі жеңілдіктің барлығын толыққанды жүзеге асуын қамтамасыз ету.
Алтыншы: Әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына тежеу болып отырған – бір жобаға бірнеше мемлекеттік бағдарламадан қаржыландыру тәжрибесінен бас тарту.
Жетінші: Елімізде аутизм мәселесін қоғамдық жүктеме ретінде көтеріп, өз күштерімен орталықтар мен мектептер ашқан азаматтардың, аналардың еңбегін арнайы марапатпен атап өту.
Депутаттың жоғарыдағы ұсыныстары тиісті ведмостволық мекемелерде қарастырылып талқыланатын болды.
Спорт саласындағы статистика
Мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты тағы бір жайт – Қазақстандағы олимпиадалық және олимпиадалық емес параспорт түрлерін дамыту мәселелеріне келіп тіреледі.
Соған байланысты ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл, сондай-ақ Қазақстан голбол федерациясы мен Қазақстан паравелоспорт федерациясының басшысы ретінде Кенжеғұл Сейтжан бастап Мәжілістегі Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаттары ҚР Премьер-министрі О.А. Бектеновке Депутаттық сауал жолдап төмендегі мәселерді көтерді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 737 000 мүгедек адам бар. Олардың 330 135-інің дене шынықтыру және спортпен шұғылдануына медициналық қарсы көрсетілімі жоқ. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2024 жылдың қорытындысы бойынша жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен айналысатын мүгедек жандардың саны 61 034 адамды құрайды.
Спорт – мүгедектігі бар жандардың өзін-өзі дамытып, қоғамға бейімделуіне және инклюзияға қол жеткізуіне жағдай жасайтын санаулы мүмкіндіктерінің бірі. Алайда, өкінішке қарай, қазақстандық параспортшылар жоғары нәтижелер көрсеткенімен, еліміздегі басқару жүйесінің жетілмегендігі салдарынан олар қаржыландырудың шектелуі, құқықтарының бұзылуы, тіпті ашық түрде дискриминацияға ұшырау сияқты мәселелерге тап болады екен.
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2024 жылы олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға 5 186 851 440 теңге, ал паралимпиадалық спорт түрлерін дамытуға 534 552 798 теңге бөлінген.
Елімізде бірнеше спорт түрінің паралимпиадалық бағыты болғанымен, олардың өзіне тиесілі жеке федерациялары жоқ. Олимпиадалық федерациялар мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істемейді. Қазіргі жағдайды өз ісіне адал, кәсіби бапкерлер ғана параспортшыларды халықаралық деңгейдегі жарыстарға да дайындауға қабілетті. Егер спортшы жеңімпаз атанса, бапкер де марапатталуы тиіс. Алайда, қолданыстағы жүйеде бұл қағида неге екені белгісіз, іске аспайды. Соның салдарынан, параспортшы паралимпиада ойындарының жүлдегері атанса да, оны дайындаған бапкерге не тиісті төлем, не лайықты атақ берілмейді екен.
Тағы бір маңызды мәселе – алдағы уақытта спортты қаржыландыруды оңтайландыру. Бұл өзгерістер олимпиадалық және олимпиадалық емес параспорт пен сурдоспортқа да қысқартулар әкелмек. Алайда, барды бұзу оңай, ал оны қайта құру әлдеқайда қиын. Жалпы, мұндай шешімнің қажеті бар ма?
«Мәселен, 2026 жылы паралимпиадалық спорт түрлерін қаржыландырудан голболды алып тастау жоспарланып отыр. Голбол! Бұл – мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы бейімделмеген, керісінше, солар үшін арнайы жасалған жалғыз спорт түрі! Сонда біздің шенеуніктер параспорттың дамуын осылай елестете ме? Олар мұндай «оңтайландыру» параспортқа пайда әкеледі деп ойлай ма?» – дейді Мәжілістегі К. Сейтжан М. Магеррамов, А. Нұралин, И. Смирнова, И. Сұңқар қатарлы «Қазақстан халық партиясы» фракциясының мүшелері.
«Ұлттық құраманың өкілі ретінде мен ҚР Туризм және спорт министрлігі соңғы жылдары олимпиадалық және олимпиадалық емес параспорт түрлеріне арналған қаржыландыруды үнемі қысқартып отырғанын толық жауапкершілікпен айта аламын, ал олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерінің қаржыландыруы толық көлемде жүргізіліп отыр, тіпті артып келеді», – деп мәселенің мән-жайын анықтай түсті депутат С. Кенжеғұл. Депутаттың айтуына қарағанда, параспортта кадр мәселесі де шешімін таппай келе жатқанға ұқсайды. ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің қарамағында 4 республикалық мамандандырылған олимпиада резерві мектеп-интернаты (әрі қарай – спорттық интернаттар) бар. Олар екі түрлі білім беру түрі бойынша спортшыларды даярлайды: мектептік, техникалық және кәсіптік білім беру. Республикалық және облыстық спорттық интернаттарда инклюзивті сыныптар жоқ.
– Парижде өткен Олимпиада және Паралимпиада ойындарының нәтижелерін салыстырмалы түрде мысалға келтіруге болады. Қаржыландыруы қысқартылмаған және жаттығу мен жеңіске толық жағдайлар жасалған Қазақстанның Олимпиада ойыншылары Парижден 7 медаль әкелді: 1 алтын, 3 күміс және 4 қола (жалпы есепте 42 орын). Ал қаржыландыруы негізінен қалдық принципімен жүргізілген Қазақстанның паралимпиадашыларынан 9 медаль әкелді: 2 алтын, 3 күміс және 4 қола (жалпы есепте 39 орын). Еске сала кетейін, 2024 жылғы Олимпиада ойындарының дайындығына Қазақстан бюджетінен 980 миллион теңге бөлінді. Бұл ретте қандай да бір пікір айтудың өзі артық! – дейді депутат, ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл, сондай-ақ Қазақстан голбол федерациясы мен Қазақстан паравелоспорт федерациясының басшысы Кенжеғұл Сейтжан мырза.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты, Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы мынадай ұсыныстар әзірледі:
- паралимпиадалық федерацияларға қатысы жоқ, бірақ параспорт бойынша жоғары нәтижелі жарыстарда чемпиондарды/жүлдегерлерді жаттықтырған және дайындаған жаттықтырушыларға еңбекақы төлеу және атақ беру жүйесін қайта қарау;
- спорт және параспорт федерацияларын бөлу;
- спорттық қаржыландыруды оңтайландыру жүйесін қайта қарап, Олимпиада және паралимпиада, сурдоспорт және басқа да спорт түрлеріне қаржыландыруды қысқартпау;
- Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігіне қарасты спорт интернаттарында инклюзивті білім беру мүмкіндігін жасау;
- Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің жүйесінде параспорттың дамуы мен мүдделерін қолдау, қорғау және дамытуға бағытталған біртұтас мемлекеттік құрылым құру.
Мүгедек азаматтар да Қазақстанның патриоттары және олар да өз елін халықаралық жарыстарда мақтанышпен танытқысы келеді. Олардың бұл мақсатқа жетуі үшін мемлекет «оңтайландыру» емес, қолдау көрсетуі керек.
Колясканың құны көлікпен тең…
Мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты сөз қозғағанда протез бен коляска мәселесін айналып өту мүмкін емес. Өйткені біздегі кейбір коялскалардың бағасы жеңіл автокөліктердің бағасымен теңесіп қалды деп шырылдайды ерекше қажеттілігі бар жандар. Аталмыш мәселелер Парламенттегі «Ауыл» партиясы депутаттарының назарынан тыс қалмады.
«Бүгінде бір өңірде ғана емес, еліміз бойынша кәсіби түрде протез жасайтын протезист маманы жоқ. Мемлекет 1-ші, 2-ші, 3-ші топ мүгедектеріне тегін протез жасауға кепіл болғанымен ол іс жүзінде өте баяу іске асуда. Бұл нормалар мүгедектерді протезді-ортопедиялық көмек және техникалық көмек құралдарымен қамтамасыз ететін, Премьер Министрдің орынбасары, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылдың 30 маусымдағы №287 бұйрығымен бекітілген. Және де 3 жылда бір рет протезді ауыстырып, жылына бір рет жөндеу жасалу керек. Ортопедиялық аяқ киім жылына бір рет ауыстырылуы қажет.
Протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз етудің ағымдағы жүйесі, ең алдымен бюджеттік бағдарламалар шеңберінде мемлекеттік тапсырысты орындау жүйесіне және бұйымдардың төмен құнына бағдарланған. Бұл ретте пайдаланушылардың жеке қажеттіліктерін және алушы тұлғалардың оңалту әлеуетімен өмірлік қажеттіліктеріне бағдарлану қажеттіліктері ескерілмеген.
Елімізде протез жасайтын бар жоғы үш-төрт адам ғана бар, олардың өзі мүгедектігі бар, кешегі күзет қызметіндегі адамдар, Ресейге барып айлық курс оқып келіп протез жасап жүр. Амал жоқтықтан. Себебі колледждер мен жоғары медициналық оқу орындарында бұндай мамандыққа оқытпайды. Мүлде жоқ. Шет мемлекеттерден протез алу, қалтасы қалың адам үшін де қиындық туғызады, ал мүгедек адам қалай алады? Протез – ол адамның дене мүшесінің жасанды түрі, сондықтан бұл мәселеге жеңіл түрде қарамау керек.
Протезді жылына кемінде екі рет тексеруден өтізіп отыру қажет. Мініп жүрген машинаның өзін тексерістен өткізіліп отырады. Ал балалар протезін әр екі ай сайын тексерістен өткізіп, қарау керек. Себебі жас баланың денесі өседі, өзгерістер болады. Астана мен Алматыдан басқа аймақтарда бізде осы айтылғандардың бірі де жоқ. Басқа өңірлердегі мүгедектер не істемек? Мысалы, Германия, АҚШ елдерінде, тіпті көршілес Ресейдегі Санкт-Петербург қаласындағы 2 оқу орнында «протездік-ортопедиялық және оңалту техникасы» мамандығы бойынша оқытылады.
Олар оқуды тәмамдаған соң: науқастардың жағдайын талдауға, аяқ, қол протездерінің түрін, дизайнын, ортоз түрін тағайындауға, аяққа ортопедиялық аяқ киім мен түзету құралдарын тағайындауға, пациенттің қозғалысын жеңілдететін көмекші құралдарды тағайындауға, төменгі аяқ протездерін жасауға қатыса алады. Және шет елде хирургтар операция жасар алдында протезист маманмен пациентке ота жасау керек пе, немесе қалай жасау керектігін ақылдасады. Себебі дұрыс жасалмаған протез ауруды ушықтыруыда мүмкін. Ал біздер медицналық оқу орындарына осы мамандықтарды кіргізе алмай жүрміз. Тіпті Белоруссиядағы ұлттық технологиялық университетінде, Витебск технологиялық университетінде «Биотехникалық және медициналық апарат және жүйе» бойынша оқытылады екен.
Технология бір орнында тұрмайды. Әлемде жыл сайын жаңартылған инновациямен түрлі протездер өндіріске енуде. Осы орайда айтарымыз, «Медикер Интернешл» компаниясымен бірлесе Түрік ағайындар елімізде протезист мамандарын дайындауға дайын екендіктерін білдірген болатын, тек оларға мүмкіндік беру керек. Ең болмағанда еліміздегі колледждерде «Протезді-ортопедиялық және оңалту техникасы» бөлімдерін Астана, Алматы, Қарағанды қалаларында немесе тағы өзге өңірлердегі медициналық оқу орындарында оқытуға мүмкіндіктер берілсе.
Екіншіден мүгедектікті растау бойынша көптеген мәселелер туындауда. Мысалы бір қолы, бір көзі, бір аяғы жоқ жандарға 3-ші топ берілген, аяқ протезі жүру қозғалысы үшін болса, қолдың, көздің функциясы мүлде бөлек. Әлеуметтік жеңілдіктердің көбісі 1 және 2 топқа берілгендіктен көптеген мүгедек жандар осы топқа тіркесе дейді. 3 топта бұндай жеңілдіктер жоқ десе болады. Бізге түскен өтініш бойынша қыз бала бір қолы кемтар туылған, өспей қалған. Бірақ оған 3-ші топ қана берілген. Сол себепті ол адам 50 жыл бойы 3-ші топпен жүр. Осыдан-ақ әлеуметтік жауапкершіліктің жоқтығын көріп отырмыз. Біз бұдан 1, 2-ші топтың ақшасын қарап жүрген жоқпыз, біз бұдан әлеуметтік әділдікті іздейміз. Осыған орай Парламент қабырғасында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен инклюзивті Парламентпен бірге №260 бұйрықты ақылдаса отыра талдау керек.
Енді мүгедек жандар үшін жасалатын арнайы коляска жайлы айтар болсақ, бізде коляска шығарылмайды екен. Республика бойынша 720 мыңнан аса мүгедектігі бар тұлғалар бар, оның 203 мыңы қозғалыс аппараты жүйелерімен тіркеуде тұрса, 25 345 адам арбамен жүреді екен. Біздегі коляскаларда тек фирма аты жазылған жазуды тағып береді де, ол біздікі сияқты болып шыға келеді. Енді осы арбалардың бағасын айтсам, автокөлік бағасымен тең боп қалды. 10 жыл жүріп беретін «Оттобок» компаниясының арбалары 1,5-2 млн шамасында. Мысалы сыртта жүруге арналған коляскаға 5 жыл, үйде жүруге 7 жыл, мобильді коляскаға 5 жыл кепілдік берілген. Бірақ олар көп болса бір екі жылға ғана шыдайды, яғни сапасы жоқ. Мүгедек арбасы ол жүк таситын қол арба емес. Оның да ерекшеліктері бар. Ол арбамен тасты жолмен де, қисық жолмен де, сыртта да ғимаратта да жүреді. Табалдырықтан бір секірсең доңғалағы қисайып қалатын сапасыздары қаншама. Оны жөндету тіптен қымбат. Отыратын қалың ортопедиялық көрпешесінің өзі кем дегенде 250 мың теңге. Коляска істен шыққан жағдайда, оны жөндейтін орталықтар жоқ. Тек Астана мен Алматыда ғана бар. Оның өзі тағдырлас бауырлардың қаражатымен ашылған орталықтар.
Неге бізде осы арбалардың құрылғы бөлшектерін шет елден алғызып, бізде құрастырмасқа? Осыған не кедергі? Сонда арба бағасы да біршама арзандап, мүгедек жандар үшін қолжетімді болар еді. Біз осы мәселелер жайлы айтып та ескертіп те жүрміз. «Баяғы жартас, сол жартас», ескертулеріміз ескерусіз қалуда.
Кезінде жырауларымыз, «Құйрығы жоқ жалы жоқ, құлан қайтып күн көрер» десе, қазір «коляскісіз, протезсіз мүгедек қайтып күн көрер» дейміз бе?
Осыған орай жоғарыда айтылған мәселелерге байланысты ұсыныс:
- Қазақстанда протез жасайтын протезист мамандарын дайындауды енгізсін.
- Елімізде мүгедек жандар үшін коляска жасау қолға алынсын.
- Коляскаларды жөндейтін қала орталықтарында инво жөндеу орталықтары ашылсын.
- Парламент, инклюзивті парламент депутаттарымен мүгедектікті растау жөніндегі №260-шы бұйрық қайта қаралсын», – дейді Парламенттегі «Ауыл» партиясының фракция депутаттары.
Инклюзивті білім беру: балаларды психологиялық – педагогикалық қолдау қаншалықты дамыған?
Қазақстандағы ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқыту, инклюзивті білім беру жағдайы қаншалықты дамыған? Мемлекеттің білім алушыларды психологиялық-педагогикалық қолдауы қай деңгейде? Бұл туралы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Инклюзивті білім беру орталығының директоры Бутабаева Лаура Асқарқызы айтып берді.
«Әлемнің бәсекеге қабілетті елдерінде инклюзив білім беру – жалпы білім беру жүйесін дамытудың маңызды бағытының бірі. Дамыған елдерде инклюзив білім беру әр адамның қандай да бір кемсітусіз білім алу құқығын іске асырудың маңызды құралы ретінде әлдеқашан мойындалған. Инклюзив білім берудің негізгі идеясы – қандай да бір ерекшеліктеріне қарамастан, кез келген баланың сапалы білім ала алуы, қоғамдағы әртүрлілікті мойындау.
Бала өмірге қандай болып келуді таңдай алмайды. Кез келген бала, қандай болып туғанына қарамастан, қоғамның басқа мүшелері сияқты барлық салада тең құқылы бола алуы керек. Баланың қандай да бір кемшілігін бетіне басып, оған шектеу қою қоғамның моральдық келбетін, адамгершілік деңгейін көрсетеді. Барлық бала сапалы білім алуға, әлеуметтенуге, қоғамға керек екенін сезінуге құқылы. Осындай жағдай жасай білген мемлекет, қоғам, мектеп инклюзивті бола алады. Соңғы жылдары бұл бағытта алға жылжу, даму бар екені қуантады.
Инклюзив білім берудің медициналық моделінен әлеуметтік моделіне, яғни психологиялық-педагогикалық қолдауға негізделген үлгіге көшу – қазіргі таңдағы негізгі мәселенің бірі. Нормативті деңгейде медициналық модельден кеткенімізді көрсететін прогресс байқалғанымен, практикада ондай өзгерістің иісі де сезілмейді. Оған дәлел – былтырғы жылы жүргізілген зерттеу нәтижесі. Білім беру ұйымдарының көбінде, өкінішке қарай, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға әлі де «ярлык» тағылып отыр.
Оларды еш қысылмастан «инклюзив бала», «инклюзив сынып», «ЗПР бала» және тағы басқа деп атай береді. Мұнда тұрған ештеңе жоқ дегендей қарайды. Қазір білім алушылардың сан алуан екенін, әрқайсына жеке ықпал ету керектігін, саралап оқытуды қолданудың өзектілігін түсінетін кез болды. Демек, инклюзив мектеп, инклюзив сынып, инклюзив бала емес, барлық баланың сапалы білім алуын қамтамасыз ету дегенді ұғыну қажет.
2021 жылғы 26 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заңда білім беру ұйымдарындағы психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі реттелетіні, білім беру ұйымдары басшыларының ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқыту үшін жағдай жасамағаны үшін жауапкершілік белгіленетіні көрсетілді. Аталған мәселенің өзектілігі мектептегі психологиялық-педагогикалық қолдаудың қажеттілігі мен осы бағытта тиімді ғылыми негізделген ұсынымдарды әзірлеу қажеттілігімен анықталады.
Инклюзивті білім беру орталығы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасына сәйкес 2021 жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында еліміздің орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды психологиялық-педагогикалық қолдауды мониторингілеу бойынша зерттеу жұмысын жүргізді. Зерттеудің әдіснамасы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғылыми-әдістемелік кеңесі талқылауынан өтіп, Нұр-Сұлтан қаласының орта білім беру ұйымдарында апробацияланды.
Сәйкесінше әдіснамаға тиісті өзгертулер енгізіліп, зерттеу құралдары жетілдірілді. Нәтижесінде 2021 жылдың қыркүйек-қазан айлары аралығында еліміздің арнайы іріктеліп алынған орта білім беру ұйымдарына іссапарлар ұйымдастырылды. Іссапар барысында педагогтердің инклюзия жағдайда жұмыс жасай білуі, білім беру ұйымдарындағы білім алушыларды психологиялық-педагогикалық қолдаудың жағдайы, қызметі, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға білім беруді ұйымдастыру бойынша құжаттар, жеке білім беру бағдарламалары мен жоспарларын әзірлеу тәжірибесі, ата-аналардың инклюзивті білім беру жағдайына қанағаттануы секілді мәселелер зерделенді.
Зерттеу нәтижесінде педагогтерге инклюзивті білім беру жағдайында білім алушыларды психологиялық-педагогикалық қолдау бойынша әдістемелік ұсынымдар, психологиялық-педагогикалық қолдау моделі және білім беру ұйымдарында психологиялық-педагогикалық қолдау қағидаларының жобасы әзірленді», – дейді Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Инклюзивті білім беру орталығының директоры Лаура Асқарқызы.
PS. Мүгедектік – бұл шектеу емес, бұл тек ерекшелік. Ал сол ерекшелікті түсініп, құрметтеу, оған жағдай жасау – өркениетті қоғамның белгісі. Мемлекет те, қоғам да бұл бағытта бірлесе жұмыс істеуде.
Әрбір азамат, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар да, өз өмірін толыққанды сүруге, армандарын жүзеге асыруға лайықты. Сондықтан мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасын тауып, олардың өмірін жеңілдетуге ықпал ете бермек.
Әділет МҰСАХАЕВ