Ұзын ата
1994 жылы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне құжат тапсырғаныммен жолым болмады. Жол болмады екен деп, ауылға қайтуға түк ықылас жоқ. Қолжазбаларымды көтеріп көк базарға қарсы орналасқан көпқабатты ғимаратқа келдім. Қазіргідей емес, ол кезде елімізде шығатын газет-журналдардың бәрі бір жерде еді. Бірінен шығып, екіншісіне кіріп жүре бересің. Оқушы кезімнен өлеңге таласым бар. Оған оқудан құлап қалғаннан кейінгі көңіл күйді ащы запыранмен жеткізетін сатирашалыс біраз дүние қосылған. Кірген редакцияма екеуін қатар ұсынам, қай жанр қолайларына жақса, соны жарияласын деген кеңдік бар көңілде. Кімнің қалай қабылдағанын жіпке тізсем, тақырыптан ауытқып кетейін деп тұрмын. Төтесіне көшейін, мені сол кезде «Жас Алаш» газетінің «Сүзеген сөз» атты сатиралық қосымшасын жүргізетін Жарылқасын Дәулет ағам өте жақсы қарсы алды. Шығармамды газетке шығармағанымен үйіне ертіп барды. «Сатириктерден кімді білесің, кімдерді оқыдың?» – деді жолай. «Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы, Ғаббас Қабышев, Үмбетбай Уайдин…» – деп тізе жөнелдім. Мектеп және ауылдық Мәдениет үйі кітапханасынан бұл авторларды ғана емес, талай кітапты тауысқаным рас еді. «Олай болса, мен сені сол ағаларыңмен таныстырайын. Батасын аласың!» – деді. Жүрек атқақтап кеткен. Кітабын ғана оқыған, атын ғана естіген ағаларды көзбен көру он жетідегі бозбалаға оңай тисін бе? Бір ойым, «Олар мені не қылсын?» деп, өзімді қомсындырып қойса, «Мә, қандай кісілер екен? Не айтар екен?» деген әуестік те жеңіп бара жатыр. Қысқасы, екеуіміз «Самал» ықшам ауданындағы (Бұл жайында Ғаббас аға «Кадр мәселесін… мәселе шешеді» деген кітабында: «микрорайонды», «ықшам аудан» дегенім кімнің құлағына жағарын, кімнің құлағына жақпасын бір құдайдың өзі білсін!» деп жазады.) зәулім үйлерге жетіп, алдымен Ғаббас ағамның шаңырағына бас сұқтық. Есікті бойы ұзын, арық та емес, толық та емес, тарамыс келген көзілдірікті кісі ашты. Екеуімізбен де жылы амандасып төрге оздырды. Дәл қазір нақты есімде жоқ, өзі әлде шешей айран мен тәтті нан алып келіп, шағын үстелге қойды. «Дәм ауыз тиіңдер» деп, өзі бастап дастарханға қол созды. Ол кезде айранды сораптап, нан қарбытып отыратын шама қайда? Тізілген кітаптарға, жазу үстеліне, айналама жалтақ-жалтақ қараймын. «Ештеңе жемедің ғой», – деді ағам. «Жедім, көп рақмет…» – дедім естілер-естілмес. «Атың кім дедің?» «Қанағат…» «Е, айналайын, Қанағат, тамаққа қанағатты болсаң да, оқуға, білімге қанағатсыз бол!» – деді. «Әумин!» – деп, Жарылқасын аға екеуіміз жарыса бет сипадық. Келер жылы журфакта өзіме сабақ берген ұстаздарым – Темірбек Қожекеев, Үмбетбай Уайдин ағаларыммен де сол кезде таныстым, үйлерінен дәм таттым.
Арада отыз жыл өтсе де сол сәт есімнен кеткен емес. Күні кеше белгілі жазушы, аға-досым Дәурен Қуаттан: «Ғаббас ағамыз тоқсанға келіп жатыр», – дегенді естігенде сол сурет санамда қайта жаңғырды. Әлі күнге дейін қоғамның қоясын ақтарып, келеңсіздіктерін қалт жібермей қадағалап, тиісті орындарға хабарласып, керек болса Президентке дейін хат жазып мәселе көтеріп отыратын, жемқорлыққа, сатқындыққа жаны қас сергек ақсақалдың өмірбаяны, кітаптары интернет заманында ешкімге таңсық емес қой. Сондықтан мен өзім көріпкелдік пе, неткен ұқсастық деп есептеген бір шығармасына аз-кем тоқталайын. Ол «Көзі ойнаған кісіден қорық» деп аталады. Үзіндіге үңіліңіз: «1986 жылдың желтоқсанында Алматыда біздің жастарымыз тоталитаризмнің тот басқан тәртібіне КСРО-да бірінші болып қарсы көтерілді. Сол кезде көзі ойнаған «көсемнің» ишаратымен әмір құлы колбиндер қару ала бас салды-ау» дейді. Есіңізге берідегі Жаңаөзен оқиғасы түспей ме? Бейбіт халыққа сол кездегі билік те қару қолданбап па еді?..
«Жауыздығы үшін ешқайсысы жаза шекпеді, қайта қолпашталды, жаңа портфель, жаңа кресло алды», – дейді. Мұны да ой таразыңызға салып, бағамдап көріңізші.
«Горбачевтің өзі берген еркіндікті өзі қанмен жуып өткені, ол қан-жараның жазылмай жатқаны да рас. Президенттің – Бас қолбасшының әмірінсіз әскер тырп етуші ме еді?! Тырп еткеннің аяғын аспаннан келтірер әмірші Президент – Бас қолбасшы емес пе еді?! Кейбір сойыл соғарлары: «Ол білмей қалыпты», – десті. Бекер! Өз басым сенген емеспін! Көзі ойнаған кісіге әсте сенуге болмайды», – дейді тағы бір үзіндіде. О, тоба! Көзі ойнаған бір кісі сіздің де есіңізге түсті ме? «Көп ақпараттар ол кісінің құлағына жетпейді ғой, жеткізбейді ғой. Әйтпесе…» деген балаң сенім бізде де талайдың көзін байлап қойған емес пе?
«Байтақ елдің берекесі кетті. Тұрмыс ауырлады. Арсыздық, алаяқтық етек алды. Қан арзандады»…
«Горбачев бұлардың біріндегі халық толқуын әскер күшімен, яғни қанмен басуға иек қағып отырса, біріндегі оқиғаға тіпті көңіл бөлмей отыра берді! Президент басымен екіжүзділік көрсетті, көзі ойнап, шұбыртпа бос сөзден танбады»…
«Мұның бәрі де – көзі ойнаған кешегі «көсемнің арқасы». Неге екенін білмеймін, мен көзі ойнаған кісіден қорқам»…
«…қуатты державаның қоймасында 1985 жылы жатқан 2500 тонна алтын қорынан 1991 жылы 240 тонна ғана қалдырған («Правда» газеті) «ұлы экономисте» ұят-түйсік бар ма екен, болып па екен?!»
Ең қызығы, бұл туынды 1991 жылы қазанда жазылған. Шамамен 35 жыл бұрын. Уақыт ауысты, тәуелсіздік алдық дегенімізбен, Ғаббас ағамыз сол кезде қозғаған дүние айна-қатесіз өзімізде қайталанды ғой. Бұл – қаламгердің көрегендігі ме, көзі ойнаған Горбачевті көлденең тарта отырып, отыз жыл ойрандаған жүйенің болашағына сол кезде жасаған болжамы ма? Оны өзіңіз таразыларсыз!
Ал, тақырыпты «Ұзын ата» деуіме Ғаббас ағаның өзі «кінәлі». «Әдебиет» порталында жарияланған «Қадырия» атты естелігінде Қадыр Мырза Әлі құрдасымен қалай танысқанын, достықтарын әңгімелейді. Сол жерде: «…«Қазақ әдебиеті» гәзетінің редакциясына қызметке орналасқаныма жарты жылдай болған. 1966 жылдың күзі. Бір күні, сағат 11 шамасында, бөлмеге аласалау бойлы, өзінен мұрны үлкен қараторы жігіт кіріп келіп, табалдырықтан бері бір аттап, тымпиып, жымиып тұра қалды да:
– Әй, ұзын Ғаббас, қысқа Ғаббасың қайда? – деді, төр жақтағы бос тұрған үстелді – жауапты хатшымыз Ғаббас Жұмабаевтың үстелін иегімен нұсқап.
…Құрдасымның сондағы айтуынан ба немесе өзінен-өзі қалыптасты ма, әйтеуір, редакцияда содан былай: «ұзын Ғаббас», «қысқа Ғаббас» деген атау шықты» дейді. Осы естеліктің шынайы жазылғаны, Кеңсайға құрдасын жерлей барғандағы ой-толғамы жақсы әсер сыйлады. Араларындағы есепсіз көңіл, зілсіз әзіл-қалжың толқытты. Содан құрдасы қойған атты сәл өзгертіп, ағам өткен күндерді тағы бір шарлап шықса екен деп шештім.
Қанағат Әбілқайыр