Ол – қазақ журналистикасы мен әдебиетінің ар-ұяты

Низами Мамедов,

Филология ғылымының докторы,Әзірбайжан Республикасы,

Бакуславян университетінің профессоры.

Қазақ халқының талантты перзенті, әрқашан шындықты айтуды мұрат тұтатын батыл  журналист, халықтың хал-ахуалын, тұрмыс-тіршілігін, арман-мұңын терең білетін жазушы, әдебиеттің ішкі-сыртқы мәселелері мен мақсат-міндетін қапысыз зерттеген әдебиет сыншысы, аудармашы Бигелді Ғабдуллинның қаламынан шыққан әр сөзі тек Қазақстанда ғана емес, басқа елдерге де үнемі жетіп жатады. Сол турашылдығы үшін билік басындағылардың қырына ілігіп, сотқа тартылған кездері де болған. Бірақ әр жолы да ол жеңіп шықты.

2024 жылы қазан айында Алматы қаласында қазақтың аса көрнекті қаламгері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл толуын атап өту мақсатында ұйымдастырылған Халықаралық конференцияға мен де шақырту алғанмын. Айтулы жиынға Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Ресей, Франция және  басқа елдерден келген ғалымдар, ақын-жазушылар, өнертанушылар, саяхатшылар, аудармашылар, драматургтар, кинодраматургтар мен кинорежиссёрлер қатысты.

Осы жолы басқа да мәдени және әдеби қайраткерлермен қатар, танымал журналист, публицист, жазушы-прозаик Бигелді Қайырдосұлы Ғабдуллинмен жақын танысудың сәті түскен. Әр жылдары «Ленинская смена» газетінің жанындағы әдеби бірлестіктің жетекшісі, Қазақстан Жазушылар одағының Насихат бюросы директорының орынбасары, «Казахстанская правда» газетінің тілшісі, «Таң» телекомпаниясының бас редакторы, «Новое поколение» газетінің бас редакторы, «Билік Ел» ЖШС-нің бас директоры, «XXI век» газетінің бас редакторы, «Сеntral Asia Monitor» газетінің бас редакторы болып қызмет еткен Бигелді қазір Халықаралық қазақ ПЕН клубының президенті.

            Ол – «Байыпты әңгіме» («Серьёзный разговор»), «Ұлы көш» («Великое кочевье»), «Мараль», «Тергеу изоляторы» («СИЗО»), «Қаңтар-22» тәрізді нақты деректерге негізделген көркем туындыларды дүниеге әкелген суреткер. Сонымен қатар, қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өмірі мен шығармашылығына арналған естеліктер жинағы – «Біздің Әбе» деп аталатын ғұмырбаяндық шығарманы құрастырған.

Оның қаламынан қазақ халқының тарихына, мәдениетіне, әдебиетіне, саяси-қоғамдық өміріне қатысты сан қилы тақырыптарды қозғаған және күнделікті өмірдің күйіп тұрған мәселелерін көтерген 1000-нан астам әдеби-сыни және публицистикалық мақала мен материал дүниеге келді. Адамгершілік мұраттарды аяққа таптаған арсыздарды ол ешқашан жақтаған емес, қолындағы билігін пайдаланып, арамнан байымақ болғандарға жағымпаздануды да білмепті. Саналы өмірін қазақ халқының мемлекеттілігін нығайта түсуге, сөз бостандығы толық салтанат құруы үшін күреске арнаған қайраткер Бигелді Ғабдуллин оппозициялық идеялары үшін талай рет сотқа тартылды, бірақ ақыр түбінде әділдік жеңіске жетіп, ақталып шықты. Билік басындағылардың қысымымен шетелге эмиграцияға кетіп, АҚШ-та төрт жыл тұруға тура келген кездері де бар.

Белгілі әдебиет сыншысы, отыз шақты поэзиялық, прозалық кітаптар мен эсселердің авторы Адольф Арцишевский өзінің «Бигелді Ғабдуллин: тәубаға келу құқығы. Деректі роман-эссе» деп аталатын туындысында «Бигелді Ғабдуллин – Қазақстанның жаңа дәуірде қалыптасқан баспасөз кеңістігі архитекторларының бірі» деп көрсеткен. Бұл оның журналистік еңбегіне берілген баға. Ал оның өмірбаянына көз жүгіртсеңіз, қатарынан оза шапқан кейіпкеріміздің қым-қуыт оқиғаларға толы қайталанбас тағдырына куә боласыз.

2015 жылы Алматыда Бигелді Ғабдуллинның «Ұлы көш» («Великое кочевье») деп аталатын кітабының үшінші басылымы жарық көрді. Қазақстан мемлекетін құруға бар ғұмырын, күш-қайратын, ерік-жігерін сарқа бағыштаған қайраткерлер туралы тарихи эссе Қазақ Хандығының құрылғанына 550 жыл толуына арналыпты. Туындыда қазақ халқының ұлттық мемлекет құру жолындағы қиындыққа толы күресі жан-жақты бейнеленген. «Қазақ хандығы туралы жыр» («Сага о казахском ханстве»), «Қазақстан ұсақ хандықтар кезеңінде» («Казахстан эпохи мелких ханств»), «Мемлекеттілікті іздеу» («В поисках государственности»), «Орақ пен балғаның қол астында» («Под властью серпа и молота»), «Қазақстан. Сара жол» («Казахстан. Свой путь») деп аталатын бес бөлімнен тұратын кітапта автор ел тарихының күрделі де шешуші кезеңдеріне үңіліп, Керей мен Жәнібек хандардың қалдырған өсиетіне адал болуға шақырады. Сонымен қатар, Есім хан, Абылай хан, Төле би секілді халқына алғаусыз қызмет ету арқылы ел тарихында мәңгі қалған тұлғаларға тоқталып, бүлікшіл хандарды да назардан тыс қалдырмайды. Шығармада хан билігі институтының ерекшеліктері сипатталып, «Алаш-Орда» партиясының саяси-әлеуметтік қырлары мен қазақ халқы сан ғасырлар бойы ұстанып келген ислам дінінің идеялары айшықтала көрсетілген. Бұл тарау «Ақыл-ойдың қайнар көзі» («Мощный источник интеллекта») деп аталыпты.

Ғабдуллин бұл шығармасында «Орақ пен балғаның қол астында» болған кездегі жағдайларға да айырықша тоқталған. Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің (Казахский ЦИК) төрағасы туралы, Түркістан өлкесіндегі жаппай ашаршылық жайында, қолдан жасалған сол аштықты ұйымдастырушы Филипп Голощекин, Қазақстанды әр жылдары басқарған Левон Мирзоян, Николай Скворцов, Геннадий Борков, Жұмабай Шаяхметов, Пантелеймон Пономаренко, Иван Яковлев, Николай Беляев, Исмаил Юсупов, солардан кейінгі Хрущевтің қолшоқпарлары, Кремль басшыларының достық құшағында тұншыққан Дінмұхаммет Қонаев, өзін Николай патшадан кем сезінбеген Геннадий Колбин жайында жеріне жеткізе баяндап берген.

Бигелді Ғабдуллинның қызықты да жан тебірентерлік кітаптарының бірі – «Тергеу изоляторы» («СИЗО») деп аталатын деректі хикаят. Кітаптың алғысөзінде бұл шығарманың мәнділігі туралы қазақ жазушысы әрі режиссёр Ермек Тұрсынов былай дейді: «Хикаяттың басты құндылығы – оның деректілігінде, нақты шындыққа негізделуі мен хроникалық дәлдігінде. Мен мұны «сол жақта» болып қайтқан, мемлекеттің жазалау машинасының қыр-сырымен жете таныс адам ретінде айтып тұрмын. Автордың нені жазғанын жақсы білемін әрі толық түсінемін. Мұндай кітаптар керек. Олардан «дәуір тынысы» сезіліп тұрады».

Автор сот жүйесіндегі адамның ойына кіріп-шықпайтын әділетсіздік пен қиянатты, түрме қабырғасының арғы жағында жасалып жатқан сұмдықтарды көрсетуді мақсат тұтпаған, бұл тұрғыдағы тәжірибесі соншалықты мол да емес әрі ұзаққа созылған жоқ; ол тек өз өміріне қатысты ақылға қонбайтын сот отырыстарын, тергеу изоляторы деген адамшылыққа жат, заңсыздыққа негізделген, адамдарды қинау жүйесін әшкерелемек болды. Бигелді Ғабдуллинның аталған хикаяты ел тұрғындары мен азаматтарын темір тордың ар жағында не күтіп тұрғанын көрсетуге арналған. Олар мұны өтірікті судай сапыратын газеттерден немесе ізгілік пен зұлымдықты шатастырып алып, бұл күндері ненің не екенін өздері де ажыратудан қалған телехабарлардан емес, соның бәрін көзімен көріп, қолымен ұстаған нақты адамның аузынан естуге тиіс. Еш жазығы болмаса да қапасқа қамалып, бостандықтан айырылудың не екенін өз басынан өткерген автордың шеккен азабы мен көрген қорлығы қандай болғанын ГУМАНИЗМ, АДАМ ҚҰҚЫҒЫ, СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ секілді қасиетті ұғымдарды қадір тұтатын әр адам білуге тиіс.

Осы кітаптан мысал келтірейік. Автор былай дейді: «Көптеген адамдар сталиндік лагерьлер келмеске кетті деп ойлайды. Өкінішке қарай, біздің пенитенциарлық (бостандығынан айырылғандар жазасын өтейтін орын) жүйе сол бір қорқынышты кезеңнің кейбір сынықтарын әлі де қимай жүрген сияқты. Қазақстандық полицейлер Сәкен Сейфуллин, Жүсіпбек Аймауытов, Әлихан Бөкейханов секілді халқымыздың ұлы перзенттерін азаптаған жендеттердің шинелін әлі де иығынан тастай қоймапты…».

Кітаптың алғысөзінде автор ұрлыққа белшеден батқан сот төрағалары мен парақор полицейлер туралы торыға жазады. Қазақстан Ішкі істер министрлігінің тергеу изоляторында отырған кезде ол көпшілігі кеңес өкіметі құлағаннан кейін өмірге келген, сталиндік қуғын-сүргінді, түн ішінде кіріп келіп тұтқындап әкетуді, азаптауды, қатыгездікті өңі түгіл түсінде көрмеген жап-жас тергеушілер, қарауылдар, айдауылдар, күзетшілер темір тордың ар жағына тап болған бейбақтарды не үшін соншалықты жек көреді екен деп ойлайтын. Олар әлі сотталған жоқ қой, кінәсіз болып шығуы да мүмкін.

Бірінші бөлімі «Жердегі тозақ», екіншісі «Менің ісімді қайтадан көтеру: тозаққа қайтып оралу» деп аталатын, әрқайсысы ұсақ тақырыпшаларға бөлінетін осы бір тұп-тұтас құйыла қалғандай әсер ететін жұмыр да шымыр хикаят оқырманды автор тап болған қорқынышты орта – тергеу изоляторындағы өмірмен таныстырады, Бигелді Ғабдуллин онда біраз уақыт отырған.

            Арада бірер жыл өткен соң Бигелді Ғабдуллин осы тақырыпқа қайта оралып,  «Мо(а)раль» деп аталатын роман жазып шықты, бұл кітапты 2025 жылғы нағыз бестселлер деуге болады. Роман әуелі республикалық әдеби журнал «Просторда» басылды, кейін Мәскеудегі «Художественная литература» баспасынан жеке кітап болып жарық көрді. Шығармаға қызығушылық танытқан мәскеулік «Юность» және «Роман-газета» журналдары «Мараль» романын жарыса жариялап жатты.

«Художественная литература» баспасы романды ресейлік оқырмандарға таныстыра келіп, былай деп жазды: «Бигелді Ғабдуллин – белгілі қазақстандық журналист әрі жазушы, қазақ ПЕН клубының президенті. Оның шығармаларында бұл өмірде кездесіп жататын сан қилы тіршілік түйткілдері, соның ішінде, құқық қорғау жүйесінің шеңгеліне ілігуге қатысты жәйттер жан-жақты сипатталады. Осындай шығармалардың жарқын үлгісі – «Мараль» романы. Романда саналы ғұмырын сөз бостандығы мен әділдік жолындағы күреске арнап, абыройлы атына кір шалдырмаған тәуелсіз Қазақстандағы баспасөз магнаттары бірінің өмір жолы сипатталған. Жанды тілмен тартымды жазылған роман Қазақстан ғана емес, Ресей және басқа да ТМД елдерінің оқырмандары үшін де қызықты болары сөзсіз. Кітаптың атауын екі тұрғыдан қарастыруға болады. Мораль – жалпыға бірдей белгілі ұғым. Ал «мараль» – бұл күндері қолданыстан шығып қалған ескілікті сөз, жолап кетсең сасық иісі қолқаңды қауып, жүрегіңді айнытатын лас, былғанышты нәрсе. Қысқасы, орыстың ұлы ақыны Пушкин айтқандай, «ертегі – өтірік, бірақ онда ишара бар».

Оқырманға түсінікті болуы үшін айта кетейік, Бигелді Ғабдуллин өзі басқаратын Central Asia Monitor және Radiotochka.kz тәрізді баспасөз құралдарының пайдасына лауазымды адамдардан ақша бопсалады деген желеумен сотқа тартылып, бес жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасына тартылған болатын.

Ұзаққа созылған сот та аяқталып, ақыры сот залынан бостандыққа шықты. Дүлей билік оның өзін ғана тұтқындап қоймай, бүкіл мүкәммал-мүлікін пайдалануға тыйым салған, ол жазаның да күші жойылды.

Осының бәрі Бигелді Ғабдуллинның адал адам екенін көрсетеді. Шындықты айтуды ғана мұрат тұтқан талантты журналист, аудиториясы әлі де ұмыта қоймаған естен кетпес жарқын да жарқыраған баспасөз құралдарын құрған медиаменеджер, қазақ жазушыларының шығармаларын орыс және ағылшын тілдеріне аударған тәржімашы ретінде ол Қазақстанда сөз бостандығы салтанат құруына және тәуелсіз әдебиетті өркендетуге орасан зор үлес қосты. Ол әрдайым көпшіліктің көз алдында жүреді, қоғамда туындап жататын мәселелерді терең зерттеп, туған халқының тарихына зер салады, адал сөзге араша түсуден тайсалмай, Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін сақтап қалу үшін аянбай еңбек етіп келеді.

Автордың жеке басы мен өмір жолына тоқталып жатпастан оның шығармашылығындағы тағы бір жарқын қырына назар аударайық. Бигелді Ғабдуллин 2024 жылы «Бiздiн Əбе» деп аталатын жуан кітап құрастырды, онда қазіргі қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, арамыздан таяуда ғана, 2022 жылы кеткен Әбдіжәміл Нұрпейісовтің жеке басының қасиеттері мен шығармашылығы туралы қазақ, қырғыз, башқұрт, орыс, неміс, француз, грузин және басқа халықтардан шыққан қаламгерлердің еңбектері жинақталған. Олардың арасында Шыңғыс Айтматов, Мұстай Кәрім, Зейнолла Қабдолов, Луи Арагон, Анатолий Ким, Ульрих Браун, Гудрун Циглер, Ги Дарбуа, Георгий Пряхин, Герольд Бельгер, Асанәлі Әшімов, Лев Аннинский, Бақытжан Қанапиянов, Адольф Арцишевский, Мұрат Әуезов, Нұрлан Оразалин, Бигелді Ғабдуллин, Светлана Ананьева, Сергей Әзімов және басқа көптеген қайраткерлер бар.

Кітаптың алғысөзінде Б.Ғабдуллин былай дейді: «Аса көрнекті қазақ жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов (Әбең) ұзақ та қызу еңбекке толы өмір сүрді… Әбеңнің «өмір күймесі» ұшы-қиырсыз қазақ даласын, оның әсем де көрікті өңірлерін, ойы мен қырын, орманы мен сусыған құмын, соның бәрін тынбай кешумен болған. Биік шыңдар мен терең құздар, өрі мен еңісі, тып-тымық әсем тұстары да жеткілікті.

Ең бастысы – классик жазушының шығармаларында Тәңірберген, Ақбала, Еламан, Жәдігер және басқалар тәрізді халықтың қалың ортасынан қайнап шыққан кейіпкерлердің аса бай галереясы жасақталған, олардың қай-қайсысы да ұлттық «рухани ғарыштың» негізін құрай алар еді. Оның өмірі жарқын да соқтықпалы-соқпақсыз болды, біз оны адами тұрғыдан да, шығармашылық тұрғыдан да ерлікке толы өмір сүрді деп батыл айта аламыз».

Француз қаламгері әрі аудармашы Луи Арагон өзінің «Әбдіжәміл Нұрпейісов. Ымырт» деп аталатын мақаласында қазақ жазушысының әйгілі трилогиясы туралы: «Нұрпейісовтің бұл кітабы қолында билігі бар зұлымдардың заманын, адам өмірі құнсызданып, жұрттың бәрі бірін-бірі жау санаған кезді суреттейді. Іс жүзінде бұл зорлық-зомбылықтың, қорғансыз жандарды аяусыз қанау мен заңсыздықтың үстемдік құруы болатын. Патша шенеуніктері қазақтардың тұрмыс-тіршілігіне, әдет-салтына, мәдениетіне назар аудармастан олардың тағдырын өз білгенімен шешетін», – деп пікір айтыпты. Ал Башқұртстанның халық ақыны Мұстай Кәрім қазақ жазушысына деген құрметін былай білдіреді: «Оның «Соңғы парыз» деп аталатын, күрескерлік қиналыс пен драматизмге толы ақырғы романы Арал теңізінің қыл үстінде тұрған тағдырын және сол тағдырға тікелей қатысы бар адамдардың мұң-зарын жырлаған туынды. Қатқылдау жазылған романдағы өмір шындығы мен адами ар-ұяттың салмағы айқын сезіліп тұрады. Ол тек болған оқиғаны суреттеумен шектеліп қалмай, алдағы сұрапылдан сақтандырмақ болып ақыра ұран тастайды. Туған өлкесінің басына түскен ауыртпалыққа жаны ауырған жазушының бұл туындысы айырықша қуатпен жазылған».

Бигелді Ғабдуллин бұл кітапқа Әбеңнің шығармашылығы туралы ғалымдардың пікірлерін де келтірген. Мысалы, белгілі әдебиеттанушы Светлана Ананьева былай деп жазады: «Ә.Нұрпейісовтің қайталанбас стиліне тәнті болмау мүмкін емес. Оның шығармаларында даланың өмірі бар, ол да тыныс алады. Оның өз тілі бар. Оны түсіну үшін осы жерде туып-өсу керек. Дала – шексіздік пен кеңдіктің рәмізі, ат үстінде құйғытып, қиқу салған жігіттердің мекені. Сонымен қатар, дала – жалғыз жолаушының көк аспанның астында өткізген ұзақ сапарда философялық ойларға берілуі».

Көріп тұрғанымыздай, Бигелді Ғабдуллинның журналистік жазбалары мен көркем шығармалары, сонымен қатар, ХХ-ХХI ғасырлардағы қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы «Біздің Әбе» деп аталатын жинағы қай тұрғыдан алғанда да қызықты дүниелер. Біз көрнекті қаламгер, әдебиет сыншысы Бигелді Ғабдуллинның шығармашылығын алдағы уақытта да жіті назарда ұстайтын боламыз. Қазіргі кезде ол – қазақ журналистикасы мен әдебиетінің ар-ұяты деуге тұрарлық аяулы тұлға.

Орыс тілінен аударған Нұрлан ҚАМИ




ПІКІР ЖАЗУ