АБАЙ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ДАСТАНДЫҚ ДӘСТҮР
Дәстүрлі қазақ поэзиясында сюжеттік оқиғаларды арқау етіп, тарихи кезеңдердің шындығын биік көркемдік деңгейде, тартымды суреткерлік шеберлік аясында жинақтап көрсете алған эпикалық шығармалар молынан кездеседі. Поэзиямыздағы осынау арналы көркемдік ізденістердің арғы бастауларына назар аударатын болсақ, бірінші кезекте Абай поэзиясының көркемдік тағылымы, шеберлік мектебі ойға оралады.
Абай Құнанбаевтың халық басынан өткен белгілі тарихи кезеңдерді және осы кезеңдерде тағдыр кешкен немесе ел өміріндегі ірі-ірі оқиғаларға ұйытқы болған тарихи тұлғалардың өмірінен алынған сюжеттік желілерді арқау етіп отырып терең гуманистік, адамгершілік, азаматтық идеяларды көтеретін туындылары кейінгі қазақ поэзиясына да өзінің игі ықпалын тигізді. Абай жырлаған бұл тақырыптардың ішінде қазақ поэзиясының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан алтын арқауы – мәңгілік махаббат, жастар арасындағы сүйіспеншілік, отанды қорғау, туған жер үшін күресті бейнелеу идеялары да алдыңғы қатарға шығады. Айталық, ұлы ақынның «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» атты поэмалары осынау өзекті тақырыптарды бейнелеудің қазақ әдебиетіндегі озық үлгілері болып табылады.
Ақынның көркемдік қабылдауында Ескендір сияқты тарихи тұлғаның жеке тағдырынан бастау алатын сюжеттік желі өрби келе поэманың көркемдік шешіміне орай айырықша әсерлі, айырықша тартымды, тағылымдық, тәрбиелік маңызға ие болады. Яғни жеке тұлғаның өмірінен алынған тарихи оқиғалар шоғыры көркемдік дүниетаным, философиялық ой-толғамдар арнасында ақын үшін бүкіл адамзаттық идеяларды көтеруге мол мүмкіндіктер ашты.
Тарихи тұлға Ескендір патшаның қанқұмарлығы, тойымсыздығы, дүниеқоңыздығы сияқты жағымсыз қасиеттері шығарма арқауында үзбей жалғасып, бір-бірімен іштей сабақтасып отыратын сюжеттік оқиғалар арқылы оқырманға әсерлі жеткізіледі. Поэманың идеялық, көркемдік жаңалығы да алдымен осынау авторлық шешімдегі ақынның өзіндік толғаныстарынан нәр алады. Демек, Абай сомдаған көркем бейнелер тарихи кезеңдер шындығын авторлық идеяға сәйкес қайтара жаңғыртып, қайтара құбылтып, мүлдем жаңа мазмұндық аяда оқырманға ұсынуға болатындығын көркемдік тұрғыдан дәлелдеді.
Абай поэмаларының тарихи-танымдық маңызына қоса, әсіресе олардың эстетикалық әсерлігін айырықша атап өткеніміз жөн. Көркем шығарманың әсерлік күші туралы кезінде ұлтымыздың ұстазы, Алаштың ұлы перзенті Ахмет Байтұрсынұлының айтқан толғамды пікірі күні бүгінге дейін өзінің өткірлігін, өзектілігін бір елі де төмендеткен жоқ. Әдебиет теоретигінің: «Көркем әдебиетке деген көзқарасым: оның құндылығы сонда – нендей идеяны көтерген шығарма болмасын адам әлемінің сезіміне, жан дүниесіне қалай, қайтіп әсер ете алады дегеннен шығып жатады. Әсерге бөлей алса ғана ол – әдебиет. Ойтұжырым мәселесі екінші кезекте тұрғаны жөн. Ал адамды өз әлеміне баурай тартып еліктіріп әкетер күші жоқ шығарма әдебиет емес, идеология ғана деп ойлаймын», – деген түйіндеуі жалпы сөз өнеріне қойылатын биік талаптың айнымас өлшеміндей естіледі.
Ахмет Байтұрсынұлы айтқан осынау талап биігінен табылған, Абай негізін қалаған жаңашыл, мәңгілік құнарлы суреткерлік шеберлік мектебі жиырмасыншы ғасыр поэзиясында да келесі буын қаламгерлер шығармашылығы арқылы құнарлы арнаға, яғни жаңа көркемдік әдістерге жол ашты. Сондай үлгілердің бірін өткен ғасырымыздың айтулы ақындарының бірі, сан қырлы талант иесі, саңлақ өнерпаз Иса Байзақовтың шығармашылығынан да аңғарамыз.
Қазақ поэзиясында көркем бейне сомдау, осы мақсатта ақындық шеберлік шыңына көтерілу мәселелеріне арналған еңбектер аз емес. Әдебиеттану ғылымындағы осынау мәселені дәстүрімізді байытқан құнарлы тақырып десек те болады. Алдымен Абай дәстүрінде көркем бейне сомдаудың саңлақ үлгілерін қалдырған қалам қайраткерлері еске түседі. Классик қаламгерлеріміз Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқановтан бастап, кейінгі толқын ақын-жазушыларымызға дейінгі үлкен шоғырдың арасынан осынау дәстүрлі арнаға із салып, қалам тартпаған шығармашылық тұлғалар кемде-кем екен.
Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян», «Қорқыт», «Қойлыбайдың қобызы», Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау», Ілияс Жансүгіровтің «Күй», «Күйші», «Құлагер», Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш», алпысыншы жылдары дүниеге келген Қалижан Бекхожиннің «Ақсақ құлан», Хамит Ерғалиевтің «Құрманғазы», Жұбан Молдағалиевтің «Кісен ашқан» т.б. поэзиялық шығармалары әдебиетіміздегі тарихи тақырыпты, тарихи тұлғалар тағдырын бейнелеуді жаңа белеске көтерді. Осынау шығармалардағы тарихи тақырыпты меңгеру ерекшеліктері, сюжет құрудағы пішіндік ізденістер, тарихи тұлғаны даралаудағы көркемдік әдіс-тәсілдер Абай дәстүріндегі суреткерлік арналармен әр қырынан келіп сабақтасады.
Бұл туындылар ішкі көркемдік қуаты, халықтық сипаты жағынан да ұлы ақын шығармаларынан үлгі-өнеге алғанын, қазақ поэзиясында бұрыннан бар бай дәстүрлерді жаңа көркемдік сапалық деңгейде қайтара жаңғыртқанын таныта келді. Қазіргі қазақ поэзиясында да бұл өнер көші, құнарлы дәстүр тоқтап, толастаған жоқ.
Ал енді, поэзиямыздағы сондай көркемдік үлгілерді тудырған, қазақ әдебиетіндегі биік бәйтеректердің бірі, ақындық жаратылысы бөлек, тума дарын Иса Байзақов шығармашылығы дара көрінеді. Аса дарынды өнер иесінің басқа бір, өзі қатарлас өнер иесі туралы сөз толғауы, образ сомдауы, сол арқылы киелі қазақ өнерінің тұлғаларын әдебиетімізге көркем бейне ретінде қайтадан алып келуі әрқашан да оқырман ықыласына бөленіп отырған. Иса Байзақов қаламынан әр жылдары, әр кезеңде туған өнер туындылары да өз оқырманын оқшау көркемдік бояуымен, сирек кездесетін ұтымды теңеулерімен, сюжет тартымдылығымен оқырман назарын аударды.
Иса Байзақовтың әдебиетіміздің алтын қорына қосылған «Құралай сұлу» мен «Алтай аясында» атты поэмалары тарихи оқиғаларды көркемдік тұрғыдан жинақтаудың жаңа үлгілерін танытты. Бұл шығармаларына арынды ақын алдымен қазақ тағдырындағы айрықша орны бар ірі-ірі тарихи оқиғаларды арқау етеді. Халықтың бостандық, тәуелсіздік жолындағы мақсатты күресі алдыңғы қатарға шығады да, осынау оқиғалардың алдымен ел өміріндегі, жекелеген адамдар тағдырындағы әлеуметтік-рухани салмағына назар аударылады. Ақынның дүниетаным тереңдігі, тарихи көзқарасы, поэтикалық, көркемдік жинақтау әдіс-тәсілдері өзінің кең ауқымдылығымен, шынайылығымен оқырманын баурайды.
Ақындық диапазон, тарихи-деректік оқиғалар шоғыры автордың туған жер туралы идеяны және халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан батырлық рухын асқақтата жырлауға жол ашқан. Жаужүрек, батыр жігіт Келденнің қалмақтарға қарсы күресі мен Құралайдай сұлу да парасатты қазақ қызының тағдыры қатар өріле сюжет арқауын ширата түсетіндігі алдымен ақынның суреткерлік шеберлігінен бастау алады.
Қазақ жүрегінде «Есімханның ескі жолы» деген аңызға бергісіз қанатты сөз қалдырған, ел бірлігі, ұлттық мұрат жолында баға жеткісіз тарихи еңбек жасаған әйгілі Есім ханның заманында тағдыр кешкен, елінің жоғын жоқтаған, әділдігімен, турашылдығымен көпке жаққан Монтай бидің тұлғасы да поэманың құнарлы тұсы десек қателеспейміз.
«Құралай сұлу» поэмасында туған жерді қасық қаны қалғанша қорғай білетін батырлық болмыс пен адал махаббаттың жолында басын бәйгеге тігетін азамат тағдырының арасындағы рухани сабақтастық, жүрек қуаты қылаусыз поэзия тілінде сөйлейді. Автор осынау адам бойындағы ізгі қасиеттерді нақты көркем тұлғалар арқылы, олардың жан дүниесіндегі сезім толқындарын жарқырата аша отырып, оқырманына терең тебіреніспен жеткізеді. Жаугершілік замандағы қазақ тұрмысы, сол кезеңдердегі алмағайып тіршіліктің тарихи келбеті поэтикалық айшықты суреттермен боямасыз, шынайы түрде көз алдымызға келеді.
«Алтай аясында» атты поэмасы да – ақынның осынау ұлы идеясын басқа қырынан алып, оны ары қарай тереңдете түсетін туындысы. Бұл шығарманың да алтын арқауы – тәуелсіздік, бостандық, яғни еркін өмір жолындағы ер жүрек жандардың бойындағы күрес рухын, қажыр-қайратын құдіретті поэзия тілінде кестелеу болып табылады. Адал махаббат, шынайы сүйіспеншілік жолында басын бәйгеге тігетін, биік мақсат-мұратты армандайтын, осы жолда қандай да қауіп-қатерден тайсалмайтын қазақ жастарының тұлғасы типтік көркем бейнелер деңгейіне көтеріледі.
Поэманың орталық кейіпкерлері Балағаз бен Еркежанды өмірдің қиын өткелдеріне салатын автор сол кезеңдегі дала өмірінің сан қатпарлы тарихи-әлеуметтік шындығын жалаң алмайды. Керісінше кейіпкерлер тағдыры арқылы сан қатпарлы тарихи шындық көрініс табады. Оқиға желісінде әрқилы әлеуметтік топтар өз әрекетімен, өз мінез-құлқымен шынайы танылады.
Әлеуметтік күрес үстінде шыңдала түсетін қазақ жастарының сан қилы тағдыры, күрес жолдары қоғамдағы көпқатпарлы сюжеттік желілерге арқау болады. Әрқилы мақсатты көздеген, сол жолда жан беріспей тоқтамға келмейтін сандаған кейіпкерлердің рухани әлемін іштей ашып көрсетудегі ақын шеберлігі өзіндік сантүрлі көркемдік бояуымен көз тартады. Тарихи оқиғаларды қамтып көрсету, тұлғаның көркемдік қуатын аша түсетін іс-әрекеттерді бір желінің бойында шебер қиюластыру, табиғат суреттері, психологиялық иірімдер, барлығы түптеп келгенде ақынның суреткерлік шеберлігінің терең құнарынан бастау алып жатады.
Өлеңнің өткел бермес теңізіндей әсер қалдыратын арқалы ақынның өнер айдынында қалдырған қолтаңбасы қазақтың қай түпкірінде болмасын ауыздан ауызға аңыз болып тараған. Қанаты талмас қырандай парлаған ақынды барлығы бір рет көріп қалуға, бір рет үніне құлақ түруге асыққан. Осының бәрі кездейсоқтық емес, тума таланттың алдымен сүйегіне біткен, сонан соң сан ғасырлық тарихы бар халық шығармашылығының бай мұрасы нәр беріп, қанаттандырған асыл арналар болатын. Өнер жарысында ешкімге есе жібермеген, алқалы топтың алдында алмастай жарқырап, қырандай самғап өнер құдіретін танытқан ақынның шығармашылығы сондықтан да сан қырлы, сан қатпарлы болып келеді. Жоғарыда сөз болған туындылардағы тарихи оқиғалардың жанды тұлғалар арқылы жарқырап шығатындығы да алдымен ақын талантының осынау қасиеттерінен бастау алады.
Өнердің барлық жанрындағы классикалық үлгілеріне құлаш сермеген және солардың бірде-бірінде осалдық танытпаған төкпе ақынның барлық тақырыптағы туындылары төрт аяғынан тең тұрған дүниелер ретінде оқырман жүрегіне жол тапты. Оны қазақтың ең бір сүйікті, ардақты ақынына айналдырған дүниелері де осы мәңгі тозбас құдіретті поэзияның арқасы еді. Солардың ішінде, тағы да қайталап айтсақ, тарихи тақырыпты, әлеуметтік-рухани мәселелерді арқау еткен туындылары алыстан менмұндалап, айшықты көрінеді. Осылардың қатарында «Құралай сұлу», «Алтай аясында», «Ақбөпе» сынды поэмалары көркемдік талаптарының ең биік шыңына көтерілген туындылардың қатарына енді.
Ақын талантының тағы да бір қайталанбас қыры «Ақбөпе» поэмасындағы Ақбөпе тұлғасының көркемдік қуатымен сабақтас көрінеді.
Кім көрді көктің жерге құлағанын,
Кім көрді күннің жарық сұрағанын.
Кім көрді Ақбөпедей қыршын жастың,
Шомылып қанды азапқа жылағанын.
…Кім ұқты махаббатты Ақбөпедей,
Жүрегі жанулы тұр әлі сөнбей.
Аспанда ай, жұлдыз шашу шашар еді,
Егер де тірі жүрсе арманда өлмей.
Аруды Ақбөпедей ел жырлайды,
Бес кепе, бес арналы көл жырлайды.
Ертек қып, тауда қыран түзде тоты,
Ғашықтың өмірінен сыр жырлайды.
Халықтың қасиетін қанмен ұққан,
Бұл жырды мен жырламай кім жырлайды?
Мезгілсіз, мерекесіз өткендердің,
Жандары бізді де айт деп сыбырлайды, – деп басталатын дастанның тұтастай сюжетті желісі, ішкі композициялық құрылымы, кейіпкерлер жүйесі, барлығы жиналып келгенде бір идеяға тоғысады, бір мақсатқа қызмет етеді. Ол идея – мәңгілік махаббат идеясы.
Сүйіспеншіліктің биік тұғырынан бір елі шегінбейтін қазақ жастарының қайсар мінезін асқақтата жырлау мақсатын көздеген автор суреткерлік талғам мен көркемдік талаптың биік деңгейіне көтеріледі. Яғни адамгершіліктің, кісіліктің, азаматтықтың айнымас өлшемі – адал махаббатқа деген тұрақтылық екендігін ақын барлық шығармаларында өмір бойында жырлап өтті.
Сан ғасырларды көктей өтіп, бүгінгі күнге дейін тарихи маңызын, көркемдік құндылығын сақтап келе жатқан асыл мұрамыз халық ауыз әдебиеті, оның ішінде жыр үлгілері қазіргі қазақ әдебиетінің алтын қоры десек қателеспейміз. Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуұлы осынау халық мұрасынан нәр алған, соның інжу-маржандарын жастайынан жанына балап, жаттап өскен дарындарымыздың бірі.
Ақын Бұхарадағы «Көкелташ» медресесінде дәріс алған жылдары, кейінгі өнер иесі ретінде елге танылған кезеңдерінде де осынау жыршылық, дастандық өнерімізден бір сәтке де көз жазған жоқ. Осы бағытта талай әдеби-шығармашылық белестерден өтіп, шеберлік шыңдап, өмірінің соңғы кезеңінде шығыстың әйгілі туындысы Фирдоусидің «Шахнамесінің» сюжетін жырлады.
Осылайша Тұрмағамбет Ізтілеуұлының қазақ поэзиясының төріне көтерілген, қайталанбас атақты төл туындысы «Рүстем-Дастан» жыры дүниеге келді. Сыр бойында ежелден тамыр жайған ұлы даналық мектебі, жыр мектебі, сонау Алдашбай ахундардан, Ешнияз сал, Базар жырау, Кете Жүсіптерден басталатын ақындық ұстаздық мектеп Тұрмағамбет Ізтілеуұлы тұсында айрықша шарықтау биігіне көтерілді.
Осы жолда, Тұрмағамбет Ізтілеуұлының алдында қазақ әдебиетінің сонау б.з.д. VII-VI ғғ. басталатын дастандық, батырлық жыр үлгілері жатты. «Алып Ер Тоңға», «Шу батыр», «Еділ патша» туралы тарихи жыр-дастандарымыз сол ғасырларда дүниенің төрт бұрышын дүр сілкіндірген, алып империялар құрған ежелгі бабаларымыз сақтар мен ғұндардың ұлы жорықтары мен осы ұлы жорықтарды басқарған ұлы батырларымыздың ерлік істерін, қаһармандығын жырлау дәстүрінің негізін қалаған болатын.
Осы жерде тағы да Абай дәстүрі алдымыздан шығады. Абай дастандарынан әрине Тұрмағамбет те нәр алды.
Жалпы поэзиямыздағы осынау арналы көркемдік ізденістердің арғы бастауларына назар аударатын болсақ біздің заманымыздың V-VIII ғ.ғ. көне түркі ескерткіштерінен бастап, орта ғасырлардағы жәдігерлеріміз, кешегі ХIХ ғасырдағы – Абай поэзиясының көркемдік тағылымы, шеберлік мектебі ойға оралады.
Арыға бармай-ақ, өзіміздің ХVI ғасыр, 1530-жылдары, ұлы бабамыз, тарихшы, ақын Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Жаһан наме» атты әйгілі, шығыстық үлгідегі, ең бастысы түркілік дүниетаным биігінен ой толғайтын, даналық сөз айтатын классикалық, поэтикалық шығармасын дүниеге алып келгендігін айтсақ та болады.
Поэманың сюжеттік желісіне үнді ертегі, дастандарының бірі негіз болған сияқты. Автордың араб, парсы тілдерін жақсы білгендігін ескерсек, бұл ойдың негізділігі өзінен өзі түсінікті болар. Поэманың негізгі оқиға желісі 115-бәйіттен басталады да әрі қарай динамикалы түрде дами бастайды.
Ертеде Самин деген қалада Шаһсауар атты патша болыпты. Екі жүз жылға таяу ғұмыр кешіп, жеті ықылым елді бағындырған әмірші төрт құбыласы түгел боп, ұлыс пен уалайат, қазына мен байлықтан кемшілік көрмесе де бір перзентке зар болады.
Ұлы жоқтықтың отына күйіп, қайғы жалынына қақталып, қасіреттен қан жұтқан патша мазар-мазараттарды аралап, әулие-әнбиелерге сиына жүріп, бір Алладан перзент сұрап жалбарынады.
Ақыры патшаның дұға, мінажаты қабыл болып күндердің күнінде дүниеге ұл келеді. Оған Фируз шаһ деп ат қойылады. Шаһзада эпостар мен ертегілердегі сияқты тез өсіп, жас кезінде-ақ бар ғылымды меңгереді. Қолы боста аңға шығып, түлкі қуып, киік атады. Түндерінің көпшілігін ойын-сауық, көңіл көтерумен өткізеді. Қуанышты да шат өмір сөйтіп алаңсыз жалғаса береді. Дастан сюжеті осылай басталады. Ары қарай дастанның келесі тарауларында осынау сюжеттік фаубла тарам-тарам арналарға бастап, автордың тақырыптық-идеялық мақсатына сәйкес басқа да сандаған тарихи оқиғаларды қамтып, (ертегілік, аңыздық, қиял-ғажайып оқиғаларға табан тірей отырып) көркемдік шешім түйінін автор үлкен философиялық толғауларымен астастырады.
Дастанның тұтас, өне бойында ақын үнемі әрбір ірі-ірі тарихи оқиғаларға байланысты, немесе поэмада суреттелетіп әрі қарай өрбіп отыратын көркемдік-поэтикалық оқиғалар түйінінде терең де астарлы философиялық жинақтаулар жасайды. Абай үлгісіндегі адамзаттық құндылықтар мен әлемге ортақ гуманистік ұстанымдардың бұл дастандар да арқауы үзілмейді.
Әрбір идеялық-тақырыптық түйіндеулерін ой-парасат, иман-тағылым сабақтарымен қорытындылайды. Күллі әлемдегі игілік, байлық, қазына барлығы да бір Жаратқанның иелігінде деп ой түйеді.
Дастанның бас кейіпкері Фируз шахтың әкесі Шаһсауар патша мен анасы Жаһанбану патшайым тағдырынан тарата отырып тағдыр сыйы тек бір Алланың қолында екендігін пенделерге ұқтырады. Ұлынан айрылып, тауқымет кешкен, тағдыры тәлкекке түскен патшаның ең соңғы медет тілер тұсы ел, халық екендігін ақын астарлап жеткізеді. Арманына жету жолында әмірші елге, халқына рақымды бола түседі. Әділдіктің ақ жолын таңдайды. Жетім-жесірлерге, мұңды-мұқтаждарға көмек қолын созады.
Азапта, қамығуда отырған кінәсіз зындан тұтқындарына азаттық береді. Ендігі тағдырында тек қана рахымшылық, жақсылық, игілік, мейірбандықты таңдаған құдіретті әмірші қол астындағы күллі момындардың разылығын күтеді. Тазару жолы ханға да қараға да біреу, жалғыз. Ол Аллаға барар жол дегенді ұлы ойшыл, данышпан ақын тарихи шындық арқылы, философиялық-поэтикалық тілмен оқырманына әсерлі жеткізеді. Дастанның соңында өмірлік ғашығы, сүйген жары, жан сұлуы Перизат Назбойдан айрылған әмірші Фируз шах тағынан өзі бас тартып, тақуалық, дәруіштік жолға түсуге бел буады. Тағын тастап, алтын тәжден баз кешеді.
Поэманың соңғы бәйіттеріндегі:
Кімде кім Жаратушының ризалығын тілесе,
Болар халқының халінен хабардар.
Оның халін һәм Ол [Алла] біліп отырар,
Жұмып ашқанша көз, тілегін берер.
Бірақ адам көбінесе бейқамдықта ғой,
Тігіп көзін байлыққа азапта ғой.
Егер пендесі болса онымен [Жаратушымен],
Оған оның [Алланың] мейірім, жомарттығы көп болады, – деген жыр жолдары «Жаһан Наме» дастанының идеялық асыл өзегіндей, күллі поэманың ой-парасат қайнарындай әсер тастайды. Дастанның тақырыптық, идеялық, көркемдік түйінін де осы тұстан көреміз. Елдік мұраттарды, ел қамын өте биік қоятын ақын сан қилы сюжеттік желілерді бір арнада тоғыстырған. Түптің түбінде ақиқат жолы Алла жолына бастайтынына ақын сенеді.
Адам тағдырының қас-қағым сәттік өткіншілігі мен жалған тіршіліктің мәніне терең бойлайтын ақын поэтикалық метафора, айшықты ой, даналық толғамдар арқылы және басқа да дастан жанрына сыйымды, қиял-ғажайып оқиғаларға құрылатын құнарлы көркемдік әдіс-тәсілдерге иек арта отырып, поэзиялық жаратылысы бөлек, тағылымдық-тәрбиелік маңызы тереңге тартатын көп қырлы туынды келтіреді. Дастанның тарихи мәні де, тарихи тағылымы да осында. Осынау дастандық жырлау дәстүрі кейінгі әдебиетімізге де өзінің игі әсер-ықпалын тигізді.
ХIХ ғасырдағы Абай Құнанбаевтың, ХХ ғасырдағы Жамбыл, Шәкәрім, Иса Байзақовтың халық басынан өткен белгілі тарихи кезеңдерді және осы кезеңдерде тағдыр кешкен немесе ел өміріндегі ірі-ірі оқиғаларға ұйытқы болған тарихи тұлғалардың өмірінен алынған сюжеттік желілерді арқау ете отырып терең гуманистік, адамгершілік, азаматтық идеяларды көтеретін туындылары кейінгі қазақ поэзиясына да өзінің игі ықпалын тигізді. Осынау ақындар жырлаған бұл тақырыптардың ішінде қазақ поэзиясының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан алтын арқауы – мәңгілік махаббат, жастар арасындағы сүйіспеншілік, отанды қорғау, туған жер үшін күресті бейнелеу идеялары да алдыңғы қатарға шығады. Айталық, ұлы ақындар Абайдың «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» туындылары, Шәкәрімнің «Мұтылғанның өмірі» толғауы, Жамбылдың «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр», Мағауияның «Медғат-Қасым», «Абылай», «Еңлік-Кебек» атты дастандары осынау өзекті тақырыптарды бейнелеудің қазақ әдебиетіндегі озық үлгілері болып табылады.
Осынау шығыстық арнадағы, ең бастысы түркілік, исламдық дүниетаным тұрғысынан жырланатын дастандық үлгілердің озық түрлерін біз Тұрмағамбет Ізтілеуұлы шығармашылығынан да анық аңғарамыз. Тұрмағамбет Ізтілеуұлының жыршы, жырау, ақын ретіндегі бір ерекшелігі – өзі жырлаған шығармаларында біздің басты құндылығымыз ислам тақырыбын мол қамтып, осы арқылы дастандық үлгіде имандылық тақырыбын, пайғамбарлар өмірбаянынан таратып айтатын сюжеттік желілерді өнегелік және тағылымдық мақсатта көп жырлағандығы.
Даналық ой-толғамдар, фәни жалғанның қас-қағым сәттік өткіншілігі мен адам бойындағы алуан мінез құлықтың көріністері барлығы ой елегінен өтеді. Шайыр осынау тақырып, ой арналарының барлығын көркем тілмен, поэтикалық айшықтаулар арқылы оқырман жүрегіне әсерлі жеткізеді. Қазақ танымындағы таныс сюжеттер, таныс кейіпкерлер ақын дүниетанымы арқылы жаңаша жинақтық мәнге ие болатындықтан олар өзінің көркемдік құндылығын тереңдете түседі. Поэтикалық әсері де осы арқылы жаңаша пайымдалады.
Айталық ақынның: «Жасыл құс», «Хабибулла мен Аллаяр», «Мухаммед туралы», «Мәрді диқан хикаясы», «Соқыр мен ақсақ», «Қойшы хикаясы», «Ескендір хикаясы», «Лұқман баласының хикаясы» т.б. дастандық үлгіге жақын, хикаялық сюжеттерді арқау еткен, көлемі жағынан қысқа-қысқа туындыларында дін тарихынан, пайғамбарлар өмірінен тарата отырып өмірдегі ізгілік жолына бастайтын адам бойындағы жақсы қасиеттерді уағыздайды, үлгі етеді. Жауыздық пен жамандық, өтірік пен өсек, жала мен пәле, ұрлық пен сұмдық сияқты адамзатты аздыратын, жарға жығатын мінез-құлықытарды, нақты өмір көріністерін нақты кейіпкерлер әрекеті арқылы әшкерелеп отырады.
«Жасыл құс» хикаясында Ұлы Жаратушының, Алла тағаланың өн бойындағы барлық ізгі қасиеттер марапатталады. Әлемдегі күллі жақсылық, игілік көзі Алланың қолында екендігі айтылады. Күллі әлемді өз нұрынан жаратушы құдіреттің адамнан бастап, жер бетінде тіршілік ететін барлық тірі мақұлықтарға бірдей тиесілі ризығын тауып беретіні айтыла келіп, бұл жалғанда ешбір өзгеріс, қозғалыс, жаңғыру Алланың рақымынсыз жүзеге аспайтындығы көрсетіледі.
Сюжет арқауында айтылатын алып балық Үт пен Жасыл құстың бұл тіршілікте алатын орны, бір-бірімен байланысы, сабақтастығы әлемдік бірлік, жаһандық тұтастық идеясы тұрғысынан тұжырымдалады. Осының барлығын бір Алланың құдіреті ұстап тұратындығы айтылады. Дүниеде мақсатсыз жаратылған тіршілік иесі болмайды деген идея бой көтереді. Ақынның исламдық дүниетанымы да, жалпы адамзаттық құндылықтарға деген көзқарасы да осы идеялар арқылы көрініс табады.
Таза дін тақырыбы, яғни пайғамбарлар өмірінен сюжет тарқатып, оқиғалар құраудың тағылымдық, тәрбиелік астарына үңілетін ақынның осы мақсаттағы туындыларынан «Сүлеймен хикаясы», «Самұрық хикаясы» атты екі дастанын бөле-жара қараған орынды.
«Сүлеймен хикаясы» дастаны өзіміздің аңыз-әпсаналарымызда, ертегілік, хикаялық жыр-дастандарымызда жиірек суреттеліп, кеңірек сөз болып келе жатқан Сүлеймен пайғамбардың өмірбаянынан алынған көне деректердің бірін арқау еткен. Әлемдегі жанды-жансыз атаулының барлығының тілін білген пайғамбарымыздың ел ішінде ежелден аңызға айналған бір тағылымды оқиға желісі тұтас дастанның тақырыптық, идеялық арқауын көтеріп тұр.
Дастанда алдымен сабыр мен ақыл, даналық марапатталады. Ілім мен білім, көрегендік, тапқырлық адам баласын ізгілікке бастайтындығы айтылады. Дәуіт пайғамбар осыларды уағыздайды. Тұрмағамбет ақынның осынау сюжетті таңдауының өзінде үлкен сыр бар. Күллі тіршілік заңын, әлем жаратылысын түсінуге шақырады. Адамның ізгі мақсаты осы деген идеяны алға тартады.
Ал, «Самұрық хикаясы» дастанында Алланың пешенеге жазған тағдыр бұйрығынан асып, ешбір пенде тіршілік ете алмайды. Ақын өз дастанында «Адамның тағдыры бір жаратқанның иелігіндегі дүние» деген идеяны насихаттау мақсатын көздеген.
«Сүлейменнің заманында бір Самұрық Тәңір жазған тағдырды бұзу қолымнан келеді деп мақтанады. Сонда Жәбірейіл періште келіп: «Батыста бір қыз, шығыста бір ұл дүниеге келді. Тағдырдың жазуы бойынша екеуінен некелеспей бір ұл туады. Қолыңнан келсе, сол екеуіне кедергі жасап көр», – дейді. Самұрық келісіп, қызды ұрлап алып бір аралда бәйтеректің басына ұя салып асырайды. Шығыстағы ұл есейіп, патша болып, теңізде саяхат құрып жүргенде дауыл тұрып, кемелері ығып қыз тұратын аралға келеді.
Екі жас кездесіп, Самұрық жоқта көңілдері жарасқан екі жас қосылып, ақыры қыз бала көтереді. Жәбірейілден мұны естіген Сүлеймен Самұрыққа қызды алып келуін сұрайды. Ештеңеден бейхабар Самұрық аралға келгенде жігіт сандыққа жасырынып қалады. Құс қызды сандыққа салып алып келе жатқанда қыз босанып, ұлды болады. Сүлейменнің алдына келіп сандықты ашқанда жігіт пен жас нәрестені көрген Самұрық тағдыр жазуын бұзамын деп күпірлік еткеніне ұялып ұша жөнеледі.
Тағдыр жазуын болдырмаймын деп, жанталаса әрекет жасаған Самұрық мақсатына жете алмай, енді өзі де тағдыр жолына бой ұсынады. Алланың дегенін мойындайды. Осынау сюжеттің өзін ақын көркем тілмен кестелейді. Аңыздық оқиғаның астарынан мәңгілік ақиқаттың сырын аңғарады. Соны оқырманға айшықты тілмен, терең де тартымды ой орамдарымен әсерлі жеткізеді.
Түйіндей айтқанда, Тұрмағамбет Ізтілеуұлының дастан, хикаяларының өн бойынан сан ғасырлар бойында арқауы үзілмеген Шығыс шайырларының жырлап өткен мәңгілік идеясы – Ұлы Жаратушыға деген сүйіспеншілік, Ұлы Жаратушыға жақындай түсу идеясы, Алланың болмысынан тарайтын күллі жақсылық, ізгілік атаулыға ұмтылу идеясы самал желдей есіп, жаныңа нұр құяды.
Алланың дидары ақын дастандарында мәңгілік ақиқат жолына бастайтын шамшырақтай биіктей береді. Шайыр әр алуан тақырыпты, яғни адам бойындағы әрқилы қылық-мінез, іс-әрекет жайын астарлы оймен қабыстыра, сабақтастыра өріп отырып түптің-түбінде өзінің басты ақындық мұраты, дүниетанымдық тірегі, темірқазық нысанасы – адамгершілікті, иман байлығын, кісілік сабағын уағыздаудан бір елі ауытқымай өтті.
«Мәрді диқан» дастанындағы:
Тіл – тілмаш, ақыл – уәзір, кеуіл – сұлтан,
Нәпсі – тақ, кеуде – сарай, жығасы – жан!
Қол – жендет, көз – қарауыл, құлақ – тыңшы,
Аяқ – құл, мұрын – дәрігер, шырақ – иман.
Еге етіп, осылардың барлығын,
Бізге көп ихсан қылды Кәрім Маннан.
Мал, перзент, бақ, дәреже, өнер, ғылым,
Беріп тұр наз-нығмет неше мың сан.
Шүкірін осылардың өтемекке,
Уа, дарих, ойласаңшы біздер надан!
Үміт көп, қанша айтқанмен, өмір қысқа,
Баянсыз бір күн өтер фәни жиһан, – деген жолдарда Тұрмағамбет Ізтілеуұлының даналық ойлары бір кездері бес ғасыр бойында қазақ жыраулары жырлағандай адам өмірінің күллі мән-мағынасы, философиялық түйіні қайтара бой көтереді.
Фәнидің жалғандығы, пенде өмірінің қас-қағым сәттік қысқалығы, тақ пен тәж, байлық пен мансап, барлығы-барлығы жиылып келгенде адамның тәуба жолындағы бір қадамынан басталатындығы, бұл тіршілікте иман мен ұятты, ар мен намысты биік ұстаған жанның ғана кәміл екендігі айтылады. «Еге етті адамды Алла бұл қапасқа, Өзгеден ізгілігі, артығы үшін», – деп ойын түйіндейді кемеңгер ақын.
Тұрмағамбет Ізтілеуұлы ғұлама, ойшыл ретінде алдымен адам бойындағы ұлы, ізгі қасиеттерді көре білді. Аса дарынды ақынның осы сарындас, осы арнадағы ой-толғамдары, даналық сөздері аңғарған адамға оның барлық шығармашылығынан атойлап көрінеді. Әсіресе, біз жоғарыда сөз еткен мысал, хикаят, дастан жанрындағы туындылары даналық ойдың мәйегіндей әсер тастайды.
Сондықтан да Тұрмағамбет Ізтілеуұлы өз шығармалары арқылы қазақ поэзиясындағы, жалпы түркілік поэзиядағы сан ғасырлар бойында жасап келе жатқан, ең бір жасампаз, дәстүрлі, қазақ оқырманының көркемдік қабылдауына етене жақын, қазақтың қара өлеңіндей құлаққа үйреншікті, сіңісті жанрлық түр – дастандық жырларымыздың өресін жаңа биікке көтерді. Тақырыптық ауқымын кеңейтті.
Ақындық дүниетаным кеңістігін, көркемдік жинақтау айдынын жаңа өрістерге бастады. Ең бастысы батырлық, қаһармандық рухтағы, дәстүрлі, сан ғасырлар бойында шыңдала, қырлана түскен шығыстық, түркілік дастандарымыздың қатарына Тұрмағамбет ақынның қаламы танымдық-тағылымдық мәні терең діни-философиялық, сюжеттік дастандарымызды алып келді.
Өзінің «Назым» атты әйгілі толғауында:
«Әр түрлі хикая мен дастандардың,
Ширатқан шым жібектен көгені едім.
Тай түгіл, түйе етіне толмайтұғын,
Шаһналық шаммен қайнар шөген едім.
Ат-есімім Тұрмағамбет, асылым – Алшын,
Баласы Байсарының Шөмен едім», – деп жырлаған ақынның қолымызда қалған осынау бай мұрасының ендігі жерде бағасына жетіп, көркемдік құндылығын елеп, екшеп, қалың қазақ оқырманына жеткізу бізге парыз.
Жоғарыда өзіміз сөз еткен бірнеше қазақ ақындары мен шайырларының қаламынан туған құнарлы дастандардың әлі де әдебиетіміздің асыл мұрасындай жарқырай түсіп, талай ғасырларға ұласатын осынау қымбат туындылар бүгін, тәуелсіздігіміз елімізге қайта оралған тұсымызда қайтара бой көтергендігі, қайтара жарық көріп бүгінгі ұрпақтың да рухани қазынасына айналуы қуантады.
Хакім Абай бастап берген, үлкен арна салған дастандық дәстүрі, яғни ұлы ақынның ендігі мәңгі құнын жоғалтпайтын поэзиясы – өнер туындылары елімен, халқымен бірге сан ғасырлар белесіне асатынына сеніміміз кәміл. Абайдың дастандық дәстүрі әсіресе жиырмасыншы ғасыр әдебиетіне, оның ішінде қазақ поэзиясына жасаған әсер-ықпалы, бағыт-бағдар беруі бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелерінің бірі болып қала береді.
Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,
Абай институтының жетекші
ғылыми қызметкері,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері