АБАЙ (ИБРАҺИМ) ҚҰНАНБАЕВ

   1904 жылы 23  маусымда Семей уезінің Шыңғыс болысында (Шыңғыстауда)  даланың сүйікті ақыны Абай Құнанбаев дүние салды. Негізгі хатқа түскен аты Ибраһим (Авраам) болса да, қазақ даласы  шешесінің (әжесінің. — ред) еркелетіп қойған нәзік үнді есімімен Абай деп атап кеткендіктен, біз де солай қолданамыз.

Абай әке жағынан алғанда Тобықты руының белгілі шонжары мен биінен  тарайды. Ақынның бабасы, тобықтының батыр биі Ырғызбай Торғай  облысындағы Ырғыз өзенінің бойында ХVII ғасырдың 50 жылдарында дүниеге келген.  Ат  төбеліндей көсемнің бірі ретінде  ол тобықты руын Түркістаннан аса құнарлы, жайылымы мол Шыңғыс тауына  көшіріп әкеледі. Абайдың атасы Өскенбай дала халқына әділ би ретінде танылды. Оған басқа рулардың қазақтары да жүгініп дауларын шешкізді. Абайдың әкесі Құнанбай да басқа  рудың қазақтарына өктемдік жүргізген, оны  тек қана төре  тұқымдарының сұлтандарына ғана тән лауазым – Қарқаралы округінің аға  сұлтаны  болып  сайлануы  дәлелдейді. Құнанбай  өмірінің соңында Мекеге барып, одан  қайтып оралған соң ел билігінен бойын аулақ салады. Бұның өзі де Құнанбайдың беделін өсіре түседі.

Абайдың шешесі Ұлжан да Бошан руының затты  тұқымы Бертістен тарайды. Ол да Ырғызбай сияқты Қаракесек руын Қарқаралы уезіндегі Қу, Едірей, Мыржық тауына бастап келген. Абайдың шешесі Ұлжанның төркіні қушыкеш Қантай мен Тонтайдың есімі қазақ даласына кеңінен мәлім.

Бірде Қантай бай ұзақ ауырады. Қожа мен  молдалар жиналып, оның көңілін сұрайды. Сонда Қантай  жантәслім беріп  бара жатып: «Жазыла-жазыла қожа-молдалардан да ұят болды, енді  өлмесек болмас», – депті.

Абай 60 жасқа қарағанда қайтыс болды. Ол 1845 жылы (жылан жылы) туып, 1904 (қоян жылы)  қайтыс болды.

Абай 10-12 жастар  аралығында қазақ даласында жүріп хат таныды. Ал 12  жасында Семейдегі Ахмет Риза молданың медресесіне түседі. Абай 14 жасында сонда жүріп үш ай орыс мектебінен дәріс алады. Осы  төрт жылдық медреседегі және 3 айлық орыс мектебіндегі дәріспен Абайдың мектепті оқуы аяқталады. Ол  далаға қайтып келген соң 15 жасында қазақ  руларының арасындағы беделі зор, 1822 жылы Сібір  қазақтарының басқару ережесіне сай монополиялық күшке ие болған сұлтан тұқымдарымен  саяси-билік тартысына түскен өз әкесінің  қасына еріп ел ісіне араласады. Бозбалалық жасына қарамастан Абай сол кездегі  қайраткерлердің арасынан көрнекті орын алып, бидің  заманының өткеніне қарамастан  оны ел-жұрт   би етіп сайлайды. 20 жасқа жеткенде Абай от тілді  шешен, халық өмірі мен  әдет салтын, қазақ  даласындағы атақты  билердің әр істі  шешкендегі төреліктерін жақсы білетін ділмәр атанады. Өзінің  білуге  құштарлығы мен  зерделілігінің  арқасында,  қазақтың  ғұламаларының  халық аузындағы сөздерін, мақалдарын, ертегілері мен нақылдарын меңгереді. Абай билердің шартты  түрде сайланбай, талантымен бағаланатын ескі заңы кезінде өмір  сүрсе, артистер мен жазушылардың  даңқы сияқты атақты би атанар еді. Ислам  дінінің далаға  орнығуының пайда-зиянына орай жаңа заманның талабымен Абай білімге ден қойып, араб, парсы, түркі тілдерін кітап арқылы  үйренеді. Табандылығы  мен  бейімділігінің  нәтижесінде өз бетімен араб, парсы  тілдерін еркін меңгеріп, қасиетті біліммен сусындады. Молла  мен қожалар  туралы далаға  кең таралған «аңқау  елге арамза молла» деген мақалға орай олар өздерінің жан дүниесінің пасықтығын әшкерелеуден қорқып Абаймен  кездесіп, сұхбаттасудан қашқақтап жүретін. Осы арада Абайдың ислам дініне  қатынасын да айта кету лазым. Ол  өзінің өлеңінде моллалардың арамзалығы мен  алаяқтығын сынап, мұсылмандық жолмен күніне бес уақыт намаз оқуды мінейді. Осы арқылы барлық діни ғұрыпты ұстанатын, әсіресе, 30 күн  рамазан айындағы ораза мен тәулігіне бес уақыт  намаз оқуға қарсы  келеді. Құнанбайдың семьясындағы діни пікірлер мен ғұрыптар, әкенің  үстемдігінің күші – Абайдың ислам әдет-ғұрыптарының бүркеншік   қасиеттерін сезінуге жол ашты. Абай 30 жасында барымтаны жойып, өзге рудың  байларымен  туысқандық пен  достыққа ұмтылған, жауларын сескентетін беделді қазақ атанады. Абай өзінің барлық қабілеті мен білімінің арқасында  қазақтардың билік тартысында басты тізгін ұстаушы болды. Абай өз отанының сом алтыны еді, дауға да, партия таласында да әділ төрелік айтты.

Абай 14 жасынан бастап сықақ өлеңдер шығарды. Ол жастар арасында кең таралғанымен, оған өзі онша мән  бермеді. Негізінде  дала атқамінерлерінің «ақын» деген атты иемденуден  қашқаны әсер етсе керек. Қазақ сұлтандары  өздерінің  арасынан  бақсы  мен ақын шықпағанын мақтанышпен айтатын. Кейін ақындық жолға түскен  Абай қазақ ақындарын өнерді байдан мал қалап алуға жұмсағанын сынап, өлеңшісымақтардан өзін аулақ ұстады.

Ақындары ақылсыз надан келіп,

Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.

Қобыз бен домбыра алып топта зарлап

Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.

Әр елден өлеңменен қайыр тілеп

Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап

Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап

Мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап

Жат елде қайыршылық қылып жүріп

Өз елін бай деп мақтап, құдай қарғап,

Қайда бай, мақтаншаққа берген таңдап

Жиса да бай болмапты қанша малды ап.

Міне,  қазақтың  суырып салма  «ақынсымақтарына» берген бағасы.

Егер 80  жылдары өлең туралы  көзқарасын  мүлдем өзгертпегенде өзінің  ұлы дарынын көрсете алмай дүние  салған болар еді. Сол  жылдары  «Қазақтардың заңдық әдет-ғұрпы»  туралы  қырдан  дерек жинап, кейін Маковецкий және Михаэлис мырзаның редакциясымен жарық көрген  кітапшаға материал іздестіріп жүрген саяси жер аударылушы Грось мырзамен  танысты. Грось пен Михаэлис екеуі де Абай аулында қонақта  болып, оны орыс әдебиетімен таныстырды. Солардың ықпалымен Абай Пушкин, Лермонтов, Толстой, Тургенов, Салтыков-Шедрин, Достоевский, Белинский, Добролюбов, Писаревтің  творчествосымен танысты. Абай өзінің  өмірінің соңғы сәтіне дейін Михаэлисті ерекше ілтипатпен еске алып, «Дүниеге  көзімді ашқанға үлкен  себепкер болған кісі – Михаэлис» деп  өзінің оған  борыштар  екендігін  білдіретін. Сонымен Абай Спенсердің «Тәжірибелерін», Льюистің «Позитивті философиясын», Дрепердің «Европаның  ақыл  ойының дамуын», Н.Г. Чернышевскийдің «Современниктегі» мақалаларын оқыды және  олардың  тағдырымен  жақсы  таныс болды. Абай, әсіресе Лермонтовтың  шығармаларын сүйіп оқыды және «Ой», «Қанжар», «Дұға» т.б. өлеңдерін ден қоя  аударды.  Абай қазаққа  түсінікті  әрі пайдалы деп  санаған Крыловтың көптеген мысалдарын тәржімалады.

Абай қазақ  тіліне «Евгений Онегинді» аударды, оның ішінде аудармашының өзі  ән шығарған «Татьянаның хаты» қырда  үлкен сүйіспеншілікке  бөленді. 1899 жылы Көкен  болысының әнші қазағы  Әділхан бізге  «Татьянаның хатын» скрипкаға қосып орындады. Бізді таңқалдырғаны  «Татьянаны қайдан  білесің» дегенде, Әділхан өзін нұсқап қойып, орыстың өзі сияқты Пушкин деген  ақыны болыпты, ол Татьяна сұлудың Онегин  деген  жігітті сүйгенін айтып хат  жазғанын жырлайды. Сол  кеште Әділхан бізге Абайдың Лермонтовтан аударған  өлеңін әнмен айтып, сонымен қатар Лермонтов өмірге риза болмаған, ал Пушкин оған  данышпанша қарады деп түсініктеме  береді. Осы жолдардың авторы соңынан Абайдың  Пушкин мен Лермонтовтан аударған өлеңдерін  домбырамен қосып айтқан бірнеше ақындарды кездестірді. Абай Толстой мен Салтыковтың талантына бас иді. Орыс мектептерінде оқитын қазақ  балаларына  арнап, қазақ балаларының парақор, ұрлықшы полиция чиновнигі болуға ұмтылатынын сықақ етіп, Толстой мен Шедриндей болуға меңзейді.

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көріп тұрып тексермедім,

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Өткеннің орнын  толтыру үшін Абай өз  балаларын орыс мектептерінен оқытып, өзге қырғыздар сияқты  шен шекпенді емес, білімді уағыздады. Абай өзінің  балаларын оқуға тәрбиелеу туралы былай деді:

Адамның бір қызығы бала деген

Баланы оқытуды жек көрмедім

Баламды медресеге біл деп бердім

Қызмет қылсын, шен алсын деп  бермедім.

Екінші  баласы  Әбдірахман қалалық училищені бітіргеннен кейін Абай  оны жылына бірнеше жүз сом қаржы шығара отырып реальды училищеге береді. Абай оқу үшін  осынша көп ақша шығарған алғашқы қазақтың бірі. Әбдірахман Тюменьнің реалды училищесін тәмәмдаған соң Петербургтегі технологиялық институтқа аттанады. Онда бір  танысының (Лосевский мырзаның) кеңесімен Михайлов артиллерия училищесіне түседі. Өкінішке  орай өз еліне қамқорлығы тиеді деп үміт еткен Әбдірахман артиллерия академиясына баруға дайындалып жүрген  кезінде 1895 жылы өкпе ауруынан қайтыс болады.

Орыс әдебиетімен танысу Абайға үлкен әсерін тигізіп, қазақтың ұсақ-түйегінен аулақ, оқу мен өлеңге берілген қазақ ақыны болды. Өкінішке орай  өлеңдерін жинамады. Абай өлеңін жастар іле  жаттап алды. Әсіресе, Абайдың сатиралық өлеңдері  қырғыз даласының түкпір-түкпірінен  кездеседі. Абай өзінің туыстарына да сын көзбен қарап, өз талантының тәсілін түсіндіреді.

Жан көрінбес көзіме

Арғын, найман жиылса,

Таңырқаған сөзіме,

Қайран сөзім қор болды

Тобықтының езіне.

Жоғырада көрсетілгендей,  Абай  соңғы кезде қоғамдық істерге  араласпады, оның  жаулары  сонда да оны қудалауын тоқтатқан жоқ. Өзінің көп көлеңкесінде қалғанын келесі шумақтар арқылы жеткізді.

Өзім де басқа шауып, төске өрледім

Қазаққа қара сөзге дес бермедім,

Еңбегіңді білерлік еш адам жоқ,

Түбінде тыныш жүргенді жек көрмедім.

1904 жылы 14 мамырда Абайдың сүйікті ұлы Мағауия қайтыс болды. Кезінде денсаулығының нашарлауына байланысты сүйікті баласын қалалық училищеден қайтарып алған болатын. Бұл қаза Абайды қатты қайғыртып, ешкіммен сөйлеспеді, көптен  өзін жырақ ұстады. 40 күннен кейін өзі де дүние салды. 1893 жылы жазған өлеңдері алдынан шыққандай көрінді:

Жүрегімді құм қылды,

Өткен адам, өлген жан.

Ақыл іздеп зерлепті

Бәрін сынап саңдалған

Енді ішіме ой салған

Тұла бойды улатты

Бәрі алдағыш сұм жалған,

Басқа тиді байқадық

Бәріне басты шайқадық

Тағы бар ма айтарың

Нанғыш болсаң енді нан.

Абайдың өз шығармалары мен Пушкиннен («Ев. Онегиннен» үзінді), Лермонтовтан, Крыловтан жасаған аудармаларын ұлы Тұрағұл жинап, таяу арада императорлық Россияның географиялық қоғамның Семей бөлімшесі басып шығарады.

Өлеңдерінен  көрініп тұрғандай Абай асқан поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының  мақтанышы болды. Абай сияқты халықтың рухани  творчествосын осыншама жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кездескен жоқ. Оның жылдың төрт мезгіліне арналған (көктем, жаз, күз, қыс) тамаша жырлары  оны Европаның атақты ақындарының қатарына қосар еді…

  Әлихан БӨКЕЙХАНОВ




ПІКІР ЖАЗУ