БАЛА МЕЙІРІМГЕ ЗӘРУ

   Балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу және психологиялық қолдау механизмдері.

Бүгінде балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлықтың себептері мен түрткі факторлары талданып, оның алдын алудағы психологиялық қолдау жүйесінің рөлі елімізде кеңінен қарастырылуда. Жасөспірім психикасының ерекшеліктері, қауіп белгілерін ерте анықтау маңыздылығы, отбасы, мектеп және қоғам арасындағы өзара ықпалдастық мәселелері күн тәртібінен түспей келеді. Біз осы орайда, психолог Ақмарал  Байбосынованың келелі ойларын жариялап отырмыз. Автор суицидтің алдын алу саласындағы халықаралық және отандық  тәжірибелерге сүйене отырып, тұжырымдамалық бағдарламасын ұсынады.

XXI ғасырдың жедел өзгеріп жатқан әлеуметтік, технологиялық және мәдени кеңістігінде балалар мен жасөспірімдердің психоэмоционалдық жүктемесі күшейе түсті. Әсіресе, жаһандану жағдайында тұлғалық өзін-өзі тану мен әлеуметтік сәйкестену кезеңінен өтіп жатқан жеткіншектер түрлі ішкі және сыртқы дағдарысқа душар болады. Мұндай жағдайда олардың өмірлік қиындықтарға қарсы тұру ресурстары жеткіліксіз болуы мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, әлемде 15-19 жас аралығындағы суицид – өлім себептерінің арасында екінші орында тұр. Бұл үрдіс Қазақстанда да алаңдатарлық сипат алған: ресми статистика бойынша, жыл сайын жүздеген жасөспірім өмірмен қош айтысады немесе өз-өзіне қол жұмсауға әрекет жасайды. Бұл көрсеткіштер тек сан ғана емес, олардың артында өмірі үзіліп қалған тағдырлар, үмітсіздік пен көмекке зәру үнсіздік тұр.

Суицидтік мінез-құлықтың табиғаты мен детерминанттары

Суицидтік мінез-құлық бір мезеттік әрекеттен гөрі, ұзақ мерзімді ішкі күйзелістің, психоэмоционалды шиеленістің нәтижесі. Ол көп жағдайда бала тұлғасының қорғаныс механизмдерінің әлсіреуімен, әлеуметтену үрдісіндегі бұзылыстармен, отбасылық және мектептік қолдаудың жеткіліксіздігімен байланысты.

Жасөспірімдік кезең – тұлғалық қайта құрылымдау, құндылықтар мен бағдарлардың қалыптасу уақыты. Бұл кезеңде өзіндік «Мен»-ге деген көзқарас пен әлеуметтік танылуға деген қажеттілік күшейеді. Егер бұл қажеттіліктер қанағаттанбаса, бала өз орнын таба алмай, сыртқы ортадан оқшаулануы мүмкін. Суицидтік ойларға әкелетін негізгі себептерге мыналар жатады:

  • ата-анамен эмоционалдық байланыс тапшылығы;
  • құрдастар тарапынан буллинг пен әлеуметтік шеттетілу;
  • психикалық денсаулықтың бұзылуы (депрессия, мазасыздық, травмалар);
  • академиялық жүктеменің тым жоғары болуы;
  • әлеуметтік желілердегі деструктивті контент әсері;
  • өмірлік мағына дағдарысы.

Суицидтің алдын алуда осы себептердің өзара байланысын кешенді түрде талдап, әрбір баланың психологиялық ахуалын жүйелі бақылау қажет.

Психологиялық қолдаудың рөлі және форматтары

Суицидтік мінез-құлықтың алдын алуда психологиялық қолдау – негізгі буындардың бірі. Мұндай қолдау тек психотерапиялық көмек көрсетумен шектелмейді, ол тұлғаның өмірге бейімделу ресурстарын қалыптастыруды, эмоционалды тұрақтылықты нығайтуды, сенімге негізделген байланыс орнатуды көздейді.

Біріншіден, отбасындағы ахуал – басты фактор. Ата-ананың эмоционалды қолдауы, баласының ішкі күйін сезінуі мен тыңдай білуі – кез келген психологиялық дағдарыстың алдын алатын күшті қорған. Екіншіден, мектептегі психологиялық қызметтер нақты алгоритммен және кәсіби тәсілдермен жұмыс істегені жөн. Бұл бағытта:

  • қауіп тобына жататын оқушыларды ерте анықтау;
  • профилактикалық тренингтер, психологиялық диагностика;
  • құрдастар арасындағы қарым-қатынасты реттеу;
  • буллингтің алдын алу бағдарламаларын енгізу;
  • ата-аналарға арналған семинарлар ұйымдастыру;

сияқты кешенді тәсілдер өз нәтижесін береді.

Сенім телефондары мен онлайн кеңес беру платформалары да маңызды рөл атқарады. Жасөспірімдер көбіне жақындарына ашыла алмай, аноним көмекті артық көреді. Қазақстанда жұмыс істейтін «111» бірыңғай желісі, «BALA QORGAU», өңірлік сенім орталықтары – осындай платформалар қатарында.

Алдын алудың институционалдық тетіктері

Мемлекеттік деңгейде суицидтің алдын алу саласына жүйелі көзқарас қажет. Балалардың психикалық денсаулығына қатысты ұлттық стратегия қабылданып, оның нақты индикаторлары мен мониторинг жүйесі болуы тиіс. Қазіргі таңда білім беру саласында «Психикалық саулық мектебі» сияқты жобалар іске асырылып жатыр, бірақ олардың тиімділігі көбіне нақты іске асыру мен кадрлық қамтамасыз етуге байланысты.

Сондай-ақ, балалар психиатриясы мен клиникалық психология саласында мамандар тапшылығы байқалады. Бұл саладағы кадрларды даярлау, өңірлерде психологиялық орталықтардың ашылуы, білім беру мекемелерінде психологиялық қызметтің мәртебесін көтеру – өзекті мәселелердің бірі.

Сонымен қатар, ақпараттық қауіпсіздік мәселесі де күн тәртібінде тұр. Суицидті романтизациялайтын немесе өлімді қалыпты құбылыс ретінде көрсететін медиаконтентке тосқауыл қойылуы тиіс. Бұл ретте, ата-аналардың да цифрлық сауаттылығы артып, балалардың интернеттегі әрекеттерін жіті бақылап отыруы маңызды.

Мәдени және әлеуметтік факторлардың әсері

Жасөспірімдік суицид проблемасын тек медициналық немесе психологиялық тұрғыдан ғана қарастыру жеткіліксіз. Бұл құбылыстың тамыры тереңде — қоғамның құндылықтар жүйесі, әлеуметтік нормалар мен мәдени орта бала тұлғасының қалыптасуына шешуші ықпал етеді. Қоғамдық санада балалар мен жасөспірімдердің психологиялық қиындықтары жиі еленбей, «қырсықтық», «еркеліктің белгісі» ретінде қабылданады. Бұл стигматизация баланың өз мәселесімен жапатармағай жалғыз қалуына әкеледі.

Көптеген отбасыларда эмоцияны ашық білдіру, психологиялық көмекті қабылдау мәдениеті әлі де төмен деңгейде. Көбіне «мықты бол», «жылама», «өзің кінәлісің» деген сөздер баланың жан жарасын одан әрі тереңдете түседі. Осылайша, жасөспірім қорқыныш пен ұялу салдарынан көмек сұрауға батпай, күйзелісін ішінде сақтап жүреді. Суицидтің алдын алу үшін қоғамда психикалық денсаулық туралы ашық әрі бейтарап көзқарас қалыптасуы тиіс.

Сондай-ақ, әлеуметтік теңсіздік пен экономикалық тұрақсыздық та жанама түрде әсер етеді. Жасөспірімнің өзін басқалармен салыстыруы, материалдық тапшылық салдарынан әлеуметтік шеттетілуді сезінуі де оның психологиялық әлсіздігін арттырады. Ауылдық және қалалық аймақтардағы психологиялық қызметке қолжетімділік деңгейінің теңсіздігі де маңызды мәселе. Мысалы, ауыл мектептерінде штаттық психолог мүлде жоқ болуы мүмкін немесе оның жүктемесі өте жоғары.

Қазақ қоғамындағы отбасылық-туыстық байланыстардың, дәстүрлі тәрбие мен ұлттық құндылықтардың күшті тұстары да бар. Алайда бұл құндылықтар мен салт-дәстүрлер психологиялық сауаттылықпен үндесіп, жаңғыруы қажет. «Ұят болады» немесе «ел не дейді» деген түсінік баланың жан дүниесіндегі шынайы мәселелерді көлеңкеде қалдырмауы тиіс. Керісінше, ұлттық дүниетаным мен гуманистік педагогика негізінде балаға жанашыр орта қалыптастырылған жағдайда, бұл құндылықтар тиімді профилактикалық ресурсқа айнала алады.

Осылайша, суицид мәселесіне тек жеке психологиялық дағдарыс ретінде емес, кеңірек – мәдени-әлеуметтік құбылыс ретінде қарау маңызды. Жасөспірімнің өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуі, өз ойы мен сезімін айтуға еркіндігі, психологиялық қолдау ала алатынына сенімі – мұның бәрі әлеуметтік атмосфераның деңгейін көрсетеді. Ал қоғам осы атмосфераны қалай қалыптастыратыны – баланың өмірін сақтап қалуға тікелей ықпал етеді.

Цифрлық орта және суицидтік мінез-құлық: әлеуметтік желілердің ықпалы

Жасөспірімдер қазіргі заманда цифрлық кеңістікте өсіп, дамып келеді. Олардың күнделікті өмірінің үлкен бөлігі әлеуметтік желілермен, мессенджерлермен, ойын платформаларымен байланысты. Бұл орта кейде баланың өзін-өзі көрсетуіне, шығармашылық қабілеттерін танытуына мүмкіндік берсе, кей жағдайда психологиялық қысымның, деструктивті мінез-құлық үлгілерінің көзіне айналуы мүмкін.

Зерттеулер көрсеткендей, әлеуметтік желілердегі теріс контент — өз-өзіне қол жұмсау, өз денесіне зиян келтіру, «романтикаландырылған» суицидтік бейнелер – психикасы тұрақсыз жасөспірімдерге қатты әсер етеді. Мысалы, TikTok, Instagram, Telegram сияқты платформаларда кейде жасырын топтар арқылы өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін әрекеттер таралуы мүмкін. Мұндай топтардың жұмысы жасөспірімнің психоэмоционалды әлсіз тұстарын мақсатты түрде пайдаланып, олардың сенімін жаулап алады.

Сонымен қатар, кибербуллинг – яғни интернеттегі қорлау, масқаралау, жеке өмірге қол сұғу – суицидтің негізгі триггерлерінің бірі саналады. Жасөспірімдер көбіне осындай қысымнан кейін жалғыздыққа, оқшаулануға бейім болады.

Суицидтің алдын алу шараларының бірі ретінде цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, цифрлық гигиена, медиасауаттылық және ата-аналар тарапынан саналы бақылау жүйелерін енгізу қажет. Баланың интернеттегі белсенділігіне тыйым салу емес, онымен ашық диалог орнатып, ортақ сенім негізінде онлайн кеңістікті бірге игеру — ұзақ мерзімді және тұрақты шешім болмақ.

Мемлекеттік органдар мен әлеуметтік желілер әкімшілігі арасында да бұл мәселеде ынтымақтастық орнату маңызды. Контент фильтрация, қауіпті топтарды дер кезінде бұғаттау, дабыл беру жүйелері – қазіргі технологиялармен тиімді іске асырылуы мүмкін.

Жасөспірімдердің резильенттілігін

 (төзімділігін) қалыптастыру – ұзақ мерзімді шешім

Суицидтік мінез-құлықтың алдын алуда ең тиімді әрі тұрақты жолдардың бірі – балалар мен жасөспірімдердің тұлғалық резильенттілігін, яғни психологиялық төзімділігін, өмірлік қиындықтарға қарсы тұра алатын қабілетін дамыту. Бұл – олардың болашақтағы стресске қарсы иммунитетін қалыптастыратын ресурс.

Резильенттілік – адамның қиындықтарға қарамастан ішкі үйлесімін сақтап, өмірлік дағдарыстан шыға білу қабілеті. Бұл қасиет туа бітпейді, ол тәрбиелеу мен оқыту арқылы дамиды. Жасөспірімдер үшін бұл – өзіне деген сенімділік, қиын жағдайда шешім қабылдай алу, эмоцияларын бақылау, қолдау сұрай білу, ішкі мағына мен құндылықтарды сезіну сияқты дағдылар.

Мектептер мен қосымша білім беру ұйымдары резильенттілікті дамытатын бағдарламалармен жұмыс істеуі керек. Мұндай бағдарламаларға келесілер жатады:

  • эмоционалдық интеллектті дамыту тренингтері;
  • қарым-қатынас мәдениетін үйрету;
  • дағдарыс жағдайларын басқару стратегиялары;
  • мотивация мен өзін-өзі тану сабақтары;
  • шығармашылық және еріктілік жобаларына қатысу.

Бала өзін ортада маңызды, қажет, әсер ете алатын тұлға ретінде сезінгенде, оның өмірге деген қызығушылығы артады. Әсіресе топпен жұмыс істеу, өзін қоғамның белсенді мүшесі ретінде сезіну, табысқа жетудің тәжірибесін бастан өткеру – оның болашақтағы өмірлік позициясын анықтайды.

Резильенттілік – жай ғана психологиялық ұғым емес. Бұл — ұзақ мерзімді, стратегиялық инвестиция. Қоғамда төзімді, мықты, өз-өзіне сенетін, өмірге бейім тұлға неғұрлым көп болса — суицид қаупі соғұрлым аз болады.

        Жасөспірімдік суицид – бұл жеке бастың трагедиясы ғана емес, бүкіл қоғамның ахуалы мен мәдениетінің айнасы. Бұл мәселенің алдын алу – тек психологтардың немесе мұғалімдердің ғана емес, бүкіл әлеуметтік жүйенің, соның ішінде отбасы, мектеп, ақпарат құралдары, мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық қоғам өкілдерінің ортақ жауапкершілігі.

Әрбір бала өз құндылығын сезініп өсуге, жан жылуына, сөзсіз қабылдауға, қолдауға мұқтаж. Суицидке алып келетін үнсіздік пен түсінбеушілік орнын ашық диалог, сенім мен жанашырлық алмастыруы қажет. Тек сол кезде ғана біз балаларымыздың болашағын қорғап қала аламыз.

Ақмарал  Байбосынова

                                                                                               психолог




ПІКІР ЖАЗУ