СОҒЫСҚА СОНЫ КӨЗҚАРАС

Адамзат баласы бергі заманның өзінде екі рет жаһан соғысын бастан өткерді. Қазір де соғыстың өрті әр тұстан өршіп басылып, жалаңдап тұр. Соғыс ешкімге түбегейлі жеңіс сыйлаған емес. Сондықтан да біз 80 жылдығы аталып өтіп жатқан Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты өз ойымызды білдірімекпіз.

Екінші дүниежүзілік соғысты 1939 жылы фашистік Германия (1-қыркүйекте) мен Совет одағы (17-қыркүйекте) Польшаға басып кіру арқылы бастағанын тарихтан білеміз. Ал Қазақ халқы – Екінші жаһан соғысына еріксіз қатысқан ел. Тегінде сол кездегі Ұлттар лигасына 72 мемлекет мүше болса, соның 62-сін соғыс өрті шарпыды.

Жалпы айта кеткен жөн: Екінші жаһан соғысы бес әскери шайқас театрында: Атлантикада, Жерорта теңізі аумағында, Тынық мұхит-Оңтүстік Шығыс Азияда, Батыс Еуропада және Шығыс Еуропада өтті. Алғашқы төртеуінде АҚШ пен Англия жеңіске жетті. Бесіншісі, Шығыс Еуропада АҚШ-тың ленд-лиз заңы бойынша көрсеткен орасан көмегінің арқасында Совет Одағы жеңді. Ленд-лиз көмегін Кремльдің мойындағысы келмейді. Бірақ цифрлар өз өздігінен сөйлеп тұр.

Соғыс жылдарында АҚШ пен Англия СССР-ге 18 400 ұшақ, 18 564 танк, 432 516 автомашина, 2 мыңдай локомотив, 5 мыңнан астам зеңбірек, 32 мың тонна динамит, 11 мың вагон, 35 800 радиостанция, 318 әскери кеме, 1300 дизелдік кеме, 16 млн пар әміркен етік, 2,5 млн телефон берді. Оның бірқатары СССР-де мүлде өндірілген емес. Мұншама техника, мұншама көмек Совет армиясын жеңіске жетелеп, пәрменді ықпал еткені сөзсіз. Бірақ Совет – Герман соғысының тарихын зерттеушілер де, саясаткерлер де оны мойындамайды ғой мойындамайды! Тіпті жауға атылған әр он оқтың тоғызы Шымкент қорғасын зауытында жасалғанын айтсаң аспанға секіреді.

Жарайды, құрысыншы, қанша айтсаң да, олар бәрі бір өршеленіп бет бақтырмайды «біз жеңдік!» деп. Ал қалған жұрт отыра бере ме үнсіз. 5 мамырда Англия жеңіс күнін атап өтті. Шеруге Украина әскері қатысты.

Қазақстан 7 мамырда Қарулы Күштер күнінде Астанада әскери шеру өткізді. Бұл, сірә, Ресейдің көңіліне қарап өткізген шеруі болса керек. Әйтпесе бізде Совет – Герман соғысына қатысқан көзі тірі жауынгер қалмады десе де болғандай. Шеру деген – жұдырық. Қазақстанның біреуге жұдырық көрсететіндей ниеті жоқ. Отан қорғау саласына бөлінген қаражаты

$1,5 млрд қана. Жалпы ішкі өнімнің 0,68 пайызы! Қолдағы техникасының көбі кешегі советтік кезеңнен қалған танкілер мен ұшақтар, БТР-лер. Қорғаныс өнеркәсібінде отандық өнімнің үлесі өте аз. Сыртқа жүнін қампайтқанымен, Ресейде оқыған генералдарымыз – орысшыл. Көбіне Ресейдің әскери уставымен жүреді.

Совет – Герман соғысының аяқталғанына 80 жыл болды. 1941-1945 жылдарда отарлық күйде болса, Қазақстан қазір тәуелсіз мемлекет. Уақыт өзгерді, соғысқа қатысты мүлде жаңа, ақиқи көзқарас қалыптастыратын кез жетті. Ең алдымен айтылатын шындық – 9-мамыр Қазақстан үшін ешқандай жеңіс күні емес. Қазақстан соғысқа СССР құрамында ғана қатысты. Қазақстан бұл датаны Екінші жаһан соғысында қаза тапқан құрбандарды еске алу күні ретінде бүкіл әлемдегідей 8 мамырда атап өткені дұрыс болады.

Енді осы арада Совет – Герман соғысына қатысқан күллі майдангер қазақтардың тағдырына қатысты бір мәселені айта кеткім келеді. Екінші жаһан соғысын бастаған қазақтар емес. Олар осы қанды қасапқа еркінен тыс қатысты. Кейбір деректерде 1941 жылы соғыстың алғашқы үш айында командирлерінің сатқындығы мен тактикалық орашолақтығынан 4,5 млн Совет солдаты мен офицері тұтқынға түскен. Оның ішінде жүздеген мың қазақстандықтар болды.

Мейлі, комиссариаттар арқылы әскерге алынып, Совет әскерінің формасымен фашизмге қарсы шайқасса да, мейлі, Түркістан легионы құрамында өз ұлтын отарлық құлдықтан құтқару, Қазақстанды большевизмнен тазарту үшін күрессе де, яғни окоптың қай жағында қолына қару алғанына қарамастан, қазақ майдангерлерінің бәрі ресми түрде ақталуға тиіс!

Неміс тұтқынында болған қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы, ақтөбелік Алмат Әлім, одан кейінгі қарқаралық Әйткеш Толғанбаев, өзіміздің әріптесіміз, көзін көрген Хамза Абдуллин, неміс тұтқынынан аман шығып, Совет тұтқынына түскен майдангер Зейнел-Ғабиден Темірғалиев, тағы басқа ондаған, жүздеген «пленде» болған қазақтар өмір-бақи өз отанынан түсіністік пен бір жылы сөз естімей кетті. Басқаны қойғанда Мұстафа Шоқайдың өзі де әлі күнге толық ақтала қойған жоқ.

Бұл соғыстың қорытындысы – қазақ халқы өзінің батыр бабаларының рухына сай қаһарман халық екендігін, басқалармен терезесі тең екендігін көрсетті. Қаза тапқандарын, хабар-ошарсыз кеткендерін, жаралы болып елге оралған соң дүниеден өткендерін қосып алсақ, бұл қу соғыста біз 1,5 млн-нан астам ұл-қыздарымыздан айырылдық. Жалпы 1917 жылдан 1991 жылға дейін коммунисттер билеген Совет өкіметінде 74 жылдың ішінде қазақ халқы геноцидтік үш ашаршылықты, соғысты, қуғын-сүргінді қосып алғанда, 10 млн-дай құрбандыққа ұшырады.

Бастан кешкен әділетсіздіктеріміздің өзі бір төбе. Атыраулық зерттеуші Жұмабай Доспановтың анықтауынша, Совет Одағының Батыры атағына ұсынылып, шовинистік пиғылдан бұл атақ берілмей қалған қазақтардың саны – 160 екен.

Өткенге – салауат. Енді холоптық психологиямен өткенге бас ие берудің қажеті жоқ. Бізге барлық нәрсеге, соның ішінде Совет – Герман соғысына да өзіндік көзқарасымыз болуы керек. Үш ғасырға созылған азаттық жолындағы күресіміздің жемісі Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Марат ТОҚАШБАЕВ




ПІКІР ЖАЗУ