ТАТАР ӘҢГІМЕЛЕРІ
Марсель ҒАЛИЕВ, 1946 жылы 8 қазанда Татарстанның Азнакаев ауданында дүниеге келген.
Татарстан Жазушылар одағының мүшесі. Қырыққа тарта кітаптың авторы.
Татарстанның Халық жазушысы. Татарстан Республикасы мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер.
Ғабдолла Тоқай атындағы Татарстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
ҚОШТАСУ
Соңғы күн… Соңғы күн… Қабырға сағаты жеті рет соқты.
Ерте оянған Нәфиса әжей басталып кеткен күннің тіршілігіне араласқысы келмей төсегінде керіліп жата берді. Төсегін сықырлатып орнынан тұрды да керіліп-созылып алып, терезенің пердесін ашты. Бөлемеге сәуле түсті. Сүбханалла… Күн қандай керемет! Терезенің ар жағында күздің тамаша бір күні тұр. Қоршаудың торындағы өрмекшінің өрмегі жылтылдап көрінеді. Көшедегі қаздар ұшуға ұмтылды ма, қатты қаңқылдап, біраз шуласты.
Терезе түбінде күлтесі бір-бірімен жарысқандай күнге қарап тұрған қазтамақ гүліне Нәфиса әже сүйсіне қарады.
– Жайқалуын-ай, бұл да маған үміт артып тұр-ау… Енді кімге қалдырып кетемін оны…
Кеше Нәфисә әжейдің үйінің есігін жұлқып ашып, ауылдық кеңестің төрайымы Сәрмен кіріп келген. Бет-аузы, дене бітімі, жүріс-тұрысы, бәрі әйелден көрі еркекке келеді. Темекі шегіп, шырт түкіріп, былапыт сөзді көп айтатын Сәрмен еркектерше киінетін. Тіптен мұрнының астындағы түгі қоюланып, енді тебіндеген мұрт секілді қарайып көрінеді. Ауыл адамдары оның Сәрмәдия деген есімін өзгертіп, Сәрмен деп атап кеткен. Өзіне де бұл есім жаққан сияқты. Міне, сол Сәрмен кіріп келіп:
– Еңбегіміз бекер кетпепті, барлық қағазың дайын, жинал, Нәфисә! Ертең сағат үште жолға шығамыз, – деді. – Керек-жарағыңды ғана ал. Қарттар үйіне барасың… Ештеңе ойлама. Ол жерде бәрі бар. Сенің бөлмең де екі кісілік. Ханымдар тұратын жер, көр де тұр, ұнайды саған. Ішінде құлшылық жасайтын орын бар көрінеді. Клубы да керемет, құлағанша билейсің. Нәфисә, кезінде аудандық би байқауларынан жүлделі боп қайтқан дейді сені. Билегенде желдің өзін жолда қалдырады екенсің.
– Қалдырып, осы күнге жетіп отырған жоқпын ба… – деп селқос жауап қатты Нәфисә.
Ол жолға жиналудан қорықты. Сәрменнің көзіне қарамауға тырысып, жасқана тіл қатты:
– Ұлым қайтып оралса ше, сол кезде есікте құлып тұрса…
Сәрмен дүңк еткізіп қойып қалды:
– Маған екі айттырма, жинал! – деді де бұрылып шығып кетті.
Көңілін үмітсіздік жайлаған Нәфисә тағы бір таңның атуын күтті.
Сол аяғын төсектен еденге оңай түсірді. Күп болып ісіп кеткен оң аяғын тізеден төмен қолымен қағып-қағып жіберіп, аяғын еденге түсіріп жатып: «Әуелі осылай сәл кеш қозғалады, сосын жәймен жүріп кетеді», – деді біреуге ақталғандай өзімен-өзі сөйлесіп. Енді бір-екі қадам жасап, пештің шетіне сүйенсе болды, сосын арқасын тіреп пештің қасынан өтіп, есікке қолын созады. Ең қиыны – табалдырықтан аттау. Жас кезінде денесін көтеріп жүру үшін күш керек болатынын біліп пе еді?
Мүмкін ұлы қайтып келер… Күн сайын көңілінде осы үміт сәулесі жылт беріп, қайта сөнеді. Жоқ, оралмайды ол, Сібірге кетті де құмға сіңген судай жоқ болды. Үш жыл өтті… «Шәміл, ұлым, – деп тұрды жүрегі. – Ең болмаса бір хабарың келсе…».
Бір қолымен баспалдақтың жақтауына сүйеніп, оң қолымен мейірлене түскен күн шуағынан көзін көлегейледі. Осы кезде қақпа сықырлап ашылды. Нәфисә әже көзін жұмыңқыраса да айналасын анық көріп тұр. Жалғызаяқ жолмен келе жатқан көрші қыз Тәнзила екен. Айналадан сарғайған үйеңкі ағашының жапырақтары көрінеді. Нәфисә әже көзін ашып еді, дүние күңгірттеніп кетті, жалқын түстес нұр боп көрінген өмір дегені жай ғана қараңғылық екен. Сол қараңғылық торын Тәнзиланың шынайы күлкісі үзіп жіберді.
– Бүгін менде демалыс. Монша жағамын, әже. Соңғы рет ыстық жерде сыпырғымен айналдыра жақсылап сабалап, суға түсірем.
«Соңғы рет…» дегенге Нәфисә әжейдің қабағы дір етті. Қыз: «Соңғы рет деп жай айттым, өзің де келіп тұрасың, біз де барып тұрамыз жаныңа… Жүз шақырым деген сөз болып па!» – деп жуып-шайып, мойнына асылып құшақтай алды.
Оның жылы сөзінен жаны аздап жай тапқандай болды. Алдағы сапарға қамдану туралы ойынан арылып, осы бір сәт көңілі көтерілгендей болды.
Екеуі бірге отырып, біраз уақыт шай ішті. Моншаның пешінен шыққан түтін мұржадан будақтай бастады. Таза ауаны қақ жарған түтін ауладағы жусанның ашқылтым иісімен араласып, бұл өмірдің өтпелі екенін еске салғандай, шұбатыла көтеріліп барады.
Нәфисә әжейдің тынысы тарылып, жүрегі қысылды. Бірдеңе дегісі келіп Тәнзиланың көзіне қарайды да ыңғайсызданып, айтарынан айнып, өзін қоярға жер таппай кетеді. Тәнзила оның жағдайын сезді, айтылмаған өтінішін түсінді. Оны сезбесе Нәфисә әжесінің хал-жағдайын күнде сұрасып тұратын көрші қыз Тәнзила болар ма еді бұл?
– Кеттік, әже, монша ысығанша қырға шығып, қырқаны айналып келейік! – деп орнынан атып тұрды.
Нәфисә әжей айтқандай, бұл «Ука» көлігі сырттай кішкентай болып көрінгенмен, бір оталса тоқтауы қиын. Аққан жұлдыздай күзгі қара жолмен заулап барады. Осы бақытты кезінде көлікті тізгіндеген Тәнзиланың қасында отырып терезеден далаға зер салды: бұл жердің ой-қырында, егістіктерінде оның аяғы баспаған, қолының жылуы тимеген, маңдайының тері тамбаған пұшпағы бар ма?
– Анау Чишмеле тауының басында күні-түні дән үгіттік. Дала сабантойдың салтанатына еліткендей дүрілдеп жататын. Аш-құрсақ жүрсек те, көңілді едік…
– Сол кездерге қайта оралғың келе ме, Нәфисә әже?
– Еш ойланбастан оралар едім!
– Қызық… Өзің аш-құрсақ жүрдік дейсің…
– Жастықтың аты – жастық, қызым, еркін болсаң да, түрмеде отырсаң да…
Иә, бұл ұлылықты өзіңмен ала кетпейсің, бәрі қалады, бәрі, бәрі… Орманға жеткенше Нәфисә әжей бір толқыныста отырды. Батый шатқалына жете бергенде көлікті тоқтатуын сұрады. Жар басындағы жалғыз емен ағашының діңгегіне алақанын басып ұзақ тұрды. Осындай жылы, жағымды, шуақты күздің күнінде өзгеше реңкке боялған табиғатпен қоштасып күлімсіреп тұрғандай. Нәфисә әжей жасарып кеткендей болып, әжім басқан жүзіне алқызыл алау жүгірді.
– Нихатыммен осы еменнің түбінде алғаш рет құшақтасып едік. Пішен шабатын күні… Қырық үшінші жылы он сегізге толғанда соғысқа алып кетті. Некеміз қиылғасын бір ай ғана тұрдық. Ұлым туғасын басқа әйелдер сияқты хат арасына баласының бойын өлшеген жіпті салмадым, оның орнына осы еменнің жапырағын салып: «Жетіге көбейтсең, ұлыңның бойын білесің» деп жолдадым.
Қашан үлгергені белгісіз, Тәнзила еменнің түбіне төсеніш төсеп қойыпты. Ортаға термосқа құйылған шай қойып, тәттілер шығарыпты. Көліктен барқытпен қапталған көрпеше әкеліп, Нәфисә әжесін жайғастырды.
– Рахмет, қызым ,– деді Нәфисә әжей. – Сен болмасаң, сол Қырлай жақтан фельшір болып осы ауылға келмесең, мені жақынындай көріп, кім қарар еді…
Тәнзила үлкендердің әңгімесінен көп естіген, әрі кітаптардан оқыған. Ұлы Отан соғысы жылдары татар әйелдерінің майданға кеткен күйеулеріне адал болғаны соншалық, он жылдап қара қағаз алмаса да басқаға тимей, күткен екен. Нәфисә әжейден осы туралы сұрағанда ол:
– Жігіттер соғыста қаза тапты, көп қыз жалғыз отырып қалды. Неше түрлісін көрдік қой… Арасында күнәсіз періштелер көп болған жоқ. Менің өзім де… – деп шайынан бір ұрттады. Өткенді еске алып қайта сүру қанша қиын болса да бүгін, қоштасар күні жан сырын жайып салмаққа бекінді. Жанарын мұң шалмаған көрші қызға қарап отырып: «Қызым, естігеніңді көңіліңнің түбінде қалдыр» деп іштей жалынғандай болды.
– Соғыс бітер қыста ауылға салық агенті келді. Құтлұқаев. Жасы отыздың шамасында. Бір аяғын сылтып басатын. Ауылды дүрліктірген нағыз зұлымның өзі еді. Жүн басқан жұдырығын үстелге қойып қалғанда аспан айналып жерге түскендей болатын. Қолымызда жоқ ақшаны сұрайды. Кеңсесінде түнде де кісі тергейтін… Бір күні… кешкі сағат ондардың шамасында біздің үйге кіріп келді… Шақырылмаған қонақ болса да төрге шығарып, өзім ауыз үйде қолым қалшылдап самаурын қойып жүрмін. Үстелге бір бөтелке арақ қойды. Жымиып, жылыстанып сөйлейді. Бұл зұлым да күледі екен-ау деп таңғалып отырмын. Ішіп алып, мені де ішуге азғыра бастады. Өмірімде арақты аузыма алып көрмегенмін. «Ауылдағы әйелдердің ең сұлуы сенсің… Ұлың бар дейді, маған бәрібір, өзіммен ала кетем, үлде мен бүлдеге оранып өмір сүресің». Оның жиіркенішті сөздерін тыңдағым келмей бөліп жібердім… Cол кезде тамағын қырнап алып тағы бір рет ішті де үстелді жұдырығымен ұрып қалды:
– Қақаған аязда қарға белшеңнен батып, Сібірдің орманына айдалғың келе ме? Бір айға жетпей құрып кетесің! Сен сияқтыларға коменданттар кезекке тұрады онда!
Мен самаурын қойып жүргенде үйдің бәрін тіміскілеп шықса керек. Пеш түбінде тұрған үш-төрт килограмм қара бидай дәні салынған қапты үстелге қойды, бір уысын алып, мұрныма тақады.
–Майданға дайындалған бидайды ұрлағаның үшін түрмеде шірітем. Не балаңды, не үйіңді енді қайтып көрмейсің! – деп ілулі тұрған пальтосына жармасты. Осы кезде бесікте балам шырылдап жатқан. Екі оттың ортасында қалдым. Баламды жұбатайын ба, мына зұлымды тоқтатамын ба?
– Ағатай, Құтлұқаев ағатай! – деп құлап түсіп, аяғына жармастым, есікке жібермейін деп жылана жалбарындым. – Бұл бидай қолыма… қалтама кездейсоқ түсті… балаға емізгінің орнына талғажау үшін… Аштан қатырайын ба енді?! Жалынамын, тиіспеші бізге, бұндай ауыр күнә үшін ешқашан ақтала алмайсың!
– Балаңды еміз! – деді. Баламды емізіп бесікке жатқызғасын, үстелге отыруымды ымдады да «іш» деп арақ толы стақанды ысырып қойды. Ішім өртеніп кеткендей дем ала алмай қалдым. Шарасыз хәлге түскесін, ол не десе де балам үшін көнбекке бекіндім. Көтеріп, төсекке жатқызғаны еміс-еміс есімде. Қанша уақыт өткені белгісіз, қорқынышты түс көрдім. Денемнің бәріне жылан жабысып, жайлап алыпты… Шошып ояндым. Ернім қанағанша тістеніп, шыдауға тырыстым… Таң ата құрт шаққандай атып тұрдым. Қасымда қорылдап әлгі жатты. Ес-түсімнен айырылып тысқа шықтым. Сол түні қатты аяз болған екен, қолыма балта алып үйге қайта кірдім. Мойнына қырау басқан сұп-суық балтаның жүзін тірегенімде дір етіп оянып кетті. Басын көтертпей, жүзін батыра айғай салдым: «Маған не істедің, оңбаған, қазір басыңды шауып алам!». Зұлым неме төсектен құлап түсіп, әзер тілге келіп, тұтығып жалына бастады. Балтаны басына тақап ұстап тұрдым, ол тізерлеп отырып: «Ештеңе болмады деп ойла… Қателестім… Өлтіре көрме… Саған ешкім саусағының ұшын да тигізбейді. Салыққа қатысты мәселеңді де шешіп берем! Ауылыңнан бүгін-ақ кетем… Енді келмеймін!» Сол балтамен шығарып салдым. Үш күн қорқып, қашан қамауға алар екен деп күттім. Үш күн бойы моншада жуындым. Жиіркеніштен төсектің бәрін жуа бердім. Бірақ көңілде қалған кірді жуа алмадым.
Нәфисә әже бетін қолымен жауып, көзінің астын саусағымен жүріп өтті, біраз уақыт үнсіз отырып Тәнзилаға қарады. Таң қаларлығы – көзінде жастықтың лебі пайда болып, жарқырай түсіпті, бірақ терең мұң бар.
– Осындай бір жағдай болған, қызым. Бүгін бірінші рет, арада елу сегіз жыл өткен соң айтып тұрмын. Емен де естісін. Нихаттың рухы да жақын жерде шығар..
– Нихат аға білді ме?
– Білді… Ауылда ештеңе жасыра алмайсың ғой, біздің қақпадан біреудің шығып бара жатқанын жұрт байқап қалыпты. Нихат қырық тоғызыншы жылы ғана әскерден аман-есен келді. Біздің аман-сау, бақытты өмірімізді біреулер көре алмай, қызғанған шығар. Мен егін жұмысында бригадир болдым. Күні-түні жұмыстамын. Суретім газеттерде шығып жатты. Медальдармен марапатталдым. Бірде Нихаттың өзгере бастағанын сездім, қабағы түсіп, жанын бірдеңе жегідей жеп, мазасы қаша бастады. Бір күні шыдай алмай үйге ұрттап келіп тікесінен сұрады.
– Болған жоқ! – дедім мен.
Ішімнен Құдайдан нан ұстатқызып айтқызбаса екен деп тілеп тұрдым. Олай жасамады. Сенген де, сенбеген де сияқты. Бірақ осыдан кейін арамыздан бір қара мысық жүгіріп өткендей болды. Бір күні түстен кейін қайтып келсем, ағаш төсекті балталап бұзып, ауланың ортасына ағашын үйіп, өртегелі жатыр екен. Мен жақ ашпадым. Ол да ештеңені түсіндіріп жатпады. Темір төсекті содан кейін сатып әкелді. Кейін тағы бірнеше күн жоғалып кетті. Құтлұқаевты іздепті, ол Бөгелмеде тұрады екен. Жағасынан алып, өлтіретінін айтып одан да сұрапты. Құтлұқаев та ештеңе айтпапты. Салық агенті болғасын барлық үйлерді аралап шыққанмын деген. Нихат бұл туралы тек өлерінің алдында білдірді…
Нәфисә әже емен басын бойлай ашық көк аспанға қарап ойланып, үнсіз қалды. Бәрін еске түсіру оған оңай болмады:
– Сен де, қызым, «бұл қалай болды, күйеуіңнен мұндай істі жасырып, қандай үлкен күнә арқалағансың?» деп ойлап отырған шығарсың. Көзіңнен көріп тұрмын, солай ойлап отырсың, – деп күліп қойды. Тек қайғы толы көздері күлмеді. Жыламау үшін ғана күлген сияқты.
– Не дерімді де білмеймін, әже, – деді ұяла сөйлеген Тәнзила.
– Мен де білмеймін, – деп терең күрсінді Нәфисә әжей. – Тек болжай алам. Мен басқа біреуді жақсы көріп, күйеуіме опасыздық жасаған болсам, оны күйеуіме айтпай тұра алмас едім. Ал менің жағдайымда бір жағымда нәресте, екінші жағымда өлім тұрды. Сібірге айдалған әйелдердің ешқайсысы тірі оралған жоқ. Ал мен жас едім, өмір сүргім келді! Менің орнымда болып, жағдайымды басынан өткермеген жан бұны түсіне де, кешіре де, ақтай да алмайды.
– Ал әлгі… Құтлұқаевты содан қайтып көрген жоқсыз ба?
– Бір рет көрдім. Тоқсан бірінші жылы ғой деймін. Бөгелме базарында қақпа түбінде қайыр сұрап отыр. Қартайып, құр сүлдері қалыпты, киімінің тоз-тозы шыққан. Қалың қасы мен құс мұрнына қарап таныдым. Ешкімге басын көтеріп қарамайды. Басына бәле тілеп, қанша түнді оны қарғаумен ұйқысыз өткіздім. Бірақ сол кезде неге екенін қайдам, аядым, тиын-тебен тастап өтіп кеттім.
***
Моншаның ыстық буында жусан араласқан қайың сыпыртқысымен сабаланып, әбден жуылған денесі балбырап, жұмсақ қамырдай болған, жаңа туғандай Нәфисә әже төсегіне жатып, жеңіл көрпенің астында тынықты. Көп ұзамай қайнағанынан хабар беріп, самаурын екі иінінен демала бастады.
Тәнзила бұрышта тұрған жұмбақ сандықтың аузын ашты. Түйіншектің біреуін алып пәрмен күткендей, Нәфисә әжейге көрсетті.
– Анау бөз жамылғы мен кебіндік мата, қызым, кереуетке әкеп қой, жарай ма?.. Ал мында – менің грамоталарым мен медальдарым. Олар сонда, сандық түбінде жата берсін, сол орамалдардың арасынан қызыл түстісін алшы, қызым.
Нәфисә әже қызыл орамалды бетіне басып, иіскеді.
– «Қызыл орамалды комсомол» деп газетке де шығарған. Ех, жастық шақ… Қарашы, сапасын жоғалтпаған, жап-жаңа күйінде тұр… Анау тұрған шайдың қалайы құтысын беріп жіберші…
Нәфисә әже қызғылт-сары, қара маржан екі әшекейді, анасынан қалған күміс білезікті Тәнзиланың қолына тақты.
– Қарсы болма, қабыл ал, қызым. Сән қайталанады. Өзің тақ, саған естелік болып қалсын.
Тәнзила түрегеліп, ілулі тұрған айнаны әкелді. Нәфисә әжесін қасына отырғызды. Көптен ешкім қарамағанына өкпелеп, шаң басқан ескі айна қайта оянғандай еді. Айнадан бір-біріне басын түйістірген екеу өздерінің бейнесіне күлімдей қарады. Жастық – қолаң қара шашты, мойнына қызғылт-сары маржан таққан қыз, қарттық – қызыл орамал астынан ақ шашы көрінген кейуана.
Сандық ашық күйінде қалды. Жолға жиналу да кейінге қалдырылды. Нәфисә әжей асықпады. Жіпсіз байланғандай үйін – қарашаңырағын қимады.
Ыстық шай ұзақ ішілді. Сосын… шеті аздап мұқалған ескі альбомды қолына алды. Бірінші бетінде ернін жымқырып алған, қос өрімі кеудесіне түскен орамалдағы қыздың суреті тұр. Астына «Комсомол Нәфисә» деп жазылыпты.
– Шашымды қиятын күні түсірілген сурет. Ұзын шаш өткеннің куәсі деп жатады. Е-ех, біздің өмір қандай еді! Қиындықты елемей, болашақ үшін өмір сүрдік. Біз қалай оңай алдандық? Енді ойласам, таңғалам.
Нәфисә бір фотосуреттен екіншісіне ауысып, бәсең үнмен дұға қылғандай болды. Тәнзила иығынан құшақтап отырып, тыңдай берді.
– Бұл – менің үлкен ұлым. Әскерде Чита қаласында қызмет етіп жүріп орыс қызына үйленді, сол жерде тұрақтап қалды. Бірде сабантой кезінде қонаққа келді. Әйелі – әдемі, алғыр, еті тірі еді. Ұлымнан бір елі ажырамайтын. Мені «ана-ана» деп, тіпті іші-бауырыма кіріп жүретін. Кейін бүкіл ауыл болып оған сүйсіне қарайтын болды. Бұл қыздар жас кезінде біздің жігіттерге жабысып, жасы келе суып кетеді екен: тәні де, жаны да алыстап кетеді. Инсульт алған ұлым жұмыстан кетуге мәжбүр болды, содан кейін үйіндегілерге қажеті болмай қалды. Екі ұлы да: «татардың тегін алмаймыз!» деп анасының тегін алып, шіркеуге барып, шоқынып кетті. Аты қалай еді әлгі… икона… олар әкесін бұрышқа тұрғызып, әлгінің алдында шоқындырмақ болады, олай жасаудан бас тартса ұрып-соғады екен. Онда өмір сүре алмағасын ауылға оралды. Сол кездің өзінде мүгедек еді, жүрегі әлсіз ғана соғатын, соған қарамастан ішкілікке салынды. Ауылдастарының көзіне көрінуге ұялатын. Бірде өзен жағасындағы шалғында қаз бағып жүріп шөптің үстінде басын тізесіне қойып ұйықтап кетіпті, содан оянбады, байғұс ұлым солай мәңгілікке кетті… Әйеліне жеделхат жолдадық, ол жауап та бермеді…
Үйдегі мүлгіген тыныштықты бұзып, қабырға сағаты… соңғы рет… соңғы күн… он екі рет соқты. Нәфисә әжей бір нүктеге қадалып, ерні жыбырлап бірдеңе санағандай болды, альбомның жаңа бетін ашты.
– Міне, менің қызым Светлана. Соғыстан кейін дүниеге келді. Сұлу ғой? Маған ұқсай ма? – Нәфисә әже фотосуретті алақанының артымен ақырын сипады. Суретте Қызыл алаңдағы Ленин мавзолейі алдында жарқырай күліп, шаштары толқындай жайылған, әдейілеп қыртыс салып бүктелген қысқа белдемше киген әдемі қыз тұр.
– Өзі сол жолы әбден уайымдаған! Институтқа түсіп, жалғыз өзі Мәскеуге кетіп еді! Әкесі екеуіміз қалай қуандық! Біздің кезімізде ондай жағдай сирек болатын. Сенің қызың ел-жұрт армандайтын Мәскеудің өзінде оқиды… Қатарластарынан қалмасын деп әкесі екеуіміз тапқан-таянғанымыздың бәрін жіберіп отырдық. Уақыт өтіп жатты… Ал бітіретін жылы қызымыз үйге жалғыз келмей, қара нәсілді жігітті ертіп келді. Лумумба университетінде оқиды екен. Тек аппақ тісін көрсетіп ыржия береді. Ұзын бойлы, бұйра шашты, бет-әлпеті келісті келген. Терісі ақ болса жігіттің сұлтаны дерсің… Қақпаның алдында үлкен тас жататын… Оны тек менің Нихатым мен біздің көшедегі екі жігіт қана орнынан жылжыта алады. Әкесі қара нәсілді жігітке сол тасты көтерткізді. «Күшті, – деді ол, – жақсы күйеу бала болады», – деп өзін сонымен жұбатты. Іштей қарсы болғанымен, бәрібір қызының қалауымен келісті. Оның шешімін қолдамасақ та кетер еді. Бірінші күні абыр-сабыр болып жүріп байқамаппын, таңертең сиыр саууға үйден шықсам, кіреберістегі төсекте жатыр екен. Көрпеден алақаны мен табаны ағараңдап көрініп тұр. Қорыққанымнан айғайлап жібере жаздадым. Мәссаған! Қара тәнді жігіттің алақаны мен табаны ақ болып шықты! Жүрегім айнып, аулаға жүгіріп шықтым. Ауру немесе мүгедек шығар, қара болса бүкіл денесі қара болуы керек қой деп ойладым. Кейін барып бұл олардың ерекшелігі екенін білдім: алақаны мен табанына қара бояу жетпей қалады екен! – деді Нәфисә әжей әзілдеуге тырысып. Бәлкім тек әжелер ғана ауруын әзілмен жасырып, жүрек түкпірінен шыққан көз жасы кірпігіне ілінбесін дейтін шығар.
– Содан қайтып қызымызды көрмедік. Алдымен Африка елі Мозамбиктен екі-үш хат келді, содан кейін хат келмейтін болды…
– Іздеп көрмедіңіз бе, әже? – деп сұрады Тәнзила.
– Тиісті орындар арқылы іздеп, сұрастырып көрдік, бірақ нәтиже болмады. Кейде түсіме енеді, бірақ сөйлемейді. Тірі болса, ең болмаса, түсімде сөйлесер еді…
Нәфисә әже альбомның жаңа бетін ашып, кенже ұлы Шәмілдің портретін алақанымен ақырын сипады. Суретте толқынды бұйра шашын маңдайына қиғаштай қайырып, денесін тік ұстаған әдемі жігіт тұрды. Қолында баяны бар.
– Мынау кенже ұлым Шәміл. Туғаннан бір аяғы екіншісінен қысқа болды. Жасөспірім шағында өзін қор сезінетін. Құдай, бәлкім, бұл баланы дымсыз қалдырмайын деді ме, оған дауыс беріпті. Біздің әулетте ешкімде ондай дауыс болған жоқ. Ол ән салғанда мұз боп қатқан жүректер де еріп, көзден жас боп ағатын…
– Ал ол үйленді ме? – Тәнзила аяқ астынан осындай сұрақ қойғанына ұялып қалды.
– Кезінде оған сен сияқты лайықты қыз жолықпады. Ән айтып жүріп не жұмысқа тұра алмады, не өнерін біржола қоя алмады.
Қақпа алдына тоқтаған көліктің дыбысы естілді. Көлік есігінің жабылғанынан-ақ бұлар Сәрмен екенін түсінді. Сол бойда Сәрменнің өзі де кіріп келді.
– Тәнзила, мұнда неғып отырсың, ауданнан комиссия келді, жүгір медпунктке!
– Әже, мен қоштасуға үлгеріп келем, – деп ұшып түрегеліп, жүгіре жөнелді ол.
– Жиналдың ба, Нәфисә? Айтқанымдай, сағат үште қозғаламыз!
Нафисә әжей абдырап қалып, кереуетке отырды, көрпенің шетін саусағымен бұрмалап, жасқана сұрады:
– Азғантай зейнетақым, сол жерге мені тауып келе ме?
– Табады, табады, Нәфисәтти!
Сәрмен бөлмені барлай қарады, заттар жайрап жатыр, әлі жиналмаған.
Нәфисә әжей терезеге қарап, өз-өзімен іштей сөйлескендей болды:
– Мүмкін, қыстың түскенін күтем деп айтармын?..
– Сен, кемпір, маған жоқ жерден жұмыс табайын дедің бе?! Құжаттар толтырылып, дайын тұр. Енді кері шегінемін деп ойлама!
– Егер ұлым Шәміл қайтып келіп, есіктегі құлыпты, үйдің ошағы сөнгенін көрсе қайтеді?..
Сәрмен тілінің ұшында тұрған былапыт сөздерді әрең іркіп қалды. Темекісін аузына салып тұтатпай, ерінмен айналдыра бастады.
Нафисаның мұнайшыларға еріп, кейін Түмен өлкесінде іс-түссіз жоғалып кеткен кенже ұлы, ешбір ойсыз, қамсыз Шәміл туралы Сәрмен таныстарынан сұрастырған. Вокзалдағы қаңғыбастар мен үйсіздер арасында «Шәміл Шаляпин» деген лақап атпен танымал екен. Қай тілде, қандай ән сұраса да нағыз әртістердей ән салатын көрінеді. Тек бір шарт қояды екен: бірінші шумақтан кейін бір стақан арақ бермесе ән салмайды.
– Бала кезінен бастап отырыстарға апарды, сахнада ән салғанын мақтап, баланы бүлдірген. Осы күнге дейін ақылы кірмесе, онда… – деп күңкілдеді Сәрмен.
Түменде Шәмілді түрмеден қашып шыққан ұры қанатының астына алады. Меншікті қызметшісіндей пайдаланып, түні бойы ән айтуға мәжбүрлейді. Сондай түндердің бірінде Шәміл ұзақ ән салып болған соң кеудесін ұрғылап, жылай бастайды. «Братва, славян қаны бар ақсүйекке емес, неге Құдай маған, жарлы ханзадаға осындай дауыс берді екен?!» – деп көзі қанталап, ақырыпты. Түрмеден шыққан ұры пышағын қынабынан шығарып, Шәмілдің кеудесіне лақтырады. Кезінде сахнада жарқыраған жігіттің соңғы тұрағы – шіркеу ауласының шетіндегі қабір еді. Бар қалғаны – крест шегеленген ескі тақтадағы «Шәміл Шаляпин» деген күлгін жазуы бар қабір.
Сәрмен бір апта бойы Нәфисәға бұл хабарды айтуға батпай жүрді. Кейуананың соңғы үмітін үзермін деп ойлады. Қарттар үйіне апарған соң жаймен жеткізермін деген, бірақ ол…
– Шәмілім келе қалса…
Нәфисәнің даусы Сәрменге шіркеуде соғылған қоңыраудай тиді. Өзіне ие бола алмай, ышқынған ол:
– Сенің ұлың жоқ, Нәфисәтти! – деді. – Күтпе оны, күтпе! Маған оның қабірін өз көзімен көрген адамдар айтты. Не үшін тырысып жүрмін мен: сен өз үйіңде жалғыз қалмасын деп, сені адамдарға, жылы жерге апарғым келеді. Сенің енді ешкімің жоқ! Дайын бол, сағат үште шығамыз! – Сәрмен осыны айтты да нық адымдап үйден шықты.
Көлікке барып, темекі шегіп, айнала жүріп дөңгелектерді тепкіледі. Өз-өзімен сөйлескенде: «Аздап ашуға берілдім, әрине, жолға… дайындалу керек еді, сосын айтуым керек болатын! Көрмейсің бе! Бір уақытта екі тасты арқалай алмаймын ғой!..»
«Екінші тастың» құпиясы мынада еді. Әкесі кенеттен инфаркттан қайтыс болғанда, оның орнына Сәрмен ауылдық кеңестің төрағасы болып тағайындалған. Сейф түбінде жатқан қағаздарды сұрыптағанда хат тауып алды. Конвертте әкесінің қолымен «Нұғаева Нәфисәға уақытша бермеңіз» деп жазылған. Мәскеуден Сыртқы істер министрлігі арқылы алынған бұл хатқа он жылдан астам уақыт болыпты. Мозамбик елшілігінен келген хатта адам сенгісіз нәрселер жазылған. Светлана үш баласын дүниеге әкелгеннен кейін күйеуі оны басқа адамға сатып жібереді. Екінші күйеуінен тағы үш бала туған соң үшінші біреуге сатады. Байғұс осылай қолдан қолға өтіп жүргенде он үшінші баласын (1988 жылы) босану үстінде қайтыс болады…
***
Сәрменнің сөзінен соң Нәфисә әжейдің көзі қарауытып кетті. Есін жоғалтқандай, төсегінде теңселіп ұзақ отырды. «Өмір бойы сен үшін жүрегім ауырды, балам! Өмір бойы сені сау етіп тумадым деп өзімді кінәлаумен келем. Шабындықта үлкендер маған үнемі «ең жоғарыға шық» дейтін, шөпті жақсы маялайды екенмін-мыс. Тыңдамау керек еді оларды… Үлкендерге қарсы келмеуші едім. Басым айналып, маядан қалай құлап кеткенімді байқамадым. Қатты құласам керек, сенің бақытсыздығыңды осыдан көрем. Әйтпегенде ән салып, сау-саламат өмір сүрер едің. Ел сондай болды ма, өмір сүрген уақытымыз сондай болды ма, рахат өмір кеше алмадық… Сен ғана мені осы дүниеде ұстап тұр едің, ұлым. Бәрі бітті… есік тұтқасыз қалды, ошақта от жанбайды, үйдің иесі кетті…».
Нәфисә әжей, неге екені белгісіз, жылай алмады.
Шаршаған қабырға сағаты соңғы…бір рет қана соқты.
Нәфисә әжей орнынан қозғалды, есін жиып, қолы мен аяғына жан кіргендей болды. «Жоқ, мен бұлай беріле салмаймын… Бір шешім табу керек… бәрі орнында қалсын… ». Осылай өзі-өзімен сөйлесіп, ол төсекте жатқан түйіншектерді шеше бастады: «бұл бөз жамылғы… ал бұл жаназасына арналған хош иісті сабындар, сүлгілер мен орамалдар…мынау төлейтін ақша… бәрі оңайда, көзге көрінетін жерде болсын». Барлығын реттеп болғаннан кейін Нәфисә әжей бөлменің қақ ортасында тұрды, әлемнің төрт бұрышын барлағандай бүкіл үйдің ішіне зер салып қарады. Өткеннің бар сыбдырын, дыбысын сіңіріп, үнсіз қалған қабырғалар, ақ пеш, терезе түбіндегі гүлдер – бәрі қалды. Ұзақ жолға шығар алдында жаны тағатсызданып, кеудесіндегі жүрек қатты соға бастады.
Нәфисә әжей кереуетке келді, көрпе-жастықты бір жағына шығарып қойды, ақ жайманың үстінде тізе бүгіп, қызыл орамалды бау етіп өре бастады. Тез, тез деп жаны асықтырып барады. Қайбір кездері желмен қызыл оттай желкілдеп, қыз кезін сәулелендірген қызыл жібек орамал енді комсомолдай қыңырланып, қарсы шығып, қолынан сырғып кетті.
Иә, Құдайым, мен өмір сүре алмадым… Не Алланы, не құлшылық жасауды білмей жұмыс істеп, тіршілік ете бердік. Содан болар, балаларыма да көңіл бөле алмадым, дұрыс тәрбиелей алмадық. Кешір мені, Құдайым… Үйімде қалайын… Өмір бойы бір ғана дұға жаттаған екенмін, ол да қартайған шағымда… Әшһәдү әллә иләһә илләллаһу уахдаһу лә шәрикә ләһү, уә әшһәдү әннә … Кісінің көзі мен қолына қарап қалай өмір сүрем… Осында көмсін, келген жеріме. Мені күнәһар деп санама, Жаратушым. Жақындарым мені сол жақта күтіп жүр… Лә иләһә иллаллаһу…
Кереуеттің басына байланған қызыл орамал мойнын буып тартқанда дұғасы кілт үзілді…
Көрші қыз Тәнзила үлгеріп келгенше дүние азабын артқа тастаған Нәфисә әжейдің жаны көкке көтерілді.
***
О, Құдай, қандай тыныштық, ақ нұрда тербелген әлем. Ауырпалықтың бәрін артқа тастаған жан ғаламның рахатына қарай ұмтылды. Жұмақ дегендері мынау жасыл тоғайлар емес пе?
Санасы оны алыс-жақын туыстары қарсы алуы керектігін сезіп келеді. Жеті атасын білмей өмір сүрген жаны естелік айнасына қарады. Әне, ақбоз атты ханзадалар, қылыш ұстаған әскербасылар бірінен соң бірі өтті, қызметшілерінің ортасында сұлу бикелер, жайнамаз үстіндегі бикештер бір-біріне ым-ишара жасасып бірдеңе дейді, бірақ бұған жақын келмеді. Бірақ олардың бәрі оның арғы ата-бабасы, әже-апалары ғой, оларды атап шақырар еді, есімдерін білмейді…
Қырдың сары түбек ойпаңында орақ ұстаған қол, шаршаған адамның сұлбасы – өзі ғой, өзі!..
– Тұқымымызды ұсақтадың! – деп біреу сыбырлады.
Әне, үлкен ұлы келеді, неге оның жарты бейнесі ғана көрініп тұр?
– Дүниеде кәпірге табынған, – деп біреу сыбырлады.
Әне, жанының бір бөлігі – қызы. Қара түске айналып, жоғалады, қара түске айналып, жоғалады…
– Басқа сенімді қабылдады, сол үшін оның жолы басқа сызықта жатыр… – деп біреу сыбырлады.
Әне, күйеуі… кенже ұлымен иық тірестіріп кетіп барады. Мені көргенде неге қуанбайды? Неге оларға жақындай алмаймын? О, Құдайым, көкте де қайғы мен азаптан аттап өте алмаймын ба?!..
Сол сәтте оң жағынан, сол жағынан, төменнен – бар дүниеден жаңғырып Құдайдың күшті дауысы естілді:
– Өзін өлімге қиғанға мәңгілік өкініш бар. Саған бұл жерден өтіп жақындарыңның жанына жету бұйырмайды! Жердегі қабір мен көктегі нұр – өмір сүру салтыңнан. Жерде соқыр сияқты еңбек етіп, тіршілік жасадың, көктегі деңгейің де сондай болмақ! Мұнда сен жұмысқа жегілген соқыр аттай боласың!
Алла Тағаланың құзырында ақталу, не бір себепке сілтеу мүмкін болмады. Жерде күнәға сүріне-қабына өмір сүрдің бе? Мұнда әрқайсына тағдырын саралап, ұялу үшін шексіз уақыт беріледі екен.
Зульфат ХАКИМ 1960 жылы 11 тамызда Татарстанның Нижнекамск ауданында дүниеге келген.
Татарстан Жазушылар одағының мүшесі.
Ғабдолла Тоқай атындағы Татарстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Татарстанның Халық жазушысы.
БӘТІҢКЕ
Мидхат үйдің алдындағы басқышта отырып, өкшесі желінген бәтіңкесін киіп жатқанда қора жақтан легенін көтеріп әйелі Мәрзия шықты.
Әйелі легенін жерге қойып, күйеуіне жақтырмай қарады:
– Тағы балыққа бармақсың ба?!
– Көріп тұрсың ғой, – деді Мидхат әйелі көрмей тұрып кетіп қалмағанына өкініп.
Мәрзия желге ұшып кетердей жұлқынып, аулада жаюлы тұрған кірлерін ұстап көре бастады.
– Елдің байы шабашкаға барады, үйіне ақша әкеледі.
– Мен шабашкінің адамы емеспін! – деді Мидхат осыған марқайып.
– Бірақ, бұлай жүре беруге болмайды, – деді Мәрзия күйеуін көзімен тесіп. – Көшіп келгендер қандай коттедж салып жатыр, қарашы.
Мидхат бау-бақшасының арғы жағында бой көтерген әлдебіреулердің коттеждеріне бір көз жүгіртті.
– Мен де салар едім. Ұрлауды білмеймін ғой. Ауылда жұмыс жоқ, ауыл шаруашылығы әбден күйреп бітті – мен кінәлі емеспін оған.
– Бәрібір тірлік жасау керек! – Мәрзияның дауысы ащы шықты. – Елден ұят! Бәтіңкеңе қарашы. Балыққа да, тойға да, мал жайғауға да, қалаға да осыны сүйрейсің.
Мидхат аяғындағы әбен тозығы жеткен, тағдыр соқпағымен сүріне-сүріне жүре беріп шаршаған бәтіңкесіне қарап қойды. Оның үстіне сол аяғындағысын майлап жіберу керек пе? Бірақ әйеліне ләм-мим демей, жол дорбасын сол иығына салды да қоршауға сүйеп қойған қармағын алып, әйелінен жанына бататын тағы бірдеңе естімей тұрғанда қарасын батырмақ болып, тездетіп қақпадан шықты.
Мәрзия неден бастарын білмей, біраз уақыт бозөкпе күйеуін жерден алып, жерге салып аулада әрі-бері жүрді де ақыры тағдырына налыған күйі кірін жинай бастады.
Мидхат өзенге апаратын ирек жолмен өзінің өмірде жолы болмағаны, тағдырының тайқылығы туралы ойлап келеді. Жасы елу төртте болса да жұмыссыз қалды, ақша жоқ, дүкендегі баға күн санап өсуде. Қолынан келгенше Мәрзия екеуі ұл мен қыз өсірді. Екеуі де қазір қалада, зауытта жұмыс істейді, аяқтарына тұрып кеткенше оларға да көмектесу керек. Балалары апта сайын үйге келеді, қайтарда пияз бен картоптан басқа қолдарына ұстатып жіберетін ештеңе жоқ.
Мидхат жағадағы ыңғайлы жерге жайғасып, қармағын салды.
Қабатын түрі жоқ. Қалтқы қылт етпейді. «Бізге балық ілікпей…» деген татар әні есіне түсті.
Біраздан соң әрірекке бір джип келіп тоқтады. Көліктен алдымен жағымсыз дауыспен шыңғыра сықылықтап күліп сары шашты қыз атып шықты. Артынан рөлде отырған жігіт шығып, артынан қуа жөнелді.
Екеуі балықшыға көңіл де аудармай жанында шешіне бастады. Мидхат күбірлей балағаттап, екеуіне көз қиығын салып тұр. «Тойып секіргендер. Жап-жас бола тұра коттедж салады, шетел көлігін мінеді. Ақшаны қайдан алады осылар? Сонша қаражатты қалай жымқырады?!»
Сөйтіп жағада шешіп қалдырған киімдеріне қарады. Көзі жігіттің әдемі бәтіңкесіне түсті. Мәрзияның намысына тиіп айтқан сөзі есіне түсті. Жүрегінде зәрлі қызғаныш сезімі оянып, денесін мұздай толқын шарпып өтті. Қалтқысын ұмытқан Мидхат қымбат бәтіңкеден көзін алмайды. Содан өзінің тозығы жеткен, бір жағына қисайған, ол аздай басы тесілген аяқ киіміне қарады.
Өмірінде ешқашан бөтеннің мүлкіне көз алайтпаған Мидхаттың басында арам ой жылт етті. Сол кезде екі жас судан шықты. Сөйтіп су жағасымен жүгіре жөнелді. Әне, қыздың да күлкісі алыстан естіледі. Көліктің бергі жағында ештеңе көрінбейді оларға. Келмей тұрып үлгерсе…
Мидхат жылдам қармағын жинап, жол дорбасымен қосып қалың бұтаның арасына тықты. Сөйтіп шапшаң бәтіңкенің жанына келді. Қайтадан қалың бұтаның ішіне сүңгіп, олжасын жол дорбасына салды да артына жалтақтап, өзен жаққа қарайлаумен үйіне қарай безді.
Қыз бен жігіт ойнақ салып, әлі шомылып жүр
Бәтіңке Германияда шыққан екен. Қарай көр өздерін, Кеңес әскерінен жеңілген халық осындай сапалы аяқ киім тігеді екен-ау!
Мәрзия қымбат бәтіңкеге аузын ашып қарап қалыпты. Күйеуінің аяғы мұндай бақытқа бірінші рет бөленіп тұр. Мидхат әйелінің:
– Қайдан алдың? – деп сұрайтынын да біліп, жолай қалай алдайтынын ойластырып қойған.
– Сазан ұстадым, төрт келі, – деді беті бүлк етпей. – Қайдан келе қалғанын білмеймін, бір «жаңа орыс» тап болды, сат деп қоймады. Аяғына көзім түсті. Бәтіңкеңе айырбастаймын дедім. Солай келістік.
– Керемет бәтіңке екен! – деді ешқашан тәуір аяқ киім киіп көрмеген Мәрзия.
***
Мидхат ұйқысынан енді тұрса әйелі күнделікті шаруасын бітіріп, ауылдың дүкеніне барып келіпті.
Таңғы шайдың үстінде кенет:
– Ауылға милиция келіпті, – демесі бар ма.
– Неге? – деді Мидхат құлағы елең етіп.
- Ізшіл ит ерткен, тіміскіленіп жүр дейді.
Мидхат селк етті:
– Не болды екен?
– Есірткі іздейтін иттер деп естідім. Анау коттедж салып жатқан жақта нашақорлар жиналатынға ұқсайды. Солардың есірткісін іздеп жүрген шығар.
Мидхаттың денесі босаңсығандай болды. Тіпті шынымен ызаланып, басын шайқап қойды:
– Қарамайсың ба, есірткі дегені ауылға да жетіпті! Не болып барады өзі! Әй, заман-ай! – деп дастарханнан тұрды. – Біраз жүріп қайтайын. Нашақорларды ұстады ма екен, көріп келейін.
Мидхат көшеде алшаң басып келе жатыр, ара-тұра аяғындағы неміс бәтіңкесіне паңдана қарап қояды. Аяқ киімің тәуір болса көңіл-күйің де жақсы болады екен. Ар-ұяты мазасын алар емес. Мидхат өмір бойы тыным таппай еңбек еткен адам, бірақ соңғы жылдары көп қорлық көрді, көп кемсітті оны, сондықтан, өзі де таң қалады, ұрлыққа барса да іштей өзін кінәлі санайтын емес.
Осылай көңілденіп келе жатқанда өзен жақтан көтерілетін шолақ көшенің бірінен дәу ит шыға келді, артында жүдеу милиция қызметкері. Күтпеген жағдайдан Мидхат шошып та үлгермеді, ит жанына жүгіріп келіп, бәтіңкесін иіскеп-иіскеп жіберіп, үре бастады.
Иттің қарғыбауын білегіне бірнеше рет орап алған милиционер бос қолымен төс қалтасынан куәлігін шығарды:
– Капитан Гайсин. Бәтіңкеңізді шешіңіз.
– Неге? – деді Мидхат ұяттан кірерге тесік таппай.
– Ит бірдеңені сезді. Аяқ киімді шешіңіз.
Соның арасында адам жиналып қалды. Ауылда осылай жылдам жиылады. Әсіресе, біреу бір келеңсіздікке тап болса. Тек ауылда емес, барлық жерде де жұрт біреудің қуанышын бөлісуге асықпайды. Оларға трагедия ұнайды, біреуді масқаралап, кемсіткен ұнайды, ондай кезде елді шақырудың қажеті жоқ, өздері-ақ жетіп келеді.
Мидхат аяқ киімін шешкенше капитан Гайсин итін қоршауға байлады. Қалтасынан бәкісін шығарып, бәтіңкенің ішінен табанын тіліп, ақырын, екі саусағымен қысып кішкентай полиэтилен орамды шығарды.
Гайсин бәтіңкені жерге тастап, әлгі орамды жоғары көтеріп жиналғандарға қарады:
– Ақ ұнтақ! Бірнеше куә керек.
Мидхаттың есірткімен ұсталғаны жайлы хабар бүкіл ауылға тарады. Ертеңіне бұл жайында көрші ауылдар да білді. Ауылдағы аса қарапайым, тыныш қана өмір сүрген, екі бала өсірген адамның есірткі мафиясымен байланыста болғаны баршаны таңғалдырды. Көп адамның сенгісі келмеді, бірақ куәгерлердің алдында бәтіңкесінен ақ ұнтақ салынған орамды шығарғаны рас болса қалай сенбейсің?!
Милиция бөлмесінде Мидхат демін ішіне тартып, бірдеңені асығыс жазған капитан Гайсиннің қарсы алдында отыр.
Бір буда қағаздың жанында тұрған бәтіңкеге қарамауға тырысып, тағы да ашына сөйледі:
- Бұл менің бәтіңкем емес!
Гайсин де мағынасыз сұрағын әлденеше мәрте қайталап қойды:
– Сенікі болмаса аяғыңда қайдан жүр? – Капитан жазуынан бас көтеріп, Мидхатқа ашулана қарады. – Қайдан алдың есірткіні? Өзің қолданасың ба әлде сатасың ба?
Мұндай сұрақтардан Мидхат әбден торығып кетті. Не айтарын білмей сұрады:
- Мені қамай ма енді?
- Жоқ. Курортқа жібереді, – деп кекетті капитан. – Карловы-Вары деген курортты естіп пе едің? Мойындасаң мерзіміңді қысқартады.
Мидхат тағы бір мәрте көрейін деді:
- Жоқ, есірткі де, аяқ киім де менікі емес! – деді ол әлемдегі бар бәтіңкеден, қала берсе бар аяқ киімнен бас тартуға дайын болып.
- Наркотрафик сенің бау-бақшаң арқылы өтеді деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмес еді, – деді Гайсин оған бақырая қарап. Мидхат ызаланып кетті:
- Бақшамнан жер жыртатын жылқы өтеді, тағы жамбасын тегештей етіп кетпенмен әйелім бір жүріп өтіп, арамшөптерді отап шығады. Колорадо қоңыздары әбден кеміріп тастаған картоп атызымнан тағы қандай есірткі трафигі өтеді екен?!
Бірақ ішкі істердегі қызмет барысында әбден ысылған Гайсин оның ызаланғанына титтей де мән бермей, сұрақ алуды жалғастыра берді:
- Есірткіні қайдан әкеледі саған? Жауап бер. Әйтпесе түрмеде шірисің.
«Бәтіңке ұрлағанымды мойындасам, жауапқа тартса да мынау сайтан алғыр есірткіні мойныма ілмейтін шығар», – деген ой келді кенет Мидхатқа.
– Қайсысының мерзімі көбірек: ұрлық па, әлде есірткі сақтағаным ба? – деп сұрады ол тағы да жазуға кіріскен капитаннан.
– Ол не ұрлағаныңа байланысты.
– Мәселен, аяқ киім ұрлағанға? – деді Мидхат.
Капитан біраз уақыт күдіктіге тесіле қарап отырды.
Мидхат ақыры бар шындықты жайып салуға бел буды:
– Ұрлап алғам бұл бәтіңкені!
Гайсин мырс етті:
– Оттама. Тергеуді жалған жолға бұрмақсың ба?
– Өтірік айтсам өліп кетейін, мына бәтіңкені ұрлап алдым деймін! – Мидхат орнынан ұшып тұрды. – Өмірімде мұндай қымбат бәтіңке киген емеспін! – деп саусағымен үстелді нұсқады.
– Қай жерден ұрладың?
– Өзен бойынан.
– Кімнен?
– Шомылуға келген бір мықты жігіттен.
– Мықты жігіт екенін қайдан білесің?
– Бау-бақшамның артында коттедж салып жатыр. Көлігі де қымбат.
– Маркасы қандай?
– Маркасын білмеймін. Көлігінің алдынан қарасаң сатушы Хәбираның түріне ұқсап ақсиып тұр. Нөмірі – 999.
***
Гайсин қағаздарын реттеп жатқанда бөлмесіне көзі көк, ақсары жігіт кіріп келді. Денесі мығым екен. Жүзіне қарап ұлтын тани алмайсың. Шамамен жасы жиырма бесте. Шетелдік жазуға толы футболка, джинсы, кроссовка киген. Келбетінен үрей де, титтей алаңдаушылық та байқалмайды.
- Кіруге бола ма? – деді жігіт сағызын шайнап, рұқсат сұраған сыңай танытып.
- Кіріңіз. Отырыңыз. Тегіңіз?
- Саттаров, – деді кірген жігіт милиция қызметкерінің алдына отырып.
- Есіміңіз?
- Марс.
- Әкеңіздің есімі?
- Эдуард.
- Әңгіме былай, Марс… — Гайсин ақыры қағаздан көз алып, жігітке қарады. – Бәтіңкеңіз ұрланыпты. – Үстелдің суырмасынан Мидхат ұрлаған аяқ киімді шығарып, үстіне қойды. – Сізге қайтаруым керек.
Марс бәтіңкеге немқұрайлы қарады:
- Бәтіңкем ұрланған жоқ.
Капитанның ұртындағы бұлтықтары жыбырлап кетті:
– Міне тұр ғой, таптық.
– Бұл менің бәтіңкем емес, – деп Марс сағызын жылдамырақ шайнай бастады.
– Кімдікі онда?
– Мен қайдан білем?!
– Ұрыны да тапқанбыз, – деп жымиған Гайсин есіктің сыртына естілетіндей барқ етті.
– Мидхат ағай, кіре ғой!
Мидхат кірерге тесік таппай, әскери комисариаттағы тырдай жалаңаш әскерге шақырылушы сияқты есіктің алдында тұр. Марстың жүзінен үрей байқалып, жадап-жүдеген еркекке көңілсіз қарап қойды. Мидхат болса жігіттің көзіне қарамауға тырысып, теріс бұрылды. Бөлменің төріндегі бос орындыққа отырып, терезеге тесіле қалды. Сыртта, ағаш бұтағында торғайлар мәз-мәйрам. Сол сәтте әлгі титтей құстар әлемдегі ең бақытты жандар деп ойлап қойды іштей.
Сөйтіп капитан Гайсиннің дауысынан селк ете қалды:
– Демек, өзен бойында мына азаматтың бәтіңкесін ұрладыңыз ғой, дұрыс па?
– Иә, — Мидхат бәтіңкеге бір, Марсқа бір қарап басын изей берді. – Таң атысымен қатын да қанымды ішті. Елдің алдында ұят деді, аяқ киіміңнің сиқы мынау деп.
– Мына адамнан ұрладыңыз ба? – Гайсин жігітті нұсқап сұрағын қайталады.
– Иә. Бір қызбен бірге шомылып жүр екен.
Гайсин қуанып кетті, іс сәтті ашылатын сияқты, бұл қызметінің өрлеуіне де пайдалы. Сөйтіп жігітке жылы-жылы сөйлей бастады:
– Марс, бұл сенің бәтіңкең бе?
– Жоқ, – деді ол міз қақпай. – Алдайды. Өзінің бәтіңкесі.
– Мұндай бәтіңке алатын жағдайым болса алдымен тіс салдырып алар едім, – деп ызаланып кетті Мидхат.
– Ендеше сараптамадан білеміз кімдікі екенін, – деді Гайсин құжат папкаларын үстелдің суырмасына салып жатып.
Марс күліп жіберді:
– Жарайды, бәтіңке менікі, ал мына делқұлы оны ұрлап алды дейік.
– Жә-жә, намысқа тимей сөйле! – капитан барқ етті.
– Жарайды, менің бәтіңкемді ұрлаған болсын… Иә, бәтіңке менікі, бірақ есірткі менікі емес. Ұрлап алған соң табанына есірткі салған, – деді ол.
Мидхат жігітке жалт қарап алая қалды:
- Есірткі менде қайдан болсын? Темекіні тастағалы қашан! Сегіз жыл болды.
Гайсин сығырайып қарады:
- Әлде ауыз жаласқансыңдар ма?
Марс тырқ-тырқ күле бастады:
- Мынаумен бе?
Капитан маңғаздана қалды:
- Иә. Сен жағаға бәтіңкеңді шешіп кетесің, ал Мидхат ағай ақырын алып кетеді. Осылайша есірткіні бір-біріңе бересіңдер. Солай ғой?
Марс қатты күле бергенде аузындағы сағызы ұшып кетті.
Мидхат шыдамай айғайлай бастады:
- Не деп отырсыз?! Мені бәтіңке ұрлағаным үшін соттаңдар, бірақ есірткіні мойныма ілудің қажеті жоқ! – Кенет дәрмені кетіп, орындыққа сылқ етіп отыра қалды. Сыбырлады, – Әйелім өлтіреді мені!
Марс оған жақтырмай қарады:
- Одан бұрын мен өлтірем.
- Ей-ей, қоқан-лоққы жасама, жарай ма? – деп Гайсин сес көрсетіп қойды.
***
Милиция бөлімшесінің жертөлесінде орналасқан камералардың бірінде, қараңғы бұрыштағы тақтаның үстінде бүк түсіп, пыс-пыс етіп біреу жатыр. Қабырғаға қарап, кір-кір болған көрпеге басын бүркеп алған, шырт ұйқыда. Мұнда өзі жалғыз, камерадағы қалған үш тақта бос.
Темір есік сықыр етіп, бір адам сыятындай ғана ашылды. Камераға Марс кіріп келді. Артынан есік тарс жабылып, сырттан құлыптың жабылғаны естілді.
Марс есіктің алдында тұрған күйі камераның ішін көзімен сүзіп шықты. Бос тақтаға отырып, біраз уақыт ұйықтап жатқан адамға зер сала қарап, әдейі қатты-қатты жөтеліп жіберді. Абақтыдағы адам оянып, ақырын тікейіп отырып, жаңа серігіне сығырая қарады.
Көпке дейін үнсіз отырды. Содан Марс келекелей сөйледі:
– Иә, есірткі тасушы? Енді не істейміз?
Мидхаттың оның келгеніне қатты алаңдағаны байқалады.
- Не істегенде… – деді ол міңгірлеп. – Кешір мені.
- Не үшін? – деді Марс мырс етіп.
- Бәтіңкеңді ұрлағаныма. Бұлай болады деп кім ойлапты.
- Бәтіңкені қоя салшы. Бірақ мені есірткімен қораға тыққаның үшін не істесем болады саған, ә?
- Ішінде есірткі барын білмедім ғой.
- Қайдағы есірткі?! Болмаған ешқандай есірткі.
- Сонда сенікі емес пе?
Марс камераның ішінде әрі-бері күйгелектене жүре бастады:
– Қайдағы есірткі?! Мен спортшымын. Тіпті ешқашан темекі тартқан емеспін.
- Онда қайдан шыққан?
- Былай қарасаң – жүрген бер мүсәпірсің, бірақ рөліңді керемет ойнайды екенсің! – деді жігіт жұдырығын түйіп.
- Өліп кетейін тұрған жерімде! – деп Мидхат шыр-пыр. – Есірткіге ешқандай қатысым жоқ. Алла сақтасын!
Марс біраз уақыт Мидхаттан көз алмай тұрды.
- Онда кім салған оны?
- Түсінбедім, сенікі де емес пе сонда? – деп таң қалды Мидхат.
- Жоқ! – деді Марс тістеніп.
Мидхат біраз ойланып тұрды да сөзін жалғады:
- Ойыма бірдеңе келді: біреу көшеде оралған есірткісін түсіріп алып, менің әйелім тауып алған болса ше? Аяқ киім аяғымды қажамасын деп ұлтарағының астына пакетті салып… Бірақ соңғы уақытта сорлы әйелдің маған істеген бір жақсылығы жоқ. Керісінше, аяп емес, аяғын ауыртсын, алысқа кетпесін деп басқа нәрсе салады ол.
Бұл сөзінен соң Марс біраз уақыт тақтаның үстінде ойға батып отырды.
Кенет орнынан ұшып тұрып, есіктің жанына жүгіріп барды да бар пәрменімен жұдырықтап соға бастады.
- Әй, ашыңдар! Тез ашыңдар! Жылдам!..
***
Мидхат милиция бөлімшесінен босап шыққанда сыртта Мәрзия күтіп тұр екен. Күйеуін танымай қалды – қырынбаған, әбден тыртиып жүдеген, оның үстіне бүкірейіп қалған ба? Әйелі жүгіріп барып құшақтай алды. Күйеуінің құшақтауға әлі келмесе де жүрегі елжіреп сала берді.
Екеуінің де көзі жасаурады. Иә, қымбат екен жар деген. Сол сәтте ақшаның жоқтығы да, киімнің тозығы да, бәтіңкенің жыртығы да маңызды болмай қалды. Материалдық дүние артқа шегініп, өмірдегі бар қиыншылықты бірге көтерген екеуі бір-бірін қатты сағынғаны көрініп тұр.
– Әйтеуір шешілді ме? – деді Мәрзия әбден айызы қанғанша жылап алған соң.
– Жанында шомылып жүрген әлгі қыз Марсқа күйеуге шыққысы келген екен, ол басқа қызды таңдапты. Ашудан бәтіңкесіне есірткі тыққан сол болып шықты. Милицияға хабар беріп, түрмеге тоғытайын деген ғой. Солай.
– Аһ, сайқал!
– Мені айтпайсың ба, өмірімде біреудің затын алмай…
– Айтпа! Қайтейін деп едің сол бәтіңкені?!
– Өзің ғой, аяғыңнан түсіп қалады деп миымды жеп.
– Жесем не болыпты, ұрлау керек пе?
– Ой, құрысыншы!..
***
Үйіне келген соң қараңғы түссе де монша жақты. Ескі тоңазытыштың мұздатқыш сөресінде көптен бері бір кесек ет жатқан. Соны салып асбұршақ сорпасын пісірді. Мәрзия өз қолымен үстелге бір бөтелке арақ қойғанда Мидхаттың жүрегі дір етіп, әжім басқан бетін бір тамшы жас сызып өтті.
Мидхат көпке дейін дөңбекшіп ұйықтай алмады. Түсінде капитан Гайсин келіп, үйін тінтіп жүр екен. Қалтасын ақтарып, аяқ киімін иіскейді. Күпәйкесінің қалтасынан, галошының ішінен, пештің түбінде жатқан пимасынан, Мидхат балыққа барамын деп жауынқұрт жинайтын құтыдан ақ ұнтақ салынған орамдарды шығарып жатыр. Тіпті Мәрзия арақ жасырып қоятын шоланның қуысынан да тапты. Мұндай мөлшердегі есірткі үшін өмір бойы түрмеге қамаларсың деп ойлаған Мидхат терге малшынып оянды. Сол түні Мәрзия да көз ілмей, кереуетінің шетінде отырып сандырақтаған күйеуін тыныштандырумен болды.
…Таң атты. Өмір өз қалпына оралды. Әйелі тоңқаңдап, ырсылдап еден жуып жатқанда Мидхат ақырын балыққа баруға жинала бастады.
– Тағы да балыққа барасың ба? – деді Мәрзия беті қызараңдап.
– Иә, – деді Мидхат дорбасына бір тілім нан салып жатып.
Мәрзия ызаланып қолындағы шүберегін еденге лақтырды:
– Сондағы тапқаның майда шабақ пен үлкен бәле ғой!
- Енді үнемі олай бола бермес, – деді Мидхат.
Сол арада үйінің алдына джип келіп тоқтады. Біреудің аулаға кіргенін көріп, Мидхат алдынан шықты. Аулада Марс тұр, қолында үлкен сөмке мен пакеттер. Мидхатқа ілесіп Мәрзия да шықты.
– Мидхат ағай, дорбаңды арқалап қайда шықтың? – деді Марс күлімдеп.
– Балыққа бармақпын.
– Анау жерге ме? – жігіт күліп жіберді.
– Бүгін сәл басқа жаққа.
Марс дереу күлкісін жиып, Мидхаттың жанына келді.
- Саған рақмет! Міне, базарлық, сыйлық әкелдім.
Орамдар мен пакеттерді Мәрзияға ұстатып, бір қорапты Мидхатқа берді.
– Не үшін рақмет айтып тұрсың? – деп Мидхат мазасыздана бастады.
– Бәтіңкемді ұрлағаның үшін. Егер сен болмасаң не боларын бір Құдай біледі. Әлгі шырғалаң осылай аяқталғаны жақсы болды.
Мидхат қолындағы қорапты айналдырып қарады:
– Бұл не?
– Мидхат ағай, саған бәтіңке. Менен сыйлық.
Мидхат қорқып кетті:
– Жо-жоқ, қажет емес!
– Қорықпа, ала бер, – Марс жымиды.
Жігіт қойын қалтасына қолын салып, бір бума ақша шығарды. Бірақ Мидхатқа беріп үлгермей, Мәрзия жылдам қолындағыларды кіре берістегі басқышқа қойып, ақшаны алды да халатының қалтасына сала қойды.
Марс тағы бір мәрте рақмет айтып, қоштасып кетіп қалды.
Мидхат қорапты ашып еді, жүрегі жарылып кете жаздады: ішінде керемет бәтіңке бар екен. Дәл ана жолғы сияқты, бірақ су жаңа.
– Таста! – Мәрзия шаңқ етті. – Киюші болма!
Мидхат бәтіңкені басқышқа қойды. Әйелі жүгіріп барып шоланнан мал соятын пышақ алып келді. Мидхат әйелінің пышақтың ұшымен аяқ киім табанын кескеніне қарап отырды.
Құдайға шүкір, есірткі жоқ екен.
***
Сол күні жағада тіпті керемет болды.
Баяу аққан өзен сылдырының әуенімен жүрегі де тербеліп тұрғандай. Мидхат жол дорбасының бауын ағытып, Марс алып келген бәтіңкені шығарды. Сөйтіп құлашын керіп, бар күшімен өзеннің ортасына алдымен біреуін, артынан екіншісін лақтырды. Екі бәтіңке де судың астына кеткенде барып «үһ-һ!» деп демін алды.
Сөйтіп қармағын лақтырып, әдеттегілей балықтың қапқанын күтті.
Сол баяғыдай, қаппайды. Кешке дейін де қаппайтын шығар.
Бірақ бәрібір жүрегі тыныш. Жан дүниесі еркіндікке шыққандай.
Кенет қалтқы дір ете қалды. Жоқ, балық емес қапқан, жай, жел қозғалтқан ғой. Жұмсақ самал балықшының кеудесін сипап өткенде денесі тітіркеніп кетті.
Мидхат өзінің ескі бәтіңкесіне қарап, балық қаппаса да әлдебір қуанышты сезім жүрегін баурап кетіп, әндетіп қоя берді.
Татар тілінен аударған – Саят Қамшыгер
Фируза ЗАМАЛЕТДИНОВА 1960 жылы 28 наурызда Татарстанның Дрожжановск ауданында дүниеге келген.
Татарстан Жазушылар одағының мүшесі.
Сажида Сүлейманова, Хади Такдаш атындағы әдеби сыйлықтардың иегері.
Татарстан Республикасы мәдениетінің еңбек сіңірген қайраткері.
ПАТТЕРИ
Егістік үсті буланып, көктемгі сумен жуынған дала хош иіс аңқиды. Аулада қаздар қаңқылдап, тауықтар қыт-қыттап, тоқ сиырлардың мөңірегені естіледі. Ауыл қыстың суығынан аман-есен өтіп, нәзік те мамыражай мамыр айына аяқ басты.
Ауылдың әдет-ғұрпы бойынша қысқартып Сәбирати (Сәбира тәте дегені) дейтін Сәбира апайдың күңгірт үйінен ескі баянынын созып, сап-сары қалпақ киген Паттери (екпін соңғы буынға түседі) шықты.
Үстінде солдат шинелі, белінде жуан белбеу, аяғында солдаттың керзі етігі.
Баянының созылмалы жері ысқыра созылып, бұзылған аккорды шиқылдап, ауылды аралап кетті. Жоқ, жоқ, бұл әуен аспан күмбезінің астындағы даңғыра сияқты естілді. Ауыл тұрғындары алдымен терезеден сыртқа үңіліп, содан көшеге ағылып, бәрі Паттеридің қасына жиналды…
Содан кейін алшаң басып, баянын тартып көрші ауылдарға түседі. Ол жақта да бәрі Паттеридің келуін күтеді. Өйткені ол өзімен бірге көктемді ала келеді. Бүкіл өңірге. Адамдардың өміріне қуаныш әкеледі.
Жұрттың томпиған қалтасын көргенде күлімсіреп қоя береді, онда жұмыртқа немесе тоқаш болуы мүмкін, бірақ ештеңе сұрамайды. Не берсе соны қанағат тұтады. Алғанының бәрін қалпағына салады. Өйткені, ауыл тұрғындарының қандай адам болғанына қарамай, бәрін бірдей құрметтейді.
Паттери баянда тамаша ойнайды, бірақ кейде тоқтай қалып:
– Қарашы, маған көзін қысады! – дейді.
Солай жас қыздарға қырындайды. Қыздар ондайда ұялып теріс қарайды.
Содан Паттери тағы баянын созады. Әрине, аспабынан жағымды әуен шықпайды, жай шиқылдаған, үзік-үзік, әрең шығатын аккорд ғана естіледі.
Біраз ойнаған соң баяншы тағы да тоқтай қалып, барқыт камзол киіп, басына ақ орамал жапқан кемпірге, ауылдың ұстабикесіне (әдетте, қыздарға діни сауат беретін молданың әйелін осылай атайды) тесіле қарайды. Сөйтіп оған саусағын шошайтып, тісін ақситады:
– Қарашы, маған көзін қысып тұр!
– Құдай сақтасын, құрып кет әрі! Баянының даусын естігенде-ақ шыққым келмеп еді! – деп жыламсыраған ұстабике ақтала бастайды.
Баянның үзік-үзік әуені дереу азан-қазан болған халықтың у-шуы мен сыңғырлаған күлкісі, әзіл-оспақтың арасынан еміс-еміс естіліп, елдің көңіл-күйі көтеріледі.
Сөйтіп, көктем лебін осылай өзімен бірге ауылдарға алып келеді.
Паттериді көрген сайын анам мен әжем жиі тартысып қалатын.
– Мұндай диуанадан ешқандай пайда жоқ, олар мәңгі өмір үшін де сауап іс жасамаған дейді, – деп бастайды әңгімесін әжем. – Қиямет күні екі дүниенің арасында қалады-мыс…
– Әне, бүкіл ауылдың көңілін көтерді, сол игі іс емес пе? – дейді анам.
– Жоқ, әрине… Сауап іске бұл аздық етеді…
– Кемтарға жұмақ нұры түспесе жұмаққа кім барады ендеше? Біреудің затына көз алартпайды, ешкімге зиянын тигізбейді…
Ойға батқан әжем біраз үнсіз қалады да:
– Ақылынан айырылғандар, өліміне үш-төрт күн қалса да әйтеуір жұмаққа кіріп шығады екен дейді кітапта, — деп ә»лденені еске алғандай болады…
– Аһ, анашым, кітап, кітап дейсіз… Білемін, бәрін махаббатпен таразылайсыз… Бірақ көктем лебі келгеннен бастап, неге екенін білмеймін, Паттеридің баянының даусын естігім келеді… Өзің де бір рет болса да үйде шыдап отыра алмадың…
– Оның рас, – деп әжем келіседі.
Әжем Паттериге сары тиын береді. Соларды көбірек жақсы көреді. Жүрген жерінде жұртқа көрсетіп, мақтанады.
– Енді ән сал, Паттери, – деп ерлер қауымы онымен ойнай бастайды.
– Паттери… ән салмайды, – дейді ол селқос.
Көктемнің келгеніне төңіректегі ауылдарда Паттеридей қуанған ешкім болмаса керек. Ал өзіңді қуанту үшін басқаларға да шаттық сыйлаған дұрыс. Қуаныш – сені қабылдағанның, мақұлдағанның, қолдау көрсететін сенімнің белгісі. Бір ғажабы, бұны делқұлы жандар да түсінеді…
***
Ауыл жігіттерінің бір жаман әдеті бар: артынан жүгіргенде қарамай қойған өжет қыздарды жазалап, кек алу құралы ретінде Паттериді таңдайды. Алып денелі, кең жауырынды делқұлыны «кінәлі» қыздарды кешкісін үйіне шығарып салуға жібереді… Сөйтіп, клубта кино біткен соң бүкіл жігіттер «бригадасы» жаңа «жұптың» соңынан еріп отырып, әңгімесіне құлақ түріп, жол бойы тырқ-тырқ күліп келеді.
Бір күні клубтың алдында Кәміл есімді үлкенірек жігіттердің бірі Паттеридің жанына барып, аузындағы темекі түтінін будақтатып тұра қалды.
– Сен мені алдадың. Міне, шапалақ берді… – деді Паттери саусағымен бетін түртіп…
– Ауырды ма?
– Қатты ауырды.
– Құшақтадың ба?
- Жоқ, құшақтай алмадым… Ұрды…
Паттери жылап жіберді.
– Жарайды, жылама, бүгін ұрмайды, – деп жұбатты Кәміл. – Біз қарайлап жүреміз… Оны құшақтап, сүйіп ал…
Мен, әрине, олардың кім туралы айтқанын бірден түсіндім.
Бір күні бүкіл сыныпты сабақтан босатып, бізді картоп жинау үшін колхоздың егістігіне апарды. Жанымызда сынып жетекшіміз Гүзәлия апай да бар. Ауылымызға оқу жылының басында ғана келген. Көршіміз Хамида әжейдің үйіне орналасты.
Біздің жігіттер ғана емес, әжем екеуміз де жап-жас мұғалима тереземіздің алдынан арқасындағы ұзын да қалың, қос өрім қара шашы шайқалып өтіп бара жатқанда сүйсіне қарайтынбыз.
– Аллам сұлулықты аямай беріпті өзіне. Әй, қайран жастық-ай! – деп күрсінеді әжем оған қарап. – Тіл-көзім тасқа!
Тегіс асфальт жолда жүргендей, тық-тық басып, қаққан қазықтай денесін тік ұстап өтеді. Тіпті картоп алқабында да сол жүрісі өзгерген жоқ!
Тартымды жас мұғалиманы балалар да жақсы көреді. Әр сөзін қалт жібермей тыңдайды. Гүзәлия апай жанымызда болғасын ба, бір-екі сағатта бір көлік картоп жинадық. Содан біраз демалып отырып, ойнап-күліп, жұмбақ шештік.
Кенет жақындап келе жатқан мотоциклдің гүрілі естілді. Бәріміз басымызды таныс гүріл шыққан жаққа бұрдық. Кәміл аға темір тұлпарын тізгіндеп алыпты. Жанымызға жақын таяп келіп, мотоциклін бір жағына жантайта тоқтатты да бір аяғын жерге тіреп, Гүзәлия апайға тесіле қарады.
– Отыр, кеттік!
Гүзелия апай ұялып қалды.
– Отырмаймын, – деді таңырқай жымиып.
– Отыр деймін!
Кәміл аға өктем сөйледі.
– Балаларды тастап кете алмаймын, – деді Гүзәлия апай. – Сіз неге менімен бұлай сөйлесіп тұрсыз?
Кәміл ағайдың жүзінен ызаланғаны байқалып, көлігінің газын басты да шаңды бұрқ еткізіп кетіп қалды.
Кешке Гүзәлия апайды клубтан Паттери шығарып салды. Дәлірек айтқанда, клубтан емес. Сол күні бізге Қазаннан театр келген. Жас мұғалима да қойылымды тамашалағысы келген шығар. Жалпы ол клубқа бармайтын, сол күні бірінші рет барған. Мүмкін сол себепті де мені жанына ілестіріп алған болар.
Үйге қайтып келе жатқанымызда аюдай алшаң басып, үшкір басты галошының өкшесін басқан Паттери бізді қуып жетті. Алға өтіп кетіп, Гүзелия апайдың алдына тұра қалды, біраз уақыт одан көз алмай тұрды да ыржиып қойды:
– Мә-ә-ә, қандай сұлусың!
Гүзәлия апай үндемеді, тек иығын көтеріп қойды. Сол айлы түнде төңірекке хош иіс тарап кеткен, бұл оның әдемі бұрымының иісі емес пе?.. (Әтірінің хош иісі қандай әдемі гүлдерден алынды екен?) Жас мұғалиманың әлгі еңгезердей делқұлыдан аздап қорқып тұрғаны байқалады. Біраз жерге дейін екеуі үнсіз барды.
– Мә-ә-ә, қандай әдемісің! Есімің кім? – деп сұрады ақыры Паттери.
– Гүзәлия.
– Біздің ауылға не үшін келдің?
– Мені мұнда бала оқытуға жіберді, – деді Гүзәлия апай дауысы дір-дір етіп. Сөйтіп аюдай дәу, баладай жасқаншақ орта жастағы жігітке үрейлене қарады.
– А-а, оқытуға ма?! Кімді оқытасың? – деп міңгірледі Паттери мұрнын күпәйкесінің жеңімен сүртіп.
Түн жарық болатын. Аспандағы ақша бұлттардың үстінде күміс ай қалықтайды. Айлы түндегі желдің жеңіл лебі шашымды ақырын сипап өтеді. Айнала ап-анық көрінеді. Жолға ақырын сыбдырлап жеңіл жапырақ төгілп кетеді. Паттери галошымен жапырақтарды баса-маса әлі сұрап келеді:
– Мектепте оқытасың ба?
- Иә, мектепте, – деді ақырын Гүзәлия апай.
Үйге де жақындап қалдық. Артымыздан бір топ жігіт еріп келеді, олардың тарқылдап күліп, әзілдеп келе жатқаны естіледі.
- Мә-ә, қандай сұлусың, – дей берді Паттери.
Сол күні күтпеген жағдай болды. Гүзәлия апайды құшақтап алуға Паттеридің батылы жетпеді. Мұғалима ақырын басып қақпаның есігінен кірді де қараңғыға сіңіп кетті.
– Мә-ә-ә, қандай сұлу, – деді Паттери үйінің алдында сүмірейіп тұрып. Мен үйге жетіп алуға асықтым.
* * *
Бір күні көшемізде хабар тарады: Гүлсінұр апаның үйіне сонау Сібірден ағасының баласы келіпті.
Көзі көкпеңбек, сымдай тартылған сұңғақ жігіт әскери киіммен бәрін таңдай қақтырды. Ұзын шинелі де, бас киімі де құйып қойғандай жарасып тұр, біздің жігіттердің ешқайсысы оған тең келе алмайтыны анық еді. Былғары етігі айнадай жылтырап, қарасаң өзіңді көретін сияқтысың…
Бірден ауылда қауесет тарады: үйленуге келіпті-мыс. Жігіт қызмет бабымен алыс шетелге кетеді екен, әрине, жалғыз кете алмайды. Өзі әскери адам, Гүлсінұр апа айтқандай, «болашағы зор жігіт».
Әрине, ауылымызда оған сай келетін жалғыз ғана қыз бар – Гүзәлия апай. Оның мөлдір көзінен жан дүниесі таза екенін көресің! Сөйлеген сөзі де орынды, тілінен бал тамады. Ондай да болады екен-ау! Кейде жан дүниесі таза адамды іздегенде дәл қасыңнан табылып жатады…
Жұлдыздары жарасып, жандары жақын екенін сезсе керек, олар бір-бірімен тез тіл табысты. «Жаның қабылдаса, ол адам саған жат емес» деп әжем айтқандай. Сол себепті де Гүзәлия апай оны жан-тәнімен қабылдап, тұрмысқа шығуға келіскен шығар.
Неке қиған жерден аппақ той көйлегін киіп оралғаны бүкіл ауылдың есінде. Қалыңдықтың көйлегі аппақ бұлтқа ұқсап, жеңдері тауыстың құйрығындай үлпілдеп, мойын тұсына әсем інжу моншақ жиектеліпті. Әдемі туфлиі қытай фарфорынан құйылғандай…
Иә, бәрінің есінде, өйткені мұндай жұпты біздің ауылда бұрын-соңды ешкім көрмеген.
Бірақ… бақыт тек сұлулықта емес екен…
Ертеңіне «Гүзәлия қашып кетіпті» деген хабар бүкіл ауылды дүр сілкіндірді.
Той көйлегін кереуетінің басына іліп, Гүзәлия апай таң ата бір жаққа зым-зия жоғалыпты…
Әлі күнге дейін олардың неке жүзіктері Гүлсінұр апаның шкафындағы тәрелкесінде шаң басып жатыр… Және жыл өткен сайын қарая беретіндей, әлде маған солай көріне ме…
Гүзәлия апай біз үшін ауылдағы ең биік самғаған құс еді, сондықтан оның бақытсыз тағдырына сөзбен емес, оймен де тиісуге ешкімнің батылы бармаған сияқты…
Сол оқиғадан кейін Хамида әжейдің үйіне басқа да мұғалима қыздар келіп тұрды. Жас, әдемі әрі өздеріне сенімді қыздар. Паттери оларды да шығарып салып жүрді. Бірақ енді ол бұрынғы Паттери емес. Клубтан қайтқанда қыздарға еріп жүріп үнемі бір әңгімені бастайды. Бұрынғыдай емес, жеңіл сөйлейді.
– Гүзәлия жылап, маған хат жазады, – деп бастайды ол әдетте.
– Жылағанын қайдан білесің? – деп сұрады бірде Дания апай.
– Дәптер парағының бетіндегі сия жайылып кетіпті, ағы-ы-ып, – дейді Паттери.
Дания апай да қу. Оның ой-өрісін бағамдағысы келіп, сондай қитұрқы сұрақ қояды.
Олар үнсіз қалады. Айналада қалақайдың иісі аңқып, жол жиегіндегі бұталардың сыбдыры естіледі. Шарбақ бойындағы шөптің арасында шегіртке шырылдап, көңілің көтеріледі…
– Ондай болса неге оны барып алып келмейсің? – деп сұрайды Дания апай.
– Сені шығарып салуым керек қой, солай тапсырды, – дейді Паттери құдды бір аса маңызды мәселені талқылап жатқандай.
Махаббат сезімі диуанаға да тән екен. Гүзәлия апай ауылдан кеткен аптада Паттери бір жақтан солдат шинелін тауып, киіп алыпты. Тіпті біреуден етік те алған. Бірақ бір фуражка табылмаған. Денесін тік ұстап, Гүзәлия апай ғашық болған әлгі әскери жігітке ұқсап жүруді де үйренді…
Уақыт өте берді. Енді қыздардың өзі, бір жігіттің артынан ергенін қаламаса, Паттериге: «Жүр, бүгін мені шығарып сал» – деп өтінеді. Әрине, Паттери жоқ демейді. Әйтпесе, Гүзәлия жайлы әңгімесін сондай мұңлы кейіппен кімге баяндайды?
Содан бері қанша жыл өтті! Бұрын Паттери клубқа өзінен әлдеқайда үлкен жігіттермен барса, қазір біздің арамызда жүр. Паттери үнемі дөңгелене билегендердің қақ ортасынан табылады.
– Паттери, сальто! – деп айқайлайды әскерде болған жігіттер. Өзі әскерге бармаса да, түсінеді. Лезде шинелін шешіп, атып ұрып, өнерін көрсетеді.
Әндет десе де екі сұратпайды.
Ай да биік, ай да биік,
Айға шыққым келеді.
Айға шығып, төмен қарап,
Сені көргім келеді, – деп ән сазына мүлде бағынбай, кейде баянымен сүйемелдеп өзінше ән шырқайды. Әлгі бейберекет дыбыстан әуенді ұғу қиын болғанымен, Паттери ән айтып, баян тартқанда бәрінің көңілі көтеріліп, шабыты ойнап қоя береді…
Өйткені оның жан дүниесінде махаббат өмір сүретін…
* * *
Тағдыр бізді жан-жаққа лақтырып, есейген соң туған ауылдан кеттік. Әрқйсымыз әр жерде өмір сүрдік.
Ауыл қаңырап бос қалды дей аламын ба? Мүмкін. Өйткені қазір әр көшеде, менің анамды қосқанда, үш-төрт кемпір ғана тұрады. Паттери де бар. Солар ауылдың тірегі. Иә, тағы бірнеше ақсақал бар.
Паттери барда ауылда ешкім түңілмейді, оның маңы үнемі көңілді. Келсе бізді көріп, алдымыздан жүгіріп шығады:
- Амансың ба, көрші, – дейді жадырап. – Қыдырып келдің бе?
Есейген ұлдарымды көріп, шын жүректен қуанады:
- Қайда өсіп бара жатырсың, ей? Қарашы, сорайып кетіпсің, ойба-ай, келген сайын ұзарып келесің, – деп таңданып еркелете бастарын сипайды.
Бірде оның осылай деп Ғамир ағайдың шашы әбден түскен басынан сипап отырғанан көрдім…
Бұл жолы үйге келгенде Паттери де келе қалды. Теледидары көрсетпей қалыпты.
– Бәрі менен жасырынып қалды. Менімен сөйлеспейді, мені естімейді, — деп шағымданды.
– Жігіттер, оған жаңа теледидар сатып әперіңдерші, – деді анам. – Ешқашан жоқ демейді, жарықтық, не айтсақ та істейді, өзі мейірбан. Теледидар оған ауадай қажет. Есіңде шығар, Хамида әжейдің үйінде тұрған Гүзәлия есімді әдемі қыз. Сол қызды көрсетіп қала ма деп үнемі телміріп отырады.
Кешке Құран оқитын ақсақалдар шақырылған мерекелік дастарханға дайындалу үшін шкафтарды ысырдық. Әрине, терлеп-тепшіп көмектесіп жүр. Күші тасып тұр, сондықтан да оңай тындырдық бұл жұмысты.
– Біздің Паттери болмағанда не істер едік, кез келген іс қолынан келеді! – деп, анам бекер мақтамайды екен.
Мұнда жастар болса, Паттери ән айтып, би билеп, қыздарды шығарып салып жүретін еді. Бірақ ауылдың тағдыры күрт өзгеріп, енді мүлде басқа бағытқа бет бұрып жатса қолдан не келеді?.. Тағдырымызды өзіміз жазамыз десек те, бұл тек біздің ғана құзыретімізде емес екен.
Паттеридің болғаны жақсы ғой… Күз басталып, күн суытқанда жалғызбасты шал-кемпірді қыстауға балалары ұсақ-түйегі, түйіншегі, жинап алған картоп, орамжапырағымен бірге қалаға алып кетеді. Бірақ Паттери қалады. Біздің ауылда туған жерге Паттеридей соншалықты адал, соншалықты риясыз берілген жан жоқ шығар…
***
Ол үйге таңертең ерте, айтқан уақыттан үш сағат бұрын келді.
– Әлі ерте, күтуден жалығып кетесің, Фәтхерахман, қонақтарды сағат тоғызға шақырдық, – деді анам оған.
- Менің сағатым жоқ қой, — дейді ол саусағымен білегін көрсетіп.
– Түскі асқа кешіккім келмейді… – деді де сырт киімін шешіп, үлкен бөлмеге кіріп, жайылған дастарханның басына отырды.
Тіпті оны шын атымен шақырып, Фәтхерахман дегені маған тым оғаш естілді. Өйткені бес жастағылар үшін де, он бес жастағылар үшін де, тіпті тоқсан бестегілерге де ол әрқашан Паттери болып қала береді. Бұл есім оның өзіне де ұнайтын сияқты, басқаша шақырғанын қаламайды.
Әйтсе де, қазір менің қатарластарымның көбі ата мен әже атанып, немере бағып отыр. Шашын ақ басып, беттері әжім-әжім болған. Ауылдың жартысы ауыл зиратында жатыр. Олардың көрін де Паттери қазды. Көр қазуға аса қиналмайды: күш-қуаты тасып тұр, басқасына бас ауыртпайды… Тек Паттеридің өзі мүлде қартаймайды. «Ақылын кем етіп жаратқан Құдай оны қартайтпайды екен» дейтін әжесі, марқұм рас айтыпты.
Сөйтiп, қартаймаған Паттери, өзі білместен ауылдың, оның бай тарихының жадында сақтаған жалғыз адамға айналды. Осы жердің көне рухын сақтаушы.
Астан кейін біз аудан орталығына барып, оған үлкен теледидар сатып алдық. Күтпеген сыйлықты көргенде жерден жеті қоян тапқандай қуанып кетті! Қолында баяны болса жан-жаққа созып, шиқылдатып, қуанышын бөлісу үшін көшеге шығып кетер еді. Көрші ауылдарға да өтіп кетер ме еді… Баяғы жылдардың көлеңкесінде қалған көктемнің шуақты күндерінде сол ауылдардан Гүзәлия апайды іздемеді ме екен? Оның делқұлы жүрегінде не сезім барын ешкім біле алмайды…
…Паттеридің жаңа теледидарына біз де қуандық. Өйткені біздің ауылда әлі махаббат тірі… Кім біледі, бір күні экранда Гүзәлия апайға ұқсайтын сұлу қыздың бейнесі шыға қала ма…
Татар тілінен аударған – Саят Қамшыгер