АЯЗ

 Мір Жалал Пашаев,

Әзербайжан жазушысы

 Мір Жалал Пашаев  1908 жылы 26-сәуірде Иранның Ардебиль аймағында туған. Гәнжә қаласында балалық, жастық шағы өткен. Әзербайжанның көрнекті жазушысы, әдебиеттанушы – ғалым, филология ғылымдарының докторы. Өмір бойы Әзербайжан мемлекеттік университетінде оқытушы болған. 1978 жылы 70 жасында дүниеден өткен.

1

Егер жалықтырып алмасам, сіздерге Әкбардың жас кезі жайлы баяндап берейін.

Ол салтанатты, сәнді, шулы сарайларда тойлатып жүрмеді. Әнтек бір қимылымен-ақ сабырыңды сарқатын, жебедей кірпіктерімен өлтіріп тірілтетіп ақылдан адастырар сұлулармен де кездеспеді. Күміспен күптелген хрусталь ұстап әртүрлі тағамға толған дастарханда тілек те айтпады.

Әкбар кітапқа да құмар емес еді. Өмірде де, жұмыста да ол ешқандай талантын, қарым-қабілетін көрсетпеген. Сөз саптап, шешен сөйлеуге де жоқ. Ұрыс-керісте сөйлеместен қарсыласын бірден ұрып жығатын…

Құрметті оқырман, әңгіменің арқауы саған ұнамады ма? Ерніңді жымырып кітапты жаба салғың келді ме?

Әкбар саналы өмірін тас қалаушыға шәкірт болудан бастады. Ұзақ жылдар бойы Ұста Мұртұздан шеберлікті үйренді.

Ертемен Мұртұз Әкбарға адам жібере қоятын. Әкбар болса, бірден жұмыс барын біледі. Әкбар не балшық езіп дайындайтын ыдысы мен ескі құралын ала салып шеберге қарай асығады. Ұста әлдебір көпеске немесе бекке, мырза не ахунға үй салып беруді мойнына алған болып шығады. Жер қазатындар үйдің тағанын құятын жерді дайындап жатады, шебер болса, жіп тартып, өлшеп, қабырғаны таспен қалауды бастап кетеді. Әкбар балшық дайындап, тас тасиды. Ол өзгеден жұмысты көбірек істеді, бірақ еңбекақының жартысын алды: еңбекақысының бір бөлігі ұстадан үйренгені үшін қолына толық тимейтін. Уақыт өте келе өзі де шебер ұста болып, азырақ жұмыс істеп, осы ауыр жұмыстың орнын толтыру үшін ұзағырақ демалып, шәй ішіп дастарханда отыру үшін Мұртұздың пайдасы тисін  деп еңбекақысының жартысынан өздігінен бас тартты.

Ұста оны жылдам жұмыс істейтіні, жұмысқа ебі болғаны үшін жақсы көретін.

– Бұл – шәкірт қана емес, нағыз батыр! Бұл ісімізді әбден меңгеріп алған соң ұсталардың ұстасы болады, бұрынғы ұсталарды жолда қалдырады әлі. Шіркін! Жұмысқа берілгенін айтсаңшы! Айдаһардай ғой, несін айтасың?! – деп жиі мақтайды.

Орыс патшасының герман патшасымен соғысына бір жыл болған. Көпестер пайдасын есептеп те үлгермейтін кез еді. Дүкеншілер кең сарайдай үй салғызғысы келді. Тар көшелер мен аулаға, қараңғы бөлмелерге көңілдері толмайтын болған. Ақшаның күші бес айдың ішінде жаңа кварталдардың пайда болуына жеткізді. Тас қалаушы жұмысының әр сағаты алтынға пара-пар болды.

Бұл Ұста Мұртұзға табыс әкелді. Көп жұмыс істеп, көп ақша тапты. Тәулігіне он алты сағат бойы ол құрылыс басында жүретін болды.

Әкбардың шеберлігі мен ептілігі елдің көзіне түсе бастады. Жаздың ыстық күнінде тер саулаған ол иығына балшық толы ыдысты қойып алып баспалдақпен ілгері  ұмтыла түскен сайын өтіп бара жатқан адамдар тоқтай қалып қарайтын. Барлығы оның Ұста Мұртұзға кірпішті қолына дәл лақтырып бергеніне, үлкен ыдыс толы балшықты тура алдына қоятынан таң қалатын. Адамдар қызыға қараған сайын Әкбар одан ары жанын салып жұмыс істеді. Ыдысты ернеуіне дейін толтырып, бір лақтырады да, орнында қатқан қазықтай тұра қалады. Бейне бір: «Басыммен жауап беремін! Дұрыс бермей қалсам басыма құласын», – дейтіндей.

2

Ұста Мұртұз түрлі адамға жұмыс істейтін.

Бірде Әкбар Әли-Пашаның есігінің алдында үй шаруашылығында қызмет ететін қызбен кездесіп қалды.

Одан да кездеспей-ақ қойғаны жақсы еді! Бір көргеннен ол өз-өзін ұмытып, не істеп, не қойғанын білмей қалды.

Қызды көргеннен-ақ осындай болып қалуға бола ма? Оған қарауға да, сөйлесуге, тіпті әзілдеуге де болады ғой. Ал қалада қолынан ұстап қыдыруға да болады…

Әкбар мұның бәрін біледі. Ол көршінің қызы Білгейіспен бірге өскен, онымен тығылмақ ойнаған, бір-бірін қуалап жүгірген, ағаштың басындағы ұяны алып, қол ұстасып бірге жүрген. Бірақ… Әкбар ешқашан мұндай сезімді басынан өткермеген. Бұл қызға бір қарағаннан-ақ түрі өзгеріп, қызарып кетті…  Ойлары ию-қию. Қайта бір қарады.

Қыз көгілдір жейде киіпті. Құдықтан су алып шелегіне құйып жатты… Қолы бос болмағандықтан көзіне түскен шашын серпіп кейін қайырды. Жайнаған қара көзімен құрылыс жүріп жатқан жаққа, ол жақта жұмыс істеп жатқандарға қарады.

Әкбардың көзі қыздың көзімен ұшырасып қалғанда дүние өзгеріп кеткендей болды. Төменге құлаған бұлттар жерді жауып қалғандай. Ойнақтаған құйын салынып жатқан үйді шыр айналдырып әкетіп, Әкбардың үстіне тастап жібергендей. Бірақ Әкбар соққының ауырлығын сезбей қалды. Оның ыстық жас жүрегі тезірек соғып, кеудесін жарып шығып кеткісі келгендей, әлдеқайда ұшып кетердей дүрсіл қақты. Мұндай күй тек жаралы бүркітте болатын сияқты.

– Әй, Әкбар! Басымды жара жаздадың ғой, не болды саған?

Ұста Мұртұздың даусы Әкбарды ұйқысынан оятқандай болды. Басын көтеріп еді, бір жаққа қарай жылыстап қашқан ұстаны көрді. Бәрін ұмытқан Әкбар көз ілеспес жылдамдықпен әрі дүлей күшпен кірпіштерді жоғары лақтырып жатқаны сондай, шебер осы бір кірпіш боранынан қорғану үшін қашып барып қабырғаның ар жағына жасырыныпты. Шәкіртіне айқайлап тұр:

– Әкбар деймін, не істеп тұрсың? Өлтіресің ғой мені…

Әкбар ұялып кетті. Ештеңе деместен шеберге қарамауға тырысып бұрынғыдай сақтықпен, ептеп қана кірпіштерін қайта беруге кірісті.

3

Таңертең ұйқыдан тұрған Әкбар ес-түссіз ғашық болғанын сезінді. Қол-аяғы әлсіреп, тізесі дірілдеді. Жан дүниесі де көктемгі судай лай тәрізді. Бірдеңе жетпей тұрғандай. Әкбар өзін өз үйіне уақытша ғана келгендей сезінді. Енді біреу сыртқы есікте тұрып алып мұны қуып шыққысы келіп тұрғандай. Не қуанарын, не жыларын білмей шақшадай басы шарадай болды.

Көгілдір жейдедегі қыздың көздері болашақты көлегейлеп көрсетпей тұрған пердені ашып жіберген сияқты. Оны не күтіп тұр? Шуақты күндер мен көктемнің иісі ме, әлде үйсіз-күйсіз, жалғыздыққа толы қиын күндер ме?

Бұл сұраққа жауап бере алар емес. Тез жуынды да, құрылыс басына қарай асыға адымдады. Әлі ешкім келмеген екен. Балағын тізесіне дейін қайырды да, балшық езуге кірісті де, көзімен ғашығын іздеді.

Ұста да келді. Барлығы жұмысқа кірісті. Қыз аулада тағы пайда бола қалды. Әкбардың басы тағы шыр көбелек айналып кетті. Жүрегі атқақтай соғып, құлағы шуылдап кетті. Қыз бұларға таңғы ас алып келеді деген ой жылт етті. Міне, екеуінің көздері тағы да түйісіп қалды. Ақсақалдар айтатын жүрек пен жүректі жалғап тұрар көрінбейтін жіп бар екеніне сенді. Әкбардың ішкі жан дүниесінде не болып жатқанын білмесе, ол қыз қаншама жұмысшының ішінен мұның көзіне тура қарамас еді ғой…

Әкбар қызға дұрыстап қарап алайын деп бірер сәтке жұмысын тоқтата қойып еді, ол қыз ары қарай бұрылып, құдықтың жанында жуып жатқан кілемін жинады да, кетіп қалды.

Әкбар бір күрсінді де, ештеңеге мән берместен жұмысымен айналыса берді.

– Әкбар, қаттырақ лақтыр!

– Кірпішті қаттырақ лақтыр!

– Әкбар, тағы қаттырақ лақтыр!

Мұртұз ұста кірпіш қалағанын қоя тұрып таңғалып төменге қарады.

– Қаттырақ лақтырсаңшы, кірпіш қолға жетпей түсіп жатыр ғой…

Бірер сәттен соң ол Әкбарға қайта айқайлады:

– Не болған саған? Ауырып тұрсың ба?

Әкбар лақтырған кірпіштер ұста жұмыс істеп жатқан екінші қабатқа жетпей түсіп жатыр.

– Сен ауырып қалған екенсің, – деді нық сөйлеген шебер. – Үйіңе қайт, терлеу үшін жылырақ киін, ұйқыңды қандыр!

Әкбар шынында да ауырып қалған еді. Оның халін сұрауға келген Ұстаз Мұртұз төсекте жатқанын көріп сергітуге тырысып сөйлеп отыр:

– Неғып жатып қалғансың? Ештеңе де болмаған ғой. Бәрі жақсы. Тұр да, жуын, сергисің. Жата берсең одан сайын босаңсып кетесің…

Ұстаз Мұртұз сөзімен, әзілімен науқас жанды сергітуге тырысты. Түйілген орамалын шешіп, алма алды, қабығын аршыды да, Әкбарға ұсынды.

Кетіп бара жатып ойланды: «Бұл жігіт жалғыз, жақындары жоқ. Күтімі болмаса, одан сайын түсіп кетуі мүмкін… Әли-Пашаға айтпасам, ыстық тамақ беріп жіберсін».

Арқасын жастыққа сүйеп Әкбар терезеге қарап темекісін бірінен соң бірін тартып отырған. Ойын жинақтағысы келген болар, немесе ойдан арылғысы келген болар. Дәл сол кезде бөлмеге Аяз кіріп келді. Көгілдір көйлектегі қыздың есімі Аяз еді. Әли-Пашаның үйінен ыстық тамақ алып келіпті.

Әкбар абдырап қалды, бірақ тез бойын жиып алды. Төсегіне отырған ол қыздың қызарған бетінен көзін алмастан естілер-естілмес әрең сөйледі:

– Бекер әуре болдың ғой…

– Жоқ, ешқандай әуре болмадым, – деді Аяз.

Мұндай жауапты естіген Әкбар төсегінен атып тұрғысы келді… Жымиды да, Аяздың жауабын іштей бірнеше рет қайталады. «Демек, маған қамқор болғаны өзіне де қуаныш сыйлайды».

Бірақ қандай лайықты сөз айтуды ойласа да дұрыс сөз таба алмады.

Өтіп жатқан сәттер өте қымбат: өмірінде алғаш рет ғашығымен бетпе-бет, жүзбе-жүз кездесу бақыты бұйырып тұр оған.

– Атың кім, сұлуым? – деп сұрады да, бірден бұл сұрақтың дұрыс қойылмағанын сезінді. Бірақ басқа сөз ойына келер емес.

Аяз үндемей қолына қасық ұстатты, тұзды қойды. Әкелген дорбасын бүктеп, кетіп бара жатып терезеге қарап сөйледі:

– Күн қандай керемет болып тұр.

– Келбетті қыз, есіміңді айтшы!

– Сырқат жан, өтініш-тілегің қандай?

– Құрметті қонағым, өтінемін, мені қайта тірілтші!

– Жерлесім, тезірек сауығып кет…

Олардың әңгімесі айтыскерлердің қысқа қайымдасуы сияқты болды. Ауруын ұмытқан Әкбар Аязды қақпаға дейін шығарып салды. Соңынан ұзақ қарап тұрды. Көрінбей кетсе де сол жаққа көз алмай қарап тұра берді.

Ертеңінде Әкбардың қолынан ұшқан кірпіштер шебердің алақанына қайтадан көгершіндей қона бастады. Әкбарға қарап басқа жұмысшылар да одан қалмауға тырысты. Сөйтіп құрылыс жұмысы кеш батып, көз байланғанша тоқтамады.

Ұстаз Мұртұз құда болып баруға келісімін берді. Әли-Паша талабын қойды:

– Жұмысын істесін. Құрылыс аяқталсын, қандай жұмысшы екенін көрейік. Бірден қалай бәрі бола қалады? Ол қыз менде қызмет етсе де, мен берген нанды жеп өсті ғой.

Әкбар Әли-Пашаның мінезіне шыдап тағы екі ай жұмыс істеді. Өзін көрсету үшін барлық жұмысты істей берді. Оның мүмкіндігін көрген Әли-Паша екі көмекшіні жұмыстан қысқартты.

– Сенің Әкбардай айдаһарың бар, көмекші не керек? Ол екеуінсіз де жұмыс істей бересіңдер, – деді.

Бір күні Ұста Мұртұз Әкбарды құттықтады:

– Әли-Паша келісімін берді. Қыз сенікі. Тойға дайындал.

Күн ыси түсіп, жұмыс күннен-күнге қиындай берді. Әкбар балағын тізесіне дейін түріп алып балшық басты. Шебер бір жаққа кетті. Әли-Пашаның әйелі самалдықта отырған. Қожайынның төрт жасар ұлы есіктің алдында шыбықты ат қылып мініп шауып жүрген. Қолын ерсілі-қарсылы қозғалтады.

Бала Әкбарға жүгіріп келіп аяғынан шыбығымен ұрып жіберді. Әкбар аяғын көтеріп шыбық тиген жерді сипап қойды. Сотқар бала қарқылдай күліп шешесіне жеңістен оралғандай мәз болып барды. Шешесі болса ұлының батылдығына масаттанып, оның бұл ісін құптай сөйледі:

– Балам, бар да, тағы ұр. Қорықпа!

– Қой, ұрма! – деп Әкбар ренжи сөйледі. – Ұрма, ауырады…

Ол баланың қолынан ұстап ауланың екінші жағына алып барды да, қайта келіп балшығын езе бастады. Бірақ бала қайтадан жүгіріп келіп Әкбарды айналып жүріп аяғынан ұрмақшы болып жанталасты.

Әкбар самалдықтың темірінен төмен үңіліп тұрған, бұрымы салбыраған қожайын әйелге қарады.

– Ханым, балаңызға қой деңізші, – деп өтінді, – аяғын былғап алмасын.

Ол бұл сөзді абайлап қана, қорқып айтқаны сондай, дауысы әрең шықты. Бұл сөздерде сабырлы, мәдениетті адамға сөз келетіндей ештеңе жоқ деп ойлаған. Қожайын әйел ештеңе деп жауап бермей, тістенген  күйі аулаға қарап отыра берді.

«Егер ұрғанына мән бермей көтере білу маған сынақ болатын болса, онда өлімнен де қиын, – деп ойлады  Әкбар, – Әй, шыдай алмаймын-ау! Бала – қожайынның ұлы әрі мұрагері… Солай! Мені қинап не істейді? Оның бүйтуге қандай қақысы бар?..».

Сол сәтте бала бар күшімен аяғынан шыбықпен қатты ұрып жіберді де,  масаттана күліп  қашып кетті. Әкбардың миында барлығын тастап, жұмыстан бас тартып, өмірінен де қымбатты ғашығынан да баз кешіп, аш-жалаңаш жүрсем бе екен, ең бастысы – мына қорлықтан құтылу деген ой жылт ете қалды… Бірақ бала келіп тағы ұрайын дегенде ол оны көндіріп, алдарқатқысы келді. Бала көнер емес, Әкбар оның қолындағы шыбықты тартып алайын деп еді, самалдықта отырған қожайын әйел айқайлап жіберді:

– Тиіспе оған!

– Ханым, – деп жұмсақ сөйледі, – балаңызды шақырып алыңызшы. Суық балшықтан ауырып қалып жүрер…

Қожайын әйел тағы үндемеді.

Әкбар жұмысын жалғастыра берді. Бірнеше минут өтпей-ақ шыбық оның сол жақ аяғына тиіп дызылдатып кетті. Бұл жолы Әкбардың бір аяғы ғана емес, бүкіл жері ауырып кетті. Балшыққа баттасқан аяғын көтерді де, баланы қатты теуіп жібергені сонша, ол бір жаққа қарай ұшып түсіп, бүркіттің шеңгелінен босаған қояндай қимылсыз жатып қалды.

Қожайын әйел бақырып-шақырып балаға қарай жүгірді. Шу шығып, барлығы жан-жақтан жүгіріп келді. Әкбар аяғын жуды да, қабырғаға сүйеніп не боларын күтіп тұрды.

Баланы үйге алып кетті, қожайын әйел болса Әкбарға, сонымен қатар Мұртұзға ұрсып жүр.

– Неге тұрсың? – деп айқайлады әйел. – Тап қазір қараңды батыр! Көрінбе көзіме! – Әкбар аяқ киімін киіп, кетейін деп жатқанда Әли-Паша келе қалды. Әкбар таңғалды, оған қожайыны айқай салды:

– Бар, жұмысыңды жалғастыр!

Қожайын енді әйеліне бұрылып, жұмсақ сөйледі:

– Ештеңе етпейді. Бала деген тынымсыз болады… Оны ұрғаннан ештеңесі кетпейді, жылап-жылап қояды.

– Қалайша? Ол баламызды жазым ете жаздады…

Әли-Паша оны көндіруге, тыныштандыруға тырысты да, сөзін бұйрықпен аяқтады:

– Араласпа, бар, өз жұмысыңмен айналыс.

Әкбар болған жайға қатты таңғалды.

«Бұл қалай болды? – деп ойланды. – Әли-Паша мені қалайша ұрып-соқпай, түрмеге қаматпай алып қалды? Қандай адам десеңші!» – Әкбар одан сайын ерекше құлшыныспен жұмыс істей берді.

Үй салынып бітті. Әкбар өз адамдарын Әли-Пашаға жіберіп қызды беруін өтінді. Әли-Паша қарсы болмады:

– Мен лайықты адамға қарсы болмаймын. Қарсы емеспін, қыз – Әкбардың қалыңдығы. Енді тек қарызын төлесін де қалыңдығын алып кете берсін. Қарсы болмаймын.

Әкбар не істерін білмей тұрып қалды.

– Қайдағы қарыз?

Әли-Паша қыздың керек-жарағы мен ішіп-жеміне бір мың сом кеткенін түсіндірді. Оның үстіне қуанышпен құттықтап келген қонақтарға бес жүз алпыс жеті сом шығын шығыпты.

– Егер ол ақылды, жомарт адам болса, оның үстіне қыздың тәрбиесі үшін бізге сыйлық жасауы керек, – деп Әли-Паша сөзін аяқтады.

Әкбар қанша жалынып-жалбарынса да сөзі Әли-Пашаға өтпеді.  Ақыр аяғында ол ұрсып, Әкбардың адамдарын үйінен қуып шыға жаздады.

Енді Аяздың өзі Әли-Пашаға қарап сөйледі:

– Қожайын, – деді ол, – сен менің әкемнің орнын бастың, өсіріп-жеткіздің. Бұл жақсылығыңды ұмытпаймын. Біз саған қарыздар болайық, бізге…

Сөзін жалғай алмай ыңғайсызданып тұрып қалды.

Әли-Пашаға бәрі анық еді.

– Егер сен өтінсең, деді ол, – мен ақшадан бас тартуға даярмын. Бірақ сен менің бір кішкене қалауымды орындауың керек.

– Қожайын, айтыңыз, не қалайсыз?

– Мен саған бірдеңе айтуым керек, бірақ кешке айтамын.

– Қожайын, көп рақмет. Қазір-ақ айта бер, орындаймын.

– Жоқ, бұл қазір айтатын нәрсе емес, түнде…

Аяз қожайын не туралы сөйлескісі келетінін аңғарды. Онымен кездесуден қорқып қыз ауырып тұрғанын сылтауратып құрбысының үйіне қонуға кетті. Түні бойы жылап шықты.

Таңертең бұлақ басына келгенінде күтіп тұрған Әкбарды көрді. Әли-Пашаның не шешкенін білгісі келіп тұрғаны белгілі. Бір қарағаннан-ақ Аяздың жылағанын байқаған Әкбардың да жылағысы келіп кетті. Күш-қуатын жинап, сұрақ қойды:

– Аяз, не болды? Неге жыладың?

Әкбардың сұрағынан соң Аязға тіпті оңай болмады. Ыдысын жерге қойды да, отыра қалып, тізесін құшақтаған күйі боздап жылап жіберді. Одан кейін  орнынан тұрды да, жоғары қарай өрлеп бақ жаққа көтерілді.

Әкбар жанында еріп келе жатты.

Біраз жер жүрген соң Аяз Әкбарға бірдеңе деді. Ол болса, алдымен өңі ақ қағаздай өзгерді, одан кейін беті нарттай қызарды. Бейне бір бүкіл денесімен өртенгендей…

Сол түні Әкбар мен Аяз қол ұстасып алып қаладан шығып кетті.

4

Күздің суық кешінде көптен бері үйіне келмеген Әкбар ошағына оралды. Аяздың қолында сәбиі бар екен. Әкбар қуанғанынан табалдырықтың алдында не істерін білмей тұрып қалды. Көзінде алғаш ана атанған, бақыты жарқырап тұрған, ал ернінде сәбиін сүйген жылуы кетпеген әйелін құттықтау керек пе, әлде басқа төніп тұрған қиындықтардан жылап жіберу керек пе?..

Қуансын! Жануар екеш жануар да өз төлін көргенде қуанады ғой. Бала! Екі жүректің бір махаббаты,  бұрын бөлек-бөлек болған екі адамның ортасындағы үшінші жан иесі! Баланың күлкісі, еркелігі, сәбиге деген сүйіспеншілігі жоқ отбасы – ең сорлы шаңырақ! Ондай тағдыр удан да, зәһардан да ащы. Ондай отбасын жалғыздықтың жағында туралады. Өлім де перзенті жоқ жұптарды түнгі қарақшыдай білдірмей келіп алып кетеді.

Бақыттан басы айналған Әкбар сәбиін бауырына басып, жұп-жұмсақ бетінен бастап кіп-кішкене яғының бақайларына дейін зер салып қарап шықты. Басқа әкелер сияқты баладан өзінің белгілерін іздеген жоқ. Суықтан көгере бастаған сәбидің денесі оралған жөргекке мұңая қарады, тесігінен көрініп тұрған баласының аяғына көзі түсті. Осы сәтте кеңірдегінен ұстап қысқан жоқшылықтың күшін тағы бір терең түсінді. Баға жетпес осындай сыйлықпен қарсы алған Аязға ештеңе әкелмегеніне ұялып кетті.

Әкбар үмітсіз күйге түсті: айды күн алмастырар, түнді таң ауыстырар, суықты жылы күн ығыстырар, уақыт өтеді, бала өсіп, сөйлей бастайды, жүгіретін болады. Оған киім мен аяқкиім керек болады, ойыншықтарға қызығып, тәтті-дәмді тамақтар жегісі келеді. Әкесі болса, мұның бірін тауып бере алмай, кінәсін мойындаған қылмыскердей үнсіз отырады.

Аяз бәрін түсінетін. Ол да күйеуіне қараудан ұялды. Бұл артық ауыртпалық әкелді, отбасында тағы бір тамақ ішетін жан пайда болды. Көзқарасын сәбиден Әкбарға аударған ол жылап жіберді. Әкбар да жылады. Одан кейін қорыққан, не бір нәрсені сезген нәресте де жылады… Өткеннің жаңғырығы мен келешектің дауысы астасқан айқайымен өмірге келген кінәсін мойындады ма, әлде ол әке-шешесін жұбатып, сергітейін деді ме екен? Әлде олардың қайғысын бөліскісі келді ме? Әлде өтірік пен айладан ада нәресте ата-анасы елестетіп көрмеген, алда күтіп тұрған шуақты күндерді көріпкелдей айтып бергісі келді ме екен?

5

Еңбекшілерді нұрлы жолға бастаған, ұлы қуанышпен қанаттандырған көктем келді. Әкбар үлкен өндірістің тұрақты жұмысшысына, еңбек ұжымының толық мүшесіне айналды. Енді оған жұмыссыз қалу деген жоқ. Енді аулаларды аралап жұмыс іздемейді, Әли-Паша секілді жыртқыштардың құрылысында бір үзім нан үшін бекер тер төкпейді, аяғына тиген соққыға төзімді бол деп өзін қинамайды, сүйгенін қорлайтын сөздерге шыдаудың да енді керегі жоқ.

Төңкеріс ұры-қарылар мен әділетсіз байлардан Әкбардың денесін, жаны мен қанын жұлып алып, адамдық ұят-арын, намысын қайтарып берді.

Әкбар кірпіш зауытына тұрақты жұмысшы болып қабылданды. Жұмысқа кіргені туралы директордың бұйрығын қолына алысымен кеңседен жүгіріп шығып, жейдесінің үстіңгі түймесін ағытты. Көктемнің жылы ауасын құшырлана жұтып, күш-қуаты толысып, сергігенін сезінді.

Енді жеткілікті жалақы алып, отбасын асырап, үш баласын тәрбиелей алады. Ұзақ жылдар бойы жаурап, қатып қалған жанын жылыта алды-ау әйтеуір. Алдағы уақытта балалары өсіп, әрқайсысы өз жұмысымен айналысқанда Әкбар алаңсыз демалып, солардың қуанышы мен сүйіспеншілігімен өмір сүретін болады.

Бір күні жұмыстан соң директор оны өзіне шақырды.

– Отыр, – деді ол. – Жұмыс қалай?

Әкбар оның не қалап тұрғанын бірден түсіне қоймады. Әлде мұның жұмысына көңілі толмай ма? Мүмкін бұған бірдеңе тапсырайын деп тұр ма?

– Ақырындап жүріп жатырмыз, – деп Әкбар абайлай сөйледі.

Әкбардың жауабы директорға ұнай қоймады.

– Неге күмілжіп тұрсың? – деді ол. – Турасын айт, саған не жетпейді? Түр-әлпетің неге жабырқау?

Әкбар ыңғайсызданып қалды, не дерін білмеді.

– Жоқ, неге жабырқау? – деп күмілжіді.

– Не болды?

– Ештеңе. Билеп жүру керек пе? Жұмыстан енді шықтық, шаршадым.

– Үйіңе бар, тамағыңды іш, кешке маған кір.

Әкбар директорға кірмей тұрып бірнеше сағат бойы не ойламады десеңші! Директорға не үшін керек болды екен?..

– Балаларың бар ма? – деп сұрады директор.

– Бар, не болды?

– Заводтың жанынан жұмысшылардың балалары үшін балабақша ашайық дегенбіз. Барлық шығын біздің мойнымызда: тәрбиешілер, ғимарат, төсектер, тамақ, қысқасы, бәрі.

– Мен балаларымды балабақшаға бере алмаймын.

– Неге? Оған не кедергі?

– Менің жалақым аз! – деп Әкбар жауап берді.

– Сенің жалақыңның оған қандай қатысы бар?

– Айдың соңында жалақымды қысқартып алып қалмайсыздар ма?

– Кім?

– Сіздер…

– Көп сөйлеме. Барлық шығынды үкімет өз мойнына алады.

– Мүмкін емес. Егер үкімет көтерсе, менен сұрап неңіз бар?

– Қалайша? Сенің әке ретінде келісімің керек қой.

– Демек, қазір балаларды әкеле беруге бола ма?

– Қазір емес. Балабақша ашылғанда әкелесің.

– Үшеуін де қабылдайсыздар ма?

– Жүре алатындардың бәрін қабылдаймыз. Әйелің келісе ме?

– Ол үшін жауап бере алмаймын.

– Сен көндір оны!

– Жолдас директор, сіз оны білмейсіз… Басқа әйелді көндірер едім, бірақ менің әйелім көп сөйлемейді.

«Мемлекетке балалардан не пайда? – деп ойлады Әкбар. – Оларға көңіл бөліп, ақша бөліп не керегі бар? Жоқ, бүгін-ертең болмаса да кейін жалақыдан ұстап қалады».

Ай сайын жалақысын алғанда балабақшаға барып жүрген балалары есіне түсіп, алатын ақшам азайып қалмады ма деп алаңдап жүрді. Бірақ есепші оған жалақысын үнемі тұтас, толық беріп келеді.

Айлар өтті, жылдар жылжыды, ал Әкбардың жалақысынан балаларының балабақшасы үшін ешқандай ақша алынбады.

Бірде зауытта жалпы жиналыс болды. Басқа өндіріс орындарынан да жұмысшылар қатысты. Директор зауыттың жұмысы жайлы баяндама жасады. Өндіріске байланысты жұмысқа тоқталған соң ары қарай жұмысшылар мен олардың отбасына мәдени қызмет ету жағына көшті. Ол балабақша жайлы айта бастағанда Әкбар шошып кетті.

«Қазір «Әкбар осыншама қарыз» деп айтады», – деп ойлады. Бірақ директор басқа нәрселерді айтып жатты.

– Біз жұмысшыларымыздың балаларына арнайы балабақша ұйымдастырдық. Басында кейбір жұмысшылар балаларын балабақшаға беруден қорықты. Олар балабақшаның ақшасын жалақысынан ұстап қалады деп ойлады. Балабақшаны ұстап тұру үшін дирекция жылына төрт жарым мың рубль жұмсайды.

– Ол аз! Өте аз! – деген дауыстар шықты.

Орталықтан келген өкіл де оларға қосылып:

– Аз, – деді орнында отырған қалпы.

Директордың баяндамасынан соң ол мінберге шықты да, балабақшаның жұмысын сынай бастады.

– Бүгін балабақшаға бардым, – деді ол, – барлығын басқаша өзгерту керек. Зауыттың қаржысы есебінен балабақшаға арнап жаңа ғимарат салуды ұсынамын. Жаңа ойыншықтар алуға да қаржы бөлінсін. Тәжірибелі екі педагогты жұмысқа алу керек. Балалар – біздің болашағымыз, үмітіміз! – Бұл сөздерді естіген Әкбар одан сайын таңғалды.

Бір күні кешке Әкбарға біреулер үкімет көпбалалы отбасыларға екі мыңнан бес мың сомға дейін жәрдемақы төлейтінін айтты.

Бірінші болып мұны Әкбардың монтер көршісі айтты.

Әкбардың сегіз баласы бар еді. Оның екеуі ержетіп, басқа қалада оқып жатқан. Үлкен қызы трамвайдың билет тексерушісі болып еңбек етіп жүр. Басқа балалары мектепте оқиды, ең кішкентайлары үйде шапқылап жүр.

Әкбар жұмысынан келе жатқан, балалары оны баспалдақта күтіп отырған болатын. Әкесін көрген балалары алдынан жүгіріп шықты. Ол әрқайсысына тәтті бірдеңе беріп, балалардан кем қуанбайтын. Ұл-қыздары оның иығына, арқасына жабысып, белінен құшақтап алса да, шаршағанын ұмытып солармен жүре береді.

Әдеттегідей балалар оның алдынан шықты, ол болса әрқайсысын аймалап, сүйіп жүр. Сол жерде монтер көршісі оған көпбалалыларға төленетін жәрдемақы туралы айтты, Әкбар болса оны әзіл деп түсінді.

Түстен кейін Әкбар қақпадан сыртқа шыққанда монтер тағы да жақындап келіп, құттықтай бастады.

– Демек екі мың алатын болдыңдар ма?

– Қайдағы екі мың?

– Үкіметтің шешімін саған айттым ғой. Барлық көпбалалы отбасыларға жәрдемақы беріледі.

Әкбар басын шайқады:

– Ертегі ғой бұл!

– Газетте жазылған, қайдағы ертегі? Бізге жұмыста да арнайы хабарлады. Үкіметтің қаулысы газетке шықты, сол туралы мақала да жазылды.

Әкбар ұлын шақырды да, бес тиын берді.

– Тезірек жүгір, «Жаңа жол» газетін сатып әкел.

Газетті алған соң Әкбар оның әр жолын мұқият оқуға кірісті. Көпбалалы отбасыларға жәрдемақы берілетіні жазылған жерге келгенде тізесін алақанымен бір ұрып, орнынан атып тұрды:

– Мәссаған! Енді сендім, түсіндім!

Өмірінің соңына дейін ұмытпайтын үшінші рет таңғалғанын басу үшін Әкбар сол бөлікті қайтадан оқыды. Үйге кірген соң ол Аязды келіп құшақтап, сүйді.

– Екі мың сом! Бәйбіше, сен екі мың сом тауып алсаң не істер едің?

– Бос сөйлей бермеші. Маған бөгет жасап тұрсың… Шәйнекті құлатып ала жаздадым.

– Не сатып алар едің, Аяз?

– Сен екі мың сомды маған бер, ал сауда жасауды мен өзім білемін. Өзіме пальто, қолыма сағат, балаларға киім аламын. Болмаса Нәдірдің үйлену тойына керекті заттар алар едім. Ақша болса, болды.

– Ақша бар! Ақша болады! Заң шықты, екі мың сомнан береді.

– Саған сыйақы беріледі ме?

– Маған емес, бұл жолы саған беріледі!

– Сыйақыны мен не үшін аламын? Мен не істей аламын?

– Ехе-хе! Сен бе ештеңе істей алмайтын?! Сен көп нәрсе істей аласың, бірақ өзіңді бағаламайсың…

Аяз бәрін әзілге жорып, әңгімені басқа тақырыпқа бұрғысы келді. Бірақ Әкбар қояр емес.

– Шын айтам, өліп кетейін. Жеті баласы бар отбасы екі мың сом алады, он үш баласы барлар бес мың сом алады.

Аяздың күмәні бірден қуанышпен ауысып, бет-жүзіне ойнап шықты.

– Әкбар, шыныңды айтшы, әзілдеп тұрған жоқсың ба?

– Қайдағы әзіл! Ресми қаулы газетке жарияланды. Өз көзіммен оқыдым. Біздің үкімет уәдесін орындайды. Өзің білесің, айтты ма – істейді.

Аяз сенді. Қуанғанынан балаларын кезек-кезек құшақтай бастады.

Әкбар үйінен шықты. Достарымен, таныстарымен кездесе қалса, олармен сөйлесіп, жаңалықпен бөлісіп, қуанышты қаулы туралы айтқысы келді.

Саябақтан көңілді дауыстар естілді. Алаңқайда ондаған бала жүгіріп ойнап, секіріп, құлап, қайта тұрып, қуана сөйлеп, күліп жүр. Сүп-сүйкімді, түрлі түсті киімдегі бұл сәбилер көктемгі қызғалдақ пен сарғалдақтардай. Үлкендер болса бір шетке отырып алып  газеттерді қолдан-қолға өткізіп оқып, тыныш қана әңгімелесіп отыр.

Әкбар балалардың даусынан жаңа, ғажап әуен естігендей. Оның жүрегі де ән салып, болашаққа сенімі арта түсті.

Аударған – Саят ҚАМШЫГЕР




ПІКІР ЖАЗУ