АТАДАН ҚАЛҒАН АСЫЛ СӨЗ

 

Елдің елдігін сақтайтын –

әдебиеті, тарихы, жол-жорасы.

Мағжан ЖҰМАБАЕВ

 Ата-баба сан жылдан,

Талмай өтіп тағдырдан.

Ұлан байтақ даласын,

Ұрпағына қалдырған.

 

Білгің келсе тартынба,

Тыңда уыз қалпыңда.

Бабалардың болмысы,

Әдет-ғұрып салтында.

 

Алдындағы күні үшін,

Қалдырмаған бір ісін.

Жинап тудың астына,

Біріктірген ұлысын.

 

Әділ жанды жақтаған,

Сырттай күйе жақпаған.

Озу үшін бәйгеден,

Сәйгүліктер баптаған.

 

Кезеңдерде дүрбелең,

Жасқануды білмеген.

Құлап тұрып, сүрінген,

Адамдарға күлмеген.

 

Жақсылыққа бастаған,

Қайырымнан қашпаған.

Тарықса да біреудің,

Ала жібін баспаған.

 

Бағытынан аттаған,

Орта жолдан қайтпаған.

«Сабыр түбі – сары алтын»,

Халық бекер айтпаған.

 

Бір-біріне қараған,

Қыл өтпеген арадан.

Тату-тәтті көршіні,

Туысым деп санаған.

 

Көңіл бөліп бір көрген,

Сәлемдесу үлкенмен.

Санасына кішінің,

Міндет болып тіркелген.

 

Көзіңді сал көнеге,

Мақал-мәтел – төреге.

Асып туған асыл сөз,

Өшпес өршіл өнеге.

 

Білесің бе, ел іші,

Тіршіліктің желісі.

Жарым ырыс әкелер,

Жақсы сөздің жемісі.

 

Сөз қадірін ұғыңдар,

Кітап оқып тұрыңдар.

Қар жанады қалауын,

Тапса деген ұғым бар.

 

Жақсы жандар ақылын,

Жеткізеді ақырын.

Озып бәйге алмайды,

Жамандаған жақынын.

 

Жікке бөлу атаны,

Тектілікке жатады.

Болмау керек рушыл,

Ішіндегі шатағы.

 

Қазақ ойын баптаған,

Ішке жанып сақтаған.

Қайта ашар есігін,

Күшке салып жаппаған.

 

Бармай жаман қылыққа,

Жүрген аманшылықта.

Шөлдегенде су ішкен,

Түкірмеген құдыққа.

 

Білген дұрыс балалар,

Айтып кеткен даналар.

Бойда асыл қасиет,

Өсе келе жаңарар.

 

Өмір шіркін көк дөнен,

Жайбарақат өтпеген.

Тіршілікті бағалау,

Нәр береді көптеген.

 

Айтар ойдың оңында,

Түсінік бар соңында.

Сөз қадірін ұғыну,

Адамның өз қолында.

 

Үйреткеннен үлгі алып,

Айналасын ырза ғып.

Көш бойы алда жүреді,

Сараңдықтан мырзалық.

 

Біреулерге қас қылып,

Лақтырмаған тас қылық.

Әрқашан да озады,

Жамандықтан жақсылық.

 

Түсінеді сырды ұққан,

Су көп екен құрылықтан.

Жолы қысқа болады,

Өтіріктің шындықтан.

 

Жаратқан соң адам ғып,

Көп болса екен адалдық.

Бірақ рет жасалған,

Аз болмайды арамдық.

 

Сәл нәрсеге наздана,

Көңіл қалса аз ғана,

Айырмасаң турасын,

Салмақ түсер ақзаңа.

 

Күндер күннің кезегі,

Барлығы да сезеді.

Тіршілікті ұғыну,

Нағыз өмір өзегі.

* * *

Сағым жылдар ертелі,

Емес және ертегі.

Егеменді ел есімін,

Шежіресі шертеді.

 

Үлкендерім аспайтын,

Кіші озып баспайтын.

Үйдің төрі – хан тағы,

Қариялар бастайтын.

 

Тәрбие нұр бесіктен,

Бұйырған ас нәсіптен.

Қонақтарға құрмет,

Басталады есіктен.

 

Жақсы болу жан-жағы,

Әркімнің де арманы.

Адам бірден жетпейді,

Дегеніне алдағы.

 

Маза кетсе сезімнен,

Ұйқы қашар көзіңнен.

Өткен күннің қатесін,

Сұрау керек өзіңнен.

 

Таң атқанда жұмыс қақ,

Кеште аласың тыныстап.

Көтерілер көңілің,

Еңбек етсең тыныстап.

 

Осы жолда бұғалы,

Қиындық көп туады.

Жетістікке арқалап,

Төзім алып шығады.

 

Сөз ұғудың сәні не?

Назар салу мәніне.

Тіршіліктің жолында,

Талғам керек бәріне.

 

Мақсат қусаң алысқа,

Қатарыңнан қалыспа.

Іс бітпейді ешқашан,

Құралақан шабысқа.

 

Өтсін мейлі сан апта,

Ештеңе жоқ санақта.

Жігеріңді шыңдасаң,

Нұр жауады талапқа.

 

Сырттай болған қарасын,

Алыс-жақын арасын.

Әке-шеше жолымен,

Жүргеніңде табасың.

 

Жақсы көп пе, жаман ба?

Өзің ғана бағамда.

Өтірік пен шындықты,

Айырмайсың табанда.

 

Жақсы жұмыс бастайды,

Жамандарға іс қайғы.

Шындық жүрген есікті,

Өтірігің ашпайды.

 

Айтылатын бас қылып,

Жарым ырыс жақсылық.

Бола берсін көп мейлі,

Жақсы көптік етпейді!

 

Күндер өтіп арқалы,

Тіршілік жүк артады.

Ата-баба ғұмырын,

Өмір алға тартады.

 

Өмір – орта қайнаған,

Алыс-жақын айналаң.

Қуанышың базарлы,

Бағың бастан таймаған.

 

Өмір – жолың талдырған,

Абайсызда алдырған.

Бірде озып, ал бірде,

Қатарыңнан қалдырған.

 

Өмір – күндер өрелі,

Билік айтар төрелі.

Ренжітіп алып ап,

Мейірімін төгеді.

 

Өмір шіркін байтақ ән,

Бесігінде шайқаған.

Жылатып ап, бір кезде,

Жүбатады қайтадан.

 

Өршіл өмір жолында,

Бәрі-бәрі қолыңда.

Қаттылығы алдыңда,

Тәттілігі соңында.

 

Қайран өмір құрдасым,

Мойымайтын тұлғасың.

Мән бермейді екенбіз,

Кейде адам болғасын.

 

Бұрылып бір қараңыз,

Қалыптасқан санамыз.

Жарық дүние сыйлаған,

Өмір – әке-анамыз!

ҰЛҒА ҰЛАҒАТ

Әркім өзі талпынбақ,

Басына бітер бағы үшін.

Ақтамберді жырау

 

…Ұлағат ұлым, ер жеттің,

Әлемді тұрған тербеп кім?!

Табиғат ана қолында,

Тағдыры мынау жер-көктің.

 

Өмірді жаңа таныдың,

Жемісін берсін танымың.

Анаңмен қатар соғатын,

Жүрек қой менде жарығым.

 

Жасырын емес бұл дерек,

Адамға ұл да, қыз керек.

Біздерді енді жанұя,

Жауапкершілігі тұр бөлеп.

 

Ұл өссе жақсы қырандай,

Қыз өссе жақсы шынардай.

Жер бетін басып қанша жүр,

Шаңырақтарын құра алмай.

 

Өмірдің оңы, солы бар,

Күтпеген сәттер жолығар.

Әуелі асыл тілекті,

Түсінер текті болып ал.

 

Тектілік өсер өрісің,

Жақсыны тану, жеңісің.

Соғысты емес, достықты,

Тілейтін қазақ елісің!

 

Дарыған тілек батадан,

Аманат қалды атадан.

Желбіреп көкте туымыз,

Тыныштық болсын, бас аман!

 

Өтініп балам айтарым,

Болады кейде қайтарым.

Білімді ғана көркейтер,

Өзінің туған байтағын.

 

Бұйырған ішіп асыңды,

Жаманға име басыңды.

Біреудің емес өзіңнің,

Еркіңмен таңда асылды.

 

Асылдар үміт ақтайды,

Міндетін кері сатпайды.

Жеңіліп қашқан жауының,

Соңынан мылтық атпайды.

 

Игілік келсе алдыңа,

Ұсынған дұрыс жарлыға.

Бабадан қалған өсиет,

Тасқа басылған Жарғыда!

 

Тозса да жүріп табаның,

Ашылып жүрсін қабағың.

Қария көрсең қапалы,

Бұрылып кетпе қарағым.

 

Достарсыз адам аралдай,

Қатардан қалар саналмай.

Атаны сыйла әкеңдей,

Әжені сыйла анаңдай.

 

Көршіні сана ауыл деп,

Туысты сана бауыр деп.

Өркенің көркем гүлденіп,

Ұрпағың өсер дәуірлеп.

 

Біреулер тойып секірер,

Біреулер тоңып секірер.

Айыра алсаң арасын,

Түйіннің ұшы шешілер.

 

Өтірік айтқан оңбайды,

Бәрінен асқан сол қайғы.

Шындықтың жүрсең жолымен,

Періште өзі қолдайды.

 

Өмірдің сансыз сұрағы,

Алдыңнан шығып тұрады.

Болмаса намыс, мақсатың,

Орына өзі жығады.

 

Шаба алмай қалсаң көкпарға,

Өзіңді әлсіз деп қалма.

Бәйгеге қосыл тартынбай,

Жалғыз қалмайсың көп барда.

 

Нағыз шабандоз озғанда,

Қарадан қарап қызғанба.

Жетесің әркез биікке,

Қолыңды бұрын созғанда.

 

Жұмбағы осы көптеген,

Ойнама балам отпенен.

Орныңды білсең өзіңнің,

Менің де болар тоқ денем.

 

Төзімді болу өзіңде,

Сенімді болу сөзіңде.

Естіген құлақ жазықсыз,

Шындықтың сыны көзіңде.

 

Жазғаным емес жай таным,

Осының бәрі қайтарым.

Мойныңа асып тұрғаным,

Келер ұрпаққа айтарың.

 

Жақсы мен жаман алмасқан,

Тіршілік нағыз алдаспан.

Ағаттық кетсе өзіңнен,

Денеңе дақ боп жармасқан.

 

…Мен үшін аяқ талдырған,

Ақылдан қорған салдырған.

Айтылған осы жолдарды,

Жан әкем маған қалдырған.

 

Көпте емес танып, көргенім,

Аз да емес біліп, тергенім.

Ақылсыз бала өсірсем,

Ауырмай менің өлгенім.

 

Құдайдан тілеп бала бер,

Басына лайық сана бер.

Деген ғой ата-бабалар,

Сана бермесең ала бер.

 

Адамның күні адаммен,

Түсінген дұрыс санаңмен.

Ақылды ұлың, – десе көп,

Әке боп мәңгі қалам мен!

 

…Қауырсын ұстап, қағазбен,

Ойымды теріп жазам мен.

Сырымды ашық бөлістім,

Досымдай болған баламмен!

 

Болат ДӘУЛЕТОВ




ПІКІР ЖАЗУ