Қадырғали Көбентай: Қырсықтық мінез емес – қарсылық
Қадырғали Көбентай – ел ішіне кеңінен тараған «Елге сәлем» (сөзін жазған Ибрагим Иса), «Өнер адамы» (Есенқұл Жақыпбеков), «Махаббат мұңы» (Шолпан Әділқызы), «Қарадым», «Сайтан көбелек» (Гүлнәр Салықбаева), «Ұнайды» (Айдана Сегізбаева), «Жоғалтып алма сен мені» (Алмат Исәділ) атты әйгілі әндердің авторы. Әнші, композитор. Сұлу сөзге сазды әуендер жазатын Қадекең – өнердегі талғампаз тұлғалардың санатындағы саңлақтың бірі. Ол – табиғатынан кіді, кірпияз адам. Сахна мен кино әлемін жаулап, ән өнерінің бәсін төмендетіп жүргендерді «тобырлық мәдениетті қалыптастырды» деп, ашық шенейтін сыншы композитормен сұхбаттасып, ой бөлістік.
Д.Қ: – Қада-аға, сізге ұнамайтынын білемін, әйтсе де, әңгімемізді осы күні өнер адамының есім-сойын елге жеткізуде жетекші орынға шыққан жарнама дегеннен бастайықшы. Сіздің әндеріңіздің бәрі көңілді тербеп, жүректі баурап алатын әндер. Өзіңіздің жеке орындауыңыздағы әндеріңіз болсын, Тұңғышбай Жаманқұлов пен Мейрамбек Бесбаев сияқты сахна мен ән өнерінің саңлақтары шырқап жүрген әндеріңіз болсын – құлақтан кіріп бойды алады. Ал, әндеріңізге құрметі ерекше ел іші болса, сізді не үлкен сахналардан, не телеарналардан, тіпті анау YouTube арналардан да көп көре бермейді. Клипке мүлде жолмайсыз. Неге? Неге сіздің жарнамаңыз кем?
Қ.К: – Алдымен сұхбатқа шақырғандарыңа рақмет айтып қояйын! Ал, жарнама мәселесіне келсек, жарнамам жаман емес сияқты. Жалпы біздің халық өнер адамын бір-ақ амплуадан көреді ғой, ол не әнші, не актер, не композитор болуы керек деп ойлайды, сосын көшеде кездесе қалса, ойланып тұрғаны, шатасып: «Бұл кісіні кинодан көрдім бе, жоқ сахнадан көрдім бе?» деп. Содан шақшадай басына сан сұрақты сыйғыза алмай қиналады. Ал, Ютубта өткізген кештерімнен бастап, мен түскен сериалдар, кинода сомдаған рольдерім, берген интервьюлеріме дейін өріп жүр. Қызыққан жұрт қайырып әкеп, қайталап көре берсе болады. Ол аз болса, әнші Шахизаданың клипіне түскем, оны да тауып алуға болатын шығар. Ал, өз әндерімді клипке айналдыру ойда бар, қаражат мәселесін реттесек, оған да кірісеміз.
Д.Қ: – «Жарнамам жаман емес сияқты» дейсіз. Қазіргі жұрт өзін-өзі жарнамалауға көшкен. Мысалы, сіздің өнердегі әріптестеріңіздің дені, кейінгі жастарды айтпаймын, сізбен жасы құралпас, заманы бір әншілер түрлі әлеуметтік платформаларда отыр. Бірін Инстаграммнан, енді бірін Ютубтан, тағы бірін Тик-токтан үнемі көреміз. Ал, сіз концерттеріңізде тіпті видеоға түсуге қарсысыз. Сіз барда, кабакта ән айтып отырған жоқсыз ғой, саханада отырсыз. Жанкүйер тыңдарман (көрермен) сахнадағы салған әніңізді көпке таратса, оның не сөкеттігі бар? Осыны түсіндіріп беріңізші пақырыңызға?
Қ.К: – Әлеуметтік желілердің, Тик-токтан басқасының бәрінде бармын. Ең қызығы, біздің халықтан гөрі, шетелдіктер көп ақтарады парақшамды. Тіпті, басқа мемлекеттің әлемге танымал өнерпазы (аты-жөнін жазып, мақтанғандай болмайын) тікелей хат-хабар алысатын Фисбуктегі жеке жәшігіме былай деп жазыпты: «Парақшаңыз маған қатты ұнады, әсіресе салған суреттеріңіз керемет!». Бұл пікір ол өнер адамының эстетикалық талғамының жоғары екенін білдіреді.
Студент кезімде бірнеше ғылыми конференцияға қатысып, баяндама жасадым. Алғашқы тақырыбым: «Қазақ театрларындағы эстетикалық талғам» болды. Халық театрға осы эстетикалық талғам үшін барады. Ал, біздің қазекем театрға, концерт залдарына рухани байлық үшін емес, демалуға барады (өз сөздері). Тіпті, концертіңізге араққа тойып алып келетіндер де бар. Демалғысы келетіндер курортқа барсын, болмаса, монша, мейрамхана дегендер толып жатыр, соларға барсын.
Ертеректе, ұлтымыз дарақыланбай тұрған кезде, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін, әлеуметтік желінінің жете қоймаған кезінде, халықта сәл де болса мәдениет бар еді. Сахнада тұрған өнерпаздың дәл қарсы алдына кеп ешкім суретке түсірмейтін, фото-рәсім жасау үшін алдын-ала рұқсат сұраушы еді. Соның өзінде бір жақ қырынан ғана түсіруші еді фотокамераға. Концерттерімде мені біреу телефонындағы бейнетаспаға тартып, оны әлемжеліге таратуына қарсымын. Біріншіден, кештерімнің барлығын телеарналардың кәсіби журналисттері келіп түсіреді, монтаж жасалады, сосын эфирге жіберіледі.
Екіншіден, сахнадағы өнерпаз – ол тірі адам ғой! Жөткірінеді, жөтеледі, тіпті артық сөз айтып қалуы мүмкін. Бұл арада адами факторды да ұмытпауымыз керек емес пе?!. Өнер болғасын, ол эфирдегі көрерменге эстетикалық талғамы жоғары болып жетуі керек! Ал, біздің «жұлдызсымақтар» ішкен-жегендерін, зәулім-зәулім үйлерін, сатып алған қымбат көйлектерін, қатты аязда мұрынның астына қатып, жарыққа кіргенде жылтырайтын маңқа сияқты әшекейлерін, бір-бірін өтірік мақтап, жағымпаздықтың жоғары үлгісін көрсететін видеолар салады желілерге. Ал, соның соңы не болды? Жүйесіз сөйлеп, оспадар пікір білдіретін, не айтып, не қойғанын өзгелер түгілі өзі түсінбейтін тобырлық мәдениет қалыптастырды.
Д.Қ: – Досыңыз, марқұм Асқар Наймантаев: «Қадырғалидың үсті толған тікен. Бірдеңе айтсаң тікен инелері тікірейіп шыға келеді. Тұрған бойы қырсық», – деп күлдіріп жүруші еді бәрімізді. Асекеңнің қыжыртып, «қырсық» дегені сіздің шындығында қырсықтығыңызды емес, тәкаппарлығыңыз бен тарпаңдығыңызды мегзегені сияқты. Алайда, бүгінгі заманда деймін-ау, өнерде тым талапшыл, тым тәкаппар, тарпаң болу қиын емес пе?
Қ.К: – Тәкаппар емес, талап, талғам, тарпаңдық пен еңбек – осы аталғандардың бәрі тек өнер адамына ғана тән қасиеттер ғой, негізі. Әлихан Бөкейханов: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден!», – дейді. Мінез болмаса, өнер қайдан шықпақ?
Жалғыз Асқар емес, барлық курстастарым «қырсық Қадырғали» дейді мені.
Бір әңгіме айтып берейін, көңіл көтере отырайық, бірақ күлетін де нәрсе емес ол өзі.
Бір жылдары «Терісқақпай» комедия театрымен гастрольге шығып, Ақтөбеге бардық. Пойыздан ең соңғы болып мен түсем, өйткені ән салғанда киетін киімнен басқа жеті костюм алып жүрем рольдерге арналған. Сөмкем ауыр, ол аз болса, футлярімен гитара бар бір қолымда. Мен мықшыңдап сыртқа шыққанша, перронда адам қалмапты, барлығы вокзалдың арғы бетіне өтіп үлгерген, тек мен, және қарсы алдымда бетіме күлімсірей қарап жап-жас милиционер жігіт тұр. Жүзі жылы болғасын, тым болмаса, бір затымды көтерісер, көмектесер деген оймен жақындай беріп едім:
– Тоқтаңыз! – деп саңқ ете қалды әлгі жігіт. – Мына қораптың ішінде не бар? – Жылы жүзді милиционерім гитараның футлярын көрсетті.
Басымда қара шляпа, үстімде қара былғары ұзын плащ, көзімде қара көзілдірік, қысқасы қап-қара киінген мен көзіне гангестер сияқты көріндім-ау, шамасы. Мен де асықпай заттарымды қасыма қойып, темекі тұтатып, бетіне ұзақ қарадым да:
– Граната! – дедім. Түсінбей қалды, гранатаның жарылғыш зат екенін барынша ұқтыруға тырыстым. Ол да жылдам екен, рациямен шұғыл дабыл қағып, әп-сәтте мені оншақты милиционер қоршап алды.
– Ашыңыз! – дейді олар бұйырып, мен бала-шағам бар екенін ескертіп, нақақтан өліп кеткім келмейтінін, одан да сапер шақырғандары дұрыс екенін айтып қақсап тұрмын кәнігі қылмыскердей. Ал, біздің ұжым арғы бетте күтіп тұрған көліктерге жайғасқасын, мені іздей бастайды, ақыры теміржол вокзалынан таба алмаған соң, Асқар мен Ұлан Нүсіпәлиев келді мені іздеп. Оларға қоршап тұрған құқық органдарының өкілдері мән-жайды түсіндіріп, енді саперді күту керектігін ресми түрде жеткізген кезде, шыдамдары шыныдай шашылған Асқар мен Ұлан бірі сапер, бірі минер екенін дәлелдеп, футлярды екеулеп ашып, ішінен гитараны суырып алды. Ең қызығы, гастрольді ұйымдастырып, күтіп алып, шығарып салу, жатын орын, тамақтандыру, тіпті билеттерді өткізуге дейін өз мойындарына алып, осы шараға жауапты болған мекеме – облыстық ішкі істер басқармасы еді. Кешкі концертте бұл мәселе сахнадан айтылды тағы. Араға біраз жылдар салып, Ақтөбеден Атырауға жол жүрерде, вокзалда облыстық ІІБ бастығын кездестіріп, екеуміз мәре-сәре боп, Басқарма бастығы әңгіме арасында сол жағдайды есіме салып, біздер кеткесін әлгі милиционер жігітке қатаң сөгіс берілгенін, ол аздай жұмыстан қуылғанын күліп тұрып жеткізді маған. Күле алмадым, жүрегім ауырды, мына қиын заманда жұмыссыз жүру кімге жеңіл? Отбасы, бала-шағасы бар шығар, пәтер жалдап жүруі де мүмкін ғой…
Қырсықтық мінез емес, ол өзіңді қоршаған ортаға, өнердің мамандық емес, ғылым екенін түсінбейтін дүбәра даңғойларға, қағынан жеріген жетесіздерге, бәрінбілгішсымақтарға, сыншысымақтарға, надандарға іштей көрсететін қарсылық!
Д.Қ: – Сіз үзбей көркем шығармалар оқуға уақыт тауып жүресіз. Поэзияға әсіресе ынтықсыз. Ақындармен араңыздағы достығыңыз үлгі боларлықтай. Жақсы көретін ақыныңызбен жақын араласасыз. Не үшін? Ақынды тани түсу үшін бе? Ақынның табиғатымен үйлесу үшін бе?
Әніңізді орындайтын әншіге қандай талап қойсаңыз, ақынға да сондай талап қояды екенсіз. Мұныңыз өте дұрыс. Айтыңызшы, әндеріңізге өлеңді (мәтінді) қалай таңдайсыз? Қандай күйде, қандай сәттерде таңдайсыз? Осы сұрақтараға жауап бере отырып, сыйлас, сырлас ақынмен арадағы шығармашылық байланыстарыңыз туралы әңгіме айтсаңыз да болады.
Қ.К: – Прозаны да, поэзияны да жақсы көремін. Туған халқының асқақ өнерінен өлердей жерініп, өгейдің өнерсымағын өз халқына тықпалайтын өнерпазсымақтардан ақ көңілі қарая бастаған, нағыз өнерге ынтық, даңғаза даңғойлардан жалыққан жанның өзі байқамаса да, атасының қанымен, анасының сүтімен келген алпыс екі тамырындағы ыстық қан ұлттық болмысты іздей бастайды. Ақыры айналып бәрі Тілге келіп тіреледі. Ал, көркем де ойлы тіл Жазушының шығармасынан, Ақынның өлеңінен табылады. Мен де сол жолмен келе жатқан көп пенденің бірімін. Жазушы, болмаса, ақын, шығармасын шынымен мықты жазса, жақын араласқан дұрыс, келе-келе болмысын ұғасыз, мықты суреткерден өзіңізге де көп дүние аласыз, керемет өнер адамы болып кетпесеңіз де, жаман қасиеттен арыларыңыз хақ! Ақындармен етене араласқасын, тек солардың өлеңдеріне ән жаза береді екен деген түсінік қалыптаспауы керек, жазушыларды да сахнаға алып шыққам. Мысалы, Бердібек Соқпақбаевтың жетпіс жылдығында шығармаларынан монолог құрастырып, сахнада ойнадым. Болашақта моноспектакль бергім келеді. Кезінде Болат Атабаев марқұм жалғыз менің қатысуыммен моноспектакль қойғысы келіп еді, мен кетіп қалдым театрдан, артынша өзі де кетті. Жазушы да, ақын да көркем дүние жазады, ол көркемдік өнерге қажет-ақ! Өнер көркем болмаса, өнерден ұлттың болмысы мен келбеті көрініс таппаса, оның несі Өнер?!
Д.Қ: – Сіз осылай дейсіз. Ал, бүгінгінің кәрісі де, жасы да әннің әсерлі, сұлу, ойлы сөзіне мән беруді қойды. «Қара көйлек», «Жылтыр көйлек», «Кетті, лақты, тыңдамайды ол» деп лағып жүр.
Қ.К: – Ол рас, бүгін сұлу сөздің сәні де, мәні де, сиқы да кеткен сұрықсыз кезеңге тап келдік. «Желбіреген қастарың» дегенді де құлағымыз естіп жүр, масқара! Ел күледі оған, ал мен жылай жаздап отырам.
Сорақының сорақысы осындай-ақ болар.. Қырсық болудың бір пайдасы, осыларға ерегескенде, поэзияның ең ғажабын әнге айналдырам деп өзіме серт бердім және сол үдеден шығып келем деп ойлаймын. Гүлнәр Салықбаеваның мына өлеңін тыңдашы:
Қап-қара түнге қарадым,
Қарадым-дағы қартайдым.
Бетеге болып барамын,
Аршасы едім Алтайдың!..
Қып-қызыл Күнге қарадым,
Қарадым-дағы өрт іштім..
Бу болып ұшып барамын,
Тамшысы едім Ертістің!
Қоп-қоңыр жырға қарадым,
Қарадым-дағы жыладым.
Қағанағы қарқ қарағым,
Ести ме сенің құлағың?..
Тіршілік деген тілазар…
Көрмейін десем, көзім бар!
Бар болсаң, егер, сұм ажал,
Өлеңімді алма, өзімді ал!
Ғажап қой! Бұл өлеңге ән жазам деп қиналмайсыз, өзі романс, өзі сөйлеп тұр. Кәуешегіңізде титімдей болса да іліп алар бірдеме қалса, онда ән-романс өзінен-өзі шығады. Тыныштықбекті, Ұлықбекті, Гүлнәрді, Маралтайды, жас ақындарды да жиі оқимын. Қазір Ержан Алаштуған деген ақынмен «ауырып» жүрмін. Жақында Ерлан Жүністің «Шіркін, сенің жүрегің» деген тағы бір өлеңіне де ән жаздым. Ғұмырым жеткенше қазақтың көркем де терең, іріктелген керемет поэзиясын әнге қосамын, тамаша туындылар әлі алда!
Д.Қ: – «Тамаша» деген сөзіңді бүгінгі таеатр мәселесіне қарай бұрып әкетейін, Қад-аға. Соноу бір жылдары «Тамаша» шынымен тамаша болып тұрған кезде, Құдайберген, Мейірман, Уәйіс, Тоқсын ағалардың ізін баса сахнадан көріндіңіз. Әзіл-сықақ әлеміне жақындығыңызды әйгілеп, жастай танылдыңыз. Кейін Асқар Наймантаев, Ұлан Нүсіпәлі бар бәріңізді «Терісқақпай» комедия театрынан көріп мәз болып жүрдік. Десе де, өткенге – салуат. Сұрағым: қазіргі әзіл-оспақ театрларының репертуарларымен таныс шығарсыз? Пародия жанрына жан бітіріп, тәп-тәуір келе жатқан «Өнер қырандары» сахнаны діни уағыз айтатын немесе айналдырып әкеліп дінді орынды-орынсыз тықпалайтын алаңға айналдырып алды. Өткенде 30 жылдығын Республика сарайында атап өткен «Шаншардың» артистерін көрермен сахандан қуып түсіруге шақ қалыпты деп естідік. «Бауыржан-шоудан» бөлінген Әбунасырдың театры квэншиктердің айқай-ұйқайынан арылып, жақсы өнер көрсеткенін көре алмай келеміз. «Алдараспан» да Нұржан Төлендиевтің ойындарына ғана ыңғайланып, Нұржан – Туканың өзін-өзін қызықтауы мен қайталауына ұрынғанға ұқсайды. Бұларға не болды? Әлде мен әзіл-сықақ тетарлары туралы бір жақты пікірдемін бе?
Қ.К: – «Бауыржан-шоудың» да, «Терісқақпайдың» да басы-қасында болғанымды мақтан тұтам. «Бауыржан-шоу» жақсы басталып еді, біраз жанрдың басын қосқан (мысалы, эксцентрика, клоунаданың элементері болды) тәп-тәуір стильді театр еді, кейін екінші «Тамашаға» айналып шыға келді. Ал, «Терісқақпайды» өзіміз жастарға өткізіп бердік, өйткені мен жеке кеттім, Ұлан мен Дархан театрға кетті дегендей… Біздің соңымыздан «Терісқақпайда» қалғандарға кәсіби сауат жетіспеді. Таза сауат болмағасын барлығының да ғұмыры қысқа болмақ. Түбі барлығы жабылады, жабылмаса да, қызықты ештеңе бере алмайды халыққа. Өнердің қай түрі болса да, үнемі ізденіс үстінде болмаса, ұзақ бармайтыны хақ, сондықтан олардың ешқайсысын қарамаймын, жүйкемді тоздырып қайтем. Олар тұрмақ, академиялық драма театрларларының өзінде халтура басталды қазір. Халтураны қойып, сахнаға боқтық сөздер шықты. Былтыр «Шам» театрының қойылымына барып, басыма қан құйыла жаздап қайтқам. Қазіргі ең «керемет» режиссер атанып жүрген Фархад Молдағалиев деген інім бар менің, сол «Иран конференциясы» деген тамаша қойылым жасаған екен, соған бардым ғой. Шынымен жақсы, актерлерді дұрыс таңдаған, режиссерлік шешімі Фархадтың ғажап-ақ, бірақ боқтық бар сахнада, онда да тағы қыз баланы боқтайды ғой…
Айтары таусылған, өзінің актерлік шеберлігіне күмән келтіре бастаған актер боғауызға көшеді, ондай артисті сахнадан қуу керек, одан ешуақытта өнер адамы шықпайды, көп тілбұзардың бірі боп қала бермек. Оған рұқсат берген режиссерге де айтарым сол!
Д.Қ: – Тарихи тақырыптағы фильмдерге түсіп жүр екенсіз? Түсіру алаңы, режиссерлердің актерлермен қарым-қатынасы, сценарий, диалог, киім, массовка, бүгінгі техникалық жарақтар көңіліңізден шыға ма? Сіздің ойыңызша, қазақ киносы қандай тақырыптарды қалтарыста қалдырып кетіп жүр? Қазіргі қазақ киносы туралы не ойлайсыз?
Қ.К: – О-о, кино туралы, оның ішінде қазақ киносы туралы ұзақ сайрауға болады, бірақ оқырманды да, сені де жалықтырып алмай, қысқа-қысқа тоқтала кетейін, егер сөзімді бөлмесең.
Ширек ғасырдан астам уақыттан бері өнердің барлық саласы дерлік тоқырауға ұшырады ғой. Дегенмен, өнердегі тоқырау басталған тұста, тоқсаныншы жылдары драма театрларында керемет қойылымдар жүріп жатты да, киномыз шашылып қалды, эстрадамыз лағып, ыңырсып кетті, ұлттық оркестрлер тарқаудың аз-ақ алдында тұрды. Кейін естері кірді ме, «Қазақфильм» аяқ астынан тарихи жобаларды қолға ала бастады сәтсіз болса да. «Көшпенділердің» қандай «тарихи көркем фильм» болғанын көрдің. «Ұлы дала таңы» деген бірдеме түсіріп еді Сатаев, онысы дінді насихаттайтын сандырақ боп шықты. Есесіне авторлық кинолар озды қазір. Елзат Ескендірдің екі, үш киносы да жүлде алды. Біріншісі «Өлара» атты қысқаметражды фильмі. Басты рольді Дулыға Ақмолда сомдады. Халықаралық «Шабыт» фестивалінде бас жүлде алды-ау деймін сол фильмі. Екіншісі толықметражды «Адасқақ» деген фильмі. Үш жыл түсірілді, бір рольді сомдау маған бұйырды, өзім рахаттанып жұмыс істедім. 2020 жылы Англияда өткен кинофестивальде ең үздік шетел фильмі номинациясын жеңіп алды. Қазір шетел аралап, көрсетілімде жүрген болу керек, өзім әлі көрмедім ол фильмді. Үшіншісі «Әбіл» деген атпен Францияда үш бірдей номинацияны жеңіп алды таяуда, керемет жетістік емес пе?!.
Сосын Данияр Саламаттың фильмдері ұнайды маған. «Тұманды қаңтар» атты деректі фильмі бар, көрсеңіз жүрегіңізді ауыртады. «Талақ» деген туындысы туралы естіген, мүмкін көрген де шығарсың, Шанхайда бас жүлдені алды, бізге жетпей жатып, сыншысымақтар, кинотанушысымақтар, өнертаншысымақтар, өңшең мырқымбайлар мен қыртымбайлар «Талақтың» өзін талап, жүнін жұлған тауықтай қылды. Қайдағы бір ақынсымақтардың сын, сын емес-ау мін іздегенін мақаласымағынан көрген кезде қаның қайнайды. Тіпті кейде елден безіп кеткің келеді. Қашан, қайтіп ел боламыз мына біз?..
Кино негізі идеологияның көзі ғой, түсіне білгенге. Қазіргі қазақ киносындағы боғауызды естісеңіз, кірерге тесік таппай кетесіз. Сосын сол фильмдер бірнеше жылдың жүзі болды, барлық кинотеатрларда жаппай көрсетіліп жатыр.
Қазір көп қабатты үйлердің, мектептердің ауласына кіре қалсаңыз, біздің болашағымыз, ертеңгі елдің азаматтары – балалардың аузынан шыққан боқтыққа былғанып, соңында басыңыз бен жүрегіңіз қоса ауырып, осындай деңгейге жеткізген мейірімсіз қоғамды тәрк етіп, баз кешіп кеткің келеді мына жалғаннан.
Міне, қазіргі қазақ киноидеологиясының сиқы.. жә.. жарар…
Д.Қ: – Е-е, деңіз… «Біржан сал» филімінде сал Біржан: «Шын өнердің бағылан басы босағада қала ма деп қорқамын», – дейді. Бұл – қазақ даласындағы батырлық, рыцарлық-салдық дәстүрдің аяқталуы мен ту сыртымыздан орап, қысып келе жатқан отаршылдық саясаттың салқанын, сонымен бірге даңғаза-дудың озып алға түсерін сезген, 19-ғасырда өмір сүрген анық Біржанның зары болса керек. Сол даңғаза шудың дақпырыты бүгінгі күнде асқына түскен жоқ па, қалай ойлайсыз?
Қ.К: – Шын өнердің бағлан басы сол ғасырда-ақ босағада қалған. Неге десеңіз, діни догматика халқымыздың тұрмыс-салты мен санасына дендеп кіре бастаған сайын, ұлтқа тән құндылықтардың жойыла бастағанын байқайсыз. Ғылым, білімнен ада қалғанымыз сондай, зеңбірекке қарсы жалаң қылышпен шабатын тобырға айналдық. Ал, Европа мен Батыста жұрт машинаны, шойын жолды игерді, телефон, телеграфқа қолдары жетті, біз ше?.. Біз әлі ғасырлап артта қалып келеміз басқа жұрттан, осылай кете берсек, талай елдің боданына айналамыз-ау түбі… Меніңше, сол Біржанның зары көкірегі ояу әрбір азаматтың болмысында, жүрегінде қалып кетсе керек, әлі де болса. Мен солай ойлаймын. Даңғазалық, даңғойлық, дарақылықтың асқынғаны соншалық, жарылудың аз алдында тұр. Бірақ кім біледі, бәрі кейін өзгерер, сапаланар… үмітсіз – шайтан..
Д.Қ: – Ән тақырыбына қайта оралайық. Біржандар, Ақандар, Мұхиттар сақара сахнасынан қол бұлғап кеткенімен, кейінгі қазақ композиторлары қазақ әндерін шырқатып баянды белге көтерді. Бақытжан Байқадамов, Сыдық Мұхметжанов, Әсет Бейсеуов, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Ілия Жақанов, Ескендір Хасанғалиев, Кеңес Дүйсекеев, Темірәлі Бақтыгереев… несін айтасыз, бірінен бірі өткен композиторлар. Ал солар бір заманда, бір дәуірде ән жазса да, бір бірін қайталамайтын, бір біріне еш ұқсамайтын әндер шығарды. Бүгінгі әнсымақтардың сарыны да бір, сазы да бір, солардың бәрін қараңғы жерде тұрған аппарт па, машина ма – әйтеуір бір музыка жаза алатын техника әу дей алатындарға үлестіріп беріп отырған сияқты көрінеді маған. Менің бұл сөзім қазіргі талғампаз, талантты композиторларға қатысты емес екенін іштей өзіңіз де бағамдап отырған шығарсыз…
Қ.К: – Түсініп отырмын, әрине. Басты себеп – қазаннан қақпақ кетті. Бұрын өнер-ғылымның барлық саласында көркемдік кеңес бар еді және олар әділ еді. Қазірде бар-ау, бірақ барлығын жемқорлық жеңіп келеді. Бұрын өнерпазға стимул беретін «Халық артисі», «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі» атты атақтар болушы еді, оның бәрін құртты. Былтырдан бері ғана ма, «Халық артисін» қайтарып берді қазіргі президент. «Өнертану ғылымы» деген атағы бар еді үкіметтің. Ол атақты қазақтарға қимай, берсе де санаулы адамдарға ғана беріп, өзге ұлтты жарылқайтын. Алдыңғы президентке несі жақпағанын білмеймін, жай ғана «Өнертану» деп аталсын» деген заң шығарып, ақыр аяғында оны да құртты. Шамасы «әртістерге» ғылымның қажеті қанша деп шешсе керек өкімет. Артисті «әр тіс» деп ерекшелеп отырғаным, атақ берерде халықаралық терминнен бас тартқан біздің «ақылдылар» ресми құжатқа осылай жазады қазір. Ботинканы «бәтеңке» деген сияқты. Күлесің бе, жылайсың ба… Алдыңғы президент «әр тістерге» қазынадан ақша бөлінбесін, олар ел аралап, той-томалақ жағалап жүріп-ақ күндерін көреді баяғының сал-серілеріндей» дегенді эфирден айтты. Енді қайдағы шынайы өнер, қайдағы талғам, қайдағы көркемдік кеңес? Дарақы тойда даңғаза әртіс. Тынды ғой саф өнер.
Д.Қ: – «Өнер адамының есім-сойын елге жеткізуде жетекші орынға жарнама шықты» дедік қой. Қарап отырсақ, осы күнгі өнер адамдарының баласы бас құраған жұбынан ажырасса да – жарнама, қызы барған жерінен қайтып келсе де – жарнама, белгілі әнші бесінші, әлде, алтыншы ерге тұрмысқа шығып жатса да – жарнама, сахна мен кино артисі екінші, әлде, үшінші рет әйел алса да – жарнама. Жарнама, жарнама, жарнама… Жарнама қазіргі қазақ мәдениетін тұтастай жалаңаштап тастаған жоқ па, қалай ойлайсыз?
Қ.К: – Жалаңаштағаны сондай, ұятты жерді жабар лыпа қалдырмады жарнама. Теледидарды қоссаңыз да тасыраңдаған артистсымақтар, радионы қоссаңыз да көп әріптердің жиынтығынан бірдеме құрап, түсініксіз сыпырасөзді сапырған әртіссымақтар, әлеуметтік желіге кіре қалсаңыз да бұтындағы лыпасын жарнамалаған әншісымақтар, сахнадан тойдың әнін жарнамалайтын композиторсымақтар… қатты сасып, бетті басып, тұра қашқың келеді жалма-жан. Нағыз дарақы әрі жағымпаздар осы өнерпазсымақтар ма деп қалам кейде. Жап-жас болып ап атаққұмар шетінен тағы. Атақ үшін бәріне дайын. Соларға қарасам, баяғының еркек атаулыны қылмыңдап құртатын жеңіл жүрісті жеңгесінің соңынан қалмай, санына телмірген сұрамшақ қайнылары елестейді көзіме…
Бірде жас жігіт өкпеледі маған:
– Біздер туралы қатты айттыңыз эфирден, біз де жүрміз ғой өнерде, – деді. – Иә, сен өнерде жүрсің, әлі ұзақ жыл жүресің, пысықтығыңның арқасында атақ атаулының бәрін аласың, бірақ тарихта өнерде жүрген емес, өнерді жасаған, өзінің ғана қолтаңбасын қалдыра алған адам қалады қалады, – дедім мен. Басқа не айтам оған?!.
Д.Қ: – «Өнерпазсымақ», «әншісымақ» деп отырған «сымақтарыңыз», рас, ән өнерін әбден қойыртпақ қып бітті. Олардан енді қашып құтылу мүмкін емес те шығар. Сондықтан әңгімені өзіңізге қарай бұрайық.
Осы сіздің құлағы теріс бұрау күйге келтірген гитараңыздан қобыздың ба, сыбызғының ба, кейде күйсандықтың ба үні естіледі. Тұтас бір сазды аспаптар жиынтығы сияқты. Гитарадан осындай сиқырлы әуез төгуді қайдан үйрендіңіз? Кімнен үйрендіңіз? Гитараны қалай таңдайсыз? Өнерде есімін ерекеше құрметтеп кімді, кімдерді ұстаз тұтып келесіз? Олардан қандай тағылым алдыңыз, қандай ғибыратты сөз естідіңіз?
Қ.К: – Біздің қазақ «жігітке жеті өнер де аз» дейді де, «екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетер» дейді. Мен «асқан қырсықтығымның» арқасында осындай қатып қалған қағидаларға қарсы жүзіп келем өмірде.
Мектептен өнерге тәрбиелеген ұстазым – күміс көмей әнші, дауысы да, орындау мәнері де атақты Дәнеш Рақышевке келетін Бейісхан Бекбаев деген кісі, жасы сексенге кеп қалса да, әлі тұғырынан тайған жоқ. Ол кісі төртінші сыныпта оқып жүрген кезімнен бастап мені мектептегі драма үйірмесіне қосты, домбыра үйретті, кейін ауылдағы оркестрге бас домбырашы ғып отырғызды да, одан вокальды-аспапты эстрадалық ансамбльге кіргізді. Жетінші сыныптан бастап конференсьелік өнерге баулыды, бір сөзбен айтқанда мені апарып «тықпаған тесігі қалмады» дегендей ғой (күлді).
Сегізінші сыныпта жүргенде ме, домбырамен ән салғанымды көріп:
– Ана Мақсұтқан ағаңдай гитарамен сал әнді, домбырамен айтатын әншіден көп өнерпаз жоқ, ал гитарамен ән салатын әзірге қазақта екі-ақ адам бар, бірі – Қорабай Есенов, екіншісі – біздің Мақан – Мақсұтқан Диханбаев, – деп, мені «бұзды» көкем. Арада жылдар өтіп, Т. Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр және суретөнері инстутына түсерде емтиханға дайындаған да – Бейісхан ағам!
Алғаш институтқа қабылдаған атақты Нұрмұхан Жантөрин болды, кейінгі – ұстазым Тұңғышбай Жаманқұлов.
Мақан ағамыз бізге гитара үйретпеді, өзім елдің қолына қарап жүріп үйрендім, бірақ шәкіртім Ершат Қайрхан екеуміз үшін (Ершат – ұстазым Бейісхан Бекбаевтың баласы) Мақан аға мәңгілік ұстазымыз боп қалады, өйткені гитарада ойнау тәсіліміз, ән салу мәнеріміз Мақан ағаға еліктеуден шықты ғой. Ал, сен айтқан үндер – Ершат екеуміздің зерттеуіміз арқылы, совет заманында сотталған ұлттық гармонияны қалпына келтіру нәтижесінде жеткен үндер. Көп іздендік, нәтижесі өзің көргендей, бауырым! Институт қабырғасында бізге дәріс оқып, сабақ бергендер: КСРО Халық артисі Хадиша Бөкеева, қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпанов, Әшірбек Сығаев, Оралхан Бөкеев. Осындай ұстаздардан тәлім-тәрбие алған менде арман жоқ және нашар Өнерпаз болуға қақым да жоқ! Барлығының алдында бас ием, ғұмырым жеткенше құрметтеп өтем оларды!
Д.Қ: – Сұхбатымыз бір сарында болып кетпесін. Езу тартқызып күлдіріп, оқырманға жағымды көңіл-күй сыйлау үшін екеуара әңгімемізді достарыңызбен арадағы әзіл-қалжыңның бірімен бе, болмаса, көп анекдоттарыңыздың бірімен бе, қортындыласақ деп отырмын.
Қ.К: – Бір күні Әшірбек ағам (Сығаев) хабарласты:
– Әй, Қадырғали, қалдарың қалай, гитараңды арқалап жүріп, қазақтың ғажап аруына үйленіп алғаннан кейін бізді ұмыттың ба, хабарласуды қойдың ғой? – деп, бастырмалата сөйледі.
– О не дегеніңіз, аға, қу тіршілік қой мойын бұрғызбайтын… – деп ақталып келе жатыр ем, сөзімді бөліп:
– Ертең әкемтеатрда Сағат Әшімбаевты еске алу кеші өтеді, жүргізетін өзім, қасыңа үні таза қазақи қандай әнші бар – соны ертіп ал, өзің гитарамен сөзі салмақты әндеріңнің біреуін салсаң, – деді.
– Жанар Айжановаға қалай қарайсыз?
– Ой, арыстаным-ай, дөп түстің-ей! Кешікпей келіңдер, уақытында бастаймыз.
Ертеңінде театрға Ұлан, Жанар үшеуміз келдік, кеш ғажап болды. Жанар екеуміз ән салдық. Ұлан досымыз залда отырып тыңдады. Естеліктерден есте қалғаны – Жарасқан аға мен Әшекеңдікі болды, олардың әңгімелеріне – Жарасқан аға мен Әшекеңнің әңгімелеріне халық қыран-топан күліп, ерекше әсермен тарасты.
Қайтарда Ұланнан кеш туралы сұрасақ, Ұлекеңнің әсерленгені сондай, маған қарап:
– Қадырғали, өзің ойлашы, жаңа Әшекең Сағат марқұмды ертіп, Жарасқан үшеуі ЖенПИ-дің қыздарына барғандарын айтып, халықты күлкіге қарық қылды ғой, екеуміз доспыз, талай қызықтар өтті басымыздан, ертең мен де сен туралы өстіп естелік айтып тұрсам, оған көрермен жаңағыдай ішін басып, күлкіден тұра алмай жатса, керемет емес пе?! – дегені.
Жанар күлкісі келсе де үндемей қалды, мен темекінің ащы түтініне қақала жаздап барып аз-кем үнсіздіктен соң Ұланның бетіне қарап тұрып:
– Кім кімнің кешінде естелік айтарын бір құдай ғана білер, досым, – дедім.
Үшеуміз де ішімізді басып, ұзақ күлдік, Ұлан айтпақ ойының басқаша екенін түсіндіргісі келіп еді, оған шамасы жетпеді…
Сұхбаттасқан – Дәурен Қасенұлы