ҰСТАЗ БЕДЕЛІ – ҚОҒАМ БЕДЕЛІ

Жылдар жылжып, заман ауысқан сайын адамзат қауымы алға басып, дами береді десек те, бес саусақ бірдей емес, кей тұрғыдан тоқырап қалғандай көрінетіні бар. Материалдық жағынан өрлей береміз, бірақ рухани-мәдени сала бойынша кері кетпесек те бұрынғы жетістіктерден айырылып қалғандай сезім бойыңды билеп алады. Айталық, бала кезден бойымызға сіңген, ешқашан өзгермейтіндей, мәңгі тұра беретіндей көрінетін «ұстаз беделі» деген түсініктің аясы бұл күндері тарылып кеткен тәрізді. Бізге солай көріне ме әлде шынымен солай ма? Осы бір түйткіл талай адамды мазалап жүргені сөзсіз. Сондықтан Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, бар өмірін бала оқытып, шәкірт тәрбиелеуге арнаған, зейнеткерлікке шыққаннан бері Алматы қаласындағы «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубтары Алатау-2 бөлімінің ұстаз-тәлімгері болып қызмет етіп жүрген Гүлзия Ауқашовадан осы мәселе төңірегінде ой бөлісуді өтінгенбіз.

Таңдаған мамандығы бойынша еңбек жолын бастаған мүғалімдердің қай-қайсысы да ешқашан бедел жинай қояйын деп ойламайды. Алла-Тағала нәсіп еткен кәсібіне ыждағатпен, махаббатпен бет бұрған сәттен бастап алдынан үлкен әлем – ұстаздық ғұмырдың есігі айқара ашылып, тартылыс қуаты ешқайда мойын бұрғызбас қайнаған өмір басталады да кетеді. Өзі зерттеп-зерделеген пән бойынша білгенін үйретіп, шәкірттердің көзін ашу, әр баланың адами келбетін, өзіндік ерекшелігін ескере отырып, әрқайсысының қабілет-қарымына қарай білім нәрін сіңіру оңай емес. Баланың жан дүниесін байытып, дүниетанымының қалыптасуына тікелей ықпал ететін – әуелі ата-ана, содан кейін ұстаз. Бірақ ұстаздық бедел аз ғана уақытта қалыптаса қоймайды. Оған тек талмай еңбектеніп, шәкірттеріне де, өзіне де үнемі биік талап қоятын және сол талаптың үдесінен шыға білген адам ғана қол жеткізе алады.

«Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, өз ісіне шын беріліп, әр балаға болашақ тұлға ретінде қарайтын, қандай сұраққа да ықыласпен жауап беретін, шәкірттерінің алдында әрқашан адалдық пен әділдіктен айнымайтын ұстаз ғана шын құрметке ие болады. «Жаратушы үнемі оң назарында ұстайтын екі кәсіп бар. Бірі – су үстінен көпір салған құрылысшы, екіншісі – шәкіртіне тәлім үйреткен ұстаз» деген сөз бекер айтылмаса керек. Өйткені екеуі де екі әлемді бір-бірімен жалғаушы, сабақтастырушы. Олардың еңбегін бүкіл халық қастер тұтатыны да сондықтан.

Алпысыншы жылдардың ортасында мектепке барған біздің қатарластарымыз алғашқы мұғалімдерін ешқашан ұмытқан емес. Ол кездегі ұстаздардың жас буыны педагогикалық институттарды тәмәмдап елге оралған сол мектептердің алғашқы түлектері, алдыңғы буын – соғыстан оралған майдангер мұғалімдер болатын. Мұғалімдердің 80 пайызы ер адамдар еді. Бастауыш мектептегі ұстазымыз Құсайын Әлімжанов (майдангер, соғыс мүгедегі) төртінші сынып бітірген түлектерін келесі кезеңге өткізіп тұрып: «Сендер жеті сыныптық білімді меңгеріп шықтыңдар» деп еді. Онысы рас болатын.

Ол кезде қазіргі бастауыш сыныптардағы «Дүниетану» деген пәннің орнына «Табиғат тану» деген пән оқытылатын. Осы сабақты мұғалім карталар арқылы жүргізетін. Қабырғада дүние жүзінің және Кеңес Одағының үлкен саяси карталары ілулі тұрады. Біздің  не меңгергенімізді  білу үшін мұғалім тақтаға шақырып, қолымызға нұсқауыш таяқша – «указканы» ұстатады да «Отанымыздың жүрегі – Москва!» – дейді, сол тұрған күйіңде артыңдағы картадан мөлшермен Москваны көрсетесің. «Енді Владивостокқа  тарт!» – дейді. Шамамен Қиыр Шығысты мөлшерлейсің. «Енді Каспийді көрсет»!» – дейді. Оны да көрсетесің. «Болды, енді ауылға қайт», – дейді. Тағы мөлшерлеп жылжисың. Әрине, желкеңде көзің жоқ, дәл көрсете алмайсың. Бірақ бағытың дұрыс, қимылың батыл болса – мұғалім риза. Дүние жүзі картасымен де солай жұмыс істейтін. Мемлекеттер, олардың астанасы, мемлекеттің сол кездегі басшысының аты-жөні – бәрін жаттадық. Сөйтіп төртінші сыныптан бастап әлем туралы түсінігіміз қалыптасты.

Барлық пәндерді бастауыш сынып мұғалімдерінің өздері оқытатын. Орыс тілі, еңбек, сурет, ән сабағы, дене шынықтыру. Бәрі де толыққанды өз деңгейінде жүреді. Еңбек сабағында Құсайын мұғалім қолымызға ине жіп, мата ұстатып, тігіс түрлерін: «мынау – көктеп тігу, мынау – тепшу, мынау – жөрмеу» деп үйрететін.

Мұғаліміміздің өзі – логопед. Оқушылардың тіліндегі анау-мынау кемістікті өзі-ақ түзететін. Мысалы, қатты кекештенетін құрбы қызымды сабақтан кейін алып қалып, жарты сағат көркем оқуға мәтін беретін, көбінесе, тез жаталатын өлеңдер. Құрбым өлеңді жатқа айтқанда кекештенбейді. Бір күні мұғалім құрбыма былай деді: «Күн сайын түскі сағат бірден жиырма минут кеткенде сынып бөлмесінде күтіп отырамын. Ал сен күнде таңертең сағат сегізде Алматы радиосын мұқият тыңдап, Әнуарбек Байжанбаев пен Сауық Жақанова айтқан жаңалықтарды солардың даусымен қайталайсың» деп тапсырды. Құрбым екеуміз екі-үш ай бойы сағат бірден кете мектепке барамыз. Сол мәтіндерді көркемдеп айтып бергенде мүлде кекештенбейтін. «Алматыдан сөйлеп тұрмыз… Алматы уақыты – таңғы сағат сегіз…» Ұстазымыздың ақылымен Сауық Жақановадай әуезді үнімен халықты ұйытқан майталман дикторға еліктегендіктен бе, құрбымның даусы әлі де қоңыраудай сыңғырлап тұр. Ұстаздың: «Мейлінше сабырлы бол. Ешкіммен ешқашан ұрсыспа.  Жылдам, шапшаң сөйлеуден іркіл» – деген кеңесін өмір бойы ұстанып келеді.

Содан бері жарты ғасыр уақыт өтсе де Құсайын мұғалімнің мейірбан жүзі, талап қойып, оны орындата білетін ыждағаттылығы, жігерлі келбеті, ұстаздық беделі мен шәкірттерінің өміріндегі бедері көңілімізде мәңгі орнығып қалды.

Алпысыншы, жетпісінші жылдары қазақ ауылдарындағы мұғалімнің беделін баяндасаң аңыз сияқты. Ауыл көшесімен бір мұғалім қарама-қарсы келе жатқанын көрген мектеп оқушысы дереу үсті-басын түзеп, өзін дұрыс ұстауға тырысатын. Ер балалар мұғалім қасынан өткенше бас киімін шешіп, дауыстап амандасады. Ата-аналары шәй-қантқа жұмсаған балалар іште мұғалім сауда жасап тұрса дүкеннің ішіне кірмейтін.

Жүріс-тұрысымен, киім киісімен, сөйлеуімен, мінез-құлқымен ерекше айшықталып тұратын, ұрпақтардың бірнеше легіне білім беріп, тәрбиелеп шығарған қайран ұстаздарым-ай! Осы мақаланы жазу барысында қаншасының бейнесі көз алдымнан өтті…

Уақыт көші тоқтамай, тоқсаныншы жылдар келгенде еліміздің мектептерінде ер адамдардың қарасы күрт азайып, мектептерде саусақпен санарлықтай деңгейге түсті. Оларды мектептерден ығыстырған фактор мардымсыз еңбекақы екені белгілі. Ондай жалақымен отбасын асырай алмайды ғой. Педагогикадағы ер адамдар сөйтіп мектептен кетіп, кәсіби білім беретін орта оқу орындары мен жоғары білім беру саласында ғана ішінара сақталып қалды.

Біртіндеп мұғалімдердің педагогикалық кәсіби білім деңгейі мен ұстаздық келбеті өзгере бастады. Кездейсоқ адамдар кездесетін болды. Менің ұстаздық ғұмырымның басым бөлігі кәсіби білім беретін арнайы оқу орнында өткен. 2010 жылдары басымнан өткен бір оқиғаны баяндап берейін. Мен сабақ өткізіп тұрған топтың өндіріс шебері: «Басшылыққа бір шұғыл деректер керек еді» деп ішке кірді де студенттерге: «Оқытушының уақытын алмайық, тезірек айтып жіберіңдер, біздің топтағы жетімдер кім?» демесі бар ма! Студенттер жым-жырт. Оқу-өндіріс шебері сұрағын қайталап, тағы тықылдады. Ыңғайсыздықты жуып-шаймақ болып: «Ондай дерек топтың тәрбие жетекшісінде болуы керек» десем, «Ол кісі бүгін жұмыста жоқ» дейді. Топтың старостасына қарап едім, «жүріңіз, апай, ол деректерді мен берейін» деп шеберді ертіп, оқу кабинетінен шыға жөнелді. Педагогикалық әдеп түгіл адами жағынан алғанда еш қалыпқа сыймайтын әрекет. Ең сорақысы – ол да ұстаз ғой! Үлкен-кіші бірдей қадір тұтуға тиісті ұстаздың түйсіксіздігіне налыған студенттерім бастарын көтермейді.

Міне, осындай жағдайда ұстаз беделі туралы не айтуға болады? Қазір ондай педагогтар әр оқу орнында кездеседі және олар тұтас ұжымның атына кір келтіріп жүр.

Ұстаздар заман талабына сай кәсіби тұрғыдан өзін-өзі үздіксіз дамытып, жетілдіріп отыруға тиіс. Білім беру жүйесінде өзгерістер болып тұруы да заңды. Бірақ не нәрсе де, соның ішінде жас ұрпаққа білім беру саласындағы өзгерістердің ретімен жүргізілгеніне не жетсін. Еліміз егемендік алғаннан бері отандық оқу саласы жиі-жиі жүргізілген реформалардан көз ашпады. Олардың кейбіреулері сәтті болып, оң нәтиже берсе, білім саласына кері әсер еткендері де бар.

Кейінгі онжылдықта жоғары сыныптарда білім беру гуманитарлық және жаратылыс тану бағыты деп жікке бөлінді. Оқулықтар қайтадан жазылды. Осы орайда небір келеңсіздіктерге куә болдық. Ақан сері Қорамсаұлының шығармашылығын өткен кезде хрестоматияда «Ақын-композитордың «Құлагер» әнін мұқият оқып шығып, мына тапсырмаларды орындаңыз» деп  бірнеше тапсырма ұсынылыпты.  Берілген мәтінді оқып, өз көзіме өзім сенбедім. Әннің сөзі Ақан серінікі емес, Ілияс Жансүгіровтің поэмасынан алынған! Автор мен кейіпкерді сөйтіп шатастыруға бола ма!

Осы жөнінде оқулық шығару ісіне қатысы бар адаммен сөйлескенмін, оның айтуынша, кейде ондай қателіктер әдейі жіберіледі екен. Алдымен қателікті байқап мұғалімдер дабыл қағады, оларға ата-аналар қосылады, ақыры тиісті құзырлы орындардың назарына жеткізіледі. Содан кейін оқулықты қайта шығару керек болады. Тағы да тендер, тағы да мемлекеттен қаржы бөлінеді. Бөлінген қаржыны қарпып қалмақ болған жеке адамдар осындай жымысқы әрекеттерге баратынға ұқсайды. Өскелең ұрпақтың обалы, білім беру ісіне тигізіп жатқан зиян ондай алаяқтардың қаперіне де кірмейді. Осыған ұқсас хикаяттарды әр пәннен беретін оқытушылардың аузынан естуге болады.

Жас өркенге білім беруді тәжірибе алаңына айналдыруға болмайды ғой. Бұл ұстаздың беделіне нұқсан келтіреді және оқушылардың білім алуға құштарлығын тежейді.

Жақсы ұстаз – шамшырақ. Ондай ұстаздар қай уақытта, қай заманда да шәкірттеріне жарығын түсіреді, жан жылуын шашады.

Ұстаз беделі қоғамға тәуелді. Ұстаздар туралы оңды қоғамдық пікір оларды  әрқашанда жігерлендіреді. Көңіл қалауымен педагогикалық қызметті таңдап, бүкіл рухани өмірін өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беруге арнаған әзиз жандар қандай болмасын құрмет-қошеметке, қоғамдық, әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсетуге лайықты. Кейінгі жылдары ұстаздар еңбегіне деген ілтипаттың артқанын, еңбекақысы өскенін көріп қуанып жүрміз.

Ұстаздар қауымы еш уақытта замана көшінен кейіндеп қалмайды. Зейнеткерліке шыққан оқытушылардың көпшілігі цифрлық заманға бейімделген, компьютерлік оқыту технологиясын меңгерген бесаспап мамандар. Ұлттық құндылықтарды жас ұрпаққа ілім-біліммен қатар сіңіріп ұрпақ сабақтастығын қамтамасыз етуші тұлғалар да солар.

Күллі әлем ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойын атап өтіп, қазақ аспанында ақын поэзиясының рухы асқақтап тұрған осы күндері ұлы ұстаз, абайтану ғылымының негізін қалаушы Қайым Мұқамедхановтың «Алдымда ақын Абай – Темірқазық» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Кітапқа алғысөз жазған Дина Мұхамедхан: «Абай, Шәкәрім, Мұхтар, Қайым – олардың есімдері бір қатарда тұр және бұл тарихи тұрғыда қалыптасқан мәңгілік байланыс…» – деп пікір қорытыпты. Біздің ойымызша, сәтті тұжырым.

Қ.Мұхамедхановтың ұстаздық мектебінен өткен шәкірттер үш бағытта қалыптасты. Бірі – өзі дәріс оқыған Семей педагогикалық институтының студенттері, қазіргі мұғалімдер, екіншісі – ұзақ жылдық ғылыми қызметінде өзі тікелей бағыт-бағдар берген әдебиеттанушы мамандар, үшінші – ғалымның еңбектерін рухани тірек етіп, сол еңбектерді ұстаным еткен қазіргі абайтанушы, алаштанушы ғалымдар.

Міне, ғалым-педагог Қайым Мұхамедханов үшін ұлы Абай – Темірқазық болса, ұстазымыздың барлық шәкірттері үшін (мен де солардың бірімін) оның өзі – Темірқазық.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді дана халқымыз. Қазіргі уақытта халықаралық деңгейдегі пәндік олимпиадаларға дейін шәкірттерін қатыстырып, топ жарып, жеңімпаз болуына жетекшілік етіп жүрген отандық ұстаздарды мақтан етейік! Кімді болсын таңдандырмай қоймайтын өнертапқыш балалардың жетекшілерін шын пейілмен бағалайық!

Ең бастысы, шәкірттерінің дүниетанымын қалыптастырып, болашаққа жетелеп, өмір сапарына аттандырып салатын ұстаздар еңбегін құрметтейік! Уақыты жеткенде сол шәкірттердің бәрі мектеп партасынан тұрып, үлкен өмірге қадам басады. Ұстаз беделінің бағасы солардың көкірегінде бекіп, көңілдерінің төрінде мәңгі сақталып қалады.

                              Гүлзия Ауқашова,

                                                                                                              ҚР білім беру ісінің үздігі.




ПІКІР ЖАЗУ