Айдан түскен адамдай

Менің ұғымымда қаламгер досым Адам Мекебаев осы теңеуге әбден лайықты, «өгіз бұзаулап жатыр» десең сенетін, қожанасырлығы бір басына жетіп-артылатын адам еді. Бүкіл болмысымен өмірі үйлесімсіздіктің үйлесімінен тұрғандай көрінетін. Ертедегі грек мүсіншілері сомдаған мүсін келбетті, алып тұлғалы, жүзінің мейірімнен гөрі сұсы басымырақ досымның бітімі – жазушының емес, Қызылқұм мен Ауған арасына тынбай жортуыл салатын аламанға лайық бітім еді. Жаратқанның пендесіне қалай да таң қалмассың, сырты мен іші үйлесетін адамдар да, мүлде үйлеспейтін – сырты бір басқа, іші бір бөлек адамдар да бар. Осындай батырға ұқсаған сырт кейіпі құтыңды қашыратын Адам – ақкөңіл, адал, бала мінезді еді.

Өзі бізге екінші курста Қызылордадан келіп қосылды. Факультет ішінде бір группадан екінші группаға ауыса алмай жүргенде, бұл болса шалғайдағы Қызылорданың педагогтік институтынан Қазақ Мемлекетінің бас университетіне оп-оңай ауысып келе салды. Осы қарабайыр аңқауыңның біз білмейтін бір қолдаушысы болды ма деген ойға да қаламын. Ойға алғанын болдырмай қоймайтын қайсар мінездің бір көрінісі болса керек. Оны айтпағанда жігіт ағасы жасқа келгенде қазақы әрі терең мағыналы, әрі әп-әдемі Ұзақбай атын Адамға өзгерте ме? Университетте оқып жүргенде Ұзақбай еді, Қызылордаға барып қайтты да Адамға айналды. Ол күні кешеге дейін, арамыздан кеткенше қос мекенді сияқты қос атпен – Ұзақбай – Адам, Адам – Ұзақбай атанудан танбады. Ал «Атыңды неге өзгерттің десең?» – тоқтай қалып әргі тарихтан бүгінге дейінгі ұзақ лекция бастап кетер еді. Тірлік қамымен тызақтап, мұрныңа су жетпей жүргенде лекция тыңдау қайда, неше рет бастасақ та әңгіменің аяғына шыға алған емеспіз. Сүйтіп, не себепті Адам атанғаны маған жұмбақ қалпы қалды…

Қызылордадан қайтып келіп, әдеби еңбекке бел шешіп кіріскен кезде, алғаш жазған көлемді еңбегін – «Қазына сыры» романын оқуға берді. Романының тілі ауырлау, ара-арасында оқиғалардың байланыспай тұрған алақол тұстары баршылық екен. Сондай бір олқы тұсқа шүйліге бергенімде: «Ол айтып тұрғаның түкке тұрғысыз нәрсе. Ертең Гүлжамал қайта оқып, редакция жасағанда жөндеп жібереді» деді беті шылып етпей. Мен аңырғаннан аузымды ашып қалдым. Әйелім тұрсын, біреуге бір сөзімді сеніп тапсырған жан емен. Ал Адам досым болса, өзі жазбай кеткен жерді әйелім – Гүлжамал жазып жібереді дейді. Құлағыма сенейін бе, сенбейін бе? Бірдеме дейін деп едім, ал кеп өңмендеп ұрыса жөнелсін. «Ылғи қазақшаға мақау, орысша оқыған әйел аласыңдар. Ол әйелдер шығармаңды оқымақ түгіл не жазып жатқаныңды да білмейді. Ал менің әйелім бірінші көмекшім, керек десең бірінші сыншым. Гүлжамал деген керемет редактор ғой. Өзім келістіре алмаған жерлерімді жылмитып жібереді» деп, бұрынғысы аздай, ал кеп көсілсін. Не айтарымды білмедім. Иә. әдебиет тарихында қаламгерлерге көмектескен әйелдер болған. Ұлы Лев Толстойдың қолжазбаларын көшірісуге қолқабыс еткенде, әйелі София Андреевна шығарманың кейбір тұстарын өңдеп жіберіп отырған. Ұлы Шолохов қолжазбасын көтеріп Мәскеуге келгенде, алдымен іздейтіні жақсы редактор екен. Ол редактордан қолжазбаны жөндеуде өзімен бірге жарыса жұмыс істеуді талап еткен. «Сөзіме тиіспе» деп, байбалам салатын біздің қаламгерлер ғой, жазғандары тізіліп тұрған саф алтындай-ақ. Бұл жөнінен Адам өзгелерден оқшауырақ еді.

Досымның жазғандарын машинкаға басатын да, оларды редакциялайтын да Гүлжамал екеніне кейін көзім жетті. Қаламгер дегенің намысқой халық қой, біреудің жәрдемдескенін мойындамайды, бәрін өзі істедім дейтін. Мұндай шындықты айта алатын Адам ғана еді. Бірде кезекті бір повесінде теңеулерді баттастыра қолданып, сөз оралымын қиындатып жібергенін айта келіп, ақындардың тілі үйірімді әрі жеңіл болатынын астарлап ұғындыру үшін: «Осы сен өміріңде өлең жазып көрдің бе?» деп сұрағаным есімде. Былайша әділеттен айнымайтын Адамның мені өзімсіне ме, бірге оқығанымызды малдана ма, бөсе жөнелетін әдеті еді.

– Әй, Әнаға, ол не дегенің? Мен дегенің ағып, төгіліп тұрған ақын емеспін бе?.. «Аралдағы жеңеше» әнінің сөзін мен жазғам. Сазы қандай, сөзі қандай! –  Ол тамсанып қойып, ойнақы әдемі әнді шырқап алып, әннің туу хикаясын баяндап кетті… – Арал қаласында қонақта отырғанда, композитор Нұрғиса ағамыз үй иесі жеңгейдің мінезін, көркін мақтай берген соң, отырғандардың бірі «Құр мақтамай бермей, сөзіңіздің растығына көзіміз жетсін, ән арнаңыз! – демей ме? Нұрғиса орнынан тұрып, фортопионаға барып, қиялға сүңгігісі келгендей, музыканы оңды-солды құйқылжыта ойнап, жынын шақырған бақсыдай бір күйге енді. 20-30 минуттай өткенде, әлгі желді күнгі дауылдай дүрліккен дыбыстардың арасынан бір әдемі саз бөлектеніп шыға береді. «Аралдағы жеңешем» әні осы еді.

Ақыны көп Қызылордада осы отырыста Адамнан басқа сөз қуған адам болмай шығады.

– Нұрағаң жаңадан шығарған әнін ыңылдап екі рет айтты да, бала сөзін тез жаз. Әнді жеңгей мен қолқалаушылардың қолына дайын күйінде тапсырып кетейік! – деді, деп еске алады Адам. – Жақсы әннің әсерімен шабыттанып алған менде не тұрыс бар, табанда сөзді құйдым да тастадым!

Арада төрт-бес жыл өткенде досым бұл оқиғаны басқаша жырғады: «Қой, құрсын, өлең деген таза азап екен ғой. Жападан жалғыз дала кезіп кеттім. Хабаршылар: «Не болды? Біттіңіз бе?» деп сұрап кетеді. Әлгілерге ызам келеді. Әйтеуір қас қарайып, күн де батты, мен де әннің сөзін бітірдім. Содан кейін өлең жазбай кеттім!» дейді. Осы соңғы сөзінде қандай да бір ақиқат бар сияқты.

– Қиналған шығарсың. Бірақ табиғи ақындығың бар ғой. Әйтпесе «Аралдағы жеңешем» шыға ма?.. Бірақ әдебиетте өлеңмен емес, прозамен көріндің. Неге өйттің? – дегенімде: – Қызықсың, Әнаға!.. Біліп тұрып әдейі сұрайсың?.. Дүниеде Нобель сыйлығын алған неше ақын бар. Бірлі жарым ғана. Нобель сыйлығын алғандардың барлығы прозашылар. Прозаның бағы жанып тұр емес пе?.. Құласаң – нардан құла демей ме?

Менің Адам досым осындай глобальды ойлар ойлайтын. Оның бұл сөзін дәмеленбестен дәмелену деп ұшқары ойлап қалмаңыздар, оның мәні әдебиеттің басты бағытының өміршең тамырын дәл басуында жатыр.

Егемендік келген соңғы 20 жыл аумағында Адам әлеуметтік-саяси, қоғамдық-социология тақырыбына көптеген мақалалар жазды. Ол ізденістердің түпкі мақсаты қалай ел болу, қандай жолдармен даму, неден бойды аулақ салып, ұлтқа зиянын тигізетін ор-оппалардан қалай айналып өтудің айла-амалдары еді. Мақалары саяси, әлеуметтік терминология мен жаңа ұғым, соны тұжырымдарға тұнып тұрған-ды. Мен Адам досым мына тақырыпты қалай игеріп жүр, мынау дегенің біреулер өмір бойы айналысып, түбіне жете алмайтын өз алдына бір ілім ғой деп ойлаушы едім де, мұндай шеттен тысқары тосындыққа ден қою үшін Адам Мекебаев болу керек деп түйетінмін. Иә, оның елден бөлек жайылатыны бар еді. Ал енді осы мақалаларда қандай ғажап ойлар болды. Оларды телеарналардан саяси шолушылар жиі қайталап айтып жүрді. Бірақ бірде-бірі бұл ойдың не концепцияның авторы Мекебаев екенін айтпады. Бізде тың ойларға мінгесе кетіп, меншіктеп ала қою деген жақсы дамыған ғой.

Мен Адамның өзімен «Сен өмірге не ерте келгенсің, не уақытынан кеш келгенсің» деп ашық әзілдесетінмін. Ол біреулердің басына өмірінде түнемеген ғажап ойларды қашан, қай уақытта, қандай жағдайда айтуды білмейтін. Сондықтан оның ойлары сол бойда елеусіз қалып, екіншілер іліп әкететін. Оның осындай қожанасырлығы болғанмен, ұлттық қоғамдық ойымыздың ілгері басуына Адам мақалаларының септігі аз болмады.

Бір қызығы қатар оқып, қатар жүрген жылдары ауыратынын және қандай ауырумен ауыратынын тіс жарып айтқан емес. Есесіне, ол менің жұмыста талай сырқаттанып отырғанымның үстінен түсті. «Медицинадан надансыңдар, денсаулықты күту дегеннің не екенін білмейсіңдер!» деп ылғи ұрысып кететін. Өзінің теңдесі жоқ, тәуіп, тамыршы, шөптен дәрі жасаушы емші екенін мақтанышпен айтатын. Бұл орайдағы сөзіне онша мән бермейтін едім. Қиялданған қаламгер не демейді, болмағанды болды деп соға береді. Бірде ол «Барлық ауырудан бір ем ғана бар!» деді. Елең ете қалдым. Емнің де оңайына жүгіретін әдетіміз ғой. «Ол не?» дедім жұлып алғандай. «Ол ашығу, достым! Ашығу! Ашыққан ағза өз-өзін жейді. Ауруды бірге жейді!» деді. Осы ойы есімнен кетпеді. Шынында жаны бар концепция көрінді. Ашығу туралы әртүрлі кітаптарды оқи жүріп, Адам досымның айтқаны рас екеніне көзім жетті. Ақыры Адамның айтқан тәсілімен екі апта ашығып, 7 кг салмақ тастап, көңілім жадырап, бойым жеңілдеп, жүрісім ширап сыптығырдай жігіт болып шыға келдім. Сол екі арада командировка басталып кетті де, таз қалпыма қайтып келдім. Бірақ досымның берген сабағын жадымнан шығарған емеспін.

Сүйткен, «барлық ауырудың» емін білетін досым өз ауруынан сақтана алмады. Міне, мен жер басып, марқұм болған ол туралы естелік жазып отырмын.

Топырағың жайлы болғыр қаламдас жолдасым: ата-бабаларының бай болғанын, колхоздастыру алдында Иранды беттеп қашқандарын, сол сапар тең-тең алтын артып жүріп, оларды алып кете алмайтындарына көздері жеткен соң, шағылды құм арасына көмгендерін, сол алтынды іздеп талай сапарға шыққанын, қазынаны көмген жерді, қазылған ұраларды да тапқанын айта келіп тоқтап, арғы жағын айтпайтын. «Әй, таптың ба? Айтсаңшы?» деп төнгенімде, бетті теріс қаратып әкететін де қоятын. Таппаған, бірақ табудан үмітін үзбеген адам сияқты көрінетін. Осы жағдайлар тиіп-қашты шертілетін «Қазына сыры» романында «Ең ұлы қазына алтын да, күміс те емес, ұлы қазына Отан, туған жер!» деп түйеді автор. Тосын күрмеулі көркем шешім деген, міне, осындай болмақ!

Адамның қайтарынан бірер жыл бұрын Астанаға көшкенін білесіздер. Отбасы, бала-шағасымен үйге келді, қалай қоныстансам екен деп ақыл сұрағалы келдім. Тегі, сенің жаныңда болсам, маған жарасар еді деген сыналы әңгіме өрбіді. Мен есікпе-есік қарсы тұрған, бітпеген, сатылатын үйді нұсқадым. «Бары үйдің төрт қабырғасы ғой, шатыры да жоқ. 20 мың доллар сұрайды. Түсетін шығар» дедім. Ол күрек ізі түспеген тың, жаңа орыннан жаңа үй салғысы келетінін айтты. Әңгіме соңы өзің білесіңге тірелді. Ол кетерде: «Жылы орныңнан қозғалып, Астанаға неге келдің?» деп сұрадым. «Сен бар, Төлен бар, Қажығали бар. Шындығында сендерді сағынып келдім!» деді. Иә, біздер бірге оқыған, бір үйірдің адамдары едік. Сөзінде жан болса керек.

Біз ауылдан үй салып, қаланың сыртына көшіп кеткенбіз. 30 шақырымдай жер. Соның өзі қалаға келіп-кетуіңе кәдімгідей бөгесін. Оған қоса аяқ үсті ыңқыл-сыңқылым көбейіп, үйкүшіктеу болып алдым. Екі-үш жиналыста ғана жүздесіп, аман-саулық сұрастық. Төлен мен Қажығалидан «Адаммен хабарластыңдар ма?» деп талай сұрадым, араластары шамалы екен. Әр адам өзінше бас бағып кеткен заман. Зейнеткерлік жұпыны тірлік. Және 70-ке келіп, қалт-құлт еткен шақ дос, жолдас іздейтін жас емес. Адам да Астанаға бір кезде бірге оқыған достары бізді іздеп келмеген шығар, Астанада қызмет істейтін балаларын сағалап келген болуы керек. Сүйтсе де, қаламгер досымызға лайықты ілтипат көрсе алмадық па деп ойлаймын.

Адам ауырып қалып, Алматыға қайта көшті. Әйтеуір жаңа баспананың кілтін алып үлгеріп, оның қызығын көруге жарамай, қош айтысып жүре берді. Үлкейген жаста көшіп-қонған біреуге жағады, біреуге жақпайды. Адам досыма Астана жақпады. Қазақ әдебиеті «Алып шоғыр», «Алтын ғасыр» дәуірін бастан кешті. Осынау әдеби-мәдени процестің ту ұстаған көш бастаушылары, қоңыраулы керуеннің ауыр жүгін теңдеп көтерген қара нарлары, «алып шоғырдың» шашбауын көтеріп, соңына ілесіп қара көбейтушілер де аз емес. Қалай дегенмен де, осынау ұлтымыздың рухани рухы тас түйін боп жинақталған ұлы көшке ілескендер бақытты, ілесе алмағандар – бағы жанбай, жолы болмағандар. Адам Мекебаев осы сырлы керуеннің басында не аяғында деп, орын кесіп бермейін, әйтеуір осы шоғырдың ішінде. 1990-2013 жылдар аралығында жарық көрген роман жанры туындыларына академиялық сараптау жасаған Ұлттық Академияның Әдебиет және Өнер институтының белді қызметкері, әділетшіл әрі биік талғамды доктор, профессор Шерияздан Елеукенов және тағы да басқа әдебиет сыншылары Адам Мекебаев шығармаларына талдау жасап, оның шығармашылығын әдебетіміздің активіне, яки табыстары қатарына жатқызған. Бағаның үлкені осы болмақ. Мекебаев еңбегінің босқа кетпегенінің айғағы! Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болып, рухың көкте шалқысын, қаламдас досым Адам.

Әнес САРАЙ




ПІКІР ЖАЗУ