АБАЙ – ӘЛЕМ ХАЛҚЫМЕН БІРГЕ ЖАСАЙ БЕРЕТІН ТҰЛҒА

Арай Қанапияқызы Жүндібаева – қазіргі қазақ ғылымындағы тегеурінді буынның өкілі, абайтану бағытында тың серпін әкеліп жүрген зерделі, белгілі әдебиет зерттеушісі. «Болашақ» халықаралық бағдарламасының степендиясы иегері (АҚШ), Швейцария жоғары мектебінің түлегі. Қазақ тілі мен әдебиеті бойынша философия (PhD) докторы (Қазақстан-Түркия). «ЖОО-2020» грантының иегері.

Ол Абай мұрасын тек әдебиет аясында ғана емес, кең ғылыми-философиялық, рухани-когнитивтік кеңістікте қарастырып келеді. Ғалым Абай шығармаларындағы таным, адам, болмыс мәселелерін қазіргі ғылыммен сабақтастыра отырып, жаңаша пайымдауға ұмтылады.

Арай Жүндібаеваның ғылыми ізденістері – ұлттық руханият пен заман талабын тоғыстырған маңызды қадам.

Осы орайда біз Арай Қанапияқызымен Абай дүниетанымының терең иірімдері, қазіргі Абайтану ғылымының ахуалы және адамзаттық құндылықтар жайында сұхбат құрған едік.

Арай ЖҮНДІБАЕВА, философия ғылымдарының докторы (PhD), қауымдастырылған профессор:

    Арай Қанапияқызы, сіз үшін Абай кім? Ақын ба, ғалым ба, әлде өз дәуірінен озық туған ерекше рух иесі ме? Жеке өз танымыңызда Абай қандай бейнеде көрінеді?

–   Абай – ең біріншіден, ақын. Қазақтың жазба әдебиетінің өкілі. Ақын болу – бұл жаратқанның сыйы. Рух иесі деп айтуымыз үшін біз рух ұғымын жете талдай алуымыз қажет. Ал Жаратқанның өзі рухтың сырын құпия сақтады. Рух – жаратылыс. Оның жаратылысы адамзат баласына беймәлім. Ол өз дәуірінен озық туған ойшыл.

Абайдың өз дәуірінен оза туған ойшыл екендігіне шығармашылық лабораториясы жауап береді.

Кеңірек тоқталайық:

«Әдебиеттану терминдері» сөздігінде «ақын» деген сөзге анықтама былай беріледі. Ақын дегеніміз поэзия туындыларын жазатын немесе ауызша шығаратын өнер иесі. Абайдың ақындық лабораториясының жанрлық ауқымы өте кең.

Абай ең алдымен, лирик. Абайдың шығармашылығын жете зерттей отырып, табиғат лирикасы, махаббат лирикасы, әлеуметтік лирика, көңіл-күй лирикасы, азаматтық лирика сынды лириканың өзінің сан тарауын кездестіреміз.

Абай – поэма жанрының шебері. «Ескендір», «Әзім әңгімесі», «Масғұт» поэмаларында баяндалатын оқиғалар кеңдігімен қоса, мұнда ақын тілінің шұрайлы екендігі көрінеді.

Ақынның өзі жырлайтындай:

Фзули, Шәмси, Сәйхали,

Науаи, Сағди, Фирдауси,

Хожа Хафиз – бу һәммәси

Мәдәт бер, я шағири фәрияд.

Яғни, мұнда «шағири» ақын деген мағынаны білдірсе, «фәрияд» – «теңдесі жоқ, асыл» деп түсінік беріледі. Абайдың шығармалары – өз дәуіріндегі ақын ойының жемісін көрсететін жазбалар.

Мысалы, Қайта өрлеу дәуірінің өкілі, әрі ақын, әрі теоретик Данте Алигьери жазбалар туралы төрт мағынаны қамту керектігін айтады. Біріншіден, жазбалардың түсінікті тілде жазылуы; екіншіден, аллегориялық мағынадағы ауыспалы түрінің болуы (бұл Абай шығармаларында бар); үшіншіден, ғибраттық мағынасының болуы; төртіншіден, аналогтік, яғни сезімнен тыс шабыт деген мағынаға саяды. Теориялық тұрғыдан, осы аталғандардың төртеуіне де Абайдың поэзиясының мазмұны жауап бере алады.

ХІХ ғасырға дейінгі әдебиет теоретиктерінде егер әдебиетте ақыл-ойды дамыта алатын шығарма болса, бұл адамзаттың білім алуына қызмет етеді деген идея пайда болды. Аталған идея күні бүгінге дейін өміршең. Абай поэзиясы да – өміршең. Біздің пайымымыз: Абай – ақын, теңдессіз ақын деген пікірді ұстанады. Озық туған ақыл-ойдың иесі. Жаратылыстың адамзат баласына берген сыйы. Яғни, өлшеусіз білім иесі, онтологиялық гносеология шебері. Бұл ғалым деген мағынадан да терең деп есептей аламыз.

Абайды шын терең түсіну үшін бүгінгі зерттеушілерге не жетіспей жатыр деп ойлайсыз? Әдеби-көркем талдаудан арылып, оны нағыз ғылыми деңгейде зерттеудің қандай жолдары бар?

   Жоғарыда атап өткеніміздей, Абай – онтологиялық гносеология шебері. Ал оның тереңдігін зерттеуге әркім өз жолымен келеді. Абай шығармаларын әдеби-көркем талдаулар шын мәнінде, шет тілдерін айтпағанда, қазақ тілінде де аз деуге болады.

Абай шығармаларының текстологиясы, Абайдың ақын шәкірттері, шығармаларының жазылу тарихы туралы теңдессіз тер төккен ғалым – ол абайтанушы Қайым Мұхамедханов.

Абайды әркім талдауға құқы бар. Дегенмен әр зерттеушінің көзқарасы, білімі, ортасы сол өз зерттеуіне әсер етпей қоймайды.

Абайды әр адам біледі. Мысалы, балабақшадағы кішкентай балдырған Абайды «Абай атам» дейді. Өз хал-қадірінше өлеңдерін жаттайды. Демек, оның да Абайды тануға деген ізденісінің алғашқы баспалдағы басталды деген сөз.

Ғаламда әрбір адамның өзіндік орны бар. Адам өз мақсатына еңбекпен, сол еңбектерді өзгелердің дұрыс бағалауымен, сонымен бірге, өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді. Абайды тану да әрбір зерттеушінің өзінің мақсатына сай ашыла түседі. Осы тұрғыдан келсек, Абай он тоғызыншы қара сөзінде: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды» дейді. Демек, ойшылдың шығармасын зерттеу әркімнің пайымы мен түсінігіне байланысты.

Бүгінгі жаңа генерацияға айтарымыз: Абайды, абайтануды зерттеуде төмендегілерді білсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Біріншіден, Абай қолжазбаларын оқи алуы – бұл текстологиясына баруға жол ашады.

Екінші, б.з.д. көне грек ойшылдарынан бастап, түркі дәуіріндегі ойшылдардың шығармалары мен еңбектерін түсініп оқи алуы;

Үшінші, әдеби-теориялық түсініктерінің болуы, талдай алуы;

Төртінші, бірнеше тілді меңгеруі – бұл ойшылдар еңбектерін түпнұсқадан немесе жетік аударылған тілдерден оқуына мүмкіндік береді.

Тағы қосарымыз: Абай аудармаларының ақынның айтар ойының мағынасынан ауытқымауы.

Өткенде интернеттен Абайдың бір аудармасын кездестірдім. «Көзімнің қарасы» өлеңін былай аударған екен.

Black of my eye (ақын бұл жерде көздің қара екендігін жырлап отырған жоқ, «көзімнің ағы мен қарасындай» деп тұр, ал аудармада «көзімнің қарасы» деп аудармашы нақты аударғанмен, ақын айтып отырған көзімнің ағы мен қарасындайдағы мағынаны беріп тұрған жоқ). Аударманың ары қарай жалғасын көрсек,

Frame of my mind

Drink never dry

Love of my Life,

Parting is winter, your absence is sorrow

I wish to stay until the morrow

Between your fair arms

when the nightingale sings, «Terrow», – деп аударылған екен. Демек, бұл аударма «To carry a torch for someone» де толық көрсете алып тұрған жоқ. Ал дәл осы ағылшын тіліндегі аударманы мысалға ала отырып, ары қарай белгілі бір салада талдаған зерттеуші Абайды толық, сан қырынан таныта ала ма? Ойланарлық жағдай.

Сонымен қатар, өзінің мамандығына сай, бағытына сәйкес әдеби, тілдік, когнитивті, тарихи, педагогикалық, экономикалық, құқықтық, саяси, әлеуметтік, жаратылыстану т.б. бағыттарда салалық талдай алуы мүмкіндіктеріне ие болуға іздену. Абайтанудың қай саласын таңдаса да, ол ғылым жолындағы қиын әрі көңілге таза ой қосатын сала деп қабылдай білуі тиіс деп есептейміз. Бір зерттеуге жылдар да кететінін естен шығармағаны абзал.

Шәкәрімнің:

… Қабағыңды аш, қайғырма,

Берілгенге разы бол.

Анық ойдан айрылма,

Ашылған жоқ еркін жол.

Бақтың гүлі күлсе де,

Уәде берді демеңдер,

Гүл соларын білсе де,

Кейімейді кемеңгер, – дегеніндей, Абай зерттеуге мұқтаж емес. Керісінше, Абайды зерттеуге біз мұқтажбыз.

Бұл қазақтың мақсұты биік – алыс,

Тап басатын сөзіне құлақ салыс.

«Қазақ» деп жекелеме, «адамзат» де,

Ол кісінің пікірімен болсаң таныс.

Демеңіз тымақ киген бір жай қазақ,

Киген киім, жүрісі, түріне қарап.

Надандар оны өлшейтін өлшеуің жоқ

Аулақ жүр, біле алмайсың жай шамалап! – деп Сұлтанмахмұт жырлағандай, Абайға әркім өз шамасымен келеді.

Абайдағы «жан» түсінігі мен бүгінгі нейробиология немесе кванттық сана теориясы арасында үндестік бар деп ойлайсыз ба?

   Жан – терең ұғым. Шәкәрім «жан» мен «рух» туралы: «Дененің арасы – сезімнің орта тұрағы, центрі – мида, ол тоқтаса, бәрі де тоқтайды. Сол мидағы орта тұрақпен мұқым денелер сезетін, қимылдататын тамыр-сіңірлерге тұтастыратын бір жалғастық бар. Сондықтан жан деген бөлек нәрсе жоқ. Егер жан болса, ми жан болар еді… Адамның «сезімім», «өмірім» деп жүргені ол миға біткен сезу, әсерленудің жаңаруы, әрбір жаңаны сезуі ғана» дейді. Бүгінгі нейробиологияны Шәкәрім осылай сипаттаған. Ал Абайдың жанды, рухты сипаттауы тіпті терең:

Өлсе өлер, табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.

«Мені» мен «менікінің» айрылғанын,

«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес, – деп жырлайды.

Жүсіпбек Аймауытовтың «Психологиясында» (Геруциден алынған) «Жан» туралы: «Аристотель: «Адамда тіршілік етуші жан бар, ойлаушы ақылы және бар» дейді.

Демек Абайдың өзі:

«Ақыл мен жан мен өзім, тән – менікі,

«Мені» мен «менікінің» мағынасы екі.

«Мен» өлмекке тағдыр жоқ, әуел бастан,

«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі, – дейді. Ақыл мен жан – мидың санадағы кескіндерді қорытуы болса, нейробиологиялық аспектіде қарастырсақ та, Абай санасы – кең.

Доктор Джо Диспензаның «Развивай свой мозг: Как перенастроить разум и реализовать собственный потенциал» еңбегінде жазылғандай: «Нейробиологиядағы кейінгі зерттеулер біз миымызды ойлау арқылы өзгерте алатынымызды көрсетеді».

Бүгінгі таңда ойлы, машықты белгілі бір әрекеттер – бұл мида жаңа талшықтардың пайда болуына жол ашатын нақты әдіс. Ал осы нейробиологияны Абай өзінің әрекеті арқылы көрсетіп отырған жоқ па? Күнделікті ақыл-ой санасын машықтандыру арқылы (мысалы, кітап оқуға жұмылдыру арқылы) оның ой-санасы Шыңғыстау бөктерінде отырып-ақ, Жер шарын, дүние әлемді кезіп кетті.

Мидағы нейробейімділік, өзгеріс пен эволюция туралы белгілі философ Конрад Лоренц: «Әрбір мутация (яғни, өзгеріс) организмге қоршаған орта жағдайларына бейімделу қабілетін беретін генетикалық факторлардың жаңа комбинациясы арқылы, қоршаған орта туралы жаңа ақпараттың осы органикалық жүйеге енгенін көрсетеді. Бейімделу – бұл негізінен когнитивті (танымдық) процесс» дейді.

«Адамгершілікті өлтіру» туралы еңбегінде терең пікірлерін жан-жақты талдаған Конрад Лоренц пікірін Абай бір ауыз өлеңге сыйдыра білген:

Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?

Баяғы күш, баяғы түсің бар ма?

Алды үміт, арты өкініш алдамшы өмір,

Желігін жерге тықпас кісің бар ма?!

Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма?

Бір бес күннің орны жоқ аптығарға.

Қай қызығы татиды қу өмірдің

Татуды араз, жақынды жат қыларға?

Ет жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін,

Тіл үйренген нәпсінің қу мінезін.

Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма,

Шымылдық боп көрсетпес шынның жүзін.

Дене де, ми да жылдар өткен сайын өзгеріп тұрады. Абайдың өмір жолы солай өрбіген. Мысалы, жас Абай әжесінің ертегісін елітіп тыңдайтын ойқұмар бала ретінде суреттелсе, жігіт Абайды жаңалыққа жаны құмар жалынды жас ретінде көреміз. Ал орта жастан асқан Абайды ойшыл, сана биігіндегі адам ретінде білеміз.

Осыдан біраз жыл бұрын еврей ғалымы Роя Тцезаның «Болашаққа бағдар» кітабын аударған едім. Бұл кітапта адам миының шексіз қабілеті сансыз жаңа технологиялардың жаңа өнімдерді шығаруға септігін тигізуінен көрінеді. Абайдың сөз өрнегінің құдіреті де жаңа рухани өнім тудыра білуінде.

2019 жылы мен Швейцарияның Берн қаласындағы әйгілі физик Альберт Энштейннің тұрған үйінде және соған арналып ашылған музейінде арнайы болдым. Қатты әсер қалдырды. Мектеп қабырғасында өзімнің әкем (әкем физик-математик болған еді) үйреткен теорияның нағыз авторының тұрағын көзбен көргендегі әсерімді жеткізе алмаймын. Сонымен қатар, Америкада оқығанымда Нью-Джерсидегі Эйнштейн тұрған мекен-жайға арнайы ат басын бұру мүмкіндігі мол болғанымен ол жер жөндеу жұмыстарына байланысты жабық тұрды. Әйтсе де, Энштейн теориясының екінші пастулатында аталатындай: жарық жылдамдығы вакуумде жарық көзінің қозғалысына тәуелсіз және барлық бағыттарда да бірдей болады деген тоқтамы маған аталған пастулатты гуманитариямен, оның ішінде Абай поэзиясымен салыстыра зерттеу мүмкіндігін тудырды.

Роджер Пенроуздың «The Emperor’s New Mind: Concerning Computers, Minds and The Laws of Physics» кітабында патшаның келеңсіздіктерді елемеуді әдет тұтса, Абай да қоршаған ортасы мен заман ырғағынан басқа машық тауып, ой күзетті деп айта аламыз. Демек, өзіңіз сауал етіп отырған Абайдағы «жан» түсінігі мен бүгінгі нейробиология немесе кванттық сана теориясы арасында тығыз үндестік бар.

Абайдың «толық адам» концепциясын қазіргі ғылым тұрғысынан қалай талдауға болады?

– Абайдың «толық адам» концепциясы, өзіңіз айтып отырғандай, концепция ұғымына сай келгендіктен оны бір қалыпқа салу қиын.

«Толық адам ұғымы деген не?» деп сызбаға салып беруді ұсынсақ, мұны экономист басқа қырынан, бала күтіміндегі ана басқа қырынан, балабақшадағы сәби, мектеп партасындағы оқушы, ғалым, жұмысшы, дәрігер және т.с.с. сан маман иесі, жасына, қоршаған ортасына қарай әр қырынан көреді.

Ғылыми тұрғыдан, бұған көмек ретінде «Интеллект карта» әдісін ұсына аламыз.

Тони Бьюзеннің «Интеллект картасы» әдістемесі когниивтік жағынан Абай өлеңдерін сызбаға түсіре отырып, талдауға жол ашады.

Ақыл, қайрат, жүрек бір-бірімен тығыз байланыста болғанда, кез келген іс, қарекет өз шешімін оң табады. «Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады», –дейді ол. Демек, толық адам болу концепциясын тіпті Идриз Зогайдың адамның есте сақтауын дамытатын арнайы әдістемесіне де салып талдауымызға болады.

Демек, Абайды тек ұлы ақын емес, эпистемологиялық революция жасаған ойшыл, қазақтың таным жүйесіне өзгеріс әкелген, жаңа ойлау моделін ұсынған тұлға ретінде қарастыруға болады ғой?

– Эпистемология – нені тануға болатынын және оны қалай тану керектігін зерттесе, Абай өзі жырлағандай, Жаратқаннан бастап, жаратылысты жете жырлаған ақын деп есептейміз.

Қазақ – халық. Ол сол өз халқының өзінен кейінгі жаңа буынының, болашағының ойлануына оң өзгеріс әкелген ақын. Оның моделі – ең алдымен, қара сөздері.

Ол қара сөздерінде сынай отырып, жақсы болуға жол көрсетеді. Өлеңдерінде қоршаған орта, әлем, адамзат, болмыс, әлеуметтік жағдай және т.б. кез келген жайт егжей-тегжейлі суреттеледі. Поэмаларында өмір бар. Рухани азық бар. Ол уақытқа бөлінбейді. Арнайы белгілі бір буын өкілдеріне арналып жазылмаған. Халықтың тұтас буынына арналғандай.

Бұл – Абайдың оқиғаны менталитетке лайықтап беру жолындағы әлемдік биік жетістігі. Абайдың жаңа модель жасау шебері деп тануымызға бұл да бір себеп.

Ұлы ақынның «Өзіңе есеп бер, өзіңді таны» деген ойын қазіргі ғылымдағы рефлексия, метатану ұғымдарымен байланыстыра аламыз ба? Қазақ дүниетанымында мұндай ішкі байыптау бар ма еді бұрыннан?

–   Иә. Абай он бесінші қара сөзінде: «…Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» дейді. Абайды зерттеуге қадам басқан адам өз-өзіне есеп беруі тиіс. Бұл «рефлексия», «метатану» ұғымдарымен тығыз байланысты.

Адамның өзге тіршілік иелерінен өзгешелігі де осында. Бұл қазақ дүниетанымында ежелден бар. Мысалы, «Күлтегін» жырының сюжетінің өзі оның он алты жасынан бастап, қырық жеті жасына дейінгі ерлігін сипаттайтын ғұмырлық есебі тәріздес.

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек.

Жеке-жеке біреуін жарытпайды,

Жол да жоқ, жарыместі «жақсы» демек,

Ақыл да, ашу да, күлкі де жоқ,

Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.

Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,

Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек, – дейді ол.

Абай Құнанбайұлының «метатануы» – бұл ежелгі ойшылдардан бастап, өз заманының озық ойлыларының шығармаларын өзі танып, оқуға деген ұмтылысынан анық көрінеді.

Абайдың «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста…» деген үштаған формуласы қазіргі тұлғалық дамудың қандай моделіне ұқсайды? Бұл тұжырымды ғылыми түрде негіздеуге бола ма?

– «Қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді. Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы», – деп Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында атап көрсеткеніндей, интеллектуалды ұлт болып қалыптасу идеясы да Абайда өз жалғасын табады.

Мемлекеттің экономикасы дамып, дамыған елдердің сапында тұру үшін ғылымды, технологияны, экономиканы үздіксіз дамытып отыруымыз керек. Дегенмен гуманитарлық саланы, қоғамдық ғылымдарды дамытуды әлсіретіп алуға болмайды.

Мысалы, қазір технологияны дамыту қандай маңызды болса, сол технологиямен жұмыс істейтін адамдардың жан дүниесінің руханиятының тереңдігін дамыту да соғұрлым маңызды.

Технологияға ерекше көңіл бөліп, қоғамдық ғылымдар кенжелеп қалған Еуропаның кейбір дамыған елдерінде адамдар өзгеріп, отбасылық құндылықтар құлдырап жатыр. Біржыныстылар көбейіп келеді. Мұндай елдердің демографиясы шетелден келіп, азаматтық алатын адамдармен, босқындармен толығып жатыр.

Гуманитарияны дамытамыз деп, технологияны ысырып тастауға болмайды. Технологияны дамыту жолында адамдарды тәрбиелеуді, адамгершілік қасиетті әлсіретіп алсақ, жан-дүниесі темір адамдарды, роботтарды дайындап шығарамыз.

Сондықтан нақты ғылымдар мен қоғамдық ғылымдарды құстың қос қанатындай қатар дамытуымыз қажет. Қорыта айтсақ, тұлғалық дамудағы интеллектуалды ұлт қалыптастыру жолында жоғарыда аталған үш тұғырды ғылыми тұрғыдан негіздеуге болады деп ойлаймыз.

Арай Қанапияқызы, Абайдың даналығы – тек қазаққа емес, адамзатқа ортақ құндылық дейміз. Оны әлемдік ғылыми дискурсқа енгізу үшін қандай әдістеме қажет деп ойлайсыз? Осы жерде және мынандай сұрақтар туады: жалпы қазақ ойшылдығы мен батыс философиясының айырмашылығы неде? Абайды неге адамзат ақыл-ойының алыптары Аристотель, Конфуций, Шопенгауэр, Ницше, Толстой деңгейіне көтере алмай жүрміз?

– Абайда Батыс та бар, Шығыс та бар. «Құдай табарака уа тағала», «қазірет», «бәйітшілдік», «ол жаратушы жаратты, өздігінен кез келіп, солай болып кетпей, басынан біліп істеген хикметімен болса», «адамды жаратушы хауаси хамса заһри бергенде, тахқиқ ойлап, олардың пайдасының барлығы түгел оған мұқтаж боларлығын біліп бергендігі» әшкере тұр ғой, «тахқиқ ойлап тексергенде», «адамды жаратушы артық хикмет иесі екендігіне», «һәмма мақұлыхатты», «ижтиһад қылуын көргенде» сынды тіркестер Абай дүниетанымының кеңдігін, оқиғаны оқушы қауым қабылдауына лайықтап, баяндауда еркін стиль қолданғандығын көрсетеді.

Аристотельдерден басталатын даналық ойды дамытқан тұлғалардың бірі Фарабтан шыққан әл-Фараби еді. Сол әл-Фарабидің «әділет», «қайырымды болу» идесы Абайдың ой танымында бар. Бұл кездейсоқтық емес. Бір топырақтың нәрін игерген екі тұлғаның арасында мыңдаған жылдар жатса да, рухани байланыс үзілмеген.

Әл-Фараби: «Зиялы аз біртұтам тіршілікте, Әкімдікке күллісі жүгіреді. Көкірегім сезініп, күрсініп көп, Жаным менің түршігіп, түңіледі», – десе, Абай: «Бас басына би болған өңкей қиқым, әнекей бұзған жоқ па елдің сиқын» немесе «Болыс болдым, мінекей, бар малымды шығындап» деп қоғамдағы жағдайды өлеңмен өрнектеп жеткізеді.

Ал, Конфуций, Шопенгауэр, Ницше, Толстойдың философиялық ойлары да терең,

Конфуций өнер үйреніп білім игеруге, әділетті болуға шақырса, Абай «өнерпаз болсаң арқалан» деп өнер-мен білімнің жолы ұлы жол екенін айтады Абайдың ойлау жүйесі, ойын көркем жеткізу деңгейі биікте деуге болады. Оны түсініп, түсіндіре алу да пікір алуандығын туындатуы заңдылық. Аталған алыптарды әрбір ұлт өзінің таным деңгейінде түсініп, зерттейді. Адам өмірге белгілі бір миссиямен келеді. Халық философиясында мұны «қамшының сабындай» қысқа өмір деп бір ауыз сөзбен ғана берген.

«Адам болып өмірге келгеннен кейін адам болу негізі неде?» деген сауалға көптеген ойшылдар сан дәуір, замана, ғасырлар өтсе де, өз жауаптарын беруге тырысады.

«Адамның өмір сүруінің құны неде? Кісілік деген не?» деген сұрақтар да әрдайым өзектілігін жоймақ емес. Ал жапон философиясында «адам болу» – адамның өзінің өмір сүрудегі мақсатын білуі деп есептеледі. Таңертең оянып, орныңнан тұрғаныңызда не үшін тұрасыз деген қарапайым сауалдың түп негізі – ұждан мен адамгершілікке жетелейді. Дүниеде қанша адам болса, сонша миссиясы, олардың өздерінің өмір сүру құндылығы мен сенімі ұжданын құрайды. Ол тұлғаның ішкі өздік болмысын әйгілеп, соған адал түрде іс жасап, кәсіп таңдауын көрсетеді. Мұны жапон халқы «икигай» деп атайды. Адамның кісілік тұлғасы туралы ой қозғауда үлгі тұтуға болатын адам істе де, мінезде де, салтта да жоғары тұруы тиіс.

Аристотель, Конфуций, Шопенгауэр, Ницше, Толстой деңгейімен Абай тең. Абай – ол қазақтың Абайы. Ойшылдарды зерттеу барысында бірін жоғары, екіншісін төмен сатыға түсіру емес, ең алдымен халық оларды қалай есіне сақтағанымен де бағаланады. Бұл тұрғыдан алғанда Абай аласармайды, ол халықпен, тек қазақпен емес, әлем халқымен бірге жасай беретін тұлға.

Егер Абайдың шығармаларын негізге алып «когнитивті карта» жасасақ, яғни оның ойлау жүйесі мен дүниетанымының ғылыми моделі құрылса, ол қандай болар еді сіздің ойыңызша?

– Халқымыздың ежелден қалыптасқан дүниетанымы бар десек, ол тұрмыс-тіршілігіне, шаруашылығына қарай өзгеріп, түлеп, түрленіп дамып отырған. Алайда, ұлттық ерекшелік, болмыс, бітімнен ажырап қалуға болмайды.

Сол себепті ақыл-ойдың алыптарының дәстүрлі танымының негізінде когнитивті карта жасауға болады деген ойдамын. Менің ойымша Абайдың дүниетанымы ұлттық құндылықтарды негізге ала отырып үздіксіз даму, әлемнің ғылыми жаңалықтары негізінде жасампаз ұлтқа айналу.

Оқыған адамның бәрін ақылды санаймыз. Бірақ, көбісі жүректі яки өнерді дамытуға келгенде қайрат көрсетпейді. Ұлттық өнерді түсінбейді. Қайраткерлік деген не? Абай мұны неге айтты? Осыны түсініп алуымыз керек секілді.

Оқыған, еңбек еткен адамның барлығы қайраткер емес. Әр адамның ойлау жүйесі мен дүниетанымының ғылыми моделі ойлануды қажет етеді.

Абайды тану, білу, түсіну үшін қазақ болу міндет пе, әлде белгілі бір рухани деңгей керек пе?

   Абайды тану үшін адам болу – міндет. Әділетті жақтау керек. Еңбектерін оқып, оқығаныңызды ойыңызға тоқи білу, қорытынды шығару, тұжырымдар айта алатын деңгей болса, бұл көңіл қуантады. Абайды тану көп оқуды талап етеді. Абайды тану, білу, түсіну үшін қазақ болу да міндет, белгілі бір рухани деңгей де қажет, ең бастысы: адам бола білуі тиіс.

Осыдан 15 жыл бұрын сұхбаттасқанымызда белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы «Болашақта Абай зерттелмей қала ма деп қорқамын» деп өз уайымын білдірген еді. Келешек ғалымдары Абайды қай тұрғыдан зерттеуі мүмкін деп ойлайсыз?

– Қазір жастарда білім алуға, зерттеу жасауға мүмкіндік көп. Абай туралы зерттеулерді тек электронды басылымдардан іздемеу керек. Кітапхананың сирек кітаптар қоры, мұрағаттардан іздеу керек.

Келешек ғалымдары Абайды рухани әрі басқа салалар арқылы зерттей отырып, жасанды интеллект арқылы да ғылыми жұмыстар жүргізе алады деп сенеміз.

– Терең таныммен ой толғап, салмақты сұхбат бергеніңізге алғыс білдіреміз. Ғылым жолындағы зерттеулеріңізге сәттілік тілеймін.

 

Сұхбаттасқан – Дархан БЕЙСЕНБЕКҰЛЫ




ПІКІР ЖАЗУ