АБАЙ

 *Бүгін атақты қазақ ақыны марқұм Абай Құнанбаевтың апатына дәл он жыл  толды. Егер Абай қазақтан өзге  оразды жұрттардың бірінің  ақыны болса, сегіздегі баласынан сексендегі шалына шейін түгел атына қанық, сөзімен таныс болар еді. Елі  туғанына сүйсініп, өлгеніне тегіс күйінер еді. Опатына 10, 25, 50, 100 жыл толған сайын жұрт ескеріп, мәтбұғаты қайнап, есімін мәңгіге шейін қалдыруға өшпес белгілер орнатып, құрметіне неше түрлі ізгі жайлар ашар еді.

  *1904 жылы маусым жұлдызының басында Омскіге барғанымда Абай өлеңдерінің жазбасын алғаш Ахмет Байтұрсыновтан көрдім. Сонда Байтұрсынов айтты: «Естуімше, Абай өз өлеңінің басылып шығуын тілемейді, һәм бастырушыға, ешкімге рұқсат бермейді екен. Күз Қарқаралы қаласына барамын, танысамын һәм өлеңдерін бастыру жайынан сөйлесемін», – деп. Ахмет Абайды көруге нәсіп болмады. Абай өмірі күзге жетпей, сол маусымның 23-інде опат болды.

*Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш Абай сөзі, Абай аты боларға керек. Абайға шейін қазақта қолға алып оқырлық, шын  мағынасында қазақ әдебиеті дерлік бір нәрсе болған жоқ еді. Абайдың бізге қымбаттығы да сол. Бәлки мұнан кейін Абайдан үздік, артық ақындар, жазушылар шығар. Бірақ ең жоғарғы  ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз – Абай.

*Бір – екі ай мұнан бұрын Семей қаласында білімді, жүрегінде жалыны бар бірнеше азаматтар Абай құрметіне хирағатхана ашады деп қуанып едік, сол хабардың жандануына тілектеспіз. Бұл туралы өрнекті басшылықты әуелі Семей халқынан, Географический общества, ондағы оқыған қазақ жастарының  жәрдемімен Абай құрметіне әдебиет кешін жасағандығы Семей халқынан күткен үмітімізді  күшейтуге зор   дәлел болса керек… Ол кеш  бірінші қазақ ақынының  құрметіне жасалған әдебиет кеші болып һәм бірінші қазақ әйелінің Нәзипа ханым Құлжанов жамағаты майданға түсіп берген өрнегі еді.

*Зәрредей шүба етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен күнге артылар. «Бірінші ақынымыз» деп қабіріне халқы жиі-жиі зиарат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар.

            «Қазақ», 1914, 23 шілде, №67

(Ықшамдалып алынды)

 Міржақып ДУЛАТОВ

 




ПІКІР ЖАЗУ